ҚАЙТА ОРАЛШЫ, ҚАРЛЫҒАШТАРЫМ

Әбдікерім 

МҰРАТОВ

Кемпір бүгін күндегісінен де ерте оянды. Таң сібірлеп, шығыс шұғыласы түн түнегін батысқа қарай түре қуып барады екен. Ол намаз оқып отырып, кенет есіне бірдеңе түсті. Былтыр осындай аптап ыстықта ораза болмап па еді? Биыл он күн алға жылжыса, оразаның уақыты таяп қалған жоқ па? Қанша ойланса да, қашан айт, қашан арапа екенін, ораза қай күні басталып, құрбан айт қашан боларын еске түсіре алмады. Әлгілер секілді күнді біліп отырса ғой. Балалардан сұрайын десе, олар қайдан білсін? Айт пен арапада марқұмдарға, шалына бағыштап құран оқымаса бола ма, аруақтар бата дәметіп жақындарына келіп тұратын көрінеді. Ал аруақты ренжіткеннен өлгені артық емес пе? Құранды кім оқиды, өзі ме? Өткенде немересіне «Құран оқы» десе, «Құран білмеймін, әже, мектепте жаттаған бір өлең бар еді, соны оқып, бата қыла берейін» демеді ме, көрбала.
Жас та емес, отыз жетіге келіп қалды. Құран оқуды үйреніп алмаса, төрінен көрі жақын, ертең бұл жарық дүниеден өтіп кетсе, «Құран білмеймін» деп қарап тұра ма? Кім білсін, бұл балаға сеніп болмайды, әлде әкесіне «апам өліп қалды, не істесең өзің біл» деп телеграмма сала ма? Баяғыда ауылда қазіргідей емес, жас бала аз еді, сондықтан бәрінің еркесі болып өсті. Ол кезде кемпір де қартая қоймаған, қолдан қолға алып, жерге түсірмей әлпештеп жүретін. Атын еркелетіп өзі «Қозыбай» қойған. Жақсы көретін, әлі де жақсы көреді… Не көрмеді, бәрін көрді, сол үшін келген жоқ па? Баласын бағып, екеуіне медет болып, қолқабыс қылайын деп, қартайғанда тамырынан ажыраған ағаштай болса да, бәріне көніп отыр. Бірақ Қозыбай өзгеріпті, мүлде өзгеріпті, басқа адамға айналып кетіпті. Кім білсін, бәлкім кемпірдің өзі түсінбей жатқан шығар, заман өзгерген сайын адам да өзгеретін болар. Өткен жылы осы Қозыбай немересі ауылға барыпты. Өзі қалада сот, сондықтан бәрі таниды, ауылда сый-құрметін аямайды, біздің ұл деп мақтанып жүреді. Бұлар барса, келім-кетім көбейіп, бәрі үйіне шақырып, бір-екі апта аялдап, қайта қаласына жөнеледі. Сонда әкесі:
– Қаза болғандар бар, бата қылып кел, – деп еді.
Қозыбай үндеместен шығып кетті.
– Қайда барасың? Батаға бар!– деп әкесі тағы да ашуға мінді. Ашуы қатты еді, марқұм әкесі сияқты.
– Мә, мынаны ки!– деп қалпағын ұсынды. Жалаңбас жүргенін жақтырмағаны. Бала болса, басын төмен салып шығып кеткен.
Кейін естісе, Өмірбек шалға бата қылуға барыпты. Барса, балалары жоқ, кемпірі ғана екен. Кемпір әдетінше жадырап қарсы алып, қарындағы майын бұзып, ауласындағы өріктерін теріп, «құран оқып, көңіл айтады» деп дәмеленіп отырған. Ал Қозыбай болса, қайдағы көңіл айту, қайдағы Құран – ештеңе болмағандай, ештеңе білмегендей, бала кезінде талай кірген, қалаға кеткеннен бері бір соқпаған сол үйден бір кесе шай ішіп, жөндемді сөз айтпай бұрылып кетіп қалыпты.
Балалар қалай болып барады өзі? Шөбересіне «Құлһуалланы» үйретіп қойсам ба деп еді, зерек қой, тез қағып алар…
…Кемпір намаз оқып отырып, кенет сөзден жаңылысып қалды. Қай жерге келгенін таба алмай, қайта бастады. Тағы да шатасты. Тағы да басынан қайталады. Қызық, неге жаңылыса береді? Шалының аруағы келіп тұрғаны ма? Екі жағын бір шолып алды. Ешкім жоқ. Қайта бастады. Тағы да адасты. Тағы бастады. Енді ғана оқи бергенде, қайдан келгені белгісіз, көз алдына ауылдағы ескі тамы елестеп шыға келді. Тамның төбесіне шығып алған ешкілер, құлпысын жұлып тастап, ішіне кіріп арақ ішіп отырған мастар, солардың бәрін көз алдына ап-анық әкелді. Шалы да тамды айналып, кемпірін таппай жүргендей көрінді. Сол-ақ екен, кенет кетіп қалғысы келді. «Кетіп қалсам не болар еді?» деп ойлады. Шөбересі бауыр басып қалған, қалғандарына бәрібір. Шынымен кетіп қалса ма екен? Бәлкім солай ету керек шығар? Сол ойға бір сәт тоқтады. Бірақ қалай кетеді? Ақшаны қайдан алады? Ұшаққа қалай отырады? Одан ары не істейді? Қашып кете ме?..
Қиын екен. Қайта айныды. Намазын қайта бастады. Содан кенет қарлығаштардың шырылдаған үні құлағына келгендей болды. Кемпір жалт бұрылып, дыбыс шыққан жаққа қарады. Жоқ. Балконда ештеңе көрінбейді. Тек бұзылған ұяның орны ғана. Жайнамазын бүктеп, балконға шықты. Көрінбейді, жай ғана елестеген шығар. Қайда кетіп қалды екен? Неге кетті екен? Әр адамның өз қарлығашы болады дейді ғой, олай болса, бұлардың қарлығаштары…
Кемпір қалаға ерте көктемде келген. Өз келіні – осы Қозыбайдың анасы – жіберген. «Барып, Қозыбайларға тамақ жасап бер, Айбекке қарай жүр» деп айта берді, айта берді, құлақ-миын жеді. Кемпір тыңдамаған боп жүре берді, бірақ келіні қоймады, қайта-қайта айтты, мезі етті. «Бармаймын» деп те айта алмады. Ішінен «мені ауырсынып жүр ме?» деп те ойлады. «Қартайғанда қалаға барып өлейін бе?» деп айтқысы келді, бірақ тағы айныды: көңіліне келмесін, ертең ұмытпай, «енем сөйткен» деп кейи ме, кім білсін. Сөйтіп үнсіз ғана жүре берді. Кемпір келген соң бір апта өтпей, қарлығаштар келді. Ашық тұрған терезеден бірден үйге кіріп кетті. Айбек қуанып, айғайлап, кішкентай қолымен қағып ұстағысы келіп, олардың соңынан жүгіріп жүр. Кемпір болса не істерін білмей, «қайран құстарым, жануарларым» деп, берер ауқатын іздеп, жалынып-жалбарына берді. Сол кезде сырттан немере келіні Гуля кіріп келді. Жылтырап тұрған жиһаздарға, кілемдер мен әйнек ыдыстарға толы бөлменің ішінде ұя салар орын іздеп ұшып жүрген қарлығаштарды көріп:
– Осылар ғана жетпей тұр еді… Қайдан келді?! Шығарыңдар! – деп екі қолын көкке сермеп, қуып жүрді.
– Менікi! Тиіспеңдер! Мам, тиіспе! – деп Айбек апасының алдына тұра қалып, тізесіне жабысып жылағанына қарамай, Гуля санын шапақтап, қолын сермеп, қос қарлығашты бөлмеден қуып әлек болды.
Қарлығаштар ұя салатын бір бұрыш іздеп, екі-үш айналып өтті де, әлгі келіннің суық та сұсты кейпінен именгендей «шыр-шыр» етіп, қоштасқандай ұшып кетті. Кемпір шошып қалды «осы кеткеннен қайтып келмей қойса қайтем?» деп қорықты. Келіні оларды қуа бастағанда, «қойшы, бұлар не жамандық істейді дейсің, бізбен бірге тұра берсін» дегісі келген. Екі-үш рет оқталып, айтайын деп еді, айта алмады, «сіздің не шаруаңыз бар, бұл сіздің үйіңіз бе?» дей ме деп қауіптенді. Айтса да сөзі өтпейді, өз үйі болмаған соң айтпағаны дұрыс та шығар. Бұл үйге олар оңайлықпен жетпегенін кемпір жақсы біледі. Көп жыл бойы бір жатақтан екінші жатаққа көшіп жүріп, ақыры әрең дегенде тұрақ тепкен, енді бұл үйдің иесі солар.
Қарлығаштар ұшып кетті. Кемпір мен шөбересі балконға шықты. Құстар тым алыс жақта өкпелегендей болып ұшып бара жатты.
– Бұлардың аты не? – деп Айбек үнсіз ғана әжесіне жалтақтай қарады, дауысы мұңды.
– Қарлығаш, балам.
– Қарлығаш… – деп ол қайталады да, – бұлардың суретін бізде, бақшада «ласточка» дейді, – деп қойды.
Сол түні кемпір Айбекке қарлығаш туралы бір ертегі айтып берді. Өзі оны қашан, кімнен естігенін білмейді, ес білгеннен бері сол ертегі жадында, жыл сайын алғашқы қарлығаштарды көргенде үнемі ойына оралатын.
Ерте, ерте, ертеде… деп басталатын ертегі, Жер жаңа ғана бусанып, Адам Ата мен Хауа Анадан басқа жер бетінде екі аяқты тіршілік иесі жоқ кезде, адамзаттың жалғасуы үшін көп нәрсе керек болыпты, соның бірі от екен. Сонда Адам Атаның жақын досы, мейірбан Қарлығаш жер бетіне пайда болып, от іздеп кетіпті. Көп күн, көп түн жүріпті; теңіздерден, ну ормандардан, мұхиттар мен мұз белдеулерінен өтіпті. Ақыры бір тұстан лапылдаған алапат өртті көріпті. Өртке жақындаған жан күйіп қалар еді, жалыны көкке атылып, бекерге жарқылдап жанып жатыпты. Сол өрттің иесі қырық құлаштай, жеті басты алып аждаһа екен. Жылтырақ, сидам денесін жалынға қыздырып, аузына от толтырып, өрттің айналасын ирелеңдей орап, бірде лапылдаған жалынның арасына кіріп, майын ерітіп аунап-қунап, бірде биік терекке шығып алып, отын күзететін көрінеді. Аждаһа бір сәт мызғып кеткенде зәулім шынардың басында жасырынып отырған Қарлығаш жалынға шүйіліп кеп, тұмсығына толтыра қызыл шоқ салып алып, Адам досына қарай ұшыпты. Сол сәтте аждаһа оянып кетіп, жер-дүниені сілкіндіре тулап, шынарды түбімен жұлып лақтырып, аузынан от бүркіп, ұзын құйрығымен ұшып бара жатқан Қарлығашты қағып жіберіпті. Бейшара құстың құйрығының ұшы аждаһа соққан жерден қақ айырылып түсіпті. Содан бері қарлығаштың құйрығы екі айыр, ал Адам Атаға әкелген шоқтан алқымы күйіп, қып-қызыл болып қалыпты. Бірақ не болса да, Қарлығаш адамзатқа от әкеліп, біз сол оттың жылуына қыздырынып, сол отпен ас пісіріп, тіршілігімізді жалғаппыз…
Кемпір осы ертегіні айтып берді. Айбек түсінбеген жерлерін қайта сұрап, кей сөздің мағынасын ұқпай, «орысша айтшы» дейді, бірақ әжесі орысшаңды қайдан білсін, ақыры екеуі ұғысқандай болды. Екеуі де тұнжырап, ойға батты. Аспанда жұлдыз көбейіп, олардың арасымен сұлу Ай баяу жылжып бара жатты. Ай жаңа туған екен, аппақ, жіңішке белі иіліп, Мырзашөлдің бір тілім қауынындай, аспанның қарауылындай жеңіл қалқиды. «Айдан аман қыл, жылдан есен қыл, Құдай» деп кемпір оң жамбастап күбірлеп қойды. Қызық, қала мен ауылдың көп нәрсесі ұқсамайды, бірақ аспаны бір. Жұлдыздары мен Айы бір. Құс жолы, Үркер, Жетіқарақшы, Темірқазық, Шолпан, Таразы – бәрі өз орнында. Бірақ… бір кезде шөбересі: «Тағы келе ме?» деп сұрады. «Не?» «Қарлығаштар». «Білмейім. Келер». «От әкелмесе де, өздері келсін. Солай деші, бабушка». «Ақылыңнан айналдым». Кемпір бала сөзін көңіліне түйіп қойды.
Олардың ауылдағы үйіне қарлығаштар жыл сайын келетін. Жылда алдымен солар келіп, ұя сала бастайтын. Кемпір сүт ілетін ілгішке ұя басталып қалса, шалы оның астына тақтай қағып беретін. Сосын қос қарлығаш ауыздарына домалақ лай тістеп келіп, бір шетінен бекітіп отырып, үйін салатын. Жаз ортасында балапанын ұшырып кететін. Бірақ олардың ұясын үнемі торғайлар тартып алатын. Шалы торғайларды үркітіп, ұяны сақшыдай қоритын. Бірақ бәрібір қарлығаштар ұясынан айырылып қалатын да, бірнеше күн бұрышқа тығылып түнеп, күндіз жаңа ұя салуға кірісетін. Қарлығаштар кеткен соң қыста қар жауып, еріген су ескі ұяны жібітіп, бір күні «тарс» етіп құлап түсетін. Сонда кемпір мен шал кәдімгідей көңілі құлазып, асылынан айырылғандай болып, «үйді уағында жөндеп қоймадық-ау» деп қынжылатын. Бірақ сол баяғы үйді қайта жаңғыртпаушы еді. «Осы үйде өсіп-өндік, осында өлеміз» деп отыратын ақсақал. Жаңа үй салғандардың кейбірі ұзақ уақыт үйіне қарлығаш жолатпай, қуып та жүрді. Ал келесі жылы да сол ескі үйге дәл сол қарлығаштар қайта келетін. Тағы баяғы көрініс қайталанатын: ұясын тартып алады, олар тағы жаңасын салады.
Ертеңінде қарлығаштар бұлардың жетінші қабаттағы балконының тұсына келіп, қайта-қайта айналып ұшты. Кемпір оянып кетті. «Әр үйдің, әр адамның өз қарлығашы болады» деуші еді жұрт. Олар көктемде келгенде өз иесі мен үйін іздеп тауып, тек содан кейін ғана ұя салатын көрінеді. Мүмкін, рас та шығар… Баяғыда марқұм шалы өлген жылы қарлығаштар жаз ортасында, өлік шыққаннан кейін-ақ ұшып кеткен. «Келмей қоя ма?» деп кемпір қатты уайымдаған. Бірақ келесі жылы, кешігіп болса да, қайтып келді. Алайда сол жылы олар балапан баспады… Шынымен, осы қарлығаштар кемпірдің, немересі Қозыбайдың, шөбересі Айбектің, келіні Гуляның өз еншісіне бұйырған, соларға ғана жанашыр, демеу тұтқан құстары ма екен?..
Неге қаланың қаптаған көп қабатты үйлерінің біріне де бармай, дәл осы үйдің балконын таңдады екен? Әлде… шынымен солай болып жүрмесін?.. Онда олар мұны қалай тауып келді? Ұшақпен келе жатқанда кемпір талай үлкен-үлкен қыстақтарды, тау бөктерінен басталар ұшы-қиыры жоқ егіс далаларын, өзендерді, қасындағы жолаушы нұсқаған Арыстанбаб әулиенің орманын көріп еді. Сосын ұшақтың бауырын сызардай аспанға шаншылған құздардың, суы шүпілдеген көкшіл көлдердің үстінен өтіп келген еді. Қарлығаштар сонша жолды қалай басып өтті екен? Шынымен кемпірді іздеп келгені ме? Осы бүкшиіп, бүкжеңдеп қалған кемпірді қалай тапты екен? О, тоба, таң қаларлық нәрсе көп қой бұл дүниеде. Осындай бір-бірінен аумайтын үйлердің арасынан өз үйіңді таба алмай қаласың. Ал бұлар болса… еш шатаспайды! Кемпір бір жолы қатты адасқан.
Сол жолы келіні жұмысқа кетерінде: «Мен бүгін кешігіп келем, Айбекті балабақшадан алып қойыңыз»,– деп тапсырып кеткен. Кемпір «бара алмаймын» демеді, «үйді таба алмай қалам» деп те айта алмады. Көнді. Айбектің балабақшасына барып, күтіп отыра берді. Ел бір-бірден балаларын жетелеп кетіп жатыр, бірақ Айбек жоқ. Әне шығады, міне келеді деп күтті – жоқ. Сөйлесейін десе, бәрі орыс. Бір кезде бір қырғыз келіншек келіп қалды: «Неғып отырсыз, апа?» «Шөбереме келгем…» Сол келін ішке ертіп кіріп, бір орыс әйелді көрсетті. Ол кемпірді ұры көргендей ұзақ қарап тұрды да, телефонын шығарып біреумен сөйлесе бастады. Сөйлесіп жатқаны келіні Гуля екенін кемпір іштей-ақ сезді. Бір кезде телефонын кемпірге ұстатты. Кемпір басқа жұрттар сияқты құлағына тақаса, келіні сөйлеп кетті: «Әже, Айбекті сізге беруге қорқып жатыр екен. Мен айттым, бере беріңдер деп. Алып кетіңіз. Жылы киіндіріңіз. Тура үйге барыңыздар. Жұмыртқа қуырып беріңіз. Үйге кірген соң есікті іштен бекітіп алыңыздар. Қозыбайға да айтыңыз, мен кеш келем деп…» деді де, ләм-мим демей тына қалды. Кемпір телефонын орыс әйелге қайтарып, Айбекті жетектеп сыртқа шықты.
Гуля айтпаса да кемпір онсыз-ақ солай істемек қой. Келіні де қызық-ақ: біреу баланы киіндірмей жіберетіндей, көшеде ойнап қалдырып кетердей, тамақ бермей қоятындай көріп, «жылы киіндіріңіз», «тез кетіңіздер», «жұмыртқа қуырып беріңіз» деп ескертеді. Айбекпен бірге үйге қайтқан кемпір кенет адасып қалды, үй қайда еді? Есі шығып, қай бағытқа бұрылса да, бәрі бір-бірінен аумай, айыра алмай қалды. «Мынау сияқты» деп бір үйге бұрылды. Алдына барса – ұқсамайды. Өтіп кетті. Келесі үйдің бірінші есігіне жақындады. «Осы сияқты». «Жоқ, бұл емес» деді шөбересі. «Осы, тез жүр!» «Жоқ, бұл емес…» Бала айтқанынан қайтпады. Кемпір лифтінің гүрілінен қорқатын, сондықтан баспалдақпен көтеріле берді. Қай қабат екенін де ажырата алмады. Түйенің көзіндей кішкентай көзшесі бар есік бәрінде бар екен, соның тесігінен қарайды, қажетсіз адам болса ашпай қояды екен. Бұрын бір-екі рет Гуля да солай істеп, кемпірге ашпай қойған. Есіктің алдында жататын ескі шүберек-төсеніштен танитын. Бірде Гуля кемпірдің баяғыдан сақтап жүрген памази көйлегін соған төсеп тастапты. Іші ашыса да, кемпір үндемеген, не десін, келіні өз үйінде не істесе де өзі біледі. Ал бүгін ол көйлек те жоқ. Екеуі қайта түсіп, басқа үйге барды. Іздеді, жоқ. Кемпірдің өңі қуқыл тартып, жүрегі шым ете түсті. Тағы басқа үйге барды. «Міне! – деді Айбек кенет. – Таптым!»
«Қане, қалай таптың?» – Кемпір қуанып кетті. «Скамейканың мына жері сынық еді, Коля сындырған». Шынында да дәл сол жер екен. Памази көйлекті көргенде кемпір ауылдағы өз үйін көргендей қуанды. «Қалада осынша құжынаған көп үйдің ішінен бір үй бәрібір жақын болады екен-ау…» деп ойлады.
О, тоба, қарлығаш та адам сияқты бір жанға бауыр басып, соған сүйеніп, сол үйге ұя салып, балапан басып, онысына қыр асып жем тасып, нәр беріп, қанатын қатайтып, ұшырып, кейін басқа үйге, басқа ұяға тарататын көрінеді. Адам мен үй көбейген сайын, бұлар да көбейе береді екен. Ылайым солай бола берсін…
Ол келген қарлығаштар балконға ұя салып алды. Айбек оларды күнде көрген сайын қуанып, өзін қоярға жер таппай, орнынан қайта-қайта секіріп, мәз болып кетеді, үйге кіргізейін дейді, бірақ анасынан қорқады, сол балконға тимей қойғанына да риза.
Кейін олар балапан шығарды. Сары ауыз балапандары шырылдап, ұяның ернеуінен ауыздарын арандай ашып, жан ұшыра жем сұрайтын, ұрғашы қарлығаш пен еркегі бірінің артынан бірі ұшып келіп, тоқтаусыз жемдеп жүрді. Сосын сол кезде бір оқиға болды… «Қойшы, оны еске алмайыншы», – деді кемпір…
…Кемпір намазын қайтадан басынан бастады. Қанша ұмытқысы келсе де, әлгі оқиға есінен кетпей қойды. Бұл іс Гуляның туған күнінде болған. Кемпір мен Айбек балконда жатқан, ал үйдің ішінде он беске жуық әйел-еркек ішіп-тышып, гуілдеп отырды, бір кезде балконның есігі ашылып, біреулер шықты. Кемпір қорқып кетті. Шыққандардың бірі шалынып құлады. Кемпір Айбекті бауырына тартып қатты құшақтап, үн қатпады. Анау орысша бірдеңелер деді, шамасы боқтады-ау, қайта тұрды. «Мұнда әжем болуы керек». Қозыбайдың даусын таныды. Екіншісі әйел екен, бірақ Гуля емес, әлгі албасты Қозыбайды сүйгіштей жөнелді, кемпір ұялғанынан өртеніп кете жаздады. Бұларға бәрібір, «келмей қойдың ғой, келші, келші» дей береді, басқа сөз жоқ. Қозыбайда «әжем болу керек еді» дегеннен басқа үн жоқ, қайта-қайта сол сөзді қайталайды. Бір кезде балконның есігі ашылып, біреу шықты, оның Гуля екенін кемпір бірден білді. «Оңбаған ойнастар, тағы да табысып алдыңдар ма?!» Оның айқайы бәрін шошытты.
«Жоғал, кет, құтты үйімнен шық!» Біреу сыртқа шығып кеткендей болды. «Мә, саған!» Сосын бір нәрсе тарс ете түсті. Сол кезде кемпір басын көтеріп, тәрелкенің Қозыбайдың басына тигенін көрді. Тәрелкенің сынығы ұшып барып қарлығаштың ұясына тиді, қарлығаштар ұшып шығып кетті, ұя бұзылып түсті, қызылшақа балапандар Айбектің жастығына құлады, бірақ бала оянбады, кемпір орнынан тұрып кетті. Балапандар өліп қалыпты.
Осыдан соң қарлығаштар келмей қойды. Айбек орнынан тұрып алып жылады, кәдімгідей өкіріп жылады, кемпір жұбатпады, жылап алсын, сонда жеңілдейді деді. Сосын кемпір «бізді жақтырмаған соң тастап кетті, балапандарын ұшырып алып біржола кетіп қалды, енді қайтып келмейді» деді. Айбек сенді. Кемпір ашумен айтты, шөбересі сенсін деді. Содан екеуі өлген балапандарды алыс жерге апарып, жаңа ғана отырғызылған өрік көшетінің түбіне көміп қайтты…
…Кемпір тағы да намазынан жаңылды. Үй іші жарқ ете қалды, қараса, терезеден күннің сәулесі жайнамазға түсіп тұр екен. Болды енді, күннің көзі көрінді, таң намазы қаза болды, күн әбден көтерілгенде Айбекті бақшасына апарып келіп, қайта дәрет алып оқиын деді.
Күндегідей шала-шарпы тойған Қозыбай мен келіні Гуля жұмысқа кетті. Жан ұшырып жүрген. Қызық, ұйқыдан таңертең жұмыс басталарға шақ қалғанда тұрып, бір нәрсені асығыс-үсігіс істей сала, жүгіріп бара жатқандары, өмірлері осылайша өтіп жатыр. Сенбі, жексенбі күндері ұйқының көкесін көрсетеді, қателесіп те тұрып кетпейді, түске дейін ұйықтай береді, ұйықтай береді… Бұрын бұл жаңа келін болып түскенде қайын енесі айтатын: «Таңсәріде тұр, таңғы ырыстан қалма!» Осылайша ерте тұруға, күн шықпас бұрын оянуға үйренген. Дені сау болса, кемпір бірде-бір рет күннен кеш тұрмапты, күннің сапары тіршіліктің сапарына ұласады; ауылда күн көтеріліп, ысып кеткенше сансыз жұмыстарын бітіріп алады, сөйтсе, ырысы сол ерте тұруда екен. «Бұлардың таңғы ырыспен шаруасы да жоқ» деп күңіреніп қойды кемпір. Сосын баяу басып барып Айбекті маңдайынан сипап оятты. Тамақ берді. Тамақ ішпейді, ішкісі келмейді, әр нәрсені бір-бір шоқып, жеген болады да, итеріп қояды; осылай қылса бала қалай оңалады, адам тамақпен, адам да…
Бір жолы шалы шөп шауып жатқанда алты қатырманы бір отырғанда жеп, артынан бір күндік ұйытқан айранды жұтып алған. Сол айранды Айбек жиырмаға шыққанша ішетін шығар-ау.
Айбек бүгін де жылай ма екен? Күнде бақшаға барар кезде қиналады, «бармайым», «бармайым» деп жылайды, ақыры алдап-сулап апарады. «Бүгін бармай-ақ қояйын» деп те қояды, өйтсе, әжесіне де ермек болар еді, жұлдызды бала, кемпір тек осы баланы медеу тұтып, ойындағысын айтса оңып қалар еді. «Киін дегенде, киін, барасың дегенде, барасың» деп келіні баланы май құйрыққа шапаттап киіндіріп, алып шығады немесе кемпірге қосып береді. Жолда Айбектің көзіне жас толып, жылағысы келеді, бірақ кемпір Гуляға «бармай-ақ қойсын, маған ермек болады» деп айта алмайды; бір рет айтқан, келіні: «Үйкүшік болып отырмай, балалардың арасында болсын, онда витаминді тамақ береді, арнайы оқуын бітірген білімді қыздар тәрбиелейді» деп, қағып тастаған. Содан кейін кемпір ондай нәрсе айтпайтын болды. Айтты-айтпады олар тек саужойды оқыған кемпірдей емес, хат таниды, бес-алты жыл оқыған білімдері бар, орысша біледі. Тағы бірде Айбекке қарлығаштар туралы ертегі айтып беріп отырғанда, келіні: «Көрінген нәрсенің бәрін айтып баланың басын ауыртпа» деп ұрысқан. Содан соң Айбек күнде «ертегі айтып берші» деп сұраса да, кемпір ертегілерді тек Гуля жоқ кезде ғана айтады.
«Сен неге бақшаға барғың келмейді?» десе, шөбересі: «Апайлар ұйықта деп ұрсады, өлең жаттатады, дұрыс айтпасақ, мамаларыңа айтам, детдомға апарып тастайды, зоопарктегі жыланның торына қамап қоям деп қорқытады» дейді жыламсырап. Құрғыр балалар-ай?! Туғаннан бері бұларға «жат-тұр, отыр-отырма, ұйықта-ұйықтама» деп дігерлеп, жалықтырып жібереміз, бұрын олай емес, бала деген бала еді, өздері айтқандай, детсад, үй, телевизордан басқа не көріп жүр бұлар деп ойлады.
Құдайға шүкір, бүгін Айбек жыламады. Үндемей бақшаға барар жолмен алға түсті. Жолда күндегі көрініс: асыққан адамдар, бәрі өзімен-өзі, біреумен біреудің ісі жоқ; ауылдағыдай бір-бірімен хал-ахуал сұраспайды, ұзақ сөйлеспейді, сәл қуанышқа бірге қуанбайды; «о-о, жүріңдер, Пәленшенің баласы әскерден келген екен, ұшырасып келейік», «көршіміз уызға, соғымға шақырады», «Түгенше ұлына той жасап жатыр, жүріңдер», «Су жиегіне батаға жиналып жатырмыз, шығыңдар» деп бір-біріне айқайламайды. Асыққан ата-аналар, жетекке көнбей, шегіншектеген балалар, сүттің кезегіне ұмтылғандар, автобусқа жүгіргендер, таксиге қол көтергендер, газеттің кезегіне тұрғандар…
– Айбек, сен мені сағынасың ба?– деді кемпір ойға батқан күйі.
– Бүгін детсадқа бармай-ақ қояйын ба, әже? – деп Айбек тоқтап қалды.
– Сосын?
– Сені сағындым ғой.
– Жоқ, мен бір жерге кетсем, сағынар ма едің?
– Білмейім. Сен әлі кеткен жоқсың ғой. Келгеннен бері кетпей жүрсің.
– Мен кетейін бе?
– Кетпеші, әже? Сен кетсең, мені мамам мен папам балконнан тастап жібереді.
– Сөйтсе не боласың?
– Жерге түссем, үстім қанап қалады.
– Айналайыным-ай, айналайын, жетінші қабаттан лақтырып тастаса, қанап қана қаласың ба? Құдай саған ұзақ ғұмыр берсін. «Бір кемпір әжем бар еді» деп еске аласың ба екен? Жүр, берекем, бақшаңа бар, мен кетпеймін… Сені тастап қайда кетейін…
Айбек басар-баспас болып тайсақтап, аяғын әрең басып, бақшаның балаларына қосылды.
– Кешке ерте келші, әжетай? – деді ол аулаға кіре беріп.
Кемпір біраз қарап тұрды. Шөбересі, өз тұқымы – күйеуінің, қайын атасының, өзінің қаны осы бала арқылы жалғасады. Қарашы өзі, адам қалай ұзақ жасайды. Ес білгенде бір кемпір болатын, шешесі оны нағашы әже деп атайтын, кейін шешесі, әкесі, өзі, үлкен қайын атасы, өзінің қайын атасы, күйеуі, ұлы, келіні, немересі, немере келіні, енді міне, шөбересі Айбек. Айбектің баласын да көрсе, тәй-тәйләтіп… Қойшы, оған дейін қор болып қалмай ма, қарттық қажап бітпей ме, әлі жиырма жыл ғой, оу, ол қайда, Құдайдың осы бергеніне де шүкір.
Кенет өлім туралы суық ой келе қалды. Жаналғыш келіп, «дереу жаныңды бер» деп сұрай қалса қайтеді, мына тұрған жерінде-ақ шыбын жан көкірегінен ұшып кетсе қайтеді? Ауылға барайын, ел-жұртыма жетейін дер ме, немерем мен келінімнің тату болуын қалаймын, шөберем есін жиып, ер жетсін дер ме? Жаналғышың оған көне ме, кім білсін, осылай бақшаның шарбағына сүйеніп тұрған жерінен-ақ алып кетер. Сонда Айбегі «әжетай!» деп дауыс салып келе ме, зиратын көрсете ме? Өлімнің сәні – жылау ғой, дәрігерлер «жедел жәрдем» деп айқайлап жүретін ақ машинаға салып әкетуі де, союы да, ішіндегі таза жерлерін бір ауруға салып беруі де, ішін қуыстап тастауы да мүмкін… Өткенде немересі ертіп келген біреу осылай деп айтпап па еді? Бұрын болыпты ғой, баяғы бір жылы орталықта өлген қызын Шәкір ауылға алып барғанда, ішін тігіп қойыпты, жуып жатқандар «ішін жарған екен» депті. Кемпірді де сондай қылса қайтеді, Құдай оның бетін ары қылсын, баратын жеріне бүкіл мүшелерімен толық барғаны жөн.
Ойынан шошып кетті, қараса, Айбек ойнап жүр екен, ақырын жылжыды. Мүмкін Айбек жоқ жерде, көшенің ортасында жан беріп қалам ба деп қорқып кетті, үйге баспалдақпен шығып бара жатқанда сылқ етсе ше, үйді іштен жауып тастап үзілсе ше? Балалары келгенше мәйіті сасып кетпей ме!?
Құдая тоба, бүгін тек өлімді ғана ойлап кеткені несі, ол туралы ойламауға тырысты, бірақ ой деген қуса да кетпейтін неме екен, кішкентай кезіндегі әкесінің өлімі бірден есіне түсті. Барлығы жүгіріп, жылай берді, жылай берді; әкесі көзін ашып-жұмып, сөйлей алмай, тілінен айырылып қиналды, бір кезде бұларды бір кемпір алып шығып кетті, сол бойда әкесін көрмеді; ертесі зиратқа апарып жерледі, жақсы өлім болды деп айтты. Кейін шешесінің жүзі кенеттен қуарып, аяқтары тартылды, қызын ұстап тұрған қолы сылқ етті, аузы ашылып барады; жағын таңып, аяқтарын біріктіріп жазып жатты. Оны да зиратқа апарып жерледі; екеуіне де бір ауылдың барлық еркегі топырақ салуға қатысты. Содан бері адамдар өледі, оларды кішкентай зират жұтып алады, ешкім дүниеде мәңгілікке қалмайды, күйеуінің өліміне куә бола алмады, тек қара қағаз ғана келді.
…Кемпірдің ойы шорт үзіліп, шошып кетті. Қараса, көшенің ортасында біреу машинадан басын шығарып, әлдене деп ұрсуда. Бір қырғыз қызы көшеден жетелеп өткізіп жіберді. Иманды неме екен, бірақ кемпірге оның киімі ұнамады. «Мынау да киім бе?» – деп ойлады. Көйлектің арқасы беліне дейін ашық, тырдай жалаңаш, еті қап-қара болып күйіп, терісі түлеп кетіпті, бір жапырақ шүперекті де киім деп санайды екен бұл заманда. Ілгеріде марқұм шалы «Білегіңді көрсет» десе, онда мұның қыз кезі, ұялып қалатын. Ай шыққанда жолыққанда Айдың жарығында білегін көрсеткенге ұяттан беті қызарып, қалай қиналар еді. Сонша жыл бірге өмір сүрсе де, шалына бір рет те тәнін көрсетпепті, ал қазіргі заманда… ой, тоба, немересі мен немере келіні тіпті моншаға да бірге түседі, бетсіздер-ай…
Немересі Қозыбай осы келінді әкелмей тұрып ешкімге айтқан емес, оқып-шоқып жүріп өздері табысқан. Ауылдан «мынаған үйлен, анаған үйлен» десе, үн қатпай өтіп кететін, атасы мен әкесі де үндемейтін. Қазір әркім өзі білетін болып алды: «Біз алып келгенді жақтырар ма екен?» дейді. Ақыры айта-айта кемпір де шаршаған, «шөберемді көрейін десе, тыңдамадың, үйленбесең, соқа басың сопиып өт» деген де қойған. Бір күні есік алдына машина тоқтап, Қозыбаймен бірге үш-төрт қыз-жігіт түсті. «Келін келді!» «Келін құтты болсын!» «Көрімдік беріңіз!» «Құдай тілеуіңді берсін!» деген сөздерді кемпір естіді. Иман жүзді қыздардың бірі: «Міне, осы сіздің келініңіз» деп көрсетті, осы Гуля жымиып тұр. Кемпір ырымдап жастардың басынан су құйылған ыдысты айналдырып жерге төкті де, келінінің бетінен сүйіп, орамал салды. Сосын олардың тойын жасады, екі күнге созылды бұл той, сөз айтпаған адам қалмады. Ас та төк тамақ жасалды, қыз-келіндер есі ауғанша жүгірді. Кейін оқуын жалғастыру үшін қалаға көшті, келіні көпке дейін тумады. Бұлар «тумас катын алғансың-ау» деп қағытса, Қозыбай оны: «Сақтанып жүр, оқуын бітірсе, әлгісін қорғаса, сосын туады» деп ақтады. Құдая тәуба, Алла бермесе қалай ғана туады, немесе қаласа ғана туып, қаламаса тумауы мүмкін бе? Осының бір бәлекеті бар сияқты, әйтпесе қалалықтардан сегіз-он балалы болғандары жоқ қой; әлде өздері бірге жатпай ма, әйтпесе неге бәрі бір-екі баладан ғана…
Өткенде кемпір Қозыбай мен Гуляның бір дауын естіп қалды. Әдеттегідей, Айбек екеуі көп сөйлесіп, содан соң ұйқыға шомғанда кемпірде қайдағы ұйқы, көз ілмейді де, қайта ойға батып, өткен-кеткенді елестетіп жатты. Бір сәтте олардың бөлмесінен шаң-шұң дауыстар шықты, Гулясы жылап жатқан сияқты болды.
Кемпір тыңдап біраз тұрды, тоқтап қалар ма екен деп тыңдады, болмады. Жақындап барып, есікті ақырын ашты, сөздері ап-анық естілді: «Туа алмаймын, өзің ту!» деді келіні жыламсырап. «Туасың!» «Туа алмаймын!» «Онда туатын біреуді аламын, сен кете бер!» «Өзің кет, маған Айбек болса болды… Сені елдің бәрі таниды, сотсың, ажырасуға келген келіншектердің бірін алып ал!» «Алсам, алармын! Несі бар!? Сен сияқты баладан ғылымды жоғары қоятындармен өмір сүргім келмейді!»
«Сүргің келмесе, жолың ашық! Менің ғылымыма араласпа!»
«Соншалық ғылымнан не қираттың?! Жазғаныңды кім оқыды, кімге пайдаң тиген? Кандидат болдың, енді өлсең де доктор бола алмайсың!»
«Шаруаң болмасын, сен құсап, арам ақшаға абыройымды сатпаймын, кінәліні кінәсіз деп, кінәсізді кінәлыға жықпаймын».
Осылай салғыласып ұрсыса берді, Гуля да есесін жібермей, жылап жүріп күйеуін одан сайын қыжыртты. Бір кезде бір-бірін бірдеңемен ұрғандай «тарс» ете түсті. Шыдамы жетпей кемпір ішке кіріп барды. Олар бірден тына қалды. Кемпір ештеңе демеді, ана екеуі қызарып, бозарып бір-біріне қарамай тұрып қалды. Кемпір ары-бері күйбеңдеп, әлденемен әлек болғансып жүр, ана екеуі үнсіз, іштерінен бірін-бірі мұқатар сөз іздеп тұрғанын білді. Бәрібір кетпей, бір бұрышқа қисая кетті. Таң атқанда тұрса, келіні төсекте үстін жаппай, жалаңаш күйі қорылдап жатыр, немересі киімін шешпей диванға құлаған екен, сол бұртиысқан күйі жұмысқа кеткен. «Бұлар енді татуласпайды-ау, ажыраса ма екен?» деп ойлады кемпір. Қайдан?! Ертеңіне-ақ Қозыбай үлкен түйіншек көтеріп, аузын сасытып үйге кіріп келді: «Ақша алдым» деді әкелгендерін әйеліне ұстатып жатып. «Міне, Айбек, саған сағат». Ұлына қораптағы бір затты ұсынды. «Сағат па? Электронды ма?» деп таңырқады Гуля. Ол оны қайта-қайта аударып-төңкеріп қарады, әуелі өз қолына, сосын баласының қолына тақты, шынында да сағат, жазулары жанып тұр. «Міне, саған, Гуля,– деп әйеліне үлкен түйіншектегі затты ұсынды.– Өзі жеті жүз екен, базардағы достардың жанын қоймай жүріп, алты жүз елуге алдым, сосын аздап майлап жібердік». Гуля қуаныштан не істерін білмей, әжесінің көзінше күйеуін құшақтап, қайта-қайта сүйе берді. «Мейлі, сүйе берсін, ұрыспаса болды» деп ойлады кемпір. Гуля тонын киіп, айна алдына барды, төрт түрлі етігін, төрт түрлі жемпірін, еркек тымағын, құндыз бөрігін шығарып, әрқайсысымен киіп көрді. Түйіншек босады. «Маған ше? Маған не әкелдің?» деуге кемпірдің батылы бармады. Үнсіз қалды. Айбек пен Гуляның қуанғанына, екеуінің көңілі ашылғанына ғана риза болды «әрқашан осылай жүрсе екен» деп тіледі. Ал бірақ олардың пальтосы мен сағатын көріп көңілі суып, бетін басқа жаққа бұрып кетті. «Бұлардың бәрі бір айлыққа келе ме? Мұның бәрі біреудің ақысын жеу, арам дүние» деп ойлады. Өзіне ештеңе алып келмегеніне шүкір деді.
Күн сайын Айбекке су алып беретін жерге келді. Бүгінгі сапарына қызу кірісіп кетіп еді, күн әжептәуір көтеріліп қалыпты. Намаз оқи алмай қалғанын есіне алды. Дәреті бұзылып қалды ма екен? Неге бүгін ойға шома берді өзі? Сосын үйге тез жетуге асықты. Асығып бара жатып ұмыта жаздапты. Қоқыр-соқыр төгілген жәшікті сескене қарап тексерді. Күн сайын екі-үш рет қарайды, бұл маңайдағылар кемпірді осы жерден көп көреді, нан теріп жүргенін көреді. Бірде кемпір қоқсық төгейін деп келіп, шелегін көтере бергенде қараса нан жатыр, бүтін нан. Денесі дір ете түсті: жарықтық нан, обалы кімге болар екен деп қолына алды, қатып қалыпты. «Ауылға алып кетем, сиырыма апарып берем» деді күбірлеп. «Әттең, обалды білмейтін немелер-ай, Құдай-ау, пенделеріңді өзің кеше гөр», деп қойды. Кейін тағы бірде су тиген кесек-кесек нандарды теріп жүрсе, өтіп бара жатқан Қозыбай көріп қалды. «Не істеп жатырсыз, әже?»
Ол жақындап келіп, қоқыр-соқырдың арасынан нан іздеп, оларды еш тітіркенбей қолымен теріп алып, түйіншекке салып жатқан әжесіне қарады.
«Нан теріп жүрмін». «Ой, жарықтық-ай, оны не істейсіз?» «Сиырыма әкетем, нанды қор қылып, лақтыра салған екен». «Қойыңыз, әже, ұят, ел не ойлайды». Қозыбай бейтаныс адамдай қасынан тайып тұрды. Бірақ кемпір оны тыңдаған жоқ, сол баяғыша ісін жалғастыра берді. Оған қосылып тағы бір кемпір келеді, шашы дудыраған, қараторы кемпір; ол нан алмайды, бөтелке жинайды, кейде екеуі қатар келіп қалады.
Бүгін де кемпір жол-жөнекей нан қарай кетейін деп қоқыр-соқырдың арасына көз салды, көрінбейді. Құдайға шүкір, мұны көрген көпшілік түсіне бастапты, нан тастамайтын болды. Бос бөтелке ғана жатыр, әлгі кемпір көрінбейді, төрт-бес күннен бері көзге түспей қалды. Алдыңғы күні көрші үйдің кіре берісінде бір кемпір қайтыс болып, ешкім танымаған соң мәйітханаға алып кетіпті деп Гуля айтып еді, бәлкім сол кемпір шығар. Құдай сондай өлімнен сақтасын.
Кемпір көрген көзіне сенбей, қалт тоқтады. Аспанмен таласқан биік үйлердің арасында бір сиыр кетіп бара жатыр екен, артынан жеті-сегіз жастағы балалар еріп алған, қайта-қайта жүгіріп барып, сиырдың құйрығынан тартып қояды. Жарықтық малдың олармен ісі жоқ, іші теңкиіп, қатты тойынғандай ыңқылдап, баяу қозғалады, балаларды елең қылмайды. Желіндері тырсиып тұр, шамасы түнде келмей, далада қонып қалған ғой деп ойлаған кемпір өз сиырын есіне алды. Қалай жүр екен? Иесін сағынды ма? Келіні қалай сауып жүр екен? Емшегін ауыртып алмады ма? Желінін жуып, идіріп сауып жүр ме, әлде оған қарамай бар күшімен ауыртып тартқылай бере ме? Бұзауы қалай болды екен? Тағы да кешкісін өзі үйренген жерге, кемпірдің ескі тамына барып жатып жүр ме екен?
Балалар әлі де сиырды әурелеп, әрлі-берлі қуалап, ойнап жүр. Осы сиырға қатқан наннан алып шығып берейін деп ойлаған кемпір үйіне қарай тұра жөнелді. Кенет сиырдың жан түршіктірердей мөңіреген ащы даусы естілді. Шошып кетіп қарай қалса… шыққыр көзі осыны да көрді ғой, әлгі сиырды бір дәу машина қағып кетіпті. Балалар жан-жаққа тым-тырақай қашып барады, шопыр машинасынан түсіп, балаларды боқтай бастады. Лезде адамдар жиналып қалды. Жерге жайылған қан кемпірдің көзіне түрпідей тиді. Кемпір тарғыл сиырдан көзін алмай біраз қарап тұрды: тырсиған желінінен атқылаған сүт қанға араласып, қара жолдың шаңын көпіршітіп жіберді. «Байғұс жануар-ай, мұнда сені ажал айдап келген екен ғой, адасып қалаға неге келдің екен?» – деп кейіп қойды. «Қойшы енді, сиырға да күйінем бе, ажалы келсе адам да өледі ғой»,– деп өзін жұбатты. Бірақ бәрібір сол сиырдың бейнесі көз алдынан кетпей қойды.
Кемпір үйге көңілсіз кірді. Көрген-білгенін айтатын жан баласы жоқ. Қайта есіне түсті. Жақында арапа болуы керек, бәлкім дәл бүгін шығар? «Мұсылмандардың мешіті бар» деген еді ғой, біреулерден сұрап жүріп соны табар ма екен? Сосын кенет тағы бір ой келе қалды. «Қайта берсем бе?» Қалай қайтам? Төлқұжатын іздей бастады. Келіні есіне түскен сайын сүртіп қоятын, бірақ бір рет те қолданылмаған ап-ауыр, жып-жылтыр әйнек ыдыстарға толған шкаптың ішінен тауып алды. Таныды. Тап-таза, жаңа. Келіні мен немересінікін де біледі – екеуінікі де ескі, көп пайдаланған соң солай болып қалған, ал өзі осында келерде ғана алмады ма. Ой, өткен жылы пошташы бала «паспорт алмасаңдар, пенсия бермеймін» деп, «суретке түсесіңдер, құжатын алып, біздің адам боласыңдар» деп ақшасын ұстап қалған кезде суретке түскен. Суретші бала «жаулықты шешіп, жалаңбас түсіңіз» дегенде көнбей, өмірінде еркектердің көзінше жалаңбас жүрмегенде, фото үшін шешпек пе, орамалмен түскен, кейін суретін алуға барса: «ой, әже, сіздің суретіңізді танымай бір кемпір алып кетіп қалыпты» деген. «Маған да бір кемпірдікін бере сал, мен паспортыма жапсыра салайын» десе, «онда мен қамалып кетем» деп көнбей қойған. Содан паспорт алынбай қалған. Кейін ұшаққа керек болып қалған кезде онды бітірген кішкентай немересі бір-ақ күнде бітіріп тастап, «міне, әже, паспортыңыз, сізден пәлен сом» деп ақшасын алған. Сол паспортын таныды. Нұры кеткен көзімен кемпір өзіне ұқсас біреуді көрді. Аспанға ұшып кетердей ауыр әйнекке басып тастапты. Ал ақша ше? Ақшаны қайтеді? Қанша сом еді өзі? Жолда базарлық та алу керек. Ана немеренің келіншегі есепке мығым, тиынды санап отырады. Бұлай болатынын білгенде анау-мынау жұмысқа жұмсағаннан майда-шүйде арттырып қоймас па еді? Қолындағы ауыр ыдыс абайсызда түсіп кете жаздады. Сынып қалса ше? Келіні не дер еді? Әжесін сабай ма? Осы қанша тұрады өзі? Сатсам, біреу алар ма екен? Жолақыға жарай ма? Билет беріп отырған қыздарға берсем бе?
Келіні Гуля осындайларды жиғанды жақсы көреді. Ақшасынан бір тиын көрсетпейді, жия ма, әлде қарызға беріп қоя ма, бір күні ақ машинамен бір жігіт кілем әкеліп берсе, бірде осындай ыдыстарды әкеледі. Аспанда ілулі тұрған әлгі шамы жаңа ақшамен екі мың екен, ал мына кілемдер ше? Он кілемі қанша болды екен? Жиһаз-тасы қанша тұрады? Құдай-ау, мұны қайдан табады? Бірде ауылда әңгіменің арасында айтқан, дәріні дәріге араластырып, «қымыя» дей ме, бір нәрсе істейді екен, содан жаңалық тауып жүріпті, сол дәрілерін сатады екен, бірде жетпей қалып, қамалатын болғанда үлкен қызметте істейтін нағашылары ара түсіп, алып қалыпты. Одан қала берді, кемпірдің өзі де көріп жүр ғой. Төрт бала, екі қыз бұлардың үйіне алма-кезек келеді, оларды түнде бір-бірден ертіп кетеді, «мұғалімдеріне көрсетіп, дайындап келейін» деп қояды. Екі рет сол ертіп кеткеннен ертесінде ғана келген, ол кезде Қозыбай он күнге Ыстықкөлге кеткен еді. Ертесінде келіп: «түнде автобус болмай, келе алмай қалдым, әже» деді. Ал Қозыбай барда автобус жоқ болмайды, түн ортасы болса да жетіп келеді. Содан екеуі бірталай ұрсысады. Сол алты баланы оқуға түсіріп жүр-ау шамасы, төртеуі өтсе – үлкен іс. «Бұлар саған сауын сиыр ғой» деген еді өткенде Қозыбай. Оқуға түскен балалар көп төлейді дейді ғой. Қозыбай да солай түскен.
Екі жыл өз күшімен тапсырып түспей, әскерге барып келді, сотта хатшы болып, повестка таратып жүріп, сол жерден таныс тауып, әкесін қысып ақша алып, кейін сот болғанда «сәті түссе бір-ақ айда тауып берем» деп жүріп, түсіп кетті. Әкесінің сол ақшасын әлі қайтарған жоқ, әкесі «арам ақшаны алмаймын» деп бітім шығарып, кешіріп жіберген. Ал кемпір болса жас кезінде «оқы» десе, оқымай қойған, шалы да сөйткен, мұғалімнің көзіне түспей қашып жүріп алған. Сонда оқымай қойғандары дұрыс болды ма, бұрыс болды ма, оны қазір ойламайды. Ендігі балалар ақша беріп оқып…
Немере келіні бұл үйді солардан түсетін табыспен-ақ толтырып жүргенге ұқсайды, тегі бұларды кім білсін…
Сосын кешкі оқиға мүлде жаман болды, қартайғанда мұны көрмей, естімей-ақ өліп қалса болар еді. Көріп қойды. Өз құлағымен естіді, өз көзімен көрді.
Бақылдап сөйлейтін семіз кісі, Қозыбай, Гуля – үшеуі шай ішіп отырған, бір уақытта семізі бүгежектеп: «азырақ болып қалды, айып етпеңіз» деп, қағазға оралған бір нәрсені ұсынды. Кемпір өтіп бара жатқан жерінен кілт тоқтады. Білді, ақша екенін түсінді. «Қозыбай қазір ақшасымен басына бір періп қуып шығар» деп ойлады. Олай болмады. Немересі оған қың да демеді. Оралған қағазды Гуляға ұсынып: «Санап кел» деді. Ол басқа бөлмеге кіріп кетті. Кемпір дел-сал боп тұрып қалды. Аяғы жүрмей қалды. «Бопты, онда, – деді немересі әлгі кісіге,– бара беріңіз, сотты қайта бұзамыз да, тергеушімен сөйлесіп, айыпты қайта бергі жаққа аударамыз». Осылай деді. Пысықай кісі Қозыбайдың қолы-бетін сүйгіштеп, қоштасып кете барды.
Осы оқиға кемпірдің тынышын қашырды. Туғанында сүйініп, қарындағы майын бұзып ауыздандырған, адыраспан теріп әкеп, соған шомылдырған, әбігер болып құрбысын шақырып кіндігін кестірген, еркелетіп Қозыбай деп ат қойдырған немересі, айтқанын істетіп, оқытып-тоқытып өсірген Қозыбай осындай сот болыпты. Адамдардың тағдырын шешу осыған бұйырыпты, осы бала адамдардың қылмысын тергеп-тексеріп жүр екен. Мұнан гөрі өлгені артық емес пе?.. Қойшы, кету керек. Арам ас жегісі келмейді, өлер шағында күнәға батқысы келмейді.
Кемпір әйнек ыдыстарды бір-бірлеп ұстап көрді. Шын-ақ билет сататын қызға берсе ме екен, «мынаны ал да, паспортымды көріп, бір билет жазып бер» десе ме?
Ол балконға шығып, Айбек екеуі жатқан жерде жинап қойған нан қиқымдарын қарады, тұр екен. «Мынаны алып алайын» деп ойлады. Қарлығаштар әлі көрінбейді. Келмей қойды. Кемпірдің бір нәрсесін қоса әкеткендей болды. Енді келмейді шамасы. Кетіп қалды. Біржола кетіп тынды, иә, солай етті. Қайда кетті екен? Іздесе ме екен? Кешірім сұраса ше? Оны біле ме өзі қарлығаштар? Білер? Кешірім сұрап, алып келсе, үйдегілер қайта ренжітпей ме? Әй, кім білсін…
Алысқа қарады, қылт еткен қанатты құс көрінбейді, жуан құбыр бұрқылдатып қара түтінін аспанға бүркіп тұр, аппақ болып көпқабатты үйлер ғана сұстанып көрінеді, арасында тісін шұқитын ағаш жоқ, қақыраған сай жатыр, бір кезде су жүрген секілді, қазір жоқ. Сонау алыста ақ қарлы шыңдар көрінеді, төбелерінде аппақ бұлттар әр тұста шөкім-шөкім боп тұр. «Біздің ауыл қай жақта еді?» деді кемпір ішінен, бірақ бұл сұрағына өзі де шамалап жауап таба алмады, тек бір жаққа кетермін енді деп қана қойды.
Қоңсы үйдің балконынан ит үрді. Төңіректегі жалғыз таныс адамы – сол иттің иесі. Ақшаны содан сұраса ма екен? Бермес, әрине. Әлсін-әлсін итін ертіп бұлардың үйіне келетіні бар. Иттен басқа ері де, баласы да жоқ. Соны ермек қылып, жуындырып, тарап, тамақ беріп, ұйықтатып, бауырына басып еркелетіп, сүйіп-иіскеп, күні бойы сонымен әуре. Шұбырған кезекте тұрып ет сатып алады, дастарқанға өзімен отырғызады, түнде де өзімен бірге алып жатады. Кемпір «итті қойып, ерге тимейсің бе?» десе, «адамды жек көрем, ер деген иттей бола ма» деп қойған. Ол кете сала Гуля «онда не жұмысың бар?» деп ұрысты. Бірде сол әйел: «ұлың мен келінің кергімей, маған дұрыс сәлемдессін, білем олардың кім екенін, соттатып жіберу қолымнан келеді» деп қорқытқан. «Сот та сотталмақ па?» деп мән бермей қойған кемпір. Сол әйел қазір де әдетінше итін құшақтап балконда отыр. Жоқ дегенде осыған жөнін айтып кетсе ме екен? Әй, қойшы, балаларын мазақ қылады, одан да үндемей кете бергені жақсы.
Кемпір қайта үйге кірді. Шынымен осы сервант толы жылтырақ ыдыстарды айырбастап жіберсе ме екен, жолақыға жаратса ма?
Кемпір солай етті. Сол ыдыстардың үшеуін алды. Әрең-әрең көтерді. Ескі орамалына түйіп алды.
Көшеге шығып таксилердің кезегіне барды. Көп такси тұр, адам жоқ. Бір қырғыз жігітпен сөйлесті. Қолындағы сабы жалтылдаған хрусталь салат салғыштардың бірін ұсынып: «Айланайын, балам, мынаны ал да, ұшаққа жеткізіп сал» деді. Жігіттің машинасы арт жақта екен, таксилер біртіндеп кетіп, кезек оған келгенше кемпір шопыр жігіт нұсқаған жерге барып, жасырынып отыра тұрды. Сосын әлгі таксист өзі шақырып алды. Билет сататын қызға да сөйтті. Ол дереу қазір ұшатын ұшаққа билет жазып берді, сосын өзі шығарып та салды. «Жақсы қыз екенсің, атың кім, айналайын?» десе, кассир қыз: «Оның сізге не керегі бар» деп қойды. Екеуінің арасында басқа сөз болған жоқ.
Ұшаққа отырған кезде кемпір бұл шешімінен қорқып кетті: ауылға барғанда не деп барады, «қашып келдім» дей ме? Айбек не дейді? Қайта түсіп қалса ма екен? Әйнек ыдыстың бірі қалып еді. Соның күшімен қайтадан қалаға келер, күндегі әдетінше Айбекті балабақшадан алып келер, тамақ жасар, немересі мен келіні келер. Мұның несі жаман? Қаласаң ыстық суы, суық суы бар, газы бар, жуынады…
Сосын келіні сервантқа қарайды да, әйнек ыдыстарын таппай қалады… Қой, кету керек. Не болса, сол болсын. Пенсиясы жиналып қалған шығар, соның бәрін салып жібереді де, өзі ептеп күн көре береді, ауыл емес пе, күн деген өте береді ғой, бұларға қиын, бәрі сатулы. Ақшасын ұстамай, салып жібереді де, хат жаздырады: «Мен аман-есен жетіп алдым, жасым болса кеп қалды, қыстақта тұрғаным жөн екен, сендер өздерің күн көре берерсіңдер. Әйнек ыдыстарыңды іздемеңдер, мен оны жол шығынын өтеуге алдым. Қартаң адам қате істеп қойса, айыпқа бұйырмаңдар. Осы ақшаға сондай әйнек ыдыстардан сатып ала салыңдар. «Бұйымымызды ұрлап кетіпті» деп сөкпеңдер. Айбекті жақсы өсіріңдер. Қош, аман болыңдар»,– деп немерелерінің бірі жазып береді.
Ұшақ орнынан қозғалып, көкке көтерілді. Кемпір қорқып бара жатты, жанындағылармен сөйлесейін десе, тіл білмейді, келе жатқанда келіні құрт салып беріп көрім болған еді, алданып, көңілі ашылған, ал қазір аузына салатын ештеңе жоқ, бар болғаны ауыр әйнек ыдыс, ол не көңіл ашар, не жейтін нәрсе болса екен?
Ұшақ шұғыл төмен құлдилады, кемпір қорқып орындықты мықтап ұстап алды, көзін жұмды, жүрегі алқымына тығылғандай болды. Бірде ұлы айтқан еді, жарты жолға жеткенде су береді деп, шамасы жарым жолға келсе керек, бір қыз су таратып келе жатыр екен, біреуін ішіп, жаны сәл орнына түсті. Терезеден қарады. Қызық, бұлттардың үстімен кетіп барады, анда-санда ақ қар, тау, тау басында жиналып қалған көлшіктер көрініп қалады. Жерден қарағанда бұлт сондай биік көрінеді, сөйтсек олар таудың басында-ақ айналып жүре береді екен ғой, аспан олардың ар жағынан әрі қарай созылып кете береді екен.
Сосын оның қаланы тастап кетіп қалғаны есіне түсе кетті. Міне, енді Жер төменде қалды, олар Жерден ажырады, аспанда асылып қалғандай. Немересі Қозыбай мен Гуляның үйін есіне алғысы келмеді, сол үйден гөрі осы ұшақтың іші ыстық, жақынырақ көрінді, қорқып бара жатса да, осылай ойлады. Біржола осы ұшақпен ұша берсе де болар еді, бірақ Жер деген Жер екен, адамды сағындырады екен, өзінде өмір сүрген пендесін өзіне тартады екен. Кемпір ауыл-аймағын, үйін тезірек көргісі келді. «Қалай жүр екен?» деп ойлады.
Ұшақ тағы бір сілкінді. Ол селк ете түсті. Төмен құлап бара жатқандай болды. Көзін тас қылып жұмды. Қолын мықтап ұстап алды. Жанындағы дәу адам масаттанып ұйықтап жатыр, ұшақ құлап кетсе де жұмысы жоқ, егер бірдеңе бола қалса… құдая тоба… сол ұйқының үстінде кете салатындай.
Кемпір жүрегін ұстап қалды. Бәрі бірдей төмен құлдилап бара жатқандай. Бір кезде өзін тоқтатып, терезеге қайта үңілді. Үйлер, жасыл дала, жолдар… бытырай жүрген адамдар көрінді. Күнге көзі шағылыса түсіп, қысылып қалды, кішкене түшкіргісі келді, сосын көзін тайдырайын десе, Күн мен ұшақ иллюминаторының арасында қарлығаштар ойқастап, қалықтап ұшып жүр екен.
«Қарлығаштар, қарлығаштар, осында жүрсіңдер ме? Осынша биікке шығып кеткендерің қалай? Енді қайтып бара жатырсыңдар ма?.. Сендерді көргеніме шүкір…» деді. Айтарын айтып үлгерді. Қанаттарын Күнге қақтап, Күннің табынан бойларына ыстық дарыған қарлығаштар ұшақпен жарысқандай ары-бері өтіп жатты. Көз алдына осы елес сәл ғана күңгірт тартқандай көрінді. «Қайтыңдаршы, қайтып барып Айбегімнің балконына ұя салыңдаршы, қайтыңдаршы… қайтыңдаршы, қайтып барсаңдаршы…» дегісі келді, бірақ бұл сөзді айтты ма, айта алмады ма, өзі де аңдамай қалды. Жүрек тұсын ұстап, мұздай тер бүкіл денесін басып, аяғынан өрлеген бір белгісіз нәрсе денесін қуырып, шымырлатып бара жатты…
Күнделікті тіршілік өз ырғағымен өте берді.
Тек немересінің келіні алтын жиекті хрусталь вазалардың жоғалғанын біліп, ұрыны табамыз деп милицияға арыз жазды…
Тек кішкентай Айбек әжесін ұзақ тосып, зарығып, сосын ерекше батылданып, ешкімнен қорықпай, күнде екеуі келетін жолмен өзі кете берді; әжесімен келіп су ішетін автоматтың жанында аз тұрды да, «жарайды, енді ертең әжем екеуміз келгенде екеуін ішем» деп ойлап, жүгіріп-жүгіріп, таныс жерлермен кетіп бара жатты…
Күндегі тіршілік өз ағысымен өте берді…
Тек ұшақ әуежайға келіп қонғанда бір жолаушы кемпір түспей қалыпты, қолындағы нан мен хрусталь ыдыс салынған екі түйіншегін құшақтаған күйі, иллюминатордан сыртты қарап отырып жүрегі тоқтап қалыпты, оның жанарындағы соңғы көріністе кемпірдің ауылының үстіндегі ақ қар жамылған шыңдар тұр екен…
Болғаны осындай өзгерістер ғана, ал тіршілік күндегідей жалғаса берді…

Қырғызшадан аударған
Әбділдабек САЛЫҚБАЙ




ПІКІР ЖАЗУ