ТОТИЯЙЫН ТІЛДІ ТАРЛАНДАР
АРТЫМЫЗДА НЕ ҚАЛАР…
Бірде Сырбай Мәуленов пен Тахауи Ахтанов шығармаларының болашағы туралы ой бөлісіпті. Сонда Сырағаң: «Менің бес томдығым шықты, солардан ертең есінде бес өлең сақтайтын адам қала ма? Ай, қайдам…» – деп күрсініпті. Тахаң да біраз үнсіздіктен кейін: «Менің де алты томдығым шықты, солардан мүмкін «Махаббат мұңы» қалса, қалар… Әйтпесе, ол да жоқ», – деген екен.
БАРЫМТА ТАУАР…
Ана бір жылдары Асқар Сүлейменов пен Шыңғыс Айтматов Қалтай Мұхамеджанның үйіне қонаққа барады. Тамақ дайын болғанша олар Қалтайдың кітап толы бөлмесінде әңгімелесіп отырады. Аздан соң әйелі Фарида Қалтайды ас әзірлейтін бөлмеге әлденедей шаруа айтпақшы болып шақырады. Ол бөлмеден шығып кеткен кезде Асқар жалма-жан сөреден бір кітапты суырып алып, Шыңғысқа: «Шықа, мына кітапты Қалекеңнен сұрасам бәрібір бермейді. Оның үстіне, бұрыннан да бұл үйден кітап ұрлап атым шыққан. Қазір мені осы бөлмеден шығарда үсті-басымды түгел қарайды. Сізді тінтімейді ғой, ішкі қалтаңызға сала салыңызшы, сыртқа шыққан соң алармын», – дейді өтініп. Шықаң Асқардың көңілін жықпай, қалтасына сала салады. Айтқандай, Қалтай кірген бойда Асқардың қойын-қонышын түгел ақтарып, тінтіп барып шығарады.
Ас үстінде қойнына қолақпандай кітап тығып, әбден мазасы кеткен Шыңғыс далаға шыққасын, Асқарға: «Әй, мына барымталаған тауарыңды алмайсың ба?», – деген екен.
АҚ СИСА, ҚЫЗЫЛ СИСА, СИСА, СИСА…
Қалтай Мұхамеджан ауруханада қатты науқастанып жатса да еңсесін түсірмейді екен. Және сөздері кілең қалжыңнан тұрады. Біраз адамдар оның езуіне күлкі үйіретін уытты өлеңдерін, әзіл әңгімелерін тыңдау үшін жиналатын көрінеді. Аурумен алысып жатқан пұшайман түріне қарап, қанша мүсіркейін десең де, мынау айтқан қуақы өлеңіне қарап, ал енді күлмей көр…
Ол көңілін сұрап келгендерді мәз қылып:
«Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса,
Мен алып жатырмын ғой капельница…», – деп әндетеді екен. Рухы мықты адам осындай болса керек!
ТЕМІРХАННЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ
2015 жылы бір жиында Мұхтар Шаханов ақын Темірхан Медетбекке кездесіп қалып:
– «Әй, Темірхан, басқалар бас тартып отыр, екеуміз билікке ашық хат жазайық», – дейді. Бұл сауалға күле қараған Темірхан:
– Билік сенің ашық хатыңды не қылсын, мүйіз шықса талайын жаздық қой. Одан да былай істейік, Желтоқсан ескерткішінің жанына барып, екеуміз ауызымызды ақ шүберекпен байлап тұрайық. Келген полицияны сен бұрынғы тракторшы, мен бұрғышымен ғой, екі ұрып құлатайық. Сосын екеумізді алты ай түрмеге жабады. Сөйтіп, бейдауа халыққа ой түсірмесек, басқа амалды таба алмай тұрмын, – дейді.
Сонда Мұхтар шошып кетіп: «Ойбай, Темірхан, мен екі рет инфарк алған адаммын, түрмеңе шыдай алмаймын», – деген екен.
ТҮЙЕ ЕГІЗ ТУМАЙТЫН ЕДІ ҒОЙ…
Сәбит Мұқановтың «Сырдария» романын аяқтап, көңілді жүрген кезі болса керек. Елден талай хат алады, бірақ бір хат жазушының өзін біраз тығырыққа тіресе керек. Мазмұны мынадай: «Қарағым, Сәбит! Осындай бір кітабың шыққан екен, өзім хат танымаймын, балама аяғына дейін оқытып, қызығып тыңдадым. Бірақ, саған қояр сұрағым бар. Сен ескі өмірді білетін жігіт едің. Түйе егіз тапайтын еді ғой. Сенің күрішші Сырбай деген шал геройың бар, соның жалғыз түйесінен екі буыршын бар. Соның біреуін майданға ақша жіберу үшін сатып жібереді, оған сенейік, күзді күні Дәулет дейтін баласы фронттан бір аяғынан айрылып келеді екен. Шал қуанғаннан мал сойды, соның ішінде буыршынның бірі сойылды. Осы екі буыршынның біреуі саған қайдан келді, осыған жауап берші! Сатып жіберген буыршынды қайта сатып алдың ба, әлде түйе егіз тапты ма, соны түсіне алмай қойдым», – деп хатын аяқтапты.
Әлгіні оқыған Сәбит Мұқанов: «Япырмай, сыншы-академиктер байқамаған қателікті ауылдың қарапайым қарты көзіме шұқып көрсеткенде, жерге кіріп кете жаздадым», – деген екен.
ОРЫСТАР ДА ҚАЖЫҒА БАРЫП ПА?
1937 жылы Ғабиден Мұстафиннің Әбдіхалық деген інісі ұсталып, жазушының өзі Новосибирск облысына барып бой тасалайды. Сол кезде Ғабиденнің анасы шалына: «Құдай-ай, қарап жүрмей қажыға барып нең бар еді, балаларға зияның тиді ғой, – деп кейігенде, Мұстафа қажы: «Ау, анау орыстарды да жапырып ұстап жатыр ғой, олар да қажыға барып па? Ел басына келген зауал-дағы!», – деген екен.
КӨРЕТІН ЕШТЕҢЕ ҚАЛҒАН ЖОҚ
1995 жылы Әбу Сәрсенбаев ақсақалдың тоқсан жасты алқымдап қалған кезі болса керек. Бір дастархан басында отырған сәтті пайдаланып, Қадыр Мырза Әлі: «Әбеке, қалыңыз қалай?» – деп сұрайды.
– Халдің несін сұрайсың, – дейді Әбекең мұңға батып. Анау-мынау қиындықты қойшы, көріп жүрген дүниелер ғой олар. Ең жаманы – көзімнің көрмей қалғаны!
– Ой, Әбеке, оған қайғырмасаңыз да болады!
– Неге, айналайын?
– Өйткені, бәрінің де талқаны шыққан. Қарайтын да, көретін де ештеңе қалған жоқ. Көрсеңіз одан сайын көңіліңіз бұзылады.
Сонда Әбекең:
– Қайдан білейін, бар қызықты сендер көріп жатыр екен деп қамығып жүр едім, енді алаңдайтын ештеңе жоқ екен ғой! – деген екен.
Дайындаған Жұмабай ҚҰЛ




