Индонезия елінің Горонтало шаһарында пайда болған бес саудагер жайындағы әңгімені әуелі қала базарындағы сатушылар естіп білді. Әр тұтынушыны түстеп танитын саудагерлердің аңдыған-баққандары сол емес пе?
Сөредегі дүниесін асыра мақтап, ылдым-жылдым өткізіп жіберуге дағдыланған, адамдарды алдап-сулап баюдың жолына түскен олардың бойын іштарлық, қызғаныш сынды қызылкөз нәпсі жайлағалы қа-ша-ан?!
Байқайды, жаңадан келген саудагерлердің азық-түліктері мен жеміс- жидектері тез өтіп кетеді. Қалалықтардың тіпті үйме-жүйме болып, кезекке тұрып жатқандарын көрмейсіз бе?
– Бұл нендей сиқыр, япыр-ау?!
– Бөтен елдің бөгде жандары жұрттың басын айналдырып, дуалап қойғаннан сау ма, өзі?!
– Затымыз өтпейтін болды!
– Аналарға тиым салу керек!
– Басынуларын!
– Үндемеген сайын үдетіп барады, – деп байбалам салды тұрғылықты саудагерлер. Қолдары жүрмеді, заттары өтпеді. Бұл қырсықтың келімсек сатушылардан келгенін білген сайын ашу-ызалары шықты. Нәпсі-қызғаныштары шыдатпай әрекет жасауға құмбыл кірісті.
– Табандарыңды тайдырыңдар!
– Қайдан келсеңдер, сонда жөнеліңдер!
– Оңдырмаймыз! – деп қоқан-лоқы көрсетті қала саудагерлері.
– Неге кетулері тиіс?!
– Саудалары адал.
– Сендерге ұқсап таразыдан жемейді.
– Момын жандар, – деп қала жұртшылығы шыр-пыры шыға қарапайым, кішіпейіл, жуас жат жұрттықтарды қорғады.
Дау-дамай соңы жұдырықтасуға жетіп, төбелеске ұласты да, жергілікті саудагерлер жат жұрттықтарды соққыға жықты.
Арашаға келген Қазы бес саудагердің басшысы Бахриддинге сұрақ қойды.
– Қайдан жүрген жансыңдар? Кімсіңдер?
– Біз мұсылманбыз. Алланың нәсібімен келіп қалған жайымыз бар.
– Мүләйімсуін қараңыз. Қуланғылары келеді, – деді қала саудагерлері айқайлап.
Қазы қолын көтеріп, шуылдақ жерлестерін тоқтатты.
– Жұртты сонша неге дүрліктірдіңіздер?
– Біз емес шырқ бұзған, – деді бөгде жандар бір ауыздан. – Жазығымыз жоқ секілді, бізді неге соққыға жықты?!
– Менің де білмегім осы, – деді Қазы сабыр сақтап. – Бахриддин әпендім, шыныңызды айтыңыз? Естуімше, сіздердің саудаларыңыз жүріп кетіпті. Жұртшылық қалалық сатушылардан зат алуды азайтыпты, сол рас па?
– Шын.
– Ендеше бәрін айтыңыз. Жұртшылықты қалай каратып алдыңыздыр?
– Біз хақ мұсылманбыз. Әуелі жаратушы Алланың құлы, хазырет Мұхаммед ғалейһи уәссаламның үмбетіміз. Саудамыз адал, таразыдан жемейміз. Сатқан затымыздың бүлінгені, жарамсызы болса жасырмай айтамыз. Ұнатпай кері қайтарса, қайтып аламыз, кішіпейіл, қарапайым болуға тырысамыз. Жылпылдатып жылдам өткізіп жіберуді мақсат етпейміз. Содан болар, біздің заттарымыз өтімді, ал мұсылман үшін адал сауда сауапты іске жатады.
Бахриддиннің уәжіне тоқтаған Қазы бөгде бес саудагерді қалада қалдыруға шешім қабылдайды. Кейіннен сол бес саудагер арқылы Горонтало шаһарында мұсылмандық кең тараған екен.
Жақсылыққа – жақсылық
Жортып келе жатқан ана-қасқыр аңдаусызда апанға түсіп кетті.
Көзі қарауытып басы айналды. Бар салмағымен құлағандықтан жамбас сүйегі сырқырап барады. Қолынан келер қайран жоқ, тістеніп шыдап бақты. Сүйегі аман сияқты, оған да шүкір! Жоғары қарап еді, жүрегі зу етті. «Өлген жерім осы екен! Терең шұңқырдан қайтіп шығам?» – деп уайымға берілді.
Қоңыр қозы апан қасынан өтіп бара жатқан. Ыңырсыған дыбысты естіп, құлақтарын тігіп тұра қалды.
– Ыр-р!
Зәресі ұшқан қозы қайраттанып шұңқырға үңілді.
– Мәс-са-ған-н! Қасқыр ғой!
Қорыққанын сездіргісі келмей сабыр сақтап, сәл ойланды. “Жыртқыш екені рас! Бірақ қазір мүсәпір, дәрменсіз. Қой тілдесейін…»
– Қасеке, сә- ле-мет-пі-сіз?
– Сәлем-м.
Мұнда қалай түстіңіз?
– Жарқыным-ау, кеудесінде жаны бар тіршілік иесі текке жата ма?! Тамақ іздеп жортып келе жатқанмын. Алдым жылмағайдай тегіс сияқты еді. Айла асқан ба адамнан, шұңқыр қазып, жас шілікпен бетін жауып қойыпты. Қайдан білейін, омақаса құлап түстім.
– Қиын болған екен! – Қоңыр қозының жаны ашыды.
– Күні кеше дүниеге келген күшіктеріме обал! Соларға жаным ашып, уайымдап жатырмын.
Ана-қасқыр мұңайып, шарасыздық танытты.
Қоңыр қозы қол ұшын бергісі келді. Қайтсе екен?! “Ә-ә, таптым!..»
Қалың орманды бетке алып жортып бара жатып, отар жаққа көз қырын тастап қойды.
– Тәуекел-л!
Аяғы-аяғына тимей діттеген жеріне жетіп, қалың ағаш арасынан қураған қайыңды тез тапты. Қайыра келген ізімен жан ұшырып апанға жетіп, амалдап төмен түсірді. Ана-қасқыр қуанды. Қоңыр қозыдан мұндай батылдық күтпеп еді. Бәлесін қара-а! Оңаша жолықса жәукемдеп тастайтын қошақан ата жауын ажалдан арашаламақ.
Қураған қайыңның бұтақтарымен өрмелеп апаннан атып шықты ана-қасқыр. Жан-жағын шапшаң шолып өтті. Қоңыр қозыға зер сала қарады. Айрықша белгілері болса жадына тұтпақ. «Ә-ә, оң құлағында үш бұрыш ойық бар екен!..»
Арада бір жыл өтті.
Қоңыр қозы есейіп тоқты болды. Бір күні аңдаусызда артқы аяғын сындырып, отарға ілесе алмай шеттеп қалды. Қанаған аяққа шыбын-шіркей үймелеп, келе-келе құрттады. Жайылуынан жатуы көп.
Өліара. Мамыр айы болғанымен түн салқын.
Үйірлі қасқыр жүрісі суыт. Алда жалы күдірейген көк шулан. Одан кейін ана-қасқыр, қалғаны жас күшіктер. Нәр татпағандарына үшінші күн, көздері қанталап айналаға суық қарайды. Бір кезде көк шулан иіс тартып тұра қалды.
– Ананы қара! – Жиырма қадамдай жерде жас марқа жатыр. Сілекейі шұбырды.
Ақсақ тоқты басын көтеріп, алға ұмтылғанымен орнынан тұра алмады.
О-о! Тоятын болдық! – Жас күшіктер қуанды.
– Іздегенге-сұраған.
Тісім қышып еді.
– Жете ме бәрімізге…
– Жет-пе-ген-де-е!..
– Өле жегенше, бөле жейміз.
Ана-қасқыр ұлардай шулаған ұяластарын тоқтатты.
– Сабыр сақтаңдар!
Қоңыр марқаның денесі мұздады. Ана-қасқыр былтырғы оқиғаны есіне түсірді. “Сол!” деп жылдам ойлап өтті.
– Қоңыр марқа таныдым сені.
– Мен де шырамытып тұрмын.
– Терең апан, қураған қайың… Ажалдан алып қалғансың. Жақсылыққа жақсылық! Қорықпа! Тимейміз!
Ана-қасқыр ұяластарын ертіп кетіп калды. Көз ұшынан салт атты көрінді. Бұл марқаны іздеген қойшы болатын.
Жалқаулыққа кім үйір?
Жалқаулықтың қай кезде де ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге дағдыланған жандарды сағалайтыны белгілі. Содан да болар, еш жерде жұмыс істемейді, масылдық пиғылын өзгерткісі келмейді. Бірде ол сахарадан сая таппай, шаршап-шалдығып, жайлы-жұмсақ орын іздеп келе жатты да, ауыл шетіндегі үйге енеді.
– Рахат-ай!…
Тоңған, қарны аш оған керегі осы болатын. Бастапқыда байқамапты, үй іші қоңыр салқындау ма, қалай?! Қыс айы болғанымен, терезе желдеткіші ашық. Ұйықтап жатқан Ерден есімді баланың жамылған көрпесі де жұқалау.
–Ищ-ша-ай!
Жалқаулық тоңа бастады. “Әліптің артын бағайын, болмаса өзге мекен табайын” деп ойлады.
Үйде ешкім көрінбейді. Ерденнің әке-шешесі ерте тұрып, жұмыстарына кеткен. Жалқаулық ары жатты, бері жатты. Жылы-жұмсақ орын таба алмағанына көңілі қоңылтақсып, көзі ілінсейші.
Бір кезде Ерден тұрып, төсек-орнын жинады. Беті-қолын суық сумен жуып, дене шынықтыру жаттығуларын жасады. Оразасын ашты да, киініп далаға шықты. Ақырдағы оттықтарға шөп салды. Қорадағы малдарды әкеліп байлады, үй төңірегінің қарын күреді, тазалап сыпырды. Аяғына шаңғы байлап, шамалы ойнады. Енді сабағын оқуға столға кеп жайғасып, тапжылмастан ұза-а-ақ отырды.
Жалқаулық бәрін байқады. Ерден пысық бала екен. Істеген ісі жинақы, киімдері тап-таза, кітап-қағаздары орын-орнында, шашылып жатқан ештеңе көрінбейді. Үйде бір өзі, қадағалап, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Жатса да, тұрса да өз еркі, бірақ ол өйткен жоқ. Түске таман шайын ішіп, мектепке жинала бастады.
– «Қой, уақытымды босқа өткізбейін, – деп мұңайды жалқаулық. – Бұл үй маған қол емес, жөнімді табайын…»
Жылыстап көрші үйге жетті, есік ілінбепті. Төрде Берден деген бала ұйқыны соғып жатыр, пештегі көмірдің қызуы бет шалады. Үй ыстық, терезелер тарс жабылған. Жалқаулықтың іздегені осы.
– Рахат-ай! – деп қолын шапалақтады. Екі езуі екі құлағында.
Қуанғаннан көрпе ішіне сүңгіп кетті. Бойы жылынып, жаны жадырады. Берденмен қосылып алаңсыз ұйықтады.
Берден бесін ауа зорға тұрды. Сағат екіден асыпты, сабақ әлдеқашан басталып кеткен.
Оқасы жоқ, ертең барамын! – деді есінеп-құсынап.
Айылын жияр емес. Осылай болуы тиісті сияқты. Төсек үстінде маужырап біраз отырды. Көп ұйықтағаннан көзі қып-қызыл, басы да зеңіп ауыратын сияқты.
Ол беті-қолын жылы сумен шала-шарпы шайды да, анасы әзірлеп кеткен асқа отырды. Асықпай ішіп болған соң, қалың киініп, шанасын сүйреп тысқа шықты. Төбе басында уылдап-шуылдап ұсақ балалар жүр. Кешке дейін шана тепті. Қас қарая маңызды жұмыс бітіргендей ұшып-жығылып үйіне әрең жетіп тамақ ішті де, жылы бүркеніп жата қалды.
Ертеңіне тағы ұйықтап қалып, мектепке кешігіп жетті. Сұраған сабаққа жауап бермеді. Мойнына су кеткендей басы салбырап тұрды.
– Мұның қалай Айтуғанов, – деді мұғалім.
Берден безерді, ләм-мим тіл қатпады. Күнде солай, күнделік дәптерінде екілік бағалар толып жүр. Оқимын деген ниет жоқ. Сынып жетекшісі жиналысқа салды, ата-анасын шақырып, сөйлесті. Құрбылары дәу екілікті құшақтатып қабырға ғазетіне шығарды.
Жалқаулық Берденнің мойнына мініп алды. Екеуі достасып кетті.
Ұйқысы қанар емес, ойыны таусылар емес. Сабақ қарайын десе кежегесі кейін тартады. Жақсы киініп, тәтті-дәмді тамақты ұнатып тұрады. Бұлай жалғаса берсе, екінші сыныпта қалатын түрі бар.
– Көрдіңдер ме, балалар! Жалқаулық кімге үйір екен?!
Кітап мұңы
Кіші бесін. Сынып іші тым– тырыс. Қос Әліппе кездесіп қалды. Бірі – мұнтаздай таза, әдемі киінген, өзі жас. Екіншісі – бетіне шимай– шимай әжім түскен, жүдеу. Белі бүкірейіп, қартайған.
– Сені де көретін күн болады екен. Амансың ба? Дені– қарның сау ма?
Шүкір Алла!
– Жүзің неге жабырқау?
– Жазмыштан озмыш жоқ, титықтаған тіршілік те баяғы.
– Алаңсыз сұхбаттасайық. Жә, өзің қайдан жүрсің?
– Қожайыным Асқар деген бала жаңғалақ, алаңғасарлау еді. Сабақ соңында асығып– үсігіп, мені ұмыт қалдырыпты.
Болмаған екен.
– Ойбу, жылы бөлмеде қалғаныма тәуба! Асекең талай рет далаға да тастап кетті емес пе?! Өзіңе де жол болсын!
– Менің қожайыным Ұларбек ұқыпты, тәртіпті бала еді. Бағана сабақ үстінде мазасы қашып қатты ауырып, үйіне сұранып кетті.
Сонда, алғаш рет пе қалуың.
– Иә, бірінші рет. Жалғызбын деп қорқып едім, оңды болды ұшырасқанымыз.
– Бір баспадан бір күні шықтық емес пе? Екі жыл өтсе де өзгермепсің.
– Шашың ағарып, белің бүгіліп, кімге ұқсап кеткенсің сен?
– Айтпа! Көрмеген қорлық, шекпеген мехнатым жоқ. Әуелгі қожайыным Айбол есімді бала еді. Өте сотқар, ерке-тотай. Оқып болған соң мені лақтырып жіберетін. Керек кезінде бірақ іздейді. Әке-шешесі айтудайын айтады. Тыңдайтын Айбол ма?! Ақпа құлақ деп сондай баланы айтар. Табан астында ұмытады бәрін.
Асқар – екінші қожайыным. Бұл Айболдан асқан бұзық. Сабаққа да ықыласы шамалы. Кітап бетін анда– санда бір ашады. Оқып отырады да, қолы қышып кете ме, өзге қағаз жоқтай бетімді шимайлап сурет салады. Парақтың шетін жыртып, шайнап-шайнап түкіріп тастайды. Қар алғаш жауған күні алысып-жұлысып жүргенде сөмкесінің аузы ашылып, кітаптар шашылып қалды. Әрине, мен де бармын. Бір заматта бүйірімнен бір тепті. Жаным көзіме көрінді. Қабырғам сынған шығар дегем. Абырой болғанда аман, сау-тамтық қалмады үсті-басымнан. Киімдерім жыртылды, парақтарымның бірнешеуі жұлынып, түсіп қалды.
Қыс басталғаннан сырғанақ деген пәле шықты. Өзге балалар етікпен немесе сөмкесінің үстіне отырып сырғанаушы еді. Асқардың ісінің бәрі кереғар. Маған отырып алып, шана орнына пайдаланатынды шығарды.
– Байғұс-ай, көрмеген қорлығың жоқ екен!
– Осындай өмір сүріп жатқанда қалайша қартаймайсың.
– О не дегенің!
– Басымды арашалайын, қашып құтылайын деп те толғандым. Бірақ қыс ішінде қайда барып паналаймын.
– Енді өз жайыңнан хабар бер.
– Менің алғашқы қожайыным Ұларбектің ағасы Жұмажан үлгілі оқушы. Қолына тиген күні– ақ қызыл матамен тыстап қойған. Өзге кітап-қағаздарына да ұқыпты. Жұмабек екеуі тете, аралары бір жас. Енді міне, Жұмабектің інісімен біргемін. Барлық парағым орнында, шимайлаған жоқ.
Ұларбек пен Жұмажан кітап қадірін жақсы біледі. Үйткені, кітап – білім бұлағы! Рухани нәр – азық!
– Уәжің орынды! Асқар сияқты балалар түсіне ме?
– Миына құю керек!
– Асқармен сөйлесіп көрсеңші.
– Сөйлесейін.
Қос Әліппе қол алысты.
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ