Әнші әйелдің әңгімесі

Үміт ЖӘЛЕКЕ

Әлдеқашан сәннен шыққан, жаға-жеңі желбіршекті шытыра гүлді ақшыл көйлек киген жұпыны әйелді Жанар хәуіз жанынан жиі көретін. Жаздың қапырық кешінде қалалықтардың жан сақтайтын жері – айналаға салқын су бүріккен алаңқай. Күйеуі түнгі ауысымға кетісімен үйде жалғыз отыра алмай өзі де осында келетін.
Алаңқай әркез адамға толы. Жұрт қос-қостан қыдырыстап, бала шағасымен бой жазады. Бұл көбіне өзі сияқты жеке жүретін әлгі бейтаныс әйелдің маңына кідірістейтін. Бүгін де аласа талдардың тасасындағы ұзыншақ орындыққа екеуі қатар отырып қалыпты. Көпшіліктен оңашарақ жайғасқан Жанар мен бейтаныс әйел арасындағы таныстық әп дегеннен өзінен-өзі өрбіп жүре берді.
– Бұл жердікі емес шығарсың, қызым? – деп Жанарды әуелі әйелдің өзі сөзге тартты.
– Қостанай жағынанбыз.
– Жұрт қазір солай қарай ойыса бастаған жоқ па? Сендер бері келіпсіңдер ғой?
– Күйеуім мұнайшы. Жұмыс реті осы жақтан табылды.
– Е, дұрыс қой. Мұнайшы болса мұнайы бар жерге келеді де…
– Өзіңіз қайдансыз? – деді Жанар да өз кезегінде үнсіз қала алмай.
– Өй, біз осы жердікіміз. Ар жағымыз Жылойлық болғанмен, өміріміз осында өтіп келеді.
Жанардың әйел басынан алдымен аңғарғаны оның таза, ашық даусы еді. Сырттай жұпыны көрінгенмен тұла бойында жасырынып жатқан бір бекзаттық бар секілді. Жұқалтай келген ақ құба жүзі, қап-қара нұрлы көзі, пісте мұрны, оймақтай аузы әлі де өңі таймаған ажардың айғағындай болса, мүсіні шебер ұстаның қолынан шыққандай сындарлы екен. Аздап ақ кірген шашын бір өрім қылып арқаға жіберген әйел өзіне көз тоқтата қарап қалған келіншекке күлімсірей тіл қатты.
– Қайда істейсің, қалқам?
– Менің де мамандығым мұнайшы, бірақ әзір боспын. Лайықты жұмыс табылмай жүр.
– Жақсы екенсіздер. Біз кезінде табыстың көзі қара майда деп ойламаппыз. Өз жерімізден шығып жатқан байлықтың бағасын білмеппіз. «Қолда бар заттың қадірі жоқ» деген ғой. Мұнайшылықты оқып алғанда, осы күні қолымызды жылы суға маленеп отырғандай екенбіз. Енді айтты не, айтпады не?! Әйел жеңіл күрсініп қойды.
– Иә, осында өскен болсаңыз мұнайшы болмағаныңыз шынында да қызық екен. Бұл қала мұнайшылар астанасы атанған жер көрінеді ғой. Сонда сіз қайда істейсіз?
– Еден жуам.
– Не дейсіз?
– Мектепте еден жуып жүрмін.
– Өмір бойы ма?
– Жоқ, екі-үш жылдай болды.
– Ал одан бұрын немен айналысып едіңіз?
– Ән салдым.
– Ән?!
– Иә, осындағы мәдениет үйінде қызмет істедім. Сахнада өнер көрсеттім.
– Қойыңызшы?! Сонда қалай? Сахнада ән айтып жүріп… Қызық екен.
– Ой, қызым-ай, несін айтасың. Менің өмірімнің қызығы да, шыжығы да жетерлік. Тыңдасаң айтайын, – деп бетіне қарады.
– Әрине, айтыңыз, айтыңыз, – дей берді Жанар.

* * *
Мен манағы айтқан Жылой жерінде дүниеге келіппін. Маңғыстаудан мұнай табылып, бірқатар кісілер бері ауып жатқан тұс екен. Анам сол нөпірге қосылып осында келіпті. Соның алдында ғана басқа әйелмен әуейі болып кеткен әкеммен ажырасқан бойы екен. Бауырына құндақтағы мені қысып алыпты да көшке ілесіпті. Өзі бірге туғаны жоқ жетім қыз еді, мен де жалғыз өстім.
Шешем пысық, қара есепке жүйрік адам еді, төрт кластық сауатымен үлкен дүкенді ұстап тұрды. «Бұл жерге келгесін несібеміз жаман болған жоқ. Не ішем, не кием демедік» деп отыратын апам байғұс. Онысы рас, небір дөкей бастықтың қызында жоқ киім менің үстімде болды. Анам баршылыққа масықпайтын, мінезі қатал адам еді. Жалғыз баласы болсам да мені қатты ұстады, сондықтан мен сабақтан басқаға көп көңіл бөлмедім. Оқуда да, ойын-сауықта да өз қатарымның алды болдым.
«Әкесі бар қыздарға сөз тимейді. Сөз алдымен саған тиеді. Үстіңнен бір жаман әңгіме естімейтін болайын. Менің жесірлігім жұртқа жүк. Қазақ күйеуден ажырасқан әйелді өсекке таңбай жүре алмайды. Қашан да еркектің тәйтіктігі – серілік те, әйелдің жеңілдігі – перілік саналады» дейтін ол. Сөйтіп ол өз артынан да, менің соңымнан да бөтен сөз ертпеуге тырысты. Жесір болғанмен бос жүрісі болмады. Күндіз – дүкенде, түнде – үйде. Дырду-думан, жиын-тойға онша үйір емес еді.
Мен анамның сенімін ақтап мектепті абыроймен аяқтадым. Сонымен бірге бұлаңдап бой жеткенімді де сезбеппін. Оны қолыма кәмелеттік аттестат алған күні түсіндім, себебі сол күні мені тұңғыш рет үйіме жігіт шығарып салған. Үй мен мектептің арасы жүз қадамдай-ақ жер, бірақ жолды ұзарту үшін біз үйдің іргесін шиырлап неше қайтара айнала беріппіз. Қанша уақыт жүргенімізді білмеймін, әйтеуір ел жатып қалғасын жүрексіне есік қаққаным есімде. Қатты ұрысқан анамның ашуын алтын медаль алатын болғанымды айтып әзер бастым. Тап сол күні өзімнің өмірлік махаббатымды тапқанмын. Тәтті қиял, тосын сезімнен көңілім алабұртып таң атқанша көз ілмей шыққанымды әлі күнге ұмытпаймын.
Менің сол алғашқы да соңғы махаббатым – өзіммен бірге оқыған Бақытжан есімді бала еді. Оны бала көңілмен бастан құлай сүйдім. Бақытжан сырт көзге биязы, ұяң болып көрінетін, бірақ онымен жақынырақ танысқан сайын өзгеше бір оғаш мінезін байқағандай болдым. Ол мені айналадан қаралай қызғанып, жеке меншіктеуді қалайтын. Басында қызық көрінгенмен сол өрескел мінезінің кейін өмірімізге көп зардабы тиді. Әскерге шақыру қағазын алғанда айтқаны: «Қайтіп оралғанша сен мені үйден күтетін боласың. Әйтпесе, сені біреу қағып кетеді, сосын менің өлгенім».
Баламыз ғой, оның сол сөзіне шынымен сеніп, уәдемді беріп қойыппын. Сонымен, мен күйеуге шығып алдым. Бақытжан бір айдан соң әскерге кетті. Мен өзі айтқандай, оны үйінде күтіп қалдым. Бойыма бала бітіп қалған екен, аяғым күн санап ауырлай берді. Уақыты жеткенде босанып, ұл таптым. Атын Арман қойдық.
Бала күтімінен көп қиындық көрмедім. Қос әжесі қолғабысын аямады. Тұңғыш немересін менен гөрі солар көп шайқаған шығар. Балам талпынып кәдімгідей ес болып қалғанда төбеден ұрғандай жайсыз хабар жетті. «Ұлыңыз госпитальда. Тез жетіңіз» деген жедел хатты алысымен әкесі Бақытжанға, Читаға ұшып кетті. Әскери дайындық кезінде күл талқан болып қираған бір аяқтан айырылыпты.
Үйге балдақпен оралды. Өлмеген адам өмірден орнын таппаса болмайды. Біраздан соң Бақытжан сағат оңдаушы болып жұмысқа тұрды. Жалақысы жарытымсыз. Әрі өзі жиі-жиі ауырып қала берді. Әкесі бір белді мекеменің бастығы еді. Тұрмыстан таршылық көрмедік. Анам да тапқанын бізге таситын, бірақ бұл жағдай ұзаққа созылмады. «Жұт жеті ағайынды» деген емес пе, атамыз қан қысымынан кенеттен көз жұмды. Бұрынғыдай молшылық күй кетті. Апта сайын бір бәтеңке ауыстыратын Арманға ештеңе түтпейді. Оның үстіне екеуміз бірдей бос отырмыз. (Сырқостана бергесін Бақытжан жұмыстан шығып қалған).
Енем мен екі қайынсіңлім бізді ауырсына бастаған соң, жалғыз тұрып жатқан анамның қолына кіріп алдық. Үшеуіміз бірдей шешемнің мойнына түсіп отыра беруге ұялып, жұмыс іздей бастадым. Кімге барарымды білмей басым қатып көшеде келе жатыр едім, алдымнан мектепте әннен сабақ берген ағайым шыға келді.
«Әй, Алтынай, сен қазір қайда жүрсің?» – деп хал сұраған ақжарқын кісіге жағдайды жасырмай айттым.
«Олай болса, бізге кел. Көркемөнер ұжымын құрып, ойын көрсетіп жатырмыз. Сенің өнерің бар ғой. Айлығы мардымсыз демесең», – деді ағай.
Менің мектепте жүргенде ән салатыным бар еді, бірден келісе кеттім. Басқа барар танысым, сірә, жоқ. Сөйтіп, әртіс болып халыққа ойын қойып, мерекеде ән салып, өнер жолына түстім. Бұл жүрісім Бақытжанға ұнамады. Қалғып жатқан қызғанышы қайта оянып, жөнсіз-жосықсыз ілік тауып, ішуді жиілете берді, бірақ басқа мамандығым жоқ мен сол жерде қала бердім. Анамның азғантай айлығына қосымша тиын-тебен тапқаныма мәзбін.
Бірде ағайым маған ақыл айтты. «Алтынай, сен бүйтіп жүре бермей оқы. Өнерің болғанмен оны жетілдіру керек» деп. Күйеуіме айтып көріп едім, шалқасынан түсті. «Қазіргі жүрісің мынау – үй көрмейсің. Оқуға кетсең, біржола жоғаласың ғой. Бармайсың!» деді. Сонымен оқу мәселесі қайта қозғалмады. Аз-мұз өнеріме иек артып жүргенімде жанашыр болып жүрген ағайым Атырауға көшіп кетті. (Біреулер жақсы орынға шақырған көрінеді). Мен болсам, сол ұжымда қала бердім.
Театрға бақа көз, сумаңдаған сұрықсыз біреу бастық болып келді. Әйелі әнші екен. Тыриған арық қара қатынның аты – Таңсұлу. Өзі екі естілеу, іші тар жан болып шықты. Сол құйындай ұйтқыған қызғаншақ әйел келмей жатып, менімен бақкүндес болуға айналды. Мен не кисем соны киеді. Мен қай әнді айтсам, ол да соны салады. Қысқасы, дардай бастықтың әйелі менде барға әуес болды. Оның үстіне күйеуі әйелінен жасырын маған қырындап, басқан ізімді аңдуды шығарды. Не керек, екі оттың ортасында қалғандай болдым.

* * *
Сол кезде театрға өнерлі жас маман келген. Әр сөзі мен қимылынан әдептілік пен мәдениеттілік исі аңқып тұрған жас жігіттің аты Асылбек еді. Көргенділігімен, көпшілдігімен жұрттың бәрімен жақсы тіл табысып, ұжымға бірден сіңіп кетті. Бір көргеннен бәрімізге ұнаған ізетті жігіт дарынды композитор еді. Музыкалық сауаты жоғары Асылбек менің даусымды тыңдап көргесін өзінің жаңа әнін ұсынды.
Алғаш рет әйелдер мерекесі тұсында орындалған сол әнді көпшілік жылы қабылдады. Бірден ауыздан-ауызға тарап кетті десем өтірікші бола қоймаспын. Кез келген салтанатты жиын-сауықта айтылмай қалмайтын. Бұл жайт Бақакөздің әйелін қызғаныштан өртеп жібере жаздады. Мен сол әнді орындаған сайын жүзі түтігіп, өңі өрт сөндіргендей қарауытып кететін.
Асылбек екеуміз жақсы партнер болып алдық, бірақ арамызда бөтен жақындық болған жоқ, таза өнер байланысы орнады. Біздің өнердегі әрбір табысымыз Таңсұлудың жанына тастай батқаны сондай, сыртымыздан сұмдық өсектің неше түрін боратып жүрді. Ол өсектің шеті үйде отырған Бақытжанның құлағына да тиетін болуы керек, отымның басындағы тыныш тірлігімнің тұнығы лайланып, берекесі қашты. Біз жиі ұрсысатын болдық. Күйеуім маған қол көтеретін, шешем ара түсетін. Не керек, ыри-тыри бір күндер өтіп жатты.
Сол тұста қала құрметіне дүрілдеген той өтіп, біздің ұжым Алматыға өнер сапарымен аттанатын болды. Бар шығынды мұнайшылар мойнына алған. Мені көре алмайтын Бақакөздің әйелі сапарға шығатындар тізімінен сыздыртып тастапты, бірақ дәл аттанар алдында аяқ-астынан әлгінің өзі ауырып қалып, жолсапар маған бұйырды.
Ол менің өмірдегі жұлдызды күндерім болды. Алғаш рет Алматыны аралап, үлкен сахнада ән салдым. Әнім де, жаным да бір биікке көтеріліп, көңілім асқақтаған шағым еді. Асылбек екеуміздің атымыз Алматы аспанында қатар шарықтады. Өнер сапарынан зор табыспен оралдық. Астанадан қанат байлап қайтқандай болып едік. Ауылға келгесін бәрі бұрынғы таз қалпына түсті. Шалқып тасқан көңіліміз арнасына қайтқан өзендей басылып қалды.
Бақакөздің қатқан қара қатыны тұғырына қайта қонып, жұрт аузында жүрген менің атымды өшіруге бар күшін салды. Ал Асылбекті бастық сәл затты сылтауратып жұмыстан қысқартып жіберді. Оның аз уақытта аяғынан тік тұрғызған ұлт аспаптар оркестрін бір қаусаған қыңыр шалға басқартып қойды. Ақыры сол сайдың тасындай оркестр мүшелері жұғымсыз шалға көндікпей, тарыдай шашылып тарап кетті. Асылбекті орнына қоюын сұрап қанша тілек айтылса да Бақакөз өз шешімін өзгертпеді. Кім біледі, жасы келіп қалған басшы болашақта өз орныма таласар деп қорыққан да болуы мүмкін, себебі Асылбектің өнері мен өресі өзінен көп биік екенін түсінді ғой.
Ал маған, тіпті, күн беруді қойды, әйелінің көзін ала беріп жаныма жетіп келеді. Бірде киінетін жерде оңаша отыр едім, үстіме үн-түнсіз кіріп келді де, бірден тарпа бас салды. Сәл қызғындау екен, аш қасқырдай тамақтан жабысып, әй-шайға қарайтын емес. Күйіп кеткенім ғой, өзімді еңсере бастаған еркекті бар күшіммен итеріп жіберіп, шапалақпен жағынан тартып жіберіппін. Сірә, бұндай батылдықты өз қарамағындағы қауқарсыз әйелден күтпесе керек, аузынан боқтық сөздерді боратып жатты. Мен арсыз бастықтың құшағынан аман босағаныма қуанып, алды-артыма қарамай далаға ата жөнелдім.
Әрине, бұл қылығым театрды табанына салып үйренген тарпаң бастыққа жақпады. Менің өзіне тәуелді бола тұрып тізгінімді ұстатпауым кеудесінде кешірілмес кек туғызып, енді менің соңыма әйелімен бірігіп түсті. «Аңдыған жау алмай қойсын ба?» ақыры сахнадан аластап тынды.
Опасыз бастықтың қорлығына бұдан әрі төзуге шыдамаған мен театрдан өз еркіммен кетуге мәжбүр болдым. Күйеуімнен талай жазықсыз таяқ жесем де оның арына дақ түсіргім келмеді, өйткені мен үшін бәрінен абырой артық еді. Жарыма деген адал махаббатымды кіршіксіз күйінде сақтап өтуді мұрат еткен мен мүгедек күйеуімнің ар-намысын бәрінен жоғары қойдым.
«Жығылғанға жұдырық» дегендей, тап сол уақытта бар өмірін маған арнаған аяулы анам аз күн ауырып қайтыс болып, қара жердей ауыр қайғының астында қалдым. Бақытжан болса бірде сау, бірде мас, жұмыстан мүлде қол үзіп, үйде отырған. Ішіп-жейтін ақша таппағасын бар дүние-мүлік сатылды. Қалған іліп алар киім-кешекке дейін күйеуім менен жасырып шөлмекке жұмсап құртты. Анам байғұстың өмір бойғы тірнектеп жиған қып-қызыл дүниесі мұрсатта су болып ағып кетті. Қаңыраған үйде аш-жалаңаш қалдық.
Қыс айы еді. Қарын ашқасын қарап отыра алмай, анамның қырқы өтпей-ақ жұмыс іздеп тысқа шықтым. Үстімде көнетоз күздік пальто, аяғымда концертке киетін шақырайған ашық қызыл түсті, біз өкше сәндік етік, басымда анамнан қалған қара жүн бөкебай. Басқа ештеңе таппадым.
Көзіме көрінгені үй іргесіндегі орта мектеп болды. Сол сиқыммен қақаған аязда одан әріге жету де қиын еді. Баяғы өзім оқып бітірген білім ордасына, кейін бір рет те бас сұқпаппын. «Өзімнің түлеп ұшқан ұям ғой. Өзекке теппес, біреу-міреу танып есіркер» деп ойладым, бірақ табалдырықтан жасқана аттаған мені ешкім танымады. Директор бір шашы желкеден кесілген, кеспелтек тұмсық, кеспірсіздеу әйел екен. Жасы өзім шамалас. Менің ұсқыныма қас-кірпіксіз, сығырайған көзінің астымен кіржие бір қарады да жуан даусымен барқ етіп: «Арызыңды жаз! Еден жуасың», – деп бұйыра сөйледі.
Қызыл етікпен шоқаңдап еден жуып жүр едім, бір кездері өзіме сабақ берген қартаң мұғалім қасымнан өтіп бара жатып қайырылып бетіме қарады.
– «Әй, қызым, осы сен бізде оқыған жоқпысың?» – деп сұрады көзілдірігінің үстінен бас-аяғымды шола тұрып.
Мен өзіме әрдайым адалдықты өсиет еткен абзал жанға өтірік айта алмадым.
– «Иә. Осында оқыдым», – деп ұстазыма ұяла жауап бердім.
– «Сен Мамаеваға ұқсайсың. Апыр-ау, сол емеспісің?» – деді сенімсіздеу.
– «Мамаевамын апай», – дедім мен жалтара алмай.
– «Не дейді? Осы сен медальға бітірдің ғой? Қарағым-ау, сен мұнда не істеп жүрсің? Мына шелегің не? Сен әнші емес пе едің?» – деп таң-тамаша болды мұғалім.
Мен үндемедім. Көзіме келіп қалған жасты көрсеткім келмей теріс айнала бердім. Опынғанмен оқуға тым кеш еді. Еден жуып, терезе сүртіп тамақ табуға тура келді.
Сонымен күніміз өтіп жатыр. Өз бетімен өскен жалғыз ұл не әкесін, не мені тыңдамайды. Үйдегісінен түздегісі көп. Қайда жүргенін де тіс жарып айтпайды. Жат аулада өскен қабаған күшіктей. Ызақор, ашуланшақ. Не оқу, не жұмыс жоқ. Әкесінің жәрдемақысы мен менің азғантай жалақым оны оқытпақ түгіл ішіп-жеуге жетпейді. Таныс-тамырың болмаса бүгінде жұмысқа тұру қиямет. Сонымен сорлы бала бос сенделіп қалды. Тәп-тәуір-ақ оқып еді.
Күйеу ішкіш. Оны-пұны оңдап тапқан тиын-тебенін араққа сауады. Қазір мені бұрынғыдай көп қызғанбайды. Кей-кейде баяғы жұмсаған таяғы есіне түсіп кешірім сұрап сандырақтайтыны бар. Көршілер менсінбейді. Бұрын той-томалақ жасаса алдымен бізді шақыратын. Енді есікті ашуды қойды. Енем о дүниелік болған. Бақуат қайын сіңлілерім бізбен араласпайды. Бақытжанның бар тірлігі – кеш батса көрші еркектермен даурығысып карта соғу. Шиқылдаған ескі протезі жанын қинайтын шығар, ұзап жүруден бизар. Жұпыны үйде жабырқап жалғыздан-жалғыз қашанғы отырайын, бір мезгіл бой сергітейінші деп кешкілік осында келем. Көпшілікке қарап, даңдаманы көріп ішіме толған құсаны аз да болса жеңілдеткім келеді.

* * *

Әнші әйелдің көзінен аққан жас әдемі ақша жүзін айғыздап тастапты. Жанардың да көңілі босады. Жаңа ғана бейтаныс көрінген әйелдің бүкіл өмірі көз алдынан өткендей болды. Осы бір шарасыз, шынжау әйелдің бар сыры енді өзіне мәлім. Тұла бойында қайшыласып жатқан өнер мен өкініштің, намыс пен наланың, мұң мен мұқтаждықтың ию-қию айқасы оның кішігірім тұлғасын бір сәтте биіктетіп жібергендей.
– Таңсұлу әлі осында ма? – деді Жанар оған аянышпен қарап.
– Осында болмай қайда кетсін? Бақакөздің арқасында орны тойға барса – төрде, сахнаға шықса – өрде. Әлі баяғыша атақ үшін арпалысып өзінен өнері үстем жастардың жолын бөгеп, жеке шауып жүлде алып жүрген көрінеді. Бақакөзі болса, екібастан ұжымды қойдай иіріп, жылқыдай жусатып жүр деседі. Жақында Астанаға барып өнерге сіңірген өлшеусіз қызметі үшін өңіріне моншақ тағып қайтыпты деп естідім.
– Ал Асылбек не болды?
– Ол Алматы жағында көрінеді. Батыраштың балтасынан аман жүрсе, бір жерден жарып шығуы тиіс еді, бірақ о жақта да Бақакөздер аз деймісің?!
Әшейінде Жанарға өнер адамдарының өмірі қызық пен қуанышқа толы болатындай көрінетін. «Қайда сауық-сайранның ішінде жүреді. Шіркін, соларда не арман бар екен?» деп ойлайтын. Қарап отырса, өнерлінің жолы қиындық пен құпиядан құралғандай күрделі екен-ау. Бұның естіп білгені кішкентай бір қалашықтағы қарапайым ғана әуесқой әншінің өмір тарихы ғой. Ал ана үлкен шаһарлардағы өнерпаздар өмірі бұдан да өтетін шығар?! «Терең судың балығы да үлкен» деген бар ғой…

Босқын бекірелер
(Э к о л о г и я л ы қ ә ң г і м е)

Ал жасыл айдында белдеу-белдеу еспе толқын бір-бірін өкшелей жүйткиді. Қыл арқандай есіле-есіле кей тұсы ширыға түйіліп, түйіншек түбінен бырт-бырт үзілген ақ көбік бейне мың сан бұрқақ. Сол бұрқақтан бұлқына бас көтерген мың-мыңдаған майда толқын бой жаза алмай, теңіз төрінен бастырмалай жөңкерілген қат-қабат су астарында көміліп қала береді. Қуатты серпінмен толығып, төңкеріле бүктетіліп, бүлкектей жөнелетін бұйра жал толқындар жағаға ынтық. Жағалаудың жез құмын бауырына басып қана құмары тарқап, қызығы басылатындай, бірақ қанша ентелескенмен ернеуде бөгелместен қайта кейін серпіледі.
Бүйірі бұлтиған бекірелер асау толқынмен тайталаса ағысқа қарсы жүзіп барады. Бұл уылдырық шашу маусымы басталғанының белгісі. Каспийге құлдилай құйылатын Жайықтың теңізбен тоғысар тұсынан жоғарылау уылдырық шашу үшін тұщы судың өзегіне сұғына, ұйма-жұйма ойнақ салуға асығады.
Телегейдің терістігіне қарай жарыса жөңкіген арқа-жоны тас қабыршақты, ала шұбар балықтар ұрпақ өрбіту жолындағы ұлы күрес үстінде. Ілкі қатарда қайратына көз тоятын ақ бауыр шоқыр да бар. Бұл оның бірінші сапары емес, төрт жыл бұрын да ұлы дарияның қамыс-қоғалы алқымын бойлап аналық міндетін атқарған. Бүгін де өмірдің біраз ыстық-суығын көрген кексе бекіре алға қарай батыл қимылдап, бұлғақтай жүзіп келеді. Соңында ызғындай тұқымдастар – үздік-создық шұбаған көштің бір үзігі.

* * *

Көк теңіздің ежелгі тұрғын, төл перзенті балықтар да адам сияқты түр-түрге, тұқым-текке бөлініп, тарау-тарау тайпа, ұлылы-кішілі топ құрайды. Сазан, жайын, көксерке, қарагөз, табан, тұқы, батпақай, албырт, қаяз, торта, алтын мөңке, бозша мөңке, қарынсау, көктыран, қылышбалық, қызылқанат, шерміш, айнакөз, ақсыла, майшабақ, шемей-шабақ, бұзаубас тұқымдас сан түрлі балықтармен бірге туған теңізді мекен етеді.
Тары түйіріндей тұқымнан жаралған қарыстай шалмыштың1 қабыршағы қатайып, қанаты жетілгенше біраз уақыт өтеді. Сүйір тұмсығы семсердей, теңгешігі темірдей, терісі түрпідей болғанша бірнеше жылдар керек. Бұғанасы бекіп, бойы өскен сайын бұлаңдап бой жете бастайтын ұрғашы бекірелердің толысу – тұқым шашу дәурені он бес-он алты жастан басталады. Көбісі қырық-елу, ішінара жетпіс-сексен, тіпті жаны сірілері жүз жылдай өмір сүретін ірі де, іргелі тұқым. Бекіре тұқымдастар өзара шоқыр, қортпа, мекіре-пілмай, сүйрік-қарыш, парсы бекіресі, орыс бекіресі аталып, түрлі туыс, ағайын-жекжат болып жіктеліп жатады.
Су астына шекара сызып, сым керіп қоймағанмен балықтардың да өз мекені, үйреншікті орны, белгілі жайылымы бар. Өң-түсі ұқсас болғанмен, өрісі бөлек. Қаражон көкшабақ секілді қыдырмалар болмаса, тұқымдастар өз жатағында қыстап, көк теңіздің төрт тарабын тегіс жайламай, өрісіне жақын пұшпағына бауыр басып кеткен. Күзге қарай жылтырап семіретін бекірелер қысты терең қуыс, жыра – жықпылы мол көселерде2 өткізеді. Қаяз, албырттар теңіздің оңтүстік бөлігін, бекірелер орталық және солтүстік тұсын жайласа, шорағай, шортандар теңізге құятын тұщы сулы өзен алқымдарынан алысқа ұзамайды.
Уылдырықты да әрқайсысы өз жағалауына таяу өзендердің өзегін бойлай шашады. Жаңа ұрпақ, жас өскіндер үлкендер жолын үлгі тұтып өсіп-өрбіп, ұйысып қауым болып, үйренген мекенде тірлік етеді. Бірен-саран саяқтары болмаса көбіне үйірінен ажырамай, көп болып, топ болып күнелтіп, шаян, майшабақ, мүңгірт, қарша, құртшабақ сияқты ұсақ-түйек жәндіктерді қорек қылады. Кәрі Каспийдің кең құрсағында адамдарша айтысып-тартыспай-ақ, тайталасып текетіреспей-ақ теңіз табанының нулы-жайлы қойнауларын қатар жайлайды, шалғай-шалғайына шашырап жайылады, телегей тереңін емін-еркін аралап күн кешеді.
Шоқырдың тасбұжыр терісіне тісі бата қоятын батыл жауы жоқтың қасы. Итбалықтармен иықтасып, лақа-жайынмен жағаласып, бақа-шаян, тілтіс, су жыландармен қоян-қолтық араласып, сан мыңдаған жылдан бері біте қайнасып, бірге жасасып келеді. Бұрынғы баба-балықтар заманында бекірелер жылма-жыл көк шөптей қаулап өсіп, жыртылып-айырылып жүреді екен. Бүгінде өсімі азайып, жайылымы жылдан-жылға тарылып бара жатыр. Бұрындары тайдай тулап, үйір-үйірімен қаптап жүретін қызылбалық қарасы азайып, соңғы кезде саны күрт кеміп кетті. «Түлкінің қызылдығы өзіне сор» демекші, өтімділігі өз басына бәле болып, ауыз біткеннің суын ағызып, көздің құртына айналды. Еті қылқансыз, шеміршек омыртқалы бекіре дегеніңіз қазір қып-қызыл ақшаның көзі. Қара базары бар, хан базары бар, бұлдайтыны-бекіренің сары ала белдемесі, қара маржандай уылдырығы.
Қазіргі адамның ақшаға мен атаққа құмарлығы қандай асқындап кетсе, қызылбалыққа тәбеті де сондай ашылып тұр. Мұнай қандай өтімді өнім болса, бекіре сондай қат тауар. Соның кесірінен бекіренің су астындағы өмірі қым-қуыт майданға айналып, тірлігі тозақ отынан кем көрінбейді. Адамдар ау жаяды, ахон құрады. Моторлы қайыққа мінген қаймана балықшы түнделетіп теңіз тереңіне зәкір тастап, тұңғиыққа тор құрып, қазаққа бұйырмаған құнды балықты тұмсық астынан қолды қылады.
Теңіз жағалаған өзге елдер Құдайдың берген несібесін алаңсыз аулап, ашық саудаға салып отырғанда, аузының салымы жоқ жұрт қазақ болып отыр. Өйткені ен судағы балықты бұйыртпай тұрған заң бар, алда-жалда қызылбалық аулаған кісінің жазасы дайын. Сондықтан өзгелер қызығын көргенде, бұлар көзін сатып отыруға мәжбүр. Дегенмен, елдің айтуынша, қолы ұзын, қалтасы қалың бай-бағылан, би-шонжар жең ұшынан жалғасып, бекіренің бал сорпасын ұрттап, кәуабын күйсеп мырғамға батып жүр-міс.
Уылдырық шашар мезгілі жеткенде өзен жағалай отырған елдің ішінен жасырын тор жайып, трал тастап тырапай асырып, жарылғыш дәрімен жүздеп жайпайтындар шығады. Улы дәрі салдарынан басы айналған балықтар кез-келгенге оңай олжа болып жатады. Су бетіне қалқып шыққанының тырсиған құрсағын қажарлы пышақпен қақ жарып, бөрткен тарыдай қара уылдырыққа қарық болады. Араны ашылған ашкөздер бөшкелеп уылдырық, қаптап-қанарлап балық жинайды. Игере алмай ысырап қылып тастағаны – қарға-құзғынға жем. «Қызғанғаны қызыл итке жем болды» деген осы шығар.
Осының бәрі аздай, соңғы кезде балық біткеннің басына қаралы күн орнаған. Онсыз да ойсырап қалған бекіренің төбесінен темір ұршық төніп, күні-түні зыр қағып, бас сауытын тесіп жіберердей солқылдататын болды. Теңіз тұнығын лайлап, темір инесін тереңге шаншып, тұмсығы жер тіреп, төбесі көк тіреген оты жыпырлаған кішігірім қалашықтай бұрау-қондырғы бой көтергелі су астынан маза кетті. Күндіз-түні арс-гүрс, тарс-тұрс. Айналасы ат шаптырым алып құрылғының қасына жоласаң, қолқа қабатын мүңсік иіс тынысыңды тарылтып, өкпеңді қысады. Қара бұқараның қолы жетпей жүрген қызылбалықтың кешенді қондырғы ұңғысынан бөлінген күкіртті сутегінің исінен уланып, текке рәсуа болып жатқаны қаншама? Теңіз түбін қопарып, тереңін бұрғылап жатқан темір-тажал орнағалы үйреншікті жайылымынан безіп, шулы маңнан қашық жүзуге тырысқанмен тыныштық таба алмай-ақ қойды…
Қоймалжың сұйықтық су бетінде қарғаның қанатынша қалқып жүр. Жел бағытымен сырғи-сырғи жағаға жеткен қара май ұядай қойнауды баттастырып былғап тастапты. Ақ бауыр бекіре өз үйірін басқа жаққа бастап әкеткен. Зыр айналған темір ұршықтан алыс, көзден тасалау жер іздеген, бірақ ертең-арғы күні ол жерге бұрау орнамасына кім кепіл?
Күнде өзгеріп, қырық құбылып жатқан адамзат әлемі балықтарға жұмбақ. Олардың ойында не барын тілсіз жәндік қайдан топшыласын? Шалқар теңіздің пана боларлық жайлы пұшпағын табудан өзге уайым жоқ. Тыныш тұрақ табылмай қалар күн туса тағдырға мойынсұнып, ажал-апатын тұқымдастарымен бірге қарсы алар. Құдай қанат бергенмен, көкке ұшуды маңдайға жазбапты. Ұшқан күнде де су бетімен шоршып қана әрекет етер. Тынысын суда, тіршілігін теңізде қылып жаратқан жәндіктің қолынан жүзуден басқа не келмек? Қанаты қайырылғанша, желбезегі жұлынғанша жүзер. Соңғы демі біткенше тіршілік үшін арпалысып бағар, тек теңіз суы құрғап қалмаса болды…

* * *
Осындай зауалдың бәрінен әзірге аман келе жатқан шоқырдың үйірі өткен маусымда біраз шығынға ұшыраған. Балаң шалмыштың көбі қандықол қарақшылардың жағалай құрулы торына түсіп тұтылған. Тұтқиылдан тап болған сол нәубеттен соң тұқымдастар тобының топ-толық бүйірі едәуір ортайып, оң қанаты қаусап қалып еді. Қалың әскердей қаруластар қатары сиреп, күл-шабақ өскіннің көбі аран ауға жұтылып, адам айласына амал таппай, күйреп жеңілгендей жалпысы жасып, жабығып жүрген. Сол соққыдан сең соққандай сенделіп қайда барса да алдарынан жаюлы тор, құрулы қармақ шыға келеді. Біреу-екеу болса бір сәрі, ондап-жүздеп жүреді. Мінген көлігі сайлы, қаруы күшті: қуса – жетеді, жетсе – өлтіреді. Сөйтіп, бекірелердің барар жер, басар тауы қалмай, қуғын-сүргіні арылмайтын елдердің бас сауғалап қашқан босқындары секілді телегей қойнауында тентіреп жүр. Бүйте берсе, тұқымы тұздай құритын түрі бар.
Өздеріне жайлы өріс, тыныш тұрақ таба алмай жүріп те бекірелер тұқым шашып, жан сақтауға тиіс – өмір заңы осындай. Сәуір туысымен мың-мыңдап ағысы қатты тұщы сағаларға қарай жосып, қолдың саласындай сан тарау судың теңізге құяр қолқасындағы қалың қамысты шұқанақ таязға, тасты-бұталы арал-аңғарға тұмсық тірей тұқым шашып, ойнақ салады. Тұнық судың түбіне тұқымын төгіп, тастақ табанына шөгіп, балдыр-бұтаға шырмалған шырышты уылдырық көк түбіт шәлідей шұбатыла созылып, сол жерде жатып өсіп жетіледі. Құрсағын кернеген жүздеген мың ұрық дәнінен арылған ана – бекірелер аздап тыныққан соң, артына қайырылып, көк теңізге қайта құлаш сермейді.
Ақ бауыр бекірелер болашағының баянды боларына сенеді. Сондықтан да уылдырық шашып, тұқым өсіруге жан сала жүзіп келеді. Міне, жағалауға жақындап қалды. Ұлы теңізге қан тамырдай нәр беріп жатқан Жайық құйылысы алыс емес, бірақ жиекке іркілген қаралтым зат күнге шағылысып шақырым жерден жылтырайды. Сірә, су бетіне төгілген май толқынмен ығыса-ығыса жағаға шыққан секілді. Күлімсі иіс ауаға жайылып кетіпті.
Балықтар тұщы суға өтісімен қойнау-қойнауға қойдай тоғытылып аналық парызын өтейтін шешуші сәт таяған тұста алдын бөгеген быламық құлаш жаздырмады. Өзеннің теңізге құяр қыл мойнын мөлт қара моншақтай май қалдығы қылғындыра орап жатыр. Әр жерде белшесінен батып, былғанған өлі балықтар қараяды. Сірә, ұрық шашуға бара жатып ұрынған-ау.
«Бекіренің басы тасқа тимей қайтпайды» деген емес пе?! Шоқыр шалт бұрылып, сол қанатқа салды. Оқ бойы озық келе жатқан жолбасшы соңынан бүкіл аналық арындай шұбады. Оның жол тауып, қиыннан алып шығарына сеніп шарқ ұра жүзеді. Иненің жасуындай да болса өткел табуға тиіс.
Бекіре тобы тынымсыз толқынды тұмсығымен тесіп өтіп, құрсағындағы тіршілік дәнін қауіпсіз жерге төккенше асығып келеді. Көк теңіздегі өмір жорығын келер күнге жалғау үшін ештеңеден аянар емес. Тек таза су, тыныш жағалау табылса екен…

 

1Шалмыш – бекіренің жас шабағы
2Көсе – балықтың су асты тұрағы, қыстауы

Пікір қалдыру