ЖАН-МҰҢЫМДЫ ЕМДЕЙДІ КҮЗ ӘУЕНІ


ЖАЗДЫҢ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ-АЙ!..

Әлденеден қалғандай жараланып,
Мына әлемге соңғы рет қарап алып.
Қалт-құлт етіп Ертістің толқынында,
Жаздың соңғы арманы барады ағып.

Жаздың соңғы күндері-ай,
Жан мұңайтқан,
Үнсіз көніп үкімге тағдыр айтқан
Кеткеніңмен,
Келерсің жыл айналып,
Ұмытпасаң болғаны жолды қайтқан.

Аспан – күңгірт…
Бұлттардың жанары – шық.
Жан берісіп тағы да жан алысып,
Жалт-жұлт етіп
құстардың қанатында,
Жаздың соңғы сәулесі барады ұшып.

Жаздың соңғы самалы,
Жылы… салқын…
Шолпанмен де, Аймен де ұғысар Түн
Бәрі – ғайып…
Жарықтық жапырақтар –
Көктен жауған жез бен мыс,
күміс-алтын!..

Тамыз түні түрге еніп қарақошқылт,
Бір дауысты құмыққан қалам естіп.
Көз жасына малынып
Көк Аспанның,
Жаздың соңғы күндері барады өксіп.

Жаздың соңғы күндері-ай,
жаздың соңғы,
Жылап тұрып жырыңды
жаздым шерлі.
Сенің әлсіздігіңді біле тұра,
Жазығым жоқ…
Күз келіп жазғырса енді!

Жаздың соңғы күндері-ай,
жаздың соңғы!..

КҮЗ АҢСАР…

Қош келдің,
Күз аңсарым,
Күз аңсарым!
Құбылтқан жасыл
Жаздың гүзәл сәнін.
Қызартып екі бетін қыз Алшаның
Сенің де келеді ертең ұзар шағың!..

Бермейді мәңгі ешкімге уақыт тұрақ!
Таңғы шық құлпырады жақұт құрап.
Сені есен көргеніме… Бақыттымын!
– Құстар ма?
Меніңше, олар бақыттырақ!..

Өзгеше сарғыш нұрың –
жанның күйі
Өзді-өзі сыбырласар жаңбыр жиі.
Билейді жапырақтар жел сазымен,
О, Неткен, Тангоға ұқсас
Тағдыр биі!..

Сендегі Түн – сабырлы,
Күн – баянды!
Сендегі сөз жұпарлы, үн бояулы!
Сендегі жалғыздық та сұлу сондай!
Сендегі сағыныш та, мұң да – аяулы!

Құбылтқан жасыл
Жаздың гүзәл сәнін,
Қош келдің, Күз аңсарым,
Күз аңсарым!
Соңғы рет көкжиекте жүзер сағым…
Сенің де келеді, әттең, ұзар шағың!..

ҮЛБІ…

Үлбі сұлу,
Не дейсің, Үлбі сылқым!..
Кімді сүйдің?
Сағындың кімді, шіркін?!
Жан сырыңды
жасырмай, ақтарылшы,
Толқыныңда –
Күн ойнап, мүлгісін Түн.

Көптен бері көрмеген
Бір жақсыңды
Көргендей боп тіл қатшы, үн қатшы, Үлбі.
Тым биікке кетейін көтеріліп,
Тұңғиыққа батайын тыңдап сырды.

Сенің сырың шешілмес
жұмбақ сынды.
Мен жеңілдім, құтыртып
құр нәпсімді.
Ұжданымның алдында қызарамын
Өлең оты қуырып күнде апшымды.

Тұнығыңа мөп-мөлдір мұң жүздіріп,
Не деп айтқың келеді-ау,
Үлбі, үздігіп?!.
Жазғырмашы кінәмшіл тағдырыңды,
Жатыр дейсің қалқам-ау,
кім бізді ұғып?

Келеді әне!..
Жоқ деме, Түнде ізгілік,
Кірпігіне мың-миллион
жұлдызды іліп!
Қас-қағымда сөнеді сәуле-ғұмыр,
Аспаныңда тұрғанмен
Күн-Қыз күліп.
Үлбі, үлбіреп барасың,
Үлбі үлбіреп!..
Бір күн үдеп ағасың, бір күн жүдеп.
…Жалғыз кешіп
жағасын жалғыздықтың,
Қаларсың-ау, қаласың,
құрғыр жүрек!

ҮЛБІ – 2

Айтшы, қашан келесің Үлбіге сен?
Жұпарындай аңқылдап гүлдің әсем.
Көбелектің деміндей бір үміттің
Арқасында, әйтеуір, жүрмін есен!..

Айтшы, қашан келесің Үлбіге сен?
Сергелдеңге салынып мұңды кешем.
Сенен бір сәт көз жазып
қалмау үшін,
Кірпік қақпай жүрер ем,
мүлгімес ем!..

Айтшы, қашан келесің Үлбіге сен?
Жетер едің сағынып шын жүдесең!
Кешірмейді махаббат кешігуді,
Келте өмірде кетпесін бір күні есең.

Айтшы, қашан келесің Үлбіге сен?
Сен болмасаң кімді ертем,
кімге ілесем?
Құрсауында қылқынып қалың ойдың,
Құшағында тұншығып Түннің өшем.

Айтшы, қашан келесің Үлбіге сен?
Қолыңдағы сынбаса сырлы кесең,
Балын ұсын сезімнің жаным үшін,
Үлбірейді дүние, үлбіресең!

Жасырмаймын,
Жанымның шындығы осы ең!
Сен дегенде сәулелі Күн дұғасы ем!..
…Көркем бейнең келеді көз алдыма,
«Үлбі!» десем болғаны,
«Үлбі!» десем!..

Айтшы, қашан келесің Үлбіге сен?..
* * *

Қайда барсам кісімсу, құдайсыну,
Бұл өмірді жат маған бұлай сүру.
Жағалауға барайық жүр, Айсұлу!
Күз келді ғой, Күз келді –
Ұмай сұлу!..

Түрленеді өзгеше күзде Өскемен.
Бір ғаламат бар мұнда біз кешпеген…
Кім біледі, Қызырға жолығармыз,
Ешбір пенде ешқашан жүздеспеген!..

Ғажап қандай!
Қарашы,
Күз әлемі,
Пенделердің —
Наласы,
Ыза-кегі,
Қызғанышы жоқ мұнда!.. Таудан есіп
Тағдырымды тербейді Түз әуені.

Тағдырымды тербейді Түз әуені.
Жан-мұңымды емдейді Күз әуені!
…Есіңде ме, ертекте қосылғанбыз,
Ертіс пенен Үлбі боп біз әуелі!..

Иә, бізге ұқсайды Ертіс, Үлбі,
Ертіс, Үлбі — Алтайдың көркі сынды.
Сен де менің кешіріп кем тұсымды,
Толықтырып келесің олқы ісімді.

Солай, жаным…
Келгенбіз Ертектен Біз,
Ғажайыпқа сенеміз. Серт еткенбіз!..
…Айдай Сұлу, қарашы, Қандай сұлу,
Таңғы шықтың ішінен
мөлт еткен Күз!

«ХАТ ЖАЗДЫМ ҚАЛАМ АЛЫП СІЗГЕ ЕРКЕМ…»
/МАҒЖАН/

Перісіз?..
Періштесіз?!..
Пендесіз бе?
Хат жаздым қалам алып мен де сізге.
Білмеймін,
Көктесіз бе,
Жердесіз бе?
Жоқ, әлде, ғайып болып кеттіңіз бе,
Түскен соң қайта оралып
келмес ізге?..

Қозғасам, лаулайды өрттей
дерт іштегі.
Қайтейін, жолықпадық, жол түспеді.
Ертемен қайық салсам айдынына,
Еркеме жеткізер ме Ертіс мені?

Сұлусыз!
Сіздей сұлу – Алтай мінсіз.
Ал, менің бар арманым,
бар қайғым – Сіз.
Талықсып тағы да сол жар басында,
Жарықтық жартыкеш
Ай жантайды үнсіз.

Мені де меңдеп алған сол үнсіздік.
Айналам – алаңсыз ел, сенімсіз жұрт.
Себебін ұқтыра алмай тірі жанға,
Себелеп өте шықты көңілсіз бұлт.

Шынымен болғаны ма уәде жалған?
Ән-арман қалғаны ма, әуез-арман?!..
Әйтеуір, ақ сезімнің куәсіндей
Осы әуен естіледі әуе жолдан.

Содан соң ырғағымен әннің баяу,
Түсемін жиегіне жолдың жаяу.
«Қозғайды қатып қалған
іштің дертін…»
Құдай-ау, болмаушы ма ед
тағдырда аяу?!.

…Дайдидай-ау!..

МОЙЫНДАУ. . .

Алып ұшар қанатымның жоқтығын,
Аспан салды есіме.
Шындығы сол,
Шымшық құрлы жоқ құным,
Шіренемін несіне?

Жасын төгіп
жылайтынын аспанның,
Жаңбыр салды есіме.
Тақтан бір күн
құлайтынын патшаның
Тағдыр салды есіме.
Тағатымның,
Төзімімнің жоқтығын,
Таулар салды ойыма.
Таудай күнә арқалаған дерттімін,
Тараған у бойына.

Обал-сауап, сұрақ-жауап, ар сотын,
О, дүнием салды еске.
Таразылап ғұмырымның әр сәтін,
Тәңір-Ием салды еске.

Салмағымның,
Сабырымның жоқтығын,
Салды есіме Қара жер!
Түсіреді өмірімнің көп күнін,
Тәубесіне Қара жер!

Қара жердің болмайтынын түбі ырыс,
Қабір салды есіме.
Топыраққа айналарын бір уыс,
Тәнім салды есіме.

Теңіз-көлдің
Тереңдігін,
Тулаған
Толқын салды есіме.
Ал мен таяз ой-санамен бұлданам,
Айтыңдаршы, осы не?

Жабырқаулы
Жалғыз ару салды еске,
Махабаттың жоқтығын.
Махаббаты өлген оның сол кеште,
Мұңға беріп шаттығын.

Сырға берік шын
достықтың жоқтығын,
Салды есіме сатқындық.
Болмаған соң сенім мықты,
серт мығым,
Бәрі бекер, боқ тірлік!

Адамдарда ақиқаттың жоқтығын,
Айтты маған қар әппақ.
Өзегімді өртейді кеп от-мұңым,
Өмірімді парақтап…

Алып ұшар қанатымның жоқтығын,
Аспан салды есіме.
Шындығы сол,
Шымшық құрлы жоқ құным,
Шіренемін несіне?

ЕЛГЕ БАРСАМ…

Еее, өмір-ай, арылтпай
мұнар мұңнан,
Сағынышқа сарқылмас
сыңар қылған.
Елге кеткім келеді,
Елге барсам
Елең қағып шығады кім алдымнан?

Кім алдымнан шығады елге барсам,
Туып-өскен,
Түлеген жерге оралсам
Еркелетер таба алмай екі адамды,
Басылмайды-ау бәрібір
мендегі аңсар.

Елге барсам,
Басына шыт байлаған,
Баяғыдай алдымнан
шықпайды анам.
Көне қорым көзіме түскен сайын,
Көңіл босап боздауық
бұлтқа айналам.

Баяғыдай ауылда әкем де жоқ,
Тура сөйлеп сынайтын қатемді өжет.
Өткелінен өткізбей жұтты оны да,
Өлім деген – қатыгез, қатерлі өзек.

«Анаңыздың қолынан дәм татып ек,
Ал, әкеңіз талайға арқатірек
Болып еді!» – деп көрші еске алады
Елге барсам,
…Ескі үйге қорқа түнеп.

Екі бейне сол сәтте-ақ елес беріп,
Ести бергім келетін көп естелік.
Егілгенде жұбаныш бола алмадың,
Еее, өмір-ай, өз балаң емес пе едік?!

Өмір, өмір өтеді-ау сірә да, өстіп,
Бірде күліп, ал бірде жылап, өксіп.
Көңіл сенбей көп іске құлазиды,
Тұрсадағы көз көріп, құлақ естіп.

Көзден емес жүректен
жас моншақтап,
Көкке қарай беремін жасқаншақтап.
Түбі –
Кеңдік,
Биіктік,
Мөлдірлікті,
Сақтап қалса қалады-ау
аспан сақтап!

АНАШЫМ!..

Дәл өзіңдей —
Мейірленіп,
Мөлдіреп,
Тебіреніп,
Еміреніп,
Елжіреп,
Ешкім маған қарамаған АНАШЫМ,
Тек сен ғана,
Тек сен ғана… Соңғы рет…

Қарағансың!
Кетеріңді білгендей,
Бұл өмірден өтеріңді білгендей,
Қайта-қайта құшып-сүйіп, айналып
Қалатындай әлденеге үлгермей…

Дәл осылай жүрегіме үңіліп,
Дәл осылай жан сырымды ұғынып.
Ешкім мені еркелетіп өзіңдей,
Ешкім маған сыйламаған жылылық!
Дәл өзіңдей
Күндей балқып,
Нұрланып,
Дәл өзіңдей гүлдей аңқып,
бүр жарып,
Ешкім мені сүйген емес АНАШЫМ,
Көрген сайын көзің алды дымданып.

Дәл өзіңдей,
Дәл өзіңдей,
Өзіңдей,
Күн-түн демей,
Кірпік қақпай,
Көз ілмей,
Мені сендей жақсы көрген адам жоқ,
Бойымдағы бар мінімнен безінбей!..

Дәл өзіңдей терең-терең толғанып,
Қос жанарын қарай-қарай
жол қарып,
Ешкім мені күткен емес сарылып,
Дәл өзіңдей ақ жүрегін қолға алып.

Дәл өзіңдей,
Ешкім мені бақытқа
баламаған баға жетпес жаһұтқа.
…Сезгем оны құшағыңда жүріп те,
Сезгем оны құрсағыңда
жатып та!..

4 комментария

  1. Reply
    Айдар Нұрахмет ұлы.говорит

    Керемет жазылған оқып көңіл шатанып қалады. Өлеңдерің керемет үилеседі
    Оқығанда керемет күи кешемін. Ғаламның құпиасын сезінетін. Ақындарғои жансызбенде
    Жандымен тілдесетін.

    Қалқаман бауырым жазарың көп босын.

  2. Reply
    Шакизат Каоабековаговорит

    Керемет!Әр өлеңді оқығанда тура өз жүрегіңнен шығып жатқандай күде боласың.Оқырманның жүрегіне жол табу осы шығар! Аман болшы ақын бала,Алла жар болсын,тәңірім қорғап,қолдасын!

  3. Reply
    Гүлнұр Зұлқаршынговорит

    Өте керемет шабытпен жазылған, жүректен шыққан жырларыңыз жүрекке жетіп бөлекше әсер қалдырады. Жазарыңыз көп болсын! Сіз нағыз шынайы жазатын ақынсыз! 👍❤
    🐎🐎🐎🐎🐎🐎🐎🐎

  4. Reply
    Анонимговорит

    Керемет!

Пікір қалдыру