АЙДЫНЫ МӨЛДІР АҚЫН

Ақ мөлдір айдынға сан алуан таланттарды әлдилеген Ақ Жайық бұл күнде ғасырлар бойы аңсаған еркіндік туының таңғы самалға желбіреген көгілдір сәулесіне боялып, көгілдір толқыны сылдырап ағып, теңізге құйып жатыр. Теңіздей тереңге қосылған, тарихы да терең бақытты өзеннің үнінен қуаныш күйін аңғару қиын емес. Ол үшін кеудеңде туған жерге, Ұлы Далаңа деген перзенттік шын махаббат болуы қажет. Ол өзінің ұрпағын сәтті сапарға аттандырған Анадай толқып, мақтаныш сезіммен ағып жатқандай, кейде өз арнасынан тасып, төгіліп ағатыны да болатын. Әттең, соңғы жылдары адамдар жасаған қиянаттан ол мінезін көрсете алмай келеді. Жағасын мекендеген ұрпағын аштықта асыраған, жоқтықта қамқорлаған, қанатты құсын қияға ұшырған Жайық олардың арасынан патшасы мен батыры, күйшісі мен ақыны, жағасын жаңғырта білер естісі мен «анам» деп сүйе білер тектісін де шығарып, қанат байлап қияға ұшырып, неге тасымасын? Бәлкім, бұл мінезін тағы қайталайтын күнді сабырмен күтіп жатыр ма екен, кім білсін?!

Құм басқан, ағын жуған тарих бетін қайта ашу елдіктің белгісі деп, кеш те болса, атақты қала Сарайшық пен Жайықта қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ғасырлар бойы ел болып есітсе де, еңірей жырлаған дастандар мен шежірелерден Ақ Жайық жағалауында өсіп-өнген ардақтылар есімін атай бастасақ, көсіле шапқан тұлпардай тізгінді кеңге салып кетеріміз анық. Иә, кімдер болмаған, кімдер қалмаған, кімдер өтпеген бұл дала мен бұл жағадан?! Иә, қас қағым сәт өмір сүріп мәңгіге қалған есімдер бар. Мәңгілікті қас қағым сәтпен жазып кеткен де солар! Олар біртуар таланттар деп аталады.

Сол қас қағым сәтпен есте қалып, ортамызда күні кеше өмір сүріп, жыр жазып жүрген, ортамыздан күні кеше кетіп, бүгін аңызға айналып бара жатқан азамат ақын Жұбан Молдағалиев та Ақ Жайықтың айдыны әлдилеген өжет ұлдың бірі болатын.

Ауылдар ортайып, аудандар қосылып, бұрынғы Тайпақ қазір Ақжайық ауданына қарады, сол ауданның Сайқұдық ауылында 1920 жылдың қазан айында дүниеге келген сәбидің бір кезде Жайықтан ұшып, алысқа самғап, «Мен қазақпын!» деп бүкіл әлемге жар салатынын ешкім болжаған жоқ. Оралдағы ауыл шаруашылығы техникумын ғана бітіруге мүмкіндігі болған бала Жұбанның ғасыр ғұмыр кешіп, есімі ұмытылмай, сол қалаға қайтадан келіп, тас мүсін боп мәңгі қалатынын да ешкім болжаған жоқ. Алты жасында әкеден жетім қалған ұлдың осынша өжет те батыл ақын болып өсуі анасы Зеріптей қазақ әйелінің ерлігі екенін айтуға тиіспіз. Бәлкім, ақынның «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» деп тебіренуі де Ана махаббатынан бастау алған шығар.

1940 жылы Оралдағы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген жап-жас жігіт 1941 жылы майданнан табылды. Ол соғысты Беларуссия жерінде аяқтап, елге аман оралды. Ақын қаламын сол майдан шебінде ұстап, қолынан тастаған жоқ. Университет бітіріп, ғылыми атақ қумай-ақ, ол өз кезеңінің парасаттыларымен терезесін тең ұстады, өз ұлтының атынан асқақ сөйлеп, талай мінбеден өлең оқыды. Жалтаққа көнбей, наданға ермей, өзін өзгеден төмендетпей, әлсізге асқақтамай, мықтыға жалтақтамай, ерге лайық мінезбен өмір сүрді. Өз кезіндегі бүкіл ұлт қаламгерлерімен сырлас, дәмдес болды. Расул Ғамзатов, Қайсын Кулиев, Ғафур Гулям, Мұстай Кәрим, Давид Кугультинов, Берды Кербабаев, Шыңғыс Айтматов, Мырза Тұрсын-Заде, Андрей Вознесенский, Владимир Савельев, Римма Казаковалармен қатар жүрді, қатар жарияланды. Олардан лауазымы да кем соқпады. Кремльде съездер сарайында депутаттықта отырды, Қазақстан Жазушылар Одағын басқарды.

1970 жылы Қазақ КСР Абай атындағы әдеби сыйлық лауреаты, 1978 жылы Кеңес Одағы Мемлекеттік сыйлығын иеленді. 1979-1984 жылдары – Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1985 жылы Қазақстанның Халық жазушысы атанды. Екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Ленин» ордендерін омырауына тақты. Осынша марапат ақынға оңайлықпен келе қалған жоқ. Ол ерлік жайлы талай жыр, талай дастан жазды.

«Жесір тағдыры» қазақ әйелінің көрген қасіреті еді, «Қыран дала», «Мен қазақпын!» ұлттың атынан жар салған ерлік жыры болатын. «Байқоңыр баспалдақтары», «Сел» дастандарын кезеңнің жыры дейтіндер бар, бірақ кезеңді қоспай жазуға ол кезде де оңай болмағанын түсінуіміз керек. Алаш ардақтыларының қалай қырылғанын көріп-біліп отырып, әлемге «Мен қазақпын!» деп жар салу да оңай шаруа емес еді. Жұбан ақын ол батылдыққа барды. Қазақ ұлтының мың өліп, мың тірілгенін айта алды. Олай кеуде соғып сөйлеуге ол кезде Жұбан ақынның батылы барды. Ал қалғанымыз тілден безіп, ұлттан безіп, өзгеріп бара жаттық. Еркіндік алған бүгінгі таңның өзінде «Атамекен иесі мына менмін» деп ана тілде жырлап тұрғанымыз шамалы екенін мойындау керек. Ал Жұбанның ақындық рухы мықты екенін айтуға тиіспіз.

Кезеңді жырға қосқанмен, өжет ақын жүрегінің түбінде ұлттың еркіндігі жатқаны анық. Әттең, еркін ел туы желбіреген күнді көре алмай, көк төлқұжат ұстай алмай кеткені өкінішті…

«Байқоңыр баспалдақтары» дастанын жазғанда ақын ғарыш кемесінің далаға тиер зардабын сезбеді емес. Ол адамзат даму ғасырын тежей алмас еді. Бәлкім, қаракөз дала ұланы ұшар деп армандады, бірақ ол күнді де көре алмай кетті.

Жұбан ақынның көргені – 1986 жыл, Желтоқсан оқиғасы еді. Оны тағы да өз замандастарынан ерекшелендірген, азаматтық келбетін, өжеттігі мен өрлігін толық айқындаған да осы уақиға болды.

Туған даланың еркіндігі мен өз ұлтының өзгеден кем емесін аңсаған жастар әрекетін кейбір басшылар бассыздық, әдепсіздік, тәртіпсіздік деп бас изеп жатқан кезде өз даласын, өз ұлтын, өз елін сүйетін ақын да жүрегінің әмірін жасыра алмай, жар салды. «Ер басына күн туса, етігімен су кешер» деген халық даналығын мойындады.

Ұлттың өзгеге мәңгі тәуелді болуы әділетсіздік екенін бұрын да білген ақын басқаша сөйлесе, өз арының алдында күнәһар боларын анық түсінді. Ол саясатқа емес, өз жүрегінің үкіміне, өз арына жүгінді. Бұл да кез келгеннің қолынан келе бермес ерлік еді.

21 жасында «Қазақпын» деп жазған өлеңінің желісімен «Мен қазақпын!» дастанын 43 жаста жазған ақынның:

Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім, –

деген шумағы 40 жылдан кейін де дәл бүгінгі ұрпақтың қажетіне жарап отырған жыр екенін мойындауымыз керек. Бүкіл ұлттың атынан батыл сөйлеу үлкен жүректі, парасатты Жұбан ақынға жарасып тұрды, біз оған куә болдық. 1986 жылдың желтоқсанында сөйлеген сөзі – соның айқын дәлелі.

Бұл күнде кіндік қаны тамған Жайық жағасында ақынның 100 жылдық тойы аталып, ескерткіш соғылып, Жұбан орталығының ашылуы – соның дәлелі. Ел өз ұлын ұмытпайды.

Ақ Жайық биыл тағы бір ұлының мәңгі өшпес есімін айдынына жазып алып, теңізге беттеп бара жатыр.

Ерлікті көзбен көрген күн

(Ақын Жұбан Молдағалиев рухына)

Желтоқсан – 86, ызғарлы күн,

Мұз бен қар жылжығандай құздан бүгін.

Өттің де астан-кестен, ойда жоқта,

Артыңа ұмытылмас із қалдырдың.

Айтамыз ертегі етіп ол күндерді,

Батыр деп мадақтаймыз жөн білгенді.

Халыққа жаңажылдық  сәлем жолдап,

Жазушылар үйіне Колбин келді.

Біреулер бастық көрсе, қуанатын,

Біреулер жалпылдайды сұрап атын,

Бір кезде жазушылар мінбесіне

Барады көтеріліп Жұбан ақын.

Қазақша акцент, толқыған  қатал үнмен:

«Замандаспыз, – деді оған, –  қатар жүрген.

Желтоқсанның көргенше  он алтысын,

Бір күн бұрын батсамшы  батар күнмен.

Қорғағанмын жаудан мен  Совет елін,

Әлі күнге Отанды ән етемін.

«Мен қазақпын» деуші едім,  біле тұра,

«Шовинизм» дегеннің бар екенін.

Ұрпағыма халім бар не дер енді?

Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.

Қыздарымды сүйретіп бұрымынан,

Ит таласын деп пе едім немеремді?

Ақынша айтсам, «ұлы елдің»   бұл мазағын,

Менің далам көтерді күллі азабын.

Тың жерімді игерген бауырларың

Тракторге таптатты қыр қазағын.

Оныңа да шыдады халқым менің,

Берді емес пе билігін, алтын кенін?!

Тұңғыш тұрсың алғашқы   дәмін татып,

Түсінбейсің, замандас, салтын елдің.

Бір еместей өзіңмен жолым бүгін,

Мен айтпасам, паш етер    сорымды кім?

70 жылдай, құрбым-ау, келесіңдер

Пайдаланып қазақтың момындығын.

Деп үйреттің «мәңгүртсің,    бәрің надан»,

Тіл мен діннен айрылды елім, далам.

Кеше алаңда сабаған – сенің тегің,

Ал таяқты жегендер – менің балам.

Ақын жүрек тартуда содан қайғы,

Шыдамаспын айтпауға    жарам жайлы.

Кешір мені, замандас, осы жолы

Жұбан саған пікірлес бола алмайды».

Намыс пен кек түнеріп қабағында,

Мұң аралас жас тұнып жанарында,

Ел алдында арқадан жүгі түсіп,

Ақын тұрды тазарып ар алдында.

Тынып қалды зал тегіс күбірлемей,

Бір адамның жанары күлімдемей,

Біз отырдық төбеден жай түскендей,

Арқамыздан құмырсқа жүгіргендей.

Кетті залды ақынның өртеп демі,

Әлі есімде, біреулер селт етпеді.

«Отыз жеті» қуғынын көрген сорлы

Қол соғудан сескеніп, жер тепкені.

Жұбан – бөрі, өзгелер қояндардай,

Колбин жүзі сәл қанға боялғандай.

Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етті,

Ұйқысынан бар қазақ оянғандай.

* * *

Жұбан аға, ғашық ең гүл-өмірге,

Сызат түсті-ау сол күні жүрегіңе.

Әлі айтады көргендер ерлігіңді,

Қадіріңді көрмеген біледі ме?

Санасыздар тыңдады, күлді, кетті,

Уақыт өтті жаралап бір жүректі.

Сен қасқайып тұрғанда сыр білдірмей,

Қолыңдағы ақ парақ дір-дір етті.

Сонда сенің сөзіңді ерлік дедік,

«Біз ерлікті көзбенен көрдік» дедік.

Одан кейін тағы да қалған қазақ

Руларға араны бөлдік келіп.

Елдік емес, ісіміз – бас пайдалық,

Ертеңгіні жатпаймыз әсте ойланып.

Қол соққанмен сөзіңе, өлгеннен соң

Қабіріңе тоғыз жыл тас қоймадық.

* * *

Аға, бүгін Ақ Жайығың сағынды,

Ақ толқындар іздейді ұлын арынды.

Бұл күндері айтушы да сиреді

Сауық кеште «Еділ-Жайық» әніңді.

Қазір елде тұлпар тозды бәйгілік,

Есеп білсе, жабы озады жәй жүріп.

Кітабың да, жырларың да жетімдеу,

От пен сусыз дірдектейді Сайқұдық.

Ертеңгі күн көз алдайды сағымдай,

Өмір болса, қысқа қамшы сабындай.

Қамыс та жоқ, ағыс та жоқ, тым-тырыс

Айдынынан аққу ұшқан Бағырлай.

* * *

Бұл күнде, аға, менің мұңым басым,

Өжеттік кездеспей жүр жырымда шын.

Қалыпты арғымақсыз сен туған құм,

Бір жазда бар жылқысы қырылғасын.

Ұшпай тұр қарағайдан таңда қыран,

Уланып өлді ауадан арда құлан.

Кем-кетік ұрпақ өсті ауылыңда

Қырық жыл полигонның зардабынан.

Құдайға қарап тағы отыр елің,

Тазартып сай-құдығын, шоқы-белін.

Көгілдір ту көтерген еркін елге

Білмеймін, сен қандай

жыр оқыр едің?..

* * *

Шаттыққа, тірі болсаң, кенелерсің,

Сөйлейсің бізден ірі, бөлек ерсің.

Сен тағы «Қазақпын» деп жар салар ең,

Өйткені өр ақынсың, көрегенсің.

Саңқылдап еркіндікте ғажап үнің,

Халқыңның баяндай кеп азабын мың,

Жалқауын, күншілдерін, аярларын –

Бәрін де құшақтар ең қазағыңның.

Ғажап қой пейіл деген, төзім деген,

Сен шығар бар қазақты өзім деген.

Сипасаң маңдайымнан «Қызым бол» деп,

Менің де жетімдігім сезілмеген.

Ақын ең ұлтыменен мұңдас жаны,

Қазағың әлі ешкіммен сырласпады.

Жан аға, жазылмай тұр еркін елдің

«Мен қазақпын» сияқты бір дастаны.

* * *

Шалқақтап туыпты ай бүгін,

Көрсетпей даланың байлығын,

Ағын ән салмайды сылдырап,

Жайықтың мұз басты айдынын.

Қасірет қатар кеп теңдікпен,

Өзен де жыр күтті ел күткен.

Күдікпен кеттің-ау, жан аға,

Қайратың ақталды ерлікпен.

Жабылған жаладан бастапқы

Жанарға тамбайтын жас қатты.

Ақбикеш коммунист болудан

Сол түні біржола бас тартты.

Мұз басып Жайықтың айдынын,

Дөңгелеп толысты ай бүгін.

Еркіндік алдық біз бұл күнде

Орнына баяғы қайғының.

* * *

Қамсыз қазақ әлі отыр  беткейде ана,

Кейде тіпті қонады-ау шеткей дара.

Алыстарға айқайлап жар салатын

Сенің даусың дәл бүгін  жетпейді, аға.

Заман зулап, ал олар аяңдайды,

Ақын үшін жоқ асқан одан қайғы.

Етек-жеңін жимастан есінейді,

Кейбіреуі шыңғырсаң, оянбайды.

Берер оған әкеліп сыйлықты кім?

Ас беруге шулатып жидық бүгін.

Жемтігі боп жүргенін түсінбейді

Алаяқ пен жымысқы биліктінің.

Келімсекке иіліп, дымы қалмай,

Аңқылдайды ешкімнің  сырын алмай,

Шулап қайтты Абайдың тойынан да

Ұлы ақынның жазғанын  ұғына алмай.

* * *

Рас, аға, қазақтың ақын бәрі,

Ақын тойға әр аймақ шақырғаны.

Еркін елдің тірілді неше дүркін

Ұмыт қалған әулие, батырлары.

Жиналып ап шырқадық далаға ән,

Киіз үй де оюын жаңалаған.

Молаларды сәндедік о заманғы,

Жас жігітте пәтер жоқ паналаған.

Дұрыстық пен қатені ұға алмадық,

Көне берді көнтері бұған халық.

Бір жылдайын шуылдап, уақыт кешіп,

Жамбылдайын бабаға жыр арнадық.

Екі тоймен қоштастық, екі күзбен,

Бір-біріне көнбеген бетімізбен.

Біріге алмай, жамырап әлі жүрміз

Жүз жасқа келетіндей шетімізден.

* * *

Бар адамның мақсаты баю шығар,

Бай болғанға рақат дайын шығар.

Қазақтардың байы көп естілмейді,

Керісінше, көбейді қайыршылар.

Көрген ұлт қой аштық пен қайғыны да,

Деп түсінген қозы мен қойды мұра.

Кім кінәлі, білмеймін, туған жердің

Ие бола алмасақ байлығына.

* * *

Аға, кезіп сен өткен жыр алаңын,

Қажет болса, мінбеге шыға аламын.

Бала көңіл, момақан қазақ деген

Елдің қызы болғанға қуанамын.

Қажет болса, буатын белін бекем,

Қажет болса, өлімі өмірге тең.

Желтоқсанның мұзына алау жаққан

Ұрпақ туған бұл қазақ тегін бе екен?!

* * *

Тым ауыр қазағыма нарық бүгін,

Келмейтін сездіргісі арықтығын.

Өздері жем болады саудагерге,

Біреуді алдап көрмеген жарықтығың.

Арада жүргендер аз жайраң қағып,

Қария бүгілуде ойдан налып,

Қазақтың әйелдері сатады арақ

Бір кезде сен жырлаған қайран қалып.

Иманшыл намаз оқып, күбірлейді,

Төбеде нарық-қожа дүрілдейді.

Даламның самал сүйген қыз бен гүлі

Қолында саудагердің дірілдейді.

* * *

Даланың жөндемедік жолын әлі,

Баяғы өзің көрген оры, жары.

Беткейден аз ұшады қарлығаштар,

Қарға мен сауысқандар жолығады.

Кім білсін, көкорайға құлын аунар,

Жүгінер төре-биге ұлы даулар.

Сан ғасыр талай ұрпақ сусындаған

Қайтадан көзін ашар шыңыраулар.

Қазақтың уақыт емдер дертін бүгін,

Оқитын кезең туар сертін, жырын.

Оңайға соқсын қайдан бірден алу

Кең дала, жас ұрпақтың еркіндігін.

* * *

Шаруам жоқ мансапқорда ел билеген,

Сайранға шыққаным жоқ сән күйменен.

Айтқаным – ана жыры, Жұбан аға,

Үш бала үш бесікте әлдилегем.

Арқалап туған жердің сағынышын.

Жүргем жоқ бір жақсылық  табу үшін.

Басшы да, депутат та болғаным жоқ

Халқыма ақын қыз боп қалу үшін.

Ермедім саясатқа алып-қашқан,

Әділет жолы ауыр, анық жастан.

Жайықтың бір бағытқа ағатыны

Бойыма мінез болып қалыптасқан.

Кезім жоқ бұлғаңдаған, жылмаңдаған,

Жасырын жүрегімде сыр қалмаған.

Қолында билігі бар кей наданға

Емеспін мақала да, жыр да арнаған.

Айналмай шені бардың ермегіне,

Құмартып туған жердің көлдеріне,

Мен жүрмін өлең жазып, Жұбан аға,

Бұл күнде немеремнің жөргегіне.

* * *

Тастайтын талай дастан жазып бүгін,

Білмеймін өліміңе жазықты кім?

Өзіңді өжет қазақ деп жүргенде

Сезбеппіз жүрегіңнің нәзіктігін.

Дейміз-ау ерте үзілді бекер демің,

Бір жырлап мынау күнді кетер ме едің?

Соғыстың төрт жылына төтеп беріп,

Бір күнін Желтоқсанның көтермедің.

Ақынға жараспайды өлді деген,

Қалды ма лайланып мөлдір өлең?!

Жүрегің жазылар ма еді, көрсең егер

Көк туын еркіндіктің желбіреген!..

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

Пікір қалдыру