Т А Й Т А Л А С

Мұхтар Анарбекұлы

Сонау 1992 жылдың 22 ақпанында Қызылорда облысы аумағында соттал­ғандарды таситын арнайы вагоннан бір топ аса қауіпті қылмыскерлер қашып шығып, «Қызылорда-Сарыағаш» бағытындағы жолаушылар автобусын ке­піл­дікке алады. Құқық қорғау органдарымен жүргізілген келіс­сөз барысында қашқындар өздеріне ұшақ берілуін және Шымкент әуежайынан шетелге ұшып кетуді талап етеді. Бас-аяғы бір тәулікке созылып, қазақстандық ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органда­рының тарихында алғашқыда «Кольцо», кейіннен «Набат» деген атпен қалған осы бір арнайы біріккен іс-шара көркем тілмен баяндалады.

І. «Вагонзак»

– Солдат, басыңды қатырма. «Союздың» тарағанына үш ай болды. Жоқ енді ондай мемлекет. Он бес республика да тәуелсіздік алды. Сенің қазақтарың да – тәуелсіз. Автоматыңды таста да, үйіңе қайта бер. Сені ешкім де іздемейді. Біреу іздеп келсе, басымды кесіп берейін… – Темір торлы есіктің арғы жағындағы егде тартқан «дзектің» мына сөзіне Сұңғат жымиып қана қойды. Қазақшасы да әп-әдемі. Жауап қатпады. Бірақ іштей ойға кетті: «Шынында, сөзінің жаны бар. Қазіргі уақытта әскерде сапырылысқан, түсініксіз тірлік. «Тәуелсіздік» дейді барлығы. Оның не екенін ешкім де анық-қанық түсіндіріп бере алмайды. «Прибалтика» елдері баяғыда-ақ еншілерін алып, бөлініп кетті. Жеке-дара мемлекет боламыз дейді. Оған кейбіреулер сенімсіздікпен қарайды. Ресей болмаса, Мәскеу болмаса, орыстар болмаса, қалай күн көруге болады? Енді әскер де бөлінеді деген сөз шығып жатыр. Шығып жатыр емес-ау, бөлініп жатыр. Хохолдар Украинасына, белорустар Белоруссиясына, кавказдық офицерлер Әзірбайжан, Грузия, Армениясына қайтуға қам жасауда. Ресей армиясында қалудың енді мән-мағынасы жоқ көрінеді. Бұрынғыдай өспейсің, себебі басқа ұлтсың. Оның үстіне, одақтас республикалардың арасында шекара болатын көрінеді. Шекара болса, ағайын-туысқа, ел-жұртқа қарым-қатынас қиындайды деген сөз. Аласапыран деген осы болар. Бәрі басымен қайғы болып жүр. Сонда… шынымен-ақ постты тастап кетіп қалса… мұны біреу іздер ме екен? Ең бастысы, автоматын қалдырып кетсе болды емес пе… Қарусыз солдат кімге керек? Әскерден қашу деген бұрындары адамның түсіне кірмейтін нәрсе еді. Қазір мұндай тірлік жастар арасында сәнге айналғандай. Қашқындарды аса қатты іздеп жүрген де ешкім жоқ…» Ішкі әскерлердің кіші сержантын осындай ойлар әп-сәтте-ақ мазалап алды. «Дембельге» шығуына әлі бір жылдай уақыт бар. Қазіргі «мәртебесі» сарбаздар арасында «черпак» деп аталады. Осылай салпаңдап, «черпак» болып қашанғы жүре беруге болады?.. Ақ қар, көк мұз демей сотталғандарды күзетіп жүргенің, ит құсап. Қызығатын ештеңе жоқ. Он тоғызға толмай-ақ денсаулық кетіп барады. Білгіштер «вышка ауруы» дейді. «Вышка» дегені – зонаның төрт бұрышындағы қалқиған, есік-терезесі жоқ, сақшының қонақтап тұратын орны. Жел өтінде тұрғандықтан, таудың салқын ауасы белден жоғары қарай ұрады да тұрады. Белі сыздайтын әдетті шығарды. Осы тұрғанда белі ұйып қалған екен, сипалап, орнынан қисайып тұрғанына қарап-ақ әлгі дзек басын шайқап қойды:
– Ертең гражданкаға шыққанда инвалид болып қаласың. Содан кейін ешкімге де керегің болмай қалады. «Вышкада», «ВВ-да» служит еткендердің бәрі сондай болады, – деді.
– Не істеу керек? – Сұңғат айналасына алақ-жұлақ қарады (сотталған­дармен сөйлесуге «устав» бойынша қатаң тиым салынады).
– Не істеу керектігін айттым ғой. Сен де боссың, біз де босаймыз. Бізге жасаған қайырымдылығың осы болады. «ВВ-ның» солдаттары көп жерде солай істеп жатыр екен. – Дзектің көзі сығырайып, момақан, аянышты адамның кейпіне түсті. Сұңғат оны шынымен аяғандай болды…
– Қазақпысың?
– Иә! – деді Сұңғат.
– Мен – қарақалпақпын.
Сұңғаттың іші жылыды. Қазақ пен қарақалпақтың туыстас, бауырлас халықтар екендігін, жоңғар шапқыншылығы кезінде бірге соғысқандығын, ҚазМУ-де оқып жүргенде Желтоқсан оқиғасына да көптеген қарақалпақ жігіттерінің қатысқандығы ойына түсті…
Есек пойыз тырсылдап жүріп келеді. «Куйбышев – Ташкент» бағытында жүретін №922 пойызды жұрт осылай атайды. «Жол жабық, қазір скорый пойыз өтеді» деген сылтаумен кез-келген бағанның түбіне тоқтай салуы түкке тұрмайды.
Куйбышевтен шыққандарына бірнеше күн болса да, әлі Қызылордаға да жеткен жоқ. Таңғы ұйқы қысып барады. Ұйықтап қалмаудың амалын істемесе болмайды. Сұңғат қалтасынан кішкентай календарын алды. Көмескі сәулеге тосып тұрып, ақпан айының 21-22 күндерін инемен тесті. Бірақ артынан ернін тістеді. 22-күнді теспеуі керек еді. Инемен тесілген белгілер күн өтті дегенді білдіреді. Ал 22 ақпан бүгін ғана басталып келеді емес пе?! Күннің шығуына да әлі бір-екі сағаттай уақыт бар. «Жаман ырым» деп басын шайқады.
– Приказға қанша қалды? – дзек қамқорси сөйледі.
– Ой, көп әлі, – деген Сұңғат күбірлеп санай жөнелді, – 435 күн! Содан кейін «дембель»!
– Көп екен… вещайся! – дзек жымиып қойды. Осындай сәтте айтылатын қалжың сөзге Сұңғат та күлімсіреді.
Вагонның іші қаракөлеңке. Әлгі дзектен басқалары қалың ұйқыда секілді. Сменаның ауысуына әлі жарты сағаттан астам уақыт бар.
Пойыз Қызылорда облысының аумағына өткелі вагон іші жылына түскендей. Ақтөбе маңайында тоңғаны есіне түсіп, пешке қарап қойды. Иығын ойып жіберуге шақ қалған автоматты бұрышқа сүйеп, шинельдің түймелерін ағытты.
– Темекің бар ма? – деген дзек жауап күтпестен қолын созды. Сұңғат шинельдің қалтасынан «Шипка» темекісін алып, кішкене ойланып қалды. Сотталғандарға жақындауға болмайтындығын ішкі ойы айтып жатты. Десе де қиылып тұрған егде кісінің көңілін қимады. Әрі, ол не істер дейсің, темір тордың арғы жағында тұр ғой.
Қорапты ұсынып еді, оған риза болған дзек бір талын алып тұрып, тағы біреуін алуға ниет білдірді.
– Алыңыз…
Екі тал темекінің біреуін баскиіміне тыққан дзек, екіншісін аузына салып, шырпы сұрады.
Шырпыны тұтандырып, темір тордың арасынан қолын өткізе бергені сол еді, әлгі мейірімді дзектің жүзі кілт өзгеріп, Сұңғаттың қолынан шап беріп ұстады да, көзілеспес жылдамдықпен өзіне қарай тартып қалды. Арматураға басының қатты соғылғаны сонша, көзінің оты жарқ етіп, қолы үзіліп кете жаздады…
Еміс-еміс естігені – автоматтың тырылдаған дыбысы мен бір топ дзектің үдеріле шығып бара жатқаны…

ІІ. Қарауыл бастығы

Қызылордадан алған сыра мен араққа сылқия тойған қарауыл бастығы таңғы тәтті ұйқының құшағында жатқан-ды. Оның үстіне, сағат алтыдан түскі он екіге дейін қарауыл бастығының міндетін атқару көмекшісіне жүктеледі. Олай болса, түске дейін алаңсыз ұйқыны соғуға болатындығы санасына бекіп те қалған.
Жол ұзақ. Жолсоқты болып шаршағаны тағы бар. Әрі қорқатын да ештеңе жоқ. Он бес жылдан бері атқарып келе жатқан қызметі. Бүгінгі «этапты» мынау тұрған Тәшкенге дейін ғана апарады. Жастау кезінде Мәскеудің өзінен сонау Магадан мен Колымаға дейін талай-талай «вагонзактарды» жеткізгені бар. Талай-талай шаш ал десең, бас алатын баскесерлермен бетпе-бет келген кездері де аз емес. Сонда да прапорщик, аға прапорщиктен ары қарай өспей-ақ қойды.
Сөйткен СССР-дың ойламаған жерден аяғы аспаннан келіп, құлағанына да екі-үш айдың жүзі болды. Басқаны қайдам, погон таққандардың қадірі қаша бастады. Кеңес әскерлерінің Шығыс Еуропадан ғана емес, сонау, күнін әзер көріп отырған Ауғанстаннан да қашып шығуына тура келді. Өтті дәурен деген – осы.
Бұрындары әр айдың он бесінде қолға шықырлатып санап алатын жалақының қазір жүріс-тұрысы өзгерген. Кешігетіндігі сонша, келесі айдың ортасында, болмаса арғы айдың басында бой көрсетеді. Шиқылдаған екі баласына қоймадан қалбыр ұрлап алып баратын күндері көбейді. Ондай қоймалар «НЗ» деп аталатындықтан, кейде кеудедегі шыбын жанды шүберекке түюге тура келеді… Ұсталып қалсаң, темір тордан бір-ақ шығуың ғажап емес.

* * *
…Аяқтан тиген қатты соққыдан әзер оянып, есін жиды. Екі дзектің өзіне автомат кезеніп, төніп тұрғанын көргенде талып қала жаздады. Көзі адырайып, тілі байланып қалды. «Мүмкін түсім болар» деп ойлады әдепкіде.
– Начальник… тихо! – деген екеуі бәтеңкенің шұбатылған бауымен ылдым-жылдым қимылдап, сойыс малын байлағандай қарауыл бастығының аяқ-қолын матап, еденге тастады.
Жоғарғы сөредегі үлкен қорапты алып, ішін апыл-ғұпыл қопара бастады. Іздегендері өздерінің құжаттары болса керек, сыртында «уголовное дело» деген жазуы бар төрт-бес папканы қолдорбаларына сүңгітіп жіберді. Купеден шыға бере қайтадан кірді. Жастықтың астында жатқан тапаншаны, сөредегі оқ-дәріні, «пирамидадан» он шақты «ПМ» тапаншасын магазиндерімен қоса уыстап алды.
«Князь» есімді дзек тапаншаның затворын тартып жіберіп, қарауыл бастығына қарай кезенді. Бірақ атып үлгермеді. Қасындағы серігі зірк ете түсті:
–Прекрати! Надо уходить без шума! – Купенің есігі тарс жабылды…
Қарауыл бастығы ышқына жұлқынды. Қолын байлаған жіптің біреуі босағандай болды….
–Тревога! Караул в ружье! – Аға прапорщик барылдаған даусымен айқай салды. Не болғанын түсінбей қалған сарбаздар үзіліп-созылып орындарынан тұрып, дәлізге шыға бастады. Оларды сықпырта боқтап, тамбурға жеткенде «тарс» етіп тапанша атылды. Екі қолымен төбесін басқан қарауыл бастығы тамбурдан қалай секіріп кеткенін өзі де сезбей қалды.
Үріккен қойдай үрпиісіп тұрған сарбаздардың бірі сөрелердің астына, бірі дәретханаға тығылысып, көзден ғайып болды. Тек шеткі купедегі сарбаздар ғана атысқа белсене кірісті…

ІІІ. 18-разъезд

Аяңдаған пойыз таңата 18-разъездке жетіп, демін басты. Мұндайда атадан әкеге, әкеден балаға мұра болып қалған инстинкт бойынша теміржолшы Әміржан ешкім айтпастан-ақ қолына ұзын сапты балғасын алып, пойызға беттеді. Пошта пойызы әдеттегіден де кеш келді бүгін. Оған бола таңданған Әбекең болмады.
Дегенмен ортаңғы вагон есігінің ашық-шашық тұруы жас жігіттің еріксіз көңілін аударды. «Вагонзак» екенін айтпай таныды. Есіктің шынысы да екі-үш жерден шытынап кетіпті. Темір торлы вагондармен сотталғандарды таситындығын жақсы білетін жігіт әдепкіде вагонға кірер-кірмесін білмей аңтарылып қалды. Мұндай сәтте вагон терезелерінен қызыл погонды сарбаздар қол бұлғасып жататын. Ал вагон есігінің осылайша иесіз тұруын өмірінде бірінші рет көруі.
Жүрексініп тұрғанда іштен әлдекімнің темірді темірге соғып тарсылдатып, ыңыранған дыбысы естілді. «Помогите» дейтіндей.
Қорқа басып ішке енді. Әлдебір ащы кірдің иісі қолқаны қабады. Еденде ұзыннан сұлап, қызыл погонды «ВВ» сарбазы жатыр, бет-аузы қанталап кетіпті. Не де болса соққы бетінен тиген секілді. Тамырын ұстай беріп еді әлдекім:
– Да живой он. Ты лучше иди в соседний вагон! – деді. Қаракөлеңке вагонның ішіне көзі енді үйренді. Сол кезде барып жарқабақтағы жапалақ құсап төніп отырған төрт-бес адамды көрді. Сақал-мұрттары өсіп кеткен, ұсқынсыз, суық көздері кісіні тіксіндіреді. Тірі зектерді өмірінде бірінші рет көруі, Әміржанның жон арқасы шымырлап қоя берді. Егер екі аралықты темір тор бөліп тұрмағанда мына көріністен жас жігіттің тырқырап қашары сөзсіз еді.
– Дай закурить! – деген дыбысқа басын шайқады да, көрші вагонға жүгірді.
Тамбурдан өте бергенде ішкі есіктен бірінің үстіне бірі құлаған екі сарбазды көрді. Екеуінің де омырауын шыпылдаған қан жуып кетіпті.
–На караул совершено вооруженное нападение. Вызывай милицию! – сержант шенді, істік мұрынды, нар тұлғалы қара торы жігіт осыны сырылдап айтты да талықсып кетті.

ІV. «Кольцо» операциясы

Шиелі дегеніміз бір қауым елі бар, құм ортасындағы қыстақ. Ауыл жанынан темір жол өтетіндігі оның мәртебесін әжептәуір көтеріп тұр. Қанша айтқанмен темір жол дегеніміз – өркениет.
Осындағы аудандық ішкі істер бөлімі бүгін абыр-сабыр. Сенбі күнгі – бүкіл тірлікті кезекшіге қалдыратын мамыражай тірлік көзден бұл-бұл ұшқан.
Аулаға жете бере шиқылдап кеп тоқтаған, бүйірінде «водовоз» деген жазуы бар мәшинеден домаланып, жалтыр бас әскери адам түсті. Үстіндегі киімі алқам-салқам. Портуфеясы кіндігінен төмен құлап, кобурасының бос екендігі алыстан айқайлап, қайыс құлағы салпаңдап келеді.
–Начальник караула старший прапорщик Пономарев! Меня срочно к начальнику! – деді ол кезекшіге. Кезекші де саспады:
–Вас уже ждут! –деді. Осы кезде барып ол «ух» деп демін алды. Жағдай түсінікті болды. Ақпарат жеткен екен, яғни қашқындарды құрықтауға мүмкіндік мол деген сөз.
Жедел штаб отырған кабинетке келгенде абдырап қалды. Аудандық құқыққорғау органдарының басшылары тайлы-тұяғымен осында екен. Түстері суық. Бүгінгі демалыс күндерін бұзғаны ойына түсіп, Пономарев ыңғайсызданып қалды. Аға прапорщикті көрген бетте жауап алуға кірісті.
–Во сколько все это было? Сколько сбежали? Куда направляются? – аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы майор Байжановтың қойған сұрақтарының тек біреуіне ғана толыққанды жауап берді.
–Утром, примерно после пяти… а куда не знаю… но уверен, они еще где-то здесь…
–Конечно, вы не знаете! Спальный вагон устроили у себя! Сколько было всего человек-то?
–Всего было 60 заключенных, – аға прапорщик бұдан басқа ештеңе айта алмай, қанталап кеткен көзін уқалап, басын төмен салды. Сол кезде барып өзінің қызметтік тапаншасының жоқ екендігін байқады.
–Было бы военное время, ты давно стоял бы перед военным трибуналом… – Байжанов тісін шықырлатты да айналасында отырғандарға қарады, әрине, қарауыл бастығынан мен құнды мәліметтер күткен жоқпын. Менің пайымдауымша қашқындар қалайда Шиеліге келеді. Себебі, жақын маңайда бұдан басқа тұмсық тірейтін елді-мекен жоқ. Мұны бір деңіз. Екіншіден, күн суық, қыс ауасы. Оларға жылы орын мен тамақ керек. Жол-жөнекей осындай мекен іздеуі сөзсіз. Үшіншіден маған жеткен мәлімет бойынша, қашқындар тас жолға қарай бет түзеген. Бұл дегеніңіз – олар қалай болғанда да облыс аумағынан тезірек шығып кетуге, із суытуға, үлкен қалалардың біріне кетуге тырысады. Иә, олардың мақсаты үлкен қала болатындығы сөзсіз. Москва алыс, Куйбышев пен Ақтөбеге қарай жүрмейтіндігі анық, өйткені олар да алыс. Жақын маңдағы қалалар: Қызылорда мен Түркістан, әрісі Шымкент пен Ташкент болады. Қызылорда мен Түркістан олардың тақияларына тар келеді. Екеуі де шағын қала. Бәрі алақандағыдай көрініп тұрады. Оның үстіне этникалық құрамы жағынан да тығылуға тиімсіз. Ал Шымкент пен Ташкентте мұндай мүмкіндік ба-а-ар! Олай болса олар осы екеуінің біріне жетіп, сіңісіп кетуді ойлайтындығы сөзсіз. Қазір қашқындардың кім екендіктері нақтылануда… Өздерінің «делоларын» алып кетулеріне байланысты оларды анықтау қиын болып жатыр дейд…
Байжанов алшаңдап арлы-берлі жүріп, қолындағы қағазды оқи жөнелді.
–Облыстық жедел штабтың бұйрығын жариялаймын! Сотталған қашқындарды ұстау мақсатында «Кольцо» операциясы ұйымдастырылсын. Ол үшін мынадай талаптар жүзеге асырылсын:
1.Қызылорда-Түркістан бағытындағы барлық көлік қатынастары: темір жол, тас жол, әуе жолы, су жолы бекеттері күшейтілген күзетке алынсын. Операция ауқымы 200 шақырымды қамтиды. Жауапты атқарушы – Қызылорда, Шымкент облыстық ішкі істер басқармалары.
2. Қызылорда облысымен көршілес жатқан барлық облыстар, атап айтқанда: Ақтөбе, Жезқазған және Өзбек Республикасының Қарақалпақ автономиялық республикасының құқыққорғау органдарына төтенше жағдай туралы телефонограмма жіберілсін. Жауапты атқарушы – мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасы.
3. Операцияны атқаруға жергілікті әскери бөлімдердің әскери қызметшілері қатыстырылсын. Жауапты атқарушы – жергілікті әскери гарнизон басшылары.
Байжанов операция туралы бұйрықты оқып бола бергенде кезекшінің телефоны шырылдап қоя берді:
– 922-інші келді.
Кабинетте түнеріп отырған топ есікке қарай жөңкіді.

V. Шиелідегі шиеленіс

Маңдайында қара бояумен бадырайтып тұрып «Кзыл-Орда – Сары-Агач» деп жазылған «Икарус» теңіздегі кемедей сырғып келеді. Қызылордадан шыға бере-ақ қаңбақ қағар бұтасы жоқ иен дала басталды. Жұқа қардың көбесі сөгіліп, қарақошқылданып қалған. Жол жақсы. Ел іші емес. Жылдамдықты шектен асырып, 120-ға дейін көтеруге болады. Осындай сәттерде «нарушение» жасап қою Сайлаудың ежелгі әдеті. Бұрындары, ауыл арасына «почта» «газигін» айдағанда да аудан орталығынан шыға бере:
Ауылым, ауылым,
Сағынғанда өзіңді
Ауырады бау-ы-р-ы-ым, – деп әндетіп, газды баса түсетін. Жастық шақ қой, сонда газды барынша басқанда «газиктің» көтеретін жылдамдығы 50-60 шақырым ғана болатын. Соның өзіне Сәкең мәз болып, самолетпен ұшып келе жатқандай сезінуші еді…
Алыстан қараңдаған, жыбырлап, қозғалақтайтын тобыр көрінгендей болды. Айналада ел жоқ. Бұл маңайда жол тосатын жолаушы қайдан болсын. Қаңғып, ашығып жүрген киіктер болмаса… Мылтығы жоқтығына өкінді…
Сонда да болса абай болудың амалын жасап, тежегішті ақырындап тежей бастады. Гуілдеп келе жатқан «Икарус» әнін өзгертіп, жеңіл жүріске түсті.
Байқаса, әлгі қараңдаған үш адам екен. Қолдарын ербеңдетіп жүр. Тоқтамай кетер деп ойлады ма, әлгі үшеудің біреуі трассаның ортасына жүгіріп шығып, екі қолын жоғары көтеріп, талтайып тұра қалды. «Бассаң басып кет» дейтіндей.
«Мыналарың жынды ме-ей» деп күбірлеген Сәкең муфтасын басып, «холостой» жүріске салып барып, тежегішті түбіне дейін тіреді.
Қызыл автобус бүйірлей келіп тоқтады. Әлгі үшеуі апыл-ғұпыл жүгірісіп, есіктің ашылуын күтпестен тоқпақтай бастады. Пневмоесік оңға қарай емес, солға қарай ашылғанда бір сәт аңтарылысып, мұндай есікті көрмегендіктерін байқатып алды.
– Братан, довези нас до Чимкента! – деді шегір көзді, зор денелі біреуі.
– Мен не Шемкент, а Сарағаш! – деді Сәкең бірден ескертіп. Егде тартқан екінші жолаушы көп ойланбастан:
– Все равно же едешь через Чимкент… забери нас… – деді гүрілдеген даусымен…
– Ну да… но әбизд, әбизд у меня, не шерез горад!
– Ничие, пойдет. Объезд пусть объезд, разберемся…
Әлдебір сасық, мүңкіген иісті ала кірген үшеуі артқы орындықтарға барып жайғасты. Тоңып қалыпты, қолдарын сипалақтап әуре…
«Бұлар қайдан жүр бұл арада?» – деп ойлап қойды Сәкең. Сұрауға жүрегі дауаламады. Түстері суық.
Автобус бауырын жазып үлгермеді, жол шетінен тағы да екі адам көрінді. Олар да дірдектеп, асфальттың үстінде билеп жүр.
– Нас до Чимкента!
Сәкең басын шұлғып:
– Шемкент әбиздной, – деді.
– Бойдет! – кавказдық акцентпен сөйлеген шойындай қара жігіт қармақтай иілген танауын қолымен бір сүртіп, артқы орындықтарға қарай тартты. Соңын ала шүңірек көз, жылан басты, қияқтай мұрты бар қара торы жігіт тіс жармастан Сәкеңе тесіле қарап өтті. Бір қырым еті жоқ, шымыр екендігі жүрісінен байқалады.
«Артқы жақта бірдеңе бүлінбесе жарар еді». Сәкең айнасына сүзілді. Жоқ, әлгілер бір-бірін танымайтын секілді. Үшеуі оң жақта, екеуі сол жақта терезеге телмірген қалпы отыр.
Сонда да жүрістері тегін емес. Өздері тіпті ұсқынсыз. Соған қарамай көздерінде ашыққан түз тағысының ызғары бар. Әдетте, мінгендер жолақысының қанша тұратынын сұрап, төлеуге әрекет жасаушы еді. Мыналар ондайды ойламайтын да секілді.
Сәкеңнің денесі тоңып кеткендей болды. Сонда да болса көңілін жамандыққа қимай, «мүмкін адасып жүрген геологтар болар» деп демдеді.
Осындай әрі-сәрі оймен келе жатқанда автобус Шиелінің шетіне аяқ іліктірді. Пост «ГАИ» бүдкесіне жақындай берегенде одан капитан шенді «гаишник» фуражкасын қолымен түзеген қалпы, желең күйінде жүгіріп шығып, ала таяғын шолтаң еткізді. Тоқта дегені. Онсыз да баяулап келе жатқан автобус жол шетіне шықты. Капитан мұның құжатын тексерген болды. Бірақ бір көзі автобуста. Ештеңе айтпайды. Есесіне Сәкең өзінің дүдәмәл ойымен бөлісті.
– Автобуста біртүрлі бес адам бар!
– Қалай біртүрлі, қазақша айт… – капитан сыбыр етті.
– Өздері жолдан мінді. Орыстар секілді. Біреуі грузин. Жолақысын төлейтін түрлері жоқ.
– Былай істейсің: автостансияға барасың. Барғаннан кейін автобус бұзылып тұр, барлығың шыға тұрыңдар, ремонтқа кіріп шығам деп айт.
– Қай жері десе не дейм?
– Радиатор қайнап келе жатыр де!
– Басеке, қыстыгүні радиатор қайнамайды ғой…
– Білмейм, онда бірдеңе ойлап тап өзің… – капитан қолындағы құжаттарды жүргізушіге ұстатты, – напарнигің қайда?
– Ол ауырып, балнисеге жатып қалды. Әпендесет дейд.
– Дабай период. Автостансияға тарт! Жылдам!
Шиелінің автостанциясы әдеттегідей бейғам қалпы. Қалааралық үлкен автобустың келе жатқандығын байқаған жас-кәрісі бар бір топ адам өре түрегелді. Автобус есігі ашылар-ашылмастан:
– Балам-ей, Түркістанға шейін ала кетші, – деген дауыстар естіле бастады.
– Ата, аптобыс бұзылып келе жатыр. Сәлден кейін жүреміз. Мінбей күте тұрыңыздар, – деген Сәкең салонға бұрылып, – мен аптабазға ремонтқа барып келейін, барлықтарыңыз түсе тұрыңыздар, – деді.
– Сәлден кейін болғанда, ол қанша уақыт деген сөз?
– Енді бір сағаттай болып қалар.
– Бір сағат деген көп қой, жүдә, – деген ренішті жолаушылар ұйқылы-ояу қалыптары сылбырап түсе бастады.
Жолаушылардың ортасын ала алғашқы мінген үшеу де түсіп келе жатты.
– Начальник чье случилось? – деді шегір көзді автостанция алаңын сүзе қарап.
– Ыремонт, Ыремонт… – деді Сәкең ештеңені білдірмеуге, әрі олардың бетіне қарамауға тырысып, – я аптабаз пайдет…
– Зачем на автобазу, чье здесь нельзя делать?
– Ыремонт, тормоз не ыработаит…
Айналада күдіктенерлік ештеңе болмаған соң ба, әлде жұрттың бәрі шығып жатқан соң ба, әлгі үшеу де жерге түсе берді.
Кейіннен мінген екеу терең ұйқыға батыпты. Түсу деген қаперлеріне де кірмейтін секілді. «Мүмкін өтірік ұйықтап жатқан болар». Сәкең оларды оята бастағанда қайдан екені белгісіз, «тарс» ете қалған мылтық даусынан селк етті. Сонда байқады, автобусты он шақты қызыл жағалы милиция қызметкерлері қоршап алыпты. Ішіндегі майор шенді, қозы қарын біреуі әлдене деп жанұшыра айқайлап, айналасына алақ-жұлақ етіп қарағыштап жүр. Сәкеңнің ұққаны әлдекімдерге өз еріктеріңмен беріліңдер дейтіндей. Көп ұзаған жоқ, әлгі шегір көзді бастаған үшеу ақырындап қолдарын жоғары көтере бастады.
Сол-сол екен тарс-тұрс атыс басталды да кетті. Ұйықтап жатқан кавказдық жігіт атып тұрып, Сәкеңнің маңдайына тапаншасын тіреді. Мұндай нәрсені тек кинодан ғана көріп жүрген Сәкеңнің жүрегі тоқтап қала жаздады. Екінші дзек ортекеше орғып барып, автобустың есігіне кесе-көлденең тұра қалды.
Мылтық даусынан бас сауғалағандар автобусты айналып қашты, қашып үлгермегендері тұрған жерлерінде жата қалысты. Автобустың терезесін сығалап келе жатқан лейтенантты кавказдық жігіт тапаншаның мүштігіне іліктіріп отырды да басып қалды. Лейтенант кеудесін ұстаған күйі, шалқалап құлап бара жатты. Мұны көріп, көзі шарасынан шыққан Сәкеңді кавказдық тамағынан қылқындырып, тік тұрғызды да, өзіне қалқан ретінде тоса қойды.
Сыртта қолдарын көтеріп тұрған үшеу кенеттен автобустың есігіне қарай жүгірді.
–Стой! Стой! – деген, жанұшыра айқайласқан дауыстар естілді де, қайтадан «тарс-тұрс» басталып, темірге, терезеге тиген оқтар шыңылдап ұшып жатты. Есіктен міне берген шегір көздің арқасына оқ қадалып, табалдырыққа құлады. Оның өлгеніне сенбей, аңырайып қарап қалған кавказдықтың көзін ала бере жүргізуші артқы есіктен домалап жерге құлады. Артынан бір-екі мәрте оқ атылды да:
–Закрывай двери! Поздно! – деген барылдақ дауыс естілді.
Пысылдаған пневмо есіктер жұмсақ жабылды.

VІ. Текетірес

– Артқа қарай шегініңдер. Қауіпсіздік зонасын жасау керек, – облыс орталығынан келіп жеткен мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасының бастығы полковник Әуеновтың автостанциядағы алғашқы қолға алған әрекеті осылай басталды. Бұл сөзден кейін алаңқайда тұрғандар ақырындап шегіне бастады.
– Автобус астында адам жатыр! – әлдекімнің сыбыр ете қалған даусына полковник жалт қарады. Шынында автобус астында қолына автомат ұстаған милиция қызметкері жатыр. Дәу де болса, жаңағы атыс-шабыс кезінде осындай позиция ұстамақ болған. Ал енді оны қалай шығару керек. Абыр-сабыр кезінде шығып кетсе, ешкім байқамас еді, қазіргідей қырық-елу қадамдай қауіпсіздік алаңы ашылған кезде олай ету қауіпті. Автомат ұстап жүргенін байқаса дзектердің оны атып тастары анық.
Әуенов оған ыммен белгі беріп, тыныш жат дегенді түсіндірген болды. Амал жоқ, енді бәрі кеш, тек оңтайлы сәтті күткеннен басқа амал жоқ. Іштей «отвлекающий маневр» жасау керек деп түйді…
–Они там ни с кем церемониться не станут. С ними бесполезно вести переговоры, – егде тартқан дзек кісен салған қолын ауырсына қасындағыларға қарады, – жмет сильно, чуть расслабьте!
Отырғандар бұрылып, полковник Әуеновке қарады. Аппақ қудай шашын ақырын сипаған полковник көз қиығымен «мейлі, айтқаны болсын» дегендей белгі берді.
Қара маскалы еңгезердей екі жігіт дзектің желкесінен басып, екі аяғын талтайта керіп, артына қайырылған қолын босатып, кісенді алдына қаратып салды.
Сәл де болса қолы жеңілдегендей болды. Бағанадан бері еңкейіп отырған бойын тіктеп, кабинеттегілерді шола қарады. Тергеуші жауап алуды бастады:
– Фамилия?
– Майлыбаев.
– Атың?
– Бақыт.
– Туған жерің?
– Нөкіс қаласы!
– Туған жылың?
– 1932!
– Статья?
– 88-інші.
– Автобустағылар кімдер?
– Фамилиясын білмеймін! Бірақ аттары: Женя и Сергей! Жақсы танысып үлгерген жоқпыз!
– Қашу туралы идея кімдікі?
– Влумский Владимирдікі.
– Қашқанда қайда бармақ болдыңдар?
– Шымкентке дейін жетіп, ары қарай Алматыға немесе Ташкентке кету болатын. Екі қалада да таныстарым бар деп айтты Володя.
– Автобустағылардың не істемек ойлары бар?
– Білмедім, бірақ, Женя айтқанынан қайтпайды. Онымен сөйлесу бесполезно! Айтқанын істеу керек.
– Неге?
– Оны невозможно сломать! Қарауылға нападение жасаған да сол. Ондай адам бәріне де барады.
– Неге?
– Нападение на караул – оны никакая статья, никакой суд не оправдает. Все, ему крышка и вышка! Сондықтан сендерде бір ғана выход бар!
– Қандай?
– Маған наган беріңдер. Мен өлтіріп қайтам оларды. Басқалай жол жоқ. Олар сендерді ішке кіргізбейді.
Тергеуші сұраулы жүзбен полковникке қарады. Полковник қолын сілтеді. «Алып кетіңдер» дегені.
– Ал бұған не айтасыңдар? – Әуенов жедел штаб мүшелеріне бұрылды. Облыс прокуроры да, ішкі істер басқармасындағылар да тұщымды ештеңе айта алмады. Бірақ, барлығы да дзектің ұсынысын қолдамайтындықтарын білдірді.
– Иә, дұрыс айтасыздар! Экстремистердің жетегінде кетуге болмайды. Автобуста бір топ жолаушы қалды, өкінішке қарай олардың нақты саны қанша екенін білмейміз. Бірақ, аман-есен босату біздің міндетіміз. Жүргізушіден жолаушылардың санын анықтаңдар, – Әуенов осыны айтып бола бергенде, майор Байжанов есіктен асығыс-үсігіс кіріп:
– Жолдас полковник, қашқындардың аты-жөндері анықталды, жаңа ғана 18-разъезден келді, – деді де қолындағы телефонограмманы оқи жөнелді, – қашқындардың қолында «ПМ» маркалы сегіз тапанша, бір автомат бар. Қашқан адамдар саны – алтау. Алдын ала алынған деректер бойынша олардың аты-жөндері: Албандян Валерий, туған жылы әзірге белгісіз, анықтаймыз, қашуды осы ұйымдастырған секілді. Екіншісі – Влумский Владимир, 1950 жылы туылған, бұған дейін төрт рет сотталған, осы жолы он бес жылға кесіліпті. Үшіншісі – Боварухин Василий, 1943 жылы туылған, бес рет сотталған. Төртіншісінің аты – Женя. Кім екендігін қазір жігіттер анықтауда. Бесіншісі – Сергей. Оның да кім екендігі анықталу үстінде. Алтыншысы – Майлыбаев Бақыт, 1932 жылы туылған, топқа еріп жүруге шамасы келмей, өз еркімен берілді. Конец доклада!
Байжановтың баяндамасы бітер-бітпестен, кезекші қара көк папканы Әуеновтың қолына ұстата берді. Оны жылдам оқып шыққан Әуенов:
–Республикалық жедел штабтың нұсқауы. Автобустағылармен келіссөзді бастап, талаптарын білу керек. Рация мынау ма? Бұдан жаңалауы жоқ па? – деді, ішкі істер қызметкерлеріне бұрылып.
–Бары осы жолдас полковник. Мұның өзі кейде істеп, кейде істемейді… барымен базар деп жүрміз. Облыстағыларға айтылды, дұрыстау рация әкеледі… – облыстық ішкі істер басқармасының бастығы осыны айтып, рацияны автобусқа жеткізу жағын ойластыра бастады…
…Рация жеткізілісімен ұзаққа созылған келіссөз басталғандай болды. Адам өмірі сағатпен емес, секундпен өлшене бастады. Қылмыскерлер байланысқа бір шықса, бір шықпай қалады. Өздеріне не керек екенін өздері де білмейтін секілді. Автобустың ішінде не болып, не қойып жатыр, ол жағы да белгісіз. Бүкіл перде тас қараңғы болып тұмшаланған.
…Күн бесіндіге таянғанда қылмыскерлер өздерінің алғашқы талаптарын айтты:
–Наше первое требование – кто там начальник, главный из вас, пусть один к нам подойдет! Здесь, на нашей терриитории будем разговаривать! Пусть захватит с собой бутылку коньяка!
Дзектердің бұл талабын орындаудың аса қауіпті екені айтпаса түсінікті еді. Бірақ қыл үстінде адам тағдыры тұрғанда қалайша қарсылық білдірерсің. Қалай салмақтасаң да таразының басы солай қарай баса беретіні сөзсіз.
Әуенов қулыққа басты. Келіссөзді кім бірінші болып бастаса, белсенділік соның жағында болатындығын тактикалық тәсіл ретінде іштей мықтап белгіледі. Қалай болғанда да автобустағы Женяның жүрегін жібіту керек. Милиция мектебінде оқып жүргенде бір профессордың: «Жүрексіз адам болмайды. Қаныпезер де анадан туады. Тек соны оята білу керек» дегені еріксіз ойға түсті. Бірақ, оны қалай оятарсың?..
Шұғыл түрде Женя туралы бүкіл ақпаратты қолына жинады. Мәселенің мәнісі ақырындап анықтала бастады. Женя деп жүргені бұған дейін Чита қаласын шулатып, кепілдікке адам ұстап, істі болыпты. Яғни, кепілдік жағынан оның тәжірибесі бар деген сөз. Женяның өмірбаянына тереңірек үңілгенде Әуеновтың жүрегі дір ете түсті. Екеуі жерлес болып шықты: ол да бұл да Ресейдің бір облысында, бір ауданында туылған. Тек ауылдары ғана басқа. Басқа деген аты ғана – екеуі де бір өзеннің бойын қуалап жатқан көршілес ауылдар: Астрахань облысы, Марфин ауданы, Леонтьевка селосы. Ал Әуенов соның қасындағы Михаиловка селосында туып-өсті. Екі ауылдың арасын тек алақандай-алақандай көлшіктер ғана бөліп жатыр.
Сәттілік деп осыны айт. Әлдебір әлсіз үміт жібі қолына іліккендей болды. Леонтьевкадағы орыстардың мінез-құлқын, салт-дәстүрін бір кісідей жақсы біледі. Ол жаққа талай мәрте жалаң аяқ топырақ кешіп барғаны естен кете ме? Кезінде үлкен ауыл еді. Өмірбаянына сенсек, шешесі тірі секілді. Қартайған адамдардан тұратын ауылдағы олардың қалай ғұмыр кешіп жатқандығы, қандай кәсіппен айналысатындығы полковниктің көз алдынан елестеп өтті. Сондықтан да әңгімені сенімді бастады:
– Привет Женя!
– А это кто такой еще? – мұндай сәлемдесуге Женяның таңданып қалғандығы даусынан байқалды.
– Это я, полковник Михаил Ауенов. Твой земляк!
– Какой земляк еще? Не путай меня ишаком, поганые менты… если попадетесь, я зарежу вас… Я не хочу разговоривать с ментами… с ними у меня будет другой разговор в другом месте…
– Слушай Женя, на самом деле я твой земляк. Если ты с Леонтьевки, то я с Михаиловки… у моих родителей много друзей было в Леонтьевке… меня тоже назвали в честь мудрого старика из Леонтьевки Михаила – Михаилом. Мы тоже купались на речке Актас.
Мұндай әңгімеге Женя не деп жауап берерін білмей аңтарылып қалды. Есіне не түскенін кім білсін, ауыр күрсінді.
– Кто не знает Акташа?! – даусы баяу шықты. Жуасып қалғандай ма? Адамның жүрегі деген қандай!
– Между селами постоянно ходили, играли, рыбу ловили… может, мы дург-друга тогда видели? Ты знаешь Гришу Запорожцева? Он был моим друганом.
– Гришу знаю, он младше нас учился… счетчик Гриша, да?!
– Да-да, он после школы собирал налоги… в наш ауыл часто приходил…
– В Михаиловке я тоже несколько раз был. Михайловка состоит из Кинсай и Борылсай, так же? Между ними кладбище Кошкарата!
– Да-да… верно. Но щас, мало кто там остались… многие переехали в город. Старики ушли в иной мир… брошенные дома щас там в основном…
Әуеновтың бұл әңгімесіне Женяның көңілі босағандай болды. Облыс прокуроры полковникке бас бармағын көрсетіп, «жарайсың» дегенді білідіріп жатты.
– У меня мать осталась одна… как она там, я толком не знаю… как ушел оттуда, так и не вернулся, паршивый я, умею только срок мотать!
– Да не переживай. В аулах народ еще помогает друг другу. Уверен, соседи помогают. Если будет время во время отпуска, я обязательно зайду, передам привет от тебя…
– Сам тоже мог бы поехать. Теперь… опять хана будет наверное… а так мою жизнь испортили милиция и прокуроры. Это они сшили мне фальшивое дело… а так я не «враг народа»! Надо начинать дело с милиции и прокуроров, вот тогда в стране будет порядок.
– Женя, земляк, давай поговорим в нормальной обстановке. Выходите из автобуса. Я помогу тебе как выбраться из этой ситуации.
Женя үнсіз қалды. Үнсіздікті тым ұзаққа созуға болмайтындығын түсінген Әуенов келесі сұрағын бастырмалатты.
– Женя, может в нейтральной зоне поговорим, вам и нам удобно будет. Если согласны выходите из автобуса…
– Нет, земляк! Об этом не мечтай, мы вам не верим…
– Алло, алло … Женя, слушай меня… алло, алло… – байланыс үзіліп кетті. Байланыстың үзілгенін байқаған техникалық бөлім бастығы жүгіріп келіп, Әуеновтың қолындағы рацияны ала бергені сол еді, полковник «тоқтай тұр» дегендей ишара білдірді.
– Рацияң істеп тұр. Бізге қалайда уақыт созу керек. Әйтпесе «Альфалықтар» келіп үлгермейді. Басқалай жол жоқ, – полковниктің бұл сөзінен кейін қасындағылардың бірі әуеге, бірі тас жол жаққа қарады. «Альфа» деп тұрғаны МҚК террорға қарсы күрес жөніндегі арнайы бөлімшесі екендігін барлығы айтпай түсінді. Алда ауыр оқиғалар болатындығы белгілі болды.
Әуенов аузын жиып болған жоқ, оның ойын Женя оқып отырғандай:
– Алло, начальник, вы меня слышите. Почему рация не работает? Вы, наверное специально делаете, да? Смотрите, предупреждаю! Такая шутка может стоит кому-то жизнью! – дегенде полковник сасып қалды. Жүрегі қысылғандай болды. Рацияның құлағын қалай басып:
– Это же местная рация. Скажи спасибо, что нашли. Мы же не в городе! Уже везут нормальную рацию. Потерпите… – дегенін сезбей қалды.
Жел азынап қоя берді. Келіссөздің мәні қашты. Тұмшаланған автобустан дыбыс шығар емес. Оған жақындауға тағы болмайды. Ішінде не болып жатқаны да белгісіз. Тек тыныштық болғай дегеннен басқа қолдан келер қайран жоқ. Егер «Альфаның» келетіндігін сезсе жағдайдың адам айтқысыз ушығып кететіндігі анық. Әуенов осы жағынан қауіптенді. Бейсауыт жүрістің бәрін тиып, нейтральды зонаны барынша күшейтті. Келімді-кетімді автобустар бекетке жетпестен, әудем жерден бұрылуда. Шағын ауыл демін ішіне тартып, оқиғаның немен тынарын тағатсыздана күтті.
– Жолдас полковник, есікке қараңыз, – деген дауысқа жалт бұрылған Әуенов автобус есігінің ақырын ашылып, іштен қалың орамал тағынған әйелдің түскенін, бүрсеңдеп дәретханаға қарай жүгіре жөнелгенін байқады.
– Готовность №1! – Әуенов ішкі рациямен күбір етті. «Бұл өзі еркек пе, әлде әйел ме?» деген ой санасын шарпып өтті. Жоқ, әйел болуға тиіс. Ауыл әйелінің бүрсеңдеген жүрісін дәл бұлай келтіру мүмкін емес.
Дәретханаға дейінгі арақашықтық жадағай. Оған кірген, шыққан адамның бәрі көз ұшында. Әйелді тергеп қалудың мүмкіндігін келтіру оңайға түспейтін секілді. Десе де, тәуекелге бел буып көру керек.
– Майор Байжанов! Автобустың алдыңғы жағындағы, сонау қарсы беттегі арықты көріп тұрмысың?
– Иә, иә!
– Сол жерден «отвлекающий маневр» жасайсың. Мен мүмкін туалетке жетіп үлгірермін. Автобус ішінде болып жатқан жағдайды бір білетін шансымыз болса, ол осы деп ойлаймын.
… Арықтың арғы басынан есек арба, оның үстінде есекті аямай сабап келе жатқан бала көрінді. Арбада отырған екі әйел, не жетпегені белгісіз, арықтан бері өте бергенде ойбайласып, бір-бірінің шашына жармасып, жұлыса кеті. Орталарында ары тарт та, бері тарт қылған орта қапшық шемішке айрандай болып жерге төгілді. Толықшалау келген әйел әлділігін көрсетіп, ұзынтұра әйелді шашынан сүйрей жөнелді… Ұзынтұра әйелдің даусы мұнша ащы болар ма, ойбайлағаны автостанцияны бері қойып, арысы бүкіл Шиеліге естілгендей болды.
Автостанциядағылар бір сәтке мұнда не үшін келгендерін ұмытып, барлығы ошарыла екі әйелдің «төбелесін» тамашалады.
Осы бір мезетті пайдаланып, басына мыжырайған құлақшын, үстіне түсі оңып кеткен тон киген Әуенов дәретхананың ерлер жағынан кіріп бара жатты. Автобус астында автоматын құшақтап, бағанадан бері жатқан милиция қызметкері де бұқпантайлап топқа жетті.
Құдай қарасқанда, дәретханадағы әйел сөзшең болып шықты.
– Ешкімге тиісіп жатқан жоқ. Орысша сөйлейді. Бір сөзін түсінсек, бір сөздерін түсінбейміз, шырағым. Қолына телефон сияқты бірдеңені ұстап, сөйлесіп жүргеннің аты – Женя. Біреуі автобустың бас жағында, шопыр отыратын орындықтың артында тығылып отыр. Екіншісі артқы орындықта жатыр.
– Қанша қарулары бар?
– Менің көргенім үш пісталет.
– Жарайды, абайлаңыздар. Шығатын уақытыңыз болды.
Әйел сол жүрісімен, бүрсеңдеген қалпымен автобусқа тартты.
Рацияның бірде істеп, бірде істемей қалуы жиілей бастады. Бұған наразы болған Женяның қырылдап-сырылдаған даусы естілді:
– Дайте нормальную рацию.
– Рацию щас привезут. Мы тоже ждем… как слышали? – деген Әуенов сағатына қарады, он екіге таяп қалыпты. Рацияны сылтауратқанына біраз уақыт болыпты. Әзірге спектаклі сенімді секілді. Дзектер иланып отыр. «Помеху побольше создайте» деп техникалық бөлімге тағы да тапсырма берді. Осылай-осылай екі-үш сағатты созса, «Альфаның» да жетіп үлгіретін уақыты болып қалар. Олар келсе Шиелідегі мына шиеленістің түйіні осы жерде шешілетіндігі сөзсіз.
Басшылар тағы да кеңесті.
– Республикалық штаб автобусқа «штурмды» осы жерде өткізуді ойластырып жатқан секілді. Адам күші жеткілікті. Қару-жарақ бар… – облыстық ішкі істер басқармасының бастығы генерал-майор Жемесінов осыны айтып прокурор Беталиевке қарады. Прокурор ой үстінде. Ол кісіні қазіргі «штурммен» қатар ертеңгі айып тағу, осы операцияға санкция беру, ұзаққа созылатын сот процестері, ондағы адвокаттардың әрбір басқан қадамға, айтқан сөзіңе шейін үңілетін сәттері мазалап тұрды.
Алматыдан желдей ұшып ұзын-сонар телефонограмма келді. Онда ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Сүлейменов басқаратын республикалық штаб жергілікті штабтың іс-қимылдарын толығымен қолдайтындығы айтылыпты. Осының өзі көңілге бір сеп болды. Яғни, мұндағы бағыт-бағдар дұрыс деген сөз. Жоғарғы жақтың осындай хабарының өзі неге тұрады. «Альфа» жеткенше келіссөзді «максимально» созу керектігі тапсырылыпты. Бұл жұмыс онсыз да жүруде. Тек, мәселе дзектердің жүйкесі қашанға дейін шыдайтындығында. Олар да ақымақ емес, Қызылордадан шыққан рацияның келіп-жететін уақыты да болып қалды. Одан кейін сылтауратудың қисыны келер ме екен?
…Рацияларды ауыстыру үшін автобустан қалтырап-дірілдеген әйел шықты. Әуенов елеусіз түрде одан да мән-жайды сұрап қалуға тырысты.
– Аты-жөндері кім?
– Женя, Серега дейді бір-бірлеріне. Басқа көп ештеңе айтпайды.
– Қайда бармақ ойлары бар?
– Соны шеше алмай жатыр. Қызылордаға баратын секілді. Тек ата көрмеңіздер оларды. Олар бізді қырып тастаудан тайынбайтын секілді. Менің балам қалды автобуста. Беретіндеріңізді тезірек беріңіздер… кетуім керек.
– Қорықпа. Міне, рациялар. Қолданудың еш қиындығы жоқ. Мына бір кнопкасын сөйлеген кезде басса болғаны. Сөйлеп болған соң жібереді… бар болғаны осы. Тек басқа каналға ауысып кетпесін.
Рацияны құшақтаған әйел сүріне-қабына жүгіре жөнелді.
Әуенов қолданған психологиялық ықпал ету тәсілдері көп ұзамай-ақ нәтижесін бере бастады. Коньякқа кекіренген Женя өзінің жаман адам емес екендігін айтып, басындағы қайғысымен бөліскендей болды.
– Ненавижу я ментов. Поганые менты… не виноват я.
– Тогда надо было подать на аппеляцию. Еще не поздно, Женя. Подумай. Шансов на хорошую жизнь у тебя еще есть.
– Я знаю вашу аппеляцию. Не первый раз судим. Везде коррупция… как там солдаты… мы не хотели по ним стрелять… живы ли они?..
– Насколько я знаю они живы, но в тяжелом состояний.
– Они тоже ни в чем не виноваты. Из-за ментов они страдают теперь. Самое главное они живы да?!
– Да, они в больнице. Все будет хорошо, Женя. Сдавайтесь. Мы вам поможем.
Арада сүт пісірімдей уақыт тыныштық орнай қалды. Облыс прокуроры басын шайқады:
– Бұлар талабын айтпады ғой. Мұндай террористер де болады екен… Жалпы, абай болу керек, көп ашуландыра беруге болмайды. И так та жүйкелері тозып тұрған бәлелер. Бәрін қырып тастап жүрер. Дүние жүзіне масқара боламыз…
Алаңқайдағы автобус құпиясын бүккен күйі қала берді….

VІІ. Нақты талап

Бесін уақыты. Рация сөйлеп қоя берді:
– Начальник, слушайте. Что мы хотим. Верните нам водителя. И нам нужен будет самолет, транспортный. Мы прямо на автобусе заедем. Аэропорт, запросите Кызылорду или Туркестан. Давайте, думайте, если вам нужны пассажиры…алло, алло… слышите…
– Алло, алло, мы вас не слышим. Батарейка села наверное. Отправьте на замену… – Әуеновтың аяқ астынан ойлап тапқан амалы осы ғана болды.
Бақсам бақа екен демекші, дзектерден дәл осындай талапты ешкім күткен жоқ еді. Прокурор мен милиция бастығы Әуеновке қарады. Көздерінен: «Ендігі операцияның барлық ауыртпалығы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің құзырында. Сендер жауап бересіңдер. Самолетті талап ету, басып алу, кепілге адам ұстау баптары бойынша қылмыстық істерді МҚК тергейді» дегенді айтпай оқыды. «Жеткен жеріміз осы болды» деген Әуенов ойланып қалды. Көп ұзамай-ақ орталықтан сап етіп келген телефонограмма барлық жауапкершілікті мемлекеттік қауіпсіздік органдарына жүктеді. Бұған дейін жай ғана қылмыскерлер деп аталып келген дзектер енді «террористер» мәртебесіне «көтеріліпті». Қылмыстық кодекстегі «қашу» бабына қосымша «терроризм» бабы қосылды.
Оқиға мемлекет басшыларына дейін хабарланды. Бүкіл ел демін ішіне тартып, істің немен тынарын күтісті. Осы тектес оқиға былтыр ғана, 1991 жылдың 9-қарашасында Кавказдағы Минеральные Воды қаласында болғаны еске түсті. Үлкен «Ту-154» ұшағын жолаушыларымен бірге басып алған «терроршы» өзінің талаптарын мүлтіксіз орындатып, Түркияға ұшып барған болатын. Мемлекеттік қауіпсіздік органдарының сонда бір рет опық жегені елдің есінде. Мұндайды бұрын-соңды естімеген Кеңес Одағының халқы бір дүрлігіп басылған-ды. Сөйтсе, бұл оқиға әлі бас жағы ғана екен. Енді міне, арада үш айдай уақыт өткенде оның қатарына Қазақстан қосылғалы отыр. Терроризм деген сәнге айнала бастаған секілді.
… Рацияны қарғап-сілеген Женяның даусы естіліп, көп ұзамай автобус есігі ашылды. «Байланысшы» әйел бері қарай жүгірді.
– Олар өте ашулы. Шопырды қайтарсын деп жатыр, – деген әйел дзектердің талабын ауызша айта жөнелді.
– Іште кішкентай балалар бар ма?
– Иә, бар.
– Онда мына термостағы сүтті соларға беріңіз. Қалғандары азық-түлік. Қарындарың ашқан болар.
– Иә, иә! – әйел қуанып кетті. Азық-түлік пен рация батарейкасын құшақтаған әйел қайтадан автобусқа беттеді. Талап айтылды. Оны естімедік деп уақыт созу қисынға келмей қалды. Не істеу керек?..
…Термостың астыңғы қабатындағы «передатчик» бірден іске қосылды. Салонның іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Жолаушылардың пысылдап жылағандары, қыбы-жыбыр қозғалғандары естіледі. Келген азық-түлікті дзектер өздері жеместен оны ұзақ тексеріп барып, жолаушыларға беріп жатқандары байқалды.
Рация іске қосылып, автобустағылар өздерінің талаптарын екінші рет қайталады.

VІІІ. Терроршылар

Терроршылардың арқасында құм ішіндегі Шиелі ауылының атағы Алматы, Мәскеу тұрмақ, сонау тұманды Альбионды айналып мұхиттың арғы жағындағы штаттардан да айтыла бастады. «Би-Би-Си» бастаған бүкіл ақпарат агенттіктері картаға үңіліп, одан кішкентай ғана станцияны саусақтарымен шұқып жатты.
Алматының түбіндегі Боралдай әуежайынан ұшып шықты деген «Альфаны» күте-күте көз талды. Солар келсе бұл мәселе шешілетіндей көрінеді. Қанша дегенмен терроризмге қарсы күресу үшін арнайы құрылған бөлімше емес пе?! Кезінде МҚК төрағасы болған Андроповтың ұйымдастыруымен құрылған арнайы бөлімше талай жерде өзінің жақсы атын шығарып, нанын ақтап жүрген жайы бар. Сонау 1979 жылы Ауғанстандағы хан сарайын санаулы уақытта басып алуының өзі неге тұрады?!
Бесін ауып қалды. Автостанция маңайында қараң-құраң көбейді. Жамбылдан ұшып шыққан тікұшақтың жақындап қалғандығы, қонатын орын сұрап жатқандығы хабарланды. Әуенов вертолет автостанциядан алысырақ, өзі де, көзі де көрінбейтін жерге қонсын деген нұсқау берді.
Тікұшақтың даусын естіген терроршылар жанталасып рацияға жармасты. Алдыңғы орындықта отырған әйелдердің бірін орнынан жұлып алып, желкелеген күйі аузын рацияға тақады. Әйел ойбайлап қоя берді:
– Ойбай, ойбай, өлдім. Мыналар бізді «өбием» деп жатыр. Бертәлет не үшін келді деп жатыр! – Әйелдің арғы қарайғы даусы көмескіленіп, естілмей кетті.
– Женя, слушай меня, вертолет рацию привез, он пустой прилетел. Мы все ваши требования выполним. Наверху все решается, – деген Әуеновтың сөзіне терроршылар сене қоймады. Тек салондағы абыр-сабыр саябырсығандай болды. Вертолеттен жүгіріп келіп, баяндай берген «спецназдың» командирін Әуенов боқтап жіберуге шақ қалды:
– Вертолетті неге белгіленген жерге қондырмадыңдар?..– даусы ызғарлы шықты.
– Срочно, возможно «штурм» болады деген соң, жақынырақ қонған дұрыс шығар деп ойладық. – «спецназ» командирі осыны айтып ақталғандай болды.
– Жақынырақ дейді ғой. Вертолеттің кесірінен бір әйелдің өліп қала жаздағанын білесіңдер ме? Әркім бас-басына би болатын болса онда штаб құрып не керек! – бұл сөзім барлық құрлымға қатысты дегенді полковник Әуенов сұстанған түрімен аңғартты, – дзектерге жай ғана қашқындар ретінде қарағанның аяғы неге әкеліп соғатынын бағана көрдіңдер. Ақылдаспай, санаспай өзімбілермендікпен операция өткізу екі адамның өмірін қиды. Оның бірі жап-жас лейтенант. Егер асығыстық жасамай автобустан барлық жолаушылардың шығуын күткенде мұндай жағдай болмас еді.
Ақшам. Штабтағылар іштей «штурмға» дайындала бастады. Дегенмен, автостанциядағы жағдай шиеленіскен қалпында. Текетірес. Облыс прокуроры бірнеше мәрте сөз сөйлеп, заң бойынша терроршылардың ауыр жазаға тартылатындығын, егер өз еріктерімен берілсе, жазаның жеңілдейтіндігін әспеттеп түсіндірген болды. Оны тыңдаған терроршылар болмады.
– Прекратите учить нас. Мы сами знаем че делать! – деді де рацияны мүлдем алмай қойды.
Осылайша арада сегіз күнге бергісіз сегіз сағат өтті. Екі жақ та шаршаған секілді. Есесіне ашушаң. Жағдайды бейбіт жолмен шешудің барлық амал-тәсілі таусылғандай болды. Терроршылардың сіркесі су көтермей тұр. Жағдай бықсыған от секілді, «шырт» етіп шырпы шағылса болғаны жалын лап еткелі тұр.
Әуенов жергілікті штаб мүшелерін жинап, соңғы мәліметтермен таныстырды:
– Республикалық штабтан телефонограмма келді. Операцияны Шымкент қаласының аэропортында өткізу жоспарлануда. Оның бірнеше себептері бар: «штурм» жасауға жағдай әлі пісіп-жетілген жоқ. Белсенділік әлі де терроршылар жағында. Бұл жерде өткізсек – жолаушыларды шығынға ұшыратуымыз мүмкін. Мен осы жағдайды республикалық штабқа баяндадым. «Альфа» бөлімі бұған дейін бірнеше мәрте «Набат» операциясының оқу-жаттығуына қатысқан болатын. Соның бірі Шымкент әуе-жайында өткен еді. Сондықтан осы жолғы операцияны да «Альфаның» сол «родной» аэропортында өткізген дұрыс деп санаймын. Біздің ендігі міндетіміз – автобусты аман-есен Шымкентке жеткізу. Ол үшін жүргізушіні қайтару керек.
Әуеновтың айтқанына айналасындағылар бір кісідей бас шұлғыды. Жолдың ұзақтығын ойлап қиналғандар да болды. Иә, алда ұйқысыз ұзақ түн күтіп тұр еді…
Рациядан Женяның шаңқылдақ даусы естілді:
– Вы там че-то долго думаете! Чего мы вам не ясно сказали. Слушайте, если минут через десять не придет «драйвер», тогда я начинаю по одному расстреливать заложников. Нам отступать никуда. Не думайте о штурме… если увижу одну собаку, которая будет подходить к автобусу… предупреждаю… никого жалеть не буду! Че делается по нашим требованиям?
– Центр предлагает вам Чимкентский аэропорт!
– Почему Чимкентский?
– Самый ближайший большой аэропорт только в Чимкенте!
Рация тағы да үнсіз қалды.
Жүргізушінің салы суға кетіп, ұнжырғасы түсіп отыр. Автобусқа жолағысы жоқ. Бетін тіліп алсаң да қан шықпайтын дзектердің жүзі көз алдына келген сайын қалтырайды. Өз-өзінен тоңып кеткендей болады.
– Бармасаң болмайды, бауырым. Бәрін де түсініп отырмыз. Басқа амал жоқ. Автобустағы он шақты адамның жағдайын ойла, – Әуенов қамқорси сөйлеп, жігіттің арқасынан қақты.
Сәкең сонда да үндемеді. Терең ойға шомып кеткендей көзін әлдебір нүктеге қадап, сілейіп қалған. Барғысы жоқ.
– Жолдас полковник! Егер рұқсат етсеңіз мен барайын. – жап-жас милиция қызметкерінің мына сөзі мәселені шешкендей болды. Арқадан зіл батпан жүк түсті. Әуенов рацияны қосты:
– Слушай Женя! Водитель отказывается! Если согласны, мы готовы предоставить другого водителя! – Әуеновтың мына сөзі терроршылардың жынын қайнатты. Бірақ, келіспеске амалдарының жоқ екендіктерін де байқатты:
– Ладно. Мы уже знаем кто он такой. Предупреди своего «мента», если что, мы сразу расстрелим его!
Әуенов жас жігіттің арқасынан қақты.
– Атың кім?
– Ринат!
– Ал Ринат, давай. Құдай жар болсын! Абайла! Қауіпті іске бара жатсың!
Екі иығына екі кісі мінгендей, ұзын бойлы, кірпік-шашына дейін сарғыш тартқан жігіт бүкіл қаруын әріптестеріне тапсырып, милиция киімін ауыстырып, әудем жердегі автобусқа беттеді.
Қысқы қараңғылық қоюланып қалды. Ара-тұра желпіп соққан самалдан көктем иісі сезілетіндей. Оң жақта түнгі шамдары жамыраған поселок жатыр.
Жақындай бергенде автобустың есігі ашылды. Ары қарай тым-тырыс тына қалды. Жүргізуші креслосына отырғаны қарауытып байқалғанымен автобустың жүретін түрі жоқ. Штабтағылардың шыдамы таусылып, көңілдеріне күдік кіре бастады. Жаман айтпай жақсы жоқ. Әйтпесе бір автобустың оталып, жолға шығатындай уақыты болды. Алайда рациямен сұрауға Әуеновтың батылы бармады. «Мүмкін қазір жүретін шығар…»
Әлде «штурмды» осы сәт өткізіп жібергені дұрыс па? Басқа сан алуан ой келеді. «Жоқ, – деді ішкі ойы, – жағдай әлі пісіп жетілген жоқ». Мүмкін жол-жөнекей бір сәті келіп қалар. Үміт те жоқ емес. Қалай болғанда да жолаушылардың амандығын ойлау керек. Жолаушылар болмағанда, бұлармен бұлайша мәймөңкелесіп тұрмаған болар еді.
Қырылдап-сырылдап рация қосылды:
– Не заводиться. Че делать?
Штабтағылар аңтарылып жүргізушіге қарады. Сәкең есіне бірдеңе түскендей болып, санын бір соқты:
– Е-е, угонды ағыту керек екен ғой («противаугонка» дегені). Жаңа айтуды ұмытып кетіппін. Енді оны өзім ағытпасам Ринаттың қолынан келмейді. Оның өзінің бір әдісі бар.
Шешім қабылдаңыз дегендей Сәкең Әуеновтың жүзіне барлай қарады. Әуенов ойланбастан қолындағы рациясын қосты:
– Слушай Женя. Там надо выключить противоугонку. Этого может сделать только сам водитель автобуса. Щас он подойдет, поможет, откройте двери.
– Давай, только побыстрее!
… Жүргізуші сол кеткеннен мол кетіп, қайтпай қалды. Гүрілдеп-дүрілдеп автобус оталды. Сол мезетте Женяның талабы да өзгеріп сала берді:
– Слушай, начальник! Возвращаем вашего «мента». Нам он теперь не нужен! Почему, сам понимаешь…
Автобустан түсіп келе жатқан Ринаттың сұлбасы көрінді. Шамалы дүрілдеп тұрып, арқа-басын қыздырып алған «Икарус» ыңыранып трассаға беттеді.
– Желкесіне пистолет тақап Женя дегеннің өзі тұр. Бір-ақ ұрып құлатайыншы деп едім, аядым. Істің аяғы насырға шауып кетер дедім. Маған барғаннан күдіктене қарап еді, ақыры ойлағаны болды. Екіншісін алыстан көрдім. Қалғандарын байқамадым. Активный сол екеуі секілді. Постоянна салонның артында жүреді. Салонда он бір жолаушы бар. Екі кішкентай емшек жасындағы баланы көрдім. Жолаушылар шаршаған. Балалар мазасыз. Меніңше осы жерде де, дәл қазір «штурм» жасап, шаруаларын бітіріп тастауға болады, – Ринат осыны айтып, білегін сыбанып қойды.
– Жоқ, Ринат батыр, уже поздно. Ендігі мәселені Орталық шешеді! – Әуенов сұқ саусағын шошайтып төбе жақты көрсетті.

ІХ. Түркістандағы тосын оқиға

Қызыл іңір. Алдына «ГАИ» машинасын салған автобус соңынан бес-алты көлікті ертіп, Шымкентті бетке алды…
Құлазыған дала. Шымкентке дейін бес жүз шақырымға жуық жол жатыр алда. Осыншама арақашықтықты түні бойы жүруге тура келеді. Тек құдай тыныштығын берсе екен.
«Үйге де звондауым керек еді. Мені жоғалтып жатқан шығар. Оның үстіне бүгін күн сенбі. Түске дейін ғана жұмыс істеп келеді, түстен кейін домашний план деп отырған еді. Мен болсам Қызылордаға емес, Шымкентке кетіп барам» деген ой Әуеновтың басына келгенімен, әп-сәтте сағым секілді сейіліп кетті…
Автобустағылар да өздерінің пиғылдарының іске асатындығына сенген секілді. Өткен жылғы Кавказдағы оқиғаның қалай аяқталғанын олар да білетінге ұқсайды. Сондықтан, шетелге ұшып кетуге деген үміттері зор. Әзірге олар да, рация да жым-жырт.
«Осы істеп тұр ме екен өзі» деп полковник көз қиығымен қол астындағы рацияға қарап қойды. Тышқан көзіндей жасыл жарық жыпылықтап келеді. Істеп тұр деген сөз.
Абырой болғанда ауа-райы да тыншыды. Тек ызыңдаған жел ғана адамның мазасын қашырып келеді. Жауын-шашын мен боранның ауылы алыс секілді. Аспан шайдай ашық. Толықсыған ай төбеден төніп тұр. Қанша дегенмен ақпанның аяғы. Қысқы шілденің өткеніне де біраз болған. Күн райы да қарасып тұрғандай. Әйтпесе, бұл өңірде ақпанның арқыраған боранын кездестіру таңсық емес. Оған Түркістаннан өте бере Шаян жақтан соғатын, жеңіл машиналарды төңкеріп тастауы түкке тұрмайтын Арыстанды-Қарабастың желін қоссаңыз бұл аймақтың кескін-келбеті толыға түседі.
… Төрт сағаттан астам жол жүрген автобус Түркістанға жақындай бере, қала шетіндегі жанармай бекетіне келіп тұмсық тіреді. Бәрі де ойдағыдай секілді еді. Кенеттен жағдай ушығып сала берді…
«Бәле деген аяқ астынан» деген рас екен. Күтпеген жерден жолдың жағасындағы ағаш арасынан қаңғып жүрген жүк мәшинесі гүрілдеп шыға келді де, зымыраған қалпы май құйып жатқан «Икарустың» жанына келіп тоқтай қалды.
– Гады, атаку начинают! Огонь!
Шабуыл басталды деп ойлап қалған терроршылар жүк мәшинесін көздеп, «тарс-тұрс» ата жөнелді. Бір оқ Әуенов отырған «Волганың» терезесін тесіп өтті. Құдай сақтағанда бұғып үлгерді. Қапелімде мұндайдан шошынып кеткен әлгі жүк мәшинесі газды бажылдата басқан қалпы орнынан ышқына қозғалып, түн қараңғылығына сіңіп, көзден ғайып болды. Барлығы түк түсінбестен бір-біріне қарасып, аң-таң.
Жанармай «пистолетін» бакқа қыстырған жүргізуші осы абыр-сабырды пайдаланып, егістікке қарай тұра қашты. Соңынан қуып жеткен Әуеновке:
– Болды, болды, мен айдамаймын! Өлтірсеңдер де бармаймын… Басқа біреу барсын. Үйде алты балам бар, мен өліп қалсам ешкімнің ештеңесі кетпейді. Оларды кім асырайды?.. – қалшылдаған жүргізуші қолын бір сілтеді. Жылдам сөйлеген шопырдың бір сөзін түсініп, бір сөзін түсінбеген Әуенов қатты састы. Мұндай жағдайда жүргізушіні рульге отырғызуға болмайтындығы айтпаса да белгілі. Бұл солдат емес. Бұйыра алмайсың.
– Олар басқа адамды алмайды, бауырым, – деп еді, оған көнетін жүргізуші болмады.
Осы сәтте біраздан бері тыншып қалған рация қырылдап сөйлей жөнелді:
– Начальник, я все вижу, вы никак не можете раставаться с мыслями о штурме… еще раз предупреждаю, по одному буду расстреливать людей!
Арғы жақтан әлдебір әйелдің қарғанып, сіленіп ойбайлаған даусы естілді:
– Ойбай, ойбай! Мынау мені «өбию» деп жатыр. Құлың боп кетейін, көкетай айтқандарын істеңдер!
– Не подходить к автобусу! Уходите подальше! – Терроршылардың талабы мүлтіксіз орындалып, колонна жолдың арғы бетіне көшті.
– Верните водителя! Вы его специально держите!
Женяның мына сөзі түйенің мойнынан да қисық еді. Әуенов күйініп кетіп жерге бір түкірді.
– На счет штурма, зря ты так говоришь… мы же договорились, в Чимкенте для вас готовят самолет… до Чимкента около 200 километров осталось. Водитель опять отказывается. Я же не могу его заставить, он не военный, не мой подчиненный, гражданский человек. Сам не знаю че делать? Придется искать водителя…
– Знал бы он так поступит, давно застрелил бы! – Женя тістене сөйледі.
– Дайте время, будем искать другого водителя! У тебя там, среди пассажиров может есть водители…
– Никого нет. Только нам не надо посылать своих «ментов»… Начальник, сделаешь так, на трассе остановишь машину… кто согласиться отправишь нам…
Осылайша жағдай аяқ астынан ушықты. Қоян құсап дірілдеп отырған жүргізушінің арқасынан қаққан Әуенов аяңдап трассаға беттеді. Сөйлемеді. Оны не деп жұбатарын да білмеді. Сөз шығындаудың қажетсіз екендігін түсінді. Бағанағы Ринатқа қарап тұрып, өз ойынан тез айныды. Автобустағыларды ызаландыра берудің түкке де қажеті жоқ. Ойыннан от шығуы мүмкін. Әйтпесе, миилция қызметкерлерінің сайыпқыран сарбаздарының арасынан кез-келгенін жіберуге болар еді. Бірақ, олардың спортшы-сарбаз екендіктері бәрібір көзге ұрып тұрады. «Бәрі сәтімен, аман-есен бітсе екен» деп тіледі іштей.
«Шымкент-Куйбышев» бағытындағы бұрынғы қалааралық, қазіргі тілмен халықаралық деп атала бастаған трассада арлы-берлі қатынаған көліктердің саябырлаған кезі. Түннің бір уағы, мұндай кезде шұғыл жеткізетін жүгі бар бірен-саран «дальнобойщиктер» болмаса, көпшілігі жеткен жерлерінде түнеп шығуға тырысады.
Сонда да болса бірнеше машинаны тоқтатты. Ешкім келіспейді. Автобуста сотталғандардың келе жатқандығын естіген бетте бала-шағаларының бар екендіктерін айтып, ат-тондарын ала қашады. Әртүрлі адамдар да кездеседі. Тіпті біреуі «Икарусты» айдауға қарсы еместігін, тек ол үшін үйіне хабарласып, әйеліне ескертуі керектігін айтты. Бұған не дерсіз. Ешкім шықпай, таң атқанша осы жерде текке тұрамыз ба деп қауіптенді Әуенов. Бір жағы осылайша уақыттың созыла түскені де тиімді. Шымкентте қандай дайындық жүріп жатқанын іштей сезеді. Олардың сақадай сай болуына уақыттың ауадай қажет екендігі сөзсіз.
Бір жарым сағаттай уақыт жүргізуші «аулауға» кетті. Автобустағылар да міз бақпай, тапаншаларын Әуеновке кезенген қалыптары отыр.
Шымкент жақтан келе жатқан ұзын «Камаз» жанармай станциясына бұрыла беріп, топырлап тұрған адамдарды, «сиренасы» ойнаған «ГАИ» машиналарын көріп, кілт тоқтады.
Үмітсіз шайтан. Әуенов соған қарай бетеді.
Рульде отырған орта жастағы жігіт ағасы болған жайды естігенде жағасын ұстады. Бірақ, «Икарусті» айдауға келісімін бермеді:
– Дома четверо детей, жена. Я не могу, поймите. – Осы кезде «Икарустың» терезесі ашылып, кішкентай баланың басы көрінді. Басына тапанша тақалып тұр.
– Ей, вы, если не согласитесь, я убью этого ребенка прямо щас! У нас времени мало! – Терроршылардың бірі бұл сөзді ызғарлы түрде айтты. Айтқанын істейтіндігіне күмән келтіргендер болмады. Бұны көріп тұрғандардың жүректері тоқтап қала жаздады. Осы кезде сөзге жүргізушінің серіктесі араласты:
– У нас в России говорят: «Чему быть, того не миновать». Давайте я пойду, – деп кабинадан түсе бастады. «Молодец. Нағыз мужик екен өзі», деп Әуенов оның нар тұлғалы сыртқы келбетіне де сүйсінді.
Әңгіме арасында Ресейдің Шекара қызметінде жұмыс істегендігін, одан запасқа шыққандығын да айтып өтті. Мұны естіген Әуенов оның жанды жерінен басты.
– Будьте мужиком. Тем более вы бывший пограничник. В нашей службе, как вы сами знаете, бывших не бывает. Помогите. Там дети, пассажиры тоже устали. Довезете до Чимкента и вы свободны! А с вашим начальством мы сами договоримся, не переживайте, все будет нормально! Может, это ваш шанс на подвиг! – полковниктің шын жүректен шыққан сөзі жүргізушіні толқытқаны байқалды.
Қобалжып тұрғаны да жасырын емес. Қашып келе жатқан аса қауіпті қылмыскерлер үшін адам өлтірудің түк емес екендігі айтпаса да түсінікті. Куйбышевте отбасы да асыға күтіп отырғаны сөзсіз. Оның үстіне мына оқиғаның әлі қалай өрбитіндігі тек бір құдайға ғана аян. Ойламаған жерден атыс-шабыс болып кетуі де ғажап емес. Шымкентке жете ме, жетпей қала ма?! «Боевик» фильмдердегі оқиғалар да көз алдынан елестеп өтті. Оның үстіне полковник әлдебір құпияны жасырып тұрған секілді болып көрінді. Шымкентте ұшақ дайын тұрса… онда аса қауіпті қылмыскерлер шынымен-ақ ың-шыңсыз ұшып кете бермек пе?! Кавказдағыдай терроршыларға көрсетілген кеңпейілділік осылай жалғаса бермек пе?! Бір жерде операция өткізілуі тиіс қой. Бірақ қай жерде? Әлде мүлде болмай ма?
«Камаз» жүргізушісін осындай сауалдар мазалады.
– Как ваша фамилия?
– Чехов Александр!
– О-о, случайно не родственник великого писателя?
– Да не-е-ет!
– Молодец Александр. За «Камаз» не переживай. Мы для него везде «зеленый свет» сделаем. Напарник потом расскажет.
Әуенов «Икарусқа» бұрылып қарап, Чеховты көрсетті. «Икарустың» жарығы жанып-өшті. Бұл болады деген белгі. Әуенов оның қолын қысып:
– Ну что, с богом! – деді.
Полковниктің іштей сенімі алдамады, Чехов автобустың ішіне кірді. Мұның алдындағы жүргізушімен дзектердің тіл табысуы қиындап келе жатқандығын алдын ала болжаған болатын. Мінезі құбылмалы, әрі орысша жөндеп сөйлей алмайтындығын байқаған-ды. Ал Чеховты дұрыс қабылдаған секілді. Әрі орыс азаматы. Діні де, ділі де бір, өздерімен қандас дегендей. Оған деген сенімі де күшейеді. Көздерінше «Камаздан» түсті. Жерлес болып шығуы да мүмкін. Чехов та Куйбышевтан. Олай болса енді жүргізушіден ши шықпауы тиіс.
…Жанармайға «тойынған» автобус барынша «гүрілдеп», тынысын ашып алды да, оңтүстікті бетке ұстап жолға түсті.
– Ух! Жүрді-ау әйтеуір, – деп полковник айтып болмады, Түркістанның ортасына жақындап қалған автобус кенеттен, түлен түрткендей сол жақ «поворотын» жыпылықтатып кері бұрылды да келген ізімен Қызылордаға қарай тартты.
Әуенов ештеңе түсіне алмай аң-таң!
– Начальник, мы решили поехать обратно в Кзылорду. Нам че-то ваше движение не нравится! – Женя сенімсіздеу сөйледі.
– Женя нельзя так делать! Кзылординский аэропорт не подходит для выполнения ваших требований… он не может принять транспортных самолетов. Такая возможность имеется только в Чимкентском аэропорту. Мы зря времени теряем. По моим данным, самолета уже нашли. Готовят к вылету, заправили. Диспетчеры спрашивают «куда будет лететь самолет, чтобы запросить международный воздушный коридор». Все это же серъезно. Не просто так решается. Вы будете лететь над территорией иностранных государств. Поэтому маршрут движения надо заранее согласовать. Куда хотите лететь решайте быстрее? Пока мы доедем в Чимкент, чтобы они там все успели подготовить! Я вам гарантирую безопасный вылет. Вы только обещайте освободить нам пассажиров.
– Чимкент, Чимкент! Че-то не нравится нам ваш Чимкент. У нас другой вариант. Точно знаем, в Байконуре есть хороший аэродром. Давайте свяжитесь с космодромом. Пусть подготовят нам мотор! Чтоб мы могли заехать вместе с автобусом.
– Я не знаю, там есть или нет транспортного мотора, но знаю точно, там вас никто не ждет! Во-первых, космодром Байконур – это территория России. Нас туда не пустять! Для этого нужен специальный пропуск. Во- вторых, Байконур территория того государства, где вы совершали тяжкое преступление. Поэтому ваши требования россиянам ни к чему, они даже слушать вас не будут! Сразу «штурмует». Оптимальный вариант только Чимкент!
Әуеновтың сөзіне жауап болмады. Қызыл «Икарустың» қызыл оттары жарқырап, Қызылордаға қарай сырғып барады. Полковник іштей алаңдап, айналасына күдіктене қарады. «Шымкентте «Набаттың» дайындалып жатқандығын бұлар қайдан біліп қойды. Біреу айтты ма, әлде интуиция ма? Әлде облыс прокуроры сөйлеген кезде байқамай басы артық бірдеңені білдіріп қойды ма? Әйтпесе қайдан біледі?». Күдік Чеховқа түсті. Не де болса сол бүлдірді. Онымен сөйлескен сәттерін кинофильм лентасындай көз алдына елестетті. Бірақ оған «Набат» туралы тіпті ләм-лим деген жоқ. Оның айтуы мүмкін емес. Өзі шекара әскерлерінде прапорщик шенінде қызмет еткен көрінеді. Олай болса мұндай жағдайда өзін қалай ұстау керектігін бір кісідей білуі керек. Әлде дзектермен ымыраласып, ауыз жаласып үлгерді ме? Шынын айтқанда Чеховтың кім екендігін өзінің ауызекі айтқан әңгімесінен ғана біледі. Сенуге тура келді. Оны тергеп, тексеріп жататын уақыт болды ма? Чеховке сенуге бола ма, жоқ па? Ойы екіге жарылды.
– Чехов туралы «запрос» жібердіңдер ме? – Әуенов қасында отырған Байжановқа қарады.
– Иә, жолдас полковник! Куйбышевке жібердік. Бір-екі сағаттың ішінде келіп қалуы керек. Олар да алаңдаулы. Постоянно связға шығып отыр.
– Бір-екі сағат… көптеу… қалай келед, маған доложите! Бұрын сотталған-сотталмағандығын, тағы басқа «компра» сұрауды ұмытпаңдар!
«Икарустың» қайтатын ойы жоқ. Сырғыған қалпы қала сыртына шығып барады.
– Маған Шымкентті қосыңдар! – полковник бұйрығы сол мезетте орындалды.
– Бұл мен, полковник Әуенов. Жедел жағдайды баяндаймын. Автобустағы «достарымыз» кенеттен Қызылорда жаққа бұрылды. Келіссөз, психологиялық шаралар әсер етер емес. Қазіргі уақытта Түркістаннан екі-үш шақырымға ұзадық. Рацияға жауап бермейді.
– Мен Шымкенттен, полковник Мұстафаев. Жағдайды түсіндім. Оларды любой ценой қайтару керек. Аэропортта оларды күтіп алуға бәрі дайын.
Әуенов рациямен тағы да бір-екі мәрте байланыс орнатуға тырысып көріп еді, автобустағылар жауап бермеді. «Чеховты тексеріп барып жіберу керек еді», полковник бармағын шайнады. Жүргізушіге деген күдік ұлғая түсті.
Арада бір сағаттай уақыт өткенде Чехов туралы шұғыл мәлімет алынды. Онда 1945 жылы туылғандығы, АТП-1 автобазасында колонна бастығының орынбасары болып жұмыс істейтіндігі, екі баласы бар екендігі және сотталмағандығы айтылыпты. Әскери шені – прапорщик.
Күдік сейілгендей болды. Сонда да кім біледі, «алтын көрсе періште жолдан таяды» деген… Мүмкін «штурмды» Қызылордада өткізу керек шығар. Онда Шымкентке шоғырланған күштердің барлығын кері шақыру керек. Тағы да сабылыс басталатын болды». Әуенов маңдайын сипалап, басының құрыс-тырысын жазуға кірісті.
Кенет, алда кетіп бара жатқан автобус оң жақ «поворотын» жыпылықтатып жолдың шетіне тоқтады. «Бұларға тағы не болды екен?» деп Әуенов ойлап болмады, автобус сәл тұрды да кері қарай бұрыла бастады. Іштен: «Лучше Чимкент» деген екеудің өзара сөйлескен дауыстары естіліп жатты.
– Начальник, подготовьте Чимкент! Только без фокусов. Если че… сам догадываешся… предупреждаю… – Женя осыны айтты да рацияны тастай салды.
Автобус қайтадан Шымкентті бетке алды…

Х. Шымкенттегі шабуыл

Шымкенттегі жедел штаб әуежайдың өзінде орналасты. Кешегі кештен бері абыр-сабыр. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан, түстері суық, көздері қызарған адамдар.
Штабтың бүкіл жұмысын үйлестіріп, кімнің не істеп, не қою керектігін қайта-қайта шегелеп жүрген мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Шымкент облысы бойынша басқармасының бастығы генерал Мұстафаев. Ұзын бойлы, қараторы, піл құлақты, жылтыр басты генерал операцияның әртүрлі варианттарын ойластыруды да естен шығармады. Терроршылардың көзі жойылып, кепілдегілер аман-есен босатыла қойса жақсы. Онда құдайдың бергені болар еді. Ал жаман айтпай жақсы жоқ, егер күтпеген оқиғаға тап болып, бұл ойлаған сценарий бойынша өтпей қалса, онда бұрынғы бүкіл «Союзға», қазіргі «СНГ» елдеріне масқара болдым дей бер. Бұл операция тәуелсіз қазақ еліндегі құқыққорғау органдарының иә бағы, иә соры болғалы тұр. Иә атағын өсіреді, иә дұшпанға күлкі ғып өшіреді. «СССР» құлағаннан кейінгі осындай тұңғыш операция Қазақстанда, оның ішінде облыс орталығы саналатын Шымкентте өткелі отыр. Бүкіл дүние жүзіндегі арнаулы қызметтер құлақтарын қайшылап, алақандарын ысқылап «Бұрынғыдай арқа сүйейтін орыстары жоқ, барлығын кесіп-пішіп, ойластырып нұсқау беретін Мәскеуі жоқ, енді қазақтар өз беттерінше бұл операцияны қалай өткізер екен? Жалпы қазақтардың қолынан не келер екен?» деп сынай қарап отырғаны да жасырын емес. Демократия, жариялылық, плюрализм дегендер шыққалы бері «Россия болмаса қазақтар өз беттерінше мемлекет бола алмайды. Өз беттерінше өмір сүре алмайды» деген пікірлердің де газет-журналдарда қаптап тұрған уақыты.
Онсыз да Шиелідегі милиция қызметкерлерінің шабуылынан болған оқиға жоғарыдағы пікірге май құя түскендей. Мұстафаев намысқа тырысты. Өмір бойғы тәжірибесін ойына түсіріп, әрбір іс-қимылдың бүге-шігесіне дейін пысықтауға кірісті. Шиелі оқиғасының сабақ аларлық тұстары да жетерлік. Қай іске де майда-шүйде деп жеңіл қарамай, ұсақ-түйегіне дейін ойластыру қажеттігін тағы бір ескертті.
Жедел штабқа жан-жақтан құйылып жатқан әрбір ақпарат генералдың жіті талдауынан өтуде.
– Операцияның бірінші варианты төмендегідей болады, әріптестер, – Мұстафаев өзін қоршай отырған топқа қарап, қаламсабын тықылдатты, сөйтті де алдындағы әуежайдың схемасына шүйлікті, – «Икарус» аэропортқа мына қақпадан кіреді. Осы қақпадан кіріп он метрдей жүрген кезде оның оң жағындағы бұрылыстан кенеттен қатты жылдамдықпен «водовоз» шыға келеді де, автобустың алдынан соғады. Қайталап айтамын, автобус он метрден артық жүрмеуі керек. Себебі, бізде «Ил-76» жоқ. Оның жоқ екендігін сезіп қалса, жағдайдың не болатындығын өздеріңіз біліп отырсыздар. Сондықтан он метрден артық жүрмеуі керек. Бұл жайды біз автобус жүргізушісіне айта алмаймыз, өкінішке қарай, ондай мүмкіндік жоқ. «Фактор внезапности» ерекше рөл ойнауы тиіс. «Внезапное столкновение» салдарынан салондағылар алға қарай іркіліп, абыр-сабыр басталған мезетте «Альфа» тобы бір мезгілде төрт жақтан басып кіреді. Қайталап айтамын, бір мезгілде. Ол үшін «Альфаның» жігіттері он метр аралықтағы жерде жақсылап, ешкім байқамайтындай болып «маскироваться» етуі керек. Салонның жағдайына келер болсақ, екі «террорист» автобустың екі басында. Қалғандарын білмейміз, әңгіменің ашығы осы. Сондықтан, бәріне де дайын болыңдар. Қаруланған. Бірнеше пистолет, бір автоматы бар… барлығы да бірнеше мәрте сотталған, аса қауіпті. Бұл операцияның бірінші варианты. Егер ойдағыдай іске асса онда жеңіс біздікі.
Осы кезде Алматыдан арнайы келген республикалық штаб төрағасының орынбасары бұл шешіммен келіспейтіндігін білдіріп:
– Қару қолдану үшін прокурордың санкциясы міндетті түрде қажет! – деді. Сол-сол екен оның сөзін Бас прокурордың орынбасары қолдап:
– Для получения такой санкции нужен письменный документ от УКГБ, УВД… – деді де аз-кем уақыттан кейін, – у вас есть свой областной прокурор. Решайте с ним, – деп жауапкершілікті өзінен алыстатып тастады.
Жауапкершілік жүгінің ауыр екендігі осы кезде қатты сезілді. Операция сәтсіз өтіп, кепілдегілер оққа ұшып жатса, онда ертеңіне болатын «разборканың» оңай тимейтіндігін бұлар қазірден ойластырып тұрғандай. Тіпті операция сәтті өтеді дегенге сенбейтін де секілді. Құдай бетін әрі қылсын, егер солай болып жатса, онда талай генерал погонынан айырылып, талай бастық креслосымен қоштасатындығы шындық.
Есенгелді Мұстафаев қасында тұрған облыс прокурорына сынай қарады. Талай облыстық жиналыстарда кездесіп, сәлемі түзу әріптесі болса да, мынадай сәтте оның не айтатындығы белгісіз. Ал жазбаша хат жазып, санк­ция сұрап отыруға уақыт жоқ, тығыз-таяң сәт. Не өлім, не өмір деген осы болар. Облыс прокуроры Шведюк мырза сын сағатта азаматтық таныта білді.
– Чего церемониться с гадами, лишивших столько человеческих жизней. Проводи операцию. Бумаги позже сам подпишу, – деп бәріне естірте айтты. Оның бұл сөзіне айналасындағылар таңдана қарасты.
…Операцияның екінші варианты, – Мұстафаев бұл сөйлемді толқып айтқаны байқалды, – егер де автобусқа шабуыл жасаудың сәті түспесе, онда амал жоқ, «террористердің» айтқанын орындауға тура келеді. Яғни, қолда бар «ТУ-154» самолетін ұсынып, ұшып кетуіне жағдай жасаймыз. Бірақ, бұл самолет «грузовой» емес. Осы жерден шатақ шығуы мүмкін. Олар автобуспен бірге кіре алмайды.
Операцияның үшінші варианты: – егер «террористер» самолетке тек автобуспен кіреміз дейтін болса, онда оларды Ташкент аэропортына дейін алып барамыз. «Транспортно-грузовой» самолет тек Ташкентте ғана бар. Бұл вариант бойынша өзбектермен келіссөз жүргізілуде. Солай, онда біз жеңілгендігімізді мойындауға мәжбүр боламыз.
– Жолдас полковник, сонда қандай вариантқа негізінен көңіл бөлініп отыр, – «Альфа» командирі осыны айтып, орнынан тұрды.
– Жоғарыдағылар бірінші вариантты қолдап отыр. Ну че делать, рискнем!
– Онда пассажирлер қандай орындарда отырғандарын точно айтып берсеңіз.
– Жолаушылар дегеніміз, полковник Әуеновтың информациясы бойынша, жеті әйел және үш еркек көрінеді. Плюс бір-екі кішкентай бала бар. Салондағы психологиялық жағдай – барлығы шаршаған. Осыны пайдалануымыз керек.
– Еркек адамдар бізге көмек көрсетсе дұрыс болар еді.
Бұл ұсынысқа полковник Мұстафаев ала көзімен қарады:
– Сіз не «Альфада» бірінші жыл служит етіп жүрсіз бе? «Гражданский» адамдарды ешуақытта операцияға қатыстыруға болмайды деген правиланы ұмыттыңыз ба?!
… Шымкентке жақындаған сайын сызды ауа сезіліп, жер дымқылдана түсті. Жерде бір шөкім қар жоқ. Ұзыннан сұлап түскен мақталық алқаптар қарауытып жатыр. Ығы-жығы, аражігін ажыратып білмейтін ауылдар жиілей бастады. Әр-әр жерде селтиіп, автобусқа таңдана қарап тұрған адамдар көрінеді. Олар үшін әдеттегіден өзгеше көрініс. «ГАИ»-дың жетегімен жүретін колонналардың ерте көктемде өтуі сирек кездеседі. Мұндай колонналар негізінен жиын-терін науқаны кезінде қаптаушы еді…
Автобустағылардың да күдігі күшейе түскендей. Әрбір елді-мекеннен өткен сайын Шымкентке қанша қалғандығын сұрағыштап қояды. Өздерінше сақ отыруға тырысқан түрлері болса керек. Бірақ дауыстары қарлығыңқы, шаршағандықтары байқалады. Кешегідей, болмашы нәрсеге бола бүйректен сирақ шығарулары азайып, көнбістік танытып келе жатқандай. Шымкенттен ұшып кететіндіктеріне сенімді секілді.
Әуежайға жеткенше осы сенімдерінен айнып қалмаса екен деп тіледі Әуенов.
Таспадай тілінген тас жол Темірлан селосын қиып өтіп, Арыс өзеніндегі көпірге өрлей бастады. Шымкентке дейін тұп-тура қырық шақырымдай қалды. Орта қашықтықты ұстайтын рация сарнап қоя берді.
– Проверка связи, проверка связи.
– Бізде жедел жағдай бірқалыпты. Темірлановкадан астық. Сағат тоғызда қалаға кіреміз. Жөл-жөнекей ешқандай оқиға болған жоқ – Әуенов сағатына назар сала қарады.
– Понял вас. Птицефабрикаға келгенде салондағы «расстановканы» хабарлаңыз. Вас встретят группа сопровождения. Олар қазір Қатын­көпірде.
Бірде қырға көтеріліп, бірде ойға түсіп автобус сырғып келеді. Ең алдында «сиренасы» жалтылдаған «ГАИ» машинасы. Одан кейін бауыры жер сызған «Икарус». Одан бес-он метр қашықтықта Әуенов мінген «Волга». Арт жағына қарап еді, ішкі істер басқармасының бастығы мен облыс прокурорының машиналары да келеді екен. Қанша айтқанмен халықаралық трасса, әрі таңғы уақыт, жол босатып, шетке шығып тұрған көлік қарасы көбейіп қалыпты.
Күн көкжиектен көтеріле бере баяу сырғыған колонна құс фабрикасының жанынан өте бастады. Әуенов рацияның қара нүктесін басты:
– Птицефабрикадан өтіп барамыз. Автобус пердесінен ештеңе көру мүмкін емес. Менің білуімше – біреуі автобустың бас жағында, жүргізушіні ұстап отыр, екіншісі артқы орындықта, постоянно мені «целится» етіп келе жатыр. Қолындағысы пистолет секілді.
– Понятно. Будьте бдительными. О малейших изменениях сообщите нам! – Мұстафаев осыны айтып күрделі істің басталатын уақытын санай бастады.

ХІ. Төрт секунд

Колонна Темірлан тас жолын тастап, оң жаққа бұрылды. Алыстан ағараңдап әуежайдың төбесі, ұзынды-кішілі көкке созылған антенналар, навигациялық құрылғылар көрінді. Автобустағылар өздерін сергек ұстай бастағандай.
– Начальник, че-то самолета не вижу! – Женяның тыпыршып тұрғаны байқалды. Автобустың артқы пердесі барынша ашылды да, Әуеновке қарсы кезенген тапанша тапжылмастан тұрып алды.
– Еще далеко же. За этими кустами будет наверное… щас скажут… – қанша қарамайын, назар аудармайын десе де болар емес. Қарудың аты қару. Жонарқасы тітіркеніп, аяқ-қолы жансыздана бастағандай. Іштей: «Барлығы жоспарлағандай болса екен» деп тіледі.
Бір жағы автобустағыларды да түсінгендей болды. Олардың кешеден бері келіссөз жүргізіп, сеніп келе жатқан адамдары – Әуенов. Басқа ешкімді танымайды да. Бәрін шешетін осы полковник деп ойлап келе жатқандары да хақ. Ал жоғарғы жақтағылар олардың тағдырын әлдеқашан шешіп қойғандарын қайдан білсін.
… Колонна көрінісімен полковник Мұстафаевтың іштей қобалжуы да күшейе түсті. «Мүмкін, әлі кеш болмай тұрғанда «отбой» деп айтар».
Мүлгіген, мазасыз тыныштықты рацияның даусы бұзды:
– «Какие шторы на окнах «Икаруса» – матерчатые или плотные раздвижные», соны білу керек. Егер заводские шторы болса онда оны сындыру мүмкін емес! Сондықтан шабуыл жасаудың ешқандай пайдасы жоқ! – «Альфа» бөлімшесі командирінің бұл сөзінен кейін пікірталас басталып кетті:
– Шторы красные!
– Мұны анықтап алу керек? Уақыт беріңіз!
– Қандай уақыт! – Мұстафаев жұдырығын тарс еткізді, – колонна жақындап қалды. Оны қандай да бір сылтаумен тоқтата тұру өте қауіпті. Тағы да қайталап айтамын, самолеттің жоқ екендігін білсе, аналар барлығын шетінен атып тастайды. Соны түсінесіңдер ме? Срочно «водительден» біліңдер! Бегом!
Жүргізушіні тастап кетпей, өздерімен ала шыққандары жөн болыпты, барлық перденің қалың матадан тігіліп, үстіңгі және астыңғы жақтары карниз темірге бекітілгендігін айтып берді.
– «Альфа» бұған не айтады? – Мұстафаевтың сұрауына Волосников көп күттірмей жауап берді.
– Прорвемся!
– Ух! Құдай өзің қолдай гөр! – деді Мұстафаев.
Әуежай қоршауын жағалап келген автобус қақпадан кіре берді. Осы кезде ішінде «Альфа» офицері отырған алдыңғы «ГАИ» машинасы колоннаны тастап, зымыраған қалпы ұшу алаңына тартты. Бұл операцияның басталар алдындағы белгі еді. Рациядан «Альфа» командирінің даусы естілді:
– Семь, шесть, пять, четыре, три, два, один! В атаку!
Қақпа жанындағы биік бұталардан автобустың тұмсығы көрінгені сол еді, қайдан пайда болғаны белгісіз гүрілдеген су тасығыш машина шыға келді. Чехов тежегішті де басып үлгермеді, автобусқа келіп «тарс» етіп соқтығысты да қалды. Соққының қатты болғаны сонша, жүргізуші рульге асылып барып, басымен терезені соқты. Сол-сол екен тасыр-тұсыр атыс басталды да кетті. Жердегі жапырақтарға жан бітіп, олардың астынан шыға келген «Альфа» жігіттері ылдым-жылдым, көз ілеспес жылдамдықпен қимылдап, автобустың төрт терезесін бұзып, арнайы газ шашқыш, жарқырауық табақшаларды лақтырып, ішке басып кірді. Газ арасынан көрінер-көрінбес болған қара киімді сарбаздарды дзектер бір-екі мәрте атып үлгерді, бірақ оқ дарымады. Қайта сарбаздардың дәлдеп атқан оқтарынан өздері құлап бара жатты.
Чеховты «желкелеп» келе жатқан Женя тапаншасын екі мәрте басып-басып қалды. Жүргізушінің оң жақ иығы шымылдай жөнелді…
– Біреуі тяжело ранен, екіншісі о дүниеге кетіп қалыпты. Басқалай шығын жоқ. Барлығы дін аман! – «Альфа» командирі осыны айтып, қолындағы секундомеріне қарады, – бас-аяғы төрт секунд!
Мұстафаев оның қолын қысты. МҚК төрағасының орынбасары генерал-майор Бағаев бастаған топ «Альфа» жігіттерінің арқаларынан қақты.
– Жолдас генерал! Бүгінгі топта тек қана лейтенанттар болды! – деген Мұстафаевтың сөзіне генерал Бағаев:
– Жарайсыңдар! Барлығын да мемлекеттік наградаға жазыңдар! Рапорт дайындаңдар, мен қол қоям! – деді.
– Қандай награда болар екен! «Союз» жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның әлі бір де бір наградасы дайын емес. – Әуенов осыны айтып сұраулы жүзбен генералға қарады.
– Президентке баяндаймыз. Лайықты награда болады. Мұндай сәтті операцияны, менің білуімше, әлі бір де бір спецслужба өткізген емес. Әлемдік практикада сирек кездесетін оқиға! Ал Чеховтың «царапинасын» емдейміз. Ол өзіміздің әріптес қой! – генерал осыны айтып Чеховтың қолын қысты.
Автобустан екі адамның денесін сүйретіп шығарды. Жолаушы әйелдер оларға жақындап барып:
– Тфу, оңбаған кәпірлер, – деп түкірісіп жатты, – осылардың кесірінен өліп қала жаздадық қой!
Шымкент облыстық ішкі істер басқармасының бастығы:
– Бітті-ау әйтеуір. Ғасырдан да ұзақ күн болды бүгін. Жиырма бес жылдық қызметтік ғұмырымда бұлай шаршамаған шығармын, – деп фуражкасын шешіп, маңдайының терін сүртті. Оған басқа да құқық қорғау органдарының басшылары қолдау білдіріп, бастарын шұлғыды.
Бір мың тоғыз жүз тоқсан екінші жылдың жиырма үшінші ақпанында бас-аяғы бір тәулікке созылған Шымкент шырғалаңы осылай аяқталды…

Пікір қалдыру