Мұсақұл балуан

Қорғанбек  АМАНЖОЛ

Поэма

Осы тарихты кейінгі ұрпаққа жеткізген

зерлі Зерендінің бұрынғы өткен абыз ақсақалдары Есенғалаш Бабасұлының және Асқар Нұғманұлының рухына арнаймын

 

Армысың, айналайын Зеренді елім,

Айна көл, айдын шалқар берен белім.

Толайым толғап айтып тарқатайын

Елімнің асыл тегін, кемеңгерін.

 

Бір өзі батыр Қалақ мың кісі еді.

Қарауыл ішіндегі қылдысы еді.

Қазақта Салқам Жәңгір ханымыздың

Қалмаққа салып қойған дүрбісі еді.

 

Орбұлақ шайқасының дүр батыры,

Шыңындай Оқжетпестің тұлға-түрі,

Ер Қалақ темір тоғыз серігімен

Болмаған торуылда бір қапылы.

 

Алдаспан қиып түсер қылышы да,

Болыпты ырысы да, тынысы да.

Қалақтан болат туған Малбақты ата,

Тұрады тұнық сырдай тіл ұшында.

 

Көк белі Көкшетаудың көкорайлы,

Көлдері – Шымылдықты, Қарағайлы.

Көп жылқы арасында көркем өскен –

Жайылған, Мұсақұл мен Тарағай-ды.

 

Абылай заманының ерлері еді,

Көңілді – хикметі көп тербеп еді.

Көкейге бала күннен түйіп өскем,

Жырымның тоқылмаған өрмегі еді.

 

«Батырлық керек болса  қылдыға бар»,

Дейді екен дана туған  бұрынғылар.

Жайылып Жайылғанның батыр аты,

Қалмақтың сұлу қызы Долбыны алар.

Атадан айтатындай: тусаң ту деп,

Ерлікті қылған екен Мұсақұл көп.

Жайланып Қасқатауда жатады екен

Жайылған жау қалмақты жусатып кеп.

 

Тарамыс тарлан туған дарағайға,

Айналған ағаға еріп Тарағай да.

Ерлігі ағайынды үшеуінің

Толғауға дастан қылып жарамай ма?!

 

Баулыған мұзбалағы би Қанайдың,

Еліне ересен-дүр болған айбын,

Мұсақұл балуанның кереметін

Мен қалай шалқып-тасып толғамаймын?!

 

 

* * *

Сол кезде қазақтың бір басты адамы,

Атығай-Қарауылды басқарады.

Би Қанай – Абылайдың заманында,

Ақиқат айтқан сөзі тас жарады.

 

Алаштың не болар деп алда күні,

Қармайды қараңғыны жан жарығы.

Қақ жарған қара қылды әділдігі,

Бас иген билігіне бар қауымы.

 

Түгел сөз бір арнаға құйылады,

Алаштың әділдік қой сыйынары.

Арыстың жағасына ауыл тігіп,

Баласы үш арыстың жиылады.

 

Үш жүздің не қиямет, кесір дауы,

Ер дауы, жер дауы мен жесір дауы.

Қисынын қиыстырып, жосығымен

Айтылған төресіне бас ұрады.

 

Бірлігі ағайынның – ер тілегі.

Билігі бекем шепке беркінеді.

Өзбек пен қазақ, қырғыз, түрікпеннің

Арасын мәмілеге келтіреді.

 

Қазақта қара сөздің айтқыры екен,

Байлығы – байыпты ісі, бай тілі екен.

Көңіл жай бітіскесін, пейіл мырза –

Алдынан би Қанайдың қайтады екен.

 

Ашылып дау біткесін ажары да,

Құлайды Ташкенттің ел базарына.

Бір шеті парсы, шүршіт бай-бағланы,

Бер жақтан мал айдаған қазағы да.

 

Қайнаған хан базарда үлкен-кіші

Барқадар бақ-береке күш белгісі,

Той жасап, жамбы аттырып, көкпар тартып,

Ташкенттің ту көтерді құшбегісі.

 

Озған ат, жыққан жігіт жүлдені алар,

Бәйге мен балуан күрес және де бар.

Қазақтың жақсыларын қошеметтеп,

Құшбегі бола қалған қонағуар.

 

Құрметтеп сарайына шақырыпты,

Тәттіден алуан-алуан татырыпты.

Құшбегі көңілі тасып, мерейі асып,

Бозасын қымыздайын сапырыпты.

 

– Халайық, уа, қадірлі Қанай мырза,

Боласыз осы тойда қалай ырза?

Қазақтың аты озбай, балуаны жықпай

Қалғаны қалай жақты қолайыңызға?

 

Мен өзім ортаймаған кемел едім,

Не болса маңдайымнан көрер едім.

Бәйгеден атың келіп, балуаның жықса,

Бәсіне бектігімді берер едім.

 

… Батса да құшбегінің кекегені,

Би Қанай шарболаттай бекем еді.

Қапысыз қара тілмен жағаласса,

Жапырып қоғадайын кетер еді.

 

Жан-жағын барлай қарап, сыр бермеді,

Қазақтың жақсылары үндемеді.

Сол кезде Қанай тұрып: «Қайталашы,

Жаңағы айтқан сөзің шын ба?» деді.

 

Көкіген бегі тағы қайталады:

«Айтқаным – айтқан.

Міне, айтам әлі:

Атымнан атың озса, палуаның жықса,

Бетіңді бектіктен кім қайтарады?

Қанайым намыстанса – майдан берсін.

Әй бірақ қазаққа ондай қайдан келсін!?»

Сақылдап күлді дейді құшбегісі,

Асқандай астам кеуде айдан дерсің.

 

«Ташкентті – атың озса  өңгересің,

Бек болып, балуаның жықса меңгересің.

Болмаса, ей Қанайым, ұлы базар –

Тізгінін төбе бидің сен бересің».

 

Ташкент те қазақтың бір өрісі еді,

Тұсында Төле бидің кеніш еді.

Абыздың аруағы қолдасын деп,

Би Қанай мәмілеге келіседі.

 

Сол жерде қол алысып уағдаласты,

Қолпаштап қошеметші қаумаласты.

Толғанып қайтты Қанай Көкшетауға,

Түн қатып талай-талай белден асты.

 

***

Тереңнен тебіренер текті Қанай,

Ауыр ой жылымына бөкті Қанай.

Сабырмен сабаттанып, салтанатпен

Зеренді зер беліне жетті Қанай.

 

Жанкүйік мазаласа – қайда рахат?

Жай тауып жата алмады жайбарақат.

Түсетін балуанға жігіт іздеп,

Таратты қырға хабар, ойға лақап.

 

Жеткізбей ой ұшығы адастырды,

Толқыны тулап іште аласұрды.

Байыпты байсал Қанай сыр алдырмай,

Жүйрік ат кімде бар деп қарастырды.

 

Көп жігіт белдесуден бой салады,

Өзбектің палуанынан тайсалады.

Бәйгеге ат қосам деп айта алмайды,

Бәсіне ат басы алтын қойса дағы

 

Бабына келіп әбден жарағанда,

Шын жүйрік шығасыға қараған ба!

Төске өрлеп күндік жерден кешке озатын,

Ат қайда алқынбайтын аламанда?

 

Күреске бура санды тірек керек,

Темірдей тегеурінді білек керек.

Сарт та сұрт сақылдасып шайнасқанда

Ықпайтын дүлей дәуден жүрек керек.

 

…Таратып ойын осылай жан-жақтыға,

Ұмытпай ата-баба, аруақты да,

Бір күні сәлем бере келді Қанай

Қоныстас ағайыны Малбақтыға.

 

Сый қонақ келе бермес арнап бұлай,

Құрметтеп қарсы алады Малбақты бай.

Таңырқап сыбай-салтаң жүргеніне,

Нөкермен қарасы көп салмақ қылмай.

 

Бойынан аспас бұла күштің өзі,

Болмайды тағылымнан тыс мінезі.

Өзіне сәлем беріп кіріп келген

Қанайдың Мұсақұлға түсті көзі.

 

Тұрпаты Мұсақұлдың бөлек екен,

Жиырманың ішіндегі өрен екен.

Дембелше, мығым дене, шалқақ кеуде,

Бұлқынған бура санды серек екен.

 

Кенжесі айдыны асқан Малбақтының,

Арты еңкек, алды шалқақ, кең жауырын.

Тарамыс төртбақ келген, орта бойлы –

Би Қанай көрді елінің арлан ұлын.

 

Осы ғой алысқанды жайпар адам,

Тайсалмас таудай алып шойқарадан!

Тартыпты-ау батыр Қалақ бабасына,

Баланы бұрын қалай байқамағам?

 

Алысқа аттап елден шықпаса да,

Көз отын көңілдегі құтқа сана.

Тең түсер тірескенде жігіт екен,

Өзбектің палуанын жықпаса да.

 

 

Намысты жатқа қолдан бермейтіндей,

Өршісе жауар бұлтша өрлейтіндей,

Баланы апаруға болады екен,

Шартпа-шұрт, қане, келсең кел дейтіндей.

 

Рұқсатын Мәкеңнің де алар болсақ,

Ташкентте балуанға салар болсақ.

Алаштың абыройын дүйім жұрттың

Алдында қорғап солай қалар болсақ…»

 

Деп Қанай іштен пішіп ойланады,

Көңілі қайткенде де жайланады.

Екі күн еру болып, ертеңіне

Еліне аттануға айналады.

 

Бейілін берген екен жырғап құдай,

Күтеді құдасындай Малбақты бай.

Жасында балуан болған ол да жайсаң,

Иілмес кез келгенге шындап бұлай.

 

Би Қанай: Ағатайым, нарсың дейді,

Алғысым аманат боп қалсын, мейлі.

Мұсақұл бала мына күн ыстықта,

Шығарып біраз жерге салсын дейді.

 

Тілегін би Қанайдың екі етпейді,

Соңынан жас Мұсақұл бүлкектейді.

Баланың қасиетін білсем-ау деп,

Жанында данагөйдің гүл көктейді.

«Күн бүгін ыстық еді мұнша неткен?!

Балам-ау, бой суытып алсақ па екен?

Салқындау көл болама, қара сума,

Сол жаққа аттың басын бұрсақ па екен…»

 

«Құйылған Түкті таудың бар бұлағы,

Қарасу-ана адырдың арғы жағы.

Ал ата, олай болса, кеттік сонда»  –

Дегенде заулай берді арғымағы.

 

Қара су көлкіп жатқан Мыйлы бұлақ,

Қос атты желе жортып жетті құлдап.

«Ал мұның ар жағына өтейік» деп,

Қанайдың есіл-дерті алға ұмтылмақ.

 

«Ау, ата, мына жердің бәрі батпақ,

Ат-матпен жылымына жылдам тартпақ.

Одан да өткел іздеп табайық» деп,

Мұсақұл жеткенінше тапырақтап.

 

Би Қанай қойып кетіп төтесінен,

Батпаққа аты батты белшесінен.

Өзі де әупірімдеп әрең шығып,

Көгалға сұлай кетті ерке есілген.

 

Шошынып көріністен түс қашырған,

Мұсақұл құмбыл ырғып түсті атынан.

Жүгіріп барды дағы мыйда жатқан

Жылқыны бір-екі ырғап арқасынан.

 

Құлаштап жал-құйрыққа салды қолды,

Қапысыз күшінің бұл алды болды.

Қозыдай іліп алып, қырға қарай

Лақтырды Қанай мінген алкүреңді.

 

Уа, Аруақ!

Қолдап өзің жебелеші!

Қанайдың күткені де, керегі осы.

Желпініп, жерден атып түрегелді,

Қозғандай өзінің де делебесі.

 

Кезіксе тас қайраққа, құтты қолға,

Өр намыс ер қайратын бұқтырар ма?

Табанын тірегенде белден кірген

Мұсақұл мый батпақтан шықты зорға.

 

Аруағы көтеріліп енді Қанай,

Бөгелмей қара суға енді Қанай.

Жуынып үсті-басын, бойы сергіп,

Қасына Мұсақұлдың келді Қанай.

 

«Мейірін төкті бүгін Алла маған,

Түсіп ал қара суға сен де, балам,

Еркіңше шомыла бер қымтырылмай,

Жантайып мына жерде сәл дем алам».

 

Сүңгіді Мұсақұл да суға кіріп,

Қанайдың кеудесінде тулады үміт.

Сүйініп ер тұрқына қарай берді,

Жатқандай сол сәттерде нұр жамылып.

 

Арасы қос жауырын – не құдірет!

Сыйғандай білем-білем жеңді білек.

Бура сан, бұлшық еті бұлт-бұлт ойнап,

Ер шуақ төгетіндей нұрлы жүрек.

 

Желкеден сегізкөзге нарқұлаған

Өсіпті құлын жалы жалбыраған,

Табылды іздегенім деп ішінен

Би Қанай қуанғаннан балбыраған.

 

Жалы бар нысаналы – жотасында,

Көрмеген түсіп әлі нақа сынға.

Жылқыны мыйға батқан жұлып алып,

Лақтыру бұйым емес Мұсақұлға.

 

Осындай ерен күшін көрді Қанай,

Бағасын баласынбай берді Қанай.

Ташкентте балуанға салсам егер

Жерге қаратпас деп сенді Қанай.

 

Қапысыз ер керек-ті Қанайға да,

Қазақтан табылмайды ол қалай ғана?

Толайым толағайға тәубә, шүкір,

Тарт алға!

Тартыншаққа қарайлама!

 

 

***

Жыл өтті.

Намыс-қайрақ жаныды ерді.

Би Қанай Малбақтыға тағы келді.

Ташкенттің базарында бақ сыналар

Туып тұр сын сағаттың шағы да енді.

 

– Беу, аға!

Құдай саған берді дәулет.

Дарыған құт-береке сен бір әулет.

Үш тайпа елге айналып үш өренің,

Ойлаймын бақ жұлдызын жандырар деп.

 

Ұлдарды мал соңына сала берме,

Еңістен – ер болар ұл шабады өрге.

Көбірек ел танысын, жер танысын,

Беркінсе беттерінен қаға көрме!

 

Мұсақұл балаң мына ерсін маған,

Осындай ұлың барын көрсін ғалам.

Ат басын әдейілеп бұрып келдім,

Рұқсатын осы жолға берсін ағам!

 

… Би Қанай одан әрі тайпалмады,

Балуанға саламын деп айта алмады.

Малбақты мақұл санап изеді бас,

Көнілін әз інінің қайтармады.

Сөйледі разы болып және Қанай:

– Рахмет пейіліңе, жан ағам-ай!

Ол жақта той болады,

Той болған соң

Қу баста тұра ма екен домаламай?!

 

Мұсақұл жас жігіт қой, көрсін ол да,

Жүйрік ат, белде садақ, қамшы қолда.

Замандас, құрбы-құрдас ортасында

Кеудесі көтеріңкі, болсын алда.

 

 

Ләзім ғой мерейленіп мастанбағы,

Қыз қуып, көкпар тартар жастар жағы.

Желі бар аяғының бір тәуір ат

Болса, — деп Қанай тағы астарлады.

 

Малбақты айтты сонда би Қанайға:

– Жолыңда үш қос жылқы бұл маңайда.

Бастығы жылқышының көптен бергі –

Билігі қылқұйрықтың Кенебайда.

 

Аралап ен жылқыны танып көрер,

Мен айтты десең бір ат тауып берер.

Жүйрігін, жорғасын да сол біледі,

Жөнім жоқ мүлт кетер деп қауіптенер.

 

Қасына Мұсақұлды ертті Қанай,

Жылқыға ертеңіне жетті Қанай.

Кенебай шалға жайлап жайын айтты

Көп көрген талай-талай кепті Қанай.

 

Кенен қарт кемеңгерді қабыл алды,

Сәлемін естіп байдың жадырады.

Айтқаны сол арада бір ауыз сөз:

«Ей, Қанай, іздегенің табылады!»

 

Бұл сөзден көңілдегі бұлты ыдырап,

Қанайға туғандай-ақ нұр күн абат.

Тобына Мұсақұлды қосып алып,

Таңертең кетті Кенең жылқы аралап.

 

Шалғынның домалады мөлдір шығы,

Аралап келе жатыр көп жылқыны.

Не түрлі қамыс құлақ, топай көктер,

Дейтіндей көздің сұғы, ердің құны.

 

Көлбеңдеп, көлденеңдеп шығады алдан,

Сәті көп Мұсақұлдың тұра қалған.

Жігітің қызыққанмен, Кенебай қарт

Тоқтамай, толқын құмар тына қалған.

 

 

Мұсақұл қажыды әбден әдді құрып,

Налытты қалған не сансәнді күлік.

Әлден бір уақыттарда Кенебай шал

Шет жатқан кербестіге салды құрық.

Шалыңның жанды көзі шырадайын,

Тіл-тиек ағытылды тұмадайын:

«Ал бала, жүгеніңді сал осыған,

Тұлпарың сені күткен, міне, дайын».

 

Лып етіп Мұсақұл тез жүгендеді,

Ер салып, әбзел-тұрман түгендеді.

Атының алды-артына көз тоқтатып,

Бір мезет білінді сәл түнергені.

 

Ойпырмай, осындай да болады екен,

Атамыз ат сынына олақ екен.

Қараса, қос құлағы бірдей шұнақ,

Құйрығы, құдай атып, шолақ екен.

 

«Ау, ата, арғымақты баптадыңыз.

Жас күннен жылқы болды баққаныңыз

Мыңғырған мың сан малдан маған тандап,

Лайықтап осы ма еді тапқаныңыз?

 

Түліктің жылқы затытөресі еді,

Нар түйе сақараның кемесі еді.

Тым құрса құйрығы мен құлағы жоқ,

Ойдағым дәл осындай емес еді».

 

Қарқылдап қартың сонда күлді дейді:

Осыны айтарыңды білдім дейді.

Ашайын кербестінің сырын саған,

Көзіңе көрсетейін шын дүлейді.

 

Айтпағам бес жыл бойы әкеңе де,

Әлпештеп құлынынан мәпелегем.

Бұл да бір кер қулықтың құлыны еді,

Өмірге борандатып ерте келген.

 

Жерге де баруы мұң таяқ тастам,

Аяғын буазында санап басқан.

Енесін көзімнен бір таса қылмай,

Мен дағы қапталынан қабаттасқам.

 

Сырына сонда мұның бойлайтынмын,

Өзімше сәуегейсіп болжайтынмын.

Ішінде дәуде болса не тас жатыр,

Не тұлпар туарсың деп ойлайтынмын.

 

Арқада ақыратын боран қатты,

Ақмылтық аязын да жалаңдатты.

Наурыздың аяғында кер қулықтың,

Құлындап қалғаны да маған батты.

 

Үйелеп, орнынан ол тұра алмады,

Кер құлын шумен бірақ шұбалмады.

Үстінен енесінің ерсілі-қарсылы

Шапқылап, салып ойнақ шығандады.

 

Жылқының жер қайысқан табынында,

Көп құлын туған ерте тағы мұнда.

Бұлғақтап ойнау түгіл, тұратұғын

Бүрісіп енесінің бауырында.

 

Құйрық та, суықта сол құлақ та үсіп,

Үзіліп түп орнымен қалды түсіп.

Кер шұнақ мұны да әсте елемеді,

Қарда ойнап, құлдыраңдап, құраққа ұшып.

 

Арқаның аязы оған дарымады,

Өзінің енесіне жарымады.

Биеге тағы да екі қатар теліп,

Келісіп асырауы, арымады.

 

Осылай адамға айтпай бес жыл бақтым,

Толқынын көңілімнің тасқындаттым.

Топқа бір, тірі болсаң, салармын деп

Кеудемде үміт отын ұшқындаттым.

 

Түбінде ер қанаты, досы болар,

Дегенің күйсіз жүйрік осы болар.

Жылқының қасиетін білмей өтер

Құлақтың шұнағынан шошығандар.

 

Төрт аяқ, құйма тұяқ – сіңірлері

Тартылған арқандайын желідегі.

Бес қарыс қара саба мойынындай

Кең жатыр тегенелі көткеншегі.

 

Делдиген қос танаудың демі терең.

Жаңылмас қалыбынан шөліркеген.

Көргенде ұлы жиын аламанды

Жаратар өзін-өзі, кәміл сенем.

 

Әурелеп терін алып зорықтырма,

Тәубелеп таң асырып зарықтырма.

Ауырып қалды деме сұлық тұрса,

Зәуде де судан және тарықтырма.

 

 

Кер бесті кемел сынды көтереді,

Жеті көш жерден бәйге әпереді.

Жайылып жақсы атағың бар қазаққа,

Дабысың келешекке кетер еді.

 

Әрине, балам, мені тергемейсің,

Жортқанда жолың болып ерлегейсің.

Келмесе осы айтқаным, енді қайтып

«Ата» деп маған сәлем бермегейсің.

 

Жалғыз-ақ: сүйегіңнен тана көрме,

Атыңа өзің мініп шаба көрме.

Жайдан-жай Қанай сені апармайды,

Селкеулік сеніміне сала көрме.

 

Кеудемде көмбе небір жатыр мына,

Көргенмін атаң Қалақ батырды да.

Атаңа балуандығың тартқан екен,

Күреске іркілмей түс, қапыл қалма.

Мүшелге кіргеніңді білгізерсің,

Сайма-сай төрт құбылаң, ырғын ерсің.

Басына басқа бала ие болмас,

Кер атқа Нұрбегімді мінгізерсің.

 

Қаракөк бесті өзіңнің мінуіңе,

Жадырап замандаспен жүруіңе.

Бес көштік жерден келер қауметі бар,

Жарайды және көкпар ілуіңе.

 

Қолдасын аруағы атаң Қалақ,

Менің де берген осы батам, қарақ!

…Ақжарма тілек қосып Мұсақұлды

Ақ жолға аттандырды Кенебай қарт.

 

***

Арттан мал асықпай-ақ келер деді,

Бір Құдай осыншама шебер ме еді?

Балуан мен жүйрігіне көңілі өскен

Би Қанай одан әрі бөгелмеді.

 

Алды да бір қос жігіт кетті жөнеп,

Арысқа алқам-салқам ат тіремек.

Межелі жерге жетті Шудан өтіп,

Екпіні осы жолғы тіпті бөлек.

 

Арыстың алабы да арда мекен,

Жағалай базаршылар қонған екен.

Үш жүздің кілең игі жақсылары

Жиылып би төбеге қалған екен.

 

Өзенсіз өзек, сірә, жалғанған ба?

Сыймайды екі беті мал мен жанға.

Күткені көпшіліктің Қанай би-ді,

Төрелік айтады деп жанжал-дауға.

 

Алдына лек-легімен келді қауым,

Ер құнын, барымта мен жердің дауын,

Ақ шешіп, ел арасын бітістіріп,

Безеді би Қанайым тіл мен жағын.

 

Қазыны әділ айтқан сөгеді кім?

Жарты айда тамам қылды төрелігін.

Жалғасты одан кейін ойын-сауық,

Тартқандай тағылымды тәберігін.

 

Қазақтың жанына бұл жақынырақ,

Балуаны күш сынасты, ақыны-бақ.

Жаршылар жағы талмай жарлағанда

Би Қанай Мұсақұлды шақырып ап:

 

–Аққуы айдын көлге шырай берер,

Алламыз пенделерін сынай берер.

Ай, балам, Кершолақты сал бәйгеге,

Көрейік, сынымызға шыдай ма Кер?!

 

… Қонаға кеткен аттар ертең түсте

Құлады қолат қолтық, бір тегіске.

Кершолақ кең тыныспен еркін шауып,

Жүз елу аттың алды – келді жеке.

 

Тізгіні жас жауқазын ер Нұрбекте,

Үш жүздің додасында дүбірлете,

Көмбеден «Қарақайлап!» өткен кезде

Жайланып өрлей берді көңіл көкке.

 

Ташкентке қотарылды жиын енді,

Ұлы той елеңдетті дүйім елді.

Ашылды хан базары ту көтеріп,

Сәніне кім болса да сүйінер-ді.

 

Әкелген не дүрлерін әркім екшеп,

Мерейін асырғанның дәрпі өспек.

Ұрпағы Кіші жүзде Темір бидің —

Шығыпты жамбы атуға батыр Төстек.

 

Ер Төстек топ алдында ат ойнатқан,

Садағын алып қолға атойлатқан.

Тоқтаусыз қозы өрісі жерден шауып,

Тартқанда кетпеді мүлт тай тұяқтан.

 

Ақыртар адырнаны алып күшті,

Жамбыны сұр жебесі қағып түсті.

Осылай атады деп біздің елде

Сарттарды шаян тілмен шағып түсті.

 

Бір кезде жаршылар да салды жарын:

– Жамағат, хабарыма сал құлағың.

Алқаға айтып жылдам жаздырыңдар

Бәйгеге ат қосатын елдің бәрін.

 

Есебі болсын түгел санақшыда,

Білерсің кім озғанын әлі-ақ, шыда.

Кетеді айдап бүгін ат айдаушы,

Жетеді ертең түсте қарақшыға.

 

Көгінен нұр саулатып сөнбес күні,

Ерекше байсалданып ер кескіні,

Қазақтан Қанай шешен ат қосты деп,

Мұсақұл үкіледі Кербестіні.

 

Ойқастап олай-бұлай жүргізеді,

Үстіне Нұрбек-жанды мінгізеді.

Ішінде үш жүз аттың келіспеген

Сипаты сын-сықаққа ілгізеді.

 

Құшбегі көріп тұрып қылды мазақ:

– Уа, Қанай, қосқан атың болды-ау «ғажап!».

Көкесі қуырдақтың осы екен-ау,

Жүйрігің шолақ құйрық, шұнақ құлақ.

 

Уа, Қанай, жосынға бір бастадың ба?

Не пәле жатыр мұның астарында?

Атыма құлақ-құйрық ауыр болар,

Деп әлде кесіп өзің тастадың ба?

 

…Би Қанай парасаты терең еді,

Күлкісін құшбегінің елемеді.

– Асығыс шайтан ісі, ау, құшбегі,

Жауабын ат келгенде берем – деді.

 

***

Қазақтың қазақтығы салтыменен,

Бәйгесі, балуан күрес даңқыменен.

Үзілмей дәстүрі мен салтанаты

Бағзыдан келе жатыр халқыменен.

 

Жаршылар жағы тынбай зарлап тұрды,

Дағыра, дабыл, керней сарнап тұрды.

Ортада майдан ашып, балуан күрес

Қызығы басталғанын аңдаттырды.

 

Өзбектен шығыпты дәу – Қара-Қапылан,

Шынжырлап, мойынына қоңырау таққан.

Асаудай арпалысқан алпамсаны

Жетектеп әкеліпті екі жақтан.

 

Тағыдай таң қалдырған Қара-Қапылан,

Қолтыққа бесті бұқа қыса шыққан.

Өкірткен бұқасынан жұрт шошынып,

Мен деген талай мықты жерге бұққан.

 

Ал, қазақ, шығар дейді балуаныңды,

Жаныңа садақа қыл бар малыңды.

Өлсең құн төлемейміз осы жолда,

Асырсаң, көріп алдық, аруағыңды!

 

Ортада Қара-Қапылан жалғыз тұрды,

Қорқыныш ұялатып, жан үздірді.

Адамның арыстаны осы-ау десіп,

Сол жерде дуылдап ел аңыз қылды.

 

Рүстемі бұл заманның осы шығар,

Мәдінің жерден шыққан досы шығар.

Ойпырмай, сұрқы қандай жаман еді,

Зәнталақ, заманақыр басы шығар.

 

Жұрт сөйтіп дөй қараны жанықтырды,

Көңіліне Қанайдың да қауіп кірді.

Мүйізден мықтап ұстап үйіргенде,

Бұқасын мертіктіріп алып та ұрды.

 

– Ойпырмай, қалдық па бір шырғалаңға,

Қазақтан бір оғылан тумаған ба?..

Деп Қанай жан-жағына қараныпты,

Қан базар қаптап селдей дулағанда.

 

«Шық» деуге Мұсақұлға төтемелеп,

Оқыста жазым болып кете ме деп,

Қанай да райынан қайта берген,

Аруақ тұрса да іштен көтермелеп.

 

Бұзылып Мұсақұлдың түрі-түсі,

Дірілдеп, сақылдайды отыз тісі.

Біржола таусылғандай дегбір шыдам,

Бұлқынып тасығандай қайрат-күші.

 

Кеудеде күнін жігіт күркіретіп,

Қанайға сол арада келді жетіп.

Атадан бата сұрап шарт жүгінді,

Жүрегін дүйім жұрттың елбіретіп.

 

Би Қанай қарауылға құтпан болған,

Абылай – алқауымен таққа қонған.

Батасын берді балуан Мұсақұлға,

Бар қазақ дәмелі боп бақ-таланнан.

 

-Жар болсын бір өзіңе Алламыз Хак,

Қолдасын аруағы атаң Қалақ.

Сойқанның сұры жаман көрінеді,

Ай, балам, сақ болғайсың сен де бірақ…

 

Батасын Қанай ата ала сала,

Жүгірді Қапыланға іле-шала.

Жалаңаш денесіне шекпен іліп,

Намыстан жарылардай бұратола.

 

Көрмеген сірә, мұндай масқараны,

Қасында қара дәудің жас бала-ды.

«Әй, бала, қайт кейін!» деп дайағашы,

Кес-кестеп қарсы алдынан тоспалады.

 

Қарай ма қарайған көз қайдағыға?

Мұсақұл жетіп барды майданына.

Жаситын жасқаныштың ізі де жоқ,

Пысқырмай бет қаратпас айбарына.

 

Қайткенмен Қапылан да сақ тұрады,

Үш мәрте үйіріп-үйіріп лақтырады.

Қорғасын құйған құлжа сақасындай,

Дік етіп тік түседі, тәк тұрады.

 

Балуанын балпаң басқан мықты санап,

Масайрап өзбек жағы кетті шулап.

Демдерін қалың қазақ тартты ішіне,

Қобалжып, қамыққандай төмен қарап.

 

Қанайда орынында отыра алмай,

Келесі лақтырғанда қапы қалмай,

Тіледі бір Құдайдан

Күш-қайратын

Дүлейге көрсетсін деп Қапыландай.

 

Мұсақұл мысын әсте жоғалтпаған,

Жүрекке жасқанышты жолатпаған.

Сыйынып ата-баба аруағына

Қарғитын қабыланша сақ аттаған.

 

Төртінші мәртесінде беттегенде,

Алдырмай әдістенген өткелеңге,

Жүгіріп оң жағынан өте шығып,

Қара дәу қапы қалып өктегенде.

 

Сол жақта жауырыннан жұла тартты,

Сақ етіп тиген екен қолы қатты.

Қайырып іштен шалып бұрағанда,

Қапылан қара жердің шаңын қапты.

 

Дағыра, керней тартып шала мас-ты,

Өзбектің қара дәуін  қара басты.

Үзіліп ортан жілік кеткен екен,

Балуанын бебеулетіп ала қашты.

 

Дәупері болмай қалды тымақ құрлы,

Жас қайрат дәнсігенді шын-ақ қырды.

Құдайым, құтқаршы деп бұл қазақтан

Өкіріп өзағаңдар жылап тұрды.

 

Қаншама қандас жұрттың кіндігі еді,

Ташкенттің жыл базары дүрлігеді.

Қырғыз бен түрікпен де таңдай қағып,

Қазақтың қуанышы гүл-гүл еді.

 

Мұсақұл Қапыланды бөктереді,

«Қанайлап!» осы кезде ат келеді.

Балуаны жығып, аты бәйгеден кеп,

Абыздың сүйініші көптен еді!

 

Тербетіп, тебірентіп жан-жүректі,

Құбакер қарақшыдан жалғыз өтті.

Екпіндеп, ентігі жоқ, еркін щауып,

Тамаша таңырқатты қауым көпті.

 

Жас оғлан – басындағы Нұрбекпенен,

Тұлпардың қолтығында гүл көктеген.

Кешегі менсінбеген Кер шолаққа

Қарады бар жамағат құрметпенен.

 

Даңқы өрлеп Мұсақұлдың Құбакері,

Бәйгесін сүйіншілеп тұрады елі.

Тараған Құбакерден асыл тұяқ –

Ақанның атышулы Құлагері.

 

Бәйгеден келгенін айт кер құбаның!

Үш жүзге ер Мұсақұл болды мәлім.

Би Қанай бәсте жеңіп, он екі қақпа

Тәшкенттің бегі деген алды даңын.

 

Жылма-жыл базарына келіп тұрды,

Төбе би төрелігін беріп тұрды.

Қапылып қатты сасқан құшбегі де

Қанайдың талабына көніп тұрды.

 

Киліккен екі сөйлеп далбасаға,

Бектігін тартып, сірә, алмаса да,

Кеудесін құшбегінің басты Қанай,

Зорлыққа ол сияқты бармаса да.

 

Он екі қақпа кілтін қолына алды,

Ташкентте бек болды деп аңыз қалды.

Қарауыл Қанай шешен атыменен

Қазақтың жүрегінен орын алды.

Жыл сайын төбе билік еп болады,

Бұған да мұқым қазақ шаттанады.

Мұсақұл балуан баба аруағы асып,

Басына мәңгі кетпес бақ қонады.

 

Алашта абыройы асып тұрды,

Бойында күш-қайраты тасып тұрды.

Мұсақұл баламызды көреміз деп,

Үш жүздің ақсақалы асықтырды.

 

 

Ақ үйге алты қанат жинады елді,

Ордаға жақсы-жайсаң сыймады енді.

Ырымдап, көздіктіріп алмайық деп,

Етуге көзден таса қимады ерді.

 

Айбыны – алшы түскен сақа дер-ді,

Алаштың абыздары бата берді.

Ардақтап жыр самғатып, күй төгілтті,

Бір Алла қолдасын деп баталы ерді.

 

Бұл сапар болашақтың болды басы,

Бақ қонса жығылар ма ел жығасы?

Додада дүр сілкінген ер Мұсақұл –

Қазақтың күресінің қарлығашы.

 

 

Балуан Мұсақұл деп аты қалды.

Киесі, қасиет, зәу-заты қалды.

Тараған үш ұлынан үш рулы ел,

Тарихта шежіренің хаты қалды.

 

Ташкентті дүбірлеткен даңқы қалды,

Жауырыны жерге тимес салты қалды.

Аруағын ата күрес аспандатқан,

Қаймана қазақ деген халқы қалды.

 

 

Намысты шырақ қылған, ұтқыр айлаң,

Күресі қазағымның мықты майдан.

Бабасы Мұсақұлдай болмаса егер,

Толағай Қажымұқан шықты қайдан?!

 

Айналды Құбагері Құлагерге,

Жайылды балуан күрес ұраны елге.

Дабысы жетті шырқап бұл заманға,

Дүбірі қалып қоймай құба белде…

 

Көк туға көп балуаным сәлем берді,

Күресін қазағымның әлем көрді.

Өркені Мұсақұлдың деп білерсіз

Бура сан, барыс жүрек өрендерді…

 

Рухы Мұсақұлдың еліменен,

Барқытты Зерендінің беліменен.

Аптасам арманым жоқ алтын жырмен,

Зерен көл, туған жердің зеріменен!..

Пікір қалдыру