«КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІНІҢ» КЕЛЕШЕГІ ЗОР
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдаулары мен Үндеулерінде білім, ғылым саласын дамытудың өзекті екенін үздіксіз айтып келеді. Ел Президентінің бастамасымен «Келешек мектептері» жобасының жүзеге асырылып келе жатқанына да біршама жылдың жүзі болды. Бұл білім ошақтарының оқыту жүйесі, ерекшелігі мен бағыт-бағдары жөнінде Алматы қаласы Алатау ауданы №213 жалпы білім беретін мектеп директоры Өмірбек Айтуғанұлынан сұрап көрдік.

«Жайлы мектеп» инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді көздеді
– Өмірбек мырза, «Келешек мектептері» деп қандай мектептерді атайды? Ол бұған дейінгі «Жайлы мектептердің» жалғасы ма, әлде одан айырмашылығы бар ма?
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бірінші кезекте апатты мектептерді жою, үш ауысымда оқытатын мектептердегі орын тапшылығын азайту және заманауи ғимараттар салу сынды инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді көздеді, яғни, ол – мықты негіз, қабырға. Ал «Келешек мектептері» – әдемі ғимарат қана емес, сол ғимараттың ішіндегі мазмұн мен экожүйе зор маңызға ие. Мұны «Жайлы мектептің» заңды жалғасы, бірақ сапалық тұрғыдан жаңа деңгейі деп айтуға болады.
Негізгі өзгешелігі: «Жайлы мектеп» оқушыға білім алуға қолайлы жағдай жасаса, «Келешек мектебі» сол жағдайды цифрландырумен, икемді дағдылармен (soft skills) және жасанды интеллектпен ұштастыра отырып, әр баланың жеке білім алу траекториясын құрады. Бұл – жайлы ортаны ғана емес, адамды (баланы, мұғалімді) бірінші орынға қоятын концепция.
– «Келешек мектептерінің» басқарушылық және инфрақұрылымдық сапасы қандай? Әріге бармай-ақ, өзіңіз басқарып отырған мектептің жағдайын баяндап берсеңіз де болады. Мектебіңіз қай жерде орналасқан? Мектепте қанша бала оқиды? Аралас мектеп пе, жоқ бір тілде оқытатын мектеп пе?
– Мен басқарып отырған мектеп қала маңындағы қарқынды дамып келе жатқан ауданда, нақтылап айтсам, Алатау ауданы «Теректі» ықшам ауданында орналасқан. Қазіргі таңда мектепте 1700-ге жуық бала білім алады. Мектебіміз мемлекеттік тілде білім береді, яғни қазақ тілінде оқытамыз. Дегенмен заман талабына сай әрбір шәкіртіміздің ағылшын тілін жетік меңгеруіне барлық жағдайды жасап жатырмыз. Мысалы, тіл үйрену курстары, қазақ және ағылшын тіліндегі драма үйірмесінің жыл бойы жүргізген жүйелі жұмыстары өз нәтижесін көрсетуде. Бұл бізге мәдениетаралық байланысты нығайтуға үлкен мүмкіндік береді.
Басқарушылық сапаға келетін болсақ, біз ескі бюрократиялық жүйеден толықтай бас тарттық. Басқару стиліміз — Agile (икемді) менеджментке негізделген. Мұғалімдер мен оқушылар шешім қабылдау процесіне тікелей қатысады.
Сонымен қатар біз «Өмір бойы білім алу» концепциясын ұстанамыз. Осы бағытта мектебімізде мұғалімдердің білімдерін жетілдіру бойынша түрлі жұмыстар жүргізіледі. Атап айтар болсам, Жасанды интеллект құралдарын оқу процесіне енгізу бойынша оқыту семинарлары, ағылшын тілін үйрену сабақтары жоспарға сай жүргізілді, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін педагогикалық бағыттағы кітаптарды оқуға ұсынамыз, талқылаймыз, кері байланыс аламыз. Тоқсанына 1 рет ұжыммен бірге көркем фильм көру арқылы кинопедагогика тәсілін жүзеге асырамыз. Бұның барлығы да ұжымдық мәдениетті қалыптастыруда.
Инфрақұрылым жағынан да мектебіміз толықтай трансформацияланған:
Дәстүрлі тар дәліздердің орнына — коворкинг аймақтары мен демалыс орындары бар;
Ұтқыр (мобильді) жиһаздармен жабдықталған трансформер-сыныптар;
STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері және заманауи химия-биотехнология, физика, биология, информатика, технология кабинеттерінде теориялық білімді практикамен ұштастыруға толық жағдай жасалған.
«Қабілетсіз бала болмайды, тек оның талантын аша алмаған орта болады»
– «Келешек мектеп» барлық балаға ортақ па, әлде ол мектепте қабілеті жоғары, өзге мектептерде оқу озаты болып көзге түскен балалар ғана оқи ма?
– «Келешек мектебі» — бұл белгілі бір элита немесе тек «озаттар» жиналған таңдаулы мектеп емес. Ол — барлық балаға ортақ, инклюзивті мектеп. «Қабілетсіз бала болмайды, тек оның талантын аша алмаған орта болады» деген философиялық қағидамыз бар. Мектепке балаларды бағасына немесе емтихан нәтижесіне қарап іріктемейміз. Біздің мақсатымыз — академиялық үлгерімі төмен баланың да бойындағы шығармашылық, спорттық немесе техникалық әлеуетін ашып, оны дамыту. Бұл — тең мүмкіндіктер мектебі.
– «Келешек мектептері» ауылдық жерлерде де бар ма? Ауылдық жерлердегі «Келешек мектептерінің» дәстүрлі білім беру мекемелерінен қандай ерекшелігі бар?
– Иә, қазіргі таңда бұл тренд ауылдық жерлерге белсенді түрде еніп жатыр (мысалы, тірек мектептерді дамыту жобалары арқылы). Ауылдағы «Келешек мектебінің» дәстүрлі мектептен үш негізгі айырмашылығы бар: Біріншісі – цифрлық теңдіктің сақталуы. Дәстүрлі ауыл мектебінде интернеттің нашарлығы, ескі компьютерлер сияқты мәселелер болса, ауылдағы «Келешек мектебінде» жоғары жылдамдықты интернет бірінші қадағаланады, осыған орай үздік қалалық мектептермен онлайн-стриминг, яғни гибридті оқуды жүзеге асыруға болады.
Екінші өзгешелік – материалдық-техникалық база немесе ресурстарға қолжетімділікте. «Келешек мектептерінде» осы күнге дейін орын алған қалалық және ауылдық мектептер арасындағы айырмашылық жоқ. Барлық «Келешек мектептері» бірдей жаңартылған зертханалармен, цифрлық подиумдармен, VR-көзілдіріктермен жабдықталған.
Үшінші – әлеуметтік рөлінің өзгеруі. Ауылдағы «Келешек мектебіне» бұрынғыдай білім беретін мекеме ретінде қарап қана қоймай, оны ауылдың мәдени, интеллектуалды орталығына айналдыру басты мақсат.
Бізде жастық жалын мен ысылған тәжірибе ұштасқан
– Қаладағы болсын, ауылдағы болсын, «Келешек мектептеріне» мұғалімдер қалай іріктеледі? Өз мектебіңіздегі мұғалімдер туралы не айтасыз? Олардың ішінде оқу-ағарту саласы бойынша ғылыми дәрежеге қол жеткізген немесе шығармашылық ізденісте жүрген мұғалімдер бар ма?
– Мұғалімдерді іріктеу – көпсатылы процесс. Біз тек дипломға емес, ең алдымен маманның цифрлық сауаттылығына, эмоционалды-интеллектуалды деңгейіне (EQ) және өзгерістерге бейімділігіне қараймыз. Үміткерлер портфолио қорғап, сұхбаттасудан өтеді.
Өз мектебімнің ұжымы туралы мақтанышпен айта аламын. Бізде жастық жалын мен ысылған тәжірибе ұштасқан. Ұжымның 27%-дан астамы —педагогика ғылымдарының магистрлері. Осы магистрлерден болашақта PhD докторларын шығаруды жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар мұғалімдеріміздің арасында авторлық бағдарламалар әзірлеп, оны республикалық деңгейде енгізіп жатқан шығармашылық топтар бар. Мысалы, ағымдағы оқу жылында химия, физика, биология және технология пәнінің мұғалімдері бірлесіп 1 Жасыл шөп (микрогрин) өсіру арқылы салауатты өмір салтын ұстану» тақырыбында STEM зерттеу жобасын жүргізді. Нәтижесінде Алматы қаласы педагогтері арасында өтетін дәстүрлі «Педагогикалық оқулар» конкурсында жүлделі ІІ орынға ие болды.
ЖИ құралдарын жетік меңгерген ағылшын тілі пәні мұғалімдері сабақта меңгеруге қиындық тудыратын грамматикалық ережелерді түсіндіру үшін TikTok форматындағы қысқа анимациялық видеолар әзірлеп, қалалық байқауда жүлделі ІІ орын алды.
Цифрландыру дәуірінде заманауи кабинетті жүйелеу бойынша музыка пәні мұғалімі «Үздік музыка кабинеті» конкурсында Бас жүлдені иеленді Міне, ізденіс деп осыны айтамыз.
– «Келешек мектептерде» оқушылардың қауіпсіздігі қаншалықты ескерілген? Буллингті, абъюзерді, моббингті болдырмаудың немесе алдын алудың қандай тәжірибесі бар? Қиын балалармен, ашушаң ата-аналармен жұмыс жасап, тіл табысқан кездеріңіз болды ма?
– Қауіпсіздік — біздің ең басты басымдығымыз. Ол екі деңгейден тұрады: физикалық (Face ID жүйесі, «ақылды» бейнебақылау) және психологиялық.
Буллинг пен моббингтің алдын алу үшін бізде арнайы «Сенім және медиация қызметі» жұмыс істейді. Біз мәселенің салдарымен емес, себебімен күресеміз. Мектепте антибуллингтік кодекс қабылданған және әр оқушы, ата-ана, мұғалім оны біледі. Нақты мысал келтіретін болсам, өткен жылы бізге өзге мектептен агрессивті мінез-құлқымен танылған, үнемі төбелес шығаратын 8 сынып оқушысы ауысып келді. Оны бірден «тәртіп бұзушы» деп белгілемей, психологтармен бірге оқушының қызығушылығын зерттедік. Баланың ішкі агрессиясы — өзін көрсете алмаудан туғанын түсіндік. Біз оны мектептің «Күрес» үйірмесіне жетекшінің көмекшісі етіп тағайындадық. Оған үлкен жауапкершілік берілді. Нәтижесінде, бала өз энергиясын дұрыс арнаға бағыттады. Агрессия сап тыйылды.
Ал ашушаң ата-анамен жұмыс бойынша мынадай мысалды алға тартқым келеді: Бірде мектепке баласының бағасына және мұғалімнің талабына мүлдем көңілі толмайтынын айқай-шу арқылы жеткізіп бір ата-ана келді. Эмоцияға қатты беріліп тұрған ата-анамен біз «айыптау» тілінде емес, «ынтымақтастық» тілінде сөйлестік. Мұқият тыңдап, басты мақсатымыз ортақ екенін, яғни баланың болашағы екенін жеткіздік. Ата-ананы мектептегі «Ашық есік» күніне шақырдық. Ол мектептің ішкі тынысын, сабақ процесін өз көзімен көріп, жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсінгеннен кейін, біздің ең жақын көмекшімізге айналды.
Бұл тұрғыда «Ашушаң ата-ана — ақпараттанбаған немесе баласы үшін қатты уайымдаған ата-ана» деген ұстаныммен әрекет жасаймыз. Олармен ашық диалог қана мәселенің оң шешімін табуға көмектеседі.
– «Келешек мектептерінің» келешегі туралы қысқаша не айтасыз?
– «Келешек мектептерінің» келешегі зор, өйткені бұл — уақыт талабы. Заман өзгерді, балалар өзгерді, демек мектеп те өзгеруі тиіс. Біз тек қабырғасы заманауи мектептерді емес, ішкі рухы, еркіндігі мен білім деңгейі жоғары жаңа буынды қалыптастырып жатырмыз. Болашақта бұл жүйе барлық мектептерге стандарт болып енетініне сенімдімін.
– Әңгімеңізге рақмет! Жоспарларыңыз сәтімен жүзеге аса берсін!
Сұхбаттасқан Марат СӘБДІКЕН





