ӨСИЕТНАМА
***
Әлди, әлди, ақ бөпем!
Ақ бесікке жат, бөпем!
Ақ бесігің – ақ отау, –
шамшырағын жақ, бөпем!
Шамшырағы жағылсын, —
алтын нұрға малынсын!
Жаныңа не керектің
бәрі ішінен табылсын!
Ақ отауың – ақ бесік, –
сәндейін, кел, үкілеп. –
“Басқа қонған бақ!” – десіп,
дұғамды айтып, “Сүфілеп!”
Ақ бесіктен ұғарсың
жылулық не екенін, —
сымдай тартқан сымбат пен
сұлулық не екенін.
Сап-сары ала саф алтын –
ақ бөпемнің жөргегі, –
соның жұпар иісінен
рахат тапқан көр мені!
Соның жұпар иісінен
рахат тапқан көр мені!
Кең сарайдай ашылды
көкірегімнің өңмені!
***
Кел! Кел, бөпем! Келе ғой,
құндағыңа орайын.
Есендігің жолында
құрбандығың болайын!
Бал татыған балғыным!
Садағаң-ақ кетейін!
Сені берген Құдайға
мың шүкірлік етейін!
Отпен аптап маңайын,
кел, бесікке салайын.
Тәтті ұйқыңды күзетсін,
айылдарын таңайын.
Айылдарын таңайын,
қимылыңды бағайын.
Сен де көзіңді іліп ал,
мен де сәл дем алайын.
***
Ғұмыр жолы бұлың-ды… –
кімдер білген құнымды!
Айып етпе мұнымды, –
саған айтсам мұңымды.
Әр бекетте – бір зекет, –
тағдыр құрған өрмегі…
Бұл жалғанда Әжеңнің
аз болған жоқ көргені.
Бұл жалғанда Әжеңнің
аз болған жоқ көргені. –
Кім сүйремеді есікке
алтын басын төрдегі.
Қарыстырып жағымды,
сындырмаққа сағымды,
қыйнамады кімдер кеп
шыбындайын жанымды.
Айналдырып бастағы
ақ жаулықты шұлғауға,
қардай аппақ ар-ұждан –
кім ұмтылмад былғауға.
Қара аспанды төбемнен
қара бұлттай төндіріп,
еңкеймеген еңсемді
еңкейтуге көндіріп.
Еңкеймеген еңсемді
еңкейтуге көндіріп,
тұтай қалса үмітім,
сол бойда оны сөндіріп…
Самай шашым – қырауда, –
қос жанарым бұлауда! –
Сен болмасаң, құлдығым,
қалған екем құлауға!..
***
Кел! Кел, бөпем! Келе ғой,
бесігіңнен алайын!
Желбіреген жібектей
тұлымыңды тарайын.
Талаптанып, талпынып,
қанатты ертең қағарсың!
Еркін басып аяқты,
айналаңа қарарсың.
Кең жазира далаңа
жіберерсің көзіңді,
қиырына жетсем деп,
тауысарсың төзімді.
Қиырына жетсем деп,
тауысарсың төзімді!
Шың басында шынардай
сезінерсің өзіңді!
Құйындайын құйғытып,
қиял ойнап ойыңда, –
бір тылсым күш осы сәт
дүр сілкінер бойыңда!
Қырандайын қалықтап,
ұмтыларсың ұшпаққа!
Ай — Жұлдызды кең әлем –
айқара кеп құшпаққа!
Жаббар ием! Күнімнің
ықыласын демей көр!
Ғайып-Ерен, Қырық Шілтен,
қолтығынан демей көр!
Аруағы бабамның
аялай көр балаңды!
Қара жерге, қазықтай,
нық қадасын қадамды!
Сол бір күнге іліксем,
мен де азайтам алаңды.
Аттай қойшы, құлыным,
қаз бастырып қарайын, –
“Жүріп кетер ме екен”, – деп,
елеңдеп тұр маңайың.
***
Оу, халайық! Халайық!
Қане, бермен қарайық!!!
Аяқтағы тұсауға
қайшы жүзін салайық!
“Бисмилләһи!” – десейік!
Ала жіпті кесейік!
Алға аттасын ақ бөпем,
қадымдарын шешейік!
Қадамдарын санайық, –
әудем жерге барайық!
Одан әрі қайтеді, –
оны өзіне салайық!
Кел, бөпешім! Келе ғой
Бізге ерікті бере ғой!
Тұсауыңды кесейік, —
желмаядай желе ғой!
Тек, Тәңірім бөпемді
сүріндіре көрмесін!
Бәле-жәле дегенге
іліндіре көрмесін!
Іліндіре көрмесін, –
сүріндіре көрмесін!
Бұл жалғанда не жаман –
бірін біле көрмесін!!!
Жас қосылып жасына,
бақыт қонсын басына!
Жайсаңдар мен жампозды
үйір етсін қасына!
Артық пенен кемісті,
сараптап оң-терісті,
ақиқатпен алға озсын,
таң қалдырып тегісті!
Бұлбұлдайын сайрасын,
шын сөзінен таймасын!
Шарға түскен болаттай,
бойында күш қайнасын!
Болмас жақсы, жамансыз. –
Айлаң – жетім, амалсыз.
Ел шетіне жау тисе,
боп жүрмесін табансыз!
Буырқанып, бұрқанып,
мұздай темір құрсанып,
қарсы атылсын дұшпанға,
«Шабысам!» — деп тұрса анық!
Ер боп туып не керек,
ел қадірін білмесе, –
кіндік қанын тамызған
жер қадірін білмесе, –
тағдыры үшін солардың
қолға қару ілмесе, –
қалың топпен қиқулап,
жау шебіне кірмесе!
Ер боп туып не керек,
осы айтқаннын барлығын
өздігінен білмесе, –
алға салып айдасаң,
көткеншектеп жүрмесе!
Өзің жәйлі, құлдығым,
Арман-тілек биікте!
Әлгіге ұқсап, Әжеңді
қалдырмассың күйікке!
Бойда күшпен толағай
түсе алмай жатсаң додаға-ай,
ойындағысы Әжеңнің
орындалғаны бола ма-ай?!
Әр кім бір бізді сөкпей ме:
«Мына бір сорлы, өңкиіп,
нағып жүр, – деп, – сомадай!»
Беттегі көнді,
қайтерсің,
жамаймыз, онда, қалың қып!
Кетті де теріс айналып
көзіміз түскен қалыңдық!
Қайтіп те бұған шыдармын,
ұзыннан түсіп сұлармын,
іштегі дертті
жалын қып!
***
Қайда бұрсам жүзімді,
аңдысқан жау – айналам.
Тығырықтан халқымды
шығарар күш қайда бар?!
Ел тағдыры – тепкіде!
Жер тұтқасы – ептіде!
Тұқымдық жоқ тектіге!
Діннің кілті – «Сектіде!»
Сән-салтанат – Сарайда! –
Жан жолатпас маңайға!
Жалға жегіп жалпымды,
қарық болды малайға!
Есік жабық арызға!
Түсінік жоқ парызда!
Батпақтайын батырды
бұқараны қарызға!
Сиқыр жолы қиын-ды, –
айналдырды миымды!
Азаматтық ұғым – тұл!
арман қылдық тиынды!
Етек-жеңі салпылдап,
әр кімге бір жалпылдап,
кешегі кербез қазағым
атанды бүгін «Тарқылдақ!»
Есі-дерті – базарда, –
қарау қалды ажарға.
Ызғырықтың өтімен
теңгенің қуып көтінен,
өз көрін өзі қазар ма?!
Бір істі алса қолына,
кедергі дайын жолына.
Бірді бірге аңдытып,
тіміскі түсті соңына.
Жазықсыз батып жалаға,
көкірек толды налаға.
Басқасы – басқа! –
Жармасты,
әр түрлі айла-шарғымен,
бастағы баспанаға!
Күйінді жаным күйінді!
Қайтейін, қазақ, күйіңді!
Опырылды шаңырақ!
Үйің болды
«Үйінді!»
Жетім мен жесір жемін жер
айналам толған жебірлер!
Көтеріп елдің дәулетін,
келістіріп сәулетін,
бұқараға дем беру
кімнің болсын ойында! –
Сүйретілген тірі өлік,
сүметілген кебіндер!
Тосын да тосын, тосын-ай!
Қазағым жайы осылай!
Ел болар күн туар ма,
бір жерде басын қосып-ай!
Толастап Заман дауылы,
қара да нөсер жауыны,
дүр ете түсер күн қайда
қазақтың
қазақы ауылы?!
Тамырлары тартылып,
қақсып жатқан қуарып
жаңарар ма мына әлем,
даламды нұр суарып!
Мойындағы бұғалық –
құрып кеткір бұ «Нарық!»
сілкінгенде, әншейін,
түсе қалса, құба-құп!
Жасырайын несіне,
елге келген «Несие!» –
ахіретке жеткенше
жыйылмайтын «Несібе!»
Үлкені осы қайғының –
ұшты желге байлығым!
Көрінгеннің қолында –
байлық түгіл, шайлығым!
Байлық түгіл, шайлығым,
арман болды айлығым!
Бір жылт етсе сезімім,
көкірегімнен шайды мұң!
«Жаны – арынан садаға!»
Ерлер қылған іс қайда?!
Арландайын ақсиған
азудағы тіс қайда?!
Саңқылдаған сұңқарым!
Жер тарпыған тұлпарым! –
ғайып болып,
діңкемді,
кім біліпті құртарын!!!
Құзғын қаптап көгімді,
көк қабаты сөгілді!
Дию-пері, жын-жыпыр,
түгел жерге төгілді!
Айлаға сап астарлы,
су ми қылды бастарды!
Желіктіріп, желпінтіп,
соңына ертті жастарды!
Сынаптайын сырғыған,
көз тоқтатып, көзіне,
бір қарауға мұң болдық! –
Ит түсінсін сөзіне!!!
Іс қылам деп жоспарлы,
соғып жатыр жоқ-барды.
қарсы келсең, маңдайдан
салып қалад шоқпарды!
Не бір, не бір білімді
тырнағына ілінді!
Көрсең, көзге – Құбыжық! –
«Айтпа, – дейді , – мінімді!»
«Егер, айтсаң мінімі,
көкке ұшырып күліңді,
құрытамын, – деп отыр, –
үрім-бұтақ, түбіңді!»
Қақшаң-қақшаң!
Екі көз
бақшаң-бақшаң аспанда!
Не істемейді бұл пендең,
мейманасы тасқанда! –
Он сегіз мың ғаламның
өзіндей-ақ иесі, –
соғып кетер демейді
дүниенің киесі!
Адамзаттың тағдырын,
Бейне бір, өзі шешіп жүр!
Көзден аққан қанды жас
белуардан кешіп жүр!
Шаруасы жоқ, мүлде,
сауап пенен обалда!
Бір Құдайдан болмаса,
тосқауыл жоқ бұларға!
Тосқауыл жоқ
бұларға!!!
***
Мен де бір күн өтермін! –
Дәм таусылса, не етермін!
Арқалап осы салмақты,
жер қойнына жетермін!
Жер қойнына жетермін, —
нендей амал етермін?!
Қисайғанды түзетпей,
құйрық-жалын күзетпей,
кете барсам өмірден,
бекермін-ау,
бекермін!
Болып жатқан бұл жәйтқа
менің де бар ма үлесім?!
Менің де болса үлесім, —
өткізген өмір күресін!!!
Өткізген өмір күресін! –
Рухым қайтіп түлесін?!
Осыны ойлап күні-түн,
қартайғанда, Әжеңнің
күйзеліп, жаны жүдесін!
Дұшпанда кеткен есенің
сұраса Құдай есебін,
не дермін, жаным?!
Мұндайда,
Дуылдап бетім ұяттан,
шығып та кетед,
жүде, есім!
Керіліп жатқан кең байтақ,
көрдің бе, мына өлкеңнің
тағдыры бүгін талқыда! —
Жағыдайы жұмбақ ертеңнің!
Жыюға келмей етегі,
далиып жатқан мекенің
қурылып барад!
Білмеймін
шын себеп бұған не екенін?!
Ерсіл де қарсыл, әйтеуір,
сабылып жүрген бір халық, –
бастары қатып,
есінен
жаңылып жүрген бір халық.
Қорыс қып қазып,
тапқанын
толассыз тасып отарба,
әкетіп жатыр шетелге! –
Айналдық нағыз отарға!!!
Қиқулап ұшқан аққу-қаз,
көтеріліп көгіне,
қона алмайтындай көрінед
қайта айналып көліне!
Айналайын құлдығым,
осындай заман тап болды,
қайтейін, сенің шөбіңе!!!
Жасырып сенен бұл сырды,
Амалым қайсы айтпасқа?! –
Тіршілік кетті теріске, —
айналды-ау беті
қайтпасқа!
***
«Әкеден бала тумай ма?!
Атаның жолын қумай ма?!»
Дүркіреткен дүниені
Шыңғыстан қалған
ду қайда?!
Шыңғыстан қалған ду қайда?!
Ол көтерген
Ту қайда?!
Түбі түрік тұтасқан
қара ормандай
ну қайда?!
Қара ормандай ну қайда?!
Белді бекем бумай ма?!
Енді қайтып бұл құрсақ
Шыңғыстай ұл тумай ма?!
Шыңғыстай ұл тумай ма?!
Шыңғыстың жолын
қумай ма?!
Шыңылдатып, құлаққа
Шыңғыс құйған
шу қайда?!
***
Қос жанарым сүзілді, —
көзден моншақ үзілді!..
Мінәжәт етіп Аллаға,
құбылаға бұрдым жүзімді!
Өткен өмір, көшкен күн
ой түбінде түзілді!..
Мен айтып отқан мынау жәйт
кішкентай содан үзінді.
Езіліп еңсем, ерте-кеш
жылағаннан
не пайда?!
Көзімнің жасын көлдетіп,
бұлағаннан
не пайда?!
Онысыз дағы жұқарған
бар болғыр мына жүйкенің
қылдырықтай пернесін
шырқыратып-шыңғыртып,
бұрағаннан
не пайда?!
Көмекейде қызыл тіл, —
сүйреңдетіп, сөз теріп,
ішектей созып бұл жырды
құрағаннан
не пайда?!
Болмайтынды «Болдыр», — деп,
жалбарынып, Құдайдан
сұрағаннан
не пайда?!
Ненің де болса шешімі
бір Алланың қолында!
Ғазиз басым – садаға
құдірет-күші жолында!
Аттың жалы,
түйенің
өтті өмірім қомында!..
Тәй-тәй басып, қаз тұрып,
қалып барад соңымда, —
құлындарымның тағдыры
бір Аллаға
аманат!!!
Жақсы менен жаманды
таластырған бір Алла!
Ақыл менен айланы
санастырған бір Алла!
Шапағат пен мейірді
жарастырған бір Алла!
Шығар жерді тұйықтан
қарастырған бір Алла!
Ел-халқымның тағдыры
бір Аллаға
аманат!!!
Дүние – бүткіл болмысты
біріктірген бір Алла! –
Топырақтың иімен
кіріктірген бір Алла!
Жанды мұрын ұшына
іліктірген бір Алла!
Ақырет күн өлтіріп
тірілттірген бір Алла!
Құл пенденің тағдыры
бір Аллаға
аманат!!!
Он сегіз мың ғаламды
ұйыстырған бір Алла!
Бір қауыздың ішіне
жыйыстырған бір Алла!
Ғаламаттай үйлесім –
қыйыстырған бір Алла!
Соның бәрін санаға
сыйыстырған бір Алла!
Таңбаланған маңдайда
екі дүние тағдыры
бір Аллаға
аманат!!!
Жатқыза гөр, жан Алла!
Тұрғыза гөр, жан Алла!
Тұрғызбастай күн туса,
Лә Илләһә ил Алла!
Мұһаммадан – расул Алла!!!
АЙСҰЛУ ҚАДЫРБАЕВА





