ЖАН-ЖАНУАРЛАР ЖАҒДАЯТЫ немесе ақсақалдың танымдық әңгімесі

Жалғасы. Басы өткен сандарда.

 

Үй хайуанаттары:

Етін жейтін, сүтін ішетін, жүнін тұрмыстық қажетіне жарататын төрт түлікті қазақ: «Жануарым!» деп жылы тартады, ал егер олар жағымсыз қылық көрсетіп қалса, «Үй, хайуан!» – деп ұрсады. Демек қазақ жануарлардың өзін бірін «жануарым» деп, бірін «хайуан», «айуан» деп, оларды жануардан гөрі басқашалау санаған. Әйткенмен тұрмыстық қажетіне қарай, сол хайуандардың бірнешеуін үй төңірегінде, үй ішінде ұстаған. Оларды біз шартты түрде «үй хайуанаттары» деп алдық. Олар – үшеу.
Ит: үреді, әупілдейді, шәуілдейді, қыңсылайды, ырылдайды, арсылдайды.
Құйрығын бұлғаңдатса, еркелегені, «таныдым» дегені; ырылдаса, жақтырмағаны, «жолама» дегені; қыңсыласа, көмек сұрағаны.
Иттің бәрі ет жейді, сүйек мұжиды. 700-ден астам түрі бар.
Ғылым қасқырдан тараған болу керек деп жорамалдайды. Бір-бірін, малды, адамды қабады, талайды. Қазақтың иттері – өзге елдің иттерінен өзгеше ит. «Әр елдің заңы әр басқа, иттері қара қасқа» деген сөз бар. Еркегі – төбет, ұрғашысы – қаншық. Баласы – күшік, ертеде итақай деген, «Иттің итақайына дейін» дегенді әлі де айтамыз. Аң ұстайтын айрықша түрі – тазы, оның аса алғыр, жүйрігін құмай тазы дейді. Оны қазақ иттің төресі санайды, «Құмай тазы құсша ұшады, құстан жаратылған-мыс», – деп те жатады. Бірақ, әрине, ит иттен ғана жаралады. Тазының ерекешеліктеріне қарай қазақ оны бірнеше түрге бөледі. Тез, сергек, жұтынып тұрғанын Әлеке деген. Сондай жігітті қазақ «әлекедей жаланған» деп жатады. Ұшар деген де түрі бар, ұшқыр келеді. Қойды бағатын, қайыратын, аңды да жақсы алатын түрін Барақ деп айрықшалайды. Қазақ баласына солай ат та қойған, тарихта Барақ батыр да, Барақ сұлтан да болған. Тазының Ақбақай аталатын түрі болады екен. Солай аталатын ат жылқыда да кездеседі.
Иттің тағы Қасқыр ит деген түрі бар. Жетектеп жүру үшін иттің мойнына жіптен, қайыстан қарғыбау тағады. Иесіз қаңғыбасы – бұралқы ит. Көзінің үстінде, яғни қабағында көз секілді дөңгелек дағы бар итті «төрт көз ит» дейді.
Мінез-құлқы, тұрқына қарай «қабаған ит», «жуас ит», «сақ ит», «сабалақ ит», «салпаң құлақ ит», «ақ төс ит», т.б. деп жатады. «Кә-кә!» немесе «Кәһ-кәһ» деп шақырады, «Кет!» деп қуалайды. «Айтақ!» деп жұмсайды. «Күшігім!» деп еркелетеді. Қазақ итті жеті қазынаның бірі деп қастерлейді, теппейді, басынан ұрмайды. Иттің жабайыланып жыртқыш хайуанға айналып кеткенін баяндайтын ел ішінде әртүрлі әңгіме кездеседі. Иттің жабайысы қасқырдан бетер қатыгез болатынын үлкендерден бәріміз естіп өстік. Сондай жабайы иттің бір түрі – динго. Ондай ит біздің жерде кездеспейді. Түсі сары бурыл болады, сирек тоғайлы жерде, елден қашықта өмір сүреді. Күшіктейді.
Қыс қыстауда, жаз жайлауда, күз күздеуде, көктемде көктеуде мал бағып отыратын қазаққа иттен артық көмекші жоқ. Ол ең құрығанда қауіпті жыртқышты адамнан бұрын байқап, үріп белгі береді. Сондықтан ит жайында сөз де, әңгіме де, ырым да қазақта біраз бар.
Иттің ұлығанын қазақ жаман ырым санайды, ондай иттің иесіне жамандық келеді деп сенеді.
«Ұялас күшік бір-бірінен жеңілмейді» деген ұғым бар.
Қазақ баласын не немересін жақсы көргенде «Күшігім!» деп еркелетеді, ал әлденеге ренжіп қалса, «Өй, иттің баласы!» деп ұрсады. Қызық қылық емес пе?
«Адам итжанды келеді» деген ұғым бар. Аса шыдамды деген мағынада айтылады. «Ит үреді, керуен көшеді» деп те айтатын мәтел бар. «Құтырған ит иесін қабады» деген де бар. Сыбайлас адамдарды «Ауыз жаласқан итше» деп те жатады.
Итке қастандық жасаушылар нанға орап ине жұтқызып жібереді. Ит содан жүдеп, жіңішкеріп барып өледі. Соған ұқсатып, «ине жұтқан иттей» деп, арық әлдекімдерді бейнелеп жатады.
«Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар» дейді.
«Ит иесіне тартады», «Итпен ит боласың ба?», «Итке маржан не керек?», «Итті «күшігім» десең, аузыңды жалайды», «Ит талағандай қылды», «Бәленше екеуі «ит пен мысықтай», «Итті иесімен қина», «иттің де сырттаны, жігіттің де сұлтаны болады», Қасқырды «итқұс» дейді. Сірә, түрін итке, сап ете қалатынын құсқа теңейтін болса керек. Бір нәрсені тапсырсаң, өзі істемей, басқаны жұмсап, ақыры айтқаныңды орындамайтын адамдарға «Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды» деп кіжінеді.
«Ит қысылса, үреді; адам қысылса, күледі» деген де бар, әлдекімді жақтырмаса, «Иттің етінен жек көрем» деп, ал молшылық заманды «Ит басына іркіт төгілген заман» деп бағалайды. «Ит жоқта шошқа үреді» деген де бір сөз бар. «Ит үреді, керуен көшеді» деген сөз қызғанышпен, тағы әлдебір себептермен кедергі жасағандарға қарама, өз мақсатыңды жүзеге асыра бер дегенді аңғартады. Мен «Әй, дүние-ай!» романымда: «ауылда бір ұл туса, оны қабатын қос ит қоса туады» дегенді жаздым. «Ит дүние», «Ит тіршілік» деген де сөз тіркестері бар.
Түнде төбет ит үргенде, үйдің қасындағы төбе желп-желп етіп жатқандай көрінеді.
Қасқырмен алысатын төбет иттер біздің бала кезімізде болды. Көрсеғызар малшылар: «Ой, қасқыр ит деген ит бар екен, ой, сұмдық!» – деп, оған қызықты, ақырында өзінің қазақы итінен, төбетінен айрылып тынды. Сондықтан ит екеш иттің де өз топырағы, өзінің туып өскен ортасы болатынын ұмытпау керек. «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» дейтін де бар. «Дүние! Ит екенсің иттен туған, Ақыл жоқ адамдарда сені қуған», – деп те жатамыз.
Әсемдеп сән үшін асырайтын иттің түрі қазір көп.
Бұрынғы кезде қазақ итті қамап та, байлап та ұстамаған, бос қойған. Ит негізінен үйді, қораны, қорадағы малды күзеткен. Ит тамақ ішетін ыдысты итаяқ десе, «Ит итаяғын жаламай тоймайды» дейді.
Ит иесін де, иесі сыйлайтын кісілерді де сыйлайды, тыңдайды. Иесінің үйіне жиі келетін кісілерге үрмейді. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген сөз бар, өлетінін сезген ит көз көрмейтін жерге кетіп қалады. Иті өлген адам оның аузына май салып көмеді, сөйтіп оған ризашылығын білдіреді.
Итшанамен жүретін Сібірді «Итжеккен» дейді. Алты-жеті уықты айқастырып тіге салған уақытша үйді «итарқы» деген. Алыс жерді «ит арқасы қиянда» деп жатады. Итсигек деген жапырағы жоқ шөп болады. Теңіздерде итбалық аталатын балық бар. Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романындағы бас кейіпкердің бірі – Итбай.
2. Мысық: мияулайды, пырылдайды. Тышқан аулайды.
Жылы жерде ұйықтағанды жақсы көреді. Өзінің сілекейімен жуынады, таранады. Баласын көзі ашылғанға дейін соқыр, содан кейін марғау дейді. Түр-түсіне қарай тарғыл мысық, сары мысық, қара мысық, қара ала мысық деп аталады. Иесі жоғын «жабайы мысық» дейді. Ғылымда «дала мысығы» делінеді. Ол үй мысығынан гөрі ірілеу келеді. «Міш-міш!» деп шақырады. «Піш!» деп қуалайды. Сипалағанды, еркелеткенді қатты ұнатады. Түрі көп. Құлағының ұшында ұзын жүні бар мысықты «Қарақал» дейді екен. 1643-жылы қазаққа елу мың қолмен шабуылға шығып, Жәңгір сұлтан бастаған жеті жүз жауынгерден қазіргі «Орбұлақ» аталған жерде жеңіліп қайтқан Батұр қонтайшының әкесі Қарақал деген тайшы болған. Соған қарағанда, «қарақал» деген қалмақ сөзі болса керек. Мысықтың негізгі бақталасы – ит. Ол қуады, бұл қашады. Араз адамдарды «ит пен мысықтай» деу содан. Ит далада, есік алды мен қора маңында жүрсе, мысық үй ішінде де, далада да жүре береді. О баста адамдар оны үйді тышқаннан қорғау үшін асыраған болу керек. Қара ниет, пиғылы жаман кісіні «мысық тілеу» десе, істеген жақсылығыңды тез ұмытып кететін кісіні «мысық» дейді. Өйткені мысық көзін жұмып, ештеңені көрмей отыра береді.
Мысық – ет жегіш хайуан. Ол тышқанмен қатар ұсақ торғайларды да қағып жейді. Ұясына мысық жақындаса, торғай шырылдап, мысықтың төбесіне келіп шүйлігеді. Сол кезде қатты секірген мысық торғайдың өзін тістеп алады. Өйткені ол өте биікке секіре алады. Себебі оның отыз сегіз омыртқасы болады, адамдікінен он шақты омыртқасы артық. Соның арқасында ол әрі биікке секіреді, әрі ешқашан жерге арқасымен құламайды, аспанда аунап, жерге тек табанымен түседі. Өте әбжіл, епті жануар. Оның көзі күндіз де, түнде де жақсы көреді. Құлағы да сақ, естігіш. Шөп арасынан тышқанның сыбдырын сезіп қояды. Оның иісшілдігі де күшті, адамның иіс білуінен он алты есе артық. Ол өз құйрығымен өзі ойнайды, тышқанды ұстаған бойы жей салмай, онымен ойнап, әбден ойыны қанған соң ғана жейтін әдеті де бар. «Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек» дейтініміз содан болса керек.
Ғылым мысықты төрт мың жыл бұрын Мысырда асыраған деп дәлелдейді.
Еркелегіш, еркелеткенді ұнататын баласына: «Менің мысығым ғой!» – деп отыратын ата-аналар бар.
Әлемде «су сиыры», «теңіз арыстаны» және «теңіз мысығы» дегендер бар. Бірақ біздің елде жоқ. Балаларға арналған Ыбырай атамыздың «Мақта қыз бен мысық» атты әдемі әңгімесі бар. Көп ұйықтайтын адамды «мысыққа ұқсап» деп келекетеді. Құндақтаулы бала жатқан үйге мысықты жолатпайды, жататын жылы жер іздеп, ол баланың бет аузын жауып, тұншықтырып тастауы мүмкін.
Ғылымда жолбарыс, Қабылан барыс (Ілбіс), сілеусін секілді аңдарды «мысық тектілер» деп ерекшелейді. Баласына «Мысық» деп ат қойған қазақ та болған.
3. Есек: ақырады, әңкілдейді.
Есекті қолға үйрету алғаш Мысыр – Египетте, Европада жүзеге асқан деп есептелінеді. Жылқыдан бұрын үйретілген, Египет пирамидаларын салуға есек күші пайдаланылған деседі. Суыққа шыдамсыз жануар, сондықтан негізінен жылы жақтарда өмір сүреді. Жабайысын қазақ домбай дейді. Ондай кісі аты да бар.
Жабайы есек шөлді, шөлейтті жерлерді мекен еткен. Үйірімен жүретін болған. Бір үйірде он шақты есек болады. Үй есегінің түр-түсі ақ, қоңыр, көкшіл, қара, сұр болып келеді. Жалпы, «көк есек» деп көп айтылады. Жүні ұзыны да, тықыры да болады.
Еркегі – әңгі немесе айғыры, ұрғашысы – мәші. Баласы – қодық. Бие мен әңгінің арасынан туған түрін еуропалықтар мұл, ал жылқының айғыры мен мәшінің арасынан туған түрін қазақ қашыр десе, өзге азиялықтар мұлды да, бәрін де қашыр деп атайды. Еті – харам, жемейді. «Есектің күші – адал, еті – арам» деген сөз бар. Күш көлікке пайдаланылады, мініледі, арбаға жегеді, ірі малдың жегенінен қалған шөптің қалдығын, яғни кәшегін жей береді. Оның да жорғасы, жүріскері болады.
Айтқанын ұқпаған немесе айтқанын орындамаған адамға: «Немене, есектің миын жегенсің бе?» – деп ренжитін әдет бар.
«Есек аты – бір есек,
Мың мақтасаң, ат болмас.
Жаман адам кімге сен,
Хан қойсаң да зат болмас», –
дейді түрікмен ақыны Мақтымқұлы.
«Тойған есек шөпті оттап маңайдағы, Самарқау ойға кетті қай-қайдағы», – деп, Абай атамыз да есекті мысал етеді.
«Есеп. Есеп білмеген – есек», – деп балалар бір-бірін әжуалайды. Дұрысқа да, бұрысқа да көне бермейтін теріс мінезді кісіге «Қырсықтығы қырық есекке жүк болады» деп кейиді.
Нарынқол ауданында Есекартқан деп аталатын жер бар. Есекқырған деп аталатын жұлдыз да бар.
Осының бәрі есектің де бұл өмірде өзіндік орны бар екенін көрсетеді.
Қазақ үшін түйе, жылқы, сиыр, қой мен ешкі – бәрі де үй хайуанаттарына жатады. Алайда қазақ ол төрт түлікті ешқашан ит, мысық және есектің қатарына қойған емес. Төрт түлік – қазақтың қасиетті малдары, жанын сақтаған жануарлары, ал мына үш хайуанат құлдары іспетті.

Үй құстары:
«Үй құстары» дегеніміз – асыранды құстар. Көшпелі өмір сүрген қазақ бұрын құс бақпаған, мал баққан. Кеңес өкіметі зорлап отырықтандырғаннан кейін ғана жан бағыстың қамымен құс асырауды үйренген.
Қазіргі күнде қазақтардың қолға асырап, үйде бағатын құстары төртеу: тауық, күрке тауық, қаз, үйрек. Бәрі де жұмыртқалайды, содан өсіп-өнеді.
Төрт түлікке ұқсатып, бұл төртеуін «төрт құс» немесе «төрт қанатты» десе де болғандай.
Тауық: шақырады, қақылдайды, қыт-қыттайды.
Сәл-сәл ғана ұшады, негізінен жорғалайды. Тауық арнайы қорада тұрады. Оны «тауық қора», «тауық күрке» дейді.
Еркегі – қораз, әтеш. Төбесінде қызыл айдары бар. Мойын жүні қызыл-жасыл әдемі болып келеді. «Кукәрәку!» деп шақырады. Қодыраңдап, қоқиланып жүреді. Солай жүретін адамды «қоразданып» дейді.
Ұрағашысы – мекиен. Жұмыртқалайды. Мекиеннің жұмыртқа басып, балапан шығаруға дайындық кезін күрік болу дейді. Күрік болған тауықтың бауырына он шақты жұмыртқа салып, балапан бастырады.
Баласы – шөже, балапан немесе сары ауыз балапан. Одан үлкен еркегі – бала қораз, ұрғашысы – шіби.
Етін асып та, қуырып та жейді. Жұмыртқасы да дәмді болады. Жұмыртқаның қабығы ішінде әуелі ақ уызы, ортасында сары уызы болады.
Кешкісін нашар көреді. Соған ұқсатып, кешкі-таңғы алагеуімде нашар көретін кісіні «тауық соқыр» дейміз.
Қазір тауықты жеке үйде де, арнайы шаруашылықтарда да асырап бағады.
Тауықтың қанатын құрайтын жеке-жеке қанатшаларды қауырсын дейді. Ерте кезде құстың қауырсынын сияға малып, сонымен – қаламмен, қаламұшпен қағазға жазу жазған.
Тауықтың суда жүзу қабілеті де аздап бар, алайда ол қатты дамымаған.
Күрік болған тауық басқа құстың жұмыртқасын да ажыратпай басып, балапан шығара береді. Сірә, содан болу керек, қазақ біреуді сөксе, «тауықтың миындай миың жоқ», – деп жатады.
Тауықтың бәрі таңсәріде, кеш батқанда шақырады. Оның себебі олар әу баста туып-өскен жеріндегі әдеті болса керек деген болжам айтылады. Тауық астықтың, шөптің дәнін теріп жеп қоректенеді. Өзі арғын болғанмен, бүкіл өмірі найман ішінде өткен Әсетке Ілияс ақын: «Тауық боп тары тердім Найман шалдан», – дегізген емес пе?
«Тауық шақырмаса да таң атады» деген мәтел бар.
Мезгілсіз шақырған тауықтың мойнын жұлып тастайтын да ырым бар. Сірә, әлі сағат кең таралмаған кезде, тауық түн ішінде шақырса, таң атып қалды екен деп, жолаушылар жолға тым ерте шығып кетіп, содан адасып әуре бола берген болу керек. Бәлкім, қайғылы жағдайға да ұшыраған шығар, кім біледі?
Арық адамды көрсе, оны «жүнін жұлған тауықтай» деп жатады.
«Жұмыртқа тауыққа ақыл үйретпейді» деген де сөз бар. Ол, әрине, тауыққа емес, адамға қарата айтылған сөз.
«Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» деп, жұмыртқаны жұмбақтайды.
Қораз төбелестіріп қызықтайтын да халық бар, қазақтар бірақ ондай ойынға әуес емес.
Тауықты «төте-төте» деп, жем жеуге шақырады да, «тоқ!» деп қуалайды.
Тауықтың ағы, қарасы, сарысы мен сары аласы, қоңыры, ал қораздың қызылы да, қарасы да болады. «Тауықтың түсіне тары кіреді» деп, ой өрісі шектеулі адамдарды әжуалайды. «Кімнің тарысы піссе, соның тауығы» деп жағымпаздауды жазғырады.
Өте сараң әрі арамза адамды «жұмыртқадан жүн қырққан» дейді.
Ғалымдардың айтуынша, тауықтың жүрісі динозабрдың жүрісіне ұқсайды. Тауық үш шөжесі қалғанша өз балапанының санын білмейтін және іздемейтін көрінеді.
Күркетауық: күркілдейді, құрқылдайды.
Ұзын сирақты, қысқа қанатты, қысқа құйрықты, ұша алмайтын құс. Кәдімгі тауықтан үлкен. Жұмыртқалайды, содан өседі. Қанатының түсі қара қоңыр, ағы да кездеседі. Жем жейді, шөп жейді, жайылады. Тамағының астында салпылдаған бұғағы болады. Жай тауықтан үлкен әрі биік. Ысқырғанды жақтырмайды, ашуланып, құрқылдап «ұрсып» жауап береді. Мойнының өр жағы жалаңаш тықыр келеді. Маңдайында салпыншаққа ұқсас салбыраған бөлек еті бар. Солтүстік және Орта Азияда жабайы түрі де кездеседі. Еті – адал, дәмді, қуырып та, асып та жейді.
Күржиіп, белін бүгіп, еңкейіп жүретін кісіні «күрке тауық құсап» деп құрдастары келекетеді. Үлкендігіне бола оны «түйе тауық» дейтіндер де бар.
Қаз: қаңқылдайды.
Суда да жүзеді, құрғақта да жүреді. Асырандысы да, жабайысы да болады. Ұзын, имек мойынды құс. Жұмыртқасы тауықтікінен үлкен. Еркегі – атақаз. Ұрғашысы – мекиен. Баласы – мамыр немесе балапан, балақаз. Қаздың мамыры су бетінде жұмсақ, майда жүзеді. «Мамырлау», «мамырлаған құстай» деген тіркес соған байланысты айтылса керек. Қаз мамыр айында балапандайды. Балапанның «мамыр» аталуы соған да байланысты болса керек. Бауырын төсеп демалуды қазақ «мамырлау» дейді. Мамыражай тыныштық» деген де сөз бар.
Қаз табанынан суық өткенде барып семіреді дейді. Оның майы да, жылқының майы сыйақты, тез тоңбайды, суыққа төзімді келеді, оңайлықпен қата қоймайды. Емдік қасиеті бар.
Қаздың бауыр жақ мүсініне ұқсатып, қазақ аспандағы бұлтты «қазбауыр бұлт» деп жатады. Қазыбек биді халық «Қаз дауысты Қазыбек» деп атаған. Үні алысқа жететін, ашық дауысты кісі болса керек.
Қазды көлі, көлшігі бар жерде немесе суы мол жерде асырайды. Себебі ол су жағасындағы қамыс пен құрақты, қоға мен балғын шөпті аралап жүріп, таңдағанын жейді. «Қаз тойғанына семірмейді, орғанына семіреді» деген сөз бар. Соған қарағанда, аса көп жемейтін құс болса керек.
Асыранды қаздың негізгі түсі ақ болып келеді. Денесі ауыр болғандықтан, бірден көтеріліп кете алмай, біраз жер қанатын сабалап барып зорға көтеріледі, алысқа ұша алмай, сәлден кейін қайта қонады. «Болғанда сіз – дария, біз – қоңыр қаз,
Бетіңде баурым төсеп қалқыдым-ай», – деп әндетеміз.
Мойны сұңғақ атты «қаз мойын» дейді. «Мен міндім қаз мойын мен майда жалды», – дейді Жаяу Мұса. Қаз мойынды әдемі әйел де аз емес.
Үйрек: құрқылдайды.
Үні көмейінен қырылдаңқырап, барлығып шығады. Қаз бен үйректің бір-біріне жақындығы қой мен ешкінің жақындығын елестетеді. Қой мен ешкі қалай қосарланып айтылса, қаз бен үйрек те солай қосарланып айтылады. «Үйрек ұшып, қаз қонған қайран Қарасазым-ай!» – демей ме Мұқағали да.
Баласы – балапан. Тұмсығы жалпақ, доғал. Суда жақсы жүзеді. Қаздан кішілеу, тапалдау келеді. Жұмыртқалайды. Теңселіп, балпаңдап, ырғатылып жүреді. Сөйтіп теңселе басып жүретін кісіні «үйрек құсап» деп келекетеді қазақ.
Еті – адал, дәмді. Су түбінен азығын сүңгіп барып табады.
«Сасқан үйрек артымен сүңгиді» деген сөз бар.
Теңселе басып, жан-жағына ырғалып жүретіндіктен, «қыңыр үйрек» деп те жатамыз.
Жалпы, асыранды төрт құс – тауық, күркетауық, қаз бен үйрек – қолдан жем жеумен қатар, өздігінен құрт-құмырсқаны да тауып жейді. Әсіресе үйрек жемді көп жейді.
Қазақ бұл төрт құстан басқа құсқа да жақсы пейілмен қарайды. Әдейі бағып-қағып асырамаса да, арнайы күрке жасап ұстамаса да, қумай, қудаламай, жем беріп, жаны ашып қарайтын құстары да баршылық.
Құс болған соң, оның бәрі дерлік ұшуға тиіс деп ойлаймыз. Бірақ өмірде олай емес. Олардың ішінде әуеде ұшатындары да, түк ұшпайтындары да, суда жүзетіндері де; сондай-ақ әрі ұшатын, әрі жүзетін, әрі жүретін құстар да кездеседі.

Түз құстары
Басқа да халықтар сияқты, қазақ халқы да бір құстың етін жесе, бір құстың етін жемейді. Ол – ертеден қалыптасқан дәстүр. Құстың да, аңның да жыртқышқа жататын түрлерін ата-бабамыз да жемеген, біз де жемейміз.

Еті адал түз құстары.
Кептер: гүжілдейді. Үй құсына жатпайды. Алайда үйдің айналасында, үйдің шатырында өмір сүретін құс. Сондықтан оны жартылай жабайы, жартылай асыранды десе де болады.
Жер бетінде 41 тұқымдасы, оның 297 түрі бар. Бірақ бәрі бір-біріне ұқсас келеді. Жүні көкшіл, бурыл, қалың және тығыз болады. Күндіз тіршілік жасайды. Орманда да, жазықта да, құрылыс басында да бола береді. Жерде жақсы жүреді. Жақсы, жеңіл ұшады. Ауада шұғыл бұрылыстар да жасай береді. Біздің жерде көп тарағаны – көк кептер. Салмағы 240-310 грамм аралығында болады. Топтанып жүреді, топтанып ұшады. Күзде, қыста бірнеше жүзі ұшып-қонып бірге жүреді. Қолға тез үйренеді. Олардың ішінде ұшып жүріп аспанда айналатыны «айналшақ» деп аталады. Қазақ кептердің көгілдірлеуін көгершін дейді. Кептердің жабайысы жартаста, сай мен шатқалда, қырда, өзеннің қабағында өмір сүреді.
Кеңес дәуірінде көгершінді «бейбітшілік құсы», «бейбітшілікті бейнелеуші» деп те атады. Қазақ өнерін алғаш зерттеуші, сазгер Ахмет Жұбанов «Ақ көгершін» атты әдемі ән де шығарды.
«Ақ көгершін аспанда
Қырғи бар деп жасқанба.
Шырқа-шырқа аспанға!» – деп, жастар оны жырлайтын.
Әлемге әйгілі суретші Пикассо да көгершінді бейнелеп сурет салды.
Көк кептер тек көк болса, көгершіннің ағы, басқа түстісі де кездеседі: ақ, көк, ақшыл, көгілдір,т.с.с.
Кемпірбай ақын: «Тоқсан ақынды айтыста жеңдім», – дейді. Сол айтыстарда оның салған әні «Көк кептер» деп аталған. Ауырып жатқанда Әсет келіп көңілін сұрайды. Сонда Кемпірбай: «Өлсем де, «Көк кептерге» бір салайын, Басымды жастықпенен көтер бері», – дейді де, «Әсетжан, осы аурудан өлем білем, Алланың аманатын берем білем. Кеудемнен көк ала үйрек: Хош!», – деп ұшты, Сол шіркін кәрі жолдас өлең білем», –дейді.
Жабайы қаз: қаңқылдайды.
Негізінен қоңыр түсті болады. Мойны ұзын, аяғы қысқа құс. Су маңындағы шөп арасына ұялайды. Кейде ұясын су бетіне де салады. Жұмыртқасы ірі, ақ болады. 2-ден 15-ке дейін жұмыртқа табады. Әрі ұшатын, әрі суда жүзетін құс. Жыл құсына жатады. Күз түсіп, суық бола бастаған кезде жылы жаққа ұшып кетіп, күн жылып, жазғытұрым болғанда қайтадан ұшып келетін құстарды қазақ жыл құсы дейді. Үні құлаққа жағымды естіледі. Үкілі Ыбырай: «Гәккуді қайтқан қаздай қаңқылдаттым», – демей ме?
Халық күйшісі Әшімтайдың өз ұрпағы Мағауия Хамзин орындайтын «Қоңыр қаз» атты әйгілі күйі бар.
Сұрқаз деген түрі болады. Салмағы 2,5-4,4 келіге дейін жетеді. Үй қазына ұқсайды. Ол да жыл құсы. Көктемде өте ерте ұшып келеді. Келе сап ұя салады. 4-5 жұмыртқа басады. Қыркүйектің ортасында жылы жаққа ұшып кетеді. Кейбір құс зерттеушілердің айтуына қарағанда, Қазақстаннан ұшқан сұр қаздың кейбірі жолай кездескен көл-суларда қалып қалатындары да болады екен.
Қоқиқаз: Сирағы ұзын құс. Адам аяғы жетпейтін биік жерге ұя салады.
Жұмыртқасы ақ болады. Өзінің түсі қызғылт келеді. Төбесінде қоқайған шошағы болғандықтан, онысы қоқиып тұрғандықтан, қоқиқаз атанған.
Қазақстанда Ақмола облысының Қорғалжың қорығындағы көлді жаз бойы мекендейді. Қоқиып, өзінше әлдеқандай болып жүретін адамды «қоқиқаз құсап» дейді. Сирек құстың бірі.
Қаз жылына екі рет түлеп, қауырсынын өзгертеді, сол кезде суға түспейді. Оның сары ала қаз деген де түрі бар. Оны киелі санап, аңшылар атпайды. Емге пайдаланбаса, басқа уақытта оған тиіспейді.
Алма Арасан арқылы қырғыз жеріне кетіп бара жатқанда, Көкайрық өзеніне жетпей, Қырық жеті өгіз деген көл және асу бар, сары ала қаз сол арада бар.
Мұқағалидың өлеңіне жазған Алтынбек Қоразбаевтың «Сары ала қаз» атты әні бар.
Жабайы үйрек: қырқылдайды. Жүзеді, жүреді. Жемтігін суға тұмсығын тығып жіберіп ұстайды. Жұмыртқалайды. Балапаны тез жетіледі, 50 күнде ұшуды үйренеді, 60 күнде жақсы ұшатын болады.
Сұқсыр үйрек деп өте сақ әрі әдемі түрін айтады, оны қаршыға мен лашыннан басқа қыран құс іле алмайды. Қасқалдақ деген түрі кішкентай, алайда еті өте дәмді болады. Сойғанда, қаны аз шығатындықтан, «қасқалдақтың қанындай» деген сөз тіркесі қалыптасқан.
«Үйректің атқызбайды қасқалдағы,
Шебердің қимылдайды басбармағы», –
дейді Ақан сері «Шырмауық» атты әнінде.
Үйректің тағы бір кішкентай түрін шүрегей деп атайды. Ұзындығы 35 сантиметрдей, салмағы 200-400 граммдай болады.
«Үйрек ұшып, қаз қонған қайран Қарасазым-ай!» – демекші, үйрегі ұшып, қазы қонып жатқан көл мен суды қазақ берекелі жер санайды. «Үйректің сұқсырындай» деп епті жігітті айтса керек.
Қырғауыл: қырқылдайды. Еркегін қораз дейді. Оның құйрығы ұзын, үсті-басы қызыл, сары түс араласқан өте әдемі болады. Ұрғашысын мекиен дейді. Бұталы, ағашты, сулы жерде өседі. Салмағы 720-800 грамм аралығында. Қорқақ әрі өте сақ құс. Қашқанда мойнын алдыға созып, құйрығын көтеріп жорғалайды. Ағаштың арасында да, жолсыз жермен де қатты жүгіреді. Қоразы ірілеу, мекиені бурыл сарғыш, кішілеу келеді. Жылы жақты ұнатады. Өсімтал, 8-ден 14-ке дейін жұмыртқа басады. Күзде ондаған, жүздеген топпен бірлесіп жайылады. Тауық тұқымдас. Жыл құсына жатпайды.
Балаға ертегі айтқанда,
«Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөртеде.
Қырғауыл жүні қызыл екен,
Құйрық жүні ұзын екен», – деп бастайтын дағды бар. «Ертегі» дегеннің өзі сол «ерте» сөзінен шыққан. «Ертеде болған» дегенді білдіреді. Алматының батысында «Қырғауылды» деген ауыл бар.
Шіл: қырғауылдан кішкентай құс. Еркегі үлкендеу болады. Қысқа қанаты тік ұшуға қолайлы болғанмен, ұзаққа көлбеу ұша алмайды. Құйрығы ұзын да емес, қысқа да емес, өз денесіне лайықты, орташа. Жерде жақсы жорғалайды, ағаш басында да жақсы, емін-еркін жүреді. Қыстың суығына өте шыдамды. Негізінде ағашты, бұталы жерде өмір сүреді. Тауық тектес құстар тобына жатады. Құмалағы жерге шашырап түседі, сондықтан қазақ ауызбірлігі жоқтарды: «Шілдің боғындай шашырап», – деп сөгіп жатады. Шіл шұрқырап, шулап жүреді. Ұзындығы 35-37 сантиметр. Салмағы 350-500 грамм аралығында. Бойы тапал, алысқа ұшпайтын, ұшса, пырылдап ұшатын құс.
Қауырсыны сарғылт сұр, шұбар. Жұп құрып, жеке-жеке тіршілік жасайды. Бір жерді тұрақты мекендейді. Ұясын жерге салады. 6-дан, 10-нан жұмыртқалайды. Мекиені 3 аптадай ұя басады, балапаны 6 аптада жетіледі. Қыста қар астына түнейді. Ағаштың бүрін, құрт-құмырсқаны, жабайы жеміс-жидектерді жейді. Орманды аймақта өмір сүреді. Қапқаз бен Камчаткада кездеспейді екен.
Құр: 5-6 секунтқа созып тете-тете деп әндетеді. Орыстардың «тетерев» дейтіні содан. Тауық тектес құстардың ең ірісі. Жерде жорғалап жүреді. Қазақта «құрдай жорғалап» деген сөз бар. Әлдекімнен қорыққан немесе әлдекімге жағымпазданған адамға айтады. Ұрғашысынан еркегі ірі болады. Еркегінің салмағы 3,5 келіден 6,5 келіге дейін жетеді, ал ұрғашысынікі 1,7 келіден 2,3 келіге дейін барады. Ұзындығы 80-110 сантиметр аралығында. Қоразының құйрығы желпіуіш тәрізді. Қоразы қара, мекиені қара шұбар келеді. Қылқан жапырақты тоғайларда жүреді. Қорқақ, ебедейсіз құс. Жерден ауыр көтеріліп, қанатын қатты қағып ұшады, бірақ алысқа бара алмайды. Қысқа қарай 5-тен 25-ке дейін топтанып жүреді. Жұмыртқасын жерге салған ұясында туады. Ағаштың жапырағымен, өркенімен, бүрімен қоректенеді. Еті дәмді. Еркектері көбінесе ұрғашыларынан бөлек жайылады.
Кекілік: қыт-қыттайды. Көгілдір сұр, кер түсті әдемі құс. Таулы жерде, қорымтаста жүреді. Соған қарап, оны тас тауығы дейтіндер де бар көрінеді.
Сақ, тез жорғалайды. Кеудесі, көкірек еті ерекше жақсы жетілген, сондықтан тез, кенеттен ұша береді. Бірақ алысқа ұшпайды. Жоғары, көлденең жорғалап жүгіре береді, бірақ ешқашан төмен қарай жорғаламайды. Қыста ешқайда кетпейді, алайда жем тауып жеуі едәуір қиындайды.
Қатты жорғалайтынына қарап, «Кекілік, кекілік! Кер жорға» – деп дәріптейді.
Шу өзенінің шығыс жақ бетінде Кекілік атты тау бар. Қазақтың соңғы ханы Кенесары соңғы рет сол арада соғысқан. Патша өкіметі Кенесары Қасымұлының ұлт азаттық көтерілісін соңғы рет Кекілік тауында қырғыздардың қолымен басқан.
Бөдене: бытпылдық дегенге ұқсас дыбыс шығарады. «Бөдененің үйі жоқ, қайда барса, бытпылдық» деген сөз бар. Тауық тектес құстардың ішінде жыл құсына жататыны – осы бөдене. Ұясын шалғынды жерге салады, жұмыртқасы сары шұбар болады, көлемі кәдімгі торғайдікіндей. Күзге таман қатты семіреді, алайда жем тауып жеуі едәуір қиындайды.
Қарттар бата бергенде:
– Бөлшіл, бөлшіл, бөлшіл бол!
Бөденедей төлшіл бол! – дейді. Демек көп жұмыртқа табады.
Қазақтың «Түлкі мен бөдене» аталатын әйгілі ертегісі бар. Кіп-кішкене құс әйгілі айлакер аңды бірнеше дүркін алдап кетеді. Өте қызық. Қазақ, соған қарағанда, бөденені ақылды деп бағалаған. Бөдененің жұмыртқасын балгерлер емге де береді. Бөдене соғыстырып ермек қылатын да ел бар.
Дуадақ. Ірісі де, ұсағы да кездеседі. Ірісінің салмағы 20-23 келіге дейін жетеді. Кішісі 1-2 келі ғана болады. Басы дәу, мойны ұзын да емес, қысқа да емес, бірақ өте жуан болады. Қысқа тұяқты, аяғы қарулы. Ашықта, далада өмір сүреді. Оның тоқтыбалақ деген түрі көк егінді, шалғын шөпті жақсы көреді. Үлкендігі қаздай болады, сирағы қойдың тоқтысынікіндей болған соң, қазақтар оны тоқтыбалақ дейді. Жоғалып, азайып бара жатқан құс. Жерден көтеріліп ұшуы өте ауыр болғандықтан, жүйрік аты бар адам оны қамшымен соғып та ала алады. «Тоқтыбалақ, ей, қалқа, тоқтыбалақ, Ұшады тоқтыбалақ көк қуалап», – деп, өлеңшілер қайым айтысады.
Ұлар. Үй тауығына өте ұқсас, одан сәл ірілеу келетін құс. Қырғауылдың туысы десе де болады. Оны «таудың күркетауығы» дейтіндер де бар. Таулы жердің биігінде жүреді. «Ұлы тауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?» деген сөз де соған меңзейді. Ірілерінің салмағы 2 келіден асады. Мойны қысқа, басы кішкентай, тұмсығы аса дәу емес, бірақ нығыз, жалпақ. Аяғы қысқа, есесіне жуан. Қанаты да қысқа болады, құйрығы ұзындау, аздап қайырылып тұрады. Қауырсыны тығыз, жүні жұмсақ, мамық болады. Түсі сұрғылт, арқасы теңбіл-теңбіл, екі бүйірі жирен не қара жолақты болады. Қоразы мекиенінен ірілеу келеді. Каспи ұлары, Гималай (Бұланай) ұлары, Алтай ұлары, Тибет ұлары деген түрлері бар. Қазақстанда Тәңіртауда, Сауырда, Тарбағатайда өседі. 5-10-нан, 20-30-дан топтанып жүреді. Жұмыртқасын 30 күн басады. Етін жай да, емге де жейді. Оның еті шешек ауруына ем болады екен. Тұшкан деген жазуышның «Жора» атты романында солай жазылған. «Ұлардай шулап» деген сөз бұл құстың мінезін де байқатады.
Түйеқұс: түйедей дәу құс дегенді білдіреді.
Тек жерде жүретін, ұшпайтын, жүгіретін құс. Қазіргі жер бетінде бар құстардың ең ірісі. Табиғи жағдайда Африкада ғана өмір сүреді. Жұмыртқалайды. Балапанын қорғағанда, арыстанша күркірейді. Жұмыртқасының салмағы 1,5-2 келіге дейін жетеді. Оңайлықпен жарылмайды.
Бұл күнде оны арнайы шаруашылықта бағып жүргендер Қазақстанда да бар. Түйеқұс – күшті құс. Кішкентай баланы көтеріп шауып кете береді. Қазір жартылай асыранды.
Суықторғай: көлемі жұдырықтай ғана, бозғылт торғай. Жыл құсына жатпайды. Жүні тығыз, суыққа тоңбайды. Далалы жерде, ауыл шетінде де өмір сүре береді.
Мойны қысқа, қанаты ұзындау сүйір болып келеді. Ғылым оның он алты түрі бар дейді. Екіден төртке дейін жұмыртқа салады.
Бұлдырық. Шөлейтті жерде де, көл жағасында да өмір сүретін, сұр түсті, кішкентай қара бауыр дала құсы. Көлемі бөденеден сәл үлкендеу.«Көз ұшында бұлдырықтай бұлдырап барады» деп, кішкене көрінетін нәрсені бейнелеп айтады.
Сирек кездесетін, сиреп бара жатқан құс.
Мойны қысқа, қанаты ұзындау сүйір болып келеді. Ғылым оның он алты түрі бар дейді. Екіден төртке дейін жұмыртқа салады. Шөптің дәндерін жейді. Негізінен жыл құсына жатады. «Көз ұшында бұлдырықтай бұлдырап» дейді қазақ. Ол өте ұшқыр, бірақ тым кішкене емес құс. Көгершіндей. Ұясын шапанның жеңі құсатып ұзынша етіп жасайды. Ұясын ем қылатындар да бар.
Жылқышы. Балықшылар тобына жатады. Қарғадан ірілеу болып келеді. Салмағы бір келіге жетпейді. Қанатының ұзындығы 30 сантиметрдей. Сұрғылт түсті құс. Бауыры, екі бүйірі қызғылт. Тұмсығы ұзын, ұшы имектеу. Шөлді жерлерде де кездеседі. 3-4 жұмыртқа салады, оны қоразы мен мекиені бірлесіп басады. Еті дәмді құс. Үнемі ысқырып, жылқы айдап жүрген адамдай дыбыс шығарған соң «жылқышы» аталған.
Етін кей елде жегенмен, біздің елде жемейтін түз құстары.
Аққу: саңқылдайды. Құс патшасы саналады.
Қаз тектес құсқа жатады. Мойны имек, ұзын, денесі тығыршықтай болады. Тұмсығы бас көлемімен бірдей, ұшы доғал. Суға төсін терең батырып, бөксесін сәл көтеріңкіреп жүзеді, басын алдына қаратып, мойнын тік ұстайды. Асықпай, жұмсақ жүзеді. Ұшқанда су бетінде қанатын сабалап, бірте-бірте биіктеп, ұзақ көтеріледі. Мойнын созып, қанатын сирек, бірақ қатты қағып ұшады. Қанатынан өзіне тән сусылдаған, сыңқылдаған әдемі дыбыс шығады. Құрғақта өте аз жүреді, өмірі көбінесе су бетінде өтеді. Жағалауға аса жақындамай, өте сақ жүзеді. Өте өжет құс: балапанын қатты қорғайды, қаққан қанаты тым қуатты болады. Жүні ұлпадай жұмсақ, қардай аппақ. Тұмсығы мен езуі сары, аяғы қара. Салмағы 13 келіге дейін жетеді. Балапанын көгілдір дейді. Аққудың баласы деп те айтады.
Су бетінде жүзбей, жылжымай, тып-тыныш қана дамылдап жатқан кезін «мамырлау» дейді. Аққудың мамырлауы – әдемі көрініс. «Гәккуді қайтқан құстай мамырлаттым», – дейді ғой Үкілі Ыбырай.
Жыл құсына жатады. Күзде жылы жаққа ұшып кетіп, көктемде қайта оралады. Құс патшасы, құс төресі саналады. Еркегі мен ұрғашысы өле-өлгенше жұбын жазбай өмір сүреді. Қарақу да болады. Ол аққудан кішірек келеді. Құйрығы қысқалау, денесі қара, қанаты ақ болады. Қара мойын аққу да болады. Қасиетті құс саналатындықтан, кепиеті ұрады деп, аққуды қазақ баласы атпайды да, тимейді де.
Қазақ өнерпаздары аққуды әдеміліктің, қасиеттіліктің бейнесі деп жырға, әнге қосады. Ақын Сәкен Сейфуллин «Аққудың айрылуы» атты дастан жазған. Аққу – өз сыңарына мәңгі берілетін, одан жұбын жазбай өмір сүретін құс.
Мұқағали – аққуды айрықша сүйсініп, ерекше махаббатпен жырлаған ақын. Оның «Аққулар, хош болыңдар!» деген әйгілі шығармасы бар. Қазақстанның халық әртісі, әйгілі әнші-сазгер ағамыз Дәнеш Рақышев сол өлеңге арнайы ән де шығарған. Тұрсынжан Шапай да әдемі, ойлы ән шығарды. Екі ән де ел ықыласына бөленді.
Атақты Әсет ақын ән салғанында, «Аққумен аспандағы жер тілдеседі» дейді Ілияс ақын. Әдемі қызды қазақ «аққудың көгілдіріндей» деп бейнелейді. Әлі аққуды көрмеген бала кезімізде: «Аққу ұшып көлге кетті, сұңқар ұшып шөлге кетті» деп өлеңдететінбіз. Өсе келе «Аққуым аспанда емес, жерде менің», – дейтін болдық.
Пішән болыстың «Аққу едім көлдегі, сұңқар едім елдегі», – деп қайыратын әні бар. Кеңес заманы жаңа орнап жатқан кезде-ақ ол атылып кеткендіктен, оның әндері ел арасында халық әні болып тарап кеткен. «Әшіркүл – Зейнеп» аталатын бір әні «Қыз Жібек» кинофилімінде Төлегеннің әні боп жүр. Сазгер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» аталатын атақты күйі бар. Аққудың көгілдірін бейнелейтін қазақтың мынандай қара өлеңі де бар:
Әуеде ұшып жүрген көгілдірік,
Жарасар жүйрік атқа өмілдірік!
Жаным-ау, неге келіп, неге кеттің,
Бір жағын қабырғамның сөгілдіріп.
Бүркіт: шаңқылдайды. Жыртқыш құстың ең қыраны. Бүркіттің екінші аты – Қыран. Қыран құстың ең атақтысы. Ірі құс. Ұзындығы 80-95 сантиметр. Салмағы 3-6,5 келінің аралығында. Ұрғашысы еркегінен үлкендеу келеді. Еркегі – шәулі, ұрғашысы – ұябасар. Баласы – балапан. Қоян, түлкі, күзен, суыр, саршұнақ секілді аңдарды және ірі құстарды аулайды. Аса қыраны қасқыр да алады. Түсі қара бурыл, желке тұсы сарғыштау болады. Қыраны мен ұябасары өмір бойы бірге өмір сүреді. Жартасқа немесе биік ағашқа ұялайды. Жылдың әр мезгілінде пайдаланатын әр жұптың бірнеше ұясы болады. Ұябасары жұмыртқасын 43-45 күн басады. Балапаны 75-80 күнде жетіліп, келесі көктемге дейін ұяластарымен бірге болады. Дала бүркіті, мола бүркіті деген түрі бар. Қысы-жазы туып-өскен жерінде өмір сүретін тұрақты құс.
«Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы, Жігіттің оған құмар өнерпазы», – деп Үкілі Ыбырай жырласа, Үсен деген атақты төренің Қыран бүркіті иесіне қайырылмай кеткенде, әйгілі Қазанғап күйші «Құс қайтару» деп аталатын атақты күйін шығарған.
Ақан серінікі деп айтылып кеткен «Көк жендет» әнін бүркітінен айрылған бір аңшы шығарған деп жазады Сәкен Сейфуллин.
Қыран құстарды қолға үйретіп, солармен аң аулайтын адамды құсбегі деп атайды. Ал бүркітті қолға үйретіп, аң аулайтын адамды құсбегі деп те, бүркітші деп те атайды.
Өжет, өткір жігітті қазақ қыранға теңейді.
– Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап,
Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап.
Қыран шықса қияға, жібереді
Олар да екі құсын екі жақтап…
Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,
Күні бойы шабады бос салақтап», – деген ғой Абай.
Бүркіт жер бетінен үш мың метір биікте ұшады. Өте алыстан көреді. Сол үш мың метр биіктікте ұшып жүріп жердегі жемтігін көреді де, шүйлігіп, соған қарай сағатына 240 шақырым алатын жылдамдықпен құйылады. Сондықтан құстардың ішіндегі ең ұшқыры саналады. Жемтікке таласып, екі бүркіт соғысып та жатады. Туып-өскен жерінен ешқайда кетпейтін тұрақты құс.
Ондай алғыр, атақты құстың қасында жағымпаз құстың жүрмеуі де мүмкін емес. Түздегі аңның бірін ұстап, енді жәукемдеп жей бастағанында, бүркіттің жанына қарға ұшып келіп: «Үһ, сіз боп, біз боп алдық-ау, әйтеуір!» – деген екен.
Төлеубек Жақыпбайұлы деген жігітпен университетте бірге оқыдым, сол марқұм «Қыран хикаясы» атты тамаша шығарма жазды. Бүркіттің біраз қыр-сырын содан білуге болады. «Ләйліден айрылған Мәжнүндей, Мен де жоқ дәл қазір ақыл-ес» дейтін әнді шығарған да сол Төлеубек еді.
Ақиық. Айтылуы – Ағиық. Қыран құс. Жыртқыш. Салмағы 2-3 келі аралығында. Қара қоңыр түсті. Басы мен желкесінің түсі сарғыш. Маңдай тұсы да қоңыр. Иығы ақшыл, сондықтан ақиық аталған. Әдемі құс. Құйрығында көлденең қара жолағы бар. Әлемге кең тараған. Сексеуілдің, басқа да бұталы ағаштың басына ұялайды.
Түлкі мен тышқандарды аулап жейді. Бүркіттің бір түрі десе де болады. Бірден үшке дейін жұмыртқа басады.
Алғыр жігітті қазақ ақиық қыранға теңейді. «Ағиық азамат» деп, халыққа қызмет ете білетін жігіттерді дәріптейді.
Қаршыға: шықылдайды. Орташа көлемді жыртқыш құс. Ағашты, тоғайлы жерде өмір сүреді. Негізінен құстарды ұстап жейді. Құсбегілер қолға үйретіп, қаз-үйрек алады. Қыран құсқа жатады. Қанатының ұшы дөңгеленіп келеді, құйрығы ұзын, бақайлары да ұзын, тұяғы үлкен, имек. Ұясын ағашқа салады, сонда жұмыртқалайды.
Аса денелі болмаса да, батыл, батыр жігітті қаршығадай деп мадақтайды.
Қаршыға ұшқан қаз-үйректі қуып жүріп теуіп түсіреді, тепкісі қатты болғандықтан, қаз-үйректің мойны үзіліп кетеді.
Не қалды қарайғанда, қамыс қалды,
Ауылы қалқатайдың алыс қалды.
Ауылына алыс қалған қарай-қарай
Қайрылып қаршығадай мойным талды, –
деп әндетеміз. Ол алғыр, атақты құс болмаса, неге әндетеміз?
Қырғи: қазақ даласында азайып бара жатқан құс. Жыртқыш құстың ішіндегі жырындысы.
Өте алғыр құс. Қазақта «қырғидай тиді» деген сөз бар. Қаз, үйректі ұшып жүріп іледі. Аңшылар қолға да үйретеді.
Бір-бірімен араздасып қалған адамдарды қазақ «қырғи қабақ болып қалыпты» дейді.
Үлкендігі қол тоқпақтай болғанмен, қаршыға мен қырғи – құс аулауға өте шебер құстар. Қазір бәрін мылтықпен атып алатындықтан, олардың бағасы бұрынғыдай болмай қалды. Бұрын оларды тұзақ салып аулаушы еді. Жұлқып, шоқып үзіп кетпесін деп, оларды тек қылтұзақпен ұстайтын. Қылтұзақ жылқының жал-құйрығынан есіп жасалған. Тұзақпен ұстап алғаннан кейін де қаршыға мен қырғиды баулу, құс алуға үйрету, құсбегінің талабына көндіру – бәрі үлкен шеберлікті әрі білгірлікті қажет ететін іс. Оны өнерпаз жандар ғана игерген.
Сұңқар. Жыртқыш құс. Антарктикадан басқа жердің бәрінде бар. Қазақстанда он шақты түрі бар: ақсұңқар, бидайық, ителгі, бөктергі, тұрымтай, жағалтай, ылашын, күйкентай, ақ тырнақты бөктергі.
Қанаты ұзын келеді, жемтігін ұшып жүріп жейді. Оның жемтігі негізінен ұсақ құстар мен тышқан және жылан, кесірткелер, құрт-құмырсқалар.
Сиреп бара жатқан құс. Денесі 15-тен 66 сантиметрге дейін ұзын. Жер бетінде 60-астам түрі бар. Қанатының ұзындығы бір жарым метрге жетеді, салмағы 1-2 келі. Тырнақтары өте үшкір. Қауырсындарының түсі біркелкі болып келеді.
Сұңқар әуеде құстарды теуіп түсіреді. Ұшқыр, қырағы құс. Өжет, өткір жігітті «жігіттің сұңқары» деп бағалаймыз. Лашын: бұл да сиреп бара жатқан құс.
Құстың мақтаулы түріне жатады. «Лашынға лайық қарғам едің, Бөктергіге қор болып барасың ба?» – деген ғой Ақан сері Ақтоқтыға.
Сұңқар тұқымына жатады. Жыртқыш. Іле бойында, Ертіс пен Есіл өзендерінің алабында, Алакөл мен Зайсан маңында, Алтайда кездеседі. Қанатының ұшы үшкір келеді. Көзінің астында мұрт сияқты қылшығы болады. Еркегінің салмағы 500-800 грамм болса, ұрғашысынікі 540-граммнан бір келіден астамға дейін бола береді.
Өте тез ұшады, сағатына 300 шақырымға дейін алады. Құз бен қияға ұя салады, кейде басқа құстың ұясын да пайдаланады. Екі-үш, үш-төрт жұмыртқа басады. Ұябасары бір ай көлемінде басып, балапандары бір жарым айда ұша бастайды.
Қарға, қаз-үйрек, торғайды ұшып жүріп аулайды.
Құсбегілер қолға үйретіп, құс аулауға пайдаланады.
Жағалтай: жыртқыш құс. Сұңқар тобына жатады. Қазақстанның барлық жерінде дерлік кездеседі. Үстіртте, Бетпақдалада ғана жоқ. Кішкентай, 30-35 сантиметр денесі бар, қанатының ұзындығы 27 сантиметрдей, салмағы екі жүз жарым граммға дейін болады.
Қоразы мен мекиенінің жотасы қара, бауыры теңбіл келеді. Мойыны мен тамағы ақшыл, сирағы сары түсті.
Жалпы тұрқы жағал-жағал болған соң, жағалтай аталған.
Жыл құсына жатады. Екіден беске дейін жұмыртқа басады. Жұмыртқаны мекиені мен қоразы бірлесіп, кезек-кезек 28 күн бойы басады. Бір айдан асқанда балапандары ұшады. Өте ұшқыр құс.
Бұл да азайып бара жатқан құстың қатарына жатады.
Қазақта Жағалбайлы аталатын тайпа бар. «Қыз Жібек» жырының бас кейпкері Төлегеннің елі. Ақын Сара мен айтысқан Төребай ақынның да елі – жағалбайлы. Шоқан қайтыс болғанда, Төребай оған жоқтау жазған. Ғ. Мүсіреповтің либереттосында: «Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы, Жылқысын көптігінен баға алмайды», – деген өлең болған.
Ақсұңқар: Сұңқар тегіне жататын жыртқыш құс. Жетісу, Алтай өңірінде кездеседі. Бірақ мұнда тұрақты өмір сүрмейтін көрінеді.
Алматыдағы хайуанаттар бағында бар.
Өзен бойын, тау-тасты жерді мекен етеді. Ұябасарының қанаты ұзын келеді. Салмағы 2 келі. Аталығы ұябасарына қарағанда кішілеу келеді.
Салмағы да аз, бір келідей ғана болады. Арқасы көкшіл, бауыры ақшыл келеді. Ұясын биік жартасқа, ұзын ағаштың ұшына салады. Жылқұсына жатады.
Аталығы мен ұябасары жұптасып бірге тіршілік етеді. Кішкентай құстарды аулап жейді.
Қолға үйретіп, саятқа салуға көнеді. Өте сирек кездесетін, азайып бара жатқан құс қатарында.
Әдемі, қыран құс болғандықтан, қазақ оны ерекше қадірлейді. Жігіттің жігітін ақсұңқарға теңейді. «Ақсұңқар, неге қонбайсың, дариға-ай, жайған торға?», – деп шырқайтын халық әні бар. Әсет Бейсеуовтің «Ақсұңқар» атты әйгілі әні бар. Өлеңі – Мұзафар Әлімбаевтікі.
Бидайық: жыртқыш құс. Сұңқар текті қыран. Қазақстанның оңтүстігінде, Жетісуда, Шығыста таулы жерде өмір сүреді. Тау-тасты мекен етеді. Қоразының қанаты ұзындау келеді, 25-30 сантиметр, салмағы 150 граммдай болады. Ұябасары қоразынан гөрі ірілеу келеді. Төбесі жирен болады. Отырықтысы жылы, оңтүстік жақта өмір сүреді, ал суық жақтағысы (Алтай) жыл құсына жатады. Тым азайып бара жатқан құстың қатарына жатады.
Бөктергі: жыртқыш құс. Сұңқар текті. Алтайда, Жайық, Ертіс бойында кездеседі. Денесінің ұзындығы 30 сантиметр, салмағы 200 граммға дейін жетеді.
Қауырсыны қара көк болады. Тұмсығының түсі сары болады. Жыл құсы. Күзде кетіп, жазғытұрым қайта келеді.
Екі-үш, бес-алты жұмыртқа туады. Айға жуық мерзім жұмыртқа басады.
Құрт-құмырсқа, шыбын-шіркеймен қоректенеді. Тышқан да аулайды. Орманды зиянды кеміргіштер мен бүлдіргіш қоңыздардан тазартады. Атқа салған ердің екі артқы жағын бөктер дейді. «Аттың бөктеріне салыпты», – дейді. Сірә, осы екі сөз – ағайындас. «Таудың бөктері» деген де бар. Сірә, аталуына қарағанда, аса беделді құс болмаса керек. Ақан серінің Ақтотыға: «Бөктеріге қор болып барасың ба?» – деуі де бекер болмаса керек.
Ителгі: саятшылар қолға үйрететін құстың бірі.
Жылқұсына жатады. Қыран құстың бір түрі. Басы күлгін, жотасы қоңырқай түсті. Ұзындығы 32-37 см. Салмағы 150-240 грамм аралығында. Жемтігін әуеде жүріп көреді. Сонан соң шүйлігіп келіп іледі.
Күйкентай: көріксіздеу кішкентай жыртқыш құс. Сирек тоғайлы жерде өмір сүреді. Бір орнында іліп қойғандай, құйрығын жыбырлатып тұрып алады да, жемтігін аңдиды. Сол қылығына бола оны көтігүлік (көтікүлік) деп те атайды. Айтқан сөзінде тұрмай, қыбыжықтай беретін кісіге «Неге көтігүлік құсап отырсың?» – деп ұрсады. Бұл да азайып бара жатқан құс. Абайдың: «Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап», – дегені де оның дәрежесін аңғартады.
Құзғын: құңқылдайды. Орташа көлемді құс. Ұзындығы 65-75 см. Салмағы 2-2,5келі. Тұмысығы ұзын әрі жіңішке. Қанаты қара қоңыр, терісі тықыр қызғылт, аяғы да қызғылтым. Еркегі мен ұрғашысының түрі бірдей. Таулы жерде, таудың етегінде, құрғақта өмір сүреді. Жартасқа ұялайды. 1-2 жұмыртқа салады. Негізінен өлексемен қоректенеді. Су ішеді, суға шомылады. Ұзақ өмір сүреді, үш жүз жыл өмір сүреді деген сөз бар. Қазақ қазымыр қылығын жақтырмайтын кісілерді: «Құзғындай болып әлі жүр екен», – дейді. Төлегенді өлтірген соң Бекежанның: «Бітті жұмыс, қайтты кек. Қарға-құзғын жатсын жеп!» – дейтін жаман сөзі бар.
Кезқұйрық: жыртқыш құс. Сұңқар тәріздес. Қанаты ұзын, жарты метрге жетеді. Құйрығының ұзындығы бір кезге, яғни бір құлашқа жетеді, кезқұйрық аталуы да соған байланысты. Еркегінің қанаты 40-50 сантиметр, құйрығының ұзындығы 25-28 сантиметрге жетеді. Ұябасары ірілеу келеді. Салмағы бір келіге жетеді. Құйрығының ұшы айыр болады.
Денесі қоңыр түсті, басы ақшылдау, бауыры қара ала, сары ала келеді.
Қазақ емшілері кезқұйрықтың өтін көкжөтелге, құрт ауруына қарсы ем етеді. Атып алған соң, дереу өтін кесіп алады, әйтпесе емдік қасиеті бойына тарап кетеді.
Жыл құсына жатады. Көбінесе емен ағашының басына ұя салады. Екі-үш жұмыртқа басады, бір айда балапан шығарады. Қырық бес күнде балапаны ұшады.
Күзде Африкаға, Оңтүстік Азияға ұшып кетеді. Өлексемен қоректенеді.
Құмай: өлексе жейді. Жылан жейтін де түрі кездеседі. Жыртқыш құс. Қазақстанда бар, Жетісуда Іле бойында, Алатауда кездеседі.
Денесінің ұзындығы 70 сантиметр, қанатының ұзындығы ұшқанда 2,5 метрге жетеді. Көзі өткір құс, биікте ұшып жүріп жердегі өлексені өте жақсы көреді, тез тауып алады. Аспанда құзғын мен құмай топтала ұшып жүрсе, сол арада мал мен басқа жануардың өлексесі бар екенін біле қоясыз.
Жотасы қоңыр қошқыл болып келеді. Бауыры ақшыл сарғыш түсті. Тұмсығы төмен қарай имек. Қысы-жазы өз мекенінен кетпейді, отырықшы құс.
Ұясын ұзын ағаштың ұшына салады. Бір-екі ғана жұмыртқа басады. Елу күннен кейін балапандары қанаттанады.
Азайып бара жатқан құс. Құзғын мен құмайды қазақ онша жақтыра қоймайды, өлексе жейді деп кемсітеді, алайда оның табиғатты тазартатын еңбегін ескермейді. Орыстардың «гамайун» дегені қазақтың «құмай» сөзінен өзгерген болу керек.
Тұрымтай. Сұңқар тұқымдасы саналады. Кішкене жыртқыш құс. Еркегінің жотасы көгілдір, бауыры сарғыш. Ұрғашысының жотасы қоңыр. Орманда өсіп-өнеді. Бізде далада, орманда кездеседі. Жыл құсына жатады.
Африканы қыстап қайтады. Ұясын жерге де, ағаш басына да салады. Үштен беске дейін жұмыртқа басады. Тышқанды, құрт-құмырсқаны жейді. Азайып бара жатқан құстың қатарына жатады. Бұқар жыраудың Абылайға: «Алғаш сені көргенде, Тұрымтайдай ұл едің», – дейтіні бар.
Бозторғай: шырылдайды. «Бозторғай, шырылдайсың жерге түспей», – деп Кенен атамыз әнге қосқан құс. Жазық, ашық далада, шалғын шөптің арасында өмір сүретін құс. Түсі – бозғылт, шөптің арасынан әзер байқалады. Кішкентай. Көбіне жорғалап жерде жүреді. Басында шошайған кішкене айдары болады. Айдары болмайтындары да кездеседі. Ұясын қалың шөптің арасына салады, жұмыртқа басады. Жұмыртқасы шұбар болады. Шалғынды жерде жорғалап жүреді. Ұзындығы 110-230 мм аралығында. Салмағы 15-тен 70 граммға дейін жетеді. Аяғы қысқа, жорғалауға ыңғайлы. Қанаты ұзын, құйрығы қысқа.
Тыныш, бейбіт заманды қазақ «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» дейді.
Жуас, қазақы мінезді құс. Қазақ даласының киесі жусан болса, иесі бозторғай саналған. Ол да азайды. Кенен атамыздың «Бозторғай» әні – ән әлемінде бір төбе. Сазгер Алтынбек Қоразбаевтың «Бозторғай» дейтін зарлы әні бар, қазақтың баласына қарамай кететін келеңсіз бір әдетіне арнап жазылған. Мейрамбек Бесбаев айтқанда, сай-сүйегіңді сырқыратады.
«Бозторғай» аталатын Ескендір Хасанғалиевтың халыққа кең тарап кеткен әні де бар. Ол әнді елге көп таратқан әнші – ҚР еңбек сіңірген әртісі Баян Сағымбаева.
Қараторғай: шырылдайды, сайрайды. Дауысы құлаққа жағымды естіледі. Кейбірі кісінің дауысын да салады. Далада, қалада өсе береді. Қалада қолдан жасаған ұяларда да тұрады. Оған балалар ағаштың басына ұя жасап береді. Жыл құсына жатады. Күзде – тамыздың аяғында не қыркүйектің басында жылы жаққа ұшып кетіп, көктемде наурыз айында қайта оралады. Салмағы 100 грамнан аспайды. Ұзындығы 20-25 сантиметр. Тығыз денелі, қысқа құйрықты, 12 қауырсыны бар. Қанаты өзіне шақ ұзындау. Аяғы мықты, ағашта, жерде жүруге қолайлы. Көбіне ағаш басында болады. Жүні қалың, қатты. Еркегі сәл ірілеу келеді. Жер бетінде 100-ге тарта түрі бар. Жеп-жеңіл, епті ұшады. Қанатын жиі қағады, дыбысы естіліп тұрады. Жұмыртқасы көгілдір.
Қазақ халқының атақты сазгері Ақан сері Қорамса ұлының да, өзін көрмей-білмей әнін сырттай естіп, орыс өнер зерттеушісі әрі жинаушысы Александыр Затаевич сүйсінген қазақ қызы Шолпан Жанболатқызының да «Қараторғай» атты әні бар. Ақан:
«Қараторғай, Ұштың зорға-ай,
Бейшара-ау, шырылдайсың
Жерге қонбай», – десе, Шолпан:
«Құс болсам, жібектен бау тағар едің,
Мәпелеп, сылап-сыйпап бағар едің», – деп өксиді. Өз шешесі Шолпанды Қараторғай атап кеткен. Елге де сол атымен белгілі болған. Оның «Қараторғай» әнін Ақандікінен (Арқаның «Қараторғайынан») ажырату үшін «Сырдың Қараторғайы» деген. Екі «Қараторғай» әні – қазақ өнерінің екі қанатындай әдемі.
Қарлығаш: шиқылдайды, қиқулайды. Түсі қара, құйрығы айыр және ары-бері қозғалғыш келеді. Ұзындығы 9-дан 23 сантиметрге дейін жетеді. Тамақ жүні – омырауы – ақ. Аузы дәу, қанаты ұзын әрі жіңішке, кеудесі кең. Салмағы 10-нан 60 граммға дейін болады. Өте жақсы ұшады, ауада шұғыл бұрылыстар жасай береді. Тіпті суды да қалықтап ұшып жүріп тұмсығымен іліп ішеді. Ұясын сілекейімен бекітіп, балшықтан қалайды. Үй ішіне, қораға ұя салады. Қарлығаш ұйа салған үйді қазақтар айрықша қорғап, оған ешкімді, ешнәрсені жолатпайды.
1723-жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты зобалаң басталып, қалмақтар көкек айында қазақ жеріне тұтқиыл басып кіргенде, Төле би Алакөл маңында Көктұма деген жерде отырған екен.
Жаудан үркіп, үйін жығып әкетейін десе, шаңырағына қарлығаш ұя салып тастаған екен, сонда Төле би үйін бұзбай тастап, отбасын ғана алып кетіпті. Содан ел-жұрт кейін Төле биді «Қарлығаш би» атап кеткен екен дейді. Бұл – аңыз емес, ақиқат әңгіме. Оның ақиқат екенін сол зобалаңда ұлы жүз қолын басқарған Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің әйгілі естелігінде анықтап жазған.
Қарлығаш жұмыртқадан өсіп-өнеді. Жыл құсына жатады.
Қазақтың бозторғайдан кейін жақсы көретін құсы. Бозторғай қазақтың момындығын, даласының мейір-ықыласын бейнелесе, қарлығаш – қазақтың мейір-ықыласын паналаған құс.
Аңыз бойынша, қарлығаш – қазақты жыландай қанішерден қорғап қалған құс. Ерте бір замандарда аң мен құстың патшасы жылан бола қалыпты-мыс. «Маған қаны ең тәтті жануарды тауып келіңдер!» – деп, қарлығаш пен масаны соған шұғыл жұмсайды. Ақыры маса адамды шағып көріп, оның қаны ең тәтті екенін біліп қайтады да, жыланға қарай құйғыта кеп ұшады. Соны біліп қалған қарлығаш, жыланға айтып қоймасын деп, қуып жетіп, оның тілін көмейінен жұлып алады.
Жыланға келіп шындықты айтайын десе, масаның тілі жоқ, тек ызылдай береді. Бәленің қарлығаштан келгенін ұғып, жылан қарлығашқа тап береді. Ол ұша жөнеледі, бірақ құйрығын жылан тістеп үлгеріп, жұлып алады. Содан қарлығаштың құйрығы айыр болып қалыпты-мыс.
Мұндай аңызды халық, әрине, өзі жақсы көрген құсқа арнап қана шығарады.
Қазақ өнерінің тұңғыш зерттеушісі әрі сазгер Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» атты әні бар. Мұқағалидың «Қарлығашым, келдің бе?» атты өлеңдер жинағы және сол аттас өлеңі бар.
«Қарлығаш» пен «тұңғыш» сөзі қазақта бірмән сөз болып келеді. Өйткені жылқұстарының ішінде елге тұңғыш оралатын құс қарлығаш саналады.
Мен сексен шақты үйі бар «Ақжазық» аталатын шағын ауылда туып өстім. Қазіргі Кітапбек аталатын көшенің бас жағында екі ауызды үйде тұрдық. Ауызғы үйдің бөренесін тіреп қойған жіңішкелеу діңгек бар-ды. Соның бөренемен түйіскен жеріне қарлығаш ұя салатын. Жылда көктемде келеді, күзде кетеді. Қарлығаш жыл сайын төрт-бес балапан ұшырады. Үйде адам жоқта кіре алмай қалмасын деп, апам терезенің бір көзін ашып, үнемі әйнегін алып тастайтын.
Қысқасы, мен қарлығашпен бір үйде бірге өстім. Ол – менің бірге өскен бауырымдай құс. Мұқағали ақын «Қарлығашым, келдің бе?» деп кітап шығарды, өлең жазды. Мен ауылға барсам, «Қарлығашым, қайдасың?» –деп, бауырымды іздеймін. Ақжазық қазір үлкен ауыл, бірақ бұрынғыдай қарлығашы жоқ. Бағанаға қонып, бағана мен бағананың арасындағы сымтемірге жағалай қонып отыратын ақ тамақ қарлығаштар бұл күнде Ақжазықта ғана емес, талай ауылда жоқ. Барған сайын бірге, бір үйде өскен бауырларымды көре алмай құлазып қайтам. «Қарлығашым, қайдасың?» – деп қайтам. Аппақ омырауын, қап-қара қанатын көргім келеді, көріп сүйсінгім келеді. Бірақ, амал не, ауылдан қарлығаштар ауып кетіпті. Қайда жүр екен қайран бауырларым?!
Латиф Хамиди ағамыз Күләштің өзіне арнап бірнеше ән жазған, соның бірі – «Қос қарлығаш» әні. Қарлығаштай әдемі, сүйкімді болсын деп, қазақ қыздарына Қарлығаш деген атты жиі қояды.
Тоқылдақ: тұмсығымен ағашты тоқылдатып шұқиды. Үлкендері қарғадай, кішілері торғайдан да кіші болады. Түсі әрқалай болып келеді. Сұры да, алабажағы да, сарғышы да, ақ тұмсықтысы да, қарасы да болады. Қанаты тұйық, тұяғы төрт башпайлы, қысқа, ағашқа өрмелеуге өте ыңғайлы, күшті болады. Екі башпайы алдыға, екеуі артқа қараған. Орманда, тоғайда өседі, бар тіршілігін күндіз жасайды. Ұяға немесе ағаштың қуысына жұмыртқалайды. Астына ештеме төсемейді. Ұяласымен тұрақты өмір сүреді. Антарктикада ғана болмайды. Ағашты тұмсығымен шоқып, соның қабығы арасындағы жәндіктерді жегенде, тоқылдаған дыбысы біраз жерге естіледі, содан оны тоқылдақ деп атаған. Топ-тобымен жүреді. Бір ағашқа бірнеше жұбы ұя сала береді.
Жапалақ. Түнде ұшатын жыртқыш құс. Көзі дәу, қорқақ кісіні қазақ «жапалақ көз» дейді. Құлақ қуысы кең. Тамағын, мойнын қысқа мамық жүні жауып тұрады. Басында екі түйін қауырсыны тікейіп тұрады. Сол – оның ерекше танымдық белгісі. Өте жақсы естиді, көруі де керемет. Жарлауыт жерді, қуыс-қуысты мекендейді. Ақ жапалақ та кездеседі. Құрт-құмырсқа, тышқан, бақа-шаянның бәрін жейді.
«Жапалақ-жапалақ қар жауар», – деп, қазақ оның қалай ұшатынын бейнелейді.
«Жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі» деген де мақал бар. «Жапалақ жалп етеді жар басында, Немене жоқтың күйі бар қасында?» – дейді әнші-сазгер, қазақты қынадай қырған 1932-жылдың ашаршылығын «Ауыр күн» атты әнімен әшкерелеген, «халық жауы» атанып Итжеккенге айдалып, сол жақта күні біткен Қапез Байғабылұлы.
Үкі. Жапалақ тұқымдас құстардың ең үлкені. Жыртқыш құсқа жатады. Денесі 62-72 сантиметр аралығында. Қанатын жайғанда 150-180 сантиметрге жетеді. Салмағы 2,1-3,2 келі. Ұрғашысы әжептәуір ірілеу келеді. Арқа жүні сары қоңыр, көлденең қара немесе қоңыр жолағы бар, бауыр жүні сарғыш. Тұмсығы мен тұяғы қара. Үкінің қоңыр теңбіл қауырсынын қыз-келіншектер тақиясына, бөркіне әшекей есебінде тағады. Бұрын сал-серілер де бөркіне тағып алады екен. Жылына бір рет балапандайды. Ағаштың, жартастың қуысына ұя салады. Күндіз де, түнде де жақсы көреді. Естуі де күшті. Ақырын, елеусіз шыққан дыбысты да естіп қояды. Дыбыстың қай арадан шыққанын да дәл ажыратады. Құлағы бәрін қағып алатын қабылдағыш қалқан сияқты. Күндіз көбінесе тығылып жатады. Ұсақ кеміргіштермен қоректенеді, қоянды да ұстап жейді.
Қазақ «үкінің қанатын тағып алыпты» демейді, «Бөркіне үкі таққан», – деп, үкінің өзін тағып алғандай сөйлейді. «Үкінің көзіндей» деп әдемі, үркек көзді айтады. Әнші, сазгер Ыбырай Сандыбай – ұлы үнемі бөркіне үкі тағып жүретін кісі болған, сондықтан Үкілі Ыбырай атанып кетеді. Кеңес өкіметі оны әбден жетпістен асқан кезінде «халық жауы» деп қамап тастаған. Содан оралмаған. Оны қамаған адам кейін Қазақстанды басқарған. Соның салдарынан оның Күләш шырқаған «Гәккуі» көп жыл бойы оныкі деп аталмай келді. Н. Анов деген Қазақстандық орыс жазушысы «Ән қанатында» атты романында әбден сүйкімсіз етіп суреттейді. «Әйгілі Ағашаяқ» әнін ол шығармаған, оның «Қалдырғаннан» басқа әні жоқ деп жамандайды. Бірақ оның «Гәккуін» сақтап қалған Иса Байзақов, тағы басқалар, Мәшһүр Жүсіп те оның әндерін жазып, айтып, аман сақтап қалды. Мәшекең біз Ақандікі деп жүрген «Майда қоңыр» әнін де Үкілі Ыбырай шығарған дейді.
Қарға: қарқылдайды. Түсі (жүні), тұмсығы, аяғы қара болады. Содан «қара қарға» дейді. Торғайдан ірі. Салмағы 0,8-1,5 келі. Отырықты құс, ешқайда кетпейді, бірақ аралап, көшіп жүреді. Бәрін жей береді. Балапанын «қарғаның баласы» дейді.
Қарғаны қазақ қадірлеп сөйлейді. «Қарғам!» – деп, баласы мен немересін аялап отырады. Жақсы көретін қызы мен келіншегін жігіттер де «Қарғам!» деп құрметтейді. «Қарғам-ау!» деп айтылатын халық әні бар.
«Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде,
Ұшарға қанатым жоқ сен дегенде», – деп еміренеді. Торғай өңірінде Қарға аталатын әйгілі қарақшы өтіпті, ақын Нұрхан Ахметбековтің ол жайында жазған «Қарға» атты дастаны бар:
– Қарға, қарға, қарғалар,
Қар үстінде жорғалар.
Боран соқса, қор болар,
Орман жақты қорғалар, – деп, қазақ өз баласына қарғаны қарғадай кезінен бастап таныстырады.
Қарғаны қазақ ақылды құс санайтын секілді. Өйткені мынадай бір әңгіме бар:
Алқақотан отырған кісілер бір-біріне дүниеде боқ жаман деп айтып отырса керек. Оны естіген қарға қастарына жорғалап келіп:
Бәрінен де жоқ жаман, – десе керек. Ақылсыз құс, әрине, олай демейді.
«Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дейді қазақ. Сыбайлас адамдар бірін бірі сатпайды деген мағынада айтылады. Алайда Нобель сыйлығын алған Лоуренс деген ғалым қарғалардың тұмсығы өте қатты әрі күшті болатынын, бір-бірін шоқыса, сеспей қататынын айтады. Соған қарағанда, қазақ қарғаның бір-бірін шоқылайтынын өте дәл байқаған.
«Қарға баласын сүйеді аппағым деп» деген де өлең бар.
«Қарғадан қарға туар қарқылдаған,
Жаманнан жақсы тумас жарқылдаған.
Дейтіндер: «Мен жақсымын», толып жатыр,
Пайдасы өз басынан артылмаған», –
дейтін қара өлең де бар. Шындығында, бұл өлең Ахмет Байтұрсынұлының: «Мен жақсымын!» – дейтіндер толып жатыр, Жақсылық өз басынан артылмаған», – дейтін өлеңінен тараған нұсқа. Пікірі дәл айтылғанмен, «халық жауының» сөзін сол қалпында айта алмағандар әдейі қара өлең етіп өзгерткен болуы керек.
«Қарға тамырлы қазақ» деген де тұрақты сөз тіркесі бар. Себебі қарғаның жүрмейтін жері, бармайтын елі жоқ.
«Қарғаның бір көзі боқта болса, бір көзі оқта болады» дейді. Сақ құс екенін солай бейнелейді.
«Қарғаның жүрмейтін жері жоқ, Қыздың бармайтын елі жоқ» деген де мәтел бар.
Ала қарға деген түрінің қара қарғадан ешқандай айырмашылығы жоқ, тек сыртқы түсі ғана өзгеше.
Пішән Жәлменде баласының «Ала қарға» атты әні бар. Көбі оны халық әні деп жүр. Пішән – өзі әнші, өзі сазгер, болыс болған адам. Жетісуда атақты адамның бірі болған. 1922-жылы жаламен «халық жауы» болып атылып кеткен алғашқы қазақтың бірі. Соның зардабынан оның көп әні әлі күнге дейін өз иесін таба алмай, ел ішінде адасып жүр. Мысалы, «Қыз Жібек» кинофильіміндегі «Ақ Жайық» әні – оның «Әшіркүл – Зейнеп» дейтін әні. Әшіркүл мен Зейнеп дейтін Андас руының қыздарымен қайым айтысқан кезінде шығарған. Оның «Әшіркүл – Зейнеп» атты ән екенін алғаш таныған – жазушы Шерхан Мұртаза мен Балғабек Қыдырбекұлы ағаларымыз.
Әшіркүл – Зейнеп,
Отырсың сөйлеп.
Бұл заман өте шығар
Өй деп, бүй деп,
деген екен Пішән.
Шауқарға, көк қарға деген түрлері болады. Шауқарғаның салмағы 310-490 грамм ғана. Түсі қара, тұмсығы қызыл құс. Тұмсығы жіңішке, түзу болады. Тоғайда, ағашты жерде өмір сүреді. Ағашқа тобымен ұялайды. Жұмыртқасы жасыл, көгілдір келеді. Бала күнімізде ағаларымыз: «Қызыл тұмсық шауқарға, Қыздан басқа жау бар ма?» деген әзіл өлең үйрететін. Ал көк қарға – қарлығаштың көлеміндей ғана көк қанатты құс. Оның қанатын қазақтар қайнатып ішіп, көкжөтелге ем қылады. Су бойындағы жарқабаққа ұялайды.
Сауысқан. Ала қанатты, қарғадан сәл кішілеу құс. Қанаты қысқа, жалпақ. Құйрығы баспалдақ секілді алға ұласқан ұзын. Басы, мойны, жотасы қара. Омырауы, топшысы, иығы ақ. Салмағы 160-260 грамдай. Отырықты құс. Қыста жылырақ жерді таңдап алады, бірақ ешқайда кетпейді. Тоғайда, ағаш арасында өмір сүреді. Ала қанат сауысқан қазақ жерінің бәрінде кездеседі.
Сауысқан-ау, сауысқан,
Жауыр атқа жабысқан.
Ойда жауыр көрінсе,
Ойбайлатқан сауысқан.
Қырда жауыр көрінсе,
Қиқаңдатқан сауысқан, – деген өлең арқылы қазақ оны өз баласына таныстырады. Ол жауыр аттың арқасын шұқып, сонда пайда болған құрттарды жейді. Сақ құс. Келіннің бетін ашарда қазақтың: «Ақ келін-ау, ақ келін! Сауысқаннан сақ келін», – деп жататыны бекер емес.
«Ала қанат сауысқан,
Ой мен қырды тауысқан» деген сөзге қарағанда, жүрмейтін жері жоқ. Есік алдында қараусыз қалған сабынға дейін іліп әкететін, үй маңында да жүре беретін құс.
Көкек. «Кө-кек, кө-кек» деп шақырады. Қазақта «Көкек өз атын шақырады» деген мәтел бар. Бізде көк көкек, сасық көкек деген екі түрі кездеседі. Өзі ұя салмайды, өзге құстың ұясына жұмыртқасын аузына тістеп әкеледі де, сонда тастап кетеді. Жұмыртқасын тастаған ұяны ұзақ бақылайды. Оның жұмыртқасын 150 түрлі құс басып шығарады. Көкек құсап өз баласын асырап-бақпай, басқаға тастап кете беретін әкені қазақ «Көкек әке» дейтін, осы күні өз баласына қарамай кете беретін «көкек шешелер» де шыға бастады. Олар өз баласына опа қылмаған соң, басқа ешкімге де опа қылмайды. Солардан құдай сақтасын!
Бұрын қазақта әке де, шеше де өз баласын тірі жетім етпейтін. Әйелі олақ, салақ болса да, балалары үшін отағасы онымен бірге тұра беретін, балаларымның анасы ғой деп сыйлайтын. Көкектік – қазақта жоқ әдет. Әрине, қазақ емес халықтардан келген әдет. Өз халқының қасиетін бойына дұрыс сіңіріп, дұрыс ұлттық тәрбие ала алмаған жастар, сөз жоқ, сөйтіп адасады. Бұл – ұлттың азғындауын көрсететін жаман әдет. Ондай жаман әдеттен жастарды қорғайтын нәрсе – әке-шеше мен ұстаздардың тәрбиесі және оқу мен білім ғана. Жалпы, жастардың жаппай ажырасып жатуы мақтан ететін нәрсе емес, ол – мемлекеттік кемшілік.
Көкектің сирағы жүнді, қанаты ұзын, ұшы өткір. Аяғы қысқа, төрт башпайлы. Антарктика мен Арктикада ғана жоқ. Жыл құсына жатады. Келесі жылы кеткен жеріне қайта ұшып келеді. Үнемі ағаш басында өмірін өткізетіні де, тек жер бетінде өмір сүретіні де болады. Аузы дәу, ұшып келе жатып та шыбын-шіркейді қағып жей береді. Салмағы 100 грамм. Ұзындығы, құйрығымен қосқанда, 40 сантиметр. 20-дай жұмыртқа табады. Үлкендігі торғайдікіндей, әрбірінің салмағы 3 грамдай. Сасық көкек дейтін түрі бар, оның денесі кептердің көлеміндей. Уілдеген дыбыс шығарады. Ол да жыл құсына жатады. Қанаты сары ала. Қарасы мен ағы да аралас болады. Басында шошайып тұратын тәжі бар. Әдемі құс. Қорыққанда қанатын жайып жата қалады. Сасық көкек тас-тастың, ескі қораның арасында ұшып-қонып жүреді. Оны «аткөкек» деушілер де кездеседі.
Қазақта «Көкек» атты ән бар. Өз атын өзі шақырады деп те, аты жоқ құс деп те атаймыз. Қазір біз сәуір деп жүрген айды ата-бабамыз «көкек айы» деген. Кезінде шенеуніктер «көкек пленумы» деген партияның пленумын қалай «көкек пленумы» деп атаймыз деген «саяси қырағылықпен» «сәуір» деп атап кетті.
Ал, «сәуір» деген айдың аты емес, амалдың аты еді. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» дейтін еді қарттар. «Сәуірде көтерілер рахмет туы» демей ме Ыбырай Алтынсарин?
Бұрын бұл айды қазақтар көк шығып, көкек құсы жылы жақтан қайта оралатын ай болғандықтан, көкек айы десе керек. тарихи шығармаларда, Рашит әд-Диннің «Жамих ат-тауарих» кітабінде «көкек айы» деп жазылған.
Торғай. «Торғай» деген – ұсақ құстардың жалпы жиынтық аты. Оның жер бетінде 5 мың түрі бар көрінеді. Мәселен, салмағы 1100-1600 грамға жететін қарға да торғай тұқымына жатады. Торғайдың жалпақ тұмсықтысы, ағашқа өрмелеп өмір сүретіні, тағы басқа сан алуан түрі болады. Шөже торғай дегені – мамық жүнді кішкенесі, топтанып ұшып-қонып жүреді. Шымшық торғайдың да түрі көп.
Қазақта «торғайдай тозып кетіпті» деген сөз бар. Басы бірікпей, жан-жаққа тарап кеткен жағдайды бейнелеп, солай дейді.
Балалар бұрын «Ұшты-ұшты» деп аталатын ойын ойнайтын. Ұшатын құстың аты аталса, тыңдап отырған балалар қолдарын көтереді де, ұшпайтын нәрсенің аты аталса, қолдарын көтермеуі керек. Егер жаңылып көтеріп қойса, онда жазаланады. Жазасына, төрешінің шешімі бойынша, не ән айтады, не ойын басқаруышының қолындағы белдіктен таяқ жейді, т.с.с.
Мысалы, ойын басқарушы: «Ұшты-ұшты, торғай ұшты!» – десе, бәрі қолдарын көтеруі тиіс. Өйткені торғай ұшады. Қолын көтермегендер жаза шегеді. Ал егер ойын басқарушы: «Ұшты-ұшты, борбай ұшты!» – деп қалса, онда ешкім қолын көтермеуі керек. Өйткені борбай ұшпайды. Ал қолын көтеріп қойған бала жаза тартады. Ойын басқарушы: «Ұшты-ұшты, кептер ұшты! Ұшты-ұшты, дәптер ұшты! Ұшты-ұшты, кепсер ұшты!» – деп әдейі шатастыруға тырысады.
Сөз үйретуге септігі тиетін қызықты ойын. «Қарға ұшты, Арба ұшты! Дорба ұшты» – деп, сөзді ұйқастыруға да, құстардың түр-түрін біліуге де баулиды. Бұл ойын баланы тапқырлыққа да үйретеді. Сөздің ұйқасын тез тауып, тез айту да өнер емес пе? «Қаз ұшты, Таз ұшты! Жаз ұшты!» немесе «Бүйрек ұшты», «Үйрек ұшты!», – деп жалғастырады.
Бұлбұл: сайрайды. Үні өте, айрықша әдемі болғандықтан, даусы жақсы әншіні қазақ бұлбұлға теңейді. Тұрқы тым әдемі емес. Арқасы бурыл қоңыр, сарғыш құйрықты, бауыры ақшыл, бүйірі сұрғылт, тамағында шұбар дағы бар құс. Жай торғайдан ірілеу көрінеді. Денесінің ұзындығы 160-190 мм. Құйрығы 65-70 мм. Қанаты 90 мм. Салмағы 25 грамм. Ағаштың бұтағына қонып алып, кеш батқаннан таң атқанға дейін түні бойы сайрайды. Тек түс әлетінде ғана тыным табады. Дыбыс байлығы қатты таңғалдырады. Нәзік үн бірте-бірте күшейіп, құбылып шығады. Сәл тыншиды да, қайта шырқайды. Өте сақ құс, көріне бермейді, оны көру өте қиын. Әр бұлбұл әр түрлі сайрайды. Балапандары сайрауды үлкендеріне еліктеп үйренеді. Тек маусымның ортасында сайрауы тоқтайды. Өйткені балапан басатын кезде сайрауға уақыты болмайды.
Қазақта бұлбұлды мадақ етпеген ақын-жазыушы жоқ. Әйгілі қазақ сазгері Латиф Хамиди ағамыз Күләштің өтінішін орындап, «Бұлбұл» атты ән шығарған.
Әйгілі әнші, қазақ операсының тұңғыш әншісі Байсейітова Күләш – «қазақ бұлбұлы» атанған алғашқы әнші. Латиф ағамызға Күләш орыс сазгері Алябев құсап қазақтың «Бұлбұл» әнін жазыңызшы деген екен. Оны Латиф ағамыз өзі еске алып айтты. Сірә, алғаш солай аталған қазақ әні болар, Дәулеткерей Шығайұлының «Бұлбұл» атты күйі бар.
Динә Нұрпейісованың да «Бұлбұл» атты өз тартуында сақталған күйі бар. Күләшке арнап Манарбек Ержанов та «Сайра, бұлбұл» атты ән шығарған.
Бұлбұлдың бір аты – Сандуғаш. Оны татар халқы солай атайды. Кезінде татарлардың «Сандуғаш» әні қазақ арасына да кең тараған. «Сандуғаш, китмә, китмә, сен! Деп әндетеді. Сен кетсең, орныңа басқалар келеді деп, осы әнді татар сазгері әдейі шығарған деседі. Бұлбұл, Сандуғаш аталатын қыз қазақта жетерлік. Естайдың да «Сандуғаш» атты әні бар.
Шымшық. Ұсақ құс. Денесінің ұзындығы 65-110мм. Салмағы 8-17 грамм. Құйрығы 6,5-110мм. Құйрық қауырсыны бірінен-бірі ұзын, бірін-бірі басқан баспалдақ тәрізді келеді: қысқасының астынан ұзынырағы, оның астынан одан ұзынырағы шығып тұрады. Қанаты қысқа, дөңгеленген. Тұмсығы 6-9,5 мм. Сирағы мықты, имек тұяқ. Жұмыртқасы – ақ. Отырықты құс. Біздің жерде көп кездесетіні – көк шымшық. Жылдам, епті құс. Жеуге жарайтынның бәрін жей береді. Басқа жақта үлкен шымшық та болады екен. Олардың құйрығы да ұзын болатын көрінеді.
«Әне шымшық, міне шымшық,
Терезеден ұшып шық!» – деп, балалар жасырынбақ ойнағанда, кімнің іздейтінін, кімнің бұғынатынын анықтайды.
Құтан. Ұсақ, орташа көлемді құстар. Салмағы 20 грамнан 1100 грамға дейін жететіні болады. Сирағы ұзын. Пошымы әртүрлі болады: бірінің тұмсығы ұзын әрі жіңішке болса, кейбірінікі не түзу, не өрге, не төменге иілген болады. Қанаты кәдімгідей ұзын, жіңішке әрі үшкір. Жақсы ұшады, жерде жақсы жүгіреді, суда жақсы жүзеді, жақсы сүңгиді. Батпақты жерлерде жүреді. Ашық теңіз бетінде қыстайды. Ақ құтан, көк құтан, қызыл құтан деген түрлері бар. Тырна, дегелектермен туыстас әрі ұқсас.
Мойны ұзын, өзі арық кісіні қазақ көк құтанға теңейді, «көк құтан» құсап деп отырады.
Шағала: шаңқылдайды. Сулы жерде ғана болады. Жақсы ұшатын, ауада жеңіл, емін-еркін қалықтайтын құс. Кейде ауада бір орнында тұра береді. Қанаты ұзын, тұмсығы орташа көлемде, кейбірінің ұшы имек. Су жағасында өмір сүреді, бірақ құрғақта да жүре алады. Шулап жүретін құс. Олар бір-бірімен қиқулап хабарласады.Тамағын су ішінен тауып жейді. Балапаны 2-3 күнде жүгіріп те, жүзіп те кетеді. Бірақ ұяда ұзақ болады, өйткені өзі тамақ тауып жей алмайды. Түрі көп: ақ шағала, қызыл шағала, қарлығаш құйрықты шағала, күміс шағала, өгіз шағала, т.б. 1969-жылы қазақ ориантологы Элдар Қонаев Алакөлден реликт шағаласын қайта тапты. Оған дейін ғалымдар оның бір данасын Орталық Азиядан көріп, белгілі шағалалардың бірі шығар не будан, қоспа түрі болар деп қойған екен. Жер бетінде бұл түрінің бар-жоғы 600-800 жұбы ғана қалған көрінеді. Ол – дүние жүзіндегі және Қазақстандағы ең сирек құстың бірі.
Тоты: жүні, қауырсыны түрлі түсті әдемі құс. Орман ішінде өмір сүреді. Қазақ «тотыдайын таранып» деп, әдемі киінген қыз-келіншекке қарата айтады. Адамның сөзін, дауысын айнытпай салатын, үйреткен сөзіңді қайталап айтатын түрі де болады. Денесі тығыз, мойны қысқа, басы дәу, тұмсығы қысқа, қарулы келеді. Жапалақ тоты, тоқылдақ тоты, ара деген түрі бар. Какаду деген түрі асырауға жақсы көнеді. Басында айдары болады. Тілімізде «тоты» сөзінің бұрыннан бар болуына қарағанда, ол құс ертеде біздің елде де өмір сүрген болу керек.
«Тотыдайын таранған,
Сұңқардайын сыланған…
Сұлу Жібек бар ма екен?» –
деп, Төлегеннің серігі Шеге жырау Жібекті тотыға теңейді.
Өз сөзіңді өзіңе қайталап айта беретін адамға: «Не болды? Тоты боп кеттің бе?» – деп жатамыз.
Байғыз: сұңқылдайды. Ескі тасқоралар мен айдаладағы көне қоныстарды паналайды.Үкі тұрпатты құс. Қазақтар оның даусын да, өзін де жақтырмайды. Жаман ниетті құс санайды. Даусын жақтырмаған адамды: «Байғыз құсап сұңқұлдап», – дейді. «Бір байдың жалғыз қалған қызы екен, өмірде сұңқылдап жүріп, ақыры құсқа айналып кетіпті» – деп аңыздайды. Содан Байғыз (Байқыз) аталыпты-мыс.
Әупілдек: әупілдейді, үһілейді. Жемсауына суды толтырып алып, соны қайта шығарғанда, күрсінген кісіше сондай «әуп», «үһ» деген үн естіледі. Әлденені көтере алмай жатқандай әсер береді. Қамысты көлде өмір сүреді. Үлкендігі үйректей, үстінде қара қоңыр дағы болады.
Жұмыртқалайды. Жыл құсына жатады.
С. Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» атты романында «Әупілдек» әнінің әдемілігі мен әсері жайында тебірене жазады. Ол ән құс емес, шындығында, «Әупілдек» атты көл жайында.
«Қамысы Әупілдектің мүше-мүше,
Сарғайдым осынау көлдің суын іше.
Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,
Барар ем мен еліме әлденеше», –
деп, Әупілдек көлін әншейін өз басының қайғысына ұштастырған. Бұл әнді 1873-жылы туып, 1932-жылы қайтыс болған Атбасарлық ақын Мықажан Шиденұлы Марзамбеков Дәмеш атты әйелдің тағдырына қатысты шығарған екен. Осы әдемі өміршең әнді бұрын Қазақстанның халық әртістері Рәбиға Есімжанова, Рахия Қойшыбаевалар шырқаса, бұл күндері Гүлмира Сарина секілді қарындастарымыз шырқап жүр.
Дегелек: Оңтүстік өңірдегілер ләйлек деп те атайды. Тырна тектес жыл құсы. Мылқау құс деуге болады, үнін шығармайды. Сирағы ұзын, ұясын биік жерге үлкен етіп салады. 70 күнде жұмыртқасы балапан жарады. «Дегелек келді – жаз келді» дейді қазақ. Ол келгенде, күн де жылынады, жаз да шығады деген сөз. Жылдам жүрген кісіні «дегелек қақты» дейтініміз бар. орыс халқы оны «айыс» атап, балалардың сүйікті құсы санайды.
Тырна: тыраулайды. Аяғы, мойны ұзын, найза тұмсықты, төбесі таз құс.
Аспанда біресе тізбектеліп, біресе топталып ұшады. Көктемде туған жеріне ұшып келе жатқанда, күзде ұшып кетіп бара жатқанда, балалар ұшып бара жатқан тырналарды көрсе, «Арқан тарт, кілем жай!», – деп, бұйрық бере айқайлап тамашалайды, сол кезде тырналар арқан тартқан секілді бірінің соңынан бірі тізбектеліп ұшады. Біраздан кейін тізбектелгенін қоя салып, бір ортаға жиналып, «кілем жайып» ұшады. Себебі тізбектелген кезде ең алдыңғы тырна ауаны кеудесімен кемеше тіліп ұшады да, артындағылар шаршамай, соның ығымен ұшып отырады.
Сәл тізбектеліп ұшқанын көрген балалар: «Кілем жай!» – деп, тағы айқайлайды. Сол кезде тырналар жиналып, топталып ұша бастайды. Онда да бір-бірін ықтап ұшады. Қайтадан «Арқан тарт!» дегенде, алдыға басқа тырна тұра қалып, тағы тізбектеледі. Соны қызықтаған балалар, тап бір өздерінің бұйрығын орындап жатқандай, «Арқан тарт! Кілем жаз!», – деп, қашан көз ұшынан ұзап кеткенше айқайлайды да жатады.
Соның бәрі тырналардың ұйымшыл, белгілі бір тәртіпті қатаң сақтайтын құс екенін танытады. Жыл құсына жатады. Үндістанды, Оңтүстік шығыс Азияны қыстап қайтады. Оңтүстік Америка мен Антарктикадан басқа жердің бәрінде бар. Төбесінде ұсақ шашақ сияқты қауырсыны болатын түрін тәжді тырна дейді. Жусанды даланы жақсы көреді. Жұмыртқасы ұсақ шұбары бар қошқыл бұурыл түсті болады. Сұр тырнаның ұзындығы 125 сантиметрге жетеді, салмағы 4-5,5 келі болады. Қара мойын тырна, ақ тырна болады. Ең дәуі үнді тырнасы саналады, оның ұзындығы 180 сәнтіметірге жетеді. Азайып бара жатқан құстың қатарына жатады. «Таз ашуын тырнадан алады» деген сөз бар. Тырнаның да төбесі таздың төбесі секілді жүнсіз болады. Сірә, сол тұрқы ұқсас болғандықтан айтылған сөз болуы керек. Мүлде жазығы жоқ адамды жазғырып жатқандарға айтылады. Шынында, адамның тазы мен тырнаның таз басында қандай байланыс бар?
Қызғыш: шақылдайды, қиқулайды. Қазақта бір нәрсені «қызғыштай қориды» деген сөз бар. Соған қарағанда, қызғыш құс өз ұясын өте қатты қоритын болу керек. Кішкентай ала қоңыр құс. Көл маңайын, сазды, батпақты жерді мекендейді. Желкесінде қара қауырсынды айдары болады. Махамбет ақынның:
«Әй, қызғыш құс, қызғыш құс!
Қанатың қатты, мойның бос», – деуі де сол құстың дене бітімінен біраз хабар береді.
Тазғара: құңқылдайды. Биік таулы жерде өмір сүретін ірі құс.Төбесі тап-тақыр, тым құрыса түк те өспейді, таз секілді. Қанаты ұзын құс. 2000-3200 метірлік биіктікте ұялайды. Денесінің ұзындығы 125-150 сәнтіметір. Салмағы 8-12 келі. Өлексе жейді. Төбесі – таз, түсі – қара болған соң, содан «тазғара» аталған.
Тауыс: дене жүні қырғауылдың қоразынікіне ұқсайды, түрлі түсті қауырсыны одан да әдемі. Мойны мен сирағы ұзын, басы кішкентай, қанаты қысқа, басында қоқима айдары бар құс. Құйрығының қауырсыны қызыл-жасыл, сары түс араласқан әдемі, оны жоғары көтеріп желпіуішше ашып-жауып тұрады. Сол көрініске қызыққан жұрт тауыстың желпіуіш құйрығын көріуге әдейі ұмтылады. Құйрығы кемпірқосақтың бояуынша құбылып, дәу желпуішше жайылып көрінеді.
Дауылпаз. Жер бетінде 66 түрі бар екен. Бір ғана жұмыртқа салады. Теңіз жағалауында өмір сүретін құс. Әуеде ұшады, суда жүзеді, сүңгиді. Үлкені, кішісі болады. Үлкенінің қанаты 2 метрге дейін жетеді.
Орыстың атақты жазушысы А. М. Горькидің «Дауылпаз туралы жыр» атты шығармасы арқылы аты шыққан құс. «Дауылпаз дейтін құс болады, даусы жер жарады, қасына барсаң, жұдырықтай ғана», – деген сөз бар.
Қазақта дауылпаз атты әуез аспабы бар. Үні дауыл тұрғандай, яғни дауылпаз құстың үніндей шыққан соң, солай атаған болу керек.
Бірқазан (Бірғазан). Аяғы ескек секілді болады, сондықтан оны ескекаяқты құс дейді. Салмағы 7-ден 14 келіге дейін жетеді. Тұмсығы денесінен 4-5 есе ұзын болады. Тұмсығының астында үлкен жемсауы бар. Ұсақ балық пен су жәндіктерін су-муымен бірге жұтып алады. Жемсауына бір қазан су сияды деген мағынада бірғазан деп аталған. Көлді, сулы жерде өмір сүреді.
Суда ұзақ уақыт жүреді, бірақ сүңгімейді. Құрғақта да жақсы жүреді. Балық жейді. Қызыл түрі де болады.
Қазыуар. Салмағы 80 келіге, биіктігі 150 сантиметрге жетеді, ұша алмайтын құс.
Біздің жерде кездеспейді, хайуанаттар паркінен көруге болады.
Жарғанат. Тұрқы тышқан секілді, денесі 4-16 сантиметр аралығында. Қанаты жайылғанда 15-тен 75 сантиметрге дейін үлкейеді. Салмағы 200 грамнан аспайды. Көзі кішкентай, күндіз де, түнде де жақсы көрмейді. Құлағы шұнақ. Негізінен дыбысты сезу, есту арқылы бағыт ұстайды.18-20 тісі болады. Қан соратын түрі бар. Оларды қансорғыш-вампир дейді. Шошқа тұмсықты түрі де болады.
«Жарғанат қанатымен көзіңді қағып кетеді», – деп, қазақ оны онша жақтыра бермейді, сүйкімсіз құс санайды. Оны жейтін де жұрт бар.
Қарабай. Төбесі, мойны, жотасы ғана қоңыр келетін жіңішке ұзын тұмсықты қара құс. Көлді, сулы жерде ғана өмір сүретін, тек ұсақ балықтарды аулап жейтін құс.
Аз зерттелген, сирек құс. Қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» аталатын ғашықтық жырының басты кейіпкері Баянның әкесі Қарабай деп аталады. Ол – сараңдықтың бейнесіне айналған ат. Оның алдында сараңдықпен аты шыққан Қарынбай мен Шығайбай бар.
Құрқылтай. Шымшық торғайдың бір түрі. Ұясын бұта ағаштың бұтағына салбыратып салады. Екі бүйірінен тесік қалдырып, дорба құсатып тоқып, сілекейімен қалайды. Ұяны қоразы салады да, жұмыртқаны мекиені басады. Еділ мен Жайық бойында, Балқаш өңірінде өте сирек кездеседі. Қамысты, сулы, тоғайлы жерде өмір сүреді.
Құрт-құмырсқаны жейді. Сыр бойындағы тоғайда жиі болады. Кішкентай ғана, сегіз-тоғыз грамм салмағы бар торғай.
Өзі кішкентай, терезесі тар үйді «құрқылтайдың ұясындай» деп жатамыз.

(Жалғасы бар)

Бексұлтан
НҰРЖЕКЕҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ