АҚБУРАДАҒЫ АЖАЛДЫ ТҮН

Талас Алатауының оңтүстік беткейiн тұтастай алып жатқан Өгем тауының батыс бетiндегi қырлы-жазықты кең алқапты жергiлiктi жұрт ежелден «Кiшi Жетiсу» деп атайды. Көне аңыз айтады: Желмаяға мiнiп, Жерұйық iздеген Асан қайғы атамыз Алматы мен Iле төңiрегiндегi үлкен Жетiсудың көз тоймайтын әсемдiгiн осы өңiрге келгенде қайта көргендей болыпты. Сулары үлкен өзен – Келеске құятын Қызылата, Жүзiмдiк, Ұя, Жiгiрген, Қаржан, Тұрбат өзендерi һәм олардың айналасындағы көркем де келiстi табиғат – анау, үлкен Жетiсудың керемет көрiнiсiнен бiр мысқал да кем түспейтiнiн бағамдаған ол: «Па, шiркiн, Алатауда сұлу Жетiсу бiреу ме десем, екеу екен-ау. Шығысындағы үлкенi екен де, түстiгiндегi кiшiсi екен» дептi. Сонда абыз атамыздың дуалы аузынан шыққан сөз мұндағы жұрттың санасына сiңiп, Қазығұрттан Өгемге, Қосмоладан Шұқырбекетке дейiнгi көк-жасыл шалғыны мен мың түрлі нулы дарағы жайқалған, сансыз сайлы, жүз жоталы, қырық қыратты, жетпiс жазықты, ағынды өзендерi мен бұлақ-бастаулары сарқыраған жазиралы өлке – «Кiшi Жетiсу» аталыпты. Жаратушы жарықтықтың өз қолымен жасалғандай осы шырайлы да шұрайлы «Кiшi Жетiсу» әлiмсақтан қазақтар үшін құт мекен.
Құдайдың құдiретi, өткен кезеңдерде қазақтың бар даласын ойрандаған дүркін-дүркін шапқыншылық, найза сiлтесiп, қылыш сермескен қаншама жаугершiлiк өтсе де, дәл осы «Кiшi Жетiсуға» жау тұяғы тимептi, дұшпан аяғы таптамапты. Бұл жерден қалмақ шапқыншылары айналып өтіпті, Қоқан содырлары тiзе батырмапты. Мұнда қазақтың ән-жыры дамып, ерлiк пен ғашықнамалық қиссалар туып, халық мамыражай күй, бейбiт күн кешiп, ұлттық ғұрып, салт-дәстүр салтанат құрыпты. Тiптi берiде, 1870 жылдардан бастап орыс отаршылдары оңтүстікке қарай арбаларында жамылғы-қомыттарынан басқа түгі жоқ, жалаң аяқ, жалаң бас қарашекпен мұжықтарын құмырсқадай қаптатқанда, сол ауғындылар қазақтың шұрайлы жерлерiн тартып алып, орныққан кезеңдерде де, бiр де бiр келiмсек бұл өлкеге тұмсығын тықпапты. Осы себептi ондағы бiр де бiр ауыл, жер атауы орысшаланбапты.
Оңтүстік қазақтары орысқа қарағаннан ұлы қазан төңкерiсiне дейiнгi аралықта «Кiшi Жетiсу» Түркістан генерал-губернаторлығына бағынысты Сырдария облысының Ташқазақ уезiне қарапты. Ташкент уезi – Шыршық, Шарапхана, Келес, Кiшi Жетiсу, Ақжар, тағы осылар сияқты жиырма жеті болыстық орталықтардан тұрыпты. Әр болыстық орталықтар адам, ауыл сандарына қарай жiктеліп, әр мың бес жүз үйге бiр болыс, әр жүз үйге бiр старшын сайланыпты. Болыстықтар рулық, аталық жүйеге қарай икемделе құрылыпты. 1900 жылы Ташкент уезi халқының саны төрт жүз мыңға таяп, соның екі жүз алпыс мыңын қазақтар, жүз отыз мыңдайын өзбектер, қалғанын құрамалар мен тәжіктер, қарақалпақтар мен еуропадан келген ауғындылар құрапты. 1905-1907 жылдары Ресейдiң оңтүстік губернияларында көтерiлiс шығарған мұжықтардың екi мыңдайын орыс патшасы Ташқазаққа жер аударған. Олар да алдыңғы ауғындылар сияқты «Кiшi Жетiсу» жерiне аяқ баспай, төменгi және орта Келес бойына қоныстанып, сол жерден Черняевка, Кураково (кейiнгi Тоболино) Фронтовая, Степное сияқты елдi мекендердiң негiзiн қалапты.
Бұл уақытта «Кiшi Жетiсудағы» тұрғындардың тыныс-тiршiлiгiнiң қалпы бұзылмай, ежелгi қазақы тұрмыстық үрдіспен өмiр сүріпті. Мұндағы тұрғындар мал шаруашылығымен қатар, диқаншылықпен, жемiс-жидек өсiрумен шұғылданып, әр жетi сайын Жаңабазарда, Сенбiде, Тұрбатта базарлар жұмыс iстеп, қызып жатыпты.
Бiрақ жазған қазақтың мамыражай заманы ешуақытта ұзаққа созылған емес. Жеке ел болғаннан берi төрт жарым ғасыр уақыт iшiнде қазақ халқы еш болмаса, жиырма-отыз жыл бейбiт күн өткiзбептi. Десе де, алғашқыда ақылман хандар мен көреген билердiң, батпанды баһадүрлердiң арқасында жан-жақтан ентелеген жаудың, ойқастаған дұшпанның бетiн қайтарып, ұлан-ғайыр атамекендi жатқа билетпептi.
Алайда кәрi тарих қазаққа әркез қырын қараған. XVIII ғасырдың алғашқы ширегiнде бұрынғы ақылман – Ақназардай, тәуекелшiл – Тәуекелдей хандарға деңгейлес елбасшының болмауы себептi, қазақ үшке бөлiнiп, әр жүздi бiр би, бiр хан билеуге көшіпті. Осы тұста бұрын ел шетiне тиген жауға қарсы бiрiккен күшпен атойлап шыға келетiн ұйымшыл қазақтың ынтымақтастығына сызат түсіпті. Халықтың әскери құрылымы бiр орталыққа, яғни бiр ханға қарамағасын, елдiң күллі игi жақсылары бiр қолбасшыға бағынбағасын, үш жүздегi әр хан, әр би кейде жалпы елдiк тұтастықтан гөрi өз дербестiктерiн көбiрек күйттеген жолға түсе бастағасын, әлбетте, кiмдi болса да жау алу оңай. Алаш баласы кезiнде шығыстан соққан қытай мен қалмаққа дес бермепті, түстiктен тиген өзбек-бұқарды пұшпақ құрлы көрмепті. Аракiдiк жеңiлiс тапқаны болмаса, iрi-iрi шайқастарда үнемi жеңiске жетiп, көкала туды жерге жықпапты…
XVIII ғасырдың бiрiншi ширегiнде бар Алаштың басы қосылмауы себептi, әр жүздi бiр-бiрiн жүре тыңдайтын хандар билеуi себептi, тiптi әр ру, әр тайпаға бiр-бiрiне қырғиқабақ сұлтандар билiк жүргiзудi себептi, Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды арынды билердiң әу бастағы «қазақтың ұйымшылдығы ыдырамайды» деген сенiмдерiнiң аяқасты болуы себептi, ағаны жау шапқанда iнi терiс бұрылғаны себептi, иә, көп себептi… қазақ бұрын мұрындарын бұзып, тұмсықтарын үнемi қайырып жүрген жоңғар-қалмақтың келесi, жаңа бiр шабуылынан ес жия алмай, шетiнен қырылып кете жаздап, босқындыққа ұрыныпты.
Осындай қиын уақытта Әбiлқайыр хан орысқа бет бұрыпты. Әбiлқайырдың сондағы ойы не болғанын кiм бiлсiн, бәлкiм, Тәуке өлген соң ата жолымен бүкіл үш жүзге хан сайлануына құқы болса да, әр сұлтандар мен билердiң пiкiрлерi әр тарапқа тартуы себептi, сол дәрежеге қол жеткiзе алмағандығына күйiнiп, басқаларға ұқсамайтын жаңа жол, күрт бетбұрыс жасауды iздедi ме, болмаса, өзгелердiң назарын тек өзiне аударуды көздедi ме, әлде, басы қосылмаған қазақты жоңғар тепкiсiнен күшi мол орысқа арқа сүйеу арқылы босатуды ойлады ма, немесе ақ патша арқасында жеке хандықты мығым ұстап тұрғысы келдi ме, беймәлiм, қалай десек те, оның орысқа осы бет бұруы – болашақта күллі қазақтың жауға – жем, өзгеге – бодан болуының алғышарты, бастамасы болыпты.
Не десек те, ескi қазақтың айбыны зор едi. XVII-XVIII ғасырларда шығыстағы Қытай, батыстағы орыс – «соғыс құдайы» есептелiнетiн зеңбiрек пен алысты көздейтiн мылтық сияқты отты қаруларға қол жеткiзiп, солардың көмегiмен зор жеңiстерге жетiп, әрi өз жерлерiн қорғап, одан қалса, жаңа өлкелердi отарлау саясатын кеңiнен жүргiзiп жатса, қазақтың Шығай, Тәуекел сияқты ақылман хандары болмаса, басқалары сондай құдiреттi қаруды қолға алып, игеруге талпынбапты. Соған қарамастан қазақтың бар айбыны – жүрегi мен биiк намысында екен. Осындай жүректiлiк пен намыстың арқасында сол ғасырларда қазақты құдай қолдап, әруақ қорғапты. Ақтабан шұбырындыдан кейiн қазақтың бағына ақ берен қылыш асынған айбарлы Абылай хан бiтіпті. Абылай исi Алаштың ханы болып танылыпты. Жоңғардың бетiн бiржолата қайтарып, қытаймен бiтiмге келіпті. Түстiктегi хандарды жуасытыпты, әкiреңдеген қырғыздың көкiрегiн басыпты. Орыспен мәмiле жасапты.
Айбарлы көсем, айдарлы шешен тұтқа болған қазақ кезiнде батыс жұрты сияқты заманның озық соғыс техникасына қол жеткiзе алмаса да, жүз елу жылдан аса уақыт орысқа өз жерiн бермей, жанталаса тiкетiресіпті. Ақырында… иә, ақырында, Алаш өренi Қасым хандай данадан, Есiм хандай дарадан, салқам Жәңгiрдей тұлғадан. Бұрындықтай тұтқадан, Төле мен Қазыбектей шешеннен, Абылайдай көсемнен айырылған соң, бiр көшбасшыға зар болып, сан түрлі қарама-қайшылыққа толы оқиғалар барысының негiзiнде орысқа тiзе бүгіптi. Олардың себеп-салдарын талдап тауыса алмайсың, бiрнеше кiтапқа сыйдырып жаза алмайсың. Бiр анығы – Абылайдан кейiн ел iшiнде, сұлтан-билер арасында алауыздық жайлапты. Өз ұлтының мүддесiн шен-шекпенге айырбастаған опасыз, өресiз сатқын төрелер мен рубасылар көбейіпті. Солтүстік пен Арқаны, батыс пен шығысты отарлаған орыс басқыншылары бiр кездегi қалмақтар тәрiздi қазақ даласына мың-мыңдап әскер аттандырмапты. Мықты қарулармен қаруланған ұсақ-ұсақ отрядтар от тастарымен қазақтардың зәресiн ұшырып, Алаш даласын жай аяңмен жүрiп отырып-ақ жаулапты. Ал озбыр отарлаушы өзi басып алған жердiң тұрғылықты халқының мүддесiмен еш санаспайтыны анық.
ХIХ ғасырдың басында оңтүстіктi Қоқан хандығы жаулапты да, мұнда елу алты жыл билiк жүргiзіпті. Қоқан да қазақты аямапты. Орта ғасырға тән зомбылық саясат ұстанып, халықты аяусыз қанапты. Хандықта iлiм-бiлiм дамымапты. Заманға орай ешқандай өркениетке бой ұрмапты. Содан ғой, оны отты қаруы бар азғантай ғана орыс отрядтары айналасы бiр жылдың iшiнде тас-талқан еткені. Масқара, отыз мың қолдық қоқан әскерi 1860 жылы Ұзынағаш түбiнде саны екi мыңға да жетпейтiн Колпаковский отрядынан быт-шыты шыға жеңiліпті. Шымкенттi, Ташкенттi Черняевтың мыңға жетпейтiн отряды оп-оңай бағындырыпты. Бұл соғыстарда да қазақтар көп шығынға ұшырапты.
Сөйтiп қазақтың төрт тарабына бiрдей орыс мықтап орнығыпты. Ендi ол сол орыстың айдауымен, нұсқауымен өмiр сүруге мәжбүр болыпты. Кенесары көтерiлiсiнен кейiн Алаш жұрты мойнына киiлген қамытқа мойынұсынып, орыс зәкүнiмен күн кешіпті. Бұл уақыт жергiлiктi халық үшін бейбiт болды дегенмен, оның тiршiлiкке, өмiрге қатысты мұң-мұқтажы еселене беріпті. Бар тараптан қысымға ұшыраған қазақтың өрiсi тарылып, жерi азайыпты, ауылдарға мемлекетке алынатын салық түрi мен мөлшерi жылдан-жылға артыпты. Ресей бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа қатысып жатқан 1915-16 жылдары орыстар бұратана деп атайтын Азия халықтарына салынатын салық шамадан тыс көбейіпті. Қазақ бұған да тоң мiнез танытып, шыдап бағыпты.
Ақыры халық шыдамын ақ патшаның өзi тауысыпты. II-Николай патшаның 1916 жылғы 25 маусымда шығарған Орта Азия мен қазақ даласындағы бодан халықтардың жарамды жiгiттерiн майдан шебiнде атқарылатын қара жұмысқа алу туралы жарлығына байланысты халық өкiметке қарсы бас көтеруге шығыпты. Көтерiлiстiң себебi сан алуан негiздерден тұрыпты. Оны ұйымдастырушылар iлкiдегi ата-бабалардың өрлiгiн танытыпты. Өз жiгiттерiнiң майдан шебiнде қандай жұмысқа тартылатынын ұққан ел көсемдерi патша шенеунiктерiне: «Сендер бiздiң халықты кемсiтпеңдер. Жастарымызды соғыс өтiнде оқпана қазуға итермелейтiн қылықтарың қазақтың намысын таптау болып табылады. Одан да еркектерiмiзге қару берiп, әскери жаттығудан өткiзiп, майданға жiберiңдер» деген тiлек бiлдiріпті. Бiрақ патша өкiметi өздерi бұратана деп санайтын қазақ жастарын мылтық ату мен соғыс тәсiлiне үйретуден бас тартыпты. Халық бiр тiлектен соң бiр тiлек, тiптi әр түрлі ұсыныстар мен шарттар қойып, айтқандарынан қайтпапты. Ең соңында iлкiде орыс патшасы қазақты өзiне бағындырғанда «Сендерден ешуақытта әскер қатарына адам алынбайды» деген антын да алға тартыпты. Қара халықтың бақытсыздығына орай мұндай тiлек-ұсыныстарды патша қолшоқпарлары құлақтарына iлмепті. Содан қазақ жерiнiң барлық бұрышында ұлт-азаттық көтерiлiсi бұрқ етіпті. Бұдан Түркістан өлкесi де шет қалмапты. Ферғана, Ташкент, Жызақ, Қоқан, Қазығұрт, Шаян, Түлкiбас өңiрлерiнде басқа жерлердегiдей патша жарлығына қарсы толқулар басталыпты. Мұндай толқу қаншама уақыттан берi тыныш жатқан «Кiшi Жетiсу» өлкесiнде де орын алыпты.
Түркістан генерал-губернаторы Курапаткиннiң жарлығы бойынша бiр ғана Сырдария облысынан батыс майдандағы қара жұмысқа 19 бен 31 жас аралығындағы алпыс мың жiгiттер жiберiлуi керек деп ұйғарылған. Соның сегiз мыңы Ташқазақ уезiнiң үлесiне тиіпті. Сырдария облысының басқарушысы, яғни әскери губернаторы Галкин пен Ташкент уезiнiң бастығы Ефремовтың бұйрығымен қара жұмысқа алынатын жiгiттердiң тiзiмi бiр ай iшiнде жасалынып, олардың алғашқы легi тамыздың ортасына қарай батысқа жөнелтiлуi тиiс-тiн. Алайда олардың бұйрығы орындалмапты. Тұрбат, «Кiшi Жетiсу» болыстықтарының болыстары Нұржан мен Мошқалдың және оларға дем берген Қазығұрттың бас биi Естеместiң бастамасымен жергiлiктi жұрт наразылық жиындарын ұйымдастырып, майдандағы қара жұмысқа жiгiт жинаудан бас тартыпты. Дәл осы кезде iргелес жатқан Шымкент уезiнiң Бадам, Ақсу, Қаракөл болыстықтарының да жұрты көтерiлiпті. «Кiшi Жетiсудан» бас көтерген үш мыңдай адам Степноедағы уезд бастығының кеңсесi алдында жиналып, ондағы полицейлер мен Ефремовты әбден сабап, тiзiм жасалған қағаздарды өртептi. Орысқа жан-тәнiмен қызмет етiп, жүздеген жiгiттердiң тiзiмiн уезд бастығы мен приставқа өткiзiп, өз халқына сатқындық жасаған Келес пен Ақжар болыстықтарының болыстары мен бес старшынын өлiмшi етiп таяқтап, суға лақтырыпты. Мұны естiген Куропаткин уезд-уездегi жандарм бастықтарына: «Ресейден көшiп келiп, жеке-жеке село болып орныққан орыс мұжықтары бiздiң осындағы тiрегiмiз болып саналады. Олардың көпшiлiгiнiң қолдарында мылтық бар. Ал қаруы жоқтарына қару берiп, оларды патша жарлығына қарсы шыққандарға қарсы көтерiңдер! Қандай да бiр орыс мұжығы жабайы халықтың қанша өкiлiн атып өлтiрсе де, жаза жоқ! Қайта өлтiрiлген жабайының жерi мен мүлкін иеленуге құқылы» деген құпия нұсқау берiпті.
Осы нұсқау дем берген переселендер құтырынып, қазақтарға қарай оқ атыпты. Алғашқыда мылтық дүрсілiнен жүректерi шайлыққан қазақтар, оқтан өлген туыстарының денелерiн де алып кете алмай, тау-тасқа тығылыпты. Дегенмен переселендер бәрiбiр аз-дүр. Бастаушылардың жалынды сөздерiнен қуат алған қазақ топтары оларға сойыл-шоқпарын көтерiп, дүркін-дүркін шабуылдапты. Халықтың қалың қарасынан шошынған әр-әр жердегi орыс селоларының тұрғындары үйлерiнен сыртқа аттап басып шыға алмай, терезелерiнен оқ атыпты. Қаһарланған топ ондай үйлердiң бернешеуiн өртке орапты. Қолға түскен жандармдар мен полицейлердiң, тыңшылар мен опасыздардың өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегендерін өлтiргеннен ары етiп, сазайларын берiпті.
Қазақ жерi мен Орта Азиядағы әр облыс, әр уезд, әр болыстықта тұтанған осындай толқулар мен көтерiлiстерден зәресi ұшқан Куропаткин Орынбордан әскери көмек сұрауға мәжбүр болыпты. Орынбордан жеткен әскерге Ташкенттегi прапорщиктер даярлайтын мектептiң оқушылары мен қалалық арнайы рота қосылып, барлығы мұздай қаруланған және де зеңбiрек, пулеметтерi бар он бес мыңдық отряд Сырдария, Самарқан, Ферғанадағы көтерiлiсшiлердi жазалауға аттаныпты.
Қыркүйек айының басында құрамында екі мың адамы және он зеңбiрек пен он екі пулеметi бар сондай жазалаушы отрядтың бiрi Ташқазақ жерiне келiпті. Ол отряд Келестiң орта тұсындағы қазақтарды аяусыз қырып-жойып, Алексеевкаға ат басын тiрептi. Бұл кезде Алексеевканың шығысындағы Тұрбатта Мошқал мен Ағабек болыстар жетi мыңға жуық жiгiттi жинап, осы отрядты күтіп тұрыпты. Ертесiне сәске мезгiлiнде мұздай қаруланған орыс отряды мен қазақтар қолы Тұрбат пен Алексеевканың тура ортасындағы Шарбұлақ өзенiнiң жағасында кездесіпті. Баяғы ата-бабалардың өрлiгiн танытып, шоқпар-сойылмен, тек отыз-қырық ғана аң-құс ататын шитi мылтықпен қаруланған қазақтар осы жолы отты қарудың қандай құдiреттi екендiктерiне көз жеткiзiпті. Қайран, ер-жүрек жiгiттер, мұндайда намыстың түк емес екенiн сонда ұғыпты. Орыстар зеңбiрек оғын топ ортасына екi рет дөп түсiргенде, талай жастың денелерi құмдай шашылып, қалғандары төбелерiнен жай түскендей, не алға шабарын, не артқа шегiнерiн бiлмей, қатты абдырапты. Жау жағы келесi кезекте сақылдатып тұрып, төрт пулеметiн бiрдей iске қосқанда, құдай салмасын, алдағы шептегiлер орылған шөптей қиылып түссе де, топтың бiр шетiндегiлерi жанкештiлiкке басып, отрядқа қарай ұмтылыпты. Бiрақ он-жиырма қадамға бармай-ақ, сұлап түсiп жатыпты. Ал арттағылар өлiктер мен сай-саланы паналап, жан-жаққа қашыпты. Әлден соң қазақтар жиналған жерде бiр жарым мыңдай адамның өлiгi теңкиiп-теңкиiп қала берiпті.
Жазалаушы отряд мұнымен тоқтамай, iрi-iрi ауылдарға барып, жұртты әбден қинапты, бастаушы болған қарияларды атыпты, қостаушы орта жастағыларды дарға асыпты. Әйелдердi ұрып-соғыпты. Бұған қатты назаланған Нұржан болыс жүрек талмасына ұшырап, қайтыс болыпты. Қудалануға түскен Мошқал мен Ағабек болыс, Бектiбай би қырғыз тауларына барып жасырыныпты.
Орыстар кiшiжетiсулықтарды жазалаумен ғана шектелмеген. Ташқазақ уезiнде жиырма адамды атуға, тағы жиырмасын дарға асуға, жиырма сегіз адамды итжеккенге айдауға үкім шығарыпты. Сонымен қатар жарым-жартылай болса да дегендерiне жетiп, осы уезден екі мың екі жүз елу алты жiгiттi майдандағы қара жұмысқа аттандырыпты.
Екi-үш ғасырдан берi мамыражай тiрлiк кешкен «Кiшi Жетiсу» жерi орыс отарлаушылары тарапынан алғашқы зобалаңды осылай көріпті. Сөйтiп бұл жылғы бүкіл қазақ даласын шарпыған дүмпу, оны аяусыз басып-жаншу – осы өңiрдi де дiр еткiзіпті. Әлi де дiрiлдете беретiн бе едi, егер Петерборда ақпан төңкерiсi жасалып, орыс ұлықтары өз бастарымен әлек болып кетпегенде.
Дегенмен орыс ұлықтарының тыншығаны оңтүстік қазақтары үшін қуаныш болмапты. Ұлт-азаттық көтерiлiс жаншылған соң iле-шала түскен 1917-шi, жылан жылы оңтүстікке қай тараптан да жайсыз тиiпті. Ол жылды жайсыз деп атаудан гөрi зұлмат жыл деп атауға тұрарлықтай. Қаңтар өтiсiмен-ақ күн ысып, наурыздың ортасына дейiн аспанға бiр шөкiм бұлт шықпай, не қар, не жаңбыр жаумапты. Күн ерте ысығасын, оңтүстіктегi мәуелi жемiс-жидектер де мезгiлiнен бұрын гүлдеп, бүршiк атқаны сол едi, ұлы жұттың белгiсiн бiлдiрейiн деген бе, тура наурыздың ортасында екi күн қатарынан қара суық ұрып, жемiс-жидектердiң бәрiнiң жаңа ашқан гүлдерiн ұрып кетiпті. Артынша күн қайта жылынды да, көкек айының өзi жазғы шiлдедегiдей қатты ысыпты. Соның кесiрiнен көктеген шөп ерте қурапты. Жауын болмағасын, жаңа қылтиған арпа-бидай өскiнi де мезгiлiнен бұрын қарайып, жарамсыз күйге түсіптi.
Табиғаттың керағарлығы мен тосындылығына сенетiн көпшiлiк көктемде жаңбыр болмаса, не жазда, не күзде жауын еселейдi деп сенетiн. Жылан жылы бұндай сенiм ақталмапты. Күзге таман жердiң бетi құрғап, боз күйiп, мал қатты қырылыпты. Қара күзде де аспаннан бiр тамшы тамбай, мезгiл желтоқсанға жетiпті. 1918 жыл басталғанда да бiр рет қар жаумай, қатын-қалаш, кемпiр-кемпіш шөбi күйген тықыр адыр-адырдан тезек терiпті. Мың-мыңдаған адам тiстерге нан таппай, аштан қырылыпты. Ауыл-ауылдар босқындыққа ұшырап, бiрi қырғыз, бiрi өзбек асыпты. Десе де, ел болғалы берi сордан көз ашпай келе жатқан қара қазақ бұл жұтта да тегiс қырылып кетпептi. Тегi мықты, сүйегi асылдар аман қалыпты.
Жетiсу мен Шыршық арасын, Сарысу мен Қаратау, Талас пен Алатау өңірін жайлаған бұл жұтты қазақ «Жылан жылғы жұт», «Жылантақыр» деп атапты. 1917 жылдың көктемiнен 1918 жылдың жазына дейiн созылған осы «Жылантақырда» қанша адамның аштан қатып, қанша адамның басқа жаққа ауып кеткенi есепке алынбаған. Бiр ғана Ташқазақ уезiнде 1900 жылы төрт жүз елу мыңға жуық халық тұрса, 1916 жылғы зобалаң бар, 1917-18 жылдардағы жұт пен ашаршылық бар, содан кейiнгi Кеңес өкiметi орнаған аумалы-төкпелi жылдардағы төнген нәубеттер бар… бәрi-бәрi тұрғындар санын ойсыратыпты. 1924 жылы Өзбек КСР-ы құрылған кезде Ташкент уезіне қараған көптеген елді-мекендер халқымен қоса сол республикаға өтіп кеткені де – бұл уездегі халық санының азаюына себеп болыпты. Қалай десек те, 1925 жылы Ташқазақ деген жаңа атаумен аталған бұл уезде 1927 жылғы санақ бойынша халық саны жүз елу бес-ақ мыңды құрапты.
1925 жылдан берi «Кiшi Жетiсуда» ел тұрмысы бiршама түзелгенгей едi. 1931 жылдың көктемiнен бастап, тағы бiр жаманшылықтың шетi көрiнген. Алдымен табиғат тосын мiнез танытты. Басқа аймақтардай емес, Өгем мен Қазығұрт баурайын, Келес пен Қосмола етегiн жайлаған тұрғындар табиғат ерекшелiгiне орай жемiс-жидек пен көкөнiс өсiрумен айналысады. Мұнда алма мен өрiктiң, алша мен жүзiмнiң неше түрі өседi. Бұларға қоса жазда егiлетiн қауын-қарбыз тағы бар. 1925 жылдан кейiн бау-бақшалардың бәрi серiктестiктер қарамағына, одан кейiн әртелге, ең соңында колхоздар меншiгiне өткен. Жемiс дарақтары колхоз меншiгi болса да, жыл сайын бау-бақшаларда еңбек еткен тұрғындар ағаш жемiстерiнен үлес алып, алма қақ, өрiк қақ кептiрiп, қауын қақ тiлiп, қысқы азықтың бiр түрі ретiнде жинап алатын. Әлбетте, бау-бақшамен айналысатын қауымға, әсiресе, кейбiр жылдары көктемде оқыстан соғып қалатын аяздың болмағаны, одан соң бұршақтың жаумағаны тиiмдi. Алайда бiр зұлматтың басы қылтиғаны сол ғой, биылғы 1931 жылдың көктемiнде ерте мәуе беретiн дарақтар ендi гүлдей бергенде аяз соғып, бәрiн ұрып кеттi. Шие-өрiктен сәл кештеу оянатын алма-алмұрт ақ гүлдерiн жаңа ашқан мезгiлiнде тағы қара суық келiп, оларды да жайпап кеттi.
Көктем кезiнде кiшiжетiсулықтар бұған көп өкiнiш бiлдiре қоймады. Мұндай құбылыс әр үш-төрт жылда бiр рет, кейде екi маусым қатарынан қайталанып тұратын. Ондайда жемiс болмаса да, азық бар, ет бар дегендей, халық нәпәқадан тарыға қоймайтын. Бiр жыл, екi жыл бұрын басталған колхоздастыру саясатынан кейiн биылғы күзде iшiп-жемнен тарыға бастаған кiшiжетiсулықтар қыс басталысымен тiптi аштыққа iлiктi. Есiк алдарына соятын қойлары, соғымдайтын iрi тұяқтары, қаптарында ұн, келiлерiнде бидай болмағасын, жылда әр үйде дорба-дорба жиналып жататын, қыс кезiнде көбiне балалар әуес қып жейтiн жемiс қақтарын, өрiк, жаңғақ дәнектерiн – ендi көпшiлiк тансық, әуес ас емес, бар болса талғажу етуге тұрарлық тамақ екенiн де мойындағандай-ды. Әлбетте, күзде белсендiлер тұрғындардың малын тартып алғанда, оларды бiр жаққа айдап әкеткен жоқ. Бәрiн бiрдей жер астына сiңiрiп жiберген де жоқ. Жарты малды етке өткiзсе, жарты малды колхоз қораларында ұстап қалған. Қорада маңырап қойлары, мөңiреп сиырлары тұрды. Бiрақ оларға ешкiм жолай алмады. Қорада қарулы күзетшiлер бар. Қару десе, әсiресе мылтық десе, момын қазақ жаны қалмайды. Атылып өлгенше, аштан өлуге пейiл-дi.
Iлгерiде ата-бабалар – жәдді, кейiнгiлер – желтоқсан деп атайтын қыстың алғашқы айының басында күн бiрден суытып, қалың қар жауды да, арты аязға ұласқан. Аяз қатарынан үш-төрт күн болды да, артынша аспан ашылып, күндiз қар ери бастады. Желтоқсандағы қыстың мұндай мiнезi оңтүстік өңiрiнде ақпан аяғында, болмаса наурыздың басында болатын ауа-райының жылымық кезеңiне ұқсап кеттi. Дегенмен азанды-кеш аяз қысып, қалың қар мүлдем ерiп кетпеді.
Алты-жетi айдан берi өкiмет қара халық түсiнiп болмайтын қаулы-жарлықтардың бiрiнен-соң бiрiн шығарып, қалың жұртты сенделтiп-ақ жiберді. Бiр жыл бұрын «Кiшi Жетiсу» жерiнде жиырма колхоз ұйымдастырылған. Мұның бәрi Қаратас ауданына қарайды. Анада тамыз, қыркүйек айларында өткен орталықтандыру саясаты кезiнде осы жиырма колхоздың барлық тұрғындарынан алынған мал атаулы – iрiрек, атап айтқанда, «Таң», «Коммуна», «Жаңабазар», «Тұрбат», «Жiгiрген» сияқты бес шаруашылықтың қораларына жиналған. Күз айларында өкiметке ет жоспарына орай есепсiз өткiзiлген малдардан басқа желтоқсанның басында осы шаруашылық қораларында колхоздар меншiгi мен көктемгi төл үшін қалған төрт түліктiң саны жетi мыңға таяу-тұғын.
Оның бес жарым мыңнан астам басы – қой, мыңға жуығы – сиыр, қалғаны – жылқы. Қаратас ауданының халқының денiн кiшiжетiсулықтар құрайды. «Кiшi Жетiсу» өлкесiне қарайтын жиырма колхозда отыз мыңға жуық халық бар. Бұрынғы қазақ ауылдарында жанынан малы көп болатын. Ал 1931 жылдың аяғында «Кiшi Жетiсуды» Голощекиннiң «кiшi октябрi» аласапыранға салып, әр алты адамға бір малдан қалдырған. Олардың өзi халықтың қолы жетпейтiн шаруашылық базаларында тұр.
Әнеукүндері қалың қар жауғанда аупарткомнан, ауаткомнан келген бұйрық бойынша, шаруашылық базаларындағы қойларды қырқу басталған. Онсыз да жем-шөпке жарымай тұрған аш қойлар аязды күндерi қырқылған соң оңсын ба, үш-төрт күннен кейiн жүнсiз қалған ұсақ тұяқтылар қырылып кеп берген. Аштан сiлесi қатып отырған жұрт өлген малдарға бассалсын кеп. Колхоз белсендiлерi сол өлген қойларды да жұртқа бергiсi келмей, қарға көмiп, маңына күзет қойған. Күн қайта жылынып, қар бетi ашыла бастағанда, нәпақа таппай көздерi тұманданған көпшілік әр жер-әр жерде қарайып көрiнген қой өлiктерiне қайта жабылсын кеп. Бiрақ күзетшiлер оқ атып, өлiк малға ұмтылғандардың бетiн қайтарған. Дегенмен де олжалы болғандар жоқ емес. Күзетшiлердiң көзiн ала бере, қар астында қатып жатқан малды үйлерiне сүйреп әкететiндер де бар.
Анада Қанболатов пен ОГПУ өкілі мен милиция бастығының көзiнше колхоз бастығына лағынет айтып, тас атқан Күнім кемпiр бүгін қараңғылық түсе, он бiр-он екi жастағы екi немересi мен келiнi Зағипаны ертiп, сондай қойлардың бiрiн сүйреп келмек боп, үйiнен шықты.
Кеш бата күшіне мiнген аяздың әсерiнен күнi бойы ерiген қар қатып, арық-арықтағы су үстi мен адам жүретін жолдардың бетi мұзға айналған. Тайғанақ дала түгілi жер қараның өзiнде зорға жүретін Күнім кемпiр келiн-балаларымен бiрге олжа тауып келуге шықпасына болмады. Баласы Айдар жеуге жарайтын аң аулап келемiз деп, ауылдастың өзi құралпы Шоқан деген жiгiтiмен қақпан-тұзақтарын алып, тауға кеткенiне екi жетiден асты. Содан берi екеуiнiң не өлi, не тiрi екенi белгiсiз. Ал сексеннен асқан шалы осыдан алты күн бұрын ғана түннiң жарымында есiк алдындағы өрiкке асылып өлген. Заманның мына қиындығын көтере алмады ма, әлде күнде аштан өлiп жатқан замандастарының ахуалы жүйкесiне салмақ түсiрдi ме, кiм бiлген? Күнiм оның өлi денесiнiң өрiк ағашында салбырап тұрғанын азанда бiр-ақ көрiп, талып түскен.
Күнім кемпiр тұратын осы «Коммуна» ауылының жұрты қазiр өлiкке жоқтау айтып, ұзақ қайғырып жүрудi де ұмытқан. Жетпiс-сексен үйлi кiшкене ауылдан күнiге жасы бар, кәрiсi бар бес-алты өлiк шыға бергесiн, көпшiлiктiң оған бойы үйренiп кеткен бе, қазалы үйде бiр күннен артық жоқтау айтылмайды. Иә, кәрi өлсе де, жас өлсе де, кемпiр аңырап, әйел еңiреп, бала-шаға ата-апатайлап, азаматтар бауырым-айлап жоқтар едi-ау. Бiрақ айналадағы астан-кестеңi шыққан тiршiлiк шырқы әншейiндегi босаң көңiлдердi қатайтып жiбергендей ме, әлде тiрiлер күнi ертең солардың кебiн кимейiк деп, бiр үзiм нан, бiр шайнам ас табу үшін тырбаңға толы жанталасы – қайғының бәрiн сыртқа шықпастай етiп, көкiрек қуысына тығып тастағандай ма, әйтеуiр, қазiргi күндерi бiр «Коммунада» емес, қазақтың бар ауылында өлiкке жоқтау айтып, жер бауырлап жататын кез болмай тұр. Тiптi өлiкке құрмет көрсетiп, жөн-жосығымен шығарып салу, бұрынғыдай бәрiн бiр молаға көму тәртiбi де бұзылған. Бақилық болған бiреудi ауылдан қашықтау жердегi молаға апарып жерлеуге жұртта шама да жоқ. Әркiм өз үйiнен шыққан өлiкке бiр рет қана құран бағыштаумен ғана шектелiп, жол жағасына, бау iшiне көме салуда.
Күнім кемпiрдiң ауруын желеулетiп, болмаса жуырда о дүниелiк болған шалына қайғырып отыруға амалы жоқ. Мынау аштықтан қатуға шақ жүрген екi немересi мен келiнiнiң ахуалы үйде қалай отырғызсын. Баратын жерлерiне өздерiн жұмсап отыра берейiн десе, қарауылдар мен белсендiлер оларды қойлардың өлiктерiне тiрi жолатпайды. Өлiк күзетушiлер қыбырлаған пенденi онда жақындатпайды. Бiрақ өлiк малдарды жұрттан қызғанатын белсендiлердi үйiнде қарғап-сiлеп, ауыздарына сиген Күнім қария, қойлар жатқан жерге үйiндегiлердi өзi бастады.
Белсендiлер өлген қойларды қораның батыс жағындағы кең жыра iшiне тастаған. Жыра Күнім кемпiр үйiнен онша қашық та емес. Бiрақ екi аяғы бiрдей жарамсыз кемпiр келiнiнiң сүйемелдеуiмен оған әзер жеттi. Жыра басына жеткенде көкiрегi сырылдап қарға отыра кеттi.
– Үйбай, апа-ау, астыңыздан сыз өтiп кетедi ғой. Шапанымды шешiп берейiн, соны тө- сенiп отырыңызшы, – дедi келiнi Зағипа.
– Қоя бершi. Сыз жiлiк майымыз бен миымызға дейiн өте-өте болған да шығар ендiгi. Мен осында отыра тұрайын. Сендер үшеуің сайға түсiңдер де, көздерiңе түскен бiр қойды сүйреп әкелiңдер.
Аспанда ай болмағанымен, әппақ қардың бозамық сәулесi түн қараңғылығын серпiп, айналаны себезгiлеген жарыққа бөлеп тұр. Төңірек жым-жырт. Бұлардан басқа ауылдан өлiк малдарды олжалап кетуге келген ешкiм байқалмайды. Күзетшiлердiң де қарасы көрiнбейдi. Осыны пайдаланғысы келген Зағипа екi баласының қолынан ұстады.
– Жүрiңдер, қарақтарым. Апаларың осында отыра тұрсын. Үшеумiз бiр қойды iлезде-ақ осында сүйреп келемiз.
Сайға түсе бергендерi сол едi, қайдан тап бола кеткенi белгiсiз, кемпірдің арт жағынан үш-төрт ер кiсiнің сұлбасы байқалды. Оның бiрi бажылдап сөйлеп келедi:
– Талдың панасында тығылып отырғанымыз қандай жақсы болды-ә. Жаңа айттым ғой сендерге, «өлiк аңдыған корқаулар қараңғы бола салысымен осылай қарай ағылады» деп. Мiне, сондай тамақсаулардың алғашқылары да келдi. Пәлекеттерді осы жолы аямайықшы.
Күнім кемпiр бұл дауысты таныды. Дауыс – қора күзетiнiң бастығы Еламандiкi. Ол колхоз төрағасына ерiп алып, күнi-түнi ауылдағы бала-шаға, келiн-кепшiк, қатын-қалашпен салғыласып, аузы бiр жабылмай жүредi. Өзiнiң рәпәтi де келiспеген. Көздері қысыңқы, құлақтары сүйір, ерiндерi салпиған. Бетiн мыж-мыж әжiм басқан. Оның даусын естiгенде Зағипаның үрейi ұшып, кері жүгіріп келiп, енесiнiң етегiне тығылды.
– Ойбай, апа, анау кiсi жаман. Қамшымен сабайды.
Екi бала да шешелерiнiң арқасына жабысып, жүрелей отырысты. Қарды күртiлдете басқан еркектер бұларға таяды. Алдымен «Коммунаның» бастығы сөйледі:
– Кiм екен десем, қаншығы мен шұбырынды күшiктерiн ерткен Күнім жалмауыз екен ғой. Әй, жалмауыз, жайшылықта қадам басып жүруiң мұң едi, өтiрiк ауырады екенсiң де. Ұрлыққа шыққаныңда аяқтарың жазылып кетедi екен-ә.
– Е-е, бұлардың бәрi шетiнен өтiрiк ауырады. Өтiрiк қарындары ашады, – деп қостап қойды оны Еламан.
Осында жеткенше санасын сан түрлі уайым-қайғы жеп, одан қалса, жүруге жарамсыз аяқтары мұзды қарда мың тайып, өмiрден безердей хал кешкен Күнім, жыра басында iшiн тырнаған күйiнiштен жарылардай боп, әзер отыр едi. Мына сөздердi естiгенде шыдамай баж еттi:
– Өлiктерiңе сиейiн, қос азбан. Қорқау бiз емес, айдаладағы өлiк малды қызғанатын мына сендер! Арам қатқан малдың иесi – құрт пен ит-құс. Сендер сол құрт пен ит-құстан да жаман болдыңдар ғой. Әй, малдың өлiгiн қорыған адамды қай ата-бабаңнан көрiп едiңдер? Қар астында бекерге шiрiп қалатын қойларды атауларына сеп қыламын дегендердiң қолдарын неге қағасыңдар?!
– Сен, өлуге қолы тимей жүрген сорлы бейбақ! Ащы тiлiң кесiлгiр мыстан, момын шалыңның орнына өзiң асылып өлгенiңде болар едi. Тауықтың миынан кем миыңа өкiметтiң жаңа саясаты кiрмейдi ғой. Надан көкiрегiңе құйып қояйын, қар астындағы қойлар өлiк болса да – өкiметтiң меншiгi. Бiз қанша қойдың өлгенiн санап, райкөмға есеп беруiмiз керек. Күндiз-түнi ошағымыздан безiп, бұларды неге қорып жүргенiмiздi, әжине, ендi түсiндiң бе?
Еламан осылай бажылдағанда, Күнім кемпiр одан бетер өршелендi:
– Райкүмiңмен бiрге осы қойлардай, сендер де қатып қалыңдар! Сол райкүмiң өлген малдың емес, ауылда қанша адамның аштан қырылғанының тiзiмiн жасаса қайтедi?..
– Жап аузыңды! – деп өршеленді колхоз бастығы. – Осы күнге дейiн аузыңа келгенiңдi оттап жүргенiң жетер. Ендi былшылыңды көтере алмаймын. Арам малды жеп, өздерiң де арам боп қатқыр, жалмауыздар! Қазiр төртеуiңдi де тепкiлеп-тепкiлеп, өлiктерiңдi қар астына көме салсам, мыңқ етер адам табылса, қанеки… Одан да амандықтарыңда құрыңдар бұл жерден!
– Арам мал деймiсiң, сұмырай! Сайда арам қатып жатқан қойлардың iшiнде күзде сен менен алдап-арбап, ең соңында тартып алған менiң де малдарым бар. Ендеше, өз малымды арам жесем де, еркiм өзiмде. «Құры» деп тұрсың ба? Бiр қойды әкетпей, еш жаққа кетпеймiн. Үйде аштан қиналып өлгенiмiзше, сендердiң таяқтарыңнан тезiрек өлгенiмiз жақсы.
– Онда өле қал, – деп тiстенген колхоз бастығы жерге құйрық басып отырған кемпiрдiң басынан қамшымен салып жiбердi. Күнiм шалқалай құлағанда, келiнi сыңсып, немерелерi бақырып, беттерiн басты. Анау бәрiн шетiнен қамшылап сабалап шықты да, Зағипаға қарап, айқайлап бердi:
– Қайсыбiрiңе өлiк қойларды алуға болмайтынын түсiндiрiп жатамыз, осы! Ақыры айтқанды түсiнгiлерiң келмей ме?! Онда бәрiңмен осылай қамшы сөйлеседi. Ой, ұлардай шулайды ғой мыналар. Әй, шығармаңдар дымдарыңды, өшiрiңдер үндеріңді! Әй қаншық! Бүк түспей, күшiктерiңмен бiрге жабылып, мына өлiмтiгiңдi үйiңе сүйреп әкет!
– Бекер ұрдыңыз-ау, байғұстарды… Өздерi зорға жүргенде… кiм алмай жатыр, қойдың өлiктерiн. Бiреуiн бере салғанда болар ме едi, басеке, – дедi күзетшiлердiң бiрi күрсінiп.
– Ей, шiрiкбас, бұл сенің қай сандырағың?! Кiмге жаның ашып тұр өзi?! Күнi кеше сенiң әкеңдi осы қатынның би атасы отымен кiргiзiп, күлiмен шығарған. Қарын ашқанның, жоқшылық зардабының қандай болатын бұлар да ұқсын, бұлар да көрсiн де, ендi.
Бұл кезде Күнімдi келiнi мен немерелерi сүймелдеп тұрғызып жатқан. Есiн жиып, әлгi сөздi құлағы шалған ол, бастыққа қарады:
– Сен, албасты, кешегi ауқаттылардың ұрпақтарын ғана сансыратып қойған жоқсың ғой. Бұрынғы кедейлердiң де балаларын аштан қырып жатырсың. Сен сияқты кедейдің өкiметi, бiздi қойшы, саған ата жау екенбiз, ата-бабаларынан тұлдыр келе жатқан ауылдағы кедейлердi неге қорғамайды?
– Уай, мына жаман қатынның сөйлеуге әлi шамасы бар екен ғой. Әй, аузыңды жауып, құры деймiн саған! Тағы бiр ауыз сөз айт, тура өз қолыммен о дүниелiк қылам! Жаныңдағы шұбырындыларыңды итжеккенге айдатам!
Күнім бастықтың қоқан-лоққысынан тайсалмай, оны одан әрмен қарғады. Келiнi мен немерелерi апаларына қой-қойлап, ауылға қарай жетеледi. Кемпiрдiң сонда да аузы жабылмай, лағынет жаудыра түстi:
– Құдай бар болса, бiздей сансырап, тентiреп қалыңдар! Анау сайда жатқан қойлардай қырылып, көмусiз қалыңдар! Бүгінгі бiздiң басымыздағы аштық – ертең сендерге келсiн! О, құдай, бар болсаң, осы тiлегiмдi қабыл етiп, мына кiсәпiрлердiң басына зауал келтiре көр!
Бастық пен Еламан да қарап тұрмай, боқтық сөздердi жаудырып, құдайдан бастап, кемпiрдiң жетi атасына дейiн сыбап шықты. Күнiм де олармен жарысып, қарғысын тыймады. Ұрысқандардың сөздерi бір-бiрiне естiлмей, кiмнiң не айтқаны бiлiнбей, жыра басын бейберекет даң-дұң дауыстар басты. Белсендiлер өлi күйiнде болса да, қоғам малын сұғанақ қолдардан сақтадық деп қомпиды. Күнiм болса, оларға деген қарғысымды құдайдың құлағына жеткiздiм деп тоқмейiлсiдi.
Олжалы қайтпаса да, белсендiлердiң қамауына түспегенiне шүкіршiлiк еткен Күнім тобы үйлерiне жете бергендерiнде там артында тұрған бiр иттi көрдi. Ит бұларға қарап екі-үш мәрте үрдi де, есiк алдына қарай жүгіріп кеттi.
– Мынау қандай ит? – деп таңданды Күнім. – Құдай-ау, бұл ауылда ит қалған ба едi?
Оның сөзiнiң жаны бар. Қазiр белсендiлердiң үйлерiне болмаса, ауылда ит қалмаған. Иттер ашыққандардың азығына айналып, ада болған.
– Бiр белсендiнiң итi шығар, апа? Өзiн бiрдеңе етiп, ұстап алайық та, сойып тастайық, – дедi бiр немересi.
Бұ күндерi белсендiлер иттерiн ауылдағылар сойып жеп қоятындығынан қорқып, үйлерiнде күндiз-түнi байлап ұстайды. Алмағайыптан сондайлардың бiреуi байлаудан босанып кетпесе, дәл қазiр ауыл арасында ол мақұлықтардың шабаланып үрмегендерi қашан.
Иттiң артынан бұлар есiк алдына келдi. Тура кiре берiсте бiреу шоқиып отыр. Әлгi ит оның жанында тұр. Отырған адам қарлығыңқы дауыспен үн қатты:
– Күнім-ау, бұл сендермiсiңдер?
– Иә, бiз ғой. Өзiң кiмсiң? Даусыңды танымай тұрмын.
– О, құдай-ау, бар екенсiңдер-ау, әйтеуiр. Есiктерiң байлаулы тұрған соң сендердi қырылып қалды ма екен деп, қамығып отыр едiм. Тәуба, аман екенсiңдер-ау…
Кемсеңдеп кеткен анау әйел, сөзiнiң арғы жағын айта алмай, тыпырлап орнынан тұрмаққа әрекеттендi. Бiрақ қанша талпынса да, аяғына тiк көтерiлуге шамасы жетпей, екi қолымен жер тiреп, алға еңбектедi.
– Әй, кiмсiң, айтсайшы! Адамбысың өзiң?
Еңбектеп алға жылжыған анау байғұс тағы тым бәсең әрi шаршаңқы күймен үн шығарды:
– Айналайын, Күнім-ау. Бұл – мен, мен… Салқынаймын ғой.
– Салқынай! Үй-бай, жаным-ау, шынымен сенбiсiң?! Сендер кәлхүздән қашып, тау асып кетпеп пе едiңдер? Жаным-ау, ауылға қайта келдіңдер ме? Бiр өзiңбiсiң?! Басқаларың қайда?
Салқынай – осыдан бір жарым айдай бұрын Тұрланов пен Жонбаевтың отряды Өгем тауының iшiнде қашқын ретiнде ұстаған топтан аман қалған жалғыз әйел-дi. Өзi осы ауылдың тумасы. Күнiмнiң туған қайынсiңлiсi. Iлгерiде көршi ауыл – Аққұмға күйеуге шыққан. Былтырғы жылы ұжымдасу науқаны басталған шақта қайынатасы өзiне қарасты бес үйдi мал-мүліктерiмен қоса көшiртiп, тау iшiне қашып барып орныққан.
Бiр шалдан тараған бес үй сонда бір жарым жылдай мамыражай күн кешкен. Бiрақ анада арттарынан қуғындап келген аудандық күштiк құрылымдардың өкiлдерi қашқын атанған топтың еркектерiнiң бiразын атып, қалғандарын малдармен бiрге айдап кеткен. Ал төрт әйел мен қыздарды жабайы аңнан басқа ешқандай тiршiлiк иесi жоқ жыра-жықпылы мол тау арасына тастап кеткен. Сонда қолдарында не азығы, не қару-сайманы жоқ кiлең қауқарсыз бейбақтар қу таяқты тiренiш, бiр-бiрiн сүйенiш етiп, не көрсек те, елге барып көрейiк деп, жолға шыққан. Осылай жүрсек, әйтеуiр, елдi бiр табармыз деп, батыс бағытты көздеп, небiр шындар мен құздарды, жартастар мен шоқыларды айналып, жазықтар мен беткейлердi көлбеулеп алға жылжи берген. Шөп астында қалған долана мен тау шиесiнiң шiрiгi мен қағын талғашу қылып, қатқан рауғаш пен солған жантақтың тамырын қайнатып iшiп, жиырма күндей күн батар тұсты бетке алып жүрсе де, тау iшiнен шыға алмаған. Араларында жол бiлетiн, асулар мен жондардан асатын төте жолдары жазбай танитын адам болмағандықтан, кейiнгi тәулiктерде де қанша жерлердi басып өтсе де, алдарынан көрiнген ел, көзге шалынған ауыл болмады. Ақыры майда қиыршық пен үшкiр, кесiндi тастардан тұяқтары кетiлiп, ұзақ жүрiстен зорыққан жас байталдардай дiңкелерi құрып, қадам басуға шамалары қалмады. Дегенмен, әйел заты әлiмсақтан төзiмдi. Ерлерге қарағанда, аштыққа да, ауырлыққа да шыдамды.
Әйтсе де, пенде күшін құдай шексiз етiп жаратпаған. Адамға сол Жаратушыдан берiлген күш – уақтылы һәм жайлы тынығу мен жақсы ауқаттану арқылы бойдан кетпей, күнделiктi толықсып, жаңарып тұрса керек. Аш құрсақтық һәм оған қосылған тынымсыз жүрiс, алдамшы үміт пен жүйкенi қарыған ой, сананы езген уайым ондай күштiң бәрiн жойып жiбередi екен. Адам денесi тамақсыз, сусыз ұзақ сенделiске шыдас беретiн темiр емес қой. Тау-тас кезген әйелдердiң iшiндегi ең жасы үлкенi ақыры бiр күнi арша түбiне сұлап түскен. Жазған, сол құлағаннан қайтып тұрмады. Түс қайта тағы екеуi сылқ құлаған.
Сөйтiп Салқынай екi жас қызбен ғана қалған. Оның бiрi Салқынайдың өзiнiң қызы едi де, бiрi алғашқы күнi қайтыс болған әйелдiң перзентi-тұғын. Шешесiнiң өлгенi жанына қатты батқан сол қыз соңғы екi әйелдiң өлiгiн көргенде өз-өзiнен айқайлап, жынды қалыпқа түспесi бар ма. Салқынай қанша жұбатса да, айқайын бiр доғармай, өз шашын өзi жұлып, бетiн тырнап, жердi тепсiндi-ай келiп. Бұл кезде бәрі бiр ұшар құздың басында тұрған. Бір уақытта даусын шығаруға шамасы келмей, қиқылдап-шиқылдап еңiреген ол, тұра салып, құз табанына қарай секiрiп кеттi. Оны көрген Салқынайдың қызы өз-өзiнен жерге жалп еттi. Салқынай жүгіріп барып, оған бар жақсы сөзiн үйiп-төгiп, сiлкiлеп есiн жидырды. Қыз ыңырсып көзiн ашты да: «Апа, Толқынның артынан мен де өлем. Айтпақшы, жаным бар демесеңiз, мен анада өлген адаммын… Анада… түнде… анау екi бастық менi түнімен зорлап… Мен сонда-ақ өлiкке айналғам» деген.
Осылай зорға сөйлеген қыздың әп-сәтте денесi мұздап сала берген. Бүкіл жан-дүниесiн өксiк пен өкiнiштiң табы қарыған, қайғы мен қасiреттiң оты жандырған Салқынайдың боздауға да, еңiреуге де қайылы болмай, қызының үстіне гүрс еткен… Алайда «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледi». Салқынайдың да өлгiсi келгенiмен, ажалы жоқ екен. Қырық кiсi жабылып, қырық пәле көрсе де, мықтысы, қорғаушы пiрi күштiсi аман қалады екен. Салқынай тауға белуардан қар түскен үш күнгi боранда да өлмедi. Қарды омбылап, тау басынан төменге түскенде де, жазатайым құзға құламады, орға түспеді, жарға жығылмады. Құдай жолына несiбе етiп кезiктiрген аң-құстың өлiгiн жеп, ауылға есен жеттi. Жетуiн жеткенiмен Аққұмға бармады. Тiке төркiн жұрты – «Коммунаға» тартты. Ағасының үйiне бұл да жеттi, бойынан қуат, аяқтарынан әл кеттi. Ешкiмi жоқ үйдiң сырты байлаулы есiгiнiң алдында аңтарылып отырғанда Күнімдер келген-дi.
– Басқалар жоқ, жеңеше… басқалар қырылған… мен ғана тiрiмiн, – деп көмейiне өксiк тығыла жауап бердi Күнімнiң әлгi сөзiне.
Тiзерлеп тұрған оны Күнім құшақтай алып, ал аңырасын кеп. Неше күннен берi iштегi бар күйiнiшін ақтаратын пенде таппай, мұң-зардан iшқұса болған Салқынай оған қосылсын. Қос мұңлық жоқтау айтпады, бiр-бiрiне әр түрлі қайғылық тұрғысындағы сөздердi тiзiп, мұң шақпады. Iштегi шерменде шерлерін құры аңыраумен сыртқа төгiп, құшақтасқан күйлерi боздап тұрысты. Со бойда тұра берер ме едi, егер Зағипа бiрiн апалап, бiрiн әпкелеп, «қой-қойлап» үйге кiргiзбегенде.
Үйге кiргенде солқылдарын әзер басты. Содан кезек-кезек күрсінiсiп, жағдайларын сұрасты. Хал-ахуалдарын езiлiп айтысты, егiлiп бiлiстi. Бiрiндегi бар ахуал екiншiсінiң басында да болғасын, қуаныш қылар жылы хабар қайдан болсын. Жаман жаңалық, суық хабармен бiрiнiң жүрегiн бiрi сыздатып, тағы да көз жастарын көл қылысты. Арманда кеткен жастардың өлiмiне қабырғалары қайысып, көңiлдерi пәс тартты, жандүниелерi аза шыңырауына қармалды, қайғы түбiне шырмалды.
– Мiлiсалар ата-енеңмен қосып, күйеубаланы да атып тастады ма? – дедi Күнім әлден соң.
– Оны үш ағайынымен қосып, малдарымен бiрге айдап кеткен. Атты ма, асты ма, абақтыға жапты ма, арғысынан бейхабармын.
Салқынай тоқшылық заманда келсе, Күнім қой сойып, дастархан жасап күтер едi. Қазiр дастархан жасар түк жоқ. Зағипа қайнатып әкелген ақ суға жазда Күнім даладан терiп жинап қойған жабайы шай шөптi салып, бесеуi бiр-бiр пиала iшiстi. Байғұс қазақты бұ күнде үш нәрседен ешкiм қыспаған. Үш нәрсе тегiн. Iшемiн дегенге қара су – тегiн. Өлгендердiң бетiн жабатын топырақ – тегiн. Жұтатын ауа – тегiн. Нәр табу мұңға айналған мына заманда жазған халық жараса топырақты да жер едi. Алайда құдай топырақты жеуге жаратпапты. Әттең-ай, шебер Хақ Тағала суды iшкенде тамақ тоятындай азық етiп жаратпапты. Алайда көпшiлiктiң Хақ Тағалаға қояр кiнәсi жоқ. Он сегiз мың ғаламды бiр-бiрiне байланыстырып, адам тiршiлiгi үшін жаратып берген сол Хақ Тағалаға сенбейтiн мына құдайсыз өкімет қой, тiрлiктiң бәрiн жүдеткен.
Айналадағы сияқты Күнімнiң үйiнен де рең қашқан. Тамның төбесiндегi паруаз ағаштарға көлденең төселген шыбық пен қамыстардың сыланбаған бетiне қара күйелi мизам мен шылаудың бiрнешеуi iлiнiп тұр. Салбыраған шылаулар есiк ашылып-жабылған сайын желп-желп етедi. Қабырғаларды күйе басқан. Бұ ауылдың кейбiр қала көрген немесе ауқатты тұрғындары болмаса, көбiсi мұржалы ошақты емес, күрсi ошақты пайдаланады. Оты бөлменiң тура ортасынан қазылған шұңқырда жанатын күрсi ошақтың жылуы бiрiншi аяққа ұрады. Аяқ жылынса, дене де жылынады. Күрсi ошақта жанған отынның жалыны мен күйесi үй iшiн ыстап, күйелеш етiп тастайды. Тоқшылықта әр үйдегi келiн-кепшiк күн сайын қабырғалардағы сондай күйлердi сүртіп, тазалап тұрар-ды. Аштық басталғалы берi үй тазалығына ешкiм назар аудармайды.
Бағана Зағипа күрсі ошағына толтырып отын салған едi. Үй iшi жылынып тұр. Бiрақ ол жылылық күрсі ошақты жағалап, шәй iшiп отырғандарды қасiреттен арылтып, мұздаған көңiлдерiне әсер етпегендей, мұң басқан қабақтары бiр сәт жадырамады.
Далада ит үрдi. Бiраз уақыттан берi бастарын төмен салып үнсiздiкке берiлген бесеу селт еттi. Бәрiнен бұрын екi бала қатты елеңдестi. Мана үйiне кiрiп келе жатқанда көрiнген иттiң кiмдiкi екендiгi туралы сұрақ көкейiн ендi мазалады ма, Күнім кемпiр Салқынайға қарады:
– Сен есiк алдында отырғаныңда қасыңда тұрған қандай ит еді? Бiздiң үйдi айналшықтап шықпай жүрген бұл ит кiмдiкi өзі?
– Үйбүй, жеңеше-ау, ол менiң итiм ғой. Таудағы қонысымыздан шыққалы берi менiмен iлесiп келедi. Жанымдағылардың бәрi қырылып, тау басында жалғыз қалғанда жаныма сүйеу, өзiме ие болған – сол ит.
– «Ит – жетi қазынаның бiрi» деушi едi бұрынғылар. Қазына ертiп келiпсiң-ау, бикеш…
Күнім сөзiн аяқтатпай, бiр күрсіндi. Оның ойын Салқынай бiрден түсiндi.
– Жеңеше-ау, жақсы ит едi… Мейлi ғой… ұшынып қап жүрмейiк.
– Өткен жолы Месбай қайнағаның баласы сойған ит етiн жегенiмiзде өлгенiмiз жоқ. Бiзге қимасаң өзiң бiл. Бiрақ оныңды азанға дейiн бiреу жоқ қылмаса, әпкел қолыңды.
– Қалай соямыз оны?
– Союға мақұл десең, оның бiр мәнiсiн табармыз.
Бәрi далаға шықты. Күнiмнiң жұмсауымен екi бала жiп дайындады. Салқынай итiн қарғысынан жетектеп, есiк алдына әкелді. Күнiм Салқынайға айтты:
– Алдымен жiппен аузын орап байла. Жерге жыққанымызда тiстеп алмасын.
Ит жарықтық дәу екен. Салқынай аузын байлап болғанда бәрi жабылып, оны жерге жықты да, кiм не iстеу керектiгiн ойласпай-ақ, төрт аяғын қосақтап матады. Атам заманнан төрт түлікпен бiрге жасасып келе жатқан қазақ ауылының әйелдерi де мал союға шебер келедi. Иттiң тұрқы да малға ұқсайды. Зағипа оны кәдiмгi малша бауыздап, терiсiн аршуға кiрiскенде Салқынай еңiреп жiбердi.
– Жарықтық-ай, төрт аяқты хайуан болсаң да, жаным қысылғанда қасымнан қалмаған жолдас-серiгiм боп едiң. Обалың елдiң барлығын маған ұқсатып еңiреткен анау өкiметке.
– Қой, бикеш, жасыма. Адам өзiнiң атауына етi сеп болатын төрт аяқтыны сойып жатқанда, малдың обалын бiреуге жапсырмас болар. Әй, тәйт, қой деймiн, сораңды ағызбай! Сен иттiң обалынан емес, мына балалардың, өзiмiздiң обалымыздан қорық. Болды, болды, жаман ырымды бастамашы. Одан да итке қарап, «Сенде жазық жоқ, бiзде азық жоқ» деп бет сипай салсайшы. Етiн адалынан жейiк.
Қанша уақыттан берi аш құрсақ боп жүрсе де, Зағипада күш бар екен, иттің терiсiн әп-сәтте аршып тастады. Iшек-қарнын екi баласы аулақтау жерге лақтырып келдi. Одан соң үшеуі бiрлесiп, етiн бөлшек-бөлшек қылды.
Ошаққа қазан асылды. Оған ет молынан салынды. Аштықтан көздерi қараюға айналған екi бала жүгіріп жүрiп, шешелерiне отын тасуға көмектестi. Еттi бабымен пiсiруге уақыттары жоқ. Иә, уақыттары жоқ емес-ау, шұрқыраған қарын шiркiн оған қаратпайды.
Ит түгілi ет жақындарынан айырылғанына шыдап, тағдыр тәлкегiн, пешенесiне жазылған ауыртпалықты көтерген Салқынай аһiлеп-үһілеп үйге кiрдi. Қазандағы ет хайуандiкi болса да, үй iшiне әдемi иiс жайлапты. Құдды бiр қайнап жатқан жас малдың етiнiң исi сияқты. Күнiм келiн-немерелерiмен ошақты айнала жайғасып отыр. Анау екi бала iшiне түсiп кетердей, иектерiн қайта-қайта қазанға созып, саусақтарымен еттердi түртiп-түртiп қояды. Олар қылықтарын қайталаған сайын Күнім баж етедi:
– Ойбай, айналайын жандарым-ау, қазанға қолдарыңды тықпаңдар. Күйiп қаласыңдар. Ет пiскенше сәл сабыр ете тұрыңдаршы.
Ет пiскенше үш әйел әрдененiң басын бiр шалып отырды. Сөйтсе де, әңгiме ауаны, бәрiбiр, ауыл-ауыл арасында болып жатқан шындық пен сұмдықтарға келiп тiреле бердi.
– Аққұм мен Үйгентастың жанынан кеше өткенде байқадым, белсендiлер шөпсiз-жемсiз қырылған малдарды төбесi ойылған жаман тамдардың iшiне толтырып, дуалдарын өлiк қойлардың үстiне құлатып, көмiп жатыр. Ессiзқалғырлар, мал өлiгiн дуал астына көмгенше, жұртқа таратып берсе қайтер едi.
– Кеше сондайды есiтiп едiм, бикеш. Бiздiң ауылдағы өкiметтер де анау қар астындағы қойларды сөйтпек екен дейдi. «Өкіметке өлген малдың есебiн беруiмiз керек. Сондықтан да оларға тиiспеңдер!» деп жұртты алдап қояды тағы, аузыңасиейiндер!
Екi әйел тағы бiрқыдыру мезгiл өкiметтi қарғады. Содан соң Күнім ауылдағы кiсiлердi түгендеуге кiрiстi:
– Мантай атаның әулетi түгелiмен Тәшкен асып кеттi. Анау жоғарыдағы Сәрсенкүл шешейдiң туысқандары да, сол жаққа ауып бара жатып, Шырнайыпқа кетпей, далада қырылып қалыпты. Орта ауылдағы Мүнiсбек қайным кемпiрi екеуi шөп қайнатып iшемiз деп, екi бала, екi қызымен қоса уланып өлдi. Тағы үш-төрт үй барлық жанымен әнеукүнгi боранда тамдарында жатып, аштық пен суықтан қатып өлдi. Бес-алты кемпiрдiң денелерi далада теңкиiп бiраз жатты. Жас балалар мен шақалақтардың қаншасы мына зұлматтан мезгiлсiз о дүниелiк болғандығының осы күнi есебiнен жаңылыстым. Бiр ақиқаты – қазiр ауыл тұрғындарының жартысынан көбі өмiрде жоқ.
Бұл кезде Зағипа пiскен еттi екi табаққа бөлiп, дастарханға қойған. Күнiм: «Ей, айналайын, құдай! Өзiң кешiре көр!» деп табаққа қол салды. Қайынсiңлiсi де ерiндерiн жыбырлатып, көктегi тәңiрден ғапу сұрап, бiр сүйектi аузына салды. Ал балаларға ешкiмнен кешiрiм өтiнудiң қажетi жоқ. Табаққа қос қолдарын бiрдей тығып, еттiң ыстықтығына қарамай, асауға кiрiстi.
Алғашқыда табаққа батылсыздау, әрi жиiркенгендей тыжырана қол созған Салқынай, Күнім сөйлеген уақытта балаларға ұқсап, еттi асап жатқан. Әлгi сөзден кейiн аузына толған еттi апыл-ғұпыл жұтып жiбердi де, Күнімге бұрылды:
– Жеңеше-ау, манадан берi айтпаппын ғой. Мен әнеукүнi Айдарды көргем.
Күнім етке шашалып, Зағипа Салқынайға жалт қарады. Қиқылдай жөтелгендiктен көздерiнен жас шығып кеткен кемпiр әзер дегенде өз-өзiне келдi.
– Неге айтпай отырсың мұны? Өзi ауылға неге келмей жүр екен?
– Айналайын, бауырым-ай… Қалай келедi ауылға, жеңеше-ау… Анды-Қарақыздың етегiнен түсiп келе жатсам, алға жүгіріп кеткен Алаяқ итiм қалың қар арасында сұлбасы әзер қарайып көрiнген бiреудi иiскелеп тұр екен. «Жақынды ит пен бала бiледi» деушi едi. Алаяқ оны таныған екен. Әлгi қарайғанға таяп келсем, бет-жүзi Айдарға ұқсап кеттi. Үстiндегi қарды сыпырып-сыпырып жiберiп, анықтап қарасам, өзiмнiң – Айдарым. Қолында тұзақ. Айна- лайын-ай, бiр биiктеу тастың түбiне сұлаған екен. Кер-i-i-ле-еп, қатып жатыр ғой, жаным…
Зағипа сыңсып бердi. Кемпiр сазарып үн шығармады. Алдыңғы тiстерi түсiп қалғандықтан кемiген иегi мен жұқа тартқан ерiндерi дiр-дiр етiп, Зағипаға бiр, Салқынайға бiр қарады. Талай уақыттан берi көргенi – зұлмат, естiгенi – сұмдық, бастан кешкенi – тауқымет болғасын, күн сайынғы қайғы-қасiретi iшiне жинала-жинала берiш болып қатып қалған ба, кiм бiлген, ә дегенде баласының өлiмiне аһ ұрып, сұлап түспеді. Бәлкiм тосын да жағымсыз хабар бойындағы адамға тән сезiмдердi жойып жiбердi ме, әйтеуiр, әп-сәтте жынды адамдай бастары қалтаңдай жөнелдi.
Қалтаңдап отырып, дiрiлдеген қолдарымен алдындағы еттiң сүйек-мүйегiне қарамай, қарпи бердi. Оның қылығын аңдып, тосқауыл қоятын Зағипада ес жоқ қазiр. Салқынай төмен қарап, егiлу үстiнде. Еттi бес-алты мәрте құныға асаған кемпiрдiң iлезде бетiнен қан-сөл қашып, көздерi өлi сезiмге толды. Сосын «үһ» деп бiр дыбыс шығаруға шамасы келдi де, iшiн ұстаған күйi, дастархан үстiне бетiмен құлады. Балалар шу етiстi. Салқынай «Жеңеше, жеңеше!» деп оны тұрғызбаққа әрекеттендi. Есiн жиған Зағипа орнынан ұшып тұрып, оған көмектестi. Екеулеп шалқасынан жатқызып едi, кемпiр бiр кесек еттi лақ еткiзiп құсып жiбердi де, жиырылып барып, демсiз қалды.
– Апа, апа! Не болды сiзге? – деп балалар боздады.
– Жеңеше, жеңеше, көзiңдi ашшы! – деп Салқынай аңырады.
Күнім балаларының тiлегiн орындап, өзiне не болғанын айта алмады. Салқынайдың жалынышын құлағына iлiп, көзiн ашпады. Асап жеген ет аш өзегiне түсiп кеттi ме, әлде Айдардың өлiмi жайындағы хабар жүрегiне ауыр жүк түсiрдi ме, белгiсiз, әйтеуiр көзді ашып-жұмғандай сәтте жаны көкке ұшып кете барды. Тiрi кезiнде: «Е-е, айналайын, құдай! Не көрсетсең де, балаларым мен немерелерiмнiң алдында ал!» деп отырушы едi. Немерелерiн артына тастағанымен, Айдардан бастап, үш бала, екi қызын алдына салып кеттi. Бәрi ашаршылықтың кесiрiнен бақиға аттанды. Бәлкiм, оны «Балаларым шетiнен қырылғанда маған тiрi жүрiп не керек» деген шешiмдi де кесiмдi сұмдық ой алып кеткен де шығар.
Бұл ауылда күнiне он шақты өлiк шығады. Бүгін түнде Күнім соның бiрi болды. Ертесiне Зағипа ауылдан Күнімдi көметiн үш еркектi әрең тапты. Олар аштықтан бұралып зорға жүрсе де, әруақ алдындағы парызды орындауға келiптi. Кемпiрдiң мәйiтiн ауыл басындағы мазаратқа жеткiзе алмады. Бауының аяғына жерлене салған шалының қасынан таяз шұңқыр қазды да, бетiн топырақпен жаба салды.
Қайтыс болған адамға құран оқыту, оның жетiсi мен қырқын, асын беру тәрiздi қазақи мұсылмандық дәстүр қазiр барлық елдi мекендерде тиылып тұр. Бұған бiрiншiден, халықта күй жоқ. Екiншiден, дiни жоралғылардың бәрiн қараңғы наным-сенiмнiң көрiнiсi, ескiлiктiң қалдығы деп, оған қарсы аяусыз күрес жүргiзiп жатқан кеңес өкiметiнiң саясаты дала жұртын үркiтiп қойған. Тiптi өкiмет қалалар мен аудан орталықтарында, iрi-iрi кенттерде «құдайсыздар ұйымдарын» құрып, көпшiлiкке исламды уағыздайтын молда-ишандарды бар тарапта қуғын-сүргінге ұшыратуда. Осылайша, бiр жағынан о дүниеге аттанған кiсiнiң әруағын қастерлейтiн ғұрыптарды өткiзуге халықтың мүшкiл хәлi жол бермесе, екiншi жағынан – партияның ызғарлы ұстанымы тосқауыл болып, қара қазақ өлiкке де лайықты түрде аза тұтынудан шеттетiлген.
Айналадағы осындай жағдайларға байланысты Зағипаның да енесiнiң өлiгiне ұзақ уақыт аза тұтынуына мүмкіндiгi жоқ-ты. Түндегi сойылған иттiң етi екi баласы мен Салқынай төртеуiне үш күн ас болды. Төртiншi күнi көмейге тығар ас тағы мұңға айналды.
Әйел шiркiн пысық болса, кейде жоқтан бар жасайды. Мынадай күндердегi жоқтан жасалған бар да, аш құрсақты алдаусыратуға жарайды. Зағипа үш-төрт күннен берi желiнген еттердiң сүйектерiн лақтырып тастамай, қапқа салып жинап жүр едi. Бүгін азанда етсiз қаудыраған сүйектердi қырып, суға қайнатып қонағы мен балаларына бердi. Қайнатылған құры қара суды iшкеннен гөрi, сүйек майы бетiне қалқыған сорпаны iшу – жұтаған iшекке әлдеқайда тiиiмдi екенiн балалар да бiледi. Табақтарға құйылған сорпаның бiр тамшысына дейiн қалдырмай сарқып қойды. Екi баласына мұңдана қарап отырған Зағипа Салқынайға жүзiн бұрды:
– Әпке, бiрдеңе, айтсам, «мақұл» дейсiз бе?
– Не демекшiсiң, жаным? Айта қойшы.
– Бұл ауылда бiз алаңдайтын ештеңе қалмады. Бұлай отыра берсек, басқаларға ұқсап, арам қатармыз. Мен түнімен ойландым. Бiр әулеттен қазiрше еркеккiндiктен аман тұрған мына екi бала ғана. Ендi осы екеуiнен айырыла көрмейiк…
Зағипа жыламсырап, сөзiн сәл үзген сәтте Салқынай сабырсыздық танытты:
– Ол үшін не iстеуiмiз керек дейсiң?
– Төртеумiз менiң төркiнiме – Атбұлаққа кетейiк. Естуiмше, Қазығұрт етегiндегі ауылдарды бойлай өкiмет пойыз жол салып жатыр дейдi. Пойыз жолда сол жақтың адамдарының бәрi жұмыс iстеп, қарындары тойынып жүргенге ұқсайды. Сонда бiр жетiп алсақ, аман қаларымыз хақ.
– Ойбай, Зағипаш-ау, Атбұлаққа қалай жетемiз. Ат-көлiк те жоқ.
– Ат-көлiктi бiзге бiреу бередi дейсiз бе? Алдымыздағы жоннан тiке асып, Жiгiрген мен Жаңабазар арқылы жаяу жүрсек, Атбұлаққа ары кеткенде үш күнде жетемiз.
– Түнгi мезгiлдерде далада қалып кетпеймiз бе?
– Жол-жолда ел көп. Әр ауылда үйлерiне бiр түнететiн қайырымдылар табылар.
Салқынайдың да басқа барар жерi, басар тауы жоқ. Көп ойланбай-ақ Зағипаның айтқанымен келiстi.
Анада үш күн бойы жауған қардан кейiн аяз да көпке созылмай күн жылына түскен. Жота беттерiндегi қар ерiп, жер әжептеуiр қарайған. Бiрақ азанда, кешке аяз бар. Үстерiне жарамды деген бар жылы киiмдерiн iлген төртеу сәске әлетiнде Қазығұрт бағытындағы жонды бетке алды. Жон етегiне жете бергендерiнде, сол тараптағы жыра басына жиналған жиырма шақты еркектер тобы көзге түстi. Олардың бес-алтауы ат үстiнде. Ат үстiндегiлердiң үшеуі әскери киiмде. Әскери киiмдiнiң бiрi қолындағы қамшысын ары-берi сермеп, жиналған топқа әлдененi бұйырып тұр. Сәлден соң қолдарында кетпен-күрек ұстаған еркектер тобы жыра пәсiне түстi де, құрал-саймандарымен жер қазуға кiрiстi. Зағипа олардың тiрлiктерiне зер сала қарағанда байқады, әлгi кiсiлер жыра түбiндегi қар астына үйiлген қой өлiктерiн көмiп жатыр екен.
– Мұзға оранып, еттерi бұзылмай жатқан бұл қой өлiктерiн бекерге көмгенше, жұртқа таратып берсе қайтер едi, – дедi топ еркектiң тiрлiгiнiң мәнiсiн ұққан Зағипа.
– Ойпырмай, десейшi. Белсендiлердi қойшы, мына ауыл адамдарының мұндай қылыққа қолдары қалай барады?
– Ой, әпке. Ауылдың осы адамдары ғой, әнеукүнгi боранда қойдың жүнiн қырқуға ұйымдасып, олардың қырылуына себеп болған. Әй, бiрақ қайтедi, жазғандар. Оны iстемесе бастықтар мен мiлісалар көресiнi көрсетедi сорлыларға. Бүгін де әрқайсысына бiр-бiр өлiк қой берiп, алдап жұмыс iстетiп жатқан шығар.
– Түсiнген адамға олардың қойларды көмгенi – өздерiн көмгенi ғой.
– И-и-и, әпке-ау, қайтесiз ендi. Қазiргi жұрт ертеңiн емес, бiр күндiк қарынның қамын ойлайды.
Жыра басындағы аттылар жонды беткейлеп бара жатқан бұл төртеуiн ендi байқаса керек. Бұларға қарата қолдарын сермей, әлдене айтты да, аттарын желдiртiп берi шапты. Салқынай шошып кеттi:
– Ойбай, Зағипа-ау. Аналар бiзге қарай бет алды. Не iстеймiз ендi? Ойбай, қорқам.
– Келсе келе берсiн. Қорықпаңыз. Бiзге не iстер дейсiз.
– Кiм бiледi, ерiккен пәлелер боқтан өзгенi сөз қылып, ши түбiнен шу шығарып жүрмесiн.
Аттылар әп-сәтте жетiп келдi. Үш мiлиса арттарынан айналып өтiп, алдарына кесе-көлденең тұрды.
– Әй, қатындар! Балаларыңды жетектеп, қайда барасыңдар?!
Сөйлеген аудандық мiлисаның бастығы Жонбаев едi. Салқынай оны бiрден танып, денесi қалтырап, қорқыныштан жүрегi жарыла жаздады.
– Төркiнiме кетiп барамын, – дедi Зағипа.
– Төркiнiңде не бар? О жақта бiреу бiрдеңе пiсiрiп қойып па? Мына қатын кiм?! – деп бастырмалата сөйлеген Жонбаев Салқынайға тесiле көз тастады. Сұмның жады мықты екен, оны бiрден танып қойды: – Оу, бұл сайқал анада бiз Өгемде ұстаған ұжымдасудан қашқан байлардың бiрiнiң қатыны ғой. Әй, сен, елге қалай келiп қалдың? Сонша жерден қалай жеттiң? Иә-ә-ә, бұл тегiн емес. Демек, сонда бiз тауда қалдырып кеткен ылғи қатындардың мiлиса тобынан жасырып қалған тағы малдары, ой, иә, ат-есектерi болғаны ғой. Әйтпесе, сонау тау түкпiрiнен шайтан болмаса, екi аяқты пенде мұнда жаяу жетуi мүмкін емес.
Салқынай сонда қыздарға құзғындай, әйелдерге қырғидай тиген мiлисалар тобын басқалармен қосылып, өлгенше қарғап-сiлеген-дi. Бiрақ әйел ашуы еркек тоқпағы тигенде сап тиылады. Ал мiлисалар онда тоқпақ емес, бұларға оқ тигiзген. Салқынайдың атасы мен енесiн атып тастап, зарланған басқа әйелдердiң жүрегiн ұшырып, үндерiн өшiрген. Ол кезде қарулы сарбаздар тау iшiнде кiлең қорғансыз жандарға зәбiр көрсетiп, бiлгендерiн iстеген. Тiптi бәрiн атып тастаса да, қой дейтiн арашашы жоқ-ты. Ал қазiр ел iшi. Мiлисалардың ортасында колхоз бастығы тұр. Анау қой көмiп жатқан ауыл адамдары тұр. Осылардың көзiнше Жонбаев ендi ата салмас. Осылай ойлаған әрi Жонбаевқа деген ашу-ызасы, бiтпес кегi кеудесiн кернеген Салқынай оның бетiнен ала түстi:
– Дұрыс айтып тұрсың, қандықол немее! Жыра-жыраларда сендерден жасырып қалған тағы бiр үйiр жылқымыз бар едi. Соларға мiнiп жеттiк ауылға. Сен, күшiктерiне жемтiк iздеп, ой-қырды ерiнбей кезетiн бөрiнiң қаншығына ұқсайтын жемсау неме, қолыңнан келсе, тауып ал ендi сол жылқыларды…
– Қысқарт тiлiңдi, жабайы жәләп! Кiмге теңеп тұрсың менi…
Ашудан булыққан Жонбаев сөзiн де аяқтамай, атын өңмендетiп, Салқынайға жетiп барды. Бойын билеген ызалықпен Салқынайдың басынан қамшысымен бiр тартып едi, ашудан дiрiлдеген қолдары соққысын дәлдеген жерiне тигiзтпей, дойыры ауа құшты. Салқынай одан қаймықпай, сөздерiн жалғастыра түстi:
– Өлтiрсең де қысқартпаймын тiлiмдi. Жұрттың алдында айыбым ашылып қалады деп жаның қалмай тұр ма? Мiлісә емес, қанiшерсiң сен!
Оу, жұртым! Оу, халайық! Есiтiңдер бәрiң! Мына Жонбаев сұмырай анада тауда менiң кәрi ата-енемдi, бiр қайнымды атып өлтiрген. Қыздарым мен абысындарымды соқталдай-соқталдай әңгi сарбаздарымен қосылып, әбден зорлаған.
Кеңес жауы бiз емес, осының өзi. Он бес қой, екi сиыры бар үйдi бай деп санайтын бұл көрсоқыр надан неме, қалай мiлісә болып жүр? Елге қалай билiк жүргiзiп, әдiлдiк айтып жүр?
Қаһарланған Жонбаев ат кеудесiмен Салқынайды бiр соқты. Аунап түскен Салқынай жазған сонда да, қақсауын тыймады:
– Жексұрын! Өкiметтiң азбан итаршысы! Сен де бiздей боп, зарлап қал! Өмiрден тұқымсыз, тұлдыр өт! Сен де анау аштан өлгендер сияқты жүдеп өл! Өлiгiң көмусiз қалсын! Етiңдi қара құс жеп, сүйегiңдi құрт мүжiсiн! Мәйiтiңе бала сиiп, қатын тышсын! Құдай сенi тозақ отына өртесiн!
Жонбаев қасындағы қос сарбазының арқасына қамшысымен салып-салып қалды:
– Неғып тұрсыңдар, сайқалға аузына келгенiн оттатып?! Аттан түсiңдер де, өлiмшi қылып тепкiлеп, тiлден айырыңдар! Одан соң қол-аяқтарын байлап, алдыма өңгерiп берiңдер. Ауданға апарып, тас қапасқа қамап, өзiн құрт-құмырсқаға жем қылайын!
Оның айтқанын сарбаздар екi етпедi. Салқынай сорлыны «милиция бастығын балағаттаған адамның жазасы былай болады» деп, сабап-сабап ес-түссiз қалдырды. Аяқ-қолдарын матап, ат үстiндегi Жонбаевтың алдына өңгерiп бердi. Ердiң қасына iшi тигенде Салқынай есiн жиып, «аһ» деп үн шығарды. Жонбаев қамшы сабының түбiмен желкесiнен бiр қойды.
– Бiр дыбысыңды бiлдiрмей жат, көк долы, сұр жылан. Сөйлегiш болсаң, апарған жер- iмде сөйлейсiң. – Сосын колхоз бастығына бұйырды: – Сен, колхозшыларға қойлардың өлiктерiн топырақпен қалыңдатып көмдiр. Бiр де бiр адам қойды аршып ала алмайтын және аупартком бюросының шешiмi мүлтiксiз орындалатын болсын. Екi күннен кейiн өзiм келiп, қатаң тексеру жүргiзем.
Екі милиционер Салқынайды төбелей бастағанда Зағипа араша түспек боп ұмтылған. Біреуінің шынтағынан ұстап, «қойсаңызшы» дей бергенде, анау қақ шекеден бiр перiп, серейтiп түсiрген. Салқынайға қанша жаны ашып, шырылдап ара түскiсi келсе де, бәрiбiр, ештеңе тындыра алмасын бiлiп, iштей аһ ұрып, бүк түскен қалпын бұзбаған. Бiр тәуiрi – Салқынаймен әуреленген аналар бұған қайта назар аудармады, балаларына да тимедi. Өздерiне тiл тигiзген Салқынайды алдарына өңгерiп, жөндерiне кеттi. Олар кеткесiн, орнынан тұрып, үстi-басын қақты.
–Жүрiңдер, балапандарым. Тезiрек құриық бұл жерден. Нағашыларыңның ауылына бiр жетсек, зәбiрден де, аштықтан да бiржолата құтыламыз.
Сол күнi кеш бата Жiгiргенге жеттi. Ауыл шетiндегi бiр кемпiрдiң үйiне «құдайы қонақпыз» деп бiр қонып шықты. Кемпiр дiмкәс, әрi жүруге шамасы жоқ кейуана екен. Азанда Зағипаның «Атбұлаққа кетiп барамыз» дегенiн есiткенде:
– Үй-бай, қызым-ау. Екi балаң бар екен, түнде жол жүрушi болма. Дала-далада, тiптi ауыл шетiнде ит-құс жаман. Пәтшағарлар бұл күндерi адам атаулыдан қаймығуды қойған. Одан соң кiм көрiнгеннiң үйiне түней берме. Қазір адамды адам жейтін заман туған, – деген.
Зағипа бұған онша мән бермеген. Мұның бiлетiнi – қазiрше адамдар аштықтың кесiрiнен не көрiнгендi ауыздарына тығып, ит жеп, тышқан аулап күнелтiп жүргендiгi. Ал айналада сол аштықтың зардабынан ит жеп, тышқан аулаудан басқа да сорақы, айтса нанғысыз оқиғалардың шетi көрiнiп жатқандығынан, қатты ашыққан кейбiреулердiң адам жеп, аш бөрiден де қауiптi бола бастағанын әзiрше есiткен де, көрген де жоқ-ты.
Екiншi күнi Жаңабазарда түнеп, ертесiне Келестен өтiп, Қазығұрт етегiне қарай созылған қырлы-сайлы жонға түстi. Зағипаның бiлуiнше, ендi Атбұлаққа дейiн ел жоқ және екiара қашықтау. Әйтсе де, екi баласы қатты жүрiске шыдаса, қысқа күндi қыз мезгiлiнде де межелi жерге iңiр түскенше жетуi мүмкін. Осыны ойлаған ол балаларын тоқтатпай, қары кеткен жота-жоталар үстiмен алға жылжыды. Сәскеден асқанда азаннан берi алабұлттанып тұрған аспан түнерейiн дедi. Зағипа қар, болмаса жауын жаумаса екен деп, құдайдан iштей мың тiлеп келе жатты. Дегенмен екі-үш сағаттан кейiн қоюланған бұлт ыдырап, күн райы жылы қалыпқа түстi. Бiр төбеден асып, етекке түскенде анадайдағы беткейден қазылған жеркепе көрiндi. Жеркепенiң есiгiне жыртық киiз iлiнiптi. Зағипа «бұ не қылған иесіз жеркепе?» деп ойлағанша болған жоқ, кепенiң киiз есiгi көтерiлiп, iштен бiр еркек шықты. Ол бұларға қарап тұрып, әлсiз дауыспен айқай салды:
– Әй, қатын, қайда барасың? Қасында балаларың бар екен. Келiңдер берi! Үйге кiрiп, қонақ болыңдар.
Зағипа бір жерде демалып алуды ойлап келе жатқан. Мына кiсiнiң шақыруы оның ойынан дәл шықты.
Жеркепе алдына таяғанда, анау кiсiнiң түрінен шошып кеттi. Әбден семген екi жағы бiр-бiрiне жабысып, бет-сүйектерi сыртқа шығып кетiптi. Әр жерден шыққан тал-тал сирек сақалы мен екi ұшы екi жаққа тiкiрейген ұзын мұрты қан-сөлсiз жүзiн одан бетер ұсқынсыз көрсетiп тұр. Екi көзi қып-қызыл. Ерiнiнiң жарылған жерлерi қап-қара жараларға айналған. Зағипаға қарай тәлтiреңдеп, екі-үш қадам басты да, үлкен балаға тесiрейiп, көңiлдене күлдi. Осы кезде көздерi жалындап, ыржалаңдаған күйi ерiндерiн жалады. Қатты секемденген Зағипа:
– Ата, үйде су бар ма? – дедi.
– Әй, қатын, мен саған ата емеспiн. Жасым қырықтан жаңа асқан адаммын… Жаңа су сұрадың ба? Су бар. Ал ауқат жоқ. Маған ауқат керек. Қазiр мына балаңның бiрiн сойып жеймiз. Содан соң маған қатын керек. Қарным тойған соң сенi қатын қылып, осы жертөледе тұрамыз.
Зағипаның жүрегi суылдап, қорқыныштан өн-бойы дiрiлдедi. Екi баласы артына тығылды. Ана кiсi ыржалақтап келiп, ай-шай жоқ үлкен балаға тап бердi. Бала шетке қашып үлгердi. Оны ұстай алмасын бiлдi де, Зағипаның артындағы екiншi балаға ұмтылды. Ол «апа» деп шыңғырып, Зағипаға жабысты. Баланың үрейлi даусы батылдығын оятты ма, Зағипа сол заматта ес жиып, лезде реңi өзгерiп, бағанадан бетер құп-қу кейiпке түскен анау кiсiмен алыса кеттi. Сорлының түк әлi жоқ екен. Зағипа жағасынан алып, итерiп жiбергенде, мұрттай ұшты. Содан тырбаңдап орнынан зорға тұрды. Тәлтiректеп барып, жеркепесiне кiрдi де, iштен ұзын таяқ алып шықты. Таяқты ұзынынан ұстап, ақыра ұмтылды. Сорлыда таяқ сермеуге де қуат қалмапты. Зағипа таяғының ұшынан шап берiп, тартып қалып едi, етпеттей құлады. Осы кезде жеңiлгенiн мойындады ма, жоқ әлде, әйел таяқтап тастайды деп ойлады ма, екi қолымен басын жауып, айқайға көштi:
– Ұрма, қатын, ұрма! Мен онсыз да аштан өлейiн деп жүрген адаммын. Ой-бо-о-ой, ендi не iстеймiн? Мен де өлемiн ғой осылай жүрiп…
Ол өкiрiп жылауға кiрiстi. Зағипа үрпиген балаларын жетекке алып, қырға қарай бет түзеді.
– Оған қарамаңдар. Шаршағандарыңа қарамай, тез-тез басыңдар аяқта­рыңды. Ауылға тез жетпесек болмайды.
Әлгі кісі басын көтеріп, бұлардың зарлана айқайлады:
– Әй, әй, кетпесеңдерші… Тастамасаңдаршы мені… Ой-бо-о-ой… анада қатыным мен балам үшеуміз ауылдағы белсенділерден қашып, осы айдалаға кеп жасырынғанбыз. Мұнда тіске басар ештеңе таппаған соң қатынымыз екеуміз баламызды сойып жедік. Оның еті ада болғанда тағы ашықтық. Содан ұйықтап жатқан жерінде қатынымды сойып тастап, оны бір жетідей азық қылдым. Он күндей болды, қатынымның еті қалмаған кез сүйектерін кеміріп жатқаныма. Ой-бо-о-ой, өлер хәлге келдім ғой. Әй, кетпесеңдерші… Әй, мен осылай аш күйімде, тағы жалғыз қалам ба…
Зағипа бүгінде дала-даладағы жеркепелерді мекен еткен, ары-бері өткіншіні амалын тауып, сойып жей салатын адам жегіштердің көбейіп кеткендігінен тым хабарсыз-тын. Бүгін бұрын құлағы есітіп, көзі көрмеген сондай сұмдыққа өзі кездесті. Содан бағана азанда кемпір айтқан күдіктің рас екеніне көңілі иланды. Иланды да, жүрегі әлгіндегі еркекті көргендегіден қатты дүрсілдеп, тұла-бойы қорқыныштан қалшылдады. Десе де, онысын балаларына білдірмей, жүрісін шапшаңдатты.
Елсiзде жүру қандай қауiптi екенi балалардың санасына ендi кiрдi ме, шешелерiнiң қатты жүрiсiне iлесiп, төрт-бес қыр асқанша мыңқ демедi. Қары жоқ бiр төбенiң басында жарты сағаттай демалды да, сапарларын одан әрмен жалғастырды.
Ұзақ жүрiстен соң Қазығұрт тауының батыс бетiндегi қияға аяқ iлiктiрдi. Бұл кезде кеш батуға таяған. Оның үстiне аспанды бұлт қайта торлап, бiр жауын-шашынның боларын бiлдiргендей едi. «Қап, құдай-ай, – деп ойлады Зағипа. – Жазды күнi болса ғой, күн ұясына қонбай-ақ ауылға жетер едiк. Қазiр қар жауып берсе, күнiмiз не болмақ?»
Күдiгi мен уайымын балаларына тағы сездiрмедi. Дегенмен, бәрiбiр күннiң жарығында Атбұлаққа жете алмайтынын анық сездi. Осыны сезгенде, бағанағыдан да қатты қорқайын дедi. Түнде далада қалу қауiптi. Құдай бетiн аулақ қылсын, төрт аяқты жыртқыштардың бiр тобы кезiксе, екi жас баламен не айла қылмақ?
Әлден соң батыстан ызғарлы баяу жел естi. Бұл ендi анық қар жауып, күн суытатынның нышаны. Қанша күннен берi жылынып тұрған ауа-райы бүгін бұзыла қалғанын қарашы.
Бiрер шақырым жүргендерiнде қас қарайды. Тура осы мезгiлдi күтіп тұрғандай, жапалақтап қар жауа бастады. Екi бала: «Апа, ауылға қашан жетемiз?» деп қайта-қайта сұрайды. «Қазiр, келiп қалдық» деумен алдаусыратады оларды.
Әлден уақытта етек жақтан арқырап аққан судың сарылы естiлдi. Зағипа Ақбураға жеткендерiн бiрден бiлдi һәм көңiлiне «ендi өлмеспiз» деген сенiм ұялады. Өйткенi кең жыралы сайдың бас жағындағы қайнар тастардың арасынан шығып, төменге қарай ақ көбiктенiп, арқырап ағатын мол сулы бұлақтың басында Ақбура атаның сүйегi жерленген. Ақбура кезiнде әулие атанған. Сол әулиенiң басына жергiлiктi жұрт сағана тұрғызып, оған зиянат етiп тұрады. Осы әулиенiң құрметiне орай қалың долана мен кәтреңке, жабайы өрiк пен алма басқан ну ағашты кең жыра да, ол жерден шығатын су да – Ақбура деп аталады. Зағипаның қуанғаны – Ақбура әулиенiң сағанасына кiрiп, жан сақтауға болатыны. Әрi онда түнеген пенденi әулие бабаның әруағы бар жаманшылықтан қорғап шығады. Ақбураға түсе берiс қияда сәл аялдаған Зағипа балаларына айтты:
– Құдай бiздей панасыздарды далаға қалдырсын ба, айналайындар. Ауылға жете алмасақ та, Ақбураға келiп қалыппыз. Ақбура деген – әулиелi орын. Басында там сияқты сағанасы бар. Бүгін сол там-сағанада түнеп шығамыз да, ертең ауылға демде жетiп барамыз. Ал, қарақтарым, «бисмиллаһи» деп төменге түсейiк. Әулие бабамыз бiздi қолдасын.
Иә, әруақтар өзiн барлық пенделер жаппай аялап, рухына бас игенде ғана қолдап-қорғайды-ау, әстi. Себебi бар ғаламды жаратушы көктегi Алла-Құдайды ұмыттырып, әулиенiң рухын қашырған мына терiс саясатты заманда әруақ та пендеге қырын қарай ма, қалай, киелі рухқа сеніп, сағанаға қарай беттеген Зағипа мен балалары үшін бүгінгі түннің өздері үшін опатты болатынын сезген жоқ…
Үшеуі етектегi сағана басына жеткенде, әбден қараңғылық түскен-дi. Қар үдей жауып, iлезде-ақ жер бетi аққа оранған. Жерде қар болса, түн қараңғылығы сәл де болса серпiледi. Бұлар сағананың есiгiн демде тауып, iшке кiрдi.
Сағана iшi мұздай. Адам тұрмай, от жағылмаған соң қандай тамның болмасын, iшi сыз тартып, мұздары хақ. Дегенмен бұл жер желден ық, қардан пана. Осыны медеу көрген Зағипа сипаланып жүрiп, дершедегi жайнамаз бен текеметтi алды.
– Апа, не алдыңыз? – деп сұрады үлкен баласы.
– Жайнамаз бен текемет қой. Бiрiн төсенiп, бiрiн жамылып жатамыз.
– Ой, қандай жақсы болды. Бұлардың сағана iшiнде бар екенiн қайдан бiлдiңiз?
– Ой, балам-ай. Менiң туған ауылым анау iргеде тұр. Қыз кезiмiзде мұнда талай келiп, зиянат жасап, суын iшiп кетушi едiк. Жайнамаз бен текемет сағана iшiнде сол кезде де болатын. Құдайға шүкір, олар әлi бар екен. Ешкiм тимептi. Айтпақшы, мен есiктi байлап қояйын. Одан соң жататын тұсты таңдаймыз.
Шешелерi есiктi байлап жатқанда, екi бала текеметтi жерге жаймаққа кiрiстi. Осы кезде үлкен бала:
– Апа, тамның мына шетiне қар түсiптi. Ол қайдан кiрiп жатыр-ә? – дедi.
Сағана күмбезі домалақтана салынған. Төбесi онша биiк те емес. Ең биiк жерi екi кiсiнiң бойына пара-пар. Сағана ескi ғой. Дуалдары да әбден мүжiлген. Зағипа баласының әлгi сөзiнен кейiн айнала дуалдың жоғарғы жағына бажайлап қараса, өзiнiң қолы жетердей тұста үлкендеу ойық бар екен. Сiрә, қар-жаңбыр опырып түссе керек. Сол жерден қар сауылдап, iшке құйылып жатыр.
– Бұл тесiктi бiтей алмасымыз анық. Жә, қоя бер. Қар азанға дейiн тынбай жауса да, сағана iшiн басып қалмайды. Мына жағы құрғақ қой. Текеметтi сонда төсейiк.
Ұзын текеметтi екi бүктеп астыларына салды. Жайнамазды жамылып, үшеуі қатар жатты.
– Апа, қарным қатты ашты.
– Нан жегiм келiп, өлiп барам, – дестi балалары.
– Ендi бiр түн шыдаңдаршы. Ертең нағашыларың қарындарыңды әбден тойдырады.
Балалар да азықтың, нанның жоқтығына көндiккен. Апаларының әлгi сөзiн мiсе тұтып, үнсiз қалды. Дәл осы кезде сырттан бiр ырыл естiлдi. Артынша ырыл күшейiп, жиiлей түстi. Әлденелер дуалды соғып, есiктi тырмалай бастады. Тiптi тамды айнала жүгірген дыбыстар да анық құлақтарына жеттi.
– Бұл не, апа? – дедi үлкен бала дауысын шығара.
Зағипа тыныш дегенше болмады, ырылдар бұрынғыдан да өршiп, есiктi қатты тырнай түстi. Балалары бiлмегенiмен, Зағипа сыртта бiр үйiр қасқырдың тұрғанын анық бiлдi. Олар да қазiргi адамдар сияқты жеуге нәр таппай, қарлы түнде құтырған пәлелер ғой. «Құдайға тәубе, бағана далада кездеспегенiн айт. Бұл жыртқыштар бiздiң iзiмiзбен келдi, не болмаса, иiсiмiздi сезiп келдi. Там iшiнде жатқанымызда о хайуандар ештеңе iстей алмас. Әй, бiрақ, құдай-ау, ертең күндiз де осы маңнан кетпей бiздi аңдып жатып алса, не iстеймiз? Ел де жақын емес. Ақбура елден жырақ тұс. Ары-берi жүргiншi де өте қоймайды. О, құдай, о, айналайын, Ақбура әулием, өздерiң қолдап-қорғаштай көрiңдер!»
Жан-жағындағы балаларын екi қолымен қапсыра құшақтаған Зағипа осылай жалбарынып, терең күрсіндi. Балалар да бұған жабыса түстi. Жауып тұрған аппақ қар айналаға ақ сәуле шашқандай ма, төбедегi тесiктен бозамық жарық түсiп тұр. Соның әсерiнен там iшi де тастай қараңғы емес, анадай жер көзге шалынардай қаракөлеңке.
Есiк тырнаған қасқырлар одан түк шығара алмасын бiлдi ме, дуал түбiн соққылай бастады. Зағипа ақырын басын көтерiп, дуал түбiне құлақ салды. Айласы мол жыртқыштар дуал түбiн соққылап емес, үңгiп жатқан сыңайлы. Қасқырлардың мұндай қылықтары жайында бұл талай естiген. Тiптi баяғы «Жылантақырғы» жұтта талай үйдiң түбiн үңгiп, адамдарын жарып, жеп кеткенiн ауылда бiрнеше рет көрген. Бұл хайуандар адамдардың қауқарсыз, қарусыз, мүшкiл халдегi кездерiн тап басып таниды тағы.
Қасқырлардың пышақтай өткiр тырнақтарымен сағана дуалының үш тұсын үңгіп жатқанын бiраздан кейiн аңғарды. Ендi олардың беттерi қайтпайтынын бiлген Зағипа қорғанбаққа кiрiстi. Қолында бағанағы адам жегiш кiсiден алып кеткен жалғыз таяқ. Орнынан тұрып, соны қолына алды да, балаларына қарады:
– Айналайын, жандарым, әшейiн. Бiздi қасқырлар қоршап алды. Мен айқайлап, таяқпен дуалды ұрғанда, сендер де айқайлаңдар. Олар даусымыздан үркiп, кетiп қалады. Ал айқайлаңдар! Еш қорықпаңдар!
Өзi айқайға басып, қасқырлар үңгіп жатқан дуал тұстарын таяқпен пергiледi. Таяқ тиген дуал дүңкiлiнен аналар ықты ма, бiр сәт жым-жырт қалды. Алайда аздан кейiн үшеуінiң айқайы да, дуал дүңкiлi де өздерiне қауiп емес екенiн сезгендей, тықырлатып әрекеттерiн жалғастыра бердi.
Зағипа да өршелене айқайлап, дуалды соғуын жиiлеттi. Көп ұзамай-ақ, өзiнiң дiңкесi құри бастады. Аш адамда ұзаққа жететiн күш қайдан болсын. Сонда да екi баласын жыртқыштарға жем қылмау үшін жанталасып бақты.
Қасқырлар үрiкпедi. Тағы бiреуi дуалдың төртiншi тұсын кеулеуге кiрiстi. Олармен қатар бесiншi бiреуi ағаш есiктi тiсiмен қаршылдатып, жұлмалап жатыр.
Зағипа ендi бөрiлерден өзi құтылмаса да, балаларын құтқарайын деп ойлады.
– Тұрыңдар, жандарым менiң. Ит, мысық жесек те, қыс өткенше, ауылдан бекер-ақ шығыппыз-ау. Қап, құдай-ай, нем бар ендi сендердi қатерге тiгiп…
Екi бала екi жақтан еңiреп, сағана iшiн азан-қазан қылды. Ауыздарынан апалағаннан басқа сөз шықпады. Жандары шырқырап, өлiм тұзағына, ажал құшағына iлiгетiндерiн сезгендей, бiр түрлі қорқынышты азамен жылады. Зағипа селт етiп, есiн жиды. Өзi де осалдық танытып, балаларымен бiрге еңiреп тұра берсе, оларды аман алып қала алмайтыны санасына кiрiп, үлкен баласына шап бердi.
– Дереу иығыма мiн де, анау төбедегi тесiктен өрмелеп, жоғары шық. Одан соң мына Қанағатты көтерем. Сен оны тартып ал.
– Апа, сiз ше?
– Мен ең соңында шығамын.
Үлкен баласын иығына мiнгiзiп, сағананың қар сауылдап тұрған төбедегi тесiгiне апарды. Бала тесiктiң екi шетiнен шап бердi де, төбеге тырмысып, әп-сәтте жоғарыға шығып кеттi.
Зағипа екiншi баласы – Қанағатты иығына ендi сала бергенде, дуалдың екi шетiн үңгіп бiткен екi қасқыр iшке лап қойды. Екi жақтан бiрдей атылған қос бөрi тура екi санына жармасты. Арт жақтан келген үшіншi қасқыр секiрiп кеп, желкесiне жармасты да, кейiн тартып, баласы екеуiн шалқасынан түсiрдi. Зағипа төбедегi баласына айқайлап үлгердi:
– Балам, Атбұлақтағы нағашы аталарыңның аты – Аманкелдi, Садық…
Тура тамақтан алған бiр қасқыр кеңiрдегiн жұлып алды. Ал Қанағаттың тiптi дауыс шығаруға да шамасы жетпедi…
Төбедегi бала да аман қалмады. Сағана үстiндегi құйып жауған қар астында дiрiлдеп жатып, таңға жуық жаурап, қатып қалды. Өлi дене со заматта-ақ сусып, жерге түстi. Азанға дейiн Зағипа мен баласының сүйектерiне дейiн кемiрiп шыққан бөрiлер, оның өлi денесiн де әп-сәтте ту-талақай қылды.
Осылайша, бiр әулет түгелiмен жойылды. Бiреу болса, амал не дер едiк. Ең өкiнiштiсi, бұл уақытта бүкіл Қазақстан бойынша бiр күннiң өзiнде аштық салдарынан қаншама әулеттер тұп-тұқиянымен қырылып жатты.
…Иә, бұл – әмбе қазақтың басына жеті-сегіз айдан бері төнген, күннен-күнге зорайған, шетсіз-шексіз, алапат зобалаңның бір ғана кішкене сойқаны, бір ғана титтей көрінісі-тұғын.

 

Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ