Мыңбай Рәш – 90 жас!
БАТЫРДАН АЛҒАН ҚОЛТАҢБА
Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы хақында эссе
Сәті түсіп Баукеңмен етене танысуым елуінші жылдардың орта тұсынан басталған еді. Сол жылдары мен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш». – М.Р.) газетінде әдебиет және өнер бөлімін басқаратынмын. Ол кезде газет редакциясында Сапар Байжанов, Кәкімжан Қазыбаев, Мұқан Мамажанов, Хайдолла Тілемісов іспетті танымал журналистер қызмет атқаратын-ды.
Қызыл шырайлы, дөңгелек жүзді, толықшалау келген қой көзді, отыздан сәл асқан ақ жарқын келіншекті бәріміз сыйлап, «Жамал апай» дейтінбіз.
Жамал апай қолы ашық, өзі ақ жарқын мінезді, қарапайым адам еді. Мұндай келіншектер өзге жерлерде де көп қой дерсіз. Ол да жөн делік. Десе де, Жамал апайдың орыны айрықша бөлек. Машинистка болып істейді. Материалды қас қаққанша басып тастайды. Оны айтасыз-ау ешбір өзгелерге
ұқсамайтын мінездері көп.
– Мына материалың көңілдегідей екен!..
– Осыған да менің басымды қатырып… – деген сияқты көңілдегі сөздерін лақылдатып айтып тастайды.
Жамал апайды тәптіштеп айтып отырғаным және де жұрттың оны жапа-тармағай сыйлайтыны, ол атақты батыр ағамыз Бауыржан Момышұлының зайыбы екен. Баукеңді өзі де мақтан тұтып марқайып жүретін. Батыр ағамыз да «арыстанды тырнағынан таниды» дегендей, жаңылыс баспай Жамал апайды жар етуі тегін емес екен деген ойға қалдым.
… Бір күні Жамал апай жұмысқа келмейді.
– Жамал апай қайда?
– Неге келмеген?.. – редакция қызметкерлері абыр-сабыр болды да қалды.
– Бүгін келмейді, көршілес «Қазақстан пионері» газетінің машинисткасына барыңдар. Келісілді, – деді әдеттегідей асықпай баптап сөйлейтін Кәкімжан.
– Неге келмейді?
– Ауырып қалғаннан сау ма?..
– Жо-ға, – деді Кәкімжан, – Бауыржан аға отставкаға шығып еліне оралып келе жатыр!
…Поезд екінші Алматы вокзалының перронына әдеттегідей уақытында келіп тоқтай қалған. Қара-құрым халық Баукеңді шоқ-шоқ гүлдерін құшақтай тағатсыз тосып тұрған-ды. Бір сәт басында сұр папахасы бар, сұр шинелді полковник әскери ізет білдіре вагоннан түсе берді.
– Баукем! – деп алдымен Жамал апай тұра ұмтылды. Қасында соғыс басталған жылдың қазан айында дүниеге келген Баукеңнің жар дегенде жалғыз ұлы Бақытжан.
Баукең Бақытжанды орнынан көтеріп алып бауырына ұзақ басып бетінен сүйіп, маңдайынан иіскеп қатты сағынғаннан көзінен жас ыршып кетті.
– Құлыным! Ботам!..
Баукеңнің шағын ғана екі бөлмелі үйі болатын. Бұған дейін талай рет барып Жамал апайдың қолынан дәм татқанымыз бар-ды. Мұны сол кездегі қаршадай бала, қазіргі дыңдай жазушы-журналист Бақытжан Бауыржан баласы Момышұлы жақсы біледі.
Баукеңдермен бірге тек Кәкімжан Қазыбаев қана кетті. Өйткені ол сол үйде тұрып жатқан. Қалған жігіттер Баукеңді перрон басында көргенге мәз болып үйді-үйімізге тарастық. Кейін редакция жігіттері өзіміз ұйымдасып оны-мұны, гүлімізді құшақтап Баукеңнің үйіне бардық.
– Рақмет, жігіттер, рақмет! – деп Баукең ризашылығын білдірген.
Дауысы айрықша, ешкімге ұқсамайды. Ашық та күшті, анық естіледі.
Сәл ғана қарлығыңқырап шыққандай. Ұзақ жылдар майдан тәртібіне кәнігі болып әрі шылым шегетіндіктен шығар, сірә. Анда-санда: «Бәйбіше «сөйт», «бүйт», – деп бұйыра сөйлеп қойып отырды.
… Кейін арада көп жылдар өткен соң, Баукеңе сәлем бере барып кездескенім бар. Жаңылмасам қазіргі Наурызбай батыр мен Қазыбек би көшесінің бойындағы үш қабат үйдің екінші қабатында тұратын.
– Майдандас достарым туралы естеліктерімді үлгіргенімше жазып кетуге тырысамын, – деп қойды Баукең. – Әй, уақыт жете қоймас-ау, – дейді біресе…
Солай болды да. «Төлеген Тоқтаров», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлерін» сол жылдары жазды. Ал «Ұшқан ұя» хикаясы үшін ол Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бауыржан аға Панфиловты айрықша қастер тұтатын.
– Ол жай генерал емес, генералдың генералы, – дегені есімде қалыпты.
Баукең адам өмірінің күрмеуге келмейтін жіптей қысқа екенін шынында да сезгендей екен ғой. Жазып үлгірмей кеткен қолжазбалары, қойын дәптерлері, болашақ шығармаларының нобайлары бәрін көзі тірісінде жақсы көретін келіні Зейнепке қалдырып кеткенін кейін білдік.
* * *
… Баукеңнің үйі толған адам. Бәрі де көңілді.
– Баукең үшін!
– Қазақтың хас батыры үшін!
– Жаңа лауреат үшін!..
Жүрек жарды сөздерін бірінен-бірі асырғысы келіп жатқан жұрт. Бұл отырыстың да үлкен мәнісі бар. Бауыржан Момышұлына соңғы жазған шығармасы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілген. Сол үшін жиналып ақ тілек айтушылар ағылып келіп жатқан. Өзіне деген қошеметті асылы Баукең онша ұната қоймайтын. Десе де көпке не істейді.
… Жазушылар, ғалымдар бірінен соң бірі сөйлеп, тост көтеріп жатыр. Нұрғиса алып домбырасын кеудесіне, тізесіне тенор домбырасын қондырып алып әлгінде ғана «Аққу» күйін қиқулатып тастап еді.
– Ой, жарайсың, Нұрғиса!
– Өй, пері-ау, өзі домбыра тартқанда құлағында ойнайды-ақ!..
– Жә, – деді әлден уақтытта Баукең, – енді анау шетте отырған Жамал апасының бір баласы сөйлеймін деп отыр, – деп маған қарады.
Мен «Жазушы» баспасынан таяуда ғана жарық көрген әлі сатуға түсіп үлгірмеген көлемі шағын қызыл тысты кітапшамды жұртқа көрсеттім де:
– Мынау «Батыр – дастан»… Баукеңдердің ерлігі хақында осы кітапты сыйлауға рұқсат етулеріңізді сұраймын, – дедім.
– Е, жөн екен, әбден болады, – десіп жатыр өңгелер. Мен Баукеңе кітабымды ұсындым.
Ол:
– Мыңбай, сен осы дастаныңнан қысқаша үзінді оқып бергін, – деді жұрт дуылдап кеткен еді, – тише!.. – деп Баукең дауысын қаттырақ шығаруы сол екен, отырғандар құлаққа ұрған танадай тына қалды. Қолыма мен де домбыра алып кірісіп кеттім:
«Кәусардай шым-шым қайнап шыққан тастан
Бұлқынып буырқансын Батыр – дастан.
Ерлігін дауылды жыл шерткен ердің
Өрлігін жүр ем көптен айта алмастан.
Ардагер Армияның атыменен
Атылған сиқыр салют отыменен.
Аспаным алқа тақса лағыл маржан
Желпініп жеңіс жырмен отырмын мен», –
деп бастай беріп едім, Баукең:
– Короче, генералға таяғын, – деді.
Мен сасып, абдырап қалдым да жалғай бердім:
«Есімде түбіндегі Москваның
Ажалдың ысқырығы, ащы жалын.
О, ерлер, Ресей кең,
Жол жоқ артта
Тажалдың танкін қарсы бастырмадың.
Есімде зеңбіректер гүрсілдері,
Қас жаудан қалған каңқа, құр сүлдері.
Генерал Панфиловтан айырылғанда,
Майталман майдангерлер күрсінгені…»
– Встать! – деді Баукең, жұлып алғандай орнынан атып тұрып. – Генерал бір аунап түссін, сол үшін алып қойыңдар!..
– Әу, генералды айттың, біздің Баукеңді неге айтпайсың? – деді залдан біреу.
– Айтамын.
– Сөзді бөлмеңдер! – деп Баукең иегін көтерді. Мұнысы жалғастыра бер дегені еді.
«Айқастың арқалаған ауыр жолын,
Ағындат ақбоз атпен Бауыржаным.
Қиында қара нардай қайыспас ер,
Қашанда саған риза бауырларың.
Жасақтап отызында полкті өзі,
Жау-жүрек Жуковқа да жолықты өзі.
Бес рет жау құрсауын талқан қылып,
Қайтарып Крюковоны алыпты өзі!»
– Паһ! Жарайсың! – десіп көңілімді бір өсіріп тастады отырғандар.
– Саған рақмет, қаламың мұқалмасын! – деді Баукең, – мен Ұлықпан Хәкімнің бір жасын жасағандай әсерде болдым.
… «Батыр – дастанымды» баспаға ұсынбас бұрын Баукеңе оқып берген едім. Ол сәл үнсіздіктен кейін:
– Бас жағы мен аяқталар тұсы ұнайды, ал соғыс картинасын баяндайтын жерің чепуха, – деген-ді. – Сен өзің соғыстың өзі тұрмақ маңайын да көрмегенсің ғой, сірә!
– Солай, Бауке, – деп желкемді қаси бергем.
Баукең маған көптеген ақыл-кеңесін айтты. Тіпті қалай суреттеу қажеттігін көз алдыма елестетіп «Мықтап ойлану керек», – деді. Өз кітаптарын сыйлады.
– Александр Бекті оқып па ең, – деді ол.
– Оқығам… «Волоколам тас жолын» айтасыз ғой…
– Жарайды. Өңдеп, жөндеп біткен соң және бір соғарсың. Бірақ алдына ала телефон дызылдат!..
Арада бірнеше ай өтті. Мен жатпай-тұрмай қолжазбамды жөндеу үстіндемін. Прозадан гөрі өлең жолдарын түзеу, қайта жазу қиынның қиыны. «Баукеңе қалайда ұнайтындай етіп шығаруым керек!». Осы аманатты ақтай аламын ба? Түнгі ұйқымды төрт бөлемін. Айлап кітаптар оқимын. Републикалық Орталық архивтен соғыс кезіндегі құжаттар мен қолжазбаларды қарадым. «Бауыржан Момышұлы КРОЛМА 1932 қор. 2-тізбе, 96-іс». Баукең қолжазбалары мен хаттарын мұрағатқа тапсырған екен. Сол тұста:
– «Батыр – дастанды» қашан бересіз, егер айдың аяғына дейін тапсырмасаңыз, жоспардан шығарып тастаймыз, – деп баспа қызметкерлері де зәре-құтымды алды.
Тәуекелге бел байлап аяқтадым-ау. Дереу Баукеңмен хабарластым.
– Келесі аптаның сәрсенбісінде түстен кейін келерсің, – деді ол.
– Құп болады, – деп қуанып кеттім.
… Айтқан күні қазіргі Әйтеке би мен Достық даңғылы қиылысындағы он бір қабат үйде ұлы Бақытжан, келіні Зейнеп бәрі бірге тұрады екен. Есік қоңырауын шырылдаттым. Баукең халатын желбегей жамылып алыпты. Өз бөлмесіне қарай ертіп жүрді. Қабағы сынықтау сыңайы байқалады.
– Мына жерге отырғын, – деді ол креслоны нұсқап. Шағын бөлме. Терезе алдына таяу жазу столы тұр.
Мен дастанымның соңғы өңделген нұсқасын оқып отырмын.
– Сен басты қатырмай, ана жолы оқыған тұстарыңды қайталамай келмей тұрған жерлерін оқығын, – деді Баукең.
Солай еттім. Баукең үнсіз басын изеп қойып отыр. Мен оқып болдым, сәл үнсіздіктен кейін:
Жарайды, икемге келіп қалған түрі бар, – деп келте қайырды да, сәттілік тілеп қолымды қысты.
* * *
Кеңес Армиясының Ұлы Отан соғысындағы даңқты Жеңісінің жиырма жылдығына орай Баукеңнен интервью алып отырғанмын. Бұл 1965 жылдың мамыр айының басы болатын. Газетке кем дегенде бірер апта бұрын материал дайындалатыны белгілі ғой. Уақыты қысылтаяңдау екен. Сол жайды ескеріп сұрақтарымды алдын ала әзірлеп, қысқаша қойып отырмын. Баукең де әрі қысқа, әрі нұсқа – нық-нық сөйлеп отыр.
Астанамыз Алматыда соғыс басталған жылы құрылған 316-атқыштар дивизиясы Қазақстанда жасақталған әскери құрамалардың «пионері» десе де болады. Иван Васильевич Панфилов басқарған бұл дивизия бөлімдері аз уақыт ішінде алдын ала дайындықтан өте сала, тамыздың 18-жұлдызында
майданға аттанды.
Қасиетті елімізді қорғауға аттанған бізді қала тұрғындары кайраттандыра оркестр үнімен шығарып салды. Бізге тек Жеңіспен оралыңдар деп аманат жүктеді…
– Сен Батыс майданның 16-армиясының сол кездегі қолбасшысы болған генерал-лейтенант, қазіргі маршал К.К. Рокоссовскийдің Москваны қорғаған 316-шы біздің атқыштар дивизиясының қолбасшылары хақында жазған естелігін оқыдың ба? – деп сұрады Баукең.
Мен шынында оқыған жоқ едім.
– Аз оқисыңдар, жігіттер, – деп Баукең мін таға сөйледі де ойын жалғастырып кетті.
«– Мен генерал Панфиловпен, – дейді Рокоссовкий, – оның командалық пунктінде кездестім. Біз оның құрамасының қимылына орай басты мәселелерді талқыладық. Иван Васильевичпен арадағы әңгіме зор әсер қалдырды. Мен білімі терең, тәжірибесі мол, зерделі командирмен істес екенімді байқадым… Генерал Панфиловты бірден түсініп, ұнаттым. Зор сенім арттым. Қателеспеген екенмін…»
… Маршал Рокоссовский «Солдат парызы» атты естелік кітабында Панфилов жайлы осылай жазады.
– Біз Москва түбіндегі шайқаста ерлікпен күрестік. Қасық қанымыз қалғанша табан тірестік. 1941 жылдың 17-желтоқсанында «Сегізінші гвардиялық дивизия» деген құрметті атаққа ие болдық. Дивизия негізінен қазақтар мен қырғыздардан тұрады. Орыстар 20 проценттей ғана еді… 1941 жылы қазан айында Батыс майдан әскерлері құрамына енген 239-шы атқыштар дивизиясы Тула қаласын жаудан қорғауда ерекше ерлік көрсетті. Бұл құрама Семей қаласында жасақталды. Кейін Калуга түбіндегі қиян-кескі ұрыстарға да қатысты. Дивизиялық бөлімдер, Тула-Москва жолына шықпақ болған жаудың 260-шы жаяу әскер дивизиясына күйрете соққы берді.
Баукең араб әрпімен маржандай тізілген күнделік дәптеріне және бір қарап қойды да, сөзін одан әрі жалғастырды.
– Иә… ойсырай жеңілген жау біздің қазақстандық дивизияны «Сібірдің тағы дивизиясы» деп атағаны есімде. Осы дивизияда қазақтың әйгілі батыры Аманкелді Имановтың үлкен ұлы Рамазан Амангелдиев те бар-ды. Ол қатардағы автоматшы болатын. Күзгі айқастардың бірінде ерлікпен қаза тапты.
– Рамазанның маңында жаудың отыз солдатының өлігі жатты, – деді майор Артемьев деген, Бородино селосында қаһарман қазақ батыры зиратының басында сөйлеп тұрып.
… Баукең генерал Панфилов туралы, оның жау-жүрек қолбасшылығына қоса, адамгершілігі мол қадыр-қасиеттері жайлы тебірене сыр шертті.
– Қайран генералым-ай! Топырағың торқа болғай, – деп сәл көңілі босағандай еді.
– Рақмет, Бауке. Сіздің әрдайым біздің арамызда жүруіңізге тілектеспін, – деп мен онымен қоштасып шығып кеттім.
… Арада көп жылдар өтті. «Қысқа өмірді қызыл иттей қызғанған» зұлмат заман қырсығынан көзінің тірісінде алатын батырлық жұлдызы Баукең арамыздан кеткеннен соң ғана берілді. Оған да шүкір деген болдық. Заман озған, жер тозған сайын халқымыздың хас батыры Баукең бейнесі көз алдымызға кешегідей болып елестейді. Оның асқақ тұлғасы барған сайын биіктей түскендей.
Баукеңнің майданда жау-жүрек батыр екендігі өз алдына, ол соған қоса нағыз азамат, елім деп еңіреген ер еді. Казақ елінің тарихы, мәдениет, өнер мәселелері оның әрдайым көкейінен шығып көрген емес. Сондықтан да болар ол әйгілі ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, ғалым Есмағамбет Ысмаилов, журналист Құрманбек Сағындықов, қазақтың өзге де зиялы азаматтарымен хат жазысып тұрған. Қиын-қыстау кезеңде өлім мен өмір арасында жүріп елінің тарихына, оның болашағына ой жүгіртіп көптің мұңын мұңдауы да ерлік емес пе!?
Енді сол бір кезеңнің куәсіндей Баукеңмен жазысып тұрған бірер хаттардың көшірмесін беруді жөн көрдім. 1943 жылы әдебиетші ғалым Есмағамбет Исмаилов Бауыржан Момышұлына арнайы хат жолдап халқының азаттығы жолында айқасқа шығып, ел бірлігін қорғаған Абылай хан, Кенесары іспетті хас батырлар хақында сыр шертеді.
Есмағамбеттің хатына Баукең қатты риза болады. Тарихи шындық үшін шыңғырған ғалым дауысын естігендей болады. Үш әріп дәурендеген зұлмат заманда осындай өрелі мәселе туралы ой тербеу екінің бірінің қолынан келе бермесі хақ.
«Құрметті Бауыржан жолдас!
Амандық-саулығыңызға, ізгі іс-даңқты ерлігіңізге тілектес, қошеметкей бір жолдасыңыздың сәлемін қабыл алыңыз. Сізді мұндағы дос-жаран, ел-жұртың түгел құрмет етіп жақсы көреді, майдандағы жауынгер жолдастарыңыздың аузындағы, хатындағы ең жақсы сөздің біреуі сізге арналады. Сіздің майдандағы ұрыс үстіндегі ерлігіңіз, командирлік басшылық істеріңіз, әрине, көп жолдастарыңызды сүйсіндіреді. Бірақ ондай қасиет көп командир, көп жауынгердің бойындағы ортақ қасиетке айналып барады, олай болса басқаларда болмайтын, қайталамайтын өзіндік, даралық қасиет қайсы? Білген жолдастардың, жазған хаттардың бәрінде де бір жайды анықтап отырады. Ол қатал қайрат иесі деген сияқты. Мен осындай адамдарды әр уақыт өткен тарихымыздан ғана тауып, қазіргі замандастарымыздан кездестіре алмай отырған едім. Қатал қайрат иесі адамдар деп тек өжет, мықты, батырлар емес, ақылы, айласы қайратына сүйеу болып отыратын, қиын-қыстау күндерде, қырғын соғыс үстінде ел-жұртын, әскерін тас қамау, тар құрсаулардан абыржымай алып шыққан қолбасы, мемлекет қайраткерлерін айтамын. Мұндай қасиеттерге қазақта Абылай мен Кенесары ие болды. Мен қазақтың тарихын мұншалық қазбалап тексеріп жүргенімде неше түрлі ұлы адамдардың ішінен осы екеуін жеке-даралап қарап, бағалап жүрдім. Қолымыздағы «Қазақ тарихы» деген кітаптың Кенесары деген бөлімін негізінде мен жаздым да, ал Абылай туралы бөлім Мұхтардың редакциясымен жазылды. Осы екеуінен басқа атақты батырлардың қай-қайсысы болсын қайрат, жігер иесі болғанымен, бүкіл елді соңына түгел ертіп әкететін қатал қайратқа ие бола алмады. Кенесарыдан кейін қазақ халқы патшаның отарына айналды да, өгей бала сияқты, жалтақ, қоркақ, өзі билеп бастап кете алмайтын жасқаншақ халде болып келді, үнемі біреудің аузына қараумен болды ғой. Октябрь революциясы ондай жалтақ болудың қандайынан болсын азат етсе де, көп уақытқа дейін бойға сіңіп қалған жалтақтан, жағымпаздықтан көп адамдарымыз арыла алмады, жақсы, адал жолдастар көп болғанымен, қатал қайратымен жарқ етіп әлеумет майданында көрініп, бүкіл қазақ еліне танылатындай болмады. Бізде қазір осы заманның соғыс өнеріне жетік жауынгерлер жеткілікті, ғылымның, көркем өнердің, шаруашылықтың барлық саласында жетіліп жатқан адамдарымыз да аз емес, бірақ мемлекеттің саясатына қуат, жігер беріп отыратын қатал, қайратты қолбасыларымыз жоқ. Кешегі 40 жылдай Сарыарқаға төніп келген жауларды беттетпей, қазақты ел қылған атақты хан Абылайдай ардагер, он жыл бойы ұлы Ресей империясымен жеңілмей соғысқан батыр қолбасы Кенесарыдай ұлы адамдарымызды бүгінгі біздің тарихымыз күтіп отыр. Мен хатымды сол өткен ұлы адамдарымыздың көзін дәл таппағаныммен, бейнесін, соларға ұқсас жарқын сәулесін көрсем-ау деп жазып отырмын.
Рас, бізге қатал қайрат иесі адам керек. Неге? Біздің халқымыздың ерлік, адалдық, намыскерлік қасиетімен қатар алтыбақан алауыздық, бірін-бірі күндеушілік, өскенін күндеп, өшкенін жерлеу сияқты теріс сыяпаты да бар ғой. Өткен ғасырдағы біздің игі жақсыларымыздың бір ауыздан қақсап кеткен бір сөзі «ау, қазақ жұрты, алауыздығыңды жой, бірлік қыл, біріңе-бірің сүйеу, қошеметкей бол» деген еді. Бірақ жайлы айтылған сөзді жақсы көретін жұртымыз ұқпады. Осыған күйініп, қандайлық ауыр сынды Абайдың айтқаны есімізде. Мұндай жағдайда елді біріктіріп әкететін мықты, қатал қайрат иесі адамдар ғана тура жол тауып кетті. Қазақтың айбынды ер-азаматы қанды қырғын үстінде мінез-құлқын тамаша түрде өзгертіп, ел-жұрты, елінің бірлігі, әділдігі, келешегі туралы талай жақсы, игі ой-қасиеттерді бойына сіңіріп жатқандығы сөзсіз. Бірақ соларға қатал қайрат иесі адамның басшылығы керек. Қазақстанда Суворов, Кутузов, Жуков сияқты қолбасшылар шыққан, әлі де шығуға тиісті.
Қатал қайрат иесі адам ел-жұртын басқалардан артықша жан-тәнімен сүйетін нағыз патриот болады. Қазақты ауызға анда-санда бір алып, Аманкелдіні қосып айта салатын бірлі-жарым сөзден ел-жұртын жақсы көргендік тумайды. Мен сіздің қазақ әдебиеті туралы хатыңызбен жақсы таныспын, онан соң Оңдасынов жолдасқа жазған қазақтың ескі әдет-салты туралы хатыңыздың нендей мәнмен жазылғанын сырттай естіп ұқтым. Мұнда елінің келешегі, бүгінгі игілігі үшін шын жаны ашыған адамның сөзі айтылған. Қуанып, сүйсініп қабыл алмасқа шара бар ма, мұндай батыл, әділ, тура сөздерді. Бұл жалтақ емес, жағымпаздықты білмейтін қайрат иесі адамының сөзі ғой. Біздің бұл пікірімізді талай айтып та, естірте де алмай жүретін болсақ, сіздердің тарапыңыздан толық мақұлданып, мәселенің өзі барлық жағынан егжей-тегжейіне дейін талданып айтылуы ұлы игі істерімізге қандай қуат береді. Әдебиет, қазақ тарихының талас мәселелері жайындағы сіздің және Мәліктің хаттарының қаншалықты практикалық мәні болғандығы, әсіресе қазақ тарихы жазылған кездер айқын көрінді. Майданда жүріп сіздер бізге өлшеусіз орасан зор жәрдем көрсетіп отырсыздар. Мен өткен жылы қазақ тарихын жазу жөніндегі қиындықтар, бөгеттер жайында Мәлікке мұнымды айтып хат жаздым. Артынан Мәліктен тиісті орындарға толық хат келді, даулы мәселелер толығынан менің пайдама шешілді. Мәлікке хат жазарда кейбір тарихшы Кенесарыны, Абылайды, әз Тәукені – халықты қанағыш, феодал, қанішер деп көрсетіп жазған еді, хаттан кейін пікір өзгеріп, өзіміздің қасиетті ата-бабамыз туралы әділ, шындық сөзді айта алатын дәрежеге жеттік. Сондай даулы мәселелеріміз, әрине, бізде әлі де көп.
Оңдасынов жолдастың қабылдауында осы өткен қыста екі-үш рет болғанымызда, ол кісі қазақтың ескі әдет-ғұрпының, салттарының жақсы қасиеттерді қалпына келтіру, жаңарту жөнінде жақсы пікірлерді айтып отырды, оның негізі сізден айтылып жеткенін кейін білдім.
Мен өзім қазақтың өткен сән-салтанатын, жақсы әдет-ғұрпы, ерлік қасиеті, ұлттық салты жөніндегі пікірлер айтылса, ішкен асымды жерге қойып, дамыл көрмей соған беріліп кететін адамның бірімін. Мұным жай мақтаншақтық емес, сол мінезім үшін әр мезгіл өзімнің жағымпаз жолдастарымнан қатты сөздер де естім жүремін, Мәлік жақсы біледі. 1939-1940 жылдардағы Кенесарының басын аршып алу жөніндегі біздің жанталасқан айтыстарымыз болды. 1939 жылы «Қазақстан большевигі» журналының 8-ші санында Якунин дегеннің Кенесары туралы мақаласы басылды. Онда Кенесары ұры, қанішер, қазақ тарихындағы барып тұрған оңбаған адам деп жазды. Мұны қазақтың кейбір басты жазушылары да мақұлдады. Міне, осы тарихқа лас, кір жұқтырушылармен қатты айтысты ұйымдастыруды қолға алып, филиалдар, Орталық комитетте бірнеше рет баяндама жасадым, мұны Мәлік, Мұхтар, Әбділдә, Әділгереев, Сәрсен Аманжолов, тағы басқа жолдастар мақұлдап, ақыры жеңіп шықтық. Міне, осы айтыстың кезінде екі-үш ай бойы ұйқы, күлкі көрмей азып-тозып, архивтің арасында отырып, барлық нервіні тоздырып жүрген кездер болды. Сол не үшін еді? Ата-бабаның жақсы қасиетіне кір жұқтырмау үшін ғой. Мансаптың, өңештің, мақтанның құлы болсақ, 100 жыл бұрын өліп қалған Кенесарыда не жұмысымыз болар еді. Сұлтанмахмұттың, Қарашевтың, Шернияздың бастарын аршып алу жолындағы айтыс-тартыстардың шегі жоқ, оның көзінің шет жағасын Құрманбек жақсы біледі. Қысқасы, біздің мәдениет, тарих майданымызда күрес тартыссыз емес, осындай тартыс үстінде сіздердің айтқан әділ, тура, батыл сөздеріңіз игілікті ісімізге мейлінше жан бітіреді. Қамқорлық, әділдік сөз айтқан жолдастарымызды қалай дос демессің!
Әркім де өз отанын сүйеді. Еркіндік алған қазақ халқы да отаны үшін барлық жанын аямайды. Сонымен қатар өзінің туған ұлтын, халқын сүйеді. Қазақтың тіліне, әдет-салтынан жиіркеніп, өзінің орысша оқып-біліп кеткеніне мың мәртебе шүкіршілік айтып қуанып «жетіліп» кеткен қазақтың жігіттері аз емес. Олар – қазақтың ана тілі неге керек, орыс болса да жарайды ғой, мақтан қыларлық не бар бізде, бұрын түгелінен қараңғы, айуан сияқты болып едік, сол айуандықты күлкі етіп несіне айта бересіңдер, осы надан қазақты көрмесем екен дейтін сабаздар бізде аз емес, міне, мұндайларға ақыл айтудың қажеті жоқ, қатал қайратты адамның өмірі, үкімі ғана қажет. Мұндай топастарды қатал қайрат иесі адамдарымыз лезде үйретіп беруге тиіс.
Қазақты жақсы көрген адам оның өткен күні мен бүгінгі күнін түгел айырып, жақсы білуіне тиісті, екеуінен де жақсыны, сүйсінерлік қасиетті табады, сынайтын, жек көретін мінді де табады. Қазақты жақсы көру үшін алдымен оның ерте күннен мемлекет, мәдениет, ел, жауынгерлік салты халық болған тарихын, мәдениетін жақсы білу керек. Өзінің ата-бабасының тарихын білмеген адам еш уақытта өзінің халқын толық жақсы көре алмайды. Мына тарихта әлі қазақтың бұрын-соңғы жақсы қасиеті толық, дұрыс айтылып жетілген жоқ. 100-ден бес проценті ғана айтылып отыр. Мысалы, Кенесарының қолбасылық әрекеті туралы мен тура бір кітап етіп жаздым. «Осы күнге дейін қазақ өз алдына мемлекет болып па? Сапын түзеген жауынгер әскері болып па? Революцияға дейін хат таныған ба? Баспасөзі болып па екен?» деген күдікті сұраулар қалмай келетін. Жалпылама «Октябрьге дейін мешеу, түгел сауатсыз, надан, даласы құлазыған меңіреу, құм арасында адам сияқты аш-жалаңаш көшіп жүрген» деген сөзді атап өте шығатынбыз. Сөйткен ел XVI ғасырда Қасымның тұсында бір жарым миллион әскер құрып, Еділден Зайсанға, Ертістен Тянь-Шаньға дейінгі жерлерге қазіргі жерімізге толық ие болып, сыртқы жауларды жеңіп, дүние жүзінде әйгілі ірі мемлекеттің бірі болды. Мына тарихта сондай бәрі болмағанымен, тұңғыш рет бірталайы айтылып отыр. Енді «қазақ надан, қазақ айуан» деген мырзалар не дер екен? Қазақтың тарихын бастан-аяқ әрбір адам біле беру емес, бірақ әрбір қазаққа мәлім ұлттың өткендегі жақсы салт мінездері көп қой – ат шабыс, айт, той, аңшылық, шешендік, зеректік, меймандостық сияқты адам баласына ортақ мұра боларлық қасиеттеріміз көп қой. Біздің замандастарымыз соларды жақсы көруден несіне ұялады, неге қаймығады?!
Жолдас Бауыржан! Менің әңгімем, бәлкім, тым өзімшіл, қазақшылдау болып кетуі де ықтимал. Сіздердің ой қиялыңыз осындай ел, тарих туралы емес, немістерді жеңіп шығуға арналған ғой. Бәрін айта беріп көңілдеріңді бөле бермейін. Жаудың қабырғасы қаусады, енді өлтіретін, құртатын ғана
күн қалды ғой. Қазақ жауынгерлерінің қазіргі даңқ атағы өрлей беруіне тілектеспін.
Хат жазған замандас жолдасың, қошеметкей інің.
(Есмагамбет Исмаилов)
Әдірісім:
г.Алма-Ата, Калинин №63, кв.38.
кеңсе: Кирова, 89. КФАН,
12/VІІ.1943 ж.»
«Ж. Есмағамбет!
Госпитальда жатыр едім, бүгін Құрманбек хатыңды әкеп тапсырды. Алдына мыңға тарта қой салып, нөкерлер ертіп келген екен – іс жөнінде тіл қатысқамыз жоқ – құр «аха-хау»-мен отырып аттандырдым.
Алматыдан келген сәлемдемелердің ішіндегі ең бағалысы сенің хатың болып отыр. Ежелден ойдағы сөздерді көкейге түсіре жазыпсың. Осында, майданда жүргелі бірнеше тәжірибелер ойлар түсірді, халықтың міні, сыны, қасиеттері анығынан айқын көрінетін жер қысылтаяң майданда екендігі сөзсіз, ол туралы сөйлеп, жазбауға кімнің дәті шыдап тұрмақ.
Уақыт, жағдай болмаса да шет-жағасы былтыр-биыл хат арқылы елдегі жігіттерге жазып едім, бірақ та ешқайсысынан жауап алғаным жоқ. Кейбір азаматтар менің хаттарымның мазмұнынан гөрі, қатты айтылған (резкие) сөздеріме көңіл бөліп «солдаттың мәдениетте қандай еншісі бар сенсіз-ақ күн көреміз» деген сияқты қысқа ойлармен шолынғанға да ұқсайды. Оларға: «Енеңді… сені де әкең ұлым депті ғой» дегеннен басқа не айтармын.
Кемеңгер жігіттерге ақыл айтудан мен аулақ, бірақ ойдағы нәрсе халық ісі болған соң жазғаным еді.
Біздің кейбір, әжептәуір адамсынған жігіттеріміз баспа бетінде, көптің алдында «біз қараңғы, жабайы, надан, сорлы едік… біздің дүниені танымаған, даланы жайлаған айуан қатарлы халық едік…», тағы осы сияқты бірнеше жалған, өтірік, өсек, қиянат-жалынышты сөздер айтып, ел еңсесін селге салып, жер етіп жүргендері аз емес, ондай жігіттердің ел сорына біткені сөзсіз емес пе?
Біздің бабамыз кімнен кем, кімнен сорлы еді? Мың жыл жасаған қазақтың ішінен ақылды, пайымды адамдар бүгінгі таңда ғана шығып па? Кемеңгерлік, данышпандық, ел қасиетін, бабамыздың аруағын тепкен тентектердің аузына қашан тыйым салынады?
Бабамыздың адамгершілігі, ерлігі, ақылы, сипат, салтанаты көп алдында әділ баға алып, немере-шөберелеріне қашан мақтаныш, тымсал мысал болып жұрт алдында еңсемізді қашан көтереді. Басқалар бабаларының аруағына сыйынып, бас ұрғанда, ондай міндетті борышымызды басымыздан атқаруға біздің ұялуымызға жол болсын?
Басқалар бабаларының мінез-құлқына, өсиет, ақылына, әдет-ғұрпына жаңа өспірім балаларды тәрбиелегенде, біз халық қасиетін, тарихын, мәдениет әдебиетін елден жасырып, архив пен филиалға тығып, сүрі еткеніміздің жолы қайдан шыққан әдепсіздік?
Ұялмай-қызармай консервироватъ ету – жастарға қара перде емес пе?
«Тағы осы қалыпта 10-20 жыл өмір сүрсек, казақты қазақ тарихы, әдебиеті, тағы басқа жақсы халық қасиеттеріне түсіндіру үшін тілмаш, переводчиктер керек болып, барлық тіл байлығынан айырылып, жап-жалаңаш шыға келмейміз бе?» деген ойға не себепті осы уақытқа дейін түспейді?
«Бояушы бояушы десе, сақалын бояйдының» кері келіп, ескіні естен шығарып, данаға басы айналған милауларымыздың таяқ алып, қой баққаны елге де, іске де, тарихқа да көп олжа болмас еді деген сияқты пікірлерді ойлаған майдандағы солдат (оның елге қайтар, қайтпасы екіталай) ойлағаннан кінәлі болса, «айып бізден, үзер, мәзір айтуға даярмын» деп айта алмаймын. Сөйтсе де, соғыс жағдайында жүріп, терең ойлап, мәселелерді бақайлап шешуге мүмкіншілігіміздің, уақытымыздың жоқтығын еске ала отырып, одағай сөздеріміздің кемістіктерін мойнымызға аламыз.
«Знамя» журналының 5-6 санындағы басылған Бектің повесін оқыған боларсың?
«В этой книге я всего лищь добросовестный и прилежный писец», – деп бастайды ғой Бек. Шынында солай – оның тарихын Сәбит ағайға жазып едім, оқыған боларсың?
Әрине, Бек олақ жазушы – ол көркем сөзге өте кедей, бірақ та ақ ниет, адал тырысатын кісі.
Кемістіктері негізінде көркемдігінде болатын, оны толығынан айқын көріп айтар, бірақ та оны толығынан Бектің кінәсі деп айтуға болмайды – ол айтқанды, жазғанды бұлжытпай қағаз бетінде реттеген, көркем етуге уақыты да, күші де жетпейді. Обалақ-сабалақ болса да рас, шындық күйінде басылғанын көп олжа деп білеміз – болашақта қолға алатын кісі болса көркем болуы қашпас.
Шығарманы майдандағылар таласып оқып жатыр, оның қазіргі қасиеті сол. «Мен» деп әңгімені менің атымнан жүргізуі – Бек мен айтқан сөздерді өз бойына сіңіруден ұялғандықтан болуы керек. Көркемсіздігінің бір себебі мүмкін содан шығар, солай да (менен майы тамған көркем сөз қайдан шықсын, менің мақсатым – болған оқиғаларды қағаз бетіне түсіру ғана).
– Бұндай қазақ майданда бар екеніне мен сеніңкіремеймін. Сізге тумағанды ойдан шығарудың қажеті не, – депті профессор Бекке оқып отырып.
– Қателесесіз, ақсақал, сенбесеңіз мына дәптерлер Бауыржанның өз қолымен жазылған – айғағым осы, – деп айттым дейді бір хатында Бек. Бұл хабарда мән бар хабар – орысша жазған дәптерлердің, айтылған әңгімелердің мақсатының үстінен түскен хабар болып отыр.
* * *
Майданда болған жазушылар Ивандармен әуреленіп, Тезекбай мен Ұлтарақтың ерлігі – «біздің Тезектің істері» деп жазуға жүрексінді де, ерлігі де жетпеді. «Жазуым Ивансыз болса, имансыз, ұлтшыл атанам» деген ойлар оларды үрейлендіріп шатыстырды.
Тезекеңнің ісін Терентиге қиянат жолымен алып берген күндер де болды. Сол себепті Тезекбайдың ісін Иванның өзіне баяндап, өзіне жаздыруды дұрыс көріп таптым. Иван әділ Иван. «Біздің Тезекең туралы Иван былай деп жазыпты» деп көр, алдында айтуға сен ұялмасын дегенім ғой.
«Личная гордость, национальная гордость – основа (дәнекер) содружества, братства, уважение и любви народов» деген тақырыпты айналдырып жүрмін. Түсінігім интернационализм шеңберінен тысқары көрінбейді: өз басын, ұлтын қадірлемеген азамат елге тұлға болмаса да, жат ұлт елдің қадірін адамгершіліктен тани да алмас, оны сыйлап, ізеттеп, құрметтеп те ала алмас деген ойдан, тәжірибеден шыққан тема ғой. Менің түсінігімнің дәнегі қысқасын айтқанда осы.
Мен жазамын… Бек те жазып жатыр, жаман, көркем емес деп атой салуға сыншылардың қолы тимегені оқиғаларды аяқтауға әжептәуір себеп болар еді.
Біткен соң Бекті іреп-союға уақыт та, күш те жетер. Әзірше, асықпастан, басталған нәрсені Бекке аяқтауға жәрдем беруден аянбаймын, жәрдем берушілерге рақмет айтармын. Әйтеуір жазыла берсін, жазылса түзетушілер табылар деген ниет қой.
Мұқаңа, Сәбитке арнап хат жазбаймын, оқып берерсің.
Бауыржан»
10.8.43ж. Кр.ОМА 1432-қор,
2-тізбе, 96-іс, 7-8-6еттер.
***
Осыдан жарты ғасырға жуық бұрын Баукеңнің ерлік жолын суреттейтін «Батыр-дастан» поэмам жарыққа шығысымен батыр акғамызға сыйға тарттым. Ол «Ел басына күн туса» айдарлы кітабын маған ұсынды. Қолтаңбасын арабша жазыпты.
Автографты оқи алсың ба? – деді ол.
Рәштің Мыңбайына ескерткіш ретінде… деп оқи бастадым. Баукең менің арабша (жәдитше) білетініме риза болып:
Молодец! – деп тікірейген мұртын сипап қойды. Басқалардың көбін бұл жағынан махрұм… дегені есімде қалыпты.
***
Баукеңнің жүз жылдық торқалы тойында ақын, Ауғанстан соғысының ардагері Бақытбек Смағұл маған батырды насихаттағаным үшін генерал-лейтенант Б.Ертаевтың қолы қойылған куәлік мен төсбелгісін ұсынды. Алматыға Б.Момышұлының көптомдығымен оралдық.
БІЗ ТЕСІП ШЫҚТЫ, ШЫНДЫҚ ЕСІП ШЫҚТЫ
(Рейхстагқа тұңғыш ту тіккен қазақтың хас батыры Рахымжан Қошқарбаев хақында эссе)
Оқыс соғылған телефон
Сол бір сапар көз алдымнан күні бүгінге дейін кетпейді. Осы уақытқа дейін ресми ақталмай жүрген аманат, жазылмай келген естелік. «Айтпаса сөздің атасы өледі», – демей ме қазекең. Иә, солай. Ендеше бір ауыз жалған сөз араластырмай басынан бастайыншы…
… Осыдан көп жыл бұрын Құрманғазы көшесінің бойында тұрған кезімде кешкісін телефон кісінеп қоя берді.
– Әлеу… әлеу… деген баритон дауыс естіледі. Бұл Мыңбай інімнің үйі ме екен?..
– Иә, иә, тыңдап тұрмын…
– Мен Рахымжан ағаң ғой, оқыстан мазалағанымды сөге көрме, – деді.
– Кәдімгі Рахаң… Рейхстагқа ту… дей беріп едім, – Иә, сол ағаң Қошқарбаев боламын. Екі бірдей ағаларым сенің кандидатураңды мақұлдаған соң, телефон шалып отырмын.
– О не дегеніңіз, Раха, бұйымтайыңыз болса айта беріңіз.
– Бұйымтайым сол – ертең Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында жолығатын болайық. Сағат азанғы 10 мөлшерінде. Ұмытпа! – деп ескертті. Неге іздегенімді жолыққанда айта жатармын…
Ертеңінде әрі жасы үлкен аға, әрі әйгілі батыр ренжіп жүрмесін деген оймен жарты сағат ертерек келдім. Әне-міне дегенше Рахаң да келіп қалды. Шағын бөлмедегі аумақты үстеліне жайғасып алған сол кездегі көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры майдангер-жазушы Қалмұқан Исабай буыршын тайып жығылатындай тақыр басын алақанымен бір сипап қалып:
– Ағалейкүмассалам… деп, біздің сәлемімізге орай алдымен Рахаңмен, сонан соң менімен қол алып амандасты. Бақсам, Рахаң екеуіміз он күнге Оңтүстік Қазақстан облысына іссапарға барады екенбіз. Бұл мамыр айының 6-жұлдызы болатын. Жеңіс күні қарсаңына байланысты екенін ішім сезе қойды.
– Саған хабарласып, үйіңнен таппадым. Іссапарға орай куәліктеріңізді және жол қаражатын бас есепшіміз Ибада Қонақбайқызынан аласыздар, – деді Қалекең.
– Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Аманолла Рамазановты білесіз бе? – деді Рахаң.
– Е-е… білем, министр болған кезінде сұхбат алғаным бар дедім…
– Онда өте жақсы болды, – деді Рахаң. Сол ағаң: «Өлкемізді аралап, аунап-қунап кетіңіз!» – деп, қолқа салып телефон шалған еді. «Көрерміз!» – деп құтыла салам ба деп едім, қайтара, хабарласып, «Жеңіс күніне орай» деген соң, келісімімді берген едім.
Оңтүстік өлкесіне сапар
Алматы-Мәскеу жүрдек пойызының жолаушыларға өте ыңғайлы екі кісілік купесіне жайғасқанбыз. «Тақ-тақ, тақ-тақ-тақ-тақ-таққа» басып болат рельспен құйғыта жөнелген темір тұлпар түн ортасынан аса бере қазіргі Тараз қаласының теміржол стансасына кеп тоқтай қалуы сол екен, біздің вагонға буын бұрқыратып бір табақ қазы-қарта, жал-жая салынған ет, неше түрлі ішімдіктерін салдыратып төртеу кіріп келді. Бірі жас мөлшері алпысты алқымдаған, самай шашын қырау шалған полковник шенінде де, қалғандары әр түрлі жастағы жастау жігіттер. Қырықтар шамасындағы ақсарғыш өңді бір әйел және бар. Пойыз небәрі 15 минөт аялдайды, кәне, ыстықтай тамақ алыңыздар! – деп қояды әлгі келіншек күлімдей қарап. Жаңылмасам аты Әсия-ау деймін.
…Жол бойы жата-жата көзімізге ұйқы тығылған Рахаң да, мен де нән табақтағы тамақтан бірді-екілі алғанымыз болмаса, пәлендей жеп-жарыта қойған жоқпыз. Онда да қошаметтеушілердің көңілін қалдырғымыз келмегендіктен.
– Мұндай кездесу жиі бола бермейді! – деді полковник алтын тістерін ақсита.
– Кәні, алып жіберейік. Рейхстагқа ту тіккен батыр ағаны көрем деген үш ұйқтасам ойымызда жоқ еді, – деген аласа бойлы, мығым денелі қара жігіт қалжыңдай айтса да, шын көңілін білдіріп тұр.
Рахаң хрустальді фужерге құйылған күрең коньяктан бір-екі ұрттап қоя салды.
– Сен де сілтеп қой, інішек! – деді полковник маған қарап.
– Азар болса, қасқа сиыр кетер! – деп, мен бір стөпкені түбіне дейін төңкере қотардым.
– О, жарайсың! – деп, маған күлімсірей қараған Рахаң: – Сені қосшыбалалыққа білгендей ерткен екенмін, – деді.
– Сыңараяқ болмай, және бірін, – деді жігіттердің бәрі қиыла өтініп.
Рахаң екінші фужерді ішпей, тек ернін тигізді де қоя салды. Сөйткенше болған жоқ стансадағылар:
– Құрметті жолаушылар! Пойыздың жүруіне бес минөт қалды! Абай болыңыздар! – деп айқайлайтын үйреншікті әдеттеріне басып жатты.
– Іштеңе жарытып ішпедіңіздер де, тамақ та алмадыңыздар, әттеген-ай, – деп келіншек өкініп жатыр.
– Уақасы жоқ жолда керек болады, – деп, полковник қаз-қатар тізілген саптағы жауынгерлердей шөлмектер мен тамақ атаулыны үстел үстіне дөңкитіп үйіп қалдырып кетті.
– Қайтарда хабар беріңіз, Раха! Тосып аламыз! – деп полковник Рахаңмен құшақтаса қоштасып жатыр.
– Жолдарыңыз болсын! – десіп жатыр қалғандары да сәт сапар тілеп. Әу басында пышылдай қозғалған состав бара-бара жер апшысын қуырғандай шапшаңдығына басты.
– Әлгі полковник Рейхстагқа таяу жердегі Шпрее өзеніндегі шайқаста менімен бірге талай жауларды жер жастандырған 150-атқыштар дивизиясының жауынгері Айдабол деген жігіт, – деп Рахаң сұрапыл соғысты ойына түсіргендей ауыр күрсіне, қабағын түкситті де, төсегіне қисая берді.
Шардара шамдары
…Жүрдек пойыз таңертең Шымкент қаласына алып келді. Перронда біздің вагон алдында екі аласа, бірі бойы сырықтай ұзын келген үшеу күтіп тұр екен.
– Ассалаумағалейкум!
– Әлейкумассалам!
– Қалай келдіңіздер, шаршаған жоқсыздар ма? – деді ұзын бойлысы Рахаңмен құшақтай амандасып жатып.
– Құдайға шүкір, тынығып келеміз! – деді Рахаң.
Ұзын бойлы деп отырғаным сол кездегі Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Аманолла Рамазанов мырза екен.
– Қасыңдағы жігіттің жүзі таныс, қайда кездескенімді есіме түсіре алмай тұрғаным, – деді Аманекең.
– Бұл менің қосшым – Мыңбай Рәш. Сатирик ақын. Пародияшы. Хиссалар айтатын жыраулығы да бар, – деп мені таныстырып жатыр Рахаң.
– Аманеке, баяғыда ауыл шаруашылығы министрі болғаныңызда сұхбат алып едім ғой, ұмытып қалғансыз ба? – дедім.
– Ә, енді есіме түсті, – деді ол, сәл ересектеу тартыпсың…
– Мынау республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты – Малдыбеков мырза, Келес аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, анау – Шардара ауданының бірінші басшысы Жолдасов мырза, – деп, Аманолла Рамазанов серіктерін таныстырып жатыр.
– Ал, сонымен?.. – деді Рахаң.
– Сонымен… алдымен қаланың бүйіріне таяу тұрған біздің Келеске бет түзесек қалай қарайсыздар? – деді Малдыбеков.
– Жоқ, бірден Шардараға тартайық, көлі бар, балығы бар, – дегендей деп, Жолдасов өз ауылына қарай икемдегісі келеді.
– Шардараға тартқандарың жөн болар. Ертең мен де қосыламын, бүгін қауырт істерден қол тимей тұр, – деді обкомның бірінші хатшысы.
– Құп болады! – десіп Шардара жағына бет түзедік.
…Шардара дөңесі мол, ойлы-қырлы жерге орналасқан мекен екен.
– Осында біраз тынығып, тамақтана тұрыңыздар, түстен кейін сағат 17-лерде келіп сіздермен бірге боламын, – деді Жолдасов мырза.
Қонақ үйдегі ең тәуір деген екі люкске Рахаң екеуіміз жайғасып, жуынып-шайынып, дене сергітіп, түстеніп, бірер сағат көз шырымын алғандай болдық. Әне-міне дегенше:
– Қалай, сәл-пәл тынықтыңыздар ма? – деп Жолдасов жымия кіріп келді де, Ленин атындағы сарайда Ұлы Жеңіске арналған салтанатты кеш өтетінін хабарлады.
…Зал қызыл материалмен, жалаушылармен, гүлдермен безендірілген екен. Жиналған жұрт жиынжайдың құрсағын тарсынғандай, ине шаншар орын көрінбейді.
«Ұры» бөлмеден зал сахнасына қарай шыға беруіміз мұң екен:
– Рахымжан Қошқарбаев!
– Қош келдіңіздер Рейхстагқа ту тіккен батыр! – деген дауыстар зал ішін кернеп кетті.
– Жолдасовтың, сол жағына – мен жайғастым, ал, оның қамшылар жағында подполвокник шеніндегі сары шашты, орта жастағы біреу отыр. Шамасы Шардарадағы соғыс комиссариаты басшыларының бірі шығар деп топшыладым.
Аудан басшысы жиналған жұртты Жеңіс күнімен құттықтап, қысқаша сөз сөйледі де, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевқа сөз кезегін берді. Жұрт тағы да ду қол шапалақтап, орындарынан тұрып, батырды қошаметтеп жатыр.
…Рахаң екі тілде бірдей шешен сөйлейді екен. Алдымен жиырма минөт шамасында қазақша сөйледі де, соңынан 10 минөттей орысша сыпыртты. Майданға қай жылы аттанғанынан бастап, Берлин шайқасына ойысты. Сәуірдің 29-жұлдызы. 1945 жыл. Рахаң 150-атқыштар дивизиясының ерлік күресін көз алдына елестетті. Өзі соғысқан взводтың Шпрее өзені жағасында қасарысқан жауды қынадай қырып, қалай шайқасқанын тілдің майын тамыза баяндады.
Қазақстаннан аттанған жауынгерлердің қайтпас-қайсарлығын, ержүректігін баса айтты…
Тыңдаушылары құлақ құрыштары қанып, тәнті болды.
– Қошқарбаев жасасын! – деген дауыс сарай шатырын күмбірлете жаңғыртып жібергендей.
…Баяндама тәмамдалысымен, кезек «ауыр сұрақтарға» ауысты.
– Сұрақ қоюға бола ма? – деді біреу орнынан тұрып.
– Болады…
– Жұрт Рейхстагқа алғаш ту тіккен Григорий Булатов пен сіздің есіміңізді жиі айтады, осы сонда… Әнебіреу Кантария мен Егоров дегендер қайдан келген? Осыған жауап беріңізші?
– Бұл – мен үшін ең қиын сұрақ, – деді Рахаң. Біз соғыс аяқталысымен шындыққа жету үмітімен көптеген деректі мәліметтер жинадық, бірақ, солар арқылы да ақиқат түбіне жете алмай келеміз. Әйгілі киногер Роман Кармен түсірген деректі кинолентаны әлдекімдер әдейі өртеп жіберіп, қолдан жасаған батырларды кіргізгенін де білеміз. Булатов шындықты ести алмай жүйке тамыры жұқарып, бақиға озып та кетті. Менің де жүрегім сыздайтынын жасырмаймын. Бірақ, орыстардың «Шило в мешке не утаишь» деген мақалы бар екенін жақсы білесіздер. Сол айтқандай «Біз түбінде бір қапты тесіп шығатын шығар» деген ойдамын. Кім білсін, оған дейін тірі жүреміз бе, жоқ па? Кездесу тамамдалып сыртқа шыққанда самаладай жарқыраған Шардара шамдары көрінді.
Жарты ғасыр және екі жыл өткен соң…
…Менімен бірге сапарлас болған он күнде Рахаңның жүрегі қатты сырқат екенін сезіп жүрдім. Сағат 12-ге жетер-жетпесте қалтасынан түймедей ақшыл дәрісін алып, бір ұрттам су ішіп, жатып қалатын.
…Рахаң шындықтың ауылына жете алмай, ертерек бақиға озды.
Арада жарты ғасыр және екі күн өткен соң аян болып отырған ақиқатты аты айдай әлемге аян Маршал Жуковтың күнделігіне жазылған деректі көзі тірісінде айтқаны дәлелдеп берді. Оның: «Рейхстагқа тұңғыш ту тіккен – 150-атқыштар дивизиясының сарбаздары» дегені бұлтартпас дәлелдермен айғақталып отыр. Әлгі дивизия – құрамында Рахаң шайқасқан дивизия. Бұл ақиқатты дәлелдеу жолында ерінбей еңбек еткен Алматы қалалық әкімдігінің кеңесшісі Болат Асанов мырзаға мың да бір рахмет! Асанов мырзаның айтуынша:
– Ресей Федерациясының жоғарғы бас қолбасшысы Владимир Путинге Рейхстагқа тұңғыш ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовқа Советтер Одағының Батыры атағын беру туралы арнайы сұрау хат жолданды.
…Путин мырза не дер екен? «Үмітсіз шайтан» деген ғой, көре жатармыз. Осы кітап жарыққа шыққанша Ресей президенті Медведев болды. Ол да жұмған аузын ашар емес. Түбі құрдымға кетпесе жарады.
Қайран, Рахаң!
Орта бойлы, апайтөс, мығым денелі, жанары шалғайды шалып қарайтын қыранның көзіндей өткір, сөзге шешен, қарапайым әрі мейлінше кішіпейіл, ісіне аса ықтиятты, қатал батыр ағаның келбеті көзіме жылы ұшырайды да тұрады…
Мыңбай РӘШ