НӘУБЕТ ЗАРДАБЫ: ӘУЛЕТ ТАҒДЫРЫ – ҰЛТ ТРАГЕДИЯСЫ

Сурет 1970 жылы Моңғолия, Баян-Өлгий аймағында түсірілген.

Суретте әкелерім: Тойшан Рүстемұлы, Қадылбек Рүстемұлы, анам Оразхан Бітеубайқызы және Ақеділ Тойшанұлы

Әжемнің әлдиі кейде зарлы да сырлы әнге ұласып кетеді. Ес білгеннен еститініміз атажұрты Марқакөл, Бөкенбай, Қалжыр, Ақбұлақ, Тақыр, Қызылащы, Тасқайнат деген қасиетті қоныстар. «Шіркін, Марқакөлде ағып жатқан бұлақтан тегешпен алтын шайып алушы едік»,– деп туған жерін көксеп отыратын. Ал кешегі болыс Бұтабай қажы әкесінен берілген жайнаған жасау, кілем-кілше, алтын-күміс әшекейлерден ештеңе қалмаған. Шекара асып қашқанда тұттай тоналған. Тау асып, тас басып, талай азап қорлықты көргенімен атақты бай төркіннен қалған жалғыз киелі мұра: өлгенде тәнін орайтын ақ кебін, ақырет! Қазақтың тұрмыстағы қызы балалы-шағалы болып, төркіндеп келгенде «мәңгілік киетін бір қабат киім-кешегің» деп ырым етіп, қарыз болып қалмайын деп ақырет киімін тірісінде, төрт көзі түгел, есен-сау отырғанда беру ата-ананың ақ парызы емес пе! Иә, әжем Нұриман Бұтабайқызының туған жерден, қимас ағайыннан, еркелеткен елінен, мыңғырылған малынан қапияда айырылғанымен қастерлеп ұстап қалған бар байлығы – ар-иманы мен ақырет кебіні болатын! Қоңыр кеште жат елде жабығып, туған жерін сағынып, сыңсып айтып отыратын бір әнінің сарыны былай:
Біздің ел Қара Ертісті қыстайтұғын,
Шағимен түлкі тымақ тыстайтұғын.
Қу орыс құрсау салып аяқ-қолға,
Неғылдым он тоғызда ұстайтұғын.

Қайырмасы:
Ей, Алқа көл,
Қайран Алтай, Марқакөл.
Қалды-ау артта қайран ел.

Айырылдым мен елімнен тірі болып,
Пенденің тірі қалған бірі болып.
Салт атпен өзім жалғыз қашып шықтым,
Шыбын жан шықпайды екен сірі болып.
Тап болдым балшабектің сайлауына,
Сөзінің уағда жоқ байлауына.
Сарықұдық қашып шықтым даласынан,
Орыстың мен көнбедім айдауына.

Желдің өтінде, шекараның шетінде шың-құзы аспан тіреген Алтай, Тарбағатай тауларын жағалап қар төсеніп, мұз жастанып жүріп, көшіп-қонып өмір сүрген қалың елдің тағдыры қай заманда да аумалы-төкпелі болған. Ақ патша мен манж-цин дәуірінде қазақ жерін сыртынан бөліске салған алпауыт империялардың әрекетінен ел де, жер де екіге жарылып, зардап шекті. Кейінгі қызылдардың лаңы да ауыр болған: жаппай коллективтендіру, мал-мүлікті тәркілеу, тектілер мен дәулеттілерді тұтқындау, тұқырту, итжеккенге айдау зобалаңы орнап, ашаршылық нәубеті басталды. Коллективтендіру мен кәмпескелеу науқаны басталғанда қазақ жерінің шет пұшпағында, шекара төңірегінде орналасқан жұрт ежелден барыс-келіс қатынасы болған көрші елдерге қашуға, пана іздеуге, бас сауғалауға мәжбүр болған. Айталық, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облысындағы халық Қырғызстан мен Өзбекстанға, батыс аймақтағылар Түрікменстан, Қарақалпақстан, Ауғанстан, Иран елдеріне үркеді. Жетісу, Іле, Тарбағатай, Алтайды мекендеген жұрт Қытайға, Моңғолияға босады. Ресей шекарасына жақын отырған алаш жұрты Орынбор, Омбы, Түмен, Астрахан, Ноғайсібір, Барнауыл, Қошағашқа қарай жөңкіледі.
Туған жер, ата мекенінен зорлықпен аласталып, шекара асып, шетқақпай көрген, шыбын жаны үшін бөгде елді паналауға мәжбүр болған, қызылдың жалыны шарпыған әулеттің бірі біздің отбасымыз.
Біздің ауыл жаппай коллективтендіру науқаны, мал-мүлікті тәркілеу лаңы бел алған 1930-1932 жылдары алдымен Қытайға ауып, кейіннен Моңғолияны паналауға мәжбүр болады. Шекара асып үріккенде мал-мүлкінен тұтас айырылады, босқынға айналған елдің боздақтары оққа ұшады. Үлкендерден естуімізше, ауған ел артына қарайлап, Марқакөлден Қытайға асып түскен шекара бойындағы бұрынғы қыстаулары болған Алқабек, Білезік деген жерде бір жарым жылдай отырады. Сол жерде ұлы атамыз Сандықбай Қанжаұлы қайтыс болып, сүйегін Алдаберген деген жерге қойыпты. Үріккен елде қайбір жағдай бар, марқұмның басына белгі қоюға шамасы келмегендіктен бабамыздың бейіті қазіргі бізге беймағұлым болып қалды.
Әулеттік шежіремізді тарқатып айтсақ, біз Шығыс Қазақстан Марқакөл, Бөкенбайда өсіп-өнген найманның қаракерей руынан, оның ішінде Қожамбет, Жалмамбет аталығынанбыз. Жалмамбеттен сегіз Есенбай болып келеді де салалы бұтақтан Шатақ әулеті болып тараламыз. Шатақтан Шал, Қанжа, Сары ұрпағы тарайды. Қанжа ұрпақтары, соның ішінде ауыл болысы болған Сабырбай Қанжаұлы туралы, жалпы Марқакөлдегі ағайындардың тұрмысы, шаруашылығы туралы мәліметтер Ф.Щербина экспедициясының материалында кездеседі. Негізінен біздің ауыл жоңғарды түре қуып қоныс кеңіткен Сырымбет би (Сырымбет би туралы деректерді қарауыңызға болады: И.Сиверс. «Письма из Сибири». Алматы, 1999.С.27,50-57; Халид Қ. «Тауарих-и хамса-йи шарқи» (Шығыстың бес елінің тарихы) / ауд.: Б. Төтенаев, А. Жолдасов Астана, 2014. 107-б.), «Қаракерей Жарылғап батыр» (М.Әбдеш. «Жарылғап Байшораұлы». Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. Алматы, 2001.595-б.), «Тоғанас» (Тоғанас Жайлауұлы. Қазақстан тарихы. Энциклопедия. Алматы, 2020.483-б.) Осындай батырлардан тарағандықтан болар, руымызда білекті, жүректі батырлар, жорықшылар, бағландар мен балуандар көп туған секілді. Әулетіміздің шежірелік тізбегі былай болып келеді: Найман→Қаракерей→Қожамбет→Жанғұлы→Жалмамбет→Құдыс (Жауырыншы Қара Құдыс)→Байшора→Есенбай Шатақ→Қанжа→Сандықбай→Рүстем→Тойшан→Ақеділ.
Ал әкемнің нағашылары найман қаракерей, оның ішінде Қожамбет, Айт, Шағырдан тарайтын Сырымбет бидің әулеті болып келеді. Бұл Сырымбет бабамыз белгілі Мұрын Боранбай бимен қатарлас жүрген, елді Шығысқа қоныстандырған Абылайханның қолбасыларының бірі болған («Сырымбет Байқозыұлы». Қазақстан Ұлттых энциклопедиясы. Т.8. Алматы, 2006. 145-б.). Сырымбеттен Жұмағұл, одан Жирен, Жиреннен Жарқын тарайды. Жарқыннан Ақжан, ал Ақжаннан Бұтабай болыс туады. Ф.Щербина экспедициясы материалында Бұтабай Ақжанұлы туралы мәлімет бар («Материалы по обследованию хозяйства и землепользования киргиз Семипалатинской области». Т.3. С-Петербург, 1913. С. 365). Бұтабай әулетінен Қаббас, Шата, Қаден бастаған азаматтар және менің әжем Нұриман Бұтабайқызы тарайды. Бұтабайдың арғы атасы Жирен, Көтештен тарайтын Өтеулі елге белгілі молда болған, ол кісінің жұбайы Дариға болыс Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының бас кейіпкерінің прототипі, озық ойлы, жастайынан оқып білім алған, ісмерлік, шеберлігімен даңқы шыққан, қайсарлықпен ел басқарып, мектеп ашқан қазақ қызы (А.Жүнісұлы. «Аймауытовтың Алтай жеріндегі күндері»// «Абай» журналы. 2009. N 2. Б. 101-105 ). Ал Бұтабай, Қаббастар шығысқа белгілі дәулетті бай, оқыған көзі ашық, медресе, мектеп ашқан ел ардақтылары еді. Бұтабай өзі жомарт, мыңғыртып мал өсірген, Меккеге барып қажы болған ірі тұлға. Бұтабай би Дәулет Үркінұлымен бірге қажылыққа барған деген дерек «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында» кездеседі («Дәулет Үркінұлы». Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. Т.3. Алматы, 2001. 168-б.). Бұтабай қажы Катонқарағайдағы әйгілі қаратай Әбдікерім болыспен аралас-құралас болып, елді оқыту-ағарту ісіне де елеулі үлес қосады. Кезінде Шығыс Түркістаннан ел аралап келген әйгілі Жанұзақұлы Әрімжан ақын Бұтабайдың үйінде қонақта болғаны туралы былай деп жырлайды:
Жолаушылап Бөкенбай, Марқа бардым,
Алтайдың араладым шартарабын.
Ақнайман, Қожамбетте туыстас ел,
Өлеңнің мен ақтардым бір парағын

Бөкенбай бір әдемі жер екен ғой,
Қожамбет мекен еткен ел екен ғой.
Әр рудың өзінде бір құты бар,
Бұтабай шалқып тұрған көл екен ғой.

Сәлем бердім қажыға аттан түсіп,
Баласы Қаббас мырза екен пысық.
«Бұлбұлым, қош келдіңіз!» деп құрметтеп,
Иығыма әкеп жапты күзен ішік.

Бергені Қаббас мырза күрең жорға,
Түседі құс жаңылса жібек торға.
«Еліме аман-есен барғаннан соң,
Даңқыңды жаям дедім, оң мен солға»
Міне, менің әжемнің, яғни әкемнің анасы Нұриман Бұтабайқызының асыл тегі осындай ел жақсыларынан.
Жер төресі Марқакөлде, алтын Алтай аясында шат-шадыман өмір сүріп жатқан елдің тіршілігін қызыл қырғынның қара дауылы бір сәтте тас-талқан етеді. Шекара бойында ақтармен арпалысқан, неше қилы жау-жарға есе бермеген ержүрек те басасау жұрт қызылдың құқайына көндіге қоймайды. Сталиндік-голощекиндік қуғын-сүргін, зобалаң зұлматта жазықсыз елді қызыл қырғыннан, ОГПУ жендеттерінен құтқару үшін талай көтеріліс, қарсылық, наразылықтар туады. Сол ауыр кезеңде елдің би-болыстары, ақсақал даналары Рүстем Сандықбаев, Рамазан Жантұрсынов, Тұрысбек Тоқтарбаев, Сілəм Тоқтарбаев, Уәлжан Сандықбаев, Уәләй Тұрабаев секілді шекараның сыртында таныс-тамыры мол сайыпқыран жігіттерге ауылды Қытайға, Моңғолияға аударып, ұрпақты аман сақтап қалудан басқа жол қалмағанын өсиет еткен тәрізді. Осы аманатты орындау үшін Рүстем Сандықбайұлы 1930-1932 жылдары Марқакөлдегі ауылды қызыл əскермен қырқыса жүріп, талаудан-тонаудан құтқарып, ең бастысы төніп тұрған ажалдан, Сібірге айдалудан, концлагер-түрмеде жазықсыз шіруден азат етіп, Шыңжанның Алтай, Моңғолияның Баян-Өлгий аймақтарына аударып, қоныстандыру-орналастыру шараларын жүргізуге мәжбүр болады. Үлкендерден естуімізше, қызылдар шекара бойындағы күзетті күшейтіп, ел ағаларын ұстап тұтқындауға шешім шығарады. Мұны сезген Рүстем атам қапы қалмай, сәйгүліктерін маяның астына тығып жемдеп, азын-аулақ жылқысын шекараға жақындатып, жеті қараңғы түнде қарт әкесін, шиеттей екі баласы мен үй-ішін, молда атамыз Тыныбай Сабырбайұлы бастаған бір қауым жанды жасырын ертіп, жаулар келмес бұрын жолға аттанып, арғы бетке ауып кетеді.
Тойшан шекарадан ауғанда 5 жас шамасында, 1926 жылы туған, оның жалғыз ағасы 1924 жылы туған Қадылбек Рүстемұлы (кейінгі тегі нағашы атасы Шатаның есіміне көшіп Шатанов болған) 7 жаста болады. Қадылбек атамның айтуына қарағанда, шекарадан үріккен елге түн ішінде оқтын-оқтын оқ атылып, шабуыл жасалады. Ауған ел Алқабек, Білезік деген аралық мекенде арттағы ата мекеннің ахуалын бақылап, бір жарым жылдай аялдап отырады. Рүстем кейін қалған елге тіл алып кел деп бір азаматты жұмсайды. Ол жігіт барса, көшіп үлгірмей қолға түскен елді қызылдар аямай тонап ойрандапты, Бұтабай болыстың баласы Қаббас бастаған ел ағаларын тұтас түрмеге қамап, алдын Сібірге айдап, атып-шабуда екен. Ал ептеп тірі қалған ержүрек атамыз Рамазан Жантұрсынов бет-аузын жаралап, бір көзін таңып ап, өтірік жынды, құтырған адам кейпінде бас сауғалап, ел аралап жүреді екен. Ол Рүстем атам жіберген тыңшыны танып, оңашада: «Әй, туғандар, бері келмей дереу ары қарай қашыңдар, уақыт ұттырмаңдар, сендерге жазалаушы әскер аттанғалы жатыр, қашып кеткендерің ақыл болды, мұнда қалғандар түгел абақтыға қамалды, қош-сау болыңдар», – деп қала береді.
Тіл келген соң ауыл ақсақалдары шұғыл шешім қабылдап, қайтыс болған бабамыз Сандықбай Қанжаұлын арулап жерлеп, Қытайдағы елге пана болатын қолтығы кең әйгілі батыр Зуқа қажының басын манж-қытай жендеттері алғаннан кейін мұндағы ахуал тіпті ушыққанын ойлап, енді Моңғолияға қоныс аударуға тәуекел етеді. Үріккен елдің арты қызыл өрт, алды тас қараңғы тұман. Артта қалған ағайын аман жүре ме, әлде бөтен, жат елге бет түзеген босқындар тірі қала ма? Бұл жағы да тұңғиық. Осы туралы терең ойлай келе Рүстем атам жүрегін жарып шыққан екі перзенті – екі тұқымын екі бөлек елде қалдыруды жөн көрген сыңайлы. Үлкен ұлы, көбінде Бұтабай нағашы атасына еркелеп, бауыр басып қалған Қадылбекті ата мекен Қазақстанға аманат етіп, кішісі Тойшанды Моңғолияға періште-тұмары етіп алып кетуді ойластырады. Батыр бабасы қаракерей Қабанбайдың аруағына сыйынып, қол жайып дұға етіп, болашақ ұрпақ Қазақ еліне қайта оралғанда Қадылбегім туыстық тамырды жалғайтын алтын дәнекер болсын деп ырымдап, тұңғыш ұлын нағашы апасы Зәуремен бірге шекарадан жасырын қайта асырып жібереді.
Босқындар Қытай, Шыңжан, Қаба ауданынан кіреді де бұрыңғы Сарсүмбе, қазіргі Алтай қаласына барып, сол жақтағы биік тау Өрмегейті асуымен Моңғолия жеріне асады. Әкем Сарсүмбе қаласына барып, Қыран өзенінен өткенін, сол өзенге салынған көпір үстінде Зуқа батырдың басын қытайлар аспақтап іліп қойғанын көзімен көреді. Өрмегейті асуынан атамыз ежелден дос-жаран болған руы керей, шеруші Айдархан көшімен бірге асады. Әкем ол кезде алты жасар бала, Пәней деген Айдархан атаның ұлы мінген тайыншаға мінгесіп, кішкене болғандықтан қалғып кеткенде ауып жығыла беріп, әурешілікпен Алтай тауының Қобда бетіне асады.
Ағаш уықты, киіз туырлықты Моңғол жерінде кең қолтық ағайындарға ауып барған ауылдар сіңіп, жаңаша тірлігін бастап кетеді. Алайда бұл тыныштық алты жылға ғана жалғасады. Қанқұйлы қызыл қырғынның қылышы Моңғолияға да жетеді. Сталиндік репрессия мұнда 1938 жылы басталады. Мәскеу режимі Моңғолияда Чойбалсан, ҚХР Шыңжанда Шың Шы Сайды қол-аяқ етіп, әлемде коммунистік-большевиктік төңкеріс жасауды, ол үшін Совет Одағынан қашып барған, кері төңкерісшіл бүлікшілерді алдымен ұстап жазалауды, қожа-молда, дәулетті байларды жойып, мал-мүлкін тәркілеуді талап етеді.
Сөйтіп, 1937-1938 жылдары Моңғолияда сталиндік-чойбалсандық зұлматта халық жауын «эсэргүү» (қарсылар) деп атап, айдар тағып, әшкерелеп құртудың жойқын жоспары құрылып, қанқұйлы науқан басталып, бейуаз жандардың қаны нақақ төгіледі.
Моңғолия халқынан 45-50 мың адам, яғни жалпы халықтың 8-13 пайызы нәубетке ұшыраған деген дерек бар. Соның ішінде саны 21 мыңға жетпейтін мұсылман қауымның 2 мыңнан астамы (Баабар. ХХ Зууны Монгол, Нүүдэл Суудал, Гарз Олз. Улаанбаатар, 1996.459-х), кейбір зерттеулерде 3270 адам нақақ жазаланғаны туралы мәлімет бар (Қинаятұлы Зардыхан. «Жылаған жылдар шежіресі». Алматы, 1995. 106-б.). Баян-Өлгий аймағында жарық көрген «Нәубет құрбандары» деген еңбекте 1240 адамның ақталғаны туралы ресми дерек берілген (Р.Зұрғанбайұлы. «Нәубет құрбандары». Өлгий-Ұланбатыр, 2007. 3-б.).
Нәубетте Совет Одағынан, революциядан қашқан деген жаламен алдымен найман руы мен бурят ұлтының адамдары ауыр зардап шегеді. Тіпті Совет Одағынан қашпай-ақ бұрыннан Моңғолияда өмір сүріп жатқан найман рулы адамдарды жаламен абақтыға қамап, оққа байлаған. Сол кезеңде салпаңқұлақ жалақор жандар пәле іздеп тап жауларын, революция дұшпандарын әшкерелеу сәнге айналыпты. Ал кең пейілді мейірбан жандар наймандарды өз руының адамы етіп жасырып, қолтығына паналатып, қорғап қалған оқиғалар да көп болған.
Халық жауы «эсэргүү» деген жаламен ұсталған адамдарды Қобда аймағына апарып түрмеге қамап, төңкеріске қарсылар, жапон тыңшылары деген секілді неше түрлі айып тағып, азаптап, қинайды. Ұсталғандар Қобда қаласының абақтысына сыймай кетеді, аштыққа ұшырап, сүзекке шалдығады, кезек-кезекпен ата береді. Ату жазасына бұйырылғандарды қаланың сыртындағы Қызыл таудың баурайындағы терең сайға апарып, қабір қазбастан атып құлата береді. Біздің әулеттен он шақты адам ұсталып, көбі ату жазасына кесіледі. Ол кездегі сот ісі, тергеу сауатсыз жүргізілгендіктен нақаққа ұшыраған адамдардың аты-жөні моңғол тілінің дыбысталуына бейімделіп қате жазылған, кейбірінің іс құжаты әлі анықталмай отырған жағдай бар.
1938 жылы репрессияға ұшыраған құрбандардың іс құжатына қарағанда төмендегі мәліметтер жазылғанын көруге болады. Ф.Щербина экспедициясында аты-жөні жазылған, Марқакөлде болыс болған бабамыз Сабырбай Қанжаұлының баласы молда атамыз Тыныбай Сабырбайұлының ісінде мынадай сөздер жазылыпты:
«Тыныбай Сабырбайұлы, 55 жаста, Қобда аймағының құрман сұмынына қарасты, отбасы екеу, әйелімен бірге тұрады. Жылқысы 1, түйе 1, қой-ешкісі 20. Бұрын-соңды қылмыс жасамаған. Ұсталар алдында қарапайым өмір сүрген. С.Тыныбай 1938 жылы маусымда саяси тұтқынға алынып, Мемлекеттік төтенше комиссияның 29 жиналысы үкімімен 19 тамыз күні ату жазасына бұйырылды».
Біздің әулеттен ату жазасына ұшыраған 5 адам бар, оларға Моңғолия мемлекеттік Ақтау комиссиясынан ресми құжат берілді. Олар: Тыныбай Сабырбайұлы, Уәлжан Сандықбайұлы, Тұрысбек Тоқтарбайұлы, Андызбай Ғабиып (Ақтау куәлігінде моңғолша Гарып), Андызбай Қабдолда. Түрмеге түсіп, он жылға сотталып аман қалған 3 адам бар. Олар атам Рүстем Сандықбайұлы, інілері Сіләм Тоқтарбайұлы, Уәләй Тұрабайұлы. Жасөспірім Ғабиып Андызбай шамамен 15 жаста, Қабидолда 16 жаста болған, екеуі шөмшек, отын теріп әкеп отырғанда тұтқындап, атып тастаған. Жалақорлар олардың жасын қасақана үлкейтіп көрсетіп, қанды тізімге тіркеп жіберген көрінеді. Әжеміз «Басқасын қойшы, гүлдей жайнап тұрған екі балапанға обал болды», – деп шәйіттерді жылап еске алып отыратын.
Өз атам Рүстем Сандықбайұлының ісінде «Сандықбай Рүстем 41 жаста, Қобда аймағы Бақат сұмыны 2 баққа (бригада) қарасты. Отбасы 4 адам,әйелі 1, баласы 1, ағасы 1. Дәулеті: жылқысы 3, сиыры 6, үйі 1. Бұрын қылмыс жасамаған. СССР қашқыны. Ұсталар алдында Бөхмөрөн деген жерде отырған. С.Рүстемді 1938 жылы 19 тамызда Мемлекеттік төтенше комиссияның қаулысының 43,47 бабы бойынша 10 жылға соттауға үкім шығарылды» деген сөздер жазылған.
Әкемнің айтуына қарағанда, атамды кешқұрым қараңғыда қара машинамен, жасыл қалпақ киген, қару асынған Қоғамды қауіптен сақтау комитетінің адамдары ұстап әкетеді. Жалпы, ол кезде машина өте сирек, ал саяси айыпты деп жала жабылған жандарды түн жамылып ұстайды екен. Ел ішін үрей жайлаған, машинаның дауысы шықса әйелдер жылап-шулап, адамдар үйінен далаға шықпай, үркіп-қорқып, есеңгіреп отырады екен. Ал егер машинаның жарығы түсіп, бұрылған болса сол үйдің адамдары зар еңіреп, «не жаздық, құдай-ай» деп ұлардай шулап, көріс айта бастайды екен. Түнде қараңғыда кенеттен машинаның дауысы естіліп, қараңғыны тіміскілеп тілген өткір сәуле біздің үйдің шаңырағына да түседі. Анамыз Нұриман көріс айтып жылай бастайды, атам басу айтып: «Бәйбіше, таза киімдерімді әкел, құдайдың басқа салғаны, қайратты бол, қайғырғаннан пайда жоқ, балаға ие бол, басқа айтарым жоқ, дәм-тұз бұйырса аман-есен құтылармын»,– деп киініп дайындалып, баласы мен жан жарының бетінен сүйіп, сабырға шақырып, ештеңе болмағандай шайын ішіп, әбіржімей отыра береді. Бейсауат қонақтар сау етіп кіріп келгенде үй-ішімен қоштасып, олардың ызғар шашқан қасіретті көлігіне отырып кетеді. Әкем ол кезде Құншан деген молдадан әптиек, құранды оқып ескіше таныған, енді жаңадан ашылған халық мектебінде оқып, сауат аша бастаған бала. Ертеңінде мектепке барады. Сөйтсе, сыныпқа күтпеген қонақ, арнайы орыннан, үстіне сарыала киім киген прокурор кіріп кеп, қаулыны ызбарлы үнмен оқи бастайды. Қаулысының мазмұны былай: «Мемлекетімізге қастандық жасағалы дайындалған, революцияға қарсы «эсэргүү», Совет Одағының қашқыны, жапонның тыңшысы болған халық жауларының балалары халық мектебінен қуылсын» деген үкім. Сонымен бір топ бала мектептен қуылады. Олардың қолындағы қалам-қарындаш, әліппе оқулығын тәркілеп алып қалады. Әкемнің досы, керей, ұзынмылтық Таймасұлы Бодаубай деген бала «Тойшан оқымаса мен де бұл мектепте оқымаймын» деп қалам-қарындашын, оқулығын өткізіп беріп мектептен шығып кетеді.
Моңғолияда Совет Одағының қашқыны деген желеумен бурят ұлты мен найман рулы адамдар алдыңғы ілекте ұсталып, аяусыз жанышталып, жазаланады. Қобда қаласындағы абақтыға халық жаулары толып сыймай кетеді, аш-жалаңаш, азап-қинауға төзбеген халық көтеріліс жасап, абақтыны бұзып қашуға әрекет етеді, бірақ оларды аяусыз қырып, оққа ұшырады. Өлім жазасына кесілгендерді Қобда қаласының шетіндегі Улаан богоч деп аталатын Қызыл жотаның ұра, сайына тасалап апарып, атып тастайды, жыраға сұлата салады. Қансырап құлағандар көмілмей көпке дейін ыңырсып жатып жан тапсырған деседі көргендер. Сегіз адамды қатар атқанда оқыстан біреуін оқ жанап өтіп, жарақат алып қансырап, тірі қалған тағдыр иелері болған деген де дерек бар. Бұл қасіретті мекенге СССР қашқындарының жазықсыз қаны көп төгілгендіктен жергілікті моңғолдар «Найман қырылған сай» деп атайтын болған, қазір де халық жадында солай сақталып қалса керек. Адамды нәсіліне, тегіне бөліп жаппай қырғындау науқанын осылайша сталиндік-чойбалсандық жүйе шімірікпей жүзеге асырады.
«Қазақ» газетіне демеушілік жасаған Ахмет ишан Оразайұлының тұқымы профессор, журналист Файзолла Оразаев осы қасіретті аузымнан естігенде «Қызылдардың қазаққа жасамаған қиянаты жоқ. Баяғыда біздің ауылға да ойран салып, «Шоштан руының адамдарын ұстап түгел қырыңдар» дейді жендеттер. Халық зар жылап, есінен адасады. Сонда байғұс бір өзбек қана «Бен шоштан емеспін, бен шоштан емеспін!» деп ойбай салып, шошынып шорши беріпті деген әңгіме бар. Шығыс Қазақстан облысы Күршім, Ақшиде 1930 жылдары үріккен елді пулеметпен атқылағандықтан «Ақ найман қырылған» деп аталған жер бар, онда жазықсыз жандардың сүйегі ақсөңке боп бүгінге дейін шашылып жатыр. Нәубет құрбандарының қырылған жеріне белгі орнату, естелік жазу, деректі зерттеу жасау, жадыны жаңғырту – сауапты іс қана емес, сондай жауыздық қайталанбау үшін жасалатын ащы сабақ» деген еді.
Менің әулетімнен Моңғолияда репрессия құрбаны болған 8 адам бар дедік, оның бесеуі ату жазасына ұшыраған, ал үшеуі дәм-тұзы таусылмай, Алла сақтап, он жылға сотталып тірі қалғандар. Бұл – ғайыптан келген тылсым жәрдем, Тәңірдің ерекше сыйы, маңдайға қонған бақ.
Атам Рүстем Сандықбайұлы абақтыда аш-арық, азап шегіп жатады. Тұтқындарды күнде азаптап сабап, қинаудың неше атасын көрсетеді. Қылмысын мойындату үшін аспақтап азаптайды, тырнағының көбесіне ине сұғады, еркектік мүшесінің үрпіне тікен, ши жүгіртіп қинайды. Қамалғандар аштықтан, сүзек ауруынан өліп жатқаны өз алдына бір төбе. Бір күні зор денелі, қайсар інісі Уәлжан Сандықбайұлын қолын артына байлап, таң ата атқалы жендеттер жалаңаштап алып бара жатады. Уәлжанның арқасындағы қайратты көкжалы тікендей тікірейіп кеткен деседі. Қасында тағы бір арып-ашқан құрбан бар. Ал атам бұларға түрменің тесігінен көзі шалып қарап отыр. Сонда Уәлжан айқайлап «Қош бол, Рүстем аға, қош бол, мен ақпын, нақақпын, біз ақпыз, шәйітпіз, о дүниеде, қиямет-қайымда кездескенше аман бол!» деп қоштасады.
Бір күні кезекті тергеуге атамды шақырады. Аштық меңдеп, көзі қарауытып, бұлдырап әрең ілбіп жетеді. Тергеуші қасындағы нөкеріне «бір кесе су әкел» дейді де оны атама ішкізеді. Қасындағы көмекшісіне «Шыға тұр» дейді, екеуі оңаша қалады. Содан тергеуші «Аға, мені танып отырсыз ба, мен сіздің ауылға көрші тұрған Чөгжинжав деген баламын ғой» деген де атам әрең-пәрең есін жияды, тани кетеді. Чөгжинжавтың әкесі дөрбет тайпасынан екен, атамызға көшіп келгенде ерулік беріп қарсы алып, дос-тамыр болыпты. Чөгжинжав мектепке барғанда атамның үйінде тұрып оқыған кездері де болған екен. Москваға оқуға аттанарда той жасағанда атамыз көрімдігіне ат беріпті. Чөгжинжав «Үлкен кісі, мен мұнда келмей тұрғанда туыстарыңыз атылып кетті. Оларға шара жоқ, мен Сіз бен Сіләм Тоқтарбайұлын құтқарам. Ол үшін сіздерді он жылға соттатамын. Басқа қолдан келер жоқ. Сіләмға менен сәлем жолдаңыз. Халық абақтыда қатты қиналып отыр, төзіп тұруға мүмкін емес. Бұлар кешікпей түрмені бұзып қашады. Сол кезде бауырыңызды қасыңызға алып қалыңыз, ешқайда қашпаңыз. Қашқандар оққа ұшады, үкімет іздестіріп тауып әкеп, тіпті ауыр жазалайды. Сондықтан сақ болыңыз, бұл туралы ешкімге тіс жарып айтпаңыз» деп шығарып салады.
Сонымен, нәтижесінде Моңғолия Төтенше мемлекеттік комиссиясының үкімімен Сандықбай Рүстемұлы 1938 жылы 19 тамыз күні 10 жылға, Сіләм Тоқтарбайұлы 1938 жылы 24 қазанда 10 жылға сотталып, Ұланбатыр тараптағы абақтыға жөнелтіледі.
Әлбетте, бұл біздің әулет үшін жаза емес, ұлы той еді, себебі «кісіге қылдай қиянат қылма, жақсылық жаса, сауабы қашан да алдыңнан шығады» деген бабалар өсиетінің орындалуының айқын дәлелі болатын.
Халық жауының баласы атанып, теперіш көргенімен ертерек ес жиып, етек жауып, ширай түскен әкеміз Тойшан әкесі мен ағасының сотталған соң ішкері жаққа, Ұланбатыр тарапқа жіберілгенінен хабардар болады. Ақыры он төрт жасқа толып ержеткен соң 1940 жылы жаз шыға анасына айтпай (егер анасы бұл туралы білсе, жалғыз ұлын жолға жібермес деген оймен), жасырын жол машинамен Моңғолияның астанасына сапарға аттанады. Жолда көрген қызық-қиындықтары мол-ақ. Ол астанадағы «Аж үйлдвэрийн комбинат», яғни «Өнеркәсіп комбинаты» деген ауданға жетіп, онда тұратын жездесі Ербай, апайы Қамар, жерлес ағасы Үлжарлардың үйін іздеп тауып алады. Туыстары әкесін түрмеден шығарғалы келген баланы әйгілі жазушы Құрманхан Мұқамадиұлына кездестіріп, мемлекет басшысының атына арыз жаздырып алады. Сол кезеңде мектепте кір-қоң жуушы, еден тазалаушы болып істеп жүрген Жәмила Әпсәлеңқызын жұмысшы табының әрі ұсақ ұлттың өкілі етіп депутатқа сайлаған екен. Үкіметтегілер бұл апайды «Жамила сайд/ Жәмила министр» деп құрметтейді. Қазақтар ол заманда арыз-шағымын Жәмила апайға берсе, ол кісі жасқанбай, жалтақтамай Чойбалсанға немесе Моңғолия Кіші Хуралының (парламенті) бастығы Г.Бумцэндіге енгізеді екен де жәрдем жасатады екен. Сондықтан халық «Оқыған-тоқыған қазақтар қалтырап-дірілдеп отырады, сауатсыз болса да Жәмила сайд ер көңіл, баршамызға қамқор, басқалардан мың артық болды», дейді екен.
Тойшанды үлкендер Жәмила сайдқа апарады, мұрнынан сөйлейтін кісі екен, амандасқан соң тура былай дейді: «Тойшан, балам, жақсы болды, сенің әкеңді түрмеден шығарып беремін» деп арызын алады да парламент бастығы Г.Бумцэндіге жетектеп ертіп барады: «Бұл он үш жасар жетім бала, әкесі түрмеге түскен екен, соны іздеп алыс Алтай тауынан 1700 шақырым жолды басып сізге келді, жәрдем берсеңіз» дейді. Халық армиясының партизаны, ұлт-азаттық күрестің қолбасшысы болған елжанды тұлға Г.Бумцэнд баланың арызын қолға алып, жағдайын естіген соң «Хөрхий, хөрхий/ Байғұс-ай, байғұсай» деп басын шайқап, жанашырлық танытып, «Бұл баланы алдымен жұмысқа орналастырып, жағдайын жасау қажет, әкесін ұлы Октябрь революциясының 24 жылдық мерекесінің құрметіне орай рақымшылықпен босату керек» деп құжатқа қол қояды.
Осылайша әулетіміздің қуанышының шымылдығы қайта ашылады, қасіреттің қапас түнегі түріле бастайды. Көп кешікпей дүниежүзілік ІІ қанды соғыс басталып кетеді. Ал әжеміз отбасымен қауышқан соң енді артта, Қазақстанда қалған тұңғыш ұлы Қадылбектің аман-сау жүруін бес уақыт намазына қосып, Алладан тілейді. Артында қалған ұлы мен жалғыз інісі Қаден Бұтабайұлының қан майданға аттанатынын сезіп, жүрегі қарс айырылып, Аллаға жалбарынады. Ақыры соғыс та аяқталады. Қаден нағашымыз қаза тауып, Қадылбек Рүстемұлы (құжаттағы фамилиясы нағашысының атымен Шатанов болып жазылған) Сахалин майданында соғысып, Куриль аралдарына табан басып, аман-есен Марқакөл, Катонқарағай өңіріне Қиыр-Шығыс әскери округінен 1947 жылы желтоқсанда оралады.
Қадылбек елге оралғанымен 1930 жылдары айырылған ата-анасы, туған-туысы Қытайда екен деп ойлаумен зарығып жүреді, сағынғанымен Совет Одағынан қашқан ата-анасы туралы тірі пендеге тіс жарып айтудың өзі ауыр қылмыс, олар кетісімен Бұтабай болыстың тұқым-тұяғы түгел ұсталып, мал-мүлкі кәмпескеленіп, Сібірге айдалған, атылған, қуғын-сүргінге толық ұшыраған. Жалғыз нағашы ағасы, өзіне серік болған Қаден қан майданда қаза болған. Қаденнің пысықтығының арқасында бұлар «халық жауы», «контрреволюционер тұқымы» деген айыптан құтылып, Зайсанның Боран селосында фамилиясын Бұтабайдың інісі Шатаның атына Шатанов деп түсіріп, із жасырып үлгеріпті. Ал үлкен нағашы ағасы Қаббас қуғын-сүргінге ұшырап, Түрксиб темір жолын салып айдауда жүргенде қайтыс болған (Кәрібек Шопатов. «Шығыстың жанған шырағы». Қараңыз:.https://didar-gazeti.kz/e-bekt-tittey-zhem-s/). Нағашысы Өтеулінің жан жары, өзіне пальто тігіп киізіп, көп қамқорлық жасаған Дариға болыстың да өмірі қуғын-сүргін шырғалаңына түскен. Қысқасы, елдің шығыс шекарасының берік қақпасы, құт-берекесінің тұтқасы болып отырған өз жұрты да, нағашы жұрты да ормандай оталып, теректей құлап қираған, тек селдіреп әлденеше түп жас өскін бұтақ, өзі құралыптастар ғана қалған.
1970 жылы жалғыздық құшағында жүрген Қадылбек үшін де, біздің барша әулет үшін де ұлы қуаныш, керемет жарқын оқиға болды. Моңғолия Баян-Өлгий аймағына жақын болғандықтан ептеп-септеп барыс-келіс орнаған көршілес Ресейдің Алтай республикасы, Қошағаш ауданында өмір сүретін немере атамыз Нәби Тұратбаев моңғолиялық туыстар туралы толық хабардар еді. Ол кісі бухгалтер болғандықтан сапарлап Шығыс Қазақстанға барған сайын Қадылбек туралы хабар-ошар сұраумен болады. Ақыры, Қадылбек бауыры Катонқарағайда тұрады дегенді естіп, үйіне іздеп барады. Екі ағайынды бір-бірін тауып алғанына мәз боп құшақтаса кетеді. Н.Тұратбаев «Сүйінші, сенің ата-анаң, бауырың Тойшан да аман-есен» дейді. Сонда Қадылбек «Ой, олар Қытайда ма?» деп сұрайды. «Жоқ, Қытайда емес, Моңғолияда. Моңғолия социалистік жүйеде, Совет Одағымен достас ел, қыдырып баруыңа болады» дегенде тіпті қуанып, бөркін аспанға атады.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі», «Таумен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі», «аман жүрсең алтын аяқтан су ішесің» деген. Біздің қуғын-сүргін көріп, үш мемлекетке бөлініп, шекара асып, нәубеттің қиянатты сотын, қанды соғыстың отын кешкен әулетіміздің тірілерінің басы 1970 жылы Баян-Өлгий аймағына Қадылбек атамыз барғанда қайта қосылып, ақ түйенің қарны жарылып, ұлан-асыр той жасалады. Рүстем атамыз ат шаптырып, палуан күрестіріп, бата-тілек жасап, өткенге салауат айтады. Қадылбек атам маған Ақеділ деп бай-бағлан болған арғы бабамыз Еділдің атын беріп, ақжолтай болсын деп ырым етіптді. «Ақеділ өзімнің балам, мен Қазақстанға кетем, сендерге жиі-жиі келіп тұра алмаймын, оған мүмкіндік жоқ, мені сағынсаңдар осы құлынымды мендей көріп, иіскеп, еркелетіп жүріңдер, бетін қақпай өсіріңдер» деп аманат етіпті.
Дүрбелеңді 1930 жылы боздап жылап ажырасқан әулетіміз тура қырық жылдан соң қайтадан аман-есен күлімсіреп қосылады, әжеміз тұла бойы тұңғышын аймалап сүйіп «арманым жоқ» деп шүкір етеді. Нұриман әжеміз 1977 жылы Алматыда, ҚазГУ-де (Қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) оқып жатқан қызы Күнішай Рүстемқызы апайдың ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына сапарлап, тұңғыш ұлының үйінде қонақ болады, Қазақстанда тұратын немерелерінің бетінен сүйіп, мауқын басады.
Иә, Рүстем атамыз 1930 жылдары елден ауғанда тұңғышы Қадылбегін түптің түбінде шетке кеткен біздің әулетті атамекенмен байланыстыратын алтын тамыр болады деп ақ тілек еткенін айттық. Қазақстан тәуелсіздік алған соң 1992 жылы біздің туыстарды Қадылбек атаның тұңғышы Ғабит ағамыз «Камаз» көлігімен Баян-Өлгий аймағынан көшіріп әкеп орналастырды.
Сонымен, елінен бес жасында айырылған әкем Тойшанның өмірбақи арманы қартайғанда орындалып, бүкіл бала-шағасымен бірге 1992 жылы ата жұртқа, Катонқарағай ауданына қоныс аударып, кіндік қаны тамған Марқакөлден дәм татып, қара мекендегі туыс туғанымен 62 жылдан кейін Қазақ елінің тәуелсіздігінің арқасында біржолата табысып, көзайым болып, мың жасады. «Таумен тау қосылмайды, ел мен ел қосылады», «аққа құдай жақ», «адалдың аты арымайды, тоны тозбайды» деген осы болар, сірә.

 

Ақеділ Тойшанұлы




ПІКІР ЖАЗУ