ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

Адамзат тарихында бүкіл әлемнің даму бағытын өзгерткен технологиялық серпілістер аз болмады. Бу машинасының пайда болуы өнеркәсіптік төңкеріске жол ашса, электр энергиясының игерілуі өндірістің ауқымын кеңейтті. Компьютер мен интернет ақпараттық қоғамның негізін қалады. Ал бүгінгі күні әлем жаңа технологиялық кезеңге қадам басты. Оның басты қозғаушы күші – жасанды интеллект.
Бірнеше жыл бұрын ғана ғылыми зертхананың немесе ірі технологиялық компанияның құралы болып көрінген жасанды интеллект бүгінде адам өмірінің барлық саласына дендеп еніп келеді. Дәрігер диагноз қою кезінде интеллектуалды алгоритмнің көмегіне жүгінеді, инженер күрделі есептеуді жасанды интеллект арқылы жүргізеді, агроном егістіктің жағдайын спутниктік дерек негізінде бағалайды, өндіріс орны жабдығының жұмысын автоматты түрде бақылап, ақаудың алдын алады. Мұның барлығы да ғылым мен технологияның жаңа кезеңге, жаңа дәуірге аяқ басқанын көрсетеді.
Сарапшының пікірінше, XXІ ғасырдың экономикалық және техноло­гиялық бәсекесі мұнай немесе алтын қоры үшін емес, білім мен деректі тиімді пайдалана алатын мемлекеттің арасында өтеді. Сондықтан жасанды интеллектіні дамыту бүгінгі таңда, тек, цифрлық технологияның мәселесі ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке, экономикалық тұрақтылыққа және ғылыми әлеуетке, тіпті тұғырлы тәуелсіздікке тікелей әсер ететін стратегиялық бағытқа айналды.
Қазақстан да бұл өзгерістен тыс қалмады. Соңғы кезде елімізде цифрлық трансформацияны жеделдетуге, ғылыми зерттеуді жаңа технологиялық бағытқа бейімдеуге және жасанды интеллектіні дамытуға арналған жүйелі қадам жасалып келеді. Мемлекет ғылыми және технологиялық саясаттың жаңа кезеңінде жасанды интеллектіні экономиканың басым секторына енгізуді маңызды міндеттің бірі ретінде айқындап отыр. Бұл бағытта ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамыту, ғылыми зерттеуді қолдау және жоғары білікті маман даярлау қатар жүргізілуде. Мемлекет басшысының өзі бұл салаға ерекше көңіл бөліп, арнайы министрлік құрылды. «Жасанды интеллектіні дамытпай, жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Цифрлық жүйе мен жасанды интеллект егемен ел болудың кепіліне, экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналды», – деген Мемлекет басшысының сөзі, бұл саланың Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Жасанды интеллектіні көбіне дайын бағдарлама немесе чат-ботпен ғана байланыстырады. Алайда, оның негізінде ондаған жыл бойы жүргізілген күрделі ғылыми зерттеу бар. Нейрондық желі, компьютерлік бейімдеу, математикалық модельдеу, үлкен деректі талдау – мұның бәрі көптеген ғылыми саланың тоғысынан туған бағыт. Сондықтан жасанды интеллект, ең алдымен, ғылымның жетістігі болып саналады.
Қазақстандық ғылыми орта да осы жаңа бағытқа белсенді бет бұра бастады. Елдің жетекші университеті мен ғылыми орталығында жасанды интеллект, дерек ғылымы, робототехника және жоғары өнімді есептеу бойынша зерттеу тобы құрылып, жаңа ғылыми жоба жүзеге асуда. Бұрын мұндай зерттеу негізінен жекелеген бастама деңгейінде жүргізілсе, бүгінде ол ғылыми дамудың басым бағытының біріне айналып келеді.
Жасанды интеллектінің мүмкіндігі ең алдымен ғылымның өзіне әсер етуде. Бұрын зерттеуші айлар бойы талдайтын мәліметті қазіргі алгоритм санаулы минуттың ішінде өңдей алады. Миллиондаған ғылыми мақаланы саралау, тәжірибенің нәтижесін салыстыру немесе күрделі математикалық модельді құру әлдеқайда жылдам орындалады. Соның негізінде ғалым уақытын көбірек техникалық есептеуге емес, жаңа ғылыми идеяны дамытуға жұмсай бастады.
Бұл өзгеріс медицина ғылымында айқын байқалады. Бүгінде жасанды интеллект медициналық кескінді талдау, ауруды ерте кезеңде анықтау, дәрілік препаратты әзірлеу және емдеу тәсілін жетілдіру бағытында кеңінен қолданылып келеді. Қазақстандық дәрігер мен зерттеуші де осы тәжірибені игеруге кірісті. Медициналық деректі талдау, цифрлық диагностика және клиникалық шешім қабылдауды қолдайтын интеллектуалды жүйені дамыту бағытындағы ғылыми жұмыс кезең-кезеңімен кеңейіп келеді.
Ауыл шаруашылығы да жасанды интеллектінің тиімді тұсын сезіне бастаған саланың бірі. Ғарыштық мониторинг, дрондардың көмегімен егістік алқаптарын бақылау, топырақтың жағдайын талдау, суару жүйесін автоматты басқару және өнім көлемін алдын ала болжау – мұның бәрі деректерге негізделген ғылыми шешімдердің нәтижесі. Қазақстан үшін бұл ерекше маңызды. Себебі табиғи-климаттық жағдайы әртүрлі өңірлерде дәлме-дәл егіншілік технологияларын дамыту ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп саласында да жасанды интеллект өндірісті жаңа деңгейге көтеріп келеді. Ақылды өндіріс жүйесі жабдықтың техникалық жағдайын үздіксіз бақылап, ықтимал ақауды алдын ала анықтайды. Бұл өндірістегі тоқтап қалу уақытын азайтып, кәсіпорынның шығынын қысқартады. Сонымен бірге интеллектуалды алгоритм өндірістік үдерісті оңтайландырып, энергия ресурсын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай шешімнің барлығы да ғылыми зерттеудің нәтижесінде әзірленеді және оны енгізу Қазақстан экономикасының технологиялық жаңаруына ықпал етеді.
Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы ғылымға қойылатын талапты да өзгертті. Енді тек бағдарламашы ғана емес, математик, физик, лингвист, биолог, дәрігер мен инженер де осы саладағы зерттеуге белсенді араласуда. Себебі жасанды интеллект – бір ғана ғылымның емес, көптеген ғылыми бағыттың тоғысқан тұсы. Бұл өз кезегінде пәнаралық зерттеудің дамуына жаңа серпін беріп отыр.
Жасанды интеллект саласындағы бәсеке бүгінде мемлекеттің технологиялық әлеуетін айқындайтын негізгі көрсеткіштің біріне айналды. Сондықтан әлемнің жетекші елі жоғары өнімді есептеу жүйесін дамытып, ұлттық дерек инфрақұрылымын қалыптастыруға және жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеуді қаржыландыруға айрықша мән беруде. Себебі күрделі алгоритмді әзірлеу үшін білімді маман ғана емес, қуатты есептеу ресурсы мен сапалы ғылыми база қажет.
Қазақстан да осы бағыттағы мүмкіндігін кезең-кезеңімен кеңейтіп келеді. Соңғы кезде елімізде жоғары өнімді есептеу технологиясын дамытуға, мемлекеттік орган мен ғылыми ұйымның цифрлық инфрақұрылымын жетілдіруге, ұлттық дерек қорын қалыптастыруға басымдық берілуде. Мұндай жұмыс жасанды интеллект бағытындағы ғылыми зерттеудің ауқымын кеңейтіп қана қоймастан, отандық әзірлеменің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Ғылым үшін ең құнды ресурс – дерек. Жасанды интеллект қаншалықты жетілдірілген болса да, сапалы дерексіз дұрыс нәтиже бере алмайды. Сондықтан бүгінгі таңда ғылыми зерттеудің жаңа мәдениеті қалыптасып келеді. Ғалым тек тәжірибе жүргізумен шектелмей, үлкен көлемдегі ақпаратты жинақтау, өңдеу және талдау әдісін де меңгеруде. Бұл үрдіс экологиядан бастап медицинаға, аграрлық ғылымнан бастап урбанистикаға дейінгі көптеген саланы қамтып отыр.
Қазақстандық зерттеуші табиғи ресурсты тиімді пайдалану, климаттың өзгеруін болжау, су қорын басқару және қоршаған ортаның жай-күйін бақылау бағытында да жасанды интеллект мүмкіндігін пайдалана бастады. Спутниктік сурет пен геоақпараттық жүйенің дерегін интеллектуалды алгоритм арқылы өңдеу табиғи құбылысты бұрынғыдан әлдеқайда дәл бағалауға мүмкіндік береді. Мұндай зерттеу ауыл шаруашылығы мен экологиялық қауіпсіздік үшін ерекше маңызды.
Жасанды интеллекттің тағы бір маңызды бағыты – өнеркәсіптік қауіпсіздік. Күрделі өндіріс орнында мыңдаған сенсордан келетін мәліметті адам үздіксіз бақылап отыра алмайды. Ал интеллектуалды жүйе жабдықтың жұмысындағы қалыптан тыс өзгерісті бірден анықтап, апат қауіпі туралы алдын ала ескерте алады. Бұл технология еңбек қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, өндірістегі шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Осындай бағытта қазақстандық инженер мен зерттеушінің қатысуымен жүзеге асырылған жобаның саны да артып келеді.
Білім беру жүйесі де жаңа технологиялық дәуірдің талабына бейімделуде. Жоғары оқу орнында жасанды интеллект, дерек ғылымы, киберқауіпсіздік және машиналық оқыту бағытындағы білім беру бағдарламасының саны көбейіп келеді. Студент теориялық біліммен қатар нақты ғылыми жобаға қатысып, өндірістік міндетті шешуге арналған алгоритм әзірлеуге тартылуда. Мұндай тәжірибе болашақ маманның ғылыми-зерттеу қабілетін қалыптастырып, еңбек нарығының жаңа талабына жауап беретін кадр даярлауға ықпал етеді.
Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы ғылыми этика мәселесін де алдыңғы қатарға шығарды. Алгоритмнің ашықтығы, дербес деректің қорғалуы, авторлық құқық, ақпараттық қауіпсіздік және шешім қабылдаудың әділдігі бүгінде әлемдік ғылыми қауымдастық кеңінен талқылап отырған мәселенің қатарында. Қазақстандық зерттеуші де бұл бағыттағы халықаралық ғылыми пікірталасқа қатысып, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту қағидатын зерделеуде.
Бүгінде жасанды интеллект ғылымның өзіне де жаңа серпін беріп отыр. Бұрын бірнеше айға созылатын ғылыми есептеу мен модельдеу қазір әлдеқайда қысқа мерзімде орындалады. Күрделі молекуланың құрылымын болжау, климаттық модель жасау, жаңа материалдың қасиетін есептеу немесе үлкен көлемдегі генетикалық ақпаратты талдау сияқты жұмыстың барлығы да ғылыми зерттеудің қарқынын жеделдетті. Соның нәтижесінде жаңа ғылыми идеяның өмірге келу мерзімі де қысқарып келеді.
Қазақстан үшін бұл мүмкіндіктің мәні ерекше. Ел ғылымы дәстүрлі зерттеу бағытын сақтай отырып, жаңа технологиялық саланы қатар дамытуға ұмтылып отыр. Бұл тек халықаралық үрдіске ілесу ғана емес, ұлттық ғылыми әлеуетті жаңа деңгейге көтерудің маңызды шарты болып саналады. Жасанды интеллектіні игеру арқылы қазақстандық ғылым әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдастығын күшейтіп, күрделі зерттеуге белсенді араласуға мүмкіндік алады.
Жасанды интеллект «Адамды алмастыру үшін емес, оның мүмкіндігін кеңейту үшін қажет», – деген ұстаным бүгінде кеңінен мойындалып келеді. Ғалымның орнына жаңалық ашатын машина әзірге шықпады. Бірақ, зерттеушінің уақытын үнемдеп, есептеу дәлдігін арттырып, миллиардтаған мәліметтің ішінен заңдылықты табуға көмектесетін интеллектуалды жүйе ғылыми ізденістің сипатын түбегейлі өзгертуде. Сондықтан «Жасанды интеллект дәуірінде ғылымның рөлі әлсірейді»,- деу қате пікір. Керісінше, ғылым бұрынғыдан да маңызды бола түседі, себебі жаңа технологияның өзін де ғылым жасайды.
Қазақстан ғылымының алдында тұрған міндет – осы технологиялық өзгерістің белсенді қатысушысына айналу. Ол үшін ғылыми ізденіс пен инновацияны ұштастыру, халықаралық ғылыми байланысты кеңейту, жас зерттеушіні қолдау және жоғары технологиялық зерттеу ортасын дамыту маңызды. Осындай жүйелі жұмыс жалғасын тапқанда ғана жасанды интеллект Қазақстан үшін жай ғана жаңа технология емес, экономикалық өсудің, ғылыми серпілістің және ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің маңызды факторына айналады.
Жасанды интеллектінің дамуы еңбек нарығын ғана емес, ғылыми зерттеудің мазмұнын да түбегейлі өзгертіп отыр. Сарапшының бағалауынша, алдағы онжылдықта бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтың едәуір бөлігі жаңа технологияның ықпалымен өзгереді. Осы өзгеріске бейімделе алған мемлекет ғана жаһандық бәсекеде өз орнын сақтап қала алады. Сондықтан ғылымның алдында тек жаңа білім өндіру міндеті ғана тұрмастан, ол жаңа заманның кадрын қалыптастыруды, экономиканың технологиялық жаңаруына жол ашуды және қоғамның интеллектуалдық әлеуетін күшейтуі тиіс.
Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан үшін жасанды интеллектіні игеру – уақыт талабына жауап беру ғана емес, ұзақ мерзімді дамудың маңызды алғышарты. Еліміздің ғылыми әлеуеті соңғы кезде жаңа бағытқа бет бұрып, халықаралық ғылыми байланысты кеңейтуге, цифрлық технологияны игеруге және пәнаралық зерттеуді дамытуға ден қойып келеді. Мұндай өзгерістің барлығы да ұлттық ғылымның жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғартады.
Бүгінде жасанды интеллект саласындағы бәсеке тек бағдарламалық қамтамасыз ету немесе компьютер жасау деңгейінде ғана жүрместен, бұл – білім сапасының, ғылыми мектептің, инженерлік мәдениеттің және инновациялық экожүйенің бәсекесі. Сондықтан кез келген мемлекет үшін басты міндет – өз зерттеушісін даярлап, оның ғылыми ізденісіне қолайлы орта қалыптастыру. Қазақстан үшін де осы бағыттағы жұмыстың жүйелі түрде жалғасуы шешуші мәнге ие.
Жасанды интеллектінің дамуы ғылымның пәнаралық сипатын бұрынғыдан да күшейтті. Қазір математиктің еңбегі дәрігердің зерттеуімен, бағдарламашының жұмысы агрономның тәжірибесімен, инженердің жобасы экологтың ғылыми ізденісімен ұштасуда. Осындай ықпалдастық бұрын қол жеткізу қиын болған нәтижеге жол ашуда. Бұл үрдіс қазақстандық ғылыми ұйым мен университет үшін де жаңа мүмкіндік кезеңін бастап берді.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ғылыми жаңалықтың өміршеңдігі оның қоғамға қаншалықты табыс әкелетінімен өлшенеді. Егер жасанды интеллектінің көмегімен ауру ерте анықталса, егістік алқабы тиімді басқарылса, өндірістегі қауіпсіздік артса немесе энергия шығыны азайса, онда ғылым өзінің басты міндетін орындады деген сөз. Сондықтан бүгінгі ғылыми саясаттың негізгі мақсаты – жаңа білімді нақты нәтижеге айналдыру.
Қазақстанның алдында бұл бағытта зор мүмкіндік тұр. Елде қалыптасқан ғылыми мектепті жаңа технологиямен ұштастыру, халықаралық ғылыми орталықпен әріптестікті кеңейту, жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымын дамыту және ғылыми дерекпен жұмыс істеудің заманауи мәдениетін қалыптастыру арқылы ұлттық ғылымның жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашылады. Бұл міндетті жүзеге асыру, тек ғылыми қауымдастықтың емес, білім беру ұйымының, өндірістік орынның және мемлекеттік институттың бірлескен жұмысына байланысты.
Жасанды интеллект дәуірі ғылымға деген көзқарасты да өзгертті. Бұрын ғылымды болашақтың ісі деп қабылдайтын болсақ, бүгінде оның нәтижесі күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Смартфондағы дауыс көмекшісінен бастап медициналық диагностикаға дейінгі көптеген шешім ғылыми ізденістің жемісі. Сондықтан ғылым енді тек зертхана қабырғасындағы тәжірибемен өлшенбейді. Оның ықпалы экономикада, өндірісте, білімде, денсаулық сақтауда және мемлекеттік басқаруда айқын көрініс табуда.
Қандай технология өмірге келсе де, оның өзегінде адамның ақылы мен ғылыми ізденісі тұрады. Жасанды интеллект жаңа мүмкіндік ұсынғанымен, оның бағытын айқындайтын да, оны жетілдіретін де – ғалым. Сондықтан алдағы кезеңде мемлекеттің жетістігі компьютердің санымен емес, ғылыми әлеуеттің қуатымен, зерттеушінің кәсіби деңгейімен және жаңа білім қалыптастыру қабілетімен бағаланатын болады.
Қазақстан дәл осындай тарихи кезеңнің табалдырығында тұр. Ғылымды жаңа технологиямен ұштастырып, жасанды интеллект мүмкіндігін ұлттық дамудың басым бағытына тиімді енгізе алсақ, еліміз тек технологияны тұтынушы емес, оны жасауға және жетілдіруге үлес қосатын мемлекеттің қатарына қосыла алады. Бұл – ғылымның жаңа белесі ғана емес, Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетін нығайтатын, экономиканың сапалы өсуіне жол ашатын және келешек ұрпақтың мүмкіндігін кеңейтетін маңызды таңдау болары ақиқат.
Өткен ғасырды индустрия қарқыны айқындаса, ал бүгінгі XXІ ғасырды жаңа білім мен озық технологияның қуаты айқындайтыны ақиқат. Ал сол дәуірдің басты тілі – ғылым. Жасанды интеллект – уақытша ғана құбылыс емес, адамзат дамуының жаңа кезеңі. Осы кезеңде ғылым мен білімге арқа сүйеген мемлекет ғана тұрақты дамудың жаңа белесіне көтеріледі. Қазақстан үшін де бұл – жаңа мүмкіндіктің кезеңі болып табылады. Ең маңыздысы, сол бір мүмкіндікті заманауи ғылыми ізденіспен, біліммен және жаңашылдықпен ұштастыра білу.

Ғалымжан ЕСҚАРАҰЛЫ,
э.ғ.к., қауымдастырылған профессор




ПІКІР ЖАЗУ