Үміт


– Ойпырмай, «жау» дегенді қайдан шығардыңдар? Кешегі бастон плащ, құндыз бөрік кигізген жалғыз күйеу балаң Қасен емес пе еді? Жау болғанда «тыңшы» депті. Ненің тыңшысы болыпты? Күні‑түні бірге ұйықтап, бірге жүрген Қасен қай жаққа барып, тыңшылық жасап келіпті? Көріп пе Қасен бір жапонды, сөйлесіп пе Қасен бір жапонмен? Тура жүріп, түзу жүрген бала еді… жоқ сұмдықты қайдан шығардыңдар?
Бұл Қасен ғана емес, Үміттің басына келген зауал десеңші! Құдайым‑ай, құлынымды ерекше қылып жаратып едің, ендігі күні не болады? Қарағым‑ай, көзіңмен көрдің‑ау, бірге туса да, адамды осынша опасыз қып жаратады екен‑ау…
Тасбауыр‑ай, мүттайым‑ай, қалай дәтің барып тонды иығынан жұлып алдың?! Бір тонды күйе де жеп қояды ғой, жарығым‑ай, мына аязда ұшынып кетпесе болды ғой… Аман жетсе екен!? – деп, кемпір зар еңіреп, дауыс салып жылап жіберді.
Бұл жылап отырған жай кемпір емес, Қасеннің енесі, Үміттің шешесі Әниқа еді.
Алты ұлдың ортасында бұлаңдап, өсіп келе жатқан Үмітті осы ауданға прокурор болып келген Қасен бір көрді де, ес‑түстен айырылып ғашық болды. Қыздың өзіне «кет ары» емес екенін білген соң, құда түсіртіп, дүркіретіп тойын жасап алған. Үміттің тұңғыш қызын босанғанына да көп болған жоқ еді.
Жиендерінің бесік тойын, шілдеханасын ағалары өзіміз жасаймыз деп, тай сойып, дүркіретіп атқарған.
Міне, сол баланың апыл‑тапыл жүріп қалған кезі еді… Қасен мен Үміттің төркіндеріне келуі кішігірім той сияқты өтетін. Кішкентай Ұрқияны жерге қоймай, қолдан қолға көтеріп, тілі шығып қалған баланың былдырын қайталап, «кішкентай пыркорол» деп, әулие қылатын.
Міне, «пәле қайдан, жала қайдан» деген. Бұлар үлкен ағасының үйінде қонақ болып жатқан кезінде, Қасенді алып кетуге милициялар келді.
Қасен Үміттің бота көзінен аққан жасын сүртіп:
– Қорықпа! Қателік болар. Барған соң басын ашамын, − деп, күректей алақанымен келіншегінің ақша бетінен сырғыған көз жасын сүртті.
Күн қақап тұрған. Үлкен қайнағасының кигізген қасқыр ішігін иығына іліп, далаға шықты. Сол кезде Үміттің ортаншы ағасы Иемберген бір жақтан атпен шоқырақтатып келіп қалды. Милицияларды, тон киіп шыққан Қасенді көріп қалды.
Өңі күреңітіп:
− Қасен, тонды тастап, өз пальтоңды кисең дұрыс болар еді! – деді басыңқы дауыспен.
– Аға! – деп, аңтарыла қараған Қасен аузын ашқанша болмады. Иемберген аттан қарғып түсіп, тонды шешіп алды. Әйелі Зүбәржат күйеубаланың пальтосын ұстап, үйден шыға келді.
Көрген ел «ойпырмай!» деп жағасын ұстап, ішін тартты. Үміттің шешесінің жоқтауы Иембергеннің қылығын сұмдық көріп, үйдегілердің оны сұраққа алып, естіген жайттан кейін болған гөй‑гөй еді…
Ол шешесінің зарын шыбын шаққан құрлы көрмеді. Қасеннің не үшін ұсталғанын сельсовет Тоқымбайдан естіп келген.
«Бастарың бәлеге қалмай тұрғанда, араларыңды ашып алыңдар. Әйтпесе, бәрің кетесің! Қылмысы өте ауыр. Өкіметке қарсы шығып отыр… Қазір жау сырттан келмей, іштен шығып жатыр ғой… Солармен ымырасыз күрес жүріп жатыр…» – деген сөзінен кейін елге көз қылып, істеп отырған қылығы еді…
Сонымен у жегендей болып ботадай боздап, баласын кеудесіне басып, Үміт қалды. Қасенді ұстап кеткенінің қорқынышы, «ағаларым – айбарым!» деп жүргенде, қаумалап отырған бірге туғандарының ортасында айдалада қалғандай болғаны, «жығылғанға – жұдырық» дегендей, ортаншы ағасының күйеуінің иығынан тонды жұлып алғаны есінен тандырғандай болды…
Есін жинап, «Қасеннің артынан барар ма екен, мені апарар ма екен?» дегендей ағаларына жалтақтап еді, олардың қозғалатын сұры жоқ. Тіпті, Қасен деген адам олардың өмірінде болмаған сияқты кейіп танытты.
Шешесіне дертін айтты. Өзі әрең жүрген кәрі адам не істесін… Үлкен ұлын шақырып алып: «Ана Үмітті Қасеннің артынан апарып, бір хабарын біліп келмейсіңдер ме?» – деп еді.
– Ой, апа, Қасеннің мәселесі жай мәселе емес. Мемлекетке қауіп төндірген қылмыскер ретінде қаралып жатыр. Барсақ, «жаудың жақындары» деп, ертең‑ақ шам алып, артымызға түспей ме? Самаладай болып, өсіп келе жатқан балалар бар дегендей… олардың алдағы өміріне, болашағына қалай әсер етеді? Оны бір Құдай біледі!? Сондықтан аттандамай, тыныш отырамыз.
Ерке қызыңыздың әуеніне төңкеріліп… Былай ойламайсыз ба, кішкене!? Әуелі Үміттің бетінің әрі таймай тұрғанда, біреуге беріп жіберсем деген ойым бар. Анау Тоқымбай сұрап жүр, – дегені сол еді.
Шүйкедей ақ сұр кемпір шошып кетті.
– Ойпырмай, заман бұзылды ма екен десем, қателескен екенмін ғой… Заманды бұзған сендей, Құдайды ұмытқан қарабеттер екен ғой, Некелі қатынның байы істі болды екен деп, тастай салып, басқаға шыққанын қай атаңнан көріп едің? Құрт көзіңді! Кет қасымнан! Үміт естімесін мына сөзіңді! – деп сұлқ жатып қалды.
Сол жатқаннан мол жатып, тілі байланған күйі бақилыққа аттанып кете берді. Тек өлерінің алдында қасында отырған Үміттің бұрымынан сипап, кемсеңдеп, көп қарады. Оның тәлтіректеп жүріп жүрген қызының құйтақандай қолын кеберсіп кеткен ерніне басты. Самайына қарай аққан көз жасын сүртем деген Үміттің қолын сыртынан ұстап бетіне, ерніне басты. Бір сәт үнсіздіктен соң иегін бір‑ақ қағып, жүріп кетті.
Шешелерін жерлеп, жетісін өткізген соң, Үміт ортаншы ағасына:
– Қасеннің артынан барып келмейміз бе? Не болып жатыр? Оның іздеушісі жоқ, жалғыз екенін білесіз ғой… Туған‑туысқанының бәрін «бай, манап, би, болыс» деп атып тастаған… Жылы киімдерін алайын. Апамның қайтыс болғанын естіртейік. Мына баласын көрсетіп келмейміз бе? – деді.
Ағасы басындағы тұмағын біресе ары, біресе бері ысырып отырды да:
− Үмітжан, барып келейік деген ой бәрімізде болған. Бірақ селсебет Тоқымбай: «Бармаңдар. Бәлесі бәрімізге тиеді!» – деп отыр. Қасеннің қылмысы көп сияқты. Тіпті, «үштік» дей ме, солар да үкім шығарып, ондай қауіпті жауды өздері‑ақ атып тастайды екен. Сонымен қол‑аяғымыз байланып отыр емес пе? Әйтпесе, қандай Қасен еді!? – деп, ағасы сөзін бітірді.
Үміт тілін тістеді. Жүрегі шаншып‑шаншып кеткендей болды. Ең кіші ағасына барып: «Ат‑шана тауып, бір балаңды қосып бер. Қасенге барып келемін!» – деді.
Сонымен қақаған қыстың суығынан қорқып, Ұрқияны алмай жалғыз өзі аудан орталығына кетті. Ол жақтан білгені: «Алматының түрмесінде жатыр!» – деген жалғыз сөз…
Бұл сөзді естіген соң, Үміт немере інісін ат‑шанасымен ауылға қайтарып, өзі Алматы жаққа жүретін бір машинаға отырды. Түсетін үйі жоқ екенін білген соң, шопыр: «Сәбит жіберді!» деңіз. Бәти деген әпкем тұрады», – деп, бір адрес берген. «Мен асығыспын, қасына түсіріп кетемін. Өзіңіз тауып алыңыз!» – деп, бір бұрылыстан айтқанындай түсіріп кетті.
Көрмеген, білмеген жер… «Басқа түссе, баспақшыл» деп, әйтеуір тапты… Есікті қағып еді, орта жастағы қара торы әйел шықты, қасында қанден иті бар. Жағдайын айтты.
«Сәбит жіберсе, кіріңіз!» – деп, есігін ашты. Аздап керосин сасып тұрған қараңғылау үйіне кіргізіп, шай берді. Сосын: «Біраз күн болсаңыз, мына жерде жатасыз», – деп, бұрын монша болған құрқылтайдың ұясындай пәтері бар екен, соны көрсетті.
Екеуі келісіп, ақшасын төлеп, тұрып жатты.
Бәти әпкенің көмегімен, Қасенді әкелген сұп‑сұр түрмені де тапты… айналасында жарты айдай шиырлап жүргенде білгені – Қасен «халық жауы» болып атылып кетіпті. Сүйегінің қай жерде қалғанын да ешкім білмейді.
Бұл хабарды естігенде, Үміт отырып қалды. Тұрайын десе, тұра алмайды, алға ұмтылып, омалып қайта отырады… бір уақытта сең соққан балықтай болып теңселіп, көшеге шықты…
Пәтеріне қалай келгенін, қанша уақыт жүргенін білмейді… әйтеуір жетті. Келіп, мелшиіп бір нүктеге қарап отырды бір уақытта: «Арысым‑ай, арманда кеткен аяулым‑ай, асқар тауым‑ай… бас ием‑ай, қыршынынан қиылған жаным‑ай! Тірі кезіңде көріп қалмағаным‑ай! Бәйтерегім‑ай!» – деп ботадай боздады. Сол кезде Бәти әпкесі жылаған дауысты естіп келіп, көңіл айтып, сабырға шақырды. Ыстық шай берді, есін жиғызғандай болды. Сұлқ жатып қалған Үмітті ел жаққа жүретін бір шопырмен сөйлесіп, салып жіберді.
Үміт үйге ауырып келді. Ыстығы көтеріліп, жаралы аңдай ыңыранғанда, аузынан ыстық жалын шығады.
Ел‑жұрт «қайран ару… беті бері қарай ма, жоқ па?» деп қауіп қылған. Бірақ қардың көбесі сөгіліп, көктемнің лебі келгенде, құры сүлдері қалған Үміт басын көтерді.
Көлеңкедей ілбіп жүреді, әркімнің бетіне бажайлай қарайды, әлдекімді іздейді… Сөйлемейді… Қасына келген Ұрқияның басынан сипап қояды. Ес‑түссіз қара көзі алайып, аққу мойыны иіліп, қара жібек қалың шашы арқасын жауып, ілбіп жүре береді, жүре береді…
Тамақ берсең – ішеді, бермесең сұрамайды.
Нағашыларының Қасен барда «кішкентай пыркорол» деп, қолдарынан тастамайтын кішкентай бала Ұрқияның қазіргі жағдайы адам аярлық…
Үсті‑басы зәр сасыған, шашы кірден басына жабысып қалған, бет‑аузы сатпақ‑сатпақ, кір қожалақ, қарны ашып, зар жылаған, жалаңаш‑жалпы жүрген мазасыз сәбидің қазір ешкімге қадірі жоқ. Басы‑көзі былшық‑былшық болып, мұрнынан боғы аққан жылаңқы баланы, тамақ сұрай ма екен, қасына келе жатса Зүбаржат:
– Баршы ары, жалмауыз! Заржақ, әкеңді жұтып едің, енді кімді жұтайын деп жүрсің? Жаудың тұқымы! Шешеңнің сұры анау, ол да бір бала болды менің сорыма! Қашан құтылады екенмін сендерден!? – деп арпылдап, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын.
Бір күні апыл‑тапыл басып, тәлтіректеп келе жатқан баланы өстіп, аузына келгенін айтып, итеріп жібергенде, қайнап тұрған самаурынға құлап, бір жақ қолы, мойны, аяғы оңбай күйіп қалды.
Содан байғұс бала ыңырсып, айлап жатып, жаны сірі екен: бір қолының сырты, мойны, аяғы тыртық болып, әрең жазылды. Зүбаржаттың таяғын жеп жүрсе де, қыңқ етіп жыламай, бір адамға көрген жапасын айтпай, тас‑түйін болып өсіп келе жатты. Екі жақсыдан туған жақсы емес пе, ерте есейіп, үш‑төрт жастан бастап, шешесіне өзі қарап, аяғын жуып, шашын тарап, жылы киіндіріп қоятын болды. Қолына түскен бір түйір тамақ болса да шешесінің аузына тосады. Көзінен таса қылмайды.
Үміт пен Ұрқияны бала күйген соң, ортаншы ағасы Иемберген алып кеткен. Оның әйелі Зүбаржатқа қарағанда құдайға қараған жан еді, екеуіне жақсы қарады. Содан ба екен, Үміт те далаға қаңғырып кетпей, қызының қасында отыратын болды. Әйтеуір үстері таза, киімдері бүтін, тамақтары тоқ.
Ұрқия мектепте жақсы оқыды. Өскен сайын әкесінен айнымай, ұқсап келеді. Ол таралып өсіп, көзге түсе бастағаннан бері ұмытылып қалған Қасеннің аты жиі аталатын болды. «Әкесі жігіттің сұлтаны еді, шіркін‑ай, жас кетті ғой» деген сөздерді естіп қалған Иембергеннің санасына бір қауіп кірді.
«Ойпырмай, «жаудың тұқымы» деп тағы бір пәлеге ұрынбасақ болды ғой… Тоқымбайдың қылы қисаймай, әлі жүр. Сол иттің Үмітте көңілі болып, қолы жетпеген соң Қасеннің түбіне жетіп еді. Балаларының сұры анау… ас ішіп, аяқ босатқаннан басқа, боққа шамалары келмейтін бор кемік, қуыс кеуделер… Бұл пәле Ұрқияның жақсы оқығанын көре алмай, тағы бір жауыздығын істемесін!» деп, ары ойлап, бері ойлап, ФЗО‑ға оқуға жаздырып, елден аулақтатты.
Жарымжан шешесіне қарай‑қарай, жылай‑жылай, туған жерді қимай‑қимай Ұрқия кетті жүрегі қан жылап, артына қарайлай‑қарайлай…
Үміт қызын іздеді ме, әлде есіне бірнәрсе түсті ме, қыстың қақаған аязында үйде отырған киімімен далаға шығып кетіп, үсіп өлді.

* * *

Ұрқия оқуын бітірген соң, елге келіп, шешесінің басына барып, Құран оқып, топырақ салды. Жұпыны киінген, жүдеу қаршадай қыз шешесінің қалай опат болғанын естіп, жұбанбай қатты жылады, қатты жоқтады.
Киімі нашар, қаршадай қыз елге елеусіз болып келді, елеусіз болып кетті. «Сен келіпсің!» деп, құрметтеп, әспеттеген ешкім болмаған соң, шешесінің моласына қара тартып, бара берді, бара берді…
Сол жерден шешесімен қоштасып, қара жерді құшақтап, армансыз жоқтап, өксігін баса алмай, қара көзінен аққан ыстық жас өңірін сулап, екі бірдей арманда кеткен боздақтан қалған қорғансыз жалғыз тұяқ Алматыға апаратын қара жолға түсті…

 * * *

Біреулер «Қасеннің қызы Москвада үлкен қызметте екен!» деген қауесет таратты. Нағашылары үлкен лауазымды жиен қыздарын қанша сарылып іздегенімен таба алмады…

 *  *  *

Одан бері көп су ақты. Өткен өмір тек еске алғанда ғана елес беретін болды. Советтік кезеңде «халық жауларының» балалары да өгейлік көрді, шындық жасырылды. Көпшілік ұмытуға тырысты, себебі тарих бұрмаланып оқытылды.
Бір «домалақ арыз» бір адамның тағдырын күл‑парша қылып, өмірін тозаққа айналдырды. Осындай бір қиянатты білгенде, «…осынша азапқа салып, бақытсыз еткен арызқой жазасын алды ма екен?» деген ой келеді…
Сол арыз иелері кейін белгілі болса да, жауапқа тартылмады. Себебі шындықты совет өкіметінің өзі жасырды. Халықтың оқыған‑тоқыған қаймағын сыпырып алып, қанды қасап жасаған қылмысы мен қазақтардың аша тұяғын жинап алып, аштан қырған қанішер саясатын айтқандарды, жазғандарды жазалап, үндерін өшіріп отырды.
Солай ұмыттырамыз деп ойлады.
Бір адамның емес, көп бұратана халықтың түбіне жететін құйтұрқы жауыздыққа барған, қанды белуарынан кешкен совет өкіметі де құлады.
Тәуелсіздігімізді алып, егемен ел болған соң, жазықсыз атылған, жазаланған Алаш азаматтарының көбі ақталды.
«Жау» деп ұсталған Қасен де ақталды. Еш кінәсі жоқ, есіл ер босқа арманда кетіпті. Оны ұстатқан Тоқымберді де, алпысқа жетпей, алжып өлді. Әлдекімді іздеп жүріп, әлдекімді шақырып жүріп, омбы қарға құлап, тұншығып қалыпты.
Жұрт «ерте алжыды!» деді.

 *  *  *

Кейде «халық жауы» деген жаладан ақталды» деген сөзді оқысам, не естісем, «…совет өкіметінің жапқан жаласынан ақтаудың не қажеті бар? Жетпіс жыл бойы халықты қорқытып, үркітіп, асып, атып, жала жауып, саясатын іске асырған қорқау империяның өзін соттау керек!» деген ой жаныма маза бермейді…

Әке

Қадыржан шекара ашылғанда, ата-жұртқа ат басын бұрғандардың алдыңғысы болды. Жалғыз келген жоқ, өз отбасымен қоса әпкелерін, қарындастастарын, олардың үйлі‑баранды болып кеткен бала‑шағаларына дейін үй орманымен түгел көшіре келді.
Тап сол Шығыс Түркістандағыдай бір‑бірінен онша алыстамай, жақын жерлерге қоныстанды. Жермен, елмен таныса келе, жезделері, күйеубалалары Қадыржаннан, әлі көзі тірі енелерінен рұқсат сұрап, өз жұртын тауып көшіп кетті.
Туған‑туысқан «Байбатыр атамыздың тұқымы, бауырымыз Ошанның жалғыз ұлы келіпті!» деп, құшақтарын айқара ашып, жылы қабылдады. Бір‑бір малын сойып, есік‑төрлерін көрсетті, сый‑сияпаттарын жасап, көйлек‑көншектерін кигізді. Бәрі дастарханға арақ қойды…
Қадыржанға бұл жақтың адамдары бала сияқты бейқам, ертеңін ойламайтын енжар, аяғының астындағы байлықты бағаламайтын көрсоқыр, еңкейіп жұмыс істегісі келмейтін жалқау, «өкімет өлтірмейді» дегенге сенген босбелбеу, бос сөзге әуес ашықауыз сияқты көрінді. Сосын үлкені де, кішісі де, әйелі де, кемпірі де қатар отырып, шімірікпей арақты тартып жіберетіндері қатты шошытты. Тіпті, біреулер туралы «бір бөтелке арақты бір өзі ішіп, мас болмай кетті!» деген әңгімелерді естігенде, жағасын ұстады.
«Қара орыс болыпты ғой мыналар!» деді ішінен налып…
Арқырап ағып жатқан өзеннің жағасындағы жайлау сияқты жазықты таңдап, көтерген үйінің керегесін тұрғызғанда да, төбесін жапқанда да, ел қол көмегін аямады. Тіпті, шанжа, артық‑ауыс тақтайларын да әкеп бергендер көп болды. «Көп түкірсе, көл» демекші, алты бөлмелі, еңсесі биік, есігінің алды кең, қора‑қопсысы жайлы, шатырын шифермен жапқан үлкен үй бір жазда салынып бітті.
Бір малын сойып, үйіне кірісімен балаларын шешесіне тапсырып, колхоздың бір отар қойын алдыға салып, келіншегі екеуі кетті. Қой соңында оңаша қалған сәтте ілгеріде болған сол көрініс қайта көз алдына елестеді.
…Үйді айнала қоршаған сақшыларға қарсы тұру немесе олардың құрсаулаған тар шеңберін бұзып‑жарып, қашып шығу мүмкін болмай қалды.
Тек қана берілу керек.
Бұғынып жатқан екеуіне қарап, алпыс бестерден асқан, еңкіш тартып, кәрілік өз таңбасын әжімді бетіне аямай басқан осы үйдің отбасы Ошан шешім қабылдады.
– Ей, – деді, – жалғыз ұл мен күйеу балаға түнере қарап, – құтыла алмаспыз. Жасым болса жер ортасынан асып, көрер қызық‑шыжығымды бастан өткердім. Сендердің орындарыңа мен барайын.
Бұл пәлені бастаған сендер болсаңдар, мен аяқтайын. «Коммунаға бәрін өткізіңдер!» деген бұйрық шыққанда‑ақ, «қысық көз шүршітті алдау мүмкін емес, бұлар бәрін есепке алып қойды. Қанша мал бар, қаншауын алтын, күміске айналдырдық, бәрін біліп отыр. Қойыңдар!» дедім. Міне, енді аяғы не болды? Өзіміздің маңдай терімізді төгіп тапқан еңбегімізді өз еркімізбен бермегеніміз үшін жаза тартайық деп отырмыз.
Жасыма қарап жазамды мүмкін жеңілірек кесер. Енді сендерге бұл жерде жақсылық болмайды. Анау темір төсектің аяғындағы қуысқа алтын сөлкебайлар тығып қойғанмын. Астындағы тығыны ағаш. Оңайлықпен түспейді. Шылдырламас үшін жүнге орап тыққанмын.
Басқа біреудің пашпортына тіркеліп, елге бет түзеңдер! Өз тегімізбен бұл жақтан шығармайды. Бәрін өз мойныма аламын. Сендер ертеңнен қалдырмай туған елге барудың қамын жасаңдар! «Бисмилла!» деп, туған жерге бет түзеңдер! Қазір мыналарға: «Ештеме білмейміз деп, ештеме көрмедік», – деп, бетбақтырмаңдар.
Анау киіздің астындағы шұңқырға көмген заттарыңды мен айтамын, сендер көрсетіңдер. Ал, жақсы! − деп, аналар ес жиғанша атып шықты.
Сақшылар киіздің астындағы көмбедегі алтын‑күмісті тізімдеп алды. Бәрін мойнына алған Ошанды бірге ала кетті. Ақыры ісі тексеріле келе, әкелерін ақырғы демі біткенше жазасын түрмеде отырып өтейтін қылып үкім кесілді.
Сол – болған‑біткені…
Туған жерге оралған соң, бұл жайт ет‑жақын туыстарға ғана айтылды. Құпия ретінде сақталды.
Сонымен Ошан ел‑жұртқа бет түзеген бала‑шағасын бір көруге зар болып, сағыныш өңін сарғайтып, жүрегіне шер қатып, темір тордың ар жағында қала берді. Кетерде қал‑жағдайын көріп қайтуға барған балаларының білгені – жасы келген адам ретінде түрменің түйелерін бағуға рұқсат етіпті. Әйтеуір сол жердің сасық нарында жатпай, таза ауада мал бағып жүргеніне де «Құдайға шүкір!» десті.

 * * *

Қадіржан қойдың соңына түскен соң, ата‑жұртта қалған туыстардың тұрмыс‑тіршілігіне, олардың оқыған, жастары өзімен қарайлас, басшы қызметтерде жүрген балаларына қарап, зығырданы қайнайтын болды. Екі сөздің басын әрең қосып, «әу» деуге жарамайтын әлдекімдердің галстук тағып, қоқырайып, осы колхоздың төрағасы, ферма бастығы, бригадирі, гараждың бастығы, парторгы болып жүргендері жынына тиетін болды.
Бәрі коммунист екен.
Шешесінің айтуынша, Байбатыр тұқымдары, яғни, Қадіржанның аталары мыңғыраған мал айдап жүргенде, осылар не ішер асқа, не киер киімге жарымай жүрген, сіңірі шыққан кедейлер екен. Бәрі осылардың малын бағып, үйдегі тіршіліктеріне қолқабысын тигізіп, күнін көреді екен…
Енді қарашы жетілгендерін…
Байбатыр демекші… қазіргі алып жүрген тектері – бұл жақта фамилия дейді екен – Шәукіманов.
Шәукіман… ана жақтан шыққанда, Байбатыр дегенді ауызға да алуға болмайтын жағдайда делдалдардың тапқаны ғой. Әкесі тыққан алтын сөлкебайлардың екеуін беріп, паспорттары Шәукіманов дегенге жазылып, барлығы соның бала‑шағасы болып шыға келді. Ал, Байбатыр деген өз аталарының аты ұмытылып та барады…
Қолындағы ақ таяқты сіңірлі саусақтарымен аямай сығымдап, иен даланы жаңғырықтырып, бар дауысымен ақырады. Сөйтсе ғана жанын жегідей жеген әке күйігі, ішін оттай жандырған «жұрттан қалдым!» деген өкініш саябыр табатын сияқты. Оның үстіне қатарынан туған бес қызы да ішін күйдіріп барады. Аналардың қатындарының тапқандары − кілең еркек балалар. Басшы болып жүргенінің бес ұлы, ферма бастығының тоғыз ұлы, ал анау бригадир болып жүргенінің алты ұлы бар… Құдайым бұларды анық жарылқап тұрғаны көрініп тұр… Осыны ойласа, тіпті, көзінен жас та шығып кетеді…
Қой егіз тауып, мал басы көбейсе, атақты қойшыға былайғы жұрттың қолы жете бермейтін кілем, машина, магнитофон, телевизор сияқты сыйлықтар берілетінін, әрі жолы да ашық болатынын шопандар тойына барғанда байқады.
Жанталасып, колхоздың малын шашау шығармай бағып, тілеуін өз малынан кем тілемей жүріп, атақты шопандардың қатарына ілінді. Елден қалып қалмайын деп арпалысып жүріп, даңғарадай үйінің әр бөлмесінің төрт қабырғасына төрт кілемнен іліп, жасаулап қойды. Өзінің жекеменшік малын да көбейтіп, тіршілігін дөңгелетіп әкетті.
Тексереміз деп барған колхоз белсенділерін мелдектете тойдырып, беретінін беріп, аузын алды. Шопандар тойында көкпар тартып, көзге түсті. Балуандар сайысында қазақша күрестен бәрін жеңіп, алдына жан салмады. Айтысқа түсіп, «ісек» пен «саулық» сөзінің ара жігін ажырата алмай, аузынан сөзі түсіп отырған қарсыласына дес бермей, бірінші орынды алды. Сол жерде аудандық соттың бастығымен танысып, бір соғымын апарып беріп, «тамыр» болды… Құдай берейін десе лақ еткізіп бере салады екен… әйелі егіз ұл тапты. Сонымен Қадыржанның асығы алшысынан түсіп, туған жерде сыйлы, беделді адамға айналып, жолы болды.
Жанын жегідей жейтін жат жұртта көзі жылтырап қалған әкесінің жай‑күйі еді… кейінгі кезде бұл дерт те кеуде көрігінде көмескілене бастады.
Қадыржан бір шешімге келді. Партияға өтеді. Сосын анау техникум бітірген Майлыбай да бөлім басшысы болып жүр ғой… Сырттай оқып, бірнәрсенің басын қайырып, қолына «диплом» деген қатырма қағазын алса, сондай бір жұмысты одан кем істемейтініне өзінің сенімі кәміл еді…
Сол оймен партияға өтем деп арыз жазды. Парторг арызын қабылдады. Бір жылдай кандидат болып, сынақтан өткендей болады екен. Сосын алдағы уақытта даярланатын сұрақтарының тізімін беріп тұрып: «Әртүрлі сұрақ қояды. Мүдірмей жауап беруің керек. «Құдай бар ма?» деген сұрақ қойылып қалуы да мүмкін. «Жоқ!» деп айтуың керек!» дегенде, шіміркеніп, «Қойшы‑ей!» деп қалғанын өзі де байқамай қалды. Парторгтың тырнап ашқандай қысық көздері ажырайды… Бір сәт үнсіздіктен соң, «партияға өтем деген серьезный ойың болса, бұндай сұрақ қойып қалса, «жоқ!» дегенді де айтасың!» – деді.
Абиыр болғанда, Қадыржан партияға өткенде бұл сұрақ қойылмады…
Сол жылы қыс жайлы болып, мал басы да аман шықты. Өзінің жекеменшік малынан туған төлдерді қосып жазып, жүз қойдан жүз он қозы алып, абыройлы да болды. Бұл колхоздың бастығы да, мал фермасы да, парторгы да нағашы жағынан туыс болып келген соң Қадыржанға бүйректері бұрғандары да бекер кетпеген еді.
Бірақ Қадыржанның ішіндегі қызғаныш осы жақсылықтарын көруге, мойындауға ырық бермей, жұмыстарынан іштей ілік іздеп тұратын…
Міне, партияға қабылдайтын күн де келіп жетті. Шырттай киініп келді.
Комиссия мүшелерінің түсі суық, қабақтары қатулы, дауыстары басыңқы, отырыстары мығым… Қадыржан өзін құдды соттың алдында тұрғандай сезініп, жон‑арқасына шейін тер басып, тізесі дірілдеді.
Отырғандар бұны бастан‑аяқ бір шолып өтті. Сұрақтың басы «Өкімет басшыларын ата!» болды. Мүдірмей, жаттап алған адамдардың аты‑жөнін айтып берді. Осы тектес сұрақтардың бәріне жалаңдап жауап берді.
Ең соңғы:
− Әкең қай тапқа жатушы еді? – деген сұраққа мүдіріңкіреп:
− Кедей еді. Байлардың ықпалынан шыға алмай, малын айдасып, солармен бірге Шығыс Түркістанға өтіп кетіпті, − деді.
− Қазір қайда? – деген сұраққа:
− Қайтыс болған. Ертеректе… біз ана жақта жүргенде, – деді. – Ес білгелі арманым – шешемді, бала‑шағамды туған жерге алып келу болды, – деді нық дауыспен.
Комиссия жүз қойдан жүз он қозы алған, әкесі еркінен тыс шекара асып кеткен, ерте жетім қалған, кедей таптан шыққан, жігерлі жасты партия қатарына алуға лайық деп тауып, қабылдады.

 * * *

Қадыржан қой жаюға партия билетін төс қалтаға салып, аузын әйдік түйреуішпен түйреп бекітіп, ақ таяғын беліне қыстырып, енді жай қойшы емес, коммунист шопан ретінде шығатын болды.
Сөйтіп жүргенде, бірінің артынан бірі туылған екі қызына құда түсіп келіп, ұзатылып та кетті. «Бір ұл‑ай!» деп жүргенде әйелі байғұс егіз‑егізден төрт ұлды қатарынан дүниеге әкеліп, ақ түйенің қарны жарылғандай болды.
Егіз ұлдың біреуіне «Коммунист», екіншісіне «Партия» деп ат қойды.
Ауылдағылар күліп жүргенімен, уақыт өте келе Коммунисі – Кәмеш, Партиясы – Парташ болып кетті.
Қадыржаның малы көбейіп, мейманасы тасып, тасы өрге өрлей бастады. Бірақ әйелі екеуі жинаған‑тергендерін жинап, сирақтары сыйдиып, өсіп қалған қыздарына да жарқыратып, бір киім алып бермей, төр үйдің еденінің астынан ұра жасап, салып қойған темір сандықтарына сала беруден еш жаңылған жоқ.
Сол сандық көңілге дем береді. Сол сандық өсіп келе жатқан ұлдың ертеңгі күнгі жұмсайтын ырыздығы болады деген ой көңілдерін тоғайтатын. Ал, Қадыржан қыздарын қатал ұстады, әрі жат жұрттық санап, оқытуға да, киіндіруге де құлықсыз болатын.
Жылтыңдаған тізелерін жасырып, жыртықтарын жамап‑жасқап жүріп, осы үйдегі қатты‑құтты жұмыстың бәрін талғамай істеп, ыстық‑суыққа бірдей болып пісіп, пысық болып өскен қыздар да өз орындарын тауып, ауылдың жігіттерінің етегінен ұстап, өз алдарына бір‑бір үй болып кетті.
Сөйтіп жүргенде, жиырма жыл сусыған құмдай болып, өтіп те кетіпті.
Бір хабар келді. Әкесін жақсы тәртібі үшін түрмеден ерте шығарыпты. Өзі баққан түйелерінің ішіндегі ең кәрісін шалға беріпті. Ошан түйенің табандары мен өркеш жүндерін екі қап қылып жинап қойған екен. Соны артып алып, бала‑шағасы көшіп кеткен жұртқа барып, көз көргендермен кездесіп, тірі екендігін білдіріп, бергі беттегі елге «шақырту қағазын жіберіп, мені елге алдырсын!» деген хабар жіберіпті.
Бұл кезде Ошан қарияның бәйбішесі бақилық болған.
Қадыржан бармағын тістеді. Партияға өтердегі «Әкем өлген, жетіммін!» деген сөз кеңірдекке көлденең қадалған семсердей болып, үнін өшіріп, жолын жауып тастады.
Совет өкіметінің дүрілдеп тұрған кезінде партияны алдау, әрі сотталған тірі әкені жасыру – үлкен қылмыс…
«Ел құлағы елу» деген емес пе? Ошан шал таңсәріден шекараның тікенек сымтемірлерінің ар жағына келіп, қазақ жеріне телміріп қарап, қозғалмай отырады екен. Көз байланып, ымырт түскенде ғана бір тілім нанды бір шыны суық суға шылап, тырнақтары сойдиып, қарғаның тұяғындай болып өскен, қатқан қарағаштың бұтақтарындай иір‑қиыр саусақтарымен жібіген нанды іліп алып жейді екен де, қайтады екен… Өркешінің бір жағына түйенің табандары, бір жағына өркештің жүні теңделген кәрі түйе иесінің қасынан алыс кетпей, жайылып жүреді екен.
Күн батқанда, қасына келіп шөккен түйесіне шал мініп кетеді екен де, таңсәріде қайтып келеді екен. Кішкентай тас мүсіндей болып, қаздиып отырған күйі шекараның бер жағынан, туған жерден көз алмайды екен.
Басында шекарашылар өз тілдерінде мыңқылдай сөйлеп, қуған екен… Кетпеген соң, қазір оның келгенін ешкім елең қылмайтын болыпты… Ол да бір, елес те бір сияқты болып кетіпті…
Екі жылдай туған жердің самалына бетін тосып, телмірген жан ақыры сол отырған жерінде оң жаққа қарай жантая түсіп, жүріп кетіпті.
Сол жақтағы аталас, рулас туыстар келіп көміпті. «Ақыр бай аштан өліпті!» деген осы да…» депті жерлеуге келген көпшілік.
Томпайған дымқыл жерге мойынын созып, қарап‑қарап тұрып, кәрі түйе шөгіпті. Иесінің мына жерден шықпайтынына көзі жеткенде, көзінен жасы ағып, ыңырана боздапты. Жануарды аяған жұрт алдына шөп те әкеліп, ыдысқа құйып, су да қойыпты. Түйе иіскеп те қоймапты. Ыңыранып жатып, тұяғын бір‑екі рет серпуге шамасы келіп, иесінің артынан ол да өліпті. Жұрт күңіреніп, бастарын шайқап, «жануар‑ай, адамнан да асыл болдың ғой…» деп, Ошан шалдың қасына көміпті.
Бұл хабарды естіген Қадыржан көзінің жасын сығымдап жүріп, ауылдың адамдарын шақырып, «Құдайы тамақ» берді. Ештеме анық айтылған жоқ, құран оқылғанда, «ата‑баба аруағына арнаймыз!» деді.

* * *

«Е, Құдайым, жақсы өлім бере көр пендеңе!» десті көпшілік тамақтан ауыз тиіп отырып іштерінен… Жалғыз ұлдан топырақ бұйырмай, арманда кетті деген осы! Жалғыз жоқтаушысы қиын күндерінде серік болған кәрі түйе болыпты. «Е‑е‑һ, «өлісіне қарай, көмісі» дегенді қазекем осындайда айтқан екен ғой…» десті…
 

* * *

Қадыржан «атақты шопан» деген атақтан айырылып қалмайын деп, жанталасып жүргенде, он жеті жасынан қосылған қосағы Назыкештің денсаулығы сыр берді. Басында не жесе де жақпай, іші кеуіп, жүрегі айнығандай болып жүруші еді, кейінгі кезде ештемеге тәбеті жоқ болып, жүдеп кетті. Ауылдағы доқтырға көрінген екен, ол қаладағы облыстық ауруханаға тексеріліп келуге жолдама беріпті.
Тілдей қағазды Қадыржанға көрсетіп еді:
− Бұл не? – деді ол дүңк етіп.
− Қалаға жіберді. «Ертерек көрінгеніңіз өзіңізге жақсы» деп айтты, − деді Назыкеш.
Есіктің алдында тұрған екі мәшиненің біреуісін жүргізіп, малды балаларына тапсырып, қалаға келді.
Тексерілді.
Дәрігер Қадыржанды шақырып алып:
– Аға, апайды дер кезінде алып келіпсіз. Қазір заман өзгеріп, қиналып отырмыз. Баяғы көл‑көсір дәрі‑дәрмек жоқ қазір. Сондықтан өз ақшаларыңызға алып келесіз. Қымбат дәрі жазып беремін. Сол тоқтатады ана ауруды, соны кешіктірмей, алып келіңіз, – деді.
Дәрігер ұсына берген қағазға көз салып:
– Қанша тұрады? – деп қалды.
– Қырық мыңдай тұрады. Мына аптекаға барасыз. Хабарластым. Бар екен. Тез алып келіңіз. Бүгін емді бастаймын, – деді.
Қадыржанның көзі қарауытып, екі самайынан біреу қысып жібергендей болды. «Қырық мың! Бір тананың бағасы…» Апыл‑тапыл басып, кабинеттен шықты. Дәлізде біраз тұрып, өңі құп‑қу болып отырған Назыкештің қасына келді.
− Жазған дәрісі өте қымбат екен, не істейміз? – деді.
− Қанша? – деп қалды Назыкеш.
− Қырық мың…
− Қалтаңда ондай ақша жоқ па? – деді Назыкеш шаршаулы кейіппен.
− Жоқ, бар ғой… Қымбаттығын айтам да… Қырық мың… – деді күйініп, – сұмдық қой! Доқтыр звандапты дәрі алатын жерге… Бар деп айтыпты! Сондай қымбат дәрі бола ма екен? Бізді алдап соғайын деп тұрған жоқ па осы? – деді Назыкешке қарап.
– Енді неғыл дейсің? – деді сіркесі су көтермей тұрған Назыкеш тыжырынып, басын артындағы қабырғаға сүйеп, көзін жұмып.
– Сенің жағдайың онша жаман емес екен. Жаңа басталыпты… Мүмкін, емді ауылдан аларсың? Арзанға түсер еді, әрі барып‑келгенімізге де жақын жер, − деді күмілжіп.
– Мейлі, сөйтсек сөйтейік, қатты шаршап кеттім, – деп, Назыкеш ілбіп, көлікке қарата жүрді…
Назыкеш бір ауқатты адамның көзінің қарашығындай қылып мәпелеп өсірген жалғыз қызы еді… Шешесі байғұс осы қызын қосқанда, он төрт құрсақ көтеріпті. Он үш ағасы «сары сүзек» деген дерттен айналасы екі‑үш айдың ішінде опат болыпты. Қайғыдан қан жұтқан әке‑шешесі сол кезде тұлымшағы желбіреген осы Назыкеш үшін тірі қалыпты. Әйтпесе, құсадан, қайғыдан нәр татпай, өмірден баз кешіп, жатып қалған кездерінде, қыздарының «әке», «апа» деген сөздерінен бастарын көтеріпті дегенді ауылдастары айтып отыратын.
Сол үйдің бүкіл жиған‑тергені, мүлік‑мүкәмалы екі кәрі дүниеден өткенде, күйеу балаға қалып еді…
Сол байлықтан, сол есепсіз қалған малдан Назыкештің еміне бір қырық мыңды қимай, күн батып бара жатқанда Қадыржан ауру әйелін тас жолда селкілдетіп, ауылға әкетіп бара жатты…
Ол ауылдың ауруханасына бір жатып, бір шығып жүргенде, арқырап, қарлы боранын арқалап, қаһарлы қыс келді. Сонымен малдан, үй тірлігінен шыға алмай жүрген Назыкеш іш құрылысының кінәратынан қансырап жүріп, көп ұзамай қайтыс болды.
***
Назыкештің бетін жапқан топырақ кеппей жатып, заман өзгеріп, дүние астаң‑кестең болып кетті. Қылышынан қан тамып, дүниені дірілдетіп тұрған совет одағы «құлап», ынтымағы ыдырады. «Кіші бауырларымыз» деп, Ресейдің қолтығына кірген он төрт республика «үлкен ағалары» өз отауын тігіп, бөлініп кеткенде, біразы сең соққан балықтай, не істерлерін білмей, есеңгіреп қалды. Тіпті, одақты қайта тірілтейік деп, ары‑бері жүгіргендері де болды… Пысықтары өз тәуелсіздігін жариялап, өз «қостарын» тігіп жатты.
Қадыржан да састы. Мына мамыражай өмірге де төселіп, үйреніп қалып еді… Парторгты көріп қалып, төс қалтасындағы түйрегішін ағытып, қып‑қызыл партбилетін алып, көрсетіп:
– Мынаны не істейміз? – деді.
– Үй‑ии, өзің нағыз коммунист екенсің ғой… Төсқалтаңа салып, сақтап жүрген… – деді ырқылдай күліп. – Тастай сал, енді оның боққа да керегі жоқ! – дегенде, ел жаққа қарап, шекарада шоқиып отырып, арманда кеткен әкесі елестеп, Қадыржанның жүрегі қысылып кеткендей болды… өкініш өзегін өртеп, іші удай ашып, көзіне жас келді. «Балалық парызымды ақтамадым, күнәм зор! Ақыретте жолыққанда әкеме не бетімді айтамын!» деген ойлар жанын жегідей жеп, мына жерден тез кетуге асықты.
Артынан қарап қалған бұрынғы парторг: «Мына қытайлықты қара‑ей, совет өкіметі құлағанға әкесі өлгендей, қайғырып жүр… Дегенмен де қу қытай тәртіпке үйретіп жіберген екен, ә, бұларды… Әй, пәле ғой бұлар?!», – деді басын шайқап, көнтек ернін көпірдей иіп…

 * * *

Қадыржанның өз малындай қылып көзінің қарашығындай сақтап, тістіге тидірмей, тұмсықтыға шоқыттырмай, ит‑құсқа иіскеттірмей бағып жүрген колхоздың қойы жекеменшікке бөлініп берілді. Өзіне де біразы бұйырды.
Енді баяғы замандағыдай колхоздың бүкіл мүлкі бөлініп, жекеменшік болып қалды. Қадыржан билік басындағылардың жіліктің майлы басын өздері иемденіп, бүкіл байлықты бауырларына басып алғанын көрді. Бұл да қалмай, біреуге асатып, біреуге өңгертіп жүріп, мал жайылымын, үлкен базды жекешелендіріп алды.
Назыкештің кеткеніне жылға жетпесе де, мал арықтап кетеді деген желеумен жылын өткізді. «Ерте беріп жатырсыз, шешеміздің жылын күтпедік пе?» деп, күңкілдеген қыздарын «қашанғы қу тіземді құшақтап отырамын! Ыстық тамақ ішіп, ошағымда от жанып тұруы тиіс!» деп, арс етіп, басып тастады. Әкелерінің шешесі барда бұларды адам қатарына санамайтынын білетін қыздары көздерінің жасын көлдетіп: «Арманда кеткен апам‑ай!» деп бірін‑бірі құшақтап, бір‑бір аңырап алды, қойды…
Бет қаратпайтын қатал әкеге қарсы тұру мүмкін емес екенін білетін қыздар қайтеді, қолдарынан не келеді? Көнді, қара көздерінен жастары ағып жүріп, өлгеніне алты ай болған шешелерінің жылын өткізісті…
Қойшылардың тойында көкпар тартып жүргенде қазақша көлдей көйлегі көлбеңдеп, бұларға шай, қымыз тасып, жылмаңдап жүрген бір қара келіншек көзіне түсіп еді. Сұрастыра келсе, байы жоқ, басы бос, байдан шыққан, өз тіршілігіне пысық әйел екен.
Партияға өтетін кездегідей шырттай киініп алып, кескен теректей бойына костюмі бек жарасып, Назыкештің жылын өткізе сала, келіншекті іздеп барды. Ол да байсырап отыр екен, көне қалды.
Сонымен екеуі үйленді.
Бірақ бұл алғаны Назыкештей көнбіс болмай шықты. Ет жеп отырмаса, дастарханда сары май тұрмаса, ауылға барады да (мәліге түседі де), әлемнің ақшасын ысырап қылып, сатып алып келе салады.
«Ей, айналайын, тартып жесең – тай қалады, қойып жесең – қой қалады» деген! Орыстар құсап, қолға түскенді күйсей берсек, не қалады?
Мынауың не, өстіп жей берсек, не тамтығымыз қалады? Еткен шаймен тандырдың нанын жесе де, ешкім аштан өліп қалмайды ғой… Назыкеш он шақты баланы өстіп‑ақ өсірді ғой?» – деп айтып көріп еді… «Қойшы, айналайын, құры шаймен кендірің кесіліп кетпей ме? «Бұдан жаман күнде де тойға барғам» деген екен бір кемпір. Жалғыз жүргенімде де, май жеп отырғанмын! Енді не жорық!» – деп, бетін қайтарып тастады. Бір сөз айтсаң, екі сөз қайтарып, бет қаратпайды…
Сиырын сауып, майын шайқап, айтқанына көніп жүре беретін Назыкеш пен мына әйелдің арасы жер мен көктей екенін Қадыржан он шақты күннің ішінде‑ақ біліп қалды. Дәріге қимаған талай қырық мыңды тиын‑тебен құсатып, желге ұшырып, жұмсай салды.
Қойдың соңында жүрген Қайыржан қырық мыңды қимай, Назыкешті өзі өлімге итермелегендей күй кешіп, іші өртеніп, талай рет көз жасын сығымдаған…
Бір күні әйелі «Мәліге түсіп келейін!» деп кеткен. Бір күн күтті – жоқ, екі күн күтті – жоқ, үшінші күні үлкен ұлы келіпті.
– Анау тәте үйдегі кілемдерді жинап жатыр, – дейді. Малды ұлына тастай салып, құстай ұшып ауылға келді. Оралған кілемдерден аттай‑маттай төргі үйдің кілемін түсіріп жатқан әйелге екі аттап жетіп барды.
– Не істеп жатырсың? – деді.
– Төрт қабырғаға төрт кілем ілген сәт көрінеді. Бір бөлмеге бір‑бір кілем жетеді. Мыналардың бәрін жинап не істейміз? Мен алатын адам тауып келдім, сатамыз, – деп қарап тұр…
Бұл әңгіменің ақыры үлкен ұрыс‑керіске айналып, екеуі ажырасып тынды. Содан кейін ауылда «Қадыржан тиын‑тебенге қатты, әрі қатынбасша екен… Бала‑шағасын қара нан мен шайға байлап, дым татырмайтын сұмдық адам екен» деген сөз желдей есті.
Кейінгі кезде Назыкеш түсіне жиі кіретін болды.
…Үйде… тірі екен дейді… Жайлап басып төргі үйге кіреді. Ренжіп бұған бұрылып қараған сияқты болады. «Неге маған тіл қатпайды, неменеге ренжіп жүр, сұрайыншы!» – деп артынан кірсе, жоқ болып кетеді…
Осы түс бірнеше рет кіріп, мазасын алып қоймаған соң, малды баласына тастап, мәліге түсті.
Ауыл іші гу‑гу әңгіме… «Ақша ауысатын болыпты. Енді «сом» деп айтылмайды, «теңге» деп аталады. Бір адам жүз мың сомды ауыстыруға хақысы бар екен…» деген сөздер желдей есіп жүр екен. Осы сөздерді ести салып, үйіне жетуге асықты…
«Жетпегені осы еді! Пәле болды ғой. Ақша ауыстыру дегеннің де машахаты көп болатын шығар… Осы орыстың сомына үйреніп қалып едік, етек‑жеңі кең, берекелі… Теңгеге ауыстырамыз деп, тентіреп кетпесек, болды ғой…» деп, жүрегі аузына тығылған Қадыржан үйдегі балаларын сыртқа шығарып жіберіп, төргі үйге өтті. Алған қатынынан қаймығып, ақшаның жатқан жерін көріп қоймасын деп, бұл бөлмеге кірмегеніне көп болып еді…
Кілемді көтеріп, еденнің кілет сияқты жігіне бәкісін сұғып, қақпағын сарт еткізіп ашып, астындағы жәшікті көтеріп алды. Жақында ғана лақтырған партбилеттің астында жатқан ұры қалтадағы кілтті шығарып, сырт еткізіп бұрады. Тот басқан қақпағын әрең ашты.
Көктің иісі қолқасын мүңк етіп қапты. Еріксіз жөтеліп қалып, қолын қатталып жатқан ақшаға салып жіберіп, көтеріп еді… саусақтары сытырлаған, сусылдаған ақшаға емес, мүкке кіріп кеткендей болды. Көгеріп, бір‑біріне жабысып қалған ақшаның астыңғы жағы үгітіле түсіп, сынып кетті де, үсті түгел көтерілді.
Қадыржанның басына келген бір ой – «Құдай атқан екен ғой мені…» болды. Жүрегі қысылып, денесі бір ысып, бір суып, өн бойын бұрқ етіп, суық тер басып, ышқынып қалып, сілейіп отырып қалды. Тіпті, құсқысы келіп, ішек‑қарны кеңірдегіне келіп, тығылғандай болды. Басы айналып, үлкен дәретке де барғысы келгенін анық сезді…
Қасына Назыкеш келгендей болды. Басын көтеріп қарайын десе, денесі өзіне‑өзі бағынбайды… Меңірейген, тұманның арасынан айналасындағы заттар көмескіленіп көрінетін, мүлгіген бір жат дүниеге, бұрын ешқашан кездеспеген тыныштыққа кіріп кеткен сияқты…
Қанша жатқаны белгісіз, ешкім шықпаған соң, есікті бұзып кірген балалары ес‑түссіз, қорылдап жатқан әкелерін көріп, «Жедел жәрдем» шақырды.

Жанар Әбдішова

Пікір қалдыру