«ИНКЛЮЗИЯ – БҰЛ МЕЙІРІМ ҒАНА ЕМЕС, БҰЛ ӘДІЛЕТТІЛІК»
Қазіргі қоғамда адам құқығы, тең мүмкіндік және әлеуметтік әділеттілік мәселелері бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Әсіресе ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғам өміріне толыққанды араласуы, білім алуы, еңбек етуі және қоғамдық кеңістікте еркін қозғала алуы – өркениетті қоғамның басты көрсеткіштерінің бірі болып саналады.
Соңғы жылдары әлемнің көптеген елдерінде инклюзивті қоғам құру мәселесі белсенді талқыланып келеді. Бұл тек әлеуметтік саясат немесе қайырымдылық бағытындағы жұмыс емес. Бұл – қоғамның әрбір мүшесіне тең мүмкіндік беруге бағытталған жүйелі көзқарас. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау, оларға тең мүмкіндік беру және құрметпен қарау өркениетті қоғамның белгісі. Қоғам әр мүшесін қабылдай алғанда ғана шынайы дамиды.
Бүгінгі сұхбатта біз инклюзияның мәні, қоғамдағы түсінік, білім беру жүйесіндегі өзгерістер, қолжетімді орта қалыптастыру, жұмыспен қамту мәселесі және болашақтағы бағыттар туралы кеңінен әңгіме қозғаймыз.
Сұхбат қонағы – инклюзивті білім беру және әлеуметтік бейімдеу саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман, әлеуметтік жобалар үйлестіруші психолог-ұстаз Ләззат Тойғанбекова. Ол ерекше қажеттіліктері бар балалармен және олардың ата-аналарымен жұмыс істеп, қоғамдағы түсінікті қалыптастыруға бағытталған түрлі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып келеді.

– Ләззат Шоданқызы, ең алдымен «инклюзия» ұғымына тоқталып өтсеңіз. Бұл сөздің мағынасы қандай?
– Инклюзия сөзі латын тіліндегі inclusio деген ұғымнан шыққан. Оның мағынасы – «қосу», «біріктіру», «ортақ жүйеге енгізу» дегенді білдіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, инклюзия – қоғамдағы барлық адамдарды олардың ерекшеліктеріне қарамастан тең дәрежеде қабылдау және ортақ өмірге белсенді қатысуына мүмкіндік жасау. Бұл жерде ең басты қағида адамның физикалық немесе психикалық ерекшеліктеріне қарап, оны қоғамнан шеттетпеу.
Көп жағдайда адамдар инклюзияны тек білім беру жүйесімен байланыстырады. Алайда бұл ұғым әлдеқайда кең. Инклюзия қоғамның барлық саласында болуы тиіс. Мысалы, білім беру жүйесінде, еңбек нарығында, мәдениет пен өнерде, спортта, қоғамдық кеңістікте, ақпараттық және цифрлық технологияларда дегендей. Өйткені, инклюзия әр адамның қоғамда өз орнын табуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру. Бұл мәселе халықаралық деңгейде де кеңінен талқыланып келеді. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған іргелі құжаты ерекше қажеттіліктері бар адамдардың тең құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл құжатта білім алу, жұмыс істеу, денсаулық сақтау қызметтерін пайдалану және қоғамдық өмірге қатысу құқықтары нақты көрсетілген.
Яғни, инклюзия – бұл тек мейірімділік немесе қайырымдылық емес. Бұл – адам құқығы мен әлеуметтік әділеттілік мәселесі.
– Инклюзияға қатысты қоғамдағы ең үлкен мәселе неде деп ойлайсыз?
– Көп адам ең үлкен мәселе инфрақұрылымда деп ойлайды. Әрине, физикалық кедергілер бар: пандустардың жетіспеуі, лифттердің болмауы, қоғамдық көліктің бейімделмеуі. Бірақ одан да үлкен мәселе адамдардың санасындағы тосқауыл деп айтар едім. Біздің қоғамда адамдар ерекше қажеттіліктері бар жандарға екі түрлі көзқараспен қарайды. Біріншісі, артық аяушылық, мүсіркеу. Екіншісі, түсінбеушілік немесе қашқақтау.
Екі жағдайда да үлкен мәселе бар. Мәселен, артық аяушылық адамның дербестігін төмендетеді. Ал түсінбеушілік қоғамдағы бөлінуді күшейтеді.
Шын мәнінде, ерекше қажеттіліктері бар адамдар – біздің қоғамның толыққанды мүшелері. Олар да білім алғысы келеді, жұмыс істегісі келеді, шығармашылықпен айналысқысы келеді. Қоғамда кейде «оларға бөлек жағдай жасау керек» деген түсінік бар. Иә, қолдау қажет. Бірақ бұл бөлу емес, тең мүмкіндік беру болуы тиіс. Инклюзияның негізгі мақсаты – адамдарды бөлу емес, біріктіру. Біз осыны түсінгенде ғана оларға ыңғайлы орта қалыптастыра аламыз.
– Ендеше инклюзивті білім беру туралы толығырақ айтып өтсеңіз. Оның маңызы қандай, мәні неде дегендей?
– Инклюзивті білім беру – ерекше қажеттіліктері бар балалардың жалпы мектептерде басқа балалармен бірге білім алуы. Бұл тәсілдің маңызы өте үлкен.
Біріншіден, ерекше қажеттілігі бар балалар қоғамға ерте бейімделеді. Олар өздерін оқшау сезінбейді.
Екіншіден, басқа балалар да әртүрлілікті қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастайды.
Мысалы, бір сыныпта есту қабілеті төмен бала, көру қабілеті әлсіз бала, қозғалыс мүмкіндігі шектеулі бала оқуы мүмкін. Ал басқа балалар соған бейімделіп, бір-біріне көмектесуді үйренеді. Бұл олардың бойында төзімділік пен жанашырлық қасиеттерін қалыптастырады.
Әлемдік тәжірибеде инклюзивті білім беру кеңінен дамыған. Бұл бағытта UNESCO көптеген зерттеулер жүргізген. Зерттеулер көрсеткендей, инклюзивті ортада оқыған балалардың әлеуметтік дағдылары жоғары болады. Олар әртүрлі адамдармен қарым-қатынас жасауды жақсы меңгереді.
Қазақстанда да соңғы жылдары инклюзивті білім беру жүйесі жақсы дамып келеді. Мектептерде инклюзивті сыныптар ашылып, арнайы педагогтар жұмыс істеуде. Логопедтер мен психологтар сапалы қызмет көрсете бастады. Дегенмен әлі де шешілуі қажет мәселелер бар. Мысалы, мұғалімдердің арнайы даярлығы, мектептердің инфрақұрылымы, оқу бағдарламаларын бейімдеу деген сияқты. Бұның бәрі алдағы уақытта өз шешімін табады деп сенемін. Өйткені инклюзивті білім беру – ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмыс.
Мұғалім – инклюзивті білім берудің негізгі тұлғасы. Егер мұғалім дайын болмаса, инклюзия қағаз жүзінде ғана қалады. Сондықтан педагогтарды арнайы даярлау өте маңызды. Өйткені мұғалімдер ерекше қажеттіліктері бар балалардың психологиясын, бейімделген оқу әдістерін, жеке оқыту тәсілдерін меңгеруі қажет.
Инклюзивті сыныпта әр бала ақпаратты әртүрлі қабылдауы мүмкін. Кейбір балалар есту арқылы жақсы үйренеді, кейбіреулер көрнекі материалдар арқылы жақсы түсінеді.
Сондықтан сабақ жоспары барлық оқушыға ыңғайлы болуы керек. Бұл жерде командалық жұмыс маңызды. Яғни мұғалімдер, психологтар, дефектологтар және ата-аналар бірлесіп жұмыс істеуі керек.
– Қажеттілігі бар жандарға қолжетімді орта қалыптастыру туралы не айтар едіңіз?
– Қолжетімді орта – инклюзивті қоғамның басты шарты. Егер адам ғимаратқа кіре алмаса, қоғамдық көлікке міне алмаса немесе ақпаратты пайдалана алмаса, онда ол қоғам өміріне толық қатыса алмайды. Сондықтан қолжетімді орта бірнеше бағыттан тұрады.
Физикалық қолжетімділіктен бастайық. Бұл ең алдымен ғимараттарды бейімдеу мәселесі. Тұрғын үйлердегі, жер асты, жер үсті өткелдеріндегі пандустар, лифтілер, кең есіктер, тактильді жолақтар, дыбыстық бағдаршамдар.
Көру қабілеті төмен адамдар үшін Braille жүйесі өте маңызды. Еліміздегі барлық кітапханаларда осындай мүмкіндік болса, мүмкіндігі шектеулі жандар да өздері қалаған кітапты оқи алатын еді.
Көлік қолжетімділігіне қатысты айтар болсақ, арнайы инвотаксилер, қоғамдық көліктерде төмен еденді автобустар, арнайы орындар, дыбыстық хабарламалар болуы қажет.
Ақпараттық қолжетімділік бойынша телебағдарламаларда ымдау тілі болуы, мемлекеттік сайттардың қолжетімді интерфейсі болуы да өте маңызды. Цифрлық технологиялар дамыған сайын бұл мәселе де ерекше өзекті болып отыр.
– Қазіргі технологиялар инклюзияны дамытуға қалай әсер етіп жатыр?
– Технология – инклюзивті қоғам қалыптастырудағы ең үлкен мүмкіндіктердің бірі.
Бұрын көптеген адамдар ақпаратқа қол жеткізе алмайтын. Ал қазір цифрлық технологиялар көптеген кедергілерді жойып жатыр. Мысалы, басқа тілдерде экранды дауыстап оқитын бағдарламалар, мәтінді үлкейту функциялары, сөйлеуді мәтінге айналдыратын қосымшалар, ымдау тілін танитын бағдарламалар бар. Мұндай технологиялар ерекше қажеттіліктері бар адамдардың білім алуына, жұмыс істеуіне және қоғам өміріне қатысуына көмектеседі. Көру қабілеті нашар адамдар үшін арнайы бағдарламалар мәтінді дауыстап оқып береді. Ал есту қабілеті төмен адамдар үшін автоматты субтитрлер үлкен көмек.
Болашақта жасанды интеллект технологиялары бұл бағытты одан әрі дамытады деп ойлаймын. Осындай мүмкіндіктер біздің ана тіліміз – қазақ тілінде де қолжетімді болса қаншама жанның өміріне қуаныш сыйлар еді.
– Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарау дегенді қалай түсіндіресіз?
– Құрмет – бұл ең алдымен теңдік. Кейде адамдар ерекше қажеттілігі бар адамды көргенде бірден көмектесуге тырысады. Бірақ ең дұрыс тәсіл – алдымен сұрау. Мысалы, «Сізге көмек керек пе?». Егер адам көмекті қажет етпесе, оның дербестігін құрметтеу керек.
Адамды диагнозы арқылы емес, тұлға ретінде қабылдау қажет. Біздің қоғамда ерекше қажеттілігі бар жандарды көрсе, кемтар, мүгедек, қоғамға масыл жандар деген көзқарас қалыптасқан. Ал әлем тарихын қарасаңыз ерекше қажеттіліктері бар көптеген адамдар үлкен жетістіктерге жеткен. Оның ішінде тіпті Нобель сыйлығын алғандар да бар. Олар ауыр дертке қарамастан ғылымда үлкен жаңалықтар ашып, әлемнің дамуына үлкен үлес қосты. Бұл мысал адамның мүмкіндігі тек физикалық жағдайымен анықталмайтынын дәлелдейді.
– Осы салада жұмыспен қамту мәселесі қаншалықты өзекті?
– Бұл өте маңызды мәселе. Көптеген ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыс істегісі келеді. Олар да қоғамға пайдалы болғысы келеді. Алайда кейбір жұмыс берушілер оларды жұмысқа қабылдауға әлі дайын емес. Өйткені олардың мүмкіндігіне қарай бейімделу керек. Икемді жұмыс кестесі, қашықтан жұмыс, арнайы жабдықталған жұмыс орны дегендей. Қазіргі цифрлық дәуірде көптеген мамандықтарды қашықтан атқаруға болады. Мысалы, бағдарламалау, дизайн, аударма, контент жасау, онлайн білім беру салаларында қашықтан жұмыс істеу ыңғайлы. Осындай салаларда ерекше қажеттіліктері бар адамдар табысты еңбек ете алады.
– Инклюзия туралы айтқанда біз көбіне білім мен инфрақұрылымды сөз етеміз. Ал мәдениет пен өнер саласында инклюзия қаншалықты дамып жатыр?
– Бұл өте қызықты әрі маңызды тақырып. Өйткені мәдениет пен өнер қоғамның рухани айнасы. Егер мәдени кеңістік барлығына қолжетімді болса, бұл қоғамның шынымен де ашық әрі тең мүмкіндіктерге негізделгенін көрсетеді.
Соңғы жылдары әлемде инклюзивті мәдени жобалар көбейіп келеді. Мысалы, театрлар мен музейлерде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін арнайы бағдарламалар жасалады. Кейбір музейлерде көру қабілеті төмен адамдарға арналған тактильді экспозициялар бар. Яғни адамдар экспонаттарды қолмен ұстап, сезіну арқылы таныса алады.
Сонымен қатар театр қойылымдарында ымдау тілі аудармасы енгізіліп жатыр. Бұл есту қабілеті төмен адамдардың да өнерді толыққанды қабылдауына мүмкіндік береді.
Бүгінде әлемнің көптеген музейлері мен мәдени орталықтары инклюзивті форматқа көшуде. Бұл бағыттағы бастамалар көбіне UNESCO сияқты халықаралық ұйымдардың қолдауымен жүзеге асады.
Қазақстанда да бұл бағыт біртіндеп дамып келеді. Кейбір театрларда ымдау тілімен көрсетілетін қойылымдар бар, ал музейлерде тактильді экспозициялар пайда бола бастады.
Бұл әлі бастамасы ғана, бірақ өте маңызды қадам.
– Сіздің ойыңызша инклюзияға қатысты қоғамдағы стереотиптерді жою үшін қандай жұмыстар жүргізілуі керек?
– Қазіргі заманда инклюзияның дамуына кедергі келтіретін басты факторлардың бірі – қоғамдағы стереотиптер мен алдын ала қалыптасқан теріс көзқарастар. Бұл мәселелер әсіресе ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қатысты жиі кездеседі.
Жаңа атап өткенімдей, көп адамдар ерекше қажеттіліктері бар адамдардың тек физикалық немесе психикалық ерекшеліктерін көріп, олардың қабілеттері мен мүмкіндіктерін назарға алмайды. Мұндай түсініксіздік қоғамда әртүрлі кедергілерді тудырады. Стереотиптер адамға тек қорқыныш, ұялшақтық немесе артық аяушылық сезімін туғызбайды, сонымен қатар әлеуметтік оқшаулануға, жұмысқа орналасудағы шектеулерге және жалпы қоғамға толық қатыса алмауына әкеледі.
Ғалымдар мен әлеуметтік зерттеушілердің деректері бойынша, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғамға толық араласу деңгейі көбіне қоғамдағы қабылдау мәдениетіне байланысты екен. Мысалы, АҚШ-та жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, егер қоғамда ақпараттық түсіндіру жұмыстары мен әлеуметтік жобалар, жұмыс берушілерді ынталандыру әрекеттері кеңінен іске асырылса ерекше қажеттіліктері бар адамдардың жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік белсенділігі 25-30 пайызға дейін артады. Бұл көрсеткіш олардың жеке қабілеттерінен гөрі, қоғамдағы түсінік деңгейіне тәуелді екенін көрсетеді. Сондықтан стереотиптерді жоюдағы ең тиімді жол ақпараттандыру. Адамдар дұрыс ақпарат алған кезде ғана теріс түсініктер азаяды. Мысалы, мектептерде инклюзия тақырыбында сабақтар өткізу балалардың санасын кішкентай кезден қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл сабақтарда ерекше қажеттіліктері бар балалардың қабілеттері, олардың білім алу мүмкіндіктері және қоғамдағы рөлі туралы нақты мысалдар көрсетілуі тиіс. Мұндай сабақтар балаларға төзімділік, сыйластық және әртүрлілікті қабылдау дағдыларын сіңіреді. Жеккөрініштен, аяушылықтан гөрі тең құқықты түсінік, жанашырлық, бауырмалдық сезімдері оянар еді.
– Ләззат Шоданқызы, жоғарыда инклюзияға қатысты білім беру мәселесін атап өттік қой. Енді ерекше қажеттілігі бар балалардың қоғамға бейімделуінде мектептен кейінгі кезең қаншалықты маңызды?
– Мектепті тәмамдағаннан кейінгі кезең ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін өмірдің ең сындарлы кезеңі болып саналады. Бұл – олардың жеке өміріне, кәсіби даму мүмкіндігіне және қоғамға бейімделуіне тікелей әсер ететін уақыт. Көптеген жастар мектептен шыққаннан кейін жаңа қиындықтарға кезігеді. Жоғары оқу орындарына түсу, мамандық таңдау, жұмысқа орналасу немесе отбасы болуға дайындалу дегендей. Бұл кезеңдер әрдайым олардың мүмкіндіктеріне сәйкес бейімделген ортада өтпейді. Сол себепті мектептен кейінгі қолдау жүйесі тек қосымша қызмет емес, олардың толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік беретін стратегиялық маңызды бағдарлама.
Меніңше, мектептен кейінгі қолдау жүйесі бірнеше бағытта жүзеге асырылуы тиіс. Біріншіден, кәсіптік бағдар беру өте маңызды. Жастар өз қабілеттері мен қызығушылығына сай мамандықты таңдай алуы үшін кәсіби кеңесшілердің, психологтардың көмегі қажет. Бұл кеңестер тек кәсіби таңдау емес, сонымен қатар жұмыс орнында қажет дағдыларды дамытуға бағытталуы керек. Оқу орнын немесе жұмыс орнына бейімделуге арналған арнайы тренингтер мен семинарлар осындай қолдаудың бір бөлігі болып табылады.
Екіншіден, арнайы оқу бағдарламаларының болуы маңызды. Олар стандартты оқу процесінен ерекшеленіп, студенттің жеке қажеттіліктерін ескере отырып, білім алу процесін икемдеуге мүмкіндік береді. Кейбір дамыған елдерде ерекше қажеттіліктері бар жастарға арналған колледж бағдарламалары бар, онда студенттер тек кәсіби дағдыларды меңгеріп қана қоймай, тәуелсіз өмір сүру қабілеттерін де дамытуға үйретіледі. Бұл бағдарламалар өмірлік дағдыларға, қаржылық сауаттылыққа, өзін-өзі басқаруға және әлеуметтік байланыстар орнатуға бағытталған арнайы курстарды қамтиды.
Үшіншіден, әлеуметтік бейімдеу курстары да ерекше рөл атқарады. Олар жастарға қоғамдағы әртүрлі жағдайларда өзін дұрыс ұстау, шешім қабылдау, әлеуметтік қарым-қатынасты дамыту және тәуелсіз өмір сүру дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді. Мұндай курстар жастардың өзіне деген сенімін арттырады, қоғамға бейімделу процесін жеңілдетеді және олардың әлеуметке толыққанды қатысуына жол ашады.
Қазақстанда мектептен кейінгі кезеңге арналған кейбір жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, кейбір әлеуметтік орталықтар ерекше қажеттіліктері бар жастарға кәсіби бағдар беру, тәлімгерлік бағдарламалар және әлеуметтік дағдыларға арналған тренингтер өткізуде. Дегенмен бұл бағыт әлі де кеңейту мен жүйеленген қолдауды қажет етеді. Жобаларды кеңейту арқылы жастарға жоғары оқу орындарына түсу, жұмысқа орналасу және тәуелсіз өмірге дайындалу мүмкіндігі біркелкі және сапалы түрде берілуі тиіс. Сонда ғана мектептен кейінгі кезең ерекше қажеттіліктері бар жастар үшін сынақ емес, өмірлік мүмкіндікке айналады.
– Соңғы сауалым болсын, инклюзияны дамытуда мемлекет пен қоғамның рөлі қандай? Жалпы сіздің ойыңызша инклюзивті қоғам қандай болуы керек?
– Бұл жерде мемлекет пен қоғам бірге жұмыс істеуі керек. Инклюзияны дамыту деген тек заң шығару немесе мемлекеттік бағдарлама арқылы жүзеге асатын процесс емес. Шын мәнінде, бұл – қоғамның мәдениеті мен адамға деген көзқарасының айнасы. Мемлекет инфрақұрылымды жетілдіріп, білім беру жүйесін қолдап, заңнамалық негізін нығайтса, қоғам да өзінің рөлін түсіністік пен әлеуметтік жауапкершілік арқылы көрсетуі тиіс. Тек осындай үйлесім арқылы әрбір адам өзіне лайықты мүмкіндікті сезініп, қоғамға белсенді қатыса алады.
Инклюзивті қоғамда әр бала білімге қол жеткізе алады, әр адам еңбек етіп, өзін кәсіби тұрғыда жүзеге асырады, ал әр азамат қоғамдық өмірге толық қатыса алады, өз орын бекемдеп, өз үнін естірте алады. Мұндай орта әртүрлілікті әлсіздік ретінде емес, керісінше қоғамның байлығы мен күш-қуаты ретінде қабылдайды. Құрмет, түсіністік және тең мүмкіндік – инклюзияның басты қағидасы.
Сондай-ақ, инклюзивті қоғамның құрылымында отбасының рөлі айрықша маңызды. Ерекше қажеттілігі бар балалардың дамуы мен әлеуметтік бейімделуі көбіне ата-ананың сенімі мен қолдауына байланысты. Қиындықтар мен ақпарат тапшылығы кездескенде ата-аналарға психологиялық кеңес, қолдау топтары және қауымдастықтар арқылы көмек көрсетілуі тиіс. Бұл тек баланың дамуына емес, отбасының да тұрақтылығына әсер етеді.
Жастардың белсенділігі – қоғамдағы инклюзияны кеңейтудің тағы бір тиімді құралы. Мектептер мен университеттердегі еріктілер қозғалысы, әлеуметтік жобалар, инклюзивті спорт шаралары жастардың төзімділік пен сыйластыққа деген көзқарасын қалыптастырады. Мұндай тәжірибе қоғамдағы стереотиптерді азайтып, әркімнің қабілетін бағалауды қалыптастырады.
Осылайша, инклюзивті қоғам – бұл барлық азаматтарға тең мүмкіндік беретін, әр адамның әлеуетін толық ашуға жағдай жасайтын орта. Оның негізі мемлекеттік қолдау мен қоғамның өзара сыйластығының үйлесімі, отбасының сенімі және жастардың белсенділігі. Егер біз осы қағидаларды күнделікті өмірде іске асыра алсақ, қоғамымыз әрбір мүшесіне қажеттілік пен құрметті сездіретін, шынайы дамыған, әділ қоғамға айналады.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет! Істеріңіз ілгері баса берсін.
Сұхбаттасқан – Жұмаш ҚОСАЙҰЛЫ





