ҚАНДАЙ ҒАЖАП ДҮНИЕ…
КӨКШЕТАУ
Буырқанып,
мазам кетер келмегенде,
Саф ауаң жанға шипа емдегенде.
Мекені сексен көлдің – Көкшетауым,
Жүрегім елжірейді сен дегенде.
Ұясы – сал-серілер, бабалардың,
Жырлаған Сәкен, Еркеш ағаларым.
Іздесем жер бетінен жерұйықты,
Мен қайдан дәл өзіңдей
таба алармын?!
Күлімдеп бүгін шықты айқара күн,
Туған жер,
ұлыңмын деп айта аламын.
Тартасың мені өзіңе магниттей,
Көкшетау,
Көкшетау деп қайталадым.
Елпілдеп қарсы аласың,
құшағың кең,
Иісіңнен таусылмастай
күш алдым мен.
Жеткенше бауырыңа асығамын,
Сағынсам құстай болып
ұшармын мен.
Кеудеме құштарлықтың
отын жақшы,
Сенде өткен қызық дәурен,
күндер жақсы.
Көкшетау атың ғажап, кең жазирам,
Ұлыңды туған жерім, ұмытпашы!
* * *
Қастерлер қазақ ырымын,
Көкшетау, сенің ұлыңмын!
Құшақта мені, аяла,
Еркелеп келді құлының.
Үлкендер қалды селдіреп,
Қарсы алар інім келді деп.
Өрекпіп еді жүрегім,
Басылды елге енді кеп.
Ағыттым жырдың тиегін,
Көкшетау-кербез киелім.
Аққуы жүзген айдында,
Туған жер, сені сүйемін.
СЕМЕЙ
Көненің көзіндейсің, әсем Семей,
Көңілім көншімейді саған келмей.
Тарихтың қойнауынан
сыр шертесің,
Киелі жер жоқ шіркін, елде сендей!
Көргенде тебіренбей
тұра алмаймын,
Мекені қастер тұтар ұлы Абайдың.
Қадам бас алға қарай,
қарыштай бер,
Тәңірден бөтен тілек сұрамайын.
Бұл жерде туған асыл, кемеңгерлер,
Халқымды рухыменен жебеп жүрер.
Ортаңа Астанадан келіп қалдым,
Күш беріп перзентіңе, демеп жібер!
Көгіңді қара бұлттар торламасын,
Тәуелсіздік баянды, болсын басым.
Аспаның шайдай болып
ашылды ғой,
Ұлылар аруағы қолдағасын.
Болдың ғой астанасы
Алты Алаштың,
Жақсымен, жаманмен де араластың.
Сен жайлы қаншама ақын
жырлар жазды,
Мен бұдан сірә,
қалыс қала алмаспын.
Жүйткіген уақыт шіркін
сан құбылды,
Естілер заманалар жаңғырығы.
Бұл жерден шыққан кеше
аққудай боп,
Бибігүл, Розадай – ән бұлбұлы.
Қыдырсам ерке Ертіс жағасында,
Түскендей жаным жайлы сабасына.
Бұл жерге қашан соғам, белгісіз ғой,
О, өмір жұлдыз болып ағасың ба?
Жан-дүнием сая таппас тура келмей,
Бар ма екен құштар болған
саған мендей.
Өзіңе асықтым ғой жеткенімше,
Жайнашы қызғалдақтай,
қайран Семей!
* * *
Қарайды жұрт, атым елге танымал,
Білмейтіндер естіп кейін қанығар.
Қиналғанға ашитұғын жаным бар,
Жәбірлесе қызатұғын қаным бар,
Қайсар халқым сүйенішім өзіңсің,
Кертілгенде қайрағыңа жанып ал!
Атым шығып,
алты Алашқа жайылар,
Ұрпақты ойлап,
шақтарым көп қайғырар,
Өксік кетіп, жылы сөзбен шайылар.
Ұйықтай алмай,
түні бойы дөңбекшіп,
Ертеңіме алаңдайтын жайым бар,
Бітпей қойды-ау күйзеліс
пен уайымдар.
Жыр жазамын теңеу тауып, тереңдей,
Құлақ түрем, еліктей боп елеңдей.
Адамдарды таң қалдырып бір күні,
Атым жүйткіп,
шаң шығарып желердей,
Басып озып бәйгелерден келердей.
Шартарапқа жетер даңқым әйгілі,
Талантым бар,
босқа айтпаймын жай мұны.
Марапатқа алқа тағып алтыннан,
Ұмытайын лезде барлық қайғыны.
Болар екен сол қуаныш қай күні,
Нұрын шашып кеңістіктің Ай-Күні.
* * *
Жер бетінде бар ғой жампоз, жақсылар,
Ұлтымыздың тіреніші, бас құрар.
Манаш аға, Әбіш аға…
Ойлағанда оларды,
Көздерімде мөлтілдеген жас тұрар.
Қарағайлар, бәйтеректер, алыптар,
Соңдарында қалған іздер,
жарық бар.
Мақсұт аға, Ақселеулер сұңғыла,
Өздеріңді іздейтұғын халық бар.
Күрсінеміз өмір осы келте деп,
Құстай ұшып кеттіңдер ғой ертерек.
Еңбектерің қолдарыңмен жазылған,
Сендер жайлы сырларыңды
шертер тек.
Елімізге тыныштық пен бақ сұрар,
Ағаларды сағынатын шақ шығар.
Қазағымның абыройын көтерген,
Біз сендерді ұмытпаймыз, жақсылар!
Арыстардың тұяғы
Мұхтар Шахановқа
Ақ қарлы, аппақ заңғар Алатауым,
Мызғымас көнермейтін Қаратауым.
Мәрттіктің, әділдіктің белгісісің,
Биіксің Мұхтар аға, дара тауым!
Намысы, ар-ожданы қазағымның,
Қаладың туған тілдің тазалығын.
Ұлтыңды сүйдің әзіз жүрегіңмен,
Сен жайлы тебіреніп жазам бүгін.
Түстің ғой күйіп, жанып отқа ұдай,
Қолдады демеп, жақ боп аққа құдай.
Сын сәтте
Махамбет боп саңқылдадың,
Көрмеппін сен секілді ұлды мұндай.
Жырларың найзағайдай шатырлаған,
Нөсердей төгіп жерге сатырлаған.
Күрестің қаймықпастан
шындық үшін,
Бәйгеге басын тіккен батыр ағам.
Аумайсың жүрек жұтқан арыстаннан,
Кезің жоқ ел дегенде қалыс қалған.
Рухыңмен қазағыңды қорғап, жебеп
Қол бұлғап тұрсың биік, алыстардан,
Тұяғысың қалған сен арыстардан!
Ұқсайды тілің өткір ұстараға,
Толғанам кітабыңды ұстап аға.
Мен сені қалай қиям қара жерге,
Бақұл бол! Қош бол,
мәңгі Мұхтар аға!
БЕУ, АЛМАТЫ
Кетіп барам құстай ұшып көлікпен,
Алма ағашы гүлін шашып, бөріткен.
Беу, Алматы,
дәмі аузымнан кетпейді,
Қоректендірген алмұрт,
құлпынай, өрікпен.
Сенде өтті ырду-дырду жастығым,
Қолтықтаған бойжеткенді
мас күнім.
Ойхой, шіркін,
қайта айналып келер ме,
Сағынамын,
сүртер көзден жасты кім?
Сүрлеуіне түсіп алып өнердің,
Кие тұтар қасиетті өлеңнің.
Иісі аңқыған гүлдеріңнің бақтарда,
О, Алматы көзісің ғой көненің.
Албырт кез-ай, көше кезіп, қаңғырдым,
Құйды талай шелектеген жаңбырың.
Ғашығыммен түн ішінде жүздесіп,
Қарсы алып ем құшақтасып
таң нұрын.
Қимай-қимай,
қарай-қарай жөнелдім,
Әуенің мен шуағыңа бөлендім.
Жақсы көрем,
жырлар жазам сен жайлы,
Өмір алда, қалай ғана сөнермін?!
Елеңдеймін еліктей боп сен десе,
Деме мені, сілкіндірші ендеше.
Қол бұлғайды Алатауым ақ қарлы,
Қош, Алматы,
қайта айналып келгенше!
* * *
Қандай ғажап дүние,
Мың түрлі түспен боялған,
Мүлгіп кеткен ұйқысынан оянған.
Миуа бақта сандуғаштар
сайрайды,
Сұлулыққа қызығамын,
тоя алман.
Аққу-қаздар қалқып
жүзген айдында,
Қанатымен армандарын жайды ма?
Енгендейсің пейішке сен ентелеп,
Қасиетті жылдың Сұлтан айында.
Өбіп, құшып шалқар дала самалы,
Бойжеткеннің құлпырады жамалы.
Жаңбыр көктен
сезімдерді түрткілеп,
Сіркірейді, тамшы болып ағады.
Сәйгүліктер қырда шауып барады,
Құс қиқуы төңірекке тарады.
Індерінен шығып алып суырлар,
Таңданыспен жан-жағына қарады.
Қандай көркем дүние,
Сұлулығына тоймайсың,
Өле-өлгенше
ғашық болмай қоймайсың.
Жұпар шашқан хош иісіне еліктеп,
Неткен рахат тіршілік
деп ойлайсың!
Есенгелді СҮЙІНОВ





