Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ. ШОҚАННЫҢ АҚЫРҒЫ АЙЛАРЫ ҚАЛАЙ ӨТТІ? (ақиқат пен қауесет)

Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың жасын-ғұмырының ақырғы айлары Алтынемел өңірінде өткені белгілі. Шоқанның асыл тәні Матай жотасының теріскей бетіндегі, кезінде Көшентоған деп аталған жердегі (қазіргі Алматы облысы Кербұлақ ауданы Шоқан ауылының маңы) төрелер қорымында мәңгілікке тыныстап жатыр. 1958 жылы оның қабірінің басына Қазақстан Үкіметі тарапынан биік құлпытас орнатылды. Ұлы ғалым атындағы ауылда «Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік мемориалдық музейі» (1985 ж.) жұмыс істейді.
Бұл мақалада осы қасиетті өңірде Шоқан ғұмырының ақырғы айлары қалай өткені, оның өмірі мен өліміне қатысты ақиқат пен қауесеттің ара жігін айқындайтын дәйекті деректер ортаға тартылады.

* * *
Қоқан хандығының ықпал ауқымында жатқан күнгейдегі қалың қазақты патша әскерінің басқыншылығы кезінде қырғынға ұшыратпау мүддесін көздеп, реті келсе, бар мәселені бейбіт уағдаластықтар арқылы шешуге сеп болмақ ниетпен, полковник Черняев басқарған Әулиеата жорығына 1864 жылдың көктемінде сонау Омбыдан арнайы мәмілегер-аудармашы ретінде келіп қосылған штабс-ротмистр Шоқан Уәлихановтың әуелде ойлаған үміті ақталмады. Қанішер қолбасшы Черняев оның жазықсыз елге шыр-пыр боп ара түскен сөздерін құлаққа ілместен, шәһар қорғанын паналаған Әулиеата (Тараз) жұртын жөнсіз қырғынға ұшыратты. Көз алдында өткен сол жауыздықтан кейін Шоқан енді бұл жорыққа қатысқанымның қажеті жоқ деп шешті. Бейкүнә халықтың босқа жусап қалғанына арашашы бола алмағанына құсаланған ол, полковниктен дімкәс денсаулығы сыр беруіне байланысты, өзіне жүктелген мәмлегерлік миссиясын әрі қарай жалғастыруға жағдайы болмай тұрғанын жеткізді. Кері оралып емделгені жөн екенін айтып рұқсат сұрады. Қырып-жоюға бейіл басқыншылық пиғылдарын емін-еркін жүзеге асыруға Шоқанның қайта-қайта араласып, тоқтау салғыза беру әрекеті де кейінгі кездері өзіне онша ұнамай жүрген Черняев штабс-ротмистрдің бұл өтінішіне қарсылық білдірген жоқ. Мерке, Бішкек, Алматы бекінісіне оралатын арнайы жасақталған әлденеше жүз адамды қамтыған батальон құрамында, басқа да жорыққа қатысқан бірқатар ғалым, суретші, офицерлермен бірге кері қайтуына келісімін берді.
Әулиеата жорығынын түңіліп оралған Шоқан Алматыға 1864 жылғы маусымның 24-і күні жетті. Бекіністе бұл кезде байырғы танысы, Алатау округінің бастығы, генерал Г. А. Колпаковский жоқ екен. Қытаймен шекарада туындаған мазасыз ахуалдарды байыптап қайтуға аттанып кетіпті. Шілденің 5-і күні Шоқан оның атына: «Әулиеата экспедициясынан қызмет орным С.-Петербор қаласына қайтып бара жатып, Сіздің мәртебеліңізден маған кейін оралу үшін жол және көлік ақысын беруіңізді сұраймын», – деген өтінім жазды. Шілденің 7-сі күні оған жазбаша түрде жауап берген Колпаковскийдің орынбасары, өзінің құзіреті жол қаражатын тек Семейге дейін беруге ғана жететінін айта отырып, одан арғы қаржыны Семей облысы әскери губернаторының басқармасынан алуға болатынын түсіндірді. Соған орай Шоқанға тарантасқа жегілетін қос аттың ылауына ғана төленетін ақы беріледі де, ол шілденің екінші жартысында Алматыдан Омбыға қарай шығып кетеді (Ивлев Н. Чокан Валиханов и Герасим Клопаковский // Простор. 1971 г. №5. С. 111-115).
Алайда жолшыбай бұрыннан мазалап жүрген өкпе науқасы тағы да қабынып, Күреңбел жайлауында отырған Ұлы жүздің албан руының аға сұлтаны, полковник Тезек Нұралиннің ауылына жеткенде аялдауға мәжбүр болады. Әуелі аз күн тыныстап, жағдайым түзелгесін, әрі қарай жылжып кетермін деп ойлаған. Бірақ бұл дамылдаудың ақыры оның осы өңірде мәңгілік тұрақтап қалуымен аяқталады…
Шоқанның Омбыға уақытында жете алмауы ондағы басшылардың да назарынан тыс қала қоймаған. Дербес Сібір корпусының штаб бастығы генерал Кройерус Алатау округінің бастығы Колпаковскийге арнайы сұраныс салып, Шоқанды іздестіріп жатты. Кройерус жіберген қатынас хатта: «Қоқан шебінің бастығы Черняев шілдеде маған экспедициялық отряд құрамында тілмаш болған штабс-ротмистр Уәлиханов Омбыға аттанып кетті, деп хабарлаған еді. Уәлихановтың Әулиеатадан шыққанына екі айдай уақыт өтсе де ол әлі мұнда келген жоқ, сол себепті Мәртебелім, Уәлихановтың қайда жүргенін анықтап, мені құлағдар етуіңізді өтінемін», – делінген-ді (сонда). 10 қыркүйекте штаб бастығына жазған жауабында, Колпаковский өзінің сұрау салуы нәтижесінде, Уәлихановтың жолда науқастанып қалуына байланысты, Тезек Нұралин сұлтанның ауылында аялдап қалғанын, қазір Алтынемел бекетінен төрт шақырым жерде тұрған сол ауылда денсаулығының жайына қарап шыға алмай жатқанын хабарлайды (сонда).
Қыркүйектің соңында Колпаковскийдің өзі де Құлжа беттегі шекара бойында орналасқан әскерлерді тексеріп қайтуға бара жатқан жолында, күзеуде отырған аға сұлтан Тезектің ауылына бұрылып, Шоқанмен арнайы кездеседі. Байырғы танысының алыс жолға жарамайтын ахуалын байқағаннан кейін, өз тарапынан штабс-ротмистрдің жан-жақты мүмкіндігіне әбден лайық ұсыныс жасайды. Оған іргедегі Шығыс Түркістан өңірінде өтіп жатқан дүрбелең оқиғалар, ұйғыр мен дүнген халықтарының мәнжу-қытай билігіне қарсы көтерілген бұлғақ барысына сырт көзбен назар аударып отыру, өлкенің бас ордасы Құлжадағы Іле генерал-губернаторы (жаңжұңы) тарапынан Алатау округінің бастығына бағытталатын дипломатиялық пошталарды осы ауылда қабылдап, мәнжуше мәтінінен аударып, көп уақыты шекара шебін, дуан ішін аралаумен өтетін Колпаковскийдің жүрген тұстарына қарай бекет шабармандары арқылы аттандырып тұру міндетін жүктегісі келетінін айтады. Онсыз да Омбыға жетуге денсаулығынан сескеніп, әрі Петерборға қайта бармақ болған мақсатының қиындап бара жатқанына көңілі құлазып жүрген Шоқан генерал танысының ұсынысына көп ойланбастан келісімін береді.
Ол, бір жағынан, дәл сол шақта өзінің осы аймақта қалып та елеулі істер атқара алатынын ойлаған еді. Ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі қилы тарихын Еуропа ғылымына өзі толымды түрде тарқатып берген Шығыс Түркістан өлкесіндегі кейінгі оқиғаларды таяу тұстан байыптап отыру – аталмыш аймақ тарихын түбегейлі зерттеген адамға сол етене тақырыпты әрі қарай қаузау үшін де жаңа мағлұматтар ұсынары анық. 1864 жылдың жазында өзі содан бес жыл бұрын ғана болып кеткен Алтышәр өңіріндегі Кушәр, Ақсу, Қашқар, Тұрпан, Йаркент, Хотан шәһарларында ұйғырлардың, Үрімшіде мәнжу-қытай әскері құрамындағы дүнгендердің, Құлжада дүнген мен ұйғырдың дүр етіп, тізе қоса өз азаттықтары үшін қарулы көтеріліске шыққаны туралы суыт хабардың – оны да елең еткізген жайы бар еді. Сол себепті де Шынжаңның бас орталығы Құлжаға жақын маңда орналасқан аға сұлтан ауылында отырып, таяқ тастам жерде өтіп жатқан, түпкі туындау себептері өзіне жақсы таныс осы бұлғақ барысын байыптап отыру мүмкіндігі байырғы танысы Колпаковский тарапынан да ұсынылғасын, қалай тартына алсын. Науқасы асқына түскен жағдайына қарамастан, қарап жата алмайтын дағдысына салып, жаңа іске шама-шарқынша кірісіп кетеді.
Әрі осында өзіне іңкәр еткен бір аяулы жан да оның жанына жалау болғандай. Бұрындары әрі-бері өтіп жүргенде, Тезек сұлтанның немере ағасы Көшен Ералыұлының үйінде тұлымшағы желбіреп жүрген ақсары қыз, енді қараса, толықсыған бойжеткенге, жүзінен нұры төгілген әдемі аруға айналыпты. Айсарыдай зипа мінезді сұлуды көріп, жадау көңілі қайтадан серпілгендей күй кешті. Екеуін ортақ бір нәзік сезім жалғағанын ұқты. Көп ұзатпады, ниеттерін ел ағаларына білдірді. Үлкендердің құптауымен Айсары атты сол ару Шоқанға арнайы тігілген отауға келін боп түсті.
Шоқан бұл өңірде сегіз-тоғыз айдай ғана өмір сүрді. Әуелгі үш айдай уақытты аға сұлтан ауылымен бірге Күреңбелдегі жайлауда, Алтынемел асуы маңындағы күзеуде өткерген ол, қалған айларда негізінен сол Матай жотасының Ілеге қарай еңіс боп ұласатын күнгейіндегі, қыс кезінде де жайма-шуақ ықтасын боп жататын Төңірек атты қойнауда орналасқан Тезек төренің қыстауында тұрды. Оның Колпаковскийге қыста жолдаған хаттарының көбісі осы жер атымен Төңірек (Тугерек) деп көрсетіледі. Тезек ауылы әдетте қыс бойы жылқыларын іргедегі Іленің қамыс-құрақты, тобылғылы, бетегелі бойына айдап тастап, жаз біліне Алтынемелден асып — Күреңбелге жайлауға шығады.
Сол қыста Құлжаның тура тұсында орналасқан аға сұлтан Тезек Нұралиннің Төңіректегі ауылы Қытайдың Іле алабында өршіген мұсылмандар көтерілісі туралы мағлұматтар ағыны түйіскен айтулы бір нүктеге айналды десе де болады. Осы қыстауда науқасымен арпалысып, жаны қиналып жүрсе де көрші елдегі дүрбелең оқиғалар аңысын байқап отыруды өзінің зерттеушілік парызы санаған Шоқан Уәлиханов бар естігені мен көрген-білгенін, өз байыптауларын генерал-майор Колпаковскийге жазып тұрды. Сол арқылы кейінгі тарих үшін аса құнды деректер боп табылатын дәйегі нық мағлұматтар қалдырды. Ол хаттар Құлжа өңірінде бұлғақтың қалай басталып, қалай өрістегені туралы нақпа-нақ айғақтарды ортаға тартады.
Дүнгендер мен ұйғырлардың осы ғазауат ұраны 1864 жылғы тамыз айының басында (Шоқан Тезек ауылында енді аялдаған шамада) қытай билігінің өңірдегі бас ордасы Жаңа Құлжаға да жеткен еді. Бұл кезде мұсылмандар жағына діні бір қазақ пен қырғыз да қосылған. Тиісінше, мәнжу-қытайды – қалмақ, сібе, солаң жұрттары қолдайды. Мұсылмандардың Құлжаны басып алмақ шабуылына қарсы қорғаныс шайқасы сол тамыздан бері текетірес жағдайға ауысқан. Мәнжу әскері іште, көтерілісшілер сыртта. Іле өлкесінің жанжұңы (генерал-губернаторы) Мин Сюй де қорған ішінен сыртқа шыға алмайтын шарасыз қалде қалған. Көтерілісшілер Құрқарасу мен Ақсудың жолын кесіп тастағандықтан, олардың Бейжіңге хабар жіберуі де тек Верный бекінісі арқылы ғана мүмкін боп қалған жайы бар. Оқта-текте әскерлер қамалдан шығып, қарсы шабуылдар ұйымдастырғанымен, көбі сәтсіз аяқталады.
Мәселен, Шоқанның қарашаның 20-сы күні Колпаковскийге жазған хатында, кеше ғана аға сұлтан ауылына, жанына жеті шерігін ертіп қытай ұлығы Сабитун соқолдайдың (аға офицер) арнайы келгені хабарланады. Ол Іле өлкесінің жанжұңы Мин Сюйдің Алатау округінің бастығына қарулы орыс әскерін бастап келіп, Құлжа билігіне тез көмек беруін сұраған дұғай-дұғай өтінішін әкеліпті. Соқолдайдың жанындағы жол бастап жүрген қазақ жігітінің Шоқанға шет жағалатып айтуына қарағанда, осыдан он күн бұрын Құлжа шәһары іргесінде тұратын дүнгендер төрт жүздей ұйғырмен бірге мәнжу билігі бас сауғалап отырған қамалға шабуыл жасапты. Мәнжу әскері зеңбіректері және фальконеттерімен атқылап қорғаныпты. Біраздан соң қолма-қол шайқас басталып кетіпті. Дүнгендер біраз шығынға ұшырағанымен, үкімет әскері құрамындағы шәнпәңдер (ішкі өлкелерден жер аударылған бұрынғы қылмыскерлер) мен қытай жауынгерлері де сегіз жүздей адамынан айырылыпты. Шайқас жүріп жатқан кезде қамалға іргелес дүнген мәһалласының әйелдері мен балалары дүние-мүліктерін түйелерге артып, үй-жайларын тастап қаладан шыға бастапты. Олар түгел шығып біткен соң, шайқасып жатқан дүнгендер де елудей атты әскерді таса тұсқа қалдырып, бала-шағасының арттарынан шегініпті. Шәнпәңдер көтерілісшілердің өз үй-ормандарын тастап кеткенін көре сала, олардан қалған дүние-мүлікті тонамақ боп тұра ұмтылғанда, тосқауылда тұрған дүнген жасағы тұтқиылдан тиісіп, үш жүздей адамды қырып салыпты.
Үкімет әскері, содан екі күннен кейін көтерілісшілердің жиырма шақырымдай жерде құрған қосынын мүлдем жойып жібермек боп, қалың қолмен жорыққа аттанса да, өздері тас-талқан боп қирай жеңіліпті. Шайқастың дәп басында дүнгендер мен ұйғырлар олардың зеңбіректері мен барлық фальконеттерін, екі жүздей мылтығын қолға түсіріпті. Бір шағын қорғанды паналаған шәнпәңдерді түгел өртеп жіберіпті. Ханбыңдардың (қытай ұлтты жауынгерлердің) біразы көтерілісшілер жағына шығып, біразы қырғын тауыпты. Мұсылмандар содан жау әскерін Құлжаға дейін бездіре қуыпты. Оның құрамындағы сібе мен солаң жауынгерлердің көбі бас сауғалай қашқанның арқасында мол шығынға ұшырай қоймаған көрінеді. Көтерілісшілер жағынан үш жүздей ғана адам қаза тауыпты.
Аға сұлтан ордасында жүрген Шоқанға жанжұңның хатын әкелген соқолдайдың өзі де оған Құлжадағы мәнжу билігінің жағдайы қазір мәз емес екенін айтқаны бар-ды. Қамалдағы ел аштыққа ұрынғалы тұр. Сол себепті де ол, жанжұңның әскери көмек көмек сұраған хатын тезірек Колпаковскийге жеткізуді Шоқаннан қиыла-қиыла өтінген еді…
Оған қазір Алатау округі бастығының Алматыда жоқ екенін, Омбыға кеткенін, ол жақтан жуық арада орала қоймайтынын, сол себепті хатты қалдырып, қасындағы нөкерлерімен Құлжаға қайта беруіне болатынын айтқанмен, қолдайдың ол жаққа аттап аяқ басқысы жоқ. Жанжұң маған Колпаковский уәде берген орыс әскерін қарсы алып, сонымен бірге қайтасың деп аттандырды, оның бұйрығына қарсы тұра алмаймын, деп азар да безері шыққан.
Генералдың ондай уәдесі туралы естімеген Шоқан аң-таң. Бәрі жанжұң жазған хатты орысшаға аударып дайындап қояйық, деп Сабитун соқолдайдың оған өтініш білдіруінен кейін белгілі болды. Сөйтсе, жанжұңның мұның алдында әскери көмек сұрап жазған хатына берген жауабында, Колпаковский олардың өтінішін патша назарына ұсынатынын, егер император рұқсат етсе ғана, әскермен бірге келіп, қаланы босатуға жәрдемдесетінін білдіргенге ұқсайды. Жаны қысылған жанжұңға бұл уәде берген сияқты байқалған болуы керек, орыстар бізге көмекке келеді, деген қуанышын жасыра алмапты. «Сіздің бұл ниетіңізге ризамын, екі ұлы мемлекеттің достығын айрықша бағалай отырып, Сіз бастап әкелетін әскерді қарсы алу үшін, соқолдайды арнайы жібердім. Егер Сіз бізге тез жетіп, қаланы хой-хой (мұсылман) тонаушыларынан азат етсеңіз, біз талай мың жыл бойы ұмытпай жүретін игілікті іс атқарар едіңіз, біздің халқымыз жақсылықты бағалай біледі», деп ақтарыла ағытылыпты. Бұдан он жылдай бұрын Шоқанның Құлжаға келіссөзге қатысуға барып, екі айдан астам мекен еткен орыс факториясының жайынан да хабардар етіпті. Дүнген тонаушылары оны да қирата бастағаннан кейін, әскер жіберіп құтқарып қалғанын жазыпты.
Әрине, Колпаковскийдің Құлжаға әскер апаруға құзырының жетпейтіні, оны тек патша сарайының ғана шеше алатындығы, ал сыртқы істер мен соғыс министрлері Горчаков пен Милютиннің Шынжаңдағы оқиғаларға орыстардың араласпауы керек деген мүддені ұстанатындығы Шоқанға белгілі болатын. Олар мұндай әрекет Ресейге бағынышты ғана емес, іргедегі мұсылман жұрттарына да кері әсерін тигізіп, қосымша бас ауруын туғызуы мүмкін, сол себепті де бұл орайда Қытаймен арадағы шекара күзетін катаңдандыра түсіп, жаңа қарауылдар қойып, екі ел мұсылмандарының бір-бірімен қарым-қатынасын шектеу қажет, деп есептейтін. Дегенмен Колпаковскийдің алғашқы хатындағы сәл жылы сөзіне емексіген мәнжу ұлығы, соған дардай боп, ақ патша бұл мәселені Қытайдың пайдасына шешетін шығар деп, дәмеленіп қалған екен.
Тезек ауылына келген қолдайға бұл жайды қанша түсіндірейін дегенмен, оны өз айтқанынан айныта алмады. Колпаковскийдің жауабын тек өз аузынан естимін деген бетінен қайтар емес. Ауылға келгелі бір айдай уақыт өтсе де, со бойы күтумен жүр. Одан бері Құлжадан жетіп жатқан мәліметтерге қарағанда, ондағы жағдай әлі күрделі. Дүнгендер қазір Баяндай шәһарын қоршап тұрған көрінеді. Олардың әйелдері мен балалары мұсылмандар мекендейтін Ескі Құлжадан пана тауыпты. Дүнгендерге мәншың хәкімбегі Мағзұм бастаған ұйғырлар тобы да қосылған. Дүнгендерді Баянху, ұйғырларды Садыр палуан деген көсемдер басқарады екен. Өлкедегі қытай ұлты да мұсылмандар көтерілісіне қолдау білдіріп, Джун-Тань деген адамның жетекшілігімен мәншың билігіне қарсы шығыпты. Қырғыздар мен албанның қызылбөріктері де Текесте көшіп жүрген қалмақтардың бас көтерерлерін өлтіріп, мал-мүлкін шауып, қыздарын қосақтап байлап әкетіп, тыныштық бермейтін көрінеді. Сүмбедегі будда ғибадатханасын да тас-талқан етіп қиратыпты.
Көтерілісшілер мәншың билігінің құрығы ұзын екенін шамалайды. Ертеңгі күні ішкі жақтан үкіметтің қалың әскері келіп, олардың жағдайы қиындағандай ахуал болса, әрі қарай не істеу керектігіне де бастары қататын сыңайлы. Олар бұл орайда «егер біз орыстың қоластына көшкіміз кеп, елші жіберсек, ақ патша бізді қабылдар ма екен?» деген орайдағы әңгімелерді де көтере бастапты. Ұйғыр бектері бір адамын аға сұлтан Тезекке осы мәселенің шет жағасын айтуға жіберіпті. Ол Шоқанға жанжұңның көтерілісшілерді бейбіт келісімге шақырғанын, бірақ өздерінің бұл ұсынысты қабылдамағанын, Қашқар мен Ақсудан көмек күтіп отырғанын, Баяндайды таяу күнде басып алғалы отырғандарынан да хабардар еткен.
Шоқан Колпаковскийге 1864 жылғы желтоқсанның 14-інде жазған хатында: «егер көтерілісшілер расында Ресей бодандығын сұраса, не істемексіздер», – деген сауалды оның өзіне тікелей қойған еді.
Генералдың бұл сұраққа қалай жауап қайырғаны бізге мәлімсіз. Алайда Ресейдің отарлау саясатының алдыңғы шебінде жүрген Колпаковскийдің екі айдан кейін Дербес Сібір корпусының штаб бастығы Кройерусқа жазған қатынасына қарағанда, ол көтерілісшілердің шекараның бергі жағына өтіп, қазақтар арасында толқулар тудыруының алдын алу үшін, орыс әскерін тез арада Шынжаңға енгізіп, Шәуешек, Құлжа, Қашқар билігін қолға алу қажеттігін ұсыныпты. Чиң үкіметінің үлгісімен ол аймақта орыс тұрғындары мекендейтін қалалар салу жайын да ойластыру мақұл екенін айтыпты. Қашқарияны еш уақытта Қоқан хандығының ықпалына беріп қоюға болмайды, сол себепті Құлжа мен Шәуешек төңірегіндегі бұлғақты басқан соң, Қашқарды да алуымыз керек, сонда Қоқанға арғы желкесінен де қарап отыратын сенімді жағдайға қол жеткіземіз, депті. Егер үкімет мұндай қадамға бармайтын болса, шекарада біздің өлкедегі көшпелі жұртты ғана емес, дүрбелеңге толы Құлжа мен Шәуешекті де үрейде ұстайтын орыс әскерін күшейту қажет, деп ойын білдіріпті. Дегенмен Колпаковскийдің Шығыс Түркістанды жаулап алу туралы ұсынысы патша сарайы тарапынан қолдау таппай, ол Ресейдің сол кездегі жағдайы үшін еш қажеттілігі жоқ, көтерілістің аяғы қандай нәтижемен бітері де мәлімсіз боп отырған көрші елдің ішкі істеріне орынсыз қол сұғу мәселесіне ұрындыратын күмәнділеу шара ретінде қабылданған.
Расында да Ресейдің бұл дүрбелеңге сақтықпен қарайтын да жөні бар еді. Құлжадағы жағдайдың өрбуі бірқалыпты емес. Мәселен Шоқанның Колпаковскийге 1865 жылғы қаңтардың 14-і күні жазған хатына қарағанда, содан сегіз күн бұрын мәншың әскері Құлжаның түбінде көтерілісшілерді қирата жеңіп, төрт жүздей адамын өлтіріп, көптеген қару-жарағын қолға түсіріпті. Сонымен бірге дүнгендер мен ұйғырлардың өз арасында да қайшылық туындаған сыңайлы. Ұйғырлар өздеріне кешірім жасамаққа уәде берген жаңжұңмен астыртын байланыстар орнатып жатқан көрінеді. Дүнгендер Баяндайды қоршауды тоқтатып, Іленің сол жағалауына өтіп, Құжығұр кентін басып алғысы бар сияқты. Олар мұны қазақтарға арнаған үндеуінде де жазыпты. Осы жаңалықтардың өзі де көтерілісшілердің күші әлсірей бастағанынан хабар бергендей болады. Егер көтерілісшілер Іле бойынан ығыстырылар болса, Ақсу мен Қашқар жаққа қарай кететінін айтыпты. Оларға Іле алабындағы жалайыр, шапырашты, албан руларының Жүзен, Саурық секілді басшылары да қолқабыс беруден аянып отырған жоқ, жылқылары мен жігіттерінің көмегін ұсынуда. Жетен, Дүрсұлтан, Кезеңқаралар әзірше бейтарап. Қырғыздың бұғы руы да көтерілісшілер жағында.
Жанжұң тағы да Колпаковскийге хат жіберген. Оны соған дейін Тезек ауылынан кетпей орыс әскерін күтіп жүрген соқолдайға арнайы шабарман жеткізген еді. Өлке басшысы бұл жолы да осы хатты алғасын, орыс әскерімен тез көмекке келуін өтініпті. Сондай-ақ ол Құлжадағы орыс факториясы адамдарының қашып кеткенін, сосын қараусыз қалған факторияны таң алдында қазақтар мен дүнгендердің тонап кеткенін жазыпты. Келер күні мәнжу әскері келіп, оған арнайы қарауыл қойыпты.
Іле өлкесіндегі көтеріліс қимылдарына қазақтардың тартылуы да дүрбелең ауқымының біртін-біртін кеңейе түскенінен хабар беретін ахуалды аңдатқан еді. Оны Тарбағатай аймағындағы дүнгендердің маншың билігіне қарсы ұйымдастырған арандатуына қазақтардың қатысуына байланысты өрбіген оқиға да қосымша байқатып өткен. Шәуешектегі дүнгендер 1865 жылғы қаңтардың басында Тарбағатайдың хебе-анбысына өтінішпен шығады. Дүнген мешітінде жиналып, өзара келісімге келейік, «алдағы уақытта бір-бірімізге жаулық әрекеттер жасамау жөнінде ант берісейік» деген ұсыныстарын білдіреді. Құлжадағы қырғын шайқастар Шәуешекте де қайталанбауын құдайдан тілеп отырған мәншың әкімі, тыныштыққа шақырған бұл бастамаға қарсы болмайды. Ол өзінің орнын алмастыруға орталықтан жіберілген жас анбы және сол жаңа басшыны құттықтау үшін Шәуешекке ат басын бұрған сегіз қалмақ ноянымен бірге, өз нөкерлерін, күзетшілерін ерте, белгіленген уақытта мешітке келеді. Алайда дүнгендер оларды мешітке кірген замат тұтқынға алады. Хебе-анбы мешіт ішінде өткен арпалыста қаза табады, жас анбы ғана қасындағы серіктерімен шайқаса жүріп қамалға ілініп, қақпаны жауып үлгереді. Қалмақ нояндары мұсылмандықты қабылдау туралы ант берген соң ғана тірі қалдырылады. Дүнгендер бекіністі қоршауға алады. Қазақтарды да өз жағына тарту мақсатын көздей, Шәуешекті найманның қызайлары мен байжігіттеріне тонауға береді.
(Бір жағы – дүнген мен қазақ, екінші жағы – мәнжу мен қалмақ (дербет, торғауыт) боп, бітіспес жауларға айналған қанды қайшылықтың ақыры, сол күзде хебе-анбының бұйрығымен Шағанкеген ноян бастаған маншың-қалмақ қолының орысқа қарайтын Қатынсу бойында алаңсыз көшіп жүрген байжігіттерге күтпеген жерден шабуыл жасап, қырып салуына ұласады. Үш күнге созылған ойранда 3000 қазақ өліп, қалмақтар бір ғана байжігіт-мәмбеттердің 100 000 қойын, 6000 сиырын, 1300 жылқысын, 600 түйесін айдап әкетеді. Мәншың әскері дүнгендердің өзімен бетпе-бет қалып, енді оларды мешітке қамап, кектерін алады. Біраз уақыттан кейін аман қалған дүнгендер қайта көтеріледі. Осындай алма-кезек шайқастардың нәтижесінде Шәуешек шәһары түгел қирап, оның тұрғындары жан-жаққа босып кетуге мәжбүр болған…).
1865 жылдың басында Құлжада мәншың әскерінің көтерілісшілерді, Шәуешекте дүнгендердің мәншың ұлықтары мен сібе, солаң, қалмақты қырған қанды оқиғалары туралы хабарды естіген Шоқан, бұл текетірес тоқтамаса, әлі де талай елдің құрбан болатындығын ойлап, өз-өзінен жаны күйзелген еді. Басынан соры арылмайтын қазақ байғұстың тағы да қосақ арасында кетіп, тауқімет шегетініне қиналған. Кешелері өзі түңіліп қайтқан қоқан мен орыстың тіресінде де екі жаққа бөлініп, бір-біріне қарсы шауып қазақ жүр, енді Құлжа мен Тарбағатайдағы дүрбелеңде де қос оттың ортасына түсіп, босқа күйіп кетпесе нетті. Соғыс деген қияметтен құтылатын күн туар ма екен, осы. Өз азаттығын көксеп күреске шыққан дүнген мен ұйғырды да түсінуге болады. Бірақ көмекейі кең обыр империя оған көне бермейді ғой. Қазақтар да талай заманнан бері өз еркі өзінде болу жолында арпалысып келді емес пе? Абылай бабасы да, кешегі Кенесары хан да сөйтті. Бірақ күші басым империя оған қарады ма. Қазақ даласын таптап өтіп, енді іргедегі хандықтарға ауыз салып жатыр. Кіші халықтардың көрген күні осы екен ғой, деп торыққан еді ол, қамығыңқы көңіліне тағы да құсалық күй жамап.
Бір жағы туған халқының қамын ойлап, мұңын жоқтап, оған жан-тәнімен көмектескісі-ақ келеді. Бірақ қолдан келер дәрмен жоқ, басын тауға да, тасқа да ұрғанмен қауқарсызсың. Осыдан үш жыл бұрын ғана Атбасар округіне аға сұлтан болмақ ниетпен сайлауға түсіп, жеңіп тұрған кезінде де орыстың дөй ұлықтарымен ауыз жаласқан қазағыңыз оның өзін түтіп жеуге аз-ақ қалды емес пе? Омбы әкімшілігінің көзқарасы да мәлім. Бағынышты жұртты мал құрлы көрмеудің тұрпайы тірліктері сол дүмді мекемеден бастау алып, шығандап өршіп жатыр. Өзің таңдаған бағдарыңның айнала ортамен үйлеспегенінен артық шарасыздық жоқ екен бұл дүниеде…

* * *
Меңдеген дерті қаншама тауқімет тартқызып түңілтіп жүргенімен, ел тағдырына әрдайым жаны ашып, халықтың қамын ойлаудан, оның ауыр жағдайына күйзелуден танбайтын Шоқан, Алтынемел өңірінде өткізген соңғы айларында да сол бойға біткен қайраткерлігімен танылады. Ол Құлжадағы оқиғалар барысының аңысын бақылаумен қатар, елдің өз ішіндегі жағдайларға да назар аударып отырады. Оның руларды басқару жөнінде Колпаковскийге жазған ойларында да қарапайым бұқараға деген үлкен жанашырлық тайға таңба басқандай анық байқалады. Тіпті бұл ретте ол өз туысы һәм қайнағасы Тезек сұлтанды да сынға алып, «албандардың сұлтаны тек өзінің қалың төлеңгіттеріне ғана ие. Оларды плантатордың зәңгілерді езгеніндей басқарады. Іленің арғы бетіндегі албандарға оның еш ықпалы жоқ… Бір сөзбен айтқанда, сұлтан өзін орыс үкіметінің әкімі емес, құлдардың қожайыны ретінде сезінеді», — деп жазады. «Жалайыр сұлтандары, болыстары және басқалары, оқта-текте елге соғып, әшейін состиып-состиып, түк бітірмей қайтатын сібірлік ұлықтарға ұқсайды. Жалайыр рубасылары арасында халықты тонаудың сыбайластық жүйесі қалыптасқан. Бұл мырзалар Алматыға өздері шағым жаздыртып, Верныйдан соған қатысты қағаз келгенде қазақтарды сонымен үркітіп, тоғыз-тоғызымен пара алады…», — деп түйрейді ((Ш. Уәлиханов. Бестомдық шығармалар жинағы. 5 т. 169 б. А: ҚСЭ. 1985. – 528 б.).
Шоқанның сол қыста жазған хаттарынан, оның бойын меңдеп, күннен-күнге асқына түскен дерттің өршу барысын да аңдататын жолдар кездеседі.
Алтынемел болысының биі Ысмайыл екеуінің араласуымен өтіп, ел ішінде Тауасар ісі деп аталған, «он үш жасар қыздың өзі қаламаған адамына қосылғысы келмейтіні» жөніндегі шағымына орай шығарылған билер кесімі туралы, 1864 жылғы 1 желтоқсанда Колпаковскийге жазған хатының соңында ол: «Менің кеудем ауырып жүр. Істеген жақсылығыңыз болсын маған құстыратын бір майдәрі немесе кеудемдегі іріңді босататын (тек сүлік емес) және тер шығаратын бірдеңе беріп жібере алмас па екенсіз», — деп сұрайды (Сонда.166 б.) Ал 1865 жылғы ақпанның 19-ы күні жазған хатында (Шоқанның әзір бізге белгілі жазбаларының ішіндегі ең соңғысы) оның халінің нашарлай түскені тіптен анық байқалады. Ол соның алдында ғана Семей облысының әскери губернаторы қызметіне ауысқан Колпаковскийге: «Сіз кеткен кезде маған суық тиіп жүр еді: көкірегім мен тамағым ауыратын. Тамағыма назар аудармай, көкірегіме ем жасағам, енді көкірегім жазылған сияқты болғанымен, жұтқыншағымның ауырғаны сонша, асты әзер жұтамын, дауысым тіптен шықпай қалды. Верныйға жетуге жолдың ауырлығы мен жайлы көліктің жоқтығы мүмкіндік бермегендіктен, мен өзімді, қазақтың құшнаш-емшісінің қолына тапсырдым. Оның не дәрі ішкізіп жатқанын бір құдайдың өзі білсін. Әйтеуір қол қусырып өлгеннен гөрі осы дұрыс», — деп науқасы жайынан да хабардар етеді. Сауығып кетемін деген үмітін де үзбейді. Ғылыми еңбек жазғысы келетін ниетін де білдіреді. «Жағдайым сәл жақсарса, Сіздің ұлы мәртебеліңізге көтерілістің себептері мен оның өрістеу барысы туралы тарихи деректерді назарға ала отырып жазған өз пайымдауларымды жіберемін…», — дейді тағы да (Сонда. 174 б.).
Оның соңғы хаттарының әлсіз қолмен қинала жазылғанын байқау қиын емес. Шоқанға тән әдеттегі жорға қолтаңбаның ізі әзер танылады…
Науқасының тіптен асқынған амалсыз хәлін айтып, ақпанның ортасында генерал досына жазған осы соңғы хатынан, біз жаңа жылдан бастап Семей облысының әскери губернаторы боп тағайындалған Колпаковскийдің оны өз қарамағындағы штабқа қызмет етуге шақырғанынан да хабардар боламыз. Дертті Шоқан бұл ұсынысты ризашылықпен қабылдайтынын білдіріп (Семей қаласында тұрып, дәрігерлерге ұдайы қаралу мүмкіндігінің өзі неге тұрады), алғашқы жалақысы есебінен ұсақ күміс теңгемен 100 сом жіберуді де сұрайды (Сонда. 175 б). Ал бұл кезде Шоқан Петерборда қызмет еткен, емделу қажеттігіне байланысты жұмыстан уақытша ғана босатылған, біразға дейін штат құрамынан шығармай келген мекемелерде оған тиесілі біраз қаражат жинақталып қалған болатын. Мәселен, Әскери министрліктің интенданттық басқармасында оның 1862 жылғы 1 қыркүйек пен 1864 жылғы 1 қаңтар аралығы бойынша жалақы мен пәтерақысына төленетін 737 сомы, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің кассасында 1862 жылғы 1 ақпан мен 1864 жылғы 1 мамыр аралығында берілуі тиіс 881 сом жалақысы, барлығы – 1618 сом сақтаулы тұр еді (Ш. Уәлиханов. Бес томдық шығармалар жинағы. Алматы, 1968. 4 том. 417 б.).
Ол денсаулығы жарап жатса, әлі де қызмет еткісі келеді. Сондай-ақ, дәл сол кезде Ресейдің Әскери министрлігінде Шоқанға кезекті ротмистр әскери шенін беру туралы бұйрық та дайындалып жатыр еді (Сонда. 434 б.). 10 наурызда қол қойылып, Шоқан тіркелген тұрақты емес әскери құрам басқармасына тек 16 наурыз күні ғана түскен бұл пәрменнің хабары әуелі Омбыға, одан әрі қарай Алматыға, содан түкпірдегі Тезектің ауылына жеткенге дейін ұзақ уақыт өтетіні белгілі. Бір қарағанда, денсаулығы түзеліп кетсе, Шоқанның жаңа ротмистр шеніндегі әскери қызметі әрі қарай Семей қаласында, Колпаковскийдің штабында сәтті жалғасып кететіндей де көрінген.
Алайда сол күндері, әдетте көктем шыға өршіп кететін құрт ауруының шеңгеліне құтылмастай боп қармалып, құр сүлдері қалған шерлі Шоқан өзіне ротмистр шені берілгенінен де хабарсыз күйі, кесек-кесек қан қақырып, өмір мен өлім арасындағы шарасыз арпалысқа түсіп жатты…
1865 жылғы 10 сәуір күні (жаңаша есептеу бойынша 22 сәуір) Тезек төре ауылынан төңіректегі елге Шоқанның дүниеден озғаны туралы суық хабар тарады. Ол бар болғаны 29 жыл 7 ай ғана өмір сүрді…
Есіткен жүрттың қабырғасын қайыстыратын ауыр қаза еді бұл. Ана жолы Айсары Шоқан шаңырағына келін боп түскенде, аужар айтқан Төребай ақын, енді оған жоқтау шығарып берді.
Аға сұлтан Тезек ауылына көңіл айтуға келген әлеуметті жесір қалған жас келіншек белін таяна отырып зарлы жоқтаумен қарсы алар еді.
Шоқан сүйген жарымыз,
Жігіттің гүлі нарымыз,
Ажалға тоқтау бола алмай,
Сарқылды қолда барымыз.
Ажал келіп қиядан,
Сұңқарым ұшты ұядан.
Сүйген жарым бүгінде
Өтіп кетті дүниядан!..—
деп басталатын жоқтауда, Айсары өзінің оқ тиген маралдай болып отырғанын айта келіп, жарынан ермек етер перзент те қалмады, басында бір атадан алтау еді, енді солардың бірін қара жер жалмап кетті, деп зарланды.
Шоқанды Матай тауының теріскей бетіндегі Көшентоған деген жердегі төрелердің қорымына әкеліп қойды. Жаз шыға оның басына шикі кесектен шағын бейіт тұрғызылды. Оған бекітілген тақтай бетіне «Абылайұлы Уәли, Уәлиұлы Шыңғыс, Шыңғысұлы Шоқан» деген белгі жазу мен Құран дұғасынан үзінді жазылды.

* * *
Өзінің науқасы меңдеп, бұл дүниеден өтерін сезген Шоқан көз жұмар алдында Сырымбетке, ата-анасына бақыл айтысқан хат жөнелткен еді. «Мені ауру жеңді, шаршадым, халім төмендеді, сүйген елім, сендерді барып көруге де дәрменім жоқ. Бұл — сендермен соңғы рет амандасып, құшақтасып көрісетін хатым. Өсіп-өнулеріңе тілек білдіремін…»
Шыңғыс осы хатты алысымен Жетісуға өз кісілерін жіберуге қамдана бастайды. Бірақ іле-шала Тезек төреден оның қазасы туралы хабар жетеді. Албанның аға сұлтаны қазақтың естірту салты ретімен, оны тіке Шыңғысқа емес, Зілғараның балаларына жіберген. (Сол кезде поручик Мұса Зілғарин Көкшетау дуанының қазысы болатын. Оның інісі Әлібек Зілғарин де дуандағы дүмді билердің бірі, ол 1869 жылдан Петропавл үйезі бастығының көмекшісі боп та істеді). Тезек төре оларға: «Бәріміздің атымыздан Шоқанның қазасын естіртіп, көңіл айтарсыздар»,— депті.
Суық хабарды алысымен Зілғара балаларының ұйымдастыруымен атығай, қарауыл, керей, уақ елінің белгілі адамдары жиналып, қазаны естіртуге Шыңғыс ордасына беттейді…
Ел аузында, Шоқанның қайтыс болғанын естірту рәсімінің қалай атқарылғаны туралы әртүрлі нұсқалар айтылады. Олардың бәрінде де ұлттың ұлы перзентінің қазасына деген халықтың қамығыңқы көңіл-күйі, ащы өкініші пен өксікті күйзелуінің табы айқын аңғарылады. Егер де оларды бір-бірімен сабақтастырып, бір жүйеге түсірер болсақ, мынадай ортақ нұсқа шығар еді.
…Шоқанның қазасын ата-анасына естірту үшін Тілен би мен Жолан батыр (олар бір нұсқада Жаулыбай мен Бекқожа, немесе Әділбек пен Келдебек деп те аталады) бастаған бір топ игі жақсы Шыңғыстың ордасына сау етіп түсе қалады, – деп басталар еді бұл сабақтастырылған нұсқа. – Аға сұлтан қонақтарды алаңсыз күйде қарсы алып, дастарқан жайылып, ел-жұрттың амандығын сұрала бастағанда, Тілен би күрсіне беріпті.
Шыңғыс: «Би аға, өңіңіз сынық, күрсіне бересіз, жол соққан-ау, сірә, – дегенде, Тілен: «Жол соққан жоқ, қартайғанда бір ой соғып, соның түбіне жете алмай, төре інім, өзіңе келіп отырмын, – деп жауап беріпті. Аға сұлтан: «Ол қандай ой, айта отырыңыз», дегенде, би: «Төре інім, дүниеде не қымбат?» – депті. «Би аға, адам қымбат», деп жауап береді оған. «Ал адамға не қымбат?» – дейді тағы Тілен шешен. «Би аға, егер өзіңе сүйеніш болар перзент туса, пендеге бала қымбат ғой. Бірақ баланың да баласы бар. Менің Шоқаным бар баламның биігі», – дегенде, би тағы да: «Жансызда не қымбат», – деп сұрайды. «Жансызда қымбат гауһар деуші еді, би аға». Тілен әрі қарай: «Теңіздің тұңғиық түбінде жатқан сол гауһардың да иесі бола ма, інім», – дейді. «Е, би аға, иесіз дүние бар дейсіз бе? Он сегіз мың ғаламға бас ие Жаратқан емес пе», – деп биге сұраулы жүзбен қарайды. «Ендеше, он сегіз мың ғаламның иесі сол екі жанды-жансыздың ең қымбаттысының бірін өзі алса, не шара», – дегенде, Шыңғыс: «Баға жетпес гауһарым Шоқанымнан айырылған екенмін ғой», – деп еңіреп қоя беріпті. Оған Зейнеп ханым, ағайын-туған қосылып, күллі орда күңіреніп, қара жамылып қайғырады, зарлы жоқтаулар айтылады. Келген билер жоқтауды қойғызып, тоқтау айтудың амалын таба алмайды.
Сонда қазаны жұмбақтап естірткен Тілен шешен Шыңғыс пен Зейнептің қасына жылжып келіп отырып: «Уа, төре інім, Зейнеп қызым, бала сіздердікі болса да, бақыты, білімі, өнері халықтыкі еді. Жаратқанның өзі пұлсыз береді, құнсыз алады, оған қарсы тұрар шара жоқ. Балаларыңыздың алдынан жарылқасын, Артқыға береке берсін. Жүйрікті ду көтереді, буды су көтереді. Қайғыны ер көтереді, Жүкті нар көтереді. Көтер шырақтарым, бастарыңды», – деп көңіл айтып, оларды жұбатқанымен, өзі де айнала отырғандарға барлай қарап, кемсеңдеп көзіне жас алғанда, үйдегі кәрі-жастың бәрі де еңіреп жылапты.
Шыңғыс пен Зейнеп көңіл айтуға келген қанша адам, басу айтып жұбатса да үш күн бас көтермей жатып қалыпты. Сонда Тілен қария өзімен бірге келген Шыңғыстың әрі досы, әрі құрдасы Жолан батырға: «Сыздаған жарасын жарған мен едім, енді өксікті басуға шамам жетпей сасып тұрмын, құрдасы едің, бір амалын өзің тапшы», – депті. Жолан сыртқа шығып, үстіне шығыршықты болат сауытын, басына дулығасын киіп, шашақты найзасын қолына алып, ақ семсерін беліне байлап, Шыңғыс пен Зейнеп жатқан қаралы ордаға кіріп барып:
Тауда болар құрымтай,
Басына шығар тұрымтай.
Сол қыран мен біздерді
Жаратушы бір құдай.
Бұл Тәңірінің ісі,
Пенденің жоқ еш күші.
Сен екеуің Аллаға да,
Болмайын деген екенсіңдер,
Тыңдамасаңдар мен енді,
Бастарыңды шабам, тұр былай, –
деп ақыра ұмтылады. Жер бауырлап жатқан Шыңғыс пен Зейнеп сонда ғана бастарын көтеріпті.
– Мен Құдаймен ерегісіп жатыр деймісің. Өлімнің ең ауыры сан соғар қаза ғой. Сол қайғы еңсемді көтертпей басқанда, маған осындай сөзді кім айтып, кім тұңғиықтан шығарар деп жатыр едім, – депті Шыңғыс.
Тілен би де іле қостап: «Қайғы деген жылан бар, өзекті шағып өрлейтін. Қайрат деген қыран бар, өлімге күш бермейтін. Он сегіз мың ғаламда, бір Тәңірдің өзі өлмейді. Басқа түссе, оның әміріне кім көнбейді. Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді. Шоқанжан ғалым емес пе еді, төре інім, өткенге өкінбе, жетпесті қума, – деп тағы тоқтау айтқан екен.
Ауыр қаза Шоқанның ағайын-туғанын ғана емес, бүкіл ел-жұртын, Көкше өңірі халқының қабырғасын қайыстырады. Қалың ел сүйікті перзенттерінің қайтқанына аза тұтып, ордаға көңіл айтуға ағылады. Шоқанның о дүниелік боп кеткен хабарын естісімен, Шыңғыс ауылына қайғыға ортақтасуға келген көп адамның бірі атақты Орынбай ақын еді. Оның қасына ерген адамдармен ордаға кіріп, баласының қазасы жер бауырлатып кеткен шерлі ата-анаға арнаған жырмен жұбатуы да ұрпақтан ұрпаққа ұласып бүгінгі күнге жетті.
Уа, Шыңғыс, Зейнеп ханым, көтер басты,
Қай қазақ ой ойлаған сенен асты?!
Баласы жеті момын келіп тұрмыз,
Күңіреніп бос ағаңа төгіп жасты…

Тарихтан талай адам көрген едік,
Қызықты нелер дәурен сүрген едік.
Жасымыз мұнша жасқа келгенінше,
Шоқандай науша жасты көрмеп едік.
Қыршын жас, қайран Шоқан өткен бүгін,
Күйзелтіп елі-жұртын кеткен бүгін.
Аяулы жарқын жүзін еске тастап,
Дүниеден ем таба алмай өткен бүгін.

Әзелде солай жазса не істейсің,
Бұйырса тағдыр қалай бас имейсің.
Қайран жас қызғыш болған халық үшін,
Қалайша қазасына күйзелмейсің…

* * *
Алтынемел, Матай жоталарының күнгей баурайында айықпас дертімен арпалысып, беті бері қараудан күдер үзген күндері Шоқан әкесіне жазған соңғы хатында: «Мен дүниеден өтсем, Айсарыны елге алып қайтыңыз, оған көз қырыңызды сала жүріңіз, мархабатты қамқорлығыңыздан шет қалдырмаңыз», – деп те өтінген еді.
Баласының ақырғы тілегін орындау үшін Шыңғыс сол 1865 жылдың күзінде Көкшетаудан екінші ұлы Жақыпты бас етіп, шағын топ жібертелі. Олар қазанның басында Алтынемел асуы маңында күзеуде отырған Тезек төренің ауылына жетеді. Жақып дімкәстанып қалуына байланысты, бір айдай сонда аялдауға мәжбүр болып, қарашаның бас кезінде ғана Айсарыны төсек-орнымен алып қайтады.
Жақыптар Алтынемелде жүрген шақта, Қазақ даласы мен Түркістан өлкесін басқарудың жаңа жүйесін жобалау жөніндегі Дала комиссиясы мүшелерінің дуандарды аралап келе жатқан жолы Тезек ауылына түседі. Бұл комиссия содан аз уақыт бұрын, тамыз айының алғашқы жартысында ғана Шыңғыс сұлтанның ауылында болып, Шоқанның қазасына көңіл айтып кеткен болатын. Оның құрамындағы Шоқанның байырғы таныстары – Бас штабтың ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунігі, полковник А. К. Гейнс пен сол комиссияға Орынбор облысы тарапынан қосылған, генерал-губернатор кеңсесінің бастығы, полковник К. К. Гутковский, тілмаш қызметіндегі Ш. Ибрагимовтерге ерген топ, Айсарының отауына арнайы кіріп, оған да мезгілсіз қазаға қатты қайғыратындарын білдіріп, шын қамығудан туған көңілдерін айтқан. Гейнс сол сапар барысында жазған күнделігінде Айсарының реңі өте қайырымды екен, деп атап көрсетеді (Ш. У. Бес томдық шығармалар жинағы. Алматы, 1985. 5 том. 263, 272-274 б.).
Кейіннен Айсары қазақтың әмеңгерлік салтымен Жақыпқа шығып, одан Мәлік атты ұл, Мәриям, Рабиға деген қыздар көрді. Білетін елдің айтуынша, солардың арасында Рабиға анасына тартыпты. Шыңғыс пен Зейнеп оны әуелден өздеріне жақын ұстап, Шоқанға ұқсатып Шәукібай деп атайды. Григорий Потанин 1895 жылы Сырымбетке барған сапары туралы «Қазақтың соңғы ханзадасының үйінде» деп жазған тамаша мақаласында, Айсарыдан туған сол қызды «бойжеткен Шәукібай шай құйып отырды» деп атап өтеді. Ал Мәліктен тараған ұрпақтар Сырымбет төңірегінде өсіп-өнді.
1881 жылы Шоқанның қыштан қаланған бейітінің басына оның еңбегін бағалайтын генерал досы Колпаковский ақ мәрмәр құлпытас әкеліп орнатты. Оған орыс және қазақ тілдерінде (араб қәрпімен): «Мұнда 1865 жылы опат болған Шоқан Шыңғыс ұлы Уәлихановтың тәні қойылған. Түркістан уәлаятының генерал-губернаторы генерал-адъютант фон Кауфманның қалауы бойынша үшбу жаднаманы 1881 жылы Уәлихановтың сіңірген еңбектерін құрметіне генерал-лейтенант Колпаковский орнатты» деген сөздер жазылды.
Сөзді бұлай қазақшалаған – сол кезде Кауфманның адъютанты міндетін атқаратын, ана жылдары Көкшетауда аға сұлтан Шыңғыстың қасында хатшы боп істеген Шаһмардан Ибрагимов еді.

* * *
Мақаламыздың соңында, кейінгі жылдарда Шоқан өмірі, әсіресе оның қайтыс болуына байланысты неше түрлі қауесеттердің көбейіп кеткендігін де өкінішпен айтуға тура келеді. Бірсыпыра жұрт, әсіресе жастар жағы Шоқанның бес томдық шығармаларында жинақталған оның өмірбаяны туралы қыруар деректерді, кейіннен табылған мұрағат мәліметтерін зерделей оқып, бас ауыртып жатпай-ақ, ол туралы дәйексіз қауесеттерге бірден сене салатын сияқты боп көрінеді. Содан ба екен: «Шоқанға у берген, атып кеткен, ол 1865 жылы туберкулезден көз жұмған жоқ, орыстың құпия қызметінің адамы болғандықтан, астыртын түрде одан кейін де өмір сүрген», – деген алыпқашты әңгімелер, әсіресе, соңғы кездерде тым өршіп кеткендей.
Тіпті, кейінгі жылдары «Шоқанның туберкулезден қайтыс болғаны туралы уәж, ол өлгеннен кейін жиырма жылдан соң ғана айтыла бастады, Ресейдің құпия қызметі Шоқанды улап (немесе атып) өлтіргенін ақтау үшін осындай өтірікті әдейі ойлап тапқан», – деген қауесеттерге де кезек келіпті. Оны «ақиқат» ретінде төндіріп айтушыларға, Шоқан қайтыс болған 1865 жылдың қысының өзінде-ақ Санкт-Петерборда шыққан «Орыс географиялық қоғамының жылдық есебінде» оның туберкулезден көз жұмғаны жайында екі қазанамалық мақала (авторлары Остен-Сакен, Ядринцев) жарияланып қойғанын ескерткіміз келеді (Сонда. 274-279 бет).
Ал шынайы ғылыми дәйектер Шоқанның өкпе дерті – туберкулезден қайтыс болғанын алға тартады. Қазақтар оны «құрт ауруы» дейді. Бұл ретте Шоқанның жан досы, әйгілі саяхатшы, шығыстанушы ғалым Григорий Потаниннің дерегіне назар аударыла бермейтін сияқты. Алаш көсемдері – Әлихан, Ахмет, Міржақып сияқты ұлы тұлғаларымыз: «қазақты туғанындай жылы көреді», «қазаққа Потаниннің аты ардақты», – деп аса жоғары бағалаған осы қадірлі ғалым кадет корпусында оқып жүрген кездерінің өзінде Шоқанның бойында құрт ауруының нышандары болғаны жөнінде жазып кеткен. «Ол жаз сайын ауылына барып, қымыз ішіп, оңалып қайтып жүрсе де, кадет корпусын өкпе туберкулезі (чахотка) белгілерімен бітірді… Петербордың ауа райы оның онсыз да әлсіз денсаулығын төмендеткені сонша, дәрігерлер оны емделмесең болмайды, деп туған жеріне қуғандай етіп жіберді», – дейді өз естелігінде Шоқанмен Петерборда бірге болған Потанин (Сонда. 363 бет). Шоқанмен Петерборда, Омбыда тығыз аралас-құралас болған ғалым Н. Ядринцевтің де айтары осындай: «Петерборда жүргенде әлсіреген денсаулығын қалпына келтіру үшін оның дереу өз еліне, далаға кетуі қажет болды», – дейді ол (сонда. 277-бет). Ал 1863 жылғы қыстыгүні Омбыда көрген кезінде де: «оның денсаулығының әлсіздігі, өкпесінің дертті (чахоточный) екені анық байқалатын. Соған қарамастан ол тағы да Петерборға баруға жиналып жүрді», – деп жазады Ядринцев (Ш. Уәлиханов. Шығармалар жинағы. 1968. ІҮ т. 576 бет).
Ол кезде емі жоқ туберкулез дертінің талай адамды жалмағаны белгілі. Ұлы Абайдың дарынды қос баласы Әбдірахман мен Мағауия да осы құрт ауруынан көз жұмған еді ғой. Шоқан Колпаковскийге жазған соңғы хаттарындағы өкпесінің іріңдегені, жұтқыншағының ауыратыны, тамақты әзер жұтатыны, дауысы шықпай қалуы – дәрігер мамандардың пікірінше, туберкулездің белгілері. Әдетте көктем шыға өршитін сол құрт ауруы ақыры 1865 жылы Шоқанды да алып тынды…
Сондай-ақ кейінгі кездерде «Шоқан мен Әулиеата жорығын басқарған полковник Черняев екеуі бірге оқыған, Шоқан Тараздан қайтып бара жатқанда Черняев оның артынан оқ атып жаралаған», деген әңгімелер де айтылып қалып жүр. Бұл енді тіптен үйлеспейтін қауесет. Біріншіден, Черняев Шоқаннан аттай алты жас үлкен. Ол 1828 жылы дворян отбасында туып, Беларус жерінің Могилев губерниясындағы өздерінің жеке имениесінде тәрбиеленіп, әуелі Могилев гимназиясында, содан соң Петербордағы Дворян полкінде әскери білім алған. Бас Штаб академиясын бітіріп, Қырым соғысына қатысқан, 1857 жылдан әуелі Орынбор губерниясында, содан соң Кавказда әскери қызметте болған адам.
Оның Шоқан 1847-1853 жылдары оқыған Омбы кадет қорпусына еш қатысы жоқ. Шоқанмен екеуінің кездесуі 1864 жылғы Әулиеата жорығы қарсаңында ғана өткен. Екіншіден, Шоқан Тараздан жалғыз өзі қайтқан жоқ. Ол Черняевтің пәрмен беруімен құрылған – Верный бекінісіне кері оралатын бір батальон әскер құрамында, әскери инженер, капитан Криштановский, суретші Знаменский, штабс-капитан Семенов, капитан Васильев, подпоручиктер Бессонов, Грязнов, өзінің немерелес інісі, поручик Ғази Уәлиханов сияқты офицерлермен және осы жорыққа қатысқан 50 қазақ милициясымен бірге әскери тәртіпке негізделген арнайы бұйрық негізінде қайтқан болатын (Ш. Уәлиханов. Шығармалар жинағы. 1968. ІV т. 433 бет).
Әулиеатадан оралғандар тізімінде аты аталған поручик Ғази (Сұлтанғазы) Уәлиханов – Шоқанның атасы Уәлиханның бәйбішеден туған ұлы, әкесінен қалған хандық тақты бере қоймадың, деп орыс билігіне реніш артып, ақыры оның соңы саяси сенімсіздікке ұласып, Березовке (Қайыңтұраға) жер аударылған аға сұлтан Абайділданың (Ғұбайдолланың) немересі болатын. Он бір жасар Ғазиды да әкесі Болат болыс 1853 жылы, дәл Шоқан оқу бітірген жазда, Омбы кадет корпусына берген-ді. Ғази оны 1859 жылы корнет шенімен аяқтады. Бұл Шоқанның Қашқардан енді оралған кезі.
Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Гасфорт кіші Уәлиханов та дәл немере ағасы сияқты алғыр, қазақ істері жөнінде жақсы көмекші болатын шығар деген оймен, Ғазиды өзіне адъютант етіп алғанды жөн көреді. Алайда Гасфорт отставкаға шығып кеткесін, жаңа губернатор Дюгамель Ғазиды 1861 жылдың қыркүйегінде Тобылда тұрған атты әскер полкіне қызметке ауыстырып жібереді. Айбынды Абылайдың ұрпағы бұған іштей шамданып қалады. Тобылда төрт айдай қызмет істегесін, демалыс алып Петерборға аттанып кетеді де, Әскери министрдің құзырына шағынып кіреді. «Мені Омбы басшылығы жазықсыз шеттетіп отыр. Енді император ағзамға шын берілгенімді танытып, ұлы мәртебеліге жақын жерде қызмет етсем» дейді. Ғазидың өтініші қабылданып, ол алдымен ұлы кінәз Михаил Николайұлының қамқорлығындағы гусар полкіне, сосын Атамандық лейб-гвардия полкінің эскадрон командирлігіне жіберіледі. Сол жерден 1863 жылдың басында ол қызмет ететін полк Польшадағы ұлт-азаттық көтерілісті басуға аттандырылады. Алайда наурыз айының ортасында Алматы жақтағы әскер құрамына ауысуға өзі сұранып, Алатау округі мен Ұлы жүздің приставы генерал-майор Колпаковскийдің қарамағында қызмет ете бастайды.
Ғазиға Әулиеата жорығында 215 адамнан тұратын қазақ милициясын басқару міндеті жүктеледі. Жоғарыда келтірілген дерек бойынша, 1864 жылдың маусымында Әулиеатадан Шоқанмен бірге оралған ол, Колпаковский кеңсесіндегі қызметін әрі қарай жалғастырады. Шамасы, Ғази Алтынемел маңындағы Тезек сұлтан ауылына, Шоқан ағасы тұрақтап қалған кезде, соғып та тұрған сияқты. Сол келген сапарларының бірінде ол Айсарының сіңлісі Қарашашпен танысады. 1865 жылдың басында Колпаковский Семей облысының әскери губернаторы боп тағайындалған соң, Ғази (Сұлтанғазы) да келесі жылдың көктемінде Семейдегі 8-ші казак округінің штабына ауысады. 1867 жылдың жазында ол Қапал үйезі Алтынемел болысына арнайы демалыс алып келіп, Қарашашқа үйленеді. Сөйтіп, ол да Тезек сұлтанның күйеу баласы атанады. Сол жылдың күзінде Колпаковскийдің септесуімен, денсаулығына байланысты деген себеппен, штабс-ротмистр шенінде отставкаға шығып, немере ағасы Шоқан сияқты аға сұлтан Тезектің ауылында тұрып қалады. Олардың тектерінің ғана емес, шендерінің де ұқсастығы (Шоқан 1864 жылдың ортасына дейін штабс-ротмистр шенінде болса, Ғази ол шенді 1867 жылы алған), әрі екеуінің де Тезектің күйеу баласы екендігі, кейіннен Шоқан ғұмырына қатысты бірқатар шатастыруларды туындатты…
Орыс билігі Қашқар аймағындағы Жетішәр, іргедегі Тараншы (Құлжа) сұлтандығы сияқты мұсылман хандықтарының ықпалына қазақтардың еріп кетпеуін қатты қадағалаған алпысыншы жылдардың соңында, Ғази Уәлиханов пен оның қайнағасы Тезек төренің де күдікке ұшыраған жайттары болыпты. Екеуіне Жетішәр билеушісі Жақыпбекпен байланыс орнатты, қарамағындағы елді Құлжаға көшіріп әкетуге үгіттеді, жергілікті халық арасында шырық бұзатын зиянды әңгімелер таратты, деген айыптар тағылып, олар алты ай абақтыға да жабылады. Бірақ қылмыстарын дәлелдеу жағы қиынға түскен соң, Колпаковский (генерал 1867 жылдың күзінен қайтадан Алматыға оралып, жаңадан құрылған Жетісу облысының әскери губернаторы боп тағайындалған-ды) екеуін қамаудан босатып, 1869 жылдың ақпанында Тезек сұлтанды Қапал үйезі полициясының бақылауына, Ресейдің әскери министрлігі мен Батыс Сібір генерал-губернаторлығынан түскен пәрмен бойынша, Ғазиды өзінің ағайын-туыстары мекендейтін Ақмола облысына жіберуге шешім шығарады. Ғази сол кеткеннен қызметін әрі қарай жалғастырып, кейіннен Петерборға да ауысып, атты әскер полковнигі, генерал шеніне дейін өсіп, 1909 жылы дүниеден озады.
Ғази Уәлиханов пен Тезек төреге патша үкіметі тарапынан сенімсіздік тудырған осы жайт, кейде бірқатар зерттеушілер тарапынан Шоқан атына да телініп қап жүр. Оған негіз болған бір кілтипан – Шоқанның шығармалар жинағының 1968 жылы шыққан төртінші томының 444-446 беттерінде жарияланған «Түркістан генерал-губернаторының әскери министрге хабарламасы» және «Бас штаб бастығының әскери министрге мәлімхаты» деп аталған, алғашқысының жазылған уақыты 1865 жылдың 11 ақпаны, кейінгісі 1865 жылдың 7 сәуірі деп қате көрсетілген қос құжат еді (Ш. Уәлиханов. Шығармалар жинағы. 1968. ІV т. 444-446 бет).
Олардың мазмұнына қарағанда, «штабс-ротмистр Уәлихановтың Жетісу облысы қазақтары арасында аймақ шырқын бұзатын сөздерді таратып жүргені, бұл іске оның қайнағасы, полковник Тезектің де қатысы барлығы… осы тектес зиянды әрекеттері үшін оларды жауапқа тарту қажеттігі, штабс-ротмистр Уәлихановты Қазақ даласында қалдырса, елге көп залалы тиюі мүмкін екенін ескере отырып, оны империяның ішкері жағындағы кавалерия полкіне ауыстырған жөн болатыны» төндіре айтылады.
Академиялық жинақта жарияланған осы екі құжат – Шоқан ғұмырының соңғы жылына, оның өліміне қатысты біраз қауесеттің туындауына түрткі болған басты себепкер десе де болады. Оларда жазылған жайттардың өз кезінде көп жұртты, тіпті шоқантануға бейіл берген біраз адамды иландырғаны сонша, олардың тарапынан да: «Осындай белсенді әрекетте жүрген адамды қалай науқас болды деп айтасың, патша өкіметінің Шоқанды құртуға тырысқаны анық, яки әдейі қастандық жасалған. Не болмаса, Шоқан бұдан кейінгі жылдарда да құпия жағдайда ғұмыр кешкен» делінетін сан-саққа жүгірген дәйексіз жорамалдарға ден берілді.
Ал мәселенің анығына келсек, назарға алынып отырған бұл қос құжат 1865 жылы емес, одан төрт жыл кейін – 1869 жылға қатысты деректерге саяды. Шоқанның төртінші томы (1968 ж.) дайындалып жатқанда «1869» деген санның көне құжаттарда көмескі боп көрінген соңғы «9» таңбасы (шамасы техникалық себептерге байланысты) «5» санына байқалмай ауысып кеткен. Яки құжаттардағы «штабс-ротмистр Уәлиханов» деп жазылған адам – Шоқан емес, Шоқанның Уәлихан атасынан барып қосылатын туысы, жоғарыда сөз болған – Ғази (Сұлтанғазы) Болатұлы Уәлиханов еді. (Шоқанға 1864 жылдың ортасынан ротмистр шені берілгені әлгінде айтылды).
Жылы қате көрсетіліп кеткен осы қос құжаттың 1865 жылға сәйкеспейтін тұстары мұнымен ғана бітпейді. Мәселен, ондағы Түркістан генерал-губернаторы деген лауазымның өзін-ақ алалық. Бұл генерал-губернаторлық тек 1867 жылғы 7 шілде күні ғана құрылған, алғашқы генерал-губернаторы К.Ф.Кауфман. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы А.П. Хрущев туралы да солай. Ол бұл қызметке 1866 жылғы 28 қазанда тағайындалған. Құжатта көрсетілген Жетісу облысы да 1867 жылғы шілдеде ашылған. Оның алғашқы әскери губернаторы Г.А. Колпаковский. Сондай-ақ «штабс-ротмистр Уәлихановты Жетісудан басқа жаққа ауыстыру туралы» әскери министр Д.А. Милютинге мәлімхат жазған Бас штаб бастығы генерал-адъютант граф Ф.Л. Гейден де бұл қызметіне 1866 жылдың басында ғана тағайындалған болатын.
1867 жылдың қарашасынан штабс-ротмистр шенін алған Ғази Уәлиханов, осы құжаттарда айтылғандай, оның атына қатысты туындаған күдіктерге байланысты, арнайы пәрменмен 1869 жылғы шілде айының басында өзінің туыстары мекендейтін Ақмола облысына күштеп ауыстырылады.
Бір айта кетерлік нәрсе, Шоқанның 1968 жылы шыққан 4-ші томындағы бұл құжаттардың жылы қате көрсетілгендігі – өз кезінде көзі қарақты зерттеушілердің дәлелдеуі арқасында түзетілген де болатын. Сол себепті де Шоқанның шығармалар жинағының 1984-1985 жылдарда жарық көрген екінші академиялық басылымына (жауапты редакторы Ә. Марғұлан) Ғази Уәлихановқа қатысты бұл деректер енген жоқ.
Алайда алғашқы бес томдыққа абайсызда кіріп кеткен осы қос қате деректі шын деп қабылдайтын (яғни, оның кейіннен түзетілгенін білмейтін) кей зерттеушілер әлі де оны Шоқанға қатысты ақиқат ретінде қабылдап, кәдімгідей сеніп қап жүр. Осы орайда білікті қытайтанушы ғалым, былтыр ғана «Дала әміршілері және олардың ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы дипломатиясы» атты тамаша монографиясы жарық көрген К. Хафизованың еңбегінде де (355-356 бб.) осы екі қате құжаттың 1865 жылғы, яки Шоқанға қатысты оқиғалар ретінде бағамдалғанын байқадық (Хафизова К.Ш. Степные властители и их дипломатия в ХVIII–ХIХ веках. Монография. – Нур-Султан: КИСИ при Президенте РК, 2019. – 476 с.). Соның нәтижесінде бұл құнды зерттеуде де Шоқанның 1865 жылы көз жұмбағанына қатысты күмәнді пайымдауларға орын беріліпті…
Шоқанның соңғы жылына қатысты делініп, алғашқы академиялық жинаққа қате еніп кеткен бұл қос деректе Шоқан емес, тікелей оның туыс інісі Ғази Уәлиханов туралы сөз болатынын біз өз тарапымыздан Шоқан ғұмырнамасына арналған кітаптарымызда бірнеше рет дәйектеп жаздық та. Реті келгенде мақала, сұхбаттарымызда да ескерте айтып қоямыз.

Комментарий (1)

  1. Reply
    данаговорит

    керемет макала

Пікір қалдыру