Зейнолла Сәнік. ХАЛЫҚТЫҢ көне КӨМБЕСІ

Қадірлі оқырман! Өткенін ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр екенін ескере отырып, жас ұрпақтың ата-бабалары қалай өмір сүріп, тіршілік еткенін біле жүруіне септігімізді тигізсек деген ниетпен журналымыздың осы санынан бастап көрнекті жазушы, тарихшы, фольклортанушы, этнограф Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» атты кітабынан алынған халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне, күнделікті өмірде пайдаланып келген, қазіргі күндері қолданыстан шығып қалған амалдары мен құралдарына қатысты мәліметтерді жариялап отырмақпыз. Қабыл алыңыздар.

Редакция.

Киіз үй

Киіз үй – қазірге дейін көшпенді халқымыздың негізгі баспанасы. Сыртқы пішіні дың, домбауылдарға ұқсас, шеңбер қабырғалы, төбесі күмбезденіп келеді. Қазақ киіз үйлерінің уықтары «қарынды» келеді, сондықтан үй дөңгеленіп өте сәнді шығады. Ал моңғол киіз үйлеріндегі уықтың «қарыны» болмайды. Сондықтан сырттай қарағанда жалпиып көрінеді. Мұны сахара адамдары бірден оңай парықтайды.
Қазақтың киіз үйі сыртқы жабысына қарай «үзікті», «көтерме туырлықты»; сүйегінің (ағашының) уақ-ірілігіне қарай «алтын орда», «ақ орда», «ақ отау», «қараша үй», «қара лашық», «абылайша», «ұранқай», «жолым үй», т.б. деп аталатын бірнеше түрге бөлінеді. Кей жерде «120 басты», «90 басты»,
«60 басты», «40 басты» деп те аталады. Керегенің қанатына қарай
«8 қанатты», «12 қанатты», «6 қанатты», «4 қанатты» деп аталатындары да бар. Жалпы алғанда, «қазақ үлгі» және «қалмақ үлгі» деп екі үлкен үлгіге бөлінеді. Бұрынғы заманда қазақ үйді біріне-бірін жалғап, бірнеше бөлмелі етіп тігушілер де болған.

Киіз үйдің даму барысы

«Ақ үй», «ақ орда», «боз үй» деп аталатын қонақүйлер көркем безендірілуі жағынан ерекше көз тартады. Жас жұбайларға арналған отау үй де жасау-жиһазға бай, сәнді де салтанатты келеді. Қазіргі біз көріп жүрген киіз үй бірден дәл осы қалпында пайда бола қойған жоқ. Ол – негізінен, адамзат дамуының әр сатыларындағы тұрғын үйдің қарапайым түрлерін жетілдірудің нәтижесі. Орманды далада өмір сүрген көшпелі халық әуелі бірнеше сырықтың басын қосып, күрке жасады. Келесі сатыда сырықтардың басын қосып бумай, оны шығырыққа өткізіп қойды. Одан беріректе сырықтың ұшын әр жерден арнаулы тесік жасалған дөңгелекке (қазіргі шаңырақтың қарапайым түрі) кигізетін болды. Мұндай күрке бұрынғыға қарағанда әрі кең, әрі биіктеу болатын. Ал төртінші сатыда күркенің сырықтары жоғарғы және төменгі бөліктерден тұрды. Уық пен керегенің негізі осылай қаланды.
Соңғы VII-VIII ғасыр бойына киіз үйге жөнді өзгеріс енгізілмей, малшылар үшін ең қолайлы баспана болып қалды. Ол ауа-райының қандай жағдайында да пайдалануға өте ыңғайлы – ішіне жарық жақсы түседі. Ауа алмасуы талапқа сай, желге, дауылға көп шайқалмайды, берік, төбесі жадағай емес, күмбез болып келетіндіктен жаңбыр өтпейді, жығып-тігу оңай. Осындай ерекше ыңғайлы қасиеттері үшін киіз үйді ертедегі жаугершілік жорықтарда сарбаздар да үнемі қолданып жүрген. Киіз үйдің негізгі қаңқасын (кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық) «сүйегі» деп атайды. Киіз үйдің сүйегі жасалатын үй ағашты алты ай немесе бір жыл бұрын дайындайды. Қабығы аршылмай, бабымен кептірілген үй ағаштарын морға салып, балқытқаннан кейін тезге салып, ысқаурынмен қысып, түзетеді немесе керекті қалыпқа келтіріп, иеді. Иілген киіз үй ағаштарын арнаулы үлгідегі ырғаққа салып қатырады. Ырғақтан шығарылған ағаштарды жоңғымен қабығын аршып жонып, қырнауышпен қырнайды. Уықтың «қарыны» мен керегенің бас жағына сай-сай етіп сызық салады. Бұдан кейін кереге желісіне көк өткізілетін жерге белгі – дембі салып, үскімен тесіп, қайыспен көктейді, яғни түйенің иленбеген мойын терісінен жіңішке етіп тілген таспаны өткізіп түйіндейді. Бұл – керегенің көктеуі.

Кереге және оның құрылысы

Кереге киіз үйдің негізгі қаңқасын құрайды. Керегенің әр ағашын – желі, ал керегелік желінің ең ұзынын – ерсі, қысқалауын – балашық, ең қысқасын сағанақ деп атайды. Бір керегеде 14 ерсі, 9 балашық, 9 сағанақ болады. Керегенің көктеліп біткен әр бөлігін қанат деп атайды. Қанат саны үй көлеміне қарай көбейе береді (екі-үш қанаттан бастап, отыз қанатқа дейін). Қазіргі жасалып жүрген киіз үйдің кереге желісінің ерсісі – екі метр, балашығы – 1м 80 см (ең ұзыны), сағанағының ең кішісі – 30 см. Кереге желісінің айқасып көктелген уық байлайтын жері керегенің басы деп аталады. Киіз үйдің үлкен-кішілігі осы кереге басының санына байланысты. Кереге жасалу технологиясына қарай «желкөз кереге», «торкөз кереге» болып бөлінеді. Желкөз кереге – 11, 13, 15 көкті, 75, 80, 90 басты, торкөз кереге – 17, 19, 21 көкті, 95, 110, 120 басты болып келеді. Керегенің бас санына қарай уық саны да азайып немесе көбейіп отырады. Желкөз керегенің көзі – үлкен, арасында бір желі көктелмей, бос қалдырылады. Мұндай кереге жазылғыш келеді. Торкөз керегенің көзі – тар, жұдырық сыймайтындай болады. Кереге желісін көктегенде азат (бос) қалдырмайды. Мұндай кереге аса көп жазылмайды, тұтынуға төзімді.

Уық, шаңырақ, сықырлауық

Уық – кереге басы мен шаңырақты ұштастыратын ағаш. Ол сәмбі талдан жасалады. Уықтың кереге басына байлайтын жағы жалпақтау, имектеу болып келеді. Мұны уықтың иіні дейді. Уықтың жоғарғы түзу жағын – қары, шаңырақ көзіне сұғынатын төрт қырлы ұшын қаламы дейді. Уықтың кереге басына байланатын жағын тесіп, бау өткізеді. Оны уықбау деп атайды. Қазіргі үйлердің уықтарының ұзындығы 2-3 метр болып келеді.
Шаңырақ – киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Шаңырақтың шеңбері 3-5 метр шамасында, оны көбінесе сом қайыңнан, мойылдан иіп, қиюластырады. Қоспаларын жалтырауық металмен құрсаулайды. Шаңырақтың дөңгелек шеңберін тоғын дейді. Оған уық сұғынатын төрт қырлы көз – қаламдық теседі. Шаңырақ тоғынының үстінен түндікті көтеріп тұру үшін және киіз үйдің төбесіне жауын-шашын іркілмеу үшін 45 градус шамасында айқастыра бекітілетін ағаштарды күлдіреуіш деп атайды. Күлдіреуіш арқылы үйге жарық түседі, түтін шығады. Оған жабылатын киіз түндік деп аталады. Салт бойынша кеште түндік жабылып, таңертең ашылады.
Сықырлауық кереге шеңберін тұйықтап, киіз үйге кіріп-шығатын есік қызметін атқарады. Ол табалдырық пен маңдайшадан, қос босағадан және жарма беттен құралады. Қос босаға мен маңдайша ауқымды келетін ұнасымды өрнектермен оймышталып, есік беті нәзік нақышты, бедерлі сүйекпен немесе металмен қапталады.

Киіз үйдің сыртқы әбзелдері

Киіз үйдің сыртқы әбзелдері күн сәулесін және тамшы өткізбеу, жылу сақтау қызметтерін атқарады. Оларды пісірілген ақ шаңқан киізден пішіп, ою-өрнектермен безендіреді. Пішілген киіз, таңдай өрнекті жіппен жиектеу, дөдегеге мақпал немесе шұғадан ою-орнек бастыру киіз үйге салтанатты сипат береді.
Туырлық керегенің іргесінен уықтың ортасына дейінгі жерге жабылады. Сыртқы дөдегесіне әшекей орнатылады.
Үзік кереге басынан шаңырақ шеңберіне дейінгі аралыққа жабылады.
Түндік – шаңырақты, киіз есік сықырлауықты жауып тұрады. Киіз есіктің сырты – киіз, ортасы – ши, астары жарғақ теріден жасалады. Шиыршықтап, түріп қоюға ыңғайлы болады. Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен тұтастыру, сыртқы әбзелдерін бастырып тұру мақсатында бау-құрлар қолданылады.
Таңғыш – екі керегенің сағанағын (жігін) кіріктіріп, таңатын өрнекті жіңішке құр.
Бас арқан – керегенің сыртынан бастыра орап таңатын қыларқан.
Белдеу – туырлықтың керегеге тығыз жатуы үшін және оны жел көтеріп кетпеуі үшін сыртынан бастырып буатын қыларқан.
Шалма – уықтарды ығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құр, «уық шалғыш», «иық бау» деп те аталады.
Желбау – өрнекті, төгілме шашақты құр. Шаңыраққа үш немесе екі жерден байланып, керегеге асылады, киіз үйге сәндік жиһаздық сипат береді. Оның негізгі міндеті – дауыл кезінде шаңырақты салмамен басып тұру.
Басқұр – киіз үйдің ішін безендіру үшін әрі туырлықтың кереге басына үйкелмеуі үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып таңатын өрнекті жалпақ құр.
Туырлықбау – туырлықты ұстап тұратын әрі әсемдік үшін түр салынған жалпақ термебау.
Үзікбау – үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден тағылған, уықтың үстінен айқастыра тартып керегеге байлайтын жалпақ термебау.
Бақан – бір ұшын (жоғарғы) екі аша етіп жасаған ұзын сырық, әдетте майыспайтын, мықты, түзу ағаштан жасайды. Ол киіз үйді тіккен кезде шаңырақты көтеріп тұруға арналған. Уық қаламын шаңырақ көзіне енгізіп, екінші – төменгі ұшын керегенің басына қосып байлаған кезде қолданылады.
Ертеде бай-манаптардың керегесі – биік, уығы – ұзын болған, үйлерінің шаңырағын қарулы жігіттер ат үстінде тұрып бақанмен көтерген. Кереге мен туырлық арасынан айналдыра тұтылатын шилер туырлықты кереге көзінің жыртуынан қорғап, киіз үйдің сырт пішінін жұмырлай түседі. Алуан түрге боялған қой жүнін орау арқылы тоқыл- ған шиді шым ши деп атайды. Ши кейде туырлықтың сыртынан да ұсталады.

Киіз үйді тігу

Үй тігерде, ең алдымен, қолайлы жер таңдап алады. Содан соң кереге жайып, оның сағанақтарын таңғыштармен біріктіре таңады. Есігін орнатады, басқұр таңғыштармен мықтап таңылған кереге шеңберінің ортасынан бақанмен шаңырақ көтеріп, оған уық шаншиды. Әрбір уық қаламын шаңырақ көзіне сұғынта кіргізіп, екінші жағын уықбау арқылы кереге басына мықтап байлайды. Шаншылып біткен уықты айналдыра құрмен шалмалап таңады. Осыдан кейін туырлық, үзік, түндік және киіз есіктерді жабады. Үйдің сүйегін (кереге, уық, шаңырақ) туырлық, үзік, түндікпен жабу жұмысы төменнен басталады. Туырлықтың бір ұшын есік жақтауына байланыстырады да, содан кейін керегені орай айналдырады. Туырлық киіздің төменгі етегі жерге екі-үш елідей қайырыла тиіп жатқаны жөн, ал жоғарғы жағы уық пен керегенің қосылып, байланыстырылған тұсына жетіп тұруы керек. Осылайша, тығыз жапсырыла жабылған туырлық қозғалып, не төмен түсіп кетпеу үшін сыртынан керегеге шандып байлайды. Екінші кезекте уық бойына үзік жабылады. Оның төменгі шеті туырлықтың жоғарғы шетімен біріктіріліп, кереге басына бекітіледі де, қалған бөлігі бақанның көмегімен шаңырақ шеңберіне дейін көтеріледі. Сөйтіп, үзікбаумен шалмалап байлап тастайды. Үзік киіздері арасында ашық, қуыс жер қалмайтындай етіп, бірінің шеті екіншісімен бастыра жабылады. Бұдан соң киіз есік орнатылады. Ең соңында шаңыраққа бақан арқылы түндік жабады. Киіз есік пен түндік арнайы бау арқылы оңай ашылып-жабылып тұрады. Бұдан сырт киіз үйге бақаннан да ұзын, «шошай» деп аталатын (кей жерде «тіреуіш» деп аталады) бақаннан мықтырақ, ұзын сырық пайдаланылады. Ол көбінде түндікті ішінен тіреп көтеру үшін, ашу үшін жаңбырлы күндері қолданылады. Киіз үйді жел жықпауы үшін сыртынан қос арқанмен бастырып, үй іргесінен 1-1,5 метр аралыққа тереңірек қағылған қазыққа байлап тастайды. Мұны «бастырма» деп атайды (кей жерде «салма» дейді). Жел көбірек соғатын жаққа қорғаныс үшін қолданылады.

Жалғасы бар.

Пікір қалдыру