ДАЛА ТӨСІНДЕГІ ДАСТАН

Биыл Маңғыстау мұнайының ел игілігіне айналғанына 65 жыл толды. 1961 жылдың 5 шілдесінде Жетібай кен орнындағы №6 ұңғымадан алғаш рет мұнай бұрқағы атқылап, өңірдегі мұнай өндірісінің жаңа дәуірі басталды. Ал келесі жылы осы тарихи кен орнын ашқан «МНГР» тресі өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осыған орай, былтырғы дәстүрді жалғастырып, оқырман назарына мұнайшы-барлаушы Бисенбай Бисенғалиевтің естелік жазбасын ұсынамыз. Автор даладағы барлау экспедицияларының қызығы мен қиындығын, табиғатпен бетпе-бет келетін сындарлы сәттерді және мұнайшылардың адал еңбегін боямасыз баяндайды.

МЕН ӘУЛЕТ ДӘСТҮРІН ҚАЛАЙ ЖАЛҒАСТЫРДЫМ…

Біздің әулет – мұнайшылар әулеті. Мен мұны әрдайым мақтан етемін. Енді өзімнің осы қасиетті де киелі мамандыққа алғаш қадам басқан кезім жайлы әңгімелесем деймін.
Мұнайшылықты қасиетті, киелі мамандық деуімнің де өзіндік себебі бар. Мұнайдың адам игілігіне айналуы оңайлықпен жүзеге аспайды. Бұл салада әлжуаздар мен қорқақтарға орын жоқ. Сондықтан да мұнай мен мұнайшылар туралы сөз қозғала қалса, мен ең алдымен Бисенғали атамның «мұнайдың иесі мен киесі болады» деген әңгімесін еске аламын.
Ескіше де, жаңаша да сауатты атам мұнайды ерекше қадірлейтін. Ол кісі
«Жаратқан Ие мұнайды кез келген жерге жасыра салмаған. Оны табу да, игеру де оңай емес. Мұнайдың өз иесі болады. Сондықтан кен орындарында кейде адам сенгісіз оқиғалар кездесіп жатады», – деп жиі айтатын.
Атамның ұрпақтарының ішінде мұнай саласында еңбек еткендер көп болды. Қазір де кейінгі толқын осы кәсіпті жалғастырып келеді. Солардың бірі – менің Анам еді. Анамның ақылымен мен де 1967 жылы осы кәсіпке алғаш қадам бастым.
Сол жылдың жазғы үш айлық каникулында, сегізінші класты бітіргеннен кейін, ауылдағы мұнай кәсіпшілігіне үйренуші оператор болып жұмысқа тұрдым. Ауылда бос жүргеннен гөрі еңбек еткенім әлдеқайда пайдалы болды. Сол жазда көп нәрсе үйрендім. «Адамның кішісі болғанша, иттің күшігі бол» деген сөздің мәнін де сол кезде тереңірек ұққандаймын.
Учаске бастығы Нұрсейітов Амантай ағамыз (жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын) біздің көршіміз еді. Ол – ауылдың оқыған, елге үлгі болған азаматтарының бірі. Біз сияқты жастар сол кісіге қарап бой түзейтінбіз.
Учаскеміз Қошқар ауылы бағытында, ауылдан бес-алты шақырымдай жерде орналасқан. Жол бойы бірнеше сордан өтеміз. Ауылдан күн сайын таңғы сағат сегізде, түстен кейін төртте және түнгі он екіде вахта ауыстыратын арнайы көлік қатынайды.
Менің жасым кәмелетке толмаған әрі жай ғана үйренуші болғандықтан, тек күндізгі вахтада төрт сағат қана жұмыс істейтін болдым. Бірақ төрт сағаттан кейін ауылға қайтатын көлік болмағандықтан, мені күн аралатып шығаратын. Бір күн толық жұмыс істеймін, келесі күні демаламын.
Бастапқыда солай жүрдім де, кейін үйренісе келе күнде жұмысқа шығатын болдым. Еңбекақымды қалай есептеп жатқанымен, табельге не жазып жүргенімен шаруам жоқ. Үлкен адамдармен бірге өндірісте жұмыс істеп жүргенімнің өзі мен үшін үлкен мәртебе еді.
Маған тәлімгер етіп ересектеу бір операторды бекітіп қойған сияқты. Ол кісі мені қасынан тастамай, учаскедегі мұнай өндіру жұмыстарының қыр-сырын тәптіштеп түсіндіретін. «Алып кел, барып кел» дегенге лыпып тұрған жас баламын, шаршауды білмеймін.
Тәлімгерімнің арқасында аз уақыттың ішінде біраз нәрсе үйреніп алдым. Станок-качалканың қандай бөлшектерден тұратынын, олардың әрқайсысы қандай қызмет атқаратынын түсіне бастадым. Качалка, контргруз, кривошип-шатун, редуктор, балансир, головка, ручной тормоз, полированный шток, квадрат, электромотор, самовар, подвеска, сальник, ремень, подшипник секілді атауларды жаттап алдым. Ненің қай жерде орналасатынын, қай бөлшектің қандай жұмыс атқаратынын, обход кезінде қай тұстарға ерекше мән беру керектігін біршама меңгеріп қалдым.
Жақсы меңгерген істерімнің бірі – шай қою болды. Вахтаның «келіні» сияқтымын.
Таңертең жұмысқа келген соң мастер тапсырма беріп кетеді де, өзі басқа учаскелерге, техника немесе қосалқы бөлшек алуға, қоймаға не ауылдағы контораға жиналысқа кетіп қалады. Біз өз учаскеміздегі мұнай айдап тұрған качалкаларды аралап шығамыз. Ұсақ-түйек ақауларын жөндеп, бәрін тексеріп болған соң учаскенің «конторына» қайта ораламыз.
Өз арамызда «будка» деп атайтын жатаған ғана екі бөлмелі, ақпен әктелген шағын үй бар. Бір бөлмесі үнемі құлыптаулы – онда мастер отырады. Екінші бөлме жұмысшыларға арналған. Жаздың аптабында, қыстың боранында, жауын-шашында паналайтын, жылынатын, түскі ас ішетін, кейде жиналыс өткізетін орын сол.
Ортада ұзынша ағаш стол, екі жағында ұзын скамейкалар орналасқан. Кіреберістегі шағын ауызүйдің қабырғасына қағылған үлкен шегелерге әртүрлі құрал-саймандар ілінеді: качалкаға арналған ременьдер, сальниктер, кендір жіптер, әртүрлі диаметрлі сымдар, сан түрлі гайка кілттері. Бұрышта үлкенді-кішілі кувалдалар, ломдар, күректер сүйеулі тұрады.
Носилка мен тәшкелер сыртта немесе цемент езетін астаулардың ішінде жатады. Ол астауларды тек цемент езуге емес, кейде ауыр бөлшектер мен қоқыстарды тасуға да пайдаланатынбыз.
Будканың жанында кабинасы жоқ, шынжыр табанды ескі Т-100 тракторы тұратын. Оның тұрақты тракторшысы бар ма, жоқ па – білмеймін. Кейде біреулер келіп, мастердің тапсырмасымен тракторды қыздырып алып жұмысқа кететін.
Жоғарыда айтқанымдай, мен учаскенің «шай қоятын келіні» едім. Қауырт жұмыстың арасында шалдар:
– Әй, Бисекеңнің баласы, шай қойып жібер! – деп айқайлайды.
Бисенғали атамды ауыл түгел сыйлайтын. Сондықтан мені де «Бисекеңнің баласы» деп атайтын. Айқай естіле сала, май-май болып кеткен қолымды әуелі сумен шылап аламын да, топырақпен ысқылап, балшық қылып әбден тазалаймын. Сосын таза сумен жуып жіберсең, қандай май болса да кетіп қалады. Қолды майдан тазартудың осы тәсілін сол шалдардан үйрендім.
Содан кейін будкаға қарай жүгіріп барып, қара шәйнекке су толтырып ошаққа қоямын. Астына ағаш жаңқаларын жинап, қағаз тұтатып, үстіне тезек, ағаш қиықтары мен қураған шөптерді біртіндеп саламын. Қураған қаңбақты марқұм Меткіл мамам «жалпылдақ» деп атайтын. Ошаққа от жағуды мен бұған дейін Тоқсанбай жазығында шөп шабуға барған кездерімде үйренгенмін.
Шәйнек ызыңдай бастағанда шалдар да жұмыстарын доғарып, қолдарын жуып будкаға қарай беттейді. Неге екенін білмеймін, олар шайды электр плиткасына қойып не кипятильникпен қайнатпайтын. Міндетті түрде бүйірі томпайған қара шәйнекті ошақтың отына қоятын. Бәлкім, түтін иісі сіңген сондай шайдың дәмі ерекше болатын шығар.
Менен бұрын бұл учаскеде мен сияқты бала үйренушілер болды ма, болмады ма – оны білмеймін. Бірақ бұл шалдардың талай жасты тәрбиелеп шығарғаны анық еді. Олар тек біз сияқты балаларды емес, техникум мен институт бітіріп келген мамандарды да өндірістің өмірлік тәжірибесіне баулып, мамандықтың кітапта жазылмайтын қыр-сырын үйреткен жандар болатын.
Әр адамның мінезіне қарай тіл табысуды, кімді қалай жұмсауды, қалай үйретуді жақсы білетін. Нағыз адам психологиясының шеберлері еді. Мені де «үйренгенің өзіңе жақсы, жасағаның бізге жақсы», – деп жұмсайтын. Ал мен айтқызбай-ақ жүгіріп жүретінмін. Үйренсем деген талабым күшті болды.
Бірте-бірте качалканың жұмысын жақсырақ меңгере бастадым. Қай жерін майлау керек, қай тұсын қатайту керек, таңертең обход жасағанда қай бөлшектерге ерекше назар аудару қажет – бәрін үйреніп алдым. Тауат маймен подшипниктерді қалай және қашан майлау керектігін де меңгердім. Кейбір үлкен кісілер качалканың төбесіне шыға алмайтындықтан, жоғарыға мені жұмсайтын. Кейбір подшипниктердің қақпағын ашып, ішіне май толтырып қайта жабамын. Кей болттары тат басып, өмірі ашылмағандай көрінетін.
Качалкалардың да түр-түрі болатын. Бірі – тереңнен мұнай соратын, ауыр салмаққа арналған үлкені болса, енді бірі ойыншықтай шағын ғана. Бірақ қайсысы болса да төбесіне өрмелеп шығып, майлап, қатайтып, тапсырылған жұмысты тыңғылықты орындауға тырысатынмын.
Жұмысқа тұрарда да, күн сайын кешкі шай үстінде де Анам Балжан:
«Ұятқа қалма. Үйрен. Тіл алғыш бол. Бір істі шала бітіріп, қайта жасайтындай етпе», – деп құлағыма құя беретін. Ондай тәрбиеден кейін жаман болуға менің де хақым жоқ сияқты көрінетін.
Біздің учаскеге қарасты скважиналарды жөндейтін «жер асты жабдықтарын жөндеу» бригадасы келген кезде де олардың жұмыстарын сырттай бақылап жүретінмін. Жұмыс істеп тұрған скважиналардағы качалкалардың ременьдерін ауыстыру, босап кеткендерін тарту, сальник ұру, кейбір моторларды ауыстыру секілді жұмыстарды өзім де атқара алатындай дәрежеге жетіп қалған едім.
Шалдар будканың көлеңкесінде шай ішіп отырып-ақ, қолдарымен көздерін көлегейлеп алыстағы качалкаларға қарайтын. Сонда бір качалканың ремені ұшып кеткенін, біреуінің босаңсып тұрғанын, кейбір сальниктерден май атқылап жатқанын өздерінің ішкі түйсігімен алыстан-ақ шамалап қоятын.
– Әй, Бисекеңнің баласы, ана жаққа барып келші! Сальник ұр! Ременін тарт! – деген тапсырма берілсе болды, қолыма қажетті құрал-саймандарымды алып шаба жөнелемін.
Шілденің шіліңгір ыстығы күйдіріп тұрады. Айнала толған тұзды сор. Сағым теңіз толқынындай көлбеңдеп жатады. Бірақ оған қарайтын мен жоқ. Бір қолыма гайка кілтін, екінші қолыма кувалда мен қысқа труба, керек болса жаңа ремень не сальник аламын да, жүгіріп кетемін.
Әлім жететін жұмыстың бәрін өзімше тыңғылықты орындауға тырысатынмын. Алғашында шалдар артымнан тексеріп жүретін. Кейін маған сене бастады.
Әр жұмыстың өз тәсілі, өз қыры болады екен. Солардың бәрін шалдарым ерінбей үйретті. Бірде шілденің аптап ыстығында басыма күн өтіп, мұрным қанап ауырғаным да болды. Күндердің бір күнінде түскі шай үстінде бір ағамыз:
– Мына трактордың тракторшысын шақырып, астаушаны тіркеп алып, айналадағы темір-терсек пен қоқысты жинамасақ болмайды. Учаскеміз ыбырсып кетті, – деді.
Осы сөзді ести сала шайымды тез ішіп болып, далаға атып шықтым. Трактордың жанында бұрын да талай жүргенмін. Тракторшы қыздырып жатқанда қасында болып, көмектесетінмін. Оның үстіне, осының алдындағы екі жаз бойы гаражға барып, шопырлар мен тракторшыларға көмектесіп жүріп, біраз техниканың тілін үйреніп алғанмын.
Енді сол үйренгенімді шалдарға көрсетіп, пайдамды тигізгім келді. Ол кезде тракторлар «пускачпен» оталатын. Пускач – мотоцикл моторына ұқсас шағын двигатель. Оны маховигіне оралған арқанды қатты тартып қалып оталдырасың. Тракторшының арқанды қайда қоятынын да білемін. Бензинін де бұрын байқап жүргенмін. Арқанды маховикке орап қойып, карбюраторына бензин «кашайлап» жіберіп: «Иә, біссіміллә!» – деп арқанды бар күшіммен тартып қалдым.
Күн шақырайып жанып тұр. Қызған темір трактордан ыстық леп ұрады. Өзім де абыржып тұрмын. Жаңа ішкен ыстық шай тағы бар. Қара терге түскенім-ай!
Бір кезде пускачым тақылдап жүріп кетті. Енді дизельді қосу керек.
Жанымдағы екі рычагты бар күшіммен бір-біріне қарай жылжытып едім, трактордың дизелі қақалып-шашалып барып, көк түтінін будақтатып күрілдеп қоя берді. «Өй, жарайсың, Бисенғалиев!» – деп өзімді өзім іштей мақтап та алдым.
Пускачты сөндіріп, тракторшының орнына отырдым. Бірақ кабина жоқ, темірдің бәрі күйіп тұр. Отыру мүмкін емес. Іште жатқан май-май фуфайканы астыма төсеп алып, тракторды жайлап жүргізіп будка жаққа қарай бұрдым. Мен жақындаған сайын будкадан шалдар да шыға бастады. Олар тракторды мен айдап келе жатыр деп ойламаған сияқты. Әйтеуір біреу келді ғой дегендей шыққан. Сөйтсе, өздерінің «Бисекеңнің қара баласы» трактор айдап келе жатыр. Ауыздары ашылып қалды.
Бірақ ешқайсысы ұрыспады да, боқтамады да. Олар менің техникаға әуес екенімді, тракторшылардың қасынан шықпай жүретінімді бұрыннан білетін. Сол күнгі жұмысым трактормен учаскені қоқыстан тазарту болды. Амантай ағамыз да қатты мән бере қоймады. Тек: «Абай бол. Ауыр техникаға тым әуестенбе», – деп ескертіп қойды.
Бірақ айтқаны келді. Бір күні учаскенің шет жағында жатқан ұзын темір тросты трактормен сүйретіп апарып жинау тапсырылды. Тростың ұшын іліп алып, көрсетілген жерге апарып қойдым да, кейін қарай тракторымды зулатып келе жаттым.
Будкаға жақындағанда, қай шайтан түрткенін кім білсін, өзімше шалдарға өнер көрсеткім келді ме, тракторды соғыс киноларындағы танктер сияқты шыр көбелек айналдырмақ болдым. Сол сәтте шынжыр табанға әлдебір темір арқан оратылып қалғанын байқамай қалыппын. Бір кезде трактордың жүрісі баяулап, ақыры кілт тоқтады. Айналаны көк шаңға көміп тастадым. Шаң басылған соң қарасам, гусеницалар тросқа маталып қалыпты. Мастер де, шалдар да маған қарап тұр. Ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадым. Мұрным пысылдап, басым салбырап, ащы терім шығып тұр.
Амантай ағамыз бұл жолы да ұрыспады. Шалдарға:
– Тросты қиып, тракторды босатыңдар, – деді.
Содан тракторды біраз әуремен «тұсауынан» босатып алып, орнына апарып қойдым. Каникулдың аяқталуына да аз күн қалған еді. Содан кейін ол тракторға жоламай кеттім. Балалық, шалалық, желөкпеліктің соңы осындай болды.
Бір күні тағы бір қызық жағдай болды. Таңертең вахта жиналатын жерге келсем, вахта таситын машина кетіп бара жатыр екен. Сәл кешігіп қалыппын. Тек шаңын ғана көрдім. Сол түні балалармен ұзақ отырып, ұйқыға кеш жатқанмын. Үйге қарай құстай ұшып барып, қорадағы мотоциклімді от алдырып, учаскеге қарай зулатып жөнелдім.
Сордың жолы теп-тегіс. Біздің ауыл ондай жолды «сипама» дейтін. Неге олай аталатынын білмеймін, бірақ мотоциклге таптырмас жол еді. Мотоциклімнің барын сығып келемін. Көзімнен аққан жас құлағыма кетеді. Көйлектің етегі желкендей делеңдейді. Құйғытып отырып, адам толы вахта машинасынан да озып кеттім. Учаскеге бәрінен бұрын жетіп, мотоциклімді будканың көлеңкесіне сүйеп қоя бергенімде, вахта машинасы да келіп тоқтады. Кабинадан Амантай ағамыз түсті. Адамдар машинадан түсіп жатыр. Амантай ағам маған қарап:
– Екінші рет мотоциклмен келуші болма. Жұмысқа мекеме бөлген көлікпен қатынау керек. Техника қауіпсіздігі соны талап етеді, – деді. Ол кісінің айтқаны дұрыс еді.
Вахтаға алып келетін түскі асымыз да қарапайым болатын. Көбіне екі тілім қара нан. Біздің ауыл ол нанды «размоный» дейтін. Нанның арасына сары май жағып, төрт шақпақ қант салып, екі тілімді бір-біріне жапсырып, газетке орап дорбаға салып аламыз. Колбаса, печенье, булочка, сгущёнка дегендер ол кезде сирек дүние. Жаз болған соң анам дорбама бір-екі помидор, қияр, аздап тұз, кейде піскен жұмыртқа, көк жуа, түннен қалған еттің кесегі мен бір қайнатым грузин шайын салып беретін. Бәрін де Анам Балжан мұқият дайындайтын. Түскі шай үстінде бәріміз дорбамыздағы дәмді ортаға қоятынбыз. Ол кездегі тұрмыс бәрімізде шамалас қой. Шалдардың дорбасында кейде сүт, айран, шұбат, шалап, қара көже, сүр ет, сары құйрық май, өркеш май секілді тағамдар болады. Негізгі ас – қара нан. Арасында дастарханға таба нан, бауырсақ, шелпек, ішінде балы бар кәмпит те түсіп қалады.
Шай үстінде шалдар мал жайын, шөптің шығымын, ауылдың жаңалығын, клубтағы киноны, тіпті кімнің тойында кім төбелескенін айтып әңгіме дүкен құрады. Мен ол кісілерді «шал» деп жүргеніммен, жастары қырық пен елу арасындағы азаматтар екен ғой. Қазіргі өлшеммен қарасаң – әлі жас адамдар. Бірақ менің бала көзіме бәрі де байсалды, өмір көрген үлкен кісілер болып көрінетін.
Міне, осылайша мен Бисенғалиевтер әулетінің мұнайшылық дәстүрін жалғастырдым. Анам Балжан 1939 жылы он алты жасқа жетпей мұнай өндірісіне келсе, оның жолын Құлымғара ақкөкем 1944 жылы жалғастырған екен. Ал мен де он алты жасқа толмай жатып мұнай өндірісінің қыр-сырын үйренуге талпындым.
Әрине, менің еңбегім соғыс жылдарындағы Анам мен ақкөкемнің ауыр тұрмысымен салыстыруға келмейді. Мен бар болғаны жаздың жайма-шуақ үш айында жұмыс істедім. Бірақ өзімше әулет жолын жалғастыруға тырыстым.
Осылайша өз еңбегіммен мұнайшы болудың алғашқы баспалдағына аяқ бастым. Үш айда қанша жалақы алғаным есімде жоқ. Бірақ 17 рубльге ұшы сүйір, қара түсті туфли алып бергені жадымда қалыпты. Сол – менің алғаш рет «жігіт» болып туфли киген кезім еді.
Күзде интернатқа жаңа лавсан шалбар мен сүйір тұмсық туфли киіп барғаным әлі күнге көз алдымда. Маңдай термен тапқан дүниенің қадірі бөлек болады екен. Үш ай жұмыс істегенде мұнайдың иісін де, мұнайшы болудың оңай еместігін де сезіндім.
Алақанымдағы күлдіреп жарылған мозольдардың орны ұзаққа дейін кетпей жүрді. Осылайша мен үлкен өмірге, мұнайшылар өміріне алғашқы қадамымды жасадым.
Адам өміріндегі ең үлкен мектеп – еңбек. Ал адал еңбекпен басталған жол ешқашан ұмытылмайды. Мен мұнайшылықтың не екенін әуелі кітаптан емес, қара майдың иісінен, шілденің аптабынан, темірдің салмағынан, жұмысшылардың үнінен таныдым. Сол бір үш айлық жазғы еңбек мені бала қиялдан үлкен өмірдің табалдырығына алып шықты.
Мен мұнайшылықтың тек мамандық емес, мінез бен төзім талап ететін тағдыр екенін алғаш рет сонда сезіндім. Шалдардың жанында жүріп еңбекке адал болуды, тапсырылған істі тыңғылықты атқаруды, үлкеннің сөзін тыңдауды үйрендім. Кейде шалалық жасадым, кейде мақтанға да ерік бердім, бірақ сол қателіктердің өзі мені тәрбиеледі.
Бұл – менің мұнайшылық жолдағы алғашқы қадамым еді. Мен ата жолын, ана жолын жалғадым. Әулетіміздің маңдай термен келген дәстүріне өз үлесімді қосуға талпындым. Сол себепті де, сол үш айлық еңбек менің жадымда өмір бойы ыстық күйінде сақталып қалды.

МЕН – БҰРҒЫШЫМЫН

Мен жұмысқа орналасқан ЖНРЭ – Маңғыстау мұнайын алғаш ашқан, Жетібайдағы атақты №6 ұңғымадан 1961 жылдың 5 шілдесінде мұнай фонтаны атқылап, бүкіл елге Маңғыстауда мол мұнай қоры бар екенін дәлелдеген мекеме еді. Кейін де талай кен орындарын ашып, зерттеп, барлап жатқан ірі бұрғылау басқармасы болатын. Терең бұрғылау жұмыстарымен айналысатын бұл мекеменің қондырғылары мен бригадалары Маңғыстаудың түкпір-түкпірінде жұмыс істейтін. Үстіртте де, Ақтөбе, Гурьев облыстарының, Түркіменстан мен Қарақалпақстан шекараларында да олардың бұрғылау алаңдары орналасқан еді.
Мен жұмысқа келген кезде ЖНРЭ Жетібайдан жаңадан ашылған Ералиев ауданының орталығы – Ералиев поселкесіне (қазіргі Құрық) көшіп жатыр екен. Сол жаққа баруыма тура келді. Басшымыз Қазиев Қуан деген қатқылдау мінезді, іскер адам болатын. Ол мені Бейнеу маңындағы Аманжол-12 алаңында жұмыс істейтін Владимир Тапаевич Ильясов басқаратын терең бұрғылау бригадасына жіберді.
Осылайша менің нағыз геолог-барлаушылық өмірім басталды. Сол күннен бастап, 2006 жылы денсаулығыма байланысты еңбек демалысына шыққанға дейін бір мекемеде тапжылмай еңбек еттім.
Алғаш барған кезде бұл ұжымның бұрынғы жұмыс орындарымнан мүлде бөлек екенін байқадым. Мұнда вахталық әдіс қолданылатын. Екі вахта күндіз-түні он екі сағаттан кезектесіп жұмыс жасайды. Жұмысшыларды Ералиевтен немесе Жетібайдан АН-2 ұшағымен не МИ-8 тікұшағымен бұрғылау алаңдарына жеткізетін.
Бұрғылау алаңдары 300-600 шақырым қашықта орналасқандықтан, кейде ауада екі сағатқа дейін ұшатынбыз. Ұшақтың қатты шайқалуына шыдамай, құсып, әбден әлсіреп жететіндер көп болатын. Кейде тұманнан алаңды таба алмай немесе қатты желден қона алмай кері қайтатын жағдайлар да кездесетін. Ондайда жолаушылардың хәлі тым мүшкіл болып кететін. Ал маған Алла сондай төзім берген екен – қанша ұшсақ та қиналмайтынмын. Кейде бір апта бойы алаңға қона алмай, күнде таңертең ұшып кетіп, кешке қайтып жүрсек те шаршағанымды сезбейтін едім.
Ұшақпен байланысты талай қызық пен қиындықты бастан өткердік. Кейде ұшағымыз ауада бұзылып, елсіз далаға қонған кездер де болды. АН-2 өте сенімді ұшақ еді – қозғалтқышы істен шықса да қалықтап барып тегіс жерге қона салатын. Қатты жел аударып кетпесін деп, кейде оны бұрғылау құбырларымен байлап тастайтынбыз. МИ-8 тікұшақтарын тек жүк тасуға ғана емес, батпақ жерлерде трактор мен кранның орнына да пайдаландық. Әскери алып «вездеходтарға» мініп, жүк тасып, колонналарды сүйемелдеп жүрген кездеріміз де аз болмады. Шынында, көп адамның түсіне де кірмейтін өмірді бастан өткердік. Сол геолог-барлаушылық өміріме әлі күнге дейін ризамын.
Өндірістегі адамдардың құрамы да әртүрлі еді. Көпшілігі жан-жақтан жиналған, тағдыр айдап келген жандар болатын. Кавказ ұлттарының өкілдері де, орыстар да көп еді. Мінездері қаталдау, өмірге шыныққан адамдар болатын.
Бұрғылау қондырғылары өте үлкен әрі күрделі еді. Сол кезде институтта алған білімімді уақытша ысырып қойып, қара жұмыстың нағыз мектебінен өтуге тура келді.
Мен ауылда өскен баламын. Мал бағып, еңбекке ерте араласқанмын. Бірақ бес жыл студенттік өмірден кейін бұрынғы қайратым азайып қалғанын сездім. Алғашында ауыр куәлді дұрыс соға алмайтынмын, ломмен жер ою, ауыр жүк көтеру, болат арқан байлау сияқты жұмыстарға да икемсіздеу болдым. Бірақ уақыт өте келе бәріне үйрендім. Күш те пайда болды, тәжірибе де жиналды. Ауыр құралдарды еркін пайдаланып, тростарды байлап, өрудің түрлі тәсілдерін меңгердім. Күнделікті қолданылатын техникалардың өндірістегі бейресми атауларын да үйреніп алдым. Сонда ғана өмірдің нағыз мектебі осы екенін түсіндім.
Біз қазатын ұңғымалар 3500-4500 метр тереңдікке дейін баратын. Бұрын зерттелмеген қабаттардан мұнай мен газ іздеу – аса күрделі әрі жауапты жұмыс еді. Әр метр сайын күтпеген қатерге дайын тұру қажет болатын. Геологиялық зерттеулер де, техникалық жұмыстар да өте күрделі жүргізілетін.
Әрине, мұндай жұмыстарда апаттар мен қиындықтар жиі кездесетін. Бірақ адам дәл сондай қиындықтардың ортасында шыңдалады екен. Қиыр шетте, маңайында елді мекен жоқ иен далада бір ғана бұрғылау қондырғысы автономды түрде жұмыс істеп тұратын. Әр бригада өз алдына жеке өмір сүретіндей көрінетін.
Жастайымнан техникаға әуес болып өскенімнің көп пайдасы тиді. Мотоцикл, трактор, машина айдауды ерте үйрендім. Электр жүйесінің де қыр-сырын білдім. Институтта қосымша мамандықтар алып, өндірістік тәжірибеден өткенім де көмектесті.
Сондықтан бригада басшылары техникаға қатысты жұмыстарды маған жиі тапсыратын. Тракторшы не жүргізуші болмай қалса, олардың орнын алмастыра беретінмін. Дәнекерлеуді де жақсы меңгеріп алдым. Кейін инженер, басшы қызметтерде жүргенімде де осы машықтардың пайдасын көп көрдім. Қандай жұмыс болса да, тек бұйрық беріп тұрмай, өз қолыммен жасап көруге тырысатын әдетім сол кезден қалыптасты. Әрине, қиындықтар аз болған жоқ. Бірақ кейін ойланып қарасам, олардың бәрі өмір мектебі екен. Міне, мен барлама бұрғылауға осылай келген едім.
Осылайша менің нағыз геолог-барлаушы өмірім басталды. Сол күннен бастап демалысқа шыққанша осы мекемеде тапжылмай еңбек еттім. Мен келген кезде ЖНРЭ-де өз ісінің нағыз шеберлері көп еді. Мұндай ұжымға тап болғаныма әлі күнге дейін Аллама мың шүкіршілік айтамын. Бұрғышылардың ішінде Көбейсін Апақаев, Халипа Ильмұханбетов, Айтжан Жақашев, Андрей Лысый, Қаржау Димағанбетов, Николай Белобородов сияқты талай тәжірибелі мамандар бар еді. Олардың көпшілігі жоғары мемлекеттік наградалардың иегерлері болатын.
Ал бұрғылау қондырғыларының басшылары тіпті атақты адамдар еді.
Базарбай Қосмағанбетов – КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Маңғыстауда алғаш болып бес мың метр тереңдікке бұрғы бойлатқан шебер.
Сүйеген Салманов – Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты.
Бұлардан басқа Тоқтағанов Қаржау, Бозбаев Ғалымжан, Жапаров Берікхан, Төлешов Дауылбек, Қожаев Пәуеден, Владимир Тапаевич Ильясов, Бесқалиев Меңдібай сияқты тәжірибелі басшылар көп еді. Бәрі де бірінен бірі өткен «көкжал бөрілер». Үйренемін деген жасқа олардан алар үлгі жеткілікті болатын.
Менің негізгі тәлімгерлерім – Владимир Тапаевич Ильясов пен Ғалымжан Қағазұлы Бозбаев болды. Владимир Тапаевич – анасы орыс, әкесі қазақ, орысша сөйлейтін, орта бойлы, мығым денелі адам еді. Қалың көзілдірік киетін, көп оқитын, білімді кісі болатын. Жас кезінен гимнастикамен айналысқан. Кейде тұрған жерінен секіріп, сальто жасап түсетін. Аңшылықты жақсы көретін, әртүрлі аңшы мылтықтарын жинайтын. Қондырғыға жиі келмейтін. Бригаданы өзі тәрбиелеген тәжірибелі бұрғышылар арқылы басқаратын. Оның бригадасында «қиыққұлақтар» көп болатын. Әр жақтан жиналған, мінезі қатты, бірақ іске мығым жігіттер. Соның бәрі Ильясовты ерекше құрметтейтін. Ол бұрғылаудағы апаттар мен күрделі жағдайларды өте сауатты талдайтын. Мені үнемі еркелетіп «Боречка», – деп сөйлейтін.
Ал Ғалымжан Бозбаев мүлде басқа мінездегі адам еді. Ұзын бойлы, кең жауырынды, тіке сөйлейтін, өте еңбекқор кісі болатын. Қара жұмыстың ешқайсысынан қашпайтын. Ол бір өзі бірнеше маманның жұмысын атқара алатын бесаспап адам еді:
бұрғышы да болып вахта да басқарады, бригаға да жетекшілік жасайды, инженерлік құжаттармен де жұмыс істейді.
Ғалекең «тормозда» тұрып бұрғылаған кезде айналадағы өмір қайнап жататын. Оның жұмысын сырттан бақылаудың өзі қызық еді. Өз дәрежесіне қарамай, ең лас жұмыстарға да бел шешіп кірісетін. Қол қусырып отырғанын көрмегенмін.
Маған «Бисаха», – деп сөйлейтін.
Екеуінің де жанында жүріп көп нәрсе үйрендім.
Тағы бір үлкен сабақ берген адамдар – геологтар Сыдиық Диханов пен Есенқұл Жолдасбаев еді. Олар маған: «Өндірісте бәрін өз көзіңмен көріп, өз қолыңмен өлшеп, жазып ал. Біреудің сөзіне сене берме. Естіген – өтірік, көрген – шын», – деп үйретті. Осы қағиданың дұрыстығына кейін талай рет көз жеткіздім.
Тағы бір ұстаным – «Судың да сұрауы бар» деген принцип. Яғни берген тапсырманың артында міндетті түрде сұрауы болуы керек. Осы екі қағиданы өмір бойы ұстануға тырыстым.
Тағы бір үлкен сабақ – қарапайым жұмысшының еңбегінің қадірін түсіну еді. Бұрғылау жұмысы өте ауыр. Ол табыс маңдай термен келеді. Сондықтан жақсы басшы болу – қарапайым жұмысшыны сыйлаудан басталады. Өкінішке қарай, бүгінгі күні осы жерде аталған ағалардың көпшілігі өмірден өтті.
Адамның өмір жолында кездесетін жақсы ұстаз бен тәлімгер – ең үлкен байлықтың бірі. Менің бақытым – геолог-барлаушылық өмірімнің басында өз ісіне адал, еңбегімен елге танылған нағыз азаматтардың ортасына тап болғаным. Олар маған тек бұрғылаудың қыр-сырын ғана емес, еңбекке адал болуды, қарапайым жұмысшыны құрметтеуді, жауапкершілік пен тәртіптің қадірін үйретті. Бүгін ойласам, менің өмірлік ұстанымдарым мен азамат ретінде қалыптасуыма сол ағалардың тәлімі мен өнегесі ерекше әсер еткен екен.

ШЫҢДАЛУ МЕКТЕБІ

Техникалық колоннаны түсіріп, цементтеп, превенторды орнатып болған соң, қазу жұмыстарын әрі қарай жалғастырып жатқанбыз. Жаздың жаймашуақ, мамыражай күндері. Қондырғы бірқалыпты ырғақпен жұмыс істеп тұр. Күндізгі вахтаның бұрғышысы Строев деген өте сақ, тәжірибелі маман еді. Техникалық орта білімі бар, кезінде техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер де болған. Артық қимылға бармайтын, әр әрекетін ойланып жасайтын адам болатын.
Түс мезгілі. Вахта жігіттері кезектесіп тамақтанып болған соң, қондырғыны тағы бір айналып шығып, мен де асханаға келдім. Тамақ ішіп отырғанымда буровой жақтан көңіліме қона қоймайтын дыбыстар естіле бастады. Бұрғылауда әр процестің өзіне тән үні болады. Қалыпты қазып жатқандағы, инструментті көтеріп-түсіргендегі дыбыстар маман адамның құлағына әбден сіңіп кеткен. Егер сол үйреншікті ырғақтан сәл ғана бөлек дыбыс шықса, санаң бірден қауіп барын сезеді.
Менің құлағыма әлсін-әлсін ШПМ-дарды қосып-ажыратқандағы, қысымды ауаның «пыш-пыш» еткен дыбыстары келе бастады. Бұл – жақсылықтың белгісі емес. Бірер минут тыңдап отырып, тамағымды тастай сала далаға шықтым. Құлағым алдамапты. Тездетіп қондырғыға жеттім. Бұрғышы қазып жатқан құбыр ұзындығын аяқтаған соң квадратты көтеріп, АКБ-3М кілтімен ағытады. Квадратты шурфқа салып, келесі құбырды жалғайды да, оны ұңғыға түсіріп, ПКР-560 клиньдеріне отырғызады.
Бірақ біздің бұрғылау құбырлары ескі, материалы әлсіз болатын. Клиньдерге дұрыс отырмай, бұрғышы құбырды бір көтеріп, бір түсіріп әлек болып жатыр екен. Кенет инструмент жоғары да көтерілмей, төмен де түспей, бір орында қатып қалған. «Прихват» болғандай. Бірақ бұл мүмкін емес еді. Инструмент жаңа ғана қозғалып тұрған.
Мен бірден ГИВ-6 приборының диаграммасына үңілдім. Бұрғышының әрекеттерінде оғаш ештеңе байқалмайды. Строев та, бірінші көмекші де не болғанын түсіндіре алмады. Сәлден соң бұрғышы инструментті аздап отырғызып, енді қайта көтере бергенінде күтпеген сұмдық болды.
Ұңғыдан шығып тұрған құбырдың жоғарғы бөлігі муфтасымен бірге орасан күшпен үзіліп кетті де, элеватордан атылып шығып, крюкоблокқа соғылып, дәл менің бетімнің алдынан зуылдап өте шықты. Нағыз артиллериялық снаряд секілді. Тіпті оның лебі бетімді шарпып өткендей болды. Құбыр барып қалың темір еденге соғылды.
Бәріміз тұрған орнымызда қаққан қазықтай қатып қалдық. Строевтың өңі аппақ. Менің де түрім адам шошырлық болған шығар. Қалың металл еденде жаңа туған ай тәрізді жырылған ойық пайда болыпты.
Біз ұңғыдағы инструмент төменге ұшып кеткен шығар деп ойладық. Бірақ роторға қарасақ, муфтасы үзілген құбыр сол орнында қақайып тұр. Кейін белгілі болғандай, апаттың себебі АКБ-3М кілтінің бекітілмеген челюсі екен. Құбыр ауыстырғанда әртүрлі размердегі челюстерді арнайы штифтпен бекіту керек болатын. Асығыстықпен бекітілмеген челюс ұңғыға құлап кеткен. Ол превентордан өтіп барып, посадочный фланецке сыналанып кіріп қалған. Инструмент жоғары жүргенде кедергі болмағанымен, төмен түскен сайын әлгі челюс сына секілді қысылып, ақыры инструментті «мертвый хваткамен» ұстап қалған. Ал біз оны білмедік. Сол кезде құбырды сәл күштірек тартқанда, әлсіз ескі құбыр шыдамай үзіліп кеткен. Құдай сақтады.
Егер әлгі ұшқан темір бес-алты сантиметрге ғана бағытын өзгерткенде, менің басымды жұлып кетері анық еді. Кейін әлгі челюсті автогенмен көсек-көсек етіп турап әрең шығардық. Ал едендегі ай тәрізді жырылған із менің көз алдымда әлі күнге дейін сайрап тұр.
Кесапаты көп Ащытайпақ-2 ұңғысы менің геолог-барлаушылық өмірімдегі нағыз шыңдалу мектебі болды. Қаншама рет өміріме қауіп төнді. Қаншама рет абыройсыздықтың шетіне бардым. Бірақ бәрінің соңы сәтті аяқталып отырды. Бір тылсым күштің қорғап жүргені рас шығар.
Осы естеліктерді жазғанда ешнәрсені әсірелеген жоқпын. Бояуын да қалыңдатпадым. Болған оқиғаны сол қалпында қағазға түсірдім.
Ащытайпақ маған көп нәрсе үйретті. Нағыз қорқыныштың қандай болатынын көрсетті. Шыңдады. Қиындыққа суарды. Әрине, шашыма да талай ақ қосты…
Адамды өмірдегі ең үлкен мектеп – қиындық шыңдайды. Қатерді көрмеген жан сақтықтың қадірін түсінбейді. Өндірістегі әр күн – жауапкершілік пен тәуекелдің таразысы. Кейде адамды тәжірибе ғана емес, тағдырдың өзі тәрбиелейді. Ал ажалмен бетпе-бет келген сәттер өмірдің шын бағасын ұқтырады.

ӨМІР САБАҒЫ

Ащытайпақ менің өндірістік жолымның бастауында тұрды. Осы ұңғыны қазу барысында жоғарыда айтылғандардан бөлек те талай авариялық жағдайлар болды.
Прихваттар, құбыр сынулары, долото шарошкаларының ұңғыда қалуы, құбыр замоктарының ашылып кетуі, забойға әртүрлі темірлердің түсіп кетуі – мұның бәрі біздің күнделікті өмірімізге айналғандай еді. Осындай апаттардан шығу үшін мұнай ваннасын құю, цемент көпірін орнату, жағдайға қарай авариялық инструменттерді дұрыс таңдау қажет болатын. Резьбовой және гладкий колоколдар, метчиктер, магниттер, фрездер, печатьтар, қисық переводниктер, ерштар – мұның бәрі тәжірибелі инженерлер мен авариялық мастерлер ғана жетік білетін күрделі дүниелер еді. Мен сол білімнің көбін Ащытайпақта жүріп үйрендім.
Авария болғаны жақсы емес, әрине. Бірақ сондай қиындықтарды бастан өткере жүріп, білікті мамандардың жанында болып, авариядан шығу жолдарын өз қолыңмен жасап көргенде ғана тәжірибе жинайсың.
Ащытайпақ-2 ұңғысы түрлі келеңсіздіктердің салдарынан жобаланған мерзімнен әлдеқайда ұзақ қазылды. Бірақ қазір ойласам, дәл осындай қиын ұңғының менің өмір жолымда болғанына ризамын. Өйткені мен сол жерде көп нәрсе үйрендім. Бейне бір тағы бір институт бітіргендей болдым. Тек бұл «институттың» ерекшелігі – өмір сабақтарын маңдайыңнан ұрып тұрып үйрететінінде еді.
Кейбір жастар жұмысы жолға қойылған бригадаларда бір-екі жыл шебер болып жүріп-ақ инженерлік қызметке көтеріліп жататын. Ал мен Ащытайпақтан олардың түсіне де кірмейтін тәжірибе жинадым.
Әрине, орын алған қауіпті жағдайлардың кейбірі менің жастығымнан, тәжірибесіздігімнен, шалалығымнан да болған шығар. Қателіктерім болғанын сеземін. Мойындаймын. Одан қашпаймын.
Қазір кейде ойлап отырсам, Ащытайпақ мені сынау үшін арнайы жіберілген өмір кезеңі сияқты көрінеді. «Қиындыққа шыдай ала ма, әлде беті қайтып жеңілдеу қызметке қашып кете ме?» дегендей тағдырдың сынағы секілді.
Кейде тіпті: сол маңда біз білмейтін әулиелі орындар болды ма екен, аруақтардың тыныштығын бұздық па екен деп те ойлаймын. Бәлкім, сондықтан да осынша кесапатқа ұшыраған шығармыз… Сол кезде бір мал сойып, садақа таратып, құран бағыштағанда дұрыс болар ма еді деп те толғанамын.
Қондырғы алғаш құралған кезде намазын қаза жібермейтін әзербайжан тракторшысының жіберген өрескел қатесін де бізге берілген алғашқы белгі екен-ау деп кейін ойлайсың. Бірақ ол кезде оған мән бермедік.
Маңайымыз толған малшы ауыл еді. Қасымызда құран оқи білетін Аллахберді молда да болды. Соған қарамастан, көп нәрсені дер кезінде сезіне алмаппыз. Қалай десек те, мен сол Ащытайпақта үлкен өмір мектебінен өттім. Шыңдалдым. Қиындыққа суарылдым. Басы қатты болса да, арты қайырлы болған мектеп еді ол…
Адамның нағыз ұстазы – өмірдің өзі. Кейбір сабақтар кітаптан емес, қауіп пен қиындықтың ортасында жүріп үйретіледі. Қателік те, қорқыныш та, тәуекел де – тәжірибенің бір бөлігі. Ең бастысы – сол сынақтардан сынбай өту. Адамды шыңдайтын да, өсіретін де – ауыр жолдар. Кейде тағдыр бізді қинай отырып тәрбиелейді. Ал артқа бұрылып қарағанда, ең ауыр кезеңдердің өзіне риза болатының бар.

ТҮНГІ ВАХТАДА

Институтты жаңа бітіріп, тұрақты жұмысқа тұрған кезім. Жұмысқа кіргеніме үш-төрт ай ғана болған. Сол алғашқы қыс мезгілінде бір өлімнен аман қалғаным бар.
Вахтада адам жетіспейді. Мен – верховоймын. Бірнеше күннен бері боран толастамай тұр. Долотоны ауыстыру үшін құбырларды көтеру керек, жаңа долотоны бұрап салып, қайта түсіруіміз қажет. Аз адаммен жұмыс істеу бізге таңсық емес, оған үйреніп кеткенбіз. Бірақ дәл осындай құтырынып тұрған боранда жұмыс істеу тіпті қиын.
Әсіресе 6 дюймдік ауыр УБТ-ларды «палецке» қойып, кейін қайта шығару – жоғарыдағы жалғыз верховой үшін өте ауыр жұмыс. Мұны бұрғышы да сезеді, бірақ ештеңе демейді. Өйткені көмектесетін артық адам жоқ. Бұрғышыдан басқа ротор үстінде бір адам бар, оған моторшы көмектеседі. Ал жоғарыда – жалғыз мен.
Мен 37 метр биіктікте тұрмын. Әдетте екінші верховой 25 метр биіктіктегі орта люлькада тұрып көмектесуі керек. Қиын кезде үшінші адам да жоғарыға шығып, ауыр құбырларды тартып алуға, элеваторға ілуге көмектесетін. Бірақ ол – вахта толық болғандағы жағдай. Ал бүгін ондай мүмкіндік жоқ.
Қондырғыны адам жетіспейді деп тоқтатып қоюға да болар еді. Бірақ ол үшін бұрғышының өзі «таза» адам болуы керек. Ал біздің бұрғышы «ішкішбайдың» өз кінәсі жетерлік. Қондырғы бастығына барып жағдай айтуға дәрмені жоқ. Бірақ бізге келгенде құдды құдайдай.
Екінші жағынан жоспарды орындау керек. Жоспар орындалса – ақша, сыйақы болады. Ал мен болсам, салт басты, сабау қамшылы жас жігітпін. Ақшаның құны ол кезде маған бес тиын. Не де болса, тәуекел деп жұмысты бастадық.
Жоғарыға баспалдақпен көтерілген сайын жел күшейе түсті. Бойыңды тіке ұстап көтерілу мүмкін емес. Төрттағандап, еңбектеп, баспалдақтан айырылып қалмауға тырысып барамын. Төмен түсуге намыс жібермейді.
Вахтадағы төрт адамның ішінде жалғыз қазақпын. Қалғандары тәжірибелі: бұрғышы – осетин, моторист – шешен, помбур – чуваш. «Қазақ қорқақ» демесін деп тырысуым да бар. Оның үстіне жаспын, бойда жалын бар.
Әйтеуір, 37 метр биіктікке әрең шықтым.
Түнгі вахта. Жоғарыда боран ышқына соғып тұр. Қар борайды, бет қаратпайды. Оснастканың уілдеген дауысы, мұнараның шайқалғандай әсері – бәрі қосылып, жанды түршіктіреді. «Неге ғана шықтым?» деген ой да келді. Шықпай-ақ қоюыма болатын еді. Мұндай желде ереже бойынша жұмыс тоқтатылуы керек. Бірақ енді кеш. Жұмыс басталды.
Қар қойны-қонышымнан кіріп, денем тоңып барады. Свечаларды палецке байлап, күшпен тартып аламын. Олар бір-біріне соғылып тарсылдайды. Кейде жіп үзіліп кететіндей болып зәремді алады.
Көтерудің соңына таман әбден қалжырадым. Енді ең ауыр жұмыс басталды – ауыр УБТ-ларды палецке қойып, кейін оларды қайта шығарып, элеваторға ілу.
Жай құбырлардың өзі оңай емес. Оның үстіне біздің құбырлар стандартқа сай болмайды. Бірі ұзын, бірі қысқа. Кейде ирелеңдеп, садақша иіліп тұрады. Сондықтан элеваторға ілу өте қауіпті.
Ереже бойынша верховой қауіпсіздік белбеуін тағып жұмыс істеуі керек. Бірақ іс жүзінде олай істеу мүмкін емес. Белбеумен жұмыс жүрмейді. Сондықтан көп жағдайда белбеу тағылмайды. Біз осылайша күнде тәуекелмен жұмыс істейміз.
Көп жыл өткен соң ғана жаңа құрылғылар шықты: передвижная люлька, автоматты свеча орнатқыштар. Жапон құбырлары да келді. Олар – нағыз керемет: ұзындығы бірдей, материалы мықты. Бірақ ол кезде біз ондайды көрген жоқпыз.
Ал мен айтып отырған боранды түнде мұндайды ойлауға да мұрша жоқ еді. Әйтеуір, ауыр УБТ-ларды палецке қойып болдық. Долото ауыстырылды. Енді құбырларды түсіру керек.
Сол кезде менің жағдайым тіпті нашарлап кетті. Суықтан бүкіл денем қалшылдап, аяқ-қолым қатып қалды. Верховой палатасының жыртықтары ұлғайған, тіпті кейбір жабындылар бораннан мүлде жұлынған. Тығылатын ық жоқ.
Едендегі темір астауға солярка құйып от жағып қойғанмын. Бірақ оның жылуы мардымсыз. Қара түтіні ғана қолқаны қабады. Оның үстіне палатаның жанындағы жалғыз шам да сөніп қалды. Енді бұрғышы мені мүлде көрмейді. Элеваторды қай деңгейде тоқтататынын оған қалай білдіремін – белгісіз.
Сәлден соң бұрғышы элеватормен бірге маған бір факель мен ыстық шай жіберді. Факельді жағып, белгі беретін болдым. Бірақ боран мен суықтан қалшылдаған денеге шайдың да пайдасы шамалы болды. Бірнеше УБТ-ны әрең ілдім. Енді ең ұзын свечаны ілу керек. Арқан қатып қалған. Қолғабым да мұз болып, қолым ісіп кеткен. Бірақ бұл свечаны қалайда ілуім керек. Элеваторды жоғарырақ тоқтаттым да, арқанды жайлап босата бастадым. Свеча элеватордың аузына кіргенше босату керек. Өзім люлькадан беліме дейін асып кеттім. Сол кезде қолым арқан мен свечаның арасына қысылып қалғанын байқадым.
Ауыр салмақ қолымды жаншып барады. Свеча мені өзімен бірге мұнараның ортасына қарай тартып әкетіп бара жатыр. «Біттім…» деген ой жарқ ете қалды. Бірақ Алла сақтады. Қолым қолғаптың ішінен қалай сырғып шыққанын өзім де білмеймін.
Сол сәтте қатты соққан жел таль-блокты да, свечаны да, мені де кейін қарай итеріп жіберді. Аяғым люльканың шетіне тиіп үлгерді. Сол мүмкіндікті пайдаланып, ұзын крючокпен элеваторды жауып үлгердім. Свеча жоғары кете берді. Ал мен люльканың еденінде дірілдеп отырдым. Көзімнен аққан жас бетіме қатып қалған.
Қорқыныштың жасы ма, әлде аман қалғаныма қуаныштың жасы ма – білмеймін. Бір қолғабым төменге түсіп кеткен екен. Бұрғышы оны тауып, элеватормен қайта жіберді.
Жұмыс әрі қарай жалғасты. Таң атқанша құбырларды түсіріп болдық. Ол – мен үшін ең ұзақ түн болды. Таңертең төмен түскенде ешкім ерекше мән берген жоқ. Ешкім «ерлік жасадың» деп айтпады. Тіпті таңданған да жоқ. Бұрғышы екеуміз бір темекі шегіп отырдық. Оның маған көрсеткен құрметі – сол ғана.
Жуынатын вагондағы айнаға қарасам, өзімді танымай қалдым. Бетім қара күйеге боялған, тек көзім мен тістерім ғана жылтырайды. Жоғарыдағы солярка түтінінен әбден ысталыппын. Содан кейін бір апта бойы қақырынғанда өкпемнен қара қақырық түсіп жүрді. Қалай болғанын кім білсін… бірақ сол түні мен ажалдың аузынан аман қалған едім.
Бұрғылау алаңы – тек темір мен техниканың ғана емес, адам тағдыры мен мінезінің де сыналатын жері. Кейде бір түн адамның бүкіл өміріне татитын сабақ береді. Сол боранды түн маған еңбек адамының күнделікті тіршілігі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның әр сәті ажалмен бетпе-бет келумен өтетінін ұқтырды. Жастықтың намысы мен қайраты мені сол түні мұнараның басына шығарды, ал аман алып қалған – тағдыр мен Алланың сақтауы шығар. Өндірістегі көп ерлік даңқпен емес, ешкім байқамайтын осындай үнсіз тәуекелмен жасалады екен.

ТОҢУ

Келесі қыста тағы бір рет қатты тоңғаным бар. Ол кезде мен бұрғышы едім.
Бригаданың негізгі бөлігі келесі алаңға – құрастырылып, іске қосуға дайын тұрған қондырғыға көшіп кеткен. Арақашықтық шамамен 100–120 шақырымдай. Ал менің вахтамды, бес адамды, қазылып, шегенделіп біткен ұңғыдағы соңғы жұмыстарды аяқтау үшін осы жерде қалдырды.
Поселок түгел көшіп кетті. Бізге шағын ғана бір вагон қалдырылды. Аздап азық-түлік те берілді: сухой паек, тушенка, нан, шай, темекі. Дизельдерге арналған солярка да көп емес, бірақ жұмысымыз біткенше жететіндей етіп қалдырылған.
Бізге тиесілі жұмыс та көп емес еді: палецте қалған свечаларды бөлшектеп түсіру, оларды мостағы стеллажға жинау, чандарды ерітінді қалдықтарынан тазалау, жалпы қондырғыны демонтажға дайындау. Рацияны өздерімен бірге алып кетті. Жұмысты төрт-бес күнде бітірсек, бізді де көшіріп алуға келеміз деген.
Палецте қалған свечалар аз болатын – он шақтыдай ғана.
Жерде қар бар, аяз онша қатты емес, жел де жоқ. Сықырлаған нағыз қыс. Дизельдер жұмыс істеп тұр – жарық бар, жылу бар, тамақ бар. Уақытпен санаспай, өзіміз үшін, жұмысты тезірек аяқтап, бригадамызға қосылу үшін жанталасып істеп жатырмыз.
Жұмысты да тез еңсердік. Палецтегі свечаларды бұзып, лақтырып, жинап болдық. Тазалық жұмыстары да аяқталып қалған.
Бірақ бір күні түнде аяқ астынан қатты аяз соғып, жаяу борасын басталды. Қырсыққанда қымыран іриді деген сол. Күндіз, бәріміз қарап тұрған кезде электростанциямыз сөніп қалды. Қолымыздан ештеңе келмеді. Жалғыз ғана У1-Д6 деген, қуаты 100 киловаттық ескілеу агрегат еді.
Кейін қарасақ, қазанның түбінде қалған аз ғана солярка қатып, қоюланып қалыпты. Оның үстіне жазға арналған солярка екен. Қоймалжың, желе сияқты бірдеңе болып кеткен. Аурудың себебін тапқанымызбен, оны қыздырып іске қосатын аккумуляторлардың қуаты жетпеді. Өздері де әлсіреп қалған екен. Сөйтіп жарық та, жылу да өшті.
Бригадамыздан хабар жоқ. Тамақ та таусылып барады. Жолды боран бұза бастады, анау-мынау көліктер жүре алмайтындай болып қалды. Аяз да күшейіп барады. Біз үрпиісіп қалдық. Бар үмітіміз – көшіп кеткен бригадамыздың бізді іздеп келуі. Күндіз жолға қарап телміреміз. Күндіз қондырғының ықтасын жеріне от жағып, соның қасында жылынамыз. Әңгіме айтып уақыт өткіземіз, ыстық шай қайнатып ішеміз.
Көп ұзамай тамақ та таусылды. Ең қиыны – түн. Түні бойы қондырғының жанындағы оттың қасында отыра алмаймыз. Боран күшейеді. Сосын амалсыз вагонға кіріп, бүктүсіп, қалың матрастарға оранып жатамыз. Аш адам тоңғақ болады. Түнге қарай аяз одан сайын сықырлай түседі. Осылайша екі күн, екі түн шыдадық.
Жаяу кетуге де болмайды. Айналада ел жоқ. Боран соғып тұр. Оның үстіне қасқырлар да бар – түнде ұлыған дауыстары анық естіледі.
Ең соңғы түн – ең ұзақ түн болды. Таң атпай қойғандай көрінді.
Суықтан қалшылдап, селкілдеп жатырмыз. Қозғалуға да, тұруға да дәрмен жоқ. Бұйығып жата береміз.
Вагонымыздың дәл жанына келіп, газды қатты басып «дүрр» еткен машинаның дауысын да естімеппіз. Сірә, ысқырған жел мен вагонды сабалап ұрған қардың дыбысынан айыра алмаған шығармыз. Әлде аштықтан әлсіреп, суықтан тоңып, мең-зең күйде жатқандықтан болар. Сөйтсек, бізді іздеп келген құтқарушылар екен.
Жолда бірнеше жерге батып, түнімен қар күреп, таң ата әрең жетіпті. Өздері жолға шыққандарына екі күн болғанын айтты. Осылайша біз аштық пен суықтың құрсауынан құтылдық. Тамақ іштік, нан жедік. Ыстық шай ішіп, жан шақырдық. Темекі тарттық.
Көп ұзамай, бригадамызға қайта қосылған соң, бұл оқиға да біртіндеп ұмытыла бастады. Бірақ мен үшін сол түн – таң атпай қойғандай көрінген ең ұзақ, ең азапты түндердің бірі болып қалды.
Бала кезімізде ауылдың үлкендері бір жерімізді ауыртып алып жыламсырағанымызды көрсе: «Әй, жігіт емессің бе! «Нешауә» десең, дым да етпейді», – деп жұбататын. Сол айтқандай, мен де талай қиындықты «нешауа» деп жүріп жеңіп кеткен шығармын.
Біздің ауылдың сол бір қарапайым «нешауа» деген сөзі талай қиын кезде демеу болды. Өйткені біздің бұрғылау жұмыстарымыз көбіне Үстірттің үстінде – Бейнеу, Боранқұл, Сам құмдары, Төңірекшың, Өлі Қолтық, Сазтөбе, Елемес жақтарында жүретін. Ол жақтың табиғаты қатал: қысы – боранды, жазы – аптап. Маңғыстаудың ойы мен теңіз жағалауындағыдай жұмсақ қыс онда болмайды.
Қазір ойласам, геолог-барлаушылық өмірімнің бас жағында кездескен сол қиындықтардың бәрі мені сынау үшін жіберілгендей. Сол сынақтардан қаймықпай өтіп, барлаушылардың ауыр да қызық далалық өмірінен бас тартпай, жұмысымды жалғастыра бергеніме кейде өзім де риза болып қоямын.
Далалық барлаушының өмірі тек мамандық емес, ол – төзім мен сабырдың үлкен сынағы. Үстірттің ақ бораны мен ақырған аязы адамның тәнін ғана емес, рухын да шыңдайды. Кейде адамды аман алып қалатын техника да, жағдай да емес, бойға бала күннен сіңген қарапайым қайсарлық болады екен. Біздің ауылдың «нешауа» деген бір ауыз сөзі талай қиындықта жігер беріп, мойытпауға көмектесті. Сол ауыр күндер мен ұзақ түндер кейін өмірдің ең ыстық естеліктеріне айналарын ол кезде қайдан білейік…

 

Бисенбай БИСЕНҒАЛИЕВ




ПІКІР ЖАЗУ