АЛМАҒАЙЫП СӘТТЕР КӨП ӨМІРІМДЕ…
ЖАДЫРАДЫ КҮН ТАҒЫ,
ЖАНЕРКЕМШЕ…
Бүгін жастық – мына таң…
Ал, ертең ше?
Қалай, қайтіп басамын, сөндіремін,
Тамырда қан, жүректе жан өртенсе…
Шырт түкіріп шоқтағы дүмше құман
Ішілді шәй, ел тұрды, ең соңынан
шәй құярға «сағындым»
деп сыбырлап,
Менде аттандым,
Жанеркем сенсе бұған…
Жалғыз аққу айдынға
жалқы қонды…
Тарысы жоқ шәй тағы
талқы болды…
Біз осылай сенеміз ырымдарға,
Біз осылай сүйеміз фольклорды…
Сезім өшті, суыды тамырда қан…
Айдын қалды аққусыз мамырлаған…
Мен газетке көбірек шұқшиямын,
Лирикалық қалмаған жанрда мән…
Жадырасын беу, жастық,
ертең бір күн
Шәй секілді ысыттың, өртендірдің…
Ауыл қалып, қалалық немереге
Ертегі айтып жүр дейді
еркем бұл күн…
ТОПЫРАҚ
Топырақ ем ғой,
жайына жатқан бір уыс,
Тандырдай шоққа қыздырдың.
Қисық тірлікте боларын біліп
бұру іс,
Қайғыбұлаққа қайықтай
қалқып жүздірдің.
Күлдірдің және сәл ғана,
Балдырған гүлмен қытықтап.
Алаңсыз ұйықтап қалған
бір шақта алдана,
Сол қабырғамнан сындырып
алдың мытып қап.
Шеберім сонда
толтырам дедің олқыны,
Сынықты саған дос қылдық.
Қастамды менің жалап бір
жазды сол түні,
Сабыр мен Төзім – қос мұңлық…
Несіне деймін,
несіне меннен үркеді,
Жібектей шашын
сипаған кезде сары қыз?
Абыройымды жапырағымен бүркеді
Ар-ұят – мен деп сары күз…
Жүзімін сығып
жұмақ дейтұғын бұл барда,
Шарабын ішіп тақ тойдым.
Қарай да қарай қисық қыз
кеткен қырларға,
Сағыныш деген ат қойдым.
Тағдырым – қырсық, тірлігім – қисық, Тәңірім?
Қалайша жаным жай табам?
Қарабалшықтың қандырып,
илеп қамырын,
Топырақ қылшы, қайтадан…
АСФАҺАН ТУРАЛЫ БІРІНШІ ЖЫР
Ей, Асфаһанның шебері!
Бес атанға жүк болғандай беделі,
Бес сұлудың көз жасымен суарып,
Бес сұлтанның атын жазған бедері.
Тоғыз жұрттың топырағынан
тозаң алып таттаған,
Күре бетін күміспенен күптеген,
Алқымын ақықпен аптаған,
Қалып құйып қасаттап,
Зүбаржаттан саптаған,
Қылыш соқсаң деп едім,
Сен лайық көрмедің бе, не мені?
Сен лайық көрмедің бе мені не?
Қылыш деген
құл-құтанның теңі ме?
Шаһарыңның батысы мен шығысы,
Шаһ біткеннің ұлысы
Шыдамайды айбатыма, шеніме.
Шебер дейді-ау сені де…
Болат пісіп көрікке, құрыш қанса,
Қынабы да мыс тоқып, мырышталса.
Алмағайып сәттер көп өмірімде,
Әттең сонда қолымда қылыш болса.
Сипап өткен секілді ми даланы ай,
Бір тартқанда шабатын қидаламай,
Саған керек бұл қару әсіресе,
Жауын жайпап жаупермен
қиған адай.
Дәмімді ұрлап тауысқан,
салтымды арбап,
Патша болып не керек
халқыңды алдап?
Ажалына оны да көрістірсем,
Асфаһани қылышпен алтын балдақ.
Құдайдың да мұнымды
қолдауы шын.
Көрігінің бақыртып зор дауысын,
Асфаһанның шеберін шабам барып,
Мұндай қылыш ешкімде
болмауы үшін.
Ал содан соң барам да бұрышқа ана,
Мен өзім де қалармын тыныштала…
Патша да жоқ,
Шебер де,
Өзім шәһит…
Тек күнәһар жылайтын
қылыш қана…
Қарғыс атқыр, Асфаһанның шебері!
АСФАҺАН ТУРАЛЫ ЕКІНШІ ЖЫР
Асфаһан-жарты жаһан
Парсы мәтелі
Ай, Асфаһанның ұстасы,
Асадулла, саған қонған өнер бек.
Жер-жаһанда болмаған еш нұсқасы,
Қылыш соқтың бедерлеп.
Ай жүзіне келгенде,
Шын-Машынның
шар болатын алдырып,
Суаруға келгенде,
Зарафшанның алтын буына
Алпыс мәрте малдырып,
Жетесіне жеткенде
Жетпіс мәрте иін қандырып,
Қортпасына келгенде,
Қойдың қоңыр қиын жандырып,
Қозға көміп,
оқтын-оқтын отқа ұрып,
Балдағын сом алтыннан соқтырып,
Мойнағын піл сүйекпен шырмаған,
Алқымына Алланың
ақ кәләмін қырнаған,
Алмас қылыш –
арман болды-ау, бұл маған…
Ұят тамған бетінен,
Ұста біздің ұста ғана емес-ті.
Таңырқайтын көрген жандар шетінен
Талантына сымбаты да теңесті.
Шар болатты шоқтан алып ұрғанда,
Шахтың қызы –
отқа үйірсек көбелек…
Түсінбеймін.
Қырық нөкері тұрғанда
Шахбануға қылыш ұстап не керек?..
Қырық нөкерін
қыр астына қалдырған
Қыздан ұста хат алды.
Қырық мұнараға
аспалы бақ салдырған,
Қыз әкесі қатал-ды…
Бірде маған ұста жігіт:
«Асфаһанды көргенің – жарты жаһан көргенің.
Алмас қылыш бермедім –
Ажалым ғой ол менің!..» –
деп жымиып, айдай жүзі нұрланып,
Кете барды алыстап.
Күн батқанда екі сұлба ұрланып,
Кездесер жер – таныс бақ…
…Асфаһанды көргем жоқ…
Асадулла содан кейін келген жоқ,
Алмас қылыш берген жоқ.
Шахтың қызы
шашын жайған түндерде,
Қырық тарам қып өргем жоқ.
Қырық мұнара түбінде,
Қырық нөкерден күнінде,
Өзім соққан қылыштан,
Қылша мойным кесіліп,
Қырылдаумен өлгем жоқ…
ЖЫННЫҢ ЖЫРЫ
Минәл жиннәти уәннас
Нәс сүресі.
Таң.
Қала…
Бәрін оятып,
Шақырды азан муәзін.
Жаттай алмаған жарым аятым:
Оттан-дүр дейді туа жын.
Оттанмын дейді жын-бауырым,
Мен болсам жерден, Құран-хақ!..
Адамзат еске-ап, мұң-дәуірін
Жын қауымын тұр аңдап…
Оттан бол мейлі, кімнің тұзына?
Бұйырған бізге жер текті!…
Некесін қиған жынның қызына,
Аталар қандай еркек-ті…
Көбелек сынды күйеді екем ғой,
Жанғанда шырақ жалындап.
Олар да біздей сүйеді екен ғой,
Олар да біздей сағынбақ!..
Үңілем келіп үстел-шыраққа,
Балауызда әсте ери қап.
Жарық па әлде күткен шуақ па,
Перінің қызы – перизат.
Бір жылу еніп бойыма балқып,
Құшағын сезем бөтеннің.
Барардай болам тойына шалқып,
Түн ауа көшкен көкемнің.
Шақыршы жасап
ду бастаңғылық,
Қырық қыз қоршап, қамата.
Мен емес қалар қу басқа мініп,
Изеңдеп жұртта таң ата…
Ақынның жанын жатты
ауырлатып,
Қарсы алар болды ол түнді үркіп.
Сабаман сені ат бауырлатып,
Шашыңнан ұстап шыңғыртып…
Кім екен бізді жат бауырлатып,
Араға перде түнді ілген?..
Жазбаған бізге тәп-тәуір бақыт,
Бұйырар жыннан кім білген?
Сен үшін қалқам, жан қию да егес,
Көк теңіз жаққа құларда ай…
Құмыралардан нән дию емес,
Нәп-нәзік сұлу шығардай…
Ерітетіндей мұңы кей мұзды,
Жібітетіндей жалыны.
Күтемін әлі, Күнікей қызды,
Күнікей жынды анығы.
Шуағын төгіп күн өтіп, айым,
Жазайын дәру, емге – жыр…
Жын қағып кетпей
жүре тұрайын,
Мен қағып кетпей сен де тұр!..
Әнуар БИМАҒАМБЕТ





