ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ БІР ЖАННЫҢ ІЗДЕГЕНІ…
Сағыныш басылмайды…
Білдім бе мен сағынып тұрарымды,
Тауым, көгім, бұлағым, құрағымды.
Сенде туып өскенмен, туған жерім,
Өзіңде жаға алмадым шырағымды…
Ауылымның суретін жүз қарадым,
/Жіңішке жолы деген қыз баланың/.
Алыс жүріп білдім мен қадіріңді,
Баса алмадым
жүректің сыздағанын…
Тарқатылып бұлағың бұрымдайын,
Сен дегенде, туған жер,
жырым дайын.
Ажырадым өзіңнен талай жылға,
Енесінен адасқан құлындайын.
Аңсағанда жылдарды сағым ұшты,
Нәзік жаным тағдырға бағынышты.
Өмір бойы, туған жер -бойтұмарым,
Сезесің бе мендегі сағынышты?!
Ертіс
Тағы келдім Ертістің жағасына,
Пана болған Алаштың баласына.
Ел көшкендей көңілім құлазып тұр,
Ем табылмай
жанымның жарасына…
Ертіс, Ертіс, барасың жылдам ағып,
Сұлулыққа айнала тұнғаны анық.
Үнсіз ғана отырмын жағалауда,
Өлеңімнің қанатын мұңға малып.
Анау көпір жалғап тұр арманымды,
Құптар емес ащы жыр жазғанымды.
Бірақ менің жанымның пернелері,
Шүпілдеп тұр мөлдіреп сазға мұңды.
Бұлт та көшіп барады қала алмай ма,
Түйілгенмен жел соқса тарар майда.
Қапырық ой жанымды
құрсаулап тұр,
Сүйетұғын бетімнен самал қайда?
Жыр да жазып көргенмін
құмға барып,
Өлеңімнен отырсыз сырға қанып.
Жалқы көңіл,
жабықпа жыр жазайын,
Жалғыз қаздың қаңқылын
тыңдап алып.
Шіркін, өлең…
Біз кездестік.. адасып жүріп көптен,
Күз болса да күн еді нұрын төккен.
Менің мынау елеусіз тірлігімді
Сен едің ғой, жарығым, сүйікті еткен.
Содан бері Ай – алтын,
жұлдыз – жаһұт,
Арман сұлу, жыр жаухар,
күн-түн бақыт.
Қалай ғана өмірді сүрдім екен,
Өзіңсіз өткен күндер, қайран уақыт.
Сен де мені таныдың жанарымнан,
Аршып алдың тағдырдың азабынан.
Аққу үні сыңсыған домбыраның
Ән боп, күй боп
төгілдім шанағынан.
Сен жолықтың қуанды
жаным қалай,
Сен келгенде түн жарық,
таңымда – арай.
Тұмшаладым,
жасырдым болар емес,
Сағыныш тұр жүректе дамылдамай.
Шіркін, өлең!
Қарайсың қабағыма,
Сыздай берсе жүректе жара мына.
Тәуекел деп кеп тұрмын,
жақсы жырды
Іліндіре көргейсің қаламыма!
Аялап едім…
Жұбатшы гүлді
сүйгені үшін кешіріп,
Қателесіпті,
отыр ғой енді кеш ұғып.
Қиылған гүлдің сабағы
қалды өзі жоқ,
Аялап едім өсіріп.
Аялап едім, жайнаған еді,
ой, қандай!
Әдемі еді-ау жүрекке
жұпар толғандай.
Опасыз қолдың қатыгез қатал уыты
Жайылып әбден қойғандай.
Үзіліп түсіп солдың ба,
қайран гүлдерім,
Қарашығыңның
қалаушы едім күлгенін.
Өкінішімнің нөсері
көзді аштырмай,
Жүзімді жуып тұр менің…
Аямайды екен бұл өмір
қатал осыны ұқ,
Ақ пенен қара өтеді екен жосылып.
Тарқасын бұлты,
көңілдің көзі ашылсын,
Жас төгейікші қосылып.
Қарашы маған,
күнің бар әлі шығатын,
Кездерің емес жаманға
бола сынатын.
Өзіңе қарап түңілсін мені демесең,
Басыңды көтер, қуатым!
Сүйген жарға
Көктем-көңіл,
көрдің бе күз желегін?
Қуантады үмітті үзбегенің.
Ұмытшақтау әлемде алаң болып,
Қандай жақсы бір жанның іздегені…
Қандай жақсы ақ гүлдер даладағы,
Құшағымда қуаныш барады әлі.
Қарашығы мөлдіреп сүйген жардың
Қандай жақсы ұнатып қарағаны.
Қандай жақсы кемшілік термегені,
Көңіл төрін жаманға бермегені.
Көрмей қалса сәл уақыт
алаң болып,
Қандай ғажап елжіреп сөйлегені.
Қандай жақсы жаныңды түсінгені,
Бәйек болып қасыңда күрсінгені.
Жалған сөзбен суытпай көңіліңді,
Қандай жақсы жылытқан
тылсым демі.
Қандай жақсы көктем,
қыс, күз дегенің,
Моншақ жырды
өлең қып тізбеледім.
Қатыгездеу өмірде күйіп, сүйіп,
Қандай жақсы бір жанды іздегенім!..
Аялдама. Ақ жаңбыр.
Ақ жаңбыры болады ғазалдың да,
Сол жаңбырды дәл мендей
сезе алдың ба?
Көктем, көктем. Күн жауын. Аялдама.
Күтіп тұрған
сол бейнең көз алдымда.
Көктем жатыр өмірді өлең етіп,
Ауыр бұлттар төбемнен барады өтіп.
Аялдама. Ақ жаңбыр. Алатауға
Жүрсем дедім өзіңмен ере кетіп.
Талай мұңға,
сынаққа жан шыдадың,
Жағалауын жанымның аршып ағын.
Аялдама. Ақ жаңбыр. Алақанда
Армандаған
мөп-мөлдір тамшыларым.
Арамызды қойса да алыс қылып,
Таныс бейне, сол күлкі,
таныс қылық.
Аялдама. Ақжаңбыр. Тұрмыз бірге
Көктемдегі ақ жаңбыр табыстырып.
Алдымнан шыға келсең
шырақ ұстап,
Бұлқынады сезімім бұла құшақ.
Аялдама. Ақ жаңбыр.
Жалғыз тұрмын
Алматыға өзіңді шығарып сап…
Өлеңім бар
Өлең, саған кеш те болса кездестім,
Тағдыр ісі салғанына көнбес кім?
Менің жазған жырларымды оқитын
Адамдар бар
енді ешқашан өлмеспін!
Мына әлемді сүйем десем
сенбес кім,
Жырларым бар –
сылаң қаққан кербестім.
Мені сүйген жалғызым бар жаһанда,
Өлеңім бар өмірімде жеңбес мұң!
Жаным ішін қайғы-мұңға бермеспін,
Дос іздесем өмір бойы сенбес кім?
Өмірім бар ақ-қарасы алмасқан,
Тағдыр, енді дегеніңе көнбеспін!
Шалғыны – көл,
бұлағы – сел жерде өстім,
Топырағыңды сүйдім десем
сенбес кім?
Мейлі күлсін жасырынған күншілдер,
Өлеңім бар сөндіре алсам
енді ешкім!
* * *
Шағала көңіл!
Шарқ ұрып нені іздейсің?
Арманнан асқақ күдерді
сен де үзбейсің.
Тірлік дейтұғын
сапардың жолы кенеттен
Бұрылып басқа арнаға түсті
Білгейсің…
Тағдырым менің!
Жазғыра берме сүрінсем,
Қисайып біткен
сынықтай тағы білінсем.
Бүгіліп барып тіктеліп
қайта кетермін,
Қолтықтан демер адамдарым бар
Түңілсем!..
Жүрегім менің!
Албырай берме, сабыр қыл,
Жүрсем де жақын сезімді
жанды сағындыр.
Өмірім барда өлмейтін
жақсы өлең бар,
Мезетін күтіп өзекте тұр ғой
Дауыл жыр!
Үміт ШАРИПОВА





