АЙНАЛАМ КҮБІР-КҮБІР ДҮНИЕ…
Кертолғау
Ақ барыс емен азуын айға білеген,
Ағыстың асып таспайтын
жайдағы ғана ем.
Өмір бойына алысып өзіммен-өзім
Келемін. Әлгі…
шер қозғар қайда бұл өлең?
Көңілімде сырым көп
менің айтамын деген…
Көк бөрі рухым қозғалса,
қайтады неден?
Хақымды елдің хақынан
биік қоймадым,
Ақынның өмірін сүрдім тек. Айғағым – өлең!
Рухым кемелденген шек,
шекара көрмей,
Бағзыда жаһан жаулаған
бел ала өрлей!
Көңілімдегі азат ойлардың
шегі жоқ, сірә…
Берсем деп келем еліме,
тек ала бермей.
Бір түрі, сірә, болар-ау
бұл да нәсіптің!
Шынайылығыма шаң жуытпай шыңға да шықтым.
Қайғымен сіңген бойыма
қыруар қасиет,
Мені түсінетіндігі үшін де
Мұңға ғашықпын.
Не болған? Қазір айналам – былапыт, лайсаң…
Асқақтығымның сақталды
мұраты қанша, ал…
Өзімді өзім, дариға-ай,
кешірер ме екенмін
Зәу биігінен бұл
Арымды құлатып алсам!
Өмір сүрсек деп келеміз
көркем қоғамда.
Орнай ма, әлде, арман ба
өртенген ол да…
Бәріне бір-ақ қолымды
сілтесем бе екен…
Бүгін бармын ғой, шүкір.
Ертең болам ба?
Менмен қоғам…
Бұл қоғам – тек «менікі»,
менмен қоғам!
Уақыт жер қаптырар сенгенді оған!
Е, Алла, мен де аттамай ала жіпті,
Жүрген бір ақ жолыңда
пендең болам!
Мейірім санасына мол сіңбеген
Көбейді жандар бұрыс жол сілтеген,
Іздеумен жеке дара жүрер жолын,
Бәрі де «өзімдікі» болсын деген.
Қайтерсің, дүниеде барың – бес күн!
Мен-дағы дәруіштің халін кештім…
Бір өзі «жеке батыр», ойламайды
Қамалды қауым болып
алуды ешкім.
Іруге тоз-тоз болып таяпты анық,
Ілуде біреуінің баят – бағы…
Сезінер көп ішінде жалғыздықты,
Безінер елден,
жұрттан саяқтанып!
«Би болған бас-басына
өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па
елдің сиқын?»
Ұшпаққа шығармыз ба біз мынадай
Өнбес дау,
жүріспенен митың-митың…
Бір ғана бұлтша үйірілген
бастағы дау –
Қазақтың қуғаны – дос,
қашқаны – жау.
Ал халық қаһарланса, хан түйесін
Соярын ұмыта да бастадық-ау!
Ұмыттық құм жиылып
тас болмасын,
Біз ұқтық құл жиылып
бас болмасын!
Бұл – елдің күшін, ісін көзге де ілмей,
Тек өзі күпсіп, асып-тасқанға сын!
Оғландар өзі де адал, ісі де адал
Ұмытылды…
мұның жайын түсіне алам!
Құтқарар елді апаттан
бір-ақ нәрсе, ол –
Жалқының емес,
жалпының күші ғана!
Жүрегің – Құдай…
Өзіме анық, басқаға – елес
Өмірім менің… діретпе әуен-ді…
Ал ол, қайтерсің, басқаға емес,
Бір күн тоқтап қалатын
жүрекке тәуелді!
Жүректі жыр байғұс айналшықтайды,
Оның да аян айтпағы маған.
Сөйлейтін сөзі жалған шықпайды
Жүректің көнсе айтқанына адам.
Біреуге біреу Құдай көрініп,
Құрметтесе-дағы
оның тірек-тамыры…
Адамдар бір-бірін құлай беріліп,
Сүйе ме сүймей ме,
ол – жүректің әмірі!
Сан тарам өмір пернесіндегі
Кімнің де күй ғой шерткені өміршең…
Әркім үшін де кеудесіндегі
Жүрегі Құдай өйткені… білсең!
Бағзы күй
Зәуінде ауылға барам ба –
Үйіріле кетер басқа мұң.
Байшыкештеу, қамсыз әрі аңғал
Әй, менің ауылдастарым…
Балалығымның қалған іздері
(Төсінде енді мендік самғар ма ой)
Құба жон, құла түздегі
Байтақты бөлісіп алған ғой!
Тапқандай сонау кезде ебін,
Жері үшін ағайынмен де араз.
Өз малын жайып, өзгенің
Малына қамшы үйіргенге мәз!
Шешілмей дауы шырғалаңданып,
Шиеленісіп жатқан шақта бұл…
Жер бөлісе алмай, бір қазанда әлі
Бастары піспей жатқаны…
Қазаққа ен тегін дүние «қайтқан»…
Тек мейір, шафқат шектеулі.
Бағзыда Абай күйіне айтқан
Жайлармен бетпе-бет келдік!
Ол өмір сүрген ортаның, елдің
Басымызға келіп бар ісі,
Тіккен қосымызды қорқамын енді
Жығар деп замана ағысы!
Несібелерінен біраз қауым қағылды,
Ал байдың бағын байлар кім?
Ісі өрге басты ауылда бүгін
Оразбай, Құнанбайлардың!
Солардыкіне әлде ұқсас па ауылың?
Кімді ұйқы басты, кім ояу?
Бәрі де жүр ғой тұстастарының…
Ал, Абай қайда, Құдай-ау!
Аңсар
Есеңгіреп жүрмін,
естің үті де – елес,
Маған мұң-нала қоңсы.
Ен тағарлықтай ешкімдікі де емес,
Менікі ғана болшы!
Тым құрыса, құба қайың боп көрін,
Тұратын жалғыз ой кешіп.
Жынданып кетер жайым жоқ менің
Елесіңмен ғана сөйлесіп!
Құсадан өлермін батып сан қыспақ,
Шыңыраудан шыңға алып шық.
Кетейін сені…
(бақытты жанға ұқсап),
Құшағыма қыса талықсып!
Кім қой дер түздің төрінде гүлдесең,
Селіңді әкеліп құй жырама менің…
Көзіме, көктем, көрінбедің де сен,
Соның жайын сұрамақ едім…
Сөйлемек болды бүршігі күбірлеп,
Бала қайыңның бұтақтан.
Адамзаттың
бағзы тіршілігінде үрлеп
Өшпесін оты тұтатқан!
Сен қайда жүрсің?!
Күбір
Жымыңдар көк зеңінде
жұлдыз жайнап,
Ұмытылды ән бүгін кешегі.
Түнде де шатыр асты
құж-құж қайнап,
Кептерлер күбірлеседі.
Ағын су алқынды мұзбен
Езгілеп жатыр жағаның кірін бес елі.
Салқын түн, салқын жүзің де –
Сүйдім тал түбінде сені…
Жандының бәрі оянған –
жай сұрасаң,
Жатса да мұз ерімей толық.
Ұшып жүр жарқанаттар қайшыласа
Отқа да түсердей болып.
Шарбақтың аяғы ғой. Кеш, түн еді.
Шалғында шұрқырасып
құр аттар жүр…
Қолаттан іргедегі естіледі
Күбірі бұлақтардың.
Уа, бізден айдың-дағы беті жасып,
Көз жасы жұлдыздардың
жерге ағады…
Мүлгіген түн қойнында екі ғашық –
Сен және мен ғанамын!
Қар кетіп, қарайған жерді
Көк құшып, өзара,
ойхой, сыбырласады!
Көктемге ғашық дүние
талайдан бергі
Сағыныш-мауқын бүгін басады.
…Сен келдің шеттегі үйден,
Өзіммен-өзім болып отыр едім…
Айналам күбір, күбір еткен дүние,
Бір тылсым
сырға алдырып көкірегін…
Құсни хат
Хат жазып (өтті-ау бірер күн)…
Көгершіннің қанатына
байлап жібердім.
Хабарыңды терезеге кеп қонған
Аппақ құс уілінен білермін.
Уа, сенсіз мына дүние маған неге жат?
Құшағына алар ма мені келе бақ…
Көгершін құсым
(өзің де көгершіндейсің)
Әкелер екен не жауап?
Келемін аңсап тыңдауды
салған әніңді әр,
Тәуекел, өмір тағдырымды
менің тағы ырғар…
Құп-құйттай құсты мұнары
үстінде қалқытып,
Хатымды саған апарып
берер сағымдар!
Біраз жыл елдің шетіне,
желдің өтіне
Хабарсыз, хатсыз шығандай
ұзап кетіп ем…
Сенсіз өмір тұл… сәлемімді
менің жеткізген
Көгершін құсты өкпелете көрме, өтінем!
Наурыз. Нөсер.
Көктеммен бірге келген бе
несібе еріп?
Жақұткөз гүлдер жазықтың
төсіне өріп
Шыға келгенде…
ғаламның тас өңі жібіп,
Танытты-ау бізге
наурыздың нөсері қылық!
Керімсал самал сап тынған жайшылықтағы,
Нөпір нөсерге жазықтың малшынып тәні.
Оянып кеткен оқыста
омырауы бүрлеп,
Торғын тоғайдың
шулайды тал-шыбықтары …
Жаңбырлар жуып жатқанда даланы, асқарды…
Жасты жанармен
бірауық қарады аспаным.
Жеті қат көкке жеті түс тізілді тағы,
Қыз-орман сілкіп
құрғатып бұрым-бұтағын!
* * *
Балапан-болмыстың
қауызы аршылды үр,
Аузынан ақ уыз – төгіліп өлеңі,
Күн мен түн теңеліп,
тәбәрік-тәмсіл нұр
Көкорай көктемді көтеріп келеді!
Көктемді қондырып
жұпарлы төсіне,
Көкірегі күмбірлер наурыз-ниеттен,
Ертегі дүниенің салтанат көші де,
Созыла-созыла жетті көк жиекке!
Мың-мың бүр оянды үмітпен үкілі,
Дірдектеп нөсердің селіне малшынған.
Мың-мың құс әуені,
мың жүрек лүпілі –
Әлемді тербеткен әз Наурыз, даусыңда!
Баурадың менің жанымды…
Тіл қаттың көктем жақтан сен,
Мен бүрсең қақтым күзімде.
Ғұмырым – гүрлеп аққан сел,
Не қалды дейсің ізінде?
Аға боп алға түстім бе?
Шашым да тартты-ау буырыл.
Шарпысқан отты ұшқын – мен.
Тартысқа толы ғұмырым!
Заулады уақыт-ағынның
Бір күні асып бір күннен!
Баурадың менің жанымды,
Сұлу жүз, сыңғыр күлкіңмен…
Гүлсің ғой жаңа бүр атқан…
Алда не тұрғанын білмессің!
Мен бастан кешкен бірақ та
Бастан кешпесін мұңды ешкім!
Келеді (түстей өңім бұл)
Сен жаққа құстар ұшырғым…
Өзіңсіз, рас бұл өмірдің
Мәні де жоғын түсіндім…
Жанаса бердің ағаңа
Жүзімді шарпып деміңмен…
Мені жаратқан Алла тағала
Сені жаратпаса не істер едім мен?
Білмеймін онша мұншасын…
Бұл не, әлде, махаббат па екен?
Жастық шағымның көз жасы –
Өзендері қайда ақты екен?
Күн кеше алам ба өзіңсіз?
Иә, өмір көркем сен барда!
Сезімі құрғыр тек… үнсіз…
Ұлғая берер енді арман!
О, кешір, әппақ ардай мұң,
Омырауы құр дір-дір еткен…
Мен саған ілесе алмаймын
Жамау да жасқау жүрекпен!
Күймеспін сезім отына,
Сүймеспін ару… алқымы – үр.
Ойымда – дұғам оқыған…
Бойымда жастық жалты жүр!
Баймаханбет АХМЕТ





