ТАҒДЫРМЕН ТАМЫРЛАСҚАН ТАЛАНТ: Рахметолла Райымқұловтың әдеби әлемі

Жазушының дүниеге келуі – табиғаттың адамзатқа тартқан сыйы болса, оның әдебиетке келуі – халық рухының қажеттілігінен туындайтын құбылыс. Өйткені шынайы қаламгер белгілі бір уақыт пен кеңістіктің ғана перзенті емес, өзі өмір сүрген дәуірдің рухани айнасы, халықтың тарихи жадын сақтаушы, ұлттың жан дүниесін сөз өнері арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізуші тұлға. Нағыз таланттың өмір жолы өзі туған халықтың тағдырымен астасып, оның шығармашылық ғұмыры жеке бастың шеңберінен шығып, тұтас бір дәуірдің көркем шежіресіне айналады. Осындай биік өлшем тұрғысынан қарағанда, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Рахметолла Райымқұловтың шығармашылық болмысы айрықша бағалауды қажет етеді.
Рахметолла Райымқұлов – әдебиетке жай ғана қалам ұстаған адам ретінде келген жоқ. Ол – өз дәуірінің ащы шындығын көрген, халық басынан кешкен тарихи сынақтардың салмағын сезінген, заманның күрделі иірімдерін адам тағдыры арқылы таныта білген тағдырлы қаламгер. Оның өмір жолы мен шығармашылық әлемін бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Себебі жазушының шығармаларына үңілген сайын оның өмір сүрген кезеңінің тынысы, қоғамдық өзгерістердің табы, елдің басынан өткен ауыртпалықтар, қарапайым адамның қуанышы мен қайғысы, үміті мен күдігі, арман-аңсары қатар көрінеді.
Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы қазіргі Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының Бостандық ауданына қарасты Қараманас ауылында дүниеге келген. Оның туған жері мен шығармашылық әлемі арасында табиғи сабақтастық бар. Ол қазақтың дәстүрлі ауылдық ортасын, оңтүстік өңірдің өзіндік рухани-мәдени болмысын, адамдардың мінез-құлқын, тұрмыс-тіршілігін бала кезінен танып өсті. Кейін бұл өмірлік тәжірибе оның көркем шығармаларының ең қуатты қайнарларының біріне айналды.
Адамның тағдырын оның өмір сүрген уақытынан бөліп қарауға болмайды. Ал Рахметолла Райымқұлов өмір сүрген ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқы үшін аса ауыр, күрделі әрі қайшылықты тарихи кезеңдердің бірі болды. Азамат соғысының зардабы, ел ішіндегі әлеуметтік жіктелу, ұжымдастыру мен колхоздастырудың ауыр салдары, ашаршылық нәубеті, халықтың босуы, ұлттық демографиялық қасірет, саяси қуғын-сүргін, одан кейінгі Екінші дүниежүзілік соғыс, соғыстан кейінгі ауыр жылдар, қоғамдық-саяси «жылымық», кейінгі тоқырау кезеңі – мұның бәрі бір адамның ғұмырына сыйған тұтас тарихи дәуір еді.
Бұл дәуірде қазақ халқы тек экономикалық немесе саяси сынақтарды ғана бастан өткерген жоқ. Ұлттық болмысқа, тілге, мәдениетке, дәстүрге, тарихи санаға қатысты күрделі өзгерістер де жүрді. Ұлттық мектептердің тағдыры, ана тілінің қоғамдық қолданысы, руха­­ни құндылықтардың сақ­та­луы секілді мәселелер қоғам­ның ішкі өміріне айрықша әсер етті. Мұндай кезеңде әдебиеттің міндеті де ауырлай түсті. Сөз өнері халықтың рухани жадын сақтайтын қуатты құралға айналды. Қаламгерлер көр­кем шығарма арқылы айты­луы қиын шындықты ишара­мен, образбен, адам тағдырымен жеткізді.
Рахметолла Райымқұ­лов­тың шығармашылық мұра­­сын осы тарихи-мәдени контекстен тыс қарастыру оның суреткерлік болмысын толық түсінуге мүмкіндік бермейді. Оның шығармаларындағы тарихи шындық – құрғақ дерек емес, адамның жан дүниесіне айналған шындық. Жазушы үшін тарихтың ең басты өлшемі – адам. Сондықтан ол үлкен қоғамдық өзгерістерді жеке адамның тағдыры, мінезі, таңдауы, ішкі күйзелісі арқылы танытады. Осы ерекшелігі оның прозасына психологиялық тереңдік пен әлеуметтік салмақ береді.
Қаламгердің өмір жолына көз салсақ, оның журналистика мен әдебиет саласында да үлкен тәжірибе жинақтағанын көреміз. Ол 1930-жылдардың ортасында Ташкенттегі педагогикалық институтта оқып, кейін Алматыдағы Қазақ коммунистік журналистер институтында білім алған. 1939 жылы оқуын аяқтап, баспасөз саласында қызмет атқарды. 1941 жылы майданға аттанып, 1946 жылдың қаңтарына дейін әскери қатарда болды. Соғыстан кейін журналистика мен әдебиет саласындағы қызметін жалғастырды. «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» секілді басылымдармен шығармашылық байланыста болды, редакторлық әрі ұйымдастырушылық қызметтер атқарды. Бұл тәжірибе оның қаламгер ретінде қалыптасуына, сөздің қоғамдық қуатын терең сезінуіне үлкен ықпал етті.
Майдангер жазушының шығармаларындағы соғыс тақырыбының салмағы да осындай өмірлік тәжірибемен сабақтас. Соғыс туралы жазу – соғыс жылдарын еске түсіру ғана емес. Ол – адамзаттың ең ауыр қасіреттерінің бірін қайта зерделеу. Майданды көзімен көрген, қаруластарының қазасын бастан өткерген адамның соғыс туралы әрбір сөзі табиғи түрде шынайы болады. Сондықтан Рахметолла Райымқұловтың соғыс тақырыбындағы шығармаларынан тарихи оқиғаның сыртқы көрінісімен бірге адам жүрегінің дірілі, сағыныштың салмағы, ажалдың суық лебі, өмірге деген құштарлық сезіледі.
Қаламгердің әдебиетке келуі қазақ прозасының қарқынды дамып, жанрлық мүмкіндіктерінің кеңейіп жатқан кезеңімен тұспа-тұс келді. ХХ ғасырдың елуінші, алпысыншы, жетпісінші жылдары қазақ әдебиетінде аса қуатты шығармашылық буын қалыптасты. Бұл кезеңде прозада тарихи сана, ауыл өмірі, соғыс тақырыбы, адам мінезі, қоғамдық өзгерістер, моральдық-этикалық мәселелер кеңінен көтерілді. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ілияс Есенберлин және басқа да көрнекті қаламгерлер ұлттық прозаның көркемдік кеңістігін кеңейтті. Осындай әдеби ортада Рахметолла Райымқұлов та өзіндік үні мен дара қолтаңбасын қалыптастырды.
Оның ерекшелігі – ешкімге ұқсамайтындығында ғана емес, қазақ прозасының дәстүрлі арнасын өзіндік көркемдік ізденістермен байыта білуінде. Ол халықтық баяндау үлгісін заманауи прозаның психологиялық мүмкіндіктерімен ұштастыра білді. Кейіпкер мінезін әрекет үстінде ашты. Диалогты табиғи қолданды. Портреттік сипаттаманы психологиялық детальмен сабақтастырды. Табиғат суретін кейіпкердің көңіл күйімен астастырды. Соның нәтижесінде оның шығармаларында оқиға мен адам, орта мен мінез, тарих пен тағдыр бір-бірінен ажырамайтын тұтас көркем жүйеге айналады.
Жазушының алғашқы кітабы – 1958 жылы жарық көрген «Уәде» әңгімелер жинағы. Бұл – қаламгердің әдебиеттегі үлкен жолының бастауы. Кейін «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам», «Көкжал», «Бұрылыстар», «Қыз-айна», «Болаттың сынығы», «Бала жігіт» сияқты шығармалары жарық көріп, оның әдеби ортадағы беделін орнықтырды. Кейінірек қаламгердің «Қара жорға» романы жарияланып, шығармашылық мұрасының ауқымы кеңейе түсті. Жазушының шығармалары екі томдық және үш томдық жинақтарға енгізіліп, кейінгі жылдары да қайта басылды.
Рахметолла Райымқұлов әдебиетке ең алдымен әңгіме жанры арқылы келді. Әңгіме – көлемі шағын болғанымен, көркемдік жауапкершілігі аса жоғары жанр. Мұнда жазушының артық сөзге орын бермей, аз ғана кеңістікте үлкен өмір шындығын таныта білуі қажет. Кейіпкердің мінезін бір ғана қимылмен, бір ғана сөзбен, бір ғана детальмен ашу – шеберліктің белгісі. Райымқұлов әңгімелерінде осы ықшамдық пен мазмұн тереңдігі үйлесім тапқан.
«Тапқыр бала», «Сүлекеңнің намазы», «Кукареку», «Уәде», «Тергеуші», «Тиын», «Қаймақ», «Көкжал», «Бұрылыстар» тәрізді шығармаларынан қаламгердің сюжеттік ширақтыққа, тосын композициялық шешімге, юмор мен шындықты табиғи ұштастыруға бейімдігі көрінеді. Кейбір әңгімелерінде халық ауыз әдебиетінің сюжеттері мен баяндау дәстүрлері жаңаша көркемдік сипат алады. Бұл – жазушының ұлттық әдеби дәстүрді жақсы меңгергенін ғана емес, оны жаңа көркемдік деңгейде пайдалана алғанын көрсетеді.
Райымқұлов прозасының маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның қарапайым адамды әдебиеттің үлкен нысанына айналдыра білуі. Оның кейіпкерлері көбіне күнделікті өмірде көзге түсе бермейтін қарапайым адамдар. Бірақ жазушы олардың тіршілігіне терең үңіледі. Сырттай қарағанда елеусіз көрінетін тағдырдың ар жағынан үлкен адамдық драма, моральдық таңдау, рухани күрес көрінеді. Осы арқылы қаламгер қарапайым адамның өмірін үлкен әдеби мәселеге айналдырады.
Оның «Жасыл белес» повесі осы тұрғыдан ерекше мәнге ие. Шығармадағы Меңсұлу бейнесі – соғыс жылдарындағы қазақ әйелінің тағдырын танытатын көркем образдардың бірі. Меңсұлудың басындағы ауыртпалық – бір адамның ғана қасіреті емес. Оның тағдырынан соғыс салған жараның тұтас қоғамға түскен ізін көруге болады. Сағыныш, жалғыздық, төзім, үміт, өмірге деген сенім – осының бәрі кейіпкер болмысында бір арнаға тоғысады.
Жазушы соғыс трагедиясын әсіре пафоспен емес, өмірдің өзіне тән қарапайым детальдар арқылы береді. Оның көркемдік тәсілінің құндылығы да осында. Шынайы трагедияны айқайлатып айтудың қажеті жоқ. Кейде бір ғана үнсіздік, бір ғана күту, бір ғана көзқарас немесе бір ғана қарапайым әрекет үлкен қасіреттің салмағын сезіндіре алады. Рахметолла Райымқұлов осындай көркемдік детальдың табиғатын терең меңгерген қаламгер.
«Түйелі адам» повесі де жазушының әлеуметтік-психологиялық ізденістерін танытатын маңызды туынды. Шығармадағы тартыс арқылы әртүрлі әлеуметтік ортадағы адамдардың қарым-қатынасы, адам мінезінің күрделі иірімдері, әділет пен әділетсіздік, үстемдік пен тәуелділік мәселелері көрініс табады. Бұл шығарманың өмір шындығына жақындығы, кейіпкерлерінің есте қаларлық сипатта жасалуы Райымқұлов прозасының әлеуметтік қуатын танытады.
«Балдақты адам», «Бала жігіт», «Көкжал», «Бұрылыстар», «Қыз-айна», «Перделі пенде» секілді шығармалары да қаламгердің тақырыптық ізденісінің кеңдігін аңғартады. Бір шығармасында адам мен қоғам қарым-қатынасын алға шығарса, енді бірінде мінез табиғатын, тағдырдың адамға салған салмағын, рухани таңдаудың мәнін тереңдетеді. Осы шығармалардың барлығын біріктіретін ортақ өзек – адам болмысына деген суреткерлік қызығушылық.
Рахметолла Райымқұловтың шығармашылық әлемін биіктететін басты сипаттардың бірі – реализм мен романтикалық сезімнің табиғи сабақтастығы. Ол өмірді боямасыз көрсетуге ұмтылады, бірақ өмір шындығын құрғақ натуралистік баяндаумен шектемейді. Оның шығармаларында адам арманы, үміті, табиғат сұлулығы, рухани ізгілік секілді эстетикалық құндылықтар да қатар өріледі. Сондықтан қаламгер прозасынан қатал өмір шындығы мен адам жүрегіндегі жарық сәуле қатар көрінеді. Бұл қасиет оның туындыларына эмоционалдық тереңдік береді.
Рахметолла Райымқұловтың шығармашылық мұрасындағы аса ірі белестердің бірі – «Қара жорға» романы. Бұл туындының көркемдік құрылымы, тақырыптық ауқымы, тілдік ерекшеліктері мен поэтикалық жүйесі арнайы ғылыми зерттеуді қажет етеді. Зерттеушілер де романның поэтикасына, тілдік табиғатына назар аударып келеді. Мәселен, «Қара жорғадағы» соғыс жылдарындағы майдан мен тыл өмірінің байланысы, оқиға желісінің күрделілігі, автордың көркем сөз қолдану шеберлігі шығарма поэтикасының маңызды белгілері ретінде қарастырылады.
«Қара жорғаның» атауының өзі символдық мәнге ие. Күй, ат, әке мұрасы, балалық шақтың елесі, туған жердің рухы – осы ұғымдардың барлығы шығармадағы көркемдік әлеммен астасып жатады. Қара жорға образы арқылы өткен мен бүгін, әке мен бала, ұлттық жад пен жеке адамның естелігі, өнер мен өмір арасындағы рухани сабақтастық аңғарылады. Осы тұрғыдан алғанда, роман атауының өзінде-ақ жазушының ұлттық дүниетанымға терең бойлайтын көркемдік ұстанымы байқалады.
Мен филология ғылымдарының философия докторы ғылыми дәрежесін алу үшін қорғаған диссертациялық зерттеуімде Рахметолла Райымқұловтың «Қара жорға» романын зерттеу нысандарының бірі ретінде алып, шығарманың тілдік ерекшеліктеріне арнайы тоқталған едім. Романды ғылыми тұрғыдан зерделеу барысында жазушының сөздік қорды пайдалану шеберлігіне, ұлттық тілдің бейнелеу мүмкіндіктерін кеңінен қолдануына, жергілікті тілдік ерекшеліктерді көркемдік мақсатта жұмсауына назар аудардым. Романдағы тілдік қабаттардың молдығы шығарма кеңістігінің әлеуметтік-мәдени сипатын тереңдете түседі. Зерттеулерде де «Қара жорға» мәтініндегі ұлттық және өңірлік лексиканың көркемдік қызметіне назар аударылған.
Бұл романды қайта оқыған сайын жазушының көркемдік ойлау жүйесінің тереңдігіне көз жеткізе түсесің. Бір ғана шығарма арқылы тұтас бір дәуірдің әлеуметтік тынысын, ауыл өмірінің ерекшелігін, соғыс жылдарының ауыр салмағын, адам мінезінің өзгеруін, ұлттық дүниетанымның көріністерін байқауға болады. Сондықтан «Қара жорғаны» тек оқиғалы шығарма ретінде бағалау жеткіліксіз. Оның ішкі құрылымында тарихи сана, ұлттық жад, адам психологиясы мен көркемдік символика тоғысқан.
Рахметолла Райымқұловтың жазушылық шеберлігі ең алдымен тілінен танылады. Оның тілі – өмірдің өзінен алынған табиғи тіл. Жасанды әсірелеуден ада, қарапайым көрінгенімен, мағыналық қабаттары терең. Жазушы сөздің тек ақпарат жеткізуші қызметімен шектелмей, оның эстетикалық, экспрессивтік, ұлттық-мәдени мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланады.
Шынайы қаламгердің өзіндік стилі дегеніміз – оның сөз саптауынан ғана емес, дүниені қабылдауынан көрінеді. Рахметолла Райымқұловтың стилінде өмір құбылыстарын нақты байқау, адам мінезін дәл тану, детальды орнымен қолдану, оқиғаны ширақ дамыту, кейіпкердің психологиялық әлемін әрекет арқылы таныту секілді белгілер айқын аңғарылады. Оның сөйлемдері оқиғаның динамикасын сақтай отырып, кейіпкер болмысын ашуға қызмет етеді. Сондықтан жазушы шығармаларының оқылымы жеңіл болғанымен, олардың мазмұндық астары терең.
Қаламгердің әдеби мұрасы прозамен ғана шектелмейді. Ол драматургия саласында да өнімді еңбек етті. «Ашынған жандар», «Мөлдір аспан» тәрізді драмалық туындылары театр және радио сахналарына жол тартты. Бұл шығармалардың сахналануы жазушының көркемдік ойының оқырманмен ғана емес, көрерменмен де тіл табыса алғанын көрсетеді.
Рахметолла Райымқұловтың қаламгерлік қызметінің тағы бір маңызды қыры – аудармашылық еңбегі. Ол Садриддин Айнидің «Бұхара» трилогиясының екі кітабын қазақ тіліне аударған. Бұл оның түркі халықтарының әдеби-мәдени мұрасын жақындастыруға да еңбек сіңіргенін көрсетеді. Оның шығармаларының бірқатары орыс тіліне аударылғаны да қаламгер мұрасының кеңірек мәдени кеңістікке шыққанын аңғартады.
Рахметолла Райымқұлов шығармашылығының тағы бір маңызды қыры – оның қазақ және өзбек халықтарының рухани-мәдени байланыстары тоғысқан кеңістікте қалыптасуы. Оның туған жері бүгінгі Өзбекстан аумағында орналасқан. Осы тұрғыдан алғанда, қаламгердің шығармашылық мұрасы екі ел арасындағы тарихи және мәдени сабақтастықтың бір көрінісі ретінде де бағалы. Қаламгердің мұрасын ұлықтау – бір ғана әдеби тұлғаны дәріптеу емес, бауырлас халықтардың ортақ рухани кеңістігін қадірлеу болып табылады. Бұл мән оның есімінің Өзбекстандағы білім ордасына берілуінен де анық көрінеді: мұндай бастама ортақ мәдени мұраға деген құрметтің және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рухани-гуманитарлық байланыстың символдық көрінісі ретінде бағаланған.
Уақыттың ең әділ таразы екені рас. Белгілі бір кезеңде танымал болған шығарма кейін ұмытылуы мүмкін. Ал кейде өз дәуірінде лайықты бағасын толық ала алмаған туынды уақыт өте келе қайта жаңғырып, жаңа оқырманға жаңа қырынан танылады. Рахметолла Райымқұлов мұрасы да осындай қайта бағалау үдерісін бастан өткеріп отыр. Оның шығармаларының кейінгі жылдары қайта басылуы, таңдамалы жинақтарының жарық көруі, қаламгер туралы зерттеу еңбектерінің жазылуы – оның әдеби мұрасының өміршеңдігін танытады. 2023 жылы жазушының 110 жылдығына байланысты Ташкентте арнайы мәдени шаралар өткізіліп, оның шығармашылық мұрасын насихаттауға бағытталған жаңа басылымдар таныстырылғаны да осы сабақтастықтың бір көрінісі.
Рахметолла Райымқұловтың әдеби мұрасын бүгінгі ұрпаққа таныту – өткенді жай ғана еске алу емес. Бұл – ұлттық әдеби жадыны жаңғырту. Өйткені әдебиет тарихы тек атақты есімдерден тұрмайды. Оның шынайы байлығы – әр дәуірде халықтың рухани болмысына өзіндік үлес қосқан қаламгерлердің шығармашылық мұрасынан құралады.
Райымқұлов шығармаларын қайта оқу арқылы біз ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының әлеуметтік-психологиялық болмысын тереңірек тани аламыз. Оның кейіпкерлері арқылы сол дәуірдегі адамның ойлау жүйесін, арманын, қорқынышын, үмітін, мінезін танимыз. Оның тілінен ұлттық сөз өнерінің табиғи қуатын сезінеміз. Оның сюжеттерінен тарихи кезеңнің күрделі тынысын аңғарамыз. Ал шығармаларындағы адамгершілік, әділет, адалдық, төзім, ізгілік идеялары уақыт өткен сайын өз маңызын жоғалтпай, керісінше, бүгінгі қоғам үшін де аса қажетті рухани бағдарға айнала түседі.
Шын мәнінде, Рахметолла Райымқұловтың әдеби әлемін бір ғана анықтаманың аясына сыйғызу қиын. Ол – жазушы, прозаик, драматург, журналист, аудармашы. Бірақ осы атаулардың бәрінен биік тұратын бір ұғым бар. Ол – халықтың сөзін сөйлеген суреткер.
Оның шығармаларына үңілген сайын бір нәрсе анық сезіледі: қаламгер өмірді сырттай бақыламаған. Ол өмірдің өз ішінде жүрді. Қарапайым адамдармен бірге тыныстады. Соғыс ауыртпалығын көрді. Қоғамдық өзгерістердің салмағын сезінді. Заманының қайшылығын таныды. Бірақ соған қарамастан, адамға деген сенімін жоғалтпады. Оның кейіпкерлерінің тағдырында қанша қасірет болса да, сол қасіреттің арасынан үміттің сәулесі көрініп тұрады.
Бұл – жазушының адамға деген үлкен сенімінің белгісі.
Рахметолла Райымқұлов шығармаларының құндылығы да осында. Ол адамды әлсіздігімен ғана емес, рухани қуатымен де көрсетті. Ол тағдырдың ауырлығын ғана емес, адамның тағдырға қарсы тұрар қайратын да танытты. Ол тарихтың қасіретін ғана емес, сол тарихтың арасынан адамдық қасиетті сақтап қалған тұлғалардың рухани биігін де көрсетті.
Сондықтан Рахметолла Райымқұловтың әдеби мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізу – бір қаламгердің есімін жаңғырту шеңберінен әлдеқайда кең ұғым. Бұл – ұлттық мәдениеттің сабақтастығын сақтау, тарихи сананы тереңдету, әдеби жадымызды жаңарту, ана тіліміздің көркемдік қуатын бағалау.
Қаламгердің өмірден өтуі оның шығармашылық ғұмырының аяқталуы емес. Нағыз суреткердің екінші ғұмыры дәл сол тұстан басталады. Оның жүріп өткен жолы – тарихтың бір бөлігіне, жазған сөзі – рухани мұраға, сомдаған кейіпкерлері – халық жадындағы көркем бейнелерге айналады. Рахметолла Райымқұловтың да әдеби ғұмыры осылай жалғасып келеді.
Оның шығармалары бүгін де оқылады. Зерттеледі. Бағаланады. Жаңа ұрпаққа таныстырылады. Әр оқылған сайын қаламгердің көркем әлемінен жаңа бір мағына табылады. Бұл – шынайы әдебиеттің өміршеңдігінің ең үлкен дәлелі.
Рахметолла Райымқұлов – уақыттың өткінші ығына еріп жоғалатын қаламгер емес. Оның шығармашылығының өзегінде адам тағдыры, халық тарихы, ұлттық сана, туған жер, туған тіл, адамдық парыз, адалдық пен ізгілік секілді мәңгілік құндылықтар жатыр. Ал мәңгілік тақырыптар арқау болған шығарма ешқашан ескірмейді.
Бүгін біз Рахметолла Райымқұлов туралы айтқанда, өткеннің бір парағын ғана парақтап отырған жоқпыз. Біз ұлттық әдебиетіміздің бір биігіне қайта қарап отырмыз. Біз өзіміздің рухани тамырымызды түгендеп отырмыз. Біз әдебиет атты ұлы әлемде өзіне тиесілі із қалдырған қаламгерге тағзым етіп отырмыз.
Рахметолла Райымқұлов – тағдырлы қаламгер.
Оның тағдыры – халқымыздың тағдырымен сабақтас.
Оның шығармалары – өзі өмір сүрген дәуірдің көркем шежіресі.
Оның кейіпкерлері – халық өмірінің алуан қырын танытатын рухани бейнелер.
Оның тілі – ұлттық сөз өнерінің құнарлы арнасының бірі.
Оның мұрасы – бүгінгі ұрпаққа табыстар рухани аманат.
Сондықтан Рахметолла Райымқұловтың есімін ардақтау – бір тұлғаны ұлықтау ғана емес, ұлт әдебиетіне, ұлттық руханиятқа, тарихи жадыға деген құрмет.
Көркем сөздің қасиеті де, қаламгердің бақыты да – оның сөзі өзінен кейін өмір сүргенінде.
Адам өмірден өтеді.
Дәуір өзгереді.
Уақыт көшеді.
Бірақ халықтың жүрегінен орын алған шығарма жоғалмайды.
Өйткені шын таланттың ғұмыры күнтізбемен өлшенбейді.
Оның ғұмыры – оқырман жүрегіндегі жаңғырықпен өлшенеді.
Рахметолла Райымқұловтың қаламы қалдырған сол жаңғырық әлі де естіліп тұр. Ол жаңғырық – туған жердің үні, халықтың үні, тарихтың үні, адамдықтың үні.
Ал мұндай үн уақыт өткен сайын өшпейді.
Керісінше, ұрпақтан ұрпаққа жеткен сайын оның мәні тереңдеп, мағынасы биіктей береді.
Рахметолла Райымқұловтың әдеби мұрасы – өткеннің естелігі ғана емес, бүгіннің тағылымы, ертеңнің рухани азығы. Оның есімі мен шығармалары қазақ әдебиетінің кең төрінде лайықты құрметпен атала беруге тиіс.

Бауыржан САЙФУЛЛАЕВ,
Низами атындағы Өзбекстан
ұлттық педагогика университеті
Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының философия докторы




ПІКІР ЖАЗУ