САРҚЫЛМАС ЖАНР

«Жұлдыздың» шеберлік мектебінің» бүгінгі дәрісін 1908-1981 жж…

өмір сүрген АҚШ жазушысы, новелла жанрында өзіндік із қалдырған Уильям Сароян оқиды.

Әңгіме – ұшы-қиырсыз әлем. Жазушылар бәрі жабылып жүріп күні бүгінге дейін осынау шексіз әлемнің титімдей бөлшегін ғана көрсете алғанына, ал жекелеген қаламгерлер ондағы формалардың мардымсыз бөлігін ғана игеретініне таң қаламын. Бұл сөз маған да қатысты, тіпті өзгелерге қарағанда көбірек қатысты болуы мүмкін.
Әңгіменің сюжеті тұрғысынан мүмкіндік толып жатыр, әңгімені құрайтын басқа құрамдас бөлшектерге мүлдем сан жетпейді. Өмірдің өзі сарқылмас қазына ғой, ал жазушы үшін мәңгі сарқылмайтын әдеби форма – әңгіменің өзі. Жазушылар жер бетінен жоғалып кетпесе және олардың жазуға деген құлшынысы басылмаса, әңгіме кез-келген формада көрініс беріп, кез-келген өлшемде де, стильде де жазыла береді, тіптен осылардың үшеуін де тас-талқан қылып бұзып тастауға құдіреті молынан жетеді.
Әңгіме – әдебиеттегі ең қарапайым жанр, ол есте жоқ ерте кездерде, адамдар жазу-сызуды әлі ойлап таппаған, қағаз да, баспа машинасы да, оны айтасыз, әдебиеттің өзі де болмаған замандарда күнделікті әңгімеден, әзіл-қалжың мен өсек-қауесеттен, әңгіме айтуға қабілетті адамдардың айла-шарғысы мен күтпеген жерден ойдан шығаруынан туындайтын болған. Ол кезде әр отбасында ең кемі бір әңгімеші болған, оның бірнешеу болуы да, тіптен сол отбасының мүшелері түгел әңгімешіл болуы да ғажап емес.
Әңгіме не үшін керек? Айту және тыңдау үшін. Әңгімені айтқанда бәрін істеуге болады: күлдіресің, көңілін аулайсың, еліктіресің, алдандырасың, үйретесің – әңгіменің ауқымы шексіз! Ол тірінің даңқын шығарып, өлінің қадірін арттырады, кейде соның екеуін де істей береді. Біреулерді қоғамнан аластаса, өзгелерді шат күлкіге кенелтіп, қуантуы да мүмкін.
Соның бәрін бұрын да білетінмін, ал қазір одан да терең сезінемін. Сол кездегідей, қазір де өзімнің арылып болмас кінәм мен күнәмді сезініп, адам төзгісіз, ақыл жетпес сәтсіздігіме қиналамын: мен түк те жаза алмаппын. Әдеби жанрлардың ең көнесі әрі ең шынайысы – әңгіме ұзақ уақыт бойы екінші дәрежелі жанр деп есептеліп келді, оны нағыз немесе үлкен әдебиет деп аталатын санатқа жатқызуды ешкім ойлаған да емес. Ондай әдебиетке тек роман жанры ғана жатқызылатын. Көптеген талантты новеллашылар әңгіме жанрында ешқандай байыпты да маңызды дүние туғызу мүмкін еместігіне амалсыздан сенуге мәжбүр болды. Роман жазбаған жазушыны қаламгерлердің қатарына да қоспайтын. Осы бір зиянды әрі ақылға сыймайтын пікірді таратқан баспагерлер-тұғын, оларды сыншылар шуылдасып қолдай жөнелді.
Нақты фактілерге сүйенсек, жағдай мынадай: атақты жазушылардың қолынан шыққан жүздеген романдар белгілі бір уақыт өткен соң оқуға жарамсыз болып қалады, әрі кеткенде, сол мәтіндерден антологияға енгізу үшін кейбір үзіктерін ғана алатын шығар, іс жүзінде бұл да әңгіменің бір түрі ғана.
Ал жақсы әңгіме әрқашан қызықты болып қала береді, кейде уақыт өте келе бұрынғыдан да қызықтырақ, тереңірек әрі керегірек бола түседі.
Өз басым әңгімеге қатысты ешқандай ереже болмауы керек деп есептеймін, бір ғана ереже: әңгіме өмір сүруге тиіс, ал оның қалай және не үшін өмір сүретінін бағамдап жатудың текке қажеті жоқ…
Әңгіме ойдағыдай болып шығуы үшін өмірге өмір нәрін сіңіру керек. Өйткені әңгіменің өзі өмірге деген құлшыныстан туады, сонымен бірге пайда болады, сол үшін өмір сүреді, ол өлгенде әңгіме де жоғалады,
Мен бұл жерде әңгімені қорғаштап, романға қастық ойлап тұрған жоқпын: әңгімені қорғаудың қажеті жоқ, романға қастық жасау да мүмкін емес. Адамзат бар кезде бұлардың екеуі де мәңгі жасай береді.
Алғашқы кітабым жарық көргеннен бері жылжып өткен отыз жылдың ішінде не болғанын жақсы түсінемін! Өмірдің зырқыраған ағынымен жүйтки жөнеліп, кейде жазбауға да болатынын ұмытып кете жаздаппын. Бар пәле мынада: жазуға машықтанып алған соң айдалаға лағып бара жатқаныңды аңғарсаң да үйреншікті ережелер мен схемалардың шеңберінен шыға алмай, әйтеуір бірдеңе жазып шығасың, кейде соның өзі онша жаман емес сияқты болып көрінеді, бірақ жаныңның терең бір түкпірінде – сол кезде де, кейін, арада біраз жыл өткен соң да – олай емес екенін біліп тұрасың, сол кезде өмірлік тәжірибеңнен, жазушылық шеберлігіңе сеніп кетуден, тыныш та жайлы өмірден, жалқаулықтан, оқырмандар мен сыншылардың пікірінен, редакторлар мен баспагерлердің тұжырымынан қорқып, бұғып қалмағаныңда одан да жақсы жазып шығар едің… Бірақ бұғып қалдың, енді несіне айтасың оны!
Құрып кетсін бәрі де! Әңгіме қандай болуы керектігі туралы теория атаулының бәрін мұрты едірейген немесе қанден итше шәуілдей жөнелетін кәрі қырт туралы бір ғана қысқа әңгіменің өзі-ақ тас-талқанын шығарады. Жақсы әңгіменің кейіпкері кәдуілгі тышқан ба, қалпақ па, банктің вице-президенті ме, ақшаны күреп табатын тіс дәрігері ме – кім болса да бәрібір – мәңгі өлмес тұлғаға айналып шыға келеді.

 

 




ПІКІР ЖАЗУ