Әдебиеттанудың басты міндеті – әдеби үдеріске үлес қосып келе жатқан қаламгердің шығармашылығын зерделеп, соны сүрлеулер мен жаңа бағыттардың беташарын жасап отыру. Осы міндеттердің үдесінен шығу мақсатында жасаған шолуымызда қазіргі әдеби үдерістегі қаламгерлер кімдер, поэзияны зерттеу қай деңгейде, қаламгерлердің эстетикалық талғамы, тақырып ауаны, мазмұндық, пішіндік, көркемдік-идеялық ізденістері мен өзіндік қолтаңбасы қандай деген сұрақтарға жауап іздедік. Қазақ поэзиясының ғасырлар бойғы даму тарихында ХХІ ғасыр поэзиясы несімен ерекшеленеді, дәстүр сабақтастығы мен жаңашылдық деңгейі, уақыт пен кеңістіктің, саяси, тарихи-әлеуметтік өзгеруі поэзияға қалай ықпал етті деген мәселелер төңірегінде сараптаулар мен ой-тұжырымдар жасауға тырыстық.
Қазіргі қазақ поэзиясының бағыт-бағдарына назар салсақ, тақырып алуандығы, жанрлар трансформациясы, өлең құрылымындағы тәжірибелер көптеп кездеседі. Мәңгілік тақырыптар ел азаттығы, махаббат, өмір туралы толғамдарға қоса, жылдам дамыған ғаламдану дәуірі де сан-алуан тақырыптардың өлеңмен өрілуіне өз ықпалын тигізіп жатыр. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі поэзия әртарапты даму жолына түскенін бағамдаймыз.
Қазақ фольклоры мен бүгінгі әдебиетіне дейінгі әдебиеттің тарихында күн тәртібінен түспейтін тақырыптардың бірі − ұлт-азаттығы, ел бірлігі мәселесі. Геосаяси тұрғыдан қауіпті аймақта орналасқандықтан, жаугершілік заманда ел рухын көтеру үшін, бейбіт заманда өткен тарихтан сабақ алып ел бірлігінің қаймағы бұзылмауы үшін бұл тақырыпқа ақындар қауымы жиі қалам тербейді. Осындай ел іргесінің бүтіндігі, халықтың ауыз біршілігі хақындағы ежелгі жырлар мен қазіргі ақындық дәстүрде сарындардың сабақтастығының жалғасып жатқандығын көреміз. Бүгінгі поэзиядан түрік бірлігі сарындары, тарихымыздағы хандар мен билерден тағылым алу, батырлар бабаларымыздың ерлігіне тағзым ету арқылы бүгінгі оқырманды рухтандыру жиі кездесетін құбылыс. Мұны ежелден келе жатқан аруақ шақырып, ұран тастап басталатын жорық жырларындағы сарынның өшпей келе жатқан ізі деуге болады.
Жанр үнемі дамып, жаңару үстінде болады және ол әдебиеттің даму үдерісінде халықтың шығармашылық жадының жаңғырып, үздіксіз жалғасып отыруына дәнекер екендігі анық. Осы тұста әдебиеттің дамып, нақтылы шығармашылық тұлғаға телінуіне байланысты халықтың ауыз әдебиеті жанры үлгілерінің авторлық туынды ретінде ары қарай дамып, жалғасын табуын айтуға болады. Осындай жанрлардың бірі – ежелден халықтың әлеуметтік жүгін арқалаған, елдің ұлттық болмысының күзетшісі, ұлттық рухтың атойшысы болған толғау жанры еді. Халықтың мұңы мен зарын, ұлттық болмысын, арман-тілегін, әлеуметтік-саяси һәм идеологиялық қызметін арқалаған ежелгі жанр толғау әлі де осы жүкті көтеріп келеді. Қазақ әдебиетіндегі жыраулық кезең аяқталып, оны ақындық дәстүр жалғастырып келе жатқаны аян. Біздің алғаш рет ғалым М.Мағауин дәлелдеп, аражігін ажыратып берген жыраулық дәстүр мен ақындық жөніндегі пайымдарға таласымыз жоқ. Бүгінгі заманауи техниканың қарқынды дамуы тұсында, авторлардың ойды адресатқа жеткізудің оңтайлы жолы ретінде толғауларды қайта жандандыруға талаптануын сөз етеміз. Эстетикалық жағынан бүгінгі поэзия әлі де жыраулар поэзиясынан нәр алып, әлі де бабалар қалдырған жырлардың көркемдік қуатынан әсер-ықпалы едәуір екендігін байқаймыз.
Жанрдың қайта жаңғыруы мен түрлі өзгеріске түсуі туралы сөз қозғаған ғалым Е.Анисимова белгілі бір жанрдың өмір сүруінің өзі қоғамдағы қажеттіліктен туындайтынына баса назар аударады. Осы себептен де біз толғаудың қайта күш алуына қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің ушығуы елеулі әсерін тигізеді деген болжам айтқымыз келеді. Жоғарыда аталған еңбекте айқындалған толғаудың құрылымдық, стильдік тәсілдері мен лексика-семантикалық ерекшеліктерінің, жанрдың өзіне тән формулаларының дәл қазіргі тұстағы толғауларда көрініс беруі де осыған дәлел бола алады.
Осы орайда біз нысанға алып отырған шығармаларды жүйелегенде поэзияның азаматтық лирика тармағына жатқыза салуға да болар еді. Бірақ ежелден келе жатқан ел бірлігі, мемлекеттің іргесінің беріктігі тақырыбындағы шығармаларды авторларының «толғау» деп ерекшелеп көрсетуі және оны қабылдаушы тарапқа өтімді етудің амалдарын қарастыру заман талабы. Себебі сандық технология дамыған заман да әдебиетке өз шартын қойып отыр. Сондықтан қабылдаушыға жеткізу техникасы ежелден-ақ жолға қойылған жанрды бүгінгі күннің жетістіктерін пайдалана отырып жетілдіру автор үшін тиімді. Осыған қосымша біздің толғаулардың өзгеріске ұшырағанымен әлі де өмір сүруде деген болжалымызға себеп те жоқ емес. Бірінші себеп, бұл толғауларда мемлекеттік деңгейдегі қоғамдық-әлеуметтік, философиялық, насихаттық және азаматтық сарынның басымдығы. Екіншіден, толғауды шығарушы ақындардың қайраткерлігі, елімізге қатысты сынсағаттағы әрбір мәселеде халық пен мемлекет арасындағы алтынкөпір болуға тырысуы, халықтың назы мен наразылығын ел билеуші топқа жеткізуші, сонымен қатар өзі тарапынан сын айта білуі. Осыларға қосымша, бұл ақындардың әмбебеп өнер иесі екендігінің де маңызы зор. Себебі, ақындардың қайраткерлігі тек толғауларында ғана емес, өнердің өзі меңгерген салаларын қоса қамтуынан да көрініп отырады. Үшіншіден, жыраулар поэзиясындағы стильдік ерекшеліктерді пайдалануы.
Толғау жанрының қалыптасып, дамуы үдерісі М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Т.Сыдиқов, Б.Адамбаев Ә.Дербісәлин, Б.Ш.Әбілқасымов сынды ғалымдар тарапынан біршама қарастырылған-ды. Зерттеуші Ә.Дербісәлин оның түп-төркінін батырлар жырынан іздейді. Ол эпостың ұсақ жанрлардан құралатыны жөніндегі болжамды жоққа шығармаса да, батырлар жырының ұзақ монолог тәрізді толғаулардың тууына себепші болғандығы жөніндегі болжамдарын дәлелдеуге тырысады. Ғалым бұл сабақтастықты табиғи әрі көркемдік заңдылық ретінде: «Бұл толғаулардың арасындағы туыстық өз алдына. Бұның бірі жыраулық форманың ауыз әдебиетінен алғашқы бөліну тұсын білдірсе, екіншісі – бірнеше ғасыр бойы дами отырып, өзінің биік белесіне көтерілгенінің белгісі. Осы тәрізді көріністердің қайсысы да сөз болып отырған кезең поэзияның бір көркемдік арнада өмір сүргенінің, сонымен қатар іштей өзара тұтастық, жалғастық, жүйелілік пен дамығандығының дәлелі», – деп бағалайды. Бұл өнердің көркемдік құнарын келешек ұрпаққа жеткізе білген халық шығармашылығының өміршеңдігін білдіреді. Зерттеуші Б.Ш. Әбілқасымов толғауды авторлы ауыз әдебиетіне жатқызады. Толғауға жасаған арнайы зерттеулерінің нәтижесінде: «Толгау – это устное индивидуальное стихотворное произведение, слагаемое в семи-восьмисложном размере (с определенными отклонениями), имеюшее тирадное строение, назидательно-дидактическое и героико-патриотические мотивы, речитацию», – дейді. Автор толғаудың генезисіне тоқтала отырып, оның термелер және айтыстармен туыстығына мән береді де, бұл аталған жанрлардың барлығына ортақ типтік белгі ретінде олардың авторының болып және ауызша таралатынын айтады. Екі ғалымның зерттеулерінің тоғысатын тұсы, ортақ тұжырым ол – толғаудың фольклордан еншісін алған, тирада түрінде еркін ұйқасатын, 7-8 буынды, мақаммен айтылатын, жазба әдебиетке жатпайтын аралық жанр екендігі.
Сонымен қатар, толғауды монографиялық деңгейде егжей-тегжейлі зерттеген Б.Әбілқасымовтің «Жанр толгау в казахской устной поэзии» еңбегінде жазба әдебиеті тұсында «толғау» атымен берілген шығармаларды бұл санатқа жатқызуға болмайтынын жеткізеді. Автор толғауларға жазба әдебиетінің ықпалы зор болғандықтан толғау жанрының сипатынан ауытқып кеткендігін айтады. Сондай-ақ, толғаудың жанр ретіндегі формулалары – яғни құрылымдық, стильдік ерекшеліктерін барынша ыждағаттылықпен дәлелдейді. Ғалымның толғауды танытуға жасаған үлкен еңбегі сөзсіз әдебиеттану үшін құнды. Дегенмен жанрдың әлі күнге дамуы жалғасуын ескере отырып, толғаудың әлі де зерттеуді қажет ететін, қазіргі таңда назардан тыс қалып отырған тұстарын қарастыруды жөн көрдік.
Жоғарыдағы екі зерттеуден толғаудың ірілі-ұсақты жанрлардың тоғысуы мен өзгеріске ұшырауы үдерісі нәтижесінде пайда болғанын байқауға болады. Яғни жанрлар өмір сүруін тоқтатпайды, тек келесі бір жанр үлгісінде тыңдарманына жол тартады. Бұл үздіксіз жүретін құбылыс. Олай болса толғау жанры ауызша авторлық әдебиетпен бірге өлген жоқ. Фольклордан еншісін алған, бірақ әдебиет санатына қосыла қоймаған, авторлық ауыз әдебиеті жанрына жатқызылатын, іргелес жанрлар айтыс, терме сынды толғау да әлі күнге дамуын жалғастыруда. Тек кейбір қасиеті кеміп, кейбір қасиеті артып өмір сүруде. Бір қызығы жоғарыдағы мысалдарда өзгеріске түскен сайын жанрдың атауы ауысса, мұнда жанрдың атауы өзгерістерге қарамастан бірге жасасып келеді. Олай деуімізге себеп, ұлттың әлеуметтік жағдайының шешімін таппай, шиеленіскен тұсында, сондай-ақ мемлекеттің саяси-идеологиялық және рухани бағдарларының қоғамның көңілінен шықпауы салдарынан толғау жанры қайта түледі.
Б.Ш. Әбілқасымов толғаудың құрылымы тек 7-8 буынмен шектелмейтінін және оның көне түрлерінде буын саны өзгеріп отырғандығын айтады. Мұны толғаудың көне түріне тән формула ретінде қарастырады. «Чем же объясняется это явление? Во первых, постепенным наращиванием новых содержательных качеств в жанре; во вторых, специализацией устных поэтов одновременно в нескольких жанрах, что вело к взаимовлиянию различных жанровых форм (толғау, арнау, терме и других); В тертьих, могучим воздействием письменной культуры». Дегенмен ғалымның жасаған статистикалық зерттеулеріне сүйенсек, толғау 70-90 % 7-8 буынды болып келген. Біздіңше, ертедегі айтыс, терме сынды импровизациялық жолмен тыңдарманына жол тартатын толғаудың қалыпқа бағынбауы, ырғаққа негізделуі немесе әуеннің ырғағына сәйкес құбылуы заңдылық. Ал оның көбінесе 7-8 буынды қалыпта жеткізілуі, жоғарыда айтылғаннан себептен де маңыздырақ секілді.
Әлеуметтік мәні зор мәселелерді қозғайтын жауынгер жанрдың ақынды толқытқан күйге тыңдарманын ортақтастыру басты мақсат. А.Байтұрсынұлынша: «Толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін, мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды. Екінші ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді сыртқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіру мақсатпен толғайды. Толғау қысқасын айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай білуде». Яғни оның тиімді тәсілі анық, нық айтылатын, қысқа қайырылатын 7-8 буын болмақ. Өткір әлеуметтік-дидактикалық сарынына қоса, көркем ой 7-8 буынмен ықшам, ой екпінін жеткізуге ыңғайлы тирадалармен айтылуы, сонымен қатар әуенмен айтылып, аспаппен сүйемелденуі де адресатқа оңтайлы жеткізуге бағытталған. Бұл қасиеттердің әлі күнге дейін толғаудың бойынан табылуы аталмыш жанрдың Асанқайғы заманынан осы күнге дейін көркемдік һәм әлеуметтік миссиясын атқарып, дамуын жалғастырып келе жатқандығының белгісі. А.Байтұрсынұлы да ауызша әдебиетті жүйелегенде де, жазба әдебиетті жүйелегенде де «толғау» атауына тоқталуында жанр сабақтастығын меңзегені болар.
Біз өз кезегімізде бұл дәстүрдің қазіргі қазақ поэзиясында әлі де жалғасын тауып жатқандығын, толғау жанрының ғалым анықтаған әлеуметтік желілерінің және түр мен мазмұн ұқсастығын да бүгінгі поэзиядан кездестіре алатынымызды Исраил Сапарбай, Серік Құсанбаев, Аспанбек Шұғатаев, Оразалы Досбосынов шығармашылығы дәлелдей түседі.
Осы топтың ішінде көрнекті айтыскер ақын С.Құсанбаевтың Елбасына айтқан датын ежелгі жыраулық дәстүрдің барлық дерлік фунциясын қамтыған дей аламыз. Топ алдында сөз сайыстырып, халықтың мұң-наласын айтып, «сыздаған жарасының аузында» жүретін айтыскер ақынның толғау дәстүрін жалғастыруы заңды да. Мұндағы жырдың мазмұндық құрылымы өзінен бұрынғы ғасырларда айтылған жырлармен сәйкес келеді. Жыраудың алпыс екі тамырын қуалап, жүйке жүйесімен сезініп, тебіреніп, лықсытып төгетін толғаудың әлеуметтік қызметінің күні бүгінге дейін сақталуын халықтың қажеттілігі туындатып отыр деп батыл болжам жасауға болады.
Мұндағы ғасырлар бойғы сабақтастық, толғаудың өміршеңдігі оның арқалаған жүгінде. Толғау белгілі сюжетке құрылмағанымен, оның кейбір жетілген түрлерін мазмұндық жағынан бөліктерге бөліп қарастыруға болады. Мұндай толғаулар әдетте белгілі тұлғаға, заманаға, әлеуметке арнайы айтылады. Бұл құрылым осы күнге жеткен толғауларда жалғасын тауып келеді. Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқан толғауында:
Хан Абылай атандың,
Дүниеден шықпай мініңіз.
Алтын тақтың үстінде,
Үш жүздің басын құрадың.
Жетім менен жесірге,
Ешбір жаман қылмадың.
Әділетпен жүрдіңіз,
Әдепті іске кірдіңіз, – деп дидактикалық әрі тақырып етіп отырған мәселені қозғайтын бөлімінің алдында билеушіге айтылатын сыншылдық немесе мадақтама сипаттағы арнау бөлімінің келуі, С.Құсанбаевтың толғау үлгісінде қайталанып келеді. Мәселен, Елбасына айтылған датында ақын:
Уа, Нұраға, Арысым
«Баға жетпес барысым»…
Алатауда ер жеткен,
Тарлан мiнез тағысың.
Өзiң сүйген елiңнiң,
Маңдайдағы көзiнiң,
Қарасы менен ағысың.
Абылай мен Кененiң,
Қанындағы тектiлiк,
Сiзге-дағы дарысын, – деп ел тізгінін ұстаған азаматты алдымен дәріптеп, оның халық алдындағы қадір-қасиетін, бағасын арттырып алады. Саяси-әлеуметтік һәм идеологиялық үлкен жүк көтерген жанрдың өзіндік этикалық белгілері де бар. Әдетте, билеушіге арналған толғаудың кіріспесінде, яғни арнау бөлімінде осыдан кейін дәнекер ретінде халық атынан айтылатын арзу-тілек, айып, өкпе-наз немесе қатаң сынды қабылдатудың психологиялық алғышарты ретінде билеушіге мадақ, яки абыройы асса да халықтан биік бола алмайтыны ескертілетін арнау айтылады. С.Құсанбаев толғауында осы форма сақталған. Мұнда ескере кететін мәселе, арнау бөлімі мадақ сөздерінен тұрғанымен, оның кейбірінің тынақшаға алынуы. Бұл сөздің жағымсыз эмоциялық бояуын оқырманға жеткізудегі жазба әдебиеттің құралы болғандықтан, мұнда мадақ бөлімін оқырман екі ұдай күйде қабылдары хақ.
Сын бөлімінде халықтан шыққан өкіл ретінде жырау билеушіге елдің мұң-зарына құлақ асуын сұрап, дидактикалық әрі сыншылдық сарында жырды жалғастырады.
Мысалы, Асан қайғы:
Ай, хан, мен айтпасам білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің,
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
… Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің?!
Қорған салдың бейнет қып,
Қызметшің жатыр ішіп-жеп.
…Оны неге білмейсің?!
Қатын алдың қарадан,
Айрылдың хандық жорадан,
Ел ұстайтын ұл таппас,
Айрылар ата мұрадан!.. – десе,
Бұқар жырау:
Ашуланба, Абылай,
Көтерермін, көмермін,
Көтеріп қазыға салармын.
Өтіңменен жарылма,
Өкпеңменен қабынба,
Орыспенен соғысып,
Басыңа моншақ көтерген
Жұртыңа жаулық сағынба!..
Жыраулар елдің тұтастығы, береке-бірлігіне жауапты бірден-бір тұлға ретінде ханға жауапкершілік артады. Дидактикалық, пәлсафалық тұжырымдар айта отырып, осы жауапкершілікті есіне салады, сынайды. Ел басқарған тұлғаның жалғыз қателігі қол астындағы дүйім жұртқа ауыр зардап әкелетінін жырда психологиялық параллелизмдер арқылы өреді. Осы толғаулардағы сыншылдық бөлімі С.Құсанбаев шығармашылығында төмендегідей мазмұнда беріледі:
Байқаймысыз заманның,
Алай-дүлей ағысын?
Таптап жатыр тексiздер,
Бетi қалың бетсiздер,
Қазағыңның намысын.
Селт етер кезiң болды ғой,
Жаралғаның рас болса,
Байтақ елдiң бағы үшiн.
Тауыққа ұқсап барамыз,
Терiп жеген қытай мен
орыстың шашқан тарысын, – дей келе, мемлекеттің өз өндірісі дамымай, тек халық қазынасы – жерасты-жерүсті байлығымыздың сутегін сатылып жатқандығы да келешегіміздің бұлыңғыр тартуына басты себеп ретінде айтылады. Толғауда айтылатын өткір сын қазақ халқының ежелден «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген демократиялық ұстанымдарының жалғасын тауып жатқанын білдіреді. Өз заманының өзекті мәселелерінің шешімін таппағандықтан ақын Елбасына қатаң сын айтады.
Шүлдірлеген тілімді
Қаймақ етсем деп едім,
Дірілдеген дінімді
Аспанында Алаштың,
Байрақ етсем деп едім, – деп ақын өз арманын айтады. Осы жолдағы кедергілер, кеңес үкіметі тұсынан теперіш көрген, тәуелсіздік тұсында да өз тұғырына қона алмаған тіліміз бен иманымызды кәміл етеді деген дініміздің жат жерлік әсіре ағымдармен уланып, қауіпті індетке айналуы да ақын жанын толғантады. Жалпы, тіл де, дін де халықтың байлығы, оны сақтауға әрбір қазақ атсалысуы тиіс болғанымен, биліктің осы тұстағы үлесін ақын кем санайды.
Ә.Дербісәлин толғаудың жалпы жанр ретіндегі мазмұндық ерекшелігін тап басып: «Толғаудың ең шарықтау шегі – толғағы пісіп жетілген әлеуметтік мәселер жырланатын тұс. Жыраулар көбінесе елдік мәні үлкен, келелі мәселелердің тұсында халық пен ханға бірдей ақылшы, көпті көрген кемеңгер ойшыл ретінде көрінді, айтпақ ойларын толғау түрінде философиялық, дидактикалық түйіндер арқылы, өмір құбылыстарын, тарих пен кейінгі өмірді, жақсы мен жаманды, адамдық пен жауыздықты, өмір мен өлімді, т.б. салыстыру арқылы, психологиялық параллелизмдер негізінде, патетикалық рухта жеткізеді. Міне осы асқақ стильдің басы түркі тілдес халықтардың поэзиясында әріден басталады», – дейді. Яғни толғаудың басты қызметі – әлеуметтік мәселелер қордаланып қалғанда халықтың толғанысын ханға жеткізіп, екі арадағы қатынастың жігін жатқызып ханға да қараға да арашы болу. Жырау ушыққан мәселенің түбіне терең бойлап, оны шешудің жолдарын жырмен өрнектейді. Бұл – ежелгі дипломатияның озық үлгісі деуге де болады.
Мысалы, ХV ғасырда Асан қайғының Жәнібек ханға, ХVІІІ ғасырда Бұқар жыраудың хан Абылайға және С.Құсанбаевтың Елбасына арнап айтқан толғауларындағы ортақ ұқсастықты ұзақ уақытты қамтыған дәстүр жалғастығы және толғаудың жанр ретіндегі негізгі тінінің сақталуы деп қарастыруға болады.
Исраил Сапарбайдың «Қазақтың қара баласы», Оразалы Досбосыновтың «Толғау» атты толғауларында көнеден мұра болып қалған дидактикалық сарын да, шешендік нақыл да кездесіп отырады. 7-8 буынды тармақтар араласып келіп, түйдектеле толғанатын тирадалар сыртқы формалық жағынан да ежелгі толғауларға өте жақын келеді. Әсіресе, Исраил Сапарбайдың алғашқыда «Кертолғау» аталып, кейін келе «Қазақтың қара баласы» деп өзгертілген толғауының Доспамбет жыраудың толғауларымен ерекше үндестігін байқауға болады. Доспамбет жыраудың «Қоғалы көлдер, қом сулар» немесе «Айналайын Ақ Жайық» аталатын екі толғауының пішіндік құрылымын ақын «Кертолғауында» өте жақын қайталайды.
Жыраулық поэзияға тән өткірлік көркемдеуіш құралдар арқылы нысанаға дөп тиіп жатады. Осы ретте Аспанбек Шұғатаев қазақ даласын экологиялық апатқа ұрындырған жағдайлар жайлы толғана келе шенді-шекпендіні эпитет пен метафораның күрделі байланысына негізделген түрін қолдана отырып сын садағына алады:
Қызылорда деп жылаймын,
Тартылған теңіз сулары.
Удан жаман ураны,
Даламның бетін улады.
Адамның көнгіш қу жаны.
Байқоңырым болып тұр,
Ресейдің тулағы
Сол жайлы ойланды ма екен?
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Биліктің бөспе қулары.
Кебеже қарын, кең құрсақтың өзі ежелден келе жатқан тұрақты эпитетті тіркес болса, автор оларды тұстастай алып қулар сөзіне тіркестіріп айқындауыштық қызметте қолданған. Автордың толғауларында осыған ұқсас ежелден келе жатқан көне тіркестерді көптеп кездестіреміз.
Шашылған елдің тарыдай,
Шаңырағын қайтып құраймын?!
Кетігі кеткен дүниенің,
Тетігін қалай бұраймын?!
Мұнда шашылған тарыдай тіркесі сол қалпында алынса, баспа тарапынан жіберілген қателік пе екен, жоқ автордың жаңалығы ма екен, ежелгі толғауларда қолданылатын «кенеуі кеткен дүние» тіркесі «кетігі кеткен дүниеге» айналып сала берген. Егер автор тарапынан жазылған болса ежелгі тіркесті жаңартамын деп қисынсыз тіркеске ұрынған.
Жыраулық дәстүрдің сарқыты Оразалы Досбосыновтың «Толғауы» да бірнеше мазмұндық бөліктерден тұрады. Алдымен кіріспе арнау бөлімі, содан кейінгі бөлім қазақтың өр рухын оятуға, қазақтың талайлы тарихын, халық пен хандардың, батырлардың жанқияр ерлігін, қайғы-қасіретін еске салуға, қазіргі бағытталған, келесі бөлімде заманымыздағы кесір-кемшіліктерді атап өтіп, өзіндік ой-тұжырымдарымен түйіндейді. Осы соңғы бөлім толғаудың әлеуметтік мәні шығарманың негізгі тіні деген болжамымызға тағы да бір дәлел бола алады.
№ Арнау бөлімі: 2-мазмұндық бөлім: 3-мазмұндық бөлім:
Ал қауым Қолыма алған домбырам Адасып жүрген әкімнен
келдім алдыңа, Әрлі де берлі толғаған Ақсақал қарттың
Алақандаса Толғай да толғай сөз айтсам бірі артық,
өз елім, Толайым дүние толмаған Тегінге кеткен темірден
Көңілің болса Толмаса егер айтайын Көрпеге салған
балқұрақ, Ойымды қанат қомдаған жүн артық
Арқаланайын Сарыарқа байтақ жерімді Арзанға кеткен малыңнан
деп едім, Саңылақ бабам қорғаған Жұмыртқаның
Бұрылмай кетер Талай да талай дұшпанның құны артық
қарғылап Шашылып қаны сорлаған Қытайға кеткен қызыңнан
Өзектен Қытай да менің өз жерім Орысқа тиген күң артық
шыққан өлеңім, Аспанын қазақ торлаған …Шатасып жүрген
Ақ бұлттан Атасы басқа жел сөзім ғалымнан
бөрік киінген Астыма мінген ақтаңгер Шатақсыз жүрген
Хан таудай биік Түсінбейді-ау көп адам ұл артық
өр елім! Бұл сөзімді мақтан дер Айтыңдаршы ағайын
Сараптап бәрін кім артық
Толғаудың өн бойынан бірнеше көне жыр-толғаулармен сабақтастықты байқауға болады. Мысалы, Қазтуған жыраудың «Алаң да алаң, алаң жұрт», Бұхар жыраудың «Қара құлам жүйрік деп» немесе Махамбеттің «Мен едім» толғауларындағы дәстүрлі тирадалар, қайталаулар, бейнелі дидактикалық оралымдар, кілтті сөздер О.Досбосыновтың «Толғауында» да тоғысқан.
Қазтуған жырау:
Салп-салпыншық анау үш өзен,
Салуалы менің ордам қонған жер,
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер,
Жатып қалып бір тоқты
Жайылып мың қой болған жер…
О.Досбосынов:
Манғол да менің өз жерім
Қазағым малын баққан жер,
Астрахан да өз жерім
Абылай бабам шапқан жер…
Бұхар жырау:
…Қара құла арыса,
Майы қалың бесті артық,
Баласы жоқ қатыннан
Лақтаған ешкі артық.
Жалғыз туған жігіттен
Сырым тіккен тал артық,
Жарлы болған жігіттен
Бесіктегі бала артық.
О.Досбосынов:
Адасып жүрген әкімнен
Ақсақал қарттың бірі артық,
Тегінге кеткен темірден
Көрпеге салған жүн артық…
Толғауда ақын қазақ халықының бойындағы батырлықты, мәрттікті, жомарттықты насихаттай отырып, заманының өзекті моральдік-этикалық мәселелерін жырға қосады. Жыраулар поэзиясында жиі кездесетін дыбыстық анафора-аллитерациядан өзге эпифораны көркемдеуші құрал ретінде пайдалана отырып жырланатын толғау бір қарағанда қарапайым жайттар жөнінде айтылғандай әсер қалдырады. Бірақ жыр астарына үңілсеңіз «жер» деп тармақ соңын бітіретін эпифора қазақтың ғасырлар бойғы ерлік тарихын толғайды. Жер үшін, ел үшін, Отан үшін күрес қазақ халқының тарихында ешқашан толастамағанын айшықты жеткізеді. Жыраулар поэзиясында жиі ұшырасатын «артық» эпифорасы арқылы ақын қазіргі қоғамның жемқорлық, ысырапшылдық, опасыздық жайлаған бейнесін ашып көрсетеді.
Асан қайғы (ІV ғасыр):
Бұл заманда не ғаріп?
Ақ қалалы боз ғаріп,
Жақсыларға айтпаған
Асыл шырын сөз ғаріп.
…Ата жұрты бұхара
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп.
Торайғыр Едігеұлы (ХVІІІ-ХІХ ғасырлар)
Бұл заманда не ғаріп?
Қадірін біліп ұқпаса,
Дүррі гауһар сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қария болар тез ғаріп.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз, үйрегі болмаса,
Айдын шалқар көл ғаріп.
Әділ биі болмаса,
Бірлігі кетіп ел ғаріп.
Қадірін елі білмесе,
Қайратты туған ер ғаріп.
Аспанбек Шұғатаев (ХХІ ғасыр):
Бұл заманда не ғаріп
Төресі семіз, елі арық.
Шектен шыққан шенеунік,
Шекпен киіп шен алып,
Швейцарияда демалып.
Атасының малындай,
Қазынадан жеп алып.
Креслоны басып жамбасқа,
Ұйықтап отыр тері ағып.
Қара жерді кескілеп,
Қара қытай жер алып.
Сүйегін қазып атамның,
Кеміріп жатыр кен алып.
Астанам жайнап тұрғанмен,
Ауылымызды сел алып.
Осы үш кезеңнің шығармашыл тұлғаларының қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді берудегі сезінудегі, тыңдарманға жеткізудегі формалық ұқсастықтар жоғарыдағы келтірген мысалдарымызды қуаттай түседі. Ішкі тебіренісін «Бұл заманда не ғаріп?» деп риторикалық сұрақпен бастап, оған жауап бере отырып жырлауы ақын-жыраулардың үшеуіне де ортақ ұқсастық. Зерттеуші Б.Ш. Әбілқасымов мұндай ұқсастықтарды қазақтың арғы-бергі ақын-жырауларының және түркі халықтарының – құмық, ноғайдың «ойлу йырлары», қырғыздың «санат насыят ырлары», башқұрттың қобайыр, т.б. сияқты толғау жанрына жақын жырларды салыстыра отырып, ортақ фразеологиялық тіркестердің, жекелеген типтік сөздер мен тіркестердің, сондай-ақ тармақ, шумақтардың кездесетіндігін нақты мысалдармен көрсетеді. Мұндағы толғаулардағы қайталану үдерісін стильдік тәсіл, жанрдың табиғатын ашатын формула ретінде қарастырады. Ғалымның зерттеулерінің нәтижесін тірек етіп алар болсақ, бұл үдерістің әлі күнге жүріп жатқандығын байқаймыз. Асан қайғы мен Торайғыр Едігеұлына телінген «Бұл заманда не ғаріп?» толғауының құрылымынан өте жақын ұқсастықтарды, тіпті «Ел жағалай қонбаса, Бетегелі бел ғаріп. Қаз, үйрегі болмаса, Айдын шалқар көл ғаріп» сынды тұтастай тармақтардың қайталанып берілуін байқауға болады. Заманының көкейтесті мәселелерін жырлауда алғашқы екі толғаудағы философиялық ой-тұжырымның байсалдылығын, тереңдігін аңғарамыз. Ал Аспанбек Шұғатаев толғауы ұлттық құндылықтарымыз саналатын ана тіліміз, асыл дініміз, діліміздің жоғалып, құнының құлдырап бара жатқанын жырлап қана қоймай, оған себепші болып отырған шенді-шекпенді мен әлеуметті сынаған өткірлігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ мұнда ақын толғаудың жаман мен жақсыны қатар алып салыстыра жырлау дәстүрін ұтымды пайдаланған.
Мысалы:
Қалаға кеткен қазақтың,
Ар-намысы тоналып.
Ата дін, ана тіл өлді,
Атан түйенің қомы ауып.
Бір қазаққа-бір қазақ,
Жүгіріп жүр оқ алып.
Сырын бермейтін жігіттер,
Сырға тағуды мода ғып.
Гей клубта жүр біразы,
Орамалын оранып.
Қыздарым кетті шетелге,
Жат күйеу балаң төр алып.
Болашағымыз бұлыңғыр,
Көрешегіміз көр анық.
Бір күні Жердің бетінен,
Кетпесек болды жоғалып… – деп, айналасындағы өмір шындығын айна-қатесіз сипаттап, көңіл түкпіріндегі қаупін де таусыла жыр етіп ақтарады. Аспанбек ақынның толғауларының сұрауға негізделіп басталуынан өзге, ежелгі толғаулардың сілемімен әрбір шумақтың басында «Долы да, долы, долы күн!», «Құмай да, құмай, құмай күн!» немесе «Қарағанды деп жылаймын», «Өскенмен деп жылаймын», т.б. сынды дыбыстық қайталау, сөз қайталаулардың болуын байқаймыз. Осыған қоса ежелгі толғаулардағы секілді түйдектеліп айтылып, жырауларға тән стилистикалық формуланы қолдануы, белгілі ретпен қайталанатын ұйқастармен емес, тирада ретінде берілуі көне жанрдың қоламтасын үрлеп, қайта тірілту жолындағы ізденісі деп білеміз.
А.Шұғатаев толғауларының табиғатын зерделегенде, айтыс пен толғаудың туыстығы жөніндегі ғалымдар болжамының да бекер еместігіне көз жеткіземіз. Ақынның біршама толғаулары айтыста туған. Осы ерекшелікті О.Досбосыновқа қатысты да айтуға болады. А.Шұғатаевтың айтыстағы ерекшелігі – қысқа қайымдасып, көбінесе халықтың көкейіндегі қыжылды мәселелерге қоғамның көңілін аударту мақсатында ұзақ толғап кететін тұстарының молдығы болса, О.Досбосынов таразы басын тең ұстаған. Ақын А.Шұғатаев кейін оны бөлек толғау ретінде алып тыңдарманы мен көрерменіне ұсынып отырады. Ал екінші ақын Оразалы дүниеден ерте озғандықтан мұндай үдерістерді оның шығармашылығынан көптеп кездестіре алмаймыз.
Алғашқы ақынның «Долы да, долы, долы күн!» атты толғауы ақынның 2016 жылғы Болатбек Оразбаевпен айтысында айтылған. Кейінірек ютуб арнасында бейне, музыкалық материалмен әрленіп әуенсіз оқылғанымен, толғау ақынның жырауларға тән өз мақамымен айтыста жырланып, тыңдарманға жол тартты. Мұнда ақынның жанын тебіренткен көкейтесті жырды жеткізудің түрлі амалдарын қарастырудағы ізденісін қоса айта кеткен жөн.
О.Досбосыновтың «Толғау» толғауы эстрадамен сүйемелденіп, полифониялық рухты әуенмен берілуі шығарманың әсер-қуатын еселей түскендей. Толғауға композитор Бейбіт Оралұлы толғау табиғатына сай жауынгерлік рухтағы әуен жазып, оны әнші Алтынай Жорабаева эстрадалық сүйемелдеумен жарыққа шығарды. Әрі шығарманың мазмұнын ашатын лайықты бейнебаянның түсірілуі толғаудың адресатқа (тыңдарман, көрермен, оқырманға) жеткізілуіндегі тың, заманға лайық тәсілдер. Толғаудың сахналық қырының дамуы, виртуалды кеңістік арқылы немесе теледидар арқылы таралуы – тыңдарманды «іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебіне» ортақ етуге, тыңдарманмен байланысын арттыра түсуге, адресаттың көңіліне ой салуға заманауи технологияны тиімді пайдалануымен ерекшеленетін даму сатысы.
А.Шұғатаевтың ютуб каналында (https://www.youtube.com/watch?v= HaVCIVCgZAA 2019 ж.) өз дауысымен оқып берген «Долы да, долы, долы күн!» толғауына әуеннің және бейне суреттердің фон ретінде алынуы да толғаудың жанр ретінде дамуындағы жаңа тәсіл. Жаңа заманның жетістіктері арқылы ақын жанын тебіренткен қоғамның асқынған дерті мен әлеуметтің жағдайы толғаудың тың формасымен тыңдарманына һәм көрерменіне жол тартты.
Құмай да, құмай, құмай күн!
Құлдилап төмен құлаймын.
Күйбеңмен өткен күндерге,
Күлкімді беріп мұңайдым.
Жартыкеш тілім зарланған,
Обалын кімнен сұраймын.
Дінімнің діңі шайқалған,
Дәріс ап жүрміз шайтаннан,
Құдайға қайтіп ұнаймын?!
Шашылған елдің тарыдай,
Шаңырағын қайтіп құраймын?!
Кетігі кеткен дүниенің,
Тетігін қалай бұраймын?!
Адасып бара жатырмыз,
Аманында күн-айдың.
Ері намысын таптаған,
Елі арысын жоқтаған
Қызтекелері қаптаған,
Аруы ардан аттаған,
Не заман болды ақтабан?
Арылар ма екен бұ қайғым?
Көкбайрағымды құшақтап,
Қазақтығым деп жылаймын.
Азаттығым деп жылаймын!.. – деп толғаған ақын жыры түйдек-түйдегімен ағытылады.
Толғаулар өмір құбылысы жайлы ой-тұжырымдары десек, оның да автордың ішкі психологиялық күйіне байланысты түрлі көңіл-күйде берілуі ежелден келе жатқан жанрлық ерекшелік. Мысалы, Доспамбеттің толғауларында:
Толғамалы балта қолға алып,
Қол бастадым өкінбен.
Тобыршыға биік жай салып,
Дұспан аттым өкінбен, – деп өршіл рухты өлең жолдарымен толғаса, Аспанбек ақын толғаулары ұлттық болмыстың жоғалып бара жатқандығын әлдебір уайыммен, күйрек, нәзік сезімдермен толғайды.
Не заман болды ақтабан?
Арылар ма екен бұ қайғым?
Көкбайрағымды құшақтап,
Қазақтығым деп жылаймын.
Азаттығым деп жылаймын!!! («Долы да, долы, долы күн!» толғауынан)
Немесе:
Болашағымыз бұлыңғыр,
Көрешегіміз көр анық.
Бір күні Жердің бетінен,
Кетпесек болды жоғалып…(«Бұл заманда не ғаріп!» толғауынан).
Біз жоғарыда жанрдың даму үдерісі жайлы айтқанда оның қасиеттерінің жылжымалылығын сөз еткен болатынбыз. Осы тұжырымды толғауға қатысты айтар болсақ, оның ежелден келе жатқан етене қасиеті – синкреттілігі аясында жаңғырған өнер түрлерімен байланыса отырып дамуында жылжымалылықты байқаймыз. Бірақ сыртқы пішіндік жетілу оның мазмұндық тарапына айтарлықтай өзгеріс әкелмеген. Яғни толғау жанр ретінде өзгерістерге ұшырап, жетілгенімен қоғамның көркем бейнесін жасаудағы өзіндік шарттары өзгеріссіз қалған. Әдебиет зерттеушісі Н.Келімбетов бұл сабақтастықты табиғи әрі көркемдік заңдылық ретінде: «… ХV-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ жыраулары поэзиясындағы әлеуметтік және дидактикалық сарындардың түп-төркіні ежелгі түркі әдебиетінде жатқанын аңғару қиын емес. Ежелгі түркі поэзиясы мен қазақ жырауларының дидактикалық сарындағы толғаулары арасындағы дәстүр, стиль, форма бірлігі ерекше назар аударады», – деп бағалайды. Жыраулар поэзиясындағы азаматтық позиция И.Сапарбай, А.Шұғатаев толғауларында принциптік әрі көркемдік тәсіл жағынан, сонымен қатар түр мен мазмұндық жағынан көрініс беретіндігін айта аламыз.
Қорытындылай келе айтарымыз, толғау жанры сыртқы пішіні мен ішкі мазмұны, пәлсапалық, танымдық, бағалаушылық, бастысы әлеуметтік қызметінің тұрақтылығымен қоса, заманның, әдебиеттің даму талаптарына сәйкес едәуір өзгерістерге ұшыраған. Ол қоғaмдық сұрaнысқa орaй дидaктикaлық һәм әлеуметтік қызметін әлі күнге aтқaрып келе жaтыр. Осы уaқытқa дейінгі ғaлымдaрдың жaнр турaлы пікірлері сaн aлуaн. Дегенмен қaндaй жaнрды aлып қaрaсaқ тa, типологиялық сипaттaрының тұрaқтылығымен қосa, зaмaнның, әдебиеттің дaму тaлaптaрынa сәйкес едәуір өзгерістерге ұшырaйтынын бaйқaуғa болaды. Осы орайда толғау жанрын құраушы элементтердің жаңарып отыруына қарамастан, оның біршама типтік формалық белгілерінің, мазмұндық сипатының, сондай-ақ адресатқа бағытталатын әлеуметтік, дидактикалық қызметінің сақталу ерекшеліктерін байқадық. Сондықтaн біз нысaнғa aлғaн авторлар шығармашылығында толғaу жaнрының бой көрсетуі ежелгі жырaулық дәстүрдің жібі үзілмей келе жaтқaн сабақтастығын білдіреді. Белгілі әуен мақамымен айтылатыны және ежелден келе жaтқaн музыкaлық aспaп домбырa, қобызбен сүйемелденуі ежелгі дәстүрдің сaқтaлуына дәлел бола алады. Ал зaмaнaуи эстрaдaлық aспaптaрмен және жаңа музыкалық бағытта сүйемелденіп aйтылуы, бүгінгі музыка өнері мен сандық технологияның толғау жанрының дамуына қосқан үлесі саралай келе, оны жанр дамуындағы жaңaшылдық дей aлaмыз. Жазба әдебиеттің ықпалын сөзсіз мойындағанымызбен, кей толғаулардың әлі де импровизациялық жолмен туатынын ескере келе, толғауды әлі де жазба әдебиет жанрына толықтай қосыла қоймаған аралық жанр деп есептейміз. Сонымен қоса, толғау әлі күнге синкреттілігін жоғалтпаған және даму үстіндегі жанр дегіміз келеді. Сөз өнеріндегі бұл тақырып, бүгінгі әдебиеттану ғылымның талабына сай әлі сан қырынан зерттеуді қажет ететін мәселе деп білеміз.
Гүлмира СӘУЛЕМБЕК




