«ҰЛЫ СЕЗІМ» (Романнан үзінді)
Екеуі сағынышпен кездескен сайын өмір көңілді өтіп жатты. Бір қызығы, ең маңызды мәселелерді де жаймашуақ әңгіме ғып, оп-оңай шеше салады, өмір деген олар үшін таусылмас ойын-сауықтай.
Тек екеуін қинайтын бір-ақ нәрсе. Бірге тұрудың жолын қалай шешпек? Осы сұрақтың жауабын ойлағанда екеуінің де ұнжырғасы түсіп, көңілі құлазып кетеді…
* * *
Қыс кетіп, көктем жетті. Жаз өтіп, күз келді. Сары алтынға бөленіп, қаланы жылы құшағында әлдилеген әдемі күз. Әлі ыстық қайтпаған. Нұрлан пиджагін қолына артып, көйлегінің жеңін түріп қойған. Қасында келе жатқан Гүлжан үстіне киген костюм-юбкадан тымырсық ауаның ыстығын сезбегендей жайбарақат.
Екеуі театрдан шыққасын бір-біріне үн қатпастан біраз жүрді. Гүлжан қарсы алдарынан шыға келген орта бойлы, өңді, басына қара қалпақ киген орта жастағы кісіні көргенде қабағын кіржитіп, көзін алмай жауыға қарап қалды. Ол бұларды көрмегенсіп, көшенің оң жақ бұрылысына қарай қастарынан асығыс өте шықты.
– Оған неге қарадың? – деп сұрады Нұрлан жақтырмаған сыңаймен.
– Е, оның себебі бар. Айтайын ба? – деп күлді Гүлжан.
– Айт! Айт, әрине!
– Бір жолы бір суретшінің көрмесіне қатысып, үйге қайтып бара жатқанымда бір машина қасыма келіп тоқтай қалды. Терезесінен күліп қараған жүргізуші жымиып:
– Қарындас, сізді көріп әдейі тоқтадым. Отырыңыз, апарып тастайын, – дегені.
Оның суретші екенін сырттай білетінмін.
Аяғымдағы туфли өкшемді қажап, жүре алмай келе жатқам. Ішімнен қуанып кеттім. Үн-түнсіз машинаға отырдым.
– Сізді жиі көрем. Көрмеге жиі келіп тұрасыз…
Астындағы көлігі қалай жүйткісе өзі де сөзге жорға болып шықты. Аузымды ашуға шама келтірмей, бір өзі дес бермей сөйлей берді. Бір кезде бойымды жинап үлгердім.
– Қайда барамыз? – дедім алақтап.
– Үйге баруға асықпаңыз, күн әлі ерте ғой, – дейді күле қарап. – Қайда тұрасыз?
– Ауылда.
– Ауылдың аты бар ма?
– Автостанцияға апарсаңыз болды.
– Алдымен бір жерге соғайық. Сосын апарамын, – деді.
Сүйткенше болған жоқ, машина бір үйдің ауласына кілт бұрылып тоқтады.
Ол алға түсіп, үйге қарай жүрді. Мен артынан ілестім. Екінші қабатқа жеткенде қалтасынан кілт шығарып, есік ашты. Сол мезет секем алдым. Есікті ашып болған бойда маған қарап:
– Кіріңіз, – деп жол берді.
Сөз айтуға шамам болмады. Аяғымды зорға басып, үрпиген күйі табалдырықтан аттадым. Ол менімен қабаттаса кіріп, есікті іштен кілттеді.
– Жоғары шығыңыз, – деді саусағымен төрді нұсқап. – Үйде ешкім жоқ. Қысылып-қымтырылмай отырыңыз.
Бөлменің едені айнадай жалтырап жатыр. Бірақ жиналмай қалған үстелдің үсті неше түрлі тағамға толы. Ішімдіктің шынылары да мені көрдің бе дегендей мойындары сорайып тұр. Ішім мұздап қоя берді.
– Мен кетуім керек, – дедім. Денем қалтырап, даусым зорға шықты.
– Неге? – деді ол таңырқаған үнмен.
– Жайланып отыруға уақытым жоқ.
– Жібермеймін, ең болмаса дайын тамақтан дәм татыңыз. Әйтпесе, босатпаймын, – дейді. Көңілім қобалжып, өз-өзімнен қорландым. Жұрттың бәрін өзімдей көріп, бейтаныс адамның айтқанына сеніп қалғаныма ызаландым. Абажадай бөлмені көргенде бойымды қорқыныш биледі.
– Мен кетуім керек.
– Неге? – дейді жымысқылана күліп.
Қайдан ғана міне қалып едім! Сыпайылық жайшылықта екен. Бойымнан әл кетіп, тізем дірілдеп кетті.
– Алдағаныңызға иланар бала емеспін. Есікті ашыңыз! – деп дауысымды қатты шығардым. Өктем сөйлегенім әсер етті ме, ойы іске аспайтынына көзі жетті ме, үн-түнсіз есікті ашқанда тордан құтылған тотықұстай сыртқа ытқып шықтым. Содан ұялғаны шығар. Көрдің ғой, байқамаған болып кетіп бара жатқанын.
– Қызық екен, – деді Нұрлан не айтарын білмей күмілжіп.
– Несі қызық дейсің, оңаша жерге апарғандағы мақсаты не екенін түсінбедің бе?
– Біздің көршіміз бар. Облыстың бір дөкейі, ауыл шаруашылығының басқарма бастығы, неше жылдан бері үшінші қабатта бізге қарсы есікте тұрады. Аты – Ырысбек. Қақшиған біреу еді. Ернін жыбырлатуға ерінетін. Тілдері – орысша. Қазақтың салт-дәстүрін білмеген, өз тілін түсінбеген адамнан қандай қадір-қасиет күтесің? Айтайын дегенім, сол Ырысбек жұмысында бір қызбен көңілдес болып, тапқан-таянғанын соған беріп жүрсе керек. Соны сезген әйелі Сандуғаш жай-жапсарын білуге күйеуінің жұмысына барса есік тарс жабық тұр екен. Тұтқасынан жұлқи тартса ашылып кетіпті. Күйеуі уыздай жас қызды құшақтап тұрғанын көріп ашудан не істеп, не қойғанын білмей кабинеттің ішінде шу шығарады. Сол арада қызметтестері жиналып, бірі бетін шымшып, енді біреулері әдейі ұйымдастырылған қойылым деп қабылдайды. Ырысбек жұрттың бетіне қарай алмай, кабинетінен шығып кетеді. Не керек, жұмыстан шығарады. Әйелі сотпен айырылысады да жарты жыл өтер-өтпестен қайта қосылады. Құдай бір айналдырса шыр айналдырады дейді. Содан әлгі Ырысбек жұмыс істеген жерінде тұрақтай алмай, шығып кете береді. Заман өзгеріп, завод-фабрикалар тоқтап қалғанда бір мекемеде күзетші болып тұрақтаған. Бұл кезде екі қыз, бір ұлы есейген болатын. Қыздары күйеулерінен айырылысып, үйіне қайтып келді. Ұлы Оспан ішкілікке салынып кетті. Әйелі Сандуғаш мұғалім еді, денсаулығы болмай, зейнетке шықты. Қазір Ырысбек бұрынғыдай емес, өзгерген. Басын иіп, қазақша сөйлеп, амандасатын болды. Соның бәрі неден екенін білесің бе? – деді жазық маңдайы өзінен-өзі тырыса қалған Нұрлан. – Өз билігіңе өзі ие бола алмағанның кесірі. Орыстың айтқанын істеп, жетегіне ергеннің кесірі. Ақыры салт-дәстүрімізді аяққа таптап, тілден айрылдық. Өз тілімізді ұмытатын жағдайға жеттік. Егемендік алдық деп мәз боламыз. Шын мәнісінде өзгерген ештеңе жоқ, бәрі бәз-баяғы қалпы. Ұлттар бірлігі – татулықта, достықта деп дақпыртқа салынып кеттік. Бізден басқа қай ұлт бірлігін, достығын білдіріп жатыр? Тойынып алып, дүрдиіп, айбат көрсетіп шыға келеді. Құр сөзден не пайда? Осы әңгіме неден шығып кетті? Ә-ә, есіме түсті. Әңгіменің түп қазығы суретшіден шыққан екен ғой. Арты не болды? Сонан кейін көрдің бе оны?
– Одан кейін тағы бірде көрмедегі кездесуден көрдім. Мені байқамаған болып, біреумен сөйлесіп тұр. Сосын көргенім жаңа ғана. Оны неге сұрадың?
– Сенің ойыңда жүрген ер адамды естісем қызғаныштан өліп кетуге бармын. Қызғаныш деген жаман ғой, өрт сияқты. Әл бермейді.
– Сондағы айтпағың не? – деді Гүлжан.
– Қашан да ішіңдегі сүр боп жатқан сырыңды білуге асығам. Сенің өмірің өзім ойлағандай, кристалдай таза болса екен деймін. Бұлақтың суындай мөлдір болғанын қалаймын.
Гүлжанның иығынан ұстап келе жатқан Нұрлан иығынан құшақтап, маңдайынан иіскеді.
– Бұның не? Көшеде келе жатқан жоқпыз ба! – деп басын шайқады Гүлжан. Күйеуінің айтқан сөзі жанын жаралағандай әсер қалдырды.
– Сонда маған сенбегенің бе? – деді ол Нұрланға жақтырмай қарап. Әп-сәтте түсі қашып кетіпті.
– О не дегенің?! Онда саған қиянат жасаған болар едім.
– Өзің солай дейсің, бірақ күдіктенуден арыла алмайсың.
– Оның рас. Еркектерді айтқан сайын күдігім өрши түседі. Ондай кезде сөзіңді аяғына дейін аяқтай алмай, бөгеліп қаласың. Бұл қызғанышымды қоздыра түседі. Сонда неге үйтті деп әлек болам. Шыдамым таусылып, сұрағанымда жауап қатпайсың. Ішімнен не істерімді білмей, айран-асыр болам. Менің әбіржіген күйімді көріп тұрсаң да сыр бермейсің. Қайтер екен дейсің бе, көңіл аудармайсың.
– Сонда мені кім деп ойлайсың? – Келіншектің жанарына мөлтілдеп жас тығылды.
Бұл кезде екеуі қонақүйге келіп жеткен. Екеуі бөлмелеріне кіріп, тымырайған күйі үн-түнсіз жатып қалды.
«Нұрланнан неге көңілім қалды? Жазығы не? Қай сөзі ұнамады? Ойындағысын айтқанына кінәлі ме? Мен оны жақсы көрем. Ақкөңіл. Бала сияқты. Арамдығы жоқ. Ойындағысын ақтара салады. Ал мен нағыз эгоистпін. Өзіме шаң жуытқым келмейді. Осылай жүргенде арамыз суып кетсе не болады?»
«Осы менің қолапайсыздығым-ай, не деген ақымақпын. Бей-берекет сөйлеп нем бар еді! Қарадан қарап өкпелетіп алғанымды қарашы».
Ақыры Нұрлан шыдай алмады. Теріс қарап жатқан сүйіктісін кенет құшағына қысқан. Шашынан, маңдайынан сипаған. Гүлжан теріс қарап жатқан күйі міз бақпады. Болмаған соң, күштеп өзіне қаратты. Көзіндегі жасты сүйді. Тым ащы екен. Жұтарын да, түкіріп тастарын да білмей төсектен тұрып кетті. Сосын әлгіндей емес, қайтсем де сөйлетпей қоймаймын деп батылырақ кірісті.
– Неге өкпеледің? Жазығым не?
– Қайдағы-жайдағы болмайтын бірдемелерді айтып, жүйкеме тиесің. Мен сені ұнатпасам, жақсы көрмесем келем бе? Соны білсең әлгіндей сөздің не керегі бар?
– Онда неге жыладың?
– Маған сенбесең, неге жыламайын?!
– Сол-ақ па?! Соған да жылай ма екен!
– Кеудемнен итергендей болсаң жыламағанда қайтем? Маған бұлай қарама. Көңілім бос, қит етсе жылағым кеп тұрады.
– Мен саған сондай сүйсінемін, – деді Гүлжанды бауырына қысып, шашынан сипаған Нұрлан. – Сенің орныңда басқа біреу болса уәдесінде тұрмас еді. Әртүрлі сылтау айтып, тайқып шығар еді. Әр жолы енді қайтып келмейтін шығар деп зәрем ұшады. Әрбір қимыл-қозғалысыңды, жүріс-тұрысыңды, беріліп тыңдаған әңгімеңді, көңілің нілдей бұзылғанда өңің қашып кететінін, телефонмен сөйлескенде қандай жағдайда тұрғаныңды, жарыса сөйлесіп, уақыттың қалай өткенін байқамай қалатынымызды, ойлаған ойымыз бір жерден шығып, бір-бірімізді іштей ұғынатынымызды – бәрін де еске алуға тырысамын. Уақыт өте келе осы секілді болмашы нәрселерден санам тазарған сайын екеуміздің арамызда алынбайтын қамалға бергісіз кедергі тұрғандай болады. Сенен айырылып қалсам күнім не болады деп тұла бойым мұздап қоя береді. Сағыныштан сарғая жүріп, келгеніңді күткен сайын күдікті ойдан арыла түсемін. Бұл сені жаңа қырыңнан танып, саған деген сенімімді арттыра түседі. Өзіңе қарсылық білдіргендердің бәрін көндіріп, түбінде жеңіске жететініңе кәміл сенемін. Бұған не айтасың? – деді Гүлжанның жауырынынан алақанымен қағып.
Нұрланның кеудесінде шашы қобырап, басын қойған күйі қыбыр етпей жатқан Гүлжан жалма-жан жайылған шашын жинады да:
– Әрине, саған айтуға оңай, – деді. – Қандай халде жүргенімді білмейсің. Алдағы өмірім не болатынын өзім де білмеймін. Бейне бір тұманның ішінде адасып жүрген сияқтымын. Үмітім үзілгендей сезінемін. Мен оларға, апамдарды айтам, бас иіп көнетін болсам келешегім құрдымға кеткені. Сенсіз өмірдің қызығы қалмайды маған, – деді көзі боталап. – Бұдан әріге шамам жететін емес. Бұрын қанша қиыншылық көрсем де өмірдің қызығы таусылмайтындай сезінетінмін. Қызығына тоймаушы едім. Сөйтсем, бекер екен. Әйтпесе уайымсыз-қайғысыз, дегеніме жетіп, жұрт қатарлы күліп-ойнап жүрер едім ғой. Шешеммен бірге бауырларым да қосылып, айтпайтын сөзі жоқ. Қолдарынан келсе талап жеуге бар. Алдағы уақытта олармен бірге өмір сүру – азаптың азабы. Бірақ маңдайыма тағдыр солай жазса амалым қанша?! Алдымнан бір ғана жарық сәуле күтіп тұр, ол – сенсің. Сен үшін өмірдің қандай тозағына да төзуге бармын. Бәрінен де сені кездестірген Аллаға ризамын. Сенсіз маған өмір қараң. Туғандарым сонша неге жек көреді мені? Бірде-бірі жағдайымды түсінгісі келмейді. «Естіген құлаққа ұят!» – дейді. «Тума-туыстардың, таныстардың мазағына қаламыз», – дейді. Маған олардың мазағы, ұяты неге керек? Өміріме өзім қожа емеспін бе! Ұнатқан адамыммен бірге қуанышқа бөленіп, шаттыққа кенеліп, бірге жүргенге не жетсін! Адам уақыттың мәнін өте келе біле ме деймін. Сылтаумен ішімді босатып алдым. Ішіңдегіні ақтармай, жарылып кетпей қалай шыдайсың дейтін едің. Енді мені түсінген шығарсың? Қит етсе балаша өкпелейтін мінезіңді қоярсың? – деді Гүлжан жымиып.
– Тоқалыма өкпелесем, несі ұят? Әлде өкпелеген саған жарасып, маған жараспай ма?
– Әлбетте, менің саған өкпелеген болып, еркелейтін жөнім бар. Сен менің ақылшымсың, арқасүйер тірегімсің. Саған не жоқ? Екеуміз бірдей өкпелеп, бір-бірімізге теріс қарасақ не болады? Баладан артық жеріміз қалмайды ғой онда.
– Саған берген ақылды маған неге бермеген? – деді Нұрлан. Әңгімені жандандыра түскісі келген, бірақ Гүлжанның түнгі пойызға отыратыны есіне түсіп ол ойынан айнып қалды.
– Бізге қашан да уақыт жетпейді. Бүгін неғып жайбарақат жүрсің? – деді.
– Кеткім келмей тұрған жоқ па.
– Аа, онда кетпей-ақ, қал жанымда!
Екеуі бірінен-бірі қалыспай, жарыса күлді.
* * *
Екі дос кафеде отыр. Көңілді. Бірін-бірі қолпаштап, арқасынан қағып қояды.
– Алдымнан шыққаның қандай жақсы болды. Мен сені «қайдан табам» деп келе жатқанмын, – деді Қалижан.
– Неге? – деп Нұрлан таңданыс білдірді.
– Негең не! Туған жерді сағынғанда ауылдың адамдарын көргім келеді. Сенде ондай болмай ма? Ауылдан кеткенімізге қанша жыл! Жарты ғасырдың шамасы. Сонда да маған әлі ыстық. Сені қайдам, өзім сондай бауырмалмын. Қолым қит етсе сені іздейтінім сондықтан. Екеуміз мектеп бітірген соң поштада газет тасып, жұмыс істеп едік қой. «Ауылда монша жоқ, шаштараз істемейді» деп газетке мақала жазып жүріп, достасып кеттік. Содан бері қайда жүрсек те бір-бірімізді іздеп тауып аламыз. Әлі күнге дейін достығымызға селкеу түскен жоқ. Үш күн болды, қарадан қарап сені көргім келіп, көңілім аңсағаны…
– Олай болса, үйге неге келмедің?
– Сен сөзге алдарқатпай, алдыңдағы сыраны алып қойсайшы.
Нұрлан сөзге келмей, бокал толы сыраны қағып салды да:
– Бұдан артық іше алмаймын. Енді мені қыстама, – деді.
– Үйге неге келмедің дейсің бе? Жаңа үйіңе шақырып па едің? Қай жақта екенін де білмеймін, қалай барамын?
– Шақыратындай уақыт болып жатқан жоқ. Үйдің әлі жұмысы көп. Сен сияқты дайын үй алып, кіре қоятын жағдай қайда. Баяғыда қызметіңді пайдаланып, барған жеріңде сұрағаныңды алып, жымыңды білдірмей жүретін едің. «Нұрлан неге үйіне шақырмайды» деп ойлағансың ғой. Ақшаң болып, біреуге істетсең кәнеки. Оның ауылы алыс.
– Көп сөйлеп кеттің ғой. Жәй айтам. Бізге үйден гөрі осындай оңаша жерде сөйлескен жақсы. Арқаны кеңге салып, қысылмай отырамыз. Сені сағынғаным рас. Өтірік айтты деп ойлама, – деді ол ақ кіре бастаған қиық мұртын ортаңғы саусағының ұшымен сипап қойып.
– Сағындым дегеннен шығады-ау. Ескен деген ауылда досым бар. Екеуміз он жыл бір партада отырдық. Мектепті ортамен бітірді. Әрі қарай оқымай, ауылда қалған. Мен сол жылы оқуға түстім. Қысқы демалыста ауылға барғанымда, әскерге кеткен екен. Көре алмадым. Бірақ хат жазысып тұрдық. Содан не керек, жылжып көктем келді. Жазған хатыма жауап болмай, бір айдан астам шыдап жүрдім. Бір нәрсе болғанын сезгендей, ойымнан шықпай қойды. Дос дегеннің қымбат екенін сонда білдім. Жағы суалып, көзі шүңірейген, жадау кейпі көз алдымнан кетпейді. Он жыл бойы бірге жүргенде бала болып ренжісіп көрген емеспіз. Содан ешнәрсеге зауқым соқпай, мазам қашқасын Новосибирскінің түбіндегі әскери бөлімшеге іздеп бардым.
Пойыздан таң алдында түстім. Көк жүзі шайдай ашық. Төбеңнен жұлдыздар жымыңдайды. Бірақ әлі қардың ызғары кетпеген. Ызғырық жел соғып тұр. Үстімде жұқа плащ. Ол кезде шашым қалың болғасын бас киім дегенді білмейтінмін. Түс кезінде бүрсең қағып Ескеннің жатқан жеріне келсем: «Ауруханада жатыр», – дейді. Бір жақсысы, ауруханасы жанында екен. Төсегінде жатқан досымның тізесінен төмен қарай дәкемен орап асып қойған. Мені көргенде қуанғанынан кішкене қой көзі ұясынан шыға жаздап, оң жағына аударылып, тұрмақшы болды. Аяғы жібермеді. Мен еңкейіп, құшағыма қыстым. Қарасам, көзінен жас парлап тұр.
– Ау, бұның не? – деймін аңтарылып.
– О, заман да, бұ заман, досы артынан іздеп, әскерге келді дегенді естіген жоқпын. Қуанғаннан! – деді жымиып.
– Келгенімді ерсі көріп тұрсың ба? – дедім, не дер екен деп, әдейі.
– О не дегенің! Одан да «көрген көзіңе сенбей тұрсың ба» демейсің бе! Қап, мына аяқтың кесірін қарашы. Келгеніңді жақсылап тойлайтын едік.
– Ой, сен де айтасың-ау. Аунап-қунап жататын уақыт жоқ. Сабағым бар емес пе? Сенің аман-есен екеніңді көріп, сағынышымды бастым. Тай-құлындай бірге өскен досым емеспісің? Хабар-ошар болмаған соң жағдайыңды білейін деп келіп едім. Аяққа не болды?
– Туған күнді тойлайтын болып, «ақаңды» қолтыққа тығып, нан мен суды қолға ұстап, қасымда жатқан аққұлақпен күзетте бірге тұратын чуваш жігіті үшеуміз кеш қарайған кезде бір тасаға барып ішкенбіз. Мынау, – деді ол қасында жатқан жігітті саусағымен көрсетіп, – жұтып алса жынды екен. Әліне қарамай, аққұлаққа тиіспесі бар ма? Арашалағаныма көнбеді. Сөйтіп жүргенде темірдің үстіне сүрініп, оңбай құладым. Рентгенге түсіріп еді, «сүйегі жарылған» деді. Бұл менің үстіме құлап аман қалды. Бұның жарақаты жеңіл, ертең шығады. Кеше дәрігер маған, әлі он күн жатасың, – деген.
– Арақ ішкендеріңді біле ме?
– Е, неге білмесін, ауруханадан шыққасын сыбағамызды береді. Ең болмағанда, бір жетіге қамайтын шығар. Одан да зоры болмаса…
– Әскер қалай екен?
– Бір жаман жері, еркіндік жоқ. Уақыттың қалай өтіп жатқанын білмейсің. Маған ұнамайтыны – түртпектейтіндер көп. Сонысы жаман. Жүйкеге қатты әсер етеді.
– Ауылда неше бір бұзық балалар әскерге барып келгесін қатарға қосылып, адам танымастай өзгеріп келетін. Білесің ғой, өзіміздің Сапарды, жүрген жерінде кім көрінгенге тиісіп ұрынатынын. Өзі «маған әдет болып кеткен» деп күліп қояды. Бірде ол Ережеппен төбелескен. Сенің есіңде болмауы мүмкін. Басқа жақтан көшіп келген парторгтың баласы. Бізден бір класс төмен оқыды.
– Ережеп екеу емес пе еді?
– Ол бізден үлкен. Оны айтпаймын.
– Ана төртпақ, тапалтақ қой. Төбелескіш. Е, неге білмеймін?..
– Екеуміз кітапханадан бірге шыққанбыз. Алдымызда кетіп бара жатқан Ережепті көргенде, маған көзін қысты.
– Қазір көресің, мен оны сұлатып салам, – деді де – Тоқта! – деп Ережепті айқайлап тоқтатты. Әй-шәй жоқ, бірден:
– Біздің алдымызды кесіп өтетін сен кімсің? – деді.
– Не дедің? – деді ол да қасарысып.
– Сен маған кімсің-әй, ежірейетіндей, – деп, өңмеңдеп қасына жетіп барды.
– Сен емес пе, маған ұрынып тұрған. Ал көрсетші күшіңді, көрейін, – деді, одан қалыспай теке тіресіп. Сапар оны байқаусыз тұрғанда жұдырықпен жақтан бір қоймақ болып қолын сермеген. Ережеп білегінен шап беріп ұстап, бұрап қалғанда көзінен жасы бұрқ етті.
– Қойдым, қойдым! – деп, жан даусы шыға шыңғырды.
– Өзің күшті екенсің ғой, – деді ауырған білегінің орнын сипалап. Әлгіндей емес, үні жұмсарып, түк болмағандай мәймөңкелей сөйлейді. Міне, «мың асқанға, бір тосқан» деген осы. Содан кейін Сапардың жүні жығылды. Әскерден оралғасын тентектігі әдірем қалған. Айтайын дегенім, әскери өмір көрген небір тентектің тәрбиесі түзеліп, адам болатындығына өзіміз де көз жеткіздік.
Бұдан артық отыруға менде уақыт жетпейді. Пойызға үлгеруім керек. Амандығыңды білдім. Менің кеткенімді қасымдағылардан басқа ешкім білмейді. Сабаққа қатыспағанымды біліп қойса стипендиядан қағыламын. Хатқа жауап жазып тұр, – деп досымды құшағыма қысып қоштастым.
Қалижан кружкасындағы сырасын ұрттап қойып, әңгімесін жалғастырды:
– Мектепті бітіргесін, аудан орталығында тұратын ағамның үйінде жүргенде сенімен таныстым. Қазір ойласам, сол күндер сондай ыстық болып көрінеді. Құмға аунап, суға түсетініміз, қыр асып кетіп, көк жуа теретініміз, су жағасындағы жарқабақтан құстың жұмыртқасын алып шикілей жұтатынымызға дейін бәрі ойға оралып, көз алдымнан сағымдай бұлдырап өткенде қайтып оралса ғой деп балалық шағымды аңсаймын. Содан бері қанша жыл өтсе де достығымыздан адаспай келеміз. Ылғи мен сөйлей берем бе, сен де сөйлесейші, – деді Нұрланға.
– Қызықсың өзің. Ешқайда шықпай, үйде отырған менен не естігің келеді? Бар білетінімді айтып қойған жоқпын ба? Мені сен дейсің бе, бармайтын жерің жоқ.
– Аяқ астынан өстіп қисаятының-ай! Сағынып келгенде діңкемді осылай құртасың. Өткенде Жанарды қайта-қайта неге сұрадың? Бұрын оған көңілің кетіп пе еді? Араларыңда бір нәрсе болды ма? Өңдісі өңді. Білдім, бір баласы бар екен. Күйеуге шықпай, үйінде туып алған.
– Өзіне сол керек, сауап болған, – деп, бетін тыржитты.
– Ол маған рулас.
– Болса қайтейін. Сазайын тартқан екен, – деді тағы да.
– Саған не болды? Даладағы біреуде өшің қалғандай, сонша кектенгенің не? – деді Қалижан.
– Жанар көптен көрмеген құрбысынан мені үйленді ме деп сұрапты.
– Иә, балалары бар, – депті оған құрбысы. Сонда Жанар:
– Әйелі қасына қорықпай қалай жатып жүр екен? – депті.
Оған құрбысы ішегі қатқанша күлсе:
– Соған да күле ме екен? – деп Жанар ренжіген сыңай танытса керек.
– Маған ренжігенің не, күлдіртіп отырған өзің емес пе?
– Мен саған күлетіндей ешнәрсе айтқан жоқпын.
– Сен оны сүйіп, ол саған қарамай қойған ғой. Көңілің қатты қалған. Солай ма?
– Қой, айта көрме, оған тигенше күйеусіз жүргенім жақсы болды.
– Неге?
– Түрі қорқынышты емес пе!
– Ол ұнамаса, саған қандай түр ұнайды?
– Көрер көзге сүйкімді болса жетеді.
– Не деп тұрсың?
– Рас. Ол өткен шақ. Бүгінде оған деген көңілім басқаша.
– Ендеше, мені тыңда, – депті құрбысы. – Ер адам деген айбарымен, сөз саптауымен, жүрген жүрісімен ерекше болуы керек. Осының бәрі онда бар. Одан артық не керек саған? О баста сұлулық пен сүйкімділікті әйелге берген. Сенің ойыңша: жымиып сөйлеген, жылтырап күтінген, өтірік сөйлеп, өтірік күлген, іші-бауырыңа кіріп мәймөңкелеген, жылы сөзімен бауырмал бола қалған, өзінен асқан адам жоқтай асқақтап кеудесін керген, ашықауыздыққа салынып, қалай болса солай, бой бермей лепіргендер жақсы адам ғой. Онда қателескенің. Оның тік сөйлейтін мінезіндей мінез, өзіңді еріксіз тартып тұратын еркекке тән сабырлылығы мен салмақтылығы, түр сипатына сыятын қаһарлы жүзі сирек кездесетін құбылыс, – депті.
– Беу, дәурен-ай! Өтті де кетті, жастық шақ!
Ақырында сөз таластырғысы келмеген Нұрлан:
– Менде бөтен ой жоқ. Сөзіңе қарай айттым. Кім болса да, қалай сөйлесе де еркі өзінде.
– Жарайды. Өткенде бір нәрсе айтқың келіп айтпай қойдың. Ол не нәрсе?
– Еш нәрсе емес. Өзіңнің ойлап тауып жүргенің ғой, – деп күлді бұл.
– Осы жолы күмілжіген үніңнен сөзің шикі екенін білдіріп қойдың. Енді менен құтыла алмайсың, – деді кішкене көзінің қарашығы жылт-жылт ойнап жымиған Қалижан. – Сенің ішкі дүниеңе ешуақытта үңілген емеспін. Осыным өтірік деші. Керек қылмаған өзіңнен көр. Болған жайды айтқанда тұрған не бар? Келемеждеп күлетін жастан кеттік. Бізге әңгімеден басқа ешнәрсе қалған да жоқ. Ермек болсын дейсің де. Әйтпесе, керегі қанша?!
– Мен саған көп күлетін едім. Әсілі, күлудің керегі жоқ екен, – деді жас балаша жүзі жадыраған Нұрлан. – Алда не күтіп тұрғанын білмейсің…
– Алдымен күлетіндей не істеппін, соны айтшы?
– Қыз-келіншектерді көрген мезетте жүре алмай қалатының өтірік пе?
– Е, түсіндім. Ендеше, жаңалығыңды айт. Ішім сезді емес пе, бір өзгерістің бар екенін. Бәрекелді, сенен бұндай шығады деп ойламап едім. Қызық қой, қызық! Сен сияқты еркек жөнсіз жүрісті мұрны сезбейді деп жүрсем. Шіркін-ай, небір жастық дәурен өтті емес пе! Бұл жөнінен әлі сарыауыз баласың, біліп қой. Мақтанғаным емес, маған жету қайда саған! Бірде қызық болды.
– Босқа көпіргенше, дәмі бар әңгіме болсын да.
– Ол кез оқуды бітіріп, жұмыс істеп жүрген едім. Үйленгенмін. Екі балам бар. Бұрынғы бойдақ күнің болмағасын, ешқайда шықпаймын. Демалыс күні болатын. Күні бойы зерігіп кеттім де далаға шығып, мақсат-бағдарсыз, басым ауған жаққа жүре бердім. Күндізгі ыстық басылмаған. Жаз мезгілі. Күн қызарып, жиекке еңкейіп қалған, ауада лүп еткен леп жоқ. Әредік бір нәрсе жетпейтіндей, айналама көз жүгіртіп қарап қоям. Бір кезде алдымда кетіп бара жатқан келіншекке көзім түсті. Артынан қарағанда бітімі көз тартарлықтай екен. Орта бойлы келіншектің сары түсті көйлегінің етегі желбіреп, туфлиінің өкшесі асфальтты тық-тық басқан сайын, мені көрдің бе дегендей оқтаудай түзу балтырына көзім түсіп қызықтым. Қолындағы сумкасы өзімен бірге тербеледі. Жүрісінде маңғаздық бар. Бұрын, мұндайда көзім жайнап шыға келетін. Өзімді тежеуге де шамамды келтірмей жұғысушы едім, танысатын едім. Әрине, ойлағанымдай бола бермейтін. Арасында жыланша жиырылатындар да кездесетін. Бірақ сонда да тартынған емеспін. Ішім қыз-қыз қайнады.
Келіншек қалай бұрылса солай жүріп, артынан еріп келем. Басқа жаққа қарай бұрылып кетіп қалайын десем, еркіме қожалық ете алмаймын. Екі көзім алдағы келіншекте. Жүрген жүрісі, қимылы, желбіреген туға ұқсаған көйлегінің етегі, өзімен бірге ырғала тербелген қолындағы сөмкесі… Ол бір нәрседен шошынғандай, оқыс артына қарады. Әлде соңынан қалмай келе жатқан мені сезді ме? Білмеймін. Тап сол арада шарасыздығыма күйініп келе жатқанмын.
Келіншек мені көрді. Көшеде екеумізден басқа ешкім жоқ. Қасына жақындап келе бергенімде: «Сіз кімсіз?» дегені ме екен, дөңес қабағын көтеріп, үлкен көзін аларта қарады. Со кезде амандастым. Келіншек жауап қатпады.
– Айналайын, қарындас, амандассам үндемейсіз ғой. Естімедіңіз бе?
– Жоқ. Естідім. Танымайтын адамға бірден жабыса кеткен ерсі емес пе? Бірақ ер адамдарға бола беретін шығар, – деді кекеткені ме, немқұрайды үнмен.
– Есте болсын. Бұдан былай танымайтын адаммен амандаспауға тырысам, – деп жымидым.
– Еркіңіз білсін, онда менің қандай шаруам бар? – деді даусы қатқылдау шығып.
– Сіздің артыңыздан келе жатқаныма біраз болды. Мені байқамадыңыз ба? Қорықпаңыз, тиісетін адам мендей болмайды.
– Қандай болады?
– Тиісіп, ұрынып жүретіндердің сорты бөлек. Жүрген жүрісінен, сөйлеген сөзінен, алақ-жұлақ қарасынан белгілі. Мен ондайларға жатпаймын.
– Кешіріңіз, сөзіңізге онша түсіне қоймадым. Адамның жаратылысы әртүрлі болмай ма? Қатып қалған ешнәрсе жоқ. Сіз айтқандай мінезінен, түрінен және тағы не еді… Сөйлеген сөзінен аңғаруға болады деп топшылағаныңыз артық қой. Жақсы дегенің пиғылы жаман адам болып шығуы мүмкін, ал жаман дегенің керісінше болса ше? «Түсі жылыдан түңілме» дегенмен, жылмыңдап, арам ойын білдіртпеуге тырысатындар да бар емес пе?
– Жауабыңызға өте ризамын. Кім болып істейсіз?
– Жұмысшымын.
– Жұмысыңызды тәуір көретін сияқтысыз. Ақылды екеніңіз көрініп тұр. Мені сүріндіріп, ұялтып тастадыңыз. Есіміңізді сұрамаппын ғой. Менің атым – Қалижан.
– Әлкен!
– Танысқаныма қуаныштымын! – деп ананы-мынаны айтып, сөзге тартып, еріксіз күлдірттім. Түн тастай қараңғы. Жаңбыр жауайын деп тұр-ау дегенімше болған жоқ, тамшылай бастады. Жол жиегіндегі кафені көргенде:
– Жаңбыр басылғанша мына жерден шай ішіп, кішкене отыра тұрсақ қайтеді? Қарсы емессіз бе? – дедім. Маған жылуарлы қарады. Қабағына кірбің ұялаған келіншектің әп-әдемі солыңқы реңін байқап қалдым.
Көшенің арғы бетіне өтіп, кафеге кірдік. Адам аз. Оңаша сөйлескенге не жетсін. Мұндай қуанбаспын. Ыңғайлы жерге отырып жайғастық. Қарсы алдымызда Владимир Ильич Лениннің суреті ілулі тұр. Баяғыда дүниежүзіне әйгілі болған көсемге онша мән бере қоймадық. Бізді көріп даяшы келді.
– Кешірерсіздер, бұл жер бос емес.
Бұралаңдап алдымызда тұрған қыпша бел қыздың үні сүйкімсіз естілді.
– Жүр, кеттік! – дедім сөзге келместен. Әлкен маған үн-түнсіз қарап, орнынан көтерілді.
– Неден шошыдыңыз? – деді далаға шыққасын.
– Даяшыны жақтырмадым. Ер адамға жарасатын сұстылық, әйел затына жараспайды екен.
– Ойымыз бір жерден шығыпты, – деді Әлкен жұқалтаң ернін жымқырып.
– Біз отыратын бір жер табылар, – дедім Әлкенге.
Әлгіндей емес, жел тұра бастаған. Жаңбыр сіркіреп тұр. Ол сөмкесінен жемпірін алып киді. Кішкентай кезімізде жаңбырдың астында асыр салып ойнайтынбыз. Онда жаңбыр жауса қуанышымыз қойнымызға сыймай, алақанымызды шәпеттеп жүгіретін едік. Үлкендер «нұр ғой» деп біріне-бірі даурығып жататын.
Екеумізге жаңбыр бөгет жасағандай, әңгімеміздің сәні кетті. Сөйлесем, өзімен-өзі үн қатпайды. Не істерімді білмей састым. Менің бағыма көшенің бұрышынан мейрамхана кезікті. Іші кең екен. Есік жақтан орын тауып отырдық. Музыканың даусы баяу шығады екен.
– Ана жаққа отырғанда музыканың даусы құлағымыздың құрыш етін жейтін еді. Жақсы болды, – дедім. Әлкен жанарын маған қадап езу тартты. Үстімдегі киіміме енді көзім түсті. Көйлектің сыртынан киген кеудешемнің бір түймесі түсіп қалған. Бәрінен де қалтамда ақша барына қуандым. Реті келген жерде үйреніп қалған әдетпен карта ойнап, қалтамнан ақша үзілмейтінін білесің.
– Ішімдіктің қайсысын қалайсыз? – деп алдымдағы қағазды ұсынып едім.
– Оны қайтесіз, тамақ ішсек болмай ма? – деді тартынған сыңай танытып.
– Мейрамханаға келген соң ырымын жасайық. Жеңіл шарап алғанымыз жөн болар. Қалай дейсің? – дедім.
– Мен тысқа шығып келейін, – деп сумкасын қалдырып, орнынан көтерілді.
Шараптың көмегі тиді. Бір-екі рюмка алған соң қысылып-қымтырылмай, ашылып сөйледі. Ауданда тұрады екен. Күйеуімен ажыраспақ болып, сотқа арыздануға келіпті. Ауылына баратын автобусқа үлгере алмай қалыпты. Біз мейрамхана жабылайын деп жатқанда орнымыздан тұрдық.
Жел екпіні басылған. Жаңбыр жауып тұр. Көшеде қыбыр еткен жан жоқ. Әшейінде әрлі-берлі өтіп жататын машинаның да, иттердің де даусы бір сәт тыным тапқандай. Айнала тып-тыныш. Далаға шыққасын, әлде бірдеме бүлдіріп қойғаннан кем болмай, кеуде тұсым дүрс-дүрс соғып, жүрексінсем де Әлкеннің қолтығынан ұстадым. Байқамағандай жүре берді. Бір кезде келіншектің денесі жалынша шарпып, алақанымды күйдіріп бара жатқанын сездім. Ол да маған деген жылылықты сездіріп, еркін сөйлеп келеді. Арасында көздері жайнап, наздана күліп қояды.
Әлкен көңілді. Мені бұрыннан танитын адамына ұқсата ма, бір ауық ауыр ойдан арылғысы келе ме, білмеймін. Оның осы бір ашылып сөйлеген ақ жарқын, жайдары қалпы бойдақ күндерімді көз алдыма елестетті. Құшағыма қысып, ернінен сүйе бастадым. Ол екі қолымен белімнен тас қысып ұстап алған. Құштарлық өн бойын игертпеді. Гүрс етіп, шалшық суға құлады. Белімді ұстаған күйі, құдды бір есін білмейтін мас адамша астымда жатыр. Екі тізем шалшық суға батқанына қарамай, үстіне құладым…
Келіншек тұрып жатып:
– Ұят болды… – деді. Ернін тістелеп төмен қарады. Үстіндегі киімін шешті де сілкілеп қайта киді. Не дерімді білмей сасқанымнан:
– Ештеңе етпейді. Саған ризамын, – дедім. Енді ойласам, сезім дегенің не істеп, не қойғаныңды білмейтін ұшы-қиыры жоқ нәрсе екен. Әйтпесе, ойлануға да мұршамыз келмей, сезімнің құлы болар ма едік?!
– Шаруаны тындырдым деп, Әлкенді далаға тастап кетпеген шығарсың?
– Сен де қайдағы жоқты айтасың. Далаға тастап кететіндей жын ұрды деймісің! Таң атқанша вокзалда отырып, ауылына баратын автобусқа отырғызып жібердім.
Содан бері неше бір жылдар өтсе де осы оқиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді.
– Біраз отырдық, тұрсақ қайтеді? – деді Нұрлан.
– Сен тағы да қашпақпысың, мені сөйлеткізіп алып. Олай болмайды, достым, ендігі сөйлейтін кезек сенікі. Жақпайды деп сыраны өзіме ішкізіп, ішіңнен мәз болып отырсың. Сүйтіп менен оңай құтылмақсың. Сыртқа шығып келейін, – деп Қалижан кеңкілдеп күлді де орнынан тұрды. Жолай тағы бір бөтелке сыра алып келді.
– Кәне, мені сонша қызықтырып қойған жаңалығыңды айтшы, – деді.
– Біріншіден, бұл саған жаңалық емес. Екіншіден, айт десең айтайын, бірақ аузыңа берік боламын деп уәде бер.
– Ой, мені әлі күнге дейін бала көресің бе! Не деп кеттің?!
– Бәрінен де адамның ішіне кіріп, біліп қоятын көріпкелдігің қайран қалдырады. Осыным өтірік пе, рас па?
– Сен де соғасың-ау, көріпкелдігім болса осынша саған жалынам ба? – Қалижан жымиып мұртын сипады. Мезгілсіз уақытта жүргеніңді көргесін әзілдеп айттым. Ұрының арты қуыс дейтін бе еді. Сол кезде өзіңнен-өзің қипақтап қалдың емес пе?
– Жиырма алтыдағы келіншекті көріп бұзылдым. Тоқ етері осы.
– Бұзылғаның қалай? Жұмбақтамай, айтсайшы дұрыстап.
– Ол маған тоқал болып тиді.
– Не дейді? Есің дұрыс па өзіңнің? Оны қайдан шығардың?
– Несі бар? Бүгінде бұл жаңалық емес қой.
– Барға тасып, қанасына сыймай жүргендердің ісіне сенің қандай қатысың бар? Құтыратындармен құтыратындай, сенде қайдағы байлық?
– Байлық болу шарт па?! Ұнады. Ол келісті. Бар болғаны осы.
– Сенен мұндай шығады деп ойлаған емеспін. Жұбайың біле ме? Балдар ше?
– Сенен басқа ешкім білмейді.
– Ендігі ойың қандай? Соны айт.
– Әзірге ешкім білмеуге тиіс. Кейін көре жатармыз.
– Жоспарың бар шығар. Әйтпесе, қалай онымен тұрасың?
– Бәйбішемен бірге тұруға күш саламын. Жоспарым осы. Бірақ оның қалай болатынын білмеймін.
– Қалай десең де, бұның маған ұнамайды.
– Ерте бастан қашқақтама, бұл жерде сенің де көмегің керек болатын шығар.
– Басқаны күтсем де тап осы сөзіңді күтпегенмін. Неге десең, жұртты шулатып, атым шыққан мен емеспін бе? Сөзді көбейтпей, орнымыздан тұрайық. Осы отырғанымыз да жетер.
* * *
Ата-бабаларымыз басынан өткендерін, көзімен көргендерін ой елегінен өткізіп барып, талдап, талқылап, кіршіксіз таза қалпында ұрпақтан-ұрпаққа аманаттайды. Енді сол ұлы адамдардың айтқандары мүлт кетпей, келгеніне қайран қалды. Көз ашып өмірге келгеннен бері, мөлдір судай өз арнасымен өтіп жатқан заманымыз аяқ астынан өзгеріп, еліміз қайтадан жаңарып, бостандыққа қол жеткізуі – не деген керемет! Оқымаған, сауаты болмаған бабаларымыз тіршіліктің қадірін қалай түсіне білген десейші!
Жастайынан жетімдік пен жоқшылық көріп өскен Гүлжан бұрынғы көрген азабы аздай, тағы да тағдыр тәлкегін тартты. Жұрттан қалмай, дорба арқалап сауда жасады. Алматы мен ауылдың екі ортасын жол қылды. Өзіне деген өмірдің осынша қатыгездігіне қарамастан мойымай, қиындыққа қарсы күресудің арқасында оқуға түсіп, жұмыс істеді. Қолынан келгенше бауырларына көмектесті. Өзіне деген өмірдің қатыгездігіне көніп, мойынсұнғаны соншалық, маңдайына жазылған тағдырына шүкіршілік етіп, қажымай, талмай еңбек етіп жүргенде уақыттың қалай зымырап өткенін де аңғармаған. Кездестірген адамы бағына сор болды. Енді міне, іздегенімді таптым деп, көңілі жайланған шақта етене жақындарының жауығып, өкпелегендеріне түсінбейді. «Нұрланды ұнатсам және оған көңілім дән риза болса неге өкпелерің қарс айрылады? Сүйген адамыммен бір күн бірге тұрғанның өзі не тұрады! Ондай жанның жер бетінде жоғын білсеңдер еді. Маған басқаның керегі жоқ. Түсінсендерші. Мен бақытымды таптым. Орынсыз қинағаннан не табасыңдар?»
Шілде айының аптабында, жол азабын тартып, сәске түсте үйге келген қызын көрген Шынардың қабағы түйіліп кетті. – Неге келдің? Кеткен адам кетпей ме, қарасын батырып…
Гүлжанның ұнжырғасы түсіп, үн қатуға шамасы келмеді. Бір жағынан не деп жауап қайтарарын білмей дағдарған. Бірақ осылай боларын алдын ала іші сезген. Бөлмесіне кіріп, диванға отыра бергенде түпкі бөлмеден Зада шықты.
– Күйеуге шығып болдың ба? – деп мырс етті.
– Алдымен амандаспайсың ба?
– Аман-есен келгеніңді көріп тұрмын. Сол да жетпей ме?
– Басқа күлсе де сенің күлетін жөнің жоқ қой.
– Сен құсап шалға тиген жоқпын. Маған жарасады!
– Жарасқаны ма, не істеп, не қойғаныңды білмей, опық жегенің. Шал болса, шал болсын. Мен оған ұнатқасын тидім. «Аш адам – ас талғамайды, махаббат – жас талғамайды». Бірақ сен оны түсінбейсің.
– Алғашқы байыңды да «сүйдім» дегенсің.
– Иә…
– Сонда қалай, танысқанның бәріне көңілің құлай бере ме?
– Неге олай дейсің? Ол мені алдап, мәжбүрледі емес пе? Адасқанымды білгесін, ажырастым.
– Әйтеуір, өзіңе шаң жуытпауға шеберсің. Сонда әкеңнен де үлкен адаммен тұрмыс құрмақсың ба? Ел жұрттан ұялмайсың ба!
– Кімге шықсам да оны ұнатуым керек екен. Шекеме тигенде білдім. Ең басында жақсы көрсем болды деп, көңіл бөлмеп едім. Бояуды түрлі-түсті өңіне қарап айыратын болсаң, адамдардың да жақсы көргендегі бір-біріне деген сүйіспеншілігі неше бір түрге бөлінетінін кейін түсіндім. Біреулер өмір бойы бір-біріне көңілдері толмай жүріп күндерін өткізсе, енді біреулер әке-шешесінің айтқан адамын алып, сүйіспеншіліктің не екенін білмей, өмірден өтеді. Бір сөзбен айтқанда, ерлі-зайыптылардың бүгін қосылып, ертең ажырасып жатқаны махаббатқа мән бермегеннің кесірі. Ал, шын мәнінде, нағыз махаббат ілуде бір кездеседі. Мұндай жарастықтың туа біткен өзіндік ерекшелігі бар. Қарсы кездескен қандай да болмасын кедергі оларға бөгет бола алмайды. Ажал мен қорқынышты сезбестен күреседі. Дегеніне жету үшін неден де болса тайынбайды. Оның өзі көбінесе қайғы-қасіретпен аяқталады. Адамда да, табиғатта да қатып қалған заң жоқ. Қазіргі біздің заманымыздағы адамдарды өткен ғасырда өмір сүрген адамдармен салыстырғанда, бойларының кішірейіп бара жатқаны өтірік пе? Ерте заманда болған теңіздің орны бүгінде құрғап жатқан жоқ па! Сөздің тоқетері, менің жағдайымды басыңнан өтпегесін ұқпайсың. Өміріме өзім иелік етемін. Менің махаббатыма ешкім ара тұра алмайды. Сол себепті маған ерсі емес.
– Дауыстарың сыртқа естіліп жатыр, жай сөйлессеңдер болмай ма?! – деп Шынар бөлмеге сөйлей кірді.
– Мына қызыңа өзің айтып түсіндірмесең, мен шаршадым, – деген Заданың даусы демде өзгеріп шыға келді.
– Айтқан сөз өтпесе, мен қайтем. Өзімен кетпей, қырсығы біздерге тиіп, жұрттың мазағына қалатын болдық! – Жұқалтаң қара торы өңі тырысып, жанарының ұшқыны зәрлене қалған Шынар қызына қарады.
– Жоқ-ау, айналасында толып жүрген еркектің біреуі бұйырмай, айдаладағы біреуге күйеуге шықтым дегені не масқара?! Басқа-басқа, ел-жұртқа не бетімізбен қараймыз? Кімге күйеуге шықтың деп сұраса не дейсің?
– Баспақты қостым. Сиырлар қыр асып кеткен екен, зорға қуып жеттім, – деді Жадыра екпіндеп сөйлеп, есіктен кіре.
– Қашан келдің? Сенің келгеніңді байқамадым, – деді Зада таңырқап.
– Осы келген бойым. Менің керегім болмағасын, көрсең де көрмейсің.
– Не деп сөйлеп жатқандарынды естідім.
– Қысқасы, айттым болды деп қасарысқанын қояр емес. Бірдеме деші, өзің… – деді Зада сіңлісіне.
– Шешесінің айтқанына құлақ аспағанда, мен кіммін? Одан да әкесінен де үлкен шалға тиді деп мұғалімдерге айтсам, оқушылар да естиді. Мұғалімдер бетіне түкіретіні айдан анық. Оқушылар айтқанын тыңдамай, өзін мазақтамай ма?
– Қайдағыны айтпашы. Одан не шығады? – Шынар қабағын түйді.
– Нағып мектеп директорына айтпаймыз? Осы дұрыс емес пе? – деп Зада мырсылдады.
– Бос сөздің не керегі бар? Енді баратын болса, аяғын сындырам, – деді Шынар даусы зәрлене шығып.
Гүлжан бөлмеге Жадыра келген кезде теріс қарап жатқан. «Менің жағдайымды түсінетін осы жарық дүниеде пенде бар ма екен? Кеудесіне қатталып қалған жан жарасын аршып, қасірет шеккен тағдырын кімге айтып ақталарын білмей қиналды. Көңілі бұзылып, өксігін баса алмай біраз жылады. Енді бірде ұйқысынан оянғандай, көңілі жадырады. Көрдің бе? Бәрі де бір сәттік екен. Қиялында бірін-бірі қуалап, лек-лек ойлар шұбырды. Бірде осылардың у-шуынан безініп, қайда барып жер басарын білмей, қаңғып кетпекші де болған. Енді бірде құлағының тыныштығын ойлап, бір бөлмелі үйді жалдап тұрмақ болды. Жеме-жемге келгенде бұл ойларынан бас тартты. Нұрекем үш жыл деп еді… Шыдауым керек, күтуім керек, уәделескен мерзімді уақытта жақындап келеді деп қойды ішінен.
Гүлжан Нұрланға келген күні: «Бүйтіп көрген күнім құрсын» – деп шағымданған. Көз жасын аямай сыққан. Келеке еткен сіңлілерінің мазағын жыр қылып айтып жылаған. Сонда Нұрлан:
– Шынайы махаббаттың көз жасы бұлақ суындай ағады деген. Олар сенің ісіңе күйініп шошынса, мен саған қарап сүйсінем, періштем менің! Ұнжырғаң түспесін, мойыма. Менің айтқаныма сен, періштем! – деп маңдайынан иіскеді. – Сенің иісің жас сәбидің жұпар иісіне ұқсайды. Ғажап!
– Құтқаршы мені осы азаптан, – деді Гүлжан көз жасын сығып.
– Олардың ашуы бұдан әрі көп болса бір көтерілер, сосын басылады. Көр де тұр.
– Маған сенің жылы сөзіңнің өзі не тұрады, білесің бе оны. Мен еш уақытта ешкімнен жылы сөз естіген емеспін. Тіпті, шешемнен де. Неге дейсің ғой. Оның да себебі бар. Тыңдағың келе ме?
– Иә, айтшы! Сөйлеген сөзіңнен жалыққан күнім болды ма? Тыңдауға әзірмін. Сенің даусыңды естігенде, жаным жадырайды.
– Иә, иә. Сен сондай мейірімдісің, қайырымдысың, маған деген ықыласың ерекше. Содан ғой айналып кете алмай қалғаным. Әйтпесе көптің бірі болсаң, нем бар еді осынша азапқа түсіп. Жұрттың не дегенінде нем бар? Саған деген жаным бөлек. Білесің бе? Айтайын деген әңгімемнен лағып кеткенімді қарашы.
Мен үш айлық шақалақ шағымнан нағашы әжемнің қолында өстім. Әжем тоқсан тоғыз жасында қайтты. Бойынан күш кете бастаған кезде, күйеуден қайтып келген қызы екі баласымен шешесінің үйіне көшіп келді. Тоғыз жасымнан жұмыс істедім. Еккен жуаның арамшөбін тазартып, оны жинаған еңбеккүніме бір сом төлейтін. Тапқан ақшама үстіме киім алам. Кейде әжеме беремін. Шешемнің сіңлісі мені жаратпай, күңкілдей бергесін, он үш жасымда шешемнің қолына келдім. Бірақ үйде маған ешкім жылы шырай танытпай бөлектеді. Балам деп Шынар да маңдайымнан сипамады. Оларға қанша бауырмалдығымды көрсетіп, іш тартсам да жуымады. Тапқан табысымды сіңлілеріме бөліп берсем де жақпадым. Көмектескенімді бірде-біреуі елемеді. Сол бойда ұмытып, бір нәрсе көңілдеріне жақпай қалса маған жабылып ұрысатын. Ондай кезде қарсыласпауға тырысамын. Үндемеймін. Сөзімді тыңдайтын құлақ болмаса қарсыласқаннан не пайда табам деп ойладым. Бізді бірлікке жұмылдырып, бір-біріңе бауырмал болындар деп, шындыққа сүйеніп, бөліп-жармай ақыл айтатын шешемнен қайран жоқ. Қайта сіңлілеріммен бір жақ бола қалады. Осыдан кейін отбасында татулық қайдан болсын, өзің айтшы. Бұл әдеттерін әлі күнге дейін қойған жоқ. Қазір де мені итше талап жатыр. Айтпайтын сөзі жоқ. Естімеген сөзді естігенде тұла бойым тітірейді. Жағдайым осы. Қашанға дейін шыдай алатынымды білмеймін. Сен маған жылама дейсің, қалай жыламайсың? Жүйкеңді шаршатасың, жұқарады дейсің, менің қолымнан басқа не келеді? Осындай ит тірлікке шыдау мүмкін бе? Жұмысқа барғанда ғана еңсемді көтеріп, адам қатарына қосылам. Басым ауған жаққа қаңғып кетсем, сенен айрылып қалам. Не істеуге болады? – деді Гүлжан Нұрланның кеудесінен басын көтеріп, жасын сүртіп жатып.
– Бәрін ұмытшы. Сағынып келгеніңде жылы төсекте неге жатпаймыз? Сосын ғой, қоштаспай жатып, бір-бірімізді сағынамыз. Одан да уәде берген сөзімізді бұзбауға тырысайық. Бір қуаныштың бір реніші болады демей ме? Жақсылық ешқайда кетпес, әйтеуір бір оралар. Бәрінен де бір-бірімізге деген сенімімізден айырылмайық. Сенен өтінерім, жасымауға тырыс. Тектен-текке отқа түскен көбелекше күйіп-піспе. Далада емес, туған үйіңдесің. Қайда барсаң да туған шешең мен сіңлілеріңнен қашып құтыла алмайсың. Не болса соған жабырқап, көңіліңді түсірме, одан келер пайда жоқ. Алдағы күннен жақсылық күткен дұрыс. Бізге бала керек, соны ойла. Ал енді жата бермей, тұрайық. Келгеннен бері көңілің бір сергіген жоқ. Уақыттың тапшылығынан екеуміз әлі таза ауаға шығып та үлгірмедік.
* * *
Нұрланның мазасы қашқанына бүгін үшінші күн. Ішкі жан дүниесі алай-дүлей соққан бораннан кем болмай, ала-сапыран күй кешкен. Ойлануға шама жоқ. Басы мең-зең. Көңілінде күдік. Әбден қиналған. Әбден қажыған. Төрт қабырғаның ортасында қайда сиярын білмей сенделді. Әуре-сарсаңға түскеніне бүгін үш күн.
Бұрын осындай сезімге толы махаббаттың таң-тамаша қызығын басымнан өткізем деген Нұрланның, үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Содан болар өз көзіне өзі сенбей, түс көргендей жүрді. Кеуде керген қуанышында шек болмады. Бұрын бақыт дегенді білмек тұрмақ, естімеген. Естісе де ұқпаған. Бақыт адамның маңдайына біткен бағы екенін енді білді. Бар білгені, күні кешеге дейін бар болмысы сезімге құндақталған, айтса сенгісіз құдірет күштің иесі болыпты. Негізі бұл елес сияқты. Болмаса, қызығына шалажансар малтыққан түске ұқсайды. Әйтеуір оның басы айналды. Кейде сүйіктісінің бітімі көз алдынан кетпей тұрып алғанда өзін қоярға жер таппай, шарасыз күй кешіп, бұдан да бұрынғы көрген күнім артық екен ғой деп күйзелді. Көппен бірге көрген күнім жақсы екен. Қиналмай, күйінбей, асып-тасымай, бір қалыпта, бабыңмен жүргенге еш нәрсе жетпейді екен. Басқаны күтсе де тап осыны күтпеген Нұрлан оқыстан тиген соққыдан бетер жан азабын тартып жүрді.
Нұрланды осындай күйге түсірген қандай күш десейші! Жастық шағы болса бір сәрі. Бүкіл өмірінің астан-кестені шықты. Өсіп-өнген жанұясын ойына алмайды. Бұның арты қалай болады деп тіпті бас қатырмайды. Жұрттың мазағына қаламын да демейді. Қысқасы, өзге еш нәрсе миына кіріп шықпайды. Бір ғана ойлайтыны – Гүлжан. Оны ойласа болды, жаны жадырап шыға келеді. Тап қазір қайда жүргенін білсе соңынан жүгіруге бар. Арты неге апарып соқтырады демейді. Неге болса да дайын.
Енді міне, бұрын-соңды маңдайына бітпеген болмысы бөлек сезім шуағы кенеттен өзгеріп шыға келгенде жаны жараланып, өміріндегі жарық өшкендей еді. Жарқынай жанын жаралаған сол бір күннен соң жақындамаған, дастарқанда үн-түнсіз тамағын ішіп болғасын тұрып кететін. Содан бері әйелі Нұрланға орынсыз сөйлеп, ұрысуды қойған. «Бүгін айт қой, жіберген қателігім болса кешір», – деді бірде. Соған қарағанда, ішінен өкінетін сияқты.
Уақыт өз дегенін істемесе тап осындай күйге түсер ме еді. Бұрын тоқал алам деген ойына кіріп пе! Болар іс болған соң енді не ойлайтыны бар? Бағы жанған қойшының төсіне таққан орденіндей кеудесіндегі бақыты осымен тайды ма? Әлде барды жоқ деп, жоқты бар деп байбалам салып тұрмын ба?
Басына қонған бақыты, жарқылдаған найзағайдай жалт етті де жоқ болды. Жоқ болғаны емес пе, арада өткен бір жыл бір күндей болмай өте шықты. Енді ол өңінде емес, түсінде көргенге ұқсататынын қайтерсің. Сенерін де, сенбесін де білмейді.
Бүйткен күні құрсын, тұла бойы елегізіп, өзін-өзі игере алмады. Бірде тым жайсыз күйге түсіп, шарасыздықтан жаны шығып кететіндей күйінеді. Осы бір жан қинаған ауыр дерттен құтылу үшін енді естелікке айналған Гүлжанның бейнесі айнадай жарқырап, көз алдына келгенде бір сәт дертіне жеңілдік сезеді.
Нұрланмен бір кеш сөйлесе алмай қалса Гүлжанның жаны қалай ауыратын еді. Екі иығы селкілдеп, өксіп-өксіп жылайтын. Даусы дірілдеп: «Не болды? Қоңырау соқпағасын қайдағы-жайдағы ойыма түсіп, қорықтым», – дейтін. «Әлде біреуді тауып қоймады ма деп күдіктендім» деген сөзіне Нұрлан ішек-сілесі қатып күлген.
Өткенде Нұрлан қонаққа шақырған жерге барғысы келмейтінін телефонмен сөйлескенде айтқан. Гүлжан естіген бойда «бар да бар» деп қолқа салды. Нақсүйерінің көңілін қалдырғысы келмегесін барған. Көптің ішінен шыға алмай, біраз отырды. Сыртқа шыға салысымен қоңырау соқса Гүлжан телефонда өксігін баса алмай жылап тұр.
– Не болды? – деді түкке түсінбей.
– Өзің ғой, бес сағат ішінде бір де хабарласпадың. Шыдамым таусылғасын, қоңырау соқтым. Оған да жауап қайтармадың, – дейді. Енді міне, үш күн бойы өзінің хабарласпай қойғаны күдік туғызды. Басқа біреуді тауып алған шығар, әйтпесе қалай шыдайды? – деп не істерін білмей аласұрды.
…Бал дәурен шаққа бергісіз бақытты кезеңді ұмытуға бола ма? Жоқ, ұмытатындай емес еді. Бұл бір адам тілімен айтып жеткізе алмайтын іштей сезінген бақыты болатын. Гүлжанның да дәл сондай бақытқа бөленетінін сезетін. Ондай кезде тұла бойы балдай еріп кететіні соншалық, күйеуінің шашынан бастап башпайына дейін сипалап, «сенің ішіңе кіріп кеткеннен басқаның бәрін істеген сияқтымын» деп бет-әлпеті балбырап, ақ маржан тісін жарқыратып күлетін. Басқаның өзін айтпағанда даусын айтсайшы! Сандуғаштай сайраған құстың үні қандай болса одан еш айырмашылығы жоқ. Құмарта тыңдайтыны сонша, еңсесін көтеріп, қимылдауға шамасы келмей қалатын.
«Сенің әр қимылың көз алдымда. Мінезің әр-қалай өзгеріп тұрады. Кейде балаша мәз болып, еш нәрсе ойламайтын кең пейілді жанға ұқсайсың. Осы кейпің маған қатты ұнайтын. Енді бірде болмашы нәрсеге ренжіп, үндемей қоясың. Бұндай кезің жаныма шаншудай қадалып, мүсіркеп аяушы едім. Сенен еш нәрсені сұрамай-ақ, қандай екеніңді көзіңе қарап білуші едім. Маған сені түсіну жеңіл еді. Көп жылдан бері етене таныс адамымдай бауыр басып кеткем. «Бір-бірімізге қатты ұқсаймыз» деп өзің айтушы едің ғой. Сол рас. Мінезіміз де, сөйлеген сөзіміз де, ойлаған ойымыз да қабысып, үйлесім табатыны екеумізді бірдей қайран қалдыратын еді. Осындай ұқсастыққа таңғалатынымыз соншалық, еліміздің екі жағынан кездестіріп табыстырған қандай күш деп таңырқайтынбыз. Екеуіміз де жауабын таппай қиналушы едік. Былай қарасаң, адам айтса сенгісіз емес пе дейміз көңіліміз жайлы күйде жарыса сөйлеп. Әрі-беріден соң: «Көрдің бе, мені азапқа салып қойғанымен қоймай, күлуін. Басымды айналдырып тастаған сен ғой кінәлі. Саған бола үйдегілерден естімеген сөзім жоқ. Бірінен-бірі қалыспай, жабыла сөйлегенде түгімді қоймайды. Сонда да төзіп келем. Бәрінен де бір тәуліктен астам жол жүргенде көзім былаудай ісіп, нәр татпай барған күндерімді айтсайшы. Пойыздан түсетін кезде бояп көрмеген бетімді олай да былай жуып, әлек-шелегім шығатынын білмейсің, әрине.
Ол кездері өте жүдеу тұрдық. Жоқшылықтың кесірінен не көрмедім. Ес біліп қалған маған ауыр болды. «Әлде менен өш алғың келді ме? Көрер көзге қиянат жасағандай саған не істедім? Өткен өмірің өтті, кетті. Онда шаруам жоқ. Енді сенің күйеуің бар. Отырып, тұрғаныңды жұрт көреді. Қаңқу сөзден аулақ жүр» деген сөзімді ауыр алып қалдың ба? Онда да сөйлеген сөзіңнің мағынасына қарап айттым.
Әнеугүні Гүлжан дүкен алдында өзімен бір мектепте оқыған Үсенге жолығып қалды. Көріспегелі біраз болған, жалпылдап жағдай сұрап жатыр. Көшенің арғы бетінде әріптесі Рая қарап бара жатқанын көрді, бірақ көңіліне дық алмай, Үсенге жауап беріп, шамалы бөгелді. Ойында ештеңе жоқ, ертеңіне Үсеннің әйелі Гүлжанды көрген, кенеттен қабағы тырысып, амандаспай қойса бола ма! Қызық, ә? Қақ-соққа көңіл бөлмейтін Гүлжан: «Сөйлескенде тұрған не бар?» – деп Нұрланға ренішін жасырмай айтып еді.
«Адамның бәрі өзіңдей ақ-адал деймісің? Ішектеріне бармақ бойламайтұғын небір тар адамдар бар ғой. Күндестік, бақталастық, көре алмаушылық деген әр пендеден кездеседі. Соның керімен әріптесің Рая әлгі Үсеннің әйеліне шағыстырған болды. Көп әйелдің бұл күнде өсектен басқа ермегі жоқ. Үйіне барып айтпаса да телефонмен бір минутта айта салу қиын емес. Бұл заманда «шырт» еткізсе болды! Сурет те жетіп барады. Құшақтасып тұрмасаңдар да ілік іздеген адамға әжептәуір дерек. Әйелі де надан екен! Амандаспағаны – күйеуін қызғанған түрі. Мейлі ол қанша жерден жақын болсын, еркектерге жуыма деп айтудай-ақ айтып жатырмын, бірақ соны құлағыңа ілмейсің. Адамның бәрін өзіңдей ақжүрек көруге бола ма, адалым-ау!»
Реті келгенде Нұрлан ренжіп ақыл айтса үн-түнсіз тыңдап, тіл қатпай қояды немесе жақтырмағанын білдірмей, сөзді басқа тақырыпқа аудара салады. Екеуара телефонмен сөйлескенде ешқашан арыздасып, салғыласқан емес. Күнде елең-алаңнан қоңырау соғып, «қайырлы таң!» айтады, түнде «қайырлы түн!» дейді. Сондай бір күні таңертең Гүлжанның үні сыңғырлап, құлағына ерекше естілді.
– Жаным! – деді бірден. – Түс көрдім. Не көргенімді айтайын ба? Түс көргенге де адам қуанады екен. – Даусы көтеріңкі шықты.
– Иә?
– Түн ішінде екеуміз кең көшенің бойымен келе жатыр едік. Қасымыздан өтіп бара жатқан қыз баланың қолындағы балмұздағын көрген сәтте: «Мені осы жерде күте тұр» – деп бұрылып жүгіріп кеттің. Көзді ашып-жұмғанша қолыңдағы балмұздақты қолыма ұстата салдың да «қазір келем» деп көшенің арғы бетіне өттің. Біраз күттім. Келмегесін кеткен жағыңа қарай жүріп, сені іздеп айналама қарап келе жатсам түрі қазаққа ұқсамайтын мұрны ұзын, мұртты кісі қарсы ұшырасты. Үстіндегі ұйпалақтанған киімін көргенде қорыққанымды білдіртпеуге тырысып:
– Басында кепкасы бар кісіні көрген жоқсыз ба? – деп сұрадым.
– Ана жақта сығандардың арасында жүр, – деп қолын сілтеп, жөнімен кетіп қалды. Арты не болғанын білмеймін… Есімде қалмады. Тұтқадан Гүлжанның жылаған даусын еміс-еміс құлағы шалды.
– Не болып қалды?
– Сен мені тастап кеттің ғой, сенсіз қалай өмір сүрем? – дейді өксіп-өксіп.
– Қайдағы жоқты айтпашы. Көргенің түс емес пе? Адамның түсіне не болса сол кірмей ме? Әйтпесе түс түлкінің боғы дейді.
– Уайымдап, қапаланғаным соншалық, жылап ояндым. Жаным, сенсіз менің күнім қараң, соны білесің бе? – деді үні жарықшақтанып.
Нұрланның тағы бір таңғалатын жайы: Гүлжан мұғалім болғасын ба, жоқ жерден тәкаппарланып, орынсыз күлмейтін. Жат қылықтары жоқ. Оңашада ғана қолынан ұстап, жымиып, ыстық құшағына көмілетін. Ондайда жанары жайраңдап: «Ішіңе кіріп кетсем ғой» деп өзінен-өзі күліп, ернін тоса қояды. Сол кезде құрақ ұшып, құшақтағысы келсе жалт беріп, сүйгізбейді. Адам жоқ жерде қылжақтап сөйлегенге құмар. Мұндай сәттер көбіне қараңғы көшеде, ешкім жоқ жерде болады.
Нұрлан үшін бұл үш күн емес, үш жыл азап шеккеннен кем болмады. Кең дүние тарлық еткендей, ауа жетпей кеудесі қысылды. Көңіл-қошы болмаған соң тамаққа да зауқы соқпады. Жарқынай үнсіз қарап, ішінен тынып таңырқады. (Көңілі қалып араздасқан күннен бері арада жыл өтсе де жақындамаған). Немерелерімен ойын-күлкісі де жараспай, басын сауғалап, жатын бөлмесіне тығылды. Адам танымас халге жетті. Үшінші күн дегенде Гүлжан айтқан жаңалық есіне түсті.
– Саған айтатын жаңалығым бар, – деген қоңырау соғып сөйлескенде. – Алдымен сүйіншісіне не алып бересің? Соны айт. Екеумізге бұл баға жетпес үлкен қуаныш, біліп қой.
Университетті бітіргендеріне бес жыл болған кездесуге Алматыға баратын күні Шынардың бір жыл бойғы бұлқан-талқан ашуы аяқ астынан басылып, екеуінің қосылуларына ризашылығын беріпті. Осы бір күтпеген қуанышты хабарды Нұрланға айтып, Алматыға кеткен Гүлжаннан үш күннен бері хабар жоқ. Оның күйіп-пісетін себебінің мәні осы. Бірақ амандығын білдіріп сөйлесуге жарамағаны Нұрланның жүйкесіне қатты әсер етті. Басына небір ойлар келген. Төрт жыл оқығанда көңілі жарасқан адам болмауы мүмкін бе? Әйтпесе, ә дегеннен күйеуін есіне алмай ұмытып кете ме? Сөзінің арасында курстас Асанды көп айтатын. Қуақылана сөйлегенде одан асқан шешен жоқ деп оның айтқан сөздерін, іс-әрекетін есіне алып, өзінен-өзі күлетін. Шаңғы теуіп жүріп құлап қалғанда өрден арқалап шығарыпты. Онымен де қоймай, бірге түскен суретін әкеліп көрсеткен. Тағы да сонымен өткен күндерін қайталап, еске түсірген шығар деп қызғаныштың уы кеудеге жайылып, ішінен кеміріп барады. Бұл ойдан дереу өзін арашалап алмаса ашкөздік пен қызғаныштың қаһарынан жынды болып кететінін сезген ол жатқан төсегінен атып тұрып сыртқа шықты.
Көшеге түсті. Қайда бара жатқанымен ісі жоқ. Тұман ойдың құшағынан шыға алмай әлек болып келеді. «Тиген күйеуін ұмытып, өмірдің қызығынан шалқып жүрсе менікі не, оны ойлап таусылуым жөн бе? Неткен ақымақпын! Жас кезде болмаған махаббаттай қайдан болсын! Сонда менікі ненің желігі? Еріккеннің ермегі дейтіндей, асып-тасыған байлығым болса екен. Онда бір сәрі. Осының өзі ары таза адамның ісі ме? Өзім тілеп алған азап қой бұл. Көңілім құлап, онсыз жүре алмайтын халге ұшырадым. Енді тағдырым тозақ отына түскеннен бір кем емес. Жасыңда болатын махаббат менің жасымдағыларда бұрын болған ба? Естісем құлағым керең болсын! Ендеше қандай жарастық? Соны білген-ау, Гүлжанның шешесі. Түгін қалдырмай, қызын қарғамады ма? Болған жайды айта алмай, сай-сүйегіңді сырқыратып, ағыл-тегіл егіліп жылаған жоқ па?
Соны білсең, сүйіктіңді неге қаралайсың?! Періштедей пәк, әппақ қардай жанының тазалығын көзіңмен көріп, құлағыңмен тыңдаған жоқ па едің? Құшағыңда жатып, жанарыңа көзін алмай қарап: «өзіңе жаным құрбан» деп айтқан сөзін ұмыттың ба? Соның мағынасын түсінесің бе? Саған деген ниетін үнімен, лебізімен, ісімен, бүкіл болмысымен жеткізіп тұрған жоқ па! Сонда да күдігің ортаймай ма, қызғанышыңнан арыла алмайсың ба, сабырлылық деген болмай ма? Неткен қатыгезсің! Нағыз эгоистің өзі екенсің! Сен үшін қаншама күйзеліп, қанша уайым-қайғыға батып, жапа шеккенінің өзі не тұрады? Ұятты белге қыстырып, намысқа қарамай, көксеген мақсатына қайтсем жетем деп ұзақ жолда арып-ашыса да уәде берген межелі уақытында келіп жүргені өзіңді қол жетпес көктегі жұлдызға бағалағаны емес пе! Ең болмаса, осыны неге ұқпайсың? Сондай кеще болармысың! Қалай болғанда да Гүлжанға өкпе артатын жөнін жоқ. Саған бола оның көрген қорлығын ешкімнін басына бермесін. Қайта оны төбеңе көтермесең де құрмет тұтуға міндеттісің. Осыны түсінсең – бақыттысың. Тап осылай кім махаббатты ардақтай біледі? Ондайлар бар ма екен қазір? Қиындыққа төзе білген, ауыртпалықты көтере білген, махаббатты қадірлей білгеннің жолы ауыр. Бұл да жөн-жосықты түсінетін, бағалай білетін адамның адамына кезігеді. Олай болса, махаббаттың күйігіне кезікпе! Сыйлай біл! Мәпеле! Құрметте оны!
Гүлжан сен үшін махаббаттың азабын тартты. «Қайтсек те көндіреміз, дегенімізді істетпей қоймаймыз», – деп апасы мен сіңлілерінің істемегені жоқн. Мектеп директорына айтамыз деп даурықты, тума-туысқандарын жинап, талқылаймыз деп те шулады. Балгерлерге барып, құмалақ аштырды. Көріпкелге де барды. Қолдарынан түк келмеген соң үйден шығармай қамап қоямыз деді. Осының бәрін біле тұрып неге орынсыз күйгелектеніп, байбалам саласың. Сөздің қысқасы, Гүлжан саған деген жүрегінің ақ екенін дәлелдеген жоқ па? Бұл аз ба саған?!»
«Сенде Гүлжанның төзімділігіндей төзімділік бар ма? Бар болса, көрсет енді. Шындап келгенде не істейтініңді өзің де білмейсің. Ойың әрпі-тәрпі. Тоқалыңды құр сөзбен сендіріп қойдың. Екеуара келіскен мерзім таяған сайын жүрегің мұздап қалтырайды. Мұны ол сезсе де үндемейді. Жөн-жосығын білетін, артық жүрісі жоқ әйел ол. Босқа миыңды қажама. Одан да алдағы күніңді ойла. Күтпеген қиындыққа тап болмау үшін ерте бастан қамданып, тығырықтан шығатын жол ізде. Сүйіктіңнің алдында ұятқа қалма. Қай әйел де күйеуін тірегім деп санайды, осыны есіңнен шығарма.
Бастысы, сені құлай сүйгенін Гүлжан ісімен дәлелдеп жатыр. Соның өзі не тұрады? Ендігі кезек сенікі. Берген уәдеңді орындауың керек».
Саналы ғұмырында Нұрлан тап осылай қабырғасымен кеңесіп көрген емес. Көңіліндегі күдік сейіліп, табан астында сағынып кетті.
Төбешікте тұрып, айналаға зер салып қарады. Заводтың сорайған трубаларынан будақтап шыққан түтіннен, қаланың үсті буалдыр тартып тұр. Мұрнына жусанның иісі келді. Бір талын жұлып иіскеді де құлағының жиегіне қыстырды. Бала кезі есіне түсті. Осы шөпті шапашотпен шауып, қыстық отынға жинайтын әрі түйеге де азық болатын. Үстінен күн сәулесін көмкеріп, көлеңке өте шықты. Аспанға қарады.
Көлеңке ұзарып, күннің көзі жиекке таяп қалған екен.
* * *
Үшінші күні түнде Гүлжан қоңырау шалды.
– Халің қалай? – деді. Оның сыңғырлаған ашық даусын естігенде, сіркесі су көтермей жүрген Нұрланның қытығына тигені соншалық, қызғаныштан өртеніп кете жаздады. «Мынаның төбесі көкке жетіп тұр ғой. Күйінбе дейсің, сабырлы бол дейсің мықты болсаң, мынаған шыдап көрші. Көрейін әуселеңді!» – деді өзіне-өзі.
– Жағдайың жаман емес қой, – деді Нұрлан өзін әзер тежеп.
– Иә. Үнемі осындай жақсылық болғай!
– Қандай жақсылық?
– Өзің қызықсың, бастан өткен қызығы мол жастық шақты еске түсіріп, бір жасарып қалдық емес пе?!
– Қайдан білейін! Үш күн хабар-ошарсыз жоғалып кеткеніңе таңғалмаймын ба! Күйеуін сағынбай, қалай шыдап жүр екен деп.
– Маған ренжіме, уақыт болмады.
– Не деп тұрсың? Бір минут уақыт таппады дегеніңе кім сенеді?
– Өте қызық кездесу болды. Кілең ығай мен сығай. Ішінде ең қарапайымы мен екенмін.
– Е, түсіндім. Соларға есім кетіп жүрдім де.
– Сондағы айтпағың не?
– Үш күн бойы мені ұмытып кеткен әйелімнің халін енді түсіндім. Бәсе, бекерге мазасызданбаған екенмін.
Гүлжанның ойында еш нәрсе жоқ. Көңілі жадыраңқы күйде кездесудің қалай өткенін айтпақ болған. Қуанышын бөліскісі келіп еді. Үш күнді қалай өткізгенін және де көргендерін бүге-шігесіне дейін қалдырмай, ақтарыла айтпақ болған. Жан дегендегі жалғыз құрбысы Әсел пойызға шығарып салғасын, купеде оңаша қалған бойда жүрегі алып-ұшып сөйлескенде жан дүниесін сезінбегені шымбайына батып кетті. Бұндайда сөзді көтере алмай, көзі боталап, жылауға шақ қалатын. Бұл жолы жыламады. Бірақ жылағаннан бетер қорланды.
– Басыма бостандық тигені рас па деп жүрдім. Сол ма естігің келгені?
Тап осылай дүрсе қоя береді деп күтпеген. «Сағындым, сағынғаннан күйіп кете жаздадым дер» деп ойлаған. Әншейінде әр сағат сайын сөйлескеннің өзінде уақыт осындайда неге өтіп болмайды деп кейістік білдіретін де арнаған асыл сөздерін айтып тауыса алмай, кейінге де қалсын дейтін. Нұрланның сол бір құлпырта сөйлеген сөздеріне тұла бойы еріп кететін. Осы үш күн аралығындағы сағынышын құмарта тыңдағысы келіп, жөпелдемеде ойлағанындай болмай шықты. Сөйлесуге зауқы жоқ. Нанға өкпелеген баладай. Жағдайымды сұрауға да жарамады. Екі сөзінің бірінде айтатын «сағындым» деген жаттанды сөзін де ұмытқан. Әлде бірін-бірі өліп-өшіп ұнатқан ерлі-зайыптылардың өмірі сәл нәрсеге мұңайып, қабақ шытып қырсығудан тұра ма?»
Осы менің өмірім басқалардан неге өзгеше? Қуансам, арты ренішке айналады. Әйтпесе қатар-құрбылармен ойнап-күлгенде тұрған не бар? Қуанышыма ортақ болудың орнына жөнсіз бүлініп, күдіктенгені несі? Оған деген жаным бөлек екеніне көзі жетсе де жөнсіз сезіктенетініне не жорық? Арам ойға баратындай мені кім деп ойлайды? Кейде түрлі себептермен сөйлесе алмаған кезде бірімізден-біріміз асып сағынатын едік. Әрине, үш күнді қалай азаппен өткізгенімді білмейді. Амал жоқтықтан жүргенімді қайдан білсін. Көпшіліктен шеттеп, сенімен сөйлессем, телефонды тастай алмай қиналатынымнан қаштым. Сен эгойссің: өзіңді ғана білесің, өзіңді ғана танисың, өзіңмен ғана санасасың. Сенікі жай әншейін күндік тіршілік екен. Мен білетіндердің ішінен ерекше жақсы көретін адамыма лайық емессің, қателесіппін. Сағынышпен сарғайдым деген лепірме сөзіңді менен аядың», – деді ішінен Гүлжан.
– Неге үндемейсің?
– Не деуім керек? Бәрін айтып болған жоқпыз ба. Сөйлесетін ештеңе қалған жоқ, – деді томсырайып.
– Не дейсің? Түк түсінсем бұйырмасын. Біз әлі сөйлескен де жоқпыз ғой. Бар болғаны ойымдағы ренішімді айттым. Менің қалай сағынғанымды тыңдағың келе ме? Саған ұнайтынын білем. Ішіңнен айта берсе екен деп тілеп, ұйып тыңдаушы едің. Күн ұзақ сағыныштан сарғайып, есімнен кетпей қойған соң екеуміз жүрген жерді кездім. Театрда барып отырған орынға отырдым. Бұрыштағы асханаға кірдім. Біз тамақ ішкен орын бос емесін көріп, шығып кеттім. Саябақта сен балмұздақ жеген жердегі отырған орынды алақаныммен сипалап, таза ауыш болдым. Қалыбыма сыймай, қаладан шығып, қыр астым. Сен болмасаң өз-өзімнен де безіп кететін түрім бар екен. Соны аңғардым. Неге үндемейсің? Айтшы, өтінемін. Дауысыңды естиінші! Дауысыңды сағындым! Құлағымның құрышы қанғанша тыңдайын. Әлде мені қинағың келіп, әдейі істеп тұрсың ба? Жалғыздан-жалғыз қыр асып, даланы кезгенімде мақпалдай жұмсақ, ұп-ұяң үнің желмен бірге есіп, құлағыма естілді. Сенесің бе? Шақырайған күннің көзінен күлген кездегі ажарың көз алдымнан кетпей тұрып алды. Менің сүйіктім қандай көрікті деп нұрлы жүзіңе тамсандым. Шыдамым таусылып, бар даусыммен: «Қайдасың, сағындым!» – деп айқайладым. Тау жаңғырықты. Кең-байтақ сары дала күңіреніп кетті. Ойлап тапқанын қара деме. Сол сәтте тұла бойым қызып, қуанышымда шек болмады. Әрине, өз басыңнан өтпеген соң сенбейсің. Адам аңсары ауып сағынғанда алуан-алуан әсерге беріліп кетеді. Үндемегеніңе қарағанда, маған ренжіп қалған сияқтысың. Менің орнымда өзің де сөйтер едің. Жас айырмашылығымыз болмаса мінезіміз де, ісіміз де, сөйлеген сөзіміз де үйлесетіндігіне таңғалатын едің. Енді сол айтқандарыңның шындығынан алшақтық басым екенін байқаймын. Неге десең, айтқанындай болса, үш жылға теңеген үш күнді менсіз калай өткізгеніңе қайранмын. Осы үш күн маған қалай әсер еткенін айтайын ба? Сенсіз күнім қараң екендігіне көзім жетті. Айналаның бәрі маған жауығып көрінді. Өзімді қоярға жер таппай, мазам қашты. Ондай кезде ет қызуымен, бір нәрсеге ұрынып қалу түк емес екен. Шалықтауға шақ қалдым. Мұны саған басымнан өткесін айтып тұрмын. Жан дүниеңмен аласұрып алысқанды оңай деме.
– Жә, болды! Осымен тоқташы. Қалай ойласаң да, еркің өзіңде. Сөзіңнен бір білгенім, маған әлі де күмәнмен қарайтыныңды ұқтым. Саған деген ыстық көңілімді ісіммен дәлелдедім деп жүрсем. Ойлағанымдай болмағаны жаныма батады. Мені дұрыс түсіну үшін бойындағы күдіктен арылу керек. Пендешілікпен біреудің ала жібінен аттаған емеспін. Артық істеймін деп, тыртық істеген жерім жоқ деп ойлаймын. Біреуге қысастық жасаудан аулақпын. Өтірік айтып, ешкімді алдаған да емеспін. Іздеген жоғым табылып, өзіңді кездестіріп, көңілім көншіген. Күдікпен қарауыңды қоятын түрің жоқ қой, тегі.
Бала күнгі достарым. Жан-жақтан жиылдық. Бәріміз де өскенбіз, есейгенбіз. Бірақ баяғы шалағайлықтарымыз асқынып кеткендей. Арамыздан жалғыз ғылым кандидаты шығыпты. Сыртқы сәулеті о бастан интеллигентке ұқсамайтын еді. Үстіне кигені – ала-бажақ, жеңі қысқа, тар көйлек. Шалбардың орнына тізенің үстінен келетін шолақ дамбал, аяғына сүйретпе киіпті. Өзі иықты, беті быттиған қараторы жігіттің тар көйлекке торсиған қозы қарны әрең сыйып тұр. Қарауға адам ұялады екен, тіпті. Біз оны әлдеқандай көріп, дөкейлердің қатарына қосып отырсақ ол кездесуге жиналған ақшаны жартылай ғана беріпті, сенесің бе? Ырду-дырдумен бір күн өтті. Келесі күні курстас қыздың бірі үйіне шақырды. Енді ол үйге қол қусырып қалай бармақпыз? Староста Бағила екеуміз елден теңге жия бастадық. Ойпырым-ай, сенесің бе, арамыздағы бетке ұстар ғалымымыз «ақшам жоқ» деді. Енді күйеуге шықпаған бір суретші қызымыз Балжан «беретін ақшам жоқ» деп, мұңайып айтса бір жөн, бермесем тартып аласыңдар ма дегендей бет-әлпеті көгеріп кеткен. Енді бір бизнесін дөңгелентіп отырған жігітіміз ақша сұрасақ естімеген болып, екі тізесіне екі курстас келіншекті отырғызып алған күйі солармен жырқ-жырқ күліп, қылжағын асырды. Үлкен қала көп достарымның адамшылығын ұрлапты. Дүрдей ғалым мен білдей бизнесменнің адамгершілігі кездесуге келгендерді шошытты. Ауыл мұғалімі болсам да қатарымның алды екенмін, тәубе.
Қарсы аламыз деп, шығарып саламыз деп, қонақтықта жүргенімізде үш күн қарбаластық. Уақыт осылай өтті. Ақырында бірін пойызға, екіншісін самолетке шығарып салып, өзім де пойызға жайғасқан бойда күйеуіммен сөйлесіп отырғаным осы.
– Келгендер сені шығарып салды ма, әлде оларды сен шығарып салдың ба?
– Ретіне қарай және жергілікті достар бәрімізді шығарып салды. Сұрағың қызық екен.
– Әрине, жігітің шығарып салады да. Оны өзің айтпасаң мен қайдан білейін?
– Маған не демексің сонда?
– Айтпағым, күйеуің еріккенде ғана керек болғаны ма? Бір минут уақыт таппайтындай, қандай кедергіге кезіктің, соны айтсайшы, сылдыр сөзбен алдамай…
– Айтып тұрғаным имандай шыным. Әсел күтіп алып, үйіне алып барды. Кеткенше сол үйде болдым.
– Шынайы шындықтан қашқақтай беретінің не?
– Айтқан жоқпын ба! Көпшіліктен шығып кете алмадым.
– Сол сөзіңе сене қоятын ақымақ дейсің бе!
Гүлжанның шыдамы жетпеді. Алқымына жиналған сөзін айта алмай булықты. Кеудесін өксік кернеді.
– Мен енді шыдай алмаймын. Айтпағың не?! – деді ызадан жарылардай болған Гүлжан.
«Менікі не осы. Бос сөзден не пайда! Жә, жетер. Бәрібір шындығын айтпайды», – деді амалы таусылған Нұрлан күрсініп.
– Босқа мені күйдірмеші. Сені сүйетініме көзің жетпеді ме?
– Хабар-ошарсыз кеткен үш күннің ішінде мені қандай азапқа салғаныңды білесің бе? От болып жануға аз-ақ қалғанымды көрген болсаң жаның ауырып аяр едің.
– Не дейсің маған? Тыныштық берші. Өтірік айтсам нан ұрсын деп ант етсем сенесің бе?
– Әрине, сенем. Отаныма адал қызмет етемін деп әскерде де ант береді. Маған өкпелемеші. Сенен де артық жақсы көретінімді білсең жан азабына салып, қинамас едің ғой.
– Жынды күйеуім-ай! Жазықсыздан-жазықсыз жанымды шырқыраттың ғой.
– Болды, болды. Мені шын сүйетініңе көзімді жеткіздің.
– Ал мені сенің қызғанатының қуантады. Бұл шынайы махаббаттың белгісі. Сонымен ардақтым, «ит жемес» қылығың орнына түсті ме? Бір-бірімізді әлі толық танымайды екенбіз ғой…
* * *
Ойламаған жерде заман өзгеріп, қазақтардың бағы жанды. Үш ғасыр бойы армандаған арманы орындалды. Дербес ел болды. Соғыссыз, бейбіт жолмен, тып-тыныш билікке қолы жеткені адам сенгісіз еді. Есесіне уақытша болса да халқымыз ауыртпалықты көтерді. Елдегі заводтар мен фабрикалардың жұмысы тоқтап, колхоздар мен совхоздардың шаруашылығы талан-таражға түсті. Қолынан келгендері ебін тауып, тегін олжаға белшесінен батты. Техникалар да, мал да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Билік басында отырғандар заңды да, тәртіпті де өздерінің пайдасына шешті. Өмірдің сәні кетті. Жұмыссыздық көбейді. Қолынан келгендері сауда-саттықпен айналысып, дорба арқалап, базарға шықты. Кімге ұрынарын білмей жүрген ел ішіндегі бұзық «рэкет» пайда болды. Қисапсыз байлықты қарақшылықпен иемденіп, биліктің жоғары сатысына көтеріле бастады. Суық қаруымен қорқытып-үркітіп, тонап, жұрттың берекетін алып дүрліктірді. Жұмыс істегендерге уақытылы ақшасын бермей, зар жылатты немесе ақшаның орнына зат пен тамақ берді.
Ал 90-жылдардағы жоқшылықты басынан өткізіп, бес баласын жетілдірген Шынардың жағдайы бұл кезде жақсы еді, ел қатарына қосылып қалған. Не ішем, не кием демейді. Бәрі жеткілікті. Гүлжан қолы бос кезінде өзі өсірген гүлін базарға апарады. Одан түскен ақшаны түгелімен шешесіне береді. Нұрланға оның базарда гүл сатып жүріп, үш-төрт сағат ізім-ғайым жоғалып, хабарласпағаны ұнамайды. Осы уақыт ішінде не істеп, не қойғанын білмей қараптан-қарап жыны қайнайды.
Бәз баяғы қалпында күндер өтіп жатты. Гүлжан өзара келіскен уақытында келіп-кетіп жүрді. Бір келгенде екеуі таң атқанға дейін сырласты. Мауықтары басылған кезде Гүлжан:
– Отағасы-ау, біз жаққа келмейсің бе? – деді. Мойнынан тас қылып құшақтап, Нұрланға сұраулы жүзбен қарады. Бұрын бұл жайында әңгіме болмаған. Ол не дерін білмей састы.
– Баруым керек пе?
– Ауылға бармайсың. Қаладағы үйге келесің. Екеуміз ғана боламыз. Әлі бір де келген жоқсың. Сен де келуің керек.
– Ендеше қашан барғанымды қалайсың? Өзің айт.
– Меніңше, алдағы ай қолайлы сияқты.
– Қуана-қуана келісем.
– Неше бір сылтау айтып, келмейтін шығар деп ойлап едім. Менің күйеуімде ақыл көп.
Алма-кезек екі көзінен сүйіп-сүйіп алды:
– Түнімен жармасып, ұйықтатпағаныңды білесің.
– Ал енді ұйықтайын.
Гүлжан көзін жұмған бойда ұйқыға кетті. Нұрлан пойызға билетті Гүлжан кеткен күннің ертесіне алып қойды. Содан күн санаумен жүрді.
* * *
Сәрсенбінің сәтінде жолға шықты. Алла ақырын берсін, әзірге бәрі ойдағыдай. Денсаулық зор, отбасы, ошақ қасы аман. Ағайын-туған, дос-жаран айналасында. Сый-құрметтен кенде емес. Ұрпағы өніп-өсіп жатыр. Алланың мұнысына мың да бір шүкір! Бірақ, бірақ… Нұрланға жетпей тұрған бір нәрсе бар. Ол – Гүлжан. Онымен біржола отасқысы келеді. Қашанғы елден ұрланып, жасырынып жүрмек? Қаладағы қонақүйлердің қызметіне жүгінем деп теңгесінен қағылғаны өз алдына, бір ай бұрын броньдап, әуре-сарсаңға түседі. Әр айда Гүлжанды күтіп алу мен шығарып салудың өзі машақат. Ол келгенде ресторанға кіретіні бар, анда-мында қыдыртатыны бар, бір жолы ақшасы болмай, алақтап отырғанында досы Қалижан құтқарды.
– Кел де, менен алып кет!
Қалекең «еркек қой, жігітшілікті де, елдікті де түсінеді. Баяғыда бір қоңырау шалғаны бар.
– Ассалаумағалейкүм!
– Уағалейкүмәссалам!
– Амансыңдар ма?
– Шүкір, Құдай деп…
– Нұреке! Өзіңде бір шаруам бар еді…
– Иә, тыңдап тұрмын!
– Шаруа болғанда… не ғой… Ойнасыма бармағаныма біраз болған…
– Енді қайт дейсің? «Орныма бар» демексің бе?
Қалижан рахаттанып күліп алды.
– Қайдағыны айтасың, сен де. Хи-хи-хи.
– Айта бер!
– Айтқанда, не ғой… Үйдегі құрдасыңа «саған кеттім» деймін. Бірақ ойнасқа барам. Алда-жалда хабарласып, мені сұраса «біздің үйде, менің қасымда» дей сал.
– Мақұл!
Уәде осы болды. Содан бері нешеме жыл өтті. Шайналып қалған кассета сияқты ара-тұра қоңырау шалып, сол өтінішін қайталап тұрады. Әйелі де қазымыр біреу. Қоңырау шалып, тексеріп қояды. Қайтсін, байғұс, сенімнен бір емес, бірнеше рет шығып қалғасын сөйтетін шығар.
«Ойнас» дейді, естуге де ерсі екен. Бірақ біздің Қалекең ойнастың өзін қадірлеп, әспеттеп отыр. Ал менде тұрақты «тоқал». Ұсыныс жасап, емеурін таныттым, болды. Ол қабыл алды. Содан бері ай сайын сапарлар. Бірде ана қалада кездеседі, бірде мына қалада кездеседі.
* * *
Пойыздан шақырайған күннің астында басына күнқағар киген Гүлжан қарсы алды. Екі бөлмелі үйге келгенде екеуінің шешінуге ғана шамасы жетті. Содан кеш қарая төсектен тұрып, тамақ ішкен. Жаңа тұрдық қой демеді, төсекке қайта жатты.
Баяғы қылшылдаған жиырма бесіне қайта оралғандай. Кешкісін үйдің жанындағы моншаға барды. Бұрындары бір досы: «Өмірдің мәні неде екенін білесің бе? – деп сұраған. Мән бермеп еді. Сонда ол: «Әр нәрсенің дәмін тата білу» – деп еді. Сол айтқаны рас. Енді ойлап қараса құмарлықтың сәттісі де, сәтсізі де болады екен. Сәтсізі жай ғана өткінші нәрсеге ұқсаса, сәттісі ғұмырда өшпестей есінде қалады. Соны Нұрлан енді ұқты. Бұл да бір өзінің басына біткен бақ құсындай екен.
Уақыт өткен сайын сағыныштан гөрі екеуінің арасында өзара түсінбеушілік пайда бола бастады. Өз дегенімен жүріп қалған тоқалының істеген қылықтары оған ұнай қоймады. Түсіндіріп әлек болғанмен тыңдар құлақ болмады. Соның бірі атақты суретшінің қалада ұйымдастырған көрмесіне барғанда онымен бірге суретке түскені. Бұл аздай, оны ғаламторға жүктепті. Өзімен бірге оқыған курстастарына әлеуметтік желі арқылы жолдап жіберген. Олар: «Біздің бойдақ қыз тағы бір еркек тауып алған ба?», «Ылғи шал-шауқанның ішінде жүреді екенсің», «Бұл кім?», «Жастау жігіттер жоқ па?» – деп жазып жатты. Гүлжанға бәрібір, бұл атақты суретшіге білдірген ықыласым деп қабылдайды. Суретті көрген Нұрланның досы қоңырау соғып: «Сенің анау тоқалың… жалбыршаш біреумен жабысып…» әр жағын айта алмай, мысқылдап күлді.
– Ана түсіп жүрген суретің не сенің? – деп бұл Гүлжанға қоңырау соқты.
– Қай суретім?
– Жалбыршаш суретші шал…
– Ә, сол ма!
– Жырпылдап неменеге түсіп жүрсің?
– Онда тұрған не бар? – деді Гүлжан онша мән бермей.
– Онда тұрған не барың не сенің? Көрген жұрттың мазағына қалдың ғой. Түсінбейсің бе?
– Ол әйгілі суретші. Онымен суретке түскеннің несі сөкет? – деді міз бақпай.
– Есің дұрыс па! Ұнайды деп кім көрінгенмен суретке түсе бересің бе? Бұл сенің ғаламтордағы бірінші суретің емес. Соны көргендер не деп жатқандарын естісең ғой… «Гүлжанның нешінші күйеуісің?» – деп мені келекелеп жатыр.
– ?!
– Неғып саған көңілім ауып, бірден құлай кеткенімді түсінбеймін, – деді Нұрлан телефонда не істерін білмей күйіп-пісіп. Сол арада Гүлжан сөзге келместен, тұтқаны тастай салды. Күні бойы Нұрлан телефон соқса да тұтқаны көтермеді.
Тағы бірде, бірінші мамыр күні телефонмен сөйлесіп тұрып: «Бұрын бұл мейрамды қалай өткізетін едің? Қызық қуып, қаланың төрт бұрышын шарлаған шығарсың. Неше бір той-думанды бастан өткізген шығарсың. Айтшы, сол күндеріңнің біреуін», – деді қалжың-шынын араластыра.
– Мейрамда ешқайда шықпай үйде отыратынмын, – деді Гүлжан даусы күмілжіп.
– Ойыңа бір нәрсе түсті ме, даусың неге өзгерді? Есіңе не түсті, жасырмай айтшы.
– Болмаса, не айтам.
– Мені, осы айтқаныңа сенеді деп ойлайсың ба? Тапқан екенсің, илана қоятын адамды.
– Қойшы, көп сөйлеп шаршадым, – деді қатқыл дауыспен.
– Мейлі, онда. Кіммен құшақтасып, сүйіскеніңді білгім келген еді… – деді.
– Сенің ойыңша, көшеде жүрген біреу болғаным ба?
– Өзің ғой, әлі бірде-бір ашылып сөйлескен емессің. Ылғи тұңғиық ойдың құшағынан шыға алмай отырасың.
– Сонда кім болғаным? Көшеде жүрген көп шүйкебастың бірі деймісің? Сол ма айтайын дегенің?! – деді даусы тарғылданып.
– Мен олай деген жоқпын. Сөзімді теріске шығарма. Өткен өміріңді білу қызық маған.
– Айтпасаң да айта алмай тұрғаның сол ғой түбінде.
– Өй, не деп тұрсың, қайдағы жоқты айтып…
– Түсінбейтін, мені кеще дейсің бе?
– Ау, көкем, не болды саған?
– Болды. Бұдан былай телефон соқпа, сөйлеспеймін, – деп тұтқаны тастай салды. Бұнысы несі? Таң-тамаша болған Нұрлан түк түсінбей, жүріп келе жатқан жолында состиып тұрып қалды. Кішкенеден кейін қайта-қайта телефон соққан еді. Тұтқаны көтермей қойды.
Көңілі нілдей бұзылды. Есеңгіреп қалды. Шарасыздық тұла бойын жайлап, дәрменсіз күй кешті. Не істеу керек? Бұндайда ақыл айтатын дос-жаран да жоқ. Ішін босатып сөйлесетін біреу болса, қанеки. Осы жасқа келгенде тап осындай хал кешкен біреу бар ма екен? Күннен-күнге аласұрған сезімі басылар десе, жалындай шарпып өршіп барады. Қайда барып тоқтары белгісіз. Гүлжан болмаса алдағы күні не болмақ? Бар қызығы артта қалып, өмірінің сәні кетіп, сұрықсыз күй кешетінін түсінді. Оған деген сезімі күннен-күнге өршіп, әбден билеп алған. Қарсы әрекет етер шамасы жоқ.
Әйтсе де, осындай келеңсіз қылықтары өздеріне жарасатыны соншалық, ойларына ештеңе алмаған болып, артынша реніштерін тез ұмытатын екеуі ұшы-қиыры жоқ әңгіменің басын қайыратын. Әр кездескен сайын: театрға, концертке, киноға немесе циркке барамыз деген алдын ала жасаған жоспарларының бірде-бірі орындалмайтын еді. Оған себеп бірінен-бірінікі асқан ессіз құмарлықтары кедергі болып, бар дүниені ұмыттыратын. Мұндайда ойлаған жоспар жайына қалады.
…Көзінен жылы шырай танытып, Нұрланға сүйсіне қараған ол:
– Мына түріңмен жас күніңде қандай болдың екен, қарабурам? Адам айтса нанғысыз, кереметсің ғой! – деді ашуы тарқап.
* * *
Қаладан шыққан жеңіл машина Ақжарға қарай бет түзеді. Артқы орындықта отырған Нұрланның қолында торт. Ойы сан-саққа шашырап, қолындағы тортын ұмытып кетіп, ауық-ауық көз қыры түскен кезде бүлінбей жетсе екен деп ішінен тілеп қояды.
Гүлжан көліктің алдында отыр. Машинаны айдап келе жатқан жүргізушімен аракідік сөйлескені болмаса ол да ойға беріліп кеткен. Екеуінің де бойларында бір жайсыздық бар. Қалай болар екен деп Нұрлан күдіктенсе, Гүлжан қалай қарсы алар екен деп уайымдайды.
«Гүлжан қиналып келе жатыр-ау ішінен» деп Нұрлан оның күдікті ойдан арыла алмай келе жатқанын сезіп, аяп қояды.
«Осыны ойлап тапқан мен ғой. Шын мәнінде бұл керек пе еді? Сәні кеткен өмірді қайтып орнатам деп ненің әлегі десейші. Бәрі уақыт озып, түсі қашқан зат секілді орнына қайтып келе ме? Соны білсең не керегі бар еді осы әурешіліктің? Екі ортада ардақтымды босқа күйдіріп, текке қинайтын болдым» деп Гүлжан ішінен ойлап отыр.
Нұрлан Гүлжанның өтінішін орындап, қайын жұртына келе жатыр. Ойы шым-шытырық. Естіп жатыр. Бұлардың да айтпай жатқан сөзі жоқ. «Тоқал алғың келсе бұрын қайда жүрдің? Осы жасқа келгенде ұялмай-қызармай қай бетіңмен келіп отырсың? Келген жағыңа кете бер!» деп үйлеріне кіргізбей қойса не істейді? Қолды сілтеп тайып тұрар болса ауылдық жерде көлік қайдан табылар? Қашан кіргізер екен деп сүмірейіп есігінің алдында тұрмақ па? Дүрліктіріп жұртты шулатса не болмақ? Ойдан ой қуалай берсе күдік жетеді. Олардың алдында не айтып, не қоярын да саптай алмады. Гүлжан: «Ауылға барып, алдарынан өтпейсің бе?» дегенде түбінде баруым керек қой деп бірден келісе кеткен. Ақжарға жақындаған сайын мазасы кетті.
Міне, мұнартып Ақжардың да төбесі көрінді. Со кезде артына бұрылып қараған Гүлжан:
– Ана сағым ойнаған жиекті көрдің бе? Ақжар сол, – деді.
Асфальт жолда заулап келе жатқан машина шоқалақтан өткенде Нұрлан шайқалақтап, қолындағы тортын түсіріп ала жаздады.
Машина қақпасы ашық аулаға кіріп тоқтады. Бау-шарбақпен қоршалған ауланың іші көз тартарлықтай. Жасыл желекке көңілі ауып, қызыға қарап тұрған Нұрлан қасына келген Гүлжанның шешесін байқамай қалды.
– Есенсіз бе? – деп ернін жыбырлатқан Шынарды көргенде:
– Сәлеметсіз бе? – деп Нұрлан қолын ұсынды. Күтіп алушылардың қабағы жайдары. Шетінен келіп сәлемдесіп жатыр. Бұны күтпеген Нұрлан мен Гүлжанның көңілдері орнына түсті.
– Ауыл-аймақ, мал-жан аман-есен бе? – деді аузына басқа сөз түспей.
– Аман-аман!
– Ішке кіріңіз! – деді Шынар.
Күн жиекке таяған кез. Көптен бері ауылға бармағаннан ба ауылдың таза ауасы кеңсірігін ашып, үйге кіруге зауқы соға қоймады. Ауқымды жерді көрген Нұрлан:
– Осының бәріне қалай үлгересіңдер? Мына жерге қолдың күші керек. Әлде адам жалдайсыңдар ма? – деп сұрады.
– Сөзіңнің жаны бар. Қолдың күші керегі – керек. Сосын ғой біраз жерге ағаш егіп қойғанымыз, – деді Гүлжан.
– Картопқа да жер қалдырған шығарсыңдар?
– Картопты бақшаның аяғына еккенбіз. Жазда екі-үш рет суарамыз. Оның жұмысы мыналардан жеңіл.
Екеуінің қастарына кіші сіңлісі Жадыра келіп:
– Жүріңіздер! Тамаққа шақырып жатыр, – деді.
Әңгіме Нұрлан ойлағандай болған жоқ. Шынар жай сөйлейді екен:
– Сыртыңнан естіп жатырмын. Жон-жосығын қызым айтты. Әйелің, бала-шағаң бар екен. Сонда қалай, осынша жасқа келіп әйеліңмен ажырасқалы жатырсың ба? Бұған ол не дейді? Балдарың біле ме? – деді самайына түскен ақ шашын басына тартқан көкала түсті орамалдың астына қыстырып жатып.
– Бұл жайында үй-іші білмейді. Басында Гүлжанмен келіскенмін. Бұл мәселені үш жылдың ішінде ретке келтіремін деп едім. Екеуміздің ойымыз – ешкімнің көз жасына қалмай, жағдайды айқай-шусыз шешудің жолын қарастыру. Біздің жағдайды жұрт түсіне бермейді. Өзіңіз ойлаңызшы, еліміздің бір түкпірінен екінші түкпіріне қатынау оңай емес. Соған қарамай, әр айдың күнін санап, міндетке алып жүрген жоқпыз ба? Басқаны айтпағанның өзінде, жол азабы қаншама бейнет. Осы еріккеннің ермегіне ұқсай ма? Содан бері екі жыл өтті. Көргеніміз күн шуағы емес. Соның көлеңкесі. Қуаныш та, күлкі де жоқ. Тек бір-бірімізбен кездескенде ғана басқа түскен ой азабын ұмытып, бір сәт төбеміз көкке жеткендей қуанамыз. Сол санаулы екі-үш күніміз көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Кеткім келмей тұр деп бұл мұңайып пойызға отырады. Анам ризашылығын берді дегенде түсінігі бар екен деп сыртыңыздан рахметімді айтып қуанғам. Сізге де оңай болған жоқ, түсінем. Заман өзгеріп, ұмыт болып кеткендіктен «тоқал» деген сөздің мағынасын түсінбейтіндер де бар шығар. Әйел үстіне әйел алғанды ерсі көрген соң тұрпайы естілуі мүмкін. «Тоқал алу» деген бұрын ойыма кіріп шықпаған пендемін. Адам алдында не күтіп тұрғанын білмейтінін осыдан-ақ біліңіз.
Шынар төмен қарап тыңдап отыр. Бір кезде басын көтеріп, жазық маңдайын сипағаны ма, жоқ әлде қасығаны ма алақанын самайына жүгіртті де:
– Балаларыңыз ер жеткен шығар? – деп сұрады.
– Иә, жұмыс істейді.
– Отбасылы ма?
– Бесеуі де үйлі-жайлы. Өздерімен-өздері.
– Жақсы екен. Дастарханға қараңыз, – деді қонағына.
Шынар мұңлы жүзін көрсетпеуге тырысып, бір қырынан төмен қарап отыр. Оған қарап, өзің де тарих бетін ашқандайсың. Өмірдің неше бір тәлкегін көргенін тарамыс денесі байқатқандай. О баста маңдайға жазған тағдырына көндіккенін сездіртеді. Көзінің айналасындағы ұсақ әжімдер мұңға толы жанарын айшықтап тұр. Қыз күніндегі сәулетінен жұрнақ та қалмаған. Әкесінің жар дегенде жалғыз досының баласына барасың деген бір ауыз сөзін жерге тастамай, айтқанына көніп, сол үйдің табалдырығынан аттапты.
Совхоздың жұмысынан келіп, үйдің тірлігін істеп; отымен кіріп, күлімен шығып, күнін өткізді. Бес бала тапты. Ажар-көркінің ізі де қалмады. Машина айдайтын күйеуін бірде көріп, бірде көрмейтін халге жетті. Маңдайға жазған тағдыры осы болса көнбеске амал бар ма! Бәрінен де бес баламен қалған азапты айтсайшы. Балаларын жетілдіру үшін не істемеді! Алматы, Бішкек, Ташкенттің арасында дорбасын сүйреп сауда жасады. Екі ортаны арып-ашып кезгенде үйде бір тыным тапса екен. Адам аяғандай, күтімсіз қыздарын көргенде жаны ашитын.
Шынар күйеу баласының алдында көргенділік танытып өзін сабырлы да салмақты ұстап, ашулы реңін байқатпады. Нұрлан келгеннен бері оған тіктеп қарамап еді. Енді ғана кішкене қой көзін бажырайтып:
– Тоқал алды дегенді бұрын естімесек, енді естіп жатырмыз. «Біреумен таныстым, бірақ бұл жерде тұрмайды. Жұмыс істемейді. Зейнет жасында. Сол жаққа барып келдім», – деген. Анық-қанығын өзінен сұрап білгесін: «Не істегеніңді білесің бе? Масқара болдық қой. Жұртқа, мына көрші-көлемге, жақын-жуыққа не бетімізбен қараймыз?!» – деп шошып кеттік. Не керек, жабылып ұрысқанымыздан түк шықпады. Айтпаған сөзіміз де қалмады. Бұл көкбет тыңдамады. Айтқанынан қайтпайтын жаратылысына біткен қасиеті еді өзінің. Ақыры жеңді!
Екеуара әңгіме осылай аяқталды. Бұл кезде Гүлжан кіріп-шығып жүрді. Шынар: «Бастарыңда үйлерің жоқ. Ол жағын ойладыңдар ма?» – деп сұраған жоқ. Бұл жайында сөз бола қалса Нұрлан не айтарын білмей, қиналатын еді.
Шынар кеудесіндегі қыжылын байқатқысы келмегені ме екен, ашылып сөйлеспеді. Бірақ соған қарамай, екеуінің қуанышы қойындарына сыймады. Әсіресе Гүлжанның көңіл күйі ерекше болғаны соншалық, Нұрланнан көзін ала алмай сол күні түнде төсекте биледі.
– Мен күтпеген жаңалық қой мынауың, – деп Нұрлан таңырқаған.
– Жаным-ау! Дұрыс айттың. Мен үшін бұл ұмытылмайтын, мәңгі есте қалатын күн! Неге десең, осы жетістікке жету үшін жігерім құм болып, жүйкем жұқарып, түгім қалмай қанша күш жұмсадым. Оны айтып жеткізе алмаймын. Естімеген сөзім қалмады. Бала кезімнен бөлектеп, құйттай кезімнен шеттеткендеріне етім үйренген. Маған ең қиын болғаны, айналамдағы таныс-білістер, жұмыс істеп жүрген ортаның өсек-аяңына шыдап, тұрмыс құру еді. Ақырында сол еңбегім зая кеткен жоқ. Міне, өзің де келдің. Шешеммен әңгімелестің, араларыңда артық-ауыс сөз болған жоқ. Бұндай жағдайды екеуміз де күтпеп едік. Ауыр ойдан арыла алмай, жеткенше қалай азаптандық. Өткенді еске түсіріп, қалай болар екен деп уайымдап, сөйлеуге де зауқымыз соқпады. Дастархан басында біз ойламаған жаймашуақ әңгіме болған жоқ па! Бізге керегі сол ғой. Енді неге қуанбасқа! Қазір жүрегім жарылып кетсе де өкінбеймін. Өйткені, дегеніме жеттім. Ақылдары асып, күлгендер болса алдарына келсін деймін. Сонда түсінеді, сонда ұғады, өмірдің мәні мен сәні не екенін…
– Саған қалай айтсаң да жарасады. Бұл сенің еңбегіңнің жемісі! Өзіңнің кім екеніңді көрсеттің. Алдыңа мақсат қойып, арманың үшін күрестің. Міне, соның нәтижесі! Махаббатты сыйлай білмейтін, білгісі де келмейтін, ойыншыққа айналдырып, келеке қылатындарға үлгі көрсеттің. Бір-бірін сүю, жас-кәріге қарамайтынын, жүрекке әмір жүрмейтінін ісіңмен дәлелдедің. Сол арқылы басқа адамдардан дараландың. Менде бар ма осы қасиеттер деп кейде өз-өзіме сұрақ қоям. Ойымда да, өңімде де, қала берді түсімде де көлеңкеме ұқсап қалмайсын. Қасымда болмасаң да, жан дүниеммен біргесін. Кейде жанымда сен бар деп сөйлеп қалғанымды байқамай қалам. Ерсі ғой, ерсі. Сүйіктім, дұрыс түсін.
– Жаным, қалай сөйлесең де қарсыласуға дәрмен жоқ. Сен менің барымсың! Сенсіз күнім қараң. Мен үшін артық жаратылған жансың! Жұрттың күлкісіне, мазағына қарамай, сонау алысқа артыңнан іздеп барғанымнан-ақ білмейсің бе? Осы жасыма дейін біреудің маған жақсылық істегенін көрген емеспін, көргенім жалғыздық пен жоқшылық қана. Жаны таза адамдарды бұрын кездестірген емеспін. Менің білетінім: өз қара басын ойлайтын, өзінен ешкімді асырғысы келмейтін, өзімде ғана болсын деп ойлайтын ішмерездер еді. Енді байқап қарасам, қателесіппін. Оған бірінші себеп өзіңсің. Ақыл-парасатың мол. Бір көргеннен көңілім сені қалады. Енді міне, жалғыз емеспін. Өмірде сүйенішім бар. Сені кездестіргеннен бері көңілім тоқ. Маған жаңа өмір сыйладың. Тек…
– Сөзіңді бөлгім кеп тұр, Гүлжан. Бала болмай жүргенін айтпақсың ғой. Солай ма?
– Дәл таптың. Есіңде шығар.
– Әрине. Алла берер. Бір Аллаға сыйынайық!
– Сенімен алғаш қосылған күнім есіңде ме? Сол жерде бала болса деп тілегем. Іздеген адамымды тапқаныма күмәнім болмады. Сенімен бетпе-бет кездескен сәтте көңіл шіркін дариядай тасығаны соншалық: ұяттан да, намыстан да, ардан да аттап өттім. Алладан бала тіледім. Басқа сөзді сыйымсыз көрдім. Өзіңе тартқан ұл болса екен деп тіледім. Содан бері күн құрғатпай, ішімнен ойлап қоям.
– Бұл жағынан да ойымыз бір жерден шыққаны қандай жақсы. Баламыз болғанын мен де асыға күтіп жүрмін.
– Қарай гөр, маған неге айтпадың? Ойыңды неге жасырдың? – деді Гүлжан күліп.
– Жасырған түгім жоқ. Сен айтқан сол күні дастархан басында қуанышым қойныма сыймай, тост көтерiп, шампан іштім. Сол шарапты ішкім келмесе де Құдай тілеуімізді берсін деп, бір өзім тауыстым. Сен басым айналды деп ішпей қойдың.
– Ия. Сондағы басым айналғанда қорыққаным-ай!
– Шампаннан басың айналған себебі неден екенін айтайын ба?
– Ия…
– Қаның аз, содан.
– Солай ма? Сұрағыма жауап бермей, басқаға аударғаның не?
– Жауабы осы. Кейін сен де бала жайында сөз қозғаған жоқсың. Жаңалығы болып жатса өзі айтар деп орынсыз мазалағым келмеді.
– Әшейінде ғой, қу емеспін дейсің. Ұсталдың ба? Әйтпесе, ойыңа келген мезетте лақ еткізе салар едің. Сенің асыға күтіп жүргеніңді мен қайдан білемін. Жайыңды түсіндім. Одан да не ойлағанымды айтшы, – деді кірпігі жыпылықтаған Гүлжан.
– Жаңағыдай, билегің келіп кетті. Ойлағаныңды тап бастым ба?
– Тапқырлығың бар емес пе?
– Көңілденсең көзің нұр шашып тұрады. Бүгін екеуміз керемет жаңалық ашқаннан кем болмадық. Кәнеки, жатайықшы, алдымен төсегіңді дұрыстап салшы, – деді Нұрлан Гүлжанды құшағына қысып шыр көбелек айналдырып.
– Қойшы, сонша құтырып не болды?
– Айтқаның болсын!
– Бұны маған жақсы айттың. Мен дегенде сенде қанағат деген жоқ.
– Білесің бе? Әйел адам шын сүйсе от болып жанып сүйеді. Еш нәрсеге қарамайды. Бізбен көрші тұрған әйелді білем. Жас кезінде бір жігітті ұнатып, ғашық болыпты. Ол өзінен он бес жас үлкен екен. Ол оны баласынып, басқа қызға үйленіп кетеді. Арты не болды дейсің ғой. Айттырып келгендердің бірде-біреуін көзіне ілмеді: «Менің жігітім бар» – деп өмірден өтіпті, жарықтық.
– Әңгімені қоя тұр! – деп Гүлжан сықылықтап күлген қалпы Нұрланды өзіне тартты.
* * *
– Маған енді еш нәрсенің қажеті жоқ. Одан да қазір шығып, қалған екі сағатты вокзалдағы саябақта өткізейік, – деді Гүлжан.
– Үш күн бойы қонақ үйдің қуықтай бөлмесінен шықпай, тұншықтық қой. Таза ауаға не жетсін, шіркін!
– Мына саябақ тамаша жер екен. Тамылжыған мынадай кеште адамдардың жоғын қалай түсінуге болады? – деді Гүлжан айналасына таңырқай қарап.
– Түсінбейтін несі бар? Бұл жерге жолға шыққан адамдардың келуі де, кетуі де тез ғой. Жастар ешкім келмейтін уақытта болады. Айналадағы тұрғындар қолдары бос кезде келіп карта, дойбы, шахмат ойнайды. Мына гүлдің иісін сезесің бе? Иісі қандай керемет!
– Аяғым ауырып кетті. Отырайық. Саған қай жер ұнайды, сол жердегі скамейкаға барайық.
– Маған бәрібір, сен ұнатқан жерге отырам. Сенің айтқаныңды екі етпей орындайтын құлың екенімді есіңнен шығарма.
– Бұның жаңалық қой. Бірақ қашаннан бері өзгере қалғаның есімде жоқ.
– Есіңде ме, ең бірінші қонақүйден таң алдында кетіп қалып, қайтып келгеннен бастап айтқаныңды бұлжытпай істеп келе жатқан жоқпын ба? Қашан да жоғыңды жоқтатпай, қасыңнан табылып жүрмін ғой.
– Құл болу саған жараспайды, бақытым менің! Сонау жердің түбінен сенің құлың болғасын іздеп келіп жүрген жоқпын ба? Өзің айтқансың, екеумізді Алладан басқа ешкім ажырата алмайды деп.
Нұрлан гүлден жанарын аударып, Гүлжанға қарады.
Қапелімде не болғанын білмей, көзін ала алмай антарылды да қалды. Өңі қашып, өзіне қадала қараған жанары жасаурап тұр.
– Саған не болған?
– Ештеңе.
– Онда неге қарадан-қарап көңілің бұзылды?
– Жай, әншейін.
– Онда күлші. Сенің күлгенің мен үшін қуаныш.
Гүлжан Нұрланға қараған күйі орнынан қозғалмай тұр. Мұңайған мұңлы жүзі жылағысы келіп, себеп іздеген балаға ұқсайды. Жазық маңдайы жиырылып, жанарында жас жылт-жылт етеді.
– Қас пен көздің арасында не болды саған? Көзіңді алмай сонша неге қарайсың? – деді Нұрлан ренжіген сыңай танытып. – Бұл жерге таза ауада демалуға келдік. Тектен-текке көңіл күйді бұзғаның қалай? Өзіңмен қоймай, мені де азап отына салып тұрғаныңды білесің бе?
– Мен шаршадым, – деді зорға сөйлеп Гүлжан.
– Аяғым ауырды дегенің қайда?
Нұрлан Гүлжанның қолынан ұстап, шоқ гүлдердің ортасындағы скамейкаға барып отырды.
– Енді не болғанын айтшы, – деді бұл сүйіктісінің алақанын сипалап.
– Мені қинамашы, сөйлегім келіп отырған жоқ.
Сүйіктісін енді қайтып сөйлете алмайтынын түсінген Нұрлан аяқ астынан не болғанын түсінбей аң-таң. Вагонға отырғанда да Гүлжан көзі мөлтілдеп, Нұрланға телміре қараған күйі кете барды.
* * *
Жердің беті ақ көрпеге оранып қыс түсті. Жылдың төрт мезгілінде табиғат қалай өзгерсе адам да солай өзгеретініне Нұрланның көзі енді жетті. Бұрын айналада болып жатқан құбылыстарды аңғармайтын да, елемейтін де. Ой елегінен өткізіп байқаса, ақыл мен сананы озық жаратқан екен. Ар мен намысты сіңіре білген адам қалай өзгереді? Нұрлан Жарқынайдың күйік отына оранып, ішінен тынып жүргенін сезсе де елемейді. Бұрынғы өткен өмірі өтті-кетті дей ме, ойына да кіріп шықпайды. Кәдімгідей, күліп сөйлесуді қойған. Оның бары да, жоғы да бірдей сияқты. Адам бойындағы аяушылық, мүсіркеушілік жоқтың қасы. Кезінде одан асқан сұлу жоқ еді. Дене бітімінде бір мін жоқ, аққұба жүзін бір көргеннен ұнатқан. Құлай сүйгені соншалық, өмір бір күйде тұратындай, адалдығы мен кіршіксіз тазалығына сенді ме, ыстық көңілдері суымайтындай көрінген. Сонда арманыма қолым жетті деген. Екеуінің тату-тәтті жарасым тапқан тұрмысына жұрт қызығатын. Өнеге тұтатын. Ұлдарыңа қыздарымызды береміз дейтін. Біреулері Нұрланның тәрбиесін үлгі тұтып, балаларымызды солай тәрбиелейміз дейтін.
Жарына деген салқындық қараторы өңіндегі кіржиген қабағынан байқалады. Көңілі мұз боп жібімейді. Үйдің ішінде жат адам да бір, бұл да бір. Сұрағына қысқа ғана жауап береді. Бірге тұрып жатқан аты ғана. Сол күннен кейін Жарқынай ұр да жық мінезін қойып, түк болмағандай жүр. Тамақ ішетін кезде көрген-білген, естігендерін айтқан болады. Нұрлан үнсіз тыңдап, орнынан тұрып кетеді. Екеуінің арақатынасы үзілгені болмаса, үйдегі тіршілік бәз-баяғысынша. Еш нәрсе өзгерген жоқ. Үйленгендегі Жарқынайдың жіптіктей көрінісін көз алдына келтіреді. Әттеген-ай! Ондайда аяйды. Алақанынан ұстап сипалағысы келеді. Жылы сөзін айтпақ болады. Бірақ кеудеден итерген бір күш жібермей, дәрменсіз күй кешеді. Әбден көңілі қалып, жат болып кеткенін сонда сезді. Бұл қалай болғаны? Балаларға не дейсің, не деп ақталасың?
* * *
Сарыағашқа демалуға келген. Күз айының қапырық ыстық күндері. Түскі астан кейін су ішуге барды. Бьювет басынан институтта бірге оқыған Кенжебекті көргенде қуанып кетті. Бірақ ол Нұрланды көрсе де көрмеген болып өте шықты. Тоқтатып амандасты. Бұрынғысынан сәл толысыпты, шашы аппақ. Қара торы өңі жылтырап, күнде көріп жүргендей, жәй ғана езу тартты. Жата жабысып сөйлеседі екен деп ашық-жарқын хабарын айтқан, ыңыранып, немкетті сөйлегенін байқаған бойда: «Уақыт тауып маған кел, әнгімелесейік», – деді. Ол қысық көзі жылтырап, бірден келісе кетті. Арада бес күн өтті. Келмегесін би алаңына іздеп барған. Оқып жүргенде биге құмар еді. Сол әдетінен жаңылмай, іздеген жерінен тапты. Қақ ортада Кенжебек бір топ жолдастарымен ішек-сілесі қата күліп, музыканың әуеніне беріліп, қыз-келіншектермен билеп жүр. Жанындағылар оны қаумалай, әр нәрсені айтып күлдіреді. Оларға жақын барып билеп жүрген мұны Кенжекең көзге ілмеді. Орта бойдан сәл жоғары тіп-тік денесінде бір мін жоқ. Маңдайына түскен шашын ауық-ауық саусағының ұшымен ысырып қойып, бір қолымен аққұба, толық келіншекті қапсыра құшақтап, вальстің сазды әуенімен жеп-жеңіл билеп жүр. Сымбатты жігіттің бидай өңі жадырай түскен. Шараптың буы ма, ауық-ауық музыканың әуеніне қосылып ыңылдап қояды. Алақанына бақыт құсы қонғаннан бір кем емес. Және де қасындағы нөкерлері қолпаштаған сайын екілене түседі. Оны көрген Нұрлан: «Мынау аспандап кетіпті-ау», – деп ойлады.
Бірге оқыған жолдастары: «Бұрынғы біз білетін Кенжебек емес, өзгеріп кеткен» десе, енді біреулері: «Ойпырым-ай, адам қалай өзгереді? Айтайын деген сөзін шашын сипалап, қысық көзін бір ашып, бір жұмып, ыңқылдап жеткізетін еді. Бүгінде кеудесіне нан пісіп, шіреніп қалған», – деп жүр. Сол жерде амандасуға жарамай кекірейгенін түсінбеді. Оның қылығы Нұрланға қатты әсер еткені соншалық, көңілі құлазып, не істерін білмей, ескі досын тастап та кете алмай қиналды. Артынан сұрастырып білсе Кенжебек облыстық астық қабылдау басқармасының бастығы болып шықты. Қасындағылар – шабармандары екен. Кенжебек Министрлер Кеңесінің төрағасы Қарамановтың туған бажасы дейді.
Сол жерде институтта бірге оқыған кезі есіне түсті. Бірінші курстың алғашқы айларында Кенжебек екеуі арасынан қыл өтпейтін дос болды. Қайда барса да бір-бірінен айырылмай, қосарланып жүреді. Мақта теруге апарғанда да жұрттың көзіне түскендіктен «егіз қозы» атанып еді. Танитындар: «Туысқансыңдар ма?» – деп сұрайтын. Курста жалғыз кәріс оқыды. Кейін Кенжебек сонымен достасып, кәрістердің көп тұратын жері қызылордалық болғанға іш тартты ма, бұдан сырттап, Аврораны жағалап кетті.
Биден шыққан соң Кенжебектен көңілі қалған Нұрлан оны әжуаламақ болып сурет салуға отырды. Шабыт келіп тұрғанда болған жағдайларды мұқият есіне түсіріп, бар ынтасымен ақ қағазға түсірді. Кездескен кездегі достықты баяндайтын көріністі айнытпай келтіріп, артынан кәріс жігітпен бірге кетіп бара жатқанын және екеуіне жабырқау көңілмен қарап тұрған өзін бейнеледі. Сонан соң би алаңына барған жердегі болған жағдайды да көргендер бірден ұғуға болатындай тартымды етіп, оның биіктен кекірейіп, менсінбей қараған келбетімен қоса қасындағы нөкерлерімен бірге салғаны ойлағандай болып шықты. Суреттің үшінші кезеңінде, керісінше, бұл оған биіктен күліп қарап тұр. Кенжебек төменде қолын кеудесіне қойып, істеген қылығына өкінген раймен кешірім сұрағандай иіліп тұрды.
Ойламаған жерде институттың мерейтойына барған. Бірін-бірі күтіп, жиналып тұрған кезде Кенжебекті қолтығынан ұстап, көпшіліктің ішінен оңашаға шығарып алды да қолындағы сурет салған қағазды көрсетті.
– Бұл не? – дейді.
– Алдымен қарап көрсейші, – деді бұл жымиып.
– Мынау кім?
Ортаншы саусағының ұшымен Аврораны көрсетті.
– Біздің группада екеу ғой көзілдірік киетін. Соның бірі – досың Аврора. Шынымен танымай тұрсың ба?
– Өзің нағыз суретші екенсің ғой! Мына суреттер хас суретшінің қолынан шыққаны көрініп тұр. Шынымен салған сен бе?
– Мен.
– Керемет! Қалай айнытпай дәл салғансың?
– Суретшілер одағына мүшемін ғой.
– О-о!.. Нағыз талант иесімін десейші! Мен ойламаған жаңалық қой айтып тұрғаның. Осындай да талантың бар ма еді?
– Ол кезде өзімнен де жасырып жүрдім.
– Ал мына суреттерді не мақсатпен салдың?
– Дұрыстап үңіліп қарасаң, түсінесің. Дырдай бастық болып ел басқарып жүрген саған еш қиындығы жоқ. Есіңде болса, мынау бірінші курста мақта теруге барғанда бірге жүрген кезіміз. Артынан менен бөлек кетіп, Аврорамен достасып кеттің. Мынау тұрған – мен.
– Мыналар кім? – деп Кенжебек суретті көзіне тақады. – Әә, енді есіме түсті. Сарыағашта демалғанда сен де болдың емес пе?
– Иә… Сонда кекірейіп, сөйлеспей қойған жоқсың ба! Мыналар қасындағы жолдастарың, мәз-мейрам болып, бір-бір қызбен билеп жүрсіңдер.
– Мына екеуі кім?
– Кеудеңе нан пісіп, менімен сөйлеспей қойғаның есіңде шығар. Бұл соның қайтарымы. Менің алдымда қолыңды кеудеңе қойып, кешірім сұрап тұрсың.
– Сен мені тақыр жерге отырғыздың. Қалай болғанда да ол күндер енді қайтып келмейді. Зейнетке шыққасын бәрінен шеттеп қалады екенсің. Бір өтінішім, мына салған суретіңді ешкімге көрсетпей, жыртып тасташы… – деді түрі бұзылып.
Суретті саларын салса да көрсететін кезде Нұрлан әбден қиналған.
* * *
Үйренген әдетпен елең-алаңнан сөйлесетін Гүлжан бүгін қайта-қайта қоңырау соққан Нұрланға жауап қатпай қойды. Сәске түс болды. Хабар-ошарсыз жатқаны несі деп не істерін білмей, әуре-сарсаңға түсіп, әбден састы. Бұған не болды? Кейде болмашы нәрсеге ренжіп қалса бұртиып сөйлеспейтін әдеті бар еді. Бұ жолы ондай реніш болған жоқ. Керісінше, ортақ ойлары жарасым тауып, бір-біріне риза көңілмен «қайырлы түн» айтып, телефонда қоштасқан.
Кешкісін қоңырау соққан Нұрланға Гүлжан:
– Демалысқа шықтым. Қайда барамыз? – деді салған жерден.
– Өзің айт. Қайда барғың келеді?
– Мектеп пен базардан басқа еш нәрсе білмейтін менен не сұрайсың?
– Бұл жайында бұрын сөйлескен емеспіз. Не деймін?
– Құрметті азамат екеніңді айтып, курортқа жолдама сұрасаң беретін шығар. Қалай ойлайсың?
– Сен де қызықсың, барғанда қолыңа ұстата қояды деп кім айтты саған? Тапқан екенсің тегін жатқан дүниені. Одан да неге қыдырмаймыз? Шақырған талай тойға кезінде бара алмадым, кейін қолым босаған кезде барамын деп уәде бергем. Көрмеген жерлерді аралап, табиғатын қызықтайсың. Швейцариядан қалыспайтын Көкшетауға барайық. Бурабайға да соғамыз. Қалай, ұнай ма менің құрған жоспарым? – деді Нұрлан.
– Әрине, ұнайды. Тамаша!
Сәл мүдіріп:
– Осы айтқандарыңның бәрі орындала қояды деп ойлайсың ба? – деді тұтқада сеніңкіремеген үнмен Гүлжан.
– Орындау қиын емес. Тек бізді қинайтын қаражат жағы.
– Иә. Ақша мәселесі қиын, әрине. Сөз жүзінде қалмаса, – деді Гүлжан күрсініп.
– Бір реті болмас дейсің бе. Сатуға берген суреттерім бар еді. Бір жылдан асты. Соны білейін.
– Ойдан шығара салған жоқсың ба? Менен жасыратын құпияң ба бұл? Мынауың мен естімеген жаңалық қой.
– Жай, елей қоймайтын ұсақ-түйек нәрсе. Көптен жатқан сурет еді. «Сатып, ақшасын беремін» дегесін мектепте бірге оқыған жолдасыма бергенмін. Нем кетеді, сұрай салайын.
– Саған бәрі елеусіз болғанмен, артынан бағалы болып кететіні несі, отағасы? – деп тұтқадан тоқалының күлген дауысы шықты. – Әйтпесе, Суретшілер одағына мүше болармысың?
– Көпшіліктің ішінде жақсы да, жаман да жүрмей ме. Соның біріміз. Одан да өзіңді айт. Кәсіби мамансың. Оны білесің. Істеп жүрген жұмысың да соның дәлелі. Өтірік деші. Салған суреттеріңді маған бер. Кешіктірудің қажеті жоқ. Мен оны тиісті жеріне жіберейін. Сөйтіп бір күндері Суретшілер одағына сен де мүше болып шығасың. Қай іске де сыбанып кіріссең ғана шешімі табылады. Келістік қой.
– Ойлағанымыздай болса, кәнеки. Екі қолымды көтеріп, келісім беруге дайынмын.
– Ендеше, ішімізден ойлаған мақсатымыз жүзеге ассын деп тілейік.
– Бірінші – демалысыңда қыдырасың. Екінші – салған суреттеріңді маған әкеліп бересің, – деді Нұрлан көтеріңкі дауыспен түн жарымында қоштасып жатып.
Енді міне, Гүлжанға не болғанын білмей бөлменің ішін әрлі-берлі кезіп, сенделіп жүр.
* * *
Гүлжан таң ата төсегінен атып тұрды. Апыл-ғұпыл киінді. Күндегі ішетін бір-екі аяқ шайын ішпестен, мектепке асықты. Алдынан кезіккен мүғалімнен «екі сабақтың орнына дайындық өткізіледі» дегенді естіген сәтте алды-артына қарауға мұршасы болмай, автобусқа отырып аудан орталығындағы кәсіподаққа келген. Одан шыққасын оқу бөліміне барып, бір ай білім жетілдіруге жіберуін өтініп, әдіскеріне жолықты. Алдағы айда баратын болып келіскесін, Нұрланға қоңырау соқты. Түс ауған кез.
– Амансың ба? Қайда жоғалып кеттің? – деді Нұрлан өктем дауыспен.
– Хабарласуға уақыт болмады.
– Не дейсің?
– Хабарласуға уақытым болмады деймін.
– Мұршаң болмайтындай соншама не болып қалды?
– Тыңдашы мені, таңертең сөйлесуге уақыт таппай асығып кеттім.
– Жау тигендей не болды соншама? Түнде сөйлескенде бәрі тыныш еді ғой.
– Мейрамға дайындалатын болып, оқушыларды концертке алып кетті. Екі сабақтың болмағанын пайдаланып, ауданға барып қайттым.
– Денің дұрыс па? Онда не жоғалттың?
– Кәсіподаққа барып, санаторийға жолдама сұрадым. Одан шығып, оқу бөлімінен бір ай оқуға жіберуін өтініп арыз жаздым. Сөйтіп келесі айда оқуға баратын болып келістім.
– Не айтып тұрсың? Бір түнде есің ауысқаннан саумысың?
– Саған айтқан жоқпын ба! Жолдама сұра деп. Оны істемедің. Мектептегі тынымсыз жұмыс шаршатты. Осы жазда міндетті түрде демалуым керек, – деді кейістік білдіріп.
– Түнде емес пе келіскеніміз. Мен сонда сенімен емес, жыныңмен сөйлескен болдым ба?
Гүлжан үн қатпады.
– Неге үндемейсің?
– Айтқан жоқпын ба. Жолдама сұра, қасыңда екі-үш күн болам деп. Барған жоқсың. Маған не дейсің?
– Ондай ойың барын түнде неғып айтпадың? Неге менен жасырдың?
– Ойлағаным бола ма, болмай ма дедім.
– Сол сөзіңе сене қояды деп ойлайсың ба? Өтірік екенін міңгірлеп сөйлей алмай тұрған даусың білдіріп тұр. Айтқанымды тыңдасаң, бармайсың.
– Ал мен қайтсем де барам, демалмасам болмайды.
– Қалай бармақсың? Күйеуі жоқ, жалғыз басты бейшара әйел құсап сүмірейіп жүрмексің бе? Әлде еркім өзімде деп білгеніңді істеу ме мақсатың.
– Демалмағаныма үш жыл болды. Оқушылардың у-шуынан жүйкем тозып бітті.
– Олай болса дәрігерге көрініп, емделмейсің бе? Қанша рет айттым саған. Тыңдадың ба? Әбден жаман үйреніп кеткенсің. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, ойыңа келгенді істеп. Әйтпесе, бір түннің ішінде құбылып шығасың ба? Мына қылығың сау адамның емес, ауру адамның ісі. Енді не істейміз, соны айтшы.
– Олай болмайды. Қалай да барам. Әлі кеш емес, келіп, сол жерден жолдаманы сатып ал. Бірге демаламыз.
Шым-шытырық ойдың шырмауында қалған Нұрлан не деп жауап қайтарарын білмей, күйіп-пісті. Аяқ астынан түрленгені несі? Қандай себеп? Менен жасырғаны не? Уәдесінен неге айныды? Тиянағы жоқ біреу ме? Өтірік неге айтасың? Ар, намыс қайда? Жалғыз бұл болса, бір сәрі. Талай рет осындай қылықтары жанымды отқа да салып шыжғырды, суға да салып батырды.
Шын сүю қандай қиын, бүкіл болмысымды жан-тәніммен қоса билеп алған. Ырыққа көнбейді тіпті. Бұрындары жұртты тандандырған күшім қайда? Бұдан да зоры болған жоқ па еді? Жоқ, олай емес, онда да күйректік таныта жаздағанмын. Жоқ, мен онда тым жас болдым. Әйтпесе… Әйтпесе деме, шалалық жасаған өзің емессің бе! Сол әйелдің күйеуін аяп, балалары есіңе түскенде айнығансың. Ондағым еріккеннің ермегі, жай қызығушылық. Беріліп құлай сүйген жоқпын! Бір нәрсе жетіспегендей тартыншақтадым. Бұл басқа. Еркіңнен тыс күш үстемдік етіп бағынбайды. Игертпейді. Дәрменсіздік танытып, шырмалған сезімнен бұлай аласұрған емеспін. Бір сөзбен жеткізсем, Гүлжанның жан тазалығын сөзбен жеткізе алмаймын. Онымен сөйлескенде көңілім шырқау биікке көтеріліп шыға келеді. Артынан көңілім көншіген сәтте ерсі қылығыма өзімнен-өзім қысылып, ұяламын. Ұялғаным да еш нәрсе емес, жүрегім ойнақшып, ұйқы қашады. Қысқасы, есің ауып сүйгеннен ауыр нәрсе жоқ екеніне көзім жетті. «Сен қалай мені сүйсең, мен де солай сүйемін» дегеніне кейде сенбеймін. Айтқаны рас болса осы істегені дұрыс па? Ендігі жағдай қалай болады? Жүйкемді жұқартқаның аздай, жөн-жосықсыз істеген тірлігіңе ақылым жетпейді, – деп арпалысқан күй кешті.
* * *
Көшеде жел тынып қалған. Сұрғылт аспаннан майда жаңбыр себелейді. Нұрлан мен Қалижан аяңдап, қарама-қарсы тұрған зәулім биік үйдің жанындағы маңдайшасына «шарапхана» деп жазылған есікке кірді.
Шарапхананың іші мұнтаздай тап-таза, қабырғалары ашық түсті сырмен боялған, едені жаңа ғана сырланғандай жылтырайды. Жиһаз дегеннен мұнда сары түсті буфет, бірнеше столдар мен орындықтар ғана, бәрі де бір түстес ағаштан жасалған. Төрге жақын оң жақтағы столға екеуі барып отырды.
– Ешкім кедергі болмайтын, оңаша осы жер ыңғайлы, – деді Қалижан орындыққа жайғасып жатып.
– Сөзіңнің мағынасына қарағанда, әңгімемен баурап алайын деп тұрсың-ау. Сағынып кездескеннің бір жақсы жері, осындайда көңілің көкке көтеріліп, мәз-мейрам боласың. Сені білмеймін, маған солай. Ондайда ішкен сыра да сіңімді. Бұл жерде бұрын болғаным бар. Адам көп болады. Айналасында тұратындардың көбі мына цемент заводында істейтіндер, кейде орын болмай кезекте тұрады. Бір жақсысы, ішетіндер сырасын мақтайды, – деді Нұрлан.
– Бәрінен де маған сенімен сыра ішкен ұнайды. Ырым етіп ұрттағаның болмаса, бәрі өзіме қалады. Сенің арқаңда сыраға тойып алам. Сосын мені сөзге желдіртіп қойып, құлағыңды тігіп, үнсіз күлімсіреп, сен отырасың. Мен болсам, ішімді босатып, жеңілдеп қаламын.
– Балалық шақтың қызығы екеумізде әлі басылмаған, сағынатынымыз соның әсері болар. Балаларымыз отау тігіп, есейген қазірдің өзінде бір-бірімізді қызық қуғандай іздейміз. Осы айтқаным дұрыс па? – деді Нұрлан Қалижанға.
– Бұл жақсы емес пе! Қаумалаған мазасыз ойдан құтылып, бір сәт те болса көңіліміз көтеріледі. Осы, сен неғып үндемей отырсың? Жалғыз досыңның туған күнін ұмытқансың ба?
– Солай екен ғой. Құтты болсын! Қалай есімнен шығып кеткен, – деп Нұрлан орнынан тұрып, Қалижанды құшақтап, қолын қысты.
– Мен әдейі саған келдім. Туған күнді атап өтуге. Осы уақытқа дейін қанша дос болып жүрсек те туған күнімізді бірге өткізген емеспіз. Сен болсаң маңқиып, менімен шаруаң жоқ, үндемейсің. Бүгін маған маза бермейтін болғасын, келетін жолдас-жоралардан әдейі қаштым.
– Ол айтқаныңның жаны бар. Сені ұстау қиынның-қиыны. Өйткені сұйық жүрісің көп, – деді Нұрлан сылқ-сылқ күліп, беторамалымен маңдайын сүртіп жатып.
– Саптыаяқ әкел, – деді Қалижан аққұба орыс келіншекке саусағымен мұртының ұшын ширатқан болып.
Шүмекті бұрап қойып, келіншек:
– Екеу ме? – деді.
– Қазақша таза сөйлейді екенсіз. Қалай үйрендіңіз? Даусыңыз да сүйкімді естіледі, – деді езу тартып жымиған Қалижан.
– Иә. Бұрын тұрған жерде орыс мектебі болмай, қазақ мектебінде оқыдым.
– Бәсе. Онда күйеуіңіз де қазақ шығар.
– Қалай біліп қойдыңыз? – деді келіншек саптыаяқты Қалижанның алдына қойып жатып.
– Сіздей сұлу қызға үйленген жігіт тегін болмады. Жігіттің ішіндегі төресі болар.
– Төресі дегенді білмеймін. Бірақ өкінбеймін, – деп күлді ол.
– Осы сенің әйел көрсең есің ауып кететіні несі? Оңды тісің де жоқ. Балпылдап сөйлеп қоймайсың, – деді орыс келіншек кеткен бойда қабағын шытып Нұрлан.
Артына бұрылған келіншек:
– Е, сөйтіңізші, аға! Ағайдың даусы да қатты шығады екен. Басым ауырып кетті, – деді.
– Құлағы ауыр. Өзі естімейтін болғасын басқаларды да естімейді деп ойлай ма, ылғи дауысын көтеріп сөйлейді.
– Қойдым, қойдым, – деп Қалижан мұртын сипады.
– Ауру қалса да әдет қалмайды деген сөзді бекер айтпаған. Әйел көрсең сипақтаған әдетіңді ендігі жерде қойсайшы, – деді өкпелеген баладай тыжырынған Нұрлан.
– Онда тұрған не бар? Көңіл көтергенге не жетсін! Ойын-сауықтың не екенін білмейсің. Саған ерсі болып көрінетіні содан. Жүрген жерімде ат шаптырмадым, басқаның бәрі болды. Өзіңнің қолыңнан келмегесін көре алмайсың, әйтпесе бұл жерде артық ауыз сөз болған жоқ. Өзімізбен бірге жанымыздағылардың да көңілін аулап қойғанның несі айып.
– Бір өзің сөйлей бересің бе, маған да кезек берсейші, – деді Нұрлан саптыаяқты қолына ұстап:
– Бүгін мені бір емес, екі рет сөзбен ұттың. Бірі – туған күніңді ұмытқаным болса, екіншісі – маған келіп қуанышыңды бірге бөліскенің, – деді.
– Мен сен сияқты қатты емеспін, ақкөңілмін. Жер асып, су асып кеткесін бе, ауылды көп ойлаймын. Сені көргенде сол сағынышым басылғандай күйге түсем. Дос-жаран жетеді. Бірақ сенің орның олардан бөлек, – деді Қалижан Нұрланға қарап.
– Өзгерейін деген екенсің. Құйғанша шыдай алмай, бөтелкенің аузынан ішетін едің. Оны қойғансың ба? Алдыңда тұрған саптыаяққа қолыңды әлі бір де тигізген жоқсың. Бұның не?
– Кеше көп ішіп қойғанмын ба, таңертең басымды көтере алмай, қызыл күрең бес жұлдыздан ұрттап едім. Шынын айтайын, зауқым соқпай отыр.
– Туған күнің құтты болсын! Денсаулығың зор болсын! Немере, шөбере, шөпшек сүйіп, жүзге жет! Ойын-күлкіге тоймай жүре бер! Ал енді сол үшін өзім ішіп қоямын, – деп саптыаяқты қағып салды.
– Рахмет! Жақсы айттың. Бірақ түйістірмегенің қалай? – деді таңырқап.
– Сыраны несіне түйістірем. Ішіңе сыйғанша, суша сіміресің. Арақ болса бір сәрі, қалай ішем деп ащы дәміне бола қиналып соғыстырсаң, дем береді. Солай емес пе?
– «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген. Ойламаған жерде тігісін келістіріп жіберетін пысықтығың бар. Әйтпесе, сыра да ішімдікке жатады. Сыраға да масайып қалады. Мен саған қызық айтайын. Бұл өмірде не көрмедім! Бірақ бұл әңгімені ешкімге айтушы болма. Онда өкпелеймін. Мына сыраның дәмі шынында да өзгеше екен, – деді тамсанып.
– Жаңа ғана айтқан жоқпын ба, жақсы екенін, – деді Нұрлан орнынан қозғалақтап.
– Мен бірде бал қосқан сыра ішкенмін. Оны көп ішуге болмайды екен, жүрегіңді айнытады. Мынаның ішіне не қосты екен, ә? – деп беторамалымен көзін сүртті де: – Жаңа саған айтайын деген әңгімені ұмытып қалғанымды қарашы, – деп төмен қарады.
– Сыра жайында ғой деймін, – деді Нұрлан оған.
– Ә-ә, иә, иә. Осы сыра мені екі рет тілеп алған ауруымнан құтқарды. Басымнан өткізген бұл жайды жан баласына айтқан емеспін. Кезінде қызмет бабымен қайда бармадық. Іссапармен Қазақстанды түгел шарладым. Бірде мынадай жағдай болды.
Жұмабек деген бір мекеменің бастығы үйіне қонаққа шақырды. Көпшіліктің аты көпшілік. Дастархан жайылмай-ақ қызу әңгіме басталып кетті. Жұмыспен барған менен басқасының бәрі бірін-бірі таниды. Әрқайсысының беттеріне қарап, сөздерін тыңдап отырмын. Үлкендерге орын беремін деп төрдегі орнымнан ығыса беріппін, бір қарасам, төменгі жақта отырғанымды аңғардым. Жиналғандарды өзіме қаратпай, араларында елеусіз қалғаныма қуандым.
Бір кезде қасымда келісті келіншек отырғанын байқадым. Ондайда тыныш отыра алмайтынымды білесің. Көз қиығыммен қарасам, бет аузын бояған қас пен кірпігі тікірейіп, қып-қызыл жұқалтаң ерні шүртиіп, маған «қарап қал» деген кейпін танытқаны ма, әлде айтып жатқан әңгіменің әсері ме, өзінен-өзі жымиып отыр. Басқа білмесе де сен білесің, көңіліме ұнаған әйелге делебем қозып кететінін. Мына отырған жерім көзге түсе қоймайтын, өзара сөйлескенге ыңғайлы, жақсы екен.
Ішім пысып кетті. Қасымда отырған келіншекке қарадым. Сол сәтте бір-біріміздің көзіміз түйісті. «Жақсы нышан» деп жорамалдадым. Келіншек те жымиды. Мен де езу тартып жымиған болдым. Керегі осы еді. Сөзге тірек табылды.
– Сізді жалғызсыратып қойғаныма кешірім сұраймын, – дедім.
– Оқасы жоқ. Менің де келгенім жаңа ғана, – деді ол жан-жағына қарағыштап.
– Таныса отырайық – Қалижан!
– Мақпал!
– Қалай тауып қойған! Атыңызға затыңыз сай екен.
– ?!
Ебін тауып көршімнің түр-түсіне көз жүгіртіп, есте қалатындай қарадым. Қараторы келіншек әп-әдемі өңінің ұшқынын кетіріп, бояуды аямай жаққан. Қоңыр түстес қолаңшашын екі бөліп, оны өріп арқасына жіберген, басына гүлді жібек орамал тартқан. Маңдайынан орамалды сәл көтергенде байқадым, саусағының тырнақтарын қызыл күреңмен бояпты. Енді бір сәт көз жүгіртіп қарасам, жаңағы келеңсіз көрген көрініс қайда кеткенін білмеймін, сұлулығын паш еткен жаратылысында бір мін жоқ. Ішке 3-4 рюмке барғанның әсері шығар, мұның алдындағы ол туралы айтқандарым айдалада қалып, көзіме хор қызындай көріне берді. Бір сөзбен айтсам, қасымдағы отырған сұлудың сұлуы!
Енді бір қарасам, алаулаған жүзі жарыққа шағылғандай тайсақтайды. Түп-түзу қыр мұрны келбетіне өң беріп тұр. Сол жерде «қылығы» қандай болады екен деп, мен көріп жүрген әйелдердің біріне де ұқсата алмай, аңсарым ауғаны. Қыз-келіншектің бәрі де қол жеткенше арманым болған жоқ па! Осы көрсеқызарлығым-ай! Бір көрмеге айдай сұлу болып кететіні несі?
Көпшіліктің ішінде екеуара бөлініп, сөйлесіп кеткен келіспейді. Танымайтын ортада әдеп сақтамасаң болмайды. Мақпал ашық екен. Сұрағыңа мүлтіксіз жауап беріп, ақкөңіл жан екенін танытты. Содан көршімнен айырылып қалатындай мазам қашты. Бір кезде ортамнан оңашаланып қалғанымды сездім. Мақпал маған қарап:
– Аға, сізге сөз беріп жатыр, – деді.
Келіншектің жалт еткен жанары жай оғына ұқсап, ішкі дүниемнің ойран-асырын шығарды. Танымайтын орта деп жүрексінбедім. Сөз саптауым көршіме ұнаған болуы керек. Орныма отыра беріп көз қиығымды тастасам, жанарын қадап қалыпты. Мақпалға көңілім ауғаннан болар, отырыс ұзаққа созылып кеткенге ұқсап жалығып барам. Әбден бойға сіңген көрсеқызарлықты қойсайшы, көршімнің тыныс алысы да әсер ете бастады. Жайшылықта жолым болғыш еді. Бұ жолы қараптан-қарап қобалжығаныма түсінбедім. Өзім тәттіқұмар баладай, әйел көрсем көзім ойнап шыға келетін еркекпін. Бұрын арақты өліп-тірілгеніме қарамай ішкенімді білесің. Дәрі ішіп те қоя алмағанмын.
Еркекке әйелсіз өмірдің қызығы жоқ қой. Келген жұмысымды бітірсем де Мақпалдың қасынан кете алмай, үш күн жатып алдым. Төртінші күні самолетте отырған кезімде қуығым ауырды. Түнде де ауырған. Бірақ оған мән бермеп едім. Бір бәлеге жолыққанымды сездім. Үйге соқпай, бірден уролог Досымның жұмысына бардым.
– Мынауың не? – деп, көргенде шошып кетті. Оның шошынған даусынан тұла бойымды қорқыныш биледі.
– Түбінде осыған кезігетініңді білгенмін, – деді бір кезде қабағын шытып.
– Айтсайшы, не бұл?
– Несін сұрайсың, көріп тұрған жоқсың ба?
– Жазыла ма?
– Емдеп көреміз. Бір жақсысы, дер кезінде келдің. Енді маған өкпелеме, сазайыңды тартасың. Мына шприцті көрдің бе? Осымен дәрі жіберемін, – деді жаңағыдан даусы жұмсарып.
Досымның қолына жармасып:
– Мынауың тым үлкен екен. Қорқынышты ғой… – дедім.
– Сен мына диагнозыңның бұдан да қорқынышты екенін білмей тұрсың. Сол қорқынышты өзің де сезіп тұрсың, әйтпесе маған келмес едің. Әйелің көрсе не дейді? Үйден қуып шықпаса маған кел! Білесің сонда ойнастың не екенін!
– Құтқар мені, болар іс болды. Айт-айтпа, одан келер пайда жоқ.
– Әйелің бар емес пе. Кім көрінгенге баратындай не көрінді?
– Кім көрінгенің не? Білесің бе, ол – филармонияда істейтін әртіс.
– Олар да адам ғой. Азғындар барлық жерде де болады.
– Бір амалын жаса. Ұятқа қалмайын…
– Ұятты ертерек ойлау керек еді. Енді кеш, – дейді өктем үнмен.
– Әй, сен не деп кеттің? Жаңа ғана емес пе, «көреміз!» деп сендіргенің.
– Кәне, іске кірісейік. Нәтижесін сосын білеміз.
– Мына шприц қандай қорқынышты!
– Осы дәріні жібергеннен кейін сыраны тоя ішесің, неғұрлым көп ішсең, соғұрлым жақсы болады.
– Бір өзім сыраны қалай ішем? Сол жерге бірге барайық, жүрсейші.
– Саған сырадан серік бола алмаймын. Отарбайдың үйінде қалай ішім өткені есіңде шығар? Есімнен кетпейді. Ол жерде сен де болдың ғой… Содан бері ішпеймін.
– Не керек, жан тәтті екенін сонда білдім. Сыраны жөн-жосықсыз ішудей іштім. Қайда кетіп жатқанын білмеймін, кетіп жатыр, кетіп жатыр. Ауық-ауық сыртқа шығып келем. Он кружка ішкенім анық, одан арғысын білмеймін. Ішім тырсиып қозғалуға шамам келмей қалды. Сол күні үйге барған жоқпын. Досымның арқасында «тілеп алған» аурудан құлан таза жазылдым.
– Қалеке, бұдан былай бұ жүрісіңді қойсаңшы! Абыройлы адамсың, саған бұл жараспайды.
– Қойдым, қойдым! Уәде – осы!
– Ал енді досым, туған күнің құтты болсын! Денсаулығың зор болсын! Осымен енді тұрайық! – деді Нұрлан Қалижанның арқасынан қағып.
* * *
Нұрланның Гүлжанға деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Не болса содан күдіктенетін жағдайдан құтылған.
Бір күні Гүлжан қоңырау шалды.
– Жаным! Менің ғаламтордағы суретімді көрдің бе? – деді майда қоңыр даусымен.
– Жоқ. Мен бұрын көрмеген сурет пе?
– Ол жағын білмеймін. Жарда ілулі тұрған сурет ше?
– Маған ешқандай сурет көрсеткен жоқсың.
– Жазу үстелімнің үстіндегі суретті айтам.
– Ол жердегі суреттерді қараған жоқпын.
Сол арада байланыс үзіліп кетті. Кешкісін тамақ ішіп отырып, Жарқынай:
– Мына келіншек бізбен бірге тойда болған жоқ па еді? – деп ғаламтордағы Гүлжанның суретін көрсетті.
– Иә, – деді бұл суретке қарап.
– Қасындағы күйеуі ме екен? – деді Жарқынай.
Үстінде сұрғылт костюм-шалбар, ақ көйлекке көк галстук таққан орта бойлы, жас шамасы елуді еңсерген кісіні көргенде қызғаныштан от болып жануға шақ қалды.
– Білмеймін, – деп әрең жауап берді.
Сол күні тойға барайын деген ниеті жоқ еді. Гүлжанмен сөйлесіп тұрғанда той есіне түскен.
– Менің саған айтатын жаңалығым бар. Қызылжарда нағашым бар деп едің ғой. Сол ауылда тұратын шөбере інім баласының үйлену тойына шақырып жатыр.
– Нағашымның ауылында туысым бар деп айтқан емессің, – деп жауап берді Гүлжан.
– Айтпасам, енді айтып тұрмын.
Гүлжан орынсыз өкпелегенін сезді ме, дауысы қуанған баладай жайраңдап шықты.
– Тойға келесің ғой, ә? – дейді.
– Соны білмей тұрмын. Бәйбіше де барам десе қалай болады?
– Маған жақсы. Танысам. Ертіп келе бер. Мен үшін сені көргеннің өзі баға жетпес сый.
– Сенің орнында олай ойламаған болар едім. Сонша жерден барғанда сенімен бірге болмағасын, қызығы жоқ. Ол жағы ше?
– Қойшы. Ол жағын ойлаған жоқпын.
– Мен ойланып көрейін, – деді Нұрлан күмілжіп.
– Несін ойланасың! Тойға келген болып, мені көресің. Нағашыма барған болып, мен сені көрем. Жақсы емес пе?
– Бұл сөзің маған ұнайды. Олай болса, барам деп хабарлап қоям.
Нұрлан уәдесінде тұрды. Есесіне тойға келген Гүлжанмен сөйлеспек түгілі жөнді көрген де жоқ. Билеп жүргенде келіп амандасқан бетте біреу оны биге шақырды. Сол кеткеннен Гүлжан мол кетті. Қайтып Нұрланның биге зауқы соқпады. Сондағы биге шақырған кісі осы суреттегі жігіт болатын.
– Бұны қалай түсінуге болады?
«Сәл нәрсеге бола қызғанатынымды біледі. Сөйте тұра неге айтты? Қытығыма тигені ме? Әлде қызғанатынымды қызық көріп, әдейі айтты ма? Қалай болғанда да бұл маған ұнамайды».
«Мен сені сүйем деп ант-су ішкені қайда? Туған шешемнен де артық көрем дегені қайда? Сенің алдында өлсем арманым жоқ дегені қайда?»
Өзімен-өзі әуре-сарсаңға түсіп, қалың ойдың шырмауынан шыға алмай жүрген күйеуіне Гүлжан:
– Алло! Неге хабарласпай жатырсың? Ауырып қалған жоқсың ба? – деп бәйек болды. – Неге үндемейсің?
– Сөйлеуге зауқым соқпай тұр.
– Маған өкпеледің бе? Әйтпесе мұнша уақыт күттірмес едің.
– Түнде дұрыс ұйықтай алмадым. Содан шығар, – деді шынын айтудан жалтарып.
– Айтпақшы, кешегі айтқан ғаламтордағы суретім қалай екен? Ұнады ма?
– Суретті айтсаң құсқым келетінін білесің, айтпашы.
– He?..
– Өйткені сенде не көп, сурет көп. Аяқ басқан жердің бәрінде суретке түсесің де жүресің. Айтудай айтамын, бірақ одан нәтиже жоқ.
– Суретке түскенде тұрған не бар? Өзіңнің қандай екеніңді көрген жақсы емес пе. Саған бар зат ұнамайды. Неге олай? Өзіңді көріп, бірауық көңіл көтергеннің несі айып?
– Сен маған мынаны айтшы. Ғаламторға даладағы біреумен түскен суретті неге жүктедің?
– Ә, енді түсіндім. Жаным-ау, соған да өкпелей ме екен?
– Мені бала көресің бе? Өтірік сөйлегеніңе нана қоятын.
– Сурет маған ұнайды. Сосын жібердім. Онда тұрған не бар?
– Ол кім саған, осыған жауап берші.
– Ешкімім де емес. Сен барған жердегі тойда суретке түстік. Бар болғаны осы.
– Сонда қалай, мынау менің күйеуім деп таныстырғаның ба жұртқа?
– Менің күйеуім сенсің. Тағы қандай сұрағың бар? – деді даусы өзгеріп.
– Суретті көргенде басқалар не дейді, соны ойладың ба?
– Не десе о десін. Онда қандай шаруам бар?
– «Әркімге бір жабысып жүрген біреу, жөнді болса сөйтіп жүре ме» демей ме?
Гүлжан жауап қатпады.
– Суретті алып таста, – деді Нұрлан тұтқаны қоярда. – Бұдан былай арамызда кикілжің сөз болмайды. Бір-біріміздің ойымызды айтпай-ақ түсінетін жағдайға жеткенде бұнымыз не?
Күндер өтіп жатты. Нұрланның сұрайтыны бір-ақ сөз, оны да сөйлескен кезде басында, не ортасында, не болмаса сөйлесіп боларда: «Ғаламтордағы суретті алып тастадың ба?» – дейді. Оған Гүлжанның жауабы дайын, «бүгін қолым тимеді» деп ертеңге қалдырады. Күнде ертеңмен бір ай өтті. Нұрлан жынданып кете жаздады.
– Сенің ертеңің таусыла ма?! – деді бір күні ашуға булығып. Әшейінде айтатын да қоятын. Бірақ ішінен өртеніп кете жаздайтын. Істеген ісі бір бөлек, ойы бір бөлек, не деген жұмбақ әйел!
– Мақұл, міндетті түрде кешкісін ғаламтордан алып тастаймын. Шығарып тастаймын деп отырам да ұмытып кете берем, – деп ақталды ол. Сол сурет жанына батқаны соншалық, Нұрлан кешкісін сөзге келместен, бірден:
– Не істедің суретті? – деп сұрады.
– Алып тастадым, – деді ол жай ғана.
– Жардағы суретті де жыртып таста, – деді.
Гүлжан үндемеді.
– Неге үндемейсің, жауап беруден жалтарып тұрғаннан саумысың?
– Мақұл. Қазір емес бірақ…
– О не дегенің?
– Түсінбейтін несі бар. Кейін жыртам.
«Кейін жыртамыны несі? Осы маған әйел болып жарытпайды. Ойы мен сөйлеген сөзі бір-бірімен қабыспайды. Өткендегісі анау, алдағы айларға өзара келісіп жасаған жоспарды арада бір күн өтпей жатып, таңертеңгісін быт-шытын шығарып, демалуға жолдама алды. Сонда да дау-дамайға салған жоқ па еді? Ендігісі мынау, болмайтын нәрсеге бола ашуландырады. Осынысы жөн бе? Танымайтын еркекпен әйелдің суретке түскені ерсі екенін білмегені ме? Мен оны бейтаныс біреу ме деймін. Мүмкін ол бұрынғы танысы шығар. Олай болса айтпай ма? Болған күнде де оны әспеттеп, құрмет тұтып, жарға іле ме?» Ақыры шым-шытырық ойдың ұшығына шыға алмаған ол шаршап қойған.
Суретті жыртып таста дегеніне біраз уақыт өтсе де сол айтқан жерде қалған екен. Гүлжан сөз арасында:
– Cегізінші наурызда кәжекеймен түскен сурет қандай жарасып тұр маған! – деді.
– Айтпақшы, сол сурет әлі тұр ма? – деп сұрады Нұрлан.
– Тұрмай қайда кетуші еді?
– Не деп тұрсың! Жыртып таста деген жоқпын ба?– деді даусын көтеріп.
– Жыртуға қимаймын. Сурет маған өте ұнайды.
– Сөзінде тиянақ жоқ, не қылған әйелсің? Сонда қазір емес, кейін жыртам деген жоқсың ба! – деді Нұрлан сөйлей алмай қыстығып.
– Сөзіңді қимай, айтсам айтқан шығармын. Есімде жок. Енді жыртпаймын, – деді. – Сөздің тоқетері осы.
– Ол саған қимайтындай кім еді соншама? – Нұрлан күйіп кетті.
– Ешкімім де емес. Бірақ жыртпаймын. Бұдан былай сурет жөнінде сөз қозғамашы.
– Суретте сенімен бірге мен тұруым керек. Соны да білмейсің бе?
– Оны несіне айтасың? Суретке түссең сол тойда қайда жүрдің? – деді ренішті үнмен Гүлжан.
– Көзге көрінбей қашып жүрген кім сонда?
– Жә, жетер, басым ауырып кетті.
– Өйтіп басыңды алып қашпа. Маған өктем сөйлейтін сен кімсің? Күйеуіне өйтіп сөйлемейді. Қарай гөр! Сен менің айтқанымды орындайсың, әйтпесе жағдай басқаша болады. Естідің бе? Бұдан былай суретті жыртпайынша менімен сөйлесем деп ойлама! – деді даусын көтерген күйі Нұрлан.
Жағдай былай ушығады деп ойламаған, айтарын айтса да артынан опынып қалды. «Аумалы-төкпелі жаратылысы солай болса не істейсің енді? Қоңырау соқпай қойса шыдамың жете ме?»
Гүлжанмен сөйлесе алмай әбден азапқа түсті. Көзі ілінбей таңды атқызған. Ойы сан-саққа жүгіргенмен бір тоқтамға келе алмады. Онсыз өмірдің мәні жоғын түсінді. Енді не істеу керек деген сауалға жауап таппай, бозала таңмен бірге төсектен тұрды.
Құлазыған көнілдің бабын таппай, далаға шықты. Шиқылдаған құстардың даусы естіледі. Жанға жайлы самал лебі есті. Кеуде тұсы сыздап, көзі удай ашып, ұйықтай алмағаннан болар, басы мең-зең.
Арада екі күн өтті. Нұрлан шыдады. Шыдаған құрлы азаптың тауқыметін тартты. Түсінде өлең айтып көңілді жүрген Гүлжанды көріп, ұйқыдан оянғанда іші қыз-қыз қайнады. Күндіз майда қоңыр үні құлағынан кетпей қойды. Әбден шыдамның шегіне жеткенде, Гүлжан қоңырау соқты. Сондағы қуанғаны-ай! Тұтқадан дауысын естіп:
– Халің қалай? – деді бірден. Басқа бірдеңе айтуға шамасы болмады.
Соны іші сезген Гүлжан:
– Мен де мәз емеспін, – деді.
Гүлжанды қоңырау соғады деп күтпеп еді:
– Сенсіз өмірім қараң деген сөзің өтірік екен. Өтірік болмаса, қалай шыдап жүрдің, шыныңды айтшы, – деді.
– Рас па, өтірік пе құтылғаным деп құмға сіңген судай ізім-ғайым кеткен кім? Мен қоңырау соқпасам, іздейтін түрің жоқ. Жағдайың жаман емес сияқты, – деп Гүлжанның күлген даусы естілді.
– Менің айтқанымды істедің бе? Алдымен соны айтшы.
– Оны неге сұрайсың, айтқан жоқпын ба, жыртпаймын деп.
– Онда неге қоңырау соқтың?
– Соны да білмейсің бе? Сағындым сені!
– Өтірік сағынғаның керек еді маған! Шын жан-тәніңмен сүйсең, бүйтіп азапқа салмас едің. Айтқан сөзіңнің бәрі өтірік екеніне осы екі күнде әбден көзім жетті.
– Әйтеуір, ауыз өзімдікі деп соға бер. Не айтсаң да көтеремін ғой.
– Күйеуін тыңдамаған әйел жақсылыққа бастамайтынын білесің бе? Өз білігімен жүргендер қадір-қасиеттен жұрдай болып, қаңғып кеткенін көрмей жүрсің бе?
– Сондағы айтпағың не? Мені кінәлайтындай не жаздым? Маған ұнаған суретте тұрған не бар? Қызғаныш па? Одан да сүйдеп айтпайсың ба? Қызғанатындай бұл жерде еш нәрсе жоқ.
– Сені бізді қоршаған ортадан да, адамдардан да бәрінен де қызғанатыным рас. Ғаламторға жіберілген суреттің бәрі – еркектермен түскен сурет. Көргендердің біреуі болмаса біреуі осының бәрі ашынасы болған екен демей ме! Не істеп, не қойғаныңды осыдан біле бер.
– Мен онымен қол ұстасып та, сүйкеніп те тұрған жоқпын. Сурет маған ұнайды. Неге сонша мазасызданасың? – деп тұтқаның арғы жағынан жылаған даусы шықты. Ықылық атып, сөйлей алмай сәл мүдіріп тұрды да:
– Жаным, маған сенен басқа ешкім керек емес. Соны неге түсінбейсің? Сен менің жанымсың, босқа қинамашы, суретте тұрған не бар? – деді Гүлжан жалынышты үнмен.
Сүйіктісінің жылаған даусын естіген мезетте Нұрлан не дерін білмей сасып қалған.
– Өй, саған не болды?
– Өзің ғой, сөзіме құлақ аспайсың. Жыламағанда не істеймін? – деп қайтадан өксіді.
– Саған суретті жыртқаннан жылаған оңай болғаны ма? Одан да суретті жырт, айтқанды тыңда. Жаман нәрсенің бәрі сонымен кетсін. Қарадан қарап жылап, не болды саған? Жылау – жүйкенің жауы. Бүкіл денеңе әсерін тигізіп, ісік тудырады. Одан да күліп жүр. Күлкі өмір жасыңды ұзартады. Сен маған «енді жыламаймын» деп уәде бергенсің. Бірақ сол берген уәдеңді орындамадың.
– Қалай айтсаң да суретті жыртпаймын, – деді Гүлжан даусын қатайтып.
– Онда сүйемін дегенің өтірік. Шын мәнінде маған көнілің ауған болса, мені суретке алмастырмаған болар едің. Бұдан шығатын қорытынды, бүгінге дейін өзіңді де, мені де алдап келгенсің. Әйтпесе, бір көргеннен бұрынғы күйеуіңді сүйгенмін деп айтар ма едің? Сүйгенің рас болса өлсең де табалдырығынан кетпес едің. Шын махаббаттың құдіреті сонда!
– Сөйлегенде алдыңа жан салмайсың. Сөзге келгенде шешенсің, – деді сай-сүйегін сырқыратып жылаған Гүлжан.
– Сүйемін дегенің ше?
– Енді сүймеймін, – деді еңкілдеп жылаған Гүлжан. Нұрлан Гүлжанның аузынан мұндай сөз шығады деп ойламаған. Естіген құлағына сенерін де, сенбесін де білмей, ішіне шоқ түскеннен бетер селк етіп шошынды. Тыныш елді жау шапқаннан бетер, бүкіл болмысы алай-дүлей боп, астан-кестеңі шықты. Бұрын естімеген, жат дауыс. Енді қайтып онымен сөйлеспейтіндей, енді қайтып онымен кездеспейтіндей сезініп, ішінен қан жылады. Біреу өзін алқымынан алып, жанын көз алдына көрсеткендей ойран-асыры шыққан. Есінен тана жаздады. Шетелдің бір жазушысы қойнындағы қатынына сенбей, жыланға теңеген екен. Сол рас болса керек. Өлгендегі сөзін айтып өлдім-талдым, сенсіз күнім қараң деп қанша рет ант беріп сендірген тоқалының сөзі мынау болса бұл жарық дүние не болып барады? Айтылған сөз атылған оқпен тең.
«Ол мені сүймесе, мен оны сүйсем, бұл қалай болғаны? Ондай болса жан азабын тартатыным сөзсіз. Адам неге көнбейді? Амал бар ма? Тағдыр тәлкегіне түскен адамдар бұ дүниеде аз ба? Көп болса, солардың бірі болармын. Жоқ, бұлай қоймаймын. Әлі де қандай ойы барын білуім керек. Ол сурет сонша оған неге қымбат? Бұл жерде қандай сыр бар? Осыны білу үшін не істесем екен? Таптым…
Екеуі де үнсіз. Арада біраз уақыт өткенде барып Нұрлан:
– Алло! Шынымен сурет құрлы болмағаным ба? – деді.
– Қалай ойласаң, солай ойла, еркің білсін. Бірақ суретті жыртпаймын, – деді Гүлжан.
– Алладан басқа ешкім екеумізді айыра алмайды дегенің ше?
Гүлжан сәл мүдіріп:
– Айттым, болды! – деді де сөзге келместен тұтқаны тастап жіберді.
Әлден соң:
– Қайда кетер дейсің? – деді өзіне-өзі қынжылған Нұрлан. Сенің тірегің – Гүлжан. Мұны білмеуің мүмкін емес. Барға қанағат тұтпай, асып-тасығанның кесірі неге апарып соқтырғанын енді түсінген шығарсың. Бардың қадірін білмеген осы да.
Осы бір күн төбесіне қара бұлт төнгеннен бір кем болмады. Сасқан үйрек артымен сүңгидінің кері. Сүйгеніңнің күйігің тартқаннан ауыр нәрсе жоқ екен. Өміріне өшпес дақ болып қалатынын сезгенде ашу буып, төсекке сыймай дөңбекшіп жатқан еді. Сағат тілі күндізгі он бірді көрсеткенде бейтаныс біреу қоңырау соқты.
– Алло?
– Саламатсыз ба? Қасыңызда апамыз жоқ па? – деді жап-жас сыңғырлаған келіншектің даусы.
– Жоқ.
– Мені танымадыңыз білем. Осыдан үш ай бұрын пойызда кездескеніміз есіңізде шығар.
– ?!
– Сіз маған телефоныңызды бергенсіз. Сондағы, ақ қағазға салынған суретіңізді рамаға салып қойдым. Сол суретке қарасам, өзімді емес, сізді көріп тұрғанға ұқсатам. Енді есіңізге түскен шығар, Нұрлан аға, – дейді.
Есімін ұмытып қалыпты. Сұрайын деп оқталды да қой, керегі не деп өзін-өзін тоқтатты.
– Иә, – деді не дерін білмеген Нұрлан.
– Ертең жексенбі, бір жерде кездессек қайтеді? Қалай қарайсыз? Менің шақырғанымды ерсі көріп тұрған жоқсыз ба? – деп келіншектің күлген даусы шықты.
Оның сөзіне онша мән бермеген болып:
– Қарсы емеспін, қай жерде кездесетінімізді айтсаңыз болды, – деді бұл.
Бейтаныс келіншектің қоңырау соққаны онша әсер ете қоймады. Санасын жаулап алған Гүлжан болмағанда, осы жолы өткен күндерінен көп нәрсені есіне түсірер еді. «Уәде бергесін не болса да барып көрейін», – деді Нұрлан ертесіне не істерін білмей қыстығып. Сағат он бір болғанда айтқан мейрамхананың алдына келді.
– Нұрлан аға, саламатсыз ба? – деп оң жақ қапталдан шыққан келіншекті көрген мезетте:
– Е-е, сіз екенсіз ғой. Енді есіме түстіңіз. Айып етпеңіз, осындай ұмытшақпын. Кеше сұрауға ыңғайсызданған едім.
– Бір көргеннен ұнатып қалған мен сұрауым керек қой, сізден кешірім…
– Бұл не тұрыс, мына қарсы тұрған бес қабатты үйде оңаша бөлме бар. Келісіп қойғанмын, – деді келіншек бірден Нұрланның қолынан ұстап. Бұлай болар деп ойламаған оның көңіл күйі бірден түсіп кетті. «Мынау талайды көрген тісқаққан бәле ғой», – деп ә дегеннен келіншектің өзімсініп сөйлегенін ұнатпады. Қайдан келдімге қалып опынды.
– Қызық болды-ау, – деді бөлмеге кіргенде Нұрлан күрсініп. Есік алдында состиып тұрған бұған келіншек жылмыңдап:
– Жігітім-ау, неғып тұрсыз шешінбей. Әлде бәйбішеңіз шешіндіріп үйретіп қойған ба?
– Сіздің сондай ептілігіңізге сүйсініп тұрғаным, – деді езу тартып.
– Көңілі құлап, ұнатқан адамға бұның түк те ерсілігі жоқ.
Оның қайда тұрғанымен де ісі болмады. Келіншектің сөзі де әсер етпеді. Ойы да, санасы да басқа жақты шарлап, қаққан қазықтай қақшиып тұр. Шешінейін деген түрі жоқ. Соны сезген келіншек келіп мойнына асылды…
– Өзіңіз көңілсізсіз ғой. Бойыңыздағы ет қызуыңыз қайда кеткен? Алғаш көргенде мұндай емес едіңіз. Оған мүлдем ұқсамайсыз, неге?
Келіншек Нұрланның үстіндегі киімін шешіп жатқанда да аузы бір тынған жоқ.
– Әлде мені «жүргіштердің» бірі деп ойлайсыз ба? Жо, жоқ! Олай ойлай көрмеңіз, мен ондай емеспін. Ант-су ішем, тазамын. Бір балам бар. Техникумда оқиды. Шешемнің қолында тұрады. Сотта істеймін, – деді.
Нұрлан төсекте де үн қатпады. Оның ойынан Гүлжан кетпеді. Не істерін білмей қиналғаннан, ұнжырғасы түсіп кеткен. Келіншекке келгендегі мақсаты көңілімді көтеріп, ауыр күйзелістен бір сәт те болса құтылам ба деген. Тап осындай күйге түсетінін білсе келмес еді. Ә дегеннен ескі танысындай ыстық ықыласымен қарсы алғаны керісінше әсер қалдырды. Денесі мұз қарығандай суыды. Арам ойдан ада келіншек ойындағысының бәрін ақтарып салғанын қайдан білсін. Оның сөйлеген сөзі де, жүріс-тұрысындағы қимылы да қораш көрінгесін, бар қолынан келгені артық сөз айтпауға тырысты. Солай болды да…
Әйелдің еркекті көңілі құлап ұнатқаны қандай жаман. Оны келіншектің әр қимылын қадағалап отырғанда байқап, ішінен аяды. Сонда да жылы сөз айта алмады. Келіншектің бар ыстық ықыласы, оған деген тән құмарлығы аянышты болғаны соншалық, Нұрланды сөйлетуге мәжбүр етті.
– Кінәнің бәрі таң атпай жабысқан бәйбішеден болды, – деп сылтау айтқан ол, зорға жымиып езу тартты. Со кезде жан қиналысына түскен, қайтсем дегеніме жетсем деп тырысып жатқан келіншек:
– Мені алдағаныңа сене қоятын бала көресің бе? – деді алқынып.
– Неге олай дейсің? – деп аңқауси қалды бұл.
– Әлі бір де жылы сөз естімедім. Және де маған деген төгіліп тұрған ықыласың жоқ. Жек көргенің айдан анық. Шыныңды айт, мен саған ұнамадым ба? Қайтсем дегеніме жетем деп өмірімде істемегенімді істедім. Осыны сені ұнатқанымнан істедім. Бұған өкінбеймін. Және де өзің ұнатқан адамыңмен кездескен қандай бақыт екенін сездім. Маған сол жетеді. Бірақ бір ауыз жылы сөз қатпағаның жаныма батып тұр. Арамызда ештеңе болмағаны өкінішті, – деді киініп жатқан келіншек жыламсырап.
Екеуі бірге далаға шықты.
– Жүрші менімен, сенің қасыңда тұрып, тасалау жерде темекі тартып алайын. Енді шақырсам келмейсің ғой, – деді үмітін үзген келіншек Нұрланға тесіле қараған күйі қалтасынан алған темекісін тұтатып жатып.
Түс көргендей болып үйіне бара жатқан Нұрланның ойына Гүлжан оралды. «Әрине, менің не істеп, не қойғанымды білмейсің. Білсең, қайда болдың деп сұрар едің. «Әншейінде көріпкелдігім бар дейсің, ендеше сол көріпкелдігің қайда?» – деп мырс етті миығынан.
Нұрлан осы сөзді ойша айтса да артынан өкінді. Өзіне қатты әсер еткені сонша, не істерін білмей қиналғаннан қарадан қарап жүрегі айнып, басы айналды. Бір нәрсе жетпейтіндей көңілі құлазыды. Көзі телефонға түскенде қуанып кетті. Құлағына ұстаған күйі біраз тұрды. Ол барда еш нәрсені ойламайтын, көңілі тоқ, санасы орнында, қуанышында шек жоқ еді. Басқа не керек? Соны білмеген ақымақпын ғой! Жазықсыздан-жазықсыз неге ренжіттім оны? Нұрланға бола не көрмей келеді? Естімеген сөзі жоқ. Бәрінен де туған шешесінің сөзі шаншудай қадалды. Сөйтсе де жер басып жүр, жарық дүниенің қымбат екенін осыдан біле бер. Осының бәріне төтеп берген адамнан айналмайсың ба! Әйтпесе, шешенің қарғысын есту мүмкін бе? Басына түскен қайғы-қасыретін елемей, өмірінің қызығын бес баласына арнап, арып-ашып өсірген ең қымбат асыл анасы емес пе! Айтқанын тыңдамады. Қоя берші. Бәрі өтті, кетті, ойлағаным іске асты. Қарсыластарыма төтеп бердім. Ендігім не? Нұрланды орынсыз ызаландырып, қайдағы бір суретке бола… Осыным жөн бе? Сол екен, сөмкідегі телефонға жармасты. Гүлжанға қоңырау соққан Нұрлан:
– Райымнан қайттым, – деді.
Онымен қосыла жарыса сөйлеген Гүлжан күйеуінің сөзіне мән бермей:
– Жаным! Сені сағынып кеттім, – деді. Өз сөзіне өзі балаша мәз болғаны сонша, автобуста отырғанына да қарамай, ыңылдап өлең айтты.
– Өзің көңілдісің ғой, – деді Нұрлан кекетіп.
– Сен құсап, не болса соған өкпелейтін бала емеспін. Бүгін менің ең бақытты күнім, білесің бе соны?
Автобустың ішіндегілер өзіне қарап қалғанымен де шаруасы болған жоқ. Айналасындағыларға қөңіл аудармаған. Дауысын сәл көтерген кезде қасында отырған орта жастағы әйел де қосылды. Тойдан шыққаннан кем болмады.
– Ә, түсіндім. Мен болғаным ғой бақытыңа кедергі! – деп ән аяқталған кезде Нұрлан қырсыққан.
– Иә. Дұрыс айттың. Бүгін екеуміздің қосылған күніміз, – деді мысқылдап күлген Гүлжан. Оның жол тауып кеткеніне Нұрланның іші жылыды. Бұл ойына келмеген хабар еді. Екеуі қосылғаннан бері бір-біріне ыстық-суығы басылмаған күй кешті, өзара болмашыдан ши шығарып тынатын қаншама айтыс-тартыспен бірге бастан қуаныш пен реніштер өтті. Міне, бұл да арасында кездейсоқ кездескен түсінбестіктің бірі еді. Сынаптай сырғыған күндерді ойлап:
– Кешір, – деді Нұрлан даусы тарғылданып. – Сені іздеп, басым ауа жаздап жүрген менде қайдан ес болады? Әйтпесе, қоңырау соқпай, уәдемде тұрар едім. Шыдамым жетпеді.
– Бірінші қоңырау соққан кім, білесің бе?
– Кім болушы еді, мен, әрине.
– Соқ өтірікті. Мен емес пе, саған бірінші қоңырау соққан? Ендігі хабарлама түскен шығар, нанбасаң қара, – деді Гүлжан.
Сәлден кейін:
– Рас екен айтқаның. Бәрібір менің соққан қоңырауыммен сөйлестің. Кешігуің есепке алынбайды, – деді Нұрлан қалжың-шыны аралас күліп.
– Олай болса, бәрібір жеңіс менікі. Қалай дейсің ғой. Айтайын ба?
– Айта берсейші.
– Әшейінде жер-көкке сыймай мақтанасың, «сүйдім, күйдім, жандым» деп, өтірік деші.
– Рас.
– Ендеше айтқан сөзің өтірік екенін өзің мойындадың. Сол күнді ұмытқаның немқұрайдылығыңды байқатады. Менікінің қасында сенікі өтірік дейтінсің. Кімдікі дұрыс екеніне енді көзің жетті ме?
– Бұ жолғы жеңіс сенікі, – деп Нұрлан еріксіз күлді. – Бірақ екеуміздің арамыздағы жас айырмашылығымызды елемей, берген сертіңнен тайғаның маған әсер еткені сонша, бәле-жаладан аман болсын деп рақымшылық жасадым. Ақ-адал ниетпен беріліп сүю деген осы емес пе! Есіңде шығар, екеумізді Алланың құдіретінен басқа күш айыра алмайды дегенім…
Гүлжан үн қатпады.
«Бұны қалай түсінсе екен? Жаңағы сөзі анау, «жаным, сағындым!» деген. Әлде орыстың жүрген-тұрғанына, істеген қылықтарына еліккеннен салт-дәстүріміз жоғалып, өз тілімізде сөйлесу қалып бара жатқаннан ба? Сөйлеген сөзіміз шұбарланғанымен қоймай, қадір-қасиеті де жойылып бара жатыр. Бұның себебі қазақтың тілінен гөрі орыс тіліне көп көңіл бөлгеннің әсері. Гүлжан да сөз құдіретін түсінсе берген сертінен таймас еді. Немқұрайдылық танытпаған болар еді», – деп Гүлжанға көңілі толмай, ішінен тынды.
* * *
Ол уәде еткен үш жыл да таяп қалды. Күздің қара суық күндерінің бірі. Демалыс күні болатын. Шынар ауладағы малына суы мен шөбін беріп, жайлап болғасын, ауызғы бөлменің табалдырығынан аттай бергенде Жадыраның шаңқ еткен даусы шықты.
– Түк істемейсің, келесің де бөлмеңде тығылып отырасың. Ұялмайсың ба! Сиырға дейін мен сауам. Зада болса бөлмені тазартып, қағып-сілкіп жүреді. Келдің бе, үйдің шаруасына кірісіп, көмектес, – деді зіркілдеп.
Гүлжан үн қатқан жоқ. Шешесін көрді, бірақ шілтерін тоқып отыра берді. «Біреуі аз еді, енді екеуі жабылады. Заданың машинасына мініп кетіп қалғаны мұндай жақсы болар ма, әйтпесе үшеуі бірдей кеу-кеулемекші» деп ойлады ішінен Гүлжан.
– Әй, не болды? Бөлмені басыңа көтеретіндей, – деді шешесі.
– Менен емес, ана жақсы көретін қызыңнан сұра, нағып отырсың деп?
«Не десем екен? Енді үндемесем, мені талап жеуге бар бұлар» – деп Гүлжан қабағын түйді. Шешесі Гүлжанның суық қабағын көріп, үн қата қоймады. Бұл жолы, әшейінде тымырайып отыратын Гүлжанның ашуы терісіне сыймай кетті.
– Саған қалған түк жоқ. Әлі күнге дейін үлкен деп сыйлауды білмейсің. Мені көрсең жының қозып кетеді. Жұмысыңды үйдің ішінде кіріп-шығып істеп жүрсің. Мен сияқты азып-тозып, шаңға батып, ернің кезеріп, күннің ыстығына күйіп, суығына тоңып көрсең бір күн шыдар ма екенсің? Сөйлеуге де әлің келмей жатар едің. Әлдеқандай болып, шікірейгенге құмарсың. Өзіңе қарасайшы алдымен. Сені менен сегіз жас кіші деп кім айтады? Қит етсе, бәрің жабылып, итше талайтындарың өтірік пе?! Неге осындайсыңдар?! – деді Гүлжан қолындағы тоқып отырған шілтерін тастай сала, бетін басып жылап, отырған жеріне етпетінен жата кетті.
Шынардың жіңішке қабағы түйіліп, Гүлжанға үнсіз қарады.
– Сөйлегенде жауап қайтармайтын қызыңның не дегенін естідің бе? – деді Жадыра жылап жатқан Гүлжаннан көзін алмай.
– Бәле, саған қалған түк жоқ. Нең бар оған сөйлеп? Ол айтса түбін түсіретінін білесің. Сөзінің жаны бар. Сені кенжем деп бетіңнен қақпай, жаман үйреткен кінә өзімнен, – деді Шынар опынған күйде, кеудесі қақ айрыла.
– Білдім маған сөйлейтініңді. Түк істемей, мелшиіп отырған қызыңа ештеңе демейсің. Онда сендердің малайларың болып жүре берейін, – деді тепсінген Жадыра.
Кешкісін машинасынан түсіп жатқан Задаға Жадыра:
– Тыңдашы, «үйге келесің де, түк істемей отырып аласың» демеймін бе Гүлжанға. Сол екен, маған зекіп сөйледі дейсің. Білгің келе ме не айтқанын? «Бәрің жабылып мені итше талайсыңдар», – деді. Шешеміз бір сөз айта алмады. Есесін менен алды. Бетіңмен кеткенсің деп ұрысты.
– Гүлжан қайда? – деді қалтырайтын сол қолының білегін алақанымен сипалап жүре сөйлеген Зада.
– Қайда болсын, үйде. Жылап жатқан. Тамаққа тұрған жоқ.
– Өткенде қаладағы үйдің құжаттарын ұстап отыр едің, қайда қойдың? Орнында жоқ. Іздемеген жерім қалмады. Таппадым. Түк бітірмей, босқа барып қайттым, – деді бөлмеге кірген бойда Зада Гүлжанға.
– Оны менен несіне сұрайсың, мен тығып қойды дейсің бе? Бар затты жоқ деп талай рет сан соқтырған жоқсың ба? Өткенде анау, мен жоқта жездеңнің көзінше газдың құжатын таппай, Гүлжан лақтырып тастаған деп шулағандарың. Артынша сол қағазды тауып берген жоқпын ба?
– Жаңа өстіп бетімізден алды. Келесің де жұмыс істемей жатып аласың дедім, – деп Жадыра қосылды.
– Оның несіне ашуланасың, өтірік пе? Осы үйдің адамы болып көмектесейін демейсің, – деп Зада да оның сөзін жақтады.
– Онда маған нағып көмектеспейсіңдер? Базарға барып сауда жасайтын мен, сендер отырасыңдар жылы суға қолдарыңды малып… Мен үйде қалайын, сендер барыңдар десем ат тондарыңды ала қашқанда бәледейсіңдер. Тапқан ақшаны қағып алып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, астарыңа машина мінгенді білесіңдер. Түсінсеңдер, сол ақша қайдан келіп жатыр? Соны біле тұра әдейі істейсіңдер. Мұрындарыңнан шаншылып жатқан бола қаласыңдар өтірік. Әйтпесе, бір айлықтарың киген киім мен тамағыңа жете ме? Ал мен үйге келіп демалсам көре қаласыңдар.
– Осы көкбет сөзге түсіне ме! Сөздеріңді босқа шығындап не қыласыңдар? Айтсақ, жөнін айттық. Соған сазарып-көгеріп, қит етсе жағаңнан алады. Шақырған тамаққа да келген жоқ. Манадан әлі жатыр, – деді жатқан қызына ежірейе қараған Шынар.
– Апа, одан да күйеусымағына айтпайсың ба «алып кет қатыныңды» деп. – Заданың доғаша иілген жіңішке қабағы түйілді.
– Ол бір оңды адам дейсің бе! Қартайған шағында тоқал алған қайбір дені сау адам дейсің? Не басында үйі жоқ, не қалтасында ақшасы жоқ, не мәшинесі жоқ болса несіне тидің соған, сен қаншық? Мына көкбет жөнін айтсаң да түсінбейді.
– Үйден қуып жіберсек, күйеуіне бармай ма? Сөйтсек қайтеді? – деді Жадыра.
Жадыраның көзі үлкен, түрі ер адамға келіңкірейді. Оған жылы сөйлескен жігіт кездеспеді. Үйдегілердің құдайы осы. Не айтса да заң. Өзіне лайық «Әпербақан» деп ат қойған. Әпербақандығы ғой, бірде Гүлжанмен ұрысып қалғанда аулаға шығып «Нұрланның қатыны» деп жөн-жосықсыз айқайлаған.
Одан Зада да қалыспайды. Не ойласа да, не істесе де өзінің пайдасына қарай шешеді. Ашуланған кезде жыланға ұқсаған суық түріне қарап «кобра» деп ат қойған. Ондайда түрі өзгеріп: сұрланып, сазарып, көгеріп, қамшыдай қатып, шұбар бетінің өңі қашып, дірілдеген қолының әлі кетіп қалшылдайды. Осының артынан үйде тыныштық орнап, Гүлжанның көңіл күйі орнына түсті.
* * *
Қазан айының соңғы күні болатын. Дауыл тұрған күздің қара суығының ызғары Гүлжанның ұзын пальтосының етегін жұлмалап, тұла бойын қуалаған желден дірдек қағып үйге келген.
Гүлжан шешініп, үйге киетін киімін киді де көрпе жамылып төсегіне жатты. Бойы жылынған кезде тұрып, ас ішетін бөлмеге келді, үстелдің жанына отырды.
Төргі бөлмеден кірген Шынар қызын көрді де қабағы шытынап:
– Келдің бе? – деді.
Гүлжан «бұған не болған?» деп шешесіне таңырқап қарады.
– Неге қарайсың бажырайып?
– Не болып қалды?
– Не айтатыны бар? Айлығыңды алғаныңа үш күн болған жоқ па! Неге бермейсің, мына үйді көріп отырсың, айра-жайра жатқанын, ақшасы төленбеген газ анау. Ақша бермейді екенсің, қараңды көрсетпей кет үйден. Ана тапқан күйеуіңе барсаң да көрінбе көзіме!
– Сондағы көре қалғаның бір айлық қой. Көз шұқитындай соншама не болды? Күйеуіме кететін күн де жақын қалғанын білесің. Оңған киімім жоқ. Бір айлығымды өзіме бұйыртпаған не сұмдық бұл?! Бұл да бір-ақ рет, мүйіздерің шықса ай сайын айлықты да, базардан тапқан ақшаны да алып жатқан жоқсыңдар ма! Ешбірің алдым демейсіңдер. Осы күнге дейін арзанқол бір нәрселерді киіп жүрмін. Сендерді жарылқаймын деп әлі күнге дейін жөні дұрыс киім алмаппын. Адамға ұқсап киінейін де.
– Қайдағы жоқты айтпа, осы үйде сенің киіміңнен адасамыз. Көптігі сонша, жинап үлгермейсің. Ауыз өзімдікі деп неге өтірік айтасың?
– Әншейінде машинасына мінгізбейтін сүйікті қызың кеше мектепте бір жарым сағат күткенде түсінбеп едім. Ақша керек болғасын көрсеткен ілтипаттарың екен ғой. Солар алған айлығын өзіне жұмсаса бір ауыз сөз қатпайсың. Неге солай, білсем бола ма?
– Айлығыңды бер десем не айтып кеттің? Саған ұқсап киім алып, шашып жатқан жоқ олар.
Шынар сөзін өткізе алмайтынына көзі жеткесін далаға шығып кетті. Гүлжан мектептен келесі күні де кеш келді. Киімін ауыстырып киген бойда тамақ ішуге отырған, Нұрлан қоңырау соқты. Со кезде ортаңғы бөлмеден Шынардың жан түршігерлік ызғарлы даусы жарыса шықты. Аспанды қақ айыра жаздаған күннің күркіреген даусынан кем емес. Аса зәрлі дауыс әйелде кездеседі деп ойламаған Нұрлан қолындағы тұтқаны қоярын да, қоймасын да білмей, абыржып қалды.
– Саған тамақ ішіп не керек? – деді Шынар көгереңдеп. Сөйтіп Гүлжанның алдындағы тостағанды алды да шкафқа салып, есігін жапты. – Бар, даладан іш! – деді ашудан терісіне сыймай.
Гүлжанның көзінен жас ытқып шықты. Әлі кетіп орнынан тұра алмай отырып қалды.
–Басқа қыздарыңнан бөлектеп, шеттеткенің аздай, тамақ бермеуің қалды ма енді? Осы үйге тек тапқан ақшама бола сыйып жүргенімді енді түсіндім, – деді шешесіне қарап зорға сөйлеген ол. Көзден аққан жастан бет-әлпеті дүрдиіп, былым-былымы шықты… Осы сәтті пайдаланып. біраз жайттың басын ашып алар ма еді, бірақ ықылық атып, сөйлеуге әлі жетпеді. Ас ішетін бөлмеге Зада мен Жадыра келді. Екеуі де үн қатқан жоқ. Саған сол керек дегендей Гүлжаннан көздерін алмай отыр.
Шынардың даусымен бірге өңі де бұзылып кеткен. Түрі жаман. Бет әлпетіндегі ұсақ әжімдер бажырайып түсі қашқан. Бір уыс бетінде қан-сөл жоқ. Кішкене көзі ежірейіп, ішіп-жеп барады. Қолынан келсе аяйтын түрі жоқ. Тұла бойды шымырлатқан зәрлі үнге Гүлжанның әбден еті үйренген: қорыққандай, үріккендей, солқылдап жылаған күйі жатыр.
– Ақшаңды бермесең, бұл үйден тамақ ішем деп ойлама, естідің бе?! – деп зекірді шешесі.
– Айтқан жоқпын ба, беретін ақшам жоқ. Киім алам. Күйеуіме кетейін деп жатқанымды білесің. Біле тұра неге сұрайсың?! – деді еңкілдеп жылап жатқан Гүлжан.
– Күйеуің құрсын, сол да күйеу ме?! Әлі де менің айтқанымды тыңда. Бұл жақта еркек құрып қалған жоқ. Өзің ұнатқан біреуге тиіп ал. Мен саған үй сатып әперейін. Естідің бе, ей, көкбет?
– Маған басқа адамның керегі жоқ деп қашанғы айтам. Менің ұнатқан адамым сол. Онсыз жер басып жүре алмаймын дегенмін. Қайталатып айтқызба бұл сөзді, – деді Гүлжан зәбірленген үнмен.
– Бұдан былай ана суық бөлмеде жатасың! – деді шешесі жынданып.
– Дегенің болсын, маған тек тыныштық беріңдерші, – деді өксігін баса алмай зорға сөйлеген Гүлжан.
Бұ жолы Зада мен Жадыра шешесімен бірге қосыла сөйлемей, үн-түнсіз отырды.
Бұрын Нұрлан олардың ұрыс-керісін тыңдамай, тұтқаны тастай салатын. Бұ жолы соңына дейін тыңдады. Тыңдағандағы бір жақсы жері – Гүлжанның өзін күмәнсіз, шексіз сүйетініне көз жеткізді. Гүлжанның орнында басқа біреу болса құтыртып, тайраңдатып қоймас еді сені. Тәубаңа келтірер еді. Болмаса, қолын бір сілтеп тайып тұрар еді. Бұндайлар әдепсіз жолға түскендер болады. Ол өйткен жоқ. Сүйгенінің құлы болуға көңілі риза. Басқа еркекті елемей, ғашық екеніне көзі жеткесін сыйлады сені. Айтқан жоқ па, көріпкел де, балшы да оларды ажырату мүмкін емес деп.
Әйелге бітпеген өжеттік пен қайсарлықтың арқасында кездескен қайшылықтарға мойымастан қажымай-талмай күресіп, қарсы тұра білді. Соның арқасында дегеніне жетті. Осылай істеу кімнің қолынан келеді? Келген күнде де шыдамы жете ме?
Сезім дегеннің не екеніне енді көзің жеткен шығар. Ойлағандай жай нәрсе емес екенін түсінген шығарсың. Әлсіздігіңді таныта жаздағаның соншалық, бойыңдағы күш-қуат қайда қалғанын білмей, шүйкедей басың шыр айналмады ма? Сол жерде арам пиғылдан қүтқарған Гүлжанға деген адалдығың себін тигізді. Көз алдыңнан кетпей тұрып алды. Өн бойыңды жайлаған суық ой жат әйелге деген құмарыңнан айырды.
Ал сен оған сенбедің, жүрген-тұрғанына күдікпен қарадың. Былайша айтқанда, қызғаныш отына күйдің. Соның салдарынан күн-түн демей сүйіктіңді ойлаумен жүйкеңді тоздырдың.
* * *
Келесі күні Нұрлан күндегі әдетпен елең-алаңнан Гүлжанға қоңырау соқты.
– Кешегі сөздеріңді аяғына дейін тыңдағанымды білдің бе? – деді.
– Қызықсың, қайдан білем. Жылап жатқан адамда ес бола ма?
– Сонда қалай? Шешеңе не деп айтқаның да есіңде жоқ па?
– Не десем де сөзіне қарай жауап бердім.
– Дауысы не деген зәрлі, қорқынышты еді. Менің зәрем ұшты.
– Ә, солай ма!
– Кешегі екеуара сөйлескен сөздеріңді тыңдағаннан кейін саған деген көңілім тазарды, енді қайтып ойыма алмайтындай болдым.
– Енді мені қинамасаң болды, – деді Гүлжан.
* * *
Көше қиылысында бағдаршамның жасыл түсі жануын күтіп, жолаушылар жиналып қалды. Көлік тізбегі қалт тоқтаған тұста жаяу жүргіншілер ерсілі-қарсылы асыға беттеген.
Шашына ақ бантик таққан 3-4 жастағы қыз баланың бір қолында қуыршақ, екінші қолында шешесінің қолы. Қыз – қуыршағын, шешесі – қызын қолынан ұстап келе жатыр. Құлдыраңдап келе жатқан бүлдіршін қолындағы қуыршақты жерге түсіріп алды. Қыз шешесінің қолынан тартқылап, қыңқылдап еді, шешесі мән бермеді. Қыздың жүргісі келмей, мойнын бұрып, артта түсіп қалған қуыршағына қолын созды.
– Ә-ке-ее! – деп айғайлап жүрмей тұрып алды.
Жол жиегіне жетіп қалған қария мен жетегіндегі ұл артына жалт қарады. Жылап тұрған қызын көрген бойда аяғын жылдам басып, кері бұрылған. Жетегіндегі бала зымырап барып, көшенің қақ ортасында қалған қуыршақты шапшаң көтеріп алды да жол жиегіне қарай құстай ұшты.
Қария қызын көтеріп алып, бағдаршамға алақтай қараған, әлі де өтуге болады екен. Тез-тез адымдап, жолдан шығып үлгерді.
Бұлар балаларын қуыршақ театрына ертіп бара жатқан Нұрлан мен Гүлжан еді.
Тынымбай
ТӨЛЕПБАЙҰЛЫ





