ӨЗІҢ ЖОҚТА СЕЗІНДІМ СОНЫҢ БӘРІН…

Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?

– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.
Әлі ауылды көресің, көркейтеді
деген мендік көңілде боз ала үміт.

Ауылда қалған қайда,
Жеңгем де өзі қаланы армандайды, ә?
Әжеммен шәйдеспеген әжелер мен,
Атаммен дәмдес болған
шалдар қайда?

Қала мұнаралы,
Көгіндегі көк туы – тұман әні.
Көк түтіннен қашқанда,
қоңыр жолдан,
Көк күшігім қарсы алып
шыға ма әлі?

Ұнайтын ауылымның кеші маған;
Еркелеткен жалғызын есіл анам.
Егін салып ентіккен еңкіш шал мен
Еміренген кемпірді есіме алам.
Жел сыбызғы ойнаған қалқадан кеп
Сарғайтып,
күні де өткен арқадан көп.
Сағат санап,
сан қойды санап жүр ме,
Саптамамен сары ұлдар
сар табан боп.
Қарттары жоқ,
кімдермен кеңесеміз,
Онсыз-ақ ақылдымыз немесе біз.
Жылдан жылға жиделер
жүз түп артып,
Қалың тоғай сиреді демесеңіз.

– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.
…Сүйкімсіз
Сұлтан қаптап сан ауылға,
Ойнамайды төсінде Қожа нағып…

* * *
Жаным менің өзіңсіз тоңып тұр-ау,
Шын сезініп жалғанда
сорын қалың.
өзің барда бақытты болыппын-ау,
өзің жоқта сезіндім оның бәрін.

Кеткенің бе басқа бір көшіп әнге,
Өз әніңді содан ба жатсынуың?
Махаббат дегенің осы ма әлде,
Тау шағылу,
Қол жетпеу,
Сақ сынуы.

Осылай мен сүрініп, түңілдім де,
Шығарып сап амалсыз баяу күлдім:
сен отырған көлікке жүгірдім де,
сен отырған поезды жаяу қудым.

Жете алмадым, көлік су шашып өтті,
Поездың да жібімей тас мінезі.
Қандай сұлу әрі қасіретті,
Қимастықтан тамған бір жастың өзі!..

АПА

Қартаймауың керек, апа,
Сен үшін
Құдайменен жасап келем келісім…
Сен о баста қайсар, қатал, өткір ең,
Өмірге өткен өкпең менен өкінішің көп білем.
Одан қалды сағынышың сарысудай тұр әні,
Ал жүрегің қаншама рет қайғы жұтып,
жылады.
Тіршілікте тірі күнің – тауып
жүрген табысым…
Қарсы алады қай кезде де бауырсағың, бәлішің.
Одан қалды жан-жағыңа көзіңді ылғи
алартып,
Отырасың үнемі сен оймағыңды жоғалтып.
Сиыр сауып, сүт пісіріп, құрт та жайып
оңаша.
Көз жасыңды көрсетпейсің біреу саған қараса.
Ақ жүрексің, ақкөңілсің, ақпейілсің соншама,
Көрші кемпір көйлегіңді тойға киіп барса да…
Құйған, апа, шайың неге сондай тәтті
десем мен,
Ұсынады екенсің ғой бар мейірім – кесеңмен.
Қартаймауың керек, апа,
Сен үшін
Құдайменен жасап келем келісім…

* * *
Салқын кештер сезімдерге қорған боп,
Екеумізбен мұңданған-ды талай бақ.
Бүгін сенсіз?.. Ештеңе де болған жоқ,
Бәрі әйбат.
Солған да жоқ жаралы жан – жарты гүл,
Арпалысып, алысқам жоқ от күнмен.
Сүймейсің бе деп сұрайсың… Ол түгіл,
Сағынған да жоқпын мен.
Есіміңді жүрегімде жоқ қылып,
Өшіргенмін өткенде.
Хат жазбаймын, сөнген кеше отты үміт,
…Нөмірің де жоқ менде.
Сан сүрініп, жығылып,
Сапар біткен саған деген жолдағы.
Алматыға барсам, барам қыдырып,
Сенің үшін емес бірақ ол-дағы.
Сүю деген келген емес әзірге ой,
Жыла мейлі, өкіріп.
…Айтқанымның бәрі де рас,
Әзіл ғой!
Сүйем сені,
Өтірік…

ЖАСАНДЫ

Жасанды бәрі,
Жасанды бәрі, жасанды,
Жүремін бұлай, күлемін бұлай қашанғы?
Жасандылықпен тірілтті марқұм шешемді,
Жасандылықпен бейнесі атамның жасалды.
Жасанды – жүрек,
Жасанды – сезім,
Жасанды – ой,
Қоштасып кеткен қыз отыр көзге жас алмай.
Жадырап шықты жеңгем де кеше бөлініп,
Жасандылықсыз тек жүр еді көптен жасармай.
Жасанды ұрпақ жасалып жатыр артымда,
Жасанды бата бере ме ертең қартың да?!
Жасанды досым жыл өтті ол да жоғалды,
Жасанды болып кете ме деймін халқым да…
Көзің талады жасандылықты көріп-ай,
Бір күні мәңгі қалар ма екен өліп ой…
Тасада қалған махаббатым болатын,
Табиғи, таза, мөп-мөлдір, тұнық еді ғой…

* * *
Сені ойламай күнә ояну таңертең,
Сенсіз жерде тіршілік жоқ қайнаған.
Бұл махаббат жіпсіз ғана, Ақеркем,
Сені маған, мені саған байлаған.
Сендей сұлу жоқ, таппадым жүрегі ақ,
Әйтпегенде талай-талай қыз көрдім.
Екеуміздің бақытымыз біреу-ақ
және жалқы арманымыз біздердің.
Қайғы жанды қинап әбден қарып тұр,
Шуағыңа бөлеп жылыт, шырайлым.
Өмірімді өзің сынды жарық қыл,
Саған түскен сәулесімен Құдайдың.
Екеумізде сезім де бар жасырын,
Бәрі де оны біліп жүрген бірақ та.
Мені ұнатып жол таптың ба, ғашығым,
Ал мен кірдім сені сүйіп жұмаққа.

* * *
Алғаш болып көргеннен-ақ көркіңді,
Аспанға аттым қуанғаннан бөркімді.
Мені өзіңнің махаббаттың тірілтіп,
Мені өзіңнің махаббаттың өлтірді.

Сүйген едім.
Ал ол болса сан түрлі,
Жүрегіңді сезіміммен толтырды.
Сені өзімнің махаббатым тірілтіп,
Сені өзімнің махаббатым өлтірді.

 

                                                             Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ




ПІКІР ЖАЗУ