Шалқар дарын

Илья Жақанов! Бұл есімді қай қазақ баласы білмейді? Ән деп жүрегі соққан, жастық арман жылуында мажыраған, туған жерге деген асыл сезім құшағында тербелген, достыққа деген пәктікті жүрегінде әлдилеген қазақ елінің әрбір перзенті Илья әндерінің жаныңды баураған сазының ғажайып лиризмге бөккен мелодиясымен сусындап өсті. Елдегі салтанатты сәттерден бастап, адамның өмір жолдарындағы әрбір белесі қазақ музыкасымен ғана өріс тауып, қуаныштың биіктеген шыңдарына өрлесе, оның ішінде Илья әндерінің жүрек қылын әуелетіп, әр саналы адамның ішкі үндеріне үлес берген мелодиясы жүреді.
Өзін теледидардан көріп, өнерге деген іңкәрлік сезімді барынша айтумен ғана «сап-сап» дегізіп жүрген аймақтың әнқұмарлары сол адамның өз құшақтарына келіп, ерекше ілтипаттарына бөленіп жүретіндігін қандай сөзбен жеткізуге болады.
Екі ғасыр – жиырмасыншы және жиырма бірінші ғасырлардың бір-бірімен жамырасып табысқан жылдарында Илья Жақанов өзінің әлемнің көзі мен жүрегін аялаған музыкасымен найзағайдай жарқылдап, асқар толқынды Каспийдің жағасында Атырау халқының асқақ ағынында жүргендігі шексіз қуаныш, әр жүректе ерекше шабыт бұлқынысы мен таңғаласын туғызды. Өткен қазақ өнерінің ренессанстық екінші ғасырының аяғында Атыраудың әкімі болып келген Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов бір шоғыр қазақтың таудай айдарлы да айбарлы өнер қайраткерлерін республиканың шалғай аймағы болып есептелетін Атырау жеріне қос ғасырдың тоғысында алып келуі сөз жеткізіп айта алмайтындай құбылыс еді. Атырау жері дүр сілкінді. Күй құдіреттері Шамғон Қажығалиев, Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров, академик – ғалым, сөз зергері Зейнолла Қабдолов, күміс көмей әншілер Ғафиз Есімов, Сәуле Жанпейісова, композитор Илья Жақановтар кәрі Каспий мен Ақ Жайықтың мөлдір кәусәрін бұрын-соңды болмаған толқынды тебіреніске кенелтті.
Қазақтың көрнекті ақыны Жұбан Молдағалиевтің 80 жылдық торқалы тойы Оралдан бастау алып, Атырауда жалғасын тапқанда облыстық қазақ драма театрының сахнасында атақты «Еділ – Жайық» әнінің шығу тарихынан тебірене де теңселе сөйлеп, Жұбан ақынмен екеуі құдіретті әнді қалай дүниеге келтіргендерін айтып, сол әнді өзі әр көрерменнің жүрегін шымырлата, қан қысымдарын бастарына жапшыта шырқап болып: «– Құрметті Атырау азаматтары, мен Жұбан рухын тірілтушілермен бірге жүрген жолаушы едім, сіздер осы бір естен кетпес өнердегі тарихи оқиғаны әрқашан ұмытпай жүрерсіздер демекпін. Әзірге, қош», – деп сахнадан түсіп бара жатқанда, поэтикалық кешті өзі басқарып отырған облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов жұлып алғандай:
– Илья аға, сіз халықпен қоштаспаңыз. Сіз енді Атырау тұрғыны боласыз. Қаланың қақ төрінен сізге пәтер сайлап қойдым. Соған жайғасасыз. Каспий өңірінің жастары сіздің әндеріңіздің сусынын емін-еркін сіміруі керек, – деді. Залдың аузы-мұрнынан шыға толып отырған торқалы тойға келген халық дүрілдеп кетті. Қайта-қайта қол соғылды. Әр жүректен тасқындаған, әкімнің тамаша шешімін қоштаған сезім қоймастан соғылған шапалақ арқылы лақылдап құйылды. Бұл тарихи сәт 2000-шы жылдың күзі болатын.
Міне, содан бері Атырау елінің Жақановты, Жақановтың Атыраудың әр тұрғынын баурағаны сондай, енді Атырауды Жақановсыз сезіну мүмкін болмай қалды.
Ал, Қазақ Елін соншама махаббатымен өзі де құшағына алып, елі де оны еміріне иіскеп, жұпарына тоймай жүрген Илья Жақанов кім?! Илья Қазақстанның оңтүстік өлкесінде қазіргі Жамбыл облысының Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылында 1936 жылдың балбыраған мамыражай кезі – мамыр айының басында дүние есігін ашып, табиғат жаңарып жатқан шағында ілесе бірге келіпті. Ильяның анасы Бәлкен сол сәтті былай еске алыпты: «1936 жылдың қызғалдақты қыры құлпырған мамыр айының алтыншы жұлдызы….. сол күні біздің «Ілгерібас» колхозының жайлауындағы болған, құдіреті күшті тәңір ием, Қаратаудың қыртыс-қыртыс жотасы.. біз Жон жайлауына шығып, Нұртай өзенінің қыр жағы… күншығыс беті-бұлағы сылаң қаққан Бөкенсайына келіп, жапатармағай үй тігіп жаттық. Дала қызғалдағы көз жауын алып, жайнап тұрды. Жайлаудың жұпар лебі желпіді. Арқаның салқын самалына үйренген біздің жұрт осы жайлауға шыққанда: шіркін, осы Жон-ай, Сары арқаны жоқтатпайды, дейді масаттанып. Айтса айтқандай, Жон көкірегімізді ашқан бір жаннат дүниесі боп, сондай қызықтырды. Жұрт мәре-сәре мәз кезде, о тоба, жылы жел көтеріліп, қара нөсер сабалап ұрып кеп берді. Әне-міне дегенше, ол жапалақтап жауған қарға ұласты. Лезде дүн-дүниені ұлпа қар басып салды. Бұл не деген ғаламат еді! Кенет мен …. мен белім ұйып отыра қалдым.
Дүниеге сен келдің, Илья, сен !» – деп толғана айтқан әңгімесі табиғаттың буырқанған болмысы мен ерекше құбылысын көз алдымызға елестетеді.
Заман аласапыран боп, дүркіреп тұрған кез. Аппақ кіршіксіз ақ адамдар еріктерінен тыс «халық жауы» аталып, түрмеге қарай бағытталып жатқан мезгіл. Дүниеге сәби келіп, мәре-сәре болып жатқан отбасына жандарын қоярға жер таба алмай, айдалып кетеміз деп зәрелері кетіп жүрген елдегі үш қария құтты болсын айтып, келе қалады. Балаға әлі ат қойылмаған екен. Бұлар сол рәсімді атқармақ боп, нәрестеге есім берудің саяси жағын да қамтып, Лениннің әкесінің атын қойыпты. Содан бала «Илья» атанады. Осылайша ат қойылу жайы ел-жұртқа тарап, тіпті, аудан басшыларына да жетіп, баланың әкесі Жақан да, ат қойып, азан шақырған үш қонақ та қуғын-сүргіннен аман қалыпты. Сөйтіп, Ильяның адамды аялауы дүниеге келмей жатып басталған екен.
Илья дүниеге келгенде табиғат та, адамдар да бір сілкініпті. Жас Илья сәби кезінен халықтың ән бұлағына әннің нөсер жауынына шомыла қызықтап шапқан, кең даланың мөлдір ауасын әсем дауысымен алғаш дірілдеткен жас өспірім мектепте оқып жүргенде-ақ өнерпаздығымен, әнге әуестігімен жырға елтуімен, мектептегі шәкірттік өмірі әнді жүрек бөлшегі етуімен өтіпті.
Орта мектептен соң, Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіпті. Бұл 1954 жыл еді. Әнге, жырға әуестігі толастамады. 1956 жылы, студент кезінде тұңғыш сыймаған сезім дүмпуімен лықсып алғашқы ән туыпты. Ол «Түн ортасы болғанда» деп аталыпты. Илья жастайынан поэзия пірі Қасым Аманжолов жырына сүйсінген. Өзі әнге сұранып тұрған ақын өлеңі Ильяның мөлдіреген нәзік сазына оранып шыға келіпті. Оған Қадыр Мырзалиев сөзіне шығарылған «Салтанат» әні жалғасыпты. Әндер легі бір-біріне ұласып, композитордың шын шабытты, жұлдызды шағы жарқырап, тума талант тиегі ағытылыпты. Студенттер бұл кезде Абілахат Еспаев бастаған сазгерлер әндерімен шалқып жүрген шағында, Илья әндері де салтанатты көшке ілесіп, жастардың рухани нәріне айналыпты.
Таланттарды табиғат үндестіреді. Сол шақтарда туған әндерінің бірі – «Ақ қайың». Осы әнге байланысты Илья бір тебіреністі кезінде былайша сыр шертіп еді. Радиода істеп жүрген кезінде тұңғыш рет Мұқағали Мақатаевпен танысыпты. Бұрын Ильяны сыртынан білетін ақын «Ақ қайың» әнін радиодан тыңдап жүреді екен. Кездескенде Ильяны қасына шақырып алып, былай депті:
– Илья, сенің «Ақ қайың» әнің ғажайып шығарма. Бұл әнді тыңдағанда көзіме жас келеді. Бойлай керемет тебіренемін. Мұнда бір тылсым сыр бар. Адамның ішкі тіндерін қозғайды деген ақын Мұқағали Мақатаев «Ақ қайың әні» атты дастан жазып шығарады.
Ұлы ақынның Илья әніне деген құштарлығы тегін емес екені бірден белгілі. Бұл – ұлының ұлыны танығандығы.
И.Жақановтың – студент кезінен қолынан қаламы түспеген жазушы екендігін оның прозалық шығармалары дәлелдейді. «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс» повестері, «Аққулар қонған айдын көл», «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Махаббат вальсі» атты деректі әңгімелері мен эсселері, «Ықылас» атты романы бұған дәлел. Ильяның бір ерекшелігі – қырғыз тілін өте терең меңгергендігі сондай – «Қайта оралған ән» және «Қош бол, вальс» повестері, «Ықылас» романы алғаш рет қырғыз тілінде жарық көрді. Сонымен бірге қырғыз жазушысы Т.Қасымбековтің «Сынған қылыш» атты тарихи тақырыпқа жазылған роман-дилогиясын қазақ тіліне аударған.
Илья Жақанов 1959 жылы филология факультетін бітірісімен 1959-1963 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде, 1963-1984 жылдары Қазақ ҚСР телевизия және радиохабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеттің редакторы, аға редакторы, Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы қызметін арқарғандығы жазушы қаламы төселіп, шеберлене түсуіне үлкен себепкер болғандығы даусыз. Әдеби көркем шығармаларында жазушы музыканың адам өмірімен байланысы, адам болмысында музыканың алатын орны, оның адамды тәрбиелейтін, адамды адам ететін қасиеті, адамның сазсыз өмір сүру мәнінің жоқтығы шынайы суреттеледі де, өнер қайраткерлерінің естен кетпес бейнелері жасалады.
Ильяның 2006 жылы жарық көрген «Бұлбұл әуезі» атты жинағындағы «Қазақ вальсі», «Бұлбұл», «Өр Алтай, асқан Алтай, асқар Алтай», «Айгөлек», «Түнек сәулесі», «Жас қазақ», «Жүрек сыры», «Қаракөз», «Қайықта» атты шығармаларын жазушы «көркем эсселер» деп атаған екен, оған қоса біз бұларға өнер тақырыбындағы көркем повестер мен әңгімелер деп айдар тағар едік.
Міне, Ильяның осылайша жазушы екенін білсек, «Аққу әні», «Зәуреш», «Жүрек пернесі» атты кітаптары арқылы оның музыка зерттеушісі екендігіне көзімізді жеткіземіз.
Илья – композитор. Студент кезінен бері екі жүздей ән шығарып жазған екен. Ата-бабалардың керемет қасиеті бойындағы бұла күшпен мәнерлі құйылып, елді саумал сазбен сусындатумен келеді.
Илья әндері! Әр қазақ музыкант емес, бірақ әнді түсінерліктей мүмкіндігі зор. Той-томалақтарда әр қазақ «әу» деуден құр емес. Композиторлардың көңілді әндерін сүйсіне тыңдап қана қоймайды, шырқап айтады да. Солардың ішінде қазақтың жанына, жүрегіне жақын композиторлардың бірі – Илья Жақановтың әндері.
Шіркін, жастық шақ! Әр адам жас шағында Ильяның талай әндеріне тебіренді-ау! Илья әндерінің бір ғажабы – шалқып, кеудені кере айтқанда, қазақтың кең даласының рухы адамға қанат бітіргендей болады.
Самалы жұпар жазғы бір кеште,
Ойласам болды Ыстық көл жақты.
Айтылған сырлар түседі еске,
Оятқан сонда ақ махаббатты.
Осы әнге Ильяның өзі шығарған сөзі қалай қиюласқан десеңізші! Айтушының да, тыңдаушының да бар сезімін баурап алады. Мұнда сағыныш, арман, мөлдір сезім, іңкәрлік бүкіл болмысыңды құндақтап, бесікке бөлеп тербеткендей. Бұған қайырма жалғаса келіп, жан-жүйені сілкілеп-сілкілеп алады.
Тулайды жүрек, толқындай шалқып,
Аңсайды жүрек өзіне тартып,
Сағынтқан әнім, Әселім жаным,
Сағынтқан әнім, Әселім жаным.
Бұл жігіттер мен қыздардың мөлдір сезімдік шақтарының айырылмас мәңгі досы, сүйсіне, мақтана шырқайтын әні болып келеді.
Ильяның музыкалық шығармашылығындағы классикалық туынды – «Еділ-Жайық» әні. Бұл әннің құдіретті сазында қай ұлт өкілінің де жүрегін жаулап алатындай ерекше қасиеті бар.
Не деген алапат кең, не деген дарқан шалқыма дүние десеңізші!
Асылы, Илья таланты қазақтың шетсіз де шексіз даласы мен буырқана толқынымен аспанға шапшыған суларын жырлауға келгенде, қанатын жая жөнелетін қасиетке ие.
Құлпырады дала, гүлдейді орман,
Емізеді егіз Еділ мен Жайық.
Ақ шағала айдын, ақталған арман,
Тербеледі кеме, ойнайды қайық.
Кеудені кере баяу шырқатқаннан кейінгі:
А-а-а ағады шалқып,
Аққулары қалқып,
Еділ мен Жайық, –
дегенде, өзіңнің туған жеріңе деген сүйіспеншілігің арта түскендей болады. Саз бен сөз бір-біріне үйлесіп, қиюласып, бойыңа мақтаныш кернетеді.
Илья әндерінің осы қалайы жоқ. Бәрі жүрегіңді қолыңа ұстатып, бауырыңды елжіретеді, көңіліңді асқақтатады, шалқыған сезімнің ақ жауынына қарсы жүгіргендей боласың. Өзіңді ерекше бақытты сезінесің, дарқан сезінесің, өмірде бар екеніңді әлемге жариялай алатындай күй кешесің. Мұның бәрі композиторға деген шексіз ризашылыққа әкеліп, оның талантына табындырады.
Ильяның әрбір әні лиризмімен гүлдің хош иісті жұпарындай, жаздың кешкі жылы самалындай, Ақ Жайықтың толқындарының жүйкені жібітерлік сылдырындай, ғашықтар иіліп кеп, бір-бірінің мойнына жібек дем сыйлағандай, он екі мүшеңді жібітіп, алпыс екі тамырыңды күйге түсіргендей. Қуаныштың да, мақтаныштың да, сүйіспеншіліктің де, ризашылықтың да, бәрі қосылып, балбырай жүйке жібітіп, рахатқа батырып, көзге жас үйіргендей.
Ән – құдірет сыйы. Әйтпесе, адам жан дүниесін аялап, бүкіл болмысын жаулап алмас еді. Осы құдіретті тудыру сәттегі сезім күйді композитор былайша баяндайды: «Арада содан бері бір жайнаған жайсаң жігіттің ғұмырындай отыз жыл өтіпті. Бұл кезде менің алпыстан асқан шағым. Жұрт мені белгілі композитор дейді. Осы тұңғыш ән туғанда жиырма жастағы бозбала едім. Ән шіркіннің не екенін парықтай алғам жоқ. Енді кексе жасқа келгенде сол ән құдіреті жаратылыстың бір тылсым құбылысы екен. Ұлы табиғаттың үні – дыбыс. Оның не екендігін жұрттың бәрі біле бере ме тегі? Бізді қоршаған ортада миллиондаған дыбыс бар деп айта береміз, бірақ ол мүлде шексіз емес пе? Сол дыбыстардың бәрі бірдей жүректі тебірентсе, кәні? Ал бірақ дыбыс әлемінде, о шіркін дүние десеңізші, қандай-қандай таңғажайып дыбыстар бар! Олар – әуезді дыбыстар.
Табиғат сыры таң-тамаша қалдырады. Әуеде ақша бұлттардың арасын сызып бара жатқан аққудың үні, тастан құлап жүгірген күміс бұлақ сылдыры, мақпал түнді тербеген бұлбұл әні, лып еткен самал желпіген жапырақ сыбдыры, мөлт-мөлт етіп тамған тамшы не? Тіпті орман шуылы, ішін тартып ұлитын ақ түтек боранға құлақ түріп көрші… Сәуірде шарт ете қалған найзағай. Күтір-күтір етіп күркірей жөнелген қара аспан дауысы дүниені тітіретіп жібермей ме? Не деген сұрапыл дыбыс ол! Тау шатқалдарындағы үңгірлер гуілі, ұлы дариялар мен теңіздерде бірін-бірі жаншып құлаған көк толқындар сарылы… Осы дыбыстарды ұмыттырып жіберетін тәтті әуез – құлыншақтың қоңыраулы үні, ботаның «бө-ө-ө» деп енесіне еміренуі, тал бесікте шаңыраққа қарап жатып нәрестенің сықылықтап күлуі – осының бәрі-бәрі жаратылыс үні! Ал, мұның бәрінен де құдіретті үн – адам үні! Адам көзбен көріп, құлақпен естиді. Ненің не екенін түйсігімен түсінеді. Ол сезім бұлқынысы болып сыртқа шығады. Сезім қандай еркін болса да жүрекке бағынады. Оны күйдіре жандыратын да – суытып салқындататын да – жүрек деген әмірші! Жүрек бәрін қозғайды, бәріне араласады, бәріне кіріптар, бәріне дәнекер ол. Оның күлуі де, жылауы да – оп-оңай. Ләззат табуы да, күйреуі де – тез. Абай сол себептен: «Жүрегімнің түбіне терең бойла», «Жүрегім менің қырық жамау» деді ғой. Атақты математик Лейбниц: «Музыка есть безсознательная упражнение души в арифметике» деп жазыпты. Ол ми мен құлақтың дыбыс атаулыны әп сәтте есептеп, реттеп, оның аккустикалық тербеліс жиынтығын шығаратын құпия сырын айтқан шығар. Ал адам өз көңіл-күйінің қалауына орай сезім тебіренісін бейнелейтін дыбыстардың ішінен ең әуезді дегенін саналы түрде таңдап алады. Осыларды ойлау процесі үстінде белгілі бір жүйеге түсіріп, дыбыстардың ұзақтығы мен биіктігін халық әндерінде айтылатын: «Тіл мен көмей дейтін үн аппаратының қалпына салып, оны не қуанышты, не мұңды сезіммен әндетеді. Бұл – әннің шығуы! Ұлы жаратылыстың осы болмысы өз бойымда бар екенін мен тұңғыш рет «Түн ортасы болғанда» атты әніммен сезініппін…» (Жақанов І. «Есімде менің сол бір кез» – «Егемен Қазақстан», 2015 ж. 15 шілде).
Міне, И. Жақановтың үлкен әдеби эссесінен осы үзіндіні ұзағырақ келтірдік. Себебі, бұл автор толғанысында әнді тудырудың тәжірибесі баяндалады. Бұл әр адамның: «Ән қалай туады?» – деген сұрағына толық жауап бергендей. Осы айтылғандар композитордың ұзақ жылдар бойына санасына ұялаған өз тәжірибесі. «Ән қалай туады екен?» – деген сұрақ өзін де мазаласа керек. Сол сұрақ уақыт өзі толғаттырып дүниеге әкелген поэтикалық жазбаны қандай композитор да: «Иә, дәл солай!» – деп қостай кететіні шындық.
Илья Жақанов өзінің әндерінің қалай туған тарихын суреттейтін эсселері мынадай қомақты үш кітабында жан-жақты баяндалыпты: «Сырлы жүрек пернесі» (2008 ж.), «Еділ-Жайық» (2008ж.), «Теміртауда мақпал түн» (2010ж.) Олар Алматының «Ұшпақ», Орал қаласының «Дастан», Астананың «Фолиант» баспаларында жарық көрген. Бұл жинақтарда шығарған бірқатар әндері ғана қамтылған. Осы әндері туралы жазғандарының өзінен композитор көркем фантазияға толы лабораториясына өз оқырмандарын енгізіп жіберіп, емін-еркін аралатады. Мұндай жиһазға және құпияға толы лабораторияға кез-келген композитор енгізе бермейді. Өйткені олардың ғажайып ұстахананың терең сырына үңілте білетіндей мүмкіндіктері жоқ. Себебі олар Илья сияқты көркемсөз шебері, әдебиеттің асыл үзіктерін мөлдірете баяндай алатын жазушы емес. Ал, Ильяның ең ғажап артықшылығы осында. Сонымен бірге ол өзінің ән жиһаздарының қалай қаланып, қандай зергерлік, нәзіктікке жеткенін, қандай үндер бояуын жағып, қандай асыл тасты моншақ таққанын жасырмай және ешкімнен қызғанбай жайып салады.
Бұл тек ұстахана емес, шағын лаборатория емес, шеті мен шегіне жете алмайтын галерея десе болар. Сондықтан оны аралай бергің келеді. Бірінен бірі қызық. Бірінен бірі мөлдір. Осы керемет галереяны аралатып, бәрін бүге-шүгесіне дейін таныстырып, бір сарайдан бір сарайға кіргізіп жырлайтын гид – композитордың өзі.
«Жүректің сырлы пернесі» кітабынан «Менің дауысым естілер», «Қарашық», «Дүние», «Арыс», «Күреңбел», «Арманым едің» әндерінің; «Еділ – Жайық» кітабынан «Еділ – Жайық», «Қарабұтақ вальсі», «Ырғыз», «Шалқар», «Ойыл толқыны», «Әйтеке бидің толғауы», «Доссор вальсі», «Құлсары», «Оралдың ерке бұлбұлы», «Ағады Жайық, ағады», «Мақаттың ерке бұлбұлы», «Ақмарал» әндерінің; «Теміртауда мақпал түн» кітабынан – «Толағай», «Алматы кешінде», «Теміртау түні», «Жаңаарқа самалы» атты әндерін дүние жарыққа әкеліп, халқымыздың рухани қазынасына айналғандығының қызықты хикаяларымен танысамыз.
Біздің байқауымызша, И.Жақановтың композитор болып, ән шығару әуелде ойында болмаған және мақсат та етпеген сияқты. Алла тағаланың құдіреті оның барлық санасын музыка әлемі жайлағандай күй кешеді. Себебі, бала кезінен ол әнге, сазға бөленіп өскен. Музыкаға әуестік нағашы жұрты арқылы тараған қанда болса керек. Әкесі Жақан да әнші болған. Мектептегі мұғалімдері де бұл өнерді оның бойына дарытып, дамыта берген. Әншілік өнері, әсем дауысы бар әкесі майданнан бірқатар орыс әндерін үйреніп келіпті. Той-томалақта, әртүрлі басқосуларда бойлай осы әндерін қазақтың халық әндерімен кезектестіре шырқайды. Осындай ортадан тәлім алған Илья өзі де ән айтуға талпынады. Мектептегі кештерге белсене қатысады. Осының өзінен адамның әрқашан жан жолдасы, көңілін тербеуші, шатты шақтарында шабытқа қанат бітіруші, мұңды кездерінде мөлдірете тербетіп демеуші музыка болған деуіміз керек.
Кейін Алматыда Қазақ университетінде оқып жүргенде университет ішілік алуан түрлі шараларға қатысқан шақтарында, студенттер әлемі жаппай желпінісіп, кештерді сәнді де мәнді өткізуге ән мен музыка көмекке келіп, жігерлендіріп отырған.
Алматы – қазақ елінің мақтанышы және сұлу астанасы болуымен қатар, өнер атаулының бесігі ғой. Туған аулында көрмегендерін жас Илья Астанада көріп, музыкадағы аспаны жарқырап ашыла түседі. Ғажайып әншілердің концерттеріне қатысады, қазақтың өркен жайған өнерінің тұрақты тыңдарманы болады. Қысқасы, астанадағы барлық өнерпаздық шаралардың бәріне мүмкіндігінше қатысуға тырысады.
Ылғи бір жастар бас қосқан думан жалғасып жатса да, өзінің алдағы діттеген мақсаты – филолог болуға ұмтылудан бірде-бір қол үзбей, асыл сөз құдіреттерімен кездесу кештерін жібермеуге тырысып, ұстаздарының дәрістерінен бас алмайды. Бұл – көркем әдебиетке деген құштарлық еді.
Көркемсөз бен музыка жас жігітті көкке өрлетті. Қос өнер жанында жақсы ұялап келе жатқан жас талантты қос қанатындай шарықтатты. Жиырма-ақ жастағы екінші курс студенті Ильяның ғажайып фантазиясын әуелетті.
Жас арманның есінде жүретін, әрине, ең алдымен мөлдір махаббат. Өзінің болашақ жан дүниесін аялайтын жаңа ояна бастаған ғашықтық! Жас қиял! Сағыныш! Сол белгісіз ғашықтық сезімін оятатын, ынтықтыратын әндер болады. Ол қандай әндер? Осындай сезімді аялайтын мөлдір тербелісті ол орыс әндерінен тауыпты. Ондай әндер: «Одинокая гармонь», «И кто его знает?». Бұларды өзі былайша қазақшалаған: «Жалғыз гармонь» және «Кім білсін оны?». Осы романстар Илья жүрегін тербейді де тұрады. Не деген тұңғиық сезім?! Дәл осындай ғашықтық әндер қазақта неге жоқ? Осындай ой Ильяны мазалайды. Бір күні қазақ ақыны Қасым Аманжоловтың жаңа басылған өлеңдер жинағын оқып отырып, оның сағыныш сезімін дөп басатындай өлеңін тауып алады.
Түн ортасы ауғанда,
Отырсың, жігіт, нені ойлап?
Кімнің атын жазасың,
Қайта-қайта шимайлап?

Махаббаттың бұлбұлы,
Жүр ғой сенен алыстап.
Ол естімес үніңді
Шақырсаң да дауыстап.
Илья осы өлеңді жерден жеті қоян тапқандай қайта-қайта оқып, жаттап алады. Себебі, бұл өлең жас жігіттің ынтық сезімін дөп басқандай еді.
Түн ортасы ауғанда,
Отырсың, жігіт, нені ойлап?
Осы жолдарды оқығанда оның ойына белгісіз бір саз оралады. Бұл не құдірет?! Сөйте-сөйте ол саз жайлап әнге айналады.
Біз бұл жайды неге тәптіштеп баяндап отырмыз, себебі өзімізді Ильяның баяғы алғаш әнінің туу тарихын көз алдымызға елестету еді.
Иә, тұңғыш ән «Түн ортасы болғанда» осылай дүниеге келген болатын. (Илья Қасым өлеңінің басындағы «Түн ортасы ауғанда» деген тіркестегі «ауғанда» деген сөзді «болғанда» деп өзгертіпті Қ.Ж.)
Екінші туған ән болса да халық арасына «Ильяның тұңғыш әні» деп аталып жүрген «Салтанат» әнінің де шығу тарихы қызық. «Бұл әннің «Ильяның тұңғыш әні» деп аталуының мәні оның «Түн ортасы болғандағыға» қарағанда, студенттер арасында ең алғаш кең таралып айтылып, Ә.Еспаев, В.Великанов, Л.Хамиди, Ө.Байділдаев, А.Бычков сияқты білікті композиторлардың тұңғыш баға беруі және ән нотасының «Лениншіл жас» газетінің бетінде жариялануы, әнші Майра Жүрсінованың орындауында республика радиосынан эфирде шырқалып, әншілер Өмірзақ Айтбаев пен Әуес Батыршаеваның орындауында елге таралуынан болса керек.
Ильяның әндерінің шығу тарихына қарап отырсақ, көбінің көркем әдебиетпен байланысты екенін көреміз. Себебі, сазгер көркем әдебиеттен – поэзиядан әнге лайықты өлеңдерді таңдаған. Мысалы, А.Пушкиннің, М.Лермонтовтың, С.Есениннің қазақшаға аударылған жырларына әндер шығарыпты: «Түнгі зефир», «Грузия қырлары», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Жалғыз жалау», «Өткен қайтып оралмас», «Өмірім менің».
А.Пушкиннен Қ.Шаңғытбаев аударған «Түнгі зефирді» алып қарасақ, әнге өздігінен сұранып тұрған ғажайып өлең.
Алтын ай тұр аспанда,
Әне… шертіп гитарын.
Испан қызы балконға
Асты жайлап шынтағын.

Қайырмасы:
Түнгі зефир,
Төгіп эфир,
Жырлайды,
Зырлайды
Гвадалквивир!
Гвадалквивир!
Сығалама пердеңнен,
Ақ дидарың жалт етсін.
Түсір шойын кермеңнен
Ақ балтырың жарқ етсін!
Серенада жанрындағы сазға айналған осындай сөздерге қай композитор қызықпас. Бұл сөз де Ильяның бағына Қ.Шаңғытбаевтың А.Пушкин өлеңдерін аударумен айналысып жүрген шағына дәл келген.
Илья Жақановтың ертеде туған әндерінің бірі – «Ақ қайың». Бұл әнге сөзді композитордың өзі шығарған. Ғашықтық әні. Сазгер көбіне әннің материалын, ән тудыруға түрткіні поэзиядан алады десек, аталған әнді өз қиялымен табиғат аясынан алатын жайы да бар екен. Ақ қайыңдар арасы ғашық жүректердің кездесіп, сырласатын орындары болатыны белгілі жай. Сүйіспеншілік армандарына жете алмаған ғашықтардың мұңы болған ән екі шумақтан тұрады. Екі шумақтың екі бөлек қайырмасы бар. Екеуі де сүйіскен жандардың қосыла алмаған өкініштерін білдіретін жолдар.
Сарғайды қайың, сарғайдым мен де,
Жұлдыздай алыс ұзадың сен де.

* * *
Қайың да жалғыз, жалғызбын мен де,
Ғашық боп неге өтеді пенде?
Көркем әдебиет Ильяға ән шығаруға көмектеседі дедік. Ал Илья шығарған әннің де көркем шығарма туылуына да көмегі тиеді екен. Оған мысал – «Ақ қайың» әні.
Илья Жақановтың «Ақ қайың» әнінің тууының тылсым сырларын біз білмейміз. Мүмкін сазгер оны болашақта жазатын шығар. Ал, ақын Мұқағали Мақатаевтың «Ақ қайың әні» атты поэмасының тууына, сөз жоқ, Ильяның әнінің әсері болды. Әнді радиодан жиі-жиі тыңдап жүрген ақынның қиялынан «Ақ қайың» әні» – дастаны дүниеге келіпті.
Илья Қазақстан территориясын түгел аралаумен қоймай, көршілес қырғыз жерлерін шарлап, шетелдерден Иранға, Моңғолияға, Қытай қазақтарының арасына да экспедиция құрып, жол шекті. Осы тынымсыз саяхатта үнемі шабыт құшағында жүретінін көреміз. Ол болған өңірлерінде талай зиялы қауым өкілдерімен, өнерпаздармен – әншілермен, күйшілермен; өнердің әрлі-берлі тарихын шертетін көкірегі ояу, тірі шежірелермен кездескендегі сырласулардан алуан түрлі ой туындатады. Музыка, мелодия үнемі көкірегінде ырғақ салып, сезімін жаулайды. Илья діттеген беймәлім мелодия әркез оның тынышын алып, көкірегінде ұзақ уақыт ұя салады. Олар келе-келе домбыра шегіне оралады, пианино клавиштерін бастырады. Саз туындап, бір қалыпты жүйеге түскен шақта композитор олардың қандай өлең ырғақтарын қалайтындықтарын да анықтайды. Кейбір мелодия үш бунақты өлеңді, кейбірі екі бунақты, кейбірі бір бунақпен шектелуі мүмкін. Осы кезде сазгер сөзін жазатын ақынды іздейді. Ол мелодияның сөзін кез келген адамға жаздыра салмайды. Өзінің қиялына оралып, туындаған әнінің мінезіне, «характеріне» үйлесімді сөз тудыра алатындай ақынды қалайды. Ән сөзін осы ақын жаза алады-ау деген тоқтамға келіп, оның кім екенін анықтайды. Сөйтіп барып белгілі бір ақынмен хабарласып жүздеседі. Себебі музыка сазын ақын домбыра немесе пианино арқылы санасына ұмытып қалмайтындай етіп жеткізіп, жазылатын өлеңнің буын сандары мен ырғағын тәптіштеп дайындық жасайды. Содан соң музыканың идеясына нұсқау, түсінік береді. Мінеки, осылайша сазгер мен ақынның одақтасуы нәзік жан дүние сабақтастығы болып жатады. Өйткені, сазгер туындатқан әндер – мәңгілік әндер. Ал мәңгілік өмірі бар әнге мәңгілік поэзия туындысы керек. Бұл Ильяның творчестволық лабораториясының бір сыры деп айта аламыз. Композитор осылайша ақындарға тапсырыс бергенде, бәрі бірдей музыка авторының ойынан шығып, қиындаса қалмайды. Мұндай жағдайда басқа ақындарды іздеуге тура келеді.
Илья Жақановтың «Еділ-Жайық» атты әндер жинағынан қандай ақындармен жұмыс істегенін анық көруге болады. Композитор әндеріне лайықты сөзді көбіне Абай, С.Сейфуллин, Қ.Аманжолов, Ж.Молдағалиев, А.Шамкенов, М.Әлімбаев, Қ.Шаңғытбаев, С.Сейітов, Ә.Ахметов, Еркеш Ибраһим, Ә.Абайділданов, Қадыр Мырзалиев, Қ.Бегманов, К.Сауғабаев сияқты тағы басқа да белгілі, белгісіз ақындардан тапты. Ол Абайдың бес өлеңіне, Қасымның – үш, Жұбанның – үш, Аманжолдың – бес, Қуандықтың – бес, Қасымханның – бес, Кәрімнің – үш өлеңін музыкасына таңдады. Бір-екіден өлеңін алған ақындар: Түрікмен ақыны Мақтымқұлы (ауд. Д.Қанатбаев), А.С.Пушкин (ауд. Қ.Шаңғытбаев), М.Ю.Лермонтов (ауд. Абай), С.Есенин (ауд. Қайырбеков), С.Сейфуллин, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, І.Мақатаев, І.Дүйсенбиев, С.Сейітов, Е.Ибраһим, Ә.Абайділданов, Д.Шалқарбаев, К.Салықов, Ж.Өмірбеков, Д.Қанатбаев, Ш.Әлдибеков, Ж.Әбдрашев, А.Бақтыгереева, С.Ақсұңқарұлы.
«Еділ-Жайық» әндер жинағында жарияланған 80 әннің отыз бірінің сөзін композитор өзі шығарған екен. Бұл қыранның қос қанатымен шырқау биікке көтерілгендей өнер ғой.
«Еділ-Жайық» әнінің туу тарихы және оған композитордың ақынмен қалай жұмыс істеу үлгісі Ильяның «Еділ-Жайық» атты эссесінде тамаша баяндалған. Бұл шығарманы бір деммен бірнеше рет үлкен мақтанышпен оқып шыққанымызды жасыра алмаймыз. Әннің қалай туатынын қызықтайтындар осы эссені оқып шығуы керек. Сонда ән тудырудың құпия сырына кенеледі. Ильяның ән шығару және оған сөз ыңғайлау лабораториясын емін-еркін аралайды. Көңіл көзі ашылады, дүние сырына, адамның ой-қиялы, жан-сезіміне ойлы жүрекпен басқаша қарайды. Жаны байиды, шалқар сезімге бөленеді. Ән деген құдіреттің және соның ішінде «Еділ-Жайық» әнін табиғаттың өзінің халқымызға Илья ұсынған сыйлығындай сезінеді. Ал, ондай керемет сыйлықты көзге көрінбейтін тінмен Илья қабылдап алып, көзге ілінбейтін тінмен бізге бұлжытпай ұсынып, көкіректің кең төрінде жайнатқанын білеміз.
Міне, Илья әнінің ғайыптан ғайып, жарық дүниеге жарқ етіп келген құдіреті осындай болғанын көріп отырмыз. Асылында өнер иесінің түпкі арманында осындай ән туса екен деп мазалап жүрген сезім лүпілі болса керек. Сол тебіреніс ұзақ толғатып, оянғаны анық екенін іштей сезінеміз. Композитор қанатын жайып келген сазды, алдына қонған алтын құс секілді шап беріп ұстай алғандай таң-тамаша қалдырады.
Илья Жақановтың ұлан-ғайыр еңбегі мемлекеттен лайықты бағасын алғандығы оның әдеби қаламгерлік, ғылыми және композиторлық өнерлерімен айшықталады. Ол – Жазушылар Одағының және Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан музыка қайраткерлері Одағының мүшесі.
Ол – КСРО теледидары мен радиосының үздігі, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбегі сіңген қайраткері, Әлеуметтік ғылымдар академия­сының академигі, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері, Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлық иегері және Қазақстанның «Парасат», «Отан», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерімен марапатталған. Илья Қазақстанның Еңбек Ері.
Илья Жақанов – халық сүйіспеншілігіне бөленген жазушы, ғалым-музыка зерттеушісі, дүлдүл композитор.
Биыл Илья Жақанов торқалы 90 жасқа толды. Қазақтың біртуар феноменіне халқы денсаулық, шалқар шабыт, мөлдір көңіл-күй тілейді.

 

Қадір Жүсіп,
Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау университетінің профессоры,

филология ғылымының докторы

ҚР Педагогика Ғылымдары Академиясының Құрметті академигі




ПІКІР ЖАЗУ