Әр адам дүниеге бір ұлттың өкілі боп келеді. Ол – бұлжымас аксиома. Әр пенденің ұлттық мәртебесін оның төлқұжаты не басқа да бір ресми қағаз емес (қазір оны ауыстыра салу немесе бірнеше елдің азаматы болуы түк болмай қалды емес пе?!), ата-бабасынан мұра боп келе жатқан, қаны, жаны, гендік коды анықтап береді…
Адам, азамат, нақты қоғам өкілі болғандықтан ол өзін қоршаған ортаның тірлігіне белсене араласады, әр оқиға не құбылысқа үн қосады. Сондықтан да кез келген қоғамдық мәселеге ұлттық фактордың тигізер әсері орасан зор! Өйткені, қандай да болмасын проблеманың артында жеке ұлт өкілінің немесе тұтастай бір ұлттың, сол ұлт құраушы мемлекеттің мүддесі бой көрсетіп, мәселеге өз әсерін тигізеді.
Керек десеңіз, бүгінде боп жатқан қиян-кескі геосаяси қақтығыстар мен талас-тартыстардың артында нақ сол – ұлттық мүдде тұр! Кейде ол бастамашылар жалпыадамзаттық ұрандарды ұстанады, бірақ та жеме-жемге келгенде, сол қимыл-әрекеттердің негізінде нақты ұлттың қызығушылығы мен мақсат-мүддесі жатады.
Өкінішке орай, белгілі бір себептерге байланысты бізде ұлттық саясаттағы ұлы мүмкіндіктер іске аспай келеді.
Ол себептер бесенеден белгілі.
Большевиктер партиясының «пролетарлық интернационализм» ұранын ұстанып, Совет Одағының құрамына кірген ұлттық республикаларды терісін теспей сорып, бір орталыққа – Мәскеуге жығып беріп, тәуелді етуі – сол себептің ең бастысы әрі бірегейі. Жасанды да жалған, таптаурын да тұрпайы таптық принципке негізделген ол идеологиялық тұғырнама талай ұлтқа қасірет әкеліп, ұлтына адал болғысы келген талай арыстардың түбіне жетті. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс орталық ұлттық республикалардың басқарушы әрі зиялы элиталарын қойдай жусатты, дегеніне көндірді. Сол қатаң шарттардың кесірінен ұлттар және ұлттарға тиесілі құндылықтар – тіл, мәдениет, өнер, ғылым мен білім – кенжелеп қалды, дамыса да сол баяғы «интернационализмнің» Прокруст қалыбынан аса алмады, соның өне бойында бұғатталып, тұншықты.
Құйтырқылықтар мен қулығына найза бойламас зымияндықтар шекараны сызғанда сол ұлттық құрылымдардың демографиялық жағдайына да аса қауіпті де қатерлі «бомбалар» әзірлеп қойғандай: біздегі «солтүстік облыстардың» өзі не тұрады. Немесе кешегі метрополия – Мәскеудің өз қандасы – украиндықтарға тұтқиылдан шабуыл жасап, шаңырағын ортаға түсіруге талпынған, адамшылыққа жатпайтын арам әрекеті ше? Яғни, Кремль жақтан үрлеп жіберсе, сепаратизм деген арам пиғылдың оты лап ететіндей мүмкіндіктер алдын-ала ұйымдастырылғаны осы күннің өзінде аян болып отыр!
Тереңнен ойластырылған осы жасанды кілтипан күні бүгінге дейін Тәуелсіз Қазақстанның дербес ұлттық саясатына өз салқынын тигізіп, ұлттық мүддені мемлекеттік тұрғыдан қорғау және қолдау ісіне кедергі келтіріп отырғанын мойындауымыз керек. Оны біреу түсінсе, біреу түсінбейді. Ал бәзбіреулер тіпті түсінгісі келмейді.
30 жыл ішінде ұлттық идеологияның басты бағыттары мен принциптері анықтала қоймады: бұл сала құдды бір ұмыт қалғандай, тек қана мерекелік даталар тұсында өзекті боп шыға келеді де, кейін… келесі мейрамға дейін көлеңкеде қалып қояды. Қиын тақырып болған соң ба, көбісі одан қашыңқырап, «бәлесінен аулақ» деп, бойын аулақ ұстады.
Парадокс: қоғам ұлттық саясатты заман талабына сай күрт өзгертуге дайын да, мемлекеттік органдар ондай бетбұрысқа әзір емес боп шықты.
Бірақ, өткен мақаламызда айтқандай, жалпыадамзаттық, өркениеттік даму көптеген нәрсені табиғи түрде өзгертуде, соның ішінде, ұлттық саясаттың кешегі коммунистік бұғаудан босап, еркіндік алып, өзге дамыған мемлекеттердің тәжірибесін ескеріп, жаңаша сапада жүзеге асуына өз әсерін тигізуде.
Ендігі жердегі мақсат – тоғыз түрлі амалы, тоқсан тоғыз бұқтырмасы бар саясаттың дәл осы саласында заманауи трендтер мен тенденцияларды терістемей, көштен кеш қалып қоймау.
Ол үшін не істемек керек?
Біріншіден, патшалық және большевиктік отарлау дәуірінде орын алған ұлттық процестерге, соның ішінде, жүйенің зәресін алған ұлт-азаттық көтерілістерге жаңа тарих талаптары тұрғысынан мейлінше әділ баға берілуі тиіс: тарихымызды түзеп алмай, бүгініміз баянды болмайды, келешегіміз күмәнді де күдікті кейпінде қалады. Шындығында да, біздің тарихи оқулықтарымыз бен ғылыми еңбектерімізде әлі де Мәскеу идеологтарының қолдарының табы сезіледі. Солар о баста белгілеп қойған штамптар мен қасаң анықтамалар, таптық тұрғыдағы терминдер әлі де тағынан түсе қойған жоқ, әлі де либералды, еркін ойлы, Батыс өркениетімен сусындаған, сол жақтың тарихи дәстүрлері мен мүмкіндіктерін пайдалана бастаған зерттеушілеріміздің қадамына тұсау болып отыр. Иә, белгілі бір дәрежеде алға жылжушылық бар. Бірақ ол жеткіліксіз.
Ол тағдырлы талап, әсіресе, Мәскеудің қабағына қарап, ол жақтан именіп, өз сөзімізді сөйлей алмай қалған біздің басшылардың солқылдақ саясатының кесірінен өзінің лайықты бағасын ала алмаған еліміздің шынайы Тәуелсіздігі үшін күрестегі ақтаңдақтарға, кешегі күнгі күрестің көлеңкелі тұстарына, қазақтың өз ішінде екіұдай пікір туғызып келе жатқан оқиғалар мен тұлғаларға қатысты.
Әйтпесе, ұлт-азаттық көтерілістердің адамзат тарихындағы орны қандай десеңізші! Біз болсақ, өз батырларымызды, олардың ұстанған биік мұраттарын өскелең ұрпаққа әлі де дұрыс жеткізе алмай келеміз. Жастардың жігерін жасыта бермей, тарихқа ұлттық рух беру қажет.
Екіншіден, естеріңізде болар, Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық сана-сезім объективті түрде жанданып, саяси алаңға шыға бастаған тұста біз «ұлтшылдар» деген барша әлем мойындаған әмбебап анықтаманың орнына «ұлтжанды» деген «толерантты» терминді ойлап тауып алып, қолданысқа енгіздік. Сөйтіп, «ұлтшыл» деген ұлағатты сөзді орынсыз санап, мысымызды баса берген мәскеушіл санадан бас тарта алмай қалғанымызды танытып қойдық.
Енді, дүниежүзілік тәжірибеге сүйеніп, кезінде ұлтшылдарды таптық жау ретінде танып, қоғамға жат, мемлекетке зиянды құбылыс етіп танытқан Совет идеологиясынан біржолата құтылып, «ұлтшылдар» ұғымын, қоғамдық феномен ретінде саяси тұрғыдан ақтау, реабилитациялау керек деп санаймын. Әйтпесе, қазіргі тірлігіміз бен сөз қолданысымыз орыс империясы мен Совет Одағынан қалған рухани, моральдық-психологиялық шартты рефлекс, кезінде Ленин айтқан, «ұлыорыстық шовинизмнің» салқыны боп қалмақ.
Үшіншіден, бізде орын алған мына парадокс бар: әңгіме ұлттық саясатты жүргізу мен насихаттаудағы провайдерлер, негізгі қозғаушы күштердің кім екенінде болып тұр. Бұл тұрғыдан алғанда, бізде қоғам белсенді де, ресми органдар тым сылбыр әлі солқылдақ.
Иә, жоғарыда айтылған ішкі және сыртқы қауіптер бар. Ол жағын естен шығарсақ, жер тұтастығынан бір күнде айырылып қалған Украинаның кебін киюіміз де ғажап емес.
Бірақ, басқасын айтпағанда, біздің билік әлі де санасып келе жатқан Путиннің өзі «самый большой националист в России – это я» деп ашықтан-ашық мәлімдеді емес пе? Осыны айтып алып, ресейлік телеарналар мен барша БАҚ жүйесі арқылы «Украинада Ресейге қарсы соғысып жатқандардың бәрі – ұлтшылдар» деп, осы сөздің бұрынғы, тозығы шыққан, «совети» астарын тағы да жаңғыртып жатқанын қайтерсіз?
Олай болса, біздің де ел басқарып отырған тұлғалардың да батыл қимылдайтын уақыты келді деп санаймын. «Өз ұлтымның өкілімін, өз ұлтымды сүйемін, өз ұлтымның түпкі мақсат-мүддесін бірінші кезекке қоямын» деп айту үшін ендігі жерде көзсіз батырлықтың, жанқиярлықтың қажеті де жоқ шығар.
Әрине, ұлтшылдық ұранды көтереміз деп, шамадан шығуға да болмайтын шығар, ондай риториканы реттеп отыратын халықаралық стандарттар мен талаптар бар. Өз ұлтын биіктету арқылы өзге ұлттарды мансұқ етуге ұмтылғандардың жолы белгілі де.
Мәселе – ұлттық саясаттағы жаңа принциптерді өз қоғамымызбен бірге, басқа аудиторияға да жеткізе алуда болып тұр. Ол жағынан біз мүлдем кенжелеп қалдық.
Осы орайда, қазақ ұлтшылдарын аймақтық, қала берді, халықаралық деңгейде ақпараттық, қоғамдық ой-пікір тұрғысынан да қолдап, ақтау шаруасы тұр. Өз басым олардың негізгі ұстанымдарының басқа тілдерде жарияланып, өздеріне қарсы айтылып жатқан жөнсіз айыптарды жоққа шығаруға мүмкіндік алуын қалар едім. Сөйтіп, қазақ ұлтшылдығы әлемдік факторға айналып, жаңаша, өркениетті деңгейде танылуы тиіс деп санаймын. Ол үшін барша мүмкіндіктер бар.
Әсіресе, жалпы және жеке адам құқын ұлт немесе мемлекет құқынан жоғары қоятын халықаралық құқыққорғаушылар жүйесімен терезесі тең сөйлесе алатын, өз уәждерін тиісті деңгейде дәлелдей алатын күштер мен тұлғалар аса қажет! Саяси тұрғыдан – плюралистік, кейде бір-бірімен келіспей жататын ұстаным иелері, бірақ ұлттық мүддеге келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алатын қазақ қоғамының өне бойында, әсіресе, білімді де белсенді жастарымыздың арасында ондай орасан зор әлеует бар.
Төртіншіден, ұлттық саясат тек қана гуманитарлық саланы қамтиды деген қате көзқарас бар! Одан да арылуымыз қажет.
Ұлттық мүдде мемлекет және мемекетаралық өмірдің барлық саласын қамтиды!
Басқасын айтпағанда, экономикалық мүдде ұлттық мүддемен астасып жатқанын өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Әлемде боп жатқан тектоникалық өзгерістер – ғаламды шарпыған қаржылық дағдарыс, КОВИД пандемиясының шектеулері, Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашуы, осыған қатысты Ресейге жарияланған Батыс санкцияларының үдей түсуі – бәрі-бәрі Қазақстанның түпкілікті әрі түбегейлі ұлттық мүдделеріне өз әсерін тигізіп жатыр.
Осынау қысылтаяң кезеңде мемлекетіміз қандай экономикалық стратегия мен тактика ұстануы тиіс?
Ресейдің экономикасына түгелдей телініп қалғанымыз дұрыс болды ма? Экономиканы диверсификациялау басты экономикалық қарым-қатынастарымызды, соның ішінде, Еуразиялық экономикалық одақты құру кезінде өз мойнымызға алған міндеттемелерімізда қайта қараудан басталуы керек емес пе?
Қалыптасқан орайлы тұсты алға тартып, осы ойларды батыл айтып, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, ұлттық мүддені қорғай алатын тұлғалар қайда? Ең бастысы, осындай қадамдарға мүмкіндік беретін саяси ерік-жігер бар ма?
Осы тұста мен қауіпсіздік мәселесі мен әскери байланыстарды да қоса айтар едім. Олардың қаншалықты өзекті екенін Ресейдің экспансиялық саясаты көз алдымызға келтірді емес пе?
Бесіншіден, Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан өз экономикасына шетел инвестициясын молынан тартқаны рас. Расы бар, өтірігі бар, әйтеуір, бұрын-соңды болмаған қыруар қаржы келді, шетел компаниялары мен құрылымдары ұлттық байлығымыздың біраз бөлігін иемденіп, төрімізге озды. Қазір де олардың мұртын балта шауып жатқан жоқ. Жалпыадамзаттық тенденция тұрғысынан бұл оң қадам болғанымен, біз өз қолымызбан стратегиялық салаларымызға ұлттық буржуазияның келуіне кедергі жасап тастадық! Онымыз дұрыс болмады деп санаймын. Нәтижесінде ұлттық буржуазия жетім қыздың күйін кешіп, өз елінде өгей боп қалды. Пайдасы мен мүмкіндіктері мол бизнеске қол жеткізе алмаған оларда отансүйгіштік, патриотизм сезімі қайдан пайда болсын, қайдан қалыптассын. Сондықтан да, талантты да қабілетті кәсіпкерлеріміз өз елінде қажет болмай қалып, шетел асып кетті. Сол жақтан өз нәпақасын табуда.
Ұлттық саясатқа тиген нұқсан емей не бұл енді?!
Меніңше, бұл құбыжық жағдайды кұрт өзгертетін уақыт келді.
Оған билік қолға алып жатқан «Жаңа Қазақстан» концепциясы негіз бола алатын сияқты. Өйткені, стратегиялық маңызы бар экономикалық салалар мен нысандарға жаңа толқын келіп жатыр.
Бұрын оқудың көкесі Мәскеу, Ленинград не Новосібір болса, қазіргі қазақ жастары Кембридж, Оксфорд не Массачутесте емін-еркін оқып жүр. Сонда алған білімін өз елінің қажетіне жаратқысы келеді олар.
Ендігі жерде, жаһандану барысында мемлекеттер арасындағы ресми және бейресми шекаралар жойылып, білім мен бизнес трансұлттық сипатқа ие бола бастаған тұста, бізге осы жайтты ұтымды пайдалану керек.
Ұлттық буржуазияның олигополиялық емес, меритократиялық, әділетті, құқықтық түрғыдан лайықты бәсекелі қалыптасуына даңғыл жол ашылса, қазақтың өз буржуазиясы да ықпалды экономикалық һәм қоғамдық күшке айналатынынан сенімдімін. Ұлттық буржуазияның ұлттық ұстыны мен ұстанымы, ұлттық мінезі мен мәрттігі, ұлттық діңгегі мен дәйегі болады. Олардың ата-бабасы осында, балалары шетелде оқыса да, туған жеріне қайтып келіп, әкелерінің ісін жалғастырады. Олар қаржысын елде сақтайды, инвестициясын өз мемлекетінің қазанына құяды.
Кейін аяққа тұрған соң, олар тек қана қаржыны не пайданы ойламай, қолдауға соншалықты зәру рухани саланың да мықты демеушісі болады. Мемлекет ол үшін тиісті салықтық жағдайлар жасауы тиіс.
Ең бастысы – олар жоғарыға жалтақтамайды, қоғамда жүріп жатқан процестер туралы ойын ашық айтатын болады. Кәсіпкерлікке жаңа ережелерді алып келеді. Оларға қарап, жастар бой түзейді. Сөйтіп, билік қалыптастыра алмай келе жатқан отандық тауар өндірушілер армиясы, шағын және орта бизнестің қуатты қауымы өзінен-өзі түзеледі де, мемлекет пен қоғам өмірінің ықпалды күшіне, мықты факторына айналады. Пісіп-жетілген шағында үлкен саясатқа да араласып кетеді. Сонда жүріп, біз талқылап отырған ұлттық мүддені қорғап, ұлттық саясатты жүргізеді! Өз басым соған кәміл сенемін!
Ай толғанын білмейді, жігіт болғанын білмейді. Біздің де «тауда жүріп, таста өскен» ұлттық буржуазия өзінің толып-толысқанын енді ғана сезіп келе жатқан сияқты.
Алтыншыдан, ең сорақысы сол: қылышынан қан тамған орыс империясы мен Совет Одағының кезінде ұлттық мүддені алға тартқан тұлғалар мен бірлестіктер қалай оппозиция саналса, Тәуелсіз Қазақстанның тұсында да өз ұлтының басты мұраттарына адалдық танытқандар да сол санатта, яғни билікке жеккөрінішті қалпында қалып отыр: ұлттық мәселе көтерсең, күштеу органдары саған мемлекеттің қас жауы ретінде қарайды! Сол замандағы, керек десеңіз, бүгінгі ресми идеология ұлттық мүддені қорғауды біржақты да зиянды, өркениеттікке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, тіпті регрессивті, кертартпа құбылыс ретінде қабылдап, насихаттап келді.
Тұрақтылық деген фетиш іспеттес, яғни басқа ұғымдарды мүлдем жаратпайтын талап боп алды! Сөз жоқ, тыныштық, бейбітшіліктің қажеттігін ешкім де жоққа шығара алмайды, бірақ осы түсінікті ел санасына сіңдіруде басқа, соның ішінде, ұлттық маңызы мен қадірі бар құндылықтар тәрк етіліп жатқаны жасырын емес. Ол шамадан тыс шектеуден де құтылу керек.
Біздің форматтағы тұрақтылықтың негізінде ұлт болашағына деген нық сенімдіктен гөрі, «мұны арты не боп кетеді екен?» деген қорқыныш пен үрей жатыр. Ондай психо-эмоциялық, түптеп келгенде тұрақсыз әрі мың құбылғыш критерийлерге негізделген тұрақтылық қалайша… тұрақты болады?!
Әрине, шынтуайтына келгенде, солтүстік көршінің факторын біз мүлдем жоққа шығара алмаймыз. Белгілі бір дәрежеде ол Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатына өз әсерін тигізеді. Ресейде 900 мың қандасымыз, бізде демографиялық жағдайы дүдәмал солтүстік облыстар бар кезде, шынымен де, ұлттық саясатта «ақырын жүріп, анық басқанымыз» абзал.
Антиресейшіл не антиорыстық қызуқанды қызбалыққа салынудың өз сұрауы болатынын сабырлы да салиқалы ұлт ретінде ескеруіміз парыз. «Майданда революция жасаймыз», «орыс тіліне қатысты мәселені бір күнде шешіп тастаймыз» деп Украина есігі ойран, төрі талқан болды да, Қырымынан, Донбасс пен Луганскінен айырылып қалды емес пе?! Бұл дегеніңіз Ресеймен шектес 7 жарым мың шақырым шекарасы бар Қазақстан үшін үлкен сабақ!
Десек те, ұлттық саясат секілді кез келген мемлекеттің ішкі және сыртқы болашағын анықтайтан салада әртүрлі уақытша жағдаяттарға қатысты шартты рефлекс болғаны жөн емес! Дәл қазір дұрыс боп көрінген ұстаным ертеңгі күні қате боп шығып, ұлтқа кесірін тигізуі ғажап емес! Керісінше – осы кезеңде кесірлі деп саналған көзқарас болашақта берекелі боп шығуы мүмкін!
Бізге бір күндік емес, жүз жылдық мүддені көздеген салқынқанды да салиқалы саясат болған жөн! Ең бастысы, жиі айтыла беретін сабырлық солқылдақтық пен сорлылыққа айналып кетпеуі тиіс.
Оның үстіне, бүгінде Ресейдің шынайы пиғылы әлемге аян болды! «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегендей, бүкіл әлемді өзіне қарсы қойып, неоимпериялық ниетін танытып қойды. Ақай жоқ, ноқай жоқ, өз туысының жеріне көз алартып, баса-көктеп шабуыл жасады. Тебінгіден тер, қабырғадан қан жаудырып, өз көршісін азапқа салуда.
Осы жайт та болашақта етпен қайнап, сүйекке сіңген біраз әдеттерімізден арылып, өз ұстанымызды одан сайын нықтауға тарихи мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ең басты кемшілік мынау: бізде ұлттық саясаттың негізгі провайдері, яғни насихаттаушысы һәм жүзеге асыруға талпынушысы билік емес, қоғам! Дәл осы қоғамның өне бойынан табиғи түрде, белсенді азаматтар мен ұйымдардың жүрек қалауымен ұлттық саясатқа негіз бола алдатындай озық ойлар мен ұтымды ұсыныстар айтылып жатыр.
Мақсат – ұлттық мүддені қорғаудағы басты идеялар мен іс-қимылды билік өз қолына алуы тиіс!
Иә, бұрынырақ, ішкі демографиялық (және демократиялық деп қосып қояйық!) ахуал мен сыртқы геосаяси жағдай дүдәмал қалыпта еді. Қазір болса, ұлттық саясатты батыл әрі тегеурінді түрде жүргізуге мүлдем жаңа мүмкіншіліктер пайда боп жатыр.
Меніңше, ең басты уәж бен бағыт – әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті елдер өзінің тарихи тәжірибесімен өміршеңдігін дәлелдеп шыққан, халықаралық стандарттар мен талаптар.
Соның ішінде, кешегі Совет Одағының қол астында болған мемлекеттерге ортақ бір түйткіл – тіл мәселесі.
Сөз жоқ, аспаннан түскен бір кітапта жазылғандай, «әуеліде Сөз болды». Менің пайымдауымша және философиялық жөнге салсақ, ол сөз әр адамның, әр ұлттың ана тілінде болды!
Басқа ұлттар өз тілін «english language», «родная речь», деп атап жатса, қазақ өз тілін ана секілді киелі де қастерлі ұғыммен байланыстырып, «ана тілі» деп сипаттама береді! Одан артық қандай мәртебе керек?!
Сондықтан да, ұлттық саясат – тілсіз саясатсыз – тұл! Ол мәселе шешілмей, ұлттық саясат шешілмейді!
Бірақ, біздегі кейбір ұлтшыл бағыттағы қайраткерлерге салсақ, тіл мәселесін шешіп алсақ, ұлтқа қатысты бар түйткілдер жойыла салатындай.
Мүлдем де олай емес!
Нақты ұлттың бүгінгі тіршілігі, ертеңгі күн көрісі тек қана бір тілмен шектелмейді!
Ұлттың басқа да, ішкі және сыртқы мүдделері бар!
Сананы, соның ішінде, тілді де, басқа рухани факторларды да, тұрмыс анықтайды. Ең алдымен, ол экономикаға тікелей байланысты. Өз тілінде ғана сөйлесе де, экономикалық тұрғыдан заман көшінен кейін қалып қойған, бейшараның күнін кешіп жатқан қаншама ұлт, қаншама мемлекет бар десеңізші!
Құрамындағы ұлттық республикалардың төбесіне әңгір таяқ ойнатқан Совет дәуірінде тіпті «ұлттық саясат» деген нақты әрі атауы арқылы көп нәрсені аңғартатын терминнің орнына ресми түрде «ұлтаралық қатынастар» деп, о бастан бір ұлтты басқа бір ұлтқа (ол қандай ұлт екені де белгілі еді!) теліп қою үрдісі орын алған.
Ілімнің, ғылымның, қоғам өмірінің саласының аты оның затын, зерттелуі және айналысуы тиіс бағытын алдын-ала анықтап бермей ме? Біздегі жағдай дәл сондай мүшкіл жағдайда болды!
Сол кездегі ғылыми еңбектер мен арнайы мақалаларды сүзіп шықсаңыз, мынаны байқайсыз: ұлттық мәселе тек қана таптық күрес тұрғысынан қарастырылды. Мұның өзі сол кезде үстемдік еткен коммунистік (большевиктік) идеология талаптарына сай келді. Сөйтіп, анау-мынау емес, «пролетарлық интернационализм» қағидаты санаға да, коғам өміріне де орнығып, үстемдік құрды. Және де ұлтаралық қатынастарда бой көрсеткен кез келген түйткілдер мен қалыптан шығып кеткен оқыс оқиғалар дәл осы принципке сәйкес келу не сәйкес келмеу тұрғысынан қарастырылды, сол негізде саяси баға берілді. Оның бәрі мемлекетаралық қатынастарды анықтайтын келісімдерге еніп кетті.
Бүкіл Совет Одағына қоңырау боп шалынған, тоталитарлық жүйеге сойқан соққы боп тиген 1986-жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне де Мәскеу сондай теріс баға берді. Совет басшылығы бұл дүмпуді бір адамның тағайындалуына қарсылық деп түсініп, дұрыс қорытынды шығара алмады. Нәтижесінде, Желтоқсан Совет Одағының құрамындағы басқа да ұлттық республикаларға тарихи жол ашып беріп, сол кеңістіктегі тәуелсіздік алу үрдісінің алғашқы қарлығашы болды.
Меніңше, осы мәселелердің бәріне бүкіл әлем мойындаған ортақ критерийлер мен талаптар тұрғысынан қайта қарау көзқарасы орнығуы керек.
Жетіншіден, философиялық астары бар бір мәселеге тоқтала кетейік. Кей адам оны түсіне қоймас, солай болса да, айтайын.
Ұлттың бәрі бірдей. Бірақ бір ұлтқа ғана тән мінезді, менталитетті, адамзат тарихында танылған бөлек қасиеттерін де ешкім жоққа шығара алмайды. Сайып келгенде, әр ұлттың жалпыадамзаттық өркениетке сіңірген еңбегі, қосқан үлесі бөлек.
Сыртқы алаңдағы ұлттар арасындағы бәсекені былай қойғанда, біз, қазақтар, өз еліміздегі орнымызды ойып ала алдық па? «Ел мен жер біздікі!», деп, тым масайрап, тоқмейілсіп, бойымыз бен ойымыз ұзын арқан, кең тұсауға үйреніп кеткен жоқ па?
Сонымен бірге, ұлттар арасындағы бәсекеге лайықты болуы үшін ұлттың өз ішінде өркениетті бәсеке болуы тиіс деп санаймын. Ол болса, өз алдына бөлек, ұлттық психологиямыз бен болмысымызға «тиіп кететін» қиын тақырып. Оның шынайы астарын көкірегі ояу, көзі ашық ағайын түсіне жатар.
Меніңше, ұлы деп атауға тұрарлық ұлттың ең мықты қасиеті – өз-өзін сынай білуінде, орынсыз мақтаншақтық пен кеудемсоқтыққа салынбауында, керек десеңіз, өз мінез-құлқына ирониямен қарауында. Өз мықтылығына сенімді ұлт қана өз болмысына күле қарай алады! Тіпті, кейбір ұлттар өздері туралы анекдоттар шығарып, таратып жүр. Одан қылшығы қисая қойған жоқ. Керісінше, өткір де уытты әзіл-қалжыңмен өз-өзін мұқатқансиды да, шын мәнінде ұлтын асқақтата түседі, кез келген тығырықтан жол таба алатын қасиеттерін өзгеге паш етеді. Сөйтіп, барша адамзатқа тән ерекше мінез бен психологиялық өзгешіліктерді өз қандастарына ғана теліп, меншіктеп ала қояды! Содан барып еврейдің айлакерлігі мен қулығы, немістің ұқыптылығы мен дәлдігі, француздың қызу қандылығы мен сезімталдығы, британдықтардың сабырлығы мен байсалдығы туралы аңыздар кеңінен тарап кетеді.
Біз, қазақтар, сондай әдіс-тәсілді меңгере алдық па? Неге біз өзімізге бір ауыз сын айтыла қалса (мен ұлттық намысқа тіл тигізгендерді емес, біздің бүгінгі, жақсылығы мен жамандығы қатар жүрген болмысымызға қатысты орынды сын айтқандарды мысал етіп отырмын), бұлқан-талқан боп ашуланып, өршелене қарсы шығамыз? Неге өзімізге, өз болмысымыз бен жаратылысымызға шыншыл баға беруге дағдыланбаймыз?
Бұл да ұлт болып талқылауға тұратын дербес тақырып деп ойлаймын.