БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ БАЯНДЫ
Патриотизм, қоғамдық бірлік, ел ішіндегі тұрақтылық және мемлекеттік рәміздерге құрмет – Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде орнықты дамуының өзара сабақтас рухани-құқықтық негіздері. Бұл ұғымдар бір-бірінен бөлек қаралатын дербес тақырыптар емес; олар мемлекеттілік деген ұғымды, азаматтық жауапкершілікті, ұлттық сананы және қоғамның болашаққа деген сенімін біріктіретін тұтас құндылықтар жүйесін құрайды. Қазіргі Қазақстан үшін бұл мәселенің өзектілігі елдің тарихи тәжірибесімен де, бүгінгі қоғамдық-саяси жағдаймен де тікелей байланысты.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мемлекеттіліктің институционалдық негіздерін қалыптастырды, сонымен қатар көпэтносты, көпмәдениетті қоғамда ортақ азаматтық бірегейлік құру міндетін алға қойды. Мұндай қоғамда патриотизм белгілі бір этностың тарихи жадымен ғана шектелмейді. Ол Қазақстанды ортақ Отан деп танитын, елдің заңын құрметтейтін, қоғам алдындағы борышын сезінетін, мемлекет тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстаным ретінде көрініс береді. Сондықтан қазақстандық патриотизмнің басты ерекшелігі – оның жекелеген этностарға емес, елдімізді мекендейтін барша азаматтарға сүйенуінде.
Патриотизмнің шынайы өлшемі ұранмен емес, азаматтардың күнделікті әрекеті арқылы айқындалады. Заңды сақтау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, мемлекеттік тілді құрметтеу, өзге этностардың мәдениеті мен дәстүріне сыйластық таныту, тарихи мұраға жауапкершілікпен қарау, кәсіби еңбегі арқылы ел дамуына үлес қосу – мұның бәрі отансүйгіштіктің нақты көріністері. Осы тұрғыдан алғанда, патриотизм – сезім ғана емес, сонымен қатар, қоғамдық мінез-құлықтың жиынтығы. Ол адамның ішкі сенімінен бастау алып, әлеуметтік жауапкершілікке ұласады.
Бірлік пен тұрақтылық – Қазақстан үшін абстрактілі саяси ұғым емес, мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының, экономикалық өрлеудің, білім мен ғылымның, мәдени жаңғырудың және қоғамдық қауіпсіздіктің басты алғышарттары. Тұрақсыз қоғамда стратегиялық жоспар құру қиын; сенім әлсіреген жерде әлеуметтік ынтымақ та, құқықтық тәртіп те әлсірей береді. Ал бірлік бар жерде қоғам күрделі сын-қатерлерге төтеп бере алады, түрлі әлеуметтік топтар мен этностар арасындағы диалог сақталады, мемлекет пен азаматтардың арасындағы жауапкершілік байланыс нығая түседі.
Мемлекеттік рәміздер осы құндылықтардың көрнекі әрі құқықтық тұрғыдан бекітілген бейнесі болып саналады. Ту, Елтаңба және Әнұран – мемлекеттің егемендігін, тарихи сабақтастығын, халықтың ортақ тағдырын білдіретін ерекше белгілер. Олар тек салтанатты жиындарда қолданылатын ресми атрибуттар ғана емес; рәміздер арқылы әркім де елдің тарихын, тәуелсіздіктің қадірін, мемлекеттік тұтастық идеясын сезінеді. Сондықтан оларды қадірлеу – жай ғана рәсімдік талап емес, азаматтық мәдениеттің маңызды өлшемі.
Патриотизмнің тарихи және қазіргі мазмұны, бірлік пен тұрақтылықтың стратегиялық маңызы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің мәні, оларды қадір тұту көрсету мәдениеті және патриоттық тәрбиенің қазіргі бағыттары жайында айта келіп, біз мұнда аталған ұғымдарды жеке-жеке сипаттап қана қоймай, олардың Қазақстан қоғамының тұрақты дамуына қалай әсер ететінін, азаматтық бірегейлікті қалай қалыптастыратынын және жас ұрпақтың дүниетанымында қандай орын алатынын көрсетпекпіз. Сол арқылы ресми құқықтық нормаларды, тарихи сабақтастықты және қазіргі қоғамдық сұранысты бір арнада қарастырып, патриотизмнің күнделікті өмірдегі нақты мазмұнын ашуға тырысамыз және оның тәрбиелік ықпалын айқындап, белгілі бір деңгейде баға бермекпіз.
Патриотизм ұғымы және оның тарихи негіздері
Патриотизм ұғымының негізінде туған жерге, елге, мемлекетке, халыққа деген сүйіспеншілік жатыр. Алайда оны тек сезім ретінде түсіну жеткіліксіз болар еді. Патриотизм – халықтың тарихи жады, азаматтық жауапкершілік, құқықтық сана, мәдени тамыр және болашаққа ортақ сенім тоғысқан күрделі қоғамдық құбылыс. Ол адамның «мен» деген жеке болмысын «біз» деген қоғамдық кеңістікпен байланыстырып тұр. Сондықтан патриотизм ел тағдырын жеке адамның тағдырынан бөлек қарастыра алмайтын азаматтық кемелдікті білдіреді.
Қазақ халқының тарихи тәжірибесінде отансүйгіштік ұғымы жер, ел, намыс, бірлік, ерлік секілді құндылықтармен тығыз байланыста дамыды. Көшпелі өркениет жағдайында жер тек экономикалық ресурс ретінде ғана қарастырылған жоқ, сонымен қатар, ұрпақ жалғастығының, елдік тұтастықтың, рухани кеңістіктің негізі болды. «Атамекен» ұғымының терең мәні осында: ол белгілі бір географиялық аумақты ғана емес, ата-бабаларымыздың ізі қалған, тарихи жадымыз сақталып қалған, елдің болмысы қалыптасқан қасиетті кеңістікті білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ дүниетанымындағы патриотизм жерге иелік ету сезімінен емес, жердің алдындағы жауапкершіліктен басталады.
Тарихи кезеңдерде елдік сананың қалыптасуына сыртқы қауіп-қатерлер, ішкі бірлікке деген қажеттілік және мемлекеттілікті сақтап қалудың маңыздылығы тәрізді жәйттер ықпал етті. Қазақ хандығы дәуірінен бастап ел қорғау, руаралық татулықты сақтау, ортақ мүдде жолында бірігу идеялары қоғамдық сананың маңызды өзегіне айналды. Бұл жерде патриотизм әскери ерлікпен ғана шектелмегенін атап өту қажет. Ол билердің мәмілегерлік дәстүрінен, жыраулардың елдікті жырлаған толғауларынан, халықтың ауыз әдебиетіндегі ерлік пен әділдікті мұрат тұтудан, үлкенге құрмет пен кішіге қамқорлық секілді әлеуметтік нормалардан көрініс тапты.
Қазіргі мемлекет жағдайында патриотизм құқықтық санамен тығыз байланысты. Әр азамат Отанын сүйетінін шынайы сезімімен ғана емес, Конституция мен заңдарды құрметтеуімен, қоғамдық тәртіпті сақтауымен, басқа адамдардың құқығы мен қадір-қасиетін сыйлауымен де дәлелдейді. Бұл – патриотизмнің өркениетті өлшемі. Егер отансүйгіштік сезім құқықтық мәдениетпен ұштасып жатпаса, онда жалаң эмоцияға немесе ауқымы тар түсінікке айналып кетуі мүмкін. Ал құқықтық санаға негізделген патриотизм азаматтарды мемлекетке сөзсіз бағынуға емес, ел мен халықтың алдындағы саналы жауапкершілікке тәрбиелейді.
Қазақстандық патриотизм ұғымында азаматтық теңдік қағидаты айырықша орын алады. Қазақстан – көпэтносты қоғам. Сондықтан патриоттық сана барлық азаматтарды шығу тегіне, тіліне, дініне, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан ортақ елдік мүдде төңірегіне біріктіруі қажет. Бұл жерде патриотизмнің біріктіруші сипаты айқын көрінеді. Ол қоғамды «өзім» және «өзге» деп бөлмей, Қазақстанды ортақ тарихи тағдыр, ортақ құқықтық кеңістік және ортақ болашақ ретінде қабылдауға негіз болады.
Қазіргі патриотизм – мемлекеттің дамуына нақты үлес қосатын азаматтық әрекет. Бұрын ел қорғау көбіне жерді сыртқы жаудан қорғау арқылы көрінсе, бүгінгі патриотизм білімді болу, адал еңбек ету, кәсіби жауапкершілік таныту, сыбайлас жемқорлыққа төзбеу, қоғамдық диалог мәдениетін сақтау, табиғатты қорғау, тарихи-мәдени мұраны қадірлеу сияқты кең ауқымда көрініс берееді. Тәуелсіздік мемлекеттік шекарамен, рәміздермен және заңдармен бекітіледі; ал оның өміршеңдігі азаматтардың санасының биіктігі, жасампаз еңбегі және жауапкершілігі ретінде көрініс береді.
Бірлік пен тұрақтылық – Қазақстан дамуының негізгі құндылықтары
Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуын түсіндіретін негізгі ұғымдардың бірі – бірлік. Бірақ бұл елімізде тұратын адамдардың бәрі бірдей ойлайды немесе қоғамдағы барлық пікір толық ұқсас болады дегенді білдірмейді. Нағыз бірлік – әртүрлі көзқарастар, этностар, әлеуметтік топтар мен мәдени тәжірибелердің баршаға ортақ құқықтық кеңістікте, біртұтас елдік мүдде аясында келісім табуы. Демек, бірлік – айырмашылықтарды жою емес, оларды азаматтық жауапкершілік арқылы үйлестіре білу.
Қазақстан жағдайында бұл мәселе ерекше мәнге ие. Ел аумағында түрлі этностар мен конфессия өкілдері өмір сүріп жатыр, тарихи тағдырдың күрделілігі қоғамның әлеуметтік құрылымына, тілдік және мәдени кеңістігіне де ықпал етті. Сондықтан тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның алдында экономикалық реформа жүргізумен және мемлекеттік институттарды құрумен қатар басқа да міндеттер тұрды, солардың арасындағы ең маңызды міндеттер – қоғам ішіндегі өзара сенімді сақтау, азаматтарды баршамызға ортақ мемлекет идеясы төңірегіне топтастыру, этносаралық қатынастарды құқықтық әрі мәдени негізде дамыту болды.
Конституциялық тұрғыдан алғанда, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарына жатады. Бұл қағидаттардың Негізгі Заң деңгейінде бекітілуі кездейсоқ емес. Себебі тұрақтылықсыз құқықтық мемлекет қалыптастыру қиын, ал қоғамдық келісімсіз демократиялық институттардың орнықты дамуы мүмкін емес. Қоғам мүшелері арасында өзара сенім болмаса заңға құрмет әлсірейді, әлеуметтік әділеттілікке күмән көбейеді, мемлекет пен азамат арасындағы байланыс формалды сипат алып кетеді.
Бірліктің стратегиялық ресурс ретіндегі маңызы әсіресе дағдарыс кезеңдерінде айқын көрінеді. Экономикалық қиындықтар, ақпараттық қысым, жаһандық қауіпсіздік мәселелері, әлеуметтік теңсіздік немесе табиғи апаттар қоғамның ішкі тұтастығын тексерген сынақ болды. Мұндай жағдайда тек қана әкімшілік шешімдер жеткіліксіз, сонымен қатар, азаматтардың өзара жауапкершілігі, ортақ мүддені түсіну, қоғамдық тәртіпті саналы түрде қадағалау қажет. Осындай сәттерде ел бірлігі қоғамның қорғанысқа қаншалықты қабілеттілігін айқындайды: үрей мен бөлінушілікке жол бермей, бірлескен әрекеттерді қолға алуға жағдай туғызады.
Тұрақтылықты тек қана тыныштық немесе ешқандай жанжал шықпауы ретінде түсіну дұрыс емес. Тұрақтылық – қоғамның даму бағытын жоғалтпай, қайшылықтарды құқықтық және институционалдық жолмен шешуге қабілеттілігінің көрсеткіші. Дамушы мемлекет үшін тұрақтылық экономикалық жоспарлауға, инвестициялық сенімге, білім беру жүйесінің жүйелі дамуына, мәдени саясаттың сабақтастығына тікелей әсер етеді. Ұзақ мерзімді білім реформалары немесе ғылыми жобалар бір күндік шешіммен жүзеге аса қалмайды, олар мемлекеттік және қоғамдық институттардың тұрақтылығын, айқын да ашық саясатты, қоғамның болашаққа сеніміне кіршік түспеуін талап етеді.
Қазақстандық бірліктің маңызды қыры – оның азаматтық сипаты. Қоғамды біріктіретін басты белгі – этностық ұқсастық емес, баршаға ортақ құндылықтар. Бұл ұстаным әр азаматтың елдің дамуына қатысу құқығы мен жауапкершілігін айқындайды. Азаматтық бірлік заң алдындағы теңдікке, адамның қадір-қасиетін құрметтеуге, ортақ мемлекеттік мүддеге негізделгенде ғана инклюзивті әрі орнықты болады. Еліміздің жаңа Конституциясы қабылданғанға дейін сәтті қызмет етіп келген Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты институттардың мәні этностарды даралау емес, олардың жалпықазақстандық ортақ азаматтық кеңістікке өзіндік үлес қосуына жағдай жасау болатын.
Бүгінгі ақпараттық дәуірде қоғамдық бірлікке әсер ететін факторлар күрделене түсті. Әлеуметтік желілер қоғамдық пікір қалыптастыруды жеделдетті, бірақ кейде жалған ақпарат, арандатушы мазмұндағы жазбалар, тарихи тақырыптарды үстірт түсіндіру немесе этносаралық түйткілді мәселелерді жауапсыздықпен қозғау тәрізді келеңсіздіктер де кездесіп қалады, ал ондай әрекет қоғам ішіндегі өзара сенімге нұқсан келтіруі кәдік. Сондықтан тұрақтылықты сақтау мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, сонымен қатар, ол журналистердің, блогерлердің, оқытушылардың, сарапшылардың және әрбір азаматтың ақпараттық жауапкершілігіне де байланысты.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері
Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз мемлекеттің саяси-құқықтық мәртебесін, халықтың тарихи жадын, елдің рухани бағдарын және халықаралық кеңістіктегі дербес болмысын танытатын айырықша белгілер. Олар мемлекеттің сыртқы атрибуттары ғана емес, халықтың өзін-өзі тану мәдениетінің, азаматтық бірегейлігінің және елдік санасының көрінісі. Ту, Елтаңба және Әнұран арқылы мемлекет өзінің егемендігін жариялайды, ал азамат сол рәміздер арқылы Отанмен рухани байланысын сезінеді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері тәуелсіздік дәуірінің ең маңызды саяси-рухани жетістіктерінің қатарына жатады. 1991 жылы тәуелсіздік жариялаған жас мемлекеттің алдында экономикалық және институционалдық жүйе құрудан басқа да толып жатқан міндеттер тұрды. Дербес мемлекет ретінде құрыдып жатқан Қазақстанға өзінің егемен болмысын айқын көрсететін, халықты ортақ идеяға ұйыстыратын, халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылатын символдық жүйе қажет болды. 1992 жылы Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның қабылдануы осы тарихи қажеттіліктің заңды нәтижесі болатын.
Мемлекеттік Ту – еліміздің егемендігі мен тұтастығының ең көрнекі рәміздерінің бірі. Қазақстан Республикасының Туы көгілдір түсті тік бұрышты мата түрінде бейнеленеді; оның ортасында шұғылалы күн, күннің астында қалықтаған қыран, ал сабының тұсында ұлттық өрнек орналасқан. Тудың авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Көгілдір түс – ашық аспанды, бейбіт өмірді, адалдықты және кеңдікті білдіреді. Күн бейнесі – өмірді, қуатты, молшылықты және жасампаздықты меңзейді. Қыран – еркіндік, биік мақсат, тәуелсіз рух ұғымдарымен сабақтасады, ал ұлттық өрнек – мемлекеттің терең мәдени тамырға сүйенетінін көрсетеді.
Мемлекеттік Елтаңба – мемлекеттің тарихи-мәдени коды терең жинақталған рәміз. Қазақстан Республикасының Елтаңбасы дөңгелек нысанды, көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленеді; шаңырақтан күн сәулесіндей тараған уықтар, екі жақта қанатты пырақтар, жоғарғы бөлікте бес бұрышты жұлдыз және төменгі бөлікте «Qazaqstan» жазуы орналасқан. Оның авторлары – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Елтаңбаның композициялық құрылымы қазақтың дәстүрлі дүниетанымын, көшпелі өркениет эстетикасын және қазіргі мемлекеттің біріктіруші идеясын бір арнаға тоғыстырып тұр.
Елтаңбаның орталық бейнесі – шаңырақ. Қазақ мәдениетінде шаңырақ жай ғана киіз үйдің құрылымдық бөлігі емес, отбасының, әулеттің, ұрпақ жалғастығының, ортақ үйдің символы. Мемлекеттік Елтаңбада шаңырақтың орталық орын алуы Қазақстанды еліміздің барлық азаматтарының ортақ үй ретінде қабылдауы идеясын білдіреді. Бұл – көпэтносты қоғам үшін ерекше маңызды. Уықтардың бір шаңыраққа тірелуі қоғамдық келісімнің, азаматтық тұтастықтың және мемлекеттің ішкі үйлесімінің көркем бейнесі.
Мемлекеттік Әнұран – рәміздердің ішіндегі эмоциялық әсері ең күшті нышан. Егер Ту – көзбен көретін, Елтаңба – тарихи-мәдени кодты бейнелейтін белгі болса, Әнұран – халықтың рухани үнін, ортақ сезімін, елдік сертін музыка мен сөз арқылы жеткізеді. Қазіргі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде кеңінен танылған шығарманың негізінде бекітілді. Оның музыкасын Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев жазған. Әнұранның ресми мәртебеге ие болуы халықтың жадында бұрыннан орныққан патриоттық әннің мемлекеттік деңгейдегі символға айналғанын көрсетті.
Мемлекеттік рәміздердің ұлттық бірегейлік қалыптастырудағы рөлі ерекше. Бірегейлік дегеніміз – азаматтың өзін белгілі бір елдің, қоғамның, тарихи тағдырдың мүшесі ретінде сезінуі. Бұл сезім тек құжаттағы азаматтықпен шектелмейді; ол тіл, мәдениет, тарих, құқық, ортақ естелік және ортақ символдар арқылы қалыптасады. Ту, Елтаңба және Әнұран осы элементтерді жинақтап, азаматтардың санасында Қазақстан бейнесін нақты әрі әсерлі түрде орнықтырады.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету мәдениеті
Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету мәдениеті – азаматтар мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасын, адамдардың құқықтық санасын және қоғамдық жауапкершілігін айқындайтын маңызды өлшем. Рәміздерді құрметтеу тек салтанатты рәсімдер кезінде ғана орындалатын сыртқы тәртіп емес; ол адамның елді, тәуелсіздікті, ортақ тарихты және азаматтық бірегейлікті қалай қабылдайтынын көрсететін ішкі мәдениет. Сондықтан Туға, Елтаңбаға және Әнұранға құрмет көрсету мәселесін рәсімдік ереже ретінде ғана тар мағынада қабылдамай, мемлекеттілікке деген саналы көзқарас ретінде қарастыру қажет.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері заңмен қорғалатын ерекше мәртебеге ие. Бұл олардың кездейсоқ қолданылатын көрнекі белгі емес, егемен мемлекеттің ресми нышандары екенін білдіреді. Рәміздерді пайдалану тәртібінің құқықтық тұрғыдан реттелуі азаматтар мен ұйымдарға нақты жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттік Туды, Елтаңбаны немесе Әнұранды қолданғанда олардың мәнін бұрмаламау, нысанын дұрыс сақтау, ресми сипаттамасына сәйкес пайдалану – құқықтық мәдениеттің деңгейі биіктігінің көрінісі.
Рәміздерге құрмет мәдениетінің негізінде үш деңгей бар. Біріншісі – құқықтық деңгей: азаматтар мемлекеттік рәміздердің мәртебесін, оларды қолдану тәртібін, ресми рәсімдердегі орнын толық түсінеді. Екіншісі – тәрбиелік деңгей: бұл орайда рәміздер жас ұрпақтың бойында елге құрмет, тарихи жад, азаматтық жауапкершілік қалыптастыру құралына айналады. Үшіншісі – рухани-мәдени деңгей: рәміздер адамның ішкі дүниесінде Отан, тәуелсіздік, халық, болашақ ұғымдарымен байланысып жатады. Егер осы үш деңгей өзара үйлеспесе рәміздерге құрмет жай ғана сыртқы рәсімге айналып кетуі кәдік.
Білім беру ұйымдарында мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету ерекше маңызға ие. Мектеп пен жоғары оқу орны – жас ұрпақтың азаматтық дүниетанымын қалыптастыратын негізгі әлеуметтік институттар. Оқушы немесе студент мемлекеттік рәміздерді тек қабырғадағы көрнекі сурет ретінде емес, ел тарихының, тәуелсіздік идеясының және ортақ жауапкершіліктің белгісі ретінде түсінуі керек. Егер білім беру кеңістігінде Ту мен Елтаңба жай ғана міндетті атрибут болып қалса, олардың тәрбиелік әлеуеті толық ашылмайды. Ал егер оқытушы рәміздердің тарихи, құқықтық және мәдени мағынасын жүйелі түсіндіріп отырса, онда олар жас азаматтың санасында елдік құндылық ретінде орнығады.
Мемлекеттік Әнұранды орындау мәдениеті де осы тұрғыдан маңызды. Әнұран шырқалған кезде азаматтың тік тұруы, басқа нәрсеге алаңдамауы, мәтінді білуі, салтанатты сәтке лайықты мінез көрсетуі – қарапайым тәртіп нормасы ғана емес. Бұл әрекет арқылы адам өзінің мемлекетпен символдық байланысын білдіреді. Әнұранды жатқа білу механикалық міндет емес, елге қатысты ортақ сезім мен ортақ жауапкершілікті қабылдаудың белгісі. Мағынасы түсініксіз сөздің тәрбиелік әсері болмайды, ал түсінікті сөз азаматтық сезімді тереңдете түседі.
Цифрлық дәуірде рәміздерге құрмет көрсету мәдениеті жаңа сипат алып отыр. Мемлекеттік рәміздер бейнесі әлеуметтік желілерде мерекелік құттықтауларда, бейнероликтерде, ақпараттық материалдарда, жастар контентінде жиі қолданылады. Бұл бір жағынан рәміздердің танымалдығын арттырады, азаматтық сезімді күшейтеді. Екінші жағынан, рәміздерді орынсыз, сапасыз немесе мағынасын бұрмалайтын контексте қолдану қаупі де бар. Сондықтан цифрлық кеңістіктегі патриоттық мәдениет құқықтық және эстетикалық жауапкершілікті талап етеді.
Патриоттық тәрбиенің қазіргі бағыттары
Патриоттық тәрбие – қоғамның болашағына бағытталған ұзақ мерзімді рухани-институционалдық жұмыс. Оның нәтижесіне бір күнде немесе бір науқан арқылы қол жеткізу мүмкін емес, ол отбасындағы мінез-құлық үлгісі, мектептегі құндылықтар бағдары, жоғары оқу орнындағы азаматтық ойлау, мемлекеттік саясаттағы жүйелілік, қоғамдық ұйымдардың белсенділігі және цифрлық кеңістіктегі жауапты мәдениет арқылы қалыптасады. Сондықтан қазіргі Қазақстан жағдайында патриоттық тәрбиені тек мерекелік іс-шаралар жиынтығы ретінде емес, азаматтық тұлға қалыптастыратын тұтас әлеуметтік жүйе ретінде түсіну қажет.
Патриоттық тәрбиенің алғашқы әрі ең табиғи ортасы – отбасы. Адамның Отан туралы алғашқы түсінігі үй-ішіндегі әңгімеден, ата-ананың туған жерге, тілге, тарихқа, еңбекке және қоғамға көзқарасы мен қатынасынан басталады. Егер отбасында үлкенге құрмет, адал еңбек, туған жерге жанашырлық, ана тіліңді сүю, өзгелерге сыйластықпен қарау сияқты құндылықтар күнделікті өмірде көрініс табатын болса, балалар патриотизмді сырттан берілген ұран ретінде емес, өмір сүру мәдениеті ретінде қабылдайтын болады. Отбасылық тәрбие әлсіреген жерде патриотизм формалды сипат алады, өйткені мектеп те, мемлекет те баланың ішкі құндылықтар әлемін толық алмастыра алмайды.
Мектеп – патриоттық тәрбиенің жүйелі мазмұн алатын негізгі кеңістігі. Білім беру ұйымдары оқушыға пәндік білім беріп қана қоймай, оның азаматтық мінез-құлқын, құқықтық санасын, тарихи жадын және қоғамдық жауапкершілігін қалыптастырады. Қазақстан тарихын оқу, әдеби мұраларды тану, мемлекеттік рәміздердің мәнін түсіну, құқықтық негіздерді меңгеру, қоғамдық пайдалы еңбекке қатысу – мұның бәрі оқушының елге қатынасын тереңдете түседі. Бірақ бұл жұмыс жаттанды мәліметпен шектелмеуі керек. Тарихи оқиғаның ел тағдырына, мемлекеттің қалыптасуына және бүгінгі қоғамға ықпалын түсінгенде ғана тарихи сана азаматтық жауапкершілікке айналады.
Жоғары оқу орындарындағы патриоттық тәрбие мектептегі тәрбиеден өзгеше деңгейде жүргізілуге тиіс. Университет студенті – болашақ маман ғана емес, қоғамдық пікірге әсер ететін, кәсіби шешімдері арқылы ел дамуына өз үлесін қоса алатын толыққанды азамат. Сондықтан жоғары білім жүйесінде патриотизм ғылыми ойлау, кәсіби этика, академиялық адалдық, қоғамдық талдау және мемлекет алдындағы жауапкершілік тәрізді дағдылармен байланыстырылуы қажет. Инженердің патриотизмі – сапалы инфрақұрылым жасау, дәрігердің патриотизмі – адам өмірін сақтау жолында адал қызмет ету, заңгердің патриотизмі – әділет пен заң үстемдігін қорғау, журналистің патриотизмі – қоғамға шынайы әрі жауапты ақпарат беру ретінде көрінеді.
Қоғамдық ұйымдар, жастар бірлестіктері, волонтерлік қозғалыстар және мәдени-ағартушылық жобалар патриоттық тәрбиенің маңызды субъектілері болып саналады. Олар жастарды нақты әрекет арқылы тәрбиелейді. Тарихи орындарды қорғау, экологиялық акцияларға қатысу, әлеуметтік көмек көрсету, ауылдық жерлердегі білім жобаларын қолдау, ардагерлермен кездесу, өлкетану экспедициялары – мұның бәрі патриотизмді тәжірибеге айналдырады. Мұндай жұмыстар жас адамға елді сүюдің нақты мағынасын көрсетеді: Отанға қызмет ету кейде өз аулаңды тазалау, мұқтаж адамға көмектесу, туған өлкеңнің тарихын зерттеу, кәсібіңді адал атқару арқылы көрініс береді.
Қазіргі кезеңде патриоттық тәрбиенің жаңа алаңы – цифрлық кеңістік. Әлеуметтік желілер, бейнеплатформалар, мессенджерлер және онлайн медиа жастардың дүниетанымына зор ықпал етеді. Бұл жағдай патриоттық тәрбиенің формасын жаңартуды талап етеді. Мемлекеттік рәміздер, тарих, тіл, мәдениет, құқықтық сана туралы сабақтар жастарға түсінікті, сапалы, дәлелді және заманауи форматта ұсынылуы керек. Бірақ форма жаңарғанымен мазмұн жеңілдеп кетпеуге тиіс. Жалған ақпарат, тарихи деректерді бұрмалау, радикалды көзқарастар, этносаралық немесе әлеуметтік араздық тудыратын мазмұн сияқты қауіптерге қарсы ең тиімді жауап – сыни ойлау, медиасауат және орнықты пікір айту мәдениеті.
Патриоттық тәрбиенің мазмұнында еңбек құндылығы да ерекше орын алуы керек. Елге қызмет ету әскери борышпен немесе мемлекеттік қызметпен ғана шектелмейді. Мұғалімнің сапалы сабақ беруі, дәрігердің адам емдеуді жауаптылықпен жүргізуі, кәсіпкердің салық төлеуден жалтармауы, фермердің жерді тиімділікпен игеруі, ғалымның білім саласында жаңа көкжиектерге қадам басуы, жұмысшының кәсіби міндетін сапалы орындауы – бұлардың бәрі патриотизмнің нақты әлеуметтік көріністері. Қазақстандық патриотизм еңбекпен байланыстырылмаса күнделікті өмірден қашықтап кетеді. Ал еңбекпен ұштасқан патриотизм қоғамның материалдық дамуына да, рухани өркендеуіне де қызмет етеді.
Патриоттық тәрбие инклюзивті болуы қажет. Ол қала мен ауыл жастарына, түрлі этнос өкілдеріне, әртүрлі әлеуметтік ортадан шыққан азаматтарға, ерекше білім алуға қажеттілігі бар жастарға және шетелде оқып жүрген қазақстандықтарға ортақ құндылықтар кеңістігін ұсынуға тиіс. Егер патриоттық тәрбие қоғамның бір бөлігін ғана қамтыса, оның біріктіруші әлеуеті әлсіреп кетер еді. Сондықтан қазіргі патриотизм әр азаматтың елімізді дамытуға атсалысу мүмкіндігін мойындап, жауапкершілік пен құқықтың тепе-теңдігіне сүйенуі керек.
Қазақстандық патриотизмнің болашағы
Қазақстандық патриотизмнің болашағы елдің әлеуметтік жаңғыруымен, азаматтық қоғамның дамуымен, тарихи жадтың сақталуымен және жас ұрпақтың қоғамдық белсенділігімен тікелей байланысты. XXI ғасырдағы патриотизм бұрынғы дәуірлердегідей тек шекараны қорғау немесе тарихи ерлікті дәріптеу ұғымымен шектелмейді. Ол білімге ұмтылу, кәсіби адалдық, заңға құрмет, қоғамдық диалог, әлеуметтік жауапкершілік, экологиялық сана және цифрлық мәдениет арқылы көрінетін кешенді азаматтық сапаға айналып келеді.
Болашақтағы қазақстандық патриотизмнің басты тірегі – азаматтық қоғамның жетілуі. Азаматтық қоғам күшейген сайын адам өзін мемлекеттен бөлек тұрған бақылаушы ретінде емес, баршаға ортақ елдік істерге қатысушы ретінде сезінеді. Патриотизмнің сапасы осы қатысу мәдениетіне тәуелді. Қоғамдық талқылауға жауапкершілікпен араласу, жергілікті мәселелерді шешуге үлес қосу, волонтерлік пен қайырымдылыққа қатысу, кәсіби қауымдастықтар арқылы қоғамдық стандарттарды көтеру – мұның бәрі жаңа дәуірдегі отансүйгіштіктің нақты өлшемдері.
Ұлттық бірегейлікті нығайту да патриотизмнің болашағы үшін шешуші мәнге ие. Бірегейлік тек өткенге сүйену арқылы ғана қалыптаспайды, ол бүгінгі тәжірибе мен болашаққа сенім арқылы да орнығады. Қазақ тілі мен мәдениетінің біріктіруші әлеуеті, Қазақстан халқының ортақ азаматтық кеңістігі, тарихи жадқа жауапты көзқарас және мемлекеттің құқықтық негіздері бірін-бірі толықтырғанда ғана бірегейлік берік болады. Бұл бағытта дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту оларды өзгеріссіз көшіру емес, қазіргі өмірдің талаптарымен үйлестіру дегенді білдіреді.
Бұл орайда жастардың рөлі ерекше. Жас буын патриотизмді дайын формула ретінде емес, өз өмірлік тәжірибесі арқылы қабылдайды. Егер жастар ел ішінде өзін қажет сезінсе, әділ мүмкіндікке сенсе, сапалы білім мен еңбек арқылы өсу жолын көрсе, олардың елмен байланысы табиғи түрде күшейе түседі. Сондықтан жастарға арналған патриоттық саясат олардың тілін, мүддесін, цифрлық дағдысын және әлеуметтік сұранысын ескеруге тиіс. Жас азаматтарды тыңдау, олардың бастамасын қолдау, қоғамдық жауапкершілікке тарту – патриотизмді өміршең ететін маңызды тетіктер.
Тарихи жадты сақтау болашақ патриотизмнің тағы бір іргетасы болып қала береді. Тарихи жады жоқ қоғамда ортақ бағдар әлсірейді, ал өткенін біржақты немесе үстірт түсінетін қоғамда құндылықтарға қатысты қайшылық көбейеді. Сондықтан тарихты ғылыми негізде, әділеттілікпен, ұлттық мүдде мен жалпыадамзаттық өлшемді үйлестіре отырып түсіндіру қажет. Тәуелсіздік тарихы, елдік дәстүр, мәдени мұра, мемлекеттік рәміздердің мәні және қоғамдық келісім тәжірибесі жас ұрпаққа нақты да жанды білім ретінде берілуге тиіс.
Дәстүрлі құндылықтардың XXI ғасырдағы орны осы тұрғыдан жаңаша пайымдауды қажет етеді. Дәстүрді сақтау оны сыртқы форма күйінде қайталау ғана емес, сонымен қатар, дәстүрдің адамгершілік өзегін, ұрпақтар сабақтастығын, үлкенге құрмет пен кішіге ізет қағидатын, жер мен елдің болашағына жауапкершілік сезімін қазіргі қоғамдық өмірдің талабымен ұштастыра білу. Дәстүр мен жаңғыру бір-біріне қарсы қойылса жастар үшін бұл тар шеңбер болып көрінуі мүмкін. Дәстүр атаулының бәрі біліммен, технологиямен, құқықтық мәдениетпен және шығармашылық еркіндікпен үйлестірілсе ғана ұлттық бірегейліктің қуатты тірегіне айналады.
Қазақстандық патриотизмнің болашағы экономикалық және әлеуметтік әділет мәселелерімен де байланысты. Азаматтар отанын, елін шын сүйгенімен қоғамда әділетке деген сенім әлсіз болса, патриоттық сезімнің тұрақты азаматтық ұстанымға айналуы қиынға түседі. Сондықтан отансүйгіштік тәрбие мемлекеттік басқарудың ашықтығымен, білімнің сапасымен, жастарға тең мүмкіндік берумен, өңірлердің теңгерімді дамуымен және заңның бәріне ортақ қолданылуымен қатар жүруі керек. Патриотизмнің сенімді негізі – адам еңбегі өз елінде бағаланатынына, құқығы қорғалатынына, әркімнің де болашағы бар екеніне күмәнсіз илануы. Мұндай сенім бар жерде рәміздерге құрмет те, мемлекетке қызмет ету ниеті де шынайы сипат алады.
Осылайша, қазақстандық патриотизмнің болашағы оның ашық, жауапты және жасампаз сипат алуына байланысты. Елді сүю өткенді құрметтеуден басталады, бірақ ол болашақты құруға әркім де атсалысқанда ғана толық мағынаға ие болады. Қазақстанға қажет патриотизм – ойланатын, еңбек ететін, заңды сыйлайтын, қоғамды бөлмейтін, рәміздерді құрметтейтін және өз кәсібі арқылы елдің сапасын арттыруға ұмтылатын азаматтық патриотизм.
Патриотизм, бірлік, тұрақтылық және мемлекеттік рәміздерге құрмет – Қазақстан Республикасының орнықты дамуын қамтамасыз ететін біртұтас құндылықтар жүйесі. Патриотизм азаматтың Отанға деген ішкі сезімін қоғамдық жауапкершілікке айналдырса, бірлік сол жауапкершілікті ортақ елдік мүддеге бағыттайды. Тұрақтылық қоғамға ұзақ мерзімді даму мүмкіндігін береді, ал мемлекеттік рәміздер осы құндылықтардың көрнекі әрі құқықтық тұрғыдан бекітілген бейнесі ретінде азаматтық сананы нығайта түседі.
Бұл құндылықтардың әрқайсысы жеке-жеке алғанда да маңызды болғанымен, олардың шынайы күші өзара байланыс арқылы ашылады. Рәміздерге шынайы құрмет жоқ жерде патриотизмнің сыртқы белгісі әлсіреп кетеді, бірлік болмаған жерде патриотизм бөлінушілікке ұрынуы кәдік; тұрақтылық болмаса, ел дамуының сабақтастығы бұзылады, азаматтық жауапкершілік болмаса бірлік те, рәміздерге құрмет те формалды сипат алады. Сондықтан Қазақстан қоғамы үшін бұл ұғымдарды жеке-жеке емес, тұтас мемлекеттік және қоғамдық мәдениет ретінде дамыту қажет.
Қазақстанның болашағы тек табиғи ресурстарға, экономикалық көрсеткіштерге немесе басқару институттарына ғана тәуелді емес. Ол ең алдымен азаматтардың елге деген сеніміне, бір-біріне құрметіне, заңға көзқарасы мен қатынасына, тарихи жадты сақтай білуіне және ортақ рәміздерге ұқыпты қарауына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, патриотизм – қоғамды біріктіретін моральдық күш қана емес, мемлекеттің сапасын арттыруға бағытталған практикалық жауапкершілік. Ол білім беру сапасын көтеруге, мемлекеттік қызметтің адалдығына, қоғамдық диалогтың мәдениетіне, жастардың бастамасына және әр азаматтың кәсіби еңбегіне тәуелді. Ту, Елтаңба және Әнұран халықтың өткенін, бүгінін және болашағын байланыстыратын рухани көпір қызметін атқарады. Ал осы көпірдің беріктігі азаматтық мәдениеттің сапасымен өлшенеді.
Сондықтан патриотизмді күшейту – қоғамды ұранмен толтыру емес, азаматтардың әділдікке, білімге, еңбекке, жауапкершілікке және ортақ болашаққа сенімін нығайту. Бірлік пен тұрақтылықты сақтау – айырмашылықты жоққа шығару емес, оны құқықтық және мәдени келісім арқылы ел дамуының ресурсына айналдыру. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – ресми рәсімді орындау ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның қадірін терең түсіну. Осы құндылықтар үйлескенде ғана Қазақстанның тұрақты дамуы, ұлттық бірегейлігі және азаматтық тұтастығы нығая береді.
Нұрлан ІЗҒАЛИҰЛЫ





