Жүрек көзі ашылса

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

«…Жүгіріп шықсам, шүйкедей Зеркүл шашы ебіл-дебіл боп шырылдап, біздің үйге қарай жалаңаяқ қашып келе жатыр. Көйлегінің екі жеңі пара-пара болыпты. Мені «апа» дейтін. «Апалап» кеп қарғадан қашқан торғайдай қарсы шыққан менің құшағыма қойды да кетті. Көгеріп Пандай да жетті, қолындағы көсеуінің түтіні де өшпепті».
Бұл ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты повесінен үзінді. «Жүгеріні қуырып жедің» деп өгей қызы Зеркүлді аямай сабап, «пешке екі бүктеп тығам» деп қорқытқан Пандайдың түте-түтесі шыққан түрінен іштей шошисыз. Өгей шешенің балаға-жаны ашымайтьш тасжүректігінен түңілесіз.
Британ жазушысы Джеймс Гринвудтың «Өгей балаә деген романы да мұңға малынған шығарма. Джеммидің өгей шешесі Берк қулығына құрық бойламайтын қатігез әйел. Ол өгей ұлын күні бойы ауыр жұмыстан титықтатып, бала уатқызып. құдықтан су тартқызып, үй ішін жинатқызып, есесіне тамаққа тойдырмай, ашқұрсақ ұстайды. Берк сонысымен қоймай араққұмар. Ал, әкесі Джеймс базарда сауда жасайды. Кешкі тамақта ол ұлы Джиммиге өз ыдысынан бірдеме салып бермекші болады.
– Жан серігім Джеймс, балаға тамақ бермей-ақ қой. Ол асқа бөгіп отыр. Ауырып қалар. Мен оны сен келердің алдында-ақ жақсылап тамақтан­дырғанмын, – дейді Берк беті бүлк етпей.
Джеймс бұған сенбейді. Әйелі екеуі қырықпышақ болады.
Тағы бірде Берк күйеуі тастап кеткен ақшаға арақ ішіп қояды. Содан ол кішкентай Джиммиді арбап-алдайды. «Қарындасыңа тамақ сатып алдым. Қалғанын жоғалтып алдым деп әкеңе айт» деп өгей баласына үйретіп қояды.
Бірде Джимми қарындасы Поллиді баспалдақтан құлатып алады. Өгей шешесі оны аямай ұрады. Үйден қашып кеткен Джимми көп қорлық көреді. Досымен қосылып ауыр жұмыстарға жегіледі. Мұржа тазалайды. Сөйтіп жүріп көше балаларына қосылып қалтаға түседі. Полицей ұстап алып, түрмеге қамайды. Бала кезінен мейірім мен қуаныш дегеннің не екенін білмей өскен ол Дженет деген кісіден пана табады. Оны туған әкесіндей көреді.
Арман Сақабылұлының «Боз жусан» атты кітабында «Өгей шеше» атты әңгіме бар. Кішкентай Ерболдың анасы қайтыс болады. Әкесі «Ерболыма қарайды» деп екінші рет үйленеді. Өгей шеше Ерболдың анасынан қалған дүние-мүліктің көзін біртіндеп жоя бастайды. Ол шешесі егіп кеткен гүлдерді иіскеп, мауқын басып жүрген Ерболды көреді. Ең сорақысы сол, мұны көрген соң гүлдерге у сеуіп, оларды түгел солдыртып тастайды. Артынша әкесі қайтыс болады. Өгей шеше үйдегінің бәрін үптеп, тайып тұрады. Арада талай жыл өтеді. Ербол институт бітіріп, бір ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалады. Осы кезде ауруханаға өгей шешесі өлмелі қалде келіп түседі. Балалық балдәурен шақтарына балта шапқан, анасының көзіндей көрген гүлдерге у беріп өлтірген шешені ота жасап, ажалдан аман алып қалады. Есін жиған өгей шеше Ерболды танып, жылап қоя береді. Ол ешкімге керек болмай, жападан жалғыз қалыпты.
Осындай аянышты тағдырды жазушы Бердібек Соқпақбаев, ақын Ізтай Мәмбетов шығармаларынан да табуға болады. Тіптен, пролетарлардың классик жазушысы Максим Горькийдің кітаптарында да өгей шешенің зәбірі жөніндегі запыран тағдырды оқып, зығырданын қайнайды.
Жалпы, қазақта «өгей» деген ұғымның өзі өгей. Өйткені, исі мұсылман әлімсақтан бір-бірін бауыр тұтқан, туыс санаған. Данагөй қазақта екі рудың баласына жілік ұстатып, бауырластыру жағдайлары санап отырсақ, таусылмайды. Осылай олар өмір бойы туыс болып өткен. Осы туыстықты ұрпақтары да сабақтастырған. Тіптен, біріне-бірі кірме болып кіріккен руластар да көп. Олар мұны ешқашан бірінің бетіне бірі баспаған. Қазақтың одақтық беріктігі, ұлт тұтастығы осы бауырластығының арқасында да беки түскені талассыз.
Десек те, өгей әке, өгей шеше, өгей ұл, өгей қыз арасындағы өшпенділік неге өршіп отыр? «Қалған өмірді бірге өткереміз. Екі жарты бір бүтін боламыз. Сенің балаң — менің балам» деп бас қосқандар неге өгейлік жасайды? Әлде бұл қоғамдық қатынастардың басқа арнамен аға бастауынан емес пе екен? Десек те, бүгінде қатыгездік, жауыздық, өшпенділік өршіп тұр. Мұны енді жасырып, жабулай алмайсыз.
Алматы облысы, Наурызбай ауданындағы жаға ұстатарлық оқиға көпшіліктің есінен шыға қоймаған шығар. 11 жасар Өркенді өгей
шешесі қастандықпен ұйымдастырып өлтіргені жөніндегі хабар барлық телеарналардан көрсетілді. Абай саябағындағы қараусыз қалған үйлердің бірінің жертөлесінен шұңқыр қазып, қаршадай, қорғансыз баланы осында көміп кеткендердің ісін немен түсіндіруге болады? Олар тіпті өлген баланы бөлшектеп тастамақ болыпты. Не деген қатыгездік? Не деген өшпенділік?
Ал, мына бір оқиға тіптен жан шошытады. Алматы облысы, Кербұлақ ауданында болған оқиға бұл. Жайлауда ері мен әйелі ұрысып қалады. Тасжүрек әкесі 1,5 метрлік шпагат жіпті өгей баласының мойнына салып, екінші ұшын аттың еріне байлайды. Содан соң әйеліне «саған керегі осы ма?» деп аттың шабынан түртіп үркітеді. Жалт беріп үріккен ат жұлқына ыршып шаба жөнелген. Аттың екпінінен тартылған жіп баланың мойнын оқыс қысқанда баланың шырқыраған ащы дауысы жан түршіктіреді. Ал, өгей әке селт етпейді. Қайрат пен Ләззат осы ұлы Қуандықты асырап алған екен. Іс сотқа жеткенде қатыгез Қайрат:
– Оны ат сүйреп кетті, – деп міз бақпапты.
Тасжүрек әке өгей ұлын молда шақырып, жаназасын шығарып, жерлеп те қойған екен. Куәлердің көрсетуімен әпербақан әкенің қылмысы дәлелденіп, ол 16 жылға кесілді. Ал, Ләззат сотқа келмей, қашып жүрді. Бірақ, қайда барады? Ақыры ол да заң алдында жауап берді.
Неткен катыгездік еді дссеңізші! Аттың құйрығына байлап жіберетіндей қаршадай баланың не жазығы бар? Ертеде өте ауыр қылмыс
жасағандарды ғана осылай жазаламаушы ма еді? Сонда қатыгез әкенікі қай жазалау? Фашистер де мұндай сорақылықтарға бармаған шығар…
Күн сайын осы пәтерден жас баланың жалбарынышты, аянышты дауысы мен өксігенде өлікті де селк еткізер жылағаны естіліп тұрды. Осы аянышты дауысты қабырғаның бергі жағынан, есік тұсынан тыңдағандар ақыры шыдай алмады. Ақтау қалалық ішкі істер басқармасының полицейлері келіп, есікті қаққанда арғы жақтан тырс еткен дыбыс білінбеген. Сөйтсе, өгей шеше полицейлердің келгенін біліп, есікті іштен іліп алып, қуыстағы бөлмеге барып жасырынған екен.
-Ол жүрген жерінде баласын жақсы қарай алатын біреу табылса беріп жіберетінін үнемі айтып жүрді. Бір рет баспалдақтан көтеріліп бара жатып оның баласын аяусыз сабап жатқанын өзім де көрдім, — дейді көршісі Н.Төлегенова. 
Сөйтсе бұл ақтаулық әйелдің асырап алған баласы екен. Мейірімі оянбады ма, жаратылысынан қатыгез бе, бұл жағын білмедік, «таянышым болады» деп бауырына басқан балақайға тасжүректік танытқан ғой. Бір жұбанатынымыз сол, кейін балақай бейімдеу орталығына берілген.
Павлодар қаласының тұрғыны өгей қызын алты жылдан бері зорлап келіпті. Қырық жастағы еркек мұндай зұлымдық әрекетін үйде әйелі жоқ кезде жүзеге асырып келген. Ол бірінші рет қызын сегіз жасында зорлапты. Өгей әке 15 жылын қатаң режимдегі түрмеде өтейтін болды.
Алматы облысында 14 жасар қызды өгей әкесі бір жыл бойы зорлап келген. Жас қыз құрсақ көтеріп те қойған. Алайда, онысы түсіп қалған. Ал, Маңғыстауда 7 сынып оқушысы өгей әкесінен жүкті болған. 2013 жылы Шымкентте жеті жыл бойы өгей қызын зорлап келген азғын 17 жылға сотталды. Дәл осындай жағдай былтыр да тіркелген еді. Ал, бір өгей әке мектеп бітірген қызын автокөлік ішінде бас салып сүймекші болыпты.
Осындай озбырлықтар жұрекке қанжар болып қадалған соң да қыздардың қарсылықтары күшейіп, өгей әкеге деген жеккөрушіліктері арта түсіпті. Айталық, Маңғыстай облысы, Мұнайлы ауданында шешесін қорғамақшы болған 19 жастағы бойжеткен өгей әкесін соққыға жыққан. Соның салдарынан өгей әке қаза тапқан. Тергеу барысында олардың отбасынан дау кетпейтұғыны анықталған. Қолына түскен затпен әйелін ұрып-соққан. Осыны көре тұра қызы шыдамаса керек.
Бұл Ақмола облысында болған оқиға. Өгей әке мен қызы теледидар қарап отырады. Өгей әке масаңдау екен. Қызы тееледидарды басқа арнаға ауыстыруын өтінеді. Өгей әке әкіреңдеп, қызын тиып тастайды. Міне, осы кезде ашуға бой алдырған өгей кыз әкесінің кеуде тұсына пышақ қадайды. Ол тіл тартпай кетеді. Ал, сорлы қыз 10 жылды арқалап кете барады.
Япырай десеңші, болмысынан жаны нәзік, қызғалдақтай құлпырып келе жатқан қыздардың неге осындай қатыгездікке барғанын сұрайтын жан табылмағаны ма? Амал-айласы таусылған соң қатты күйзеліс үстінде қылмысты қалай жасап қойғанын білмей қалған қорғансыз жеткіншектердің құқығын қорғайтын бір заң керек сияқтанады да тұрады маған. Шешесін өгей әкесі қолына түскен затпен аяусыз ұрып-соғып жатса қай бала шыдап тұра алады. «Асқар тауым» деп үміт артқан әкесымағы етегін көтерсе қай бойжеткен шыдап отыра беруі керек? Мұндай айуан әкелер қылмысын ешқашан жария етпейді. «Осыдан біреуге айтсаң, шешеңді де, өзіңді де
өлтіремін» деп өгей қызын қысымда ұстайды. Шешесі мен бауырларының ертеңін ойлаған мұңлық шарасыз күйге түседі, іштегі запыранын сыртқа шығара алмай, тұншығып жүре береді. Осыны білетін айуандар ойына келгенін жасайды. Ал, заң оларды соттап жіберумен шектеледі. Әрине, қылмысы дәлелденсе ғана.
Сонда қоғам осындай қатыгездіктерге төзіп отыра беруі керек пе? Иранда Діни кеңестің мақұлдауымен өгей әкелердің асырап алған қызына үйленуіне рұқсат беретін заң мақұлданып кетеді. Иранның әйелдер істері жөніндегі вице-президенті Шахиндохт Молаверди бұған үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Бұл қоғам арасында қызу талқыланып, Ш.Молаверди мұратқа жеткен көрінеді. Осы заң бізде пайда бола қалған жағдайда талай еркектің қыз асырап аларына күмәніміз жоқ. Ендеше, нәпсі деген нәлетті қалай тиюға болады? Бұл үшін әрбір жанның жүрегіне иман ұялату керек. «Тек қана байлық, материалдық құндылық» деп арпалысқан алақұйын заманда иманның көзін қалай ашамыз? Жүректерге сәулені қалай құямыз?
Қазақ қоғамында бұрын-соңды болып көрмеген соракы сұмдықтар кайдан пайда болды? Қай қылығымыздан мұндай күйік тартып жүрміз?
Міне, осы сауалдарға тап қазірден бастап жауап іздеп, індеттің көзін жоймасақ, ертең кеш қаламыз. «Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартарсың» деген Абай тұжырымы естен шықпауы тиіс.
«Кей жұрт ақыл айтарлық кісіні іздеп таба алмайды. Қылығының қылшығын танитұғын кісіден қашық жүретұғыны қалай? Тоқал қатын өр келетіні несі? Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан кісінің жаман атанып, нәпсісі билеп, мақтанға еріп, пәле шығарған кісі мықты атанатұғыны несі? Қазақтың шын сөзге нанбай, құлық та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтұғыны қалай?» деп Абай атамыз талай түйінді сауалдарды ортаға тастағаны бекер емес-ау. Үңіле қарап, терең пайымдаған жанға кемеңгердің күдігі бүгін де өзекті екені танылмай ма?
Қазақ шежіресін талдап, тереңдеп оқып отырсаңыз, жаугершілік заманда қолға түскен жау баласын алып келіп, боз бие сойып, ұлан-асыр той жасап, әлгі жігітке асықты жілік ұстатып, өзіне ұл етіп алатын оқиғаларды жиі кездестіресіз. Сол ұлдарға енші беріп, қазақ руының бір тармағы ретінде өсіп-өндіргенін бабалар бауырмалдығының бір айғағы деп қарастыруымыз керек. Сол сияқты аласапыран кезеңдерде күйеуі соғыста өліп, төркініне қайтып келген қыздардың ұл-қызы сол елдің руына сіңісіп, қосамжар ру еншілеп, сіңісіп кеткені жөніндегі мысалдар миллиондап кездеседі.
Осылардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да, бірін-бірі өзекке теппеген, бірге туғандай тату-тәтті өмір сүрген. Әсіресе, қыз баласын «жатжүрттық қой» деп ерекше еркелеткен, қалауын қапысыз орындап отырған. Ғұмыр бойы шешесімен тағдырлас өгей әкелерін құрметтеп, қастерлеп өткен қыздар қаншама! Қазағымның осы қастерлі, қымбат бауырмалдық қасиеті неге жоғалды?
Педагог-психологтар мұны ұжымдық сананың жоқтығынан іздейді. Қазір бұл сөз ескіліктің қалдығындай көрінеді. Келмеске кеткен кеңестік кезеңді алып қаралықшы. Сол кезде «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін», «Адам адамға дос, бауыр» принциптері қатаң ұсталатын еді. Бұл ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегенімен үндес қой. Бірақ, коммунистер Абайды керек еткен жоқ. Жоғарыдағы идеяны коммунистік ұранның өзегі ретінде қарастырды. Содан соң да барлық адам осы идеяға ұйыды. Осыдан барып ұжымдық сана пайда болды. Ұжым арасында бір жалқау пайда болса, жабылып түзетуге кірісті. Артта қала беретін біреу табылса, ортақтасып алға сүйреді. Содан барып адамдар бір-біріне жақындай түсті.
Бүгінде бұл принціиптер адыра қалды. Қоғамда индивидуализм мен эгоизм қалыптасты. «Тек өзім ғана болсам» деген эгоизм бар қоғамда имандылық азаймай қайтеді? Адамдар бір-біріне сенбейді. Осыдан барып өтірік пен өсек өршиді. Ал, қоғамда адамдардың тұлғалық ерекшеліктерін сақтап қалудың мүмкіндіктері қандай? Қайырымдылық дегендеріміздің өзі балалар үйлеріне дүкендерде өтпей сықап тұрған ойыншықтарды таратудан тұрмайтынын түсінетін кез келді. Біздіңше, осындай ешкіммен ешкімнің ісі жоқ енжар қоғамда ерінбегеннің барлығы бір-бір ермек іздейді. Сөнген сана, тұйыққа тірелген түйсік өгей қыздарына көз салдырады. Ал, біз айналып келгенде болған жәйтке біреуді кінәлаудан аспаймыз. Салдардың себебін іздемейміз. Осыдан барып өзімшілдік, өзімбілермендік өріс алады. Қоғамда жалғыз қалғандар да жексұрын қылықтар жетегінде кетеді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтау жөнінде арнайы тоқталды. Иә, бірінші кезекте ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуіміз керек. Ұлттық салт- дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Сонда ғана адамдардың жүрек көзі ашылады. Бәлкім сонда өгей қыздарына сұқтанатындар азаяр. Жалпы, қоғамдағы дертпен қоғам болып күресе алғанда ғана оны жоя алатынымызды ұмытпауымыз керек.
Бұдан шығар жол ұлттық құндылықтарымызды үкілеп, ұрпақ санасына ұлағатты тәрбие сіңіру. Ескіліктің көзі ретінде қарамай, ұжымдық сананы қайта ояту. Қазақы тәрбиені қайта қалыптастыру. Нәпсісін жеңе алған адам ғана нәжісті баспайды. Міне, сонда өзекті өксік, өгей өмір және өшпенділік азаяр ма еді дейміз-дағы.

Пікір қалдыру