Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ: Ұрпақ сабақтастығы ұлттық құндылықтар арқылы жалғасуы керек

Ар-намыс алға жетелейді екен

– Ерсұлтан Өтеғұлұлы, адам өмірдің бір белесіне көтерілгенде «Бұл дүниеде не тындырдым? Арман-мақсаттарыма жете алдым ба?» деп өз-өзіне сұрақ қоятыны анық. Сіз де бір белестен астыңыз…

– Адам бала кезінен арманмен өседі. Ол кезде біз тұрған ауылда теледидар түгілі, электр жарығы да жоқ. Қараңғы түсе, үйде кәдімгі шам жағылады. Анамыз 11 құрсақ көтерген, оның сегізі аман қалған. Бәріміз шамнан айнала жатып алып, сабақ оқитынбыз. Сол кезде үлкендерден: «Қалалар бар, олардың зәулім үйлері болады, көшелері түнде де жарқырап тұрады», – деп еститінбіз. Қиялға беріліп, «Сондай қалаларды қашан барып көрер екенбіз?» деп ойлаймыз. Арман қуып, алға мақсат қойдық. Соны орындауға тырыстық. Әке-шешеміздің және мектептегі ұстаздарымыздың тәлім-тәрбиесін көріп, ер жеттік. Солардың айтқан ақылы талшыбықтай түзу өсірді. Әр бала тәрбиені әкенің ақылымен, ананың ақ сүтімен бойына сіңіреді ғой. «Жақсы адам болыңдар, өтірік айтпаңдар. Адал, еңбекқор болған адам абыройға жетеді. Білімге құштар болыңдар!» – деген сөздері әлі жадымызда сайрап тұр.
1959 жылы бірінші сыныпқа бардым. Алдымыздағы үлкендерге қарап, жақсы оқуға талпындық. Өйткені қатарыңнан қалып қойсаң, ұят сияқты көрінетін. Ар-намыс алға жетелейді екен. 8 сынып бітірген кезде бізді әкеміз техникумға жіберетін-ді. Әкеміздің «Әуелі нақты бір мамандық алыңдар, ынта-жігерлерің болса, кейін басқа мамандықты да меңгересіңдер. Орта білімді адам да отбасын асырайды» деген ұстанымы болды. Автомобиль жолдары техикумына оқуға түстім. Оны үш жыл оқып бітіріп, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының механика факультетіне түстім. Барлық уақытта алға мақсат қойып, соны орындауға күш салдым. Әр заманның талабы болады ғой. Сол кеңес кезінде өсемін деген адамның алдында үш мақсат болды. «Бірінші – жақсы оқып, білім алу, екінші – орыс тілін білу, үшінші – Коммунистік партия қатарына кіру». Партияға шамаң келсе, мүше боласың. Ол кезде барлық адамды қабылдамайды. Әкем маған білімді болып, мамандық иесі атану, азамат болу, елге адал қызмет ету секілді бірнеше талап қойды. Сол сенімін ақтадым. Өзіме жүктелген міндеттерді қашанда адал атқаруға тырыстым. Саяси-әкімшілік қызметтерге араластым. Шетелде еңбек еттім. 1995 жылы ҚР Президенті Әкімшілігіне қызметке қабылдандым. Осы іргелі ұжымда 16 жыл үш ай жұмыс істедім. Парламент Мәжілісінің екі шақырылымында депутат болдым. Алдыма қойған мақсаттарымды орындадым деп ойлаймын.
Әкем ақын болған. Көп жазатын еді. Әр баласына арнаған жыры бар. Мен дүниеге келгенде өлең шығарған екен. Света деген әпкем бар, соған қарата:
«Ақ Света, асыл туған ақыл дана,
Баста – ми, көкіректе – сезім-сана.
Ерсұлтан қатарынан кем туған жоқ,
Халқы үшін қайырымды боп туған бала», – деп жазыпты.

– Сіздің уақыт өте келе, жауапты қызметтер атқарып, халық қалаулысы болатыныңызды әкеңіз сонау 1952 жылы қалай білген екен? Алла аузына сондай сөз салған-ау?

– Мүмкін. Өткенге көз жүгіртіп, мен де соны ойлаймын. Сегіз баласының ішінде депутаттық мандатқа ие болу мәртебесі маған бұйырыпты.

Әкенің сөзімен, көзімен берген тәрбиесін көрдік

– Ел-жұрт асылдың тұяғы дейтін әкеңіздің қандай ерекше қасиеттері бар еді?

– Әкемнің түп нағашысы – Жанғожа батыр. Сыр бойында Қарасақал Ерімбет деген жыршы, термеші өткен. Соның Жұма деген қарындасы – әкемнің анасы. Елордада 2004 жылы жұртшылықтың қолдауымен Ерімбет жыршының атына көше берілді. Әкем өте білімді, сөзге шешен, тарихшы болды. Аталарымыз дәулетті екен, Қазан төңкерісі тұсында мал-күлкі талан-таражға түсіп кеткен. Ағайын-туыстары бірі қырға, бірі құмға көшіп кеткен. Әкесі қайтыс болып, өзі жетім өскен. Жеті жасынан он екіге толғанша мешітте молданың тәрбиесінде ескіше оқыған. Одан кейін Ғани Мұратбаевтар оқыған Қазалының мектебінде орысша оқып, мұғалімдік курс бітірген. 1930-жылдары Ташкенттегі Орталық-Азия мемлекеттік университетін тәмамдаған. Партия-совет қызметінде істеді. Бірнеше колхоз басқарған. Аудан, облыс көлемінде жауапты қызметтер атқарды. Әкемнің тағы бір сіңірген еңбегі – Төрткүл қаласында мұражай ұйымдастырғаны. Ел ішінен жәдігерлерді жинап, әрқайсысына тізім жасап, мәңгілік мұраға айналдырған. Сол мұражайдың директоры болды.
Өзі тұратын кеңшар не ауданда бір адамның басында ауыр жағдай бола қалса, әкем соған қол ұшын беретін еді. Бір оқиғаны айтайын. Біз ол кезде дүниеге келмеген де шығармыз. Сара әпкемнің айтқаны бар. «Бір күні көршінің баласы жәшіктің шығып тұрған шегесін аяғымен басып кетіп, ауыр жарақат алды. Әкем әлгі баланы біраз жерге дейін маған арқалатып алып барды. Машина тауып берді, мен сол баланы 15-20 шақырым жердегі аудандық емханаға, хирург дәрігерге алып бардым. Біз оның туысқаны емеспіз. Алайда әкеміз өте қайырымды жан еді», – деген Сара әпкем сол күндерді еске алып.
Алыстан қосылатын бір ағайынымыз шалғайда, құм ішінде мал бағып отыратын. Сол жаман ауруға ұшырап қалыпты. Соларды алып келіп, пештің жанына отырғызып, дұрыстап емделуіне барлық жағдайды жасаған кезі болды. Ол кезде халі мүшкіл жандар көп. Ауыл адамдары бір-біріне қамқор болатын. Тіпті қайтыс болған кісіні шығаратын жағдайы жоқ отбасылар бар еді. Сондай бірнеше адамды үйге әкеліп, барлық жөн-жоралғысын жасап, соңғы сапарға жөнелткенін бала кезімізде көзбен көрдік.
Әкеміз қызметте жүрген соң, бізге анамыз көп тәрбие берді. «Әкең келе жатыр», – дегенде бәріміз бөлмемізді жинап, жан-жағымызды тәртіпке келтіріп, тым-тырыс отыра қалатынбыз. Әкем бір баласын да шапалақпен ұрып көрген адам емес. Біз үшін оның орны бөлек, тұлғасы тау секілді көрінетін. Егер ол бізге ренжіп, қабағын шытып, айқайлайтын болса, өліп қалатын шығармыз. Біз оның мазасын алмайтынбыз. Әкеміздің әрбір іс-әрекеті, көзқарасы бізге тәрбие болатын.

– Есіңізде қалған ерекше оқиға…

– Бір оқиға әлі көз алдымда. Бала деген әр нәрсеге әуес болады ғой. Жасым беске толмаған кез. Таңмен оянсам, үйде қонақтар болған шығар, пештің ошағы алдында «Казбек», «Беломорканал» дейтін темекілердің тұқылдары жатыр екен. Ересектер сияқты болғым келіп кетті ме, темекінің қалдықтарын мәйкімнің ішіне салып алып, далаға шығып кеттім. Темекі тартайын деп сіріңкемен тұтатқым келеді, бірақ желдің екпінімен ол өшіп қала береді. Бір кезде әкем өтіп бара жатып, мені көріп қалды да: «Әй, не істеп отырсың?!» – деп аяғымен жерді тарп еткізді. Содан мен алды-артыма қарамай қаша жөнелдім. Үйге жарты шақырымдай жерде Орынбек деген туыс атамыз тұратын. Кешке дейін сол атаның үйінде болдым. Үйге баруға қорқамын. Дегенмен күн батқан соң, келдім. Жаздыгүні үлкен үйдің дәлізінде дастархан жайылған, әке-шешем, бауырларым және бір ағайындар – бәрі шай ішіп отыр екен. Ортада шам жанып тұр. Есік ашық тұр. Дала қараңғы, мен жайлап әрі-бері өтемін. Ішкі ойым «әке-шешем мені көрсе екен» деймін. Олар шақырмаса, өзім барып кіруге қысыламын. Өйткені бір қылмыс жасағандай болып тұрмын ғой. Әрекетімнің дұрыс емесін сезіндім. Бір кезде әкем көріп қалды. «Әй, балам, айналайын, не істеп жүрсің? Кірмейсің бе?» – деді. Сонда жүрегім орнына түсіп, «Енді өмір бақи осы темекіге жоласам, адам болмай кетейін» деп өз-өзіме серт бердім. Міне, жасым 70-ке келді, шылым шеккен емеспін. Бұл – әкенің сөзімен, көзімен берген тәрбиесі.

Мұз қатқанша анамның суды кешіп өтетіні әлі есімде…

– Анаңыз қандай адам болды?

– Анамыз да тектінің ұрпағы, өмірден түйгені мол жан еді. Оның арғы аталары Самархандты билеген Жалаңтөс баһадүр болып келеді. Салмақты, қайсар мінезді, қарулы адам болды. Әке-шешем таңғы бесте тұрады. Қорамызда үш-төрт сиыр, бір-екі түйе, 15-20 қойымыз болатын. Тауық және түйе тауық өсіретінбіз. Үйдің жанындағы бау-бақшаға түрлі көкөніс, жеміс-жидек егетінбіз. Соның бәрін анамыз өзі балаларының көмегімен атқаратын-ды. Ол кезде суды тасып ішеміз. Біз екі фляганы есекке артып алып келеміз. Кейде жақын құдыққа, кейде үш-төрт шақырым жердегі өзенге баратынбыз. Біздің жақта көмір болмайтын. Сексеуіл алып келсең, молшылыққа кенелгендей боласың. Анамыз аптасына екі рет тандыр пешін жағып, нан пісіреді. Оның үстіне, қонақтар жиі келіп жатады. Ол кезде «Үйге келіп, шәй ішіп кет» деп шақырмайды. Жолаушы келе жатады да, құдайы қонақпын деп түсе қалады. Аптасына бір рет қой сойылып, қазан қайнап жататын. Анамыз соның бәріне үлгеретін. Өзі жаздың аптап ыстығында бау-бақшада жүріп, күннің астында отырып, арамшөптерді жұлады. Үстіндегі көйлегі күйіп кетеді екен! Бір жазда екі көйлегі тозатынын құрбыларына айтып отырғанын естідім. Әкем жарлы-жақыбай, ауру адамдарды үйге алып келіп, жағдайлары жақсарғанша қамқорлық жасайтын. Бектұрғанның кенже інісі Кенжеғұл деген ауру атамыз болды, көзі көрмейді. 14 баласы болған, бәрі де шетінеп кеткен. Палымша деген әжеміз бар, ол аяғынан сал болып қалған. Біздің үйден екі-үш шақырым жерде тұрды. Ортада ағысы қатты арық бар. Әкем оларға: «Біздің үйде тұрыңдар. Сендерге өзіміз қараймыз», – дейді. Олар оны намыс көреді де: «Өз үйімізде тұрамыз», – деп айтады. Соған шешем олар қартайып, 90-нан асып қайтыс болғанша үш мезгіл тамақ апарып береді. Кейде өзі үлгермей, бізді жібереді. Кешке анамның өзі алып барады. Атамыз: «Келіннің өзі неге әкелмеді?» – деп тамақты ішпей қояды. Көпірмен айналып барса, 3,5 шақырым, судан өтіп, тура тартсаңыз, 1,5 шақырым. Әбден күз бітіп, мұз қатқанша анамның суды кешіп өтетіні әлі есімде. Кейін шешем аяғынан радикулит, полиартрит дерттеріне шалдықты. Сол мұздай суды кешіп өте бергеннің зардабы тиді-ау деп ойлаймын. Бірақ сол адамдардың батасы шығар, ұрпағы жақсы болып өсті. Ата-анамызды ел ішінде бәрі сыйлады. Жерлестеріміз әлі күнге дейін үлкен құрметпен еске алып отырады. Біз тұрған аймақтан Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарына көшіп келген қазақтар өте көп. Соның барлығы әке-шешемізді жақсы біледі.
Әкеміз адамға жақсылық жасауды біздің санамызға сіңіре білді. Өзім де өмір жолымда адамдарға қол ұшын беруді азаматтық парызым деп санадым. Арыз-шағыммен келген адамның мәселесін шешіп беруге тырыстым. Олардың көңіл-күйін, жанын түсіне білуің керек. Әсіресе, депутаттық қызметім кезінде маған өтінішпен келетіндер көп болды. Өңірлерге іссапармен барып, жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдаймыз. Бірде Талдықорған қаласында адамдарды қабылдап жатқан едік, бір жесір әйел жылап келді, күйеуі қайтыс болған. Өзі қан аздығы дертіне шалдыққан. Үш күннен кейін кезекті химия терапиялық емін алуға Алматыға баруы керек екен. Балалары бар. Үлкен қызы университетте екінші курста оқиды. Сол қызы емтихан бағаларына байланысты мемлекеттік гранттан айырылып, оқудан шығарылғалы жатыр екен. Келген адамдардың бәрін қабылдап болдым да, әлгі әйелді машинаға отырғызып алып, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне тура тарттық. Әуелі өзім ректорға кірдім. Жақсы қабыл алды. «Сіздің қабылдау бөлмеңізде бір әйел отыр. Өзінің жағдайы қыл үстінде тұр. Қызы университеттен шығайын деп жатыр. Екі адамның тағдыры осылай жардың шетінде тұр», – деп мән-жайды айтып едім, оқу орнының сол кездегі басшысы Қуат Баймырзаев азамат жігіт екен. Сол жерде проректоры мен бас бухгалтерін және басқа жауапты адамдары шақырды да: «Мен бұрын мұндайды көрген емеспін. Мына ағамыз бір адамды жетектеп келіп отыр. Мәселені шешуіміз керек. Мұқтаж жанның студент қызына менің жеке грантымнан беріңіз», – деді. Сөйтіп, әлгі әйел емделуге кетті, қызы оқуын жалғастырды. Кейін жұмыста жүрсем, Жетісу өңірінің азаматтары хабарласып: «Бір азаматша Сізге алғыс хат жазамын дейді. Өзінің денсаулығы жақсарыпты. Қызы оқу бітіргелі жатыр», – деп жақсы жаңалықты жеткізген еді.
Даулы мәселелерді шешу оңай емес. Ақмола облысында қар суы елдімекендерді алып кеткен еді. Таңертең бір автобус адам Кенесары көшесінің бойындағы азаматтарды қабылдау пунктіне келіп тұр. Ақпан айы болатын. Ақырын келіп, мән-жайды анықтап көрсем, су тасқынынан зардап шеккен Оразақ (Целиноград ауданы) деген ауылдың тұрғындары екен. Өте ашулы. «Қазір депутат келеді. Ол ештеңе шеше алмаса, Ақорданың алдына, алаңға барамыз!» – деп айқайлап тұр. Ішке кіріп, қабылдау бөлмесіндегі қызметкерлермен ақылдастық. Сонда: «Араларында жетекшілері бар, солар ғана кірсін», – деді біреуі. Мен: «Үлкен залдарың бар ма, бәрі де түгел кірсін. Әрі далада күн суық», – дедім. Бұл ұйғарым дұрыс болды. Бәрі залға кіріп, өз пікірлерін айтты. Әкімшілік ауылды көшіріп, бәріне тың жерден жаңа үлгіде үй салып беріпті. Ол үйлердің кейбірі сапасыз болып шықты деп шағымданды. Бірақ аудан орталығы Ақмол кентінде салынған бір үйден 19 пәтер беріліпті. Дау осы жерден шығып тұр. Қалған 250 адам: «Бізге де сол үйден беріңіздер. Пәтерді заңсыз алғандар бар. Әкімдікте істейтін бір адам алды», – деп талап қойып отыр. Мен: «Жарайды. Сіздердің шағымдарыңызды тыңдадым. Бұл жерде оның қалай болғанын білмеймін. Екі тәуліктен кейін, жұма күні өздеріңізге барамын. Комиссия құрамыз. Облыс, аудан әкімдігінің жауапты қызметкерлерін, прокуратура өкілдерін шақырамын. Бөлінген пәтерлердің заңдылықтарын тексереміз. Сол орында шешеміз», – дедім. Екі күннен кейін бардық. Әуелі бұрынғы үйлері тұрған жерді аралап көрдік. Кейде сынның екінші ұшы өзімізге тиеді. Су шайып кеткен жер болса да, бұрын қандай жағдайда болғаны анық байқалады. Күл-қоқыстары тау болып үйіліп жатыр. Үйлердің айналасы күтімсіз болғаны көрініп тұр. Ал енді жаңа тұрғын үйлерді көрікті етіп салып беріпті. Көшелері түзу. Дәретхана мен ваннасы үйдің ішінде. Мал ұстайтын қорасына дейін салып берген. Құрылыс компаниясы барлық үйді толық бітіріп беретінін мәлімдеп, қолхат берді. Тұрғындар ауылдың мәдениет сарайына жиналды. «Қараңыздаршы, бұрын қалай тұрдыңыздар? Қазіргі көрініс қандай? Жаңа үйлердің кейбір жерінде аздаған кем-кетігі болса, оны өздеріңіз де жөндеп ала аласыздар. 19 пәтердің ішінен әкімдікте қызмет істейтін бір жігіт алған екен. Ол көзі нашар көретін мүгедек екен. Ол мүгедектігі бойынша алып отыр. Келісесіздер ме?» – деп едім, бәрі де ортақ шешімге келді. Осындай іс бітіргенде көңілің толады. Халықтың өтініштерін тыңдап, мәселелерін шешуге атсалысқаны үшін деп мені «Үздік депутат» аталымына ұсыныпты. Оны азаматтар, журналистер қолдады.

…Ең дұрысы – ауыл-ауылмен көшіріп әкелу

– Кім-кімге де туған жері ыстық қой, барып тұрасыз ба?

– Иә. 2006 жылы әкемнің 100 жылдығына, 2011 жылы анамның бір ғасырлық тойына орай барып, құран бағыштап, атап өттік. Өткен жылы сәті түсіп, мені Өзбекстан Президенті сайлауына байқаушы ретінде жіберді. «Қай аймаққа барғыңыз келеді?» дегенде өзім Қарақалпақ өңірін таңдадым. Әуелі Ташкентке, содан кейін Нүкіс қаласына ұшақпен бардым.
Біз өскен өңірден шыққан танымал тұлғалар аз емес. Соның бірі Қоңырат ауданыда туған қазақтың дарынды ақыны Төлеген Айбергенов еді. 30 жасында өмірден ерте кетті. Ол тәуелсіздікке дейін оңтүстік өңірге көшіп келген. 1967 жылы туған жеріне барғанда қайтыс болған. 2018 жылы депутат кезімде бір топ азамат Алматы облысының бір мектебіне Т.Айбергеновтің есімін беру туралы ұсыныспен келді. Соған біраз қолқабыс жасадым. Үкіметке депутаттық сауал жолдадым. Бұл мәселені оның алдында Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов, Амангелді Шабдарбаев, Тілектес Есполовтар көтерген екен. Алайда біраз мәселелер шешуді қажет етті. Нәтижесінде Іле ауданындағы №48 мектепке Төлегеннің аты берілді. Т.Айбергенов Нүкіс қаласының Сорша деген жерінде жерленген. Өткен жылы Қарақалпақстанға барғанымда ақын зиратының басына барып, құран оқып, рухына тағзым жасадым. Оның өлең, жырларын оқып өстік. «Сағыныш» деген туындысының әсерімен «Ауылға сапар» атты өлең жаздым. Соның бір-екі шумағы мынадай:
…Қоштасатын сәт те келді таңдағы,
Қол бұлғайды әкем еккен талдары.
Аманшылық тілеп барам еліме,
Өшпесін деп ауылымның шамдары!

Ниетім бар қайта оралып келетін,
Ағайынға елде өмір сүретін,
Немере мен шөберелер жетектеп,
Кең далада жаяулатып жүретін!

Орындалсын алға қойған арманым,
Аман болсын туыстарым, жан-жағым.
Тола берсін қызықтарға өңірім,
Өтіп жатқан күндерім мен айларым!
Жалпы, Қарақалпақ республикасының 2 млн-ға жуық тұрғыны бар, соның 30 пайызы қазақ, 30 пайызы өзбек және 30 пайызы қарақалпақ, қалған 10 пайызын өзге ұлттар құрайды.
– Дүниеде ең қиыны шекараның сыртында қалу ғой. Олар Қазақстанға көшкісі келмей ме?
– Қоныс аударғысы келеді, бірақ жағдайлары жоқ. Мысалы, 1991 жылға дейін өз үйін сатса, мына жақтан сондай үй алуға болатын еді. Ол жақта малын сатып, мына жақтан қайта сатып алатын-ды. Нарық экономикасы көп өзгерістер алып келді. Алыс ауылдарын аралап көрдім. Өзбекстанның қазіргі Президенті Шавкат Мирзиеевтің бастамасымен соңғы жылдары қазақтар тұрған ауылдар көгілдір отынмен, сумен қамтамасыз етілуде, жақсы жолдар салынуда. Халықтың жағдайы анағұрлым жақсарып қалыпты.
Президент Әкімшілігінде қызмет істеп жүрген кезімде Қарақалпақстанның Қазақтар қауымдастағының төрағасы Шаударбай Салиев деген азамат болды. Мен оның біздің бірқатар министрлермен байланыс орнатуына ықпал еттім. Көлік және коммуникация министрлігі арқылы Қарақалпақстанның қазақтар көп тұратын аймағына Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Бейнеуден баратын пойыздардың санын арттыру мәселелері қарастырылды. Қазақ мектептері жабылып қалмауы үшін мына жақтан оқулықтар жіберуде сол кездегі Білім және ғылым министрі Қырымбек Көшербаев көп көмектесті. Біраз істер атқарылды.
Өмір бір орнында тұрып қалмасы анық. Айталық, екі елдің Президенттері жақсы қарым-қатынаста. Алдағы уақытта да Қарақалпақстанның қазақтары біздің елге, әсіресе, жері шұрайлы, тұрғындары аз солтүстік өңірлерге қоныс аударамын десе, мемлекеттік деңгейде мәселелер шешімін тапса, елге ел қосылып, құт-берекеміз артар еді. Бір-екі отбасы келсе, олар тұра алмайды. Өйткені ағайын-туыстың той-томалағы, өлім-жітімі болады. Қайта-қайта барып келуге жер шалғай. Күн сайын оңтүстікке қарап, туған жерін аңсап отырады. Тұрақтай алмай, кетіп қалады.
Ең дұрысы – ауыл-ауылмен көшіріп әкелу. Бір қауым болып көшіп барса, сол жақтың бір іскер азаматын жауапты қызметке тағайындаса, оның да нәтижесі мол болмақ. Ол ұйымдастыру шараларын тиімді жүргізер еді. Тағы да қоныс аударушыларды шақырып алуына ықпалы мол. Депутат кезімде дәл сондай жайтты Павлодар облысына барғанда көрдік. Бір ауылдың әкімі сол жерге қоныс аударушылардың арасынан тағайындалған екен. Ол 20-30 отбасын тағы да көшіріп әкеліпті. Бірі мал өсіріп жатса, екіншілері бау-бақшамен айналысуда. Жұмыс қайнап жатыр. Жағдайлары жақсы екен. Олар оңтүстік өңірге авторефрижераторлармен ет өнімдерін жеткізіп, ол жақтан жеміс-жидек алады екен. Бұл да – ескеретін жайт. Сондай мемлекетаралық келісім жасалса, құба-құп болар еді. Көші-қон процесі тоқталмағаны жөн.

«Қай жерден жарты қапшық бидай тауып келер екен?» деп күтіп отыратынбыз

– Жағдайы бар ата-аналар Үкімет квота бөлсін деп қарап отырмай, балаларын Қазақстанға оқуға, жұмыс істеуге жіберсе, жөн болар еді.

– Дұрыс айтасыз. Сол жақтан көшіп келген азаматтарды білемін, арасында туыс інілерім де бар. Кәсіппен айналысып, шаруаларын істеп жүр. Жағдайлары жақсы. Ел қатарына қосылып кетті. Үш жыл бұрын інім Солтүстік Қазақстан облысының шекараға жақын жерлерін машинамен аралап өтті. «Бұрынғы кеңшарлардың орнында екі-үш отбасы қалған екен», – деді. Егер сол өңірде мал бордақылауды қолға алса, күзде семіртіп, ет комбинатына өткізсе, бір жаздың өзінде қомақты қаржы табуға болатынын айтты. Қоныс аударушылардың қызығушылығын тудыратындай жағдай жасалса, көштің легі қозғалар еді. Мұның бәрін мемлекеттік деңгейде шешу керек.

– Өткен кезеңде біраз кемшіліктер орын алғаны да анық айқалуда. Бүгінде жаңа Қазақстан құру жолында саяси реформалар іске асуда. Еліміздің алдағы бағыт-бағдары туралы ұсыныстарыңыз?

– «Еңбек етпеген адам қателеспейді» деген нақыл бар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөздерінде өткен отыз жылда орасан зор істер атқарылғанын айтты.
Біз 1962-63 жылдары КСРО-ны Н.Хрущев басқарып тұрған кезде ел ішінде аштық орын алғанын да көрдік. Тек жүгері егу керек деп, бидай, ұн болмай, халық нансыз қалды. Ол заманда бала болсақ та, әкеміздің таңертең: «Ұн іздеуге кеттім», – дегенін естіп, «Қай жерден жарты қапшық бидай тауып келер екен?» деп кешке дейін күтіп отыратынбыз. Одан кейін «Бір үйде үш қой, бір сиыр қалдыру керек» деп қолдағы малдан айырған кезі де болды. Кейін неге мұндай саясат жүзеге асты деп ойлап көрсек, ол кезде әр облыста, әр республикада инспекторлар болатын. Солар Хрущевке: «Жекеменшік қазақтар байып кеткен. Жердің бәрі мемлекет иелігінде. Яғни, жердің бетіндегі шөбі де өкіметтікі. Жекенің малдары өкіметтің шөбін жеп жатыр. Егер адамдар байып кетіп, капиталистік көзқарасы туындаса, социализмді құртып аламыз. Сондықтан оларды пролетариатқа жақындатуымыз керек», – деп ұсыныс хат жазған екен. 1928-30 жылдары болған колхоздастыру науқаны сияқты 1960-жылдары да әр отбасының 30-40 қойын, бес-алты сиырын айдап кеткеніне куә болдық. Кейін 1964 жылы қазанда билік басына Брежнев келді де, адамдарға үй шаруашылығында өзіне қажетті малды ұстауына рұқсат берді. Кедейленіп қалған отбасылардың жағдайы қайтадан жақсара түсті. Бәріміз де малдың арқасында күн көріп отырдық қой. Киер киімімізге, ішер тамағымызға мал арқылы қол жеткіздік. Біздің әулеттегі 8 бала сол малдың арқасында ел қатарлы өмір сүріп, жоғары оқу орнында оқып, екі дипломды мамандық иесі атандық. Сонда мал ұстаймыз. Әкеміз әр жексенбі сайын базарға алып барып, сатады. Студент балаларына ай сайын 30 сомнан жібереді. Аға-әпкелеріміз оқу бітіріп келген соң, кейінгі іні-қарындастарына ақша салып тұрды. Малымыз болғандықтан, таршылық көрмедік. Ауыл адамы ұлын үйлендіріп, қызын ұзатса да, өз малын сатқан ақшаны жұмсайтын. Қазір де ауылдықтар малдың арқасында өз күндерін өздері көріп отыр.
1989 жылдан бастап қаржы инфляциясын көре бастадық. 1990-92 жылдардағы ақшаның құнсыздануы сұмдық болды. КСРО рублінің инфляциясы 2000 пайыздан асып кетті. Ол кездегі сом сабан ақшаға айналды. Халқымыз да, жас мемлекетіміз де 1993 жылы 15 қарашада төл теңгеміз шыққанға дейін инфляцияның шарықтау шегін бастан кешті. Ал қазір ақша бес пайызға құнсызданса, үлкен шу болып жатады.
1991 жылы Талдықорған облыстық әкімшілігінің аппаратына басшылық еттім. Сол тұста халықтың әлеуметтік жағдайы қиын болды. Мұғалімдер, дәрігерлер, бюджет қызметкерлері 6 айға дейін жалақысын ала алмай жүрді. Ауруханалар, мектептер мен балабақшалар коммуналдық шығындарын төлей алмаған соң, электр жарығын өшіріп тастайды. Қаржы тапшылығы мәселесін шешумен айналыстық. Электр қуатын беретін, сол секілді газбен, сумен қамтитын мекемелерге де ақша керек. Олардың да қарызы өсіп жатты. Соның бәрімен сөйлесіп, өзара келісімге келтіріп, тұрғындардың тарығып қалмауына атсалыстық. Сол бір қиын кезеңде ел-жұрттың тағдыры сынға түсті. Барлық ауыртпашылықты халықтың ынтымағы мен бірлігінің арқасында еңсере білдік.
Қазір іргелі реформалар қолға алынуда. Демократиялық даму жолында келе жатырмыз. 5 маусымда өткен халықтық референдумда Конституцияның бірнеше бабына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Сондықтан Қазақстанның болашағы жарқын болады деп ойлаймын. Танымал шетелдік тәуелсіз сарапшылар да еліміздің келешегі кемел болатынын болжап отыр.

Білімді, ақылды, мәдениетті азаматын қалыптастыру – елдік мақсаттың бірі

– Бүгінгі қоғамда «Біржақтылық белең алып кеткен. Тек басшыларды дәріптейді. Мемлекеттік марапаттарға да солар ие болады. Ал дұрысы, қажырлы жұмыс жасап жүрген ел ішіндегі қарапайым адамдардың еңбегін жоғары бағалау қажет» деген пікір бар. Сіз бұл оймен келісесіз бе?

– Қазір заман өзгеріп кетті, құндылықтар да өзгеруде. Мысалы, телеарналар әуелі ресми жаңалықтарды жеткізеді де, одан кейін орын алған апаттарды, тасжолда екі көліктің соғысқанын, адамдардың жарақат алғанын немесе бірнеше адамның суға кетіп қалғанын айтады. Бір жерде базар өртенді немесе біреулер көшеде не автобуста төбелесіп қалды дейді. Тіпті оқиға орнынан репортаж жасап, халыққа көрсетіп жатады. Осындай негативті оқиғалардың халыққа қажеті бар ма? Оның орнына рухани-мәдени жаңалықтарды, спорттық іс-шараларды көбірек көрсетсе, ол да тәрбие көзі болар еді.
Пікіріңіз орынды. Басшылардың елге қызмет істеуі – міндет. Мемлекеттік қызметкер деген атауының өзі елге қызмет жасауы тиіс екенін білдіреді. Ол үшін жалақы алып отыр, басқа да әлеуметтік қолдауларға ие болады. Олардың кеудесіне орден, медаль таға берудің, баспасөздерге мақала-сұхбатын жиі шығарудың қажеті жоқ. Еңбек адамдарын қолдау бірінші орынға шығуы керек. Мысалы, «Бір кен орнында шахтада жарылыс болып, бірнеше кенші қайтыс болды» деген ақпарат айтылады. Ал ол шахтерлер кімдер еді? Солардың бірнешеуі туралы репортаж жасалса, 25-30 жыл бойы жасаған еңбегіне жоғары баға берілсе, отбасы туралы жылы лебіздер айтылса, қандай ғанибет. Сол сияқты бір зауытта ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан майталман маман туралы деректі фильмдер неге түсірмеске? Мал өсіруді, асылдандыруды жетік білетін азаматтар қаншама? Мұндай істі қолға алсақ, ол еңбек адамына серпін береді әрі халыққа, жастарға үлгі болады. Жазда аптап ыстықта, қыста қақаған суықта қайсарлық танытып, ерен еңбек етіп жүрген жандарға көзінің тірісінде құрмет көрсетілгені жөн.
Әнінде мәні жоқ, сөзінде дәмі жоқ шоу-концерттерді көрсету белең алды. Кейбір әншімін дегендер ашық-шашық киіммен сахнада өнер көрсетуде. Халық көретін телераналардың эфиріне кімдер шығып жатқанын елеп-екшеп отыратын комиссия жоқ. Бұл жерде қандай тәлім-тәрбие болатынын айта алмаймын. Осындай келеңсіздіктерге жаны ауырып, қарсы пікір білдіретіндер аз емес. Сыни пікірлерді жиі естиміз. Бірақ оны еститін, жөнге салатын адам болмай тұр.
Қанша жаман десек те, Кеңес одағы кезінде саясат мемлекеттік идеологияны ұстанды. Адамдарды бір-бірімен дос болуға, қамқорлық жасауға үгіттеді. Ерінбей еңбек етсең, табысқа жететініңді насихаттады. Бізді 5 сыныптан бастап ауыл шаруашылығы жұмысына, мақта теруге және күріш жинауға алып баратын еді. Студент кезімізде де қызылша мен бидай өндіруге және құрылыс жұмыстарына бардық. Кейін балалар еңбегін пайдалануға тыйым салынған заң шықты. Соның нәтижесінде қазір балалар өкіметке де, өз үйі үшін де жұмыс жасамайтын болды. Қалада мал да жоқ. Сыпыратын аула да жоқ. Дегенмен немерелерімізге: «Ең болмаса, өз киім-кешектеріңді жинаңдар, айналаны таза ұстаңдар, қоқысты даладағы жәшікке салып келіңдер», – деп ақыл айтып, жеңіл жұмыстарға жұмсап отырамыз. Ұрпақтың масылдыққа үйренгені жақсылық емес. Өмірде барлық жетістік еңбек арқылы келеді.

– Мүмкін оқушыларды мектеп аулаларында гүл өсіру, тал-теректерді суару жұмыстарына тарту керек шығар?

– Бала кезімізде мектеп жанында бау-бақша болды. Онда әр сыныпқа бөлінген жер телімі бар. Сол жерге гүлдер, қауын-қарбыз егеміз. Жаз бойы суын құйып, арам шөбін жұлып, соның бәрін күтіп ұстаймыз. Мектеп жанына ағаш отырғызамыз. Бұдан бөлек, үйдің жұмысын да атқарамыз. Ол кезде көйлек-шалбарымызды, басқа киімді де шешеміз қолмен не іс машинасымен тігіп береді. Мен бірінші сыныпқа барғанымда Наурызбай деген мұғаліміміз: «Сабақты жақсы оқуларың керек. Содан кейін ата-аналарыңа көмектесулерің қажет», – деді. Үйге келе салып, киімімді шешпестен, сыпырғышты алып, ауланың бәрі құм ғой, бұрқыратып сыпырып жатыр едім, бір кезде анам: «Не істеп жатсың?» – деді. «Маған мұғалім анаңа көмектес деп айтты. Мен сізге көмектесіп жатырмын», – дедім. «Сен мұны таста. Онан да анау тауықтарға су мен жемін беріп кел. Сол – сенің көмегің», – деді анам.
Мәселен, Жапонияда оқушылар сынып кабинетін өздері жуып, жинайтын көрінеді. Оны біздегідей еден жуушы істемейді. Өзіміз де мектепте оқығанда күнде екі баладан кезекші болып қалып, кабинетті тазалап, еденін жуып кетуші едік. Кейін студент болған кезімізде де үйдің шаруасынан қашқан жоқпыз. Әр жылы жазда үйді ақтаймыз, есік-терезесін, еденін сырлаймыз.
Әрине, балаларды ауыр жұмысқа салуға мүлдем болмайды. Дегенмен баланы жасынан еңбекке баулу керек. Әйтпесе, он-он бес жылда өзінің заттарын да, бөлмесін де жинауға ерінетін, тек адам жалдауға бейімделген тоғышар ұрпақ өсіп шығады.
Қазақстанның білімді, ақылды, парасатты, мәдениетті азаматын қалып­тастыру – елдік мақсаттың бірі. «Балаға білімді де, тәрбиені де мектеп береді» деген түсінік болмауы керек. Ұл мен қызды әр отбасында ата-ана тәрбиелеуге тиіс. Ал үлгілі, тәртіпті бала мектепте де жақсы білім алатыны сөзсіз.
Қазіргі таңда жастардың жылдам үйленіп, кейін ажырасып кететіні ұлтымыз үшін өзекті мәселе болып тұр. Бастапқы үш жыл ішінде отау құрғандардың 41 пайызы ажырасып кетеді екен. Содан толық емес отбасында жалғыз бала өседі. Ол баланың психологиялық жағынан проблемалары болады. Егер бір отбасында әке-шешесінің бір-біріне сүйіспеншілігі, сыйластығы керемет болса, баланы екеуі екі жақтан тәрбиелесе, ерік-жігері мықты, орнықты азамат болып өсетіні анық.

Біздің елге Тәрбие министрлігі қажет!

– Адамдар арасындағы сыйластықтың орны бөлек. Кәрімен де, жаспен де сыйласа білу әрбір жанның қадір-қасиетін арттырады.

– Салт-дәстүрді сақтау, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу – Ұлы Даланың, қазақ халқының мыңдаған жылдардан бері келе жатқан ұлттық болмысы мен мәдениеті. Ұрпақ сабақтастығы ұлттық құндылықтар арқылы жалғасуы керек. Студент кезімізде қаланың қоғамдық көліктерінің өзі адамдарды мәдениетті болуға шақырып тұратын. Автобуста «Өзге адамдардан сыпайылықты талап ету үшін әуелі өзің мәдениетті бола біл», «Сыпайы болу – сыйластықты арттырады» деген сияқты нақыл сөздер жазулы тұратын. Сол бізге кәдімгідей әсер ететін. Ол кезде бәрі орысша. Алдыңда тұрған адамға билетті «Ты передай!» демейсің. «Передайте, пожалуйста» деп айтасың.

– Адамдарға жақсылық жасау – ізгі амалдардың бірі. Қамқорлық, қайырымдылық туралы ойларыңыз?

– Көмек қажет еткен жандарға қайырымдылық жасау – әрбір есті адамның парызы. Бұрын адамдар арасындағы махабатты, асыл қасиеттерді және трагедиялық оқиғаларды арқау еткен киноларды қарап, көрермендер толқып, көзіне жас алып отыратын. Мульфильмдердің тәрбиелік мәні жоғары болды. Балаларды ізгілікке насихаттайтын. Ол кезде қандай өнер туындысы да сараптаудан, комиссиядан өтті. Мысалы, бәрі де «Ну, погоди!» мультсериалын күліп отырып көреді. Дегенмен ол күлдірумен бірге адамға ой салады. Әділеттілік жеңуі керек, ешкімге үстемдік жасамау қажет. Озбыр болсаң, түбінде өзің опық жеп, не кірпінің үстіне құлайсың, не суға түсіп кетесің. Ал қазіргі мульфильмдерді көрудің өзі жүйкеге салмақ түсіреді. Бір робот-адам келеді де, қарсыласын қылышпен шапқанда, қызыл қаны қабырғаға шашылып кетеді. Бұл баланың санасына қатыгездікті, мейрімсіздікті сіңіреді. Балдырғандарға арналған шығармаларды көрсетуде, таратуда көп жұмыстар жасалғаны дұрыс. Менің ойымша, біздің елге Тәрбие министрлігі қажет! Ұрпақты тәрбиелеу рухани байлығымызды насихаттаудан басталады. Барлық министрлік өз деңгейінде тәрбиемен айналысуы керек. Айталық, Еңбек министрлігі еңбекке баулу, Денсулық министрлігі салауатты өмір салтын ұстану, Ақпарат министрлігі теледидар, интернет, газет-журналдар арқылы жағымды өнімдерді ұсыну бағытында іргелі жобаларды жүзеге асырса, ұтарымыз көп болмақ.

– Мәжілістегі жұмыстың ерекшелігі қандай?

– Оған дейін Президент Әкімшілігіндегі қызметте күніне 12 сағат жұмыс жасап жүрдік. Сол кезде «Депутаттардың қызметі қандай рахат, жұмысқа емін-еркін келеді, жиналыстарға қатысады да кетеді» деп ойлайтынмын. Бірақ олай емес екен. Парламент жұмысы ұдайы айналып тұрған үлкен дөңгелек секілді. Сәл тоқтап қалсаң, бітті, өз ұсынысыңды беруге үлгере алмай қаласың. Жұмыстың басты маңызы – жаңа келіп түскен заң жобаларына халық үшін керек түзетулеріңді ұсынып, енгізе аласың. Мысалы, мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске темекінің зияны жөнінде 17 түзету бердім, соның 16-сы қабылданды. Электронды сигареттің жастар арасында жарнама жасалуын тоқтату, мектептерде болдырмау мақсатын көздейді. Ұсыныстарымды Үкіметке барып қорғадым, Парламенттегі әріптестерім алдында баяндама жасап, сұрақтарына жауап бердім. Бүгінгі таңда заңдық күшіне енді. 9 жылда 1000-нан астам заң жобасын қарадық. Соның әрбіреуіне кішкентай болса да түзетулерің енгені – еңбегіңнің жанғаны. Депутат болсаң, баспасөзде өз пікіріңді айтасың. Мақалаларыңды жазып, жариялай аласың. Сондай жұмыстарың нәтижелі орындалғанына қанағаттанарлық сезімде боласың.

– Спортты жаныңызға серік етіп келесіз. Осы салаға құмар болуыңызға кімдер ықпал етті?

– Әр бала қатарластарымен жарысып өседі ғой. Егер өзің күшті, жүйрік болмасаң, спортта жақсы көрсеткіштерге қол жеткізбесең, қатардағы оқушының бірі болып қаласың. Мектепке барғаннан спортқа қызығушылығымыз арта түсті. Бір жылы бізге гимнаст мұғалім келді. Ол кезде спортзал жоқ, мұғалім құмның үстінде түрлі жаттығуларды, соның ішінде сальто жасап көрсетті. Содан ауыл балаларының бәрі сальто жасаймыз деп талпынды. Әрқайсымыз секіріп көрдік. Сол тұста ауыр атлетикадан Олимпиада және әлем чемпиондары болған Юрий Власов, Леонид Жаботинский, Василий Алексеев сияқты Кеңес одағының даңқты спортшылары болды. Олардың қанша салмақ көтергенін жарыса айтатынбыз. Біз де ДТ-75 тракторының темір доңғалақтарынан жасап алған «штанганы» көтеретін едік. Сондай-ақ әйгілі палуандар Әбілсейіт Айхановтың, Александр Медведьтің қалай күрескенін, биікке секіруші Валерий Брумельдің әлемдік рекордтарын, Әмин Тұяқовтың үздік көрсеткіштерін жатқа білдік. Газет-журналдарға шыққан фотоларын қиып алып, сақтап қоямыз. Солардай болсақ деп армандап, әртүрлі қашықтыққа жүгірумен, ұзындыққа және биікке секірумен айналыстық. Мектеп қабырғасында жүріп баскетбол, волейбол ойнадық.
Техникумда оқыған кезімде волейбол секциясына қатыстым. Сонда жүріп, жарысқа қатысып, КСРО автомобильшілері арасында үшінші орын алдық. Кейін институтта да спорттың осы түрімен шұғылдануды жалғастырдым. 1997 жылы жаңа Елордаға көшіп келген соң, «Сарыарқа» волейбол клубын құрдым. Қазір құрамында 25 адам бар. Бірақ өткен кезең ішінде жүздеген адам біздің клуб арқылы спорттық жолын жалғастырды. Оның ішінде өмірден өтіп кеткендері бар. Кейбір әріптестеріміз басқа өңірге көшіп кетті. Жас ерекшелігіне қараған жоқпыз. Біздің құрамда студенттер де болды. Айталық, алып күштің иесі, рекордшы, Қажымұқан мен Балуан Шолақтың ізін жалғастырушы Сергей Цырульников те – «Сарыарқа» клубының түлегі.
Сонымен қатар музыка әлемін жаным сүйеді. Әкем сырнай тартқан. Ағаларым да музыка аспаптарын меңгерген. Төртінші сыныпта оқып жүрген кезімде Едебай ағам маған «Ана туралы жыр» әнін үйретті. Балаларым мен немерелерімнің де музыкаға ынтасы бар.

– Отбасыңыз Сізге әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Өмірде жар таңдау да оңай емес. Сүйікті жарыңыз Гүлнәр Жасболатқызымен қалай табыстыңыз?

– Біз танысқан кезде, мен 18 жаста, Гүлнәр 15 жаста еді. Сара әпкем мен жездем Құдайберген Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында тұрды. Гүлнәрдың әке-шешесінің достары екен. Мен Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына оқуға түстім. Гүлнәр үш жылдан кейін, 1973 жылы сол институттың студенті атанды. Сыйластық қарым-қатынасымыз жалғасып, мен 1976 жылы оқу бітірер кезде үйленемін деген шешімге келдім. Гүлнәрға арнап жазған 30 шумақтан тұратын жыр-дастаным да бар. Менің әке-шешем Гүлнәрдың ата-анасын жақсы білетін еді. Анасы да, әкесі де асыл адамдар. Гүлнәрдың әжесі зағип жан екен, көзі көрмейді. Екеуміз отау құруды армандап жүрген кезімізде әкем: «Мен үйлерінде болғанмын. Керемет жайттың куәсі болдым. Көзі көрмейтін енесін алақанына салып бағып отырған әйелден туған қыз жаман болмайды. Балам үйленемін десе, мен қолдаймын», – деп айтқан екен. Осы сөз бізге бата іспетті. Міне, үйленгенімізге биыл 46 жыл толады. Ұл-қызымызды тәрбиеледік, жақсы оқыды, қазір ел қатарлы еңбек етуде. Жеті-сегіз немере бар. Аллаға шүкір, ұрпағымыз білімге құштар болып өсіп келеді.

– Жаныңызды не марқайтады?

– Өмір жолымда тағдыр кездестіріп, бірге қызмет жасаған ниеті ақ, пейілі кең адамдардың бәріне ризамын. Институтта оқытушы болып істедім. Сонда жанымда жақсы адамдар жүрді. Одан кейін өнеркәсіпте, Жетісу өңірінде ауданда, облыста еңбек еттім және Президент Әкімшілігінде қызмет жасаған кезімде жаны жайсаң азаматтарға жолықтым. Парламентте тапқан ағаларыма, достарыма, інілеріме дән ризамын. Әр ұжымда жұмыс істегенде жақсы адамдарды жинап келе жатырмын. Адал достарыма ризашылығым шексіз. Тәжірибе жинақтап, білмегенімді үйрендім. Адамдармен тіл табысып, бір-бірімізді қолдағанның арқасында сыйластың сырын ұғындық. Қазір зейнетке шықсам да, көп азаматтармен араласып тұрамын.

– Әңгімеңізге көп рақмет. Өнегелі ғұмыр кешіп, ұрпақ қызығын көре беріңіз.

Сұхбаттасқан
Айбатыр СЕЙТАҚ

Пікір қалдыру