Бекбол түнде қайтыс болды. Денесі қаланың шетіндегі кішкентай көлден табылды. Төбесі көкпеңбек болып көлбеңдеп, біресе батып, біресе жылт етіп көрініп қалып жатқан машинаны ертесінде, сағат ондарда судан кранмен көтеріп шығарыпты.
Бекболдың көк жейденің сыртынан киген сұр костюмінің еш жері жыртылмаған, құжаттары, қомақты ақшасы – бәрі ішкі қалтасында, салған жерінде екен. Бетінде, мойнында еш жарақаты жоқ, екі қолын құс қанатындай жайып жіберіп, көліктің артқы орындығында отырған күйінде тауыпты. Көргендер ішіне су толмаған, еріндері қатты жымырылған, жағы қарысып қалған, өңінде қатты ауырсынудың белгісі бар дейді. Тексергендер суға көлік түсіп кеткенге дейін жүрегі ұстап, рульге ие бола алмай қалуы мүмкін деген болжам айтыпты…
…Осының бәрін бұрынғы жұмыс орнындағы оқу ісінің орынбасары, Бекболдың оң қолы болған Бақаштан естігенде, талып қалдым. Есімді жиған соң, көпшіліктің бірі болып, басыма ақ орамалды баса салып, мен де келдім. «Осы барғаныма олар қалай қарар екен?» деген қорқынышым да жоқ емес… Қайғыдан қан құсып отырған әйелі: «Сен өлтірдің!» – деп шашыма жабыса түссе, не істеймін?!» – деген жаман ой да жанымды жеп бара жатыр… Қасымдағы әріптестерім: «Сен де барасың ба?» – дегендей күпті көңілмен маған қарап қояды. Олардың не ойлап тұрғандарын білсем де сыр білдірмей, күмәнімді ішіме түйіп, өз қаупім өзімде… келдім.
Сен бір уыс болып, өңің қарауытып, басыңдағы орамалың ашық маңдайыңды жауып, енеңнің қасында солқылдап жылап отыр екенсің.
«Арысым-ау! Бізді қайда тастап кеттің? Жеткізіп кетпедің бе балаларыңды!? Жаным-ау, қосағым-ау, неге асығып кеттің, арманда кеткен асылым-ау! Ұшқан құстай ғайып болған қыраным-ау, алтын діңгегім – бәйтерегім-ау, аққан жұлдыздай ағып кеткен, жан жарым-ау, сағындырып кеткен –сағынышым-ау», – деп зар төге боздайсың…
Ішім удай ашып кетті… Оның – қашып жүрген адамының – жұптары жазылмай жүргендей аялап, өмірлері бірге өткендей менің көкейімдегі сөзді айтып, жоқтап отырғаны жүрегіме қанжар сұғып алғандай жан дүниемнің астан кестеңін шығарып, дызақтатып барады, өртеп барады…
Ышқынып кеттім… Жан дүнием алай-дүлей, астан-кестен болып, іші бауырым күйгеннен кеңірдегіме әлдене кептелгісі келгендей, тұншықтырғандай жоғары көтеріліп, тынысым тарылып, көзім түк көрмей қарауытып, дем ала алмай қалдым…
«Ол – менікі! Ол мені сүйеді! Сен, сен аяққа оралғы болдың! Сен пәле болдың! Сені жек көремін, ол сені сүймейтін, ол сенің жарың емес, менің жарым!! Оны сен емес, мына мен осылай жоқтауым керек!» – деп, бар дауысыммен айқайлағым келді…
Бірақ тамағыма тас тығылғандай, үнім шықпады, қылғынғандаймын… Аузым кеберсіп, тілім таңлайыма жабысып қалыпты… жүрегім қысылып, ентігіп барып… бір өкіргендей дыбыс шығарып, еңкілдеп жылап жібердім… Бәрі маған қарап қалды… өмірдегі жалғыз тірегімнен айырылып, сорлап қалған жай-күйім айқындалған сайын көз жасым көл болып, ішімдегі шер үдеп барады… шырқыраған даусымды тоқтата алмадым… бұдан ары өзіме өзім ие бола алмадым… армансыз ақтарыла боздадым…
Бір құшаққа таласқан екі күндес… бәрібір менен артық болып, осы үйдің қазығы болып, мәңгілік мекеніне кеткен Бекболдың иесі болып, жоқтап отырсың… Зарға, шерге толған жоқтауыңа ешкім таң қалмайды, бәріне солай болуы керек сияқты… осының бәрі заңды, әрі жарасымды…
Ал, мен… мен болсам − он шақты жылдан астам осы үйдің тіршілік, тынысын, кім келіп, кім кеткенін, не жеп, не қойғанын, әсіресе сенің әрбір басқан қадамыңды, көңіл күйіңді біліп отырған бақылаушың – күндесің, жауың, міне, көптің бірі болып жылап, елеусіз болып отырмын… Қазір қасымдағылармен бірге ол жатқан бөлмеге бір кіремін де шығамын… және бұл менің ең соңғы көруім, мәңгіге қоштасуым болмақ… Сен болсаң, ертең ол жер қойнына жамбасы тигенге шейін неше кіріп, бетінен сүйіп, ақ маңлайынан сипап, арыз арманыңды айта аласың… Жоқтай аласың! Ол түнімен өз үйінде, сенің қасыңда… Әйелі болған соң, арулап көмесің!
Ертең жерлеу…
Жоқ, бұл әділетсіздік қой!? Ах, жаным, қайттім? Қалай шыдаймын!? Ол – менікі! Өлсе де, тірі болса да – менікі…
Жүрегім қысылып барады, ішім күйіп барады… шыдай алар емеспін…
* * *
…Иә, Ол менің «тұрмысқа шықсам, үй болсам» деген үкілі арманымның күл талқаны шығып, үмітім үзіліп, құрдымға кетіп бара жатқанымда, яғни, өз түсінігімше, «жар басында» тұрғанымда жолыққан. «Өмір сүрудің енді керегі не?» деп, өзіме сұрақты төтесінен қойған кезімде кездескен. Отыздан асып, өзіммен қатар құрбыларым үй болып, бала сүйіп отырғанда, жалғыздық үрейімді ұшырып, барар жер, басар тауым қалмай, жігерім құм болып, қайда барсам да, көзге шыққан сүйелдей, өзімді артық адамдай сезініп, ұшарын жел, қонарын сай білетін ебелектей қорсынып, күйзеліп, өмірден түңіліп жүрген кезімде жолыққан…
Қолшатыр алмай, Алматының аяқ астынан құя салатын жаңбырының астында, жабысқан шашымның суы мұрнымың ұшынан ағып, сүметіліп, жол шетінде, жолшыбай баратын көлік тоқтатып тұрғанмын.
Совет үкіметі кезінде көшеде кептеліс болмайтын, себебі қатардағы орташа айлығы бар адамға көлік алу деген аспандағы айға қол жеткізумен бірдей болатын, әрі оны жылдар бойы кезекке тұрып, қолы жеткендер ғана алатын. Жол шетіне жап жаңа көк «Жигули» тоқтай қалды. Көбіне «Москвичтер», ел «қоңыз машине» деп атап кеткен «Запорожецтер» ғана адам алатын… Таң қалып, айналама қарасам, ешкім жоқ… Көзіміз тоғысқанда, ол маған басын изегендей болды… «Бәлен жаққа…» деп, аузымды ашқанымша, «жарылқаушым»:
– Отырыңыз, әйтпесе «еріп кетерсіз», – деді. Осы сөзді ол немқұрайды, мырс ете түсіп айтқандай болды.
– Рахмет, рахмет, сол жағдайдан құтқардыңыз, – деймін бетімді сүртіп, құнжыңдап, артқы орындыққа жайғасып жатып.
– Қайда барасыз? – деді.
– Осымен тура жүрсеңіз, квартирам осы жолдың бойында, − дедім ең жақсы оқушыдай монтаны күймен…
Ол жүріп кетті және көлікті қатты айдап келе жатыр.
– Тым қатты айдайды екенсіз, – дедім, сенімсіздеу дауыспен… оның рульді ұстаған салалы саусақтарына, көкшіл костюмнің жеңінен аздап шығып тұрған қардай аппақ жеңіне қарап. Ол тағы мырс ете түсті.
– Қорықпаңыз, машинаны он үш жасымнан айдап келемін, өлімнен қорқасыз ба? Неңіз бар қимайтын? – деді маған бұрылыңқырап.
Көкпеңбек көзіне, сапсары шашына, үсті дөңестеу қыр мұрнына, сопақтау ақ сары жүзіне қарап, таң қалып қалдым. Не деп жауап берерімді білмей, қипақтап, сасқанымнан:
– Қазақсыз ба? – дедім.
– Әрине, – деді жақтыртпай, – Алматының орыстарының қашан көрдіңіз қазақша сөйлегенін? – деді мысқыл араласқан үнмен.
Өстіп, «таксисім» аузымды аштырмай, тұқыртып отырғанда, үйге де жақындап қалыппын.
– Әне, әне, аялдаманың ар жағына түсіріп кетіңіз, – дедім, оның мысы басып абдырап. Сөмкемді ашып, әмиянымды іздеп жатырмын…
– Жә, төлемей-ақ қойыңыз, сізді «еріп кетпесін» деп, жеткізіп отырмын. Мені іздесеңіз мына нөмірге хабарласарсыз, – деп, тілдей қағазға жазылған қатырма қағаз берді… Рахметімді жаудырып, түсіп кеттім…
* * *
Содан біріне бірі ұқсап өтіп жатқан, бірінен бірінің еш айырмашылығы жоқ, сұрқай күндердің бірінде «жалғыз қалсам, өмірімнің еш мәні жоқ…» деген ойлар жанымды жегідей жей бастады… Күнделікті жап-жақсы өткізетін сабақтарымды да жөнді өткізе алмадым, жағымды таянып алып, терезеге қарап отыра бергім келеді, отыра бергім келеді… Жан дүнием құлазып, көзіме мөлтілдеп жас келеді… Ақыры оқушыларға бір мәтінді көшірттім де… астындағы сұрақтарға жауап бергізіп қойдым.
Үйге қайтқанда, тау қопарғандай, шаршап қайттым. Әлгі жазба жұмысын жаздырған дәптерлер толтырылған пакетті, сөмкемді бұлғаңдап, әрең көтеріп келе жатырмын… «Раслабиться надо!» деп, жолдағы дүкеннен бір вино, «Ветчина» деген колбаса алдым. Пәтерімді ашып, қолымдағылардың бәрін лақтырып тастап, ас үйге кірдім. Бөтелкенің тығынын әрең дегенде аштым. Колбасаны турап, іштім… Денемді қыздырып, басыма шыққан, буын буынымды алған шараптың әсері өмірде жападан жалғыз өтіп бара жатқанымның бояуын қоюлата түсіп, есіме одан әрі бұл қу жалғыздықтың барлық қайғы қасіретімен, сопа басты сорлылығымен айқындап, жүрегімді тыпырлатып, тынысымды тарылтып, жан дүниемді өксітіп жіберді…
Айнаға қарасам, он сегіз жастағы алып ұшқан албырт көзқарас жоқ, қара көзім жәудіреп қарамайды, түксиіп алған… тесіле қарайтындай; нұр ойнаған үлбіреген сұлулық жоқ… бет сүйегім айқындалып, кекселенген… суық, ешкімнің жүрегін сүйсіндіріп, елжірете алмайды… Денем де толысып, бұрынғыдай елбіреп, сәмбі талдай майыспайды, есейген, ескірген… қимылым да тастан тасқа секірген лақтай емес − баяу, еріншек… Өткен жылдар – ақ бетімді тотықтырған, есейткен… өзім де енді ескірген керексіз заттаймын… Киімдерім де сопы қатындардың жабындыларындай ақ, қара… қарабайыр…
Көңілімді сонша құлазытқан айнаны ары итеріп тастадым… Тағы да іштім… «Міне, отыз беске келіппін, енді кім кездеседі, дәптер тексеріп, мұрнының ұшынан шаншылып, отчет тапсыру үшін, күнде қағазға істеген ісін тізбектеп жазумен шұқыланып күні өтетін, айлықтан айлыққа шейін тиын тебен есептеп, мардымсыз жалақысын асыға күтетін мендей бейшараны – бастауыш сыныптың мұғалімін кім жақсы көреді дейсің, кім кездеседі, кім алады?
Мен де бір – жемін тасыған сұр тышқан да бір…»
«Қартайып күш кеткенде күн көру үшін, бауырларыма сию үшін, ары беріден соң, өлсем, арулап көмуі үшін солардың немерелерін бағып, «нянка» болып жүрумен күнім өтетін шығар…» деген селдей аласұрған ойлармен көз жасым көлдей болып ақты…
«Ендігі тіршілік не береді? Аждаһадай аранын ашқан жалғыздық келе жатыр… Не жар сүймей, не бала тауып, емірене алмай, осылай «бітеу» күйімде қартайып, күйкиіп өткенім бе!? Өмір сүруімнің қаншалықты мәні бар!? Одан да өлсем бе екен!?» деген ойлармен арпалысып, беторамалымды алайын деп, сөмкемді ашсам, тілдей қағаз саусағыма ілінді… қарасам, анадағы мені әкеп тастаған жігіттің телефоны…
Оның бейнесі көз алдыма келді…
«Мен жақсы көретін жігіт осындай болуы керек!» – дедім өзіме өзім. – «Сонда жалғыз болмаймын. Оның басы бос емес шығар, бірақ маған бәрібір… рульді ұстаған қолы қандай – ақсүйек дерсің… салалы саусақтары ше… аппақ жейдесі қандай – ханзада дерсің… Аппақ қардай жейденің жағасы көмкеріп тұрған, теп тегіс болып қырқылған шашы қандай сүйкімді, мойны қандай тартымды… Одан аңқып тұрған иіс суының өзі мені еліктірмеді ме?! Костюмі қандай… өзіне құйып қойғандай… Тіпті, арқасына жабысып, шашына бетімді басқым келіп еді ғой… Осы бейне, осы сурет көз алдымнан кетпей қойды… бір көрсем де, сағыныппын… Көруім керек!
«Мен де ешкімнен кем емеспін, ол жігіт маған ұнайды!» – дедім өзіме өзім дауыстап, аз кем оған қалай телефон шалатынымды ой елегінен өткізіп, ойланып тұрдым да – «онымен қазір хабарласамын!!» – деп, нық шешімге келдім.
* * *
Айнаға қарап, шашымды жөндедім. Телефонды алып, номерін теріп:
– Алло! – дедім.
– Иә, – деді ол басыңқы дауыспен, – тыңдап тұрмын, айта беріңіз!
– Алло, бұл менмін! «Еріп кететін қыз!»… – деп, ентігіп тұрып қалдым. Аз кем үнсіздіктен соң күліп:
– Иә, есіме түстіңіз. Еріп кетпесін деп, апарып тастап ем ғой, жайшылық па? – деді.
– Жайшылық емес, – дедім өрекпіп, – «еріп кететін қыз» енді жауыннан емес, өмірдегі жалғыздығынан «еріп кетейін» деп отыр. Келмесеңіз, мен бүгін мына өмірмен қоштасамын! – дедім нық дауыспен.
– Қойыңыз, − деді ол күліп, – қолыңыздағы пакетіңіз қомақты еді, соның бәрін тастап кете бересіз бе?
– Е, ол пакеттің маған көк тиындық құны жоқ, оқушылардың тексеруге әкеле жатқан жазба жұмыстары ғой, – дедім торығып…
– А, олай болса, сізге көмек керек екеніне сендім, адресіңізді айтыңыз, – деді.
…Міне, сол күннен бері жұбымыз жазылған жоқ…
«Сен – менікісің!» – дедім. Өлсем де одан айрылмауға өзіме серт бердім. Ол директор екен, жаңа жылдан кейін сол мектепке ауысып келдім…
* * *
Бұл жүрісіміз көп ұзамай, бәріне белгілі болды. Ол кезде басшы қызметте жүрген азаматтар ғана емес, кез келген адам отбасының шырқын бұзып, басқаға кетсе, жазаланатын. Жұмыстан алынатын, партиялық талқыға салынатын… Бұл сол заманның ұстанымы болатын.
…Отбасыңды, жұмысыңды сақтап қалу үшін сендер басқа қалаға қоныс аудардыңдар. Бекбол шешесінің қал жағдайын біліп келуді сылтауратып, Алматыға жиі келетін. Бұл күндер мен үшін өмірімнің ең шуақты күндері болатын. Қырыққа аяқ басқанда көрген жалғыз қызығымнан немді аяйын… жайылып жастық, иіліп төсек болатынмын.
– Осы сенің ыстық ықыласыңды іздеймін, – дейтін ол үздіге құлағыма сыбырлап. – Ал, оның болса, қабағы ашылмайды… көзінен жас кетпейді, сен туралы білгелі шытынап тұратын болды. «Киімдерімді реттеп қой!» – деп, екі үш рет айтқанда, әрең жөндейді… Қасыңнан кеткім келмейді… бірақ білесің ғой, отбасы бұзылса, бюроға салады, партиядан шығарады, басшылық жұмыстан алып тастайды, – дейтін.
Оның сөздерін зейін қоя тыңдағаныммен, ештеме айтпайтынмын. Санама анық жеткені – қызмет үшін әйелімен ажыраспайды, бір жағы аяғым ауыр болса, оттан ыстық осы қызықтан айырылып қалатындай сезіндім. Сондықтан бойыма біткен шарананы алдырып тастауға бел будым…
Ол кеткеннен кейін солай істедім де…
Бекбол екеуіңнің арасы бір екі жасар үйелмелі-сүйелмелі қыздарыңның бар екенін білетінмін.
Сенің қарабайыр киінетініңді, шаршаулы кейпіңді, екі қызыңды жетектеп, азық-түлік салынған тоқ сөмкелерді қайқалаңдап көтеріп, жолдан өтіп бара жатқаныңды талай көргенмін… Ол кезде мен сүйіктімнің, яғни, сенің күйеуіңнің көлігінде, артқы орындығында керіле отырып, мерейімнің үстем екенін: өзімнің жас екенімді, сүйкімді екенімді, талғаммен киінетін нағыз әйел екенімді талай сезінгенмін… сүйікті болудың буына талай масаттанғанмын… өмірі осындай болып тұратындай масайрағанмын… Бекболдың саған қалай үйленгеніне таң қалатынмын… Осы туралы сұрасам: «Екеуміз де ол кезде тым жас болатынбыз», – деп, күмілжи жауап беретін. Осы күмілжігенінің өзінен ішім оттай жанып, шамданып, қызғанып қалатынмын… Ол менің өкпемді басу үшін айлығының көбін екеуміздің қызық шыжығымызға, маған бағалы сыйлық, киім алуға жұмсайтын.
Біздің махаббатымыз қоныс аударған жерлеріңде кіші қызыңа ауа райы жақпай, Алматыға қайта көшіп келген соң, тіпті күшейе түсті. Аурушаң балалар мен жүдеу әйелдің қасынан көрі менің жалғыз бөлмем оған жұмақтың төріндей көрінетін…
Осы кезде заман өзгеріп, отбасына байланысты қатаң тәртіп босаңсып, нарықтық қоғам орнады. Бекбол ықпалды нағашыларының көмегімен басқа қызметке ауысып, мәдениет үйін, азық-түлік сататын дүкенді жекешелендіріп алды. Мектепте жалақыны бірде беріп, бірде бермей кешіктіріп, тексерулер көбейген соң, мұғалімдікті тастап, Бекболдың қасына келгенмін. Оның жаңа жұмысындағы қызметкерлер екеуміздің алдымыздан қия өтпейді. Біз енді қарым-қатынасымызды жасырмай, ашық жүретін болдық. Бекбол екі бөлмелі пәтер алып берген. Ішіндегі жасауын да сыйға тартқан. Күн аралатып менің қасымда қонып қалатын болды.
Бір күні институтта бірге оқыған құрбыммен кездесіп қалдым. Екеуміз қал -жағдай сұрасып, шұрқырасып жатырмыз.
– Жүр, менің үйімнің қасында тұрмыз, шай ішіп кет! – дедім. Ол келісті. Мұнтаздай болып тұрған бөлмелерімді аралап көріп:
– О, тамаша екен! Неше балаң бар? – деді.
Мен тұрмысқа шықпай қалғанымды айттым. Осы кезде қолында шетел шарабы, шоколад, сервилат салған қорабы бар Бекбол келді. Мен дастарханды ылдым жылдым қозғалып, жайнатып жібердім. Оны мұны айтысып, біраз отырған соң, құрбым оның маған жақын қатынасы бар адам екенін байқады. Өз өзінен жайсызданып, «кетем!» деп отырып алды.
Бекбол:
– Асығып отырсаңыз, мен жеткізіп салайын, – деп еді…
– Ішіп алған адаммен көлікте жүру – қауіпті! – деп, бетін қайтарып тастады. Бір жерге телефон шалып, машина шақыртты.
– Сыртқа шығып күтейін! – деген соң, шығарып салайын деп, бірге шықтым. Томсарып үндемей келе жатқан құрбым:
− Қырыққа келгенше, «ойыншық» болып жүргенің – осы сары шаян ба? – деді. – Өзі бір өңсіз адам екен… Бұның әйелі үйінде екі көзі төрт болып, күтіп отырған шығар… Шын сезім болса, келсін саған… екеуіңнің де бастарыңды қатырмай! Бала ту! А то, тапқан екен ойнақтайтын үйді! – деді маған сазара қарап…
Бетіме біреу шапалақпен салып жібергендей сілейіп тұрып қалдым. Соның арасынша аппақ жайындай ақ «Волга» келіп қасымызға тоқтай қалды. Орта бойлы, шашы бурыл тартқан ер адам көліктен түсіп, қасымызға келді. Шырамытып тұрмын. Студент кезімізде жатақханамызға келіп жүретін жігіт… толып кетіпті.
– Танысып қой. Біздің отағасы – Қалкен. Хабарласып тұр! Сау бол! – деп, салқын қоштасып кете барды.
Ішіме шоқ түскендей болды…
«Екі бөлмелі пәтер, Бекбол екеуміз бірге өткізген сезімге толы, қызықты түндер, ол алып берген қымбат сыйлықтар – бәрі алдамшы!
Мен жалғызбын! Сырт көзге мен бір еріккен еркектің ойыншығымын, оның ойнасымын, әрі жеңіл жүрісті, бұзылған әйелмін! Үйінің отын жағып, бала туып, күйеуінің жағдайын жасап, бала-шағасын бағып отырған әйелдің несбесіне ортақтасқан ұрымын! Зина жасайтын, жаман әйелмін!»
Осы ойлар жанымды аяздай қарып, денем дірілдеп, үйге кірдім…
Бекбол керіліп жатыр екен. Масайып қалыпты. Аяқ киімін шештім.
– Шалбарымды шешші! – деді еркелеп.
Шалбарын, костюмін шешіп алдым. Носкиін жуып, іліп қойдым. Киімдері мыжылып қалған екен, үтіктеуге кірістім.
Көзім жалаңаш жатқан Бекболға түсті. Курстасымның «Сары шаян» деген сөзі есіме түсті… Айтса айтқандай… сап сары, арық, иығы қушиған, сұйық шашы жалбырап, қабырғалары ырсиып көрінеді… Шақырайған жарықты өшіріп, қаракөлеңкелеу түсетін кереге шамды жақтым.
…Иә, Бекбол қыры қисаймаған шалбар мен костюм кигенде, кең кабинетіндегі бастықтың жайлы креслосында ғана әдемі… Әйтпесе, ыздиып отырып алып, иіс суы аңқып, машина айдағанда ғана тартымды…
Ал, лыпасыз… Құрғыр Дариғаның да ойлап таппайтыны жоқ! «Сары шаян!»… Осы бір сұмырай сөзді санамнан қууға тырысып, дастарханда тұрған шетел шарабынан тағы бір қағып салдым.
«Қойшы, осы Бекбол болмаса, жалғыз емеспін бе!? Кімім бар осыдан басқа? Екі баласын шырылдатып, әйелін жылатып, мен үшін екіге жарылып жүр емес пе? Бекбол емес пе, тұңғыш бетімді ашқан? Ол болмаса, қауызым жарылмай, тұл кетер ме едім!? Кім біледі! Сол байы құрғыр жолықпай ма!? Бес жыл саусылдаған қыз жігіттердің ортасында жүргенде, бір жігіт бетіме қарап, киноға шақырды ма? Бәрі анау Дариға сияқты менмен қыздардың артынан жүгіретін… Оқу бітірген соң, қаптаған қатынның ішіне топ ете түстім… қайда қарасам да, проблемасы басынан асатын әйелдер… Көбі жалғыз… көбі шаршаған, мектептің жұмысынан басқа әкімшіліктің құйтың-тұйтың, ұсақ -түйек жұмыстарының бәрі мұғалімдердің мойнына артылған… Басшылыққа басын көтеріп, бір ауыз қарсылық көрсетуге дәттері жетпейді… Олай істесе, күнде өткізетін сабақтың жоспарын тексеретін оқу ісінің орынбасары бар, фронтальды тексеру бар, бәлеқор ата-аналар бар, адам болған соң, той томалақ, өлім жітім бар… сұранбай тұрмайсың, соның бәрінен ілік шығып, жаман атағың «маңлайыңа жазылады»…
Мұғалімдік те, құлдық өмір де бір…
Әрине, бар аршындаған әйелдер! Бірақ олардың арқа сүйер тіреуі бар адамдар… Олардан басшылықтың өзі ығып жүреді…
Ал, мен сияқты мұғалімдер… Жалғыз, әрі қорғансыз… Жалтақтаумен күн өтіп барады… Бекбол осы сұп-сұр өміріме сәуле түсірген жалғыз періштем емес пе!? Мен одан айрылмаймын! Мен Дариға айтқандай «ойыншық» бола алмаймын!»
Осы ойлармен шарап басыма шыққан мен бүрісіп жатқан Бекболдың үстіне құладым. Ол көкшіл көзін ашып алып, бағжиып қарап қалды. Ал, мен ботадай боздайын кеп…
– Бекбол, мен сені сүйемін! Сенсіз өмір – қараң! Сен болсаң мынау – екіге жарылып, өзің сүймейтін қатынмен жүргенің арпалысып… Жалғыздықтан шаршадым! Расында да, мен сенің «ойыншығың» болдым ғой… жетісіне екі үш күн келіп, «ойнап» кетесің, сосын әйеліңе барасың! Ол сенің кіріңді жуады, киіміңді түгендейді… үтіктейді… барлық қызық-шыжығың үйіңде… Мен мерекелік күндерді жек көремін! Неге жек көретінімді айтайын ба? Жалғыздықтан, бақытсыздықтан!
Барлығың тойлап жатқанда, бір бөтелке шараппен алқаштар құсап, мына төрт қабырғамен сөйлесіп, жалғыз қарсы аламын. Сенің келетін күндеріңнің сағатына, минутына шейін есептеп, үйде отырамын! Байлаулы итің сияқтымын… «Ием келіп, қашан басымнан сипайды!» деп отырған…
Жоқ! Мен бұдан әрі шыдай алмаймын! Ішім күйеді менің! Кетсең, нең кетеді сенің! Мұртыңды балта шаппайды! Екі қызың бар, әйелің екеуің мұртыңнан күліп отырасыңдар! Мені ұмытасың! Ал, мен қаламын, мына төрт қабырғаға телміріп, қасқырдай ұлып…
Жоқ, болды! Бұдан әрі шыдамаймын! Мені сүйсең, кел! Сенен бала туамын! Бірге тұрамыз! Әйтпесе, ұмыт мені! – деп, дөңгелеп, еденге жатып алып жылап, ішімдегі шерімді әбден шығардым.
Бекбол мені құшағына алып, тұншықтырып сүйіп, жұбатпақ болып еді… қайдан, арық байғұстың мендей өз күтімі өзіндегі әйелге шамасы қайдан жетсін! Бірнеше рет долданып, лақтырып тастаған соң, төсектің шетіне шөкиіп отырды. Масайғанынан айықты. Осы отырысынан өзі ұялды ғой деймін, намысқой еді ғой марқұм… тез киінді де:
– Бұлай болса, бір шешімін табайын! – деп, кетіп қалды.
…Иә, содан кейінгі жағдай белгілі, саған тозақ күндер басталды… Енді «жейде жуылмады, елдің қатындары сөйтеді, бүйтеді! Сенің қолыңнан ештеме келмейді!» деген сөздер тілге тиек болудан қалған еді. Екі қызың өсіп, қолғанат болып, өзіңе өзің қарап, қолың ұзарған кез… Сондықтан Бекбол: «Ұлым жоқ, ұл ту!» – деп, жаныңды жейтін болды.
Екеуміздің ас та, төк дастарханымызда ішкен шарабымыздың қызуы сен үшін жылаумен аяқталатын. Бір екі рет менің үйімнен қатты қызып барған кезде, саған қолы тигенін, өлтіріп қоя жаздағанын өзі айтып келді. Үлкен қызың әкесінің қолына жабысып, сені арашалап алыпты. «Ұлым болса, мен жақ болар еді, екеуі де шешесінің сөзін сөйлейді… «Қыз жау» деген осы екен?! Мен кетемін ол үйден!» – деп жүріп, бір күні киім кешегін түгел алып, менің үйіме келді.
Сол күні ол түнеріп, иығы салбырап, ұзақ үнсіз отырды. Мен еркелеп, ауыр ойдан сергітейін десем де, серпілмеді. «Не болды?» – деп, жанын қоймаған соң:
– Кетерде ол есікке қолын керіп: «Жібермеймін!» – деп, тұрып алды. Итеріп жіберіп едім, құлап қалды. Мен шығып бара жатқанмын. Ол отырған күйі балтырыма жабысып: «Балаларыңды тірі жетім етпе! Бойжетіп қалғанда, қайда кетіп барасың? Ұл керек болса, менің қолымда тұр ма? Төсектен суып, өз үйіңнен жерігелі қанша жыл болды!? Мен не істейін енді! Бұлар – Құдайдың берген балалары, өз балаларың! Тастама бізді! – деп, жабысып, құшақтап, сүйретіліп қалмаған соң, аяғымды сілкіп, жұлқа тартып, серпіп қалып едім… өкшем сақ етіп тиді… аузы-басы қан жоса болып қалды. Білмеймін не болғанын?! Машинаға отырып кетіп қалдым…
Есіктен шығып бара жатып, артыма бұрылсам, үлкен қызым шешесінің аузы басын сүртіп жатыр. Ал, кіші қызым – өзімнің жақсы көретін Гүлсімім – маған құбыжық көргендей тесірейіп қарап қапты… Иә, жек көріп, тесірейіп… – деп ол төмен қарап кетті.
Оның басын сүйеп, еркелетіп:
− Қойшы енді! Қыздарыңды көріп тұрасың! Сенен қайда кетеді дейсің! Ал, мен саған (құлағына сыбырлап) ұл туып беремін! – дедім.
Ол біраз сергігендей болды.
…Иә, думан бірінен кейін бірі жалғаса берді. Қосылғанымызды өзіміз атадық. Сосын Бекбол басшылық ететін ұжым атады. Көзтаныстар, достар құттықтады… ішу артынан ішу… Небір біз бұрын көрмеген жаңа маркалы шетел арақтары…
Бекбол менің қуыршағым сияқты: шешіндірем, жуындырам, киіндірем, киімін үтіктеймін… Бұл жұмыстар ол ұрланып, келіп-кетіп жүргенде, үлкен қуаныш еді, енді шаршатайын деді. Ал, ол болса, бір киген жейдесін жумасаң, екінші рет кимейді екен. Сымының қыры сынса, тақтан тайғандай, күйіп піседі және тамақ уақытында даяр бола қоймаса, қаны қашып, ашуы келіп, айғайлайтын болды. Сосын орыстар сияқты бірінші, екінші даярлау керек екен. Иә, оның шешесінің советтің кәрінен қашып, ата-тегін өзгертіп, қазаққа сіңген, Қазаннан келген атақты татар шонжарының қызы екенін кейін білдім… Ол кісіні қай кезде көрмесем де, қалың, сарғыш шашын төбесіне қарқарадай қылып түйіп, қонаққа баратындай, мұнтаздай болып, сәнді киініп отыратын. Үлкенге де, кішіге де «сіз» деп сөйлейтін.
Енем мені қабылдамады, сені жақсы көрді… Мүмкін, он сегіз жастан қолына түсіп, тәрбиесіне көніп, көңілінен шыққаныңнан шығар… Бұл жағынан, күндесім, сенің жолың болды… Себебі, Бекбол шешесін өте жақсы көретін. Қимас жандарын тастап кеткені оның жанына қатты бататын еді.
Уақыт өте келе Бекбол екеуміздің бірге тұрған өміріміз де бұрынғыдай көп мерекесі, сағынышы жоқ қарапайым адамдардың күнделікті күйбең тіршілігіне ұқсай берді.
Аяқ астынан Бекбол ауырып қалды. Бүйрегі екен. «Мамама айтпай ақ қой, білмесін!» – деді. Ауруханада жатып, емделіп шыққан соң, қан қысымы аяқ астынан көтеріліп, жиі-жиі жүрегі ауыратын болды.
Сондай күндердің бірінде киімін үтіктеуге ерініп, жатып қалдым. Ертесінде ол қатты ашуланып, тас талқан болды.
– Өмір бойы менің таяғымды жеп, бір үйдің тауқыметін тартып, шешемнің қас қабағына қарап жүрсе де, ол менің киімімді реттеп қоюшы еді… Сенің көрсеткен жақсылығың осы ма? – деді.
Көкшіл көздері тұздай болып, ежірейіп кетіпті. Онсыз да қан-сөлі жоқ жұп жұқа ерні жымқырылып, жұдырығын бір ашып, бір түйеді… Мен бірінші рет одан ішімді жиып, сескеніп қалдым…
Жұмыста да екеуміз тоң торыс жүрдік. Осы салқындық күн өткен сайын көбейе түспесе, азаймады… Оның жүрегі жиі ұстайтын болды. Ішіп алып, машина айдап кетуін де қоймады. Бұрын еркелетіп отыратын менің әрбір ісімнен ілік іздейтін болды. «Балалы болсам!» деген арманым да алыстап бара жатқандай… Дәрігер: «Бірінші жүктілікті бекер хирургиялық жолмен тоқтатқансыз!» – дегенді жиі айтады. Бекбол да өзінің жанын өзі жеп, машинаға түсіп алып, маза таппайтын болды. Көбіне кластастарына барады. «Мен де бірге барамын!» деген оймен киіне бастасам:
− Сен үйде қал! Екеуміздің қосылғанымызды олар білмейді. Мен тез келемін! – дейді. Бір күні әбден жыным ұстады.
− Жоқ, менімен қосылғаныңды білсін бәрі! Неге жасырасың? Барамын! – деп, отырып алдым. Ол мені машинадан күштеп түсірді.
…Сол күні ол келмеді.
Ол сонда үйлеріңе барыпты. Үлкен қызың әжесінікіне кетіпті. Сен жоқ екенсің үйде. Қу ақша үшін екі ауысымда жұмыс істеп жүргеніңді артынан шешесінен естіп, Бекбол қатты күйінді. Сол күні ол сенің қайда жүргеніңді білмепті. Кішкентай қызың бақырып жылап, басын көтермей, диванға жатып алыпты. Әкесі басынан сипап, бетінен сүйейін десе:
– Ты предал нас, оставил! – деп, шырқырап жылап, қасына жолатпай қойыпты.
Түнгі он бірге таман сен келіпсің. Диванда шоқиып отырған оған бір қарапсың да, үн түнсіз түпкі бөлмеге кіріп кетіпсің. «Неге келдің, неге кеттің!?» демепсің. Егер сен айғайлап ұрыссаң, оған жеңілдеу болар ма еді…
Ол сонда сенің үстіңгі ерніңдегі тыртықты байқапты. Маған келетін күні сен аяғына жабысып, жібермей қойғаныңда, «сілкіп қалғанымда, өкшем тиіп кетті» деп айтып отырған ізін көріпті. Салы суға кетіп, қатты ширығып, шаршап келді. «Қайда болдың?» деген менің сұрағыма біраз үнсіз отырып, осы көргендерін айтып берді. Тағы жүрегі ұстады. Бүйрегі де жиі мазасын алатын болды.
Балаларын сағынып жүргенін сезетінмін. Әсіресе кіші қызы Гүлсімді өте жақсы көретін. Оның қылықтарын айтып отыратын. Бір күні өңі қашып, құп қу болып үйге келді. «Не болды?!» – дегенімше болмай, «Дәрі берші!» – деді. Жүректің дәрісін беріп, басына жастық қойып, диванға жатқыздым. Әрең дегенде, есін жиды. Артынан білсем, сабақтан келе жатқан кіші қызын үйге апарып қояйын деп, жолдың бойына тоқтап, күтіп тұрыпты. Бейқам келе жатқан Гүлсім көлігінен шығып өзіне қарата келе жатқан әкесін көріп, жалт бұрылып, жылап, қаша жөнеліпті. Қарсы келе жатқан машина жүгіріп келе жатқан баланы басып кете жаздапты…
Бекбол келгелі төрт құбылам түгел сияқты болып, масайрап жүрген менің де осы жағдайлардан кейін жүрегім ауыратын болды. Дәрігерден ана болу қуанышының тым кеш екенін білгелі бұл дерт ұлғая түсті…
* * *
Міне, сөйткен Бекбол екеумізге де жоқ! Өз жанын өзі жегідей жеп жүріп, көліктен мені екінші рет күштеп түсіріп кеткен түні бала кезден бірге оқыған досыныкіне барған. Түн жарымына шейін сол үйде отырып, отбасын тастап, басқа әйелге үйленгенін айтқан. Аздап ішкен. «Қона сал!» дегеніне қарамай, жолға шыққан. Сол ауылдың қасынан өтетін айналма жолдан бұрылғанда, жүрегі ұстап, рульге ие бола алмай, көлге түсіп кеткен…
Ал, мен болсам, сол кезде қу жанымды шүберекке түйіп, тықыр еткен дыбысқа елеңдеп, екі көзім төрт болып, күтіп отырғанмын…
* * *
Ертесінде Бекболдың жаназасын шығарған соң, молда: «Бейіт басына тек ер адамдар барсын!» деген уәжін айтты. Айтқанындай тек ер адамдар барды. Мәйіттің беті топырақпен жабылып, бейітшілер көліктеріне отырып қайта бастағанда, бір әйел зарылдай жоқтап, жаңа ғана томпайып, бой көтерген молаға қарата жүгіріп бара жатты. «Бұл кім, бұл кім?» – деп, бір-біріне сұраулы кейіппен қараған көпшілікке бір жігіт: «Ағамның әлгі… маза бермей жүрген… екіншісі ғой!» – деді.
Бекболды жаңа ғана арулап, жер қойнына тапсырған жұрт үн-түнсіз көліктерін оталдырып, Алматыға қарата бет түзеді…