«АЗ и Я» ҮШІН АЙҚАС

Бұл 1975 жылдың алғашқы жартысының аяқ шені болатын. Баспадан ақын Олжас Сүлейменовтің «АЗ и Я» атты кітабы шыққаны құлағымызға тиген. Орыс тілінде жарық көріпті. Қызылқоға ауданындағы кітапханаларға түскен дейді. Не туралы жазды екен? Олжастың бұрын Кеңес Одағында адамзаттың №1 ғарышкері Юрий Гагарин космосқа ұшқанында өте шапшаң қарқынмен орыс тілінде жазылған «Адамға табын, Жер, енді» деген дастанымен әлемді өзіне жалт қаратқанын білетінбіз. Ол кезде Олжас 25 жастағы қылшылдаған жас ақын. Таң қалғанбыз! Оқығымыз-ақ келген. Қазақ ақындарының аударуымен үзінділерін тиіп-қашып газет-журнал беттерінен оқыдық. Мазмұны терең екен, қайта-қайта зер салып, үңіліп барып әрең қаныққанбыз.
Енді «АЗ и Я»-да не жазылды екен деп елең қағып жүргенімізде «ол кітапты Мәскеудегі ел басқарушы «мықтылардың» үкімімен кітапханалардан, кітап дүкендерінен табан астында кері жинатып алыпты, көпшіліктің оқуына тыйым салынған» деген оқыс хабар дүңк ете түсті. Сумаң қаққан бұл сыбыс ел арасына тез-ақ тарап кетті. Бұл не болғаны? Кітапқа соншама шүйлігетіндей ел-жұртқа қауіпті бірдеңе жазылған ба? Оқу керек! Кітап дүкендеріне барсақ – жоқ көрінеді, түсіп үлгермеген. Кітапханалардың қалтарыс-бұлтарыстарында қалған-құтқаны бар шығар. Індетіп іздемейміз бе! Бәрін де шұғыл келіп, сыпырып алып кеткен. Не болғанын жинап әкетуші де, сатушылар да білмейді. Бәрі бейхабар. Сұрасаң иықтарын қиқаң еткізеді. Аяқ жетер жердегі кітапханалардың қызметкерлері алақанын жайып шыға келеді. Өздері де жөпелдемеде кері жинатып алып кеткендеріне таң қалады. Ешкім түсіндірме жасамаған. Көздіғара ауылына барғанымызда жергілікті Жаңашаруа орта мектебінің мұғалімі, досым Жанболсын Енбаев құлағыма сыбырлап:
– Бір болса, Тайсойған құмының қолтығындағы ферма орталығы Ақкөл ауылындағы кітапханада болуы мүмкін. Қалтарыстағы құм ішіндегі ауылға ешкімнің аяғы жете қоймаған болар. Әрі онда кітапхана бар деп екінің бірі ойлай қоймайды ғой, – деп бағыт сілтеді.
– Қойшы, әй? – деймін таңырқап.
Ол кезде облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінің Қызылқоға ауданы бойынша меншікті тілшісімін. Іссапарды сылтауратып партком хатшысының машинасымен Ақкөлге ат басын бұрдым. Қалың құмды қақ жарып жетіп барсақ кітапханашы орнында отыр. Жарады! Кітапханасын көріп, сөредегі кейбір кітаптардың беттерін ашып, парақтап, аударыстырып, аз-маз жөн сұрасқаннан кейін:
– Қарындас, сізде Олжас Сүлейменовтің «АЗ и Я» деген кітабы бар ма? – деп сұрап едім, елп етіп тұрып, тауып әкелді.
– Бар. Өзі бір ғана дана, – деп ағынан жарылды.
Кітапханашыға мән-жайды түсіндіріп, іздегенімді тапқаныма қуанып, жөніме қарай жылыстадым. Миялыдағы үйіме оралған соң «АЗ и Я»-ны жата-жастана оқып, билік басындағылардың кітапханалардан, дүкен сөрелерінен не үшін қайта жинатып алып, түгел жойып жіберуге үкім шығарғанын түсіне алмадым. Мәскеудегі «Наука» баспасынан 1975 жылы сәуірдің 7-сі күні шығыпты. Ауылдағы қазақ мектебін бітіргенмін, орысшаға онша жетік емеспін, түсіне алмадым ба деп қайта-қайта шұқшиып оқимын. Ерсі ештеңе таба алмадым. Сонда бұл кітап Орталық Комитеттің қаһарына неге іліккен? Басқа емес, кітап неге қуғынға түскен? Өз пайымымша, саяси өрескел қателік те, алып бара жатқан ерсілік те байқалмайды. «Игорь жасағы туралы жыр» төңірегіндегі әңгіме, ой-пікір, талдау, талқылау, сараптау ғана. Міне, қызық! Радиоға құлақ түремін, кітап жөнінде дәнеңе айтылмайды. Газеттерде де ештеңе жазылмаған. Бұл не жұмбақ?
Жұмбақтың шешуін қапелімде таба алмадық, ара-тұра газет-журнал беттерінен «АЗ и Я»-ға қатысты тиіп-қашты жарияланған мақалалардан там-тұмдап мағлұмат алғанымыз бар. Бірақ бәрі де толыққанды, мәнді, қанағаттандырарлық деңгейде емес. Бертін келе білгеніміз: «АЗ и Я» кітабына КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, КОКП Орталық Комитетінің хатшысы М.А.Суслов бас болып шүйліккен деседі. Оған Кеңес Армиясы мен Соғыс теңіз флоты саяси Бас басқармасының бастығы, Армия генералы А.А.Епишев қосылып, кәдімгідей жауыққан сыңайлы. Кітапты талқылау жоғары тұрған органдардағы тар шеңберлерден асып, КСРО Ғылым академиясындағы кілең азуларын айға білеген академиктердің бас қосуына ұласқаны сыртқары жүрген бізге де естіліп жатты. Тек бұл шиеленісті мәселеге КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев тікелей араласып, КСРО-ның бірінші басшысы Л.И.Брежневке әңгіменің қыр-сырын, жай-жапсарын егжей-тегжейлі, байыппен түсіндіруі нәтижесінде нүкте қойылғаны құлағымызға жеткен.
Бертінде 1992 жылы белгілі қаламгер Сәбетқазы Ақатаевтың қазақшаға аударуымен, Алматыдағы «Еңбек» сауда-саттық үйінің қаржылай қолдауымен «Жазушы» баспасынан жарық көрген Олжас Сүлейменовтің «АЗ и Я»-сы (Ізгі ниетті оқырман кітабы) қолға тиді. Шұқшиып оқып шықтым. Олай да бұлай аударып-төңкеріп безбендеймін. Кітаптағы ілкі «Қазақ тіліндегі басылымына алғысөзде» Олжас Омарұлының «… «Игорь жасағы туралы жыр» қақында «бөтен» ешкім сөз айтуы мүмкін емес, бұл орыс халқының мұрасы болғандықтан тек орыстар ғана зерттей алады деген дүмбілез сенім мықтап қалыптасқан еді. Сондықтан да әлгіндей намысқой шамшылдардың: «Қазақстанның бұл кітабын Ресей ешуақытта кешіре алмайды»,– деуі тегін болмаса керек» деген уәжі көп нәрсені аңғартып тұр. Шыны да сол еді. Кітаптың тұтас мәтінінде шамшылдардың қытығына тиіп, жанын тыншытпаған пікірлер мен көзқарастар, тұжырымдар мен пайымдаулар қаншама. Одан кейінгі «Сұңқарлар мен қаздар» деп аталған бірінші бөліміндегі «Игорь жасағы туралы жырдың» тарихына көзқарас» деген тізгінқағар бастапқы тарауда, әсіресе, «Мекен гүлдері» деген тақырыпша аясында далалықтардың ХІІІ ғасырға дейінгі жалпылама аттары дегенге тоқталып, Берінділер, Ковуйлер, Қара қалпақтар, Христиан еместер, Половецтер, Қыпшақ туралы жазылған пайымдарға көз қанықтырып, өзімше талдау жасап, мән-жайға қаныға түстім.
Қараулық іздегендердің дегбірін қашырған бәлкім осы тарау болар деген ой келді де зейін қойып талдап, зерделеуді мақсат еттім. Шынында да, бәрінен бұрын тақырыптың қыпшақтарға арналған бөлігі бәле қуғандардың қытығына тиетіні көзге ұрып тұр. Кітаптың төл иесі осы «Қыпшақ» деген тақырыпша аясындағы талдаманың ауқымын өзге берінділер, ковуйлер, қара қалпақтар, христиан еместер, половецтерге қарағанда едәуір кеңейтіп (тіпті, далитып деуге болады), қаламды барынша сілтеп, бұрын айтылмаған тұжырымдарды бұлтартпас дәлелдер, нақпа-нақ деректер мен дәйектер арқылы ғылыми негізде зерделеп, жалғанның жарығына шығарған. Түркі этнонимдері, әсіресе қазақ этнонимі жүйесіне тоқталып, қазақ ру-тайпаларының көпшілігі атауын да, таңбасын да сақтап қалғанын, әлбетте, таңбаның атаудан бұрын шығатынын дәлелдей отырып, нақты мысалдармен дәйектеген. Ең бастысы, «қыпшақ» халқы түркі жазбаларында өте ертеден мәлім екендігі қаперге беріледі. Махмуд Қашғари сөздігінде қыпшақтар өз иелігінің батысын Русь пен Румға (Византия) дейін кеңейткенін жазған. Сол кезде Ертістен Қара теңізге дейінгі өңір араб-парсы деректерінде «Дешті Қыпшақ» – «Қыпшақ елі» деп аталған. Ол атаудың XVI ғасырға дейін сақталғандығы дәлме-дәл жазылып, әрі қарай Бату хан жаулап алғанға дейін (1240 жыл) қыпшақтар Русьпен және Византия елімен екі ғасыр бойы көрші тұрғаны, ол кезде қыпшақ әскерлерінің арабтар мен сельджуктерге қарсы тұра алатын бірден-бір күш болып танылғаны нақты көрсетілген.
Дана да дара тұлға, терең ойшыл, бірегей бітімді Олжас Сүлейменов өзінің «АЗ и Я» кітабын ауа жайылып, бос сөзге құрып жазбаған, бұлтартпас деректер мен дәйектерді негізге ала отырып қалам тербеген. Оған оқырман әр тарауды оқыған сайын анық көз жеткізеді. Тарихшылардың тәңірге мінәжат етуші түркілердің VII-XII ғасырлар аясында Шығыс Европаның тағдыр-талайына тигізген ықпалына әлі күнге дейін дұрыс баға бере алмағанын, VII ғасырдан бастап араб өктемдігі басталғанын еске сала келіп: «Пайғамбарлардың негізгі мақсаты – дүниені мұсылман дініне қаратып, кәпірлерді я өз дініне кіргізіп, я мүлде жойып жіберу еді. Ол үшін қасиетті ғазауат жарияланды» деп әйгілейді. Бұл тақырыпта Кіші Азияда Византиямен одақтасып арабтарға қарсы хазарлар мен басқа да түркі халықтарының соғысқаны, Кавказдың мұсылман әлеміне тізе бүккені, басқыншылардың христиандар мен иудейлерді Хазарияға қуып тыққаны, мұсылман әскерінің Шығыс Европаға басып кіруіне дала халқы тосқауыл қойғаны тұздықталады. «Қыпшақ» тақырыбының әрі қарайғы бір жолдарында түркілер меридиан бойымен көшіп-қона бергені, өйткені, құйқалы жайылым солтүстікте, Еділ мен Жайық бойында жатқаны, Түркі қағанаты дәуірінен бастап Шығысты Европамен жалғастыратын әйгілі сауда-саттық күре тамыры – Жібек жолы түркі жерлері арқылы өткені жадқа берілген.
Кітапта Х-ХІ ғасырлар аясында Дала шебінде екі дүркін түркі халықтарының билігі алмасқаны, олар – ұздар мен печенегтер екендігі, печенегтерді қыпшақтар ығыстырып шығарғаны баян етілген. Игорь жасағының тас-талқаны шыққаны туралы хабарды Киев кінәзі Святославқа ұрыс майданы арқылы керуенімен өткен Беловолод Просович деген орыс көпесі жеткізеді. Қыпшақтар, тарихшы А.И.Попов айтқандай, қаншама «қарақшы, көшпелі халық» болса да ешқандай зиян жасамағаны және баяндалады. «Қарақшылар» өздерімен бірге жаңаша моральдық салауат алып келгені, 1054 жылы Ярославичтердің кеңесі болып, онда Ярослав заңдарына түзетулер енгізу туралы қаулы қабылданғаны, кеңестің басты жетістігі – Русьті қанға бояған кек қайтару институты жойылып, құн төлеу жүйесі (куновая система) бекітілгені, демек, қан орнына заттай төлем енгізілгені еске салынады.
Шыңғысханның жорығына дейін екі ғасыр бойы қыпшақтар Русьтің оңтүстік және шығыс шебін қорғап келгенін де Олжас еске салады. Сонымен қатар, монғол шапқыншылығынан Отырардың күл-талқан болып құрығанына тоқталады.
«АЗ и Я» кітабында қыпшақтардың жартылай отырықшы халық болғаны, ортаазиялық Сығанақ, Түркістан, Меркі, Тараз, Отырар қалаларындағы тұрғындардың арасындағы үлес салмағы өзгелерден әлдеқайда артық болғаны, Мысырдың Ескендір кітапханасынан кейінгі екінші орынды Отырар кітапханасы алғаны, Отырардан шыққан қыпшақ, араб фәлсафиятының негізін салушы Әбу Насыр әл-Фараби көзі тірісінде-ақ әлемнің екінші ұстазы атанғаны, Х ғасыр әлетінде Европада дүниежүзілік мәдениет деңгейіне сай «дінсіз қыпшақ» әл-Фарабиге татырлық бірде-бір тұлға болмағаны мақтанышпен жария етілген. Иә, үстем ұлтқа ұнамайтын талай деректер кезінде біле тұра жоққа шығарылды, бұрмаланды. Өзге ұлттардың өркениетін көре алмаған іштарлар бұл айдай ақиқатты, дәлелді деректер мен мәнді мағлұматтарды оқығанда тұлданбағанда қайтеді! Сөз сүйектен өтеді деген осы емес пе?
Тағы бір белден басу кейінірек сол дәуірді сипаттаған грузин ағайындардың қаламгері тарапынан болған. Оны да кітаптың төл иесі ашып жазған. Қыпшақтардың Грузияны азат етуге белсене қатысқанын жазушы К.Гамсахурдия кешіре алмапты. Дидгори шайқасында Дәуіт патшаның 60 мың қолы болса, соның 45 мыңы қыпшақтың Артық ханының атты әскері екеніне, қалғандары грузин, армян, осетин жасақтарынан құралғанына күмән келтіруге тырысқан. К.Гамсахурдия («IV Дәуіт құрылысшы» романында) грузин жерін қорғауға келген қыпшақтарға, армяндар мен осетиндерге басқа да қара күйені баттастыра жаққан. Оларға тағатын мін-мүлтік, кінәрат, кем тұтушылық дегендер баршылық.
1929 жылы С.Н.Марковтың «Көк салтаттылар» атты әңгімесі жарияланған. Олжас Омарұлы өз кітабында сол әңгімеден яғни вагонда келе жатып Жетіру тайпасына кіретін тама руының азаматымен болған диалогтан үзінді келтіріп: «Қыпшақтардың тірі ұрпақтарына тап болып, таң қалған автор қуаныш үстінде ортағасырлық көшпелілердің тарихының соңғы тармақтарының өзекті деректерінен мағлұмат береді» дей келіп С.Н.Марковтың еңбегіндегі: «Қыпшақтар Аралдан Қара теңізге және Мажарстан далаларына дейінгі дүниені шарлады. Олар қазақтың өте көне руы еді» деген тұжырымын және «Бәлкім Азов теңізінің жағасына Азақ қаласын тұрғызған солар шығар…» деген тұспалын келтіреді. Сөз жоқ, бұлардың қай-қайсысы да есте сақтарлық құнды мағлұматтар, кітаптың әлеуетін арттырып тұрған деректер.
«АЗ и Я» кітабында пирамидалар елінде азиялық тұтқындар, алдымен қыпшақтар мен черкестерден шыққан құлдар кейін мәмлүк деген атқа ие болғанын, сұлтан тағына қаратабан құлдың ұрпағы – қыпшақ Убақты отырғызғанын, 1381 жылы Донской деген лақап атпен атағы шыққан орыс кінәзі Дмитрий Иванович Дон жағалауындағы Куликово даласын татар өліктерімен қанға бөктіргеннен кейін араға бір жыл салып, тақта отырған мәмлүк әулетінің бірінші буынын екіншісі ауыстырғанын, мәмлүктер армияға қолбасшылық етіп, Мысырды түріктер жаулап алған соң да өз билігін сақтап қалғанын еске салады. Кітаптың беттерін ілгері аударған сайын мәмлүктерге, қыпшақтарға, хазарларға қатысты мағлұматтар, пікірлер мен мысалдар алдыңнан көлденеңдеп шыға береді. Ішінде тарихшы А.И.Поповтың бұлаңқұйрық тұжырымдары да бар. Бірде маман фактограф ретінде, енді бірде тіл маманы болып қыпшақтардың Руське тигізген ықпалының әлсіздігін танытатын табиғи құбылысты дәлелдеуге тырысқанын қалай түсінуге болады?..
Олжас Омарұлының «Маған «Игорь жасағы туралы жырдың» белгісіз авторы жан дүниесін түркі поэзиясы тербеткен ортада өскендей болып көрінеді» деуі өзіме пайымды пікір, тиянақты тұжырым ретінде әсер етті. Осы бір өзіндік көзқарас та, сөз жоқ, біреулердің шамына тиген болуы мүмкін. «XII ғасырдағы түркі тілі кінәздардың сарайларында айтылумен қатар сауда және соғыс ісіне де араласып отырды» дей келіп «Жырдың» қайта көшірілуі жайлы қылаң берген оңды-солды ой-пікірлерге орай: «Игорь жасағы туралы жыр» XVI ғасырда қайта көшірілмеген болса!.. Көшірмеші түркі сөздерінің солтүстік орыс сөздігінде жиі қолданылып жүрген кейбіреулерін ғана тексте сақтап қалды. Тіпті қайта көшірілген кезде аман қалған түркі сөздерінің өзі «Жырға» бір тостаған Днепр суына Басқұншақ тұзының бір шөкімін ерітіп ішкізгендей ерекше нәр беріп тұр емес пе? Дәмі ерекше. Я Басқұншақ тұзының, я қан тамшысының, я көз жасының дәмі келеді таңдайға» деп астарлы әзілмен көмкереді. Сайып келгенде, бұл тауып айтылған тағылымды тәмсіл, арналы ақиқат.
Кеңестік дәуірдегі қолында билігі бар мүйізі қарағайдай мәскеулік басшылардың мүйізін сырқыратқан, сірә, осы шоқтанған шындықтар мен уәжді деректер болса керек. Осыны қазақ қаламгерінің айдай әлемге әйгілеуі шамына тигендігі кәміл. Бұл сайып келгенде шовинистік саясаттың бір ұшқыны демеске бола ма? Өз басым басқа кілтипан таба алмадым.
Бір тоқталатын жайт, кітаптың «Сұңқарлар мен қаздар» делінген бірінші бөлімінде көбірек айтылған түркілерге, қыпшақтарға және қазақтарға қатысты пікірлермен бірге «АЗ и Я» кітабының екінші «Шумер-наме» деген бөлімінде өзге тілдерден гөрі түркі тілдеріне жақын көне шумер тілі хақында әжептәуір сөз қозғалған. Оқырманды да, кітапқа шүйліккендерді де ойлантып, толғантатын пайымдаулар мұнда да жетерлік. Кітап авторымен сұхбаттасқан В.В.-ның дәлелдеуіне қарағанда, шумер тілі шамамен біздің дәуірімізге дейінгі төртінші мыңжылдықта пайда болған көрінеді. «60 сөз» деген тақырыпша ішінде шумер лексикасын түркі лексикасымен салыстырудың қысқаша кестесі берілген. Екі тілдің мағыналық және сөзбе-сөз ұқсастығы көп. Сондай-ақ, шумер мен түркі сөздерінің ара қатынасы фонетикалық, морфологиялық талдаулар арқылы көкейге қонымды, жатық түсіндіріледі. Осы бөлімдегі «Ребус» атты тақырыпшада шумер цивилизациясы хақында бірер сөз айтылады. Оның бәріне тоқталып, талдау, сірә, міндет бола қоймас. Осы бөлімдегі «Тәңірге табыну» атты тақырыпшадағы «Адам – табиғат перзенті, ол табиғат перзенттеріне ұқсап бақты. Айтары жоқ. Мәңгі өлмеудің амалын іздеп таппады да, өлім – ұйқы екен деп өзін-өзі өлімнен азат етті…», сондай-ақ, «…әлем қарама-қарсылықпен қатар жаратылған. Дүниедегі жұптылық ерте байқалған. Адамзат ана мен әке болып тең бөлінеді. Тау болса, ойпат неге болмауға тиіс? Жарық – қараңғылыққа қарсы құбылыс. Адам жерді құдірет тұтқанда, аспан – жердің кереғар ұғымын бейнелейді. Осындай аунаған ой төңкеріле келіп, жерлеу ғұрпына ықпал еткен» деген ойға тұздық боларлық мағлұматтар мен пайымдарды санаға түйесің де кітаптың төл иесінің байламына тәнті боласың. «Ойлан, адамзат!» деп тұр ғой. Не деген көрегендік! Бұл дегенің, түптеп келгенде, адам баласының санасын сілкінтер, жүрегін аласапыран күйге түсірер тұжырым емес пе?
Қолға қалам ұстаған, өнермен өрістес адамның жанына жақын тағы бір тоқтам «Тарих және мұрағат» деген тақырыпша аясында айтылыпты. Айтылғанда: «Жазу деген не? – деген сауалды өзіме өзім қойғым келеді. Жазу – сезім мен ақыл-ойды мезгіл мен кеңістік ішінде арқалап жүретін құрал. Ал тіл ше? Ауызша жазу. Өнер ше? Бейнелі жазу» деп түйінделіпті. Оған қоса қыш пен таңбаға түскен суретті таңбалаған көне заман мүсіншілері екен дейтұғын жорамалын, қолдан жасалған әрбір зат – кәдеге асқан символ екенін, заттың атауы – таңбаның атауы болғанын алға тартады. Сөйтіп, оқырманның ойын селт еткізіп, бұл осылай екен ғой дегізеді. Керек-ақ тәсілдің нақ өзі.
Кітаптың соңындағы ақын Қадыр Мырзалиевтің аударуымен кіргізілген өлеңнің мән-мағынасы қандай терең. Тебірентеді. Ойлантады. Күрсінтеді. Қараңыз: қысқаша үзіндісін келтірейін, соның өзінде үлкен ұлағат айтылады:
Іздегенде, тапқан адам таң қалар,
Жолығады жолда түрлі таңбалар.
Талай түскен ұйқы-тұйқыға;
Сіңген нұрға, сіңген судың сыйқына.
Саусақтарға, сұлулардың меңіне,
Сиқыршының жанарына,
Өңіне.
Мысырлықтар құйған мүсін-пішінге,
Үнділердің билеріне,–
Түсін де –
Белгі-сөзге, нышан-сөзге қара да,
Табын, адам, кәдімгі Ойсыл Қараға!…
…Іздеп кеттік таңбаларды әңгүдік,
Пайда болып күрсінгенде Мәңгілік,
Шаң-тозаңды,
Ықылымды сезбеген
Құдіреттер қайта туар
Сөзбенен…
Иә, сөзбенен қайта туған пайымдаулар, пікірлер, толғаныстар, дәлелдер, дәйектер кітаптың өн бойын, мән-мағынасын, маңызын арттыра түскен.
«АЗ и Я» Ізгі ниетті оқырман кітабының» ең соңғы беттеріндегі «Екінші басылымға соңғы сөзі» даусыз Олжас Сүлейменовтің мақсат-мүддесін, күрескерлігін, қайсарлығын, өжеттігін, жан тебіренісін айдай әлемге әйгілеген сындарлы сарап. Онда басынан өткен қилы-қилы кез, азулылармен айқас, шындық үшін шайқас, ар мен зордың текетіресі… бәрі-бәрі бар. Адамзат тарихын ұлттық ұлысқа жіктеуге қарсы қаламгер айтарын қаймықпай айтқан, тұрысар жерде тұрысқан. Түптеп келгенде, партиялас жолдастарына ашық хат арқылы арыз қылып айтқанындай: «Адам мен азамат тұрпатымда ар-намысымның таза екенін мақтаныш санаймын; қандай қиямет басыма түссе де ожданым мен қолға алған ісімнен қайтып, берген антымды сатып көрмеген пендемін; адам баласына берген сөзімде тұрдым, екі етіп көрмедім» деп кеудесін керіп, басын тік ұстап, жалғанға жария еткен бірегей тұлға. Барша қауым бас иер берік байлам. Олжас Сүлейменовтің жетінші атасы батыр болыпты. Ол кісі көріпкелдік жасап «Менің жетінші ұрпағым батыр болады» деген көрінеді. Сол ұрпағы Олжас екен делінеді. Иә, Олжас Омарұлы шын мәнінде ержүрек батыр, ерен туған ер. Оны «АЗ и Я» кітабын жарыққа шығару барысында айқын көрсетті және дәлелдеді.
Шындықтың шырайын шығара жария етіп, дәлелдер мен дәйектерді, көзқарастар мен тұжырымдарды алға жайып салып, шамшылдардың қисынсыз дау-дамайларына, сыңаржақ ой-пікірлеріне, баянсыз байбалам­дарына өз уәжін қарсы қоя білу Олжас Сүлейменовтің өзін де, «АЗ и Я»-ны да дақпырт пен дабырадан құтқарып, мерейін үстем етті. Сөз жоқ, мұндай бірегей туынды, ақиқатпен аталас еңбек әрқашан өміршең, ғасырдан ғасырларға алқынбай жетіп, жасай береді, ілгері жүйтки береді.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті жазушысы,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
университетінің құрметті профессоры,
Үздік өлкетанушы




ПІКІР ЖАЗУ