Нәркес БАЙҒАБЫЛОВА: ҚАЛАМЫНАН НҰР ТАМҒАН

Бағзы бабалар ат үстінде келе жатып, әлдебір әсем әуенге құлақ түрсе, оның қазақ тілі екеніне күмәндамбауы мүмкін дегенге менің өз иланымым өте жоғары болатын. Өйткені, осындай ойларды тербетуге құштарлығым қашан пайда болғанын дәл айтып бере алмаймын. Бұл маған бабалардан берілді десем, тым ұзаққа сілтегендей болам. Ал ата-анадан дарыды деуге толық хақым болса да, бұны дәлелдеу керек. Әйтсе де осының бәрі менің ой ойлауыма адами болмысымда бар саналы жаратылысыммен айғақ болуға тиіс. Себебі, рух адамға тіл қатады, ол бар және тамыры тым тереңде. Сондықтан да ұлттық рух сенің Ана тіліңде, басқадай болуы мүмкін емес.

Сахара сағымын теңізде жүзген қайықтай тіліп, алыстан мұнартқан аттылы адамды өз бабам десем, мен оны осы рухыммен сеземін. Мен оған қазақ тілінде тіл қатсам, ол да мені түп тегімізді ортақтастыратын ұлттық рухымен түсіне қояды. Мені мен Оларды байланыстыратын алтын арқау өте көп екенін де жақсы білем, бірақ солардың ішіндегі уақыт пен кеңістікті жарып өтіп, ғасырлар мен жылдардың ыстық-суығына күймейтін, тозбайтын ұлы құндылық – бұл біздің ұлттық рухымыз деп білем. Бұндай ойға мені өнер әкелді. Музыка, сәулет, сөз өнері, міне менің, біздің және Қазақтың рухы осыларда жатыр. Белгілі бір кезең туған еліңді өркендетуі әрі құлдыратуы мүмкін, соған сәйкес өнер мен оның жасампаз тұлғалары да түрлі жағдайларды бастан кешпек. Аяққа тұсау салынып, басыңа ноқта киілер, сосын Сөзіңе қарауыл қояр, бірақ ойыңа тосқауылды ешқашан, ешкім де қоя алмайды. Ол тек Жаратушының құзырындағы нәрсе. Сондықтан мен бармын, демек ойлай аламын! Менің тамырым ойымда жатыр! Оған адам баласының жендет ойлы балтасы сілтенбек емес, сілтенбейді де және сілтенбепті. Менің соған көзім жетті, одан бұрын түйсігім жеткенін де айтып өттім-ау деп ойлаймын.

Мектеп қабырғасында оқып жүргенде қолыма қазақтың алдаспан жазушысы Мұхтар Мағауиннің он үш томдық шығармалар жинағының жетінші томы түсті. Мен осы томды бастабында ерекше бір белгі деп қабылдағам жоқ. Оқып шықтым. Өзіме бұрынан таныс стиль, отты, уытты ойлар мен ұлттық мұрат пен мүдделерге семсер сөзін басынан бастап сілтеп келе жатқан арда қазақ. Өмірінің алпыс жылын асыл сөзге бағыштаған алтын діңгек. Рас, ақсақал жазушының не жазғанын айту үшін менің жасым осыншама шығармашылық ғұмырдың жартысына жетуі керек қой. Сондықтан, өзіме ұнайтын бәрін айтқаннан гөрі сана-сезімімнің әлдебір қылын мұңлы саусағымен нәзік шертіп, өзінің ұлттық рухын менің жүрегіме бабаларға тән ғибратты баяндауымен құйған «Карлагтан хат» әңгімесін талдағым келеді.

Жазушының жетінші томындағы жетінші тұрған әңгіме. Бұл кездейсоқ болуы мүмкін. Ол кезде мен он үште едім. Оқып отырғаным – жазушының шығармалар жинағының он үш томдығы. «Карлагтан хат».

Әңгімеге арқау болған басты кейіпкер – Мүсілім Бөжеев. Жазушыға оның кім екенін өз аталары айтып береді. Автор оның хатын оқып отырғанда, Мүсілімнің кім екенін денелеп білмепті. Онда автор-баяндаушы он бір жаста болыпты. Араға ширек ғасырға жуық уақыт салып, жаңа ғасырдың басында, оның алғашқы айларында, дәлірек айтсақ, 19-20 наурызда, бәлкім одан 45 жыл бұрын Мүсілімге салынған сәлемдеменің қайтып келген «сары ала қазының екі кескенін қатарынан жеген» күні әлгі хат әңгімеге айналыпты.

«Карлаг» деген сөз – халық қасіреті. Қазақтың ақыл-ойы тас қамалға тоғытылған жер. Бірақ, рухын өлтіре алмаған. Ол сахараға хат боп келген. Рас, хатта көп нәрсе айтылмаған, айту қажет те емес еді. Өз сөзіңді өзіңе оқ қып атқан одақтық саясат ұлттық рухты сындыра алмапты. Маған әңгімедегі Мүсілім Бөжеевтің бейнесі басында айтқан бағзы бабалардың рухы сияқты сезілді. Содан әңгімені бір демде оқып шықтым. Мүсілімнің хаты өлмейтін өмірді паш етіп, бір әулетті қуантыпты. Олар оның хатын үш қайтара оқиды. «Отбасымызбен үш қайтара оқыдық. Әуелде таңырқадық. Одан соң қуандық. Содан кейін мұңайдық. Ақыры дағдардық. Таңырқағанымыз – күтпеген жағдай. Қуанғанымыз – тірі екен. Мұңайғанымыз – әлі күнге айдауда. Дағдарғанымыз… – күмән мен қауіп», – деп баяндалған жолдардың қуатты кернеуін түйсіну керек. Ғасыр нәубетін сол күні сол шаңырақ мәңгілікке сақтап қалуға тырысыпты. Себебі, ұжданы мен рухы мықты әулеттің баласы болашақта қаламының ұшына қасиетеп қондырып ап, бізге аманаттайтын адам – әңгімедегі қаршадай бала Мадияр боларын бір тылсым күш үйлестіргендей. Және, осы бір рухани да, өмірлік те байланыс сол кезде айқын көрініс таппаса да, кейінгі Мүсілім мен Мадиярдың өнердегі түйлісіп, тоқайласқан әрі мағыналы жолдары таң қалуға жетелейді екен.

Нақты өмірдегі түпбейнесі – «Абаймен дос-жар, елге сыйлы болған» Бөжейдің баласы, кейінгі атақты әдебиеттанушы-ғалым, М.О.Әуезовтің қолжазба қорының тұңғыш текстологы, филология ғылымдарының докторы Мұратбек Бөжеев екенін ескерсек, оның хатын көркем шығармаға айналдырған – М.Мағауин, бала Мадияр. Бәрі де бір құдіретті қазықты айналып жүрген ақыл-ойдың аплатондары: Абай, Бөжей, Мұхтар, Мұратбек, тағы да Мұхтар. Осы кездейсоқ па? Қалай болғанда да адами құндылықтарды әр кезде әрқайсысы өзінше өрнектегенімен, негізгі көгентүптің көңінде өскен дала перзенттері ортақ мұраттарымен, нақтырақ айтқанда, біз сөз етіп отырған ұлттық рухтарымен туыстасып жатыр.

Мен үшін Орхон мен Керуленнің бойында қолын түркілік ілтипатпен кеудесіне қойып, қиғаш көзін сахараға тігіп, сақ тұрған балбал тастардағы бабаларым – олимп құдайларынан әлдеқайда жақын. Маған қара өлеңдегі  қазақтың қоңыр үні – әлемнің үздік операларынан көркем көрінеді. Өзіме француздың классикалық прозасынан – қазақ әдебиетінің ұлттық рухы сонағұрлым етене. Өйткені, мен осылармен қазақ болғандықтан ғана үндесіп жатқам жоқ, қазақтығымды сезінетіндіктен жан дүниеммен байланысамын.

М.Мағауиннің қай шығармасы ұлттық рухты көтермейді? деген сұрақты алдыңа қойып, соған жауап іздеп көрші, таба алар ма екенбіз? Себебі, ол біздің жады мұрағатымыздың жаңғыртушысы ғана емес, жалғастырушысы да. Жазушының көркем кеңістігін Қазақстан картасына ұқсатамын. Онда не жоқ демейік, онда не бар десек, міне соның бәрі де М.Мағауиннің шығармашылығында кездеседі.

Біздің даланы шарпыған ұлт-азаттық көтерілістер, ашаршылық, Ұлы Отан соғысы, коммунистік-колонизаторлық жүйе, Ұлт тәуелсіздігі сияқты кезең-кезеңнің ауыр да, ащы суреттері мұңлы музыкадай қазақ прозасында ойға шома ойнап тұр. Ал әрідегі «Аласапыран»  бүгінгі «Шыңғыс ханға» жалғасып жатса, ортақ құндылықтың өміршең жібі үзілмегенін көрсетеді. Біз қайдан келдік, қайда бардық, кім болдық, енді кім болмақпыз?! Осынау адамзаттық сауалдың ұлттық бағытына көз жіберіп көрсек, алатын сабақ аз емес, ал сақтанатын нәрсе одан да көп екен.

Бір кезде қазақтың терісін тірідей сойып, осыны үлкен ерлікке балап, әлемге көрсетіп, көрмеге қойыпты. Бір заманда ұлттық топырағынан айрылып қалған жасанды тұлғалар даңққа бөленіп, «Кіші Октябрь» атты еңбек жазғанда, өзіне өзі Салах-ад-диннің үкімін шығарып кеткенін білді ме екен? Немесе, қасқырдың Бөріге, Бөрінің қасқырға айналғанын бағамдау үшін жазушыға қаншама қасіретті сезіну керек болды және сол түйткілдің түйінін оқырманға жеткізу жолында көркемдіктің қай қабатын қопармады. Иесінің бейітінің басына барып, ұлыды демейін, жылаған «Тазының өліміне» пенде баласының парасаты жетпеген кездері де болған. Ал «Ұлсыздану ұраны» деген өткір көсемсөзі біздің қазіргі қоғамның кейбір мәселелерін негіздеп жазғанымен аса құнды.

Осындай «ащы сия, улы тілмен» ұлттың бары мен жоғын айтып, түгендеген қазақ зиялыларының бірі – Мұратбек Бөжеевтің ауыр тағдыры маған несімен ұнады? Ұнады деген сөз – жай сөзім, жыладым деген – шын сөзім!..

Жазушы халқына қызмет еткен қазақтың қайсар ұлының тағдырын деректі әңгіме ғып жазғандағы мақсат-мұраты не? Күмән жоқ, айқын ұстаным – ұрпақтың ұлттық рухын ояту керек. Осы жолда бәрінің де басы кеткен, Мұратбек Бөжеев те солардың бірі. Жазушының өз әкесі де итжекенге айдалған. Елге қызмет еткені үшін. Ал осыны автор ашып жазды, өйткені жалғаншы дүние пенделік қанағатыңды ақтауы мүмкін, тіптен артығымен, алайда ұлттық мұрат рухпен келетін нәрсе. Соны сез, дамыт әрі жалғастыр деп насихат етіп отыр. Себебі, өзі осы құндылықтың баянды екенін тым жас шағында сезген. Айналасы, атырабы, топырағы сондай еді. Сізге Жидебай мен Қарауылтөбе, Бөрілі мен Байқошқар ештеңе демей ме?!..

«Карлагтан хатты» оқығанда алаш азаматтарының ауыр тағдырын сезіндім. Егер осы әңгімені мен өзге тілде оқысам да қазақ болып оқитын едім. Бұл менің елімнің басынан өткерген нәубеттерінің азалы симфониясы. Оның қанмен түскен қайғылы ноталарында менің тағдырым жатқан. Болашақ, бүгінгі тағдырым. Бұл қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның тарихи жолы – кешегі ұлт зиялыларының күреске толы жолы болатын. Олар да осы рухты бабаларынан алған. Солардың саналы сөзін көкіректеріне түйіп өскен еді. Міне, осындай рухтағы қазақтың қайраткер ұлы жазушысы М.Мағауин бүгінгі жаһанданған замандағы жастарға, жалпы қалың оқырманға оқшау ой тастап отыр. Әсіре бүгіншіл емес, тереңнен тамыр тартатын ертеңшіл ойға. Өмірде ұсақ-түйек нәрселер аз емес. Сол сияқты күрестің бәрі де жеңіс емес. Мүдделес, жемтіктес жеңістер болу мүмкін, бірақ ойға үстемдік ете алмайсыз. Мысалы, Мұратбек Бөжеев десем артық емес. Соншама азапты көрсе де рухы жасымай, қайтып келгенде де қазақтың ұлттық мұрасын түгендепті. Соған қызмет етіпті. Өмірін арнапты. Жеңілмепті, жеңіпті. «Адамды өлтіруге болады, бірақ жеңе алмайсың» дегенді Э.Хемингуэй айтқан. Осыны шығармасымен дәлелдеп берген қазақ жазушысын құрметтеу өз алдына, ең бастысы түйсікпен түсіну ләзім. Мен түсінгім келді.

Адамның ой бостандығына жететін ештеңе жоқ. Оның тілін кес, сөзіне тиым сал, бірақ ой бостандығына тосқауыл қоя алмайсың. Адам түрмеде жатса да ой бостандығымен өмір сүрмек. «Карлагтан хат» осыны айтқан. Мен оны әлдебір құпия түйсікпен сеземін. Не десем екен?!..

Ұнады деген сөз – жай сөзім, жыладым деген – шын сөзім. Бұл тұма  сезіміме  қасиетті Шыңғыстаудың жотасы, атымды қойған Абай атамның баласы Мағауиядан тараған әжем Ғазел Жағыпарқызының батасы, мені ұлылар мекенінде ақ бесікке салып тербеткен атам Байғабыл мен әжем Аймангүлдің әлди әуезі куә!

Нәркес Байғабылова

Назарбаев университетінің  4 курс студенті

Пікір қалдыру