ТАРИХТЫ ТАНЫТҚАН ТАҒЫЛЫМДЫ КҮНДЕР

Қоғам өмірінде күнтізбе тек уақыт өлшейтін құрал ғана емес. Ол – халықтың тарихи жадын, мемлекет дамуының белестерін, қоғамның ортақ құндылықтарын жүйелейтін рухани-мәдени кеңістік. Ешқандай елдің күнтізбесіне кездейсоқ даталар енгізілмейді. Ұлттық мерекелер, мемлекеттік мерекелер, қоғамдық маңызы бар күндер мен мерейтойлық даталар сол мемлекеттің қандай тарихи тәжірибені қастерлейтінін, қандай құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізгісі келетінін, қандай оқиғаларды елдік сананың өзегіне айналдырғанын аңғартады.
Қазақстан үшін бұл тақырыптың өзектілігі ерекше. Себебі тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз тек жаңа саяси институттар қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге тарихи уақытты жаңаша пайымдауға кірісті. Кеңестік кезеңде орныққан мерекелік жүйе біртіндеп қайта қаралып, ұлттық мемлекет мүддесіне, тарихи әділеттілікке, қоғамдық келісімге және қазақстандық бірегейлікке негізделген жаңа күнтізбелік мәдениет қалыптастырыла бастады. Бұл үдеріс сырттай қарағанда ресми даталарды белгілеу немесе демалыс күндерін айқындау сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында әлдеқайда терең қоғамдық мағына жатыр: мереке арқылы ел халқына ортақ тарихи оқиғалар қайта жаңғыртылады, сол арқылы қоғамның өзі белгілі бір құндылықтар төңірегіне ұйыстырылады, ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастық бекітіледі.
Мерекелер мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі ретінде сан-салалы қызмет атқарады. Біріншіден, олар тарихи жадты жаңғыртады. Республика күні, Тәуелсіздік күні, Конституция күні секілді даталар Қазақстан мемлекеттілігінің құқықтық және саяси қалыптасу жолын бейнелейді. Екіншіден, мерекелер қоғамдық келісімнің ортақ көрсеткішіне айналады. Қазақстан халқының бірлігі күні, Алғыс айту күні, мемлекеттік рәміздерге қатысты атаулы күндер – көпэтносты қоғамда ортақ азаматтық кеңістік құрудың символдық тетіктері. Үшіншіден, мерекелер тәрбиелік міндет атқарады: жас ұрпаққа Отан, тарих, жауапкершілік, еңбек, ерлік, үлкенге құрмет, табиғатпен үйлесім сияқты ұғымдарды құрғақ насихат арқылы емес, қоғамдық тәжірибе арқылы сезіндіреді.
Сондықтан қоғамдық маңызы бар, мерекелік және мерейтойлық күндерді талдау – жай ғана күнтізбедегі даталарды сипаттау емес. Бұл – мемлекеттің өзін қалай танитынын, қоғамның өткенді қалай еске алатынын, болашаққа қандай құндылықтармен бет бұратынын түсіндірудің бір жолы. Қазақстандық мерекелік мәдениетте ежелгі дәстүр мен қазіргі құқықтық мемлекет, ұлттық болмыс пен азаматтық бірегейлік, тарихи жад пен жаңару идеясы қатар өріледі. Осы күрделі сабақтастықты түсінбей тұрып бүгінгі мерекелердің қоғамдық мәнін толық бағалау қиын.

Қоғамдық маңызы бар күндердің тарихи негіздері

Қазақ дүниетанымында уақыт қашанда табиғатпен, тіршілік ырғағымен, қауымның өмірімен тығыз байланысты. Көшпелі өркениет үшін жыл мезгілдерінің ауысуы, малдың төлдеуі, жайлау мен қыстауға көшу, күн мен түннің теңелуі, ел ішіндегі үлкен жиындар мен ас беру дәстүрлері күнтізбелік мәдениеттің табиғи негізін құрады. Мұндай қоғамда мереке тек көңіл көтеру сәті емес, қауымның өзін-өзі реттеуінің, әлеуметтік байланысты бекітудің, ұрпақ тәрбиелеудің, рухани тазарып, жаңа кезеңге аяқ басудың өзіндік бір формасы болды.
Наурыз мейрамы осы тарихи қабаттың ең терең әрі өміршең көрінісі болғаны әмбеге аян. Қазақ халқы үшін Наурыз – жыл басы, жаңару, тазару, татулық пен молшылық нышаны. Оның мәні бір күндік салтанатпен шектелмейді; ол табиғаттың қайта түлеуімен бірге адамның да ниетін түзеп, айналасымен жарасымды өмір сүретінін меңзейді. Үй-жайды тазалау, ағаш отырғызу, өкпе-ренішті ұмыту, үлкендерден бата алу, наурызкөже дайындау, көрші-қолаңмен дәм бөлісу – мұның бәрі халықтың мереке арқылы әлеуметтік және адамгершілік нормаларды бекіте түсуді жолға қойғанын көрсетеді. Яғни дәстүрлі қазақ қоғамында мереке-мейрам атаулының бәрі моральдық тәртіптің де, қоғамдық келісімнің де қызметін атқарған.
Қоғамдық маңызы бар күндердің тағы бір тарихи негізі – елдік оқиғаларды ұжымдық жадта сақтау дәстүрі. Қазақ қоғамында белгілі бір шайқас, тарихи тұлға, ел тағдырын өзгерткен шешім немесе ауыр кезең тек ауызша тарихта ғана емес, ас, жиын, еске алу рәсімдері арқылы да ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырған. Батырлар мен билердің, хандар мен абыздардың есімі ел жадында тек шежіре ретінде ғана емес, белгілі бір құндылықтың бейнесі ретінде де сақталып қалды. Бірі – ерліктің, бірі – әділдіктің, бірі – ел бірлігінің, бірі – даналықтың символына айналды. Қазіргі мерейтойлық күндердің түпкі мәні де осы дәстүрмен сабақтас: белгілі бір тұлғаны немесе тарихи оқиғаны еске алу арқылы қоғам өзіне қажет өнегелік бағдарды қайтадан айқындайды.
Кеңестік кезең Қазақстандағы мерекелік жүйеге түбегейлі өзгеріс әкелді. Мемлекеттік идеология жаңа саяси күнтізбе қалыптасты: революция, еңбек, әскери жеңіс, партиялық-идеологиялық даталар ресми сипат алды. Бұл жүйе бір жағынан индустрияландыру, еңбек адамын дәріптеу, қоғамдық істерді жұмыла қолға алу сияқты ұғымдарды алға шығарса, екінші жағынан ұлттық тарихи жадтың көптеген қабаттары көлеңкеде қалып кетті. Кейбір дәстүрлі мейрамдар қоғамдық өмірден ығыстырылды, кейбірі тұрмыстық деңгейде ғана сақталып қалды. Наурыздың ұзақ уақыт ресми кеңістіктен шеттетілуі осының айқын мысалы. Бірақ халықтың мәдени жады мүлдем үзілген жоқ: ұлттық мерекелік сана отбасылық дәстүрлер, ауыл ішіндегі салттар, ауызша әңгіме, үлкендердің тәрбиесі арқылы сақталып қалды.
Тәуелсіздікке қол жеткізу Қазақстанның мерекелік күнтізбесін қайта құруға тарихи мүмкіндік ашты. Енді басты сұрақ мынау еді: жаңа мемлекет қандай даталарды елдік сананың өзегіне айналдыруы керек? Бұл сұрақтың жауабы бір күнде табыла қалған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарында саяси-құқықтық негіздер қалыптасып, мемлекеттік рәміздер қабылданып, Конституция бекітіліп, халықаралық аренада дербес субъект ретінде орнығу үдерісі жүрді. Осы кезеңдегі әрбір ірі дата кейін қоғамдық маңызы бар күнге айналды. Өйткені олар Қазақстанның кеңестік әкімшілік кеңістіктен тәуелсіз ұлттық мемлекетке айналу жолындағы нақты белестерін білдіреді.
Осы тұрғыдан келгенде 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация айырықша тарихи белес болғанын атап өтейік. Бұл — Қазақстанның өз даму жолын дербес айқындауға ұмтылғанын білдіретін және кейінгі тәуелсіздікке құқықтық-саяси негіз қалап берген ресми құжат. Сол себепті Республика күнінің ұлттық мереке ретінде қайта жаңғыруы жай ғана бұрынғы датаны күнтізбеге қайтару емес, мемлекеттіліктің бастау көзін қоғамдық санада қайтадан орнықтыру әрекеті болды. Мұндай шешім тарихи жадты нақтылау үшін де маңызды: тәуелсіздік бір сәтте пайда болған құбылыс емес, ол егемендік идеясынан, саяси еріктен, құқықтық актілерден, қоғамдық үміттен және тарихи жауапкершіліктен құралған күрделі үдеріс.
Қазіргі Қазақстандағы қоғамдық маңызы бар күндер жүйесі осы бірнеше тарихи қабаттың тоғысында қалыптасты. Бір қабатта – Наурыз сияқты көне мәдени мейрамдар; екінші қабатта – кеңестік кезеңнен қалған, бірақ жалпыадамзаттық және тарихи мәні сақталған Жеңіс күні секілді даталар; үшінші қабатта – тәуелсіз мемлекеттің құқықтық-саяси негіздерін айқындайтын Республика күні, Тәуелсіздік күні, Конституция күні тәрізді мерекелер; төртінші қабатта – қоғамдық келісім, алғыс, рәміздер, тарихи қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, кәсіби еңбек салаларын құрметтеу сияқты қазіргі азаматтық қоғам құндылықтарын білдіретін атаулы күндер бар.
Бұл көпқабатты жүйе Қазақстан қоғамының күрделі тарихи тәжірибесін көрсетеді. Ел күнтізбесінде тек қуаныш пен салтанат қана емес, еске алу мен тағзым, ұлттық мақтанышпен қатар азаматтық жауапкершілік, өткенге құрметпен бірге болашаққа бағдар да қатар тұрады. Сондықтан мерекелердің қоғамдық мәнін түсіну үшін оларды жеке-жеке даталар ретінде емес, тұтас тарихи-мәдени жүйе ретінде қарастыру қажет. Осы жүйе арқылы мемлекет өзінің тарихи сабақтастығын көрсетеді, қоғам ортақ құндылықтарын бекітеді, ал азамат өзін белгілі бір елдің тұрғыны ғана емес, сол елдің тарихына, мәдениетіне және болашағына жауапты тұлға ретінде сезіне бастайды.

Қазақстандағы мерекелердің құқықтық негіздері

Қазіргі Қазақстандағы мерекелік күнтізбе тек дәстүр мен қоғамдық дағдының нәтижесі емес, ол нақты құқықтық негізге сүйенетін мемлекеттік жүйе. Бұл жүйені түсіну үшін алдымен мерекенің құқықтық мәртебесі мен қоғамдық мағынасы бір-бірінен ажырамайтынын ескеру қажет. Заң мерекені ресми түрде бекітеді, оның күнін, санатын, мемлекеттік деңгейде атап өтілу тәртібін айқындайды. Ал қоғам сол мерекеге мазмұн береді: оны тарихи жадпен, отбасылық дәстүрмен, азаматтық сезіммен, мәдени тәжірибемен толықтырады. Құқықтық норма мен қоғамдық қабылдау тоғысқан кезде ғана мереке күнтізбедегі дата күйінде қалмай, ел өміріндегі шынайы құндылыққа айналады.
Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы заң мемлекеттің мерекелік саясатын жүйелейтін негізгі құжаттардың бірі болып саналады. Онда мерекелер бірнеше санатқа бөлінеді. Ұлттық мерекелер – Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына ерекше ықпал еткен, тарихи маңызы айырықша оқиғаларға арналған мерекелер. Мемлекеттік мерекелер – қоғамдық-саяси мәні бар оқиғаларға байланысты белгіленген және азаматтар дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Сонымен бірге кәсіби және өзге де мерекелер бар. Бұл жіктеу сырттай қарағанда техникалық сипаттағы құқықтық бөлу сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында мемлекеттің тарихи оқиғаларға беретін бағасы, қоғамдық құндылықтарды реттеу тәсілі және азаматтық бірегейлікті қалыптастыру ниеті жатыр.
Ұлттық мереке мәртебесінің орны бөлек, салмағы ерекше. Ондай мереке мемлекеттіліктің ең түпкі мағыналарымен байланысты. Қазақстан жағдайында Республика күнінің ұлттық мереке ретінде орнығуы осыны дәлелдейді. Ұлттық мереке қоғамға «біз қай тарихи бастаудан тараймыз, қандай саяси белесті елдік сананың өзегіне айналдырамыз?» деген сұраққа жауап береді. Сондықтан ұлттық мереке тек салтанатты іс-шаралардың жиынтығы емес, мемлекеттің өзін-өзі тарихи тұрғыдан түсіндіруінің ресми әрі символдық формасы.
Мемлекеттік мерекелердің табиғаты бұдан кеңірек. Олар елдің саяси, құқықтық, әлеуметтік және мәдени өміріндегі маңызды оқиғаларды қамтиды. Конституция күні мемлекеттің құқықтық іргетасын еске салса, Қазақстан халқының бірлігі күні қоғамдық келісім қағидасын алға шығарады. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні ел қауіпсіздігі, ерлік, әскери қызмет, ұрпақтар сабақтастығы сияқты ұғымдарды қайта жаңғыртады. Бұл мерекелердің әрқайсысы дербес тарихи мазмұнға ие болғанымен, бәрін біріктіретін ортақ желі бар: олар әр азаматты мемлекетпен, қоғамды ортақ құндылықтармен, бүгінгі ұрпақты өткеннің тәжірибесімен байланыстырады.
Кәсіби мерекелер де қоғамдық өмірде елеулі орын алады. Олар белгілі бір сала өкілдерінің еңбегін мойындау, қоғам үшін қаншалықты маңыздылығын көрсету, кәсіби беделді арттыру қызметін атқарады. Мұғалімдер күні, медицина қызметкерлері күні, мемлекеттік қызметшілер күні, құтқарушылар күні, журналистерге немесе мәдениет саласына қатысты атаулы күндер – осының бәрі қоғамның әр саладағы еңбекті символдық тұрғыдан бағалау тетіктері. Мұндай мерекелер мемлекеттік мерекелер сияқты бүкілхалықтық тарихи оқиғаларға арналмағанымен қоғамдық құрылымның тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті кәсіптердің қадірін арттыра түседі. Әсіресе еңбек адамының беделі, кәсіби жауапкершілік, қызметтік этика туралы сөз қозғалғанда кәсіби мерекелердің тәрбиелік мәні зор екені айқын байқалады.
Құқықтық жүйе мерекелерді бекітіп қана қоймайды, олардың қоғамдық кеңістіктегі орнына да әсер етеді. Мереке күні ресми іс-шаралар ұйымдастырылады, білім беру ұйымдарында тақырыптық сабақтар жүргізіледі, мәдени мекемелерде көрмелер мен концерттер өткізіледі, бұқаралық ақпарат құралдарында тарихи-танымдық материалдар жарияланады. Осылайша заңда көрсетілген дата мемлекеттік коммуникацияның бір бөлігіне айналады. Мемлекет белгілі бір күн арқылы азаматтарға тарихи мағынаны түсіндіреді, қоғамға ортақ құндылықтарды еске салады, институттар мен азаматтардың арасындағы символдық байланысты нығайтады.
Мерекелік заңнаманың өзгеріп отыруы да кездейсоқ емес. Қоғам дамыған сайын тарихи оқиғаларға берілетін баға да тереңдей береді, кейбір даталардың мазмұны жаңаша түсіндіріледі, кейбір мерекелердің мәртебесі қайта қаралады. Бұл – құқықтық жүйенің қоғам жадындағы өзгерістерге жауап беруінің көрінісі. Республика күнінің ұлттық мереке ретінде қайта орнығуы тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихын жүйелі түрде пайымдау қажеттігінен туындаған қадам ретінде қабылданды. Бұл жерде басты мәселе бір датаның маңыздылығын арттыра түсу ғана емес, егемендік идеясының тарихи бастауларын қоғамдық санада нақтылау болатын.
Сонымен қатар мерекелер туралы құқықтық реттеу зайырлы, көпэтносты және көпконфессиялы қоғам жағдайында айырықша мәнге ие. Қазақстанның мерекелік күнтізбесі бір ғана этностың немесе бір ғана тарихи тәжірибенің шеңберінде қалып қоймайды. Онда ұлттық дәстүр де, азаматтық құндылық та, жалпыадамзаттық мағына да көрініс табады. Наурыз мейрамы қазақ халқының және түркі-шығыс өркениетінің терең мәдени қабаттарын жаңғыртса, Қазақстан халқының бірлігі күні ортақ азаматтық бірегейлікті нығайтады. Жеңіс күні тарихи ерлік пен адамзатқа ортақ қасіретті еске түсіреді. Конституция күні құқықтық мемлекеттің негізін айқындайды. Осы үйлесім Қазақстан мерекелік жүйесінің басты ерекшеліктерінің бірі болып отыр.
Мерекелердің құқықтық негізін талдағанда тағы бір маңызды жәйтке назар аудару керек: мереке заң жүзінде бекітілгенімен, оның мазмұнын толықтай әкімшілік жолмен қалыптастыру мүмкін емес. Шынайы мереке халықтың жүрегінен орын алғанда ғана өміршең болады. Егер қоғам белгілі бір датаның мәнін түсінбесе, оны өзінің жеке тәжірибесімен байланыстырмаса, мереке ресми рәсім деңгейінде қалып қоюы ықтимал. Ал егер мереке тарихи жадпен, отбасылық әңгімемен, мектептегі тәрбиемен, қоғамдық тәжірибемен ұштасып жатса, ұлттың рухани айналымына еш кедергісіз енеді. Сондықтан мерекелік саясаттың табысты болуы құқықтық бекітумен ғана емес, мазмұндық түсіндірумен, мәдени жалғастықпен, азаматтардың белсенді қатысуымен өлшенеді.

Республика күні – ұлттық мереке

Қазақстан Республикасында құқықтық тұрғыдан Ұлттық мереке дәрежесі берілген жалғыз-ақ мереке бар, ол — Республика күні. Қоғамдық-саяси салмағы жағынан бұл мейрам барлық мемлекеттік маңызы бар даталардың өзегі деуге лайықты. Республика күнінің мәні де, маңызы да, мазмұны да айырықша. Оның тарихи негізі 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясында қаланған. Бұл құжат Қазақстанның дербес мемлекеттік даму жолына түсуге деген ұмтылысын құқықтық-саяси деңгейде айқындап берді. Декларация еліміздің тәуелсіздікке бастайтын тарихи үдерісінің маңызды белесі болды. Сондықтан Республика күні қазіргі Қазақстан үшін мемлекеттіліктің бастауы, егемендік идеясының саяси көрінісі, елдің өз тағдырын өзі айқындауға бағытталған ерік-жігерінің символы ретінде қабылданады.
Республика күнінің мәні Тәуелсіздік күнімен бәсекелеспейді, қайта оны тарихи тұрғыдан толықтыра түседі. Егер Тәуелсіздік күні Қазақстанның дербес мемлекет ретінде заңды түрде орнығуын білдірсе, Республика күні сол тәуелсіздікке бастау болған егемендік идеясын еске салады. Бұл екі дата бір тарихи үдерістің екі маңызды белесі ретінде қарастырылуға тиіс. Біріншісі – саяси еріктің пісіп-жетілуін, екіншісі – сол еріктің толық мемлекеттік тәуелсіздікке ұласуын көрсетеді. Осы байланыс дұрыс түсіндірілгенде ғана тәуелсіздік ұғымы азаматтық қоғамның санасында кездейсоқ тарихи жағдай емес, ұзақ уақытқа созылған саяси ізденістің, қоғамдық үміттің және тарихи жауапкершіліктің нәтижесі ретінде орнығатын болады.

Мемлекеттік мерекелер

Мемлекеттік мерекелер Қазақстан қоғамының саяси және тарихи санасында ерекше орын алады. Олар белгілі бір оқиғаны ғана еске салып қоймай, мемлекеттің қалыптасу жолын, қоғамның құндылықтық бағдарын, азаматтық жауапкершіліктің өлшемін көрсетеді. Әрбір мемлекеттік мереке – ел тарихының бір тарауы. Сол тарауларды дұрыс байыптау арқылы бүгінгі Қазақстанның қандай тарихи жолдан өткенін, қандай қағидаларға сүйенетінін, қандай қоғамдық мұраттарды басты меже етіп қоятынын түсінуге болады.
Тәуелсіздік күні – Қазақстанның жаңа тарихындағы ең биік саяси-құқықтық белестердің бірі. 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң елдің дербес мемлекет ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындап берді. Бұл дата қазақ халқының ғасырлар бойғы азаттық аңсарының, тарихи төзімінің, саяси кемелденуінің нәтижесі ретінде қабылданады. Тәуелсіздік күні – тек мемлекеттің дүниеге келген күні ғана емес, ұлттық тағдырдың жаңа арнаға бұрылған сәті.
Бұл мерекенің мазмұны бірнеше тарихи қабаттан тұрады. Бірінші қабат – отарлық және кеңестік кезеңдердегі ұлттық мемлекеттілікке ұмтылыс, жер, тіл, дін, мәдениет, тарихи жад үшін күрес. Екінші қабат – ХХ ғасырдың соңындағы саяси өзгерістер, кеңестік жүйенің дағдарысы, республикалардың дербестікке ұмтылуы. Үшінші қабат – тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан жаңа институттар: мемлекеттік шекара, ұлттық валюта, рәміздер, дипломатиялық қатынастар, нарықтық экономика, жаңа құқықтық жүйе, халықаралық ұйымдарда өзінің дербес орнын алу. Осы қабаттардың бәрі Тәуелсіздік күнінің тек мерекелік салтанат қана емес, аса маңызды тарихи жауапкершілік күні екенін айқындай түседі.
Тәуелсіздік ұғымының тәрбиелік мәні әсіресе жастар үшін маңызды. Себебі бүгінгі жас буын тәуелсіздікті дайын күйінде көрді (қабылдады). Олар үшін шекарасы белгіленіп, бекітілген, дербес рәміздері бар, әлем картасында өз орны бар Қазақстан – табиғи шындық. Ал тарих тұрғысынан қарағанда, бұл – көптеген ұрпақтардың арманы, күресі, еңбегі және саяси еркінің нәтижесі. Сондықтан Тәуелсіздік күнін жастар санасында құрғақ патриоттық ұранға айналдырмай, нақты тарихи біліммен, тұлғалар тағдырымен, құқықтық санамен, қазіргі жауапкершілікпен байланысты қарастыру қажет. Тәуелсіздікті қадірлеу –өткенді мақтан ету емес, бүгінгі мемлекетімізді нығайта беру жолында адал еңбек ету.
Конституция күні де мемлекеттік мерекелер жүйесінде айырықша орын алады. Қазақстанның конституциялық тарихы 1993 жылғы алғашқы Конституциядан, 1995 жылғы 30 тамыздағы республикалық референдумда қабылданған Ата заңнан және кейінгі конституциялық жаңғырулардан тұрады. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституциядан кейін бұл күн Конституция күні ретінде жаңа құқықтық мазмұнға ие болды. Сондықтан Конституция күнін тек бір құжаттың датасы ретінде емес, елдің құқықтық дамуының, қоғамдық келісімнің және саяси жаңаруға қабілеттіліктің көрінісі ретінде қарастырған жөн.
Конституцияның мәні оның мәтінінде ғана емес, қоғамдық өмірде қалай іске асырылатынына да байланысты. Құқықтық мемлекет идеясы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мойындаудан, мемлекеттік биліктің заңмен шектелуінен, сот төрелігінің тәуелсіздігінен, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылыққа ұмтылудан көрініс береді. Конституция күні — осы қағидаларды жыл сайын еске салатын символдық мүмкіндік. Бұл — қоғамымызда заңның үстемдігі, азаматтық жауапкершілік, мемлекет пен жеке адамның арасындағы сенім тәрізді ұғымдардың заңды құжатта бекітілген күні. Құқықтық мәдениеті төмен қоғамда ең жетілген заңның өзі толыққанды жұмыс істей алмас еді.
Қазақстан халқының бірлігі күні – көпэтносты қоғам үшін ерекше мағынасы бар мереке. Қазақстанның тарихи тағдыры түрлі этностардың, мәдениеттердің, тілдердің, діни дәстүрлердің бір кеңістікте тоғысуымен ерекшеленеді. Бұл да оңайлықпен келген жетістік емес. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін, алуан түрлі халықтардың өкілдерін күштеп қоныс аудару, соғыс жылдарындағы эвакуация, тың игеру кезеңдерінде еліміздің демографиялық және мәдени келбеті күрт өзгеріп кетті. Осындай күрделі тарихи тәжірибенің нәтижесінде Қазақстан қоғамы бірлік ұғымын ұран ретінде емес, өмірлік қажеттілік ретінде қабылдады.
Бірлік күні этностардың сыртқы айырмашылығын көрсетумен қатар ортақ азаматтық кеңістіктің мәнін түсіндіру үшін де маңызды. Бірлік – жұрттың бәрі бірдей болуы емес; бірлік – әртүрлілікті мойындай отырып, ортақ мемлекетке, ортақ заңға, ортақ болашаққа адал болу. Қазақстанның жағдайында бұл қағида қоғамдық тұрақтылықтың негізгі шарттарының бірі. Сондықтан бұл мереке мәдени фестивальдермен, концерттермен, ұлттық тағамдар көрмесімен ғана шектелмеуі керек. Оның мазмұнының тереңдігі азаматтардың бір-біріне сенімінде, өзара құрметінде, тіл мен мәдениетке ілтипатында, қоғамдағы әділдік сезімінде жатыр.
Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні бір-біріне жақын күндерде аталып өтетіндіктен, қоғамдық санада әскери ерлік, ел қауіпсіздігі және ұрпақтар сабақтастығы тақырыптарын қатар жаңғыртады. Отан қорғаушылар күні тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс қабілеті, әскери қызметтің мәртебесі, мемлекеттің қауіпсіздік институттары туралы ойлануға шақырады. Қазіргі геосаяси жағдайда қауіпсіздік ұғымы бұрынғыдан да кеңейіп, тереңдей түсті. Ол тек армияның күш-қуатымен ғана өлшенбейді, экономикалық тұрақтылық, ақпараттық қауіпсіздік, шекараның беріктігі, азаматтық бірлік, технологиялық дайындық, жастардың отансүйгіштік тәрбиесі де ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөліктері.
Жеңіс күні – Қазақстан қоғамында терең тарихи және адамгершілік мәні бар мереке. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майданға аттанған қазақстандықтардың ерлігі, тылдағы еңбек, эвакуацияланған кәсіпорындар мен адамдарды қабылдау, аштық пен ауыртпалыққа қарамастан ортақ жеңіске үлес қосу – халық жадындағы аса маңызды тараулар. Бұл күннің басты мағынасы – соғысты дәріптеу емес, бейбітшіліктің бағасын түсіну. Жеңіс күні адамзатқа соғыстың қасіретін, фашизмнің зұлымдығын, бейбіт өмірді қадірлей білудің маңыздылығын еске салады.
Бүгінгі ұрпақ үшін Жеңіс күнінің тәрбиелік мәні ардагерлерге құрмет көрсетумен ғана шектелмейді. Уақыт өткен сайын соғыс куәгерлері азайып келеді, ал тарихи жадты сақтау жауапкершілігі жас буынға ауысады. Сондықтан бұл мерекеде деректі тарихқа, отбасылық архивтерге, майдан хаттарына, жергілікті батырлар тағдырына, тыл еңбеккерлерінің естеліктеріне көбірек көңіл бөлу қажет. Жеңіс күні қоғамдық сананы қарапайым әрі терең ақиқатқа жетелейді: бейбітшілік – өзінен-өзі сақталатын құндылық емес, оны әр ұрпақ қорғап, қадірлеп, жауапкершілікпен жалғастыруға тиіс.

Наурыз – халықтық мереке

Ұлттық мереке ұғымы мемлекеттің тарихи жадындағы ең терең, ең іргелі мағыналармен байланысты. Мұндай мереке белгілі бір оқиғаны еске салумен ғана шектеліп қалмай, халықтың дүниетанымын, тарихи сабақтастығын, мемлекеттілік туралы түсінігін және мәдени болмысын жинақтап көрсетеді. Қазақстан жағдайында Наурыз мейрамы осы сипатқа толық сай келеді. Ол көне дәуірлерден бастау алатын табиғат мейрамы ғана емес, қазіргі қоғам үшін де жаңару, келісім, мейірім, ортақ жауапкершілік, рухани тазару идеяларын жеткізетін ұлттық құндылық.
Наурыздың басты ерекшелігі – ол жаңа жыл басталғанын білдіреді. Қазақ халқының дүниетанымында жыл басы табиғаттың жаңаруымен, күн мен түннің теңелуімен, тіршіліктің қайта жандануымен ұштасып жатыр. Бұл жай ғана астрономиялық құбылыс емес, адам мен табиғаттың арасындағы үйлесімділікті сездіретін мәдени белгі. Қыстан қысылып шыққан ел көктемді үмітпен қарсы алған. Мал төлдеп, жер бусанып, күн ұзарып, тіршілік кеңіген шақта адамның да көңілі жаңарып, ниеті түзеледі. Сондықтан да Наурыз қазақ халқының өмірінде табиғи уақыт пен адамгершілік қасиеттердің түйіскен тұсы саналады.
Наурыздың тарихи тереңдігі оның бір халықтың ғана емес, тұтас өңірлік өркениеттің ортақ мұрасы екенін көрсетеді. Орталық Азия, Иран, Кавказ, Түркия, Балқан түбегі елдері мен басқа да жерлерде Наурыз әртүрлі атаумен, әртүрлі рәсіммен аталғанымен, өзегінде жаңа күн, жаңару, береке, татулық, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, табиғатпен жарасымды өмір сүру секілді идеялар сақталған. Қазақ халқы бұл мейрамды өзінің көшпелі өмір салтына, дала этикасына, қауымдық қарым-қатынас мәдениетіне бейімдей отырып дамытты. Соның нәтижесінде Наурыз қазақ қоғамында тек жыл басы ғана емес, ел ішіндегі қарым-қатынасты түзейтін, ағайынның арасын жақындататын, ауылды бір дастархан басына жинайтын қоғамдық институтқа айналды.
Наурыздың салт-дәстүрлік мазмұны өте бай. Үй-жайды тазалау, бұлақ көзін ашу, ағаш отырғызу, үлкендерге сәлем беру, ренжіскен адамдардың татуласуы, наурызкөже дайындау, бата алу, ұлттық ойындар өткізу – мұның бәрін сыртқы рәсім деп қана қабылдау аздық етер еді, өйткені осы іс-шаралардың бәрі терең әлеуметтік мағынаға ие. Мәселен, тазалық дәстүрі тұрмыстық ұқыптылықпен қатар рухани жаңаруды білдіреді. Дәм ұсыну – дастархан молшылығын, ортақ ырысқа деген сенімді көрсетеді. Татуласу – арнайы құжатпен реттелмесе де қоғам тұрақтылығы үшін аса маңызды моральдық келісім. Бата – ұрпақтар сабақтастығының ауызша әрі символдық формасы.
Наурызкөженің өзі халықтың дүниетанымын танытатын мәдени іс-шара іспетті. Оның құрамына қосылатын тағам түрлерінде өңірлік айырмашылықтар болғанымен, басты идеясы ортақ: бұл дегеніңіз молшылық, дәмнің бірігуі, тіршіліктің жалғасуы, дастарханның ашықтығы тәрізді ұғымдарды білдіреді. Қазақ қоғамында ас ішу жай ғана тамақтану емес, сонымен қатар, өзара қарым-қатынас мәдениетінің өзегі болған. Бір дастархан басына жиналу – адамдардың әлеуметтік арақашықтығын азайтып, қауымдық бірлікті нығайта түседі. Сондықтан Наурыз дастарханы бүгін де халықтың қонақжайлық, кеңпейілдік, өзгелерді де өзіндей көріп, барын бөлісу, ақ ниет, ризашылық сияқты қасиеттерін жаңғыртатын маңызды символ болып қала береді.
Кеңестік кезеңде Наурыздың ресми мейрамдар қатарынан сызып тасталуы ұлттық мәдениетке, халықтың жадына қысым жасаудың бір көрінісі болды. Бірақ бұл мейрам халық жадынан өшкен жоқ. Отбасылық әңгімеде, ауылдық ортада, үлкендердің естелігінде, тұрмыстық салтта сақталып қалды. Кейін тәуелсіздік қарсаңында және тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Наурыздың қайта жаңғыруы қоғам үшін ерекше рухани серпіліс әкелді. Бұл тек бір мерекенің қайтарылуы емес, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, ұлттық мәдениеттің жария кеңістікке қайта шығуы, халықтың өз дәстүрін ашық әрі мақтанышпен ұстануына мүмкіндік тууы еді.
Қазіргі Қазақстанда Наурыздың мазмұны кеңейіп келеді. Бұрын ол көбінесе этнографиялық сипатта, киіз үй тігу, ұлттық киім кию, ұлттық тағам ұсыну, концерт өткізу арқылы көрінсе, бүгін бұл мейрамға қоғамдық жаңару, экологиялық сана, қайырымдылық, волонтерлік, инклюзивті мәдениет, қалалық ортадағы көршілік байланыс сияқты жаңа мазмұндар қосылуда. Бұл – табиғи үдеріс. Өйткені тірі дәстүр ешқашан бір қалыпта қатып қалмайды, заманның сұранысына қарай жаңарып, жаңа ұрпақтың тілімен сөйлей бастайды.
Наурыздың жастар тәрбиесіндегі орны да ерекше. Жас буын үшін бұл мейрам ұлттық мәдениетті тек музей экспонаты ретінде емес, күнделікті өмірмен байланысқан тірі құндылық ретінде танытады. Балалар ұлттық ойындар ойнап, үлкендерден бата алып, киіз үйдің құрылымын көріп, дәстүрлі тағамның мәнін түсініп, халықтың әні мен күйін естігенде ұлттық мәдениет абстрактілі ұғым емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға, сезінуге, қатысуға болатын нақты іс-шараға айналады. Мерекенің тәрбиелік қуаты осында: білімді — сезіммен, тарихты — тәжірибемен, құндылықты — әрекетпен ұштастырып, біріктіріп жібереді.
Сонымен бірге қазіргі қоғамда Наурызды тек этностық шеңберде қалдыру дұрыс болмас еді. Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Сондықтан Наурыз бүгін қазақ халқының тарихи мейрамы болумен қатар, бүкіл қазақстандық қоғамды біріктіретін ортақ мәдени кеңістікке айналып келеді. Бұл жерде маңызды айырмашылық бар: мерекенің түбірі ұлттық мәдениетте жатқанымен, оның қазіргі қоғамдық қызметі азаматтық сипатқа ие. Наурыз дастарханына түрлі этнос өкілдерінің жиналуы, қалалар мен ауылдарда ортақ мерекелік шаралар өткізілуі, мектептер мен жоғары оқу орындарында ұлттық дәстүрдің танымдық тұрғыдан түсіндірілуі – осы азаматтық мазмұнның көрінісі.
Наурыздың халықаралық деңгейде танылуы да Қазақстан үшін маңызды. UNESCO аясындағы мәдени мұра тізімдерінде Наурыздың көпұлтты, көпмәдениетті сипаты атап өтіледі. Бұл мейрамның халықаралық мәні Қазақстанның мәдени дипломатиясына да қызмет етеді. Себебі Наурыз арқылы еліміз әлемге өзінің көне дәстүрін ғана емес, бейбітшілікке, мәдени әртүрлілікке, татулыққа негізделген құндылықтарын таныта алады. Қазіргі халықаралық қатынастарда мәдениет – өнер көрсету құралы ғана емес, сонымен қатар, елдің жұмсақ күшін қалыптастыратын маңызды ресурс. Осы тұрғыдан алғанда, Наурыз Қазақстанның мәдени келбетін әлемге танытатын айрықша символдардың бірі.
Алайда Наурызды жаңғырту барысында осынау айтулы мерекені сыртқы формаға ғана байлап қоюдан сақ болу керек. Егер Наурыз тек қана сахналық қойылым, ұлттық киім кию, суретке түсу, концерт көру деңгейінде қалып қойса, оның терең қоғамдық мәні әлсірей береді. Наурыздың шынайы қуаты – адамдар арасындағы қатынасты жақсарту, мейірім мен кешірімді күшейту, табиғатты қадірлеу, еңбек пен берекені дәріптеу, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту арқылы көрініс табады. Сондықтан қазіргі мерекелік саясат Наурыздың сәндік жағын ғана емес, оның этикалық, экологиялық, тәрбиелік, қоғамдық мазмұнын да ашуға бағытталуы керек.
Осы тұрғыдан алғанда, Наурыз – өткеннің мұрасы ғана емес, болашаққа бағытталған құндылық. Ол қоғамға жыл сайын жаңадан бастау мүмкіндігін ұсынады. Әр адам өз үйін ғана емес, ішкі әлемін де тазартуға, әр отбасы өз дастарханын ғана емес, өзгелермен қарым-қатынасын түзетуге, әр қауым өз ауласын ғана емес, қоғамдық байланысын да жақсартуға ұмтылады. Наурыздың ұлттық мереке ретіндегі ең терең мәні осында: ол халықтың тарихи жадын сақтай отырып, қоғамды үнемі жаңаруға шақырады.

Мерейтойлық күндер

Мерейтойлық күндердің қоғамдық маңызы бар даталар жүйесінде ерекше орын алары сөзсіз. Егер ұлттық және мемлекеттік мерекелер еліміздің ірі тарихи белестерін, құқықтық негіздерін немесе бүкілқоғамдық құндылықтарын айқындаса, мерейтойлық күндер белгілі бір тарихи тұлғаның, оқиғаның, мәдени құбылыстың немесе қоғамдық институттың ел тарихындағы орнын қайта пайымдауға мүмкіндік береді. Мерейтой дегеніміз – өткенді еске алу ғана емес, сол өткеннің бүгінгі қоғамға қандай сабақ беретінін анықтап, айқындай түсу.
Қазақстан тарихында мерейтойлық дәстүрдің тамыры тереңде жатыр. Қазақ қоғамында белгілі бір тұлғаның асын беру, батырды, биді, ақынды, әулиені, елге еңбегі сіңген азаматты еске алу тек отбасылық немесе рулық шара болмаған. Мұндай жиындарда елдік мәселелер талқыланып, тарихи әңгімелер айтылып, жас ұрпаққа өнеге көрсетілген. Яғни мерейтойлық мәдениет халықтың тарихи жадын ауызша түрде сақтаудың бір тетігі болған. Қазіргі мерейтойлық күндерді осы дәстүрдің заманауи мемлекеттік және қоғамдық формаға түскен жалғасы деуге болады.
Мерейтойлық даталардың маңызы, ең алдымен, тарихи жадты жүйелеуінде. Кез келген халық өткенін толық білмей, болашағын саналы түрде құра алмайды. Бірақ тарихи жад өздігінен сақтала бермейді. Оны жаңартып, түсіндіріп, ұрпаққа жеткізіп отыру қажет. Осы міндетті мерейтойлық күндер атқарады. Абайдың, Әл-Фарабидің, Жамбылдың, Ахмет Байтұрсынұлының, Әлихан Бөкейханның, Қаныш Сәтбаевтың немесе басқа да ірі тұлғалардың мерейтойлары олардың өмірбаянын тағы бір рет зерделеп шығумен шектеліп қалмай, олардың елдік, мемлекеттік деңгейде ойлау жүйесін, сіңірген еңбегінің тарихи мәнін, бүгінгі ұрпаққа қалдырған интеллектуалдық және адамгершілік мұрасын қайта танытуға қызмет етеді.
Мерейтойлық күндердің ерекшелігі – олар қоғамды белгілі бір тұлға немесе оқиға төңірегінде ойлануға шақырады. Мысалы, Абай мерейтойы тек ұлы ақынның туған жылын атап өту емес; ол қазақтың ойлау-парасат мәдениеті, адамның болмысы, оның ілім-білім, еңбек, әділет, ар-ұят туралы түсінігін қайта пайымдау. Әл-Фараби мерейтойы – ортағасырлық Шығыс өркениетінің ғылымға, философияға, адамзаттық ойға қосқан үлесін зерделеу. Ахмет Байтұрсынұлы мерейтойы – тіл, білім, ұлттық баспасөз, саяси сана, ағартушылық жолындағы күресті еске алу. Мұндай мерейтойлар тұлғаны мадақтаумен ғана шектелер болса өз міндетін толық атқара алмас еді; олар қоғамға ой салып, білім беру жүйесіне, ғылыми зерттеуге, мәдени өндіріске, қоғамдық пікірге серпін бергенде ғана шынайы мағынаға ие болады.
Мерейтойлық күндер мемлекет үшін де маңызды. Өйткені олар — тарихи саясаттың мәдени формада көрініс беруі. Мерейтой арқылы мемлекет қай тұлғаларды, қандай оқиғаларды, қай құндылықтарды елдік санаға енгізу керектігін көрсетіп, жалпақ әлемге жар салады. Бұл орайда бір ғана қатаң қағиданы ұстану керек: мерейтой тарихи шындыққа негізделген болуға тиіс. Егер бұл тек қана ресми салтанатқа, сыртқы жарнамаға, есеп беру үшін өткізілетін іс-шараға айналса, оның қоғамдық әсері әлсіреп кетеді. Ал егер ғылыми конференция, архивтік зерттеулер, жаңа кітаптар, деректі фильмдер, театрландырылған қойылымдар, мектеп бағдарламасындағы сапалы материалдар, музей экспозициялары секілді іргелі істер арқылы арқылы көрініс тапса, қоғамның тарихи санасын байыта түседі.
Мерейтойлық даталардың тағы бір қызметі – өңірлік тарихты ұлттық тарихпен байланыстыру. Қазақстанның әр аймағында елге еңбегі сіңген тұлғалар, аса маңызды жергілікті оқиғалар, мәдени ошақтар, тарихи орындар бар. Кейде ұлттық тарих ірі саяси оқиғалар арқылы ғана түсіндіріледі де жергілікті халықтың жады тасада қалады. Мерейтойлар осы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді. Белгілі бір ауданнан шыққан ағартушының, батырдың, ғалымның немесе өнер қайраткерінің мерейтойы сол өңір тұрғындарына өз тарихын мақтан етуге, ал жалпы елге Қазақстан тарихының көпқырлы екенін түсінуге жол ашады.
Дегенмен мерейтойлық саясатта формализмнен сақ болу қажет. Кейде мерейтойлар қомақты қаржы жұмсалатын салтанатты жиынға айналып, оның танымдық және тәрбиелік мәні екінші қатарға ысырылып қалады. Мұндай жағдайда мерейтой қоғамға терең ой салмайды, уақытша ақпараттық науқан ретінде ғана атап өтіледі. Шын мәнінде, мерейтойдың құндылығы оның даңғаза деңгейімен емес, рухани және интеллектуалдық із қалдыруымен өлшенуге тиіс. Жақсы ұйымдастырылған мерейтойдан кейін жаңа зерттеулер ұйымдастырылып, архив құжаттары айналымға енгізілсе жастар арасында тарихи тұлғаға қызығушылық арта түсер елі, сондықтан да ондай мәдени мұра кеңірек насихатталуы керек.
Қоғам үшін мерейтойлық күндердің маңыздылығы тарихи сабақтастық сезімін қалыптастыруында. Адамдар өздерін белгілі бір елдің азаматы ретінде сезінуі үшін сол елдің өткенін белгілі бір деректер ретінде ғана емес, мағыналы тәжірибе деп қабылдауы қажет. Мерейтойлар осы тәжірибеге жан бітіреді. Мерейтойлар «біз кімбіз?», «қайдан келдік?», «кімдердің еңбегімен бүгінгі күнге жеттік?», «қандай мұраны жалғастыруымыз керек?» деген сұрақтарды қоғамдық талқылау алаңына шығарады. Бұл сұрақтарсыз ұлттық сананы тереңдету мүмкін болмас еді.

Мерекелердің қоғамдағы тәрбиелік рөлі

Қоғамдық маңызы бар күндердің ең терең қызметтерінің бірі – тәрбие. Мерекелер мен атаулы күндер адамдарға белгілі бір құндылықты түсіндіріп қана қоймай, оны терең сезінуге көмектеседі. Тәрбие әрдайым құрғақ нұсқаумен жүзеге асырыла бермейді; ол көбінесе ортақ тәжірибе, ортақ әсер, ортақ естелік арқылы қалыптасады. Мерекелік күндер осындай мүмкіндік туғызады. Республика күнінде мемлекеттік ту көтерілгенін көргенде, Наурызда үлкендердің батасын естігенде, Жеңіс күнінде майдангерлер туралы әңгіме тыңдағанда, Конституция күнінде құқық пен жауапкершілік туралы ойланғанда балалар мен жасөспірімдердің бойында азаматтық сезім қалыптасады.
Патриотизм де осындай жанды тәжірибеден басталады. Шынайы патриотизм – ұранды көп айту емес, өз еліңнің тарихын түсіне білу, оның жетістігіне қуану, кемшілігіне бейжай қарамау, қоғамдық іске жауапкершілікпен қатысу. Мерекелер осы патриотизмді қалыптастыру мен тәрбиелеудің маңызды құралы бола алады. Бұл үшін мереке-мейрамдардың мазмұнын жасанды пафостан арылту қажет. Жастарға тарихи датаның мәнін түсіндіру тұрғысынан дайын сөздерден гөрі нақты оқиғалар, адам тағдыры, деректі материалдар, жергілікті мысалдар, отбасылық тарих әлдеқайда әсерлі болады.
Мысалы, Тәуелсіздік күнін түсіндіру кезінде мемлекеттің жетістіктерін тізіп шығу жеткіліксіз болар еді. Жастар тәуелсіздіктің қандай тарихи жағдайда келгенін, елдің алдында қандай қиындықтар тұрғанын, алғашқы жылдары қоғамымыз қандай сынақтан өткенін, бүгінгі тұрақтылық пен даму қандай еңбекпен және күш-жігермен қалыптасқанын білуі керек. Сонда ғана тәуелсіздік дайын күйінде берілген сыйлық емес, үнемі қорғап, қамтамасыз етіп отыруды, тұрақты түрде дамытуды, жауапкершілікпен жалғастыруды қажет ететін құндылық ретінде қабылданады.
Құқықтық тәрбие тұрғысынан келгенде Конституция күнінің мүмкіндіктері зор. Қазіргі қоғамда азаматтың өз құқықтарын білуі ғана емес, өз міндетін түсінуі де маңызды. Заңды құрметтеу, өзгенің құқығын сыйлау, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарау, әділдікке ұмтылу – құқықтық мәдениеттің негізгі белгілері. Егер Конституция күні ресми құттықтаумен ғана шектелсе, оның тәрбиелік әлеуеті толық ашылмайтыны белгілі. Ал мектептерде, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында Конституцияның нақты өмірмен байланысы, азаматтық құқықтар мен жауапкершіліктер, жергілікті өзін-өзі басқару, қоғамдық белсенділік мәдениеті талқыланса, бұл мейрам қоғамның құқықтық санасын күшейте түсері сөзсіз.
Қазақстан халқының бірлігі күні толеранттылық пен өзара құрмет тәрбиесіне қызмет етеді. Алайда толеранттылықты үстірт түсінуге болмайды. Ол тек түрлі мәдениеттердің қатар өмір сүруі ғана емес, бір-бірінің қадірін түсіне білу, ортақ елге адал болу, әлеуметтік әділдікке ұмтылу, кемсітушілікке жол бермеу дегенді де білдіреді. Жастар үшін бұл мереке Қазақстандағы этностық әртүрліліктің тарихи себептерін, ортақ азаматтық бірегейліктің мәнін, тіл мен мәдениетке құрметтің маңызын түсіндіретін шара болуы керек. Бірлік тек концерттік ұран емес, сонымен қатар, мәдениеттің күнделікті қарым-қатынаста көрінетін қырлары екенін ұғындыру қажет.
Наурыз мейрамы ұлттық құндылық тәрбиесінде ерекше орын алады. Ол арқылы жас ұрпақ үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлық, кеңпейілділік, табиғатты аялау, еңбекті қадірлеу, өкпе-ренішті ұмыту сияқты ұғымдарды бойына сіңіреді. Бұл құндылықтар кітаптан оқығанда бір бөлек, ал мереке барысында нақты әрекетке айналғанда мүлдем бөлек әсер береді. Балалар наурызкөже дайындауға қатысса, аула тазаласа, ағаш отырғызса, үлкен кісіден бата алса, ұлттық киімнің мәнін білсе, дәстүр атаулының бәрі олардың санасында сыртқы көрініс ретінде емес, өмірлік тәжірибе түрінде орнығар еді.
Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күні ерлік, борыш, бейбітшілік және қауіпсіздік тұрғысынан тәрбие береді. Бірақ бұл мерекелер әскери романтикамен ғана шектелмеуге тиіс. Жеңіс күнінің өзегінде соғыстың қасіреті, бейбіт өмірдің құны, адам өмірінің қадірі жатыр. Отан қорғаушылар күні де әскери шеру немесе құттықтау күні ғана емес; еліміздің қауіпсіздігіне жауаптылық, тәртіп, антқа адалдық, азаматтық борыш, қоғамдық тұрақтылық туралы ой салатын мәнді де мағыналы шара болуға тиіс. Қазіргі жастар үшін Отан қорғау ұғымы әскери қызметпен қатар білімді болу, кәсіби тұрғыдан адал еңбек ету, ақпараттық сауаттылық, ел мүддесіне бейжай қарамау сияқты кең мағынаны қамтиды.
Осылайша мерекелердің тәрбиелік рөлі олардың мазмұнын қалай түсіндіретінімізге тікелей байланысты. Егер мереке тек демалыс күні ретінде қабылданса, оның қоғамдық қуаты әлсіреп кетеді. Егер ол тарихи жадпен, отбасылық әңгімемен, мектептегі біліммен, мәдени іс-шаралармен, қоғамдық пайдалы әрекетпен ұштасып жатса, онда мереке адамды тәрбиелейтін, қоғамды біріктіретін, мемлекеттің құндылықтық негізін нығайтатын маңызды институтқа айналаып кетеді.

Қазіргі Қазақстандағы мерекелік саясат

Қазіргі Қазақстандағы мерекелік саясат тарихи жадты сақтау, ұлттық бірегейлікті нығайту және азаматтық қоғамды дамыту міндеттерімен тығыз байланысты. Бұрын мереке атаулының бәрі көбінесе ресми салтанат, мәдени концерт, шерулер мен жиындар түрінде көрініс берсе, бұл күндері олардың мазмұны әлдеқайда кеңейе түсті. Қоғам өзгерді, ақпарат тарату арналары көбейді, жастардың жаңалықтарды қабылдау аясы жаңарып, кеңейе түсті, қала мәдениеті күшейді, цифрлық орта қоғамдық пікір қалыптастырудың маңызды алаңына айналды. Сондықтан мерекелік саясат та осы өзгерістерге бейімделуге тиіс.
Бүгінгі мерекелердің басты ерекшелігі – олардың көп форматты сипат алуы. Бір ғана мереке енді бірнеше кеңістікте: ресми алаңда, білім беру жүйесінде, отбасылық ортада, әлеуметтік желілерде, музейлер мен театрларда, қоғамдық акцияларда, волонтерлік қозғалыстарда, қалалық фестивальдерде қатар өмір сүреді. Мысалы, Республика күні қарсаңында мемлекеттік наградалар табысталып, ресми жиындар өткізілсе, өңірлерде қоғамдық іс-шаралар, патриоттық акциялар, жастар форумдары ұйымдастырылады. Наурыз кезінде этноауылдар ұйымдастырумен қатар қайырымдылық шаралары, экологиялық бастамалар, қалалық көршілік мерекелері, ұлттық спорт пен қолөнер жәрмеңкелері өткізіледі. Осының бәрі мерекенің мазмұнын кеңейте түседі және әртүрлі әлеуметтік топтардың арасы жақындай береді.
Цифрландыру үрдісі мерекелерді қабылдау мәдениетіне айтарлықтай ықпал етті. Бұрын мерекелік ақпарат, негізінен, теледидар, газет, радио және ресми жиындар арқылы таратылса, бүгін әлеуметтік желілер, мессенджерлер, онлайн-платформалар, қысқа бейне форматтары, подкасттар, интерактивті жобалар маңызды рөл атқарады. Бұл өзгеріс мерекелік саясатқа жаңа мүмкіндік береді: тарихи датаны жастарға түсінікті тілмен жеткізуге, архивтік материалдарды визуалды форматқа айналдыруға, өңірлік тарихты кең аудиторияға танытуға, азаматтардың өз естеліктерін бөлісуіне жол ашылды.
Алайда цифрлық ортада мерекенің мазмұны жеңілдеп кету қаупі де бар. Кейде тарихи дата әлеуметтік желідегі құттықтау суреті, қысқа ұран, дайын шаблон, бір күндік ақпараттық толқын деңгейінде қалып қояды. Мұндай жағдайда мерекенің терең тәрбиелік және танымдық мәні әлсірей береді. Сондықтан цифрлық формат тарихи мазмұнды алмастырмауы керек, керісінше оны түсіндірудің жаңа құралы болуға тиіс. Мысалы, Тәуелсіздік күніне арналған қысқа бейнероликтер тек әсем кадрлардан ғана тұрмай, нақты тарихи дерекке, адам тағдырына, ел дамуының күрделі кезеңдеріне сүйенсе әсері әлдеқайда күшті болар еді.
Қазіргі мерекелік саясаттың тағы бір маңызды бағыты – қатысушылық мәдениетті дамыту. Кеңестік және посткеңестік кезеңнің кейбір ресми дәстүрлерінде азаматтар көбінесе көрермен рөлінде болатын: олар салтанатты жиынды тамашалайды, концерт көреді, құттықтау тыңдайды. Ал қазіргі қоғамда әр адам мерекенің белсенді қатысушысы болғысы келеді. Ол өз ауласында Наурыз дастарханын ұйымдастыруы, әлеуметтік желіде отбасылық архивтен алынған мәлімттерді таратуы, еріктілер акциясына қатысуы, ағаш отырғызуы, тарихи орынға баруы, мектептегі немесе университеттегі пікірталаста өзінің ой-пікірін айтуы мүмкін. Мереке осындай әрекеттер арқылы нақты да жанды қоғамдық тәжірибеге айналады.
Бұл әсіресе жастар үшін маңызды. Жас буын дайын мәтінді қабылдаудан гөрі өзі қатысқан, көрген, сезінген тәжірибені жақсы меңгереді. Сондықтан мерекелерді жастарға жақындату үшін тарихи квесттер, деректі фильм талқылаулары, музейдегі ашық сабақтар, архив құжаттарымен жұмыс істеу, қоғамдық пікірталастар, эссе және медиа жобалар, волонтерлік бастамалар, ұлттық спорт фестивальдері тәрізді интерактивті форматтар қажет. Мұндай форматтар мерекені ресми міндет ретінде қабылдамай, жеке тәжірибеге айналдыру керектігін ұғынуға септігін тигізеді.
Қазақстан Республикасындағы мерекелік саясаттың мазмұнында тарихи әділеттілік тақырыбы барған сайын маңызды орын алып келеді. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, Алғыс айту күні, Мемлекеттік рәміздер күні, ұлттық тұлғалардың мерейтойлары – осылардың бәрі қоғамды өткеннің күрделі беттерімен бетпе-бет келуге шақырады. Әсіресе ашаршылық, қуғын-сүргін, депортация, соғыс, тіл мен мәдениет тағдыры сияқты тақырыптар асқан байыптылықты талап етеді. Олар тиісті мәліметтерді мұқият зерттеуді, адам тағдырына құрметпен қарауды, дерекке адалдықты, тарихи сезімталдықты талап етеді.
Қазіргі Қазақстан үшін мерекенің тағы бір стратегиялық қызметі – ұлттық бірегейлік пен азаматтық бірегейліктің үйлесім табуын қамтамасыз ету. Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің негізгі өзегін қазақ халқының мәдени мұрасы, тілі, дәстүрі, тарихи тәжірибесі құрайды. Сонымен бірге Қазақстан азаматтық тұрғыдан көпэтносты, көпмәдениетті қоғам. Сондықтан мерекелік саясат осы екі шындықты бір-біріне қарсы қоймай, үйлестіре білуі керек. Наурыз – ұлттық тамыры терең мейрам бола отырып, бүкіл қоғамды біріктіретін ортақ мерекеге айнала алады. Қазақстан халқының бірлігі күні – әртүрлі этностардың мәдениетін таныта отырып, ортақ мемлекеттік жауапкершілікті күшейтуге тиіс. Республика күні мен Тәуелсіздік күні – бәрімізге ортақ мемлекеттіліктің құндылығын айқындауы қажет.
Халықаралық тәжірибе де осыны көрсетеді: дамыған мемлекеттер өз елдеріндегі мерекелерді демалыс күні деп есептеумен ғана шектеліп қалмай, оларды билік пен халықтың арасындағы ашық сұхбаттасудың, өзара әңгіме құрудың құралы ретінде де пайдаланады. Әр ел өз тарихындағы шешуші сәттерді, конституциялық негіздерді, азаттыққа жету жолдарын, мәдени мұраларын, азаматтық құндылықтарын мерекелер арқылы қоғамның санасына орнықтыруға ұмтылады. Бір ғана маңызды шарт: мереке шынайы мазмұнға сүйенуі керек. Халықтың жүрегінен орын алмаған, тек әкімшілік тәртіппен өткізілетін мереке ұзақ мерзімді әсер бере алмайды. Ал тарихи ақиқатпен, мәдени тәжірибемен, қоғамдық қажеттілікпен байланыстырылған мереке ұлттың рухани өмірінде берік орнығып қалады.
Қазақстандағы мерекелердің болашақтағы дамуы бірнеше бағытқа тәуелді. Біріншіден, тарихи мазмұнды тереңдете түсу қажет. Әр мерекенің шығу тарихы, құқықтық негізі, қоғамдық мәні мектептен бастап жүйелі түрде түсіндірілуге тиіс. Екіншіден, мерекелерді аймақтық тарихпен байланыстыру да аса маңызды. Әр өңірдің ресми қызмет орындары мен жауапты тұлғалары Республика күні, Тәуелсіздік күні, Наурыз немесе Жеңіс күні аясында өз жерінің тарихын, айтулы тұлғаларын, маңызды оқиғаларын тұрғындар мен қонақтарға жан-жақты әрі жарқырата танытар болса, қай мереке де халыққа жақындай түсер еді. Үшіншіден, мерекелік мәдениетте экология, қайырымдылық, волонтерлік, қоғамдық жауапкершілік сияқты қазіргі құндылықтар кеңінен көрінуі керек. Төртіншіден, цифрлық форматтар сапалы мазмұнмен толықтырылуға тиіс.
Мерекелік саясаттың түпкі мақсаты – қоғамды бір күнге ғана біріктіру емес, ортақ құндылықтарды ұзақ мерзімге бекіту. Егер Республика күні азаматқа мемлекеттіліктің бағасын сезіндіріп, Тәуелсіздік күні ел тағдырына жауапкершілік жүктеп, Конституция күні құқықтық мәдениетті күшейтіп, Наурыз адамдарды мейірім мен жаңаруға шақырып, Жеңіс күні бейбітшіліктің қадірін ұғындырып, осы міндеттердің үдесінен шыға білсе, онда аталмыш мерекелердің бәрі өз миссиясын тиісінше атқарып отырғаны. Ал егер бұл күндер тек демалыс, ресми құттықтау және сыртқы рәсім деңгейінде қалса, онда олардың қоғамдық әлеуеті толық ашылмағаны.
Сондықтан қазіргі Қазақстандағы мерекелік саясат мазмұндық жаңартуды қажет етеді. Бұл — өткеннен бас тарту емес, керісінше, өткенді тереңірек түсіну, оны бүгінгі қоғамның сұранысына сай жеткізе білу. Мерекелер тарихи жадты сақтай отырып, қазіргі азаматтың өміріне әсер етуі керек. Олар мемлекет пен қоғам арасындағы символдық байланысты нығайтып, азаматтың өз елімен тығыз байланысты екенін сезінуін күшейте түсуге тиіс. Міне, осы кезде ғана қоғамдық маңызы бар, мерекелік және мерейтойлық күндер күнтізбедегі белгі емес, ұлттық өмірдің мәнді институтына айналады.
Қоғамдық маңызы бар, мерекелік және мерейтойлық күндер – мемлекеттің рухани күнтізбесі. Олар уақыттың жай ғана реттік белгілері емес, халықтың тарихи тәжірибесін, мемлекеттің құндылықтарды анықтау, қадірлеу, сақтау бағытын, қоғамның ортақ жады мен болашаққа деген сенімін жинақтайтын мағыналық кеңістік. Ондай күндердің әрқайсысы да белгілі бір оқиғаға, тұлғаға немесе құндылыққа арналғанымен, олардың бәрін біріктіретін ортақ мақсат бар, ол — қоғамның тарихи санамен, азаматтық жауапкершілікпен, ұлттық қадір-қасиетпен және ортақ болашаққа деген сеніммен тығыз байланысты екенін ұғындыру.
Қазақстанның мерекелік жүйесі ел тарихының күрделі де көпқабатты болмысын айқын көрсетеді. Онда көне дүниетанымнан бастау алған Наурыз, тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу жолын айқындайтын Республика күні мен Тәуелсіздік күні, құқықтық мемлекеттің негізін еске салатын Конституция күні, көпэтносты қоғамның бірлік мәдениетін нығайтатын Қазақстан халқының бірлігі күні, ерлік пен бейбітшіліктің бағасын ұғындыратын Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күні тәрізді мейрамдар мен тарихи тұлғаларды, мәдени мұраларды, қоғамдық еңбек пен кәсіби жауапкершілікті қадірлейтін мерейтойлық және атаулы күндер бар. Бұл жүйе Қазақстанның тек саяси мемлекет қана емес, өзіндік тарихи жады бар, мәдени тамыры терең, азаматтық құндылықтары қалыптасып келе жатқан қоғам екенін көрсетеді.
Мерекелердің шынайы мәні олардың ресми мәртебесінде ғана емес, сонымен қатар қоғамдық санаға қалай сіңірілуінде жатыр. Заң мерекеге құқықтық негіз береді, мемлекет оны ұйымдастырады, бірақ оған рухани мазмұн беретін тек халықтың өзі ғана. Егер мереке-мейрам атаулының қай-қайсысы да әр азаматтың жеке өмірімен, отбасылық естелігімен, жергілікті тарихпен, мектептегі тәрбиемен, қоғамдық әрекеттермен тығыз байланысып жатпаса, онда ол бір күндік салтанат деңгейінде қалуы мүмкін. Ал егер мерекелердің бәрі нақты біліммен, деректі тарихпен, мәдени тәжірибемен, адамгершілік мазмұнмен толықтырылса, онда ол ұлттың өзін-өзі тану құралына айналады.
Бүгінгі Қазақстан үшін мерекелік саясаттың басты міндеті – сыртқы рәсім мен ішкі мазмұнның арасын алшақтатып алмау. Сахналық көріністер, концерттер мен қойылымдар, ресми құттықтаулар, мерекелік безендірулер қажет, әрине, бірақ олар негізгі мақсаттың орнын баспауға, оны алмастырмауға тиіс. Негізгі мақсат – әр азаматқа тарихи оқиғаның мәнін түсіндіру, жастарға ұлттық және азаматтық құндылықты сезіндіру, қоғамды ортақ жауапкершілікке шақыру. Мереке әсем көрініспен басталып, терең оймен аяқталғанда ғана өзінің тәрбиелік және қоғамдық міндетін толық орындайды.
Жастарға қатысты алғанда бұл мәселе тіпті маңызды. Өйткені жаңа буын мерекені көбіне цифрлық орта, қысқа ақпарат, визуалды бейне, әлеуметтік желідегі белгі арқылы қабылдайды. Мерекенің осы ортадағы мазмұны таяз болса, тарихи сана да үстірт қалыптасады. Сондықтан мерекелерді жаңа тілмен түсіндіру, бұл орайда тарихи дәлдік пен мәдени тереңдіктен айырылмау – қазіргі кезеңнің басты талабы. Жастар мерекеге көрермен ретінде ғана емес, қатысушы ретінде араласқандағана бұл күннің мәнін терең сезінетін болады. Волонтерлік акциялар, архивтік жобалар, отбасылық тарихты жинау, жергілікті тұлғаларды зерттеу, ұлттық дәстүрге қатысу, қоғамдық пікірталас – мұның бәрі мерекені жанды тәжірибеге айналдырып жібереді.
Мерейтойлық күндер де осы тұрғыдан бағалануы керек. Олар белгілі тұлғаны мадақтаудың құралы ғана емес, сол тұлға қалдырған мұраны бүгінгі қоғамда қайта жаңғыртудың мүмкіндігі. Абайды еске алу – ой мәдениетін жаңарту, Ахмет Байтұрсынұлына тағзым ету – тіл мен білімнің қадірін ұғыну, Әл-Фарабиді тану – ғылым мен парасат биігін бағалау, Қаныш Сәтбаев мұрасын зерттеу – елдің интеллектуалдық әлеуетіне сену. Мерейтойлар осындай мазмұнға ие болғанда ғана халықтың тарихи жады – құрметке, ал құрмет – әрекетке айналатын болады.
Қоғамдық маңызы бар күндердің тағы бір маңызды қызметі – ел ішіндегі келісімді нығайту. Қазақстан сияқты көпэтносты, көпмәдениетті мемлекет үшін ортақ мерекелер азаматтардың бір кеңістікте, бір тағдырда, бір болашақта өмір сүріп жатқанын сезіндіреді. Ел бірлігі сыртқы ұқсастыққа емес, өзара құрметке, әділдікке, ортақ жауапкершілікті сезіне білуге негізделсе ғана беки түседі. Сондықтан мерекелік саясат бір күндік көтеріңкі көңіл-күй тудырумен шектеліп қалмай, қоғамдағы өзара сенім мәдениетін қалыптастыруға қызмет етуге тиіс.
Түптеп келгенде, мерекелер – мемлекет пен ел азаматтарының арасында жүргізілетін нәзік те ықпалды сұхбат. Бұл сұхбатта мемлекет өз тарихын айтады, қоғам өз жадын жаңғыртады, азамат өз орнын іздейді, жас ұрпақ болашаққа бағдар алады. Осы сұхбат мазмұнды, шынайы, дерекке адал және мәдениетке бай болған сайын мерекелердің қоғамдық әсері де күшейе береді. Қазақстанның мерекелік және мерейтойлық күндері елдіктің, бірліктің, жаңарудың, тарихи әділеттіліктің және азаматтық жауапкершіліктің мектебі бола алады. Ең бастысы – оларды жай демалыс күні емес, ортақ сананы тәрбиелейтін, ұлттық бірегейлікті бекітетін, мемлекеттің рухани тұтастығын нығайтатын құндылық ретінде қабылдау.

Нұрлан ҚАМИ




ПІКІР ЖАЗУ