АҒЫРАПТАҒЫ АТЫ ЖОҚ АДАМ
Қазақстан Жазушылар одағы мен «BELES» құрылыс компаниясы ұйымдастырған «Жас қалам – жаңа роман» жобасының үздік шығармасы.
«Бақыт әр адамның есігін өмірде бір рет болсын қағады.
Алайда кейбіреулер үйінде болмай, есіктің қағылғанын естімейді».
Марк Твен
Бірінші дәптер
І
Абақтыдан босай сала алып-ұшып Мыңқыстақ вокзалына жеттім. Жанқалтама салған билетті аялай сипап қоямын. Өмірім жаңа басталғандай. Баяғы қат-қабат қайғының бәрі ұмытылып, көкжиектен күлімдеп күн күліп тұрғандай. Арайлап атқан ақ таңның шапағы кеудеме сәулесін құйып жылытқандай…
Дүрс-дүрс қағып, бұлқынған жүрегімнің әр бүлкілін, әр соғысын сезем. Естимін. Көкірегімді асау құлын тепкілеп, бүлкілдей желіп барады, жорғалап барады. Жаным сол тарпаң мінез құлынның жалында аунап, шалқып жүр, шаттанып жүр. Ғайыптан тайып арқама қанат біткен. Көңілім көкте қалқып ұшқан құс сияқты. Қиялым заңғар көкке, тым биікке қанат қағады. Ағырапқа құстай ұшып, бүгін жеткім келеді. Өзімнің Ағырабыма…
Кенет… Кенет көлденеңнен келген көр ой шат көңілдің быт-шытын шығарды. Жанымды қоярға жер таппай, тыпыршып кеттім. «Ағырапта сені күткен кім бар?» дейді әлгі ой. Ағырапта мені зарыға күткен кім бар? Сарыла күткен кім бар? Рас-ау! Кім бар?
Көңілімді жайсыз бір күй билеп алды. Көкте қалықтай самғаған «құсым» жерге құлады. Тағы да «Он төрт жыл кездеспеген бауырым Елдесті бір көрсем-ау, көзіне тіке қарасам-ау, жылдар бойы тартқан азабымның өтеуін сұрасам-ау» деген ой найзағайдай жарқ етті. Бағанағы бірсәттік шат сезім ізім-ғайым. Тас қараңғы әлеміме қиялмен жаққан шамның білтесі жалп етіп сөнді.
Елдес… Елдес екеуміз бір әке, бір шешеден тудық. Тел қозыдай тете өстік. Басымыз бір қазанға сыймай, қанша шекіссек те, інімді жамандыққа қиғым келмейді. Бөтен ойдан, Елдестің бетіне шіркеу түсірер жайдан оны арашалап алғым келеді. Жаға жыртылар. Онда тұрған не бар? Қол сынса да, жең ішінде қалмай ма? Көңіл қалса ше?
Бірақ… Иә, бірақ болары болды, бояуы сіңді.
Жат бауыр болған інімді кешіре алмайтын сияқтымын. Кеудемде керіштей болып кек қатқан. Жан дегенде жалғыз бауырыммен өштесіп, ата жау боларлық қандай айыбым бар еді? Не жаздым? Неден жаңылдым?
«Елдес менің інім… Қалайда кешіруім керек» дей беремін іштей өз-өзіме. «Кешіруің не, «кичада» жападан-жалғыз тіземді құшақтап жатқанымда басыма небір сұмдық ой келетін. Інімді тепкінің астына алам. Өлімші етіп сабаймын. Кейде буындырып, қылқындырып, тұншықтырып жатам. Сөйтем де, Елдестің бала күнгі кескін-келбетін көз алдыма келтірем. Баяғыда Ағырапта пәтерден пәтер кезіп, төрт көзіміз түгел отбасымызбен байыз таппай жүрген күндерді еске алам. Бала Елдес, балаң Елдестің бейнесі жүрегімді жұмсартып, райымнан қайтарады. Қанша қиналсақ та, бақытты едік қой ол кезде…
«Бүлінген ештеңе жоқ. Он төрт жылды зонаға бергенім болмаса, қалғаны жай әншейін болмашы дүниелер» деймін өз-өзіме сыбырлай тіл қатып. «Елдес маған жамандық қылған жоқ. Елдес мені сатқан жоқ» деп таспиық тартқан молдадай жаттанды сөздерімді қайталай берем.
Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді?! Бостандықта жүрсем де, ештеңені өзгерте алмас едім.
Елдестің жүзіне тіке қарармын-ақ. Бірақ ол өзінің сатқындығын сезінбесе ше? Менің алдымда шөкімдей кінәсі бар екенін мойындамаса ше? Бәлкім, бәріне өзім кінәлі шығармын. Елдес өз өмірін қатерден арашалауға талпынды.
Адам баласы басына күн туса, ең алдымен, қара басының амандығын ойлауы керек. Өз басын күйіттей алмаған менің ісім делік…
Заң адамдарына ұзақ уақыт ұстатпай бой тасалап қашып жүрмесем, олардың айдауына көніп, айтағына ерсем, кім білсін, мен де ел қатарлы бостандықта жүрер ме едім… Сотталмасам, ендігі інімнің иттігін кешірер едім ғой. Кешер едім.
Бостандықта жүрсем, әкем мен шешем де ажыраспас еді. Бәлкім, Әниямен үйленер едім.
Әния есіме түссе болды, тығырыққа тірелем. Қайраңда қалған ойым арқырап ағар арна таппай жанталасады. Әнияны оттың ортасына тастап кеткендеймін. Кіл қасқырдың арасына жалғыз қалдырып, алды-артыма қарамай құйрығын бұтына тығып зытқан иттің күйін кешем. Оны тағдырдың тепкісіне салып қойып, қорған бола алмағаныма күйінемін. Күйемін.
«Побегте» жүргенімде Әния шыбын жаны шырқырап шырмалған өрмекшінің торына түсті. Арқа сүйер ешкімі жоқ, құлан түзде жападан-жалғыз қалған Әнияны аяймын. Оның сүрінгені, құлағаны жаныма батып, сары уайым санамды жегідей жейді.
Иә, әлі есімде… Осыдан он төрт жыл бұрын қуғында жүріп, жанымды қоярға жер таппай шырылдап Әнияны, Әниямды іздеп едім ғой. Ұсталып қалам ба деген алаң көңілмен жүріп, Ағырапты адақтап шыққанмын. Сөйтіп, от бастым. Қолға түстім. Әниямның мәңгілік мендік болмайтынын, енді тағдырымыздың тоқайласпайтынын сезгем. Екеуміздің болашағымыз туралы армандардың біржола кескен теректей құлағанын, өмір деген алып күш жағамыздан бүріп ұстап, екеумізді екі жаққа лақтырып тастағанын сол кезде-ақ білгем.
Содан бері Әния туралы ойлардан қашам. Ескі жараны тырнап, бетіне тұз себе бергім келмейді.
Қалай дегенмен кеудесі қуыс пендеміз. Өміріңе шуағын шашып, жаныңа жылу сыйлаған аяулы жанды ұмыта алмайтын пендеміз. Ескі естеліктерді санадан өшіріп тастамақ болып, бықсып жатқан шаланы түртіп тұтатар пендеміз.
Әнияның асыл бейнесін жүректен өшіру былай тұрсын, оны ұмытуға тырысқан сайын кескін-келбеті көз алдымда көлбеңдеп тұрып алатын болды. Кичаның қабырғасына қарасам болды, қарсы алдымда Әнияның елесі тұрады. Иә, кәдімгі елес. Баяғы Ағыраптағы сүйкімді Әния. Хордың қызындай сұлу Әния. Өмірдің кермек дәмін тата қоймаған шат Әния…
Әлгі елесті құшағыма қыспақ, еркелетпек боламын. Ғашығымды бір мәрте өпкім келіп, тұра ұмтылам. Ол сықылықтап күліп, тар камераны айналып жүгіре жөнеледі. Елесті қуа-қуа сілем қатып, естен танып құлаймын. Жалғыз адамдық камерада санамда ойлар күшіктеп, ақылдан біржола адасамын.
«Әния, Әнияжан, Әнияшым менің, кешірші мені. Бәріне, бәріне кінәлі менмін. Сені қорғай алмағаным үшін, саған қорған бола алмағаным үшін кешірші. Сені қиындықтан құтқармағаным үшін кешірші. Мені де түсінші» деп еңкілдеп жылап жатып, қара тас еденді құшақтап ұйықтап кетемін.
Пана болмайын дегем жоқ. Құтқармайын дегем жоқ. Сол бір қырғын болған күні мені ашу қысты. Ақылмен әрекет етерлік хал болмады.
Дүние төңкеріліп, асты үстіне келсе де, енді ештеңе өзгермейді. Сағым ойдың теңізіне батып, малтып шығар қауқарым жоқ.
Інім Елдесті кінәлауға да, ғашығым Әнияның алдында ақталар да шамам қалмады.
Мыңқыстақ вокзалында отырып осыны ойладым…
ІІ
Мыңқыстақ – Ағырап бағытында жүретін пойыздың келгені хабарланды. Күту залында отырғандар жолда қап қоятындай есікке қарай жапа-тармағай лап қойды. Солардың бірі болып мен де ентелеп, көптің арасына ендім.
– Қасқа, қайда асығады бұлар, – деді өзім құралпы келіншек анталаған жұртқа жақтырмай қарап.
– Ағырапқа бүгін жетіп бармақ қой, – дедім езу тартып.
– Асығыс болса, самолетпен ұшпай ма? – деді келіншек дауысын сәл қатайтып. Сыртқа жалын күдірейтіп дүрдигені болмаса, ындыны жуас қазақы әйел екені аңғарылды. Иығына төгілген шашын әнтек бір сілкіп, түзеп қойды. Тұла бойын тіміскілеп, тіке қараған менен жанарын тайдырып әкетті. Ернінің үстіне біткен түйірдей мең «мені көрдің бе» дегендей жыбыр етті.
– Ұшақтың құны күйіп тұр екен, – дедім мен.
Келіншек үстімдегі жұпыны киімімді елеусіз шолып өтіп:
– Ағасы, екеуміздей адамдар самолетпен ұшу үшін банк тонауы керек шығар, – деді күліп.
– Аға деп қалдыңыз. Қай жылғысыз? – дедім әңгіменің шоғын үрлеп.
– Қыздың жасы он сегізде ғой.
– Қыз болсаңыз, күйеуге тимеген болдыңыз, – дедім көмейді бүлкілдеткен басты сұраққа төтелей көшіп.
– Тигем.
– Тисеңіз…
– Байға тисең, қыз емессің демексіз бе?
Осыны айтты да, келіншек сықылықтай күлді. Ернінің ұшындағы тарыдай мең мені мазақтағандай көрініп кетті.
– Қанша жас бересіз? – деді содан соң, езуіндегі күлкісін жия қойып.
– 18+10…
– Тым жасартып жібердіңіз, – деп тағы да наздана жымиды. Күлген кезде көзінің айналасындағы әжімдер жиырылып, «тағы он жыл қосшы» дегендей қатпарлана қалды.
– Енді қаншадасыз? Қазір әйелдер қауымы мүлде қартаймайтын заман болды ғой, – дедім келіншектің көңіліне жел үрлеп.
– 38-демін…
– Мені қаншаға келді деп ойлайсыз?
– Қырықтың мол ішінде шығарсыз? – деді ол…
– «Ердің жасы – елу», елуге келдім, – дедім мен.
– Қойыңызшы. Жап-жассыз. Бірақ… Көзіңіз көпті көргеніңізді айтып тұр.
– Қалжыңдап тұрмын, – дедім қуланып. – Ерте қартайғаным болмаса, сізден екі жасқа кіші екенмін. 1986 жылы туғанмын.
– 86, – деді таңдана. – Тәк, отыз алтыдасыз ба? Мүлде отыз алтыға келген адамға ұқсамайсыз.
– Кәрі көрінесіз деңіз…
Өкпелеген адам құсап, қабағымды шытып, қатая қалдым.
– Ең азы қырық бес жас берер едім, – деді сапарласым тайдырып әкеткен жанарын көзіме қадап. Жанарымыз түйісе қалғаны сол еді, бойым ток соққандай дір етті. Мұздай қатқан көңілім жібіп, еріп бара жатқандай күйге түстім.
– Вагон нөміріңіз қандай? – дедім дауысым дірілдеп. Жанары ғашығым Әнияның көзіндей көрініп кетті. Дәл Әния сияқты наздана ұялып қарайды екен адамға.
– Төртінші вагон.
– Менікі алтыншы.
– Қонаққа келіңіз, вагонымыздың арасы жақын екен, – деді жанарын қайтадан ала қашып.
– Алда бақандай екі күн бар. Әңгімелесіп, жол қысқартайық, – дедім мен де келіншекке өтінген сыңаймен.
– Қарсы емеспін, – деді меңді келіншек жымиып.
Жымиысы ынтызар көңілімді қытықтағандай болды.
– Атыңыз кім? Тіпті таныспаппыз да ғой, – дедім ыңғайсызданған түр танытып.
– Әлия…
– Әния, – деппін жұлып алғандай. Қалыс естігеннен шығар, дауысым дір-дір етіп жарықшақтанып шықты. Ішімдегі алай-дүлей толқынысымды білдіргім келмей, сасқалақтап қолымды создым. Меңді келіншек «Сөмкем жеңіл, әуре болмаңыз» дегендей басын шайқады.
– Жарайды, Сіз үшін Әния-ақ болайын, – деді де, Әлия өз вагонына қарай тез-тез басып ұзай берді.
Құжаттарымды тексертіп, вагонға кірдім. Тозығы шыққан едендегі палас жиырылып қалған екен, сүрініп кеттім. Ырымшыл басым пойызға кірмей жатып шалынғанымды жақсылыққа жори алмай, ұнжырғам түсіп, көңілім құлазып сала берді. Сол-ақ екен, плацкарт іші зонаға ұқсап кетті. Адамдар – тұтқындар. Жолсерік – зона қожайыны. Абақтының екі қабат «шканар-вертолёт» төсектері қаз-қатар тізіліп алдымда тұр.
Баяғыда зонаға арнайы вагонзакпен әкелгенде бәріміз тағдырлас болғаннан кейін бе, бір-бірімізбен тез тіл табысып үлгерген едік. Өмір бойы бірге келе жатқан жандардай бәріміз алғаусыз көңілмен бауыр басып кеткенбіз. Ал мына вагондағылардың тағдыры әртүрлі ғой деп ойладым. Тағдыр тәлейлері әрқилы жұмыр басты пенделердің ортақ тіл табуы өте қиын. Сол үшін түрме тіліндегі «жаргондарды» мүлде қолдануға болмайды. Мейлінше биязы болуым керек.
Сапарластарым менің ұзақ жыл абақтыда жатқанымды білсе, теріс айналар. Жай тілдесу былай тұрсын, ұры көргендей іш жия қалар. Қазір ғана аз-кем әңгімелескен Әлияға да өзім туралы пәлендей ештеңе айтпауым керек деп шештім. Бірақ он төрт жыл бұрынғы әңгімелерге қосылармын-ау. Одан кейінгісі қалай болмақ? Аспаннан түскендей ауа жайылып кетпеймін бе? Айтар, ақтарылар нем бар? Түгім жоқ емес пе?
Екі күн аз уақыт емес. Екі тәулік бойы жолсерігің болар келіншекке көлденең күмән тудырмау үшін кәсіби актер болу керек шығар. Біреуді алдау былай тұрсын, шын сөзіме ешкімді сендіре алмайтын жанмын. Егер сендірсем, баяғы арпалысты күнде не болып, не қойғанын тергеушілерге ұғындырар едім ғой. Өзімнің сол күнгі жан дәрмен әрекетімнің он төрт жылға жаза кесілердей қылмыс емес екенін дәлелдер едім ғой.
Дәлелдер едім…
ІІІ
– Сөмкемді көтерісіп жібермес пе екенсіз?!
Вагон терезесіне қадалып, ойға батып кеткен екенмін. Орнымнан атып тұрдым. Жасы жетпіске таяған әжей. «Сіз» деп сызыла қалғанына күлкім келді. Тым мәдениетті адамның кейпіне енген жанның жүзіне езу тарта қарадым.
– Сөмкеңіз қайда? – дедім селқос тіл қатып.
– Тамбурда қалды, – деді апай шекесінен шып-шып аққан терді беторамалымен сүртіп. Қыстың суық күнінде маңдайының бусанып, жіпсігеніне қарағанда сөмкесінің жеңіл емес екенін аңғардым.
Апай қасын түгел жұлып, орнын қап-қара бояумен сызып тастаған екен. Онысы баланың шимай суретіндей кемпірдің сұрын қашырып тұр. Апаның сұлуланбақ болған реңі көзіме қораш көрінді. Мен бостандықта жүргенде әйелдер қауымы жаппай қас жұлмайтын. Алпыстан асқандардың басынан жаулығы түспейтін. Ал мынау апам қып-қызыл етіп шашын да бояпты. Құйқа тұсы аппақ болып, шаштың жаңа шыққан түбі «ағараңдап» көрінеді.
Тамбурдағы сөмке дегені – ала қап. Теңкиіп жатқан екі ала қапты қозғап көріп едім, жер бауырлап жатып алды. Түбіне тас салған ба, тым ауыр екен. Қозғаған сәтте иіс бұрқ етті. Балықтың иісі кеңсірігімді қапты. Ағырапқа екі күн бойы осы иіске тұншығып баратынымды ойлап едім, көңілім нілдей бұзылды. Қазір қанша қысты күн ғой десек те, пойыздың іші жылы. Ала қаптағы балық Ағырапқа жеткенше иістеніп, зығырымызды шығарары анық.
– Ағырапқа барасыз ба? – дедім жақтырмай.
– Иә, – деді апай қабағыма баладай жәутеңдеп қарап. – Ағырапқа барам, айналайын…
Апайдың жәудіреп көңіліме қарағаны біртүрлі шешеме ұқсайды екен. Ішім ұялы бөрідей ұлып, санамда жайсыз бір күй ойнағандай болды.
– Жолсерікке айтып, балығыңызды тамбурға қалдырсақ! Жібіңіз болса, екі қапты бір-біріне шандып байлап тастайын. Балуан Шолақ келмесе, басқа ешкім көтеріп кете алмас. Балығыңыз ыстық жерде бұзылады ғой, – дедім жаны ашыған адамдай. Мұным өз мұрнымды аяғандық еді.
– Жіп дейсіз бе? Қазір вокзалдан скотч әкеле қояйын, – деді апай да сөзіме лезде келісе кетіп.
Мен жолсерікке барып, өтініп едім, вагондағы түрлі күлімсі иістен әбден зәрезәп болған байғұс бірден келісті. Жолсеріктің жанқалтасына екі мың теңгені сүңгітіп жіберіп, жол бойы темекі шегуге де рұқсат алдым.
Апамыз ылдым-жылдым жан екен, скотчын көп күттірмеді. Ала өкпесін қолына алып, тез оралды. Екі қапты бір-біріне шандып, скотчтадым да, тамбурдың бұрышына қарай итеріп, тірей салдым. Қаптар «мықты болсаң, көтеріп көр» дегендей қонжия кетті.
Плацкартқа апай екеуміз бірге қайттық.
– Рақмет, айналайын, бала-шағаңның қызығын көр, – деді риза болған апай бояған қасын керіп. Апайдың қыз қылығына қайтадан күлкім келді. Бала емес, шаға емес, әйтсе де әдемі көрінуге әйел заты әманда құштар-ақ.
– Оқасы жоқ, – дедім мен иістен оңай құтылғаныма шаттанған түрмен.
Плацкарттағы орнымызға келдік. Билетке қарап едік, менің төсегім астында, бояқ қас апамдікі үстінде екен.
– Қап, мына балаларға айтып едім ғой. Билетті үстінен алмаңдар деп. Күйгелек кемпірге маған қайта өтініш жасап үлгертпей, алдын орадым.
– Апай, сіз менің орныма жайғаса беріңіз. Үсті маған ыңғайлы, – дедім.
Пойыздың төсектері де түрменікі сияқты ғой. Зонада мұндай төсектердің үстін «вертолёт», астын «шканар» деп атайтынбыз. «Шканарда» көбіне абыройы жоқ тұтқындар жататын. Сондықтан «шканарға» жатуға құлқым да жоқ еді.
– Қайда барасың, айналайын? – деді бояқ қас апам рақметін айтуды тарс есінен шығарып.
Бағанағы сіз деп сызылғанын да ұмытып, сенге біржола көшті.
– Ағырапқа.
– Вахтадан қайтқан шығарсың, балам?
– Иә, вахтадан қайттым.
– Ағырапта тұрасың ба?
– Иә…
– Үйің бар шығар…
– Үйім жоқ.
– А, пәтер жалдап тұрады екенсің ғой.
Ешбір зілсіз сөз арасында айтыла салған елеусіз сөз жүрегіме шаншудай қадалды.
– Иә, пә-тер-де…
Жаным өрт шарпығандай құлазып сала берді. «Пә-тер-де» деген сөзді ежіктей, үш бөле сыздықтатып, әрең айттым. Көмейіме өксік тығылды. Апай тағы әлденені сұрай қалса, өтірігім айпара ашылатын секілді тыпыршып кеттім. Құдай оңдап, апай қайыра сауал қоймады. Қолсөмкеге салған ас-ауқатын шығарып, үстел үстіне тізіп жатыр.
Перронды бір сілкіп, пойыз шығысты бетке алып, сырғи жөнелді. Мыңқыстақ қозғалып бара жатқандай, біз бір орында тоқтап тұрғандаймыз. Темір жол бойындағы үйлерге де жан бітіп, көзден көшіп барады. Электр бағандары да қуып жете алмасын білгендей кері жылжи жөнелді.
Мыңқыстақта қабырғаға қамалған есіл күндерім мен «хлебаштарым» қалды. Мені алда бостандық күтіп тұр.
Тамбурға шығып, шылым тұтаттым. Аузыма толтыра ащы түтінді құшырлана жұтып, түтінді будақтата үрледім. Абақтыда жатқанда түтінді шеңберлей шығаруға дағдыланған едім. Сол әдіспен шеңберлей үрлеп, дөңгелене қалқыған түтінді тамашалап шіреніп тұрмын. Хатадағы бір сәтке болсын, ойымды бөліп, жанымды сергітер ермегім осы еді.
Әлияға барсам ба, бармасам ба? Барсам, не айтамын? Еркін әзілдескеніне қарағанда бойдақ болар. Сүмбідей сұлу келіншектің көңіл пердесін басып, басын шыр көбелек айналдырармын. Бірақ оны Ағырапқа барған соң іздемеймін ғой. Іздемеймін.
Табиғат заңы ер мен әйелді жұптап, бір-біріне көгендеп қойған. Түрме сол заңдылықты бұзады. Жылына бір-екі рет әйелің я көңілдесің бірер тәуліктік кездесуге келетіні болмаса, мандытып жар құша алмайсың.
Мен енді бостандықтамын. Мен де ел қатарлы ойнап-күлуге, сүюге, сүйікті болуға хақылымын.
Бояқ қас апаның «өз үйің бе, жоқ, әлде пәтер жалдап тұрасың ба?» деген тосын сұрағы жарғабақтағы ескі үйді еске түсірді. Ол бір бақытты күндер еді ғой, шіркін! Ол кезде біздің отбасы үздіксіз көшпелі күн кешіп, пәтерден пәтер тоздырып жүруші еді. Сөйтіп жүрсек те, төрт құбыламыз түгел, көңіліміз тоқ еді.
«Нұршық» шағынауданына әлі көше қоймағанбыз. Қазақбай даңғылын бойлап, Тынышқұлов көшесіндегі көне көпірден ызғытып өткен соң, «Тарный цех» деген аялдама бар. Жолдың бір жағасы ит тұмсығы батпайтын қалың тоғай. Тоғайдың қарсы беті жеркепе секілді ескі үйлер… «Тарный цехтің» аялдамасына жете бере Қазақбай даңғылы сәл қиыстап барып, көлденең жатқан Руставели көшесімен қиылысады. Руставелиді бойлап, бес жүз қадам шығысқа қарай жүрсеңіз, иір-қиыр Якупова деген кішкене көшеге кез боласыз. Көшенің бір қапталы сай. Сай түбінде тоған тола бір құлақ су ағып жатады. Екінші қаптал – жарқабақ. Жарқабақтың үстінде көне үйлер тауықкүркедегі тауықтардай қонақтап тұратын.
Түйе өркештенген жарқабақта қалқайып тұрған пәтерімізге қиқылдатып-шиқылдатып темір баспалдақпен шығамыз. Бұл баспалдақтың қай заманнан бері кәдеге жарап келе жатқанын Құдай білсін, әйтеуір, сықыр-сықыр етіп, құлап кетердей жаныңды мұрын ұшына келтіреді. Үйге кірерде де, шығарда да майып болудан үрейің ұшып, иман қайырасың…
Бұл үйдің маған ұнайтыны есіктің алды – жүзім бағы. Темір баспалдақтың дәл қасында алып екі жаңғақ ағашы жайқалып тұрар еді. Шырмалған шөп-шалаңды түртіп жіберсең болды, жаңғақ жерде дөңгелеп жатады. Жасыл қабыршықты аршып жіберіп, сүйегін жарасың да, жаңғақты тойғаныңша жейсің.
Ауызға жаңғақ пен жуылмаған жүзімді араластыра тығып, сосын су ұрттай саламыз. Бірақ ол үйдің суын көп іше алмайтынбыз. Хлор қосылған судың дәмі жуынды татып тұратын. Тамақ қажет емес. Елдес екеуміз тоғандағы суға тоспа жасап, күн ұзаққа шомыламыз. Інім екеуміз жаңғақты жүзімге араластыра жеп, ықылық атып, қағанағымыз қарқ болып жүруші едік.
Зонада жатқанымда жүзім араластыра жеген сол жаңғақтың дәмі аузыма келетін. Ернімді жалап-жалап жіберіп, тамсана жұтынушы едім. Түрмеден босай сала бір келі жаңғақ пен бір келі жүзім сатып алып араластыра жегенмін. Сол-ақ екен, көңілім босап, ағыл-тегіл жыладым. Өзімді ұстай алмай егіле бердім. Көзімнен аққан жас иегімді дымқылдап, ерніме ащы кермек дәм келді. Бұрын соңды жеміс жемеген адамдай қарпып-қарпып жібердім. Бала кездегі дәм көңілді бұзып, үздіксіз жұтына бердім.
Якупова көшесіндегі жарқабақтағы үйіміз Ағырапта тұрған пәтерлеріміздің ішіндегі хан сарайындайы еді. Өз алдына жеке асханасы бар. Одан бөлек, екі бөлме. Бір бөлмеде әкем мен шешем, екіншісінде інім екеуміз ұйықтайтынбыз. Қызыл кірпішті қаз-қатар тізіп, үстіне тақтай төсеп жасаған төсегіміз бар. Сол төсекте Елдес екеуміз айқасып бірге жататынбыз. Елдес тым бауырмал еді. Кейде еркелей бауырыма кіріп, қатты құшақтап алатын.
Бақытты күндер еді ғой, шіркін. Кеш бата қауын-қарбызын арқалап, әкем келетін жұмыстан. Дастарқанда айнала отырып, шу-шу етіп, қарбыз жейтінбіз. Сондай шат күндердің бірі еді.
Әкем қауын-қарбыз ғана емес, бас-басымызға балмұздақ та сатып алыпты.
– Бүгін қандай мереке? – деді шешем әкеме еркелей тіл қатып.
Балмұздақ әкелді деген сөз, үйде той басталды дей беріңіз. Мен ән айтып, әке-шешем әзілдесіп, бір сергіп қалатынбыз. Біріміздің туған күніміз болса, әкем ылғи балмұздақ әпереді.
– Құдай бізге де қарасты, бәйбіше, – дейді әкем көзі күлімдеп. – Құдай қарасты…
– Елдес балмұздақты сыртымен қосып жейді, – дедім мен інімді мазақтап.
Ағырапқа алғаш көшіп келгендегі інімнің балмұздақ жеу хикаясы еске түсіп, бәріміз жамырап күлдік.
– Білем, – дейді Елдес өкпесі қара қазандай болып. Балмұздақ жеген сайын мазаққа қалып, сол бір алаңғасар қылығына әлі ұялады.
– Ішті кептірмей айтсаңшы енді.
Шешем шыдамсызданып, әкемнің қара санынан шымшып алды.
– Әкелші бетіңді, шөлп еткізіп сүйіп алайын, бәйбіше, – деді әкем шешемді еркелетіп.
– Балалардан ұят-тағы, – деді шешем қызара бөртіп.
– Менің жылы киімдерімді дайында, бәйбіше… Бүгін Нұршыққа барып, жер басып аламыз. Өзіміздің жеріміз болады.
– Не дейді, құдай-ау?..
Шешемнің көзіне қуаныш пен үрей қатар тұна қалғандай болды. Әкемді ту сыртынан келіп құшақтай алды.
– Келіңдер, – деді сосын бізге білегімен бұраң еткізіп белгі беріп.
Төртеуміз құшақтасып, қуанып тұрмыз. Шешем бір қолымен арқамнан аялай сипап тұрды. Алақанының жылуын сезгендей болдым.
– Жәкең ауылдастарын жарылқайын деп жатыр, – деді әкем бәрімізді кең құшағына сыйдыра құшақтап тұрып.
– Жәкең, – деді шешемнің дауысы қатты шығып. Төркінінен жақсы бір хабар жеткендей, аузына жөндем сөз түспей қалды, білем.
– Иә, Жәкең… Бүгін Қабыл бәріміз сол кісінің қабылдауында болдық.
– Мына сені Жәкең қабылдады ма? – деді шешем әкейдің айтқанына әлі де сенбей таңырқап…
– Қабылдамағанда ше? Өзіміздің ауылдың адамы. Білдей Ағыраптың әкімі…
– Айдалада жатқан құйрық, бұл не деген батпан құйрық? – деді шешем мәтелдей сөйлейтін әдетіне салып.
– Қандай батпан құйрық екенін қайдан білем, ұққаным үйсіз-күйсіз қаңғырып жүрген қазаққа Жәкең жер бермек екен. «Ағырапты қазақыландырамыз» деді ме, ащы ішектей ұзын сонар бірдеңелерді айтты. Ұққаным «Жер басып алыңдар да, үйлеріңді салыңдар. Құжаттарыңды өзім заңдастырып беремін» дегені болды.
Шешемнің көзі боталап, жылап жіберді.
– Құдай-ау, шын айтып тұрсың ба? Жәкеңді Тәңір жарылқасын! Тәңір жарылқағыр қандай жақсы адам еді…
Тамбурдың есігі ашылып, спорттық жеңіл киім киген Әлия кіріп келіп, ойым бөлініп кетті. Қолымдағы темекінің тұқылы ғана қалыпты. Тұқылдың шоғын түкіріктеп сөндірдім.
ІV
– Жігіт қызды іздемеуші ме еді? – деді Әлия келген бойда езу тарта еркелеп. Келіншектің жүзінде біртүрлі өзімсіну бар. Атам-заманнан таныс-біліс жандаймыз.
– Шылым шегіп алған соң, бармақ едім, – дедім мен де ақталғандай болып…
– Келмес едіңіз.
– Неге? – дедім тағы бір темекі тұтатып.
– Әйеліңіз бар шығар. Бала-шағаңыз…
– Ол мәселеде ұяттымыз, – дедім өтірік күлген болып.
– Ажырасқансыз ба?
– Солай десе де болады.
– Ажырассаңыз, балаларыңыз бар болар.
– Жоқ, мүлде үйленбегенмін.
– Пәкпін, – дейсіз ғой.
– Періштемін.
Әлия екеуміз де күлдік.
– Осы жасқа келгенше етегіме намаз оқыдым дей көрмеңіз.
Әлияның ернінің ұшындағы меңінен сүйіп алғым кеп кетті. Бұл қалаудың қайдан сап ете түскенін қайдам, тарыдай меңге тамсана қарадым.
– Кім біледі, оқысақ оқыған шығармыз, – дедім күлген болып. Он төрт жыл бойы жарытып әйел затын көрмегенімді айта алмай абдырап тұрмын.
– Өтірік айтқан адамды жек көремін, – деді әңгіменің шылбырын біржола қолына алған Әлия көзіме тіке қарап.
– Мен шынымды сізге айта алмайтын сияқтымын. Айтсам да, сенбес едіңіз…
– Көзімді бақырайтып қойып алдағыңыз келеді, ә! – деді ол сыңғырлай күліп.
– Мен білсем, «өтірікшіні жек көремін» деп қойып, өзіңіздің де алданғыңыз келіп тұр-ау…
Астарлы әзіліме Әлия булыға ұзақ күлді. Күлкісі біртүрлі тағы да ғашығым Әнияның күлкісіндей болып көрінді. Баяғыда Әниямен Нұршықта алаңсыз сырласып мектептен қайтқан кездегідей көңілім кілт көтеріліп сала берді.
Келіншек өзімсіне иығымнан қойып қалып:
– Бойдақ келіншектің алданғысы келуі айып па? – деді.
Келіншектің бойдақ екенін сөз арасында білдіріп, батылдана иығымнан нұқуы арамызды бөліп тұрған көрінбес пердені сыла салғандай болды. Әлия Әнияға айналып кеткендей көрінді. Бір сәттік сезімнің арбауына түсіп, арбалып қалғандаймын.
– Бойдақ жігіттің алдап-соғуы да айып емес шығар, – дедім қарқылдай күліп…
Әлия вагонға кіретін есікті ашып көріп:
– Түу, купе ме десем, плацкарт екен ғой вагоныңыз, – деді.
– Ұяттымыз. Сізді қонақ етуге плацкарт жарай қоймас, – дедім мен ыңғайсызданып.
– Ендеше кеттік ресторанға…
Енесіне ерген құлындай, Әлияның соңынан құлдыраңдай жөнелдім. Бөксесін билетіп, еркелей басып келеді Әлия. Жанарының айналасындағы қатпарлы әжім болмаса, әлі де сыны кетпеген. Тартымды. Қылықты. Сұлу келіншек. Жүрісін қарасаңшы, көзді арбайды.
Жолға шықпай жатып осындай сұлу келіншекпен кездесуім аузымның салымы барлығынан болар. Енді Әлия қайда бастаса, сонда барарым анық. Әлия ырқымды баурап, өзіне көгендеп алды. Енді ол көгенді үзіп кете алмайтындаймын. Баяғыда Әния не айтса, соған көнетінмін. Сол көне сезім қайта оянды. Еріктен айырылғанмын. Ырқымды біржола қолына бере салып, тұтқынға қайта түскен жан сияқтымын. «Первохотка емеспін» дедім өз-өзіме іштей күліп.
Әлия кенет мойнын оқыс бұрып, тоқтай қалып:
– Не ойлап келесіз? – деді.
Мен оның желкесінен итере әрең тоқтап үлгердім. Қайта кері бұрыламын дегенше, Әлияның ыстық лебі мойнымды шарпып өтті. «Бойы да дәл Әниянікіндей екен ғой» деп ойладым.
– Ғашығымды…
– Әнияны ма? – деді ол тамбурдың есігін аша беріп.
– Сізді. Сізді ойлап келемін.
Сымдай тартылып, жалт-жұлт еткен темір жол темір доңғалақтарға үйкеліп шыңылдап, сөзімнің соңын жұтып қойды.
Ойым басы бар да, аяғы жоқ оқиғаларды кезіп кетті.
Адам жанын азаптан құтқаратын да, тозақ отына сап шыжғыратын да ой. Он төрт жыл бойы мына шақшадай басымды шарадай етіп, қаншама ой ойладым. Бірақ тұңғиығы тым терең оның түбіне жеткен емеспін. Өзім бостандыққа шыққаныммен, жаным қапаста… Ойдың түрмесі жан-жағымнан қамап, еркіме жібермейді. Өзіммен өзім қалсам болды, өткенді ойлаймын. Тек өткенді… Болашағымды қиялдаған күнім жоқ. Неге екенін білмеймін, баяғы өміріме қайта барғым, бәрін де қайтадан бастағым келеді.
Баяғы дәурен қайта оралса, бәрін өзгертер едім. Батпаққа белшеден батқан тағдырымды құрғаққа сүйреп шығарар едім.
Адам баласының қателігін түзейтін қасиеті болса ғой.
Баяғыда бостандықта жүргенімде бір фильм көріп едім. Сол фильмде оқуды жаңа бітірген жігіт үйленбек болушы еді. Үйленуге аз күн қалғанда достарының басын қосып той тойлайды. Сол кеште көңілдес табады. Ертесі қалыңдығы жігітті көңілдесімен ұстап алады да, ызадан машинаның астына түсіп өледі. Қалыңдық – байдың қызы. Әкесі жігітті жазалап, қаңғыртып, қоңыз тергізіп жібереді. Үй-күйі жоқ әлгі жігіт қаңғырып жүріп, уақытты теріс айналдырар айла табады. Құдай қателікті түзеуге қырық сегіз сағат уақыт береді. Тәңірден алған қырық сегіз сағатта біраз қателігін түзегенімен, жігіттің өмірі оңала қоймайды.
Дәл сол сияқты уақыт машинасын терісінен жүргізсем де, өмірімнің өзгере қоюы екіталай.
Менің көзім осыған анық жеткен.
V
– Әния қандай қыз еді? – деді Әлия тобылғы түсті сырадан сүйсіне ұрттап отырып. Келіншекке тән желік ішін кеулеп алғанын сездім.
– Әния дегеніңіз кім еді? – дедім жақауратып.
– Ғашығыңыз да…
Әлия іші-бауырыма төте енер жол іздегендей мөлдірей қарайды. Біртүрлі жылы көзқарас.
– Кім айтты менің ғашығымның аты Әния деп…
– Әлия деген атымды естігенде реңіңіз бұзылып кетті. Сосын Әния деп дауысыңыз құмығып шықты.
– Мүмкін, ғашық болмаған шығармын, – дедім мен. Үнім тым сенімсіз, күмәнді қалыңдатардай болып, қалтырай шықты. Өмірде Әния деген ғашығым болмағандай, оны мен сүймегендей түр жасауымнан ештеңе өнбейтінін байқап қалдым.
– Өйтіп алдамаңыз! Сізді айыптағалы отырған жоқпын.
– Олай болса, менің өткен-кеткенімді қазып қайтесіз?
– Қызық қой. Махаббат хикаяларын тыңдай бергім келеді.
– Сізге қызық болса, қызық шығар. Мен үшін түк қызығы жоқ, – дедім Әния туралы әңгіменің тиегін біржола үзіп тастағым кеп…
– Тастап кетті ме сізді?
– Жоқ!
– Енді не болды?
– Ештеңе де болған жоқ.
Әлия миығынан күлді. Әнияның күлкісін біржола әлпетіне көшіріп алған әртістей көрініп кетті.
– Кішкентай бала сияқтысыз! Өтірік айтсаңыз, бетіңіз қанталап, қып-қызыл болып кетеді екен!
– Қызарған жоқпын.
– Қызардыңыз! Тіпті ұялғаннан көзіме тіке қарай алмайсыз!
Бетімнің оты дуылдап, шынында қып-қызыл болып кетсем керек. Әлия иығымнан және бір мәрте дүңк еткізіп өзімсіне ұрды.
– Ал, қарадым!
Кірпік қақпай Әлияның жүзіне қадалдым да қалдым. Оның көз қарашығынан тағы да Әниямды көрдім. Әниямның бейнесі Нұршықтағы үйді есіме салды.
Айтқан ауызға оңай болғанымен, жер басып алудың тауқыметі қиын екен. Әкем үй бетін көрмей, бірер ай далада түнеп жүрді. Біз Елдес екеуміз әкеме ас-ауқат тасимыз.
«Тарный цехтен» Нұршыққа дейін үш автобус ауыстырып мінеміз. Ол кезде ай сайын екі жүз теңгеге жол жүру билетін сатып алатынбыз. Ол билет мектептен берілетін оқушы екеніңді растайтын анықтама болған кезде ғана жарамды. Анықтамаға суретің жапсырылып, шетіне мектептің мөрі басылатын.
Біз інім екеумізге бір билет қана сатып алушы едік. Сатып алған билетті қақ ортасынан бөліп, кішкене блокнот жапсарының бұрышына сүңгітіп жіберетінбіз. Сосын жапсардың қалған жартысына анықтаманың сурет пен мөрі бар тұсын бүктеп тыға саламыз. Өстіп бір билет екеу болады. Кондукторлар анықтама мен жол билетін екі бөлек көрсеткісі келмейтін еріншек балалардай көріп, біздің айламызға мән бермейді.
Билеттен үнемдеген аз ақша інім екеумізді шала байытады. Бірер күн он теңгелік балмұздақ жеп, бір жасап қалушы едік.
Сол екі жүз теңгелік жол билеті Елдес екеумізді қаланың қай қиырына болсын тегін жеткізеді. Күні бойы Нұршықта әкеміздің қасында боламыз.
Кеш бата «Тарный цех» қайдасың» деп кері қайтамыз. Әкем шағын лашық тігіп алған. Лашық та болса кең сарай… Лашық та болса өзіміздікі… Басып алған алты сотық ұлтарақтай жеріміздің төрт бұрышында төрт қада бар. Лашық пен төрт қададан басқа түгіміз жоқ. Төрт қадаға төрт құбыласы тең адамдай көз тоя қараймыз. «Біздікі» деген, «менікі» деген жып-жылы сөз кеудеге қуаныш сыйлайды.
Айналамыз қыз-қыз қайнаған, сапырылысқан тіршілік. Біреулер тас түсіріп, үйдің іргетасын құя бастаған. Енді біреулері үйінің қабырғасын қалап жатыр. Шатырын жауып үлгергендер де жетерлік.
Нұршықтың маған ұнайтыны – ішінара болмаса, дені біздің ауданнан келгендер тұрады. «Жер басып алыңдар» деп жұртқа желік берген өз ағамыз, өз жерлесіміз. Сол кісі орыстанған Ағыраптың айналасын қазақпен қамап, бірер жылда-ақ көк көз қаланы қара қазаққа толтырып берді.
Біз туған Жабыр ауданы қазір жоқ. 1996 жылы аудан-облыстарды ірілендіру саясаты жүріп, аудан жойылған. Ауданмен қатар колхоз-совхоздар да тарап, бар шаруашылық жекенің қолына өтті. Жұрт жұмыссыз қалды. Аудан құлаған соң, елдің тоз-тозы шығып, берекесі кетті. Екі қолға бір күрек іздеп, халық қалаға үдере көшті. Сөйтіп, Ағыраптың сайда саны, құмда ізі жоқ үйсіздерінің саны өсті. Біз де сол көппен бірге жағаласып, қалалық болғанбыз.
Әкем Елдес екеуміз Нұршыққа барған сайын қуанып, елпілдеп қалатын. Ылғи да махорка орап, темекісін алшысынан тістеп, будақтатады да жатады.
– Елдес, – дейді ойнап жүрген кенже баласын шақырып.
– О, не, папа? – дейді Елдес жалт қарап.
– Үй деген сөздің мағынасын білесің бе? – дейді түтінін будақтатып.
– Үй деген үй де… – дейді інім күмілжіп.
– Дұрыс емес, үй дегеннің түбі «үю» дегеннен шыққан. Қарашы, көршілеріміз тапқан-таянғанын бір жерге үйіп жатыр. Өстіп үйе берсең, ол үй болады.
Әкем сұқ саусағын шолтаң еткізіп, ұғып алыңдар дегендей көкке көтереді. Маңғазданған жүзінде «Көрдіңдер ме, сендер сөздің терең мағынасына мән бермейсіңдер» деген ой тұратын.
– Олай болса, біз де заттарымызды әкеп, үйе бермейміз бе? – деймін сөзге килігіп.
– Әліптің артын бағу керек, – дейді әкем. – Жердің решениесі қолға тисін. Құжат қолға тимей, еңбекті рәсуа етуге болмайды.
Бұл өмірде әкем заңнан басқа ештеңеден ықпайтынын мен жақсы білем. Бір жапырақ құжат қолға тимей, ши сындырмайтыны анық-ты.
– Құжат тиген соң немізді үйеміз? – деймін мен ақыл тоқтатқан адамдай.
– Торы айғырды сатамыз. Ауылдағы үйді бұзып әкелеміз.
Торы айғыр деген кезде санамда бір сағыныш оты тұтанады. Торы айғыр Жабырдағы жалғыз атымыз еді. Әкем көшер кезде інісіне қалдырған. Мен ес білгелі сол айғырдан басқа малымыз болған емес. Ауылдағы онжылдық қысқа өмірім сол торы айғырмен тіке байланысты.
Кейде түс көрем. Түсімде ылғи торы айғырды мініп алып, шапқылап жүрем. Кенет атыма қанат бітіп, көкке ұшам. Інім Елдесті мінгестіріп алмағаныма өкініп жатып оянам.
– Торы айғырды сатып, үйдің іргетасын құйып алсақ, қабырғасын соқпа таммен бір аптада соға саламыз. Сосын ауылдағы үйдің шатыры төбесін жабуға жетеді. Едені еден болады.
Әкем «торы айғырды сатамыз» дегенде жүрек түкпіріндегі қымбат дүниемді ұрлатып алған жандай жайсыз күйге түсем.
Әкем тәтті қиялға беріліп, қайтадан темекісін орай бастайды.
– Әнияны ойлап кеттіңіз бе?
Ойға шомғаным соншалық – алдымдағы сыраны орталап тастағанымды сезбей қалыппын. Қарама-қарсы қалта телефонын шұқылап отырған Әлияны да ұмытып кетіппін.
– Әнияға жетпей қалдым. Ауылдағы торы айғырымды ойладым.
– Торы айғыр…
– Иә. Кәдімгі ат. Сары тіс сақа айғырым…
Жабырда торы айғырға мініп алып, тебініп шауып бара жатқан бейнем көз алдымда кілкіп тұра қалды.
Біз мінген 075Т пойызы Кетпе стансасына тоқтады. Жарбиған үйлер, сұрықсыз көшелер сырғып барып кілт іркілгендей көрініп кетті.
– Мына жердің сырасы қымбат сияқты. Мен бірер бөтелке сыра сатып ала қояйын. Пойыз қанша уақыт аялдайды екен, – деді Әлия.
Ресторан қабырғасына ілінген маршрут кестесін қарап, пойыздың 10 минутқа ғана тоқтайтынын айттым.
– Сіз есеп айырысып, менің купеме бара беріңіз! Әңгімешіл жігіт пе десем, аузыңызға құм құйып алған адамдай үндемейді екенсіз, – деп күліп, еркелей басып сыртқа кетті.
Әлияның ырғақты жүрісі ғашығым Әнияның жүрісіндей көрініп, іштегі сағыныш отын тұтатып кеткендей болды.
Есеп айырысып, вагон ішімен өз плацкартыма қайттым.
VІ
Плацкарт тола адам. Жолсерік отты аямай жаққан сияқты. Вагон іші қапырық. Терлеп-тепшіген адамдардың иісі қолқаны қабады.
Төсегіме жетіп, кеудешемді шештім. Маңдайым жіпсіп, ыстықтағанымды сездім.
– Балам, қайда кетіп қалдың? Шай ішетін едік қой, – деп бояқ қас апам бәйек болып жатыр.
Апай да дәл шешем сияқты қамқор. Аналық мейірімі жүзінен төгіліп тұр.
– Таныстарыммен ресторанға бардық, – дедім ақталғандай.
– Ойбу, удай қымбат ресторанға шығындалып не қыласың? Вахтадан тапқан аз ақшаңның тамтығы қалмайтын болды-ау…
Он төрт жыл түрмеде жатқанымда ай қарап, жұлдыз санамадым. Ай сайын алатын жәрдемақымды жинадым. «Хлебаштарыма» да сыйлы болдым. Олар кетерімде қалтама біраз тиын-тебен салып берген. Бұ кісі қалтамдағы қаржының мұрты да бұзылмағанын қайдан білсін. Бояқ қас апамның дәл шешем секілді қалтамдағы ақшама жаны ашығаны жүрегімді дір еткізді.
– Тамақ бар менде… Сен сияқты балам да бар. Ол да вахтаға кетеді. Кел, отыр. Жайланып отыр. Шай әкеле қояйын, – деп апай дамылсыз сөйлей бастады.
– Әуре болмаңыз! Қарным аша қойған жоқ.
– О, несі-ей! Шешесіндей адамның қолын қайтарып. Тоқ болсаң да ішесің.
Әлияның купесіне асығып отырсам да, апайдың көңілін жыға алмадым.
Апай ыстық суға Рiala деген жазуы бар пакетті шайды салып, қып-қызыл бояуы шыққан соң, Lаctel деген құтыдағы сүттен құйды.
Баяғыда Нұршықта шешем дәл ауылдағыдай самаурын қайнататын. Буы бұрқырап, иығынан дем алып тұратын самаурынды үйімізге кіргізген кезде, онымен бірге ырыс-несібе де ере кіргендей болушы еді. Шешем алдымен сүт қатады, сосын шәйнектен шайдың шығымын құятын. Кесе түбіндегі тұнған қою қызыл шайдың ішінде сояудай-сояудай болып самалар билеп жүретін. Бояуға самаурын шүмегінен сыздықтатып қайнақ су қосып, тәтті шайға айналдыратын. Қазір бәрі керісінше… Су құяды, сосын пакеттегі шай салынып, артынан сүт қатады.
Көңіл аударарлық мәні жоқ дүние көрінер. Бірақ әр іс тетір істелетін болғалы біз де теріске бет алған сияқтымыз.
– Шешең бар ма, балам?
– Бар.
– Сенің қолыңда ма? Жоқ, басқа да келіндері бар ма?
– Әлі үйленген жоқпын, апа!
– Құдай-ай! Сомадай болғанша ақыл кірмеген не қылған адамсың? Шешеңнің қолын ыстық суға сап қоятын жөнің бар ғой.
Бізге құяр шайының өзін бар ынтасымен, махаббатпен дайындайтын шешемді не түлен түрткенін білмеймін. Он төрт жыл ішінде мені іздеп түрмеге бір рет келмеді. «Балам бар еді-ау, нақақ абақтыға қамалып еді-ау» деп іздемеген, жоқтамаған жанды қалай шеше демекпін?! Көңілімде қайтадан азынап жел тұрды.
Мен қамалған соң, әкем мен шешем ажырасыпты. Арада жарты жыл өтпей шешемнің тұрмысқа шыққанын естідім. Кімге дейсіз бе? Менен бар болғаны жеті-сегіз-ақ жас үлкен жігітке. Қазір жас күйеуден тапқан баласы бар көрінеді. Ол баланың өзі он екі-он үш жасқа келіп қалған болса керек. Шешемнің неге күйеуге тиюге асыққанын, неге бізді тез ұмытқанын түсіне алмаймын. Мұны қалай айтасың бояқ қас апайға!? Әкемнен хабар алмағалы да он төрт жыл. Не тірі, не өлі екені белгісіз. Қаңғырып қайда жүргенін бір Құдай біледі.
– Шешемнің менен де басқа балалары бар. Солармен тұрады.
– Әкең ше, зейнеткер ме?
Менің жек көретінім – қазақтың тергегіштік қасиеті. Түп-тұқияныңды қопарып, тұқым-тұяғыңды, туған жеріңді, руыңды сұрамаса, қазақтың басы ауырады. Мұндай тергеу жүрегіме тікендей қадалады. Жауап бергім келмейді.
Алғаш ұсталғанымда тергеуші кісенмен қолымды жылу құбырына асып қойып, сындырмақ болған-ды.
– Әлімбаев…
– Мен, – деймін терезесі де, есігі де жоқ бітеу бөлмеде айналама алақ-жұлақ қарап.
– Мына қағаздарға қол қой.
– Алдымен оқып шығайын, – деймін далбасалап.
– Оқымай-ақ қоя бер.
– Жоқ, оқимын.
Тергеуші берген қағазда жазылған мәтінді судыратып оқып шықтым.
– Кеңесов деген ешкімді танымаймын, – дедім мәтінде жазылған жайлардан шошынып.
– Танымасаң, танытамыз…
Тергеуші су толы пластик бөтелкемен қақ маңдайдан бір салды. Миым айналып, аузыма түсті.
– Өлтірсең де мойындамаймын.
Су тола бөтелке тағы да тас маңдайымнан сүйді. Есімнен танып, аяғымнан әл кетіп, сылқ ете түстім. Жылу құбырына ілінген қолым болмағанда тас еденге жалпамнан түсер едім.
– Кеңесовті өртегеніңді мойында.
– Мен өртеген жоқпын.
– Енді кім?
– Білмеймін.
– Білесің.
Тергеуші енді дубинкамен балтырымнан салып-салып жіберді. Әр ұрған сайын жіліншігім үзіліп кетердей болды.
– Кеңесов деген кім? – деймін шыр-шыр етіп.
– Кеңесовті «заложникке» ұстағансың!
– Мен ол жерде болған жоқпын.
Тергеуші орнынан атып тұрып, енді дубинкамен қара санның қалың етінен ұра бастады.
– Міне, мына суретті қара. Үстіне бензин құйған сенсің. Бетіңді футболкамен тұмшалап алғансың.
– Мен емеспін бұл. Милиция жігіт өртенген кезде көшенің арғы бетінде болғанмын.
Сол бір сары сүргін арпалысты күндерде полицей жігіттің шыр-шыр етіп өртеніп жатқан бейнесі көз алдымда көлбеңдеп тұрып алады. Мен оны бүртүрлі аяп кеткем…
– Соқ өтірікті. Міне, киіз үйдің алдында тұрған суретің.
Киіз үйдің алдында расында менің қасқайып қарап тұрған суретім. Маңдайдан аққан тер топыраққа араласқан, бетім кір-қожалақ. Қолымда тас па, әйтеуір, жұдырығыма жасырған әлденем бардай көрінді.
– Өрт қойған жігіт қызыл футболка киген. Менің үстімдегі қара футболка… Қараңыз мына суретті, – дедім басқа ақталар сөз таппай…
– Таяқ тастам жердегі үйіңнен киім ауыстырып келе қою қиын ба? – деп орағыта сұрақ қойды тергеуші.
«Шай, кофе, сусын аламыз» деген саудагердің айғайы қиырға сапарлап кеткен ойымды пойызға қайта оралтты.
– Балам, бір нүктеге қарап мелшиеді де қалады екенсің.
– Жұмыстан шаршаған болармын, апай, – дедім жымиып.
– Алда, байғұс-ай! Менің де балам вахтада сен құсап жүдеп жүрген болар. Ақылың бар баласың ғой. Соқа басың сопиып жалғыз жүрмей, бір шүйкебасқа үйленіп ал. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды», – деді бояқ қас апам жаны ашып.
Апайдың шайын алаңсыз ішіп алып, Әлияның купесіне бет алдым.
VІІ
Әлия мені көріп қуанып қалды.
– Сізді келмейді екен десем.
– Неге келмейді екенмін?
– Түріңізге қарасам, әжептәуір жігітсіз. Бірақ, әңгімелесуді білмейсіз.
– Жалпы, балпылдап сөйлей бергенді ұнатпайтын жанмын.
Абақты тіліме бұрау түсіріп, артық сөйлемеуді үйретті. Түрме түсінігінде «Тіл – біреу, құлақ – екеу» деген ұғым бар. Бір құлақтан айырылсаң, екіншісі қалады. Ал абайсызда тілден айрылсаң ше? Сен үшін түк маңызы жоқ бірауыз сөз өзге тұтқынның жүрегіне шаншу болып қадалуы мүмкін. Қадалмаса да, бәле іздеген «зэктердің» сөзден ұстап алып, сені кінәлі ете салуы үйреншікті жағдай еді. Зонадағылар өзінің өткен өмірі, туыстары, байлығы, тағы басқа туралы тіс жармайды. Аузынан қаңғып шыққан жел сөзге бола бостандықтағы жақындары азап тартпауы үшін де тілін тістеуге мәжбүр. Тұтқындардың осы түсінігі санама әбден сіңіп қалған.
Абақтыда тілден шыққан түкке тұрғысыз сөз үшін тағдыры талқан болғандар көп. Соны білгендіктен өзіме қатысы жоқ әңгімеге қыстырылмаймын. Сұрақ қойса, оның өзіне ойланып барып жауап беремін. Тіпті кейде жауап бермей құтылуға да болатынын жақсы білем.
– Маған да көп сөйлеме демекшісіз ғой, – деді Әлия бұртиып.
– Жоқ, сіз сөйлей беріңіз. Өзім туралы айтқанды ұнатпаймын, – дедім мен.
Әлия иығымнан және нұқып қалды. Сөйтті де, дәл Әния сықылды сыңғырлай күлді. Әлияның бұртиғаны да біртүрлі әдемі.
– Мен білсем, келіншегіңіз бар. Содан қорқасыз. Өзіңіз туралы айтқыңыз келмейтіні де отбасыңыз үшін.
– Иә, отбасым туралы мүлде тіс жарғым келмейді. Бірақ сеніңіз, үйленбегенмін.
Әлияның көзі жанарыма қадалды да қалды.
– Интересно, – деді сосын орысшалап. – Мен сізге кенеше жабысып, келіншегіңіздің бағына ортақтасқалы отырған жоқпын ғой.
Zatecky Gus деген қалбырдағы сыраны сүйсіне ұрттап алдым да:
– Адамның тұтас өмірі бақытты болуы мүмкін емес. Бақытты сәттер ғана болады, – дедім әлдебір жерден естіген жаттанды сөзді тотықұстай қайталап.
– Біздің өмірдегі ең бақытты сәтіміз пойыздағы екі күн болуы мүмкін дейсіз ғой, – деді Әлия алда не айтарымды дөп баса болжап.
Әлияның сөзіне екеуміз де риза болып күлдік. Әлияның күлкісінен күй ойнап тұрғандай көрініп кетті.
– Көршілеріңіз жоқ екен ғой, – дедім әңгіменің ауанын басқа арнаға бұрғым келіп.
– Олар ресторанға кетті-ау деймін.
Мен пойыз терезесінен сыртқа көз жібердім. Ұшы-қиыры жоқ иен дала. Осы ұлан-ғайыр атыраптың төсін қақ жарып жүйткіп келеміз. Шешем мәтелдеп «дүниенің кеңдігін қайтейін, етігің тар болса» деп отырушы еді. Сол айтпақшы, дүние кең болғанымен, етігім тар болды. Он төрт жыл бойы тар қапаста жатып, дүниенің кеңдігін сезе алмадым. Біздің отбасы ұшы-қиыры жоқ жері бар осы елден бір үй салатын ұлтарақтай жер ала алмай зарлады-ау. Осыны ойлағаным сол еді, санам қайтадан өткен күндерді шарлап кетті.
Ол бір күндерде Шемкин мен Қарақалпақ көшелерінің қиылысындағы жертөледе тұратынбыз. «Тарный цехке» көшпеген кезіміз.
Терезесі жерге жартылай кіріп тасбақадай жарбиып жатқан ескі там. Кішкентай ғана асханасы, сосын жатын бөлмесі бар. Сол бір бөлмеде әкем, шешем, Елдес төртеуміз иен тіресіп өмір сүрдік.
Қожайынымыз – қалақтай ғана ұйғыр шал. Жертөленің қарсысында төрт бөлмелі еңселі үйі бар. Сол төрт бөлмеде бір өзі тұрады. Ұйғыр атам өте тынымсыз, шақар мінезді адам еді.
– Елдес, – деп айғай салады.
Елдес екеуміз үйден жүгіріп шығамыз.
– Магазиннен нан әкел! – дейді қолымызға тиын ұстатып.
Інім екеуміз үйден әжептәуір алыстағы дүкенге құстай ұшамыз.
– Елдес, – деп айғай салады.
Інім екеуміз сыртқа тағы ытқып шығамыз.
– Есіктің алды шашылып жатыр. Сыпырмайсың-дар ма? – дейді бұйырып.
Қолымызға сыпыртқы ұстай салып, шаңдата бастаймыз.
– Елдес, – деп айғай салады ісіміз жақпай. – Біреуің сыпырғанда, екіншің су шашып, шаңды басып тұрмайсыңдар ма?
Елдес есік алдының шаңын басатын су әкелуге құстай ұшып, шапқылап бара жататын.
Шалдың жұмсауы, інім екеуміздің шапқылауымыз бітпейді. Тіпті жұмыс болмай қалғанның өзінде қожайын ығыр етіп, маза кетірер әлденені ойлап табады.
– Елдес, – деп айғай салады. Оның «Елдесі» інім екеуміз. Інімнің есімі екі адамды құлша жұмсап, сілемізді қатырып, діңкелетуге әбден жетеді.
– Елдес, кел карта ойнайық, – дейді ұйғыр шал көңілдене ағаш сәкіге малдас құрып отырып жатып.
Шалмен карта ойнаған қызық. Ойнайтынымыз «алтылық», «тоғыздық» деген ойындар. Байқамай картаны айтып қойсаң немесе ініңе көмектессең, зығыры қайнап, желкеңнен қойып қалады.
Шалдың қолы темірдей қатты еді. Оның бізді ұруға, қалаған уағында жуасытып, ықтырып алуға хақысы бардай көрінетін.
Кейде дұрыс жүріс жасамай, «Қап, бағана валет попты жүруім керек еді» дейміз санымызды бір соғып.
– Келесі жолы солай жүресің, – дейді шал мазақ етіп.
Келесі жолы қолға мұндай карта шығуы мүмкін емесін білетін інім екеуміз қарқылдап күлеміз. Бізді күлдіргеніне риза болған атамыз «компот ішесіңдер ме?» дейтін жомарттығы ұстап. Ұйғыр атамыздың тәтті компотын ұрттап қойып күн ұзаққа карта ойнаймыз.
Шалдың тағы бір қасиеті – қолыңда тұрған картаңды қарамай-ақ біледі. Критке қандай карта кетті, жерде қандай көзірлер бар – бәрін санап отырады. Қожайынның жадының мықтылығына таңғалушы едім.
– Тағы да басқа әлемге кетіп қалдыңыз. Сыраңыз суып қалды, – деп күлді Әлия.
– Карта ойнасақ қайтеді, – дедім мен.
– Тамаша идея. Ойнайық. Көршілер де кеп қалар. Бәріміз бірге ойнасақ, уақыт та зымырап тез өтеді, – деді Әлия қолдап.
– Пойыз стансаға қашан тоқтайды екен, көріп келейін, – деп орнымнан атып тұрдым.
Пойыз Байтас атты стансаға жиырма бес минутқа аялдайды екен.
VІІІ
Тамбурда шеңберлей түтін шығарып, темекі шегіп тұрмыз.
Өнерімді көрген Әлия баладай мәз.
– Қайталап істеңізші. Түтінді қалай-қалай дөңгелектейсіз? – дейді таң болып. Таңғалғаны да, қайран болғаны да дәл Әния. Адамға адам осынша ұқсас болар ма еді?!
– Міне, тіліңді былай шығарасың. Сосын сүйірлеп тұрып оң жаққа қарай үрлейсің…
Әлия темекі шекпейді. Сонда да менің қолымдағы шылымды ала сала аузын түтінге толтырып, тілін сүйірлей алмай ит әуреге түседі. Аузындағы түтін будақ-будақ жайылып, түтіні шеңберленбей шаршатты.
– Не қиындығы бар. Міне, былай үрлеңіз!
Әлия түтінге шашалып, көзінен жас бұрқ етті.
– Құрысын, қолымнан келмейді екен, – деп өз-өзіне келе алмай ұзақ жөтеліп, тұқылды өзіме ұстата салды.
Фильтрге қып-қызыл памада жұғып қалған екен. Соны ерніме қыстырып жатып:
– Ерніңіздің табы қалған шылымымды шегейін, – деп күлдім.
– Ой, тұқы… Жас баладай қырындайтыныңыз қиын екен, – деді көзі жасаурап. Шашалған түрі де Әнияның бейнесін еске салып тұр.
– Дәп бір қыз сүйіп көрмеген адамдай бола қалуын, – деді сөзін жалғап. Менің ойым тағы қиырды шарлап кетті.
Қарақалпақ көшесіндегі жертөледе тұрғанымызда мынадай бір оқиға болған. Он төрт-он бес жасқа келген кезім. Қияқтай мұртым тебіндеп, жігіт болып қалғанмын.
Әкем жалданып, елдің қара жұмысын істейтін. Онысын «шабашка» деп атайтынбыз. «Шабашка» болмай қалған күндері әкем Бокин көшесіне кетеді. Бокин көшесінде жұмыссыздардың «пятагі» бар. Сол көшенің жағасында күн ұзаққа тұрады. Жол жиегіне көлік тоқтаса болды, өзіндей жігіттермен таласа-тармаса әлгінің терезесіне ентелейтін.
Мұндайда жұмыс берушілер де паңдана қалады. Арақ ішпейді-ау дегендерді таңдап алады. Сондағы күндік табысы 1500-2000 теңгеден аспайды. Тапқаны тамағымыздан, жұққаны жұмырымыздан артылмайды. Шешем мейрамхананың гардеробында киім ілуші болып жұмыс істейді. Түнгі бір-екіге дейін үйге оралмайды. Ал Елдес екеумізді өздеріңіз білесіздер, қалақтай ғана ұйғыр қожайынның тегін құлымыз.
Бір күні мектептен діңкелеп шаршап келіп, жата кеттім. Көзім бірден іліне қойған жоқ-ау! Әйтеуір, ұйықтамағаным анық. Ұйқы мен ояудың арасындағы ғайып бір мекенге кіріп кеткендей күйге түстім. Елдес теледидар көріп, әке-шешемнің төсегінде отырған. Кенет асхананың есігі ашылып, бір келіншек кіріп келді. Үстіне қап-қара көйлек киген. Бетіне тіке қарай алмаймын. Түйсікпен бойының тым ұзын екенін байқадым. Басы төбеге тиіп, сәл иіліп бетіме үңіліп тұрғанын сезіп жатырмын.
«Елдес» деп айғайлайын десем, дыбысым шықпайды. Дүлей бір күш буындырып, демімді тарылтып жіберді. Қазақ «қара басты» дейді ғой. Сол қара басып, жаным мұрнымның ұшына келді. Әлгі ұзын бойлы келіншек көйлегін көлбең еткізіп, кеудеме отыра кетті. Салмағы қара тас. Орнымнан тырп етіп қозғала алар емеспін. Маңдайымнан шып-шып тер ақты.
«Е-е-е», – деп Елдеске қолымды ербеңдетіп жәрдем сұраймын. Інім мен жаққа тіпті назар салар емес.
Кенет қара көйлекті келіншек шөп еткізіп ернімнен сүйіп алғандай болды. Ернім шоқ басып алғандай кезеріп, тандырдай қызарып кетті.
Кенет әлгі келіншек мені босата салды. «Ел-дес» деп айғайлап, есімді жидым. Екі тізем дірілдеп, тұла-бойым қалшылдап барады.
– Өй, саған не болды? – деді Елдес менің үйде екенім енді есіне түскендей. Көзі атыздай болып қорқып кетті. Моншада отырған адамдай пора-порам шыға моншақтап терлеп, қалшылдап барамын.
– Қара көйлекті әйел, – дедім кекештеніп. – Кеудемнен басып, тұншықтырды ғой, – дедім ары қарай не айтарымды білмей…
– Қумашы, – деді інім сөзіме сенбей. – Қайдағы қара көйлекті әйел? Үйде екеумізден басқа ешкім жоқ.
Әлияның «Дәп бір қыз сүйіп көрмеген адамдай» деген бір ауыз сөзі қара көйлекті елес әйел ернімді күйдіре сүйген баяғы бір тылсым жайды еске түсірді.
Қарақалпақ көшесіндегі сол жертөледе қанша уақыт тұрғанымызды ұмытыппын. Бірақ естен кетпес оқиғалар әлгі үйде молынан болып еді.
Қара елес мені ғана емес, кейіннен інімді де мазалады. Ағырап вокзалы жақта шешемнің жамағайын Гүлдана деген сіңлісі пәтер жалдап тұратын. Гүлдананың күйеуінің қаңғырып, ішіп кететін әдеті бар еді. Араққа өңешін жібітті болды, апталап үй бетін көрмей тойлайтын. Ондай кезде Гүлдана байғұс отбасын асырау үшін жұмысқа шығатын.
Төрт жасар баласын қарауға Елдесті алдыратын. Гүлдананың күйеуі ішіп кеткен сайын інім сол үйге «жер аударылып» кете баратын. Елдес әлгі баланы күн ұзаққа ойнатып, бағып-қағатын еді.
Тәп-тәтті қуыршақтай бөпенің аты Еламан болатын. Сол жылдары радиодан ертелі кеш «Елің аман болсын деп, Атыңды қойдым Еламан» деген ән әуелеп тұрушы еді. Сол ән Еламанға есім болып қойылған. Әкесі ішіп алғанда ылғи «Атыңды қойдым Еламан» деп әндетіп отыратын.
Еламан Елдесті жақсы көрді. «Елдеш аға, Елдеш аға» деп, інімнің артынан бір елі қалмай, томпаңдап жүгіріп жүретін. Елдес те ол балақайдың көңілін табуға барын салатын. Қолына кәмпит тисе, «Еламанға апарып беремін» деп сары майдай сақтап жүруші еді.
Бір күні ойнап жүріп, інім мен Еламан екеуі пойыз жолға шыққан. Елдес те ойын баласы ғой, әлденеге алданып, ойнап кетті ме, кім білсін, пойыз екпіндей келіп Еламанды іліп кетіпті. Қалай болғанын анық білмеймін, балақай пойыздың астына түсіп, қайтыс болды. Сол қайғылы оқиғадан кейін арада апта өтпей Қарақалпақ көшесіндегі жертөледегі елес Елдестің де көзіне көрінді.
Кеш батқан. Үйде шешем, Елдес, мен – үшеуміз кешкі тамағымызды ішіп отырғанбыз. Әкем жұмыстан орала қоймаған. Елдес көзі шарасынан шығып кетердей үрейленіп, үйдің сыртын ұзын бойлы әйелдің шыр айналып жүгіріп жүргенін айтып, жылай бастады.
«Мама, есікті жапшы, кіргізбеші, есікті ашпа! Ана тәте кіріп кететін болды», – деп шыр-шыр етеді. Аяқ-қолы қалтырап: «Ана тәтенің дауысы неткен ащы еді. Миымның ішінде шыңғырғанын естіп тұрмын», – дейді шешемнің бауырына тығылып.
Тұла-бойым мұздай боп суып кетті. Менің кеудеме отырып алып, ернімнен сүйген келіншек ояу Елдестің көзіне көріне бастағаны ма?
Анам шошынған баласын бауырына басып, «біреудің жын қорасына қамап қойған Сығыр Құдай-ай!» деп еңіреп, ботадай боздады.
ІХ
Әлияның купелестерімен бірге карта ойнап отырмыз. Купелестер жас отбасы. Шашына ақ ерте түскен сымбатты күйеу жігіттің жасы жиырма екіде ғана екен. Баяғыда түрмеге түскенде мен де дәл осындай жігіт болғам. Әшки киген келіншегі жиырмада. Ғашығым Әния да дәл осы әшкилі келіншек секілді үріп ауызға салғандай жиырма жаста болған. Ойнап отырғанымыз – баяғы алтылық. Бала кезде ұйғыр шалдың үйреткен әйдік ойыны. Қандай адам болсын ұзақ шұғылданған ісінің шеберіне айналады ғой. Мен қазір карта ойнаудың шеберімін.
Критке кеткен картаны ұйғыр шалдай жатқа білем. Қарсыластарымның қолында қандай карта қалғанынан да жаңыла қоймаймын!
– Сегіз қиығыңды жүр, – деймін Әлияға көмектесіп.
Әлия «сегіз қиығым бар екенін қайдан білесің» дегендей бетіме ожырая қарайды.
– Қолға қарап ойнаған әділ емес, – деп Әлия бұртия қалады.
– Қолыңа қараған жоқпын.
– Онда қайдан білесің сегіз қиығым бар екенін? – дейді.
– Осыдан екі айналым бұрын баса алмай карта көтердің ғой. Сол кезде мына ақ шаш інім саған сегіз қиық жүрген. Одан соң сен бір жүріс қана жасадың. Қолыңнан алты қарға мен алты попты, сосын валет шытырды шығардың.
Әлия критте жатқан карталарды ашып жіберіп, қарап шықты.
Валет шытыр, алты қарға, алты поп…
– Құдай-ау, 36 картаны түгел жаттап отырып ойнайсыз ба, немене?
– Жаттайын демейсің, жатталып қалады.
Менің адам өмірінде ешқандай мәні жоқ темекі түтінін шеңберлеп үрлеуден кейінгі екінші өнерімді көрген Әлия таңғалып, таңдайының суын жұтты. Бетіме ақ шашты жас жігіт пен әшкилі келіншек те таңдана қарайды.
– Жадыңыз компьютердікіндей екен. Менің қолымда қандай карта қалды? Айтыңызшы ал, – деді Әлия тағы сынамақ болып.
– Қолыңызда сегіз қиық, король поп, тұз шытыр, тоғыз көзір, валет көзір бар.
– Бұлай ойнау дым қызық емес, бәсе, неге жеңе береді десем…
Әлия еркелеп қолындағы бар картаны тастай салды. Бұл қылығы ғашығым Әнияның еркелігіне ұқсап кетті.
Әкем Нұршықтағы жерді басып алғаннан кейін біз Әлімбек пен Тәженов көшелерінің қиылысындағы «Поршын зауыттың» жатақханасына көшіп бардық. «Тарный цехтағы» жүзім бағы бар пәтер күз келе сала сызданып, қабырғалары көгеріп шыға келді.
Қайдан жұққаны белгісіз, бәрімізге қотыр жұқты. Саусағымыздың арасы базданып, теріміздің асты ала-құла болып суланып кетті.
Сазданған жараны тыр-тыр қасысаң, жаның кіреді. Қаси-қаси саусақтарымыздың арасы мен буын-буынды қып-қызыл бөртпеге айналдырып жібердік. Әкем: «Аурудың ең жақсысы – қотыр. Қасысаң, жаның кіреді», – деп, тыр-тыр қасынып, шиқ-шиқ күліп отырады. «Қотыр» деген сөз құлағымызға түрпідей тиетін.
Шешем иісі ащы бір дәріні әкеп үстімізге жағады. Оның мүңкіген иісі киімге сіңіп қалады. Мектепте қасыма ешкім жоламай қашатын.
«Поршын зауыттың» жатақханасына көшкеннен кейін қотырдан біржола құтылдық. Қотырдан ғана емес, пәлекет атаулы бізден біржола теріс айналғандай еді.
Нұршықтағы басып алған жеріміздің шешімі шыққан. Күлімдеп көктем келе салып, үй бастайтынымызды, ол үйде інім екеуміздің жеке бөлмеміз болатынын, ешқандай қожайын қоқаңдамайтынын айта беретінбіз.
Пойыз Жейнеуге келіп тоқтады. Әлия сыртқы киімін киіп жатыр. Ақ шашты жігіт пен әшкилі келіншек шашылып жатқан картаны жинап жатыр.
– Жейнеуде жарты сағаттан көп аялдайды. Кешкі асқа ішіп-жем алып қоялық, – деді Әлия.
– Мейліңіз, – дедім мен де оның сөзін құптап.
Х
– Не жегіңіз келеді? – деді Әлия вокзалдағы жайма базарда тамақ сатып тұрған әйелдердің қасына келген соң.
– Сіз қандай тамақ жесеңіз, маған сол бола береді! – дедім селқос қана.
Ас талғап жеу әдетімде жоқ. Ағырапта жүргенде шешем үйде не бар, бәрін араластырып қазанға салатын. Кейде асып, кейде қуырып кеспе, нан жаркоп, күріш, ботқа сияқты тағамдарды ащылы-тұщылы етіп пісіре береді. Үйдегі үш еркек шешем не берсе де соны жейтінбіз.
– Манты, балық, палау… Қайсысын алайын.
– Өзіңіз қалағаныңызды алыңыз…
Темекі тұтатып, ащы түтінді бұрқ еткіздім.
– Сонымен, Әния туралы айтпайтын болдыңыз, ә! – деді Әлия тауықтың піскен жамбасы мен манты сатып алып тұрып.
Екеуміз иықтаса вагонға беттеп келеміз.
– Әния туралы айтар ештеңем жоқ, – дедім бар шынымды айтып.
Әнияны қанша құлай жақсы көргеніммен, ол туралы майын тамызып айта қоярлық естелік жоқ сияқты. Сүйем. Қалай сүйетінімді айта алмаймын. Жанымнан да жақсы көрем. Бірақ қалай жақсы көргенімді суреттеп бере алмаймын.
– Мүмкін емес.
– Әния жөнінде айтар ештеңем жоқ, – дедім үзіліп қалған сөзімді қайталап. – Бірақ Әлия туралы айтар бірдеңем болса деймін, – дедім де, қыпша белінен бүріп қалдым. Денем ток соққандай дір етті. Тұла-бойым ысып, басыма қан шапты.
– Ой, тұқы… – деді Әлия да селк етіп. – Қылығыңыз бала сияқты.
Әлия қарсыласа қоймаған соң, батылданып кетіп, белінен қапсыра құшақтап, айналдыра бауырыма тарттым. Әлияның да күткені осы болғандай кеудеме тығыла қалды. Омырауының дірілін сезіп тұрмын. Танауыма демінің жылуы сезілді.
– Иә, сонымен не істемексіз? – деп сықылықтап күлді.
Сәл еңкейіп, ерніне ернімді тигіздім.
– Сүймейсіз бе енді, – деді аяғының ұшымен сәл биіктей тұрып.
– Сіз бастаңыз, – дедім өзімді-өзім ұстай алмай қалтырап.
Қаным басыма шапшып, демім бітіп бара жатқандай.
– Бала сияқтысыз. Дәп бір мектепті енді бітірген оқушыдай мұныңыз ұят-тағы!
Әлия кеудемнен ақырын итерді де:
– Екі-үш сыраға масайып қалдыңыз ба? Жоқ, әлде осындай қызық адамсыз ба? – деді сосын езу тартып.
Әлияны ұнатып қалғанымды, сүйетінімді, онсыз өмір сүре алмайтынымды айтқым келді. Бірақ оған Әлия былай тұрсын, өзім де сенбес едім. Әйтеуір, бір желік қысып, аңсарым ауып тұр.
Нұршыққа алғаш көшіп барған кезіміз. Палатка тігіп, лашықта тұратынбыз. Үйіміздің іргетасын құйып жаттық. Елдес екеуміз күн ұзаққа су тасимыз. Үйдің іргетасын құюға қанша су кететінін білмейсіз. Шелек-шелек суды құм-шағыл араласқан лай жұта береді, жұта береді. Біз су тасып, табанымыздан тозамыз. Күн ми қайнатар ыстық. Жүзіміз тотығып, қап-қара болып кеткен. Мен екі шелек су көтерем. Елдес қол арбаға салынған пләктегі суды зырылдатып сүйрей жөнеледі.
Біз суды Қабыл ағаның үйінен аламыз. Қабыл аға да Жабыр ауданының тумасы. Аурушаң әйелі бар. Сосын менен екі жас кіші Әния деген үріп ауызға салғандай қызы бар.
Иә… Әния. Өзімнің Әниям. Олар біз секілді жердің шешімі шыққанын күткен жоқ. Әкем темекісін алшысынан тістеп, үй туралы толғамдарын толғап жатқанда екіауыз үйлерін салып алды. Басқалардың үйі сияқты емес. Іргетасын тым биік етіп құйды. Іргетасы биік болған соң, екіауыз үй де еңселі болып бой көтерді. Енді алдына жапсарлас екі бөлме жалғап, үйлерін үлкейтпек.
Әкемдер қала әкімі Жәкеңнің қабылдауына кірген кезде, әкіммен осы Қабыл аға ғана сөйлесіпті. «Басқамыз тек бас шұлғып отырдық» дейтін әкем.
Әкей Жәкеңнің кабинетінің ат шаптырым үлкен екенін айтатын. «Төрдегі мәжіліс үстеліне жеткенше кемі жиырма қадам аттадым» деп, таңдайын қағып отыратын. «Жәкеңнің кабинетін бел ортасынан бөлсе, екі отбасы алаңсыз өмір сүретін еді» дегені де бар.
Бірде Ағыраптағы «Студенттер сарайына» отбасымызбен айтыс көруге барғанбыз. Сарайдың әжетханасында тұрып, әкемнің «Жәкеңнің кабинетін бел ортасынан бөлсе, екі отбасы алаңсыз өмір сүретін еді» деген сөзі есіме түскен. Сарайдың кең әжетханасынан да екі отбасыға үй жасап алуға болатынын ойлағанмын.
Қабыл аға әкімге кіре сала:
– Бәрі де өзіміздің Жабырдың жігіттері, – депті Жәкеңмен бұрыннан таныс адамдай.
– Сенімді жігіттер ме? – дейді әкім ақырын ғана сыбырлап.
– Мынау Әлібек. Аққайнардың жігіті. Базарда тәшкі сүйрейді, – деп әңгімесін бастап, бәрін шетінен таныстырған.
Жәкең әрқайсысына жеке-жеке сұрақ қойып отырған.
«Маған кезек келгенде, – дейді әкем, – ауылдан неге көшіп келдің?» деп сұрады. Ауылда тракторист болғанымды, колхоз тараған соң, пәйге ештеңе ала алмағанымды, ауыл басшыларынан көрген құқайымды сарнап айта алмай қалдым дейтін.
Колхоз бөлінген кезде әкем істі болып, он бес күнге қамалған еді.
– Ауылдың бас экономисі пәйге неге елу қой алады? Маған неге бес қой бересіңдер? – деп төтеден мәселе қойыпты.
– Оның колхозды дамытуға еңбегі сіңген, – дейді колхоз басшылары.
– Кабинетте отырып еңбегі сіңіп пе? – дейді әкей мысқылдап. – Мен әскерден келіп, колхозға жұмысқа тұрғанымда, ол оқуын жаңадан бітіріп келген маман болатын. Екеуміздің жұмысқа қабылдаған бұйрығымыз бір күнде шыққан жоқ па? – дейді бой бермей.
– Ол жоғары оқу орнын бітірген білікті маман, – дейді басшылар.
– Тракторист маман емес пе екен? – дейді әкей. – Ол жайлы кабинетте алшысынан алақанына түкіріп отырғанда ала жаздай малға шөпті кім дайындапты? Қыс бойы тау-тасты кезіп, малшыларға шөпті кім жеткізіпті? Таудың жолын ашып, үй бетін көрмей тер төккенімді ұмытып қалдыңыздар ма? – дейді әкей.
– Оның әкесі соғыста қан кешкен майдангер. Колхозға да еңбегі сіңген, – дейді басшылар.
– Елу қойды баяғыда сүйегі қурап қалған әкесіне беріп жатсаңыздар, колхоз малын қыстауға көшіріп бара жатып, жардан ұшып өлген менің әкеме де пәй беріңдер! – дейді езеуреп.
«Баяғыда сүйегі қурап қалған әкесі» деген мірдің оғындай сөзі әкемнің басына шоқпар болып тиді. «Елдің алдында соғыс ардагерінің әруағына тіл тигізді» деп ауылдың учаскелік милициясын шақырып, хаттама толтырып, бірнеше куәгер қол қойып, әкемді ауданға айдады да жіберді. Біз пәйге берілген бес қойдан да айырылдық.
Егер де пәйге сол бес қойды алғанымызда, кім біледі, қалаға көшпес пе едік? Қалаға көшпесек, бәрі басқаша болар ма еді?!
– Пойыз жүріп кететін болды. Жылдамдата бассаңызшы аяғыңызды.
Әлияның дауысынан селк еттім.
– Тағы да меңіреу адам құсап ойланып кеттіңіз. Сізді осындай күйге түсіргенін Әнияның өзі біле ме екен? – деді күліп.
– Әния, Әния деп қақсап қалдыңыз. Ешқандай да Әния жоқ. Ондай ғашығым болған емес. Сіз де ойыңыздан бірдеңені шығарып алып, айта береді екенсіз, – дедім өтірік өкпелеп.
– Өкпешілін өзінің, – деп Әлия иығымнан және нұқып қалды.
ХІ
Пойыз ырғала қозғалып, Жейнеудің шамдары жарқырап, артта қалып барады. Ақ шашты жігіт пен әшкилі келіншек тағы ресторанға кеткен сияқты. Купеде Әлия екеумізден басқа ешкім жоқ.
Әлия қайнақ су әкеліп, шай демдеді.
– Ер адам тамақты молдан жемеуші ме еді? Неғып қыздай сызылып отырсыз? – дейді Әлия ренжіп.
– Жеп отырмын ғой, – деймін мен ақталып.
– Бір ішек болып қалған адамдай тамақты аз жейді екенсіз.
– Жоқ, сізден қалысып отырған жоқпын.
– Маған фигурамды сақтау керек.
– Мен де диета ұстап жүрмін, – деп күлдім.
– Құр сүйегіңіз салдырап жүріп, диетаны қайтесіз? Қыздарға қауқар таныта алмай ұятты болып қалмаңыз.
– Сізге қауқар танытсам болғаны да… – дедім күліп.
– Қой, құрысын! Ерніме ерніңізді тигізіп тұрып сүймей қойғандай тағы бір қылық шығарарсыз!
– Сүюге батылым жетпей қалды, – дедім төмен қарап.
– Сүюге батылы жетпеген адам басқаға батылы жетуші ме еді?
Мен тұрдым да қарсымда отырған Әлияның қолынан тарттым.
– Ал, жетті батылым! – дедім құшағыма қысып.
– Есік ашық, көршілер кеп қалар, – деді Әлия қызарақтап.
Есікті кілттеп алып едім, Әлия мойныма асыла кетті.
– Қазір, қазір, – деп қолымды қалтама жүгіртіп, сникерс шығардым. – Мынау сізге!
– Бұл не?
– Шоколад.
– Оны не істеймін?
– Жейсіз!
– Қайдан алдыңыз?
– Сатып алдым!
– Жейнеуден ештеңе де сатып алған жоқсыз ғой. Алдында алсаңыз, қалтаңызда жүріп ыстық купеде ендігі езіліп кетер еді. Мынауыңыз қап-қатты.
Әлімбек пен Тәженов көшелерінің қиылысындағы «Поршын зауыттың» жатақханасында тұрғанда әкем, інім үшеуміз Саудакент базарын жиі аралайтынбыз.
Саудакент базары мен жатақханамыздың арасы тым жақын шылбыр тастарлық жер. Әкем үйде болғанда базар жағалап, қыдырып қайтатынбыз.
Әкем кептірілген жеміс сататын дүңгіршектің алдына тұра қалып, бағасын сұрайды. Сол сәтті пайдаланып, Елдес екеуміз бір-бір уыс жемісті қалтаға сүңгітіп үлгереміз. Әкем денесімен бізді көлегейлеп, бірінің дәмін татып көреді. Сөйтеді де, «Тым сухой екен» деп, алға озады.
Саудакент базарында сол жылдары корей салаттары көп сатылатын. Қиярдан жасалғаны бар, сәбізден жасалғаны бар, орамжапырақтан жасалғаны бар, көп салат дәп бір бізді «жеші» деп күткендей қаз-қатар тізіліп тұратын.
– Балам, мынаның дәмін көрші. Тым ащы емес пе екен? – дейді әкем ащы ішектей созылған салатты айыр қасыққа мол қылып орап алып.
Елдес екеуміз кезек-кезек аузымызды тосамыз. Ауыз тола салатты қаужаңдап шайнап жатып: «Тым ащы екен. Аузымды күйдіріп жіберді» дейміз жақтырмаған болып.
Базардан шыққан кезде қалтамыз алма, өрік, кептірілген жеміс сияқты жеуге жарайтын азыққа тола болады. Әр салаттан бір дәм татып жүріп, қарнымызға да ел қонып қалатын.
Үйге келген соң, шешем олжамызды алдымызға қойып, дастарқанды жайнатып жіберетін.
Бағана Әлия тамақ сатып алып тұрған кезде бір шоколадты ескі әдіспен қалтама сүңгіте салғанмын. Сол есіме түсіп, күліп жібердім.
– Неге жетісіп күлесің? – деді Әлия.
– Баяғы бір оқиға есіме түсіп.
– Жөнді сүйісе де алмайды екенсіз, – деді Әлия бұртиып. – Еще мазақтап күледі ғой.
Осыны айтты да, купенің кілтін ағытып, есігін ашып тастады.
Маған кетуден басқа жол қалмады.
ХІІ
Тамбурда тұрып шылым шектім. Жасым қырыққа таяғанда жас бала сияқты Әлияны құшақтамақ болған ебедейсіз қылығыма ызам келді. Ерсі қимыл жасап қажеті не еді? Әлияға деген ешқандай сезімім жоқ. Сөйте тұра оны сүйіп қалғанымды айтқым келгені несі? Бостандыққа енді шықтым. Алда талай қызбен таныспаймын ба? Талай сұлумен кездеспеймін бе? Жоқ, абақтыдан шыға салып, Әлияның қолына өмірімнің тізгінін ұстата салуым керек пе?
Түрмеде жасы елу екіге келген Еспенбет деген хлебашым болған еді. Біреуді нақақ өлтіріп, жиырма бес жылға сотталған. Жазасының соңғы жылдарын өтеп жатқанда біздің хатаға ауысып келді. Абақты әбден қартайтқан. Сүдіні кеткен сұры жетпістен асқан шал сияқты. Итере салсаң, құлап қалатындай құр сүлдері қалған. Сүзектен тұрғандай арықтығы соншалық – қабырғасын санап шығуға болады. Шын-өтірігін қайдам, «өмірі бір рет жалаңаш әйел затын көрмедім» дей беретін. «Бостандыққа шыға салып үйленсем» деп ылғи да қиялдап отыратын.
– Еспенбет аға, қандай қызға үйленгіңіз келеді, – деймін мен.
– Енді жас қыздар маған тимейді ғой. Сол 28-29 жастағы қыздардың біреуін алам ғой, – дейді ол.
– Күйеуден шыққан қыз бола ма? – деймін мен сынай қарап.
– Е, жоға! – деп ағам әңгімені шорт кесті.
Хлебашым өзін әлі жап-жас бозбаладай сезінеді. Есік көрмеген бойжеткенге үйленеріне сенімді. Еспенбет ағаның көңілінің қартаймағанына таңғалушы едім. Дәл сол сияқты мінез менің де бойымды билеп алғаннан сау ма өзі?!
Шын кім екенімді білсе, Әлия теріс айналмай ма? Онсыз да күйеуден ажырасқан келіншекке мен сияқты тағдыры бұлдыр жанның қажеті не?
Қайта айналып Әлияға барғым келеді. Барғанда да не айтарымды білмеймін. Темекі түтінін шеңберлей шығару, картаны жаттап алу, шокаладты қалтаға сүңгітіп жіберу сияқты мағынасыз өнеріммен қыз жүрегін жауламақпын ба?
Тамбурға өзім құралпы екі жігіт кірді. Олардың өзара әңгімесін еріксіз тыңдауға тура келді.
– Брат, саған айттым ғой!
– Айтқанда да бұлай боларын кім білген?
– Қазір ешкімге сенуге болмайды. Аңқылдап сөйлей беретін заман емес.
– Қайдан білем бәрін бастыққа жеткізіп баратынын.
– Енді бастық саған тісін қайрайтын болды.
– Жұмыстан шығарып жіберетін шығар.
– Шығармайды. Өсекке бола жұмыстан қумайды.
– Енді маған не істеу керек?
– Ақталасың. Ақталуға мәжбүрсің…
Елдесті ойладым. Міне, абақтыдан шығып, Ағырапқа келе жатырмын. Ол қалай ақталар екен? Ат кекілін кесісіп, көріспей кетеміз бе? Жоқ, түк болмағандай бірге жүре береміз бе?
Алғаш ұсталғанда көрінде өкіргір тергеушілер мені қатты азаптады.
Темір үстел арқалығына қолымды қайтарып тұрып кісен салды да, басыма қара пакет кигізген. Мойын тұсымнан пакет аузын бүріп ұстап, біраз тұрып: «Ал, сарнайсың қазір», – деді тергеуші. Бірер минутта-ақ пакет ішіндегі аз ауа тарылып, дем жетпей қалды. Көз алдым қарауытып, есімнен танып бара жатқанда мойнымды босатып жіберді.
– Мына қағазға қол қоясың ба деймін.
– Қоймаймын.
– Неге?
– Мен ешкімді өртеген жоқпын.
– Кигіз пакетті, – дейді тергеуші зығырданы қайнап. Көз алдым қайта тұманданып бара жатады. Пакетті шешіп жіберіп:
– Кеңесовті өртегеніңді мойында! – дейді үйреншікті сөзін қайталап.
– Кеңесов деген кім?
– Нұршықта өртеніп кеткен полицей.
– Мен оның өртенгенін көрген жоқпын.
– Көрдің.
Қайтадан басыма пакет кигізеді. Қайтадан есімнен танып бара жатамын. Пакетті шешкен сәтте, көз алдым қарауытып есеңгіреп тұрам.
– Кеңесовті кім өлтірді?
– Қызыл майкілі адам, – деймін жанталасып. Еркін тыныс алып, есім кіре бастасымен, полицейдің өртенгенін көрмегенімді айта бастаймын.
– Ол қызыл майкілі адам сенсің!
– Мен емеспін!
– Қара. Мына альбомды қарап шық.
Тысы қатты картонмен қапталған үлкен альбомды үстел үстіне тарс еткізіп тастай салды. Сөйтті де, парақтап аша бастады. Альбом тола жеке адамдардың үлкейтілген суреті. Бәрінің бетін икстеп қызыл қарындашпен сызып тастаған. Астында аты-жөндері жазылған.
Бірінші беттегі жиырма шақты адамның ішінен Қабыл ағаның суретін көрдім. Суреттегілердің көбін танимын. Бірақ Әнияның, Әниямның әкесінің бейнесін көріп, жүрегім шым ете түсті. Мен қуғында жүргенде Қабыл ағаның ұсталғанын, артынша аурушаң әйелінің дүние салғанын естідім. Нұршықтағы оқиға Әнияның анасына да ауыр тиген. Жүрегі бұл сұмдыққа шыдас бермесе керек.
– Қара, танисың ғой бәрін.
Нұршықта күнде көріп жүрген адамдарым. Бәрінің атын білем дей алмаймын, бірақ кімнің қай үйде тұратынын шамалап білем.
– Бәлкім, танимын, бәлкім, танымаймын, – дедім жорта жауап беріп.
– Бәрінің кім екенін сенсіз де анықтап қойғанбыз, – деді тергеуші қабағын шытып.
Сегізінші, не тоғызыншы беттен өзімнің суретім жарқ етті. Менің де бетім икстелген. Астына атым жазылыпты.
– Сенің «данныйларыңды» кімнің бергенін білесің бе?
– Кім беруші еді. Нұршықта мені танитын адам аз емес.
– Онда мына түсініктемемен таныс.
Көзімнің алды бұлдырап кетті. Ақ парақтың шекесіне қисық-қисық әріптермен «Түсініктеме» деп жазылыпты.
«Түсініктеме.
Мен, Әлімбаев Елдес Кененұлы! 1988 жылғы 22 қыркүйек күні Ағырап облысы, Жабыр ауданы, Ой-ащы ауылында дүниеге келгенмін. 13-15 шілде күндері аралығында жұмыста болдым. 15 шілде күні кешкі сағат сегіз шамасында автобустан түскен жерімнен құқық қорғау қызметкерлері ұстап, Ағырап қалалық полиция бөліміне әкелді. Өзіме көрсетілген суреттердің ішінен танитыным… (менің аты-жөнім жазылыпты). Ол менің туған ағам. Нұршықтағы Новая көшесінің 17-үйінде тұрады. Саудакент базарында күзетші болып жұмыс істейді.
Түсініктеме өз қолыммен жазылды».
Астына үлкен әріптермен «АК» деп шимайлай салатын әдетімен қолы қойылған.
Түсініктеме соңына қойылған қолды бірден таныдым. Басқаның емес, інімнің шатпағы. Елдес екеуміз Ағырапта жүргенде әкемдікіне ұқсатып қол қойып үйренгенбіз. Ол «АК» деген Алимбаев Кенен деген сөзді білдіреді. Біз әкемізге еліктеп өз қолтаңбамызды жасап алғанбыз. К-ның соңын шимайлап «Кененович» деген сөзге ұқсата салатын едік.
Қолымдағы темекінің тұқылын түкіріктеп сөндірдім де, плацкарттағы орныма келдім. Бояқ қас апам қаннен-қаперсіз пырылдап ұйықтап жатыр екен. Сыбдырымды білдірмей өз төсегіме жантая кеттім.
ХІІІ
Пойыз тоқтады. Терезедегі көкшіл пердені сырып жіберіп қарап едім, Бейімбет деген станса екен. Сағат тілі түнгі он екіге таяпты. Уақытынан кешігіп келе жатқандықтан шығар, Бейімбетке көп аялдаған жоқпыз. Пойыз бір минут тұрды ма, тұрмады ма, сықыр-сықыр етіп қозғалып кете барды. Бесікте тербеліп жатқандаймын.
Плацкарттағылар шырт ұйқыда. Әншейінде әрлі-берлі сабылып жүретін жолаушылардың бірі жоқ. Әлияға ұрын барғым келеді. Бірақ ол мені күтпесе ше? «Күтеді» дейді ішкі ойым. Бірақ орнымнан тұруға, арадағы бір ғана вагоннан өтіп, Әлияға баруға батылым жетер емес.
Бардым делік. Ол меселімді қайтарып, кеудемнен кері итерсе, көңілім су сепкендей басылмай ма?
– Не үшін келдің? – дейді ол.
– Сені көргім келді, сенің қасыңда болғым келді, – деймін мен.
– Өтірік айтқан адамды суқаным сүймейді, – дейді ол.
– Шыным осы. Сенің жаныңнан бір елі кеткім келмейді.
– Не может быть…
Нұршықтағы оқиғадан кейін кеш батпай Саудакент базарындағы жұмысыма кеткенмін. Бір күн күзетте тұрып, екі күн демалушы едім. Демалатын күндері арасында достарыммен бірге құрылысқа барып жұмыс істеп, ақша табатынмын.
Елдес екеуміз мектеп бітіріп, қара жұмысқа жарағалы отбасымыздың әлеуеті жақсарып қалып еді. Елдесті университетке сырттай бөлімге оқуға түсіргенбіз. Ол болашақта заңгер боламын дейтін. Сол арманына жақындай түскені бәрімізді қуантатын.
Кеш бата жұмысыма түрі өрт сөндіргендей әкем келді.
– Балам, Нұршыққа келме. ОМОН-дар «маска-шоу» жасап жатыр. Үй-үйді аралап, ер жігіттердің бәрін ұстап кетіп жатыр.
– Кімдерді ұстады?
Әкем мен танитын бірнеше көршінің атын айтты.
– Сұмдық, сұмдық болды ғой, балам. Тынышталғанша ауыл жаққа кете тұрасың ба?
– Ауылға кімдікіне барам? Милициялар ауылдан іздемейді дейсіз бе?
– Бәрі тынышталғанша құрылыстағы достарыңа кетесің бе, басқа жаққа кетесің бе, қараңды көрсетуші болма!
– Елдес қайда? Елдесті де ұстап кетіп жүрмесін.
– Оны ұстаса да, ана бәлеге қатысқан жоқ қой. Ол күні Құдай оңдап, жұмысында болды.
– Сіз де бармаңыз үйге…
– Мешітке барсам ба деймін. Әке-шешемнің әруағына құран оқытам.
Әкем ата-апамның әруағын қиналған кезде ғана еске алатын. Жайсыз түс көрсе, жағымсыз жаңалық естісе, шешеме жеті шелпек салғызып, Қабыл ағаны үйге шақырып, әке-шешесінің әруағына құран бағыштататын. Жайшылықта есіне алмайтын әруақтарды мазалағанына қарағанда, әкемнің көңілі алаң.
Әкем сәл ойланып отырды да:
– Жүр. Жұмысыңды өзгелерге тапсырайық та, мешітке бірге барайық, – деді.
Мені қасынан бір елі қалдырғысы келмеді-ау деймін, қарсы болғаныма қарамай жанына ертіп алды. Әкем екеуміз базардан шығып, орталық мешітке барып, құран оқыттық. Сосын қайтпақ болып мешітті айнала беріп едік, жасы елулерді еңсерген, сүннет киім киген, ешкінікі секілді сақалы бар бір аға тоқтатып алып, таухид туралы уағыз айта бастады.
Әкеме уағыз қызық болды ма, әлгінің аузына кіріп бара жатыр.
Уағызшы ағаның бір қолы кеміс. Онысын кеуде тұсына қалташа жасап іліп қойған екен. Қыза сөйлеген кезде кеміс қол сырғып түсіп кетеді. Сылқ етіп, салбырап қалған жансыз қолын екінші қолымен қалташаға тыға салып, әкеме «машура» дей ме, әйтеуір, бірдеңелерді айтып жатыр.
– Балам, мыналардың машурасына барып қатысайық. Не айтады екен? – дейді әкем діни әңгімеге шын елтіп.
– Онда не істейміз?
– Құдай жолына ғибадат етуге шығамыз дейді. Үш күндік, қырық күндік, төрт айлық дей ме?
– Онда біздің не шаруамыз бар?
– Таныстардың үйіне барсақ, дереу ұсталамыз. Одан да сол қырық күндігіне кетіп қалайық. Шу басылғанша осылармен жүріп, қырық күн болса да бой тасалай тұрармыз.
Әкем осыны айтты да, «бүгінше мешітте түнеп шығайық» деді. Ертең жұма. Машураға қатысып, қырық күндікке кететін болдық.
ХІV
Түрмеде бір уақыт серуендеуге шығарады. Серуенде жүріп басқа хатадағы жігіттерді көріп қаламыз. Жаңадан қамалғандарды алақ-жұлақ жүрісінен-ақ аңғара қоясың. Бір күні серуендеп жүріп, жаңадан келген бес-алты жігітті көзім шалды. Бәрі сақалды. Маңдайларында қап-қара белгі бар. Ол белгінің қалай пайда болатынын білмеймін, әйтеуір, Алла жолына қырық күндікке шыққан кезде бірнеше жігіттің шекесі ойылып, қап-қара болып дақтанып жүргенін көргенмін.
Әлгі бес-алты жігіт бір-бірінен айырылмайды, ылғи бірге жүреді. Олардың бірін бұрын да көрген сияқтымын. Бір күні оны қасындағылар Тасқын тақсыр деп атайтынын естіп қалдым. Аты да таныс. Ары ойлап, бері ойлап, ақыры есіме түсірдім. Иә, дәу де болса баяғы Тасқын. Алла жолына шығып, қырық күндікте жүргенімізде алғашқы үш күн жолдас болғанбыз.
– Тасқын, мені таныдың ба? – дедім бір күні жанына жанай беріп.
Ол менің жүзіме таңырқай қадалды.
– Бір жерден көрген сияқтымын, – деді сосын шырамытып.
– 2006 жылы. 16 шілде. Атамқұл ауылына Алла жолына бірге барғанбыз.
– Күніне дейін ұмытпапсыз, – деді Тасқын таң болып.
– Ұмытпайтын себебі бар.
– Иә, Атамқұл ауылының мешітіне біздің жамағат жиі баратын. Кім еді, сол ауылда бір ағамыз болды, сол жылдары…
– Сәрсенбі аға ғой сіздің айтып тұрғаныңыз. Атамқұлдың мешітінде найб-имам болған.
– Жадыңыз мықты екен. Иә, Сәрсенбі ағаның үйіне барғанбыз, – деп жымиды.
Сосын:
– Бұл жерге қалай түсіп жүрсіз? – деді.
– Ол кезде мен «побегте» жүргенмін. Сендер ше, қалай келдіңдер?
– Таблиғи жамағатқа заңмен тыйым салды. Тақсырлардың көбі қамалды.
– Бәрі сізді тақсыр дейді екен, – дедім Тасқынның да дәрежесі өскенін байқатып.
Сол күні әкем екеуміз тұңғыш рет жұма намазға қатысып едік. Жамағат жұма намазын оқып болып, тарқай бастаған. Айналамызды бағдарлап едәуір уақыт отырдық. Кешегі қолы кеміс ағамыз сағат екі жарымдар шамасында дағауатшылар машура (олар өзара кеңесін «машура» деп атайды) өткізетінін айтқан. Бір кезде мешіттегі сүннет киім киген сақалдылар бір-бірлеп екінші қабатқа көтеріле бастады. Біз де сол жамағаттың бірі болып соңдарынан ілестік.
Машура басталды. Шамамен жиырмаға жуық адам жиналыппыз. Олар өз амалдары мен діни шаруалары туралы біраз мәселелерді талқылады. Бірін түсінсем, бірін түсінбеймін. «Алла жолында үш күндікте, қырық күндікте, төрт айлықта жүргендерді қайда жіберуге болады? Оларды қай мешіттегі жамағат қабылдай алады?» деген секілді сұрақтарға кеңесе отырып, жауап табысты. Сонан кейін ғана Алла жолына қырық күндікке кетіп бара жатқан біздің мәселеміз қаралды. Сапарды алдымен Ағырап облысындағы Талғыз ауданына қарасты Революция ауылынан бастау туралы ой айтылды. Кеңесе келе, бұл ой өзгеріп, машура бізді Революцияға емес, Еңбекші ауданының Атамқұл ауылына жөнелтетін «қарар» қабылдады. Алла жолына кетіп бара жатқан жеті адам екенбіз. Сол жеті адам аталмыш кеңестен соң тағы да машура өткіздік. Арамыздан Нұрдос есімді жігітті «әмірсаф» етіп тағайындадық. Әмірсаф баратын Атамқұл ауылындағы жігіттермен хабарласып көрмек еді, олар телефон көтермеді. Сонда да «бөрі азығы жолда» дегендей, тәуекелге бел будық.
Біз артынып-тартынып, буынып-түйініп аттанамыз дегенше күн екіндіден ауды. Аср намазын мешітте оқып алып, автовокзалдан жеті адамдық бір көлік жалдап, жолға шықтық. Ағыраптан 64 шақырым қашықтықтағы Атамқұл ауылына бет түзедік. Көліктің алдына сақалды Әди есімді аға, артында әмірсаф Нұрдос, 16 жастағы балаң жігіт Жасұлан, жасы әлі жиырмаға тола қоймаған Тасқын (ол кезде ұзақ жылдардан кейін Тасқынмен зонада жолығарымызды білген жоқпын) және 29 жастағы оралдық Аспан атты жігіттер отырды. Жеті адамдық көліктің ең соңғы екі адамдық орындығына әкем екеуміз жайғастық.
Жолға шығысымызбен Алла жолының амалы басталды. Ол амалдың аты – «мүзәкәрә», яғни қайталау амалы деп аталады екен. Әмірсаф: «Алла жолына бес дұрыс мақсатта шығамыз», – деп бес мақсатты айтып шықты. Сол айтылған жайды оң жағында отырған Тасқын қайталайды. Онан кейін Тасқының оң жағындағы Жасұлан, Жасұланнан кейін алдыда отырған Әди аға, сосын Аспан айна қатесіз айтуы қажет. Аспаннан кейін әкем екеуміз… Аталған дұрыс мақсаттар мыналар екен. Бірінші мақсат Алланың үкімі болғандықтан, Хақ Тағаламен байланыс құру үшін, екінші мақсат пайғамбарымыздың сүннетін тірілту үшін, үшінші мақсат нәпсімізді тәрбиелеу үшін, төртінші мақсат ислам жолын үйрену үшін, бесінші мақсат осы жолға нақты жамағат тарту үшін… Бұл мақсаттар қаншама қайталанғанымен, айту кезегі маған келгенде біраз састым. Әмірсаф екімен оқитын оқушыға әріп үйреткендей әр мақсатты есіме салып отырды.
Мен тотықұстай қайталаймын. Іштей күлкі қысып барады. Оны білдірмеген болам.
ХV
– Алла жолына шыққанымызда әмірсаф болған Нұрдос қайда? Араласып тұрасың ба? – деп сұрадым бір күні серуенге шыққанда Тасқыннан.
– Нұрдос тақсыр қайтыс болған, – деді Тасқын қабағын шытып.
– Неден қайтты? – дедім мен өзім құралпы Нұрдостың бейнесін ойша көз алдыма әкеліп.
– Нақтысын білмеймін. Нашақорлыққа салынған ба, әйтеуір, қайтыс болғанын ғана естідік.
– Жамағатта нашақорлар қайдан жүр?
– Ол соңғы төрт-бес жылда жамағатқа қосылған жоқ. Білімді жігіт еді, шайтан азғырды.
– Білімді жігіт, – дедім баяғы бір оқиға есіме түсіп.
Біз Алла жолына шыққан алғашқы 5-6 күн бойы Атамқұлда болдық. Сосын Жалағашқа тарттық. Алты жігіт азық-түлігіміз бен көрпе-жастығымызды арқалап, такси тостық. Тасқын үш күндіктен кейін үйіне қайтқан. Бір машинаға сыймайтын болғандықтан, екіге бөліндік. Алдымен үш жігітті бір таксиге мінгізіп жібердік. Артынан Нұрдос әмірсаф, әкем үшеумізге бір көлік табылды. Күре жолмен зулап келеміз. Нұрдос әмірсаф машинаның алдында отырған екі жігітке уағыз айта бастады. Бұл дағауаттың арты «мен білемге» салатын қызыл кеңірдек пікірталасқа ұласты. Сапарлас қара жігіт те сыңаржақ екен. Ешбір негізсіз әлденелермен біраз талас жасады. Нұрдос әмірсафтың да діни білімі жетісіп тұрмағанын аңдадық.
Осыны білді ме, қара жігіт тіпті де тұқыртып алмаққа бекінді. Нұрдосқа қарап: «Қазақтар қыз ұзатқанда «өлі-тірі» салтын орындайды. Діни біліміңіз болса, осының мәнісін түсіндіріп беріңізші», – деді.
Әмірсафымыз шын састы, білем. Ақыры білмейтінін мойындады. Осы сәтте пікірталасқа әкем де бас сұқты.
Қара жігітке: «Қазақтың кейбір шалдары өлмей тұрып өз жаназасын шығартатын болған. Мұның астарында не бар екенін айтсаң, сенің сұрағыңа жауап берем», – деді.
Қара жігіт жай ғана жымиды да: «Өлі-тірі салтының маңызын біледі екенсіз, аға», – деді әкеме.
Көлік ішіндегілер тына қалды. Әкем бірауыз сөзбен пікірталасты тыйды. Өлі-тірі салтын да, өлмей тұрып жаназа шығарудың да мәнін түсіндірген жоқ. Әкем кейін маған қазақ салты бойынша қыз ұзатылғанда ағайын-туысы үшін өлдіге есептеліп, қайын жұрты үшін келін болып дүниеге қайта келетінін түсіндіріп берген. Ал өлмей жатып жаназа шығаруға қатысты айтқандарын ұмытыппын.
Ауылда өмір бойы трактор айдаған әкемнің білімі дін жолындағы әмірсафтікінен жоғары, одан гөрі төбесінің тесігі бар екеніне сол жолы көзім жетіп, ішімде бір мақтаныш сезімі бой көтерген еді.
– Тасқын, сол жолы қырық күндікте бізбен бірге болған Кенен деген кісіні танисың ба? – дедім.
– Кенен тақсырды ма? Танимын, – деді Тасқын!
– Ол кісі қазір қайда?
– Қазір қайда екенін білмеймін. Бірнеше рет Алла жолына төрт айлыққа шыққанын естігенмін. Ол кісінің іліміне Пәкістандағы ұстаздар да таңғалыпты деген. Тақуалық жолға шын беріліп еді. Бірақ ұстаздарда білім жоқ екен деп, өз бетінше іздене бастаған. Сәләфтарға қосылып кеткен болуы керек. Соңғы жылдары жамағатта бой көрсетпеді.
– Кенен менің әкем ғой, – дедім күліп.
– Е, бәсе… Енді есіме түсті. Кенен аға қаншама адамды Алла жолына әкелді. Машшалаһ, айтқан уағызы сүйектен өтетін.
Он төрт жыл абақтыда жатқан баласын бір рет те іздемеген әкемнің дінге құлай берілгенін ұқтым. Бірауыз жылы сөз я бір жапырақ мақтау қағаз – әкемнің ең осал тұсы. Арқасынан қағар адам болса, соның жолында өлуге бар. Жер-көкке сыйғызбай мақтайтын адам табылса болды, не жасаса да, түбін түсірмей тынбайды. Әкемнің осы мінезін білетіндер оны баяғыда Жабырда жүргенде колхоздың ең ауыр, ең азапты жұмыстарына жегетін. Діндарлар да әкейдің сол осал жерінен бүріп ұстаған болса керек.
ХVІ
– Балам, түнімен ұйықтамадың-ау деймін.
Бояқ қас апам шай демдеп жатыр екен.
– Ұйықтадым, апа! Тастай қатып қалыппын.
– Әй, қайдам! Түнімен күрсініп, аунақшып шықтың. Таң атқан соң ғана көзің ілінді.
– Қорылдаған болармын.
– Иә, қорылыңмен жер жырттың, екі сағаттай…
Апай күлген болып езуін тартты да қойды.
– Жуынып келе ғой. Шай ішеміз.
Әжетхана бос емес екен. Тамбурға шығып, темекі тұтаттым.
Дағауат айтып, Алла жолында жүргенде күнделікті машура өткізетін едік. Әр күн сайын істейтін амалдарымызды сол машурада пысықтап алатынбыз. Әрқайсымыздың мойнымызға жауапкершілік жүктеледі. Екі жігіт қызметші болып тағайындалады. Олар осы күнгі ас-ауқатты дайындайды, үйді жинастырады, су әкеледі, тағы тағылар… Бір адам – «ибон». Оның қызметі жамағатты ғибадатқа шақыру, ояту, амалдарды хабарлау… Сосын, тамақ әдебін айту, «талим», бесін, ақшам баяндарын орындау, тәһәжүдтің маңызы мен ұйқы әдебін айту секілді қызметтер бөлінді.
Ояна салып дәретімізді аламыз. Мешітке барып, таң намазын оқимыз. Сосын мешіттегі ғибадатымызды бастаймыз.
Алғашқы ғибадаттың атауы – «талим». Кітаптан хадистер оқылады. Сосын «мүзәкәрә» амалы жасалды. Бұл амал бойынша сүре жаттаймыз. Екі-екіден бөлініп отыра қалып, бір-бірімізге сүре оқып, қателеріміз болса, түзетіп, біраз әбігерге түсеміз.
Алла жолындағы мұсылманның алты сипатын қайталаймыз. Дағауатшылар осы алты сипатты қайталаудан жалықпайтын. Айтатын уағызымыз да, жасайтын амалдарымыз да осы сипаттарға байланысты. Сипаттардың мақсаты мен пайдасы көп айтылады. Дағауатшылар о дүниеде жақсылыққа кенелетініне шүбәсіз сенетін. Біз осы сипаттарға «мүзәкәрә» жасап отырғанда, әмірсаф екі адамды дағауат айтуға көшеге жібереді. Олар жарты сағатта қайта оралады да, келесі кезекте біз шығамыз. Кездескен бірлі-жарым адамға Алланың бірлігі туралы дағауат айтып, кешкісін мешітке келуін өтініп, қайта ораламыз.
Қырық күн бойы өстіп, жел айдаған қаңбақтай дағауат айтып жүріп, қашқында жүргенімді сезіне қойған жоқпын. Әкем жаңа ортаға тез сіңді. Жамағаттағылардың ағалап, құрметтегені әкеме ұнап қалды. «Өлі болып көрде жоқ, тірі болып төрде жоқ», өмірі құрмет көрмеген әкем бойын тік ұстап жүретін болды. Дағауатқа шыққанда жанын сала уағыз айтатын болып алды.
Жуынып кеп, бояқ қас апаммен бірге шай ішіп отырмыз.
– Балам, шай іш. Вахтада қанша күн болдың?
– Он төрт күн…
Өтірік айтуға аузым әбден дәндеген. Он төрт жылды оп-оңай он төрт күнге айналдыра қойдым. Апамыз он төрт жылдан кейін Ағырапқа келе жатқанымды білсе, кім білсін, бәйек болып шай бермес пе еді?! Енді, міне, асылған жұмыртқаны аршып, қолыма ұстатып жатыр.
– Жолға шыққан сайын өстіп жұмыртқа пісіріп аламын. Жей ғой. Балам сен секілді ылғи да жолда жүреді. Оған да мен сияқты біреулер тамақ берер.
– Алла жақсылықты еселеп қайтарады ғой, – дедім де, бояқ қас апам ұсынған жұмыртқаны тұтастай аузыма тыға салдым.
Бояқ қас апамның бәйек болып, жаны қалмай жұмыртқа ұсынғаны да шешеме ұқсап кетті. Шешемнен көрмеген жылулықты апайдан көріп, ол кісіні біртүрлі жақсы көріп қалдым. Баланың шимай-шатпағы сияқты қасы да, қып-қызыл боялған шашы да, тіпті шашының ағараңдаған түбі де сұлуланып кеткендей.
Дағауатшылармен Алла жолында жүргенде әр тамақ ішпес бұрын «тамақ әдебін» айтатынбыз. Оны айту міндеті де бір адамға жүктелуші еді. Ол адам тамақ ішер алдында (ішіп болғаннан соң да) ауызды шайқап, қолды жуу қажет екенін ескертетін. Талап бойынша қолды сүртпей кептіресіз. Тамақты «бисмилламен» бастап, Алладан астың берекетін тілейсіз. Асты қолмен жейтінбіз. Үш саусақпен. Төртінші саусақ көмекші. Ауқаттану барысында әрдайым да жәннатты еске алып отыру міндет. Жәннат туралы әр ас сайын уағыз айтып отыратынбыз. Оның дені жәннаттағы хор қыздары туралы хиқаяларға кеп тірелетін.
Хор қыздары туралы хикаялар айтылып жатқанда әкемнің жүзіне қарайтынмын. Әкемнің әжім торлаған беті томпиып, тәтті кәмпит малтыған баладай, аңыз-әңгімелерге тамсанып отырушы еді.
ХVІІ
– Түнде неге келмедіңіз!
Әлия мені сұрақпен қарсы алды.
– Келуім керек пе еді? – деп күлдім.
– Өкпелеген адамдай кеттіңіз де қалдыңыз.
– Өкпелеген жоқпын. Өзіңіз ғой купенің есігін ашып тастаған.
– Купенің есігін ашып тастасам, қайта жауып алмадыңыз ба? – деді Әлия қабағын шытып.
– Жоқ. Еще, сүйісе алмайды екенсің дедіңіз…
Ұялғаннан төмен қарадым.
– Енді өтірік пе? Жасы қырыққа таяған адамға мүлде ұқсамайсыз. Қылығыңыз баланікі.
– Шынымды айтсам, қыздармен жетісіп ойнап-күлмеппін.
– Ойнап-күлмегенде отыз алты жыл бойы не істедіңіз?
– Түрмеде отырдым.
Бұл сөздің қалай аузымнан шығып кеткенін аңғармай қалдым. Енді соқыр теке ойнап, жасырынғаннан мән қалмады. «Ертең Ағырапқа жетеміз. Сосын Әлиямен мәңгілікке қоштасамыз. Менің абақтыда болғанымды білсе, не болушы еді?» деген ой да санамда дөңбекши жөнелді.
– Өмір бойы түрмеде отырмаған шығарсыз.
– Он төрт жыл…
Әлия иығымнан ескі әдетімен өзімсіне бір қойды.
– Соқ өтірікті. Өтірікті де қисынмен айту керек қой.
– Сенбесеңіз қайтем. Нан ұстайын ба? Жиырма екі жасымда қамалдым. Енді ғана босадым.
– Ғашығың Әниядан түрмеге түскесін ажырап қалдым дейсіз ғой.
– Солай да болуы мүмкін.
Пойыз Керегетам деген стансаға тоқтады. Бірақ оған да көп аялдаған жоқ. Керегетамның вокзалы Ағыраптағы Егінсу көшесінде тұрған үйімізді еске салды. Неге екенін білмеймін, Әния туралы айтылса болды, басқа ой ойлауға тырысамын. Түрмедегі сияқты, Әнияның елесі мазамды алатындай қорқам. Бостандықта елес қуып жүрсем, ел не дейді? Жынданды демей ме?
Ауылдан көшіп келе салып, Егінсу көшесіндегі ескі үйдің жертөлесінде тұрдық.
– Мынауың ұра ғой, – дейді шешем. – Ауылдағы картошка сақтайтын ұрамыз сияқты…
– Ұра болса да, базарға жақын екен. Есік алды да кең. Сауда жасаймыз, – дейді әкем.
Үйдің иесі – жасы тоқсаннан асқан кәрі кемпір. Елдес екеуміз оны Тоқсан апа деп атап кеттік. Тоқсан апа мұзға тайып жығылып, аяғын сындырып алған екен. Төсекте жатқанына төрт ай болыпты. Әжейдің Күміс деген жамағайыны терезесі жоқ үңгірге ұқсайтын пәтер-ұрамызды арзан бағаға берді. Біз квартирант есебінде емес, кемпірдің күтушісі сияқтымыз. Шешем Тоқсан апаға үш уақыт тамағын дайындайды. Дәретке отырғызады. Көрпесі былғанып қалса, жуып тазалайды. Үйді таза ұстау да міндеті.
Тоқсан әжеміздің көрпе-жастығын жаңалағанда шешеме Елдес екеуміз де көмектесеміз. Шүйкедей кемпірдің денесі сұмдық зілдей еді. Екі жақтап көтерген кезде, беліңді үзіп жібере жаздайды.
– Абайлап көтеріңдер апаларыңды, – дейді шешем шыр-пыр болып.
Шешем «апаларыңды» деген сайын өзімнің әжем есіме түседі. Ауылда әулетіміздің қара шаңырағында тұрдық. Әжем біздің қолымызда еді. Қалаға көшкен кезде әжемді «кейін орнығып алған соң әкетеміз» деп алдап, әкемнің інісінің үйіне қалдырдық. Торы айғыр мен әжем қалды ауылда… Артынша көп ұзамай ол кісі дүние салды. Шешем өз енесіне жасамаған жақсылығын Тоқсан апаға жасайды. Кейде Тоқсан апа астын былғап алады. Ондай сәтте үйдің іші әжетхананың иісіндей мүңкіп кетеді. Тоқсан апа астын былғап қойғанда, Елдес екеуміз жиіркеніп, мұрнымызды басып тұра қашамыз. Шешем байғұс маңдайы тер-тер болып, сүйегі жер тартқан кәрі кемпірді жалғыз өзі көтеріп, астын тазалап жатады.
Мен анамды біртүрлі аяп кетем.
ХVІІІ
– Тағы да ойланып кеттіңіз…
– Ресторанға барып түстеніп алайық, – дедім мен.
– Жентельмен деген сөйтпей ме екен? – деп жымиды Әлия.
– Мен туралы сұрай бересіз. Сіз неге өзіңіз туралы айтпайсыз? – дедім Әлияға.
– Не айтам?
– Қай жақтансыз, мысалы?
– Қартаудан.
– Ағырапқа жайша кетіп барасыз ба?
– Жиырма жылдан бері Ағырапта тұрам. Онкология емханасында медбикемін.
– Қазір аты жаман аурумен жастар да көп ауыратын болды ғой, – дедім мен әңгімені жандандырамын ба деген дәмемен.
– Айтпаңыз. Рак деген жас талғамайды, – деді Әлия сөзімді қостап.
– Бала-шағаңыз бар ма?
– Жоқ. Күйеуіммен сол бала көтермегеннен кейін ажырастым.
Әлия қою қара шайды бір ұрттап алып, далаға енжар қарады да:
– Екеуміз де әңгімеге жоқ адам екенбіз, – деді.
– Онда үндемей далаға қарайық та отырайық, – дедім мен.
Әлия ыңылдап ән айта бастады.
«Ғашықтар бар әңгімесі таусылған,
Ал махаббат таусылмайтын әңгіме»…
Әлияның әлгі әніне мен де қосыла кеттім. Екеуміздің дауысымыз бірігіп, әп-әдемі әуезді ән әуеледі.
Торы айғыр сатылып, үйіміздің іргетасын құйып алған кез. Әкем, Елдес үшеуміз күн ұзаққа үйдің қабырғасын көтереміз. Әкем ұзындығы бір жарым метр, ені елу сантиметр болатын қалып жасаған. Қалыпты екі жерден ұстап тұратын темір қондырғы бар. Екі ұзын, екі қысқа тақтайды сол темір қондырғымен бекітіп, қалыпқа сабан араласқан сары топырақ саламыз. Сөйтеміз де, басы жалпақ сом темір құралмен сабан араласқан сары топырақты нығыздап ұра береміз. Мен жүз рет, Елдес жетпіс рет, әкем жүз елу рет соққылайды. Ауыр темірмен топырақты түйгіштей-түйгіштей маңдайымыз терге малшынады. Шешем дайындап қойған қара шайды ұрттап қойып, соға береміз, соға береміз.
Там соғатын кезегімді күтіп отырып, ән айтатынмын.
Ән айтқанда Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса-ларға айналып кеткендей болушы едім.
«Аһау, арман, дүние жалған…»
Көршілерден менің дауысымды естімеген адам қалмайды. Ән айтып тұрып, екі көзім Қабыл ағаның үйіне қадалады. Әнімді Әния естісе ғой деп қиялдаймын. Әнияны таңғалдыру үшін дауысымды мың құбылтып, бар өнерімді салам.
«Қыздар бұлбұл, жігіт дүлділ,
Өтіп барады өмір құрғыр…
Аһау, арман, дүние жалған,
Хәләуләйлім, хәләуләйлім»
– Әй, Әнші балапан, қалыпты ағыт, – дейді әкем.
Біздің бала күнімізде теледидардан «Әнші балапан» деген бағдарлама берілетін. Жабырда жүргенде шешем әлгі бағдарламаға қатыстырамын деп мені Ағырапқа әкелген. Содан бері мені әкем кейде «Әнші балапан» деп атайтын. Кейін Қабыл аға да мені Әнші балапан дейтін болды.
Әнімді тыя қойып, қалыпты шешеміз. Әкем үйдің екі бұрышындағы қадаға ілінген жіпті тарта қояды. Соқпа там садақтан тартқан оқтай түп-түзу боп жіппен жапсарласып, қабырғаға қона кетсе, еңбегіміздің ақталғаны. Кейде маңдай теріміз рәсуа болып, қабырғаның қисайып жіпті керіп қалғанын байқайсыз.
– Бұзыңдар, – дейді әкем.
Қолымызға күрек ала салып, қисық тамды кертіп құлата бастаймыз. Қабырға қисық болса, үйдің құлау қаупі бар екенін, құламағанның өзінде қисық қабырғаны сылақпен түзеу қиын болатынын әкем және есімізге салады. Іргесі берік үй салудың қиындығы сол, соққы, темір алақанымызды күптей етіп ойып тастаған. Ашыған алақан жанға батып, жаңа ән бастаймын.
«Бозторғай, бозторғай,
Айналайын, жыл құсым,
Аман-есен жүрмісің.
Ала таңнан шырылдап
Қуантқалы тұрмысың…»
Мейрамбек Бесбаевтай шырылдаймын.
«Шешем болса келмей ме,
Баласын бір көрмей ме,
Мейірлене құшақтап,
Өрік, мейіз бермей ме?!»
Жетім баланың зары шешемнің көңілін босатып, қасымызға келіп, жанарынан үзілген ыстық жасты көйлегінің етегімен сүртіп, отыра кетеді.
Ол кезде бозторғайдай шырылдап, он төрт жыл абақтыда отырарымды білген жоқпын. «Шешем болса келмей ме, Баласын бір көрмей ме?» деген сөздің ауыр салмағын да сезінбеппін.
ХІХ
– Әнші болатындай-ақ талантыңыз бар екен, – деді Әлия пышақ кескендей үзілген әңгімені жалғап.
– Иә, бала кезімде әнші болғым келетін.
– Әлі де кеш емес қой, – деді Әлия шын ниетімен.
– Ән айтуға да күй керек.
– Менің таныстарым бар. Ән жазғызып көрейік. Мына дауысыңызбен tik-tok-ты жарасыз.
– Сосын…
– Сосын, телеарналар түрлі бағдарламаларға шақырады. Ютубқа сұхбаттарыңыз шығады.
– Сосын…
– Сосын, шынымен абақтыда он төрт жыл отырсаңыз, өз өміріңізді айтып бересіз оларға.
– Сізге жібі түзу әңгіме айтып бере алмай ошарылып отырып, эфирге не демекпін? – дедім күліп.
– Ой бір, кертартпа жан екенсіз. Бірден танымал адам болсаңыз, ақшаңыз да көбейеді.
– Ақшам көбейсе, екеуміз Қартауға қайын жұртқа ұшақпен ұшамыз дейсіз ғой.
– Мені сізге күйеуге шыға салады деп кім айтты?
– Күйеулікке жарамаймын ба?
– Қазір бір ән айтыңызшы. Осында отырып-ақ, видеоға түсіріп, Instagram-ыма салып қояйын. Сосын, күйеу етем бе, жоқ па, көрерміз?!
Әлияның көңілі үшін «Бозторғайды» боздаттым.
«Шешем болса келмей ме,
Баласын бір көрмей ме» деген шумаққа келгенде көмейіме өксік тығылып, булықтым да қалдым.
– Қайта, қайтадан бастаңыз, – деді еліріп алған Әлия.
– Тимей қойсаңыз да, осымен болды. Ары қарай айта алмаймын, – дедім мен.
Қырық күндіктен қайтып келгенде мені бір сұмдық хабар күтіп тұрыпты. Біреулер Әнияны Бокин көшесінен көріпті. Ағыраптағы Бокин қара жұмыс іздеген жалдамалы жігіттер мен жеңіл жүрісті қыздардың арын сататын көше саналатын. Артынша «Қабылдың қызы Бокин көшесінде тұратын болыпты» деген жел сөз гуледі. Ғашық болған қызымның бұралаң жолға түсуі мүмкін еместей көрінді. Өзім ұстараның жүзінде қылпып жүріп, Ағырапты адақтап, Әнияны іздедім. Төбеммен жер қазсам да табамын деп өзіме сөз бердім. Бәрі жел сөз болса екен, Әниям қате баспаса екен, баяғыдай қайта қауышсақ екен…
Бар тілегім осы.
Әлі есімде, күн жексенбі болатын. Қас қарая бастаған. Әнияны іздеп, Бокин көшесін бойлап ұзақ жүрдім. Қолындағы кілтін айналдырып, жасы бар, жасамысы бар келіншектер жүр. Кейбірі кеуделеріне «квартира» деп жазып алған. Олар бірақ пәтерін жалға бермейді. Пәтердегі қыздарды саудалайды. Айналамды бағдарлап байқағаным, қыз іздеген жігіттер әлгілермен сөйлеседі екен.
Ылдилап келіп, жол жиегіндегі тұрған екі келіншектің жанына жақындадым. Олар да осыны күткендей маған естірте:
– Қыздар бар, қыздар керек пе? – деді сыбырлап.
– Бағасы…
– Екі жарым, үш мың теңге.
Ыңғайы – жеңгетайлар.
– Қыздарың қайда? – деймін өзімше.
– Жүре бер, анау «пешеходтан» кейінгі көшеден оңға бұрылып тіке тарт…
– Сіз ше?
– Уайымдама, артыңнан барамын.
«Жаяу жүргіншілер жолынан» оңға бұрылдым. Артыма қарап едім, жеңгетай келіншек те жақындап қалыпты.
– Полицейлер ұстап алмай ма? – дедім қуып жеткен келіншекке қорыққан түр көрсетіп.
– Ұстамайды. Қорықпа, – деді келіншек.
Біз иір-қиыр көшелермен ұзақ жүрдік. Адамнан айла артыла ма? Ұзаққа барып, клиенттеріне қармақ салу келіншектердің полицейлерден «із жасыру» амалы болса керек.
Жеңгетай Никольская мен Чебоксар көшелері түйіскен тұстағы сары коттедждің темір қақпасын өз кілтімен ашты да, мені алға оздырды. Жан-жағыма көз жібердім. Әп-әдемі еңселі баспана екен. Айналасындағы лашық-құжыраларға шекесінен қарап тұр. Кіреберісте еңгезердей екі жігіт отыр. Екеуінің де аузында алшысынан тістеген темекі.
Сары коттедждің ішіне ендік. Жеңгетайым айғайлап, қыздарды шақырып жатыр. Кең сарайдың іші толған қыз. Біреу, екеу, үшеу… Санап үлгермедім. Кемі он бес қыз бар. Олардың ішінен Әнияны, өзімнің Әниямды іздеймін. Қалғандарының маған қажеті жоқ еді. Ешқайсысын ұнатпаған болам. Ал жеңгетайым болса:
– Ана сырттағы екі жігіттен қорқып тұрсың ба? Олар да клиенттер. Қазір кетеді, – дейді.
Үйдің ішін көрдік. Әния жоқ. Мен көп қыздың бірін де ұнатпаған болып сыртқа бет алдым.
Бокин көшесіне қайта шықтым. Вокзал жаққа қарай біраз жер жүріп тастадым. Әудем жерде өзімен-өзі болып бір қараторы қыз тұр екен. Қасынан өте беріп едім, «қыздар керек пе?» деп қылмың ете түсті.
– Қанша қыз бар? – дедім.
– Сутинер емеспін, – деді ол.
Ақырын көз қиығын салдым. Сырт бейнесінен жеңіл жүрісті қызға мүлде ұқсата алмайды екенсің.
– Қасыңда басқа қыз бар ма?
– Біреу ғана. Құрбым бар.
– Сағатына қанша аласыңдар? – дедім.
– Төрт мың.
Қараторы қызға еріп, көпқабатты үйлердің арасынан өттік. Бес қабатты үйдің бір бұрышына темірмен жапсарлас «құжыра» салыныпты. Үй қабырғасында «Палладина көшесі, 2-үй» деген жазуды оқыдым. Қараторы қыз есікті тақылдата бастады. Есік темірден істеліпті. Құдды бір түрменің қақпасындай.
Қапталдағы темір құжыра арқылы бес қабатты ғимараттың бір пәтеріне кіріп кетуге болады екен. Подъезде жүріп, әркімнің мазасын алмайды. Өздерінде жеке есік. Кірген-шыққанға сөйлейтін көршілері де жоқ.
Есіктің арғы жағынан темір ілгек шылдыр ете түсті. Ішке қарай жартылай жалаңаш бір қыз кіріп бара жатты. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Тұттай жалаңаш қыз Әниядан аумайды.
– Ана қызбен сөйлесуге бола ма? – дедім мен.
– Оксана, клиент тебя хочет, – деп айғайлады қара қыз.
– Я сейчас занята. Пусть подождет! – деді Оксана.
Дауысынан Әния емес екенін бірден білдім. Біртүрлі кеудемді жарып шығардай дүрсілдеп соққан жүрегім сабасына түскендей болды.
– Мен кете берейінші, – дедім қараторы қызға өтінгендей жалынышты үнмен.
ХХ
– Әу, әнші балапан!
– Ау…
Әлияның да әкем мен Қабыл аға сияқты әнші балапан деп атағанына жымидым. Әлия мазақтай күлді.
– Құдай ақы, сіз сияқты адам көрсем, көзім шықсын.
– Не болып қалды?
– Не болушы еді. Меңіреу адам сияқты бір нүктеге қадалдыңыз да қалдыңыз. Бақылап тұрдым. Тіпті кірпігіңізді бір рет те қақпадыңыз.
– Рас, ойланып кетіппін.
– Сіз іштей оймен арпалысып жүретін көрінесіз. Бұл өте қауіпті. Күйік ішке түсіп кетсе, психологиялық дертке шалдығасыз. Іштегі уайымыңызды біреуге айтып жеңілдемесеңіз, дерт ракқа да айналып кетуі мүмкін.
– Мені психсің демекшісіз бе? – деп қайта жымидым.
Түрмеде түрлі оқиғалар болатын. Абақты тәртібін бұзған сайын кичаға қамалатынмын. Күн ұзаққа өзіммен-өзім отыратынмын. Жалғыз серігім – ой.
– Жоқ, псих деген жоқпын. Бірақ психологке барғаныңыз дұрыс.
– Ол нені өзгертеді?
– Бәлкім, шынында түрмеде ұзақ отырған шығарсыз. Бейбіт өмірге бейімделуіңіз үшін де мамандардың көмегі қажет.
Пойыз Киеліге келіп тоқтады. Он бес минутқа аялдайды екен.
Әлия екеуміз тысқа шықтық. Вокзал маңы әдеттегідей саудагерлер. Жеміс-жидек сатқан апалардың қасынан өте бере Әлия «алма жегім кеп тұр» деді.
– Алмаңыз нешеден? – дедім қалың киінген апайдан.
– Үш жүз теңге…
– Екі келі өлшеп жіберсеңіз.
Апа пакетін алып, алма сала бастап еді, Әлия қолын созды.
– Өзім таңдап салып алсам бола ма? – деді сосын.
Алманы электронды таразыға тартып еді, екі жарым келі тартты. Пакеттегі алма көзіме аз көрініп:
– Таразыңыз дұрыс па? – дедім мен. Қолыма алсам, жеп-жеңіл.
– Дұрыс, айналайын, дұрыс! Таразыдан жеген адамның желкесі қиылады демеуші ме еді.
Егінсу көшесі бойындағы Тоқсан апаның ұрасында күнелткен күндер көз алдымда жүгіріп өтті. Біз туған Жабыр ауданында көкеніс атаулыдан тек картоп өседі. Жабырдың картошкасының дәмі тіл үйіретін. Сол картошканы ауылдықтар Саудакент базарына әкеп сататын. Ағыраптың базарларында Жабырдың картошкасының саудасы қыз-қыз қайнап жатушы еді. Біздің ұра үйіміз базарға картоп сатуға келген жабырлықтардың штаб-пәтеріне айналған. Әкем таңның ақтаңдақ сәулесі жерге түспей бір жүк көлігін ауламызға кіргізіп алады. Сөйтеді де, базардағы алыпсатар саудагерлерді үйге ертіп келеді.
Әкемнің «дүң сауда» жасайтын әдеті. Әлгі көп саудагерді бір көлікті тұтастай сатып алуға көндіретін. Мұндайда ауылдан келген момын жұрт өз тауарына өзі ие бола алмай, сан соғып қалатын.
– Бір машина картошканың артынан салпаңдап бірнеше күн жүргенше, дүң сауда жасайық, – дейді әкем жабырлықтарға.
– Кенеке, Ағырапта сенеріміз өзің ғанасың ғой, – дейді момын ауылдас.
– Онда әкел қолды, – дейді әкем.
Сөйтеді де, алыпсатарларға иек қағады. Олар шу-шу етіп, айналдырған он минуттың ішінде момын ауылдасқа тиынын санап беріп жатады. Кейде әлгі ақшаны жабырлық қалтасына салып үлгермей, алыпсатарлар тағы дүң сауда жасап, екінші біреуге келісіне 2-3 теңге қосып сатып жібереді. Әлі көліктен түспеген тауарға қосылған екі теңге әжептәуір ақша болады. Ала жаздай маңдай терін төгіп, шығынға белшеден батып картоп еккен ауыл қазағының табысын алыпсатар қол тигізбей-ақ дүң саудамен бір сағатта таба қояды. Момын жабырлық іші удай ашып, қалтасындағы қаржысын сипап қойып, сүлдері құрып кете барады.
Ұра-үйіміздің алдында добалдай темір таразы тұратын. Әкем ауылдан келген шаруаның картобын қабылдар кезде таразының жақтауына алақандай магнитті жапсыра қояды. Ол магнит таразы тілін кері тартып, картоптың келісін кем өлшеп береді. Ал сатып алушы келсе, магнитті шеше қойып, таразының бір шетін байқатпай аяқтың ұшымен басып тұратын. Өстіп тауардың салмағын көбейтеді. Екі ортадан тапқан пайда – отбасымыздың ырыздығы.
Кейде «таразыдан жеп қойдың» деп шу шығаратындар болады. Әкем ондайда үйден сегіз келілік кір тасын алып шығып, таразы басына салады. Таразының тілі дәлме-дәл сегізді сүйіп тұра қалады.
– Таразыдан жесем, желкем қиылсын, – дейді әкем қуланып.
Мен әкемнің айлакерлігіне таңғалып, әлгі байғұсқа сырттай мысқылдай күліп тұрушы едім.
ХХІ
Екі жарым келі алманы алып Әлия өз купесіне кетті. Мен плацкартыма кіріп, төсегіме жантайдым.
– Балам, тегі, бір орында отырмайды екенсің, – деді бояқ қас апам.
– Уыздай сұлу қыз таптым, апай! Үйленсем бе деймін? – деп әзілдедім.
– Қандай қыз екен?
– Мынандай қыз екен, – дедім бас бармағымды көрсетіп.
– Бәсе, астынан су шыққан адамдай бір жерде байыздап отырмайсың, – деді апам шын қуанып.
– Үйлене ғой, қарғам! Шешең шын қуанады, – деді сосын сөзін жалғап.
Кенет ту сыртымнан «қамат» түсірген адамның дауысы естілді. Ақырын көз қиығымды салып едім, көрші жігіт ақшам намазын оқығалы жатыр екен. Кешелі бері тіл қатысқан жоқ едік. Тіпті сырткөзге намазхан екені де байқалмайды. «Қад қаматис-салаһ, Қад қаматис-салаһ» деп қойып қаматты да сыбырлап, бәсең дауыспен айтып шықты.
Қырық күндікте жүргенде мен де қамат айтуға сұранып тұрушы едім. Әр намаздың алдында жаттап алған «қаматымды» судырата жөнелетінмін. Қырық күндікте түрлі ғибадат жасайтынбыз. Соның бірі «гәш» деген амал. «Гәш» амалы арқылы жұртты дінге, мешітке шақыратынбыз. Мешітке шақырудың өзіндік қағидалары бар. Үш адам дағауат айтуға көшеге шығады. Бұл үшеуінің бірі «әмірсафтың», яғни басшының қызметін орындайды. Екінші адам «мүттәкәлим» болады. Жалпы, дінге шақыратын да, уағыз айтатын да сол «мүттәкәлим». Үшінші адамның қызметі «дәлел» деп аталады. Оның жұмысы едәуір жеңіл. Кездескен адаммен амандасады. Сосын қасындағы жігітті «тыңдап қойсаңыз» деп өтініш жасайды. Одан кейін ол да «мүттәкәлимнің» уағызын ұйып тыңдауға міндетті. Сөйлеуге, ой қосуға «әмірсафтың» да, «дәлелдің» де құқы жоқ.
Мешітте «кәләм жүніс» отырады. Оның атқарар шаруасы – мешітке дағауат айтушылар әкелген я өз аяғымен келген жұртқа дінді түсіндіру. Бір адам мешіттің шығаберіс есігінде қалады (оның міндетін білгеніммен, атауын ұмытыппын). Мешіт аузындағы дағауатшы әрі-бері өткен тұрғындарды мешітке шақырады. Аса көп уағыз айтпайды. Келушілерді күтіп алып, ішке кіргізеді. Бұл кезде тағы бір дағауатшы «дұға» етумен болады. Ол Алладан осы амалдың қабыл болуын, осы ауылдың, қала берді бүкіл әлемнің дін жолына келуін тілейді.
«Гәште» жүргенде бәріміздің еншімізге қызмет бұйыратын. Менің қызметім «дәлел» болу еді. Мүттәкәлим – әкем. Әмірсаф – Нұрдос.
Бірде «гәште» жүріп бір мас жігітке уағыз айттық.
– Тіліңізді кәлимаға келтіріп қойыңыз, – дейді әкем.
– Сонда не деуім керек? – дейді мас жігіт тілін шайнап…
– Әшһәду Алла…
– Әшһәду Алла…
Кәлима шаһаддатты үш қайталап айтқызып шықты. Сөйтті де:
– Мына жігіт сіздің тіліңізді кәлимаға келтіргеніңізге дәлел болады. Ақыретте сіздің мұсылман екеніңізге куәлік етеді, – деді.
Мен мас адамның мұсылмандығына куәлік еткен тұңғыш «дәлел» болдым.
Нұрдос әрдайым иман жаңартуды, мына үйлердің бәрі иманзарлы үйлер екенін еске салып отыратын.
Иманзарлы үйлердің есігін қағып, дағауат айтамыз. Көше кезген дәруіш кімге ұнасын?! Бізді ит айтақтап қуғандар да болды. Ақшам намазынан кейін «шамбаян» амалын жасап, «гәштің» нәтижесін сөз етуші едік. Әкем «шамбаян» сайын еш нәтижеге жете алмағанымызға шын өкінетін.
– Маған «мүттәкәлим» болмай-ақ қою керек еді. Дұрыс уағыз айта алмай, жұртты діннен бездірдім, – дейді шырылдап.
– Кенен аға, сабыр сақтаңыз! Әлі-ақ талай жанды Алла жолына әкелесіз, – дейді Нұрдос тақсыр әкемнің арқасынан қағып.
Ал «дәлел» болу қызметі маған еш қиындық туғызған емес. «Гәште» жүрсем де, Әнияны ойлайтынмын. Тәтті қиялдарға беріліп, күндердің зырғып өтіп жатқанын да сезбейтінмін.
ХХІІ
– Мұнда екенсіз ғой…
Әлия келіп, бояқ қас апаның қасына отыра кетті.
– Көршілерім тағы карта ойнасақ деп сізді шақыруға жіберді.
Апай Әлияның аяғынан басына дейін тінте қарады.
– Қарғам, жайланып отыра ғой! Шай ішкелі жатыр едік…
– Әуре болмаңыз, апай! Мен мына сүр бойдақты алам да кетем.
– Құдай-ау, жерде жатқан жігіт жоқ, – деді апам. – Жігіт қажет болса, бізбен бірге отырып шай ішесің…
– Ниетіңізге көп рақмет! Ал, мен кеттім. Келесіз ғой, – деп Әлия ескі әдетімен иығымнан нұқып қойды.
Апайдың шайына пысқырып қарамады. Сөзін құлаққа ілмеді. Әлия кеткен соң, орнымнан тұрып, төсегімді жинай бастадым.
– Әлгі уыздай сұлу қыз дегенің мынау ма? – деді апай өзінің бас бармағын көрсетіп.
– Иә, осы…
– Құдай-ау, көзің соқыр неғылған адамсың? Мынау басыңа шай қайнататын кексе қатын ғой.
– Мен де жас жігіт емеспін, – дедім апайға.
– Сен жас емес шығарсың. Бірақ байқаймын! Мүлдем жар төсегін көрмеген адамсың…
– Менің үйленбегенімді қайдан біле қойдыңыз?
– Әйел затына әйел деп қарамаған жансың ғой. Күнім-ау, ақылың болса, мына қатынға арбалып қалма…
– Ол мені емес, мен оны арбай алмай жүрмін, – деп күлдім.
– Ой, ақымақ десе… Мұнша адам танымайтын көр соқыр болармысың. Уысына бір түссең көрерсің…
– Қасыңызға бірер минутқа келген қызды қайтіп тани қойдыңыз. Тіпті сөйлескен де жоқсыз.
– Танымағанда несі қалды? Бір рет емес, бірнеше рет есік көрген қатын ғой.
Табаннан тозып Әнияны іздеп, Бокин көшесінде жүргенмін. «Шұғыла» кинотеатрының маңы. Кеудесіне «квартира» деген жазу ұстаған бір келіншек тұр екен. Қасына жақындай беріп:
– Қыздар бар ма? – дегем ескі әдетпен.
– Бар. Қанша уақытқа?
– Бір сағатқа.
– Жүріңіз.
Жеңгетайға ілестім. Көп жүре қойған жоқпыз. Николаевская мен Ровенский көшелерінің қиылысындағы қоршауы мен шатыры жасылмен боялған шағын сарғыш үйге кірдік. Есіктің алдында үйге жапсарлас монша яки жуынатын бөлме бар екен. Содан бір сары қыз шыға келді. Тобан аяқтана қасыма жақындап, сызылып тұра қалды. Сөйткенше болған жоқ, жеңгетайым іштен жеті-сегіз қыз алып шықты.
– Ал, таңда…
Менің көзім қыздарда. Олардың арасынан Әниямды іздеймін. Әния кездесе қалса, не істейтінімді ойлап, дегбірсізденіп тұрмын.
Манағы сары қыз иненің көзінен өткендей пысық көрінеді.
– Мені алшы, – дейді қиылып…
Әр қыздың бетіне үңіле қарап, таңдаған болам. Мұнда да Әния жоқ болғасын, қыздарды ұнатпаған болам. «Қатындыққа алатындай таңдайды ғой өзі», – деді әлгі қыз.
Сол сары қыздың бейнесі көз алдымнан жүгіріп өтті.
Бояқ қас апама таңдап қатын алар күйім жоқтығын қалай түсіндірерімді білмей, абдырап қалдым.
ХХІІІ
Тамбурға шығып, шылым тұтаттым. Апаның Әлияны «есік көрген қатын ғой» деген сөзі көкейімде тұр. Әлияны қойшы, ғашығым Әниямен қайта тоқайлассам, тағдырым не болмақ? Мен одан бас тартам ба? Шын сөзім, Әнияны тапсам, тамырын басып көріп, қарсы болмаса, үйленем. Баяғыда өткен жайдың бәрін ұмытам. Шын сөзім.
Бірақ іште осыған кереғар бір ой бой көтерді. Оны жан дәрмен тұншықтырып тастаймын.
Тамбурға жолсерік кірді.
– Балығыңыз иістенбепті ме? – деді бояқ қас апамның қабына қарап.
– Менікі емес, қасымдағы апайдікі ғой, – дедім мен.
– Осы қазақтарды түсінбеймін. Қартаудан Ағырапқа балық апармаса болмай ма?
– Қартаудың балығы керемет қой.
– Түнде мұздаған жоқсыз ба?
– Жоқ, мұздамадым.
– Қазір бір-екі күрек көмір салып қояйын. Пойыз іші Ташкент болсын!
Жолсерік пешке қолын соза беріп:
– Темекіні байқап шегесіз ғой. Біреу-міреу ұстап алмасын, – деді.
Соңғы жылдары пойызда темекі шегуге тыйым салынған. Ұсталсаң, айыппұл төлейсің. Бірақ жолсерікке ауызбастырыққа екі мың теңге берсең, тыйым жайына қалады. Мен де жолсеріктің аузын майлап қойғанмын. «Погонды полицейлер көрмесе болғаны» деген жолсерік екі мың теңгемді алып тұрып.
– Байқап тартам, уайымдамаңыз, – дедім мен.
Жолсерік пештің аузын ашып қап еді, шала жанған көмірдің ысы бұрқ етіп сыртқа шықты. Танауым бітеліп, денем қалшылдап кетті.
– Түу, бағана салған көмір бастырылып қапты, – деді жолсерік.
Біз Нұршықтағы үйіміз бітпей, бірер жыл тағы пәтер жағалап жүрдік. Үй салуды бастағанымызға бес жыл болған жылы қыста Нұршықтан біреудің үйін жалдап тұрдық. Қызыл кірпіштен салынған құбыры жайын ауыз пешке от жағамыз. Көмір салсаңыз болды, құбыр тартпай, ыс пештің аузына келетін. Шешем демалыс алған сайын үй ақтайды. Ақталған там бір аптада қайтадан ыстанып, қап-қара болып күйеленіп шыға келеді.
Елдес екеуміз айына бір рет құбыр тазалаймыз. Құбырды тазалауға қойылған кішкене екі темір есік бар. Соны ашып жібергенде мамық секілді қап-қара жұмсақ тозаң бұрқ етіп, үйдің ішіне төгіледі. Ұзын шыбықпен құбырға қолымызды иығымызға дейін тығып жіберіп, ырғап-ырғап жіберсек, жақтауға жабысқан ыс бұрқ-бұрқ етіп төмен құлайды. Елдес екеуміздің бет-аузымыз қап-қара болып, көзіміз ғана жылтырап шыға келеді.
Шұбаркөл көмірі қымбат. Ақшаның соры. Ағаш сияқты шартылдап тез жанады. Құбырға ыс байланбайды. Бірақ қызуы тез қайтады. Қаражыра көмірі – майлы көмір. Ыстана беретіні болмаса, қызуды ұзақ ұстайды, әрі бағасы да анағұрлым арзан еді.
Бір күні кеш бата әкем пешке көмір салды. Кешкі асты ішіп алып, күндегі әдетпен ұйқыға бас қойдық. Қатты ұйықтап кетіппін. Оянсам, астым сыз. Қардың үстінде киімшең жатырмын. Көзімді қиналып ашқаным сол еді, шешем әкемді үйден сүйретіп шығып келе жатыр екен. Басымды көтерейін десем, әл жоқ. Денем ауырлап, жер тартып барады. Тамағым бауыздаған қойдай қыр-қыр етеді. Ауа жетпей, талықсып бара жатқанымды білем. Көзімді қайтадан бір ашқанымда жедел жәрдемнің көлігінде кетіп бара жаттым. Дәрігердің:
– Реанимацияны дайындаңдар! Үш адам. Үш адам ыстан уланған, – деген дауысын естідім.
Қайтадан талықсып кеткен екенмін, аузыма тыныс алатын аппарат салғанда есім кіргендей болды.
– Кислород бітіп барады, «мобильный группа» жіберіңдер, – деп шырылдап жатты дәрігер…
Құбыр ыстан бітеліп, әкем салған көмір шала жанып, ыс пештің жайын аузына ұрған. Үйдің іші әп-сәтте ыстанып, бәріміз уланып, маужырап ұйықтап жата бергенбіз. Сағат түнгі бірлерде шешем жұмыстан келіп, есікті ашып қалса, үйдің іші көк түтін.
Шешем бір өзі жанұшыра алдымен Елдесті, сосын мені, ең соңында әкемді далаға сүйреп шығарған. Артынша шыр-шыр етіп, есіктерді қағып жүріп, көршілерді оятқан. Жәдел жәрдем дер кезінде келіп, біздің өмірімізді аман сақтап қалды.
– Қаражыра көмірі ме пешке салғаныңыз, – дедім жолсерікке.
– Иә, қаражыра… – деді жолсерік ыстанған пештің отын көсеп-көсеп жіберіп.
ХХІV
– Апайыңыз жібермей қоя ма деп едім?..
Әлия әдеттегідей күліп қарсы алды.
– Әзер жіберді…
– Жерде жатқан жігіт жоқ дей ме?
Әлияның езуінде әдемі ойық пайда болып, тағы жымиды.
– Құнымды арттырып жіберді ме? – дедім мен де езу тартып.
Әлияның купелестері баяғыдан таныс адамдай емен-жарқын амандасып жатыр. Бір қол ойын аяқталған екен.
– Маған да таратыңыздар, – деп Әлиямен иықтасып отыра кеттім.
– Мен кеткен соң апай не деді?
– Сыннан өтпей қалдыңыз. Әйелдікке жарамайды деді сізді…
– Солай дейтінін сразу білдім. Көзі тіміскілеп, жақтырмай қарады ғой.
Таратылған алты картаны қолыма алып, реттеп шықтым.
– Алты көзір кімде? – деді Әлия.
– Менде жетілік, – деді купелес ақ шаш жігіт.
– Жүріс сізде, – дедім мен. Әшкилі келіншегі күйеуіне көзінің астымен қарап қояды. Күйеуін қатты жақсы көретіні жүзінде тұр.
Ойын қызды. Әлия жеңсе – шаттанып, жеңілсе – мұңайып қалатынын байқадым. Әлияны қуанту үшін әдейі жеңілем.
– Картаның бәрін жатқа білетін қабілетіңіз қайда кетті? – дейді бәрін ұтқан Әлия қолын шапалақтап.
– Қателестім, – деймін мен өкінген болып.
– Бүгін құлағыма жындар сыбырламай отыр деңіз…
– Иығымдағы періштелерді бездіріп жібердіңіз, – деймін мен.
– Ақшаға ойнасақ, бәріңізді ұтар едім, – деді Әлия еліріп.
– Ол ақшаңызды мен ұрлап кетер едім…
«Ақшаңызды ұрлаймын» деген сөз аузыма қайдан сап етіп, ілінгенін түсінбей қалдым.
Біз Тоқсан апаның ұрасында тұрғанда жағдайымыз жаман болған жоқ. Әкем аулаға ауылдан келген машиналарды кіргізіп алып, алыпсатарлармен бірігіп, сауда жасады. Елдес екеуміз сатылған картошканы арбаға тиеп, Саудакент базарына жеткізетінбіз. Арба сүйреген ақымызға ақша аламыз. Шешем Тоқсан апаның әуресінен босай салып, бәліш пісіреді. Есік алдына таң атпай келген алыпсатарлар мен ауылдастар ыстық шай ішіп, ыстық бәліш жеп жылынады.
Шешем бастапқыда бәліш сатуға ұялатын. Бірақ қаладағы жанбағыс ұяттан күшті болып шықты.
Үстімізге киген киіміміз түзеліп, ішіп-жеміміз оңалып қалған.
Бір күні Тоқсан апам «жиған ақшам ұшты-күйлі жоғалды» деп жамағайыны Күмісті шақыртты. Шешем күдікке бірден ілінді.
Шешем «алған жоқпын» деп шырылдайды.
Күміс тәте келе сала шешеме тұра ұмтылды. Біз ажыратып үлгермей бетін тырнап, жүзін қанжоса етті.
– Үш сағатта табандарыңды жалтыратпасаңдар, милиция шақырам, – деп Күміс кетті алқынып.
Шешемнің күміс білезігі бар еді. Соны таппай, біраз әурелендік.
– Білезік Тоқсан апа жатқан бөлмедегі айнаның үстінде қалды. Елдес екеуің барып әкеліңдер, – дейді шешем.
Шешемнің жарты жыл жаялығын тазалап, баладай мәпелеген Тоқсан апаны көргісі келмейтіні байқалып тұр. Күмістің бетіне салған тырнақ іздері базданып, білеуленіп кеткен.
Елдес екеуміз қорқақтай басып, Тоқсан апаның үйіне кірдік. Тоқсан апаға айнаның алдында тұрған білезікті алуға келгенімізді айттық.
– Анау жиналған жүкті ашыңдаршы, – деді бізге апа.
Тау болып үйілген көрпе жастықты ашып жіберіп едік, Тоқсан апа:
– Тысы күлгін көрпені әперіңдер, – деді.
Жүкті аударып тастап, күлгін көрпені әпердік. Тоқсан апа тарамыстанған қолымен көрпені бір айналдыра сипап шықты. Көрпенің тысына қалташа тігілген екен. Іші томпиып тұр. Тоқсан апаның жүзіне қарап едім, жоғалған заты табылған баладай күлімдеп сала берді. Сыртқа шыға сала әке-шешеме ешқандай ақша жоғалмағанын айттық. Сөйттік те, ұрамызға қайта заттарымызды түсіре бастадық.
Біз жүкті түсіріп болам дегенше, межелі үш сағат та өтті, Күміс те келді.
– Екі балаңды жұмсап, ақшаны орнына қоя салып, сүттен ақ, судан таза болып шыға келмекшісің бе? – деп Күміс шешеме қайта атылды.
Кінәсіз адамның бетін қанжоса етіп тастап, айыбын мойындай салу Күміске оңай тимесі анық-ты. Шешем ақшаны алмағанын айтып қанша шырылдағанымен, Күміс бой бермеді. Біз таныстардың үйіне жүгімізді жинап қойып, «Жетім бұрыш» жағалап кеттік.
ХХV
Пойыз Ағысқа келіп тоқтады. Сағат тілі түнгі он бірден асыпты.
– Қой, жатып демалайық! – деді Әлияның купелестері.
– Сіз де ұйықтайсыз ба? – дедім Әлияға.
– Пойыз біраз аялдайтын сияқты. Таза ауа жұтып келейік, – деді Әлия ескі әдетімен иығымнан нұқып.
Әлия екеуміз тысқа шықтық. Шыға сала темекі тұтаттым.
– Шеңберлеп түтін шығаруды үйренгіңіз келмей ме? – дедім түтінді дөңгелете үрлеп тұрып.
– Қой, құрсын! Шылымқор болып кетермін.
– Ағырапқа бара салып жұмысқа шығасыз ба?
– Жоқ, еңбек демалысым әлі біткен жоқ. Бір апта үйде болам. Сіз ше?
– Мен не істейтінімді білмеймін.
– Білмегені қалай?
– Түрмеден шыққан адам не істеуі керек? Полицияға барып, тұрғылықты жерім бойынша тіркеуге тұрам. Одан арғысын көре жатармын.
– Әнияны іздемейсіз бе?
– Құдай-ау, ешқандай да Әния жоқ дедім ғой.
– Өйтіп өзіңізді алдамаңыз. Ғашығыңызды іздеңіз.
– Маған сенен басқа ешкімнің қажеті жоқ, – дедім Әлияның белінен ұстап. Ақырын өзіме тарттым.
– Қажет емес, – деді Әлия сыңғырлай күліп.
– Сені алсам ше? Үйленіп, әлі-ақ бақытты болып кетсек ше?
– Сізді мен бағам ба?
– Жұмыс істеймін.
– Не жұмыс істейсіз?
– Қолымнан келгеннің бәрін арланбай істей беремін.
– Қуын қара! Тіркеуге менің үйіме тұрып алмақсыз ғой.
– Жоқ. Ондай ойым жоқ. «Жетім бұрыштан» бір пәтер табармын.
– Қазір «Жетім бұрыш» жоқ қой.
Матаев пен Қаптағаев көшелерінің қиылысындағы «Жетім бұрыш» біздің отбасының ең көп ат ізін салар мекендерінің бірі еді. Басымызға пана боларлық «тауық күрке» іздеп ылғи «Жетім бұрышқа» баратынбыз.
Пәтердің жарнамасын кеудесіне ілген «маклерлер» өріп жүретін. Әр жерге ілінген алабажақ жарнамалардан бағасы арзан, жанға жайлы үй іздейміз. Алдына мектептің партасына ұқсайтын үстел қойып алған, әйелдер отырады.
Шешем сол әйелдердің алдына тұра қалып, арзан пәтер сұрайды.
– Кіммен тұрасың? – дейді маклер…
– Күйеуіммен…
– Балаларың бар ма? – дейді.
– Бар.
– А, онда жүре бер.
– «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» екенін ұқпайтын қандай қазақ? – деп күйінеді шешем мәтелдей сөйлеп.
Күміс тәте шешемнің бетін осып тастаған күні тағы «Жетім бұрышқа» бардық. Бізді маклер Тынышқұлов көшесінің бойындағы «Айша Бибі» деп аталатын жаңа ықшамауданға ертіп апарды. Өзбектердің тоқал тамындай атшаптырым жерді алып жатқан бір үйге жеттік. Үй дегенім – айналдырып салып тастаған «барак-тамдар». Кіп-кішкене есіктері бар. Әр есік бір отбасының баспанасы. Есептей беріңіз, он бес-он алты есік егіз балапандай ауыздарын ашады. Бізге сол есіктердің бірі бұйырар дегенбіз. Қателесіппіз. Жүк машинасының артына тіркейтін көшпелі вагондар болушы еді ғой. Барак-тамдардың ортасында сондай екі вагон тұр. Іші шағын екі бөлме екен. Терезесі бітеу. Қаңылтырмен қапталған вагон қыста суық, жазда моншадан бетер ыстық болары көрініп тұр. Бірақ күй талғайтын біз емес.
Вагон-үйге заттарымызды тасып, көшіп алдық.
– Дұрыс пәтер тапқанша осы үйді ілдалдалай тұрайық, – деді әкем.
«Жетім бұрышқа» барар жол біреу болғанымен, қайтар жол сан салалы.
Біз сол жолмен әртүрлі баспаналарға баратынбыз. Әртүрлі қожайынға кіріптар болатынбыз. Бір үйде сыбырласып қана сөйлесесің. Екіншісіне аяқтың ұшымен кіріп, ұшымен шығатынбыз. Үшіншісіне қонақ келтіруге болмайды. Төртіншісі ертерек жарықты сөндіріп жата қалуды бұйырады. Бесіншісі суды үнемдеуді талап етеді…
Нұршықтағы өз үйімізді салғанша Ағырапта біз тұрмаған аудан қалмады.
ХХVІ
– Ертеңге дейін сау болыңыз! – деді Әлия пойызға қарай бет алып.
– Купелестеріңіз ұйықтаған соң барам, – дедім мен.
– Келмеңіз.
– Қыздың келме дегені кел дегені…
– Шын айтамын. Әуре болмаңыз. Ұят болады.
– Несі ұят?
– Ел не дейді?
Әлияның қолынан ұстап, өзіме қарай тарттым.
– Қайдағы елді айтып тұрсыз?
– Купедегілер…
– Олармен ертеңнен кейін кездеспейміз ғой, – дедім күліп.
– Сізбен де ертеңнен кейін жүздеспейміз если что, – деді Әлия қолымнан сытылып шығып.
– Кездесеміз.
– Кездеспейміз.
Әлияның ернінің ұшындағы меңі тым әдемі болып көрініп кетті. Тағы да сол меңнен сүйіп алсам ғой деп қиялдадым.
– Ант етейін бе? Сізді жұмысыңызға іздеп барамын. Телефон нөміріңізді айтыңыз.
– Ал, жазып ал…
Әлияның телефон нөмірін жазып жатырмын.
– Бүгіннен кейін де күн бар, соны ұмытпаңыз, – деді Әлия вагонға кіріп бара жатып.
– Ағырапқа жеткен соң, үйіңізге шығарып салсам…
– Жарайды, көрерміз.
Нұршықтағы уланып қалған үй бар ғой. Сол үйде тұратын кезіміз. Түнде шудан шошып ояндым.
– Балалар оянады, қойсаңшы, Кенен, – дейді булыға жылаған шешем.
– Оянса, ояна берсін.
Әкем құлаштай ұрды-ау деймін, шешем жерге гүрс етіп құлады. Әкем ашуланса, көзінің алды тұманданып, не істеп, не қойғанын білмей қалатын. Шешеме араша түсейін деп оқталдым да, әкемнің жын буған бақсыдай ашуынан қорқып, жата бердім.
– Үйге жеткізіп салайын деді. Дайын көлікпен ертерек келейін дегем, – деп ыңырана тіл қатты шешем…
– Өткенде де солай дегесің…
– Кенен, елден ұят болады, ертең дұрыстап сөйлесейікші…
– Оттама, жәләп…
– Мен жәләп болмасын десең, жұмыс істетпе… Үйге отырғызып қой…
Енді тілінің бізі бар шешем оталды.
– Шаршадым бәрінен. Шор аяқ күң болудан шаршадым. Қалаға көшкелі сүйек аңдыған иттей болып, кім көрінгеннің есігінде жүрміз. Іштім ал, ұр… Басында үй салатын жер жоқ дедің. Нұршықтағы жердің шешімі шыққанына да алты жыл болды. Қайсы үйді салғаның… Айтшы.
Шешемнің тілін шайнап сөйлегенінен мас екенін білдім. Оны біреу үйге көлігімен жеткізіп тастаса керек. Соған әкей ашуланған. Әйелін қызғанады. Бұған дейін шешемді әлгі кісі тағы да үйге жеткізіп тастаса керек.
– Салмайын дегем жоқ қой.
Бұл жолы әкемнің дауысы бәсең шықты.
Нұршықтағы үйді ұзақ салдық. Алғашқы жылы жер шешімінің шығуын күттік. Екінші жылы торы айғырды сатып, іргетасын құйып, соқпа там соғылып біткен. Үшінші жылы ауылдағы үйді бұзып әкеп, шатырын жапқалы жатқанбыз. Бір күні әкем аяғы тайып кетіп, жерге желкесімен құлап түсті. Мойны мен қабырғасы сынып, өлім аузынан қалды. Әкем жазылғанша жаз да бітті. Төртінші жылы үйдің шатырын жабуға барғанымызда жаңбыр соқпа тамның қабырғасын мүжіп тастағанын көрдік. Бір қатар тамды сылып тастап, сары топырақтан қайта там соқтық.
Әлі есімде, шатырды жауып жатқанбыз. Әкемнің балғасы шегеден қиыс кетіп, қолына тиді. Қан саулап, тоқтамай қойған соң, киіз күйдіріп басып жатырмыз.
– Кейін мен өлгенде бұл үйді әкемнің қанымен салғанбыз деп еске алып жүріңдер, – деді әкем жарақатын ауырсынып. Күнге тотығып, қап-қара болып күйіп кеткен әкемнің жүзінен жұмыстан емес, ауыр тірліктен қажығанын байқадым. Маңдайынан шып-шып аққан тер кірпігін дымқылдап, әкем көзіме жылап тұрғандай көрініп кетті.
ХХVІІ
Плацкартқа келіп, төсегіме жантайдым. Дөңбекшіп жатырмын. Ұйқым келер емес. Аз күнде Елдеспен кездесем. Ол маған не деп ақталады? Мен оған не деймін? Жоқ, әлде Елдес мені ұстап бермегендей, екеуміздің арамызда түк болмағандай жүре берем бе? «Өзіме көрсетілген суреттердің ішінен танитыным… (менің аты-жөнім жазылыпты). Ол менің туған ағам. Нұршықтағы Новая көшесінің 17-үйінде тұрады» деп інімнің қолымен айбақ-сайбақ жазған түсініктемесін ежіктеп оқып отырған сәтім көз алдыма келе қалды.
Мүмкін емес. Елдестің мені оңай сата салуы әсте мүмкін емес…
Мені ұстап беріп, өзі қалай алаңсыз өмір сүріп жүр? Неге мені іздемейді? Қанша тете өссек те, осынша қиянатқа баратындай әй-шәй дескен жоқ едік қой.
Шешеме барам ба, бармаймын ба? Барсам, не деймін? Оның жас күйеуден тапқан баласын іні етем бе? «Мені неге іздеп келмедің?» дермін. Бір кездері бала десе ішкен асын жерге қояр шешемді не түлен түртті? Шешем не деп ақталады? Оның ақталғаны маған керек пе? Әкем қайда жүр? Оның бізді шынымен біржола ұмытқаны ма?
Әния қайда? Бокинге шығуын қойды ма? Қоймаса қайтем? Ол да мені ойлай ма? Жоқ, ұмытты ма екен?
Ішімді сүйек кемірген иттей мүжіген сұрақ көп. Мен бейбақ сол сұрақтардың біріне жауап таба алмай ішқұса болам…
Біз бір кездері бақытты отбасы болдық. Қанша пәтер жағалап, үй-күйсіз жүрсек те, басымыз қосылғанда ел қатарлы күліп-ойнап, ертеңнен көп үміт күтетінбіз. Нұршықтағы үйді салып біткен жылы мен мектепті тәмамдадым. Ел қатарлы оқуға тапсырдым. Бірақ, түсе алмадым.
Енді ешқайда көшпейтініміз, алып қалада өз үйіміздің бар екені көңілге медет, жанға медеу… Біздің үй салып бітуіміз әке-шешемізге де оң әсер етті. Ұзақ жыл бойы пәтерден пәтер жалдап, кім көрінгеннің есігінде қаңғырып жүрген соң, кішкентайлы болуды құп көрмеді ме екен, кім білсін, Нұршықтағы үйге кіргеннен кейін екі жылдан соң анам жүкті болды.
Елдес екеуіміз есіктің алдынан үлкен етіп үй салуды армандай бастадық. Күнде кешкісін отырып алып, үлкен үйдің жобасын сызамыз.
Біз болашақ үйімізді елестетіп, қиялдап отырғанда шешем: «Қарындастарыңа да бір бөлмені жоспарлаңдар», – деп күліп қоятынды шығарды.
Асықпай жүріп, екі қабат үй салмақшымыз! Әкем мен шешемнің жатын бөлмесі, қонақүй, асүй, кіреберіс хол, ванна мен әжетхана астыңғы қабатта. Елдестің, дүниеге әлі келмеген қарындасым мен менің бөлмем екінші қабатта болады. От жағатын «топкаға» сырттан жеке есікпен кірмекпіз.
– Армандарыңа жетіңдер, – дейді шешем Елдестің басынан сипап.
Есікті әлдекім тарс-тарс қақты.
– Светті өшіріп, шам жағыңдар, – дегенше болмады, бір топ көк формалы электрик үйімізге сау етіп кіріп келді. Терезелер қымтаулы болғанымен, есік ашық қалыпты. Майшамды жағып үлгермей қалдым.
– Тәк… Светті қайдан жалғап алғансыңдар?..
Түрі өрт сөндіргендей электрик дікең-дікең етеді.
– Онда не шаруаң бар? – деді әкем.
– Акт толтырамыз, штраф саламыз, – деді электрик.
– Толтыра бер! Алдымен ток ұрлап отырғанымызды дәлелде…
Электриктер үйді айнала электр желісін іздеді. Үйге кірген сым желі жоқ. Бірақ жарық бар.
– Жарық қалай жанып тұр? – дейді таңғалып.
– Онда шаруаң болмасын, – деді әкем қатайып.
– Сонда да акт толтырам!
– Бауырым, – деді әкем. – Свет қоюға рұқсат ала алмағаныма екі жыл болды. Сексен мың теңге сұрайсыңдар. Оны мен қайдан табады екенмін?
– Басқалар тапқанды сен неғып таба алмайсың?
– Елде шаруам жоқ. Балалардың аузынан жырып, сендерге тиын бере алмайды екенмін.
Жарық жалғау үшін электриктер пара алады. Сексен мың теңге ол кезде аз ақша емес. Біз жер қазып электр желісін Қабыл ағалардікінен тіке тартып алғанбыз. Үйге ток жердің астымен келеді. Қабырғадағы сылақтың астындағы сым желіні табу мүмкін емес. Жарықтың ақшасын екі үй бөліп төлейтінбіз.
– Ертең бұл үйге свет қойып беріңдер, – деді амалы таусылған электриктердің басшысы.
– Құдай жарылқасын, – деді жарықтың зардабын әбден тартқан шешем шын қуанып.
Елдес екеуміз терезені қымтап қойған көрпелерді жұлып-жұлып алып тастадық.
ХХVІІІ
Темекі шеккім келді. Сағатыма қарап едім, түнгі екі жарым болыпты. Плацкарттағылар шырт ұйқыда. Қыбыр еткен жан жоқ. Қасымдағылар оянып кетпесін деп, аяқтың ұшымен жүріп, киіндім де, тамбурға бет алдым.
Темекі тұтатқаным сол еді, бесінші вагонның есігі ашылып, тамбурға Әлия кіріп келді.
– Жайша жүрсің бе? – дедім таңдана.
– Неге келмедің? – деді сұрағыма сұрақпен жауап қатып.
– Темекі тартып алып, барайын деп тұрғам.
– Соқ өтірікті.
– Келме, елден ұят болады деген жоқ па едің?..
Ол кеудемнен итерді де, бұрышқа қарай тақап алды.
– Соған сене қалдың ба?
– Сенбегенде ше?
– Батыл емессің. Бала сияқтысың.
Мойныма қолын асып, құшағыма кірді де, ернімнен сүйді.
– Ұнай ма?
– Ұнайды, – дедім мен.
– Қолың неге дірілдейді?
Қолым ғана емес, тұла бойым қалшылдап тұр еді. Жүрегім аузымнан шығардай атқақтап кетті.
– Білмеймін.
Әлия ернімнен ұзақтау сүйді. Тәп-тәтті балдай дәм сезілгендей болды. Соған елітіп, меңді еріннен мен де сүйе бастадым.
– Тоқта…
– Иә, айта бер!
– Ертең мені үйге дейін шығарып саласың ғой.
– Иә…
– Менің үйімде қалғың келмей ме?
– Сен келіссең, қарсы емеспін…
Тағы да өліп-өшіп сүйістік.
Бұдан ары шыдау мүмкін емес еді. Әлияны күшпен теріс айналдырдым да, енді оны бұрышқа мен тақадым. Ол мойнын бұрып, мені сүймек болады. Онысына қарар шама жоқ, ышқырын сыпыра салғанымды білемін. Жарқ етіп жалаң денесі көрінгенде, бойдағы қуатыма ие бола алмай қалдым. Көзімнің алды қап-қараңғы болып кетті.
– Все что ли… – деді Әлия жақтырмай.
– Кешірші…
– Слабак…
Осыны айтты да, Әлия есікті тарс жауып, купесіне кетті де қалды.
Кешегі едендегі тозығы шыққан палас жиырылып қалып, шалынып кеткенімді ойладым. «Жолымның болмайтынын сезіп едім» дедім өз-өзіме. Қолымның дірілдегені басылмай, шылымды әрең тұтаттым. Түтінді құшырлана сорып, үрлеп кеп жібердім. Түтінмен бірге көкейімнен өксік те ытқып шыққандай болды. Жанарымнан аққан жасты тоқтата алар емеспін.
Пойыз Текетасқа аялдағанын білемін. Одан ары бұлдыр ойлар тереңіне батып бара жаттым.
Әнияны іздеп Бокин көшесін шарлап жүрмін.
Алғашқы айлардағыдай емес, көшеде жүрген жеңгетайлар көрінбейді. Бокин көшесімен бойлап, темір жол вокзалына дейін төмен түстім. Жол жиегіндегі бір қызды байқап қалып, біраз уақыт сыртынан қарап тұрдым. Сырттай бақылаған жарты сағат ішінде әлгі қызбен үш жігіт саудаласып үлгерді. Төртіншісі болып мен де жақындадым.
Көз тоқтатар аса сұлулығы жоқ, көзқарасы суық, сесті қыз екен.
– Бір сағатың қанша? – дедім.
– Үш мың…
– Сенен басқа қыздар жоқ па? – дедім мен.
– Қазір Бокинаны жауып тастады ғой. Менен басқа қыз таппайсың, – деді ол.
– Бокинаны жауып тастаса, сен не қылып жүрсің?
– Мені менттер крышавать етеді, – деді ол.
– Квартираң қайда?
– Мына қонақүйге кіреміз, – деді ол.
Kuze деген қонақүйдің қарсысында тұр едік.
– Мен Әния деген қызды іздеп жүр едім, – дедім. – Тауып бермес пе екенсіз?
– Тауып берсем, қанша төлейсің?
– Он мың берейін…
Түсі суық, сесті қыз қонақүйдің алдындағы сәкіге отыра кетіп, біреуге телефон шалды.
– Фамилиясы, – деді біраз сөйлескеннен кейін.
– Қабылова Әния…
– Тәк, тәк, жарайды, – деп телефон тұтқасын тастай салды.
– Әнияң қазір «Жұлдыз» қонақүйінде… Сол жерден табасың…
Он мың теңгесін ұстата салып, қайыра Бокин көшесіне шықтым. Ұзақ уақыт іздеген Әниямды бұлай оңай табармын деп ойлаппын ба? «Жұлдыз» қонақүйі Бокин мен Жұмбаев көшелерінің қиылысында екен. Жұмбаев көшесін ел ескі атауымен Кесленко деп атайтын. Сол Кесленкоға дейін алқын-жұлқын жүгіріп бардым.
«Жұлдыз» қонақүйіне кіріп едім, қаз-қатар тізілген ойын автоматтарының қасында бес-алты қыз тұр екен. Бәрінің шаштары сап-сары.
Орыс қыздар шығар деп ойлағанымша болмады, әлгінің бірі қасыма жетіп келді.
– Нужна девушка?
– Ой, тут что, все русские? – дедім мен де орысшалап.
– Двое русских, одна татарка. Остальные казашки, – деді сары шаш.
– Мне нужна казашка.
– Ания, иди сюда…
Арғы жақтағы бөлмеден Әниям жүгіріп шықты. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Екі-үш аттап жанына қайтіп жетіп барғанымды білмеймін, қолынан тас қылып ұстап алдым.
– Чего тебе, – деді Әния да орысшалап. Реңінен шошып, қорқып қалғаны байқалды. Еліктің қолға түскен лағындай дір-дір етеді. Мені бұлай тауып алады деп ойламаса керек, түрі сұп-сұр болып кеткен.
– Әния, жаным, сөйлесейікші, – дедім мен қазақша.
– Я не Ания. Я ее не знаю.
– Әния, мен…
– Ты кто?
– Екеуміз Нұршықта…
– Больной что ли?
Әния безеріп, сөзімді тыңдар емес.
– Сен неге орысша сөйлей бересің?
– Я не казашка. Я не говорю по казахский.
– Қалай білмейсің қазақшаны…
Мен Әнияны күштеп әкетпек болдым. Қонақүйдегі топты қыз жан-жағымнан шуылдап, Әнияны ажыратып алмақ. Оған көне қоям ба? Алдыма келген бірінші қызды құлаштай ұрып, тоңқалаң астырдым. Оның басы үстелге сарт етіп тиіп, талықсып құлап бара жатты. Екіншісін тобығынан бір тептім. Қонақүй фойесі шу-шұрқан болып кетті.
Мен Әнияны сыртқа сүйреп шыққанымда менттер жетті.
Шүйдемнен бірдеңе сарт етіп тигенін білемін. Құлап бара жаттым. Есімді бір жиғанымда, етпеттеп, төстабандап жер сүйіп қалыппын. Екі қолымды артқа қайырып, кісен салып тастапты.
(Жалғасы келесі нөмірде)
РЕДАКЦИЯ ЕСКЕРТЕДІ: Романды көшіріп басуға, таратуға қатаң түрде тиым салынады.
Қанат ӘБІЛҚАЙЫР





