БОЗҚАНАТ пен БОЗСӘУЛЕ

Күз мезгілі. Ұсақ құстар әлдеқашан қайтқан. Қыс жайлы болатынын аңғартып, тырналардың топ басшысы Нарқұс бұларға ең соңында ұшатын­дарын хабарлаған.
– Қорғалжын қорығына жеткенше Көккөлде бір-екі күн дамылдаймыз. Арамызда үлкендеріміз, сынық қанаттыларымыз бар. Солар әл жисын, әрі ол жер қауіпсіз, – деген.
Көккөл – Әулиеата аумағындағы Қарақыстақ ауылындағы Мақпал тауында. Таудың ұшар басына орналасқан, тарихы аңызға толы көл. Бұлар ұшып келгенде көл аспандағы бұларға мөлдіреп қана қарап тұрған. Ағып келіп қосылып жатқан су да, ағып кетіп жатқан жырасы да жоқ. Желпіп тұрған самалмен беті тербеліп тұрғаны болмаса, айнала тыныш. Тырналардың көлеңкесі ғана көл бетінде тербеліп дірілдейді.
Бозқанат пен Бозсәуле биылғы балапандар болғандықтан, мына дүниеге таңырқаудан жалығар емес. Желмен тербелген шөпке, жайқалған гүлге ішектерін тарта таңқалады. Көлдің аумағын Бозсәуле жүрекке ұқсатса, Бозқанат адамның басына ұқсатып, екеуі біраз дауласып та қалған. Көл жиегі тарбиған бұталарға толы екен.
– Мына ағаштар қашаннан бері бар болды екен, – деп қалды Бозсәуле.
– Динозавр заманынан бері шығар…
Бозқанаттың сөзіне құрықтай мойнын алға, аяқтарын артқа серпіп, өзімен қатарласа, созыла, еркелеп ұшып келе жатқан Бозсәуле әуезді үнімен саңқ ете жауап берген. Тырналар тарихты динозавр дәуірінен бастайтындарын екеуі де біледі. Өздерінің ең ежелгі тіршілік иелерінің ұрпағы екендіктерін, құсқа ұқсас динозаврлардан шыққандарын мақтаныш тұтады. «Менің Бозсәулемнің үні темірді темірге ұрғандай құры құр-құрлайтындардың қатарынан емес. Сыбызғыдай сызылып тұр ғой. Қанатындағы күлгін-сұр қауырсындары, мойнындағы, басындағы, тамағының астындағы ашық қара түсті қауырсындары бүгін өзгеше құлпырып тұр. Сұлу екен ғой өзі», – деп жұтынып қалғанда кеңірдегіндегі түйіндері ары-бері қозғалақтап кетті. Қауырсын ауыстыратын кезде қалың қамыс арасына барып, 2-3 күн шықпай жасырынған әдебі көз алдына келгенде Бозсәулені қанатымен жебей, бауырына тарта түсті.
– Бозқанат! – дегенде үні баяу шықты. – Өткен жолы Бозықанмен неге төбелестің?
– Ол ашудан туған төбелес емес, біздің ұямызға жақындағанда тоқтатқаным ғой. Оған шекараны түсіндіріп қояйын дегенім. Ұямыздың шайқалғанын қаламаймын, – дегенде Бозқанаттың тамағындағы түйіндері ары-бері қозғалып кетті.
– Төбелес, айтары жоқ, ғажап болды. Ондай әдістерге қайдан үйреніп жүрсің?
– Бірде қатты, бірде баяу соғатын желден үйрендім десем сенбессің, ол біздің таным кодымызда бар, мен саған атамның бабаларымның бабасынан естіген аңызды айтайын. Ерте, ерте, ертеде, аттың жалында, атанның қомында, аласапыран жаугершілік бір кезеңде өмір кешкен башқұрттар Еділді бойлап көшіп келе жатып орыстың қарулы зеңбірегіне тап болады. Қанды дала, бораған оқ. Айнала өрт. Зулаған ажал оғының түтіні көзге ешнәрсені көрсетпейді. Қастарындағы теңіздің қолынан келгені тебірену, шың-құздың қолынан келетіні шайқалу ғана болып қалған бір кез болыпты. Кейін шегінуге артта – Еділ, алдыға жүрейін десе – үңірейген зеңбірек. Үрейден жүрек жарылардай болған бір сәтте аспанды қап-қара бұлт басады да, дұшпанның көзі тұмшаланады. Не болғанын білмеген жау қатты сасқалақтайды. Көш ойпаң-тойпаңы шығып қалған қалың әскердің қапталынан өтіп те үлгереді. Сөйтсе, қара бұлт дегені аспанды торлап көшке жол ашқан тырналар екен. Естерін жинап, етектерін жиған соң башқұрттар тырнаға арнап «Сыңрау торна» деген күй шығарып, «Тырналар әні» деген балет қойыпты.
«Ұзын-ұзын жол келер,
Ұзын жолдың бойында
Ұзын-шұбар қол келер.
Қол бастаған кім десем,
Ұзын сирақ, қысқа тон
«Ұзақпай» деген зор келер», – деген жұмбақтағы Ұзақпай деген кісі осы Бозықанның бабалары, баяғы аспанды торлап, башқұрттарға жол ашқан тырналар көсемі деген аңыз бар. Қытайдағы «Тырна әдісі» деген төбелес те сол тырналардың көсемінен қалған. Сол мықтылардың бүгінгі тұқымы азып бара жатқандай. Бозықан өткен жолы «тырнадан сүйкімсіз құс жоқ, мен көбелек боламын деп, көбелекке айналып, қарға қанатымен жалп еткізіп, бір-екі күн есін жия алмай жүрген. Одан бір псевдопсихологтың тренингіне барып «мен желбезегі жалт-жұлт еткен балық боламын» деді. Болды. Шортанға жолығып, өліп қалайын деп тұрған жерінен анасы құтқарды. Болған істен сабақ алмайтын неме ертесі көкқұтаның тұмсығына ілініп кете жаздап, сонда да қоймай «Ең мықты – арыстан. Мен арыстан боламын деп ақырып жүргенінде адамның торына түсіп қалып, аталығы мен аналығының беделін сыйлаған тырналар «бұл арыстан емес, тырна еді, балалығынан осындай іске шатысып қалды» деп құтқарған. Тырна деген абыройынан жұрдай болып, ана ұяның жанына бір келіп, мына ұяның жанына бір келіп, жыныма тигені рас», – деп Бозқанат Бозсәулені қанатының астына тартты. Бозсәуле:
«Кейде маған қайтпай қалған майданнан
Қайран ерлер ерте үзілген гүлдердей.
Қабірде емес, сонау биік заңғарда
Әппақ, әппақ құс боп ұшып жүргендей.
Келеді, ұшып, көзіне тер тамшылап,
Біреулердің атын атап адамша.
Құдірет-ау, тырналарының дауысына
Автор тілі ұқсайтынын қалайша, – деп, жердегі адамдар бізге құрмет көрсетіп жатқанда Бозықанның біресе көбелек, біресе балық болғысы келгені несі екен», – деп қанаттарын желпіп қойды.
Бозсәуленің қоңыр үнді қиқуы Бозқанаттың жанын жайландырды. Бозсәуле тағы сөйлесе екен, адамдардың «Қағаздан мың тырна жасаған­дардың барлық тілегі орындалады» деген Хиросимадағы Садако Сасакидің оқиғасын өзі біліп тұрса да, Бозсәуленің аузынан естігісі келіп мойнын соза бергенде «тарс» еткен дыбыс шығып, ию-қию, астан-кестең бір түсініксіз жағдайға тап болған. Жер айналып, аспан құлап, Көккөлдің беті мөлтілдеп кетті. Бозсәуленің аппақ мамығы қып-қызыл қанға араласып, ағып жатты. Бозқанат оның қан жұғып майысқан мамықтарын тұмсығымен түзетіп әлектенді.
– Сорымызға бола келген екенбіз-ау. Жаны барға қиянат жасамап ек қой!, – деуге ғана шамасы келген Бозсәуле, тыпырыш барып, бүйірі солқ ете түскенде Бозқанат:
– Мені тастамашы! Тастамашы!, – дегендей күңіреніп, күйзелген ауыр үн шығарып, көзі тұманданып, серігінің үстінен айналып ұша берді, ұша берді. Шер кеудеден, шерменде жүректен шыққан «Хош! Хош!» деген азалы үн мылтықты адамның құлағына анық естілді. Аспанға қараған. Ол тұста да жерді тітіркендіріп, бұлтты қақыратқан зарлы шеру басталғандай. Мұң-зардан құлағы тұнды.
– Көккөл қауіпсіз деген Нарқұстың сөзіне неге сендік? – деп аһ ұрған үн мылтықты адамның құлағына анық естілді. «Бұлар әуедегі жыртқышқа бір бөлек, жердегі қауіпке басқаша, адамдарға үшінші үнмен жауап береді деген рас екен-ау» деп ойлағаны сол-ақ екен, тұла бойы шымырлап кетті. «Құс атқанды Құдай атады!» деді тағы да сол үн. Мылтықты адам су бетіне қарады. Бозсәуленің қанатынан тамған қызыл қан Көккөлдің бетіне қызыл бояу шашыратқандай жайылып кетіпті.
Бозқанат қызыл қанға бір сәт қарап тұрды да, құйындата төмен қарай ұша жөнелді. Көл бетінен дыбыс шықпады, тек шеңберлеген толқын ғана сыбырлап, дұға оқып жатты.

* * *

Көккөлде айдаһарға ұқсас құбыжық бар, ол көл бетін кесіп өтіп лезде жоқ болады, содан соң түн ішінде сол жерден жақпартастарды жаңғырықтыра үн шығарады, сондай дыбыс естілгенде толқындар шымырлап, буылтық буылтық болып иректеле қалады деген аңызға енді ол жердегі толқындар Бозқанат пен Бозсәулеге күбірлеп дұға оқиды екен, оны мылтықты адам өз құлағымен естіп келіпті деген әңгіме қосылды.

ҚАРЛЫҒАШТАР ДА ЖЫЛАЙДЫ

Шақпақ асуы – Тараз бен Шымкенттің ортасында еркелей созылып жатқан көркем тау. Сол Шақпақта көктем мен күз айларында бірнеше тәулік бойы ерекше боран соғып тұрады. Ышқынып, ызыңдап, таудың жықпыл-жықпылын түрткілеп, тұншықтырып, жүргіншілердің жолын бөгеп тастайды. Долы жел адам емес, қайтқан құстың да, келетін құстың да жолына бөгет, тосқауыл.
Желдір – екінші жыл туған даласына қайтып келе жатқан жас қарлығаш. Жүрегі лүпілдап, ерекше бір сезім жанын толқытып, өзгелерге долданғандай көрінетін боран бұған қанатын сипаған ерке желдей сезіледі. Сол самалмен бірге оған ауадан:
Қамысы қара көлдің бунақ-бунақ,
Жел есер қара көлден тулап-тулап.
Мысырға ұзатылған апаларың
Төркіндеп келе жатыр улап-шулап, – деген дауыс бірде бәсең, бірде қатты, бірде үзіліп жетіп жатты.
Далада ойнап жүрген балалардың мұны көргенде қуана айқайлағаны ма, әлде апасының әжесінің әжесі айтқан сарынның сарқыншағы ма?! Анасы «адамнан қанаттыларға айналған құстармыз», – деуші еді. Шын шығар. «Қалайша?» – деп бұл таңырқайтын. Бұл әңгімені айтарда анасының даусы сымпылдап емес, ашылау шығатын. Шамасы, ата-бабасы тұрған қоғалы көл, қом сулар ойына орала ма екен?!
«Ертеде айбынымен де, ақылымен де елдің сүйкімдісіне айналған бір жігіт болыпты. Оның өзіне лайық ай десе ауызы, күн десе көзі бар сұлу қызы бар екен. Екі жастың бақытын қызғанған шайтан жігіттің сұлу қызын Қарлығашқа айналдырып жіберген екен. Адаммен қандас қарлығаш түрін өзгерткенмен, жүрегіндегі мейірімін сақтап қалған. Жау қолына түскен баланың тұмарын ата-анасына жеткізерде қарға мен сауысқан, аққу мойын бұрмай кеткенде, қанатымызға қыстырып жеткізген біздерміз. Құдайдың ошағынан от ұрлап әкеліп, жаураған адамдарды жылытқан да біздерміз. Тіптен Иса пайғамбар ағашқа таңылып, аяқ-қолына шеге қағылып өлтірілгелі жатқанда бірде шегесін ала қашып, бірде балғасын қолынан түсіріп, өлімді кешіктірген де біздерміз?», – дейтін іріңі, ісігі жоқ, тек бұлдырлап көретін көзін қанаттарымен сипап қойып. «Катаракт қой. Қартайғаннан. Адамдар мен біздерде ғана болатын ауру. Экологиядан да шығар. Семей жаққа барып келген қарлығаштарда көбірек кездеседі», – деп үлкен құстарда жиі кездесетін әдетпен ауруын да айтып өтетін. Желдір ұрпақтан ұрпаққа дейін айтылып келе жатқан әңгімені алғашында жүрдім-бардым тыңдағанымен, бірте-бірте құлағына сіңіп, адамдардың «Қарлығашым – қарындасым» дейтіні содан екен ғой деп иланатын болды.
Шақпақ асуында құстарға сақина салынатынын Желдір білетін. Асудың аузына тор құрылып, сол торға өздері келіп түседі. Тордың аузындағы жіптен тартып отырып, жіңішкерген кезде ұстап, сақиналайды да, қоя береді. Семейдің Саржал ауылындағы базда да осындай әрекет болады. Ол жерде сараптама үшін қан алады. Желдір бұған үйренген. Қорықпайды, үрейленбейді. Ұзақ пен қарғаның осы тұсқа келгенде қорқыныштан жерге қонып, қаздаңдай жөнелетініне күлкісі келген. «Жаратылыстары адамнан емес!» деп іштей мазақтап қойды.
Ол Шақпақ аусуындағы тордан шығып, Құлан ауылына келген. Ауыл үстінен шеңбер жасап ұшып өтті. Ауыл адамдары қызу тіршілікке кіріскендей. Ақ орамал тартқан әйелдер күн көзіне көрпе жайып, балалар доп ойнауға кіріскен. Желдір Көгершін тауының етегіндегі Есепші атаның қоржын тамына келді. Осы жер олардың үйі. Дәлірек айтсақ, үй салатын орны. Өткен жылғы ұялардың біразы бұзылыпты. Желдірдің көңілі құлазып қалды.
– Сен биыл да ерте келгенсің бе?, – деген дауыс естілді қасынан. Желдір жалт қарады. Денесі ірі, қанаты кең, анасымен жасты Көкқанат екен. Ақ тамағының үстіндегі қара дақ көзге бірден түседі. Өткен жылы «Отқа күйдіріп алғансыз ба?» деп сұрағанда, кербездене, тәкаппарлана тұрып: «Өртеніп жатқан үйге қанатыммен су сепкенімде от шарпып кеткен», – деген мақтаныш сезіммен.
Өткен жылы көктем жер дүниені жасыл желекке бөлеп, толықсып, балбырап тұр еді. Биыл біртүрлі мазасыз көрінді. Аспан бірде ашылып, бірде бұлттанып, аяқ асты боран бұрқырап шаңдатып тұр.
– Жел өңменіңнен өтердей ғой. Бір түрлі ызығарлы, – деп Желдір күрсініп қойды.
– Көктемнің желі ғой. Құдай бір сәтте сәулендіріп жіберем десе де, қар аралас жаңбырын төпелетіп жіберем десе де қолында. Ақырын күтейік!
– Биыл шыбын-шіркей аз болып тұр. Шақпақтан бергі өзен жағасын да, шабындықтарда да аралап шықтым. Аузыма еш нәрсе ілінбеді. – Желдір ашулана сілкінді.
– Биыл әдеттегіден ерте келдік қой,бәрі де ретімен болады. Алдымен өзіңе берік ұя салып алу жағын ойла.
Желдір күрсінді. Жақсы, мықты жылы ұя мың жарымдай саз кесегінен салынады. Оның әр түйіршегін тұмсықпен тасып, сілекеймен жапсырады. Бір қала салғанмен бірдей.
– Кейін, – деді Желдір.
– Осыларға қазіргіден кейін оңай боп көрінетіні неліктен екен? Зумер, альфа ұрпақ дегеннің мінездері шынымен осылай жаратыла ма екен, әлде! – деп Көкқанат өзіне де әзер естілер дауыспен күңкілдеп қойды.
Түс ауа Есепші атаның қоржын тамының іші гуілдеп, еңбектің көрігі қызып жатты. Желдірдің ұясы алғашында қабырғаға жабысқан шала піскен нан сияқты көрінген. Енді бір түйіршікті алып, жапсырып жатқанда, жанынан зу етіп өте шыққан Сымпылды көзі шалып қалды. Оның жайшылықта аузы жабылмайды. Бұл жолы да:
– Еріншектің ертеңі таусылмас! – деп айқайлап ұшып өтті. Сымпыл Желдірден кіші. Тіке келе жатып, оқыс бұрылыс жасау, шаншыла құлдилау, оқтай зу етіп жоғары көтерілу оған сөз емес. Сондықтан өзгелерге өктем қарайды.
– Сымпыл! Өстіп құтырамын деп, бір күні жарға соғылып өліп қалмашы, – деді Көкқанат үлкендік ниетпен.
– Ана жақтағы адамдар бағандар орнатып, тау жақта орналасқан лагерьге жарық тартып жатыр екен. Енді түнде де, күндізгідей жарық болады деп қуанысып жатыр.
– Осы цивилизация дегеннің зияны да көп, – деп Көкқанат қабағын шытты. Ол жаңалық атаулыны онша қабылдай қоймайтын.
– Қап, олардың аспанды ұстап тұрған бізден ақыл сұрамағанын-ай!, – деп Сымпыл сөзбен шымшып алды.

* * *

Кешке қарай, күн даланы алтын бояумен бояп, ағаштар мен қыраттар көзге көрінбей қалғанда, қарлығаштар туралы ғылыми жоба жазып жүрген Нұрикамал Есепші атаның қонысына келген.
Желдір бұл кезде ұя салып жатқан қоржын тамнан шығып тұмсығы мен қанаттарын тазалап, тегістеп отырған. Қанаттарының формасы бұзылса, бүкіл ұшу динамикасы бұзылады.
– Сәлем, менің қарлығаштарым!
Қарлығашым, келдің бе,
Қаршығадан саумысың?
Аман-есен жеттің бе,
айыр құйрық, нау-құсым?
Оралдың ба, сүйіктім,
екеуің де бармысың? – деп барып тоқтап қалды.
– Ой, өткен жылғы көзінде ағы бар қарлығаш көрінбейді ғой. Осы топтағы кәрі қарлығаш жанынан ұшқан шыбын-шіркейді жиі өткізіп алып, алақтап қалушы еді. Ұясын таппай қалатын, соны көргенде жанымыз ашитын.
Нұрикамал сөйлей жүріп, кішкентай қақпақшаның бетіне тары шашты. Желдір мырс етті. Ғылыми жоба жазып жүрген қыз қарлығаштардың дән жемейтінін білмейтініні қалай? Дегенмен, қыздың көңілі мен ниетіне іші жылып қалды. Ризашылығын білдіру үшін қанатын қаға шеңбер жасай ұшты.
– Е, сен былтырғы кішкентай балапан Желдір екенсің ғой, – деді Нұрикамалдың жүзі жайнап.
Желдір желдір сөзінің мағынасын білмейтін. Желдей жүйткіп ұшатын, ширақ, еркіндіктің, шапшаңдықтың бейнесі болар деп топшылады.

* * *

Көкқанаттың ұясында 5-6 жұмыртқа пайда болды. Ақ, майда дақтары бар. Ол да, серігі де, кезекпен жұмыртқа басып, денелерінің қызуын жұмыртқаға беруде. Желдір оларға жәндік тасып беріп, арасында өз ұясының кем-кетігін бүтіндеуде. Өзі де әлденеге дайындалып жүргендей. Денесі шиыршық атып тұр. Ішінде бір нәрсе «жаңа өмір керек!» деп шырылдайтындай.
Ол ертелетіп Көгершін тауының ұшар басына барып келуді әдет еткен. Бұл кезде ауа өзгеше болады.
– Шыбын-шіркейлер әлі аз, – деді ұясынан шығып, күнге қыздырына бастаған Көкқанатқа мұңын шағып.
– Сабыр. Шығады әлі, – деді ол. Тыныс алу жолдарына инфекция түскен бе, мыңқылдап сөйлеп, түшкіріп қалды.
– Желдің түрі жаман, бірде төменнен, біресе жоғарыдан ұрады. Ауада тыныштық жоқ.
Көкқанат Желдірдің сөзіне көзін жеткізбекші болып биікке көтерілді. Жел қарсы беттен соғып, қалтыратып жіберді. Ұшпай жатып, титықтап қалғандай болды.
– Дауыл болайын деп тұр ма? Құдайдың күнін болжап болармысың?! – деп күңкілдеді.
Мұны естіген Желдір үрейленіп, асып-сасып, не істеп, не қоярын білмей, дегбірсізденді.
– Өлімнен басқаның бәрінің шешімі табылады. Біздің қанымызда жол таба алатын қасиет бар. Біз Жердің магнит өрісін, жұлдызды, иістерді сеземіз. Навигациялық қасиетіміз сан ұрпақ бойына жалғасып келеді.
– Ал егер әлем біздің танымымызға қарағанда тезірек өзгеріп жатса ше? – деп Желдір тақымдап қоймады.
Көкқанат үндемеді. Жаңа салынған электр бағандарына, созылып жатқан сымдарға ұзақ қарады да:
– Селтиіп тұрмай, ұш. Тамақтан! Балапандарың шығатын уақыт таяды! – деді.

* * *

Желдірдің балапандары өмірге келді. Үшеуі де қызылшақа. Ауыздарын арандай ашады. Желдір күні бойы оларға шегіртке, маса, шыбын-шіркей тасумен болады. Күні бойы алты мыңға дейін жәндік ұстаймын деп жүріп, сілесі қататын. Ұяға жете салысымен құлай кетіп, ұйықтап қалатын. Шаршап жүргенінен бе, бір балапанының әлсіз екенін алғашында байқамады. Оң көзін баяу ашып, баяу жұматын секілді. Тамақты да дәл іліп алмай, жерге шашып алады. Тұрайын десе, дірілдеп кетеді. Өзіне қарап тұрғандай болғанмен, назары басқа жақта болады. Кейде тіпті Желдірдің өзін танымай қалады.
– Бұл балапанның денсаулығында бір кінәрат бар секілді, – деді Желдір Көкқанатты ұясына ертіп келіп. Көкқанат балапанға ұзақ қарады.
– Өткен жылы арамыздағы бір қарлығаш та да осындай болып еді ғой, есіңде ме? – деді Желдір жүрек басындағы қорқынышын байқатып.
– Құс болған соң болады да, адамдарда да бар осындай ауру. Көзі тұманданып тұрады. Адамдар оны катаракт дейтін бір түрлі сөзбен айтады. Желдір біразға дейін үнсіз қалды.
– Көзді ашып-жұмғанша қайтатын уақыт таяп қалады. Бізбен бірге ұша ала ма екен!?
Көкқанат Шырылға қайта қарады. Ол болса ұя ішіндегі балшықты шіркей екен деп шоқып жатқан.
– Білмеймін, ол енді сенің мойныңдағы жауапкершілік, – деп Көкқанат шындықты бетіне былш еткізгендей етіп айта салды.

* * *

Қарлығаштар төмен ұшып жүр. Аспан қарлығаштарға айналғандай. Сымпылдап ұшқан дыбыстардан үрей сезіледі. Дауыл. Дауыл. Ауаның тығыздығын анықтау керек, қауіпсіз ағынның тұсын таппасақ, балапан­дарымызды жылы жаққа жеткізе алмаймыз деген шырыл ауаға жайылған. Аспан түнеріп, алыстан гүріл естілді. Көкқанаттың жанына Сымпыл ұшып келіп, Көргершін тауының қыраттарындағы ауаның құрғап, шыбын-шіркейлерді жел басқа жаққа айдап кеткенін жеткізді. Осы Сымпылға мекиендердің неге жоламайтыны енді есіне түскендей Көкқанат оған ұзақ қарады. «Тұқымсыздығынан еді-ау, бірақ өзгенің балапандарына қандай қамқор, қандай мейірімді! Осы ниетіне қарай жағдайы да өзгерер», – деп ойлап үлгергенше дауыл алапат күшпен келіп соққанда, сырттағы бірнеше ұяны қолмен жұлып алғандай қиратып кетті. Балапандардың шырылынан құлақ тұнды. Ересек құстар құлап бара жатқан балапандарын іліп алмақ болып, ию-қию шапқылап жүр.
Желдір шырылдап, балапандарын қанатының астына басты. Екі балапаны ұяға жабысып әзер тұр.
– Қозғалма! – деді Шырылға. – Қозғалма!
Есепші атаның қоржын тамы дірілдеп тұр. Боран ұялардың астынан кіріп, балапандарды жан-жаққа лақтырғысы келгендей өршеленеді. Үлкен қарлығаштардың өздері домалап жатты.
– Бір-бірден ұшып шығамыз, – деп бұйырды Көкқанат. – Қабырға бойымен ұшыңдар! Балапандарды ауыл шетіндегі малшының киіз үйіне жеткізіңдер! Адамдар бар жерде бізге қауіпсіз болады.
Иә, адамдар бар жерде қамал, олар қалқан! Желдір даусы дірілдеп Шырылдың құлағына сыбырлауда:
– Сен маған керексің! Түсінесің бе? Сенсіз өмірді елестете алмаймын. Сен тірі қалуың керек, әйтпесе…
Көмейіне өксік тығылып, ары қарай сөйлей алмай қалды. Сонсоң… сонсоң шегірткені ұстағандай, жұмсақ түгінен тістеді де, ұядан секіріп кетті.
Жел ұшырып, қоржын там алдындағы қойтастың үстіне лақтырып жіберді. Қанатын жаюға шамасы әзер келді. Тас жиегіне әупірімдеп ілінді. Шырыл саусағымен тасты тырналап, ешнәрсеге түсінбей, есеңгіреп қалды.
– «Бол! тез! Мен желдің ағынын бөгей тұрмын! – деп Сымпыл жанына ұшып жетті.
Бір сәтке Желдірдің тынысы кеңіп қалды. Ол қайтадан Шырылды бауырына қысып, алға қарай ұмтылды.

* * *

Жел малшының үйін орнынан көтеріп алардай долданып, керегені сақырлатып тұр. Нұрикамалдың әкесі шаңыраққа жіп байлап, ортаға сандықты әкеліп, бастырып қойған. Үй айналасын жаңбыр суы кірмес үшін морлап, шалылап қоралаған қамыстың әп-сәтте ту-талақайын шығарған боран туырлықты ұшырып әкететіндей желпілдетеді. Дәл осындай бір сәтте үйге бір нәрсе топ ете түскен.
– Көтек, мұнысы не тағы да! – деп Нұрикамалдың анасы шошына айқайлап жіберді.
Жерде дір-дір етіп екі қарлығаш отырды. Екеуі де ақ тамақ, түйме бас. Бірі ересек ірі, екіншісі әлсіз. Титтей басын жерден көтеруге шамасы жоқ.
– Сен Желдірсің бе? – деді Нұрикамал жүрегі дүрсілдеп. – Сен сол Желдірсің ғой…
Желдір басын зорға көтерді. Қанаты ұйпа-тұйпа майысқан, жұлынып кеткендері де бар. Ол ұшуға талпығанмен, шамасы келмей, сылқ ете түсті.
Анасы сыртқа шығарып тастамақшы болып бұрыла бергенде:
– Анашым, ол менің дос қарлығаштарым. Қарлығаш үйге келсе, жақсылық болады деуші едіңіз ғой, – деп Нұрикамал шыр ете түсті. Әкесі басын изеп:
– Иә, баяғыда жау іздеп шыққан жалаңтөс батырлар қолдарындағы желк-желк еткен туларын жерге қадап, ұйқыға кеткенде, қарлығаш тудың ұшына ұя салып қойыпты. Қасиетті құстың киесінен қорыққан батырлар сол жерден тоқтаған екен деген әңгіме естіп, өскен ұрпақпыз. Бізді пана тұтып, үйімізге келгені, жақсылықтың нышаны, – деді. Нұрикамал әкесіне мейірлене қарады да, қарлығаштарды жұмсақ орамалға орап, үйдің ыңғайлы бұрышынан орын дайындады.
Сыртта боран азынап тұрғанмен, үйдің іші жып-жылы. Желдір балапаны екеуі маужырап ұйықтап кеткен.
Таң ата басылған бораннан кейін айнала тып-тыныш болып қалғандай. Кеше адам ұшып кетерліктей жағдай болды дегенге бүгін ешкім сенбейтіндей. Желдір Шырылға қарады. Жарыққа қарай алмай тұр. «Қалай көмектессем екен… Соқыр қарлығаштар ұша алар ма екен», – деп ойлап қойды. Ұясын барып көріп келгісі келді.
Боран ұяларды қиратып кетіпті. Көрші қарлығаштардың біразы көрінбейді. Желдірдің көзінен жас моншақтап кетті. Айнала ұшып, шыңғыра жылады. Өзгелерге ол жай шықылықтағандай болып естілді.
Жылы жақа ұшатын күндер жақындап қалған. Топ жиналып, кеңес құрды.
– Биыл жылы жақа ұшу қиын болайын деп тұр. Ауа ағыны бөлекше. Шыбын-шіркейлер аз. Айтайын дегенім, әлсіздерді қатарға қосып алып жүре алмаймыз, – деді Көкқанат.
Бәрі Желдірге жалт қарады. ДЦП-ның жеңіл түрімен ауыратын балапанының жағдайын бәрі білетін. Желдір Көкқанатқа жалт қарады:
– Балапанымды тастап кете алмаймын. Басқа жол іздеймін. Қауіпсіз ауа қабаттары бар жерлермен ұшамыз. Маған Сымпыл көмектеседі. Ол ауада күрделі бұрылыс жасаудың шебері. Тізбектің алдындағы жолды өзім бастаймын.
– Топты жас құстың бастауына болмайды, – деді Көкқанатқа жағымпазданып үйреніп қалған шошақайлау бір қарлығаш.
– Әлем өзгеріп жатыр, ескі соқпақпен жүре беруге де болмас. Ештеңе өзгертпесек әлсіздер өледі. Өзгертсек өмір сүруге жол ашамыз.
Топ дуылдасып кетті. Бірінің сөзін бірі тыңдамайтын жағдайға жеткенде, Сымпыл ұшып тұрып:
– Желдірдің жанында мен боламын! Үйреншікті жолдан өзге де жолды іздеп көрейік!, – деді.
Көкқанат ұзақ уақыт үнсіз қалды. Әлден уақытта барып: «Жарайды. Биыл жас қарлығаштар жол бастасын», – деді.
Топ Көкқанаттың уәжіне тоқтады.
Күн сайын Желдір Шырылды ауаға көтереді. Алғашында төмен жерлердегі шөптің басын жанап ұшып көрді. Содан кейін одан жоғарырақ көтерілді. Шырылды ауаға жіберсе болды төмен қарай құлдырайды. Ондайда бірде Сымпыл, бірде Желдірдің өзі астынан демеп, жоғарыға итеріп жіберетін. Күнінде мұндай жаттығулар мың сан рет қайталанды.
– Неге сонша тырысасың? – дейтін Көкқанат.
– Мен оған қанат боламын!
Жылы жаққа сап түзейтін сәтте күн жылы, ауа мөлдір болып тұрды. Шыбын-шіркей көбейіп, қарлығаштар өздерін де, балапандарын да тойдырып алды.
Топ тізбектеле, үшбұрыштанып сапқа тұрды. Алда – Желдір, қасында – Сымпыл. Шеңбер құра тізілген құстардың ортасында – Шырыл. Оны жас та, кәрі де қаумалап тұр. Шептің соңында – Көкқанат. Ол біреулердің топтан қалып қалмауын қатаң қадағалап отырды.
Нұрикамал есік алдына шығып:
– Менің қарлығаштарым! Қош болыңдар! Келер жылы күтемін! – деп қол бұлғады.
Құстардың ұшуы өте ауыр болды. Ауаның кедергісін кесіп өткенде темірді тесіп өткендей болды. Тығыз ауа төменге итеріп тастайды. Ауа бос жерлерде жоғарыға көтерілесің.
Шырыл қайта-қайта төменге құлдилай берді. Жанындағылар іліп алып, жайлы ағын бар жерге итеретін.
Бір сәтте Шырыл өзін жұмақта жүргендей сезінді. Ауаның жұмсақ ағысы сүйемелдеп келе жатқандай. Ол кенет қуанғанынан:
– Мен өзім ұшып келемін! – деп айқайлап жіберді. Анасы оның даусын естіді, бірақ бұрылмады. Көзіне жас құйылды. Жүрегі алабұртты. Ана қаласа балапанына қанат та, көз де болады екен-ау деген қуаныштан алға зуылдай ұшты.

 

Ділдәр
МАМЫРБАЕВА,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері




ПІКІР ЖАЗУ