БЕК ТОҒЫСБАЕВ: ӨМІР. ӨНЕР. ТАҒДЫР
Болмыс деген не? Жазушы мен заман, адам мен тағдыр, уақыт пен үн, автор мен адалдық, махаббат пен ғадауат, сезім мен сенім секілді онтологиялық сауалдар көпті қызықтыратыны анық. Туынды – автор жанының проекциясы. Бүгінгі сөз – Бек Тоғысбаев жөнінде…
1936 жылы. Бұл кезең қандай айтулы оқиғалармен есте қалды екен. Дуче, диктатор Бенито Муссолини Халықаралық Қызыл Крестке хат жолдап, итальяндықардан Эфиопиядағы ауруханаларды бомбыламауын өтінеді, Грекияда парламенттік сайлау өтіп, либералдап жеңіске жетеді, Альберт Сарро Францияның Премьер-министрі боп тағайындалады, Совет Одағы манжұр және жапон әскерлерін «арандатушы» деп бағалайды, Саксаонияда Гитлердің бастамасымен тұңғыш «Volkswagen» автозауыты ашылады, Британ полициясы Яффадағы шеруді тарқату барысында көп араб жасын жарақаттайды, Палестинада Араб көтерілісі басалады, Түркие (Түркия) Дарданелл бұғазындағы аймаққа әскер кіргізіп, Лозанна келісімін бұзады, Америкада атақты «Тауар биржасы» туралы заң күшіне енеді, Гондурас Ұлттар Лигасынан шығу туралы ниет білдіреді, Франсиско Франко шатб-пәтері Севильяға көшіріледі, Франклин Делано Рузвельт 48 штаттың 46-сында басым дауыспен жеңіске жетіп, АҚШ Президенті боп сайланады, Ұлыбриятания королі Эдуард VIII тақтан бас тартады, позитронды ашқан физик-экспериментатор Карл Дәуіт Андерсон Нобель сыйлығының лауреаты атанады. Және дәл сол жылы дүниеге жазушы, редактор, көсемсөзші, баспагер, драматург, ақын, қоғам қайраткері Бек Тоғысбаев дүниеге келеді. Қаламгер өз естелігінде бүйдейді: «Мен Балқаш көлінің Оңтүстік батысындағы Көккөл деген аралда туыппын. Қазақтар, орыстар, кәрістер балық аулайтын сол аралдағы мектепте әкем Тоғысбай мұғалім болған. Шешем Күлшәрі айтып отыратын: «Кіндігіңді орыс кескен, тойдың тамағын кәрістер істеген, тойыңды арғындар бастаған», – деп. «Қазақ бастаған» демей, әзілге айналдыруында мынадай мән бар екен: кәмпеске кезінде немесе ашаршылық жылдарында сол аралға Арқадан ауып келген ағайындар қоныс тепсе керек. 1936 жыл – кәрістердің де қиыр шығыстан жер аударылып келген уақыты. Ел тоғая бастаған кез, балық, астық мол, мал басы да көбейе бастаған жыл болса керек… Әкем Тоғысбай өлең жазатын, ән салатын кісі екен, маған, бәлкім, бойымда бар өнер сол кісіден жұққан шығар, ал ауыз әдебиетін мен әжемнен алғаш естіп, үйрендім. Ол кісі көптеген жырларды жатқа айтушы еді. Біржан мен Сара айтысын, «Дариға» деген дастанды әріп тани бастағанда әжемнің айтуымен жазып алдым. Кейбір үзінділері қазір де сақтаулы…».
Қазақ жұртына, жалпы жазу-сызудан хабары бар, әдебиетке ынтызар адамға Бек Тоғысбаевты таныстырудың өзі артықтау секілді сезіледі. Әркімге туған жері, өскен өлкесі қымбат. Александр Пушкин үшін Михайловское имениесі, Лев Толстой үшін Ясная Поляна, Абай үшін Жидебай, Антон Чехов үшін Таганрог, Уильям Фолкнер үшін Нью-Олбани (Юнион, Миссисипи [шығармаларындағы Йокнапатофа соның көркем көшірмесі]), Жеймс Жойс үшін Ратгар, Эрнест Хемингуэй үшін Ок-Парк, Ясунари Кавабата үшін Осака, Михаил Шолохов үшін Кружилин хуторы, Габриэль Гарсиа Маркес үшін Аракатака («Жүз жылдық жалғыздық» романындағы Макондо соның әсерінен туындаған деседі) қандай ыстық болса, Бек Тоғысбаев үшін де туған топырағы да соншалықты қадірлі.
Армысың, туған жер аймағы,
Өзіңсің – сағыныш қайнары.
Әрқашан қуаныш көремін,
Елімнің дидары – жайдары.
Даламда тербеліп ақ маржан,
Нұр жауып тұрғандай аспаннан.
Елестеп нұрлы таң – болашақ,
Қуана шырқаймыз асқақ ән! («Туған жер»)
Поэзия – әсемдікке ынтызар, тылсымға іңкәр жанр. Оқырман күтпеген теңеу, орнықты ой, айшықты образ, қуатты мәтін – өлеңді өміршең ететін көркем көрсеткіш, бедерлі белгі. Шерменде көңіл босағанда, жыр атты керемет соның бетіне көлкіп шығады. Ақын Гëте (Иоганн Вольфганг фон Гөте) музасы Шарлотта фон Штейн, ойшыл Фридрих Ницше музасы Лу Саломе, композитор Густав Малер музасы Альма Малер-Верфель, мүсінші Огюст Роден музасы Камилла Клодель, суретші Пабло Пикассо музасы Дора Маар, әнші Жон Леннон музасы Йоко Оно, тағысын тағы. Муза – Ежелгі Грекия аңыз-әңгімелерінде өнер адамына күш-қуат берер, шабыттың шалқар бастауына айналған, Зевс пен Мнемозинаның некелі қызы, өнердің қолдаушысы – Аполлон серігі, Геликон шыңында тұрақтаған нимфа. Өлең – өнер. Ал, Бекке шабыт беретін Табиғат деген тылсым. «Өлең қалай туады?» деген сұраққа әркім әрқилы жауап берері сөзсіз. Көңілге мұң ұялағанда я қуанғанда, сағынғанда, ерекше әсерге бөленгенде, ақын жанының нәзік қылы шертілгенде, іштегі шер-шемен, іштегі мазмұн көркем шығармаға айналады.
Айдын көлім, ақ көлім, айна көлім,
Көк жағаңды жасымнан жайлап едім.
Бүгін барсам орныңды таба алам ба?
Айна көлім – айдыным, қайда менің?
А-хау, а-хау!
Айна көлім – айдыным, қайда менің?
Айдыныңнан аққулар кеткені ме?
Қаз, үйректер қона алмай өткені ме?
Кім байлады бағыңды, айтшы маған,
Арман-қайғың жүрекке жетпеді ме?
А-хау, а-хау! («Айна көл»)
Жазушы, баспагер Ырым Кененбай «Тарихтан сыр сабақтаған…» мақаласында былай деп жазады: «Бек ағамыз әдебиетке ерте келіпті. Өзінің айтуынша, он бес жасында аудандық газетте, он алты жасында республикалық «Қазақстан пионері» газетінде өлеңдері жариялана бастаған. Бек ағамыздың балалық, жастық шағы сол кездегі замандастары секілді соғыс жылдарының қиыншылығына тап келді. Әсіресе, әкесінен «қара қағаз» келгеннен кейін тағдыр тауқыметі оны қатты сынға алды. Алайда, талапты жас қайыспай, Шоқпардағы ағайындарын сағалап, мектепті үздік бітірді. 1952 жылы он алты жасында бір орынға сегіз бала таласқан КазГУ-дің журналистика бөліміне қабылданады. Журналист, жазушы, сыншы Бек Тоғысбаевтың ерекше қырларының бірі – оның драматургия саласындағы өнімді еңбегі». Расында да, ол қатарынан қалған жоқ, қайта оза шапты, қазақ әдебиетіндегі өз орнын айқындады. Бек Тоғысбаев Қазақ мемлекеттік университетінің қабырғасында жүріп, газет-журналға мақалалары жарияланып тұрады. Кейін «Лениншіл жасқа» шақырту алып, сонда өнімді еңбек етеді. Алпысыншы жылдары «Қазақ әдебиетінде» жұмыс жасап, Мәскеуге оқуға аттанады. Автор бұл кезең жөнінде былай деп толғанады, шынайы ақтарылады, бүкпесіз айтады: «Мәскеуде оқыған екі жыл ой-өрісімді кеңейтті, киноның, әдебиеттің талай тарландарымен жүздестірді… Бірақ, мұнда жолым болды деп айта алмаймын. Жазған сценарийді экранға шығаратын «өзіңнің» режиссерің керек екен, әркімнің соңынан жүгіріп жүруді намыс көрдім. Телефильмдерге жарияланған конкурста екі бөлімді «Аққу көлі» атты сценарийім бәйге алып, оны Ескендір Тынышбаев экрандады да, сонымен тындым. Алайда, кинодраматургияның негізін оқып-білуім, Мәскеу театрларын көріп, зерделеуім кейін пьесалар жазуыма, прозаның өзін ширата түсуіме әсер етпей қойған жоқ». Қабырғалы қаламгер Мәскеуден оралған соң да жазудан қол үзбеді, керісінше баппен жазды, бәріне асқан байыппен қарады. «Мәдениет және тұрмыс», «Жалын» журналдарында басшылық қызмет атқарды, Қазақстан Кинематографистер одағы Басқармасының хатшысы болды. Соның негізінде, драматургиядағы ұзақ жылғы еңбек «Тасқын» деген жинақта тоғысқан-ды. Кітаппен атаулас драмасынан бөлек, бұған «Күйеу таңдаған келіншек», «Базарыңның барында», «Ақын Сара», «Жүрек соғып тұрғанда», «Алтыннан ардақты», т.б. драмалары енген-ді. Қаламы жүрдек автор әңгіме, хикаят, драма, көсемсөз, киносценариймен қоса, елуден асып, ел ағасы атанған шақта өлкетану, тұлғатану, шежіре-генеалогияға бой ұрады, сондай-ақ, Шыңғыс қағанға адалдық антын беріп, сенімді серігіне айналып, қолбасы әрі жорықта ақылымен, мейірімділігімен танылғандықтан «Жұмсартушы» атанған тактик-сардар Мұхали (Мұхұлай), Жалайырдың Күшігінен тарайтын батыр, би Жолбарыс Жылқайдарұлы, Жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен, Әулие Райымбек батыр жасағының құрамында болған әйгілі баһадүр Бақай Мықтыбекұлы, аса көрнекті мемлекет қайраткері, дипломат, би, тарихшы, Тәуекел ханның кеңесшісі болған, «Жылнамалар жинағы» еңбегінің авторы Қадыр-Әлі Қосымұлы (Қадырғали Жалайыри), Жәлменде Байшығашұлының ұлы ‒ ақын, әнші, қайраткер, болыс, «Ала қарға», «Қыз Балқия», «Әшіргүл-Зейнеп», «Баласы Жәлменденің Пышан едім…», «Қайша», т.б. әндердің авторы Пышан Жәлмендеұлы, әнші, артист, драматург, режиссер, қазақ кәсіби театры негізін салушыларының бірі ‒ Қанабек Байсейітов, Бақанас, Балқаш, Іле, Талды тарихына қатысты деректер жинаған. Қаламымен елге-жерге қызмет ету дегеніміз ‒ осы!..
Жазушы, драматург Дулат Исабеков Әкім Тарази турасындағы мақаласында біздің кейіпкерімізді де тілге тиек етеді: «Әкім Тарази. Бұл есім қазақ әдебиетінде 60-жылдары кеңінен таныла бастады. Сол жылдары әдебиетке бір топ жас жігіт келді. Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, Бек Тоғысбаев, Әкім Тарази… Жай келген жоқ, шаңдатып келді! Қазақта «Бес тапал» аталған бес жазушы болды. Олар – Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Рамазан Тоқтаров және Бек Тоғысбаев». Иә, лайықты баға, орынды сөз. Б. Тоғысбаев «Жаңбырлы күз», «Алдыңғы толқын», «Үміт», «Асыл адам айнымас», «Боз жорға», «Әкең де бала болған», «От пен күл», «Намыс», «Шалғайда», «Өмір-өзен», «Әкеден ұл туса», «Тарихтың ашылмаған беттері», т.с.с. туындылар арқылы ойлы оқырманның ықыласына бөленеді.
Оның «Әкең де бала болған», «Асыл адам айнымас», «Ар алдында», «Қайдасың, Балжан?», «Ақтоты», «Жұбаныш» повестерінде, «Ақбілек», «Сый қонақ», «Туған жер», «Наз ерке», «Боз жорға», «Ақынның жастық шағы», «Талас жігіті» әңгімелерінде өзі өмір сүрген кезеңнің кестелі суреттері бар. Автор көркем бейне мінезін ойнақылықпен ашады, елестетіп отырып жазады, жаза түскен сайын екпініне екпін қосылатындай, тура. Мұндай өзгеріс, мұндай трансформация, мұндай темпо-ритм, мұндай ырғақ мәнді мәтіннен-ақ сезіледі, қаламгердің өзі ішінде жүріп, аралап, айнытпай суреттеп отырған өмірдің жүрек қағысы аңғарылады, тынымсыз тіршілік қан тамырдай бүлкілдеп-бүлкілдеп тұрады. Мәселен, «Наз ерке» әңгімесі бейнелеу өнеріндегі ташизм принциптерін еске салады, контурлары, сызықтары, таңбалары, ноқаттары аса айқын емес, елеусіздеу ғана, алайда айтары – мол, астары – қалың, жасырғаны – көп. Ол бәрін тегіс ақтарып тастағысы жоқ, отқа шет-шетінен, аз-маздап отын тастап қоятындай, ыммен-жыммен, айтқансығанси бұра жөнеліп, қапталға қарата ығысып, ишарамен, астармен жеткізгіш.
Жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза Бек Тоғысбаевтың жан дүниесін ашатын мынадай бір керемет деталь келтіреді: «1998 жыл. 9 май еді. Жеңіс күні. Алматы. Панфилов паркіндеміз. Мереке күнімен бір-бірімізді құттықтап жатырмыз. Өзі бір «кампанбыз». Қалың қарағай түбіне шағын дастархан жайылды. Әсіресе, жазушы Бек (Совхозбек) Тоғысбаев көңілділеу. Мен сөз кезегінде Бекке қарата: – Әкең сенің осындай азамат, жақсы жазушы болғаныңды көрмей, майданда қаза тапты, әттең… – деп едім, Бек кенет еңкілдеп жылады. Алпыстан асты ғой. Әлі бала. Әке үшін. Ес білмей, жастай қалған жетім, соғыс жетімі жылады. Міне, бұл ұлы сезім, жүрегі жібіп, елжіреді. Жүрегі елжіремейтіндерден қорқу керек. Ондайлар жазушы бола алмайды. Алпыс жылдан кейін әкесі есіне түсіп жылаған жетім. Соғыстан қалған жетім. Бұл да бір кем дүние…». Осыны жазып отырған шерменде көңіл Шер-ағам да отызыншы жылғы ойранның ішінде боп, Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын шеккен ұрпақ өкілі, Бекпен қатарлас, ниеттес, тілектес жан.
Көбіне-көп көркем шығарма қыжылдан туады, қоғамдағы, елдегі, әлемдегі жайттарға көңіл толмаудан туады. Біз кей-кейде қоғами құбылыстарға біржақты ғана қараймыз. Анық-қанығына жетпей жатып бірден инициаторды айыптауға бейімбіз. Жазушының ең басты қорғанышы – қаламы, сонымен пиғылы бұзықтарды жасқаса, шырайлы шығармаларымен жақсыларды жанына магнитше тартып тұрады. Адамзат мұңын қозғау әуелі жүректен басталады. Жүрек не затқа ауырса, жүрек шіркін нені қаласа – соны жазған жөн. Өйткені, жүрек алдамайды, ол – шынайы, ол – әділ, ол – адал. «Жүректен шыққан сөз – жүрекке жетеді» деген тәмсіл бар. Математик, кибернетик, философ Юлий Шрейдер «адамзат әдебиеттен алыстаған сайын құндылықтардың да құлдырайтындығын» айрықша айтады. Себебі, әдебиет – ұлтты, халықты ұйыстырушы фактор. Бек Тоғысбаевтің туындыларында оймақтай болса да көтерген жүгі ауыр-ауыр ойлар, рақымды бастамалар менмұндалайды. Бұл – әдебиетке деген адалдық, Ұлы Сөзге деген құрмет.
Әлібек
БАЙБОЛ





