«ПОЙЫЗДАР МЕН ТҮЙЕЛЕР» және «ДРИНА КӨПІРІ»
( Серб-қазақ мәдени байланыстары туралы бірер сөз)
Сербия мемлекетінің астанасы Белград қаласының Жаңа Белград ауданындағы Михаило Пупин бульварында 2016 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапарына орай қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабайұлының ескерткіш-бюсті ашылды. Бір қызығы, ескерткіш орнатылғанға дейін де, одан кейін де серб оқырмандары Жамбылдың шығармашылығымен таныспапты. Ескерткіш орнатудың бір мақсаты серб-қазақ мәдени байланысын қалыптастыру және дамыту болса, бұл мақсат әлі күнге дейін толыққанды орындала қоймағанын айта кетейік.
Дегенмен сербтер қазақ әдебиетінен мүлдем хабарсыз деуге де болмайды. Югославия мен Сербияның ең танымал жазушыларының бірі Десанка Максимович (1898–1993) орыс және француз тілдерінде жарық көрген поэзиялық туындыларды серб тіліне аударумен де айналысқан. Оның аудармашылық мұрасынан қазақ ақынының бір лирикалық өлеңі табылды. Ол Өтебай Тұрманжановтың «Пойыз бен түйелер» деп аталатын өлеңін орыс тіліне аударылған нұсқасынан тәржімалапты. Серб-қазақ әдеби байланыстарының алғашқы қарлығаштарының бірі осы аударма болған сияқты.
Тұрманжанов пен Максимович замандас болғанымен, олардың кездескені немесе хат алмасқаны туралы деректер қолымызға түсе қойған жоқ. Десанка Максимович бұл өлеңді Йованка Хрвачанинмен (1899-1987) бірге «КСРО халықтарының балалар поэзиясы» антологиясын құрастырған кезде аударғанға ұқсайды. Тұрманжановтың өлеңінің аудармасын жұртшылықтың назарына алғаш рет доктор Миодраг Сибинович ұсынып, өлеңді «Десанка Максимович шығармаларының толық жинағы» басылымының тоғызыншы томына енгізген.
Серб-қазақ мәдени байланысын жолға қою мақсатында жасалған тағы бір талпыныс ретінде 1983 жылы Белградта жарық көрген «Қазақ халық ертегілері» жинағын атауға болады. Ертегілерді Никола Томичич орыс тілінен аударған, кітапты «Просвета» баспасы шығарған.
Серб мәдениетімен тығыз байланыста болған қазақ ақындарының бірі – Бақыт Шүкіроллаұлы Кенжеев (1950-2024). Владимир Ягличичтің орыс тілінен жасаған аудармаларының арқасында оның шығармалары серб тілінде бірнеше рет жарық көріп, «Летопис Матице српске» және «Градина» журналдарында жарияланды.
Қазақстан Республикасының Белградтағы Елшілігі қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының «Таңдамалы шығармаларын» Горан Трутиннің аудармасымен шығаруға бастама көтерген болатын. Елшілік баспа ретінде тіркелмегендіктен, кітапқа халықаралық стандартты кітап нөмірін (ISBN) беру мүмкін болмады. Соған қарамастан, басылым Сербия Ұлттық кітапханасының каталогына енгізілді. Сөйтіп 2020 жылы қазақтың ұлы ақыны, композиторы, философы, мәдени реформаторы Абай Құнанбайұлының өлеңдері серб оқырмандарымен алғаш рет қауышты.
Серб тіліне ең көп аударылған қазақ қаламгері – замандасымыз, Жан Бақыт деген әдеби есіммен де белгілі Бақытжан Қанапиянов. Оның осы бағыттағы қадамы Қазақстан мен Сербия арасында дипломатиялық байланыстар орнатылған кезде жүзеге асырылды.
Қазақ жазушысы алдымен Крагуевац қаласынан шыққан кәсіпкер, Алматыдағы «Цептер» компаниясының бас директоры Горан Новоселскимен танысады. Новоселски 1996 жылы Қанапияновтың ұйымдастыруымен өткізілген орыс ақындары Андрей Вознесенский мен Белла Ахмадулинаға арналған поэзия кештеріне демеушілік жасаған екен. Қанапияновтың өлеңдерін аудару үшін Милан Вуковичке берген де Новоселски болатын. Вукович қазақ ақынының өлеңдерін орыс тілінен аударып, «Простор» журналында жариялады.
Бақытжан Қанапияновтың серб тіліндегі алғашқы өлеңдер жинағы 2020 жылы Белградтағы «Алма» баспасынан «Алма алмасы» (Alma jabuka, мағынасы «Тыйым салынған жеміс») деген символдық атаумен жарық көрді. Кітаптың алғысөзін белгілі серб жазушысы әрі сыншы, Зальцбургтегі Еуропа ғылым және өнер академиясының академигі, доктор Милутин Джуричкович жазды. Кітап сол жылдың қыркүйегінде Белградтағы Балалар мәдени орталығында, ал қазан айында Белград кітап жәрмеңкесінде таныстырылды.
Сол 2020 жылы Қанапияновтың тағы бір поэзиялық жинағы жарық көрді. Бұл кітапты ақын әрі редактор Анджелко Заблачански басқаратын «Поэзия шығармашылары қауымдастығының» баспасы шығарды. «Алтын тыныштық» (Zlatna tišina) деп аталған кітапқа автордың таңдамалы шығармалары енгізілген. Алғысөзін жазған баспагер Заблачански оны «жоғары деңгейдегі әдеби шығарма» деп бағалады.
Келесі, 2021 жылы Бақытжан Қанапияновтың «Жапырақтар арасында» (Među listovima) деп аталатын серб тіліндегі тағы бір жыр жинағы жарыққа шықты. Оны Серб Республикасының Зворник қаласындағы «АСоглас» баспасы шығарды. Кітаптың алғысөзін баспагер әрі жергілікті саясаткер Деян Спасоевич жазды.
Қанапияновтың «Естеліктер желі» (Vjetar uspomena) атты жыр жинағы хорват тілінде де жарық көрді. Кітап Сербия Ұлттық кітапханасында тіркелгенімен, таралымының басым бөлігі Загребте таратылды. Автордың мақсаты Балқан түбегінің барлық аумағында, оның тілдері, диалектілері мен жазуларында танылып, өзінің осы өңірге деген ықыласын білдіру болса керек. «Естеліктер желі» кітабына алғысөзді жазушы әрі журналист Зорица Тиянич жазды.
Бақытжан Қанапиянов Балқан елдеріндегі ең танымал қазақ қаламгері болса, Белградтағы Балалар әдебиеті институтының негізін қалаушы әрі директоры, доктор Милутин Джуричкович серб-қазақ мәдени байланыстарының дамуына қомақты үлес қосқан ірі тұлға болып отыр.
2003 жылы ол «Сұлулық сыйы: балалар мен жастарға арналған әлемдік поэзия антологиясын» құрастырып, оған қазақ ақыны және драматургі Әбділда Тәжібаевтың (1909-1998) бір өлеңін енгізді.
2009 жылы Белградтағы «Алма» баспасынан Джуричкович құрастырған тағы бір еңбек –«Алтын сөздер: балалар мен жастарға арналған әлем халықтарының мақал-мәтелдері» жарық көрді. Жинақта қазақ халқының мақал-мәтелдерінің таңдаулы үлгілері де қамтылған.
Джуричковичтің антология құрастыру саласындағы шығармашылық мұрасы аса ауқымды және оның еңбектерінде әлем халықтарының әдебиетін мүмкіндігінше молырақ қамтуға деген ұмтылыс байқалады. 2013 жылы ол «Сиқырлы диірмен: балалар мен жастарға арналған әлем әңгімелерінің антологиясын» шығарып, Өтебай Тұрманжановтың балаларға арналған әңгімесін енгізді. Жоғарыда айтылғандай, Тұрманжановтың шығармашылығы Десанка Максимовичке де таныс болған.
2014 жылы Дервентада Милутин Джуричкович пен Любомир Милутинович құрастырған «Халық бастауларынан: балалар мен жастарға арналған әлемдік ауызша лирика» атты халық ауыз әдебиетінің антологиясы жарық көрді. Антологияға қазақтың балаларға арналған халық әні енгізілді.
Осы мысалдар арқылы біз қазақ әдебиеті үлгілерінің Сербияда таралуын карастырдық. Енді серб әдебиетінің Қазақстанда қаншалықты танымалдығына назар аударайық.
Кеңес Одағының кезінде орыс тілі – әлемдегі аса ірі мемлекетті мекендеген барлық халықтардын ортақ тілі деп есептеліп, ерекше қолдау көрсетілгендіктен югославиялық, соның ішінде серб жазушыларының көптеген әдеби шығармалары орыс тілінде жарияланып, антологияларға енгізілді. Сол шығармалардың кейбіреулері қазақ оқырмандарының назарына ұсынылған болуы мүмкін, бірақ бұл туындылар қазақшаға тікелей серб тілінен емес, аралық тілден аударылды немесе мүлдем аударылған жоқ.
Кеңес Одағы ыдырап, орыс тілі мен мәдениетінен ішінара алшақтау үдерісі басталғаннан кейін Қазақстан «өз тамырына қайта оралуға», ең алдымен қазақ тілінің қолданысын кеңейтуге ұмтылды. Қазақ тілі әдебиет саласында айырықша насихатталып, өткен ғасырдың 1980 жылдарынан бастап әлем әдебиетінің көптеген туындылары осы тілге аударыла бастады.
Серб жазушыларынан қазақ тіліне ең көп аударылғаны – Бранислав Нушич (1864-1938). Оның ең танымал әңгімелері қазақ мерзімді басылымдарында аударылып, жарияланды. Бұл орайда кейбір аудармаларда шығарманың атауына және мәтінінің мағынасын жеткізу тәсіліне өзгерістер енгізілгені байқалады.
Бірқатар жағдайда бұл өзгерістерді қазақтың мәдени ортасына, сатира мен юморды қабылдау ерекшеліктеріне бейімдеу әрекеті деп түсіндіруге болады. Кейбір жағдайларда мағынаның өзгеріп кетуі орыс тілінен аударылғанына байланысты болуы мүмкін.
Мысалы, Нушичтің «Қаралы сөз» атты әңгімесі қазақ тіліне «Қалай жерленетініңді ойла» деген атаумен аударылған. Қазақ тіліндегі аударманы оқығанда шығарманың негізгі мағынасы сақталғанын, ал өзгерістер юморлық көріністерді қазақтың мәдени және менталдық ортасына бейімдеу мақсатында енгізілгенін байқауға болады.
«Менің алғашқы сұхбатым» және «Калемегданда» сияқты әңгімелер аз ғана өзгеріске ұшыраған. Екінші әңгіменің қазақша нұсқасы «Калемегдан саябағында» деген атаумен берілген.
Бранислав Нушич кезінде халық санағын жүргізуге қатысқан, бірақ бұл сербтің әдеби және ғылыми ортасында да көпшілікке онша белгілі емес. Осы жәйтті ол Бен Акиба деген бүркеншік атпен жарияланған юморлық әңгімеге айналдырды. Кейінірек бұл шығарма қазақ тіліне аударылды.
Нобель сыйлығының лауреаты Иво Андричтің (1892-1975) ең танымал романы – «Дрина көпірі» де қазақ мәдениетінен орнын тапты. Романды қазақ тіліне белгілі жазушы, мәдениет қайраткері Таласбек Әсемқұлов (1955–2014) аударған. Роман 350 дана таралыммен басылыпты. Қолжетімді каталогтардан алынған мәліметтер бойынша, Андрич – Қазақстанда қазақ тілінде жеке басылым болып шыққан жалғыз-ақ серб жазушысы.
Милорад Павичтің де бірнеше әңгімесі қазақ тіліне аударылып, әдеби-мәдени журналдарда жарияланды. Қазақ оқырмандары «Ұзақ түнгі сапар» әңгімесін, «Жазуға арналған жәшік» шығармасының үзіндісін және «Екі әңгімеден тұратын махаббат романының» үзіндісін оқуға мүмкіндік алды.
Көріп отырсыздар, қазіргі таңда серб және қазақ халықтарының арасында әдеби-мәдени байланыстар әлі де жеткілікті дәрежеде дамымай отыр. Соған қарамастан, бұл бағытта екі тараптан да тиісінше қадам жасалып, маңызды негіз қаланды.
Бұл байланыс, күні бүгінге дейін, негізінен, ақын-жазушылар, аудармашылар, құрастырушылар, баспагерлер секілді жеке тұлғалардың, мәдениет қайраткерлерінің бастамасына ғана негізделген. Олардың қызығушылық танытуының арқасында екі халықтың, екі мәдениеттің арасы мүмкіндігінше жақындай түсті, олар осы ұмтылыстары арқылы халықтық дипломатияның өкілдері ретінде әрекет етті.
Аудармалар, негізінен, аралық тілдің көмегімен жасалып, жанама сипатта болуы арнайы мамандардың жетіспеуінен туындайды. Қазақстанда дамыған сербтану саласы да, серб тілінен жүйелі түрде тікелей аударатын мамандар да жоқ. Тиісінше, Сербияда да дамыған қазақтану саласы болмай отыр, қазақ тілінен тікелей аударуға кабілетті мамандар да жеткіліксіз.
Осы себепті әдеби шығармалар екі бағытта да көбінесе орыс тілі арқылы аударылады. Сондықтан аудармада стильдік, семантикалық және мәдени өзгерістер кездесуін заңдылық деп бағалауға болады.
Екі елдің ресми және қоғамдық әдеби-мәдени құрылымдарының арасында тұрақты аударма бағдарламаларын, бірлескен баспа жобаларын, гранттарды, байқауларды, стипендияларды немесе білім беру бағдарламаларын қамтитын жүйелі және ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнату әлі де қолға алынбай отыр. Ондай байланыс тетіктерін тауып, нақты іске асыру үшін екі мемлекеттің университеттері, ұлттық кітапханалар, тиісті министрліктер, дипломатиялық өкілдіктер, баспалар мен мәдениет мекемелері осы бағыттағы істермен шұғылдануға белсендірек тартылғаны жөн болар еді.
Серб және қазақ тілдерінде білім беру бағдарламаларын ашу, серб және қазақ тілдерінен тікелей аударма жасауға қолдау көрсету, бірлескен антологиялар шығару, жазушылар мен аудармашыларға арналған резиденциялық бағдарламалар ұйымдастыру, сондай-ақ кітапханалық және библиографиялық материалдарды жүйелі түрде алмасып отыру ынтымақтастықтың тұрақты негізін қалыптастыра алар еді. Ондай жаңалықтың да ауылы алыс емес шығар. Әйтеуір солай деп үміттенеміз. Тағдыр сол күнге тезірек жетуді жазсын!
Даяна Лазаревич,
филология мамандығы бойынша докторант,
Сербия





