Брежнев һәм жазушылар


Сөзі дана, ісі ізгі, кемел кісіні әрдайым парасатты адамдар құшақ жая қарсы алады, олар онымен тіл табысу жолдарын іздейді. Бірақ өмір бір сызықтың бойымен жүрмейтіні іспетті, оның да бұралаңы көп. Бұл енді СОКП ОК-нің ең жуас, елгезек, елге жағымды болған Бас хатшысы Л. Брежневтің тұсында болған оқиға еді. Қаншама жағымды десек те, СОКП ОК-нің Бас хатшысы Брежнев интеллегенция өкілдерімен кездесуге аса құлықты болмаған. Оған партия билігіне алғаш келген тұста өзіне қаратып жазылған бір хаттың қатты ықпалы болған. Оның үстіне күн сайын түрлі ақпарат жүйелері арқылы келіп жатқан хаттардан құлақ сарситын.
Күйреу

Белгілі орыс журналисі Н. А. Зенковичтің «На КГБ работали и «Стар» и «Млад» атты документальды хронологиялық кітабы бар. Онда Кремль агентурасынан шыққан түрлі комбинацияға толы ақпараттар арқылы сыртқы әлем партияның бас штабында болып жатқан саяси, идеологиялық интригалардың өзін сараптап отыратыны ашық айтылады. Сөйтсек, СОКП ОК-нің жауапты қызметкерлерінің басым бөлігі сол тұстағы құпия ұйымның жансызы болып қызмет атқарған екен.
Сондай жансыздың бірі – Мәскеу қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы В. Гришин болыпты. 1968 жылы 3 сәуірде жазылған аса құпия грифі бар хатқа Андропов, Гришин, Руденко және Щелоков қол қойып, ол СОКП ОК -не «Диссиденттер туралы» деген атпен жіберіліпті.
Ескерте кетейік, бұл құжат баспасөзде Ельциннің билігі тұсында тұңғыш рет жарияланған. Ол баянхат Л. И. Брежневке Мәскеу қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы В.В. Гришиннің бастамасымен жіберілген. Сол кезде Гришиннің Мәскеу қалалық партия комитетінің хатшысы болып істегеніне бір жыл да толмапты. Көзге көрініп қалғысы келген жас хатшы Кремльдің кең дәлізін шаңдатып жүріп, есіктен-есік аралап, хатты жауапсыз қалдырмауға бастама көтерген көрінеді.
Ақылы жетіп оны шешуге батылы бармаған Бас хатшы Брежнев ол хатты өзі Құдайындай сенетін Сусловқа бағыттап жіберіпті. Шын мәнінде бұл хат Брежневтің зиялы қауым тарапынан, әсіресе, жазушылардан алған алғашқы хаты болыпты.
Арыз-шағымның тарихы мынаған саяды: 1966 жылы жазушылар Ю. Даниэль мен А. Синявскийге сот өтеді. Олар қатаң режимдегі лагерьлерде «антисоветтік әдебиеттерді таратқандары және кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгені үшін» тиісті мерзімдерге сотталады.
Осыдан соң, Жоғарғы Кеңеске, СОКП Орталық Комитетіне, СОКП ОК-нің XXIII съезінің Президиумына хаттар бұрқырай түседі. Олардың біріне 62 кеңес жазушысы бір ауыздан қолдарын қояды. Жер-жерлер­де студенттердің, суретшілердің, баспагерлердің, зерттеушілердің наразылық­тары белең алады. Орталық комитет қыспақта қалады. ОК хатшысы Суслов оларды орындаушыларды «анықтап, жазалауды» талап етеді. «Қол қоюшылармен» жеке дара жұмыстар жүргізіліп, тәрбиеге шақырылады. Көнбегендері жиналыстарға салынып, жұмыстан шығарыла бастайды.
Өзге ойлы топ – А.Гинзбург, Ю.Галансков, А.Добровольский және В. Ланскова кешірім сұрау хаттарының орнына процесстің қалай өтіп жатқаны туралы материалдар жинайды. Онда хаттамалар ғана емес, сот туралы пікірлер, сұхбаттар, өлеңдер, тіпті әзілдер де жинақталады. Олар бойынша «Ақ кітап» құрастырып, оны шетелге асырып жібереді. Кейін оны құрастырушылар қамауға алынып, сотталады. Олардың қамауға алынуы өз кезегінде наразылық хаттарының өршіп, апелляцияның жаңа ағынын тудырады. Тағы да, ең белсенді топ ерекше байқалып қалады.
Құқық қорғау органдары диссиденттерге қатаң шара қабылдауды бастайды. Бақылау, іздеу, прокуратураға қоңырау шалу және т.б. талап жасау оқиғалары орын алады. Белсенді түрде оларды қудалау басталады.
Мәскеуде әр тұста бас қосулар өткізіліп, студенттер бірінен соң бірі толқуларға шыға бастайды. Олар КСРО азаматтарының құқығын бұзу фактілерін талқылап қана қоймай, Чехословакиядағы сол кездегі оқиғалар туралы ақпараттарды да талқыға салады. Бұлардың бәрі шетелдік баспасөздерде кеңінен жарияланады.
Орталық Комитеттің Саяси Бюросы жағдайды екі рет талқылайды және В.В.Гришинге оны сараптап, жедел арада «тоқтатуды» тапсырады.
Осыдан соң, жоғарыдағы «Донос хат» пайда болады. Біз хатқа қол қоюшы авторлардың қолтаңбаларының ерекше сериясын көреміз. КГБ төрағасы Ю.В. Андропов мұндай хатты өзі де ым-жымын білдірмей «жоғары» жаққа жібере алатын тұлға болатын. Бірақ ол мұндай саяси құжаттарға асығыс ешқашан қол қоюға тырыспайды. Оңтайлы сәтті күтеді. В.В. Гришиннің хатына құқықтық жағынан қолдау білдіруші ретінде Бас прокурор Р. А. Руденконың қол қоюы, оның заңдылығын бекіте түсуінің белгісі болады. Хатқа КСРО Ішкі істер министрі Н. А. Щелоковтың қол қоюы диссиденттердің қамалуы мен дүние-мүліктерінің тәркілеуіне берілген бұйрықпен бірдей еді. Осыдан соң Бас хатшыға жазылған хатқа Андропов та қол қояды.
Енді оқырманды қызықтырған оқиғаның қалай өрбігенін айта кетейік:

Аса құпия түрде.
СОКП ОК-не
Соңғы айларда империалистік мемлекеттердің үгіт-насихат орталықтары өздерінің кеңестік жүйеге қарсы бағытталған іс-шараларында Гинзбург, Галансков, Добровольский және Лачкова ісіндегі сот процестерін белсенді пайдаланып отыр. Буржуазиялық Батыстың бұл процеске реакциясы Кеңес мемлекетіне және әлеуметтік жүйеге қарсы ашық жала жауып, демокра­тиялық бостандықтар жоқ мемлекет ретінде КСРО-ға қарсы науқан ұйымдастыруға талпыныс жасауда.
Дұшпандық науқанды қоздыруға Григоренко, Волпин-Есенин, Якир, Литвинов және Богораз-Брухмандар өздерінің іс-әрекеттерімен жол ашып отыр. Олар өз кезегінде Батыспен келісімпаздық орнатқан.
Буржуазиялық баспасөз бен радио өкілдерінің ең реакциялық бөлігінің серіктестері ретінде, олар жүйелі түрде жала жабатын материалдармен қамтамасыз етілген. Олар шетелдік азаматтар үшін жеке-жеке баспасөз конференцияларын өткізуге тырысуда. Осы арқылы олар билікке қарсы элементтерді саяси зиянды әрекеттерге итермелеуде. Олардың мазмұнында дұшпандық пиғылда ықпал ететін хаттар, мәлімдемелер, наразылықтар білдіруге шақыратын түрлі үгіт парақшалары бар. Мұндай теріс ниеттегі парақшалар адамдар жиі жиналатын ортада көптеп таратылуда.
П. Г. Григоренко – 1907 жылы туған, ұлты украин, КОКП-нің бұрынғы мүшесі (1964 жылы партиядан қуылған). Бұрынғы Кеңес Армиясының генерал-майоры, СУ-20 Мосстрой-4 жабдықтау бөлімінің шебері. 1963 жылы ойдан шығарылған «Ленинизмді жандандыру одағы» атынан кеңестік билікке қарсы үнпарақтар шығарып, таратқан, сот шешімімен психикалық ауруға шалдыққаны дәлелденген. 1966 жылы ол сталинизм құрбандарын еске алуға арналған митинг дайындауға белсенді қатысқан. Гинзбург ісі бойынша сот процесінде және басқаларында оның сот ғимаратындағы арандатушылық әрекеті шетелдік журналистердің жала жабу процесіне ықпал еткен. 1968 жылы Будапеште өткен коммунистік және жұмысшы партия өкілдерінің консультативтік жиналысына қатысушыларға дұшпандық мазмұндағы құжаттарды жіберуге әрекет жасаған.
А. С. Волпин-Есенин – 1924 жылы туған. Еврей, партия қатарында да болмаған, физика-математика ғылымдарының кандидаты. Бүкілодақтық ғылыми-техникалық ақпарат институтының кіші ғылыми қызметкері. 1949 жылы кеңеске қарсы үгіт-насихат жүргізді деген айыппен тұтқындалған. Тергеу барысында есінен танып, мәжбүрлеп емдеуге жіберілген. 1959 жылы антикеңестік қызметі үшін тұтқындалған және мәжбүрлеп емделуге жіберілген. 1965 жылы Пушкин алаңында өткен рұқсат етілмеген «көпшілікке арналған митингке» қатысқан. 1965-1967 жылдары шетелдіктермен жүйелі түрде кездесу ұйымдастырған. 1967 жылғы қаңтарда қамауға алынған Германия эмиссары Шаффхаузермен кездесіп, Волпин-Есенинге екі нұсқаулық хатпен бірге антисоветтік әдебиетті берген. Гинзбург және басқаларға қатысты сот процесінде сот ғимаратына адамдар жинап, оның ұйымдастырушысы болған және арандатушылық үндеулер дайындауға қатысып, олардың бір бөлігін батыс тілшілеріне берген.
П. И. Якир – 1923 жылы туған. КСРО Ғылым академиясы Тарих институтының кіші ғылыми қызметкері, «жеке басқа табынушылықтың салдарымен күресу» атты қозғалыс туы астында белсенді әрекет жүргізген. Қабыну әрекеттерінің негізгі ұйымдастырушыларының бірі. «Азаматтық үндеу» деп аталатын саяси зиянды мазмұндағы парақшаларды таратуға қатысып, репрессияға ұшыраған адамдардың балаларының хаты бойынша қол жинаған.
П. М. Литвинов – 1940 жылы туған, ұлты орыс, партияда жоқ. Мәскеу химия технология институтында оқытушы болып жұмыс істеген. Еңбек тәрті­бін бұзғаны үшін жұмыстан шығарылған. Жүйеге қарсы іс-шараларға белсенді қатысқан. Гинзбург және басқаларға қатысты тергеу және сот процесінде куәгерлерді тыңдаудан өткізіп, олардан айыпталушының пайдасына дәлелдер жинаған. Богараз-Брухменмен бірге «Әлемдік қоғамдастыққа» жала жабу үнде­уін жасаған және басқа арандатушылық материалдармен бірге оны шетел асырған. «Ақ кітап-2» кодымен жала жабатын қолжазба үшін материал жинаған.
Л. И. Богараз-Брухман – 1929 жылы туған, еврей, партияда болмаған, филология ғылымдарының кандидаты. КСРО Стандарттау комитетінің Техникалық ақпарат, классификация және кодтау институтының аға ғылыми қызметкері. Жүйені айыптайтын «Сапарда» және «Менің айғақтарым» атты саяси зиянды қолжазбалардың авторы және оның дистрибьюторы. Гинзбург және басқалар мен бірге Даниэльді қорғау бағытында «Әлемдік қоғамдастыққа», ғылым мен мәдениет қайраткерлеріне үндеу жасаған. Шетелдіктерге бірнеше рет негізсіз жала жабу туралы ақпараттар берген.
Прокуратура және мемлекеттік қауіпсіздік органдары Григоренко, Волпин-Есенин, Якир, Литвинов және Богораз-Брухманмен бірнеше рет ескерту келіссөздерін жүргізгенімен, оларға ешқандай ықпал етпеген. Жоғарыдағы қатаң ескертулерден кейін де, Якир КСРО-да саяси бостандықтың жоқтығын білдіріп, «КСРО ғылым, мәдениет және өнер қызметкерлеріне» жаңа мазмұндағы бұралқы үндеу таратқан. Онда партия мен мемлекеттік аппараттың қызметіне қатысты жала жабылып жатқанын айтып, халықты партия жұмысын қайта қарауға шақырған.
Кеңес өмірінің үнін сипаттайтын «үндеудің» авторлары: «Біздің қоғамдық өмірімізде бірнеше жылдар бойы сталинизмнің қалпына келуінің ауыр белгілері бар. Бұл сол дәуірдегі ең қорқынышты істердің қайталануында – өздерінің қадір-қасиеті мен ішкі бостандығын қорғауға, ойлануға және наразылық білдіруге батылы бар адамдардың қатыгез сот істерін ұйымдастыруда екені айқын көрінеді… Интеллигенцияға қарсы, адамгершілік мұраттарына қарсы репрессиялар жүргізілуде. Соңғы бірнеше жылдағы қоғамдық өмір атмосферасының аяқ алысы оңды нәтиже көрсетпеді. ХХ және XXII съезде қабылданған шешімдер мен қоғам өмірі толық жақсарады деген үміттер орындалмады… Демократиялық әрекеттердің бірде-біреуі аяқталған жоқ… Қоғамдық ғылымдарда деструктивті және конъюктураның қайтымсыз диктатурасы орныққан» делінген үндеуде.
«Үндеу» ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлеріне «жаңа Сталин мен Ежовтардың пайда болу қаупіне қарсы дауыс көтеру» деген мәтінмен аяқталған.
Сіз өзіңіздің азаматтық борышыңызды орындауға әрдайым батылдық танытатындай жағдайға тап болдыңыз. Басқа амал жоқ, бізге иә, батылдық көрсету, немесе қорқақтық таныта отырып, лас іске араласу ғана қалып отыр…
Бұл адамдардың өздерінің қоғамға қарсы әрекеттерін кең көлемде ұсынуға, ғалымдарды, мәдениетті және өнерді өзіне тартып, осы «қозғалыстың» ұйымдастырушылық формаларын табуға деген ұмтылысы айқын болғанын көреміз. Жедел түрде қабылданған «үндеудің» нұсқаларының бірі: «Сізді бюрократиялық аппаратты айналып өтіп, құқық, бостандық, өмір, қадір-қасиетті қорғайтын және үкіметпен тікелей байланыс орната алатын беделді қоғамдық ұйым құруға шақырамыз. Адамдар елді сталинизмнің кез-келген түрде қайта жандану мүмкіндігінен қорғайды.
Жасанды «үндеулер» мен шетелдік радиостанциялар таратқан Григоренко, Волпин-Есенин, Якир, Литвинов және Богораз-Брукманның хаттары Кеңес Одағына дұшпан адамдарға белгілі болды және оларды белсенді саяси күрестің дәлелі ретінде қабылдауда. Григоренко, Литвинов және Богораз-Брюхманның пәтерлері Мәскеуге арнайы келген кеңесшілерді қызықтырған олар одан арандатушылық іс-қимыл жоспарларын талқылауға ықпал етіп отыр.
Олардың кейбіреулерімен әңгімелесу барысында Литвинов кеңес үкіметіне қарсы мәлімдемелер жасап, өз ойын былайша тұжырымдаған: «… Бұл жүйе туралы (КСРО-ның мемлекеттік және әлеуметтік жүйесі туралы) мәселе қоюға әлі ерте … Билік мейлі қаруға сүйенсін, адамдар оны қабылдады делік. Бұл уақытша бірдеңе берер, біраз деңгейлері көтерілер … Біздің жасап жатқан ісіміз – бұл саяси күрес емес, бұл саяси күрес мүмкіндігінің күресі … Жүйе туралы мәселені әңгіме барысында көтеруге болады, бірақ біз оны кеңінен қозғамаймыз. Бұл әлі ерте».
Григоренко, Волпин-Есенин, Якир, Литвинов, Богараз-Брюхман өз іс-әрекет­терінің антисоветтік сипатына көз жеткізген, бірақ олар оны тоқтат­пайтынын мәлімдеген. Өйткені олар сол уақытта жазалау шаралары қолданылмайтынына сенімді болған. Якирмен болған сұхбатта оның серіктестерінің бірі: «Олар сізді де, Павликті де (Литвинов) түрмеге түсіруге батылы жетпейді. Өйткені, Батыста бұл: ұлы мен немересі сияқты есітіледі …» – депті.
Билікке қарсы болған олардың сол тұстағы мінез-құлқы күннен-күнге батылдана түскен еді. Ал олардың әрекеттерінің жазасыз қалуы көптеген кеңес азаматтарының көңілін қалдырды.
КСРО прокуратурасы, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті және Қоғамдық тәртіпті сақтау министрлігі Волпин-Есенин, Якир, Литвинов, Богораз-Брукманның іс-әрекеттерін РСФСР Қылмыстық кодексінің 190 бабына сәйкес, (Кеңестік мемлекет пен әлеуметтік жүйеге нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді тарату) қылмысты деп табады. Алайда, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартудың қажеті жоқ, өйткені бұл шара елдегі анти-әлеуметтік элементтер мен демонстрациялық буржуазиялық насихаттың демагогикалық талаптарының жаңа толқынын тудыруы мүмкін дегенге саяды.
Осыған байланысты біз келесі ұсыныстарды енгіземіз:
– Мәскеу қаласының прокурорына РСФСР Қылмыстық кодексінің 1901-бабы бойынша Григоренкоға қатысты қылмыстық іс қозғауды, оны қамауға алуды және сот-медициналық сараптамаға жіберуді тапсырамыз. Сараптама нәтижелеріне байланысты Григоренконы сотқа тарту немесе мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы мәселені қарастырамыз;
– Волпин-Есенинге математикалық анализ бойынша симпозиумға қатысу үшін АҚШ-қа кетуге рұқсат беру (оның АҚШ-тан ресми шақыруы бар). Бұл жағдайда, егер Волпин-Есенин АҚШ-та жүрген кезінде өзін лайықсыз мінез-құлықтан арылмайтын болса, Волпин-Есенинді кеңес азаматтығынан айыру және оның КСРО-ға қайта кіруіне тыйым салу туралы мәселені ұсынамыз;
– Якир, Литвинов және Богараз-Брюхман КСРО прокуратурасына шақырылып, қоғамға қарсы әрекеттерін тез арада тоқтатуды талап етеміз. Якир, Литвинов және Богораз-Брюхманға егер антикеңестік іс-әрекеттерін тоқтатпаса, тір­кеуден шығарылып, Мәскеуден шығарылып жіберілетінін қатаң ескертеміз.
Осыған байланысты КСРО Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 15 тамыздағы № 658-211 «Мәскеу, Ленинград қалаларында және Мәскеу облысында паспорт режимін күшейту туралы» қаулысына толықтырулар енгізу қажет деп санаймыз (Жоба қоса беріліп отыр);
– Мәскеу қалалық кеңесіне (егер ескерту күшіне енбесе) КСРО Министрлер Кеңесінің көрсетілген Жарлығына қосымша енгізу негізінде Якир және Литвиновті Мәскеу қаласында тіркеуден 2 жылға айыру туралы шешім қабылдауға нұсқау беруге;
– Қоғамдық тәртіп сақтау министрлігіне Якир мен Литвиновті Мәскеу қаласынан аластап, Тюмень облысына, Ливиновті Қазақ КСР-нің Гурьев облысына болашақ тұрғылықты жерін анықтауға тапсыру;
– Богораз-Брюхманды Мәскеу қаласында тіркеуден айыру туралы мәселені және Якир мен Литвиновке қарсы көрсетілген санкциялар қолданылғаннан кейін олардың мінез-құлқына байланысты қосымша қарау;
– Григоренко, Волпин-Есенин, Якир, Литвинов және Богораз-Брюхманға қарсы санкциялар қолданылатын күн туралы «Советская Россия» газетінде жариялап және осы мәселе бойынша хабарлама жариялау қажеттігін ұсынамыз.
Андропов, Гришин, Руденко, Щелоков
3 сәуір 1968 ж. № 731-а КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті арқылы жіберілді.
Ұсыныс бірден кеңестік машинаның айдауына түседі.
Жеңу, тұқырту дегеніміз – өзіңе жек көру көзқарасын туғызу. Мұндайда белгілі тұлғаны жеңу жөнсіз, тіпті ол аса қауіпті болса да. Өзінен басым болғанды, қателігін көрсетуді ешкім ұнатпайды, әсіресе, биліктегі адамдар. Бұл оның ұлылығын қорлағанмен бірдей. Кім биікте тұрса, ол одан да жоғары үстемдік еткісі келеді. Жоғарыдағы хаттан кейін Бас хатшыға тағы бір дәу жазушыдан хат түседі. Бірақ ол хат та жауапсыз қалады. Атақты жазушы Бас хатшыдан мұндайды күтпеген болатын.
Тәжірибелі адамдар көңіл толқынын сөйлеген сөзіңнен-ақ байқап қояды. Данышпандар: «Сөйле, мен сенің кім екеніңді айтайын» – деп тектен-тек айтпаса керек. Жалпы, әңгімелесудің жоғары өнері табиғылықта. Алайда ондай тәжірибе жақын жандардың ғана арасында болады. Мұндайда елге белгілі адаммен әңгімелесу мазмұнды. Шолохов атақ-даңқы жеті қырдан асқан жазушы болатын. Трафаретпен жұмыс істеуге дағдыланған СОКП ОК-нің Бас хатшысы Брежнев Шолоховпен сөз жарыстыруға байлам таппай қиналады.
Парасатты адам әрқашан қызбалықтың емес, ақылдың жетегінде болады, ондай жан ең бірінші болып ұмтылады, не соңынан қателігін түзейді. Алайда Бас хатшы тарапынан осының екеуі де жасалмайды.
Наразылықты басқаға аудару, оған қарсы қалқан ұстау – басқарушылар-дың айлалы әдісі болған. Әңгіме у тілділер айтатындай, билеушілердің қабілетсіздігінде емес, ерекше ішкі есепте жатса керек. Ол әдетте сәтсіздік кезінде сынға ұшырайтын кісі керек болғанда ғана іске қосылады. Бас хатшынының атақты жазушыны жазғырып-сөгудің нысанына айналдыруы да осы болғандай. Шолоховтың Бас хатшыға арнайы хат жазуы да осыдан туындаған.

Шолохов Брежневке неге қарсы шықты?

Сүйген құлдың аты көп. М.Шолохов – өз өмірінде ешкімге тәуелді болғысы келмеді. Оны билік басындағылар білсе де, оған тізе батырып, мойнына қылбұрау салғысы келгендер болды. Халықтар көсемі Сталиннің алдын көріп, мейірім-шапағатын сезінген адам оған көне ме, әрине, көнбейді.
Жалпы, жеке феномен адамдардың арасында көптеген жағымсыз оқиғалар орын алған. Құдайдың өз пенделерін жазалайтын шыбығының қырына ілінген адамдар қатарында ақын-жазушылар көп болып шықты. Жазушы өмірінің ақтаңдағына айналған осы бір сұрқия жел сөздерден қашқақтап өтіпті. Оның өмірге келу кезеңі туралы да осы уақытқа дейін бірізділік жоқ. Ол уақыт өткен сайын көбейе түскен сыңайлы. Ал құпия, құпия болып қалуы үшін оны ешкім білмегені абзал. Бұл алаңда ойыншылар көп.
Бүгінде белгілі болғанындай, Шолохов Дондағы Ростовтың Вещенск стансасының байырғы тұрғыны Александр Шолоховтың некесіз туған баласы көрінеді. Енді біреулер оны жергілікті помещик Дмитрий Поповтың некесіз туылған баласы дегенді де айтады. Сондықтан оның нақты аты-жөні – Александр Попов болған деседі. Ал Михаил Шолохов оның үлкен ағасының аты болыпты. Жазушының ең алғашқы тегі – Кузнецов болған көрінеді. Оның анасының еркінсіз үйленген станса атаманының фамилиясы – Кузнецов болған екен.
Келесі бір Шолоховтың құпиясы – оның шығармасына қатысты. Ол туралы да сүйегі қаусаған түрлі қауесеттер өріп жүр. Осыған орай, Швецияда жүргізілген жазушы қолтаңбаларына жүргізілген компьютерлік зерттеу нәтижелері жазылған шығармалардың бәрі Шолоховтың қолымен жазылғанын дәлелдеп те берген. Бұл шешім ұзақ уақыттар бойы оның өзгенің шығармасын ұрлап, өз атымен жариялады деген жел сөзге жауап бергендей болды. Кезінде Солженицын «Тынық Донды» Дон өлкесінің талантты жазушысы, публицист, әнші Крюков деген жазған деп дау көтерген болатын.
Атақты жазушының келесі бір осал тұсы оның ішімдікке әуестігі. Оны жазушының әріптес достары да жоққа шығармайды. Жазушы Василий Шукшиннің өзі ақмағамбетті ерттеп мінуден артта қалмаса да, Шолоховтың жанында арқан есе алмайтынын мойындапты. Оның осы мінезін партияның бас хатшылары да біледі екен. Бірақ бәрі іштей тынған. Оған себеп те жоқ емес. Мұндай пікірді кезінде Батыс Қазақстан облысында Қауіпсіздік басқармасын басқарған Ш. атты ағамыздың да айтқаны бар-ды. Атақты жазушы Батыс Қазақстанға аң-құс атып, балық аулауға келгенде айлап жанында болғанын талай мақтаныш етіп айтқанын көпшілік білетін.
Жалпы, сол тұстағы атақты жазушылар ащы суға көбірек әуес болғаны жасырын емес. Бірде жазалаушы мекеменің басшысы Берия Сталинге: «Шолохов, Фадеев, Симонов арақты көп ішеді» деп шағымданыпты. Сонда Сталин ойланып отырып: «Менде басқа жазушылар жоқ қой» деп жауап берген көрінеді.
Халықтар көсемі құрамдас индивидтер болып табылатын олардың өмір салты, мінезі, білім деңгейі қаншалықты ұқсас екенін жақсы білген. Олардың дербес ойлау, әрекет ету қасиеттері мен өзіндік идеялық сезімі барын да ескерген. Осыдан кейін жоғарыда аты аталған жазушыларға ешкім де басу айта алмаған.
«Сүйген құлдың аты көп» демекші, Михаил Шолоховтың бірнеше әдеби лақап аты да бар болып шықты. Бірақ ол тарихта Шолохов есімімен қалды.
Михаил Шолохов – 1984 жылы 21 ақпанда тамақ обырынан қайтыс болды. Жазушы СОКП ОК ХХІІІ съезінен кейін қатты күйзеліске түсіп, күн құрғатпай ішкілікке салыныпты. Съезд өтіп жатқанда залдан бір делегат орнынан тұрып бар даусымен «Енді Шолохов осыдан соң, бір жол да жазбайтын болады» деп айқайға басыпты. Оның жазушылар Синявский мен Даниэльге қарсы шығуы өзіне сор болып жабысқан көрінеді. Шындығында атақты жазушы осыдан соң үлкен депрессияға түсіпті.
Тәжірибелі адамдар көңіл толқынын сөзден-ақ бірден байқап қояды. Назарды басқаға аудару, оған қарсы қалқан ұстау – басқарушылардың айлалы әдісі болған. Ойластырылған нәрсенің бәрі іске аспайды, барлығын қанағаттандыру да мүмкін емес. Жазушы не істесе де бәрін ашық істеген. Ол өмір даналығы құпиялықты талап ететінін біле тұра сондай әрекеттерге барған. Ал ашық ойнағанның ұтылу тәуекелі жоғары болатынын ескере бермеген. Мақтануды білмеген жазушы, еңбек сіңіріп жеткен жеңісінің ортақ игілікке айналмаған сәтін ойлап, киіп кеткен кездері де болған. Ол мынаған саяды.

Жазушы Бас хатшыға неге хат жазды?

Ұлы жазушының билікке күйінген бір сәтінде отқа жағып жіберген қолжазбаларын айта келіп: «Такая же участь постигла и рукопись, повествующия о зверских методах освоения казахстанской целины» деген сөзі оның Қазақстандағы тың игеру жылдарындағы партияның қателіктерін ашық айтып, кінәлі болып қалғаны да билік тарапынан ескерусіз қалмады.
Өз қызбалығыңды жеңу – үлкен жеңіс. Біреулер ішкі тыныштықты ойлап, парасатына шипа, іздеп үндемеуге тырысады. Шолоховтың мінезі ол ауылға қашан да сыйыспаған. Әдетте тобыр сенің сәттіліктеріңді санамайды, есесіне әрбір сәтсіздігіңді бірден көріп қалады. Мұндайда жақсыларды мақтағаннан гөрі оларды қаттырақ жазғыруға тырысады. Жазушының «Олар Отан үшін от кешті» шығармасы цензуралық қысқартуға түскен кезде бұлқан-талқаны шығып, Бас хатшыға хат жазуы хат иесін ізінен ит қосып қууға дейін әкеліп соқтырады. Сол кездегі оқиғаға куә болған жазушының қызы Светлана Шолохова әкесінің жан күйзелісін былайша түсіндіріпті:
– Әкем халыққа соғысқа дейінгі және соғыс кезінде, сондай-ақ, сталиндік қыспақ кезінде орын алған жағдайды бүкпесіз ашық айтуға тырысты.
Оған қарсылық білдірушілер көп болды. Сол тұстағы билік пен идеологияның мұндай ашық әңгімені тым әріге кейінге ысыруынан оны тіріде айту мүмкін емес еді.
Көптеген шындықтың қағаз бетіне түспегенін де ішім сезеді, ол ешбір жағдайда жарияланбасын да түсінді. Көптеген әдепкі жазбалар отқа оранды (қолжазбалар да жанады екен). Ішім сезеді, қаншама ой-толғамдардың күлге айналғанын көрдім. Жазылып біткен шығарманың жолына қандай редакторлар қарсы тұрды дерсің! Бұрыннан танымал жазушы, академик, Нобель сыйлығының лауреатын қалай «редакциялағанын» айтсам-ақ, бәрі түсінікті болар деп ойлаймын. …Оқырмандар «Олар Отан үшін от кешті» шығармасының басы: «Мамыр айының басы болатын, ал Стрельцовтың отбасындағы жағдай бәрі бәз-баяғы» деп басталатынын білетін болар.
1968 жылы сол тұстағы «Правда» газетінің бас редакторы М.Зимянин мерекелік нөмірге дәл осы жолды сұрап алды. Шығарма 7-8 қарашада шығуы тиіс болады. Зимянин үзіндіні оқып, оны «жоғарғының» рұқсатынсыз басуға жеке өзі шешім қабылдай алмайтынын және оның кейбір тұстарын жұмсартуын сұрағанын жақсы білемін. Әрине, оған автор түбегейлі түрде қарсылық білдіріп, оны өзгертпеуге өз байламын жасайды. Әңгіме өте қатқыл түрде болады. Осыдан соң Зимянин үзіндіні СОКП ОК Бас хатшысы Л.Брежневке көрсету жөнінде ұсыныс білдіреді. Л.Брежнев машинкіге басылған небәрі 40 парақ шығарманы 3 апта бойы оқуға уақыт таппайды. Мәселенің түпкі мәнін түсінген Шолохов оған (Брежневке) төмендегі мазмұнда хат жазады. (Хат ең алғаш рет 1993 жылы «Книга исторических сенсации» кітабында басылады).

«Қымбатты Леонид Ильич!

Бүгінгі жасаған баяндамаңа өзің «дәстүр бойынша Пленум регламенті өзгермейді» деп айтпақшы, «Правдаға» байланысты жазылмаған дәстүр бойынша менің де пікірім өзгермейді. «Тынық Дон» да, «Көтерілген тың» да және «Олар Отан үшін от кешті» шығармасы да толық түрде «Правда» арқылы өтті. Осы қалыпты дәстүрді бұзбай, мен оған жаңа романымнан үзінді тапсырдым, ол міне, үш аптадан артық сенде жатыр.
Оны пайдалану мәселесін бұдан артық созуға болмайды, мен оны жеделдетіп шешуді айрықша өтінемін. Оған төмендегі себептер бар:
1. Мен әзірге сенің шешіміңді күтіп ешбір жұмыс істемеймін. Жазуға деген көңіл-күй, құлшынысым жоқ…
2. Бұл үзіндінің өмірде барлығын және оның «Правдада» жатқаны туралы Мәскеу жұртшылығы хабардар. Егер ол туралы ерте ме, кеш пе, «Нью-Йорк таймс» немесе басқа ықпалды газеттердің бірінде, «Міне, көрдіңіздер ме, тіпті Шолоховтың өзін жарияламай жатыр» деген мәліметтер шығып жатса, ол маған күлкі шақырмай қоймайды.
7 қарашада сенімен болады деген уәделі әңгіменің болмай қалуы ол менің кінәмнан емес, қалай дегенмен мен үзіндінің басылуы туралы мәселенің тез шешілуін өтінемін. Егер сенің, менімен сөйлесуге (тіпті ең қысқа болса да) уақытың болмаса, оны кімді қаласаң соған тапсырсаң да болады, әйтеуір, іс бір орнында тұрып қалмаса болғаны және ол мені буржуазиялық баспасөздің түбі болмай қалмайтын түрлі қауесеттерінен қорғаштау да болар еді.
Туындап отырған мәселе бойынша саған ыңғайлы деген әдістерге сай келетін кез-келген сұрақтарға жауап беру үшін 2 минут уақытыңды қисаң болғаны.
Мен – Пленумдамын. 2 қараша, сенбі күні ұшамын. Жолдастық ниетпен жауап бермеген күннің өзінде, қарапайым мәдениетпен үн қатуға уақыт жеткілікті…
Құшақтадым
М.Шолохов. 30 қазан. 1968 ж. Мәскеу қаласы».

Уақыт Шолоховқа қарсы жұмыс істеді. Әкем, әрине, ештеңеден қаймықпаған, алайда мемлекет басшылары оның жария болуынан қатты қорыққан. Ол хатына жауап алмастан, Вешенскіге оралып, сол жақтан Брежневке қолжазбасын қайтару туралы талап қойған келесі бір жеделхат жібереді.
Осыдан соң «Правда» газетінде Бас хатшының «редакторлар команда­сының» қолынан өтіп, ұсқыны қашқан, мәні бүлінген шығармадан үзінді жарияланады. Бұлқынған авторға газетке бәрін бүкпесіз басуға мүмкіндік болмағанын және оны ашық айтуға уақыттың келмегенін, ал кітапқа қысқартылғанның бәрін бастапқы қалпына келтіруге болатынын айтып жауап беріледі. Алайда, ол алдамшы болып шығады, шығарманың қысқартылған тұсын бастапқы қалпына келтірмейді.
Тәжікелесу мүмкін емес еді және бұдан кейін романмен жұмысты одан әрі жалғастыру да пайда әпермейтін. Міне, осы жүкті қалайша көтеруге болады? Осылардан кейін қолдан келер барлық мүмкіндіктерді іздестіре отырып «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» принципімен жұмыс істеу ғана қалды. Түптің түбінде уақытты да есептеу керек. Ал уақыт Шолоховқа қарсы жұмыс істеп тұрған еді. Бұл жерде оған ештеңе істей алмайсың. Қолдан келер не шара бар!? Мұндай шарасыздық бұрын да болған. Кезінде Максим Горький: «Біз кешегі құлдар, «сыртқы құлдықтан» құтылғанымызбен, ішкі құлдықтан құтыла алмай келеміз» деп жазған болатын «Уақытсыз ойлар» кітабында. Жазушы одан әрі «Орыс халқы кешкен өмір оның бойында жеке тұлғаға деген құрметті, азаматтық құқық түйсігін, әділетке деген аңсарды тәрбиелеп, қалыптастыра алмады. Орыс халқы әділетсіз, кісәпір заманда өмір сүрді. Мен билік басындағы орыс шенеунігіне күмәнмен қараймын. Кешегі құл, жанындағы адамды билеп-төстеуге қол жеткізгеннен кейін-ақ, ол әлемдегі ең жүгенсіз әміршіге айналады» депті. Әрине, биліктің бүкіл дүниенің кітапқа кіру үшін жаратылғанын білмеуі өкінішті-ақ. Ал режиссер Андрей Кончаловский орыс билігінің мінезін мысқылдай отырып: «Бастықтың алдында құлдық ұру, тек орысқа ғана тән сезім» дейді. Бұдан басқа сөзіміз де жоқ. Ал құлдыққа бас ұратын Шолохов па?..
Шолохов жазушы ретінде де, адам ретінде де, ерте ме, кеш пе, бір өзгерістің болатынына сенді, өйткені, былайша өмір сүру мүмкін емес екендігін түсінді, бірақ өзгеріс ол үшін өте кеш келді. Осылайша соғыс туралы, ондағы халықтың жан күйзелісі мен ерлік істері туралы жазылған романды әдеби орта дер кезінде қабылдай алмады. Кейін оқырмандар «редакторлар» қысқартқан үзінділермен танысуға мүмкіндік алды. Әрине, бәрі кеш еді…

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Пікір қалдыру