(Жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері
Әбіш Кекілбайұлы туралы сөз)
Ол әдебиетке Өлең арқылы келді. Ол оқырман қауымға, ең алдымен өлең арқылы танылды. Оның баспадан шыққан “Алтын шуақ” деп аталатын тұңғыш кітабы да – Өлең кітабы болатын. Яғни, ол әдебиет есігін Ақын боп ашты.
…Менің Әбіш Кекілбайұлы өлеңдерімен таныстығым, Алматыға келмей тұрғанымда, “Жұлдыз” журналында жарияланған “Қара талқан”, “Оппенгеймер” және де басқа жырларынан бастау алған еді. Таным-түсінігі мәлі балаң, танып-білгенім әлі шектеулі бола тұра, бәрібір, ол өлеңдердегі тақырып сонылығы, қарымының кеңдігі, ауқымының молдығы бірден баурап алған-ды. Ол тұс, мүмкіндігімізше, республикалық баспасөздерде жарияланып жататын өлеңдердің бір де біреуін қалт жібермей қадағалап оқитын кезіміз ғой. Оның үстіне алпысыншы жылдар, – ең алдымен, Өлең дүниесінің көкжиегін кеңейтіп, көсегесін көгерткен, оны жаңа биік, жаңа өреге көтерген жылдар болатын. Шығармашылық бәсекелестіктің бас бермей әбден ширығып, қызып тұрған кезі еді. Бір төбенің шаңын бір төбеге қосатын ондай бәсекелестік ішінен тізгін үзді жүйріктердің бірі болып көзге түсе қою оңай емес- ті. Солай бола тұра Әбіш Кекілбайұлы өлеңдері бірден-ақ ауызға ілікті. Іліккенде де… – өткенді аңсайды деп сыналып ілікті. Бірақ белгілі идеялогияның сойылын соғатын ондай ұр да жық солақай сынға шын өлеңнің қадірі мен қасиетін біліп қалған қауым ылыға қоймады, қайта Әбіш Кекілбайұлы поэзиясына деген ынтазарлық пен ықыласты күшейте түсті…
Көп ұзамай қойын қалтаға салып жүретіндей ғана шап-шағын “Алтын шуақ” жинағы қолымызға тиді. Күлшедей шап-шағын бола тұра сөзі салмақты, құшағы кең, шынында да шуағы мол кітап екен. Не нәрсеге де алдымен елең ете түсетін, не нәрсеге де сергектік танытатын студенттер қауымы ол кітапты бірімізден біріміз қақшып алып таласа-тармаса оқығанымыз әлі есімде. Бізге, әсіресе, балалық шағы соғыс жылдарында өткен, түсіне көкесі мен күрең қызыл бауырсақ қоса қабат енетін ақынның, сол бір ашқұрсақ ауыр кезеңге арналған өлеңдері қатты әсер еткен-ді. Мәселен, мен өз басым, қарапайым ғана жазыла тұра адам жанын алағай да бұлағай етіп жіберердей “Қарындасым Нұрайша” атты өлеңін күні бүгінге дейін, сол заман туралы жазылған шоқтықты өлеңдердің бірі деп білемін.
Жылдарға ерді Нұрайша.
Жылдар алға зулайды.
Көз көргендер шын айтса
Көкесінен аумайды.
Аумайды ма менен деп
Мазалап жүр талайды.
Көкешімді көрем деп
Айнаға көп қарайды.
Жауқазындай желкілдеп өсіп келе жатқан қыз баланың, өзін емес, көкешімді көрем деп айнаға қарауы кім-кімнің де тамағына тас кептелтіп толқытпауы, кім- кімнің де көзіне жас үйрілтіп тебірентпеуі мүмкін емес. Осы жолдарда қаншама сағыныш, қаншама аңсар жатыр. Бұл өлең әкесіз өскен тұтас бір ұрпақтың трагедиялық портреті!..
Алайда, Әбіш сол жылдары өзінің арнасына симай тасып-төгілген арынды шығармашылық қуат-күшін тек поэзияға жұмсаған жоқ. Сын жанрында да білек сыбанып, белсене жұмыс істеді. Ол мақалалар әдебиетіміздің ең өзекті, ең көкейкесті мәселелерін қозғауымен, жан- жақты сараптамалық қарымдылығымен, көтерілген тақырыпқа мүлде тың, мүлде тосын көзқараспен қарауымен көзі қарақты жұртшылықты өзіне бірден аударып алып еді. Несін жасырамыз, сол мақалалардан сусындаған көбіміздің қасаң түсінігіміз басқаша байып, дүниетанымымыз кеңейіп, дәлірек айтқанда, әдебиетке деген көзқарасымыз өзгеше қалыптаса бастады. Одақтық әдебиеттің шын мәніндегі үздік үлгігеріне үңіліп, әлемдік әдебиеттің қиырларына көз сала бастадық. Бұл — шындық. Өйткені, Әбіш Кекілбайұлы сол кезеңде, жап- жас бола тұра, өзінің төсегі де бөлек, өрісі де өзге, тосын мақалаларымен күн астында қалған терідей әбден қаудырлап, қатып-семіп қасаң тартып кеткен схемалар мен әбден суалып- семіп қалған стреотиптердің быт-шытын шығарған реформатор-сыншы деңгейіне көтерілді. Оның “Дәстүр мен дәуір”, “Гамлеттің монологы”, “Өлі жандарды”, “Пушкин неге жазбаған”, “Романдағы адам” және тағы да басқа интелектуалды мақалалары әлі күнге дейін өзінің құндылығы мен бәсін жойған жоқ десек тіпті де асырып айтқандық емес. Мәселен, “Дәстүр мен дәуір” мақаласындағы “Өнер тарихына, қоғам тарихына үңіліп алмай тұрып өнердегі соны құбылысты дәл танып, дәл бағалау еш мүмкін емес. Әйтпесе, құт мейманның өзін жүзтаныс еместігін желеу етіп, бекерден-бекер жауға жоруымыз мүмкін. Нені бағаласақ та, өнердің, әдебиеттің даму тенденциясынан келіп бағалайық. Өйтпесек, әдеби ойды, оқушыны, тіпті әдеби тіршілігімізді текке алжастырып, қиянат етуіміз де кәдік”. Бұл жолдар әдебиеттің де, қоғамның да даму тенденцияларынан бейхабар, ілім- білімі тайыз, дүниетанымы тар, арғы-бергіні салыстыра да, сабақтастыра да алмайтын, сәл нәрсеге қомпиып, сәл нәрсеге қампиып шыға келетін, өз бұтына өзі толып, дүниенің тірегіндей сезінетін желбуаз дүмшелерге айтылған сөз ғой бұл. Ал ондай желкенсіз желбуаздар бүгін де жетіп артылады. Сондықтан да Әбіштің, сол тұстың өзінде-ақ, мұндай астамшыл мінез-құлыққа, кеудесіне нан пісіп ісіп-кепкен эгоизмге “Романдағы адам” мақаласындағы “Әдебиеттегі жаңалық өзінен бұрынғыны біржолата мансұқтау, біржолата құрту жолымен емес, адамзаттың суреткер өнерін реальді болмыстың барша әрі мен нәрін жеткізе алатын соны түр, соны әдістермен байыту жолымен өрістейді” деген сөздері әдейі арнап айтылған ғой.
Ал, оның кезінде “Жұлдыз” журналында жарияланған “Өлең көкжиегі” деп аталатын, қазақ поэзиясының арғы-бергі өткелектері мен өріс-кеңістіктерін жан- жақты қамтып, олардың ажар-келбеттерін аша отырып, алпысыншы жылдар поэзиясының ең үздік, ең тегеурінді, ең жаңашыл ақындары, бүгінде классиктеріміз деп аталатын Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов шығармаларын биік бағалаған, олардың қыры мен сырына үңіліп, дәнін аршып, мәйегін ашып көрсете білген көлемді мақаласы кезінде біз сияқты жастардың таным көкжиегін әлдеқайда кеңейтіп жіберген-ді. Ол мақала сол тұста өлеңнің ғана мәртебе-мерейін емес, сынның да мәртебе-мерейін асқақтатып еді.
Иә, ол жылдар Әбіш Кекілбайұлының әдебиетке ет пен терінің арасындағы қызба қызыл желдің желігімен келіп, лап етіп жанып, жалп етіп сөне қалатын біреулер сияқты емес, болмысы бөлек, кең арналы, терең ағысты, тылсым құпиялы, тосын өрісті, шұрайлы алқапты, құнарлы топырақты, ең бастысы, әдебиетке үлкен дайындықпен келгенін, күні ертең-ақ оның қаламынан сүбелі-сүбелі шығармалар, сом-сом ойлар, кесек-кесек бейнелер дүниеге келетінін дәлелдеп берген жылдар еді. Оны жұрттың бәрі дерлік айрықша дарын, ерекше талант, әдеби құбылыс деп қабылдағанын айту ләзім. Сол тұстарда жиі-жиі болып тұратын әдеби айтыс- тартыстарда да ол оқшау көзге түсетін. Мол ілім-біліммен мұздай боп жарақтанып алған ол, шешіліп сөйлесе шешен, көсіліп сөйлесе көсем бола білді.
Ол өзін ғұмыр бойы қоғам өмірінен тыс қойып көрген емес. Сол тұстарда алдымен “Қазақ әдебиетінде”, соңынан “Лениншіл жас” газетінде қызмет істеп жүрген кездерінде әдебиеттің мерейін, өнердің мәртебесін көтерер қыруар шараларды атқара жүріп, иненің жасуындай болып жылтырап көрінген қаншама бұлақ көздерін ашты. Сондай-ақ, Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті жанынан әдеби клуб ашып, қаншама таланттардың шығармаларын талқылауға мұрындық болды. Олардың шығармаларын Шерхан Мұртаза басқарып отырған “Лениншіл жаста” бет-бет етіп жариялатты. Әдебиетіміздің өсуіне, қанатын кеңге жайып өркендеуіне, жастардың пісіп-жетілуіне ұланасыр тер төкті. Біздің бұл сөзімізді сол бір әдеби жылдарға куә болған бірде-бір адам, анық бір пиғылы басқа біреу болмаса, жоққа шығара алмайды. Әттең, адам жадындағы сөз бен сурет сол сәтінде қара тақтаға жазылған бордай боп айқайлап тұрады да, көп ұзамай сүртіліп кететіні бар. Сол өкінішті. Олай дейтініміз, бүгінде Әбіш Кекілбайұлының сол кездің өзінде-ақ қыруар шаруаның басы-қасында болғанын біреулер айтады да, біреулер біле тұра айтпайды. Не болғанда да, ол өзінің білгір-білімдарлығымен, қай мәселенің де түп-тамырын қопара сөйлеуімен, әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерін жан-жақты меңгеріп игеруімен қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне үлкен ықпал еткенін қадап айтқымыз келеді. Осы орайда сол жылдары Әбіш Кекілбайұлын бізден жақынырақ білетін, не нәрсеге де бұлтақтатпай, әділ баға, дәл жауап бере алатын Герольд Бельгердің “Кейбір өрекпіме тұрғыластарымыз өзгені тыңдаудан гөрі өзінің ішіне сыймай жүрген ойларын жариялауға асығып жар салып жатса, бұл ерекше байсалды мінезбен бұрын біз естіп білмеген кейбір кітаптар мен авторларды алдымызға көлденең тарта бастаушы еді, сонда біздің арамыздағы небір даукес- білгіштеріміз де бәсеңсіп қалатын” деген сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік.
Енді Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық өміріндегі ең басты кезең, жазушылық кезеңі басталды.
Мен өз басым Әбіштің прозасымен алғаш рет 1964 жылы “Жұлдыз” журналында жарияланған “Ажар” триптихы арқылы танысқан ем. Әдебиеттегі өзінің орнын әрі ақын, әрі сыншы ретінде белгілеп алған ағамыздың аяқ астынан жазушылыққа ауысып кеткенін көрген біз, алғашында абдырап қалғанымыз рас. Әсіресе, бұл өлең жазатын, жазғандарын сиясы кебер-кеппестен, екі күннің бірінде, алдына апарып қаратып жүрген мен сияқты бозөкпеге тіпті де тосын оқиға еді. Алғашқыда жақын ағам, ақын ағам деп жүрген адамым ойда жоқ жерден ірге көтеріп басқа жаққа көшіп кеткендей халде болғаным рас. Ол кезде мен Әбіш Кекілбайұлының өзінің ең құнарлы топырағына тамыр салғанын қайдан білейін.
Шағын-шағын үш әңгімеден құралған “Ажарды” бас алмай оқып шықтым. Әрине, авторлық кіріспедегі “Бәрінің де басты каһарманы — Ажар, тіршілік ажары– әйел.
Бомбадан бастап, бейбастақ қалжыңға дейін адамның адамға істейтін қиянатының қай-қайсысына да тәнімен, жанымен, бүкіл болмысымен күйзелетін тек әйел ғана” деген сөздерді шолып шықтық. Үш әңгімені оқып бітіргенде кіріспедегі осы бір шағын пікірдің растығына одан сайын көзің жете түседі. Әсіресе, маған триптихтағы алғашқы әңгіме “Көз жасы” қатты әсер етті. “Таң әлдеқашан атқан. Тор-тор керегенің көзінен ескен тау бойының шық-шыламды салқын лебі жылы көрпеден тұра берген Нұртайдың денесін дір еткізді,”– деп басталатын ол әңгімеден әп дегеннен әлде бір ызғар лебін сезініп, әрі қызыға, әрі құныға оқып шыққаным есімде.
Бұл әңгіме — соғыс салған лаңның құрбаны болған әйел тағдыры, ана тағдыры туралы, сондай-ақ қаперсіз өсіп келе жатқан балауса балғынның сүйегіне ғұмыр бойы таңба боп түсер қасіреті жайлы әңгіме. Әңгіме кейіпкері Ажар Құдай қосқан қосағынан өлідей бір айрылып, аз күн болса да, жанына медеу болған жаннан тірідей екі айрылып, солардың күйініші мен өкінішінің орнын толтырғандай боп қылтиып өсіп келе жатқан көз қуанышы құйтақандай ұлының әлдеқандай оспадар біреудің сұрқия, сұмпайы сөзінен жәбір-жапа шеккенін көріп мүлде жасып, орнынан тұра алмастай болып омалып отырып қалады. Үміті қырқылып, жарығы сөнгендей болады.
Ал бала тағдыры одан да ауыр. Жанқожаның баласымын деп жүрсе, тіпті де олай емес екен. Жанқожа опат болғаннан кейін туыпты. Оны ожар Сәбиттен есітті. Мына бір үзіндіге көз тоқтата кетейік. «Үн қата алмай сазарып қалған анасының Сәбиттен өшін қайтармайтынын Нартай түсінді.
Ертесіне ол тағы мазақтар деп мектепке балалардың ең соңынан кешігіп келді.
Класқа кіре бергенде мұғалім:
– Неге кешіктің? — деп сұрады. Өңі жылы. Нұртай үндеген жоқ. Мұғалім журналды алды.
– Жарайды, атың кім?
– Нұртай.
– Фамилияң?
Нұртай үнсіз.
– Фамилияң кім? Көкеңнің атын айта қойсаң болады.
Бала жалт бұрылып есікке зыта жөнелді. Мұғалім аң-таң. Нұртайдың столдың үстінде қалып қойған дәптерінің бетінде екі тамшы жас мөлдірейді”. Көз жасы! Бұл көз жасы, енді оның ғүмыр бойы жанын жегідей жеп, тамағына кептеліп өтетін құса жасына айналмақ. Қандай аянышты тағдыр!
Әбіш Кекілбайұлы прозадағы өзінің тұңғыш туындылары осы “Ажар”триптихы мен Құрманғазының түрмеден құтылып еліне жол тартып келе жатқан көңіл- күйін суреттеген “Аш бөрі” арқылы-ақ қазақ әдебиетіне жаңа леп, соны серпін әкелген- ді. Көп ұзамай жаңа әңгімелер мен жаңа хикаяттар дүниеге келді. Ол шығармаларында сексен сеңгір, қырық қатпардан тұратын адам жанының ұңғыл-шұңғылына үңіліп, оны бүкіл болмыс-бітімімен әрі бояулы, әрі ажарлы көркемдікпен көрсете білген жас жазушыға деген ылтипат бұрынғыдан да арта түсті. Әсіресе, оның қыртысына түрен түспеген тың жердің құйқасы аударылған қара топырақтай құнарлы тілі кім- кімді де тәнті еткені сөзсіз.