АБАЙ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ӨМІР
Мына жалған, өзгермелі өмірде өлмейтұғын бір-ақ нәрсе бар. Ол – сөз. Өмірдің тылсым сырларына барынша бойлап, адамдардың бақытты ғұмыр кешуіне көмектесе алатын философиялық терең ойлы сөздер ғана өлмейді. Ұлылар ғана айта алатын сөздердің ғұмыры – мәңгілік. Бүгінгі адамзат қоғамы жеткен жетістіктері үшін өміршең ойлар айтып кеткен ұлылар алдында мәңгі-бақи қарыздар.
Біз осы уақытқа дейін әлемдік өркениеттің көшбасшысы Батыс деп, батыстық философтарды, ақын-жазушыларды пір тұтып, солардың артында қалған рухани құндылықтарын өмір сүру оқулықтары ретінде үлгі тұтып келдік. Сөйтсек, мұның барлығы да еуроцентризмнің өзінен басқаларға деген өктемдігінен басқа ештеңе емес екен.
Жаңа заманда біз де өзгелер сияқты өткенімізге көз жібере отырып, тарихымыздың небір қиын-қыстау кезеңдердегі ащы сабақтарына, өмірін халқының жарқын болашағына арнаған, артына өшпес із қалдырған ұлыларымызды ұлықтап жатқан жайымыз бар. Солардың бірі, бірі емес-ау, бірегейі, әлемдік ұлылардың қатарында тұратын өзіндік биік орны бар ұлы Абайдың артында қалған рухани мұрасын игеру, көрегендікпен айтып кеткен асыл ойларын жүзеге асыру бағытында қыруар жұмыстар атқарылып жатыр.
«Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу – баршамыздың міндетіміз. Оның әр сөзіне жете мән беріп, астарына үңіліп, парасат-пайымына бойлай білу қажет…
Ұлтымыз бен жұртымыздың жаңа болмысын қалыптастыру үшін бізге Абайдан асқан Ақылшы жоқ.
Осынау жолда ақын мұрасын зерделеу арқылы әрекет етсек, берекет табатынымыз анық. Біз іздеген барлық сұрақтың жауабы хакім Абайдың өлмес өлеңінде, салиқалы сөзінде тұр. Ұлы ойшылдың «Пайда ойлама, Ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиеті – соның айқын дәлелі. Абай аңсаған қоғам – ойы озық, санасы сергек «толық адамның» толыққанды қоғамы» (Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың абайтанушылармен кездесуде сөйлеген сөзінен).
Иә, мына мың құбылып, астаң-кестеңі шығып жатқан заманда өткен тарихымыздың ащы сабақтарына, ұлыларымыздың кейінгі ұрпақтарына қалай өмір сүру керектігі жайлы қалдырған ойларына қайта-қайта үңіліп жатқан жайымыз бар. Ғарышқа ұшып, қыранша қалықтауды, судың асты-үстінде бірдей балықша жүзуді меңгерсек те, Айға, Шолпанға қонып, ту тігіп жатсақ та Жер бетінде адам адам деген атына кір келтірмей, қалай қалыпты өмір сүруді үйрене алмай келе жатқанымыз таңғаларлық.
Түрлі себептермен өткен тарихымызды шынайы танып, оның ащы сабақтарынан тағылым ала алмай, дамыған ұлттардың соңынан еріп, солардың жол көрсетуімен келе жатқан халық болсақ, енді жаңа заманда есімізді жиып, «Біз осы кімбіз?», «Қайдан шықтық?», «Қайда бара жатырмыз?», «Қандай жолмен жүруіміз керек?», «Қалай жүруіміз керек», «Кімге жақынбыз?» деген сияқты қаптаған сауалдарға жауап іздей бастағанымыз да рас.
Соңғы зерттеулер біздің ата-бабаларымыздың Алтай өңірінде өмір сүріп, өсіп-өніп, қоғамдық дамудың алғашқы ірі орталық ошақтарының бірі болған түркілік өркениетті жасағанын дәлелдеп жатыр. Ұлы өркениет бірінің артынан бірі шығып, алдыңғылары салып кеткен жолмен жүріп, олардың ісін жалғастырып, ары қарай дамыта түскен ұлылардың өміршең ойларымен жасалады. Ар жағынан Анахарсис, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Қорқыт, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Мырза Хайдар Дулати, Науайы, Низами, Физули, Майқы би, Мөңке би, Қазтуған жырау, Асан қайғы, Бұқар жыраулар болып жалғасқан түркілік өркениет он тоғызыншы ғасырда Абай болып, заңды жалғасын тапты.
Абай өмір сүрген кез отаршыл Ресейдің барынша күшейіп, бір кездері түркілік өркениетті жасап, империялар құрып, Еуразияны тұлпарының тұяғымен дүбірлетіп тұрған түркі жұртының отаршылдықтың шырмауына түсіп, құлдырап тұрған бір кезеңі болатын. Міне, осы бір ауыр кезде әулетті отбасында өмірге келген Абай жастайынан тіршіліктің жақсы жақтарын да, ел-жұртының басына түскен ауыртпалықтарын да бірдей көріп, тез есейді. Ел билеген, ауқатты ортадан шыққан Абайдың шалқып өмір сүруіне барлық жағдайлар бар еді, бірақ бойында тектіліктің қаны бар ол отаршылдық заманның жұртының басына қауіп төндіре бастағанын көре біліп, елінің ертеңін ойлап, бұл тығырықтан шығудың жолын ойластыра бастады.
«Әкенің баласы – адамның дұспаны, адамның баласы – бауырың» деп, нәсіліне, дініне, ұлтына қарамай, бүкіл еңбекші адам баласын бауыр көргенмен, Абай – өзінің қазақ ұлтынан туғанын, сол ұлттың өркендеуіне бойдағы бар қайратын, ойдағы бар ақылын жұмсауға міндетті екенін өзі ес білгеннен өле-өлгенше ұмытпаған адам. Сол ұмытпауының үстіне «қазағым» деген сөзді ұлттық мағынасында Абайдан бұрын аузын толтыра айтқан кісіні біз әзірге білмейміз» (Абай тағылымы. Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер. Алматы, «Жазушы», 1986, 60-бет).
Әлемдік өркениетте өзіне тиісті орнын иеленудің орнына отаршыл заманның әділетсіздігінен қиянатшылдық пен зорлықшылдықтың құрбанына айналып жатқан халқының жағына тайсалмай, ашық шығып, мұңын мұңдап, сөзін сөйлеу, адамшылық атаулының биігінен көріне білу – қай заманда болмасын, мықтының мықтысының ғана қолынан келетін қасиетті құбылыс. Абайдың ұлылығы замана биігіне көтеріліп, тек қазақтың ғана емес, күллі адамзат баласына қызмет ететін ұлы ақыл сөздерді, мәңгілік шындықты айта білгендігінде жатса керек.
Өз заманының шындығын ұңғыл-шұңғылына дейін жете білген Абай халқының басына ауыртпалық түсіп, азып-тоза бастаған кезінде қарақан басының қамын жеп жүре бермей, қиындықтарды бірге көтерісіп, одан шығатын тура жолды дұрыс көрсете білуі оны дала даналарының бірегейіне айналдырды.
«Өмір, дүние дегенің — // Ағып жатқан су екен. // Жақсы, жаман дегенің // Ойлай берсең, у екен»; // «Адамзатқа не керек: Сүймек, сезбек, киінбек, // Харекет қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек» деген секілді адамды бірден ой тереңіне тартып кететін өрелі өлең шумақтарын жазған мектеп бітірмеген, университетте оқымаған Абайдай дананың қазақтың кең байтақ даласынан шығуы – ұлттық феномен, ерекше бір құбылыс. Десек те, мұндай құбылысқа күмән келтіріп, илана алмай жүргендер күні бүгінге дейін басқалар түгілі, өзіміздің арамыздан да шығып қалады.
Осы уақытқа дейінгі абайтанушылар ақынды осындай биікке көтерген үш мектебі – ұлттық, Шығыс, Батыс мектептері жайлы аз айтып жүрген жоқ. Осылардың ішінде Абайды биікке көтере түскен Батыс мектебі, Батыс мәдениеті мен әдебиетін жақсы білген дегенге баса назар аударылды. Десек те бұл пікірдің күні кешеге дейін әлемдік өркениеттің негізгі ошағы да, көшбасшысы да Батыс дейтін еуроорталық (еуроцентризм) ілімінің үстемдік құрып тұрған кезінде айтылып келгендігін ескере отырып, соңғы кездері ашылып жатқан төл тарихымыздың жаңа беттерін шола, өткенімізді бажайлай бастасақ, біраз мәселенің шынайы болмысы ашыла түскендей. Тәуелсіз елдің өткені мен бүгініне көз жүгіртіп, жаңа дәуірдің ғылыми жетістіктеріне сүйене отырып, мәселеге ұлтымыздың мүддесі тұрғысынан келетін болсақ, Абайды осыншама әлемдік биікке көтеріп, дана қылған, данышпан қылған қазақтың кие дарыған қасиетті топырағы, сол кең даланың төсінде ат ойнатып, емін-еркін өмір сүріп, сонымен бірге, тылсым табиғаттың сырларын, құпияларын, өмірдің ащы-тұщы сабақтары арқылы «ішінде жүріп» меңгере білген, білгендерін, ойға түйгендерін санасына сіңіріп, ұрпақтан ұрпаққа ойымен де, сөзімен де, ісімен де жеткізе, жалғастыра білген халқымыздың даналық болмысы болғанына көзіңіз жетеді.
Халқымыздың кең далада күні үшін алдындағы малын бағып қана қоймай, сонымен бірге ой да бағып, өзіне ғана тән ұлттық ерекшеліктерімен, тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен өсіп-өркендеп, даналыққа бет алған зайырлы ел болғандығы қазір айтыла бастады. Бұл мәселеге тереңдеп бармай-ақ, халқымыздың негізгі кәсібі болған мал шаруашылығына тікелей қатысы бар мәселелерге келгенде алдына жан салмайтыны, сонымен бірге жыл санау, отбасылық тәрбие, әлеуметтік өмір, халықтық астрономия, ауа райын болжау, т. б. секілді салаларда да өміршеңдік танытып, бүгінгі күндері де жалғасын тауып келе жатқандығын айтсақ да жеткілікті болар. Ал ұлттық руханияттың қайнар көзі саналатын ауыз әдебиетінде дала өмірінің, табиғаттың тылсым құпияларының небір сырлары шынайы көрініс тауып, көмкеріліп, жүректерге жол тауып жатты. Осылайша ғасырлар бойы қазақ халқының өмірдің өзінен өрілген, өзіне ғана тән адами болмысы, ұлттық дүниетанымы, сана-сезімі қалыптасты.
Абай рухани ізденістері барысында өзіне қажетті кітаптарды түрлі жолдармен алдырып отырған. Абайдың немере інісі Шәкәрім Құдайбердіұлының қажылық сапары жайлы ұлы Ахат Шәкәрімұлының «Мекке жақтан әкей Семейдегі Әнияр деген кісінің адресіне тең-тең посылка жіберіп жатады екен. Оларды Әнияр біздің қалашыдан ауылға жіберіп, оларды үйге жинатып қоятын. «Бұл не?» деп сұрасақ, «Атаң жіберген кәмпит, өзі келген соң береді» деп бізді қуантып қоятын. Әкей келіп ашқанда бір-ақ көрдік, бәрі кітаптар болып шыққанын. Әкей Меккеден жазғытұрым көк шығып, жер кебер кезде келді. Біз арбамен он бес шақырымдай жердегі Шәке ауылынан алдынан шықтық» (Ахат Шәкәрімұлы. Қажылық сапары. («Абай» журналы. 1994 жыл, № 9).
Әбір нәрсенің екі жағы бар. Елінің ертеңін көбірек ойлаған Абай халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі кедергі келтіріп отырған келеңсіз жәйттерге назар аударыңқырап, оны жою жолдарын ойластырған. Ақынның бүкіл шығармашылығы «Қазақтың бір-біріне қаскүнем болмағының, біреуінің тілеуін біреуі тілемейтұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздері жалқау болатұғынының себебі неде?» деген мәселелердің шешімін табуға арналғандай.
Шырылдаған шындықты шынайылық қана жеткізе алады. Ұлтының бойындағы әлеуметтік аурулардың зардабын көре білген ақын осы мәселеде ойға түйгендерін оқырмандарына бүкпесіз жайып салады: «…әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтанғыш келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» (Абай Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Екінші том. Алматы, «Ғылым», 1977, 130-бет).
Абайдың ұлылығы арада ғасырлар өтсе де ол көрсетіп кеткен рухани жолдың ескірмей, керісінше, уақыт өткен сайын жаңғыра түсіп, ұлттық дамуымыздың бірден-бір сара жолына айнала түсуінде жатыр. Әсіресе астан-кестеңі шығып жатқан мына заманда Абай айтып, көрсетіп кеткен ұлы жолдың маңызы күн сайын арта түсуде.
Тылсым табиғаттың ортасында жүріп, өз өмірін бастаған адам баласы қоршаған ортасының қыр-сырларын, заңдылықтарын екі түрлі бағытта меңгере бастады. Оның алғашқысы жер бетіндегі тіршілікті жасаған Жаратушы бар дейтінге саятын діни наным-сенімдер болса, екіншісі сәл кейіндеу пайда болған ғылыми бағыт болатын. Міне, осы екі бағыт күні бүгінге дейін адамзат баласына қалай өмір сүрудің қыр-сырларын түсіндірумен келеді. Ел ішінде күні-бүгінге дейін көпқұдайлықтың, тәңіршілдіктің қалдық-сілемдері кездесіп қалады. Сегізінші ғасырдан бастап қазақ даласына кіре бастаған ислам діні өзінің өміршеңдігін танытып, қазір әлемдегі ең көп тараған діндердің біріне айналып отыр.
Мұны айтып отырғанымыз, Абайдың руханият әлемінің биігінен көрінуіне ислам дінінің де әсері айтарлықтай болды. Айтарлықтай ғана емес, негізгі қайнар бұлақтың бірі дерлік. Мұның басты себебі ислам дінінің негізгі рухани бағыттарының қазақтың ұлттық өміріне, дүниетанымына қайшы келмей, оның үстіне бір-бірін толықтыра, жалпы халықтың тұрмыс-тіршілігін жетілдіре түскендей сыпатында жатса керек. Қарапайым халық күнделікті тіршілікте туындап жататын қаптаған әлеуметтік қиындықтарды дұрыс шешудің амалдарын ұсына білген ислам дінін жақсы өмір сүрудің бірден-бір амалы ретінде құрмет тұтып, мойындай бастады. Өз заманының озық туған ұланы ретінде Абай да ислам дінінің пенде баласына адамшылықпен өмір сүруіне көмектесетінін көре біліп, елінің ертеңін имандылықпен байланыстырып, мұнысы оның бүкіл шығармашылығының идеялық өзегіне айналды.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас». «Абай қандай ақын» деген сауалға жауапты оның «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, // Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деген сөзі толық жауап беріп тұр. Абай – ең алдымен, мұсылмандық дүниетанымындағы имандылықты жырлаған ақын.
Абайдың ұлы ақын аталуы да осы уақытқа дейін жаратылысты танып білудің, қалыпты тіршілік етудің бірден-бір өміршең жолы болып келген исламдық дүниетанымға сүйене отырып, өмірдің өзекті мәселелеріне барып, дұрыс шешімін тапқан өміршең ойлар айта білуінде жатыр. Ақынның төмендегі мына өлеңінде исламдық дүниетанымның Әл-Фарабилер салған сілемдері анық байқалады.
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас…
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға…
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті».
(Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1 том. Алматы, «Ғылым», 1977, 303-305-беттер).
Абайдың осы өлеңі ақын поэзиясының бүкіл дүниетанымдық, идеялық бағытын айқындап тұрған манифесі іспеттес. Осы өлеңдегі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, // Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деген жолдар Абай дүниетанымының іргетасы секілді. Бұл жерде исламдық дүниетанымның түркі әлемінен шыққан ойшылдардың, ақындардың барлығына да ортақ сарын болғанын айта кеткен жөн. Кезінде Әл-Фараби жан-жақты жетілген адамның үлгісі ретінде «кемел адамды», Абай осы ойды жалғастыра түсіп «толық адамды» ұсынса, осы екеуінің де негізіне «имандылық» алынған. Ақынның анықтауынша, «таза мұсылман, толық адам делінеді».
Ақынның «Отыз сегізінші қара сөзі» түгелдей дерлік қазақтардың арасындағы ислам мәселелеріне арналған жеке бір зерттеу трактаты іспеттес. Діннің адамның рухани өміріндегі аса маңызды рөл атқаратындығын тіршілікте жиі кездесетін мысалдар келтіре отырып, нақтылы әңгімелейді.
«Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды. Біз Алла тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демеклік те – ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз». «Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз». «Құдай тағаланың жолы деген жол Алла тағаланың өзіндей ниһаятсыз болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің ниһаятлысың, ол жол Құдайдың жолы емес». «Құдай тағала дүниені кәмалатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан».
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Ақын поэзиясының, философиясының басты тақырыбы – адам, адамның тағдыры. Қазақ тіршілігінің ұңғыл-шұңғылына дейін үңіле қарап, «халқым неге мұншалықты аянышты күйге түсті» деп ащы ойлардың құшағында тұншыққан Абай «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп, өмір бойы аңыраумен өтті. «Дос жылатып айтады» дегендей, елін барынша сүйіп, еңіреген ер басқа жұрттардың да жасап жатқан тіршіліктеріне көз салып, халқының басқалардан ешбір кем еместігіне көзі жетіп, артта қалып бара жатқанына намыстанып, қаны қайнап, кемшіліктерін жіпке тізіп тұрып көрсетіп, оны жоюдың, жарқын өмірге қол жеткізу үшін не істеу керектігін де көрегендікпен көрсете білді. Абайдың он тоғызыншы ғасырда айтып кеткен сөздері арада қаншама уақыт өтсе де өзінің маңызын жойған жоқ, керісінше бүгінгі жасанды интеллектілер заманы атанған жиырма бірінші ғасырда өткірлене түсіп, өмірдің зәру қажеттілігіне айналып, көрсетіп кеткен рухани бағыт еліміздің жарқын болашағына апаратын бірден-бір «Абай жолына» айналып отыр.
Абай «Отыз төртінші қара сөзінде» «Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың – бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Тілеуді құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек – ол құдайға айтарлық сөз бе? Құдай біреу үшін біреуге жәбір қылуына не лайығы бар? Екі ауыз сөздің басын қосарлық не ақылы жоқ, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр «ой, тәңір-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?», – деп адам баласының түбі бір туысқан екендігіне қарамастан, пендешілікке салынып жүргенін сынайды. Осы сөздердің аржағында адамдардың арасындағы бір-біріне деген туыстық, сүйіспеншілік секілді сезімдердің жетіспей жатқандығына назар аудару жатыр.
Ақын елінің ертеңін осы отбасылық, туыстық қарым-қатынастардың барып ұласатын ұлттық бірліктен көреді. От басы, ошақ қасынан басталып, жер басып жүрген адам баласының барлығын қамтуы тиіс, бір-біріне сүйіспеншілікпен қарап, ағайын, туыс, бауыр, нағашы-жиен, құда-жегжат секілді туысқандық қарым-қатынастарға ұласып, тату-тәтті, ынтымақпен өмір сүруі керек.
«Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?», – дейді Абай.
Абайдың «Әкесінің баласы – адамның дұспаны. Адамның баласы – бауырың», «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, // Не қызық бар өмірде онан басқа» деген айтары терең ұлағатты сөздерінен-ақ оның ұлы ақын ғана емес, өлең сөздің құдіретімен ұлы ойлар айта білген әлемдік деңгейдегі ойшыл екендігі көрініп тұр.
«Бұл өмірдің қызығы махаббатпен». Абай 38-ші қара сөзін «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын. Ықыласпенен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббаттың төлеуі – махаббат. Махаббат – әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен» деп бастайды да ары қарай «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, // Не қызық бар өмірде онан басқа?!», «Махаббатпен жаратқан адамзатты, // Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. // Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, // Және хақ жолы осы деп, әділетті» дейді. Өйткені, оның бойындағы туа біткен ең негізгі қасиеті өмірге деген сүйіспеншілік, адамды адам ғып тұрған да осы «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім».
Адамды адам ғып тұрған ең ұлы қасиет – жүректегі жақсы көру сезімі: «Махаббатсыз – дүние бос, // Хайуанға оны қосыңдар»; «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе?»; «Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?».
«Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» – деп, бүкіл адамзатты бауыр тұтқан гуманист. Бұл – әлемдік өркениет деңгейіндегі ой. Бұл – әлемдік деңгейдегі ойшылдарда да кездесе бермейтін аса терең түсінік. Абай осы ойды қазақы санамен, қазаққа ғана тән даладай пейіл, кең жүрекпен дала философиясының мәйегіне айналдырды» (С. Раев. ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы).
Адам өміріндегі ең негізгі мәселе – әркімнің қолынан келетін іспен айналысып, алдына үлкен мақсат қойып, ақылмен өмір сүріп, арманына қол жеткізе білу. Өмірдегі қиындықтардың барлығы дерлік, адамдардың өмірдегі өз орнын таба алмай, қолынан не іс келетінін анықтай алмай, айға жетемін деп секіріп, жаралы болған арыстан сияқты, шамасы келмейтінге ұмтылудан, соңында адасуының салдарынан «таяқ жеуден» туындап жатады.
«Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат пен сезім бар. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен білмекпіз» дейді Абай.
Абай әрбір адамға өмірді өзіңді өзің танудан баста дейді. Сонда есі кіре бастаған әрбір жас, алдымен «Сен кімсің?», «Әке-шешеңнен бастап, ата-бабаларың, нағашыларың кім болған?», «Сенің бойыңда қан қуалап жеткен тегіңнің қандай қасиеттері байқалады?» деген сияқты сандаған сауалдардың жауабын біліп барып өмірге араласса, олардың ирелеңі көп тіршіліктің тура жолына түскені. Сондықтан да Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, // Кетігін тап та, бар қалан» деуінде көп мәселе жатыр. Ал өмірдегі өз орныңды бойыңдағы білім-ғылым, адамгершілік, имандылық қасиеттері арқылы ғана таба аласың: «Ғылым таппай, мақтанба, // Орын таппай, баптанба» (Абай).
Ислам дініндегі адамның қалыпты өмір сүру қағидаларын жан-жақты айқындап беретін махаббат, сүйіспеншілік сөздерінің мағынасы да, қолданылу аясы да өте кең. Адам өмірінде махаббатсыз тіршілік жоқ деуге де болады. Махаббат жалпы адамзат қоғамын, тіпті жер бетіндегі тіршілік атаулыны бастап, ұйымдастырып, қамтамасыз етіп, сақтап тұрған ерекше бір құдіретті, қасиетті күш секілді. «Махаббат – әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен» дейді Абай. Махаббат әлсіреген кезде адам да рухани жағынан азғындап, «адам адамға қасқырға» айналады.
Абай махаббат тақырыбына тереңдей барған. Ол бір-бірін жақсы көргеннің бәрін махаббат дей бермейді. «Ғашықтық, құмарлық пен – ол екі жол, // Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол» дегенінде жақсы көру сезімінің өзі екі сатыдан тұратындығы, ал адамгершілік қасиеттермен суғарылған шынайы махаббаттың жай құмарлықтан биік тұрғаны көрініп тұр.
«Отан отбасынан басталады» дегендей, адамдардың бойындағы алғашқы ыстық сезімдері өмірге енді келген жас балалардың ата-анаға деген сүйіспеншіліктерінен бастау алады. Отбасындағы ерлі-зайыптылардың, ата-ененің, балалардың арасындағы туыстық қарым-қатынастар бір-біріне деген бауырмалдық, жақсы көру сезімдеріне оранған болса, бұл шаңырақтың түтіні түзу шығады.
Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегеніндегі сүю осы отбасынан басталып, бауырларға, одан кейін туысқандарға, ең соңында барып, жалпы ұлт атаулыға ұласатындығы түсінікті болса керек. Бізде осы бір өте нәзік мәселе күні бүгінге дейін өз шешімін таба алмай келе жатқан секілді. Әрбір адамның өзінің қолынан келген, жеткен биігі болады. Біреу қарақан басының қамымен отбасылық, екінші біреулер бауырлары мен ағайын-туыстарға көмектесуден аса алмаса, санасы мен қабілеті жоғарылар бар өмірін ұлттың қамына арнап, өмірін елінің ертеңімен байланыстырып жүр. Десек те арамызда жеке басының қамын жасап немесе тайпалық деңгейден аса алмай қалған рушылдар да, осыған керісінше ұлттықтан да жоғары «дамып», «жалпыадамзаттық» ауқымда жүрген космополиттер де жеткілікті.
Қазіргі әлемдік ауқымда жүріп жатқан жаһандану дәуіріндегі қазақ қоғамы да ақпарат майданына душар болып, жат жұрттық келеңсіз жағдайларға ұшырап жатқан жайымыз бар. Осындай жағдайды он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ көре біліп, барынша дабыл қағып, жанұшыра сақтандыра білген Абайдың көрегенділігіне, елін сүйе білгендігіне көзіңіз жеткендей болады.
«Жүрек – адам денесінің патшасы». Абайдың философиялық ой-пікірлеріндегі негізгі орталық тақырып – адамгершілік мәселелері. Осы саладағы ғылыми, поэтикалық ізденістерінің барысында өмірге келген «толық адам» ұстанымы күні бүгінге дейін өзінің өміршеңдігін жоя қойған жоқ. Ақынның толық адамы – бойына ар-ұят, әділет, адалдық, мейірім, шапағат, сүйіспеншілік ұялаған жылы жүректің, нұрлы ақыл мен ыстық қайраттың иесі.
«Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас, // Сол қызықты өмірде жүрек қалмас. Жүректен қызу-қызба кете қалса, // Өзге тәннен еш қызық іс табылмас». «Жүректің айна суаты». «Жүрегі – айна, көңілі ояу». «Жүректің көзі ашылса, // Хақтың түсер сәулесі». «Жүректе айна жоқ болса, Сөз болмайды өзгесі». «Жүректің тілін сөйле тіл, // Жалғаны жоқ бояма». «Жүректе көп қазына бар, бәрі – жақсы». «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды, амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады».
Адам денесіндегі махаббаттың мекені – жүрек. Жүрегіне махаббат сезімі, сонымен бірге адамгершіліктің асыл қасиеттері ұялаған адамның жолы ашық болып, небір қиындықтардан қиналмай өтіп, аңсаған арманына қол жеткізіп жатса, өмірдің жақсы жақтарынан гөрі кемшін жақтарына көбірек көз салу салдарынан жүрегі қатайып кеткен жандардың жолы ауыр болатынын күнделікті тіршілік боямасыз көрсетіп жатыр.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп ел ішінде келеңсіз жағдайларды аяусыз сынаған Абай: «Жүректе қайрат болмаса,// Ұйықтаған ойды кім түртпек? // Ақылға сәуле қонбаса, // Хайуанша жүріп күнелтпек… // Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын? // Халқым надан болған соң, // Қайда барып оңайын?!» деп, ұғынар жанға мұңын шаққан.
Көкірегі ояу Абайдың да жүрегі – жаралы: «Қан жүректі қайғылы-ау», «Күйесің жүрек күйесің, // Күйгеніңнен не пайда»: «Жүрегім менің қырық жамау, // Қиянатшыл дүниеден. Қайтып аман қалсын сау, // Қайтқаннан соң әрнеден». «Достық, қастық, бар қызық — жүрек ісі, // Ар, ұяттың бір ақыл күзетшісі».
Абайдың «Он төртінші қара сөзі» түгелдей дерлік жүректің адам өмірінде атқаратын аса маңызды қызметіне арналған: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та – жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау – ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры – әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз.
Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі – пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздер».
«Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалаң шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады» (Он төртінші сөз) дейді Абай.
Абай осы ойларын «Он жетінші қара сөзінде» қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің атқаратын міндеттерінің маңыздылығына талас ретінде үшеуін сөйлетіп, жүректің аузына төмендегідей сөз салады: «Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын — мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады».
Абай осы үшеудің айтысын «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, // Сонда толық боласың елден бөлек.// Жеке-жеке біреуі жарытпайды, Жол да жоқ жарыместі жақсы демек. // Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ, // Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек. // Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, // Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек» деген жолдармен түйіндепті.
Абай адам баласы тән азығы мен жан азығымен есейетінін айта келіп, адам өмірінде «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық…» деп, оның басты себебі ретінде рухани азықтың жетіспей жатқандығын көрсетеді.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген Абай сөзінің айтар ойлары – терең.
«Ғылым таппай, мақтанба». Абайдың пайымында «Ғылым – Алланың бір сыпаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр».
Өткенімізге көз жіберсек, ұлыларымыздың барлығы дерлік, оқуға, білім-ғылымға шақырған. Кез-келген адамның, халықтың келешегі оның білім-ғылым арқылы қолы жететін өміршеңдігіне, саналылығына тікелей байланысты деп білген.
Бүкіл Абай поэзиясының негізгі пафосы білім-ғылымға, адамгершілік идеяларымен суғарылған саналы азаматтыққа шақыру болғандығы анық. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деп білетін ақынның «Ғылым таппай, мақтанба», «Білімдіден шыққан сөз», «Жасымда ғылым бар деп, ескермедім», «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын», т.б. өлеңдерінде де адамның саналы да бақытты өмір сүре білуі үшін өнер-біліммен қарулануға шақырады.
Абайдың:
«Ғылым таппай мақтанба.
Орын таппай баптанба.
Құмарланып шаттанба.
Ойнап босқа күлуге…» деп келетін шумақтары бар «Ғылым таппай, мақтанба» өлеңін оқушы жас кезінде жаттамаған адам жоқ шығар, сірә.
Ақын «Интернатта оқып жүр, // Талай қазақ баласы» дей отырып, оларға көңілінің толмайтынын ашық айтады. Олардың «Ойында жоқ бірінің, // Салтыков пен Толстой»-дей келіп, «Пайда ойлама, ар ойла, // Талап қыл артық білуге, // Артық ғылым кітапта // Ерінбей оқып көруге» дейді. Оқыған, саналы адам жеке басының қамымен ғана емес, халыққа қызмет етіп, елінің ертеңін ойлауы керек екендігін есіне салады.
Абай айтып қана қоймай, өзі де «Ғылымды іздеп, // Дүниені көздеп, екі жаққа үңілдім» дейді. Мұндағы «екі жаққа үңілдім» деп отырғаны – өзі білім-ғылым нәрімен барынша сусындаған Шығыс пен Батыс мәдениеттері. Осылай дей отырса да ақынның өкініші мол.
«Жасымда ғылым бар деп, ескермедім,
Пайдасын көре-тұра тексермедім.
Ержеткен соң, түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім», – деп, өмірдегі үлкен өкінішін білдіреді. Мүмкін, Абай еуропалықтарша білім алып, таза ғылымның жолына түскенде, әлемге әйгілі ғұлама болып шыға ма еді, кім біледі?!
Абай «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр» дей келіп, мұны «Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» екендігін де ескере кетеді. «Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!» деп шырылдауы да заман мәжбүрлігінен туғандығы байқалады.
Ақынның осы бір сөздерін басқаша түсініп, ол басқа жұртты мақтап, өз елін төмендетіп отыр дегендей, пікір білдіріп жүргендер де бар. Біздің айтарымыз, сол кездегі халқының тарихи, обьективтік, субьективтік жағдайларын ескере отырып барып, бұл жолдарды дұрыс ұғынатын боламыз. Сол кездегі отаршылдықта болған қазақ елінің білім-ғылымы арқылы империяға айналған орыстың тілі көрген-баққаны болып, басқа жұрттармен қарым-қатынас жасауға ешқандай да мүмкіндіктері болмады.
Білім-ғылымды қалай, қай жақтан алу жолдарын көрсеткен ақын пікірінің дұрыстығын орысша білім алып, халқының қамын ойлап, ұлттық жолда тарихи еңбек сіңірген Шоқан Уәлихановтай ғалымдар, Әлихан Бөкейхановтай алашшыл қоғам қайраткерлері шығып, елінің ертеңі үшін тарихи еңбектер жасағанын көрсетті.
Абай философиясындағы ең өзектісі – адам, бақыт, өмір мен өлім мәселелері. Күні бүгінге дейін әлемдік ғұламалардың пікірлері әртүрлі ыңғайда көрініп келді. Дін адамның демі біткен соң, о дүниеге аттанып, Аллаға сыйынып, адал өмір сүргендер жұмаққа барады да, Құдайсыздардың орны тозақта деп, бүкіл имандылық насихатын осылайша жүргізіп келсе, ғылым негізінен, бұған қарсы атеистік бағытты ұстанды. Ғалымдардың біразы әйтеуір бір Жаратушы бар дегенге бой ұрып, негізінен идеалистер мен материалистерге бөлініп, арасында келіспес күрес жүріп келді. КСРО-да атеизм салтанат құрды.
Шартты түрде бүгінгі күні «Кванттық физика» аталып жүрген ғылым тіршілік атаулының бастау көзі – мидағы ойдың ойлау барысында пайда болатын тербеліс, қимыл (вибрация), ал адам өмірі – оның ойында пісіп-жетіліп, сөзге, сөзден іске асқан ойдың нәтижесі деп, түсіндіреді. Ал Абай болса, сол кездің өзінде-ақ «…әрбір адамды бұзатын фиғыл» деп түсіндіруінен-ақ оның дүниетаным арнасының тереңдігін байқатса керек.
«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі». Отаршылдықтың зорлықшыл, қанаушыл саясатының салдарынан экономикалық жағдайы барынша құлдыраған қазақ даласының әлеуметтік жағдайы барынша құлдырап, елдің ішінде жұмыссыздықтың салдарынан берекесіздік, ұрлық-қарлық, дау-жанжал барынша өріс алғанына ашынған ақын: «Заман ақыр жастары, // Қосылмас ешбір бастары. Біріне бірі қастыққа // Қойнына тыққан тастары. //Саудасы – ар мен иманы, // Қайрат жоқ бойын тыйғалы. //Еңбекпен етті ауыртпай, // Құр тілменен жиғаны…» деп күйінеді.
Адал еңбек етсең өмірде жолың ашылады. Өйткені, «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың», «Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ».
«Түбінде баянды еңбек егін салған, // Жасынан оқу оқып, білім алған. // Би болған, болыс болған өнер емес, // Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған» деп жырлаған Абай еңбек еткенде де, малмен ғана айналысып жүрген халықты ең алдымен, егіншілік пен білім-ғылыммен айналысуға шақырып, сонда ғана еңбегің түбінде баянды болатынын айтқан. «Адалдан тапқан тиынды, // Сал да сақта қапшыққа. // Қолдағыны қорғап бақ, // Мал арзан деп, аптықпа» деп ақшаны қалай жинап-жарату жайлы ақыл-кеңестерін де ұсынған.
«Еріншек, бекер мал шашпақ», «Жұмыссыз сандал, // Еріксіз малды ал, Деген кім бар сендерге» секілді олардың бойындағы мерез қылықтарды барынша сынап, халқын адамгершілікке, имандылыққа, адалдыққа, әділеттілікке, білім-ғылымға шақырған Абайдың еңбекке үндеген өлеңдерінің де айтар ойлары тереңде жатыр: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан өнерші – қазақтың әулиесі». «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық». «Еңбек қылсаң, ерінбей, // Тояды қарның тіленбей». «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, // Қардың суы секілді тез суалар». «Еңбексіз мал дәметпек – қайыршылық». «Еріншектік – күллі дүниенің дұшпаны». «Өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау; еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың». «Еңбек қылмас еріншек адам болмас». «Ақырын жүріп, анық бас, // Еңбегің кетпес далаға». «Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек». «Олардың жоқ ойында малын бақпақ, Адал еңбек , мал таппақ, жұртқа жақпақ». «Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған өнер емес, Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған».
Абай әр адам алдына өмірлік мақсат қойғанда, «бай боламын» деп емес, адал еңбек етіп, өзінің, отбасының саналы тіршілігін барлық жағынан қамтамасыз етіп, соған қажетті шығындардың барлығын ақылмен есептеп, дұрыс жарата білуге шақырады. Дүниені тамыр-таныстықпен, қулық-сұмдықпен, зорлық-зомбылықпен емес, маңдай теріңмен, адал еңбегіңмен тапсаң ғана нағыз байлыққа жетесің дегендей; «Адам бол – мал тап, адал бол – бай тап», «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуел құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» (Төртінші сөз) дейді.
Өйткені, «О, құдіретті еңбек! Бұ жер бетінде саған табынбайтын тірі жан жоқ шығар. Өйткені, кім тірі жүргісі келмейді?! Кім еңбегінің жемісін көріп, бақуатты өмір сүргісі келмейді?! Әйтсе де еңбек біреуге темірдей қатты, біреуге мақтадай жұмсақ. Біреуге тіл үйіретіндей тәтті, біреуге өзегіңді өртейтіндей ащы» (С. Бақтыгерейұлы. Тарыдағы таңбалар. «Қазақ әдебиеті», 10.10.2025).
«Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек». Абай «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дейді. Сонда адамның бойындағы адамгершілік қасиеттері тікелей оның саналылығына, сауаттылығына, шыққан тегіне, өскен ортасына, көрген тәрбиесіне тікелей байланысты болмақ. Осы жерде ақынның «жақсы ата» мен «жақсы ананы» атап отырғанына назар аударып, күні кешеге дейін бала тәрбиесінде өмірге жаңадан келген баланың барлығының да қаны бірдей, ақ қағаз секілді оған не жазсаң да солай болады деп келгенімізге сәйкес келе бермегенін де айта кеткен жөн.
Қоғамдағы адамдардың арасындағы түрлі қарым-қатынастарда адалдық, әділеттілік салтанат құрғанда барып, адамдардың жан-жақты дамып, арманына жетіп, бақытты өмір сүре алады: ал «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет, сезім»; «…кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның хиясы (ұяты) жоқ, кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ». «Ақыл сенбей, сенбеңіз, // Бір іске кез келсеңіз».
Адам ақылмен ғана дұрыс өмір сүре алады. Өйткені: «Ақыл бітпес дәулетке, // Дәулет бітпес келбетке»; «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі есті болады»; «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайда білгені, көргені көп адам білімді болады»; «Аспаса ақыл қайраттан, // Тереңге бармас, үстірттер»; «Адамзатқа не керек: // Сүймек, сезбек, киінбек, // Харекет қылмақ, жүгірмек, // Ақылмен ойлап сөйлемек».
«Ғылым таппай, мақтанба» өлеңінде ақын жастардың саналы болып өсуіне, білім алып жетілуіне кедергі келтіріп жүрген негізгі жаман қылықтардың түсін түстеп, олардан құтылуға шақырады:
«Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз».
Өмір жолында кездесетін не бір қиындықтарды ескерте отырып, шағылып қалма, «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім», деп, өзіңді сабырға шақыр, ойлана білсең, кез-келген қиындықтан шығар жолды таба аласың деп, жастарды сабырлы болуға шақырады. Өмір сүру дегеніміз, жай ғана өмір жолымен жүріп өту емес. Алда не бір жағдайлар – кейде күтіп қалатын, кейде тұрып қалатын, кейде айналып өтетін, кейде құлап-тұрып дегендей, кездесуі – заңдылық. Өмір сынақтарында құлап, орнынан тұра білгендер – нағыз мықтылар. «Әркімді заман сүйремек, // Заманды қай жан билемек. // Заманға жаман күйлемек, // Замана оны илемек» дегендей, адами болмысын жоғалтып алмай, халқының қамымен, елінің ертеңімен өмір сүре білу нағыз азаматтардың ғана қолынан келеді.
Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзелінен» оның қазақтың болашағына қызмет ететін дұрыс ойды айта бастадық, енді осы дұрыс ойдан шыққан халықтың көңілінен шығатын пайдалы сөзді жүзеге асыру кейінгі ұрпақтың парызы дегендей ой аңғарылады.
Абай «Отыз сегізінші қара сөзінде» «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы. Дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік – хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, үятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады» – деп, адамды төрге қарай емес, көрге қарай сүйрейтін жамандық атаулының атын атап, түсін түстейді; бұлардан аулақ болуға шақырады.
Абай адамдардың бойындағы рухани кемшіліктерді, оның туу себептерін түп-тамырына дейін ашып, барынша сынаумен бірге оларды жою жолдарын да көрсетіп берді; адамшылықтың бар қасиеттерін қамтыған жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтарға негізделген «толық адам» ұстанымын ұсынды. Ақынның «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінен осы «толық адам» болмысын көргендей де боламыз.
Ғалымдардың анықтауынша, жер бетіндегі адамдардың өміріне тікелей қатысты нәрселердің барлығы дерлік – пайдалы; бар мәселе соларды ойланып барып, қажетіне қарай пайдалана білуде жатыр. Абайдың «Әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса, жарамайды. Өлшеуін білмек – бір үлкен іс. Әуелі ойланбақ – жақсы, бірақ іске тіпті салынып кеткен кісі ойын билей алмай, қияли болып кеткені де болады. Екінші – ішпек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады» деуі кімді де болса, ойлантпай қоймайды.
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, // «Сонда толық боласың, елден ерек». // «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: // Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген Абайдың кейінгі ұрпаққа өсиет етіп қалдырған «толық адам» болып қалыпты тіршілік етуін қамтамасыз ететін негізгі ұстанымдар төмендегідей: 1. Алланы сүю – имандылық. 2. Адамзатты сүю – адамгершілік. 3. Өмірді сүю – сүйіспеншілік. 4. Өзіңді таны – өмірдегі орныңды тап. 4. Білім-ғылымды үйрен – ақылмен өмір сүр. 5. Адал еңбек – адалдық. 6. Өмірге бейімделу – өміршеңдік. 7. Әділеттілік. 8. Қарапайымдылық. 9. Қайырымдылық. 10. Кішіпейілдік.
Абай – халқын шын сүйген жалпыадамзаттық деңгейдегі нағыз ұлт ақыны. Қоғамды әділетсіздік, зорлық-зомбылық жайлап, іштей тоз-тозы шығып бара жатқанда оған жаны шыдамай, ащы шындықты айтып шырқыраған, жамандық атаулының тамырына балта шабу мақсатымен оларды жоюдың жолдарын іздеп, шарқ ұрған, оны табуын тауып, қара сөзбен де, поэтикалық сөздің қуатымен де саналылардың құлағына құйылатындай етіп, ақ қағазға түсіре берген. Абайдың артында қалған әдеби-философиялық мұрасы сол кездің ғана емес, бүгінгі күннің де игілігіне жарап жатыр, жарай да бермек. Ұлы ойларды ұлы сөздермен жеткізе білген ұлылардың есімі мәңгі жасайтыны да сондықтан.
Абайдың пайымдауынша, адамның бақытты өмір сүруі үшін күнделікті тіршілік барысында ойлаған ойы, сөйлеген сөзі, істеген ісі біреуге тиіп кетпей, көптің ойынан шығуы, істеген ісі өзіне де, жақындарына да, жалпы басқаларға да зияны тимей, пайда әкелуі керек.
Иә, қазақтың ұлан байтақ даласынан шығып, өзі айтқандай, «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, // Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» (Абай) даналарымыздың бірі, бірі ғана емес, бірегейі – біз бүгінгі күндері ұлылығын айтып тауыса алмай жатқан дала данышпаны Абай. Абайдай ұл туғызған қасиетті қазақ жерінде өмір сүріп жатқан қазақ елінің де болашағы – жарқын.
Дандай
ЫСҚАҚҰЛЫ





