ЖАМБЫЛ ЖӘНЕ ЗАМАН

Жиырмасыншы ғасырдың жарығын Жамбыл тіршілік тауқыметінен қажып, қарттыққа бой алдыра бастаған, балалық, жастық, жігіттік дәуреннің оты да, отты өлеңдері де, жалыны мен жалынды жырлары да сол өткен ғасырдың тереңіне шөге бастаған, сөне бастаған шағында көрді. Ұлы ақынның жастық, жігіттік дәуренінің отты өлеңдері, жалынды жырлары сол қилы заманның телегей-теңізінің түбінде жақұттай жанар жасқап, жарқыраған қалпында қала берген еді. Жаңа ғасыр, онымен бірге жаңа дәуір жай келмей, жан-жағына жарық шашып, Жамбылдың өзіне де, оның жүрегінен шығып, халық көңілінде ұялап қалған, уақыт теңізінің терең түбіне шөге бастаған асыл жырларына да іздеуші, сұраушы бола келді.
Замана жүгінен белі бүгіліп, еңсесі еңкейіңкі тартқан дана қарттың жалған дүние салған жарадан дала-дала болып, ақыры жарығы әлсіреп, жалыны басылып, суый бастаған жүрегі қайта жылынды, көкірегінде тұнып, біржола тыным табуға бет алған ақындық талант қайта жайнады, ақынның өзі қайта жасарды. Ғасыр мен ғасыр беттесіп, уақыт теңізінің алып толқындары жалын жібектей желбіретіп аспанға шапшығанда, тереңде қалған жақұт жырлар да жібекке жабысып, жаңа дүние жағалауына шыққандай еді. Сонымен бірге ақынның толып жатқан өлең-жырлары сол шашылған, әр жерден бір жалт-жұлт еткен қалпында телегей-теңіздің терең түбінде қала бергені де рас. Бүгінде сол теңіздің түбіне жету де, ақынның сол теңіз тереңінде шашылып қалған маржан жырларына көз жеткізіп, қол тигізу де мүмкін емес… Ал оның ел қолына тиіп, ел жүрегінің жылуы мен қызуына айналған жырлары әр көңілде әр түрлі сәуле ойнатып, өзі де сан түрлі мән-мағынамен жарық шашады.
Жамбылдың жас шағында шығарған өлеңдерінен бүгінгі күнге жеткені – «Шағым» өлеңі. Өлең молданың бала оқыту тәртібі жайында. Көкірегінде оты бар, көңілі ояу Жамбыл молданың өзін де, оқуын да місе тұтпайды, екінші жағынан, молданың таяғына, зорлығына шыдай алмайды.
Шып-шып етіп молданың
Қолындағы тобылғы,
Қозғалтпайды жонымды,
Талай дүре соғылды.
Тарсылдатып танадай,
Жыртар болды тонымды.
Тілі ащы бала деп,
Қайнатты әбден сорымды.
Оқымай-ақ кетейін,
Байламаңыз жолымды! –
деген жыр жолдары арқылы бала Жамбыл өзінің шәкірттік өмірінің ауыр шындығын толғайды. Беріліп отырған өлең үзіндісі мағыналық құрылым жүйесі жағынан бірнеше сатыдан тұрады. Алғашқы екі тармақ нақты істі білдіреді: Молданың қолындағы тобылғының шып-шып етіп баланың жонын тіліп түсіп жатқан қимылы. Келесі тармақта шәкірттің дүре соғылған жон арқасының аурудан қозғалуға жарамай, тұтасып қалған күйі көрініс тапқан. Кейінгі тармақтарда молданың зорлық ісі дамытылған қалыпта қайта бейнеленеді де, оның соңы:
Қайнатты әбден сорымды, –
деген шәкірттің молдаға, оның ісіне берген бағасына ұласады. Бұл болған істі сарапқа салған байыпты ақыл-ойдан шыққан байлам болумен бірге ақынның жан шындығын, күйзелісі мен күйініш, қайнаған ашу-ызасын да жарқ еткізіп ашып көрсетіп тұр. Өлеңнің мына келесі бөлігі ақынның суреттелініп отырған өмір құбылысы туралы қорытынды, түйінді ойы болып табылады:
Оқымаймын молдадан,
Не оқытпақшы ол маған?
Бала келсе сабаққа,
Жем дәметкен дорбадан.
Ақ сәлдесін төңкеріп,
Көзін жұмып теңселіп
Күн ұзынға боздаған!
Мұндағы негізгі тұжырымды ой алғашқы тармақта берілген. Қалған тармақтар түгелдей осы пікірдің дәлелі, алғышарттары қызметін атқарады. Осы айтылған жайлар өлеңнің мағыналық құрылымындағы белгілі сатылардың келіскен, толысқан сипатын, өзара қарым-қатынасын, ондағы композициялық тұтастықты, сондай-ақ ақынның портрет жасау шеберлігі мен ойлау, ой толғау, жырлау машығындағы поэтикалық жүйелілікті, анықтық пен айқындықты аңғартады.
Белі бесіктен, басы құндақтан шықпай, жөргегінде жатқанда түсіне өлең кірген, бұғанасы қатып, буыны бекіген шақта кеудесі күйге, көкірегі жырға толып жүре берген жасқа, әсіресе, Жамбылдай балаға, тума талант дараға сабақ беру үшін қолына тобылғы таяқ ұстаған ашкөз молда емес, танымында телегей-теңіз тарих тағлымы бар, жүрегінің басында күн көзіндей жарық-нұры бар дана болу керек еді. Көзін ашпаса, бұлақ сарқылады. Тәрбие көрмесе, талант тозып бітеді. Шәкірт талантын ұстаз ұлағаты ашады. Шәкіртсіз ұстаз тұл болса, ұстазсыз шәкірт те түк емес. Шәкірттің бойында құдай дарытқан асыл қасиеті болмаса, ұстаз алдында өмір бойы отырса да, одан көшелі кісі шықпауы мүмкін. Ал көзінде нұры, көкірегінде оты бар шәкірт өзіне лайықты ұстазымен ұшырасса, оның бойындағы құдай дарытқан дарын көлдей шалқып, дариядай таситын болады.
Жамбыл – ұстазын тапқан талант. Оның өлеңіндегі ұстазы ақиық ақын Сүйінбай болғанда, өмірдегі ұстазы, ұлы ұстазы халықтың өзі болды. Жамбыл телегей-теңіз шалқыған тарих қазынасын, күн көзіндей балқыған жарық-нұрды туған халқынан, туған халқының жүрегін жарып шыққан асыл сыр мен ақық жырдан тапты, кемеліне келгенде, өзі де оттай балқып, күндей шалқыды.
Ақынның әуелгі шығармаларының бәрінде де оның өмірден таңдап алған жолы, қуған арманы мен іздеген мұраты өлең өнерімен, ақындықпен байланысты көрініс тапқан. Ақын «Шағым» өлеңінде «Домбыраны қолға алам», «Өлең кірген түсіне, Жөргегінде мен болам» – деп, өзінің мақсаты мен мұратын ақындық өнермен қанаттас жырласа, әкесіне арнауында бұл ойын ол арнайы жыр етеді:
Домбыра алып сөйлейін,
Күнде жасап мереке.
Мерекелі болған соң,
Елде болар береке!
«Сарыбайға» өлеңінде де ақын осындай терең ой айтады:
Біреулер малмен бәрін бөктеріп жүр,
Айтқанды ақыл, нұсқа жек көріп жүр.
Көтеріп дүниенің көң-қоқырын,
Апарып қай шұңқырға төккелі жүр?
Ақын дүние қызығын, байлық рақатын мансұқ етпейді. Бұл орайдағы ойларын ақын байдың бейнесі арқылы тереңдете түседі. «Әділдік керек халыққа» – деп аталатын толғауында әділетсіз ұлық, әдепсіз төренің елге өтірік айтып, сызданған сұмпайылығы, тамаққа тойса ғана үретін төбет секілді тамағынан бірдеңе өтсе ғана мойын бұратын иттік мінездері әшкереленген.
Араны байдың ашылған,
Барды жоқ деп жасырған.
Тебеген есек секілді,
Тепкілеп орын бермейді,
Бос жатқан жер қасынан –
деген жыр жолдарында байдың байлығының елге пайдасы тимейтіні, байлығы басынан асып жатса да, байдың кедейге қайырының жоқтығы сыншыл таным тұрғысынан суреттеледі. Ақын байдың малына да, байлығына да тектен-тек көз тіккен емес.
Байлықтың түбі пайдадан,
Өтірік-қулық айладан.
Ұрлық-зорлық, талаумен
Жүздеп жылқы, мыңдап қой
Байлар судай айдаған! –
деп, мыңғыртып мал айдаған байдың байлығының көзі момын елді қанап, алдап-арбаудан, әлсіз жұртты талап-тонаудан шығып жатқанын көрсетеді.
Бетпе-бет келген адамның артықшылығын да, кемшілігін де бір қарағанда-ақ көріп қоятын алғыр, қырағы талант сыншылдық сарындағы шығармаларында сөзін назары түскен кісінің өңменінен өткізе сөйлейді, небір асып-тасып, өкпесімен қабынып, өтіменен жарылып кетердей болып отырған көркөкіректерді де, өркөкіректерді де бір ауыз сөзбен сұлатып салады.
Ақынның «Есенәлі мешкейге» өлеңі тұрмыстағы қарапайым бір оқиға негізінде туған. Мұндағы Есенәлі – өз заманының бақуат, дәулетті адамдарының бірі. Бірде сол Есенәлі мен Жамбыл бір дастархан басында түйісіп қалады. Үй иесі қонақтарынан жылы-жұмсағын аямайды, Жамбыл мен Есенәлінің алдына үйме табақ ет тартады. Есенәлі астың үстіне түсердей шыдамсызданып, «Жамбылдың жүрегіне май жағады дейсің бе?» – деп, табақтағы қазы-қартаны, майлы мүшені өз алдына тартып алады. Жамбыл Есенәлінің тек отырмай, тиісіп, соқтығып отырғанын байқайды да:
Жаралғалы жегені қазы, жамбас,
Қарны ашты дегенге адам нанбас.
Ет пен майды ішіңе нығап тығып,
Адамшылыққа инедей орын қалмас!
Ылғи лас көтерген өмірінше
Атан өгіз сияқты сен бір маубас! –

деп қиып түседі. Кісілік таластырып, бойын теңестіріп, өзін зор тұтып отырған Есенәлі Жамбылдың мына сөзінен кейін сөзден де қалады, тамақтан да қалады. Кісімсіп, мардымсып отырған неме ақынның бір ауыз сөзінің екпініне шыдай алмай, тыраң асады. Бұл жерде де ақын өзінің қасында тізе түйістіріп, бір табақтан дәм татып отырған Есенәлінің ісіне, сөзіне қарай бағалайды. Бар екен, бай екен демей, дәмдес болып еді, үзеңгілес жүріп едік демей, бетке де, жүзге де қарамай, сөз реті келгенде, ақын ақпа-төкпе арынмен көмекейінен жыр болып төгілген уытты ойына толық еркіндік береді. Көкірегінен жыр сұңқары қанат қаққан шақта, ақын өзін де, өзгені де ұмытып, сол жырға, жыр дауылпазының өзіне айналып кеткендей күйге түседі. Өзін де, өмірін де өнерге, өлеңге арнаған талант қана өмірдің, тұрмыстың күйбеңінен қара үзіп, барша оқиға мен барша құбылысты тек осылайша өнер мұраты тұрғысынан сараптаса керек.
Жоғарыда берілген жыр жолдарынан бай мен байлықтың сипаты, бай мен байлыққа ақынның қатынасы анық байқалады. Сонымен бірге, бай мен байлықтың өзегін құрап, көзге түсіп, көңілді шайқаған мастық пен настық, жамандық пен надандық та ақын жырының от-жалынына шарпылып, масқара күйге ұшырайды. «Атан өгіз сияқты сен бір маубас», «Тебеген есек секілді» және басқа бейнелі сөздердің қоюланған қалың қатары мен суретті жолдарының үлкен шоғыры баяндалып отырған өмір құбылыстарының мәні мен маңызын мейлінше терең ашып көрсетуге мүмкіншілік берген. Ақын бұл арада жек көріп, жерінген құбылыстарын өмірден аластағандай, адамға жанастырмай, жайша жайпап, жайрата жырлаған.
Ілгеріде сөз болған туындылармен салыстырғанда, ақынның «Кәдірбай­дың төбеті» атты шығармасы мағыналық құрылым мен мазмұндық-оқиға­лық бітімі жағынан әлдеқайда көлемді әрі күрделі, дастан жанрының талаптарына сай өрілген жүйесімен ерекшеленеді. Шытырман, ширыққан талас пен тартыс желісі болмағанмен, шығармада бастан аяқ тартылып жатқан желілі ой, жүйелі оқиға бар. Солардың бәрінің өзегін ақынның өз көңіл күйі, өмір құбылыстарына деген оның өз көзқарасынан, өз танымынан туған ой мен сезім тұтастығы құрайды. Шығарма төрт бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің өз тақырыпшасы, өз түйіні бар. Бірінші бөлімде жол үстінде аты болдырып, өзі шаршап-шалдыққан ақынның халі байқалады. Осындай жүдеу күйдегі ақынға жол үстінде бір жүргінші кездесіп, дем береді. Әңгіме барысында жолаушы жігіт Кәдірбай байдың төбеті қара құрт тиіп өлгенін, өлген итін арулап көму үшін байдың жер-жерден ақын, жырауларды шақырып жатқанын, төбетін жырмен мақтап, озып шыққан ақынға зерлі шапан, елу қой, екі бірдей жорға, жүз тақта шай, бір қатын сый тартатынын айтады.
Жолаушы жігіт Жамбылға Кәдірбай байдың аулына барып, оның өлген төбетін мадақтап жырлауға қатысатын ақындармен жарысқа түсуге кеңес беріп, сөзінің соңын:
Сенен озар ақын жоқ,
Сен ғой соны алатын, – деп бітіреді.
Таланты толып, өзі де кемелденіп, аузымен құс тістеген жыр жампозы да екі кештің арасында жол үстінде аты арып, тоны тозып, өзегі талып отыратын заман болған ғой. Осындай күйдегі Жамбыл үшін жолаушы жігіттің айтқан хабары – озып шыққан ақынға берілетін зерлі шапан, елу қой, қос жорға, жүз тақта шай, бір қатын бәйге – жарты патшалыққа пара-пар бақ пен байлық, қисапсыз дәулет десе болғандай. Жолаушы жігіт жоқ-жітік Жамбылдың осы байлықты алуын іштей қалағандай сыңай танытады әрі оның жыр жарысынан озып шығып, жүлдеге ие болатынына сенім білдіреді.
Дастанның екінші бөлімінде Кәдірбай байдың ауылындағы ақындардың өнер сайысы көрсетіледі. Біреуі байды, біреуі байдың төбетін, енді біреулері байдың өзі мен төбетін қатар марапаттап, сөзден сөз асырып жатқан жұрт. Бәрі де озып шығып, жүлде алудан дәмелі. Олардың ішінде Кәдірбайдың қадірін, атақ-дақын дәріптеген біреудің аузына Жамбыл мынадай жыр жолдарын салады:
Жандаралмен жақын боп,
Талай аты жайылды.
Губернатор келмесе,
Тамағыңды сағынды.
Атың сенің, ендеше,
Патшаға да танылды!
Ақын Кәдірбайды мақтап дуылдаған ақындардың аузына осындай марапат жыр жолдарын сала отырып, ойы мен сөзіне әжуа, мысқыл дарытады. Дастанның үшінші бөлімінде өнер жарыстырушылардың шуы, жиналған жұрттың мазасы кетіп, шаршай бастаған жайы, Кәдірбайдың Жамбылға бұрылып, төбетін мақтап жырлауды сұраған жуандығы баяндалған. Шығарманың басты бөлімі – Жамбылдың Кәдірбай мен оның төбетіне арналған тасқынды жырынан тұратын үшінші бөлім. Бұл бөлімде Жамбыл ақындық өнері, ақындық тұрғысы, ақындық мінезі бірдей жарқырап көрінеді. Ақын, алдымен, дүние үшін Кәдірбайды мақтап, ардан аттаған жыршыларға наразылығын білдіріп, олардың кемшіліктерін, кісіліктен тайған ағаттықтарын бетке басады:
Ей, жыршылар, жыршылар,
Жыр айта ма осылай!
Сөздеріңнің дәмі жоқ,
Күйлеріңнің сәні жоқ,
Пайдасыз жұртқа, құр айқай! –
Жыр төгіп отырған өнерпаздың өресіздігі, сөздерінде әр, ойларында нәр жоқтығы, өлең деп толғап отырғандарының өлең де емес, өнер де емес, «құр айқай» екендігі ашық әрі ащы бейнеленеді. Одан әрі ақын:
Жамбылға құлақ салыңдар,
Сөзімнен пайым алыңдар.
Жалыдан безген байымас,
Тілене берген жарымас –
Жұрт болмайтын нағыз нас! –
секілді жыр жолдарымен жыр айтып отырғандарды сынап қана қоймай, оларға жол көрсетіп, жөн айтады, өмірде берілгені мен тұрмыста таныған шындық құбылыстарды «Жарлыдан безген байымас, Тілене берген жарымас» деген секілді қанатты сөз, келелі кеңес деңгейіне дейін көтеріп жырлайды. Өлеңін сатқан, өлеңіне қосып ар-ұятын саудаға салған кісінің ер емес, ез екенін, ақ жолға, адал тілекке сүйенген ақын емес, ласқа, қан мен жынға үймелеген шыбын-шіркей екендігін ескертеді.
Алдыңғы ақындарға, олардың ақындығы мен ақындық нысанасына көңілі толмай, намысы келген жайын осылайша бір толғап, өзгелердің де намысын жанып, жалындап алған ақын Кәдірбайға бұрылып, оның өлген төбетін сипаттайды.
Ал, Кәдірбай, құлақ сал!
Жамбыл сөзін тыңдап қал.
Итіңді жаман демеймін,
Күзітіп жүр малыңды,
Көпшілікті бүлдіріп
Ұрлап алғандарыңды.
Итің қуып қасқырды,
Ауылдан талай қашырды.
Таңынан талай тартқылап,
Қасқырды талай састырды.
Дауысымен шошытып,
Қасқырларды тықсырып,
Таудан талай асырды.
Естісе, міне, расымды!
Жыр жолдары жалынға да, жарыққа да бай. Тіпті, Жамбыл Кәдірбай мен оның итін өзге ақындардан асыра мадақтай бастағандай әсер туғандай болады. Расында, Жамбыл Кәдірбайдың өлген төбетін мақтаудай-ақ мақтайды. Бірақ ақын бұл мақтауды Кәдірбайға ұнау үшін, оның көңілін табу үшін айтып отырған жоқ, шындықтың өзіне сүйеніп айтып отыр. Жырдың келесі мағыналық бөлігінде ақын Кәдірбайға өрттей лаулап тиеді:
Айтсам сөзім нанымды,
Өлеңім оттай жалынды.
Ауылды торып аңдыған,
Қасқырды талай қан қылған
Сенен жұртқа ит жақсы
Күзеткен қотан, ауылды.
Кетпеймін айтпай ойымды,
Қайнатып құдай сорыңды,
Ит өлмей-ақ сен өлсең,
Болар еді орынды.
Кәдірбайдың төбеті туралы айтылған мадақ жырлар ақынды жүлделі орынға шығарардай, аты арып, өзегі талып келгенде, оны бір байытып тастардай көрінетіні рас. Бойына біткен өнердің арқасында енді болмаса ардына түсіп, қорасына кірейін деп тұрған байлық жолына бұрылмай, ақын өз жолында, ардың даңғылында, әділеттің ақ жолында қалады.
Дүйім жұрттың алдында деміне нан піскендей Кәдірбай байдың басын сөзбен жарып, көзін сөзбен шығаруы, оны мұншалық жер жастандырып, әділ жаннан түңілтіп, тірідей өлтіруі және осының бәрінен соң өзінің аман-сау қалуы Жамбылдың ақындық даралығы деуге де, ақындық саралығы деуге де, ақындық даналығы деуге де лайықты. Алдынан найза бойы жар кез болса да, жардай болып жау қарсы келсе де, ақын еш жалтаңдамайды, жасқанбайды, асу-асу белдерден аса бір соққан желдей гулейді, гулеген сайын қырандай түлейді. Екіншіден, Кәдірбайдың қалың ел алдында өзінің ит терісін басына қаптаған ақынға не айла қыла алмай, не күш көрсете алмай, есеңгіреп отырып қалуы оның өз айыбын мойындаған, әрі халық пікірімен есептескен, халықтың ақынға ауған ықылас-пейілін тани білген кісілік бетін ашады. Қанша зор, қанша нас болса да, ақын жырына амалсыздан, шарасыздан тоқтаса да, ол сөз құдіретін, сөздің тас жаратын, тас жармаса, бас жаратын қасиетін осы жолы жете сезінеді.
Шығарманың бағалылығы онда ақын сезімінің, мінез-нәрінің тұтас ашылып, ішкі наразылықты ашық та ащы айыптауға, айыптаудың қатал үкімге айналу процесінің толық көрініс табуында. Екінші жағынан, ақын өз ойын сатылы түрде тарата отырып, шығармасының сюжеттік-композициялық желісін ширықтыра түсер тұста ұтымды поэтикалық тәсіл қолданады: өлген иттің тірі Кәдірбайдың кісілігіне бергісіз иттік істері мен тірі Кәдірбайдың өлген иттің иттік істеріне тұрғысыз пенделік істерін мазмұн-мәні, ел-жұртқа пайдасы жағынан өзара салыстыра отырып, сыншыл ойларының эмоциялық, экспрессивтік қуатын өлшеусіз арттырады. Жамбылдың Кәдірбай байға мұншалық сұрапыл, тоқтау бермес жойқын арынмен келіп соқтығуында үлкен сыр бар. Хабар жетер жердегі барлық ақынды шақырып алып, оларға дүние үшін өлген төбетінің жақсылығын мадаққа айналдырып жырлату – қазақта бұрын-соңды болмаған, салтта жоқ өрескел қылық. Бұл қылығымен Кәдірбай ақындық өнерді де, ақындықты да, ақынды да опасыз дүниенің бір опасыз шірік қазығына байлап қойып, адам ойына келмейтін астамшылық жасап отыр. Ақындық өнерді, ақындық талантты, ақынды қорлаудың, мазақ етудің бұдан асқан оңбаған жолын ойлап табу қиын. Байдың мұндай қорлығы мен зорлығына басқа ақындар күні үшін көнгенде, Жамбыл көнбейді, қарағайға қарсы біткен бұтақтай емес, еменге біткен иір бұтақтай ширығып, шиыршық атып, шамдана, шамырқана келе шатынап шарт кетеді. Томағасын алған сұңқардай дүр сілкініп, жарқ-жұрқ етіп, бірде ақпа-төкпе, бірде толғамалы күйге түсіп, жыр дариясын толықси толғап тасытқанда, оның бетіне қарсы келуге жан шыдамайды. Мұншалық жалындап, өрттей лаулап келіп соқтыққан сұрапыл жыр тасқынынан тірі отырған Кәдірбайдың өзі өліп, өлген төбеті қайта тірілгендей болады.
Жамбылдың «Мәңке туралы», «Шалтабайға», «Кәдірбайдың төбеті», «Шағым», «Тәйті мен Шыбыл шалға», «Сара бай мен жомарт кедей», «Қалиға» және басқа осындай сыншыл танымнан туған арнау сипатындағы шығармаларына ортақ бірнеше ерекшеліктер бар. Ол ерекшеліктер ақынның ойлау, ой толғау таланты мен дүниетанымына тән қасиеттерді көрсетеді.
Жамбылдың биік ақындық тұрғысы, өмір мен өнерге деген көзқарасының берік тиянақ-тұғыры оның болыс, бай туралы ертеректе шығарған шағын өлеңдерінде де кең көрініс тапқан. «Мәңке туралы», «Шалтабайға», «Қалиға» секілді өлеңдерінде ақын ел билеген болыстардың мінез-құлқын терең ашып, олардың әлеуметтік-психологиялық портретін үлкен шеберлікпен жасайды.
Ақынның бұл орайдағы үздік жетістіктерінің бір қыры оның «Мәңке туралы» деп аталатын өлеңінен байқалады.
Жанғойлық болысы пысық келеді,
Мұрындары пұшық келеді.
Екі арадан ептеп жерінде,
Көздерін қысып келеді.
Сөздерін ұзарта келеді,
Өңешін қызарта келеді.
Өнімі азырақ жерде
Үстіне тұз арта келеді.
Ыңыранып отырып алады,
Әр алуан қырға салады.
Ақыры құдай жарылқап,
Қалталарын толтырып алады.
Үш шумақ өлең. Сол үш шумақтың әр тармағы қимыл-қозғалысқа, қылыққа, мінезге айналып, ақырында жемқор болыстың өзі болып бой түзеп шыға келеді. Бұл – динамикалық, психологиялық портрет жасаудың баға жетпес шығармашылық көрінісі болумен бірге адам бейнесін, адам образын жасаудың да тамаша үлгісі. Өлең ақындық толғаныстан туғанмен, оның өмірлік дерегі, ақын көңіліне қатты қозғау салған нақты негізі бар. Ақынның өз баяндауына қарағанда, 1900 жылдары ол Шамалғанда болған бір тойда атын ұрлатады. Ақын ұрылардың хабарын біліп, сол елдің болысы Мәңкеге шағым жасайды. Бірақ Мәңке болыс ұрыларды көзбе-көз құтқарып жібереді, Жамбылдың шағымын аяқсыз қалдырады. Мұның шын себебін біліп, болыстың параға жығылғанына көзі жетеді де, ақын қатты ашынады. Мәңкенің мұрнының пұшықтығынан бастап, оның бойындағы бар мінін түгел паш етеді. «Мәңке туралы» өлеңнің тууына осындай зорлық оқиға себеп болған. Ақынның 1905-1906 жылдары шығарған «Шалтабайға» өлеңі мазмұны, шыншылдық сипаты жағынан «Мәңке туралы» өлеңімен үндес, сарындас. Болыстың болымсыз болмысы, болыс болғанға дейінгі мінезі мен болыс болғаннан кейінгі қылығы арасындағы айырмашылық өлеңде сыншылдық әрі шыншылдық таныммен пайымдалған.
Салқын келіп тоң-торыс,
Сыртқа сыздап қарайсың! –
сияқты жолдар болыстың мүсініне, келбетіне тән басты белгілерді даралап көрсетеді, әрі сол белгілердің, сыртқы көріністің ішіндегі мінез бен құлық, ниет пен тілек те ашық сезіледі. Шындығында, «Сыртқа сыздап қарайтын» – болыстың іші, мінезі мен құлығы, ниеті мен тілегі. Сыртқы түр мен түс болыстың ішінің, ішкі шындығының айнасы іспетті. Кісінің түрі мен түсі, сырт келбетінің кейбір ерекше көріністері арқылы оның ішін беру, бұғып жатқан ойы мен сезімінің, ұйлығып жатқан тілегі мен ниетінің шын сипатын танытып, шын сырын ашу суреткерлік өнердің бағзы замандардан бері келе жатқан баянды тәсілдерінің бірі. Оны орынды, оңтайлы пайдалану ақындық талантпен қатар ақындық мол тәжірибені талап етеді. Жамбыл бұл ретте ақындық таланты мен ақындық тәжірибесін өзінің биік ақындық мұрат-нысанасына сай пайдалана отырып, шығармашылық өнердің шырқау биігіне самғайды. Болыстың психологиялық бетін осылайша бір ашып көрсетіп алған соң ақын оның ісін баяндауға көшеді:
Шарға түсер шағында,
Қара тер боп сабылды
Аялған жоқ малы да,
Ақжем болып шабылды.
Елге сөзі жеткенше,
«Жамағат!..» деп жалынды.
Қол билікке жеткен соң,
Салғырттыққа салынды!
Ақын болыстың ісін, қылығын суреттеп отырғанда да оның ішін ашып көрсетуді мақсат тұтады. Әдепкіде болыстың мінезін оның сыртқы түр-түсін суреттеу арқылы саралайтын болса, мына тұста нақты жүріс-тұрысы, іс-әрекеті айналасындағы оқиғаларды жинақтау арқылы оның мінезін даралауға ойысады. Осылайша, өз шығармасына арқау болып отырған өмір құбылыстарын сұрыптай келе оның ең маңызды, мәнді, мазмұнды белгілерін ғана жинақтап көрсетеді, соның нәтижесінде адамның ішін ашып, мінезін даралап қана қоймай, оның бейнесін, тұтас тұлғасын сомдап шығады.
Жетісу өңірінің Құдайберген, Сәт секілді ел билеген болыстары туралы шығарған өлеңдерінде де ақын алғырлығы мен тапқырлығын, беті бар, жүзі бар демей, шындықты айтатын туралығын ту етіп көтереді. Құдайберген болыс Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысының басы-қасында болып, Жамбылды демеп, оның ақындық ұсталығы мен алғырлығына разы болғанда: «Сені тапқан шешеңнен айналайын», – деген сүйсіну сөзін де аямай айтып салып отырған. Құлмамбетті Жамбылдың жеңгенін өзі жариялап, жеңімпазға арнаған ел бәйгесін де ол өзі билеп-төстеген. Сөйткен Құдайберген қыстың бір күнінде Ұзынағаштан ауылына келе жатқанда, Жамбыл аулының бір адамы қара жолдың қатқан топырағын аспанға шығарып, қасынан шауып өте шығады. Мұндай астамшылықты көтере алмаған болыс астындағы атына қамшы басып, оны тұра қуады. Екі жолаушы осылайша ауылға жеткенше жарысады. Құдайбергеннің аты тұнып тұрған семіз екен, ауылға келген соң зорығып өледі. Осы тұста Жамбыл Құдайбергеннің аулына келсе керек. Құдайберген сөзінің бір ұшын Жамбылға тигізе сөйлеп: «Бір жынды екеймен жарысамын деп, атым өліп қалды»,-депті. Сонда Жамбыл табан астында:
Болысжан, жүрген жерің күнде сауық,
Пенденің бойында көп қатер-қауіп.
Екейдің жындысымен жарысам деп,
Сенің де кетіпті ғой есің ауып, –
деген екен. Суырып салып айтқан бір шумақ өлеңнен ақынның талант табиғаты тағы да жарқырап көзге түседі.
Жамбыл шығармаларының шынайылық, реалистік сипатын аша түсетін бір ерекшелік – олардың әлеуметтік өткірлігі мен танымдық тереңдігі. Ақын әркім-ақ күнде көріп, күнде қасынан өтіп немесе басынан өткізіп жүрген өмір құбылыстары мен оқиғаларын, тіпті небір ұсақ-түйек деген жайлардың өзін үлкен ақындық парасатпен пайымдайды, ұсақ-түйек секілді қарапайым шындық құбылыстардың өзін ақындық таным тезінен өткізіп, шаң-тозаңынан арылтып, жақұтша жарқыратып шығарады. Ілгеріде сөз арқауы болған өлеңдердің қай-қайсысы туралы да осыны айтуға болады. «Сараң бай мен жомарт кедей» атты шығармасы да оның талантының осындай айрықша табиғатын танытады. Мысалы, мына шумақтарға назар аударайық:
Малы көп бай жылайды қар жауғанда,
Бәрін тастар ниеті малға ауғанда.
Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр,
Әйелі шелек толы сүт сауғанға.

Малы көп бай ертемен жейді қаймақ,
Қой шығарып, кедей жүр қозыны айдап.
Ең болмаса айранға тойғызса деп,
Жатса-тұрса, тілейді «а, құдайлап!..»
Байдың малдың қамын жеген қайғысы мен малдың майын жеген қамсыздығы кедейдің маңдай тері мен табанақысы, бейнеті мен зейнет арасы, тілегі мен қуаныш сипаты кең де терең, анық, затты да нақты бейнеленген.
Әйелі шелек толы сүт сауғанға жерден алтын тапқандай қуану үшін кедейдің тұрмыс-жағдайы, тағдыр талайы қандай болу керектігі өз-өзінен түсінікті. Оның жатса-тұрса құдайдан байдың айранға бір тойғызуын тілеген жағдайы, хал-ахуалы да жетісіп тұрған жоқ. Кісі жатса-тұрса құдайдан байдың айранға бір тойғызуын жалбарынып тілейтін болса, оның кісілігі қай жерінде болмақшы? Әйелі шелек толы сүт сауғанға жерден алтын тапқандай мәз болса, оның өзге қуанышы қандай болмақ? Жер бауырлаған қуаныш, жер жастанған тілек деген – осы. Құлдық сананың бұдан анық, бұдан ашық көрінісін кездестіру оңай емес. Бірақ бұған кедей айыпты емес, оның кедейлігіне құдайдың да қатысы жоқ. Бұған айыптыны зорлықпен, ұрлық-қарлықпен, алдау-арбаумен мал жиып, тастан қаттыға, боқтан сасыққа айналған байдың байлығынан, байлыққа кісінің табан ақы, маңдай термен, адал еңбекпен емес, зорлықпен, ұрлық-қарлықпен, алдап-арбаумен жеткізетін заманның қоғамдық болмысынан іздеу керек. Мұндай болымсыз қоғамдық болмыс жағдайында құдай жолындағы қалың халық – кедейге, кедей – қайыршыға, қайыршы құлға айналмақ. Жамбыл осы ойды ашып, қазып айтпаса да, астарлап жеткізіп отыр. Ойдың астарлы, сөздің бейнелі сипаты ақынның шығармасына бейнелі, суретті, мәнді сапа дарытады. Байдың осы секілді жағдайын, «кедей көрсе, керіліп, сөйлеуге ерініп» тұратын керенау-кербез күйін, пайда түсетін жерде алдап-арбаудан да, қорлап-зорлаудан да тайынбайтын, «қойға тиген қасқырдай» қорқау қалпын жан-жақты ашып көрсете отырып, ақын кедей халықтың жайын, қалың жоқ-жітіктің мұңын мұңдаған, солардың жоғын жоқтаған.
Шаруаның күйі жоқ,
Кіруге бүтін үйі жоқ,
Егін салар жері жоқ,
Сөзін сөйлер ері жоқ,
Қолына егер жер тисе,
Байлардан оның кемі жоқ!
Жыр жолдарында момын шаруаның жоқтықтан шаршап-шалдыққан, азып-тозған күйінің себебі оның тұрған, туған жерінен, атамекенінен жанын бағарға бір жапырақ жер таба алмай, соры қайнап, сергелдеңге түскендігінен екендігі көрсетілген. Байдың кедейден артықшылығын, кедейдің байдан кемдігін жыр жампозы жердің, жер ананың халық игілігіне айналмай, біреуге меншікті болуынан іздейді, қолында жері болса, кедейдің байдан жаман кәсіп етпейтініне кәміл сенім білдіреді. Кедейдің осындай теңдіксіз тентіреген қайыршылық күнін ақын 1879 жылы шығарған «Кедей күйі» өлеңінде жаны ауырып, жүрегі сыздап отырып жырлаған болатын. Не үй, не жай жоқ, жалаң аяқ, жалаң бас, қысы-жазы тентіреп, қарны бір тоймай, қалт-құлт еткен Қалқабайдай қайран жастың іздеусіз, сұраусыз, соры қайнап жүрген сормаңдай күйін, адам болып туып, итшілеп күн кешкен талайсыз тіршілігін ақын аяныш сезіммен суреттейді, оны осынша сорлы етіп қойған заманды айыптайды:
Қайтіп жаны ашымас,
Неткен заман қатыбас!
Ақын мейірімсіз, аяусыз, қатыбас заманды айыптаумен шектеліп қалмай, заманның жаман болмағы да, жақсы болмағы да адамнан, адамның адамгершілік негізінен деп біледі. Бұл ойдың бір желісі «Сұраншы батыр» дастанында мынадай болып тартылады:
Заман-заман дегенде,
Заманға қожа адам ғой!
Наразы болса заманға,
Бар кінәні соған қой!..
Заманның жақсылығы мен жамандығы да сол заман адамының бойындағы жақсы мен жаман қасиеттерден шығады деген пікір ашық тұжырылған. Әдетте адам белгілі бір ортада өмір сүре отырып, сол ортадан тыс бола алмайды деген ой жиі айтылады. Бұдан, әрине, орта адамнан, адамдық қарым-қатынастардан тыс тұрған нәрсе деген ұғым тумауға тиісті. Адам, адамдық қарым-қатынас, адамдық іс-әрекет бар жерде ғана адами орта туралы сөз қозғауға болады. Сондықтан да ақын заманның, қоғамдық ортаның әлеуметтік бағыты мен беті үшін адам жауапты екендігін өзінше топшылап, өзінше тұжырады.
Ақын шығармаларында байлық пен өкіметтің, бай мен төренің өзара тұтасып, жарасуы және олардың қолы қысқа қалың халықтан дараланып, оқшаулануы, ақырында жаттануы нақты шындық құбылыстар негізінде суреттеледі. Қалың жоқ-жітікке, панасыздар мен шарасыздарға бай мен төренің керіліп, сызданып, қорқауша қарауы, айналып келгенде, белгілі заманның, қоғамның, мемлекеттің әлеуметтік-рухани ахуалын аңғартады. Ақын ұғымы бойынша, байдың байлығының баяны оның жұртқа жасаған жағдайына байланысты. Жоқты бар ету, кем-тарға кеңшілік жасау, қысылғанға, тарыққанға, зарыққанға қол ұшын беру бай мен төренің, әкім мен ұлықтың ғана басты ісі емес, тұтастай қоғамның, заманның парызы. Сондықтан да заман үшін, заман тізгінін қолына ұстаған бай мен төре, әкім мен ұлық үшін панасызға пана болу, жылағанды жұбату ең ұлы іс болып табылады. Мұндай түсінік, негізі берік қағида Жамбылдың шығармашылық өнері мен өнегесінің халықтық сипатын барынша жарқыратып көрсетеді.
Жамбылдың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс оқиғалары туралы шығарған «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» секілді өлеңдерінде тарихи-танымдық маңызы жоғары шындық құбылыстар көрініс тапқан. «Зілді бұйрықта» көтеріліске шыққан ел жайы, көтеріліс басшыларының ұсталуы, жазаға тартылуы тарих деректеріне сай суреттеледі.
Ақынның «Патша әмірі тарылды» өлеңінде халықтың
1916 жылғы көтеріліс қарсаңындағы көңіл күйі суреттелген:
Көген көзді қосақтап,
Қалай қиып берерміз?!
Көздің жасы моншақтап,
Көңіл шер боп өтерміз.
Көк жайлауды қалдырып,
Қайда көшіп кетерміз?!
Көкіректі зар қылып,
Қорлықпен қайтіп өтерміз?!
Майданның қара жұмысына ер-азаматтарын мойнынан тізіп беруге дәті жетпей, бермейін десе, патшаның қысымына шыдай алмай, әрі-сәрі күй кешкен халықтың шынын ақын өз жүрек үнімен тебіреніп, күйініп толғайды, ел жанының толқыған сырын өз сырына бөлеп, өз сырын ел сырымен тербеп тебіренеді. Ақын майданға жігіт беруге де қарсы, патшаның құрығынан қашып, жасыл жайлау, саумал бұлағын, ата жұртын қалдырып көшіп кетуге де жоқ, көкірегін зарға толтырып, қорлық өмір кешуге де риза емес.
Халық көңілінің осындай толқымалы күйін толғай келіп, ақын өлеңінің соңын былай түйеді:
Енді ойласақ, не қалды:
Ата жұрттан кету бар.
Жолға тігіп не жанды,
Тәуекелге беку бар.
Не болмаса шыбындап
Тағдырыңа көну бар.
Көнсе, күнде шығындап,
Ит қорлықпен өлу бар!
Өлеңнің бастапқы жолдарындағы халықтың толқымалы, бағыт-бағдары анықталып болмаған алабұртулы көңіл күйі кейінгі шумақта басқа сипатта, басқаша арнада суреттеледі. Соның өзінде де ақын өз ойын ашық айтпай, таңдауды ереуілді күйдегі елдің өзіне қалдырады, бірақ таңдайтын жолдың бет-бағдарын анық көрсетеді: а) ата жұрттан кету; ә) тәуекелге беку; б) тағдырға көну. Ақын ел алдындағы үш түрлі жолды, үш түрлі бетті осылай даралап береді. Алғашқы екі жолдың қайда апарып соғары ашық айтылмай, соңғы үшінші жолдың барар жері ғана аңғарылады: «Күнде шығындап, ит қорлықпен өлу». Ақынның ашық айтылмай тұрған өз ойына келгенде, оның екінші жолды қалап, азаттық жолына бас тігіп тәуекелге бел бууды қалап отырғаны байқалады.
Жайылмыс және Қарғалы болыстарының көтерілісшілері 9 тамыз­да Ұзын қарғалы бойында бас қосып, патшаға кісі бермеуге анттасып, құдай жолына құрбандық шалады. Архив құжаттарына қарағанда, Бекболат Әшекеев 11 тамызда әкесінен қалған туды жайып, жоғары көтеріп, өзін хан деп жариялайды. Бұл халық көтерілісінің шарықтау деңгейіне жеткен кезі еді. 17 тамызда таңға жуық Бекболат Әшекеев патша жазалаушыларының қолына түседі. 18 тамызда патша қызметкерлеріне берген түсінігінде Бекболат Әшекеев өзі бастаған қазақтардың ісін кеңінен баяндайды. Үш қоңыр тауының Ошақты деп аталатын қойнауында көтерілісшілер мен патшаның жазалаушы отряды арасында қақтығыс болады. Сойылмен, қылышпен, дойырмен қаруланған халық жазалаушыларға қарсы қалқан ретінде алдарына үйір-үйір жылқы салып шығады. Жазалаушы отряд қаптап келе жатқан жылқыға мылтықтан оқ жаудырады. Жазықсыз жануарлар оққа ұшады, жау оғы көтерілісшілерді де аямайды: бірнеше адам өліп, бірнеше адам жараланады. Бекболат Әшекеев өлім жазасына кесіліп, 9 қыркүйекте дарға асылады. Көтерілісшілердің 15 белді басшысы 1917 жылы 19 ақпанда (февральда) өлім жазасына кесіледі. Бекболаттың баласы Әбділданың барлық дүние-мүліктен айырып, 20 жылға каторгаға айдау туралы үкім шығарылады.
«Зілді бұйрықта» көрініс тапқан тарихи оқиғалардың бір желісі осындай. Ақын сонымен бірге Самсы, Шиен қазақтарының көтерілісі жайын да әсерлі суреттейді.
Пристав та Самсыға барған екен,
Жаныбектің мешітін қамап алған екен.
Жаныбек қажы жанына ара тұрды,
Бір болыс ел жиналып барған екен, –
деген жыр жолдарындағы әрбір оқиға, әрбір хабар – тарих шындығының өлеңге айналған шынайы көрінісі. Приставқа, оның маңындағы солдаттар мен кеңсе қызметкерлеріне молда Жәнібек Майлыбаевтың қорған болғаны рас. Молданың мешітіне кіріп бас сауғалаған патша қызметкерлеріне көтерілісшілердің қарсы шаппауының екі себебі бар. Оның біріншісі – құдай жолына құрбандық шалып, көтеріліске құдайға сыйынып шыққан жұрт құдайшылық үйі мешітке қарсы оқ атпақ түгіл, тас лақтыруды күпірлік деп біледі. Екіншіден, Приставтың қасындағы солдаттардың қолындағы мылтық та елдің бойына үрей ұялатқан еді. Жәнібек молданың мешітіне тығылған солдаттар қарап тұрмай, көтерілісшілерге оқ жаудырғанда, бір ат құлайды. Сейсембай Дәуітбаев деген ереуілші қазақ тіл тартпай кетеді. Қарусыз жұрт қауырт қимылға, ірі іске бармастан, ұйлығып қала береді. Көтерілісшілердің үлкен іске бара алмаған лажсыз күйіне ашынған ақын өз сезімін былай жеткізеді:
Ақыры ұлыққа түк қыла алмастан,
Не боларын бұл істің біле алмастан,
Күш жинамай, қарусыз ұрыс қылып,
Бозбаланы бітірді кек алмастан!
Шиенде болған ұрыс жайын баяндай келіп, ақын шығармасын мына шумақпен аяқтайды:
Аттандық ұлығының қонысына,
Елді сорған борсықтай болысына.
Көп ерлер қаза тапты жауға аттанып,
Көксеген азаттықтың соғысында.
Қолда бар деректер Үшқоңыр, Шиен, Самсы шайқастарына қатысқан көтерілісшілердің арасында Жамбылдың болғандығын, елдің жігерін жырмен жанып, өлеңмен демегенін көрсетеді. Көтерілісшілерді қуаттай жүріп, Жамбыл дүниені танудың жаңа биігіне шықты. Елдің бас бостандығы, халықтың еркіндігі, ұлттың азаттығы туралы ақын ұғымдары өмірдің нақты шындықтары негізінде толысып, кемелденді, тереңдей түсті. Ұлы жырау шындықты іздеп, жырлап қана қоймай, оны жанын салып қорғады, ел тәуелсіздігі үшін күреске шықты. Бұл бағыттағы көргендері мен көңілге түйгендері нәтижесінде ақын шындық пен әділеттілікті олардың тарихи тегіне сай тану дәрежесіне жетті, адам тағдырын, заман құлқын билеп-төстейтін жалпы заңдылықтарды шығармашылық сара таныммен байымдау деңгейіне дейін көтеріледі.
Ақын домбырасын қолына алып, ойына оралған ырғақ әуенді қуалай түсіп отыр. Алдын-ала анықталып, белгіленген ештеңе жоқ. Домбыра үнімен үндесіп, домбыра үнін өз әуенімен үйлестіріп, бірте-бірте айқындала бастаған көңіл күй ғана бар. Ақын домбыра үні мен өз көңіл күйі арасындағы келісім мен үйлесім желісін қуалай отырып, айтар ойының жүйесі мен бағыт-бағдарын да анықтап алатын болса керек. Осылайша көңіл күй ауаны әуелі домбыра үніне көшіп, әуен-ырғақ жүйесі біртіндеп ой жүйесіне қозғау салады. Айтар ойдың (тақырып) желісі анықталып, жүйесі айқындалған соң-ақ, жыр селі тасқындап ағыла бермек. Ақындық жадында миллиондаған ұйқас пен ырғақ, бейнелі сөз тіркестері мен тұтас тармақтар жатталып жатқан ақпа-төкпе айтқыш өнерпаз үшін ойдың сөзге, сөздің жырға айналуы ешқандай қиындық келтірмесе керек. Ал суырыпсалма айтқыштық, ақындық ақпа-төкпелік – табиғаты жағынан мейлінше күрделі, әдеби тұрғыда нақты талдап көрсетуге қиын, топшылап қана тануға болатын ерекше процесс…

Жанғара ДӘДЕБАЕВ

Пікір қалдыру