ЖАҚСЫДА ЖАТТЫҚ ЖОҚ
Шекер кейбір құрбылары сияқты қоңырау соғылысымен кітап- қағаздарын асығыс-үсігіс жинап, дәлізге шыға жөнелмейді. Аспай-саспай сөмкесіне салып сабаққа қажет кітап-дәптерлерін алады. Содан соң ғана түрегеледі. Дәлізге шыкқаннан далада демалған жөн деп ойлайды.
Шамалы болса да таза ауа жұтасың. Денең сергиді. Тыныс аласың. Әсіресе, қыста жақсы. Тысқа атып шығасың. Ища-ай! Сықырлаған суық қар, ащы аяз бірден жауратып, аз уақыт бөгелсең бүрсең қақтырады…
Аппақ көрпе жамылған кәрі құдаң қыс қашан түсер екен?!
Аязды, боранды күндері жақсы көреді Шекер…
Ол бүгін сабақтан көңілсіз шықты. Енді ше? Үш жылдан бері үзбей оқып келе жатқан сүйікті газеті «Ұланға» жазылайын десе үйде ақша жоқ. Құрылыс мекемесінде жұмыс істейтін әкесінің жалақы алмағанына алты ай. Балабақшада тәрбиеші анасының ақшасы көп емес. Үйелменді үш бала. Бір інісі бірінші сыныпта. Кенже сіңлісі Манар балабақшада. Анасының тілімен айтқанда балалар үлкейген сайын «проблемасы да көбейеді» екен.
Үйге жақындай берген Шекер кілт тоқтады. Ә-ә, тапты! «Қаникул кезінде шемішке сатсам қайтеді? Анам қарсы бола қоймас!..»
Шекер дүкен алдында қатар-қатар тізіліп шемішке, өзге де майда-шүйде, ұсақ-түйек заттар сатып отырған тәтелердің қасына келді.
– Апай, бірдеңе сұрауға бола ма? – деді сәлемдескен соң.
– Сұрай ғой.
– Шемішкені қайдан аласыздар?
– Орталық базардан. Оны не қылайын деп едің?
– Жәй… Бір шелегі қанша тұрады?
– 500 теңге.
– Одан соң үйге әкеліп қуырасыздар…
– Иә.
– Бір шелектен қанша стақан шығады?
– О-ол, енді құпия. Айтуға болмайды… Қуын қарашы өзінің… Бәсе, тықақтап сұрағаныңа қарағанда шешеңді шемішке сатуға үгіттемексің ғой… Кедергі болады бізге! Бар, сабағыңды оқы одан да!
– Шекер ұялды, «айтпасаңыз, айтпай-ақ қойыңыз, – деді іштей. – Бәрібір сұрап білемін…»
Есіне дүңгіршектің қасында шемішке сататын орыс кемпірі түсті. Үлкен кісі… Иман жүзді адам… Шекер олай-былай өткенде ылғи амандасып жүреді.
– Ә, қызым асығыссың ғой, – деді әжей бұның сәлемін алған соң.
– Сізде жұмысым бар.
– Айта ғой.
– Бір шелек шемішкеден қанша стақан шығады?
– Санаған кім бар дейсің… Сатайын деп пе едің?
– Иә…
– Оның жөн. Сауда жасау, күні бойы сарғайып отыру оңай емес. Ол ауыр еңбек, әрі өнер балам… Шемішке сатып, ата-анаңа қолқабыс жасамақ ниетіңді құптаймын. Бір сөзден бір сөзге көшіп, алжыған басым ұмытып барамын. Қандай ес қалды бізде?! Кім санаған шелектегі шемішкені… Бері қара, мына стақан жиырма теңге тұрады. Сонда бір стақаннан бес теңге пайда! Арғы жағын өзің есептей бер!
– Рахмет әже!..
Алғашқы күні Шекердің саудасы онша жүре қойған жоқ. Тоғыз стақан сатты. Тентек бір ұлдар ұрынып еді, Валентина әжей айқайлап қуып жіберді.
Бірінші күнгі ақшасы жүз сексен теңге шықты. Демек, қырық бес теңге пайда. Ертеңінде саудасы біршама жүрді…
– Анасы базардан әкеліп берген бір шелек шемішкені алты күнде сатып бітірді Шекер. Жинап жүрген ақшасын санап еді, біршама екен. Енді «Ұлан» газетіне жарты жылға жазылуға болады. Ар жағында бес жүз теңге қалады.
– Сізге рахмет! – деді анасына ақшаны ұсынып жатып.
– Алмай-ақ қояйын, – деді анасы. – Қалам-қағаздарыңа жаратарсың! «Ұланға» жетті ме?
– Жетеді, анашым, бірақ алты айға. Тіршілік жазса, екінші жартыжылдыққа да жазылармын!
Бүйтіп қуанбас! Меселін қайтармай орталық базардан шемішке әкеліп, қуырып, тазалап берген анасына, саудасының жүріп кетуіне көмек еткен Валентина әжейге шексіз риза еді…
Жақсы адамдар көп-ау өмірде!..
АЛТЫН АЛМА, АЛҒЫС АЛ
Зулап келе жатқан үлкен «МАН» автобусы біртін-біртін жылдамдығын азайтқан. «Аялдама сайын тоқтай беретіні жаман, – деп ойлады Нағашыбай. – Шіркін-ай, бөгелместен зулай берсе-зулай берсе…»
Нағашыбай қиялдап-армандап отыра берер ме еді, ернін қызылала шиедей қып бояп, бетін опадалаған бір тәтей: «Ары қарай жылжы, қанатыңды жаймай!..» демегенде… Тілі қандай ащы. Дауыс көтермесе қайтеді!» – Нағашыбай ысырылып терезеге жақындады.
Келесі аялдамада дәу қара сөмке көтерген бір кәрия отырды. Қолында таяқ. Белі бүгіліңкі. Әжім айғыздаған ажары айқыш-ұйқыш. Кірген бетте терең тыныстап, жан-жағына бажайлай қарады. Қарсы алдындағы орын бос болатын. Соған жайғасты. Сөмкесін жақындатып қойды.
Автобус зымырап «Орбита» дүкені аялдамасына жеткенде қара сөмке көтерген әже:
– Оу, халайық, көмектесіп жіберіңдерші түсуіме! – деді. Ешкім үн қатқан жоқ. Нағашыбай шыдап отыра алмады.
– Әже, мен қазір, – деп иін тірескен елдің ара-арасынан өтіп, есік көзіне тақап қалған кәрияға жетті. Қара сөмке мұндай ауыр болар ма! Әрі аяғы тайғанақтап келеді.
– Алда қарағым-ай, белің қайысты-ау! Өзі де зіл қара тас шығар, – деп қояды кәрия.
– Жоға, әже, ауыр болғанымен дамыл-дамыл демаламын ғой…
– Арқаңдағы сөмкеге қарағанда сабаққа бара жатырсың- ау?
– Иә.
– Қалып қойма!
– Үлгіремін, әже!
– Ой, айналайын, Алланың нұры жаусын! Тең құрбыңның алды бол! Келіп қалдық үйге… Жазға салым Көкшетау облыс орталығы болғанда жалғыз ұлым жұмыс бабымен сол жаққа көшкен… Аш отыр дей ме, бір жолдас жігітінен сәлем-сауқат беріп жіберіпті. Соны әкеле жатыр едім, балам…
– Сізге арқалатпай- ақ, неге өзі жеткізіп тастамаған?
– Уақыты жоқ шығар… Сөмке жеткізіп берген бала туралы сұрап келесің бе?
– Иә, әже…
– Е, ол ұлға рахмет! Үйге жеткізіп бер деп қалай айтамын. Жұмыстағы кісі… Мазалап қайтейін… Автобусқа отырғаныңа қарағанда қатынап оқисың ба? Қай жақта тұрасың?
– Теміржол вокзалы маңайында, Ақжайық көшесінде, 38 қазақ гимназиясы биыл ашылды. Анам осында ауыстырған.
Кәрия екі бөлмелі пәтерде бір өзі тұрады екен. Үй іші жып-жинақы. Басы артық дүние көзге түспейді. Зал кішігірім ғибадатхана сияқты. Нағашыбай биылғы жазда ауылдан келген нағашы атасына еріп қала ортасындағы мешітке барған. Кәрияның бөлмесінде дәл сондағыдай Қағбаның суреті, үй тұмары, тасбиық ілулі тұр. Құбыла тұсқа бағытталып жаюлы жайнамаз жатыр.
– Күніне бес мәрте сәждеге жығыламын. Жаратушы Аллаға тәуба айтамын… Жақын қалды… Қанша жүреміз, – деді әженің дауысы бір түрлі дірілдей шығып. Кәрия Нағашыбайға алғысын жаудырып бата берді…
…Сабақ басталыпты. Математика пәні өтіп жатыр. Кәмила мұғалім қатал болғанымен жақсы кісі. Нағашыбайдың кешігу себебін білген соң үндеген жоқ. Қайта риза болған сыңайлы.
– Балалар, Қалдыбаевтың жасағаны қайырымдылық! Үлкен кісіні сыйлап, қол ұшын беру мұсылманшылықта сауапты іске жатады. «Сұлулық өмірді сақтайды» деген орыстың ұлы жазушысы Достоевскийдің сөзі бар. Осыны естен шығармандар!
Апайларының әңгімесін тындаған оқушылар тым-тырыс. Нағашыбайдың көз алдына ажарын айқыш-ұйқыш әжім торлаған жүзі жылы кәрия келе қалғаны.
«Қалайда уақыт тауып, барып тұрамын» деп ойлады…
ҚАРАҚШЫДАН ҚАШҚАН «БАТЫРЛАР»
Бес-алты күннен бері балаларда маза жоқ. Үлкенді-кішілі ыдыстарын көтеріп, қозыкөш жердегі дала жидегін теруге жүгіреді.
– Ырғын шыққан екен.
– Жарты сағат өтпей-ақ шелегіміз лық толды.
– Тосаптың астында қалатын болдық, – деген сөздер жиі естіледі.
Бүгін үш дос – Мақсат, Тұрап, Жанат түс қайта жидек теруге келген. Күн ыстық. Біресе еңкейіп, біресе тұрып тез қимылдаған олар терлеп кетті. Оның үстіне маса, шіркей тым қалың. Денелерінің ашық жерін шағып мазаларын алды.
– Бүйтіп терген жидегі бар болсын, – деді Тұрап былай шыға бере.
– Үйден ұят! Құр қол қайтамыз ба сонда? – Жанат Тұраптың сөзіне құлақ аспай жидек жинауды жалғастыра берген.
– Менің басыма бір ой келді. – Кітапты көп оқитын, қиялшыл Мақсат белін жаза тіктеліп достарына қарады.
– Қандай ой? – деді ұзын бойлы, қысық көз Тұрапты әуестік билеп.
– Ауыл шетіндегі Қайыркен атаның бақшасына түсейік. Кеше апама еріп барған кезде көрдім. Не өспейді дейсің! Бәрі бар! Қызыққаннан аузым ашылды, көзім тұнды. Қайыркен атаның кемпірі сараңдау кісі екен. Соншама мол жеміс-жидектің бір талынан да дәм татырмады бізге.
– Ұрлық қой ол!.. Қайыркен ата далада ұйықтайды деп естігем.
– Олай етпес!.. Түн салқын. Үлкен кісі далада ұйықтайды дегенге сену қиын.
– Анығын білейік… Жалпы мен қарсы емеспін… Қап-қараңғы түн… Бас бағып бақшаға барамыз… Тойғанымызша дәмді шиеге, қарақат, қызылқатқа мелдектей тоямыз… Құдды кинодағыдай…
– Мақсат сен шынында қиялшыл екенсің! Әңгімең мені де елітті… Қызығып кеттім, – деді Тұрап досына қарап.
Үш дос түнгі жорыққа дайындалды…
Биік ағаш қоршаудан кезек-кезек секіріп түскен ұлдар демдерін іштерінен алып, бақша жаққа көз жіберген. Беті-жүздерін тұмшалап алыпты. Көздері ғана жылтырайды. Қолға түссе танымау үшін істеген амалдары. Өліара шақ. Жұлдыздар шашыраңқы, сирек. Балалар еңбектеп, межелі жерге мысық табандап ақырын жылжыды. Жемісі уылжыған мөп-мөлдір, күрең шие ағашына жеткен Мақсат бір-бірлеп үзіп жеп жатыр. Арттағы екеу де қарақат ағашына бас қойыпты.
– Ойбай! – деді сорайған Тұрап бір кезде баж ете түсіп. – Әне-е, келіп қалды!..
– Қайда?
Мақсат пен Жанат состиып-состиып тұрып қалыпты.
– Әне-е?!. Оң жақтарыңа қарасаңдаршы?!
Үрейі ұшқан ұлдар Тұрап айтқан жаққа көз тіккен. Ұзын бойлы біреу тұп-тура қарсы жүріп келеді. Сасқан екеуі алды арттарына қарамай зытып берді.
– Мен ше?! Мені қалдырмаңдар!..
Жайшылықта жайбасар Тұрапқа да жан керек екен. Қолындағы кішкентай темір шелекті қаңғырлағанына қарамай лақтырып жіберген. Сол жақ бүйірден тағы бір сұлба қараң етті. Екбетінен жата кетті. Аздан кейін басын көтерсе жаңағы қара сұлба қозғалмайды. Қаққан қазықтай сол қалпы тік тұр. Бұны байқамаса керек! Еңбектеп қоршау ағаш шарбаққа жетті де, ары қарай домалап, асып түсті.
* * *
Түнде үш дос көрген қара сұлбалар – Қайыркен атаның ұры-қарыны шошыту үшін бақшаның әр жеріне ағаштан жасап, киім кигізіп қойған адам пошымдас бейнелері болатын.
Балалар ертеңінде өздерінің ағаттық жасағандарын біліп опынды.
– Аңқаумыз, – деді Тұрап тек тұрмай. – Оны білгенде жеміс-жидекке армансыз тояр едім… Е-еһ, су жүректер!.. Сендер ғой алды-арттарыңа қарамай тұра қашқан.
– Бәрібір, біздің бұл ісіміз дұрыс емес, – деді Мақсат ойланып.
– Ұят, – деді Жанат қызарып. –Керек десеңдер – ұрлық!..
– Кінә менен!.. Кешіріңдер, – деді Мақсат өзінің теріс қылығын мойындап. – Бұдан былай мұндай арамдыққа аяқ баспайық.
Сендер, қалай ойлайсыңдар балалар?
Ұрлық жасаған дұрыс па?!.
АСХАТ ҚАЛАЙ ТҮЗЕЛДІ
Асхаттың мүлік-мүкаммалы мол. Конструкторы сансыз. Ақ, сары, қызыл түсті қубик-пластмассаларға бала түгілі үлкен адам қызығады. Жұмыртқа киндер-сюрпризден шыққан тинәмдай ойыншықтар өзгеше бір әлем! Тасбақа-ниндзя, Өрмекші адам, бэтман, томогучи, тетрис дейсіз бе толып жатыр. Өзі дәйім теледидардан мулытфильмдер мен ертегілерді қадағалап отырады. Соңан соң ертеңінде-ақ, кинодағы кейіпкер бейнесіне «еніп» ойнап кететіні бар.
Швед жазушысы Астрид Линдрегеннің «Үй шатырын мекендейтін Қарлсон және балақай» ертегісін көкесіне оқытып, өзі де Қарлсонға ұқсап арқасына мотор байлап «ұшып» жүреді кейде.
– Қараңызшы көке арқамдағы моторға! – деді Асхат бірде қиялдап.
– Міне, ғажап! Көріп тұрмын балам! – деді әкесі.
– Ұштым ендеше!
– Тұра-тұр,балконның есігін жабайын. Далаға шығып кетіп жүрерсің.
Асхат «моторын» іске қосты да, шифонер үстіне барып «қонды».
– Абайла! Құлап қалма!
Ас үйде тамақ әзірлеп жүрген мамасы отағасының жалынышты дауысын естіп жүгіріп залға енсе, әкелі-балалы екеу мәз-мейрам. Қолдарында ертегі кітабы.
Бес жасқа толғанда тағы бір өнер тапты Асхат. Бақшадағы достарын өз есімдерімен атамай, басы үлкен Еркінге – қазан бас, танауын тарта беретін Тұрғазыға – су тұмсық, көзі үлкен Қапанға – жапалақ деген жанама ат қойып алған.
Гүлия есімді қыз ерке-тотай. Әкесі бақшаға күнде көтеріп әкеледі. Кешке де мойнына асылып жатқаны. Құрбыларына қосылмай саяқ жүреді. Жалғыз ойнайды. Шыбық тимес шыңқ етер. Қит етсе көзі боталап қоя береді. Асхат оны жылауық атайды. Ал сөзшең аспазшы Тәттігүл тәтені – радио апай деп айтып қалып бұрышқа тұрғаны бар.
Асхат аулада ойнап жүрген. Көршінің баласы Вадимнің черепашкасы мұрнына тиіп қан бұрқ етті. Темір ойыншық оңдырсын ба! Асхат жылаған жоқ. Мамасына жұқалап мазь жаққызып алды. Көп ұзамай ойыншық тиген жері қотырға айналды да, кейіннен жазылып кетті. Бірақ тыртық қалып қойды.
Асхатпен ілінісіп қалған бір тұста тентек Дәулет:
– Тыртық мұрын! – деді мазақтап.
– Не айттың? – Асхат Дәулетке жетіп келді.
– Не естісең сол.
– Қайтала?
– Тыртық мұрын!
– Сол-ақ екен, екі ұл апаш-құпаш айқаса кетті. Асхат Дәулетті іштен шалып шалқасынан түсірді. Анау да шақар. Жығылып жатса да іштен, беттен қолды салды. Тәрбиеші Алтын апайлары келмегенде төбелес соңы немен тынары белгісіз еді.
Асхат содан бері ешкімді мазақтамайтын болды.
КАЛИНИНГРАДТАН КЕЛГЕН БАЛА
Сүйкімді сары ұлды сол күні кешкісін-ақ ауыл біліп қалды.
– Бөтен бала келген бе? – деді еліккіш Есен достарына қарап.
– Иә, – деді Қоңқай.
– Қай үйдің қонағы? – деді «Қара палуан» атанған Жанғали әуесқойлық танытып.
– Әмірғазы ағаның туыстары, – деді Қоңқай өзінін қонақ баланы біртабан жақын білетінін аңғартып. – Көкем айтады, қонақ баланың шешесі латыш болғанымен қазақшаға судай, – деп келе жатыр еді…
– Судай дейді. Өй, ол қазақ емес пе? – деді Есен тағы да кесе-көлденеңдеп.
Ауыл балаларының айтысын естіп тұрғандай Әмірғазы ағаның үйінен шыққан қағілез, ақ сары бала тура осылай салды. Үстінде «Адидас» деген жазуы бар спорттық шалбар мен кеудеше. Аяғында — аппақ крассовка. Адымдай нық басып таяды. Өжет. Өткір. Келе сала қол беріп танысып жатыр.
– Есімім – Едіге. Достарым Едик деп атайды, – деді тақылдап.
Ауыл балалары де Едіге құсап аттарын атады.
– Қоңқай.
– Есен.
– Жанғали.
– Барлықан.
– Асан.
– Жанат.
– Қайдан келдің? – Қоңқай сөз бастады.
– Калининград қаласын білетін шығарсыңдар. Бұрынғы Кенисберг. Балтық теңізі жағалауында.
– Білмегенде!
– Білеміз, – деді балалар дөп баспағанымен намыстарына тырысып.
– Біз сонда тұрамыз. Ал Ақтас – әкемнің туған жері.
– Әкең не жұмыс істейді?
– Әскери офицер. Әуелі Германияда тұрғанбыз. Әрине, ол кезде мен жоқпын. Калининградқа қонысаударғанымызғы он сегіз жыл. Мен осы қалада дүниеге келдім.
– Қазақтар тұра ма?
– Тұрады.
– Қанша адам?
– Облыс бойынша бес жүзден асады.
– Өзің үлкен кісідей сөйлейсің. Нешіншіде оқисың? – деді балалардың ересектеуі Асан.
– Төртіншіге көштім.
– Оһо, азамат екенсің! – деді Барлықан.
– Орыс сыныбында оқисың ба?
– Иә, Калининградта қазақ сыныптары жоқ. Қазақ тілінде газет-журнал оқымаймыз. Радио тыңдамаймыз. Теледидар көрмейміз.
– Қиын екен, – деді Асан аяныш білдіріп.
– Оңай емес. Қазақстанды қатты сағынамыз. «Туған жерден шалғайда жүріп, жас күнімізде аңғармаппыз. Орта жастан асқан соң азаматқа елі керек екен», – деп отырады әкем ылғи.
– Мұнда жылда келіп тұрасындар ма?
– Әрқалай. Кейде екі жылда бір рет, кейде үш жылда.
– Неге көшіп келмейсіңдер?
– Төрт жылдан кейін әкем отставкаға шығады Міндетті түрде туған жерге қоныс аударамыз.
– Едіге, ау Едіге! – деген дауыс ауыл балаларын жалт қаратты.- Анадайдан айқайлап келе жатқан көк көзді әдеміше әйелді көрген балалар аң-таң күйде бір-біріне қарап тұрып қалыпты.
– Балалар, амансындар ма! Едігеге рұқсат бересіңдер ме? Әне, өрістен мал келе жатыр. Алдынан шық. Оңан соң құдықтан су тасиық.
Ауыл балалары алыстағы Калининград қаласында тұратын Едігеге қимастықпен ұз-а-қ қарап тұрды.
Ал Едіге «төрт жыл тезірек өтсе екен елге көшіп келген қандай жақсы» деп ойлады артына қарай-қарай, анасына еріп бара жатып.
Бір түрлі іші елжіреп кеткендей.
ЖАРАЙСЫҢ, ҚЫЗЫМ!
Аяғы-аяғына тимей зуылдап келе жатқан кішкентай Ұлжан ашулы. Жайшылықта жайдары, көңілді жүретін оның мұнысы қалай? Ызадан булыққан қызды, әгәрәки біреу-міреу тоқтатып, «Не болды балақай?» десе, жылап жіберерліктей халде болатын.
Кінә өзінен. Сабақ соңында қатарлас қазақ сыныбындағы қыздар мұғалімдер бөлмесінің алдында оңашаланып тұр екен. Көрші Тұрсынгүл де солардың арасында.
– Мен бүгін сенімен қайтпаймын, – деді ол. – Өзің кете бер.
– Неге?
– Тәуелсіздік мерекесіне дайындаламыз.
– Ән айтасыңдар ма сонда?
– Иә, ән айтамыз, би билейміз.
– Маған да қатысуға бола ма? – деді Ұлжан.
– Ол жағын білмеймін. Бұл біздің сынып оқушыларының іс-шарасы ғой!
Қос құрбының әңгімелерін естіген Ләзиза есімді қыз қастарына келіп: – Болмайды, – деді Ұлжанға қарап. – Бұл іс-шарада тек қазақ тіліндегі әндер орындалады. Оқылатын тақпақ, өлеңдер де мемлекеттік тілде. Ал сенің қазақшаң нашар! Ойқы-шойқы! Өзің қазақ бола тұрып, орыс сыныбында оқисың!
Ұлжан ұялғаннан жауап қайтара алмады. Бір жағынан Ләзизаның айтқаны шындық. Тілін тістеп, тез бұрылды да шығар есікке беттеді. Үйге келе сала «өшін» анасынан алды.
– Мама, неге мені орыс сыныбына бергенсіңдер?
– Не болды ботам? Тыныштық па?
– Неге олай еттіңдер?
– Орыс тілінің абырой-беделі биік қой деп, әкең екеуміз ақылдасып, беріп едік. Онда тұрған не бар?
– Мәселе сонда, мама! Мен ертеңнен бастап орыс сыныбында оқымаймын! Қазақ сыныбына ауыстырыңдар!
– Оның реті қалай болар екен?! Нашар сөйлегеніңмен, нан сұрап жейтін қазақшаң бар. Неге соншама бүліндің?! Әлде, біреу ренжітті ме?
– Жоқ, – деді бірбеткей Ұлжан алған бетінен қайтпайтынын аңдатып. – Мен бәрібір қазақ сыныбына ауысамын.
Ұлжан дегенінде тұрды. Әкесін мектепке ертіп әкеліп, директорға кіргізді. Мектеп басшысы арнайы комиссия құрды. Ұлжанның қазақшасын тексерді. Ақыры ынта-ықыласын ескеріп, оны тура Тұрсынгүл құрбысының сыныбына ауыстырды.
БАСҚА ПӘЛЕ – ТІЛДЕН
Үшінші сыныптағы бүгінгі «Ана тілі» сабағы тез өте шықты. Мұғалім әдеттегідей үй тапсырмаларын сұрады да жаңа сабақты бастады.
– Балалар – деді ағай сабақ аяқталарда. – Тілге байланысты сөйлем құрандаршы!
Оқушылар ойланып қалды. Жөпелдемеде қайдан табыла кетсін? Жоқ олай емес, табылды. Тап-тұйнақтай жинақы жүретін үздік оқушы Күлтай қол көтерді. Одан кейін Сәуле, Мейрам, Жақсыбай, Манар, Болатбек, Мақпал…
– Ал, балалар, асықпай, кезекпен айтындар.
– Қос тіл – қос қанатың.
– Дұрыс-с!
– Тілі байдың – ойы бай.
– Бұл да жөн.
– Тіл ауыздың ішінде… – Аңқау Жақсыбайдың сөзіне балалар ду күлді. Жақсыбай болса айылын жияр емес.
– Ағай, неменеге күледі балалар?.. Сөйлемнің ішінде «тіл» деген сөз бар емес пе?
– Оның рас. Жарайды, отыра ғой…
– Болды ма? Енді қосатындарың жоқ па?
Оқушылар үнсіз. Кенет артқы партада отыратын мінезі біртоға Ақылбек қолын көтерді.
– Айта ғой, Қасымбеков.
– Басқа пәле – тілден.
– Өте жақсы айттың! Бұл мақал ғой, – деді мұғалім. Оқушылар әлі үнсіз. – Ал, Ақылбек, айта қойшы. Осы сөздін мағынасын қалай түсіндіресің?
– Менің атам 81 жаста, – деді Ақылбек. – Нағыз мұсылман. Бес уақыт намаз оқиды. Әлі тың. Сергек. Осы күнге дейін атқа ешкімнің көмегінсіз өзі мінеді. Шалғымен шөп шабады. Өзі жинайды, өзі тиейді арбаға. Әрине мен де қол ұшын берем. Атам бес уақыт намаз оқыр алдында азан шақырады. Мен ұйып тыңдап отырамын. Өйткені азан дауысына және намаз оқығанда көңіл қойып тыңдаудың өзі үлкен сауап дейді атам. Азан шақырылған шаңыраққа Алланың нұры түсіп тұрады дейді. Үйге құт-береке кіреді. Ырыс пен бақ молаяды.
– Ағай, Ақылбек негізгі тақырыптан ауытқып кетті, – деді қашан да өзгелердің қателесуін аңдып отыратын Күнес.
– Қызық екен.
– Естімеген әңгімеміз…
– Қайдан біледі?.. – деп сыбырлады балалар.
– Айтсын, айтсын, – деді енді бір оқушылар.
– Әлгі сөзіңнің мағынасын түсіндіре ғой, – деді мұғалім.
– Түсіндіріп көрейін. – Ақылбек әңгімесін сабақтады.
– Атам тақуа адам. Арабша аздап біледі. Қасиетті Құран Кәрімді оқып отырады. Құран деген сөз араб тілінде оқу дегенді білдіреді екен. Атам кімнің үйінде Құран кітабы болса оны оқып отырған ләзім дейді. Немерелеріне – бізге шариғаттан әңгімелер айтып береді. Мұсылмандық қағидалары туралы түрлі-түрлі кітаптарды оқытады. Жақында мен атама «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері» деген кітаптан «Адам бәлені тілінен табады», «Бар пәле – тілден» – деген хадистерді оқыдым. Ол жөнінде атам бізге: «адам тіліне абай болуы керек, ойнап сөйлесеңдер де ойлап сөйлеген жөн деп түсіндірді. Әлгінде Күнес оқыстан байбалам салды. Қисынсыз әңгіме айтты. Сөйтіп, менің көңіліме кірбің түсірді. Мұндай ерсі қылық өзге балалардың бойында да кездеседі. Сол үшін тіл сүйексіз екен деп, орынды-орынсыз сөйлей беруге болмайды. «Басқа пәле – тілден» деген осы.
Мұғалім де, оқушылар да үнсіз.
Күнестің ашуы келді. Бірақ Ақылбектің сөзіне жауап қайтара алмады.
ЖЕДЕЛСАТЫ НЕГЕ ТОҚТАДЫ?
Айбектің көкесі жақсы жаңалық әкелді. Жаңа пәтер алатын бопты. «Сұңқар» шағын ауданынан. Үшінші подьезд. Тоғызыншы қабат.
Сонымен Айбектер жаңа пәтерге қоныс аударды. Жоғарғы қабат қорқынышты сияқты. Шешесі «жазатайым құлап кетіп жүрерсің» деп балконға бір өзін шығара бермейді. Ал Айбекке салса биікті мекендеу қызық па деймін. Бәрінен бұрын арлы-берлі қайшыласып, көшеде ағылып жатқан мәшинелер, жаяу жүрген кісілер алақандағыдай көрінеді.
Тұрғындар көшіп кірген соң лифт қосты. Оған ең алдымен атасы қуанды. Себебі, жиырма күндей тысқа шыға алмай ылажсыз қамалған болатын. Таза ауаны балконнан, желкөзден жұтқан. Енді рахат! Томашадай ұя-лифтіге енеді де, іп-ілезде төменге түседі. Далаға шығады. Таяғына сүйеніп, аулада әрі-бері асықпай жүреді.
Қиюы қашатын іс аяқ астынан екен. Бір подьезде тұратын бес-алты бала түстен кейін сабақтан қайтқанда лифтінің қызығын әбден көрді. Көзді ашып-жұмғанша жоғары көтеріледі. Сосын төмен құлдилайды. Үлкендердің көбі жұмыста. Әй дер ажа, қой дер қожа жоқ. Лифтегі кезекшілік жасайтын орыс әйелі де көрінбейді.
Балалар жарты сағаттай қызыққа батты. Тегін ойын тапқандарына мәз. Бір кезде жүріп келе жатқан лифт сыр-р етті де, бесінші қабатта тоқтап есік ашылды. Балалардың ересегі Мырзаш жалма-жан түймені басты. Лифт қозғалмайды. Көздері алақтап тұрды-тұрды да, тым-тырақай безіп жөнелді.
Кешқұрым далаға беттеген Айбектің атасы жылдам қайтты. Қабағы қатулы. Өңі сынық. Құдды өкпелеген баладай. Жақ ашпайды. Сөйтсе, лифт тоқтапты. Істен шыққан. Жаяу түсейін десе қиын. Түсуін түседі-ау. Қайыра жоғары көтерілу қиямет.
Лифт үш күн жүрмеді. Атасы дағды бойынша дәлізге шығада да, іле оралады.
Айбек өкінді. Ағаттық жасағанын аңдады. Олай етпейді ендігәрі. Достарына түсіндіріп айтуы керек.
Жүгіріп үйден шыққан. Шахтадағы қызыл түйме жанып тұр. Басып еді, зыр-р еткен дыбыс естіліп лифт көтеріліп келе жатты.
АҒАШ ҮЙРЕК
Бұрынғы аудан орталығы Еленовка селосына жазғытұрым қоныс аударғанбыз. Негізінен немістер мен орыстар мекен еткен бұл жерден екі-үш жыл ішінде көп отбасы көшіп кетіпті. Соған қарамастан әлі де үлкен мекен. Тұрған жері қандай әдемі! Ауылдың батыс шеті қалың орманға сұғына еніп жатыр. Ар жағы өркеш-өркеш таулар сілемі. Онда де небір жабайы жеміс-жидек, алма ағаштары мол. Уылжып піскен кезде ерінбей теріп алсаң болғаны. Селода бау-бақша өсірмейтін отбасы жоқтың қасы. Кең ауладағы жайқала өскен түрлі жеміс ағаштарын көрсеңіз.
– Еркін бір қызық кісімен таныстырайын ба? – деді Есен.
– Қызығы қалай?
– Ол кісінің ауласында не жоқ дейсің? Құдды зоология бағы. Алдын-ала айтпай-ақ қояйын. Өзің көресің.
– Рұқсат ете ме?
– Сұрағың орынды. Бөтен адамдарды бау-бағына кіргізбейді. Өзі бұрын аудандық әкиматта істеген, мектеп басқарған. Кісі киіктеу, біртүрлі кісі. Саған қолқа салып тұрған себебім, көкеңмен таныс сияқты. Екеуінің әңгімелесіп тұрғанын көрген болатынмын.
– Жарайды, көкеммен сөйлесейін…
Хисмет ата Есен айтқандай кісі киіккісіге ұқсамайды. Көшімнің ұлы екенімді білген соң бірден шүйіркелесіп кеттік. Қарағайдан салынған бес бөлмелі үйде кемпірі екеуі ғана. Балалары үйлі-баранды, жеке отау иесі. Алыста үлкен қалаларда тұрады екен. Өздері туған жерлерін қимай, көшпей отырған көрінеді.
– Қартайған шақта қайда барамыз, – дейді қарт. – Немере-жиендерім жаз шыға осында ағылады. Үлкені бар, кішісі бар үпір-шүпір. Күзге дейін үйіміз балабақшаға айналады. Қысқы, көктемгі каникул кезінде де сол! Аллаға шүкір!
Әлима әжейдің тәтті-дәмділерін жеп үстелден әзер тұрдым. Неше түрлі жеміс пен көкөністі қимайсың. Қызығып біраз қарбытсам керек, қарным сыздап барады.
Хисмет ата үй артындағы бақ ішін аралатты. Менің көзім ағаш қадалардың басында ілінген әртүрлі бейне-мүсіндерге түсті. Таңырқап, ұзақтау аял жасасам керек. Ата қасыма келді.
– Бұл табиғат туындылары. Мына бір ағаш мүсінге назар салшы. Аумаған аю. Мынау түйе. Шөгіп жатқан сәті бейнеленген. Мынау жылқы. Мынау қара қарға.
Есен айтқандай кішігірім зоология бағы. Ал Хисмет ата сол бақтың бағбаны.
– Бұларды қайдан таптыңыз?
– Мен аңшылықты жақсы көремін. Қолым қалт етсе тау-тасты, өзен- көлді, орман-тоғайды аралап кетемін. Бұлардың бәрі даладан, ағаш арасынан тапқан заттарым. Әрине, бәрі ұқсай бермейді. Кейбір келмейтін жерлерін өңдеп, қол тигізетінім бар.
– Бұл табиғат тамашаларын мектеп оқушыларына көрсететін екен, – дедім әсерленіп.
– Ол ұсынысты мектеп директоры да айтып еді. Ойланатын мәселе. Меніңше табиғат аясына жиі шығып демалған, асықпай аралаған жақсы. Және әр маусымның өзіне тән қызық-қуаныштары мол, әсері бөлек, – деді ата шабыттанып. Сонан кейін маған бұрылып сөзін жалғастырды:
– Балам, ертең ертемен құс атуға жиналып отыр едім. Қазір аң аулау маусымы ғой. Маған ересің бе? – Әрине ата! – дедім мен қуанып.
Таң атып келеді. Күз аспаны ашық. Ауада салқын сыз бар. Біз жаяулап біраз жүрдік. Бетіміз Шалқар көлі. Болса құс атпақпыз. Хисмет атаның әңгімесіне қарағанда кейінгі жылдары құстар азайып кетіпті. Сонда да бір шолып қайтпақпыз. Атаның иығында қосауыз мылтық. Мен оқшантайды беліме байлап алғам. Ата алда, мен артта келемін. Көлге таядық. “Бұқ!” деп белгі берді ата. Өзі де еңейіңікіреп, аяғын санап басып сақ келеді. Кенет дүр етіп бір топ дала үйректері ұша жөнелді. Дымқыл шөпті бауырымзыға төсеп жата-жата қалыстық. Ата сәлден соң басын көтерді де, іле бұға қалды. Әуесқойлық билеп мен де үңілдім. Жағаға жақындау жалғыз үйрек жүзіп жүр. Ата еңбектеп барып атып жіберді. Құстың ұшатын түрі жоқ. Әлі жүзіп жүр. Екінші мәрте атылды мылтық. Үшінші рет. Тып-тыныш көл маңайы жаңғырықты. Апырым-ау, оқ тисе құлап, тимесе ұшпаушы ма еді? Ата жалма-жан дүрбіні алып қарады. Мәссаған! Мынау кәдімгі ағаш үйрек! Тізеден келетін суды резеңке етігімен жалдап барып алып шықты.
– Ғажап! – деді ата таң қалып, – Қарашы? Аумайды ғой!
– Рас, – дедім мен ары-бері аудара қарап.
– Ағаш мүсіндердің қатарына қосылатын болды, – деді ата да қуанып. – Көрдің ғой! Осылайша жинаймын ауладағы заттарды. Бұл да болса олжа!
Біз сол күні ешқандай аңды да, құсты да кездестірген жоқпыз. Есесіне Хисмет атаның зоология бағына тағы бір қызық мүсін – ағаш үйрек әкеп қостық.
Момын «дала құсы» өзге де ағаш-мүсіндермен бірге әлі де Хисмет атаның ауласында тұр
ҮПІЛМӘЛІК
Көзі боталаған ақсары қыз Үпілім мен әжесінің нағашыларына мейманшылап келгендеріне айдан асқан. Қалалық кішкентай қызға ауылдағы әрбір оқиға таң. Қой мен сиыр, жылқы, үй құстарының түр-түсін кітап арқылы білгенімен жақыннан алғаш көруі.
Бүгін көрші үйге жиналған бес-алты қыз әр түрлі тақырыпта әңгіме айтты. Кезек қалалық мейман Үпілімге жеткенде екінші сыныпты үздік тәмамдаған Гүлайым:
– Үпілім, сен бізге есімің жайында мағлұмат берші? – деді әдеттегідей тықылықтап.
– Есімім, кәдімгі есім…
– Үпілім екенін біз де білеміз, бірақ бірдеме жетпей тұрғандай.
– Ол туралы ойланбаппын.
– Үпілім… Расында сирек ат, – деді Сая да таңырқап. – Онда былай болсын, – деді Гүлайым. – Әжеңнен сұрашы…
– Ол бір қызық хикая, – деп бастады әңгімесін Үпілімнің әжесі. – Ұлы Отан соғысы басталған қысылтаяң шақта үлкен атамыз, жарықтық қатты ауырады ғой. Кеше ғана ат құлағында ойнап, шапқылап жүрген атпал азамат бір-ақ күнде орнынан тұра алмай жатып қалады. Асқазанға байланған қатерлі ісік – жаман аурудан күннен-күнге шөге береді, шөге береді.
– Е-е, Алла тағала жіберген сырқатқа не дауа, – деп ойлайды қария.
Сөйтеді де аузына нәр алмастан жатады да қояды. Ертеңінде құдайы қонақпын деп бір ақсақал келеді үйге. Түнеп, таңертең аттанарда:
– Тағдырдың салғанына мойын ұсынған жөн, – дейді әлгі жолаушы, – Алайда, ауру жіберген Алланың беретін шипасы да болады.
Үпілмәлік деген өсімдік бар. Жапырақтары ірі, салалы. Ағаш тәрізді. Биіктігі кісінің бойындай. Қазір, міне, шілде айы. Осы уақытта піседі. Сол емдік өсімдіктің қос уыс дәнін қуырып, ұнтақтап, балға араластырып, ыстық сүтпен ішсе жазылады. Осыны жасаңдар. Ертең ақ құраттай шауып кетеді.
«Қырықтың бірі қыдыр» деуші еді. Ақсақалдың айтқаны дәл шықты. Шөптен дәрі жасайтын Мырзахмет емші дайындап берді. Айға жетпей-ақ, аурудан құлан-таза айықты атамыз.
Тоқсан жеті жасқа дейін қыңқ етіп ауруды білмеген екен жарықтық. Қайтарында «шөберемнің есімін Үпілмәлік қойыңдар», – деп өсиет қалдырыпты. Сөйтіп сенің атыңды мына мен Үпілмәлік деп қойғыздым. Мәлігі түсіп, Үпілім деп кеттік. Осы қарғам, – деді әжесі әңгімесін тәмамдап.
– Енді білдім атымның қайдан шыққанын, – деді Үпілім жерден жеті қоян тапқандай шаттанып.
ҚОЛҒАНАТ
Күн сенбі. Бес жасар Жанар үйде. Бүгін балабақшаға бармайды. Рақат! Шайын асықпай ішіп, есік алдында ойнап келуге жиналды. Шешесі ауызғы бөлмеде кір жуғалы жатыр. Бұрыштағы телефон шылдыр етті. Қысқа-қысқа тіл қатысқан анасы алжапқышын жүре шешіп, төргі бөлмеге сөйлей кірді.
– Жұмысқа шақырып жатыр. Түсте бір-ақ келем. Үйден көп ұзама, құлыным! Жарай ма?!
Үйде жалғыз қалған Жанар көрші қыздармен ойнамақшы болған райынан тез қайтты. Ауызғы бөлмеде екінші сыныпта оқитын ағасы Жарастың, өзінің, серіктестікте мәшине жүргізуші болып істейтін көкесінің кір киімдері үйіліп жатыр. Кішігірім төбедей.
Жанар анасын аяды. Жаңа жүгіріп кеңсеге кетті. Келе салысымен түскі ас әзірлейді. Қолдағы сиыр мен қойға да қарайтын сол. Дүкенге де барады. Көкесінде кінә жоқ. Ақ таңнан қара кешке дейін мәшинеден түспейді. Жұмысы бастан асады. Әсіресе, жазды күндері.
Жанар басына келген жақсы ойдан қуанды. Гүлді қызыл көйлегінің екі жеңін білегіне дейін түрді де, шылапшындағы кірді сабындап жуа бастады. Нәзік, жіңішке саусақтарымен жейделерді мыжып, уқалап-уқалап қояды. Жұмыстан оралған анасы Жанардың жасап жатқан тірлігіне анадайдан қарап біраз тұрды. Жанар үйіліп жатқан кірдің тең жартысына жуығын жуып, суын сорғалатып, орындық арқалығына іліп қойыпты. Маңдайынан шып-шып тер білінеді.
– Құлыным сол! Қолғанатым менің! – Шешесі жүгіріп келіп кішкентай қызының бетінен шөпілдетіп сүйе бастады.
АРМАНШЫЛ ЕСТАЙ
– Тырс-тырс, тырс.
Естай түн ортасы ауғанда әлдебір дыбыстан оянды. Басын әнтек көтеріп құлақ түрген. Тырс-тырс терезені шертіп жайымен сілбіреп тұрған ақ жауын екен.
– Уһ-һ! Зәремнің ұшқаны-ай! – Бала дүрсілдеген жүрегін басты.
Сотқар інісі Нұрасқар «бемеймін-н-н… менікі-і-і…» дейді ұйқысырап. Күндізгі алыс-жұлыс ойындары түсіне енген шығар. «Қой, ұйықтайын…» Естай көрпесін қымтанып, көзін жұмды. Қайдағы бір оқиғалар елестеп, басынан шығар емес. Сөйтіп жатқанда қыңсылаған дыбыс естілді.
…Естайлар бұрын шағын отбасылық жатақханада, қаланың ортасында тұрған. Әкесі жаз шыға үй тұрғызуға кірісті де, ауылдан көмекке келген екі інісімен осы шағын үйді салып шықты. Ал екі қабатты коттедждің құрылысын енді бастамақшы. Бұл уақытша баспаналары.
Естай кейде көз алдына екі қабатты биік үйді елестетіп, қиял пырағына мініп армандап кетеді. Әкесі: «Нұрасқар мен сенің жеке-жеке бөлмелерің болады» деген. Сонда баланың жанары шоқтай жайнап, әкесін сұрақ астына алған:
– Әке, сонда менің сабақ қарайтын жеке столым, компютерім, шағын кітапханам да бола ма?
– Болады, құлыным.
– Бұрышқа турник орнатып бересің бе?
– Не үшін?
– Күнде тартылам.
– Содан…
– Бойым тез өседі! Және бар ғой әке… менің бойым сұмдық-қ-қ-қ биік болса баскетболға қатысам.
– Поу, арманшылым! Тағы не айтасың?
– Жеке шағын кітапханамда кітаптар тізіліп тұрса.
– Құр әшейін тізіп қоясың ба?
– Жоқ, бәрін оқимын. Жәй ғана оқымаймын, оқып, оқып-п-п-п… көп білім жинаймын.
– Кітап оқимын дегенің ақылға қонады, балам! Талабыңа нұр жаусын!..
Кішкентай ұл кейде түсінде кітаптардың арасында жүреді…
Түнеукүні әкесі құйтақандай ақ күшік алып келді.
– Жер үйде ит ес болады, әрі қазақ атамыз жеті қазынаның біреуі деп айтады. Жақсы ит иесінің тілеуін тілейтін көрінеді. Жә, бұл күшікті енді өзің қара, өзің өсір, – деген Естайға.
Сүйкімді ақ күшікке Аққоян деп ат қойған да өзі.
… Аққоян тағы қыңсылады.
Далада ақ жауын. Түн салқындағандықтан тоңып жатыр-ау! Шынында дұрыс жасамапты. Әкесі ғой жанталасып үй тұрғызып әлек. Ал кішкентай күшіктің үйшігі жоқ. Бұл әділетсіздік қой…
Ертеңінде Естай қоярда-қоймай әкесіне тақтайдан үйшік жасатқызды. Астына ескі көрпе төсеттірді. Аққоян қазір үйшігінде жатыр. Үйшік ыстықта салқын, жаңбырда ықтасын. Естайға алғыс айтқаны ма екен, Аққоян үйшігінен басын шығарып, әуп-әуп үріп қояды.
ТАПҚЫР БАЛА
Имам ағзам Әбу-Ханифа бес-алты жас шамасында медреседе оқып жүреді. Бір күні ұстазының көңілсіз түрін аңғарып:
– Сізге не болды ұстаз… Ұнжырғаңыз түсіп кетіпті ғой, – дейді.
– Ия, көңілсізбін…
– Себебін білуге бола ма?!
– Бізді осы елдің патшасы шақырып, Аллаһты көзіме көрсетіңдер. Мен сенетін болайын, сол үшін үш күн мұрсат беремін деді. Ертең патшаның берген мерзімі аяқталады. Соны уайымдап отырмын…
– Мені ала барыңызшы, – дейді Әбу-Ханифа.
– Не істейін деп едің?
– Патшаны көрейін. Қандай әңгіме айтылады, соны тыңдайын, – дейді жас шәкірт.
– Олай болса, ертіп апарайын, – деп келіседі ұстазы.
Ертеңінде ұстазына еріп жолда кетіп бара жатқанда Әбу-ханифа бармақ басындай бірнеше тас теріп, қалтасына салып қояды.
Кең сарай. Сән-салтанат. Төрдегі тағында патша. Қасында уәзірлері. Жиылған жұрт тым-тырыс. Патша жамағатқа Аллаһты көрсетіңдер деген сұрағын қояды. Ешкімде үн жоқ.
– Кім айтады ?! – дейді қаһарланған патша ағзам.
Алдыңғы қатарда отырған кішкентай Әбу-ханифа қалтасынан бармақ басындай тасты алып, патшаның шекесіне жіберіп қалады. Шекесіне тас тиген патша басын ұстай алады. Қасындағылар:
– Әй, бала! Бұның не? Патшаның шекесі ауырды ғой, – деп дауыстап жібереді.
Сол кезде Әбу-Ханифа екінші тасты лақтырады. Патшаның шекесі одан сайын ауырып, жылауға шақ қалады.
– Бұның не? Бір емес, екі рет лақтырдың тасты, – дейді патшаның қасындағы бір уәзір балаға тап беріп.
Сонда кішкентай ұл орнынан тұрып:
– Уа, жамағат! Патша шекесінің ауырғанын дәлелдесін! – дейді қайсарланып.
– Ауырғанын көрсете алмаймын… Бірақ сезіп тұрмын, – дейді патша.
– Ендеше, біз де Аллаһтың барлығын көрсете алмаймыз! Оны жүрекпен сезіну керек! Шын ниетпен! – деп жауап қайтарыпты бала Әбу-Ханифа…
ӘКЕММОЛЛА
Жазғы каникулда Қуаныш нағашымның үйіне қонаққа барғалы әңгімеге әбден мелдектедім. Ол кісінің білмейтіні аз-ау деймін. Әсіресе есте жоқ ескі әңгімелерді айтқанда алдына жан салмайды.
– Қазіргі тыңдайтындарың болған жәйт, – деді төрдегі текеметке малдасын құрып жайғасып алған соң.
Әңгіме естуге жиналған балалардың қарасы бүгін молаң. Бәрі иық тірестіре сығылысып алқа-қотан отыр. Көпшілігі менімен шамалас тоғыз-он жастарда. Арамыздағы ересектеуі Болатбек-ау, шамасы. Оның өзі біздерден ек-үш жас қана ересек.
– Кәдімгі өмірдегі оқиға ма? – деді Болатбек көздерін жыпылықтатып.
– Естисің ғой…
– Тс-с… ақырын!
– Әрірек отыршы, шынтағың батып барады…
– Шуламаңдар!..
Шіліңгір шілденің ыстығына тотыққан бірөңкей қараторы, қалқан құлақ, тақырбас ұлдар тынышталсын деді ме, Қуаныш нағашым біздерге барлай қарады да, әңгімесін бастап кетті.
– Ертеректе Қытай елінің Шәуешек жағында қара ат мінген шал болды. Есімін ешкім білмейді, Әкеммолла атайтын.
Жарықтық ескіше көп оқыған кісі еді. Ел ішінде топырақты өлім болмай тұрмайды. Сондағы Әкеммолланың құран оқығанын көрсеңіз! Мына мен құсап малдас құрып, шарт жүгініп көздерін тарс жұмып алады да, ал кеп заулатады дерсіз! Мақамы қандай әуезді! Жүректерді шымырлатып, сай сүйекті сырқыратады. Бейне ертегі әлеміне енгендей елітіп… фәни жалғанның қас-қағым сәттік шолақтығын бағамдайсыз…
Әкеммолланың ауру-сырқауды емдейтін емшілігі де болатын. Апталап-айлап қона жатып, ел аралап кісілерді емдейді. Сырқаттарынан айыққан адамдар ақысын жемей біреуі қой, енді бірі ешкі не болмаса тайынша жетектеткізеді.
– Аллоһуәкбар, Аллаһ разы болсын! – дейді ақсақал. Әлгі берген малдары қара аттың соңынан еріп кете береді.
– Айдамай-ақ па?
– Ға-жа-ап!
– Сиқыршы шығар! – деп балалар таң-тамаша қалысты.
Нағашым әңгімесін сабақтай берді.
– Келесі ауылға барғанда Әкеммолланың малдары тоқтаған үйден ұзамай жайылып жүреді. Ал көп балалы кедей үйге қонса өз малынан біреуін сойғызып, әңгіме-дүкен құрып, шала байытып кетеді екен.
Көрші ауылда Келдібек деген бала-шағалы адам тұрды. Сол үйге бір күн еру болған соң Әкеммолла:
– Жағдайыңды бір түзеп берейін. Мына ауылда Сарман байдың егіні пісіп тұр. Он бес күнде орамын деп бағасына келіс, – дейді.
– Ойбай-ау, бір шетінен бір шетіне көз жетпейтін ұшан-теңіз алқаптағы бидайды жинау дегеніңіз…
– Оған алаңдама! Сенің жұмысың уәделесу!..
Келдібек шал Сарман баймен келісімге тұрады.
Әкем молла Келдібекке:
– Алқаптың шетінен өзіңе уақытша тұрақ – жер үй қаз! Таңертең күн шықпай шәйіңді ішіп, далаға шығып ал. Содан күн ұясына батып, қараңғы түскенше қозғалмай жатасың. Жан баласына көрінбейсің!..
Келдібек солай істейді. Бір күн өтеді, екі күн өтеді. Үшінші күні бойын әуестік билеген Келдібек жер кепеден басын қылтитып бидай алқабына қараса, жыпыр-жыпыр етіп жүрген ергежейлі адамдарды көріп таң қалады. Біреуі орып жатыр, біреуі байлап жатыр, енді біреулері тасып жатыр. Қалың адам… Әкеммолланың сөзі есіне түсіп, дереу бұға қалады. Атшаптырым алқаптағы егін орылып бітуге тақағанға ұқсайды. Шын ба, өтірік пе деп елегізіп, ертеңіне тағы да қарамай ма! Кешегіден де түрегеліңкіреп, ұмсынып көтерілгенде ергежейлі кісілер шу ете түседі де, сол заматта зым-зия жоқ болады.
Әкеммолла алқаптың ана шетінен айқайлап келеді:
– Айттым ғой? Неге көріндің? Енді қалғанын өзің орасың, – дейді ренжіп.
Егістіктің кішкентай ғана жерін Келдібек ақсақал тоғыз баласымен жабылып жүріп он күнде азар аяқтаған екен.
– Ға-жа-ап!
– Ертегі ғой…
– Сабыр сақтап бірер күн бой тасалай тұрғанда, алқап толығымен орылады екен…
– Соны айтамын…
– Ергежейлі кімдер екен? – деп шулаған балалар нағашымды сұрақ астына алды.
– Айтсам, сенбейсіңдер ғой! – деді нағашым.
– Сенеміз, сенеміз!
– Онда, айтуға болады.
– Айтыңызшы!
– Әкеммолла перілердің көмегін пайдаланыпты! – деді нағашым. – Ол, Алла Тағаланың құдыреті және оқудың күштілігі! Ең бастысы, Келдібек шал егінді уәделі мерзімде орып, Сарман байдан келіскен ақысын алып, тұрмысын біршама түзетіп алған көрінеді.
АҚ ЖАУЫН
Әсет әсершіл, сезімтал бала. Сәл нәрсеге ренжіп, сәл нәрсеге шаттана қуанып қалады. Кейде теледидардан кино көріп отырып, аянышты тұсына келгенде көздері боталап, ебіл-дебіл жылап алатыны бар.
– Сезімтал, нәзік жүрегіңнен сол! Кімге тартып жылауық болдың? – деп айналып үйіріле қалады ондайда әжесі.
«Енді ме, енді… көзіме жас алмаймын…» деп тас-түйін бекінеді де, жеме-жемге келгенде ұмытып кетеді…
Әсет үйде жалғыз. Әжесі көрші ауылдағы нағашыларына кеткен. Кешке қарай оралады. Манадан кітапқа қадалып отырғандықтан ба, басы зеңіп, көздері талды. Әрі бір орыннан тапжылмаған соң аздап тоңа бастады. Үй салқындап бара ма. Бөлме іші алакөлеңке. Күн бұлт. Қара дауыл соғып тұр. Тұрып жылы күртесін киді.
Кенет аспан әлемі дар-р айрылғандай шатыр-шұтыр етті де, қатты соққан жел пышақ кесті тына қалып, шелектеп-нөсерлеп жаңбыр құйып берсін!
Жаңбыр тамшылары айғыздаған терезе алдына келіп, сүт пісірімдей тұрды. Көктем ғой, көктем! Біртүрлі толқып, арқаланып, шабыттанып кетті. Шалғай қыстақтағы қойшы әке-шешесін ойлады. “Дәл қазір отар өрісте жүрсе, жаңбыр астында қалғын шығар-ау…”
– Жазға салым жауған жауын Алланың ңұры, құт-ырыс! – деп отыратын әжесі.
О-ой, ғажап! Әлгіндей емес, селдеген жаңбыр екпіні бәсеңдей түскендей. Есік алдына шығып біраз тұрды жалаң бас. Үсті басы малмандай су болғанымен тоңған жоқ. Жаңбыр жылы ма, күн жылы ма?!
Бұл кәдімгі… жылымық… ұзаққа сілтейтін ақ жауын еді…
ҚАСЫҚТАҒЫ МАЙ
Қызыл шырайлы, қапсағай денелі Есбол қарияның қашан да айтар әңгімесі қызықты. Әдеттегідей төргі үйдегі түкті кілемге малдас құрып алқа-қотан отырған қара домалақтар сауалдың астына алып жатыр:
– Ата, өткен жолғыдай ертек айтыңызшы?
– Оқиғасы шым-шытырық…
– Ию-қию…
– Қорқынышты болса, тіпті жақсы!
– Аха-а!.. Сен де қайдағыны сөз етуге үйір тұрасың! Әнеукүнгі үрейлі ертегіден соң, түні бойы қорқып шықтым.
– Гарри-Поттерді көргендей деші!
– Зәремізді ұшыратын ертекті қайтеміз!..Одан да, мәнді-мағыналы әңгіме тыңдайықшы, ата?!
Бірі-бірімен шамалас, он-он бір жастардағы ұлдардың өзара айтысын тыңдап, аппақ күмістей сақалын салалап, мейірлене көз тастаған Есекең шуылдақтарға болдыңдар ма дегендей белгі берген.
Ұлардай шулаған ұлдар сап тыйыла қалды.
– Бегалы дұрыс айтады, – деді қарт. – Аңыз болсын, әңгіме болсын ғибрат аларлық хикаятты тыңдағандарың абзал. Тыңдап қою аз, миларыңа тоқыңдар. Алдағы өмірлеріңе керек болады.
Қара домалақтар қатал мұғалімнен жаңа сабақ тыңдайтындай құлақтарын тігіп қыбырсыз қалды. Қарт жылы жымиып, қоңыр даусымен әңгімесін бастап кетті.
– Ертеректе, өзі бай, өзі дана бір кісі болыпты. Үлкен шаһардың шетінде өз қолымен тұрғызған сән-салтанатты үйлері, ат шаптырым ауласында түрлі-түрлі жеміс ағаштары сыңсып, бұлбұл құстары жүз құбылта құйқылжыта ән салады екен.
Сонау-сонау қиянда тұратын бір адам әлгі дана кісінің әңгімесін тыңдауға құмартып жолға шығыпты. Апталап сапар шегіп, арып-шаршап бір күні келіп жетеді. Мен-мендігі жоқ қарапайым бай жолаушыны қабылдап, ас суын ұсынып бұйымтайын сұрағайды.
– О, қадірменді ақыл иесі! Алыс-алыс қияндағы елімнен келгендегі мақсатым, сіздің даналық сөздеріңізді тыңдасам деп едім, – дейді ілтипатпен.
– Дәл қазір даналық әңгіме айтуға уақыт тарлық етіп тұрғаны, – дейді бай. – Ас ішіп, әл жинасаң былай істе. Қолыңдағы қасыққа екі тамшы май тамызайын. Бірер сағат осы маңда бол, қасықтағы майға да көз қырыңды сала жүр, келістік пе?
– Мақұл, – дейді жолаушы.
Уақыт жылдам өте шығады. Жолаушы дана қарттың алдына келеді.
– Жә, айта қойшы жарқыным, бағанадан бері не көрдің? Не білдің?
– Ештеңені көре қойғаным жоқ. Баққаным, қасықтағы екі тамшы май болды.
– Онда, дана сөздерімді естуге асықпа! Тағы екі сағат жүре тұр.
– Тақсыр-еке, неге олай айтасыз? Өзіңіз емес пе, майға қара деген…
– Ия, солай дедім! Бірақ, мынау сән-салтанатты үйлер, анау жеміс-жидектері сыңсыған ағаштар, онда сайраған бұлбұлдардың әуезді үндеріне құлақ түрмейсің бе?! Алла Тағаланың жаратқандарына таң қалмайсың ба?! Бірақ, қасықтағы майға да көз қырыңды салғайсың…
– Мақұл, – дейді жолаушы.
Межелі уақыттан соң мейман тағы да байдың алдына келеді.
– Не көрдің, не білдің! Баянда?!.
– Бау-бақшаңыздағы ағаштарға қарап, терең-терең ойларға кеттім! Алланың құдіретіне зер салдым. Таң-тамашамын… Сіздің еңбегіңізге, соншама құштарлықпен, махаббатпен өсірген өскіндеріңізге Жаратқан иіп, мейірімін төгіп осыншама көркемдік пен келісім сыйлаған екен! – Жолаушы алған әсерінен айыға алмай, аузы ашылып таңырқауын айта берді-айта берді.
– Алланың сый-құрметін, табиғаттың үйлесімділігін көре білген көкірек көзің ояу екен! Рахмет, жолаушым! Ал қасықтағы май қайда?
– Ой-бу!.. Қа-ап!.. Сән-салтанаты келіскен шаһарды, жәннатқа пара-пар бау-бақшаны тамашалаймын деп қасықтағы майды төгіп алыппын!
– Ендеше, даналық сөздеріме құлағың сал, қадірменді мейманым! Әлбетте, он сегіз мың ғаламның иесі Рахман-Рахымның жаратқандарына таңырқағаның жөн. Сол арқылы Алланың ұлылығы мен құдіретіне көзің жетеді. Және Раббымыздың пенделеріне парыз еткен іс-амалдарына да аса ұқыпты болғын. Ең ұлығы – Ұлы үйлесім разылығы үшін сәждеге бас қойып, намазға жығылу екендігін есіңнен шығарма! Қасықтағы майға келер болсам, ол фәни жалғандағы – тіршілігің, нәсібің! Оны да ұмытуға болмас. Бірақ, дінде де, дүниәуи тіршілікте де орташа болғын асып-таспа. Отаныңды сүю, жақсы сөз сөйлеу, жақсылық істеу, иманды, инабатты ұрпақ тәрбиелеу де адами міндетің! Осы айтқандарымды бірдей ұстасаң екі өмірде де бақытқа кенелесің! Жортқанда жолың оңғарылып, Жалғыз жаратушы жар болсын! – дейді дана қарт батасын беріп.
Есбол ақсақалдың ғибратты әңгімесін тыңдаған ұлдар үн-түнсіз. Дана қарттың уәжін алдағы өмірлеріне рухани азық етсек деген ойда болатын олардың қай-қайсысыда.
КӨКІРЕКТЕГІ КӨЗ
Оңаша бөлмеде ертеңгі сабаққа дайындалып отырған қара бала кенет селк етті. Тырс-тырс еткен бұл не? Зәресінің ұшқанын қарашы! Ә-ә, жайымен терезеге ұрылған жаңбыр тамшылары ғой. Қараша айының қара суығында жаңбыр жауады да, артынша орай-борай қар түсетіні бар. «Пай-пай, қар жауған қандай тамаша! Қалың киініп, аққала соғып, шана, шаңғы тебеміз!..»
– Ұмыта жаздаппын. «Ана тілінен» Абай атамыздың бір өлеңін жаттау керек екен-ау!
Ержігіт кітап сөрелерінен мұқабасы қалыңдау ақшыл кітапты қолына алды. «Жыр жауһары». Абай. «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп…» Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. Алматы. «Раритет». 2008 жыл.
Қара баланың есіл-дерті кітапқа ауған. Оқып отыр, оқып отыр. Біраз өлеңдердің мағынасына терең бойлай алмады. Жүз жетінші беттегі «Білімдіден шыққан сөз» деп басталатын өлеңді қайыра-қайыра қайталады.
Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын білуге,
Көкірегінде болсын көз…
«Бірінші-екінші шумақтары түсінікті. Нұрын, сырын деген сөздің төркінін де шамалаймын. Ал төртінші шумақтағы «көкірегінде болсын көз» деген сөйлем миына қонбады. Көз! Кәдімгі екі көз. Онымен көреміз. Ал көкіректегі көз қайдан келген?!.»
Ержігіт жүгіріп далаға шықты да, аулада атарба дәртесін жоғары көтеріп, байлап жатқан атасына жетті.
– Ата, ат-оу! Бес минөтке уақытыңыз бола ма?
– Жайшылық па, құлыным?
– Сұрайын деп едім.
– Нені?
– Абай атамыздың өлеңдерінен.
– Үйге бара бер, мен қазір келем.
Міне, атасы мен немересі әңгімелесіп отыр. Ержігіттің бар назары атасында. Апырым-ау, атасы не деген білгіш? Көп оқығанның пайдасы-ау?! Шоқша сақалы өзіне жарасымды, иманжүзді кәрия бірінші сыныпта оқитын немересінің қойған сауалын тәптіштеп түсіндіріп берді.
– Тегінде сөздің бояуы, үні, сыры, нұры болады. Оны білмекке талпынған, көзі ашық, көкірегі ояу адам баласы жақсы саралайды.
– Біз білетін көз екеу емес пе?
– Дұрыс айтасың, балам! Ол адамның мынау жарық дүниені көрер көзі, яғни қос жанары. Сол сияқты көкіректе де көз болады. Көкіректегі көз оқуға, білімге ұмтылған адам баласына тән сипат. Мәселен, сенің хәкім Абай бабамыздың өлең шумақтарын ұғынуға талаптанғаныңның өзі көкірегіңнің ояулығын, сергектігін сездіреді. Білім бұлағы – кітапта! Жақсы кітап адам жанын тазартады, санасына сәуле түсіреді. Сол үшін кітапті көп оқыған ләзім. Оқып қана қоймай, ондағы жауһар ойларды ойға тоқу керек. Түсіндің бе? Ыбырай Алтынсарин бабамыз да:
Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар оқылық!
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық, – деп өсиет етті емес пе?!
– Рахмет, ата! Түсіндім. Бұдан былай Абай атамыздың да, өзге ақын-жазушылардың да кітаптарын түсініп, санама сіңіріп, ыждаһатпен оқитын боламын.
ТОСЫН СЫЙ
Бекболат арманшыл бала. Таңғажайып ертегілерді тыңдағанды жаны сүйеді. Одан соң өзі де қиялдап кететіні бар. Қояр сауалы көп, әрі қилы-қилы. Шуағы мол жаз айы жалғаса бермей ме? Күзде ағаш жапырақтары сарғайып, жерге түсетіні неліктен? Қыс айында күн ыстық болса ғой. Аталар мен апалар неге қартаяды?
Сақалы аппақ қыраудай атасынан қашан сұраса да жауабы дайын.
– Өмір заңы солай құлыным, – дейді дәйім.
– Мен де, үлкен болғанда қартаямын ба?
– Пешенеңе жазылса жүзге де келесің.
– Рас па, ата?!
– Шын жарығым. Сені қашан алдап едім?!.
– Алдаған жоқсыз.
– Пешене деген немене?
– Пешене деген – адамның тағдыры. Адам баласы жарық дүниеге келгенде маңдайына жазылатын өмірі. Түрі, жасайтын жасы, мамандығы, істейтін қызметі… Осылай жалғаса береді…
– Ол туралы естіген жоқпын.
– Естімесең естисің, білмесең білесің.
– Кім айтады сонда?
– Біреудің айтуы шарт емес. Білімді кітаптан аласың, онда бәрі жазылған.
– Бала бақшадағы апайымыз әріп үйрете бастады. Бірнеше айдан соң өз бетімізбен оқитын боламыз.
– Әне, көрдің бе?!. Білім теңізіне жүзу осылай басталады. Одан соң мектеп табалдырығын аттайсың, үлкен жігіт боласың. Жоғарғы оқу орнында біліміңді жалғастырасың.
– Алақай! Менің тезірек үлкен болғым келеді!..
* * *
Биыл ауылда қар қалың. Қараша айы басталысымен жапалақтап көп жауды. Көкесі ертемен жұмысқа кетіп бара жатқанда жүретін жолды ғана тазалайды, өйткені жұмысқа асығады.
Үй ауласы, көше, дала, бәрі аппақ қар. Ойын балаларына керегі осы. Тоңып, жаурағандарына қарамай, аққала соғып, сырғанақ теуіп жырғап қалады.
Күн жексенбі еді. Достарымен Отияр тауында сырғанақ теуіп, түске жақын үйге бет алған Бекболат тұра қалды. Көптен бері әжесі сырқаттанып, төсекте жатыр. Іші пысып, жалығатын шығар. Атасының сөзімен айтқанда олдағы әжесінің «пешенесіне жазылған тағдыр» ма?!.
Қаңғажақтай қара бала әжесінің көңілін көтеріп, қуаныш сыйлағысы келді. Қандай амал бар?!. Не істесе болады?!.
– Ә, таптым-таптым!
Ол басына келген жақсы ойды іске асыруға асықты…
Үйге бір құшақ аяз ала кірген Бекболат төргі үйдегі әжесінің қасына жетіп келді.
– Әже, қалыңыз қалай? – деді көздері күлімдеп.
– Аллаға шүкір, жақсымын. – Әжесінің жүзі жайдары. Кім сұраса да «шүкір, жақсымын» деп жауап қайтарады. Осы сөзді жаттап алған сияқты, бір жаңылмайды.
– Мен сізге тосын сый жасайын деп едім.
– Ол қандай сый ботам?
– Қазір көресіз.
– Сыйыңнан да, өзіңнен де айналдым!
– Сауалым бар, сұрауға бола ма?
– Сұрай ғой?
– Сіз қыстың түскенін бізден естисіз және терезеден көрінген, ағаш бастарындағы қардан білесіз, солай ма?
– Солай.
– Ендеше менің сыйым – мынау!
Екі қолын айқастыра артына ұстап тұрған кішкентай ұл:
– Міне! – деді көлемі жұдырықтай домалақ ақ қарды әжесіне ұсынып жатып.
– Тең құрбыңның алды бол, жарығым!
Мейірімді жанары жарқ еткен кейуана немересін айналып, толғануда.
ҚОЛЫМ ТИМЕЙДІ
Қыркүйек айы болғанымен күн жылы. Мектеп жасындағы балалардың бәрі сабақта. Үлкендер жағы бірлестікте жұмыста. Үйде қарттар мен бала-бақша жасындағы ұсақ балалар ғана.
Төрт-бес жастағы бес-алты қыз таңертеңнен шәй қораның артындағы көлеңкеде күйбің-күйбің қызу іске кіріскен. Аула ішінде жайқала өсіп тұрған жеміс-жидек ағаштарын «суғарды». Картоп отырғызылған ұзыннан-ұзақ арық бойларын «түптеді». Түс алдында ғана тершіген маңдайларын сүртіп, белдерін жазды.
– Қыздар түс болып қалыпты ғой, шәй ішпейміз бе? – деді Райкүл құрбыларына қарап.
– Ішсек ішейік…
– Әбден қаталадым! – деді Тәттігүл тізе бүге отырып жатып.
Бір кезде Райкүл:
– Шәй қайнады! Дастарханға жақындаңдар, – деді құрбыларын шақырып.
Ойыншық ыдыстарын қолдарына ұстаған қыздар «кеселерін» қолдарына алып іше бастағанда, Тұрсынгүл:
– Қыздар, мына көрші үйге қаладан қонаққа бір аға келіпті. Сол кісіні де «үйімізге», шәйға шақырсақ қайтеді.
– Шақырсақ, шақырайық, – деді өзге құрбылары да қостап.
Тәттігүл қонақ ағаны ертіп келді.
Мейман ағаның есімі Ерден екен. Кішкентай қыздардың пейіліне риза болып, асықпай «шәй ішіп» отыр.
– Тәтті-дәмділерден алыңыз, – деп қояды «шәй құйып» отырған Райкүл.
Қонақ аға да, балалар да шәйға әбден қанды.
– Рахмет, айналайындар! Сусап отыр едім, жақсы болды, – деп мейман ағалары бата жасап орнынан тұрды.
Арада бір сағат өткен. Көрші үйдегі қонақ аға қызық көріп, тағы да шәй «ішкісі» келді. Өзге қыздар сыбыр-күбір әңгімелесіп, оңашалау ойнап отыр. Райкүл кішкентай қолдарымен умаждап бірдеңе істеп жатыр. Жұмысына берілгендігі сондай, қасына келген қонақты да байқамады.
– Шәй ішейін деп едім, – деді мейман аға дыбыстап.
– Көрмейсіз бе, қолым тимейді… кір жуып жатырмын.
ҚЫЗЫЛ БЕТ
Қаңтар айы қақап тұр. Түс ауа бет шымшыған аяздың кәрі сынғандай.
Тапжылмай екі-үш сағат отырып, үйге берілген сабақтарын тап-тұйнақтай орындаған Жанаттың далаға шыққысы келді. Таңертең жұмысқа кетерде әке-шешесі «үйде отыр, ойынға барамын деп, беті-қолыңды үсітесің» деп ескерту жасаған. Сексендегі әжесіне де қайта-қайта тапсырған.
Жанаттың іші пысты. Сыртта аяз болса да, шығып ойнағысы келді. Тоңып, жаураған қызық емес пе! Үлкендерді тыңдасаң, ылғи бір шектеулер! Ананы істеме, мынаны істеме! Жаурайсың, жығыласың, ұят болады деп келетін ақыл-кеңестері кейде жалықтырады… «Әжемді қалай көндірсем екен?» деп уайымдады ұл. Қандай амал бар? Ә-ә, тапты…
– Әже, Жанғалидың үйіне барайын деп едім…
– А-а, не дейсің-ң?
– Досымның үйіне барып келейін…
– От жағамын дейсің бе-е?!
Әжесінің құлағы мүкіс. Қатты айқайламасаң естімейді.
– Иә, – деді Жанат.
– Жаға аласың ба?
– Әуелі далаға шығамын… ойнаймын, – деді Жанат дауысын әдейі бәсеңдетіп.
– Өзің біл…
Жанат жылы киініп, шанасын сүйретіп үйлеріне жақын тұстағы төбеге жетті. Өзімен тетелес үш-төрт бала жарыса сырғанақ теуіп жүр.
– О-о, Жанат келді! – деп қуанды ұлдар.
Шана төмен зулағанда бет қаритын аяз еселене түсетіндей. Бастапқыда Жанаттың беті-қолдары тоңып еді, ойын қызығына берілген соң ұмытып кетті.
– Әй, балалар, аласа төбеде неміз бар! Одан да ауыл шетіндегі Мықтының тауына барайық! Сырғанақтың көкесі сонда, – деді сотқар Қыдырбайдың мұрны желпілдеп.
– Барсақ, барайық!
– Расында мынау бәкене төбешік қой, – деген балалар бірін-бірі қостап Мықтының тауына тартты.
…Күн ұясына қонақтауға жақын. Аяз күшейді. Ойынға қызыққан ұлдар ештеңе елейтін емес. Бір кезде Жанаттың беті тыз ете түсті. Қолғабымен ысқылап еді, жылынғандай болды.
Қас қарая ұшып-жығылып үйге жеткен Жанатты есік аузында анасы қарсы алды.
– Қайда жүрсің жүгірмек? – дегенде жүрегі зу етті. – Пеш жағамын деп әжеңді алдап-п… Жөніңді айтпайсың ба?!.
Жанат үнсіз тұр. Кінәлі екені айдан анық… Қайтіп ақталар?!
– Бетіңді үсітіпсің ғой! – деді анасы.
Жалма-жан бетін ұстап көріп еді, терісі үлбіреп тұр. Удай ашып қоя берді. Көзінен жас шықса да, шыдады. Анасы суық сумен жуып, қаздың майын шылқыта жақты.
Ертеңінде тұрса, беті шиедей қызарып тұр… «Мына түріммен мектепке қайтіп барамын?» деп уайымдады ол.
БІР ҮЗІМ НАН
Бес қабатты тұрғын үйдің дәлізінен шыққан кішкентай қыз оң қолындағы қаудырлақ жұқа дорбаны әрең көтеріп, қоқыс жәшігіне әкелді де аудара салды. Жапырақтай–жапырақтай кесілген, жартылай желінген аппақ нандар! Құйтақандай қыз артына да қарамастан қайтадан үйіне жүгіре жөнелді.
Бұны көзі шалып қалған Ғаббас қарт:
– Әй, балам-ау, обал емес пе?! – дегенше әлгіндегі қыз подьезд есігіне зып бере кіріп кетті.
Нұржан мектептен қайтып келе жатқан. Көрші атаның ашуланып, басын шайқап отырғанын көріп кідірді.
– Ата, кімге ренжіп отырсыз? – деді амандасқан соң.
– Е-ей, балам-ай! Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді… Сонау-у, сұрапыл Ұлы отан соғысы жылдары біз он-он бір жастағы қарасирақ бала едік. Ер-азамат жаппай майданға алынды да, елде кемпір-шал, әйелдер мен балалар қалды. Беліміз қайысып жұмысқа жегілдік. Күні бойы шөп шауып кешқұрым ұшып-жығылып қосқа әрең жетеміз де, сулы-сылпың қара көжені іше салысымен төсекке құлаймыз. Таңғы ұйқы қандай тәтті! Оң қолы шолақ бригадир Қисметтің айқайынан атып тұрамыз. Кішкене жата тұрайын десең бітті, Қисекеңнің алты өрім қамшысы жоныңнан таспа тілер! Бір рет қасымдағы Жанасыл оянбай қалып, бригадирдің қамшысының астында қалғаны! О-ой, сондағы Жанасылдың шырқырап жылағаны есімнен шығар емес! Әлі көз алдымда. Бала деп аяу, мүсіркеу болмайтын бригадирде. Сұм соғыс тезірек бітсе екен, ағаларымыз бен әкелеріміз елге тезірек оралса деп тілейміз дәйім. Сонда қарнымыз тойып тамақ та ішпейміз! Нанды мөлшерлеп береді! Жегіміз кеп, тәбетіміз тартып тұрғанымен сұрамаймыз…
Қазір ше?! Нанды қадірлемейміз! Қатып қалса, қоқыс жәшігіне апарып тастаймыз! Ысырапқа жол беріп, аяқасты етеміз! Олай етуге болмайды! Бір үзім нанның қадір–қасиетін білген жөн!.. Обал-сауап деген қайда?!.
Нұржан кәрияның әңгімесін үн-түнсіз тыңдады.
ӨТІРІК ӨРГЕ БАСА МА?
Бастауыш сыныптарда оқитын Әсел мен Асқар жақсы оқыса ынталандыру мақсатымен ата-анасы қалаған заттарын әперетін. Ағайынды екі бала соған дағдыланған.
…Әсел мен Асқар мектептен үйге келе жатыр. Жайшылықта ауыз жаппайтын әңгімешіл Асқардың көңіл күйі пәс. Осыны байқаған әпкесі:
– Не болды саған? – деді сыр аулап.
– Математикадан екі алдым.
– Бәсе-е, кешегі ойының тым ұзап кетіп еді.
– Ертең әке-шешеміздің күнделік тексеретін күні. Сен сыйлық аласың, ал мен ұрыс естимін. Қандай амал бар Әсел? Айтшы…
– Білмеймін-н.
– Маған мынадай ой келді. – Асқар әпкесін тоқтатып сыбырға көшті. – Екі қойылған күнделік бетін жыртып тастаймын.
– Біліп қойса ше?
– Сыйлық алған соң білсе, біле берсін.
– Ондай істі мен қолдамаймын, өзің біл.
Кешқұрым. Асқар аулада ойнап жүрген. Оның көңілсіз жүргенін ббайқаған көрші келіншек шайқымазақ Кәтеп тәте ұлды қасына шақырды.
– Қабағың келіспей тұр ғой?!.
– Екілік алдым.
– Соған ренжисің бе?
– Сыйлықтын қағыламын.
– Ол қандай сыйлық?
Асқар көрші тәтеге отбасындағы жағдайды түсіндірді.
– Баламысың деген. Бас қатырып кайтесің. Екілік қойылған беттерді жыртып таста!
Асқар қуанды. Кәтеп тәтенің уәжі ойынан шығып тұр.
– Саған керегі сыйлық па?
– Иә…
– Ендеше кіріс…
Ағайынды екеу ертеңінде әке-шешелерінің тексеруінен мүдірмей өтті. Көңілдері ұнатқан заттарына ие болды. Бірақ ата-анасын алдап, сыйлық алғанымен Асқар ыңғайсызданып жүр. Өтірігі әйгіленіп қалатын сияқты. Уақыт ұзаған сайын ұмыт бола бастағандай еді. Бір күні Әсел мен Асқар бір нәрсеге келіспей, керісіп қалды. Ашуланған әпкесі:
– Анадағы алдағаныңды айтып қояйын ба? – деді.
– Осыдан айтып көр.
– Қорқытпа!
– Қорқытпаймын.
– Айтам… Тап қазір айтам…
Ызақор ұл әпкесін итеріп қалды. Қыз жүгіріп ас үйдегі шешесіне келді де, інісінің күнделік туралы хикаясын бастан аяқ баяндап берді.
Аяқ астынан Асқардың қулығы әшкере болды.
Өтірік өрге баса ма, айтыңдаршы балалар?!
ҚИСЫҚ ШЕГЕЛЕР
Қора артындағы «қоқыс төбеде» біресе еңкейіп, біресе тұрып жүрген тәмпіш танау қара бала әлденеге өкпелі. Қолындағы кішкентай шелекке кәкір-шүкірдің арасынан тапқан шегелерді тырс-тырс еткізіп оқта-санда салып қояды.
– Атамның да шығармайтыны жоқ! Қайдағы жұмысты тауып беріп…
Әрі-беріден соң шаршады ма, әлде шекесінен өткен ыстықтан пана іздеді ме, қораның көлеңкесіне келіп тізе бүкті. «Балалар ғой, біраздан соң өзенге беттейді… Менің отырысым мынау!.. Қой шапшаңдатайын…»
Тәмпіш танау қара баланың бұлайша әбігерге түсуіне не себеп?!.
– Айбол-жан, алдыңғы күні ескі ағаштардан босатып алған шегелер қайда?
– Қайдағы шегелер?!.
– Жандос ағаң әкелген тақтайлардан алып едік қой.
– Е-е, ол ештемеге жарамайтын, қисық шегелер ғой!
– Болса ше! Түзеп, бір іске жаратайын деп едім.
– Жаңасын сатып алмаймыз ба, дүкеннен. Оларды түзеп, уақыт кетіргенше.
– Көп сөзді қой да, айтқанды істе!
– Мен оларды қоқыс төбеге апарып тастағанмын.
– Бар, теріп әкел!
Атасының даусы қатқылдау шықты. Енді тәжікелесудің жөні жоқ. Одан да ығына қарай жығылғаны жөн.
Айбол өзі апарып тастаған жерге келіп, қисық шегелерді бір-бірлеп жинай бастады. Пысынап терлесе де атасының тапсырмасын тап-тұйнақтай орындап шықты.
– Бәрекелді!
Атасы дән риза. Өзі аласа орындыққа жайғасты. Алдында темір төс. Қолында балға. «Бісіміллә!» деп кірісіп кеткен. Қисық шегелерді темір төске қойып түзете бастады. Ерінбестен бәрін қалпына келтірді.
– Міне, көрдің бе?! Сен жаратпай лақтырып тастаған шегелер түп-түзу! Ескінің қадірін білмеген, жаңаның парқын түсінбейді. Алла қаласа, ертең қой қораны кеңейтеміз. Жаңасын сатып алғанды мен де білемін. Азғана еңбек етіп едік, қисық шегелер кәдеге жарайтын болды.
Атасы көңілді. Белін жазып, орнынан тұрды. Айбол үнсіз. Құрал-саймандарды жинастырып, атасына қолқабыс жасауда.
КЕШІРІМ
Тоғыз қабатты тұрғын үйдің шеткі кіре берісінен шыққан белі бүгіліңкі, бет-жүзін әжім торлаған кейуана жақын маңдағы «Мамыр» сауда дүкеніне бет алған. Азық-түлік әкелуі керек. Үйде қант та, шәй де таусылыпты. Ұзай бере қалтасын қарап еді, әмияны жоқ. «Апырым-ау, түсіп қалған ба? Қалайша? Кәрілік деген осы, ұмытшақ болып барамын…»
Пәтеріне оралып, есігін ашпақ болып еді, кілтін таппады. Әрі қарады, бері қарады. Сол екі арада түсіріп алған ба? Жоғалса жоғалған шығар деген оймен кеудешесінің ішкі қалтасынан бет орамалына мұқият оралған екінші кілтін шығарып есік ашатын тесікке сұқса, жабық. Кілтін қайыра салды. Былқ етпейді. Жүрегі тас төбесіне шықты. Мұндай да болады екен-ау?! Зәресі ұшып, есікті қатты-қатты қақты.
«Әлгінде ғана жапқан сияқты едім… Қалай болғаны бұл?..»
Көрші пәтерден полицияға хабар берді. Қызыл жағалылар тез жетті. Емен есік міз бағар емес. Кеңесе келе кемпірдің рұқсатымен есік бұзылды. Үйде ешкім жоқ. Бұл не ғажап?! Бәрі таң-тамаша. Ойларына «үйдің иесі» деген мистикалық үрейге толы аңыз әңгіме келе бастады.
– Варвара Васильевна! Мына қызықты қараңыз!
Төргі бөлмедегі кереуеттің астында көзі шарасынан шыға жаздап, үрейі ұшып 11-12 жастағы қыз бала жатыр. Қасында кішкентай інісі.
– Бері шығыңдар!
Балалар қорқа-қорқа төсек астынан шықты.
– Кімсіңдер?
Тілдерін жұтып қойғандай екеуі де үнсіз.
* * *
Бейтаныс қыз бен кішкентай інісі 4-қабатта тұратын. Әкелері қайтыс болған. Ауру аналары жұмыс істемейді. Мүгедектігіне байланысты алатын зейнетақысы тамақтан аспайды. Варвара әжей – жалғызбасты. Екі баласы көрші елдің бір түкпіріндегі шаһарда тұрып жатыр. Әнебір жылдары келіп жүретін, кейінгі уақытта ат ізін салмайтын болды.
Варвара әжейдің подъезден шығып бара жатқанын кішкентай інісін аулада ойнатып жүрген қыз көріп қалған. Дәл сол кезде кемпірдің қалтасынан қараң етіп бір зат түсті. Бейтаныс қыз барып қараса – кілт. Жып еткізіп жерден көтерді. «Әжейге апарып берсем бе екен? Қуанады ғой. Бірақ, керісқұмар кемпір қасақана ұрладың деп жала жапса қайтемін?!»
Ойынан тез айныды. Бойын әуестік биледі. Інісін жетелеп әжейдің пәтеріне келді. Іске татитын, жарамды заттар болса алмақшы. Есікті ашып, іштен бекітіп қойды. Әуелі ақша іздемек болған, кенет сылдыр естілді. Аяқ дыбысын білдірмей кіре беріске таяғанда сырт жақтан кілттің бұралғанын анық көрді.
– Ұсталдық! Бітті!..
Қорқып, төргі бөлмедегі кереуеттің астына тығылды.
* * *
– Қайда тұрасың? – деді полиция.
– Осы үйде.
– Әке-шешең бар ма?
– Анам бар, әкем қайтыс болған.
– Онда үйіңе барайық. Келесі сұраққа анаңның алдында жауап бересің.
– Айтпаңызшы оған?! Анам бұл қылығымызды естісе өлтіреді! – деп шырылдады қыз.
– Неге?
– Анам дімкәс, жүрегі ауырады. Мына оқиғаны естісе талып қалуы мүмкін. Сеніңізші маған!
– Жарайды, бір жолға кешірейік. Бұл әрекетіңнің қылмыс екенін білесің бе өзің?
– Білемін.
– Шыныңды айтшы, не іздедің бұл пәтерден?
– Жарайтын дүние болса алып шығып, арзанға сатпақшы едім. – Бейтаныс қыз жылап қоя берді. – Әдейі жасаған жоқпын… Айтпаңызшы анама?! Жалынып сұраймын!
– Келістік, – деді полиция. – Дер кезінде қолға түсіп қалдың да ештеңе ұрлаған жоқсың. Мұндай теріс пиғылың бұдан былай қайталанбасын.
– Уәде беремін, енді бұндай әрекетке бармаймын.
Бейтаныс қыз кішкентай інісін ертіп үйіне кетті. Ендігәрі қараусыз жатқан дүниеге қол тигізбеуге өзіне-өзі ант берді.