ЕЖЕЛДЕН ЕЛ СҮЙЕР ЖАНР

Қалжан Нұрмаханов
Қалжан Нұрмаханов Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келді. Аудан орталығында орналасқан Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті күміс медальмен бітіреді. 1947 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университеті, филология факультетінің шығыстану бөлімінде түрік тобында білім алып, кейін М. Горький атындағы әдебиет институтының аспирантурасын бітіреді. Сыншының таланты ерте көрініп, ерте танылған. Студент кезінен мақалаларын қазақ, орыс тілдерінде жазып, КСРО-ның астанасы Мәскеудегі орталық мерзімді баспасөз беттерінде жиі жариялап отырған. Бұл мақалалалардың барлығы дерлік тек қазақ әдебиеті үшін ғана емес, сондай-ақ бүкілодақтық әдеби процессте де елеулі роль атқарғаны мәлім. Қалжан Нұрмахановтың бір ерекшелігі – бірнеше тілдерді жетiк білуі. Батыс пен Шығыстың, орыстың арғы-бергі әдебиетін көп оқып, көп зерттеудің арқасында ол араб, парсы, түрік, тіптi армян, польша тiлдерін еркін меңгерген.
Қ.Нұрмахановтың қазақ жазушылары мен ақындары Ш.Уәлиханов, А. Құнанбаев, Ы. Алтынсарин, С. Торайғыров, С. Көбеев, Б. Майлин, С. Сейфуллин, М. Әуезов, С.Мұқанов, А. Нұрқатов, Ә. Ахметов, Қ. Аманжолов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, А. Тоқмағамбетов, Х. Ерғалиев, Т.Жароков, Д.Әбілев, М. Иманжанов, М. Әлімбаев, Қ. Бекхожин, Б. Сахариев, Ғ. Қайырбеков, С. Асанов, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, Б. Әбдіразақов, А. Шамкенов, С. Мәуленов, Ш. Смаханұлы, З.Шүкүров; орыс жазушылары А. С. Пушкин, В.Г. Белинский, К.С. Станиславский, Ф.Н. Достоевский, А.Н. Радищев, В.Г. Короленко; өзбек және қырғыз жазушылары Ә.Науаи, Муқими, Фурқат, Ғ.Гулям, М. Ташмухамедов (Айбек), Х.Ниязи, Қ. Яшен, Ш. Рашидов, Т.Сыдықбеков, З.Мамытбеков, Қ. Джантошев, Н. Байтемиров, А. Тоқомбаев, Қ. Мәликов, Тоқтогул Сатылғанов; осетин ақыны К. Хетагуров; украин жазушылары Т.Г. Шевченко, О. Донченко, О. Десняк; түрік жазушылары Н.Хиқмет, А. Несин; тәжік қайраткері Садриддин Айни; итальян драматургы Карло Гольдони; ағылшын жазушысы Бернард Шоу; америкалық жазушысы Говард Фаст; поляк ақыны Г. Зелинский туындыларына арналған 500-ден астам ғылыми-сыни мақалалары бар, олар 1949-1963 жж. белгілі «Дружба народов», «Вопросы литературы», «Знамя», «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз»), «Простор» журналдарында, сондай-ақ жазушылар мен ақындардың жеке шығармашылықтарының жетістіктері мен кемшіліктерін атап көрсететін, көпұлттық әдебиетті дамыту мәселелерін нақты зерттейтін шетел басылымдарында, газеттерінде жарияланған.
Қ. Нұрмаханов «Әдеби ойлар» (1960 ж., орыс тілінде), «Дос лебізі» (1968 ж.), «Дәстүрлі достық» (1978 ж.), «Очерктер, аударма, афоризмдер» (2009 ж.) кітаптарының авторы.
Қ. Нұрмаханов өзіндік ерекшелігі бар жазушы Ш.Айтматовтың шығармашылығын қолдап, бірінші болып «Жәмилә», «Бетпе-бет», «Алғашқы ұстаз», «Құс жолы», «Ақ жауын» шығармаларын аударған. Сондай-ақ, оның «Жәмилә» хикаяты бойынша сахналау нұсқасы «Аңсаған менің әнiмсің», «Алғашқы ұстаз», «Құс жолы», «Бетпе-бет» хикаяттары бойынша туындылары М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының репертуарында ерекше орын алды.
Қ. Нұрмаханов М.Әуезовтың «Абай» эпопеясын (4-і том, 1949 ж.), Б. Жакиевтің «Әке тағдыры» (1963 ж.) атты пъесасын, түркмен драматургы Ғ. Гусейновтің «Достар», «Ащы шоколад» (1960 ж.,) пьессаларын орыс тілінде аударды.
А. Н. Радищевтің «Путешествие из Петербурга в Москву» (тарауы «Вышний Волочек» (1949 ж.) туындысын, Н. Тихоновтың «Вамбери» (1960 ж.) хикаятын, украин жазушысы И. Рябоклячтің «Золототысячник» (1959 ж.) хикаятын қазақ тілінде аударды.
Әдеби сын, драматургия, көркем аударма – Қ. Нұрмахановтың эстетикалық талғамды қалыптастыруға арнаған бағыттар еді. Бірақ оның шығармашылығында әдеби сын қызметі басым болған.
Қ. Нұрмаханов «Дружба народов», «Знамя» журналдарында әдеби сын бөлімінің аға редакторы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналында сын бөлімінің меңгерушісі, Қазақ ССР Мәдениет министрлігінде театр репертуары жөнінде бас редактор болып қызмет атқарды. Қ.Нұрмаханов жазушылар форумында, конференцияларда, радиода тұрақты түрде баяндамалар жасап отырған, әдебиеттің өзекті мәселелерін анықтаған, жалпыкеңестік әдебиет үдерісін және оның келешектегі бағытын барынша болжауға тырысқан.
Қалжан Нұрмаханов өте әділ, принципшіл сыншылдығымен, аса терең білімімен, өнерге деген талғампаз қабілетімен танылған тұлға.
Сыншының 80-жылдық мерейтойына орай достарының, қазақ әдебиеті мен поэзиясының белгілі қайраткерлерінің атынан Нұрмаханова Маржан Қалжанқызы құрастырып дайындаған «Қиядан шалған қыран» атты еске алу кітабы «Білім» баспасынан 2007 ж. басылып шықты.
Қазалы қаласының (қазіргі Әйтеке би кенті) орталық көшелерінің біріне және № 95 орта мектебіне Қ.Нұрмаханов есімі берілген. Сондай-ақ, қазіргі таңда Алматы қаласында Алатау ауданы, Ақбұлақ ықшамауданының орталық көшелерінің біреуі Қ. Нұрмаханов есімімен аталды.
* * *
Соңғы съезден кейінгі төрт жыл ішінде әдебиетіміздің барлық саласы қаулап өсті, елеулі творчестволық табыстарға кенелді. Үшінші съезден бұрын кит етсе поэзия жанры сөз болатын, оның әдебиеттің жалпы қарқынынан қозыкөш кейін қалып қойғаны көбірек айтылатын. Кейінгі төрт жыл ішінде бұл жанр бұрын өзіне орынды-орынсыз қойылып келген тілекке іспен жауап берген сияқты. Екі съездің аралығында жазылған жиырма беске жуық поэма – бұның кәміл айғағы. Олардың бірқатары орыс тіліне аударылып, көпұлтты совет оқушыларының қызыға оқитын шығармаларына айналды. Мұның өзі де поэзияның, оның ішінде поэма жанрының есейіп ержеткендігін айқын дәлелдейді. Кейінгі жылдары поэзия саласында таланттар тобы да көбейіп, біздің бұл ежелден ел серігі болған өнерімізге өздері шама-шарқына лайықты үлестерін қосып отыр. Екі съезд аралығында әдебиетімізге қосылып отырған дастандардың дені солардікі. Бұл да қуанарлық жағдай.
Поэзиямызда Теміртаудың болатшысы мен Алтайдың кеншісі, совет үкіметін орнату жолында жанын құрбан еткен асыл азаматтар, фашистер түрмесінде өлімді қасқая қарсы алып, жау қолынан мерт болған ардагер ақын, өз елінің бостандығы үшін отаршылдармен алысқан Африка патриоткасы мен еңбекте Мересьевтің ерлігін қайталаған қазақтың қажырлы ұлы, еліміздің емірентер музыка өнерін бойына жинаған атышулы композитор мен ғылымның биігіне бой ұрған студент өздерінің орнын ала бастады. Бұл кейіпкерлер біздің соғыстан бұрынғы және онан кейінгі жылдардағы поэзиямызда болмаған еді. Бұлар – поэзиямыздың табалдырығынан соңғы үш-төрт жыл ішінде ғана аттаған кейіпкерлер. Бұл да біздің өсіп-ержеткендігіміздің куәсі.
Демек, қазақ поэзиясының соңғы жылдары қамтыған тақырыбы да, «географиялық территориясы» да кең. Жазылған шығармалардың көлемі де әртүрлі: советтік шындықтың кішкене бір көрінісін бейнелейтін шағын ғана дастаннан бастап, еліміздің басынан кешірген елеулі кезеңдерін көрсететін көлемді романға дейін бар.
«Жаманын жасыру, жақсысын асыру» деген тоғышарлық ой бізде жоқ. «Жаманына ашынып, жақсысына бас ұрып» шындық бетін ашқанда ғана сыйластық болмақ. Сондықтан соңғы кездегі жазылған және газет-журнал беттерінде басылған поэмалардың жақсы жақтарымен бірге, олардың көбісіне тән кемшіліктерді де айта кеткен жөн.
Тақырыпты қамту жағынан біздің поэзиямыз артта қалып отыр деп ешкім де айта алмайды. Олай десек, ұлттық поэзия өнерімізге қиянат жасаған болар едік. Тақырыпты қамту жағынан алып қарағанда, біздің поэзия жанрымыз, оның ішінде, әсіресе, поэмалар басқа туысқан халықтар әдебиетіндегі поэзия жанрларының ешқайсысын да алдына салмайды. Бұл жағынан оның қолы жеткен табыстары да жоқ емес.
Поэзия жанрымызда олқылық, кемшілік бар дегенде, біз оның тақырыпты қамту жағынан емес, оны игеру жағынан кенжелеу екенін еске алып айтамыз. Поэмаларымыздың көбісінде көркемдік, шеберлік, терең толғам, философиялық түйіндер әлі жетіспей жатыр. Бұл ойымызды қорытып айтсақ, біздің поэзия жанрымыз, оның ішінде поэмалар сан, көлем, тақырыпты қамту жағынан өсіп, сапа, көркемдік, шеберлік жағын игеру тұрғысынан алып қарағанда, шабандап қалып отыр. Мұндай шығармалардың қатарына (тақырыбының құнды болуына қарамастан) X. Жұмалиевтің «Махаббат пен достық», С.Сейтқазиннің «Алғашқы адым», Ж. Өмірбековтың «Батырдың қалыңдығы» атты дастандарын қосуға болады.
Пікіріміз дәлелді болу үшін біз осы поэмалардың ішінен X. Жұмалиевтің «Махаббат пен достық» дастанына тоқталамыз.
«Махаббат пен достық» поэмасы Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған. Ақын онда сұрапыл шайқасты суреттей отырып, совет адамдарының бір-біріне деген асыл сезімін жырлағысы келген. Дастанның тақырыбы жақсы-ақ. Біздің ақын, жазушыларымыздың әлі талай рет оралатын тақырыбы осы болмақ.
Ел орнына отырғанда, парк жаққа қарай бір жан келе жатыр. Аты – Сағынай. Ол паркте өзінің сүйген қызы Нинамен кездеспекші. Кейінгісі келмейді. Сарсылып күткен жігіт түнгі сағат үштен кейін парктен шығып, үйіне қайтады, жолшыбай қыз үйінің жанынан өтеді. Сағынай сүйген қызының бір жігітпен кетіп бара жатқанын көріп, одан біржолата күдер үзеді.
Ақын қыздың портретін былай суреттейді: Жас ару. Толықсиды. Деген жасы.
Бір құлаш толқын ұрған қара шашы.
Үлбірер бейне торғын жұқа тамақ,
Жұтынса, көрінгендей ішкен асы.
Аққұба, оймақ ауыз, қызыл ерін,
Бұралта құшқың келер қыпша белін.
Мың шебер қолдан иіп келтіре алмас
Жұп-жұмыр сұлу мойын біткен жерін.
Портрет – кейіпкердің ішкі дүниесіне қарай бастайтын жолдың сағасы. Портреттің сәтті иә сәтсіз болып шығуы шығармада көрсетейін деген адам образына, қала берді, шығарманың бүкіл идеялық және көркемдік структурасына өзінің белгілі дәрежеде әсерін тигізбек. Кейіпкердің ішкі дүниесінде болып жатқан саналуан құбылыстар, өзгерістер, дәл өмірдегі сияқты, оның сырт пішінінде өзінің ізін қалдырмақ. Сондықтан шығарма авторының портрет жасаудағы міндеті әрі үлкен, әрі жауапты.
Тамағынан ішкен асы көрінген «хор қызының», жанды қуыршақтың майдан шебінде ерлік қимылдар жасайтындығына оқушы сене қояр ма екен? Кейіпкер портретінің қандай үлкен компонент екенін, міне, осының өзінен аңғаруға болады.
Осыған байланысты айта кететін бір оқшау жай бар. Біздің кейбір ақындарымыз адам портретін жасауда күні бүгінге дейін ескі әдістің шырмауынан шыға алмай келеді. Соның салдарынан болу керек, бірқатар сүбелі шығармаларда сырт пішіні жағынан бір-біріне екі тамшы судай ұқсас қаһармандарды кездестіреміз. Бұл біздің поэзиямыздың портрет жасауда осы күнге дейін трафареттен қол үзе алмай келе жатқандығын айқын дәлелдейді. Егер ұнамды кейіпкер ұзын бойлы, кең маңдайлы, ашаң өңді, жарқын жүзді, от шырайлы, бүркіт тұмсық, алып күшті, қара мұртты, қапсағай болып келсе, ұнамсыз кейіпкерлер қасқыр көзді, мысық мұртты, аю денелі, есек құлақты, түйе табанды, өгіз мойынды болып келеді. Сұлу қыздар ішкен асы көрінетін жұқа тамақты, қиғаш қасты, қыр мұрынды, сүмбіл шашты т. б. болып суреттеледі. Әбден жауыр болған осы сөздердің қосындысынан жасалған ұнамды немесе ұнамсыз кейіпкерлердің сырт ажар-кейпін, түр-сипатын оқушы елестете алмайды. Сыртқы пішіні егеген топайдай бұлардың істеген әрекеттеріне де сену қиын.
Жау тылына танкпен барлау жасауға шыққан жауынгерлерді былай қойып, енді поэманың көркемдік жағына үңілейік. Поэманың өн бойында етістік ұйқастан аяқ алып жүре алмайсыз. Дәлелді болу үшін поэманың бір-екі жерінен мысал келтірейік:
Жырлады ол асқақтатып, баяулатып,
Кейде аяң, кейде сылтың, жаяулатып,
Кейде үмітке қол созып шарқ ұрса,
Кейде дауыс дірілдеп мұңға батып.
Мөлдір көз қаралыққа жуылғандай,
Не бейне, сұлулыққа туылғандай.
Жалт етіп, жайтаң еткен бір қарасы
Кеудеңнен жүрегіңді суырғандай.
Осыны ойлап үйіне қадам басты;
Қала жым-жырт, сағат та үштен асты.
Қиялында сүйгені, жаны сая,
Қиялы ләззәт үйіне есік ашты.
Ақын көп жағдайларда өлең жолдарының аяғын жүрдім-бардым ұйқастыра салады. «Шынысы» мен «күші», «емен ғалім» мен «араладым», «құтқарыпсың» мен «кештім бәрін», «кетті шығып» пен «бір күрсініп», «тоқтады кілт» пен «бір үңіліп» сияқты дыбыс жағынан арасы алшақ сөздерді ақын бір-біріне қосақтап жібереді. Мұндай шорқақ ұйқастар өте кеп. X. Жұмалиев көп жағдайларда үйреншікті поэтикалық өлшемге бірден ойға келе қалған сөздерді тыққыштап, шумақтағы жолдардың аяғын апыл-ғұпыл ұйқастыра салыпты.
Совет жазушыларының ұлы ұстазы М. Горький тілді әдебиеттің бірінші элементі деп атаған еді. Бірақ біздің ақын-жазушыларымыздың бірқатары осы терең анықтаманың маңызы мен мағынасына әркезде көңіл бөле бермейді.
Көркем сөз – поэтикалық образдың арқауы, сол поэтикалық образды жасайтын бірден-бір құрал. Егер сөз ақынның айтайын деген ойын, жасайын деген образын толық берсе, анық, айқын көрсетсе ғана, шумаққа енуі керек. Сонда ғана сөз шумақта өзінің ішкі, сыртқы бедерін көрсетіп, поэтикалық образға кірпіш болып қалана алады. Сөзді дұрыс қолдану – поэтикалық образ жасаудың басты шарты.
Мен көрдім ұзын қайың құлағанын,
Бас ұрып қара жерге сұлағанын.
Жапырағы сарғайып, өлімсіреп,
Байғұстың кім тыңдайды жылағанын.
Абайдан келтірілген үзіндідегі поэтикалық образдың нанымдылығы, нақтылығы, тереңдігі сондай, суретші бұл жолдарды бір оқып шығып-ақ адам жүрегін тербейтін керемет картина жасаған болар еді. Тіпті картинаның қай жеріне қандай бояу керек екенін қиналмай табады, экспозиция керек екенін де бірден болжайды. Суретші былай тұрсын, қарапайым оқушының өзі-ақ бұдан адам жанын тебірентетін, өмірдің бір көрінісін айқын бейнелейтін тамаша картинаны көз алдына келтіреді. Бұл шумақта орынсыз, оғаш тұрған бір сөз жоқ, автордың ойын көмескілендіріп тұрған иә бір жол жоқ. Бұл шумақта сөздердің бәрі поэтикалық образға бағынып, бірі-бірімен жымдасып, қабысып жатыр. Осы үзіндіні ақынның поэтикалық образды қалай жасауы керек, оны жасауда сөз саптауы қалай болу керек деген пікірімізге тиянақ ретінде келтірдік. Поэтикалық образ жасауды біздің ақындарымыз ең алдымен ұлы Абайдан үйренулері керек.
«Махаббат пен достық» поэмасында ақынның көркем поэтикалық образ жасауға өте шорқақ екені бірден сезіледі. Көп жағдайларда автор арзан ұйқастың шылауында кетіп, жасайын деген поэтикалық образға ешбір қатысы жоқ сөздерді шумаққа енгізе береді. Сөйтіп, ақын ойын шашыратып, образдың берекесін кетіріп алады.
Секунд – сағат, бір күн бір жылға ұқсады,
Соқты жиі тамыры, қайнап қаны (?)
Тәтті минут – ертең кеш, кездесер күн,
Қылаң ұрып (?) қарсы алмақ сүйген жары.
Бұл үзіндіде реалистік поэтикалық образ тым аз-ақ. Бұл бір. Екіншіден, бұл шумақ – мағынасы бірікпей жатқан, тек қана ұйқастар үшін қолданған сөздердің жиынтығы. Үшіншіден, ақынның айтайын деген ойы ұйқастың шылауында кеткен. Бұл үзінді оқушының ойында ешқандай бедерлі образ туғызбайды. Мәселен, сүйген қызымен дидарласу минутын асығып күткен жігіттің қаны қайнамаса керек. Бұндай сезім сүйінгенде емес, күйінгенде, ашуланғанда пайда болады. «қылаң ұрып» деген тіпті орынсыз тұр. Қыз қылаң ұрмаса керек, сылаңдаса керек.
Поэзия тұрғысынан алып қарағанда, татымсыз, әсерсіз мұндай шумақтар поэмада жиі кездесіп отырады. Тағы бір мысал:
– Сағынай, әуелден-ақ достық, қастық (?)
Күн мен түн, қыс пен жаздай қосылмастық (?)
Нәрсе емес пе келмейтін келісімге (?)
Деген және жері жоқ: «Біз адастық» (?)
Мұндай мысалдарды поэманың әр бетінен екі-үштен табуға болады. Бірақ пікірімізді дәлелдеу үшін осы да жетер. Осы шумақта қандай көркемдік бар? Тіпті осы үзіндінің өлең деп аталуының өзі қиындау емес пе?
Оқушы жұртшылық біздің ақындардан плакат тәрізді емес, көркем суреттей әсер ететін поэзияны талап етеді. Ғасырлар бойы ел серігі көңіл жұбанышы, жан азығы болып келген поэзия жанрын оқушылардың ерекше әңгіме ететіні де осыдан.
Әдебиетіміздің күрделі мәселелерін талқылауға арналған жиналыстарда сыншылар, әдебиетшілер поэзия жанрындағы кемшіліктерді айтып, оның басты себептерін іздестіреді. Бұл құбылысты олардың көпшілігі дерлік ақынның өмірді білмеуінен, оқиғаны терең зерттемегендігінен болып отырған жай деп дәлелдейді. Бұл бір жағынан алып қарағанда, әрине, дұрыс. Бірақ бұл бірден-бір негізгі себеп бола алмайды.
Жоғарыда аттары аталған ақындардың көбісі алған тақырыбын терең зерттеп, өзінің негізгі объектісіне қатысы бар материалдарды ұзақ уақыт жинаған адамдар. Оларды советтік өмірді білмейді, онан жырақ жүрген жандар деп те айтуға болмайды. Әрқайсысының өзінің шама-шарқына лайықты жинаған өмірлік багажы бар. Ал солай болғанмен, олар нашар шығармалар жазды. Олардың қаламынан шыққан туындылардың өмірмен портреттік ұқсастығы бар. Бірақ көркемдік қамту бұл дастандарда мүлдем жоқ.
Демек, поэзия үшін өмірді біліп қана қою жеткіліксіз.
Біздіңше, поэзия, ең алдымен, поэзия болуы керек (көпке таныс шындықты айтқанымызға, оқушы, таңданбаңыз!). Басқаша сөзбен айтқанда, поэзия дегеніміз – образ арқылы ойлау, шындықты образ арқылы бейнелеу (Бұл да ежелден келе жатқан қағида, бірақ кей кезде оны еске түсіріп қоюдың зияны болмайды). Өмірді, шындықты кең зерттеп, оқиғаны бірінен кейін бірін тізбектеп, оңай оралатын сөздерді ұйқастырып жаза бергеннен поэзия тумайды. Мұнан шығатын қортынды біреу-ақ: ақынға өмірді білумен бірге, талант керек, талантсыз өзінің білген өміріңнен де сом сурет жасай алмайсың.
Қысқасы, поэзия – шын мағынасында, образ арқылы ойлау, шындықты, өмір құбылыстарын образбен бейнелеу. Олай болса, поэзия өзіне тән емес, мәселен кеңсе қаулы-қарарларының, иә болмаса, протоколдың, информацияның атқаратын міндетін өзінің алдына қоймайды, оны қоюы да мүмкін емес.
Біз жоғарыда жас буындар поэзиямызға өздерінің шама-шарқына лайықты үлестерін қосты дедік. Осы үлестің саласы қандай? Енді осы мәселеге тоқталайық.
Немістің белгілі жазушысы Генрих Манн «Ауфбау» («Құрылыста») деген журнал бетінде 1953 жылы жарияланған мақаласында өзінің бірінші романы «Унтертандты» («Верноподданный») жазбастан бұрын жиырма жыл бойы роман жанрының тарихын, табиғатын зерттегені туралы жазады. Марқұмның бұл пікірінде үлкен мән жатыр.
Біздің көптеген жас ақындарымыз жанр табиғатын түсінбей жатып, жиырма-отыз өлең жазғаннан кейін, бірден барып поэзияның ең күрделі, ең қиын саласы поэмаға барып ұрынады. Қазір өзіміздің әдебиет шаруашылығымызға көз тастасақ, поэма жазбаған бірде-бір жас ақынның жоқ екенін аңғарамыз. Олардың ішінде сәттілері жоқ емес. Бірақ көбісі нашар, олақ сюжетті, шалағай ұйқасты шығармалар. Сүрініп оқитын жолдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Осы дастандар поэма жанры саласына ала-құлалық алып келді, тіпті, айта берсек, оның кұнын, қадірін түсіріп жіберді. Бұл ешбір бүркеуге, жасыруға болмайтын шындық. Поэма жанрында тақырып ұсақтығын да туғызған осы дастандар деп батыл айтуға болады.
Тұманбай Молдағалиевтың поэзия табалдырығынан аттағанына екі-үш жыл уақыт болды. Осы мерзімнің ішінде ол өзінің талабы зор лирик ақын екенін танытты. Өткен жылы оқушылар оның «Ажар» атты тұңғыш дастанымен танысты.
Поэманың идеялық-көркемдік жағын сөз етпестен бұрын оның мазмұнын оқушы есіне салған абзал. Май айының қоңыр салқын кеші. Парктегі бұйра жапырақты ағаш арасына орнатылған скамейкада екі жас отыр. Олар махаббат құшағында. Бірақ қыз көңілінде кірбің бар: сүйген жігіті Әбен оны қалдырып, ертең оқуға жүрмеші. Қатал бастықтың кесірінен қыз жігітін шығарып та сала алмайды. Ажар Алматыға талай хат жазады, бірақ жауап жоқ. Сөйтіп жүргенде, Ажар Әмірғали дегеннің қармағына түсіп, абыройынан айрылады. Поэма Әбеннің ауылға қайтып оралуымен бітеді. «Ажар» дастанының ұзын-ырғасы, міне, осындай.
Ақын Ажар образы арқылы совет жастарының моральдық бейнесін көрсетпек болған, олардың бойындағы игі қасиеттерді жырлауды мақсат еткен. Орынды мақсат, жақсы талап.
Бірақ осы Ажар кім? Оның бойында біздің тамаша жастарымызға тән қасиет бар ма? Ол қай қылығымен, қандай ісімен үлгі бола алады. Енді поэмадан осы сұрақтардың шешімін іздейік. Ажар көзінен сорасы аққан сорлы. Поэманың өн бойында оның жыламайтын жері жоқ, қит етсе еңірейді, егіледі:
…Жұп-жұқа еріндері дірілдеді,
Қыз көзі жасқа толды жаутаңдаған.
…Көзінен жалғыз тамшы
тамып кетті,
Жабылып жас көңілін мұң қамады.
…Сырласқан сайда сумен,
қырда гүлмен,
Қыз көзі кейде жылап, кейде күлген.
…Біртіндеп мөлдір тамшы
тамды жерге,
Мұздады, біресе от боп жанды кеуде.
…Досымен кездесер күн алыстады,
Сол үшін күрсінеді, егіледі!
…Өксіді, жанарынан жас төгілді,
Адамның бәрі алдайтын
қас көрінді.
Ажар бойында біздің ақ ниетті жастарымызға тән игі қасиеттердің бірі де жоқ. Ол жұртқа үлгі көрсетпек түгіл, өз басын алып жүре алмайтын, жігерсіз, жасық жан. Ажар арақ ішіп мас болса да жылайды, жігіттің қармағына ілінсе де жылайды… Қысқасы, қыздың жыламайтын күні жоқ. Бұған кім кінәлі? Оны осындай жағдайға ұшыратқан кім? Жоқ, ешкім де емес! Бұған Ажардың өзі кінәлі. Бірақ дастанды оқығанда, біз мұндай қортындыға келе алмаймыз. Өйткені автор Ажардың айналасындағы адамдардың бәрін зұлым, арампиғыл, жылпос, алаяқ етіп көрсеткен. Адал ниетті, таза жанды Ажардың бұзылуына осы жандар себеп болды деген тұжырымға келеміз. Поэмада бірде-бір ұнамды кейіпкер жоқ. Ұнамды қаһарман дастанның басында бір, аяғында бір рет қана болмашы елес береді. Шығармада оның атқарып тұрған рөлі жоқтың қасы деп айтуға болады. Әбеннің ішкі дүниесі, ой-арманы, жан сыры поэмада оқушыға томаға-тұйық қалып қояды. Бұл – эпизодтық кейіпкер. Дастандағы Ажардан басқа екі кейіпкердің (Әсия, Әмірғали) бірі – қыз махаббатын ұрлайтын арамза да, екіншісі – қала көшелерін тынымсыз жортқан мещанка, жігіттердің жеңгетайы. Сөйтіп, поэмада бірде-бір ұнамды кейіпкер жоқ, онда суреттелетін адамдардың бойында «ой, бәрекелде» дегізетін қылық-мінез жоқ. Сонда бұл дастанның оқушылар үшін пайдасы қайсы? Біздің жастарымызға күн жаумай су болған, «бет-аузын сепкіл басқан» қыздың үлгі етер несі бар? Бұл эротикалық мотивке толы дастанды «Жұлдыз» журналы өз оқушыларына бекер ұсынғанын бұл жерде айтпасқа болмайды. Мына жолдардың қандай тәрбиелік маңызы бар:
Өңі ме, түсі ме әлде, біле алмады,
Жүрегін, жақсы үмітін кім алдады?
Орнынан ұшып тұрды, ашылды ұйқы,
Күлмеді күндегідей, қуанбады…
Айрылып ол баяғы шат күйінен,
Қабағы жауар бұлттай шарт түйілген.
Жабыңқы жанарына жас іркіліп,
Таңертең Әсияның шықты үйінен…
Оқушы осы шумақтардан қандай эстетикалық нәр алады? Осындай жолдарды халыққа қалай ұсынуға болады? Мүмкін, автор мұны кейіпкердің іс-әрекетін көрсету, жан сырын ашу деп ұғынатын шығар? Кейіпкердің ішкі дүниесін ашу эротикалық жағдайды жырлауда ма екен?
«Ажар» поэмасы туралы әдебиетшілер арасында түрлі пікірлер бар. Олардың көпшілігі поэманы қазақ поэзиясының соңғы жылдардағы елеулі табыстарының бірі деп жүр. Қате пікір! Жас ақынға бағдарлы бағыт сілтейтін пікір емес бұл! Қайта оны шатастыра түсетін зиянды пікір.
Ішінде оңған бір кейіпкері жоқ, зинақорлықты дәріптейтін (бұған Әмірғали образы дәлел, автор оны әшкерелемейді, қайта оған: «жарайсың, жігіт екенсің» дегендей ой тастайды), идеялық бағыты теріс поэманы әдебиетіміздің үлкен табыстарының бірі десек, бұл әділдік болмай шығады. Біз «Ажарды» Т. Молдағалиев творчествосындағы үлкен сәтсіздік деп санаймыз. Ақын келешекте осы сәтсіздіктен сабақ алуы керек.
Осындай күйреуік, тиіп кетсең, жас бұрқ ете қалғалы тұрған жасық, жабырқау туындылардың қатарына Қабікен Мұқышевтің «Өкінішін» де қосуға болады. Бұл да идеялық құны пәс, болмашы бір оқиғаны сағыздай созып, қолдан «трагедия» жасаған шығарма.
Өткен жылдың октябрь айында республикамыздың бір белді газетінде жарияланған мақалада осы поэмалар «поэзия арнасына құйып жатқан жас бұлақтар» деп аталыпты. Автордың берген бағасы өзіне дұрыс шығар. Бірақ поэзиямыздың арнасына осындай лай бұлақтар құя берсе, оның ертеңі не болатынын ол түсінбеген. Сондықтан оның арнасына барып құятын жас бұлақтардың мөлдір, таза болуын ойлауымыз керек. Өйткені, әдебиет – халық қазынасы.
Біздің жас ақындарымыздың көбісі поэма жанрында тақырып ұсақтығынан әлі шыға алмай жүр. Бұған жоғарыда аталған поэмалар толық дәлел бола алады. Бұның себебі, бір жағынан, жас ақындардың өмір тәжірибесінің аздығында жатса, екіншіден, олардың әлі поэма жанрының сырын, табиғатын, ерекшелігін жете түсінбегендігінде жатыр деп білеміз. Сондықтан біз қазір поэма жанрының қасиетін кетіріп алдық, құнын төмен түсіріп жібердік, оны тақырып ұсақтығына апарып тіредік. Бұл – терең ойланатын жай, тіпті көпшілік талқысына шығаратын мәселе.
Соңғы кездері көбірек сөз болып жүрген шығармалардың бірі – белгілі ақынымыз Асқар Тоқмағамбетовтың «Агроном көктемі» атты көлемді дастаны. Бұл поэмада қазақ колхоздарында овощ өсіру жайы әңгіме болады.
Ауыл шаруашылық институтын жақында ғана бітірген Әділбек «Коммунизм» колхозына агроном болып келеді. Келісімен ол колхозда овощ егу мәселесін көтереді. Әрине, кейбір колхозшылар бұған іштей наразы болады. Жас маманды жек көреді. Колхоз председателі Шойбек те бұл бастамаға қарсы шығады. Ақырында жас агроном Шойбекті жеңіп, оның орнына колхоз председателі болып сайланады. Жаңаны сезінуден қалған, қолы жеткен табысына мастанған Шойбек «отставкаға» кетеді. Поэмадағы автордың көрсетейін деген оқиғалары, міне, осылар.
Біздің көп сыншыларымыз, әдебиетшілеріміз бұл туындыны көркемдік жағынан нашар шығарма деп баға беріп жүр. Өте әділ берілген баға. Онда кеңсе қаулы-қарарларына ұқсас, тақ-тұқ тілмен жазылған шумақтар мен үзінділер толып жатыр. Поэманың композициялық арқауы босаң, сюжеті шашыраңқы.
Біз осы поэмаға байланысты әдебиеттің басты бір мәселесі туралы сөз қозғамақпыз. Ол – конфликт жайы.
Біз өмірде тартыстың талай түрін кездестіреміз. Олардың көріну, туу формасы әртүрлі. Солардың көбісі әлі күнге дейін жазушылар қаламының ұшына ілінбей, елеусіз қалып келеді. Драматургияның, прозаның, поэзияның біздің дәуірімізді көрсетуге арналған қай шығармасын алмасаң да, онда бір ғана тартыстың ізін кереміз.
Жіті көз жіберсеңіз, оның «тәуір» мен «жақсының» арасындағы тартыс, қақтығыс екенін бірден байқаймыз.
Драматургияның, прозаның, поэзияның кейінгі кезде жазылған шығармаларына көз жіберіңізші. Оларда колхоздың иә совхоздың бір жібі түзу бастығын кездестіре алмаймыз. Бәрі шетінен тоңмойын, жаңалықты сезбейтін, өмір ағымын түсінбейтін, артта қалған жандар. Олар бастаманың бәріне қарсы шығады, жаңалықты құбыжық көреді. Сөйтіп, барлық жаңа бастаманың ұйымдастырушысына – кеше ғана ауыл шаруашылық иә болмаса мал дәрігерлік институтын бітірген жас маманға қарсы шығады. Колхоз шаруашылығын бес саусағындай білетін, талай жыл бойы осы колхозды алға сүйреп келе жатқан, озық тәжірибені жақсы меңгерген колхоз председателіне қарсы қойылатын адамдар кімдер деген сұрақ осы шығармаларды оқығанда, ойға бірден орала кетеді. Ол адамдар колхозға иә совхозға жұмыс істеу үшін емес, «артта қалған» бастықты орнынан түсіруге жіберілген тәрізді болып көрінеді.
Адам образын жасау, оның ішкі дүниесін ашып, ой-жүйесін, көңіл-күйін, сезім-толқындарын әсерлі етіп көрсету – көркем әдебиет категориялары – адам образын жасаудың құралы. Олай болса, олардың белгілі кезеңнің белгілі адамдарының нақтылы образдарын жасауға қызмет етулері керек. Жазушының алған тақырыбы тың, айтайын деген ойы ұтырлы болғанымен, бірақ оқушыға ұсынған шығармасында сол озық ойдың иесі – адам шықпаса, онда мұндай шығарманың құны, сайып келгенде, бір тиын. Сондықтан сыншыларды шығарма тақырыбының жаңалығы, актуалдылығы ғана емес, оның көркемдік жағы да қызықтыруы керек. Яки айтқанда, алған тақырып пен айтайын деген ойдың көркем шығармада қалай берілгендігіне, нендей шеберлікпен бейнелегендігіне әдебиетші ерекше көңіл бөлуге тиіс. Мәселен, жұмысшылар өмірін бейнелеуге арналған туындыларда әдебиетшінің назарын ақынның машинаны қалай суреттеуі емес, соның айналасында еңбек етіп жүрген адамның басқалармен қарым-қатынасы, оның ой-арманы, мақсат-тілегі, жан-жүйесі қалай берілгеніне аударуы керек. Біздің қазақ поэзиясындағы соңғы кездерде жазылған кей шығармаларда, егер сөз шахтер жөнінде болса, ақын шахта мен көмірді шабыттана жырлап, адамды техниканың көлеңкесінде қалдырғаны, егер сөз болатшылар жөнінде болса, онда өлеңшінің мартен цехы мен құю цехының тетіктерін кең суреттеп, сол техниканы меңгерген еңбек ерлерінің жан-дүниесін, сезім ырғағын көрсетуді шеткері қалдырғаны оқушыға бірден сезіліп тұрады.
Кейінгі жылдар ішінде біздің ақындарымыз жұмысшы табы жөнінде көлемді дастандар жазып бітірді. Олардың ішінде қазір көбірек ауызға алынып жүргендері – Тайыр Жароковтың «Қырда туған құрыш» (екінші варианты), Қалижан Бекхожинның «Ақан Ақтаевы», Дихан Әбілевтің «Таудағы туы». Бұл шығармалар әдебиетіміздің ең қиын тақырыбына ақындарымыздың батыл бет бұрғанын, оны өз творчествосына арқау ете бастағанын анық аңғартады.
Солай болғанмен, біз бұл шығармалардың кейбірінде жоғарыда айтылған елеулі олқылықтардың орын тепкенін де көреміз.
Ойымызды дәлелдеу үшін Тайыр Жароковтың дастанына тоқталайық. Ақын поэманың негізгі кейіпкерлерін тек қана өндірісте көрсетіп, олардың жеке өмірін, адамдық қасиеттерін, талап-тілектерін, ой-армандарын, ішкі дүниесін ашуды мүлдем естен шығарып жіберген. Осының нәтижесінде, шығарманың басты кейіпкерлері машинадан басқаны көрмейтін, өндіріс өмірінен басқаны түсінбейтін, адамға тән қасиеттерден мүлдем қол үзген жандар болып шыққан. Сөйтіп, дастанда басты кейіпкерлер образдарының «өндірістік» жағы толық беріліп, ал басқа жақтары сол жалпылама айтылған «өндірістік өмірбаянның» тасасында қақас қалып қойған.
Қанша қиындық көрсе де, адам өзінің адам екенін естен екі елі шығармайды. Олай болса, ой, сезім, мақсат, арман, сүю, сүйсіну, қуану, қынжылу адамға, ол қайда, қандай жағдайда жүрсе де, тән қасиеттер. Міне, сондықтан оқушылар шығармадағы кейіпкерлердің бойларынан, қимыл-әрекеттерінен осы қасиеттерді іздейді, олардың поэтикалық образ арқылы берілген көркем көріністеріне (әрине, егер олар бар болса) көңіл бөліп, сүйсіне қарайды.
Әлбетте, бұл жайлардың жан-жақты суреттелуін өмірдің кішкене ғана құбылысын бейнелеуге арналған шағын өлеңдерден талап ету әділетсіздік болар еді. Ал «Қырда туған құрыш» сияқты халқымыздың өміріндегі елеулі тақырыпқа арналған көлемді шығармалардан жоғарыда айтылған жайларды оқушылар талап етсе, оның ешбір айыбы жоқ.
Өндіріс тақырыбына жазылған шығармаларда біз авторлардың өндірістік материалдарды суреттеуіне, көрсетуіне қарсы емеспіз. Бірақ ақынның бейнелейін деген өндірістік материалдары кейіпкерлердің өмірімен, қала берді тағдырымен тікелей ұштасып жатуы керек. Ол автордың бірден-бір түп мақсатына айналмай, оның бейнелейін деген адамдарының асыл қасиеттерін ашатын деректер ретінде алынуы қажет. Мұнан шығатын қортынды біреу-ақ: егер автордың алған өндірістік материалы кейіпкердің характеріне, тағдырына тікелей енсе ғана, оның жан-дүниесі мен көңіл-күй ырғағына астарласып жатса ғана, өндірістік оқиға да, соған байланысты туған жалпы жайлар да оқушыны тебірендіре алады. Ал біздегі осы кең тынысты тақырыпқа арналған сүйекті шығармалардың көбісі осы талапқа әлі жауап бере алмай келеді.
Соңғы кездері көп айтылып жүрген көлемді поэмалардың бірі – Қалижан Бекхожинның «Ақан Ақтаев» атты дастаны. Алдын ала айта кететін бір нәрсе: туындыда бұрын біздің осы тақырыпқа жазылған дастандарымызда ұшыраспайтын жаңалық қылаң береді. Онда кейіпкерлердің ішкі дүниесіне, жан сырына, психологиясына үңілу бар. Тірі адамға тән осы қасиеттерді ақын дастанда кейіпкердің жан сезімін аша түсетін салмақты оқиғалар, шиеленіскен жайлар арқылы беруге талпынған. Бұл өте қуанарлық нәрсе.
Поэмадағы шын жүректен серпіле шыққан, оқушының сезімін билейтін, ойын қанағаттандыратын жолдар ақынның поэтикалық образ арқылы өмір құбылысын шынайы да көркем бейнелеуге қабілетінің мол екенін аңғартады.
Бірақ дастанда оқушыны «әттеген-ай» дегізетін шумақтар мен жолдар да ұшырайды. Әлде де болса, онда көп жөнделетін, шыңдай түсетін үзінділер бар. Егер «Ақан Ақтаев» дастанының бұрынғыдан әлдеқайда жақсара түсетіні сөзсіз. Ақынның бұл шығармаға келешекте бір оралып соғуы қажет. Поэма бұған әбден тұрады.
Қандай шығармада болсын, образ, характер жасауды керек етеді. Адамның характері көрсетілмеген жерде жанды, нанымды образдың тууы мүмкін емес. Өйткені образдың өзі, сайып келгенде, характерден туады, соның жанды, жарасымды жиынтығы. Сондықтан характерді образдың жанды өзегі, негізгі арқауы деп айтса да болады. Адамның характері саналуан қиыншылықтарды жеңу үстінде, өзінің алға қойған игі мақсатын, асыл арманын жүзеге асыру жолындағы күресте ғана көрінбекші. Бұл үшін кейіпкердің шығармада сол кезеңге тән тартыс-тайталастың шиеленісінде, өзінің биік талабы үшін шайқаста көрсетілуі шарт.
Біздің кейбір ақындарымыз өздерінің кейіпкерлерін суреттеліп отырған кезеңге, яки, ортаға тән, өмірлік конфликтердің шиеленісуінде көрсетуді естен шығарып жіберіп, жалаң схемалық сюжетке шығармалар жазады. Ағаш мүсіндердің тууы, сөз жоқ, шығарманың схемалық сюжетке жазылуына тығыз байланысты. Бұдан шығатын тұжырым: схемалық сюжет манекен тәрізді кейіпкерді алып келеді. Оған құрылған шығармаларда адам образдары іс арқылы, олардың өмір қиыншылықтарын жеңуі арқылы көрінбей, тек автордың жалаң сөзі, нәрсіз, кеуек декларациясы арқылы ғана баяндалады. Міне, жартыкеш, қансыз, реңсіз образдардың тууы тікелей осыған байланысты. Мұндай образдардың оқушы жүрегінен орын таппай, лезде-ақ ұмытылып кететіні қазір көпшілікке кеңінен мәлім болды.
Бірқатар шығармаларда кейіпкерлер автордың еркімен ешбір кедергісіз, даңғыл жолға түсіп алып, ешқандай қиыншылыққа ұшырамастан, маңдайын шаң шалмастан, шығарманың аяғынан бір-ақ шыға келеді. Олардың жолында бөгет боларлық, алға қойған игі мақсатқа кедергі боларлық нәрсе жоқ сияқты. Бірақ өмірде олай емес қой. Еңбек жүрген жерде қиыншылық та жүрмей ме? Еңбектің ұлылығы да сонда, ол әрдайым қиыншылықты жеңіп отырады.
Өзіміз күнде көріп жүрген қабат-қабат үйлер, бір-бірімен ұласа, жалғаса салынған заводтар мен фабрикалардың корпустары, ауыл шаруашылығына, өндіріс орындарына мол электр жарығын берген ГЭС-тері оңайлықпен салынбайды. Олардың әрбір кірпішінде ой мен мидың толғануы жатыр, ол алып құрылыстарға миллиондаған білек пен жүректің қуаты жұмсалған. Адамдар арасындағы күрделі, саналуан қарым-қатынастарды, олардың түп нысанасына жету үшін жолда кездесетін елеулі қиыншылықтарды былай қойғанда, тіпті техника жаңалығының өзі ескі мен жаңаның арасындағы күрестің аренасы ғой. Ол дайын машиналардың жиынтығы емес, тартыс-тайталас майданы. Осылардың бәрін жақсы білетін, терең түсінетін, соған белсене араласып жүрген совет адамдары біздің кейбір ақын, жазушыларымыздың шығармаларынан ешбір қиындықсыз, ешбір кедергісіз өз мақсатына лезде жеткен кейіпкерлерді көргенде, қайран қалады.
Біз ақындық темперамент, ақынның творчестволық келбеті деген аса маңызды жайларды өте сирек әңгіме етеміз.
Поэзиямыздың тәуір шығармаларында ақынның бейнелейін деген оқиғаларға, жұрт алдына шығарайын деген кейіпкерлердің өмірі мен тағдырына қатынасы айқын көрініп тұрады. Мысал ретінде I. Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасын алайық. Бұл шығарманың аса бір қасиетті ерекшелігі – онда лирикалық элемент пен кең тынысты эпикалық элемент бір-бірімен жарыса өрбіп отырады. Поэманың өн бойында автордың кейіпкер өмірі мен тағдырына қатынасы айқын көрініп, лирикалық сөз барған сайын оқушыны өзіне еліктіріп, тарта береді, тарта береді. Автордың көңіл күйі кейіпкер жанының барометрі сияқты. Кейіпкердің жанында болып жатқан барлық құбылыстар автордың ой толқыны арқылы беріліп отырады. Қаһарман қайда жүрсе де, автор оның қасынан үйіріліп шықпайды, оның жан-сезімін, ішкі психологиялық құбылыстарын, нәзік көңіл-жайын, ой толқынын, қуаныш, күйінішін өзінше бір ораммен орайлап айтады. I. Жансүгіров дастандарында нәзік лирикалық саз, қызу темперамент салған жерден оқушының жүрегін билеп, баурап әкетеді. Ақын оқушыны өз кейіпкерінің ой толқыны мен сезім ырғағына қарай жетелеп сөйлейді, олардың характерлеріндегі негізгі нысанды меңзей шарықтайды. Бұл жарасымды поэтикалық қасиет шығармаға әсерлі көрік, тың тыныс беріп тұрады.
Поэзиямыздың үздік туындыларында кездесетін осындай тамаша қасиеттерді соңғы жылдары жазылған дастандардан біз ұшырата алмай жүрміз. Олардан ақындық оттың лебі еспейді, жүрек қаритын салқын сыртқа теуіп тұрады. Онда автордың қаһарман өмірі мен тағдырына деген қатынасы ашылмай, томаға-тұйық күйде қалып отырады. Олар оқушыға бір-бірімен араз адамдай боп көрінеді.
Өткен жылы көрнекті ақындарымыздың бірі Дихан Әбілев өзінің бұрын әділ сынға ұшыраған «Алтай жүрегі» атты романын жөндеп, «Таудағы ту» деген атпен қайта ұсынды. Автордың қаламдас достарының пікірлерін еске алып, өз туындысына қайта оралуын өте орынды деп бағалау керек. Роман алғашқы вариантына қарағанда, әлдеқайда жақсарған. Солай болғанмен, онда ақаулар әлі де бар. Олардың бірі – жоғарыда айтылған салқындық, суықтық, кейіпкеріне, оның көңіл-күйіне, жан толқынына, жүрек сырына автордың енжар, селқос қарауы.
Әрбір ақын, жазушының өзіне тән стилі, яки айтқанда, творчестволық қабілеті болады. Совет қаламгерлерінің творчестволық әдісі бір, ол – социалистік реализм әдісі, бірақ олар әртүрлі стильмен жазады: әрбір автордың өзіне тән творчестволық қолтаңбасы, мәнері болады. Өзінің ойын шебер, тартымды етіп беру үшін ақын күнделікті құлаққа сіңген тозыңқы сөзден қаша сөйлеуі шарт, тың тынысты, құлаққа жылы тиетін сөздерді иә сөз орамдарын халықтың өзіне мәлім сөз қорынан табулары қажет. Әрбір ақынның, жазушының өзіндік стилі, фабула, композиция құру тәсілдері болады. Осыған қарап, «Таудағы тудың» авторы: «Менің композиция, сюжет құрудағы, образ жасаудағы әдісім солай» – деп те ойлар. Бірақ сол ақындық темперамент, сайып келгенде, стильдің бөлінбес бір бөлегі екенін айтсақ, біздің ойымыз артығымен дәлелденіп жатыр. Ақындық темперамент – творчестволық стиль құрамына кіретін көптеген компоненттердің бірі. Ақындық темперамент туралы пікірімізді түйіп айтсақ, өз кейіпкері дегенде, қарашының басында бәйгеге қосқан жүйрігін тақатсыз күткен сайыскердей болуы керек.
Өткен жылы бүкіл совет халқы, барлық прогресшіл адам баласы Ұлы Октябрь революциясының қырық жылдығын үлкен қуанышпен кеңінен атап өтті. Бұл даңқты мерекеге совет елінің қалам қайраткерлері өздерінің кесек-кесек дастандарын, том-том романдарын, жүрек тебіренткен лепті де отты жырларын тарту етті. Көп ұлтты совет әдебиетінің алдыңғы қатарлы отрядтарының бірінен саналатын қазақ ақын, жазушылары да бұл ұлы тойға құралақан келген жоқ. Өздеріне лайықты сипаттарын ала келді. Сөйтіп, поэзия жанрымызда октябрьдің отты жылдарында қазақ жерінде болған ұлы оқиғаларды, қазақтың ардагер ұлдарының совет үкіметін орнату жолындағы қажырлы күресін көрсетуге арналған көлемді дастандар туды. Бұл көркемдік дәрежесі әр сатыда тұрған дастандар әдебиетіміздің «географиялық территориясын» кеңейтіп, бұрын поэзия саласында көрінген кейіпкерлер тобының қатарын молықтыра, көбейте түсті. Хамит Ерғалиевтың «Оралдағы отты түн», Өтебай Тұрманжановтың «Қыран қыз» атты шағын, шағын да болса өткен күндердің айбынды бейнесін көз алдына әкелетін поэмалары осыған толық дәлел болады. Бұл шығармаларда орамды тіл, тартымды тарихи оқиғалардың көрінісі, дәуір шындығын бейнелейтін тұлғалар бар. Оларды оқығанда, эстетикалық нәр алып, өзіңнің көптен бері көрмеген қадірлі «таныс – бейтанысыңмен» сұхбаттасқандай боласың.
Әдебиет кейіпкерлері тобының қатары жыл сайын көбейіп, молайып отырады. Бұрынғы кәнігі, қадірменді таныс тұлғалардың жанына жаңа көрші қонып жатады. Бірақ сол жаңа көршінің кейде оқушыны сүйсіндіретіні болады да, кейде оны түңілтетіні де болады. Әдебиетіміздегі сүйікті тұлғалардың қатарына өткен жылы жанасқан, бірақ жоғарыдағыдай, оқушы жатырқап, тосырқап қарсы алатын кейіпкерлердің бірі – Т. Жароковтың «Құмдағы дауыл» поэмасындағы Бейсекеш образы.
«Құмдағы дауыл» поэмасында суреттелетін оқиғалар 1916 жылдан басталып, Батыс Қазақстанда азамат соғысының жеңісімен аяқталады. Осы аласапыран жылдар ішінде әдепкіде байдың жалшысы, кейін тұңғыш атты әскер полкының комиссары болған Бейсекеш көп оқиғаларды басынан кешіреді. Ол патшаға қарсы көтерілген қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісіне араласады, балықшылар мен матростар арасында болады, кейін Петроградқа барып, революция солдаттарының қатарында жүреді. Онан Ордаға қайтып оралып, ақ бандамен кескілескен күрес жүргізеді. Поэма революция жауларының талқандалуымен бітеді. Поэманың ұзын-ырғасы осы.
Октябрь революциясының бас кезіндегі ұлы оқиғалар – біздің поэзиямызда аз қамтылған тақырыптардың бірі. Ақынның ерлік жасап, соған баруын құптауымыз керек. Бірақ тақырыпқа бару бар да, оны поэзия өрнегіне түсіру бар ғой. Осы тұрғыдан алып қарағанда, «Құмдағы дауыл» дастаны өз нысанасына, мақсатына жете алмаған. Әдебиеттің негізгі құралы көркем тіл мен поэзиялық образ дейтін болсақ, бұл поэма онан өте кенде. Автор сол жаңа дәуірдің есігін ашқан кезеңде болған ұлы оқиғаларды бірінен кейін бірін тізбектеп, орайы келген сөздерді жүрдім-бардым ұйқастырып, информациялық хабар түрінде берумен қанағаттанған. С. Сейітов айтқандай, «Шығарманың көркемдік сапасы ақын шеберлігінің арта түскенін растайтын» болса, онда сөзді автордың өзіне берейік:
Өзі ақын, домбырашы, әрі әнші,
Салғанда «Айнам көзге» дауыс қандай!
Сызылтып, сорғалатып, ащы айқайға
Басқанда, даусы көкке
қауышқандай (9 бет).
Жел соққан кез нақ осы,
Қыздың иін ағашы
Иығынан ауытқып,
Шелегі де сәл ытқып,
Суын шайқап шашты әні… (11 бет.)
– Қымбатты ұлық,
Сергей Сергеевич, тек
Сіз ішпей, жөн болмады
біздер ішсек… (15 бет.)
Шаңқылдап көкте бүркіт, су бетінде
Қонатын қиғаш қағып ақ шағала,
Тұратын жазда Каспий, қыс келген соң
Оранып жатыр қазір ақша қарға.
(26 бет.)
Жалма-жан бұл хабарды біліп, қашпақ
Болды да, аттың басын
бұрып тастап,
Банк пен дүкендерді тонап түгел,
Ақша мен мүлікті алып үйін тастап,
Құмына қалың Нарын
жытты жымып,
Сымдарын телеграф қиып тастап.
Орданың қарағайлы алаңына
Солдатты санап сексен
қырып тастап (55 бет).
Поэма басынан аяғына дейін осындай шым-шытырық жолдарға толы. Мұндай шумақтарды оқығаннан гөрі, сөзжұмбақ шешкен әлдеқайда оңай шығар?! Осындағы орынсыз қойылған тыныс белгілерін алып тастаса не болар еді? Поэзияға жаңалық енгізу дегенді осылай түсінуге бола ма екен? Бұл қайта оған жасаған зорлық емес пе? Мына «жаңалықпен» поэма жазу да оңайға түспеген шығар. Үлкен ағаға жаутаңдай қарайтын, оған өз творчествосында еліктейтін жас буындар бұл «жаңалықты» қабылдай қоймас. Осы жолдармен танысқан оқушы Сағынғали Сейітовтың жоғарыда біз келтірген тезисімен келісе қояр ма екен?
Бұрын ақындарымыздың назарынан тыс, жырақ қалып келген тарихи тақырып та поэзия жанрынан кейінгі жылдары өзінің тиісті орнын ала бастады. Бүгінгі жарқын өміріміздің арғы атасы болып есептелетін кәрі тарих поэзия сарайының табалдырығынан аттады. Халқымыздың тарихында елеулі рөл атқарған, оның жүрек кернеген мұң мен зарын, ыза мен кегін қолына ту етіп көтеріп, озбыр қауымға қарсы шыққан ардагер адамдардың өмірі мен күресін жазу бүгінгі күннің тақырыбынан қол үзгендік, тарихқа барып бой тасалағандық болмайды. Тарихымызды біле түссек, бүгінгі өміріміздің ұлылығын, кереметтілігін терең түсініп, айқын аңғара бастаймыз. Сондықтан поэзия жанрында соңғы бір-екі жыл ішінде көрінген тарихи дастандарды әдебиетіміздің есейіп ержеткендігін көрсететін қуанышты нышандардың бірі деп қарауымыз керек. Хамит Ерғалиевтың «Құрманғазы», Ғафу Қайырбековтың «Дала қоңырауы» атты тарихи дастандарын біз осы тұрғыдан бағалаймыз.
X. Ерғалиевтың «Құрманғазы» поэмасы туралы біздің әдебиет қауымы арасында екі түрлі пікір айтылып жүр. Әдебиетшілердің бір қатары «Құрманғазы» – ұлы композитордың шығармаларына иллюстрация болып шыққан деп бағаласа; енді біреулері «күйші поэмада тек композитор есебінде ғана бейнеленіп, дәуір әлпеті, заман қайшылықтары көрінбей қалған» – деседі.
Біздіңше, бұл екі пікірдің екеуі де дұрыс емес.
Біріншіден, Құрманғазы – творчество адамы. Күйшінің барлық трагедиясы, аңсаған арманы, жүрек серпіні, әр кездегі көңіл күйі оның жаныңды тебірентетін программалық шығармаларында жатыр. Олар – Құрманғазы жанының айнасы. Дәуір әлпетін де, қоғам өмірін де, өз басының трагедиясына ұштасып жатқан халық шерін де ұлы композитор өз творчествосы арқылы көрсетті. Сондықтан Құрманғазы күйлерін дәуірдің де айнасы дейміз.
Хамит Ерғалиев өз геройының психологиясына, жан дүниесіне оның творчествосы арқылы кіріп, замана шындығын, халық трагедиясын Құрманғазының жүрегін жарып шыққан күйлері арқылы беріп отыр. Автордың ұстаған жолы өте дұрыс. Поэма тарауларының атына қарап, оны Құрманғазы шығармаларының иллюстрациясы деуге тіптен болмайды. Бұл – советтік тарихи романдар мен поэмаларда өзін ақтаған бірден-бір дұрыс әдіс.
Мысалы Ю. Тынянов өзінің «Пушкин», «Уәзір-Мұхтардың өлімі», «Кюхля» атты тамаша тарихи романдарында Пушкиннің, Грибоедовтың, Кюхельбекердің психологиясына, жан дүниесіне олардың шығармалары арқылы үңіліп, сол шығармалар арқылы замана ағымын, өмір қайшылығын айқын аңғартып отырады. Егер біз осы шығармаларды аттары аталған ақындардың творчествосына иллюстрация деп айтсақ, бұл, тіпті қиянат емес, әдебиеттің табиғатын түсінбегендік болар еді.
Жас ақынымыз Ғафу Қайырбековтың «Дала қоңырауы» атты дастаны туралы да бір-біріне қарама-қарсы екі пікір айтылып жүр. Қазақ топрағына білімнің алғашқы дәнін еккен Ы. Алтынсарин ақындар мен жазушылардың әлі талай рет оралатын тақырыбы. Осы үлкен де қасиетті тақырыпқа бірінші боп бет бұрған Ғ. Қайырбеков өзінің дастанында ұлы тұлғаның бір-ақ жағын – ағартушылығын көрсетуді мақсат етіп қойған. Автор дұрыс жасаған. Өйткені Ыбырайдың алып тұлғасын жан-жақты көрсету үшін бір емес, ондаған дастан жазса да көп емес. Ақын Алтынсарин қызметінің ең бір негізгі саласын шығармасына арқау ете отырып, қазақ өмірінің шындығын, сол дәуірдегі қайшылықтарды, білім сәулесінен өлердей қорыққан шонжарлардың, бай-бағландардың қазақтың озат ойлы адамдарына қарсы күресін нанымды суреттеген. Автор герой жанын оның қызметі арқылы ашып көрсеткен. Қазақ болмысындағы шындық поэмада жақсы көрініп жатыр.
Дастанның басты міні – автор кейде ақындық шарықтаудың қызығына түсіп кетіп, сюжеттік, композициялық бүтіндікті бұзып жібереді. Соның салдарынан көп сәттерде оқиғаның желісі үзіліп-жалғанып, үзіліп-жалғанып отырады. Екіншіден, дастанның біраз жерінде өзін ақтамайтын көпсөзділік бар.
Өткен жылғы поэзия шаруашылығымыздағы үлкен құбылыстың бірі – Әбділда Тәжібаевтың «Портреттер» атты философиялық поэмасында аға буындардың, айта берсек, бүкіл халқымыздың басынан өткен талай жайттар философиялық жинақтау арқылы берілген. Ақын өткен күнді оймен шолып, болашаққа куанышпен көз жібереді. Толғамы терең, сыры мол бұл дастанды оқығанда, сүйікті ақынымыз А. Твардовскийдің «За далью даль» эпопеясындағы философиялық шарықтаулар еске еріксіз түседі. Қазақ ақыны өзінің орыс қаламдасына алыстан үн қатып тұрғандай болады.
«Портреттер» әлі бітпеген шығарма тәрізді, арнасы кең үлкен өзеннің басы ғана сияқты. Егер ақынның ойынан дәл шықсақ, онда айтарымыз: Іске сәт!
Біз бұл мақалада күрделі де қиын жанрдың кейбір мәселелеріне тоқталып, қол жеткен табыстарымыздан гөрі, бұл саладағы кемшіліктерімізге көбірек аялдадық. Ондағы мақсатымыз – олқылықтарымызды уақтысында басып айтайық, тыңғылықты табыстарымызды ешкім тартып алмайды ғой деген ой ғана.
1959 ж.
Қалжан Нұрмаханов