Әлихан ЖАҚСЫЛЫҚ. Киік қайда, о, тоба, кие қайда?

Әлихан ЖАҚСЫЛЫҚ

Арпалыс

Жай тапты жаным түтінін жұтып соғыстың,
Еуропа деймін даласы соңғы қоныстың.
Қаптаған анау тізілген зеңбіректерден
Соғыста жалғыз ақ көгершін боп сен ұштың!

Оқ деп ойладым, от деп ойладым лаулаған,
Қыраттан бастап қырманға дейін жаулаған.
Зұлым аяғы гүлді бақтарды таптады,
Сен жалғыз гүлсің қылт еткен соғыс ауладан.

Зеңбірек, мылтық…
Кезеңген бәрі өлімді.
Көр болады деп кім ойлаған-ды көп інді.
Құс болып ұштың, түн болып құштың, гүл болдың,
Ажалға қоспай жүріпсің бөгеп жолымды.

Апыр-ай мынау не деген түтін – көк тұман!
Өлім мен Өмір көрсетіп тұр ма көп шыдам?!
Бораған оқтан, лаулаған оттан жүректі
Тірі қалдырар махаббат деген отты ұран!

О, бәлкім, сенсің отты ұран!

Армысың, Асхат!

Жаныңды жабырқатқанда
Жаманат тағдыр.
Жаныңа жара салғанда
Жаныңда бола алмадым
Арам қат, тағдыр!

Қабағы қатқан, қабарып жатқан
Қатігез қайғы.
Қабырғаңды қайыстырғанда
Қара өзегіңді майыстырғанда
Қара аспанға досың
Нағылет жайды!

Буындырсам ғой тарғыл мұңыңды!
Суырып алсам!
Өзекті өртеген өкініш оттан,
Суынып алсаң!
Суынып алсаң деп едім!

Екі езуі жоқ, елеусіз өмір
Күлмейді бізге!
Қабірде жатқан нәп-нәзік гүлің,
Гүлдейді күнде!
Гүлдейді қыста!
Гүлдейді жазда!
Гүлдейді күзде!
Сол күні мені, сол түні мені
Қозғаған жалын…
Ел көмген үміт,
Сен көмген үміт –
Боздаған жаным…

Арқаңды беріп тұрдың
тағдырдың,
Өтіне желдің.
Бозторғайыңды қорғаймын деп
Бұйрықтың
Бетіне келдің.

Сен ішкен уды кім бөліседі?
Жарыңнан басқа!
Қайғырма енді!
Майрылма енді!
Толтыра көрме жаныңды жасқа.

Қайырылма өткенге,
қайырылма көктемге,
Қарғап іс құрсын!
Гүліңді сыйла анаңа,
Апасына барып,
Алданыш болсын!

Жұмақта олар, мен сезем іштей,
Екеуі бірге!
Өрекпімеңдер
Медет тілеңдер
Екеуің бірге!

Сенің қайғыңды
буындырамын
Буындырамын!
Содан соң сені
Сенің жасыңмен емес!
Өзімнің жасыммен
Жуындырамын!

Кегіңді ал өмірден!
Жағасынан алып,
Айрылма досым!
Жаныңда бармын
Қайғырма досым!
Налыма енді! Арыма енді!
Ауырма мұнша!
Осының бәрін жас қылып төгіп,
Ұмытамысың?!
Мен сені
Бауырыма қысам!

Үлкен мама

Мама!
Жердегі желкенді үрлеген желдің
дауысын естимісің?
Теңіздегі емес!
Сен бізді іздеп жүрсің, сені біз емес!
Қадіріңді білдім бе деп өзеуремедім,
Артқа көктем қайтпайды,
кері күз келмес…

Мама!
Жердегі сатқындардың
мысқылын естимісің?!
Құдайға табынған!
Құбылаға қарап таңдарын
құлай атырған.
Бірақ бәрі өтірік! Сенбе ешкімге!
Мен бақытты екенмін
Ұмайға табынған!

Мама!
Жердегі аруақтардың дауысын естимісің?!
Озат ойлары!
Сатқындар дейді оларды:
«Тозақи бәрі».
Тәңірге алғыс!
Өлімді пәк еткен неткен!
Саудагер – өмір, ал Өлім –
азат иманым.

Мама!
Жердегі домбыраның
дауысын естимісің?!
Үні сатылған!
Әні сатылған, болмысы,
мұңы сатылған!
Шертейін десем, шындығы қайда,
мағына қайда?
Ақиқат айтар күйі мен
жыры сатылған!
Мама!
Жердегі жылағандардың
дауысын естимісің?
Мен жылаған жоқпын!
Сөзіне де қалдым ғой
сынаған көптің.
Себебі өлім азаттық!
Қуаныш неткен!
Сен үшін қуандым, қайғыдан құлаған жоқпын!

Мама!
Жердегі жақсылықтардың
дауысын естимісің?!
Тізілген шері!
Естісең бәрін сұрар ем,
біреуден сені!
Содан бері домбыра алғым
келмеді,
Ақиқат айтпайтын,
алмастай үзілген шегі…

Мама!
Жердегі жамандықтарды
естімесең болды!
Оларда сан жоқ!
Тұрады бәрі шалынса,
табаласам деп.
Өмір сұрағы қарсы келсе де қаймыққан жоқпын,
Өткізіп жібердім өтірік,
бір аласарған боп.

Мама!
Жердегі «адамдардың»
күнәсін кешірдім!
Ел, тұныққан көш…
Маған жала жапқандарды
мен ұмытқам кеш…
Жалыным өшті өйткені
ауылда қалды,
Отынмен емес, жүрегіңмен сен жылатқан пеш.

Мама!
Жердегі аруақтар Тәңірге қайтса!
Сәлем айт дедім!
Айтып барды ма?

Кие

Қазақ даласындағы
киелі мекендерге арналады.

І

Сыңғыр үнін қосқандай сырғаларға,
Салаларға су толып жылғаларға.
Ырғыз, Ойыл, Қобда мен
Сағыз аққан,
Жемге дәтің жетер ме бір қарауға?!
Сарқыраған дауысы ағындардың.
Сәні болған көк майса адырлардың.
Боталаған әр жерде адай малы,
Дүбірлеген үйірі табындардың.

Күн бағыттап барғанда ұяны кең.
Ай туады ақ сәуле қиялымен.
Өзенге кеп бөкендер бас қояды,
Қара түнде от шашып тұяғымен.

Буырқанып, іш тартып алау демін,
Мінәжат қып басына әр әулиенің.
Мейірлене жұтады құралайлар,
Кең даланың жұп-жұмсақ
самал лебін.

Тасып аққан, сыймаған арнасына.
Тулап соғып толқыны жар басына.
Сол өзендер бүгінде кетті қайда?
Адамзаттан безді ме сан ғасырға?

ІІ

Бейбіт өмір, тыныштық даладағы.
У мен шудан бейхабар қаладағы.
Жаратылыс қол қойған табиғаттың,
Кім бұзады заңдарын арадағы?

Өзге байдан атақты салты дара.
Өз халқының ырысын қалқып ала.
Маңайында жағымпаз
кедей-кепшік,
Ырысбайдың байлығы жарты қала.

Ашкөз, мешкей ол байдың
бар келісі.
Сарайында қаланың сал-серісі.
Жетегінде жолақты қос жолбарыс,
Аяғының астында аң-терісі.

Бұғы басы ілулі қақ төрінде,
Күміс бәлкім, ұқсамас тақ темірге.
Қарғы бауы итінің саф алтыннан,
Әдіптелген тартпасы ат белінде.

Күзетке де толтырған сарайларын,
Ырысбай да сабаған талай бәрін.
Екі қабат қатыны айқай салып,
Табанымен таптайды малайларын.

«Құдайы» боп отырған он базардың,
Құдайым өзің тура жолға салғың.
Сүйретіліп кетеді қызметшісі:
«Сүйегіңе өлген соң көр қазармын!»

Шырқайтыны тек мансап асқақ әні.
Ашуланса түтігіп бас жарады.
Сөресінде қаптаған суық қару,
Дәл өзіндей байшы-кеш дос-жараны.

Дала кезіп кететін жыны қақса,
Досы келді бір күні сыры басқа.
«Қару ұста, Ырысбай атыңа мін,
Ақбөкеннің мүйізі қызыл ақша».

Құлағында ойнады ызың өзі,
Еске түсіп аңшы кез, «қызыр» кезі.
Қызыл ақша дегенді ести салып,
Одан бетер қызарды қызыл көзі.

Бір досына хабарлап «қазір» – деді,
«Жол жүремін іздеме әзір мені.
Сақшыларың алдыма бөгет болса,
Қосып атып салам» – деп әзілдеді.

Қатынымен қоштасты сүйіп алып,
Аңшыларды маңына жиып алып.
Төрт дөңгелек мінді кеп көлігіне,
Қос дөңгелек көлігін тиеп алып.

ІІІ

Бұл өлкенің атады таңы арайлап,
Көкжиекте жатады сағымы ойнап.
Жем-Сағыздың әкелген ағыны айдап,
Су бетінде шоршиды балығы ойнап.

Сайын дала жайылған бейбіт бөкен,
Тыныштықты тұрады күй ғып мекен.
Құла түзде сақталған заңдылықты,
Бұзды келіп қарулы билік бөтен.

Гүрс еткенде тағының бәрі қашып,
Ақсағы да тұяғын әрі басып.
Жараланып бірнеше киік жатты,
Бара жатты сан үйір адыр асып.

Бөкен көзі мөлдірей жас парлатты.
Ал Ырысбай көрсетті бас бармақты.
Қос дөңгелек түсе сап көлігінен,
Қуаныштан мылтығын аспанға атты.

Енесі өліп, еңіреп құралай қап,
Аудан асты қалғаны тырағайлап.
Мөлдіреген көздері көкке қарап,
Жан тапсырды мүйізсіз құлап айбат.

Жаздай атты құнығып күздей қырды.
Түнді таңға жалғаумен үзбей бірді.
Атып-атып қызығы таусылған соң,
Ақ текесін бөкеннің көздей жүрді.

Жер жайқалмай жаңбырсыз дала қалды,
Мылтық даусы оятты бабаларды.
Тасаттықта деп тұрды қара шалдар:
«Ырысбайды жазалар дала заңы».

ІV

Қанша мезгіл тұрады бұлай бақыт?
Зымырады, зулады жылай уақыт.
Күз айында қаладан хабар келді,
Шетінепті баласы тумай жатып.

Бір хабармен бақытын құлатқандай,
Көкейінде тұрды екен сұрақ қандай?
Қолды сілтеп қаладан бір-ақ шықты,
Жанында боп қатынын жұбатқандай.

Ырысбайың бәрінен жиіркенді кеп,
Кететіндей қазір-ақ, ертең жүдеп.
Апта өтпей суық бір хабар жетті,
Он базардың жетеуі өртенді деп.

Ішін өртей құлады өті күйіп…
Бір мезетте тұруға бекіді иық.
Көз алдында қиналған құралайлар,
Көз алдында жайраған жеті киік.

Құралайы әлбетте – өз баласы,
Атты мұны киенің жез даласы.
Жеті киік жайраған – өз өмірі,
Өрттен бетер лаулады көз қарасы.

Бақты қалай қайтадан қондырады?
Басы ауырып өз-өзін болдырады.
Ай өтпестен жын қағып Ырысбайды,
Төрде тұрған сындырды домбыраны.

V
Досы бір күн ақылды айтады кеп:
«Атам – әулие, бірдеңе байқады» – деп:
«Ақ текесін бөкеннің атып алсаң,
Бәрі орнына бұрынғы қайтады» – деп.

Бақ қайтады дегесін көңіліне,
Жақты дағы секірді көлігіне.
Мылтығын да қоса алды қос ауызды,
Риза болып жан жолдас серігіне.

Жар астында тойымсыз жауыз жатты,
Тәңіріне жел барып арыздатты.
Мекенінің үйірін күтіп алып,
Баяу толқып, еркелей Сағыз жатты.

Сорлылардың алдына тас жайған ба?
Отыз киік келсе де баспай алға.
Тарс еткізді Ырысбай көздеп жатып,
Ақ текені өзенге бас қойғанда.
Үйір қашты, жаңғырды тастар құлап.
Бөкен кетті тұяғын басқан жырақ.
Төңкеріліп дүние бара жатты,
Жер қайғырып, бұлт жүзе, аспан жылап.

Есі ауысқан Ырысбай жылап, күлед(і).
Әрең тұрды орнынан құлап, тіреп.
Ел аузында гуілдеп әңгіме ұшты:
«Ырысбайды киік пен кие атты» – деп.

Бұлттар аунап бура төс содан бері,
Өр мекеннің ашылмас тұман көгі.
Киік те жоқ, кие де көрінбейді,
Шалдар тұрып: «замана шығар» – деді.

Содан бері құрақ та көгермейді.
Көкке қарап қалың ел елеңдейді.
Су ішетін үйірі келмеген соң,
Өзенге де жарытып су келмейді.

Соңы

Ашкөздікке табиғат көнді білем,
Аспанына кесапат төнді күрең.
Жылғалардан қар суы жылап ақты,
Құралайдың көзіндей мөлдіреген.

Сыңғыр үнін қосқандай сырғаларға.
Салаларға су толып, жылғаларға.
Ырғыз, Ойыл, Қобда мен
Сағыз қайда?
Жемге дәтің жетер ме бір қарауға?!

Боталаған аруана түйе қайда?
Құлындарын еріткен бие қайда?
Ырысбайлар өлмейді, әлі туар,
Киік қайда, о, тоба кие қайда?

Пікір қалдыру