КӨБІРЕК ОЙЛАНАТЫН КЕЗ ҰЛҒАЙДЫ
ҚАЛСЫН ДЕП
ЖАЗДЫМ ІЗДЕРІМ
Сенімге толы пейілмен,
Бет бұрдым талай белеске.
Күткенім алдан, кей күннен,
Болған-ды, тіпті, елес те.
Тау бұзар, шіркін жастық-ай,
Күш сыймай жүрген кеудеге.
Өз биігіме жасындай,
Жетпеймін, дедім, мен неге.
Көрмедім десем қиындық,
Талай бір кездер тер төккем.
Тағдырым берді сыйым ғып,
Ауыр күндерді өлшеп кем.
Көбірек болды сәттілік,
Нық басып жүрдім адымдап.
Көрген жоқ көңілім сарт сынып,
Қалмады қатты тауым қап.
Түскен жоқ күдік сертіме,
Болған жоқ жағдай бір ұят.
Біреуге уәде бердім бе,
Сөзіме тұрдым мұқият.
Аңсаумен жүрем мен ылғи,
Жаңа бір, тағы, ақ таңды.
Қасиетім бар табиғи,
Күткенді жиі тапқамды.
Балалық кезім бір өткен,
Ұмытқам жоқ
дос пен жолдасты.
Қолдадым көбін көмекпен,
Ағайын, таныс, құрдасты.
Айтпадым мысқыл, кекесін,
Көрсетпей бойдан қызғаныш.
Адамға әр кез жеке сын,
Тап болса сезім, тырнап іш.
Сыпсыңдап сұрап әркімнен,
Жасырын сырлар жимаппын.
Қалыппын аман бәлки мен,
Атынан қорқып жүрген соң,
Өсекші деген бейбақтың.
Бетіне күліп, көргенде,
Айтқам жоқ басқа, сөз кейін.
Ұнатпай қалсам мен кейде,
Көрсеттім мінез,
төзбеймін.
Әдет жоқ, бойда, сыншылдық,
Кемшіліктер бар менде де.
Қысылам кейде, бұл шындық,
Қатемді кеткен көргенде.
Келемін жұрттан жолыққан,
Ортадан алып, тәрбие.
Үйрене берем, сондықтан,
Кеш емес әлі әрине.
Әуесқой болдым әрнеге,
Алғым кеп бойға, көп өнер.
Кейбірі, шүкір, бар менде,
Алда бар, тағы, үйренер.
Пайдамды іздеп біреуден,
Әдептен аттап, баспадым.
Ойлаумен әр кез жүрем мен,
Екенін ғұмыр қас қағым.
Лауазым күтіп, аптығып,
Марапат сұрап, көргем жоқ.
Сақтанып келем, жат қылық,
Кездеспегей, деп, кездейсоқ.
Болса да кейде керегі,
Сұраған жоқпын, көп көмек.
Анашым, жүрме, деп, еді,
Бермесе біреу қол ұшын,
Бұрылып кетіп, өкпелеп.
Барлығын, мұның, тізбедім,
Өткізбей, ойдан, електен.
Қалсын, деп, жаздым, іздерім,
Бойымнан алып, теріп мен.
Маңдайға жазып, тағдырдың,
Пендеге берген жолы бар.
Сеніммен, өтсе әрбір күн,
Сәттілік жиі жолығар.
ІЗ ДӘПТЕРДЕН…
Келеді айта бергім өзім жайлы,
Кей адам өзі жайлы сөз қылмайды.
Керегін алсын дедім кейінгілер,
Көбірек ойланатын кез ұлғайды.
Кей сәттер тұрса дағы тасып қаным,
Көрсетуге жат мінез асықпадым.
Кездерім де болған жоқ бүгежектеп,
Күйін кешкен бейшара жасықтардың.
Күйіп-пісіп кейбірде қала жаздап,
Ашуды келе жатқан жаңа маздап,
Үлгерем іштен өзім басу айтып,
Себеп көп жүретұғын жан мазалап.
Асығыспын, менде жоқ жәйбарақаттық,
Көп шешімді алмаппын жәймен ақтық.
Жиірек өзгерген жоқ, бірақ кейде,
Өзгертем кетсе кейде бір ағаттық.
Кекшілмін, бұл да бойда кемшілігім,
Білсем де құтылмадым, енші қылдым.
Жазықсыз жапа шексем оянғанмен,
Байқатпайды бойдағы кеңшілігім.
Ұнатпаймын іштарлық, сараңдықты,
Мен үшін бұл қасиет жаман мықты.
Болған жоқ екеуі де бойда менде,
Кезде де баспай жүрген қадам мықты.
Жақсы көрем жандарды қайырымды,
Жеңілдетіп жүрегін қайғы, мұңды.
Өткізген қиындау бір шақтарымнан,
Еске алып жүретін қай күнімді.
Еңбекқормын, кей сәттер өлерменмін,
Аз емес жеңісіме кенелген күн.
Тағдырдың тауқыметін ерте көріп,
Тер төгіп, еңбегіммен теңелгенмін.
Өзіме сендім әр кез алдыменен,
Жиірек тиді орын алғы жерден.
Өтіп біраз асудан жүріп өткен,
Талай із талай істе қалды менен.
Бітіпті бала жастан албырт мінез,
Өткен жоқ шаршасам да қалғып бір кез.
Осылай жеттім біраз мақсатыма,
Бірінен соң біріне қарғып тым тез.
Бастан кештім бір бөлек басшылықты.
Көрсетпеуге тырыстым лас қылықты.
Сенген маған жандардың көңілінен,
Шығу үшін кейбірде састым мықты.
Көмектессем қуандым жұрттан бұрын,
Кезім көп қамқорсыздың ұққан мұңын.
Ұқсасақ екен деймін, өткен талай
Жандарға, шешемін деп ұлт тағдырын.
Көп елді аралаппын алыс, жақын,
Кез көп болды талаймен танысатын.
Тырыстым көрсетуге қазағымды,
Кей елде болды бір кез таныс атым.
Ешқашан қол үзгем жоқ ағайыннан,
Әсіресе Беріш пен Адайымнан.
Нағашы, жиен, құда, қайын-жұртым,
Дәм татып, көрді құрмет сарайымнан.
Бақытымды, жарымды таптым ерте,
Бір үйдің қызы еді тап бір ерке.
Мен Бақыттың қожасы, ол – Ырысым,
Шаңырақ боп, сыйласып, жақтық көпке.
Сүйдік ұл, қыз, немере, шөберелер,
Шаңырақта кеңейді керегелер.
Ұрпаққа тілейміз біз, азаймағай
Қуаныш, қызықтары көре берер.
Достар бар келе жатқан бала жастан,
Жолдас көп жылдар бойы араласқан.
Иық тіреп, қамқор боп, қарайласып,
Кезіміз көп қатарлас қадам басқан.
Бойымнан өз сырымды іздеп тердім,
Біразын жыр шумақпен тізбектедім.
Азды-кем болса сабақ кейінгіге,
Бекерге жазылмапты із дәптерім.
БҰЗБАЙЫҚШЫ
Сақалдылар сананы жатыр улап,
Дінімізді шайқалтып басы бұлғақ.
Бұған келіп қосылды тәңіршілер,
Арамызға жік салып ақырындап.
Төлеген Жанғалиев ақын депті,
Білдіріп көңілдегі салқын лепті.
Қазаққа жат киініп жастар кейбір,
Бұрмалап бара жатыр салт пен текті.
Сыйлау керек қашан да тіл мен дінді,
Асығыс үлгі тұтпай кім көргенді.
Ұмытпайық, алдымен, біз қазақпыз,
Тіл, дінін, әдет-ғұрпын білген енді.
Әйел-қызы біреудің, ұзатылған,
Қазақта ілеспеген сөз артынан.
Қара, қоңыр оранып, қазаққа жат,
Кім кигізген киімдер шұбатылған?
Тартса-ды орамалын үйлесетін,
Келіндер кимей қара кимешегін.
Білсе-ді өтіп бара жатқандығын
Жастығы, әдемі боп күй кешетін.
Жазғам бұрын, ұрпақпын дін сыйлаған,
Орнатпақ боп біреулер дінсіз заман,
Атам көп жыл амалсыз кетті елден,
Молда-ды мешіт ұстап, көпті көрген.
Әр халықтың діні мен дәстүрі бар,
Жоқ емес қазақта да аз түр ұнар.
Ал бізде қыз, келіншек түрін бұзып,
Неге сонша өзгерген әсте бұлар?
Қалыптасқан ескіде ізге ерсек,
Қызыл, жасыл киінген қыз, келіншек.
Кейбіреулер қор боп жүр артығырақ
деп ойлап, өзгеше боп біз бөлінсек.
Араладым бір бөлек араб жерін,
Әдет-ғұрпын, киімін қарап едім,
Жұмыс жасап біраз жыл
Йеменде де,
Көргенмін аптап ыстық дала елін.
Хамсин деген елу күн құм борайтын,
Алпысқа жетіп ыстық тұрдырмайтын
Күн астында, әйелдер бетін жауып,
Ұзын киіп, бастарын жүр орайтын.
Ал бізде жоқ қой мұндай қажеттілік,
Қалай кіріп барады бұл жат қылық?
Бас орап, күлгін түсті орамалмен,
Қараны жамылуды әдет қылып.
Ойлап жүрсек жүр ғой деп текті біліп,
Жоғарға да жат бізге жетті қылық.
Осынау қазағымда болмағанға,
Белгілі, беделділер кетті кіріп.
Көбейген өнер, спорт ортасында,
Күні кеше бір жүрген, боп қасыңда,
Бүлік шыққан елдерде көргеніңдей,
Мұрты жоқ сақалдыдан қорқасың да.
Елміз біз келе жатқан сыйып ұлттар,
Көп бізде салт, дәстүрден жиынтықтар.
Тек бізде бұрмаланып дін, салтымыз,
Түсінбей бара жатқан қиындық бар.
Әзірлеуге, әзірге, жұртты қиын,
Кигізуге, көбірек, ұлттық киім.
Егемен ел болған соң есті жиып,
Қайтарып жатырмыз ғой ұмыт қып, кейін.
Киген дұрыс киімді үйлесетін,
Үркітпей айналаңды күй кешетін.
Еліктегіш халықпыз, адасудың
Көрсетіп алдық білем кейде шетін.
Сынап, бөліп біріміз-бірімізді,
Бұрмалай бермейікші дінімізді.
Оқшауланбай бізге жат киім киіп,
Бұзбайықшы сырт пішін, түрімізді.
СЫН
Шыдамайды адамның сынға бәрі,
Іріктелген осылай шыңдалады.
Өткізіп тағдыр талай електерден,
Шығарады ортаға тұлғаларды.
Табиғат, тағдыр бізді сұрыптайды,
Маңдайға жазған бізді бұрылтпайды.
Біреу жүрсе қуанып, қиналады
енді бірі, басында тұрып қайғы.
Әйтсе де өмір-күрес, арпалыстар,
Озу бар, орташалық, бар қалыстар.
Аттау үшін алаңсыз алға әр кез,
Сенімді болған дұрыс арқа тұстар.
Қалмасын десең артта күңгірт күндер,
Тұрмасын бойда қылық, бір, жұрт күлер.
Ұмытпағын қашан, қайда болсаң дағы,
Қашан да айналаңда сын жүк жүрер.
Әр пенде өз жолымен өтер жүріп,
Бұйыртқан биігіне көтеріліп,
Қызық пен қиындықты қатар көріп,
Өмірдің сын екенін кетер біліп.
ҚОРҚАМЫН
Қорқамын, көкті жапқан қара бұлттан,
Найзағайдан күркуді дала жыртқан.
Ерекше қорқам сонау балалықтан,
Бойына ажал жиған қара құрттан.
Қорқамын, қара суық, дауылдардан,
Араласқан бұршақпен жауындардан.
Қалам қорқып, бей-жай боп жүргенімде,
Шыға келсе кей сәттер қауіп алдан.
Қорқамын, алауыздық, іштарлықтан,
Шығатын қай елде де іштен сырттан.
Береке бейбіт елде, тыныш жатқан,
Сескенем әбігерге түскен жұрттан.
Қорқамын, жүрген елден жер кеңейтіп,
Дау, жанжал, қақтығысты ермек етіп.
Қырылып жазықсыз жан, өзінде де
Жатырған, жастай талай, көрге кетіп.
Жігіт боп жат өлкеден үрікпеген,
Аралап, талай елді, жүріп келем.
Қазаққа ата жұрт деп құшақ жайған,
Табыстық түбіміз бір түрікпенен.
Тарихтан бірге жүрген тердік ізді,
Алысырақ қойыпты жерімізді.
Қорқамын, сырғымалы саясаттан,
Құдайым айырмағай енді бізді.
Бітерін бұл тірліктің білгенменен,
Ісім көп, істеп әлі үлгермеген.
Жасырмаймын, қорқамын, жүрген орта
Айырыларын білгенде, бір күн менен.
Айыруға тырыстым ара-жікті,
Аттамауға, адасып, ала жіпті.
Көңілі қалып біреу, қорқам кейде,
Жаныма сала ме деп жара мықты.
Жеткенде бүгін жеткен белесіме,
Кей сәттер айналуда елесіме.
Ойлайтын болдым жиі, үміттеніп,
Есімім қала ма деп ел есінде.
Аталар атым, бәлкім, кеште бірер,
Ұмытылмаса біреуде естегілер.
Істерім, өткен жолдар ескіргенмен,
Жыр жолдарым оқылып, есте жүрер.
ІШТАРЛЫҚ
Қазақ деген тамыры терең халық,
Қауіпті кей қасиет елең алып,
Бірін-бірі кінәлап, даттап сырттан,
Бас көтерген талайын жеген халық.
Ілесіп айдап салған дос емеске,
Мақсат қойған қазақты өсірмеске,
Сан жылдар «қолына су келген құйып»,
Жағам деп, жалпылдаған көршілеске.
«Қазақты жамандама қазақ бала,
Халықпыз қазақ деген аз-ақ қана»,
Дегенмен Күләш ақын, шындықтар бар,
Әкелген қазағыма азап қана.
Қазбалай бермейікші дейміз бірақ,
Әл бермей кетті бізге кейбір сынақ.
Болашаққа жетсек те бүгінгідей,
Өтіппіз кейде жылап, кейде құлап.
Бүгін де жамандаса біреулерді,
Қосылып, қосып өзі біреу ерді.
Іштарлық, көре алмау қазағымда,
Әттең-ай, әлі күнге түзелмеді.
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ





